Әңгіме: Иван Бунин | Самырсын

Әңгіме:  Иван Бунин | Самырсын казакша Әңгіме:  Иван Бунин | Самырсын на казахском языке

I

Кешқұрым. Белшесінен қар тұмшалап тастаған жым-жырт баспана. Тыста ұйтқыған боран, ұлыған орман...

Бүгін таңертең осы өзіміздің Платоновкада Митрофан деген шаруа дүние салып еді, соның жаназасына үлгермей қалған әулие әкей енді біздің үйге келіп алып, шайды қайта-қайта сораптап қойып, биылғы қыста боранға үсіп өлген адамдардың қисапсыз екенін айтып құлақ сарсытып отыр.

Қарлы құйын шатырды сабалап, толассыз сыңсыған жел бой тітіренткендей, іргедегі орман да арсы-күрсі боп күңіреніп жатыр; "ертегінің ит тұмсығы өтпейтін үрейлі нуынан несі кем?" — деп ойлаймын іштей. Осы нудың ішінде қайтып шығарға жол таппай адасып жүрген жолаушы көз алдыма елестейді.

— Ay, бұл мекенде тірі жан бар ма?! — деп айқайлайды, алақаншық боранда Платоновканың жылт еткен отын байқап қалған жолаушы.

Бірақ, үскірік жел ә дегенше тынысын буып, бас-көзге сабалаған жылбысқы қар бет қаратпай, қара түнек арасынан тіршілік нышанындай көрінген үміт шырағынан адастырып кетеді. Оның үстіне біздің мынау баспана адам баласының мекен-тұрағына ұқсаса бір жөн-ау. Ертегідегі мыстан кемпірдің үйшігі де осыдан аспаған болар. "Үйшік-үйшік, шыр айнал! Артқы жағың ну орман. Есігіңді бері қарат! Есіл ерді паналат!"

Кеш бойы бұйығып жаттым да қойдым, күңіренген дүлей орманның дін ортасында қар басып, мұз құрсаған жалғыз медиеннің сығырайған терезесі де сырт көзге құбыжық сияқты шығар деген ой кетпеді. Үй ықтасында еді, бірақ, сұрапыл дауыл тұрып, орман шулап оған зәулім самырсындардың сарнаған үні қосылғанда ықтасыннан ырымға пана жоқ. Ала құйын дүниенің бәрін аспанға көтеріп, есік-терезелердің әлек-шәлегін шығара жұлмалай жөнеледі де, қыл аяғы сенектегі ит екеш итке дейін іннен інге тығылады; әрі-беріден соң дірдек қағып ақ ұлпаның астында қыңсылап жатқанын көресің... Қырсық қылғанда дәп мынау қағынған күнде жамбасы жерге тиетін болды-ау деп мен тағы да Митрофанды ойладым. Бөлме тып-тыныш, әрі жылы. Жаһұт тұтып тастағандай терезе шынысында жалт-жұлт сағым ойнайды. Пешті де қыздыра жаққан еді, тыстағы тарсыл-гүрсілге әлдеқашан ет өліп кеткен, тіпті құлағыма кіріп те шықпайды. Үстел үстіндегі шам да шаршап-шалдығып тұрған тәрізді. Сыздықтап жанған керосиннің бір қалыпты ызыңы естіледі, өкпе тұстағы ас үйде әлдекім ұйқылы-ояу ыңылдап бала тербетіп отыр — Федосья ма, әлде жөргегінен бастап әпкелері мен шешесінің таусылмайтын әлдиіне құлағы үйреніп қалған Анютаның өзі ме. Бала кезінен табиғатына сіңген осы әлдиге, мынау тыстағы бір қалыпты сарынға елтіп жатып, ұзақ кеште толықсып барып маужырап кетесің. Қалғы, сен де көзіңді іл, ұйқы келіп торып жүр, — баяғыдан таныс осы бір мұңды ән сазы сені де тербетеді, кешкі ымырттың ала көлеңкесі иығыңнан басып, қанаты талған масаның әлсіз ызыңындай сызылған шам шырағының ысылы көзіңе ұйқы тығып, иірім бетіндегі жыбырлаған майда толқындай төбеге түскен бұлдыр сағым елестей арбайды.

