Әңгіме: Мұхтар Әуезов | Абайды тану

Әңгіме:  Мұхтар Әуезов  | Абайды тану казакша Әңгіме:  Мұхтар Әуезов  | Абайды тану на казахском языке

Абайдың өмірі мен еңбектері турасында айтылатын тексеру, зерттеудің алдындағы кіріспе сөздің ендігі бір бөлімін Абайды тану деген жайға арнаймыз.

Абайды тану жұмысы көлемді, сан сапалы, ғылымдық жолмен тек Ұлы Октябрь социалистік революциясынан кейін, жалпы советтік социалистік мәдениетіміздің зама-нында ғана молайды.

Бірақ, бұл сөздерге қарап, революциядан бұрын Абай жөнінде ешнәрсе жазылмады, айтылмады деуге болмайды. Абайды танудың басы, алғашқы адымдары революциядан бұрын басталған. Бұл жөнде Абайдың ақындық еңбектері үш түрлі боп жайылып тарағанын еске алу керек.

Бірінші жолы — баспа арқылы тарауы; екіншісі — халық арасына ауызша жатталып, әнмен аралас тарауы; үшіншісі — қолжазба түрінде өр көлемді жинақтар боп, көшіріліп тарауы. Және осылайша ақын шығармаларының оқушы, тыңдаушы жұртшылыққа мәлім болуымен бірге, Абайдың өмірі мен ортасын, еңбектерінің әр алуан сипаттарын, өз шамасынша, көпшілікке мәлімдеп отырған үлкенді-кішілі танытқыш сөздерді, деректерді де еске алуымыз керек.

Бұл соңғы айтылған жайлар, жоғарыдағы ескертуіміз бойынша, Абайдың революциядан бұрын қаншалық танылғанын аңғартатын деректер болады.

Қай ақынды болса да ең мол танытатын баспаға шығу болғандықтан, алдымен революциядан бұрын Абайды баспа жүзінде танытқан еңбекке тоқайық.

Бұл жөнде қазақтың мәдениет тарихына, Абай мұрасына ерекше еңбек сіңірген, Абай өзі тәрбиелеп, баулыған жас жұртшылықтың көрнекті өкілі болған — Кәкітай Ысқақұлының еңбегін айрықша айту керек.

Кәкітай Абай шығармаларының ең алғашқы таңдамалы жинағын бірінші рет Петербургтегі Бораганский баспаханасында 1909 жылы шығарады. Сол жинақтың аяғында ақынның Кәкітай жазған бірінші өмірбаяны беріледі. Шығармалар жинағына Кәкітай өзінше талдау-жіктеу жасаған. "Ой туралы", "Өзі туралы", "Ел туралы", "Ғашықтық туралы" деген сияқты тақырыптарды бөліп шығарып, әр өлеңінің мазмұнына қарай мөлшермен жіктейді.

Анығында, Абай өзі тірісінде шығармаларын бұлай топтаған жоқ еді. Ақынның тілегінен тыс түрде редактордың өзінше бөлшектеуі редакторлық-ғылымдық дұрыс түрі деуге болмайды. Бұл, шартты түрдегі, біраз зорлықпенен жасалған жіктеулер. Себебі, көбінше Абай өлеңдерінің ішкі мазмұндарына қарасақ, "Ой туралы" деген бөлімде өзі ту-расындағы сөздер жүреді. "Ақындық туралы" деген бөлімінде — ой туралы, "Ғашықтық туралы" деген өлең тобында көңіл-күйінің лирикасы да араласып отырады.

Сонымен, Кәкітай жасаған жіктеулер дәл-дәлді емес. Бірақ соған қарамай, революцияның алғашқы жылдарында Абайды қайта басып шығарған кейінгі редакторлар да, сол Кәкітай берген бөлік жіктеулерді сынамай, дұрыстамай, қаз-қалпында қайталап берген. Сол соңғы баспалар Абайдың өмірбаянына да Кәкітай жазған сөз, деректерден басқа ешбір тың жаңалықтар қосқан жоқ-ты. Сондықтан Абайдың баспаға шығуында тарихтық, бірінші зор еңбекетуші — Кәкітай дейміз.

