Әңгіме: Джек Лондон | Мартин Иден

Әңгіме:  Джек Лондон | Мартин Иден казакша Әңгіме:  Джек Лондон | Мартин Иден на казахском языке


Бірінші тарау

Алда келе жатқан жігіт француз кілтімен есік ашты. Оған ерген жас жігіт, табалдырықтан аттамас бұрын, әлденеге қолапайсызданып, жұлқа тартып, басындағы кепкасын қолына алды. Оның жұпыны шидем киімінен теңіз лебі аңқиды; кең холлға кірген кезде бұл жігіттің не қылса да берекесі қашайын деді. Кепкасын қайда қоярын білмей, қалтасына енді жытырғалы жатқанда серігі жайраңдап, өзімсініп, қолынан кепкасын ала қойған еді, оның бұл қылығы жігітке ұнап кетті. «Жағдайға түсінетін жақсы жігіт екен, тегі, ұятқа қалдырмас»,— деп ойлады ішінен.

Еденді жоғарылы-төмен теңіз теңселтіп тұрғандай ол найқалып, аяғын нығарлай басып, серігінің соңынан жүріп келеді. Алшаңдаған алпамсадай жігітке дағарадай бөлме тар көрінді — ол есіктің жақтауын иығыммен қағып кетер ме екем немесе каминнің үстінде тұрған жылтырауық-жарқырауықтарын ұшырып жіберем бе деп зәресі қалмады. Олай-бұлай орынсыз бұрыла бергендіктен, қайдағы жоқ бәлеге өзі бас болды. Рояль мен үстінде үйіліп көп кітап жатқан столдың арасынан алты адам еркін өтер еді, сол арадан әлденеге сасқалақтап, бір өзі әрең өтті. Соқталдай болып солбырайған екі қолын қоярға жер таппағандай. Бірде стол үстіндегі кітаптарды қағып кетем-ау деп, үріккен аттай орғып түскенде, рояльдің түбіндегі орындықты құлатып кете жаздады. Ол алдында алаңсыз еркін жүріп келе жатқан серігіне қарап, өзінің арпыл-тарпыл жүрісін ерсі көрді. Екі беті оттай дуылдап кетті. Маңдайынан шып-шып тер шықты, сәл кідіріп, орамалымен күнге күйген қоңырқай бетінің терін сүртті.

— Артур, достым, сәл кідіріңізші,— деді ол ұялғанын сездіргісі келмей әзілдей сөйлеп. —Көрмеген жердің ой-шұқыры көп деген осы да, берекем кетті, кішкене есімді жиып алайын. Өзіңіз білесіз, осында келгім келген-ақ жоқ еді, семьяңыз да мені көруге ынтығып отырмаған болар.

— Ештеңе етпейді, саспаңыз!—деді ол.— бізден қаймықпай-ақ қойыңыз. Өзіңіз сияқты қарапайым кісілерміз біз де .. Еһе! Маған хат келген-ау, сірә!

Артур қонағым сәл сұлқын бассын деп ойлады да, стол басына барып, конвертті ашып, хатын оқи бастады. Бұл жігіт жаратылысынан сезімтал, сергек жан еді, сырттай сасқалақтап жүрсе де, кісілігін сақтай білді. Маңдай терін тағы бір сүртіп, қазулы орға түсем бе деп сезіктенген тағыдай ол жан-жағына сескене, тосырқап қарайды. Бәрі жат, не істеп, не қоярын білмейді. Өзінің тым доғал, рабайсыз адам екенін енді ғана түсінгендей. Осылай өз-өзінен қуыстанып, қатты қысылып отырғанда хат оқып тұрған Артурдың ара-тұра көзін ала беріп, күлімсіреп қарағаны өңменіне оқтай тиді. Бірақ көзіне көзі түсіп кеткенде де сыр берген жоқ, себебі ол өмірінде талайды көріп, әр уақытта ең алдымен тәртіп, әдеп сақтау лазым екенін көңіліне берік түйген. Асылы, бұл жай шымбайына тимей де отырған жоқ. Мұнда келгеніне өкінді де, дегенмен бір келіп қалған соң не болса да нар тәуекел, ақырын тосайын деп отыра берді. Бұрынғыдай емес, бойын жиып, намысына тырысып, қатуланып, көзінен кейістік оты ұшқындап кетті. Ол тағы да жан-жағына көз салды, бұл жолы көргенінің, бәрін ұсақ-түйегіне дейін жадына тоқып алмаққа ниет етіп, әдепкідегіден гөрі бойын еркін ұстап отырды. Оның таңдана-таңырқай қараған көзінен ешнәрсе қағас қалған жоқ: сәнді жасау-жиһаздарды көрген сайын көңілі жадырап, көз жанары жыли бастағандай. Оның сұлулыққа жаны құмар еді, мұнда көзге қонақ бергендей көркем дүние көп екен.