Тыстан аязды күнгі ұлпа қардың безектеген сықыры естілді. Есік сартылдады да әлдекім пимасының қарын қақты. Енді міне, сипалап ішкі бөлменің тұтқасын іздеп жатыр, артынша қасап пышақпен қақ айырған қарбыздың иісіндей ақпанның ақ мұрт аязының ызғарлы лебі лап етті.

— Ұйықтаған жоқсыз ба? — деді Федосья ақырын ғана күбірлеп.

— Жоқ... Бүл кім? Федосьямысың?

— Мен ғой, — деді Федосья енді даусын көтере, еркін сөйлеп. — Әлде сізді оятып жібердім бе?

— Жоқ ә... Неменеге келдің?

Федосья жауап қатпастан әуелі қымтап жаптым ба, жоқ па дегендей есік жаққа бір қарап алды да, сосын жымия күліп, жылы пешке барып жауырынын төседі. Жоқты сылтауратып, әйтеуір маған бір кіріп шығу үшін әдейі келгені көзінен көрініп тұр. Бөденедей ғана етжеңді толық әйел шолақ тон киген соң тіпті домаланып қалыпты, бөкебай ораған басы жапалақтың мойнындай тұп-тұтас, өңірінен еріген қар тамшысы жылт-жылт етеді.

— Дала дегенің ақ шаңыт, құтырып тұр, — деді жылы пешке жабыса түсіп. — Қай мезгіл болды екен?

— Тоғыз жарым.

Федосья басын шұлғыды да аяқ астынан ойға шомды. Күні бойы жарғақ құлағы жастыққа тимей талай шару а тындырды. Енді уһ деп тыныс тапқаны осы тана. Ойсыз-мұңсыз қалпы шам жарытына бажырая қадалып, аузын кере есінеп алды да езуін жияр-жимастан күбірлей жөнелді:

— Есінеу, есінеудің бәрі бір, есіл менің жарым-ай деген... Байғұс Митрофанға обал-ақ. Күні бойы есімнен кетсеші, оның үстіне әлгі біздің жолаушылар да жоқ. Шықты ма, жоқ па? Мына боранда жолға шықса қатып өлетін болады... Тоқтаңызшы, қай құлағым шулады? — деді кенет жұлып алғандай.

— Оң құлағың, — дедім мен. — Бүгін ешқандай жолаушының түзге шықпағаны той.

— Дұрыс жорытқан жоқсыз. Әркімнің өз мұңы. Мен байымды ойлап тұрмын. Суыққа ұша ма деп қорқамын...

Бұдан кейін Федосьяның аузына қақпақ қоя алмайсың, боран-шашын жайында қайдағы жоқты сапырып жөнеледі...

Баяғы заманда, ұмытпасам, қырық амалдың кезінде ғой деймін. Бір сұмдық оқиға болып еді. Сіздің есіңізде де жоқ қой, ол кезде әлі беске толмаған бала едіңіз, күні бүгінге дейін көз алдымнан кетпейді. Қол-аяғын үсіткен адамда қисап жоқ, сүйегі қар астында қалғандар да толып жатыр.

Менің құлағыма кіріп-шығар емес, өйткені Федосьяның бар хикаясын жатқа білемін. Әйтеуір еміс-еміс әр сөзін ұстап қаламын, бір қызығы, оның қисынсыз әңгімесі менің ойымнан шыққандай... "Қай патшаның заманы, қай патшаның ғаламы, — деп бастап, ұзақ бір ертегіге басатын бақташы шалдың даусын естігендей боламын. — Қай патшаның кезінде, қай патшаның елінде, баяғы өткен заманда бала құйын болыпты..."

Орман сарнап түр, құдды мың арфа қосылып мұңды сазға басқандай. "Қалғы, сен де көзіңді іл, ұйқы келіп торып жүр"; "самырсыннан дәм-тұз татып", "шалшықтан сусындаған" Платоновканың пақырлары күйбең тірліктен шаршап-шалдығып, тым-тырыс ұйықтап жатыр, ал ертеңгі күннің уайымы мен мән-мақсұтын бір құдайдың өзі біледі.

Кенет сенектің есігі сарт-сұрт ете қалды да, шатыр ішіне бір топ құс дүркіреп кеп қонғандай күңгірлеп кетті.