Әрине, бұл тұста Абайдың "Жаз" сияқты бірер өлеңі 1890 жылдарда Омскіде шығатын "Дала уәлаяты" газетінде басылғанын ескере кету керек. Және сол жылдарда, Абайдың өзі тірісінде, оның "Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат" деген бір өлеңін Жүсіпбек деген адамның көріне ұрлық жасап, Қазан баспасы арқылы өзі шығарған бір жинақтың басына, сол баспаханаға жазған өз хаты есебінде бастырып жібергені бар. Баспахана иесі байға сәлем хат жазғанда:

Бізләргә ойын арзан, күлкі қымбат,

Нәрсе ғой екі түрлі сыр мен сымбат, —

деп тұрып, Абайдың ұзақ көркем өлеңін түгелімен көпе- көрінеу, әдебиет ұрысы есебінде жазып жіберген. Өз сөзі етіп бастырып та шығарған.

Қысқасы, революциядан бұрын Абайдың баспаға шығуы, әсіресе жинақ боп шығуы, зор қадірлі тарихтық іс болғанмен, ойдағыдай шыға алмаған. Әрине, Кәкітайдың бастыруы Абайдың көп өлеңін бүкіл Қазақстан өлкесіне таратуға себеп болғаны рас. Түгел шықпаса да, таңдалып, топталған өлеңдердің өзімен-ақ Абай ақын Батыс Қазақстан, Сыр бойы, Алатау өлкесі, бүкіл Орталық Арқа қазақтарына түгел даңқты, қадірлі ақын боп таныла бастады.

Абайдың сол алғашқы жинағына кірмей қалған өлеңі мен шығармалардың жайына сәл тоқтайық. Кәкітай Абай шығармаларынан қара сөздерді түгелімен алып қалған. Онан соң, ақынның бас тіршілігі, аталық, достық қайғы-шері сияқты жеке адамдарға арнап айтқан көп көркем жырлары басылмаған. Мысалы, Абайдың аса сүйікті баласы Әбдірахман ауырып жатқанда, кейін сол қаза болғанда шерленіп шығарған сан алуан шебер жырлары баспаға берілмей қалады. Кәкітай ол өлеңдерді Абайдың өзіндік, үй ішілік сыры ғана деп оғат ұғынып, көпке танытудан іркіліп қалған. Онан соң, Абайдың ел жуандарының, атқамінерлерінің талай бұзар, бұзық мінездеріне әдейі нақтылап, арнап айтқан сатиралық сөздері баспаға берілмейді. Сол қатарда: "Абыралыға", "Дүтбайға", "Күлембайға", "Қыздарға", "Көкбайға", тағы талай сол сияқты ер сипатты адамдарға қадап айтқан сыншы өлендері баспаға берілмей қалған. Кейбір, "Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай" деген сияқты, көпке мәлім, атақты өлеңнің екі шумақ — сегіз жол өлең Кәкітай бастырған жинақтан және шығарылып тасталған.

Жалпы, бұл алуандас өлеңдерді Кәкітайдың баспаға бермеуінің себебі белгілі. Сол Абай сынаған адамдардың өзі немесе бала, бауырлары "баспаға шығарушы адамдарға өкпелейді, араздық ұстанады" деп жасқанып қалған.

Осындай себептердің салдарынан Абай шығармаларының жарымына жуығы Кәкітайдың бастыруында жарыққа шықпай қалады.

Революцияның алғашқы жылдарында сол Кәкітай шығарған жинақты енді жаңа емлемен Қазанда бір, Ташкентте бір бастырған редакторлар болды. Бұлар Кәкітайға ешбір жаңалық қоспаудың үстіне, мысалы, Ташкентте бастырушы редактор Абай еңбектеріне кей кезде надандық, топастықпен өрескел зорлықтар да жасаған. Абайдың тіл байлығын түгел түсінбей, ақын сөзінің кейбіреуіне өзінше түзеу береді. Мысалы, Абай:

...Ер жігіт таңдап тауып, еппен жүрсін,

Төбетке өлекшіннің бөрі бір бас, —

деген өлеңде "өлекшін" деген сөзді түсінбей:

...Төбетке ұлы-кішінің бәрі бір бас,

— деп өзгертеді.