Бір сәтке қабырғада ілулі тұрған сырмен салған суретке көзі түсті. Жағалаудағы жартасқа дүрс соғып, көкке шапшыған асқақ толқын; аспанды торлап алған, түнере түксиген бұлт етегінен жаңа ғана ұясына қонып бара жатқан күннің шұғыласы көрінеді; ақбас асау толқындардың шоқтығында бір кішкене желкеме қылаңдайды; ойыса зырлап келе жақтан кеменің палубасы алақанның аясындай ап-анық көрініп тұр. Сурет сұлу дүние екен, сұлулық әрқашан да жігітті өзіне тартушы еді. Ол икемсіздігін елең қылмай, суретке жақындап барған еді, жаңа ғана көз тартқан сұлулық ғайып боп кетті. Оның орнына айғыз-айғыз аламыш бояуға қарап мелшиді де қалды. Кейін шегінді. Шегінген сайын сурет жарқырап жана түскендей көрінді. «Көз байлайтын сурет екен»,— деді де бұрылып кетті, осыншама сұлулықты көз байлау үшін қор еткені ме, деп қатты ренжіді. Оның көркем ресімнен хабары жоқ-ты. Бар білетіні алыстан да, жақыннан да жалтырап көрінетін хромолитография. Рас, магазиндердің витринасынан сырмен сызған суреттерді де көргені бар, бірақ соны әйнек арқылы анықтап көре алмаған ғой, тегі.

Жігіт хат оқып тұрған досына қарап еді, столда жатқан кітаптарға көзі түсті. Ac көрген аш адамдай екі көзі жайнап кетті. Тағаты төзбей столға жетіп барды да абыржып, кітаптарды аударыстыра бастады. Әр кітаптың атын, авторын қарады, жеке сөздерін оқыды, кітап бетін алақанымен аялады, соның ішінен өзі оқыған бір кітап шықты. Бірақ өзге кітаптың бәрі, авторлары да таныс емес. Қолына Суинберннің бір томы іліккен еді, оны елти оқып, есінен танды; екі беті гүл-гүл жайнады. Келген жеріне сұқ қолын салып, екі рет сыртындағы авторын қарады. Суинберн! Бұл есімді тірі жүрсе ұмытпас. Осынау Суинберн әр нәрсенің аумағы мен айшығын тез аңғаратын көреген кісі тәрізді. Кім екен өзі? Ақындардың көпшілігі секілді дүниеден мұнан жүз жыл бұрын өтіп кеткен марқұм ба немесе әлі күнге өлеңін жазып, арамызда жүрген адам ба? Кітаптың бірінші бетін аударып қарады. Тегі, Суинберн мұнан өзге де кітап жазған кісі болар. Жарайды, ертең кітапханаға барып, бір томын алармын.

Кітапты ұйып оқып отырған жігіт бөлмеге бір жап-жас қыз кіріп келгенін байқамады. Артурдың:

— Руфь! Мынау мистер Иден,— деген даусын естігенде барып есін жиды.