— Құдай-ау, сақтай көр! — деді үрейленген Федосья. — Мынау сұрапылда тезірек жылы төсекке кіріп кеткенге не жетсін. Кешкі асты қашан ішесіз? — деп өзін зорлап, кетер-кетпесін білмей тұтқаға қолын созды.

— Әлі ерте ғой...

— Менің ақылым — таңғы тауықты күтпей-ақ тамағыңызды ішіп алып, тыңқиып жата қалғаныңыз жақсы болар.

Есік жайымен сықырлап ашылды да қайтадан сарт етіп жабылды, мен таты да жалғыз қалдым, таты да көз алдымнан көлбеңдеп Митрофан кетпей қойды.

Ұзын бойлы арық адам болатын, бірақ дене бітімі, жүріс-тұрысы өте ширақ, аспан түстес көгілдір көздері ойнақшып үнемі шалқақтап жүретін жайдары кісі еді. Қысы-жазы аяғына киетіні бөз шылғаумен шандытқан шәркей, қысы-жазы үстінен жыртық шолақ тон түспейтін. Қашан көрсең басында аударып тіккен қоян құлақшын. Құлақшын астындағы күн қаққан қоңырқай жүзі, қоңқақ мұрны мен шәушиген сирек сақалы аса бір мейірімді жанды танытатын. Қансонарда із жібермейтін нағыз аңшының өзі еді, көзге қораш болғанмен көңілге тоқ; дене бітімінен бастап, бастағы бөрік, тізесіне жамау түскен көне шалбар, қос ауыз мылтық, қыл аяғы темекінің иісіне дейін тап-таныс қалпында көз алдымда тұр. Табалдырықты аттай бере шолақ тонының етегімен қырау шалған қас-кірпігін бір сүртіп, көгілдір тұнық жанары күлімдеп кіріп келгенде бөлме ішін орманның шайыр аңқыған шыңылтыр ауасына толтырып кеткендей болушы еді.

— Рақат қой біздің өмір! — дейтұғын ол әрқашан. — Іргеде ну орман. Тек анда-санда балалар ішер астан қысылып, дастарқанның күйісі қашатыны рас, бірақ ол үшін құдайға өкпелеуге бола ма: орманға кірсең аштан өлмейсің. Жұртқа қарағанда қайта менің ренжитін жөнім бар, бала-шаға, жейтін ауыз қаншама. Сонда да құдай деген құр қалмас деп жүріп жатырмын. Бөрі азығы жолда. Осы өңірді таптағаныма талай жыл, дүние жиған мен жоқ... Өтті кетті ғұмыр да есте қалмапты. Жаздың бір-екі күндік аптабы, көктемнің бір-екі күндік қоңыр самалы, басқа дым жоқ. Қайта қаңтардың қақаған аязын есіңе көбірек сақтайсың, бірақ бүл күндер де бір-біріне ұқсас. Шүкіршілік, қанағат қылсаң қарын тоқ. Кезе берсең орман таусыла ма, бірінен өтсең екіншісі, онан өтсең айналып кеп аулыңды табасың... Келесің де құлайсың, құлайсың да ұйықтайсың, тұрып алып тағы да күйбең тірліктің жетегінде кетесің. Шаруаның торысына қамыт пен қамшы қашанда табылады ғой. Кейбіреулер орманда тағыдай өмір кешіп томарға табынасыңдар деп кекетеді, ал сонда қалай өмір сүру керек деп өзінен сұрашы - білмейді. Демек басқа түскенді көтер де қыңқылдамай жазымышқа көн.

Шынында, Митрофан бүкіл ғұмырын өмірдің құлы болып өткерді. Егер орман біткенді бұтасын қалдырмай тінтіп шық десең — Митрофан қыңқ етпестен ерінбей-жалықпай аралап шығады. Тек өлер алдында ғана ауру меңдеп, айдан астам қараңғы бөлмеде төсек тартып жатып қалғаны болмаса...

— Дәрігерге көрінсеңші, — деп ақыл айтқанымда:

— Талды қармадың не, қармамадың не, бәрібір суға кетесің, — деген еді ол күліп тұрып.

Кім біледі, онысы да дұрыс шығар. "Өлдің — бітті, өмір тепкісіне шыдай алмағаның. Демек, жазмыш солай" деген ой келді, сосын таза ауаға шығып қайтайын деп орнымнан тұрдым. Тон-тымағымды киіп, шам қасына келдім. Әуелде тыстағы бораннан қорғанып біраз тұрдым да ақыры шамды үрлеп жібердім.