Абай Лермонтовтан жасаған аудармаларында "кинжалды" — "қанжар" деп аударса, "парусты" - "жалау" деп аударса, жаңағы редактор: Абайдың сөздігінде, Абай өскен елдің ортасында ондай сөздердің мүлде болмағандығына қарамай, "парусты" - "желкен" деп, "кинжалды" — "қылжан" деп, өзінше өрескел "қылжаң" жасайды.

Революциядан бұрын және революцияның алғашқы жылдарында Абайдың халыққа тарауы тек баспа жүзінде ғана болған жоқ дедік. Оның көп өлеңі әнші-ақындардың, жас-кәрінің жаттауымен және оқушы жастардың жадына алып, айта жүруінен ауызша тарағаны да көпке мәлім. Абайға оның тірісінде алыс болыстардан болмаса да, барлық Семей облысының уездерінен және көршілес Ақмола, Жетісу облыстарының уездерінен әдейілеп келіп, көп өлеңдерін жаттап алып, әнге салып, өз елдеріне жаңалық, үлгі-тәлім есебінде таратып жүрген көп әнші-ақын өнерпаздар болған. Бұлардың ішінде еркек пен әйелден шыққан халық өнерпаздары да көп еді. Солардың бастылары - Көкшетаудан келген атақты Біржан немесе Әсет, Жаяу Мұса, Ғазиз, Естай, Мұқа, Мауқай, Шашубай; әйелдерден Ажар, Зейнеп, Сара, Қуандық сияқты талай талантты атақты әнші-ақындар болады.

Осылардың айтуынан және Абайдың өз қасындағы Көкбай, Мағауия, Ақылбай, Әріп, Бейсенбай, Әлмағамбет сияқты оқымысты әнші-ақындардың айтуымен де Абайдың көп шығармалары жоғарыда айтылған көп уездерге, бірнеше облыстарға ауызша тарап жүрген.

Осы түрде Абайдың өлеңдері мен әндерін қалың ел жиылатын жәрмеңкелерде, базарларда, әр түрлі астарда, айт пен тойларда, жас-желеңнің сауық-мәжілістерінде көпшілікке таратып жүрген айтушылардың барлығы да Абайдың өмірі туралы, өскен ортасы туралы, алған білім-өнегесі туралы, ағартушылық еңбектері туралы көп-көп түсініктерді ұдайы айта жүрген. Абайдың өзінің жайы да өлеңдері тәрізденіп, ауызша аңыз боп таралады.

Фольклор мен жазба әдебиеттің тарихтық жансарында шыққан ақынның өз оқушылары мен тыңдаушыларына танылу жолы бір алуан занды түрде осындай болған.

Революциядан бұрын және революцияның алғашқы жылдарында, Абай мұраларының халыққа таралуында көп еңбек етуші бір топ адамдар қолжазба күйде Абай шығар-маларын көшіріп таратушылар болады. Бұлардың бір тобы Абайдың өз айналасынан шыққан адамдар. Ол көшірушілер ең әуелі Абайдың ұдайы қасында болған жақын адамдары: Көкбай, Ақылбай, Мағауия, Кәкітай сияқты адамдар. Бұлардан басқа Абайдың өз аулы мен көршілес ауылдарда бала оқытушы кейбір молдалар еңбек етеді. Сол қатарда Қазаннан, әскерлік қызметтен қашып келіп, Абайға туысқан, дос болып кеткен татар молдалары: Ғабитхан, Кішкене молда (Мұхамед-Кәрім), Махмуд (Кішкене молданың баласы) және қазақтан шыққан Мұрсейіт, Самарбай, Ыбырай, Хасен, Дайырбай сияқты бала оқытушылар Абайдың өлеңдерін көп көшіріп, таратып отырады.