Кітабын тарс жапты, бұрын байқалмаған бір өткір сезім өзегін өртегендей болды, бірақ бұл — қыздың келуінен туған сезім емес, оның ағасы айтқан сөздің әсері-ді. Жігіт балуан денелі балпаң болғанымен, сезімі күшті сергек жан. Сырт дүние болар-болмас әсер етсе-ақ оның ой-сезімі тез серігіп, жалындай жалқындап кетер еді. Ол ерекше сезімтал, алғыр да албырт болуынан асқақ қиялы алас ұрып, заттардың ара қатынасын, бір-біріне ұқсастығы мен айырмашылығын аңғарумен тыным таппас еді. Оны тітіренткен жаңағы «мистер Иден» деген бір ауыз сөз. Өмір бойы оны жұрт «Иден» немесе «Мартин Иден» тіпті болмаса «Мартин» дей салатын ғой, қазір ойда жоқта «мистер» болды. «Бұған да шүкір»,— деді ол ішінен. Оның қиялы лезде саңлаулы кең камера сықылды көз алдына трюм, док, кеме, айлақ, түрме, шарапхана, аурухана мен лашық үйлерді әкелді, осының бәрі өмірінде талай естіп жүрген өз есімінің төңірегінде шыр айналды.

Осы сәтте жалт бұрылған жігіттің көзі қызға түсті. Қиялында сыңсып тұрған елестің бәрі демде жоқ боп кетті. Қараса, қарсы алдында алтын шашы толқыған, ай десе аузы, күн десе көзі бар, үріп ауызға салғандай үлбіреген бір қыз тұр. Үстіндегі киімі қандай екенін мұқым аңғарған жоқ, бірақ өзі қандай сұлу болса, киімі де сондай әсем екенін сезді. Қызды қиялында сабағы нәзік алтындай ақшыл-сары гүлге ұқсатты. Жоқ, мынау бұл — рух, періште, әйел тәңірісі, мұндай қасиет жер басып жүруі мүмкін емес. Әлде кітап сөзі рас болғаны ма, қоғамның биік сатысында мұндай арулар да бола ма екен? Шіркін, Суинберн жыр еткендей екен өзі. Ол анау стол үстінде жатқан кітабында Изольданы суреттеген шақта қиялында дәл осындай сымбатты сұлуды елестетті ме екен? Осы бір сезім және хор қызындай тізілген өңшең сұлулар сағымдай толқып, көз алдынан тез өтіп кетті. Елеспен қосарланып, өмір шындығы да сырт көрмекке өзінің қалыпты ретімен тоқтаусыз өтіп жатыр. Руфь қолын созды, жігіттің көзіне тура қарап, қолын алып, қатты қысты, тым қысыңқырап жібергенін байқап қалды жігіт. Таныс әйелдері бұлай етпеуші еді. Тіпті, қол алып амандаспайтұғын да. Бұрын кезіккен, танысқан әйелдері есіне түсіп, қиялында тағы да түрлі көрініс тізбек-тізбек болып өте бастады. Бірақ жігіт елеске жеңдірмей қызға қадалып қарай берді. Мұндай әйел затын бұрын-соңды көрген емес. Оның көріп жүрген әйелдері... «Сол» әйелдер қызбен қатарласып, көз алдына келді. Мәңгіліктей көрінген бір ғана секунд уақыттың ішінде ол өзі портрет галерейінде тұрғандай сезінді, галерейдің ортасында қыз, оның айналасында сығылысқан көп әйел, соның әрқайсысын бір шолып, қызбен салыстырып үлгермек керек. Міне, фабрикада істейтін бетінде қан-сөлі жоқ әйел жұмысшылар, көшеде өмір кешетін шұнаңдаған қыз-қырқын, үлкен-үлкен мал ранчоларында қызмет жасайтын батрақ әйелдер. Мексиканың аузынан сигаретін екі елі айырмайтын қара торы келіншектері. Бір кезде ағаш кебісін тықылдатып, бүгежек-бүгежек еткен қуыршақ тәрізді жапон бикештері, кескіні тым қуарыңқы, азғындай бастаған Евразия әйелдері, онан кейін милығына гүл өрген Тынық мұхит аралдарының тығыршықтай шой қаралары елестеді. Ақыр соңында жан түршігерлік сұмырайлар — Уайтчепельдің панельдерін паналаған жалбыр шашты жезөкшелер, ұры-қарының арасынан шыққан арақ құмар антұрғандар, жаһаннамнан шыға шұбырған малғұндай жиіркенішті бейбақтар, кеме айлағында теңізшілерді тосып алатын әйелдің азғындары, гавань атаулының сілімтігі, қазандай қайнаған адам баласының көбігі мен тосабы келді көз алдына.