Ауызғы бөлменің терезелері бұлыңдап қана бозарады; үйіріп-үйіріп соққан қарлы құйыннан толқында шайқалған кеменің каютасындай бірде жылт етіп, бірде жоғалып кетіп тербеліп тұрған тәрізді. Дәліз де азынап кеткен екен, отынға жарған ағаштың сыз тартқан қабығының иісі шығады. Бұрышта өлі Христостың басын сүйеп отырған әйел құдайдың атам заманғы абажадай бейнесі қарауытады...

Далаға шығуым мұң екен, өрекпіген жел басымдағы бөркімді жұлып әкетті де, қарлы құйын қойны-қоншымды кеулеп ала жөнелді. Сеңсең тонды бұйым құрлы көрмей, сүйек-сүйетіңнен инеше қадалған ызғарды сезініп, салқын да таза ауаны көкірек кере бір жұтқанға не жетсін. Көз үйренгенше сәл аялдап, төңіректі шолдым... Құйғытып кеп орап өткен жел екпіні тұншықтырып кетті де, ықтан жазыққа қарай құтырына жосылған түйдек-түйдек ала құйыннан басқа дым көре алмай қалдым. Орман гуілі орган үніндей дауыл сарынынан жеке жамырап түр. Бет алысым белгісіз, жел өтіне басымды тұқырайтып алып, белуардан оппа қарда малтып келемін...

Деревня да, орман да көрінбейді. Әйтеуір адаспайтынымды білемін, деревня оң жақта болуға тиіс те, қар басып қалған шалшықты көлдің жағасындағы ең шеткі үй Митрофандікі. Ес кетіп, жан шыққанда ақ түтек мұнарт ішінен жылт еткен от көрінді. Әлде не кеудеме кеп артылды да ұшырып түсіре жаздағаны. Ит екен, баяғыда Митрофанға өзім сыйлап едім. Мені танып, қыңсылай қарсы алды да, құйрығын бұлғаңдатып, жетелегендей үйге қарай жол бастады. Терезе алдында тұмандай есіліп қар ұйтқиды. Жарық төменнен, күртік қардың астынан жылтырайды. Омбылап терезенің қарсысына келіп тоқтадым да ішке үңілдім. Үй іші күңгірт, дәл терезенің түбінде ақ кебінге оранған ұп-ұзын бір нәрсе серейіп жатыр. Митрофанның жиені үстелге емініп псалтырь оқып түр екен. Ірге жақтағы нар үстінен ұйықтап жатқан қатын-қалаш, бала-шағаның нобайы қарауытады...

II

Таң да атты. Қырау шалған терезенің саңылауынан тысқа көз жіберіп, орманды танымай қалдым. Тәкаппар тыныштық орнапты!

Ұлпа қар жамылған шыршалардың ұшар басынан мөп-мөлдір аспан көрінеді. Афанасьев күндеріндегі туф десең түкірік түспейтін аязда болмаса мұндай шаңқандай ашық аспан біздерде сирек кездеседі. Көздің жауын алған ақша қар, жасыл шыршалардың төбесінен төнген кіршіксіз әлем бүгін тіпті ерекше тәрізді. Күн әлі көтеріле қоймаған, алаңқайда орманның көк шағырмақ көлеңкесі жатыр. Кіре жолдан үйге қарай жырылып шығатын шана сүрлеуіне түскен көлеңке тотияйындай көкпеңбек екен. Зәулім самырсындардың жасыл желегінде күн сәулесінің алтын арайы ойнайды. Биік бәйтеректер аспанға оқтай шаншылып, міз бақпай қалыпты.

Қаладан ағайындарым келіп түсіп жатыр. Аязды күннің ширақ тірлігін қоса ерте келгендей. Кірер ауызда сыпырғышпен пималарын қағып, тон-тымақтарын сілкіп, онан қар басқан буыншақ-түйіншектерін тасып кіргізгенше үй ішін суытып та болды.

— Қырық градустан асатын шығар, — деді бөлмеге тағы бір қап аязды сүйрей кірген атшы аузы икемге келмей. Екі беті нарттай, жаурағаны даусынан-ақ сезіліп түр, сақал-мұртынан, сеңсең тұлыбының айқарма жағасынан сауыс-сауыс мұз салбырайды.