Абай өзі барлық шығарған еңбектерін жинастырып, ұқыптылық етпеген. Тек 1896 жылы ғана Мағауия, Кәкітай, Көкбайлардын айтуы бойынша, осы жылдан бастап, барлық шығармаларын жинастырып, көшіруге ұйғарады.

Жаңағы молдалардың Ғабитхан, Кішкене молда сияқты жасы үлкендері Абай өлеңдерін ертеректен жинастырып, көшіріп жүрсе, кейінгі Мұрсейіт бастаған көпшілік Абай шығармаларының жинақтарын сол жаңағы 1896 жылдан бері қарай көшіретін болады.

Жалпы, Абайдың мұраларын көшіріп, таратушылар арасында Мұрсейіт Бікейұлының еңбегін айрықша атап өту керек. Бұл адам Абай тәрбиесін, үлгісін дұрыс ұғынуы бойынша, ескі діншіл молдалыққа берілмей, Абайдың өзге достары сияқты, өздігімен ізденіп, орысша да оқыған. Жазуы аса анық, шебер болғандықтан және өзі Абай сөздерін оның халқына ұқыптылықпен көшіріп таратуды өмірлік мақсат-міндеті етіп алады.

Қазір Абайдың басылып жүрген таңдамалы өлеңдер жинағы немесе толық жинақтары болса, барлығында да біздің асыл нұсқа есебінде сүйенетініміз — сол Мұрсейіттің көшірмелері. Өйткені Абайдың өз қолымен жазылған нұсқалар сақталмай, жоғалып кеткен. Тек бір ғана "Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы" деген жалғыз бөлек қара сөзінен басқа қолжазба болмағандықтан, Абайдың өз заманындағы оның шығармаларын көшіре бастаған Мұрсейіттің қолжазбаларын біз нақтылы жазба дерек есебінде бағалаймыз.

Мұрсейіт қысы-жазы қалың кітап етіп Абай шығармаларын көшіргенде, оған үнемі шірет белгілеп, біткен көшірмелерін сатып алып отыратын кәрі-жас оқушылар болатын. Кейбіреулердің тапсыруы бойынша Мұрсейіт Абайдың өлеңдерін көшіреді. Қартаң оқушылардың көпшілігіне қара сөздерді кітап етіп көшіріп береді. Тағы бір алуан үлкен толық жинақтар жасаса, өлең мен қара сөзді түгел жазудың үстіне, Абайдың ақын шәкірттері: Көкбай, Мағауия, Ақылбайлар шығарған поэмаларды да қоса көшіреді.

Грузия халқының атақты классигі — Шота Руставелиді грузин елінің ерекше қадірлегендігін білдіріп, кейбір әдебиет тарихшылары ақынның "Жолбарыс терісін жамылған батыр" деген поэмасын ұзатылатын қыздар өздерінің жасауына қоса ала кетеді дейді.

Біз де қазақ ортасында Абайдың шығармаларын сүйіп, сүйсініп оқып, ұзатылар кезінде Мұрсейіт, Самарбай, Дайырбай сияқты көшірушілерге көшіртіп алып, өздерінің жасау сандығына салып алып кеткен бір топ қыздарды білеміз.

Кейін Абай қолжазбаларын жинаушылардың бірталайы пайдаланған сондай көшірмелер: Уәсилә, Әсия, Рахила, Ғалия, Ғабида, Қаныш деген қыздардың көшіртіп сақтаған кітабы жинақтары болатын.

Абайды бұлайша қолжазба күйде көшіртіп алып тарату Тобықты іші мен Семей уезі ғана емес, Қараөткел, Кереку, Қарқаралы, Өскемен, Зайсан, Лепсі, Қапал уездерінің бар-лығында да көп жайылған өнеге-дәстүр есепті болады.

Абайды тану жолында революциядан бұрынғы, революцияның бас кезінде болған істер осындай еді.

Революциядан кейінгі Абайды тану әсіресе соңғы кезде ерекше үдей бастады. 1920 жылдан бергі отыз жыл бойында Абайды тану ісі неше салада жыл санап үдеп, өркендеу-мен келеді. Ең алдымен, Абайдың баспасөз жүзінде өз шығармалары шығып және Абайдың өмірі мен шығармалары туралы жазылған мақалалар, жеке кітаптар, үлкенді-кішілі зерттеулер аса көп боп молайғанын айту керек.