— Отырыңыз, мистер Иден,— деді қыз.— Сіз туралы Артурдың айтқанын естігеннен бері сондай танысқым келіп жүр едім. Сіз бір керемет ерлік жасапсыз.

Жігіт қолын сермеп, қыздың сөзін бөліп жіберді де, соның бәрі түк емес, менің орнымда өзге біреу болса, ол да сөйтер еді деп күбір етті. Қыз жігіттің қолы жарық-жара екенін байқап қалды; екінші қолына қараса, ол да сондай. Руфьтің сынай қараған көзі сырғып отырып енді жігіттің өңіне кідірді, бетіндегі тыртығын көрді, маңдайында, шашының астында тағы біреуі бар екен, қатырғы жағасының жиегінен де жараның таңбасы көрінеді. Күнге тотыққан мойнын қатырғы жаға бунап тастапты, қыз күліп жібере жаздады. Тегі, бұрын мойнына жаға салып әдеттенбеген адам болу керек. Қыздың көреген көзі костюмының олпы-солпысын, иығындағы іркіс-тіркісін, тырсиған бұлшық етін, жеңінің қыртыс-тыртысын аңғарып қалды.

Жігіт болған оқиғаның ерекше ештеңесі де жоғын тағы айтып, семеңдеп, ұсынған креслоға қарай жүрді. Сол екі арада кербез қыздың креслоға керіліп отырғанына сүйсініп, өзінің добалдығына қынжылды. Бұл да бір жаңалық. Өмірінде ол өзінің епті екенін немесе ебедейсіз екенін ескерген жан емес-ті. Бұл оның қаперіне келмеген нәрсе. Жігіт креслоның шетіне ақырын отырды, бірақ қолын қайда қоярын білмеді. Қалай қойса да үйлеспейді. Оның үстіне Артур тап осы кезде бөлмеден шығып кете қояр ма, Мартин Иден жетімсіреп сол жаққа қарай береді. Әйел бейнесіндегі осынау ақ періштемен оңаша қалғасын жігіт мүлде сасайын деді. Әттең бұл арада түрегеліп тұрып қағып жіберетін не арақ жоқ, не сыраға жұмсай қоятын бала-шаға көрінбейді, әйтпесе адамды ашына қылып жіберетін сол сусынмен көмекейін сәл жібіткен теріс болмас еді.

— Мойныңызда жарақаттың таңбасы бар көрінеді, мистер Иден,— деді қыз.— Бұл не? Бәлкім, қызық оқиғаның белгісі шығар?

— Бір тентек мексикан пышақ салған еді, мисс,— деді ол ернін бір жалап, көмейін ашқысы келгендей жөткіріп қойып.— Екеуміз төбелесіп, мен оның қолындағы пышағын тартып алмақ болып жүргенде ол менің мұрнымды тістеп ала жаздады.