— Митрофанның інісі келіп түр, — деді Федосья есіктен сығалап. — Табыт жасайтын тақтай сұрайды.

Антон ағасының өлімін әншейін бір шаруаның ретін сөз еткендей жайымен баяндап шықты да әңгімесінің аяғын тақтайға әкеп тіреді. Әлде жанашырлығының жоқтығы, әлде қайғыға беріктілігі шығар... Біз үйден шығып баспалдаққа шеген боп қатқан сүр қарды сықырлата сарайға беттедік, әңгімеміз де таусылар емес. Аязды күні ауа да дем алуға тым ауыр екен, даусымыз да үзік-үзік тұншығып шытады, аузымыздан шыққан ақ бу темекінің түтініндей будақтайды. Ә дегенше қас-кірпігімізге қырау тұрып қалды.

— Пай-пай, құдайдың күні де қақап тұр-ау! — деді Антон, сарай алдындағы күншуаққа сәл аялдап, сосын көзін сығырайта күн салып жол бойындағы жасыл орманға, тап-таза тұңғиық аспанта қарады. — Шіркін, ертең де осындай ашық болса той! Терең қазып, тепкілеп көметін!

Аяздан сіресіп қалтан сықырлауық қақпаны зорға аштық. Антон ары ақтарып, бері ақтарып жүріп, ақыры сырықтай самырсын тақтайды таңдап алды, нығына серпе салып: "кайырымыңызға құлдықпын!" — деп ризашылығын білдірді де еппен басып сарайдан шықты. Ақша қарға түскен шәркейдің ұлтан таңбасы аюдың ізіндей, Антон еңкең-еңкең етіп аяғын адымдап басқан сайын солқылдақ ұзын тақтай да құс қанатындай бірде майысып, бірде серпіле жазылып ербеңдеп барады. Әрі-беріден соң қасат қарды сыза, қақпадан асып көзден ғайып болды да, аяғының тықыры ұзап барып біржола семді. Құлаққа ұрғандай тым-тырыс. Ағаш басындағы екі ұзақ бір-біріне мұңын шаққандай. Біреуі әуелеп биік шыршаның басына қонды да әткеншек теуіп барып зорға дегенде қанатын жиды, күміс шашақты үлпілдек қар күн көзіне кемпірқосақ шаша сау ете қалды. Ұзақ қарқылдап күлгендей болды да кенет пышақ кесті тиылды... Орман иығынан күн сығалап, дөңгелек алаңқайға маужыраған нұр төгілді...

Түс ауа жұрттың бәрі Митрофанның үйіне қарай жосылды. Деревняны қар бүркеп тастаған. Орманның ортасын ойып, дөңгелек жазыққа жағалай қонған ауыл үйлері қар астында мелдектеп қапты, күн сәулесіне шағылысқан ашық алаң көз қарықтырады, әрі тымық, әрі жып-жылы. Мұржадан шыққан түтін де паң, танауға ыстық күлшенің иісі келеді. Балалар дедектеп бірін-бірі қол шанамен сүйреп жүр, ит біткеннің бәрі үй төбесіне шығып алыпты... Қаймағы бұзылмаған қаймана елдің байырғы қонысы! Әне бір үйдің есігінен кеудесі көріктей жас қатын тысқа басын шығарып, маңайына көз сата қарап түр. Сырт пішіні ергежейлі шал сияқты жынды Пашка су артып суат басынан қайтқан шана соңынан еріп келеді. Буы бұрқыраған қорықтың лай суы мұз қатқан бөшкенің ернеуінен жырқ-жырқ төгіліп, шана табаны шыңғырған торайдай безектейді... Ал мынау Митрофанның үйі.

Жермен жексен аласа тамның ауласы жып-жинақы. Кіреберіс ауызда бірнеше шаңғы сүйеулі түр. Былш-былш күйіс қайырып сенек ішінде сиыр жатыр. Бір жағына шоңқая отырған қабырға есікті милықтата басып қалған екен, сіресіп зорға ашылды да іштен қазан-аяқтың таныс лебі бетке ұрды. Ала бұлдыр бөлмеде пешке сүйеніп бірнеше қатын түр, мәйітке қарап өзара күбірлесіп қояды.