Абайды тану, таныту істері тек қазақ тілінде ғана болмай, орыс тілінде де едәуір молайды. Және басқа да советтік туысқан елдердің көбінің тіліне де Абай шығармалары ауда-рылып басылып, әр алуан тексерулер, зерттеулер шықты.

Екінші жағынан, халықтың жасөспірім жаңа буындарына Абай шығармаларын қадірлі етіп танытушы советтік қазақ мектебі болады. Өткен қырық жыл ішінде бұл мектептердің саны өсіп, сапасы ұлғайып дамыған сайын, барлығының программасына Абай шығармалары үзілмей оқылатын дәріс болып кіріп, кең өріс алып келеді. Бастауыш мектеп, орта мектеп және соңғы он-он бес жыл ішінде Қазақстандағы педагогика институттары, Қазақ мемлекеттік университеті сияқты жоғары дәрежелі мектептерде Абайды тану әдебиет тарихы ғылымының аса үлкен және қадірлі бөлімі болып саналады.

Осы бастауыш мектепте, алғашқы оқу кітабына кіре бастаған Абай шығармалары әлденеше саты оқу құралдарын туғызды. Барлық бастауыштан жоғары дәрежелі мек-тептерге шейін созылған қазақтың әдебиет тарихында, көп программаларда, методикалық кітап, құралдарда Абайды тану ғылымының жыл санап кеңейіп те, тереңдеп дамып келе жатқанын көреміз.

Осылардың ішінде, соңғы жылдарда сұрыпталып, ғылымдық дәрежесі өскен орта мектеп оқу құралдары туды.

Мысалы, тоғызыншы жылдың оқу құралында қазақ әдебиет тарихы баяндалғанда, Абайдың өмірі мен еңбегі ойдағыдай зерттеліп, танылатын болды деуге сыяды.

Абайдың өмірін, дәуірін зерттеп жүріп, кейде кемшілікті қате пікірлер айтқан болса да, негізінде Абайды тану ғылымына елеулі еңбек еткен адамдар: Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов, Қажым Жұмалиев, Есмағамбет Ысмайылов, Бейсембай Кенжебаев, Белгібай Шалабаев сияқты тағы бірталай әдебиет тарихшылары мен жазушылар.

Абайдың өмірі мен мұраларын ғылым жолымен толық тануға себепші - оның толық жинағының баспаға шығуы. Және ақынның өмірбаянының толық жазылуы. Абайдың толық жинағы бірінші рет 1933 жылы М. Әуезовтің құрастыруымен, латын әрпімен басылып шықты. Мұнда Абай шығарған сөздің сол кездерде қолға түскенінен басылмай қалғаны жоқ. Және ақын шығармалары ең бірінші рет бұрын Кәкітай шығарған баспадағы өрескел топтау-жіктеулерден арылды.

Ұлы ақынның мұралары, ғылымдық дұрыс жол бойынша, жазылған жылдарымен, хронологиялық тәртіппен тізілді. Ақын шығармаларын бұлайша топтау, Абайдың ең алғаш бала шағында айта бастаған өлеңдерінен басталып, ең соңғы өлер жылындағы өлеңдеріне келіп аяқтайды. Бұлайша тізілгенде Абайдың ақындық еңбек жолы қалайша өсіп, дамығанын айқын аңғаруға болады. Тек шығармалары Абайдың өзі тірісінде түгел жинақталмағандықтан, бір топ өлеңдер жылы белгісіз шығармалар боп, амалсыздан бөлек топқа алынғаны бар.

1933 жылдың баспасында М. Әуезов жазған Абайдың бірінші, толықтау өмірбаяны да берілді.

Ақынның толық жинағы кейін, 1939—1940 жылдары екі том болып, тағы басылып шықты. Онан соң, әсіресе толығырақ болып топталып, ұлы ақынның жүз жылдық мерекесіне арналған толық жинақ түрінде 1945 жылы басылды. Бұл жинақтың кіріспе сөзін жазған Сәбит Мұқанов.