Бұл жайды жайбарақат айтып отырғанда сонау Салина-Круцтің жұлдызды қапырық түні оның көз алдында елестеді: бозамық теңіз жағалауы, қант тиеген кемелердің жарқыраған оттары, әудем жерде мас матростардың самбырлаған дауысы, қақтығысып қаптап жүрген жүкшілер, ашудан кескіні бұзылып кеткен мексикан, жайнаң-жайнаң еткен оның айуан көздері, мойнына мұздай боп қадалған болат, жосалап аққан қан, қаумалаған халық, айғай-шу, екі кісінің ұмар-жұмар болып, құм үстінде ирелеңдеген денесі, аулақта гитараның сыңғырлаған сазды сұлу үні. Оқиға осылай болған, ол есіне түскенде жігіт селк етті, анау қабырғадағы суретті салған адам осы оқиғаның бәрін бояумен нақышына келтіріп салып бере алар ма еді деп ойлады ол. Ағараңдаған жағалау, жымыңдаған жұлдыздар, жарығы тұнған жүк кемелері — осының бәрі әсем болып шықса керек еді — құм үстінде арпалысып жатқан екі кісіні қаумалаған бір топ кісі, суретке пышақты салса да болар — жұлдыз жарығымен жарқ еткен болат жанып түспей ме!

Бұл туралы жігіт ләм деген жоқ.

— Иә, ол менің мұрнымды қыршып ала жаздады,— деді де қойды.

— О!

Қыздың бұл лебізі мен кескіні ерсі көргендігін байқатқандай еді. Жігіттің өзі де мүдіріп қалды, қоңырқай жүзі күреңітіп лаулаған көмір қазанның аузында бір сағат тұрғандай екі беті дуылдап кетті. Пышақтасу секілді сөлекет нәрсені дегдарлар алдында әңгімелеу лайықсыз шығар. Бұлар кітап бетінде мұндай сорақылықты сөз етпейді, әлде мұқым білмей ме екен?

Жаңа ғана жараса бастаған әңгіме осы арада бөлініп кетті. Руфь жігіттің бетіндегі табы туралы тағы бір сұрақ қойды. Қыздың әңгімені өзіне қанық жайларға қарай бұрып отырғанын түсінген Мартин осы сауалына жауап бергеннен кейін сөзді қыздың өзіне берейін деп ойлады.

— Оқиға былай болған,— деді ол бетін бір сипап.— Бір күні түнде, теңіз қатты толқып, кемеміздің грот-желкенін жел түп-орнымен жұлып әкетті. Тросымыз сымнан өрген арқан еді, сол айнала үйіріліп, жыланша тулады. Вахтада тұрған матростардың бірде-бірі ұстай алсыншы оны. Мен де ұмтылдым, әйтеуір ілектіріп байладым-ау, бірақ жандәрмен күні арқан бетімді тіліп кетіпті келістіріп тұрып.

— О!—деді қыз тағы да. «Грот», «трос» деген сөздер ол үшін қытай емлесіндей қиын көрінгенімен, бұл жолы сәл аяныш білдіргендей еді.

— Осы... Свайнберн,— деді жігіт ойындағы ниетін орындағысы келіп, бірақ ақынның ат-есімін дұрыстап айтып бере алмай.

— Кім?

— Свайнберн,— деді ол тағы да,— әлгі ақын ше.

— Суинберн десеңізші.

— Иә, иә, дәл өзі,— деді ол тағы да қызараңдап.— Ол кісінің өлгеніне көп болды ма.

— Опат болғанын естігенім жоқ,— деді қыз таңырқай қарап оған.— Онымен қалайша танысып едіңіз?

— Туды-бітті көрген кісім емес. Тек жаңа ғана сіз келер алдында анау стол үстінде жатқан кітабынан бір-екі ауыз өлеңін оқып едім. Оның өлеңдері ұнай ма сізге?