Тылсым тыныштық, Митрофан марқұм псалтырьді боздата оқыған Тимошканың даусына кәдімгідей құлақ түріп, тырс етпей тыңдап жатқан тәрізді.

— Бұл да жарық дүниемен қош айтысты, — деді жанашыр әйелдердің бірі келген жұртқа өліктің бетін ашып көрсетіп.

Митрофан байсалды да тәкаппар сияқты көрінді. Сұрғылт суық жүзінде мұң кірбеңі қалыпты, мәңгілікке жұмылған қос жанар шүңірейіп кеткен де қоңқақ мұрны бұрынғыдан да зорая түсіпті; апайтөс ақырғы деммен сол көтеріліп барып қатып қалған тәрізді, аш құрсаққа айқастырып салған рабайсыз үлкен қолдары сұлық жатыр. Үстіндегі тап-таза көйлек те жүдеу сұрғылт жүзіне жараса қалған. Әлгі әйел оның мұздай суық қолынан ұстады да сол көтеріп, қайтадан айқастырып қойды. Митрофан осының бәріне де мән бермей тек Тимошканы тыңдап сұлық жатыр. Кір жуып, кіндік кескен деревнясына ақтық рет қонақ боп, мынау шайдай ашық күннің дәл бүгін тым салтанатты екенін де сезіп жатқандай.

Мылқау тыныштықтан ба, күн тым ұзарып кеткен сияқты. Шаңқай түс бола күңгірт бөлме зорға дегенде атараң тартты да, маркамның жазық маңдайына терезеден болар-болмас қиғаш сәуле түсті. Мен тысқа шыққанда күн белдеуге құлап, ағаш көлеңкесіне жасырынып қалған екен. Ақша қардан шаңқандай сәлде жамылған үй шатырларында қызғылт сағым ойнайды. Түн тағы да аязды болатын түрі бар. Кіршіксіз аспанның солтүстік қапталы онан сайын шақырая түскен, осы көгілдір тұңғиыққа қадалған сыптай самырсындардың ұшар басы тіпті әдемі-ақ. Шығыстан қалтырап ай туып келеді. Батыс көкжиектің қызғылт арайы бірте-бірте семіп барады... Сүмеңдеп соңыма түскен ит бірде алдымды орағытып орманға сүңгіп кетеді де, енді бірде үсті-басы кар-қар боп қайтадан атқып шығып, жол үстіндегі өзінің көлеңкесіне қалшиып тұра қалады. Ай кемерден алыстап кеткен... Деревня тым-тырыс, тек Митрофанның сығырайған терезесінен өлеусіреп от жылтырайды... Тұңғиық аспанға әлдеқайдан секіріп-секіріп шыққан күлегеш жұлдыздар осы бір орманды өңірді, бейғам елді қалт жібермей төбеден бағып отырған құдайекемнің тәж-тағының салтанатты әлем-жәлемі сияқты көрінді...

III

Ертеңінде жұрт Митрофанды табытқа салып орман соқпағымен ауылға қарай алып шықты.

Шыңылтыр аяз, күн сәулесіне шағылысқан қардың ұсақ қылауы көсіп алып шашып жіберген сансыз инедей ауада жамырап жүр.