Осы айтылған толық жинақтарға сүйене отырып, мектептерге арналған, жалпы көпшілік оқушыларға арналған әлденеше таңдамалы өлеңдер жинақтары басылды. Бұлардан басқа, ерекше мол тираждармен басылған, орта мектептерге арналған әлденеше хрестоматияларда Абай шығармалары көп-көптен жарияланды.

Абайды советтік дәуірде социалистік мәдениет құрушы көпшілікке танытудың тағы бір еңбектерін соңғы жылдар туғызды. Ақынның дәуірі, тірлігі мен тартысы, ақындық еңбегі көркем өнер көлемінде де көрсетілетін, кең танылатын түрге ауысты.

Қазақстанның көп халық ақындары, жазушы ақындары шығарған, Абайға арналған мол өлеңдер бар. Және Абайға арналған пьеса жазылды. Абай өмірін суреттеген опера туды. Бірталай кемшіліктері болса да, Абайға арналған киносурет жасалды. Онан соң Абай өмірі мен дәуіріне арналған "Абай" мен "Абай жолы" атты романдар жазылды. Бұлар бүкіл Одақтық жұртшылыққа жарияланып келеді.

Ендігі атап өтетін тағы бір алуан, ғылым үшін аса бағалы еңбектер, таза ғылымдық зерттеулер. Абайдың ақындығы мен дәуіріне арналған нағыз ғылымдық, ойдағыдай толық мол монография жазылмады десек те, жалпы тексеру-зерттеулердің ұзын саны мол екенін айту керек.

Бұл ретте Абайдың шығармаларын әр тақырыптарға бөліп, тексерулер жасаған диссертациялық жұмыстардың бірталай екенін еске алуға болады.

Соңғы жылдарда, кейбір ғылым қызметкерінің докторлық диссертациясы да Абай шығармаларының кейбір ерекшеліктеріне арналып жазылғаны бар.

1948 жылы басылып шыққан профессор Қажым Жұмалиевтің "Абайға дейінгі қазақ поэзиясы" және "Абай поэзиясының тілі" деген еңбегін айрықша атап өтуге керек. Тек әдебиет тарихшылары ғана емес, басқа сыбайлас ғылым салаларының зерттеушілері де, мысалы, тарихшылар, педагогтер де өз ғылымдарының тұрғысынан Абайдың өмірі мен дәуірін, ақындығын зерттеп, ғылымдық еңбектер жазды.

Қысқаша шолу ретінде қазақ тілінде Абайды тану жолында істелген істерді осы айтылғандармен аяқтап, Абайды тану жөнінде 1946 жылы басылып шыққан Нығымет Сәбитовтың бір ғана библиографиялық "Абай" атты еңбегін атап өтпекпіз.

Көлемі сексен беттік тұтас бір кітапша тек қана Абайды тану жолында баспаға шыққан еңбектердің тізімінен құралады. Осы кітапқа қарап отырып, ұлы ақынның революциядан бұрын жарыққа шыққаны бір-ақ кітап болса, социалистік құрылысымыздың жылдары ішінде жасалған еңбектердің құр ғана тізімі мол бір кітап болғанын көреміз. Н. Сәбитовтың "Абай" атты библиографиясына кірген бөлімдер айрықша еске алуды, атап өтуді қажет етеді.

Ол бөлімдер: "Абай шығармалары", "Жинақтары", "Жеке өлеңдері", "Қара сөзінен үзінділер", "Шығыс тілінде басылғандар" деп бір топталады. Сонан соңғы бір үлкен бөлім: "Абай туралы әдебиеттер" деп аталып, монография, мемуар, мақала, өлең, роман, очерк, заметкалар мен хабарлар, сындар мен отзывтар, шығыс тілдеріндегі материалдар деген жайларды қамтиды. Библиографияның соңында осы көрсеткішті құрастырғанда пайдаланылған газеттер мен журналдардың да толық тізімі беріледі.