Қыз мүдірмей сөйлеп ала жөнелді. Жігіттің арқасы енді ғана кеңіп, тіпті жайғасыңқырап отырды, бірақ алғаш атқа мінген баладай креслоның қанатынан ұстап алып айырылмайды. Қыздың жақсы білетін тақырыбын тауып бергесін, енді бұл оның сөзін бар ықыласымен тыңдауға тырысты, осыншама көп білім осынау сұлудың ұршықтай басына қалай ғана сыйып тұр екен деп бір жағынан таңырқаса, бір жағынан оның нәзіктігіне сұқтанып та отыр. Қыз аузынан еркін төгілген түсініксіз сөздер таңдандырып, кәтте оның ой-өрісі өзіне мүлде жат болғанымен, естігенін құлағына құйып алуға құмартты. Ақыр соңында осының бәрі оның ой-санасын қозғады. Ақыл дүниесі, парасат дегеніміз осы-дағы деп ойлады ол, бұрын түсіме де кірмеген таңғажайып тамаша сұлулық, міне, осы. Ол өзге дүниенің бәрін ұмытып, қыздан көзін ала алмай сонырқап отыр. Иә, бір ғана осындай ғашық жар үшін өмір сүріп, дүниеден үміт етуге болады. Сол үшін күресіп, соның жолында өліп кетуге де болады. Тегі, кітапта бекер айтылмаған. Дүниеде мұндай да әйел заты болады екен ғой. Соның бірі мынау қыз. Қыз оның қиялын оятып жіберді, көз алдына айнадай жарқыраған үлкен бір көрініс келді, оның бетіне көз тұндырған романтикалы ғажайып образдар түсті, аққұба, әлжуаз әйел үшін — алтындай асыл, мейрам бағы-гүл үшін ерлік жасаған албырт абзал жандардың ғашықтық хикаялары көшкен керуендей көз алдынан лек-лек болып өтіп жатты. Сағымдай толқыған осынау тұрлаусыз қиял дүниесі арқылы бұлдырап, оның көзіне көркемөнер мен әдебиет туралы қызғылықты кеңес шерткен кәдімгі тірі қыз көрінді. Сонан көзін алмай, сөзін емірене тыңдады, ол өзінің көздерінен күллі еркек нәсілі елжіреп тұрғанын абайлаған жоқ. Бірақ өмірді де, еркек адамды да жақсы білмейтін қыз бір кезде жігіттің оттай жайнаған ыстық көздеріне көзі түсіп кетіп, әлденеге сезіктеніп қалды. Ешбір еркек бұрын-соңды бұлай қарап көрген емес еді, қыз қымсынайын деді. Мүдіріп, сөзінен жаңылып, тоқырап қалды. Жігіттен сескенетін тәрізді, бірақ неге екенін кім білсін, оның осылай қарағаны өзіне ұнады да, жүрегіне жылы тиді. Тәрбиенің қанына сіңген тағлымы мынау қатерден, арбасып, еріксіз тарта бастаған сиқырлы күштен сақтандырды, бірақ қанын қоздырған инстинктінің кім екеніңді, не екеніңді ұмытып, мынау өзге дүниеден келген қонақ балаға қарсы ұмтыл, қатырғы жағасы мойнын қажаған, қолдары жарық-жара жас жігітке құшағыңды аш, тәрбиесіз дөрекі адамдардың арасында өрескел өмір сүргені әр қылығынан көрініп тұрған жас шіркінге қарай ұмтылсайшы деген өктем үнін естігендей де болады. Қыз таза бала еді, оның пәк көңілі бұл үнге қарсы да; бірақ заты әйел емес пе, әйел табиғатының таңқаларлық парадоксын жаңа-жаңа тани бастаған албырт жас емес пе.

— Сонымен, жаңа айттым ғой... Айтпақшы, мен не айтып едім?—деп қыз кенет сөзін бөліп, жымия күлді.

— Сіз былай дедіңіз: Суинберн ұлы ақын болам деп бола алмады, неге десеңіз... иә... міне, дәл осы араға келіп, тоқтадыңыз, мисс...

Осы сөзді айтқаннан кейін әлденеге аштық азабы қинаған адамдай сезінді. Қыз күлкісінен тұла бойы түршікті. Күлкісі күмістей екен деп ойлады ол, құдды бір сыңғырлаған кішкене күміс қоңыраудай екен; сол мезетте, көзді ашып-жұмғанша алыста жатқан бір ел елестеді: ақшыл күрең гүл шашқан шие ағашының астында ол темекі шегіп отыр, тақуалардың аяғына боршын киіп, ғибадат қылатын шағы, соларды шақырған мұнаралы ғибадатхана сыңғыр-сыңғыр еткен қоңырау дыбысы құлағына келеді.