Орман іші буалдыр, тек түстік белдеудегі шыңырау биіктен мұп-мұздай сұр аспан бедірейеді. Аяғыма шаңғыны іле салып мен де ауылға тартқам, сыңсыған қар қыңсылаған күшіктей безектейді. Қол-аяғым мүздап, әбден тоңа бастағанда қар басқан ауыл көшесінің тұйығынан табыт көтерген ақ киімді адамдар да көрінді-ау, әйтеуір. Шіркеу есігі ашылды, балауыз шырақтың иісімен қабаттаса мұнан да бетке суық ызғар ұрды: жұпыны тана шатын шіркеудің ішін мұз құрсап қапты — иконостас, қабырғадағы әулие-әнбиелердің бейнелері ақ қыраудан көрінбейді. Күбір-сыбыр сөз, ыбыр-дыбыр аяқ тықыры, ауыздан шыққан ақ бу; жұрт зілдей табытты мықшыңдасып кеп ортата қойғанда әулие әкей де асығып-аптығып, даусы қарлыға әндетіп жөнелді. Табыт үстінде бықсыған көгілдір түтін ішінен өліктің сорайған ұсқынсыз танауы мен қара байлаған маңдайы көрінеді. Әулие әкейдің қолындағы кадилоның түбінде әйтеуір ырымта бола қарағай шоғына тастаған болмашы шырағданнан сасыған сарымсақтың иісі шығады; әулие әкей басы-көзін тұмшалап орамалмен байлап алыпты, аятында дәу пима, жыртық шолақ тонның үстінен солпитып көне риза киген. Дъяк екеуі қосарлана жарысып, жарты сағат ішінде жаназаны оқып бітірді де, тек мәйітке бағышталған соңғы аятты жайымен мақамдай созды; бүл ғұмырдың тіріге азап, өліге бостандық екенін айта келіп, марқұмның өмірдің тозағынан құтылып, енді о дүниенің ұжмағына аттанғанын мағлұм етіп тынды. Осы күңіренген дауыс серейген өлікті табытпен қоса шіркеуден шығарып салды; көр дейтін көр де емес, ауыл сыртындағы таяз ғана лақатқа түсіруі мұң екен, жұрт жапа-тармағай қар аралас тоң топырақпен құдды қашып шығып кететіндей апыл-ғұпыл көміп тастады. Шыршаның бір тал бұтағын асығыс шанша салып, жан-жаққа бүрсең-бүрсең бытырап қашқан.

Қар астынан қылтиған шанжау-шанжау ғана кресі бар дөң басындағы жетім зират аяқ астынан тым-тырыс болды. Аспанда қылтанақ қар қылауы қалықтап жүр, төбеден гуілдеген бір қалыпты орман сарыны естіледі; кешкі ымыртта алыстан құмығып жеткен теңіз сарынындай. Көк жасыл сәукеле киген сарғыш қабықты зәулім самырсындар зиратты үш жағынан иін тіресе қоршап алған. Төмендегі жазықта шыршалы жалпақ орман жатыр. Мен жаңа ғана үйілген жас топырақтың жанында тұрмын. Бірде ол маған жай ғана суық төмпешік сияқты көрінеді де, бірде осынау моланың өзінде де сезіне білгенге, ойлай білгенге сыр бар тәрізді. Дүние кең болғанмен бір құдайдың ғана ықтиярындағы осынау фәни жалғанда келіп-кеткен пенденің ғұмырының қысқалығын, баянсыздығын еске салғандай. Таяқты серпіп қалдым да ылдиға қарай сырғи жөнелдім. Қарсы алдымнан қарлы құйың соқты, артымдағы жатаған беткейде шыжымдай тартылып, жосылып түскен қос шаңғының ізі қалды. Етектегі жаңа тебіндеп келе жатқан жасыл шыршаға жете бере шатқаяқтап ұшып түстім де қойны-қоншыма қар толды. Қайтадан ұшып тұрып, балапан ағаштардың жықпыл-жықпылын қуалай тартып келемін. Қаралы күнге қапалық білдіргендей тық-тық таңдай қатып аспанда ала қанат сауысқандар ұшып жүр. Уақыт жылжып өтіп барады, ұлпа қарды таспадай тілгілеп, төтелеп мен де келемін. Көңілдегі әлгі бір сан-сапалақ ойлар ғайып болған. Бетіңді жапалақтап жауған кар мен шайыр иісі аңқыған желге төсеп, балағын қоян кеміріп тастаған жас шыршаларды аралап, жер басып жүргенге не жетсін!.. Аспан ақ кіреуке шымылдықпен жүзін жасырыпты, алда боран-шашынсыз күншуақ бар деген сөз... Алыстан еміс-еміс талып жеткен самырсын басының шуылы таусылмайтын, сарқылмайтын мәңгілік ғұмыр жайлы сыр шертетіндей...




Жүктеу батырмасы 50 секундта ашылады!!!




KZ / Қазақша Әңгімелер жинағы, әңгіме Иван Бунин Самырсын туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Иван Бунин Самырсын на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке, әңгіме Иван Бунин Самырсын туралы ангиме казакша рассказ на казахском рассказ Иван Бунин Самырсын на казахском языке ангиме скачать бесплатно қызықты әңгімелер балаларға арналған кызыкты ангимелер балаларга арналган интересные рассказы на казах, Әңгіме: Иван Бунин | Самырсын ғибратты әңгімелер ғибратты әңгімелер вк ғибратты оқиғалар ғибратты сөздер гибратты ангимелер