Міне, осы қорытынды тізімді берген еңбектің өзі-ақ ұлы ақынның мұрасына біздің советтік жұртшылығымыздың, социалистік мәдениетіміздің берген бейілі, қастерлеген құрмет бағасы қандай екенін танытады.

Бірақ осы жағдайлармен қатар, революциядан бұрын да, революцияның алғашқы кезінде де және бертін келген 1936—1937 жылдарға шейін де Абайды тану жөнінде, жоғарыда айтылғандай, анық советтік социалистік бағыт, мұраттармен қатар ілесе жүрген неше алуан зиянды, кертартпа қастық пікірлер де болды. Ондай пікірлердің ең зиянды түрін революциялық пролетариаттың жауы болған ұлтшыл, байшыл алашордашылар көрсетті. Олар барынша талап- танғанда, Абайды өздерінің байшыл-контрреволюцияшыл туының астына тартып, "өз" Абайы етіп пайдаланбақшы болды.

Солардың кейбіреулері Абайды "халық поэзиясының асқар биігі" деп танып келе жатқан советтік жас қауымды бұрмалап, топастық, надандықпен теріс ұғындырғысы келді. Абайды қазақ халқының әдебиет қазынасынан шығарып тастау керек деген сорақылыққа шейін барғандар да болды. Бірақ барлық Одақ халықтарының түрі ұлттық, мазмұны социалистік жаңа мәдениетін жасауда, өзіндік тарихи ескілігін сақтап келген халықтық қазынасын айрықша бағалау керек деген Коммунист партиясының саясаты мен нұсқаған ұлы бағыттары қазақ халқының Абай сияқты данасын барлық тап жауларының жаласынан арашалап алып шықты, ұлы ақынның өзі де, барлық қасиетті мұралары да аман сақталып өтті.

Сол арқылы Абай бұл күнде, қазақ халқының мәдениет тарихындағы ұлы мұнарадай қадірлі классик болуымен қатар, бүкіл Одақ көлемінде қадірі асқан ұлы классиктің бірі боп бағаланды.

Абай шығармалары ұлы орыс халқының тілінде 1940, 1945 және 1954 жылдары жеке жинақтар болып, орыстың советтік көп ақындарының аударуымен жарыққа шықты.

Осы алуандас үлкенді-кішілі жинақтар басқа да туысқан елдердің тілдеріне аударылып, басылып шыққан. Советтік Қазақстан көлемінде Абайды тану жөнінде жоғарыда айтылған сөздердің үстіне, жаңағы Одақ елдерінің де тілдеріне ақын шығармаларының аударылып тарауы өзгеше бағалы.

Бір заманда, Абайдың өзінің тірі шағында, тек қана азғана көшірушілер мен әншілер, ауызша айтушылар арқылы кең сахараға жіңішке жолмен тарап жүрген өлеңдер бар еді. Солар тек советтік социалистік Отанда ғана Коммунист партиясының ұлы саясаты дәуірлеп, өркендеген заманында ғана өзіне мол өріс тапты. Ұлы Отан тауып, анық тарихтық бақытты тағдырына жетті. Ақын өзі тірлігінде болжап болмастай ұлы майданға шықты.

Ақынды тудырған тарихтық дәуірді, қоғамдық ортаны және Абайды тану жөніндегі кіріспе сөздерді осы айтылғандармен аяқтап, біз енді Абайдың өмірбаянына ауысамыз.




Жүктеу батырмасы 50 секундта ашылады!!!




KZ / Әңгімелер жинағы, әңгіме Мұхтар Әуезов Абайды тану туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Мұхтар Әуезов Абайды тану на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке, әңгіме Мұхтар Әуезов Абайды тану туралы ангиме казакша рассказ на казахском рассказ Мұхтар Әуезов Абайды тану на казахском языке ангиме скачать бесплатно қызықты әңгімелер балаларға арналған кызыкты ангимелер балаларга арналган интересные расск, Әңгіме: Мұхтар Әуезов | Абайды тану ғибратты әңгімелер ғибратты әңгімелер вк ғибратты оқиғалар ғибратты сөздер гибратты ангимелер