— Иә, иә... рахмет сізге,— деді Қыз.— Суинберннің ұлы ақын бола алмау себебі, расын айтсақ, ол кісі кей-кейде әдеп сақтамайды. Кейбір өлеңдерін, тіпті, оқуға ұяласыз. Нағыз ақынның әрбір жолы ақиқат болу керек, адамның ең асыл сезімін оятуға тиіс. Ұлы ақынның бірде-бір жолын алып тастауға болмайды. Өйтер болсақ дүние әлемге зор қиянат жасар едік.

— Маған өзім оқыған жері тым тәуір сияқты көрінді,— деді жігіт күмілжіп,— ешбір оғаш сөзін байқағаным жоқ. Мүмкін, басқа кітабында бар да шығар.

— Сіз оқыған кітаптан да көп жерін алып тастаса түк етпейді,— деп қыз пікірін кесіп айтты.

— Маған ұшырамаған ғой, тегі,— деді ол.— Мен оқыған жері жақсы-ақ еді. Көкірегіме күн нұры жауғандай немесе прожектордың жарығы түскендей болып еді. Маған солай көрінгені рас, мисс; абзалы мен түсіне алмағам ғой.

Жігіт кілт тоқтап, сөзге олақ екенін сезіп, қынжылып қалды. Жаңа ғана оқыған өлеңнен бір қуат, өмір лебін естігендей болған, бірақ соны айтып беруге тілі жетпеді. Ол жат кемеге отырып, тас қараңғы түнде кендір бауларына шырмалып, шыға алмаған матростай болды. Жарайды, олай болса, сол жат дүниеге де жетілуім керек деп ойлады ол. Бұған дейін мақсат еткен ісін орындамаған кезі болған жоқ-ты, ал қазір ой-сезімін еркін айтып бере алсам деп арман етіп отыр. Не қылса да қыз оның аспанын айнала торлап алғандай.

— Мысалы, Лонгфелло..— дей беріп еді қыз, жігіт өзінің әдебиеттен аз да болса хабары барын сездірмекке асығып, дереу сөзін бөліп:

— Иә, иә. Оқығам, оқығам,— деді.— Мен оның «Өмір аяттарын», «Эксцельсиорын» оқыдым... Басқа шығармасын оқымаған шығармын.

Қыз мүсәпірсіткен адамдай басын изеп, езу тартып күлді. Тегі, жігіт білгішсінемін деп білместігін аңғартып алғандай. Лонгфелло көп кітап жазған біреу болмаса не қылсын.

— Ғафу етіңіз, мисс, мен орынсыз килігіп, сөзіңізді бөліп жібердім,— деді ол.— Шынымды айтайын — түсінігім шамалы. Бұл менің ақылыма сыймайтын дүние. Бірақ, соны түбінде сыйдырсам керек.

Соңғы сөздері құлаққа «сені ме бәлем» дегендей зілді естілді. Дауысы сұңқылдап, көздері ежірейіп, екі езуі салыңқыланып, сазара қалды. Қызға ол түсін бұзып, иегін көститіп, «келсең — кел» деп құшырланғандай, өр жігері өнбойын толқынша тербетіп әкеткендей көрінді.

— Сіз... ақылыңызға сөзсіз сыйдыра аласыз, күмәнім жоқ — деп күлді қыз.— Сондай жігерлісіз ғой өзіңіз!

Қыздың көзі жігіттің күнге күйген, бұқаның шүйдесіндей күдірейген жұп-жұмыр, қып-қызыл мойнына сәл кідірді. Алдында пысы жеңіліп, пұшайман болып отырса да, қыздың аңсары ауды оған. Әлдене ерсі ойлар келді. Егер мойнынан қысып құшақтаса, оның күші мен қуаты өзіне тоғысатындай көрді. Ұялды. Бұрын байқамай жүрген бұзық ниетінің мысы шығып қалғандай болды оған. Ол адамның қайратын дөкір, сорақы нәрсе деп білуші еді. Ер кісінің көркі сұлу, кербез де сымбатты болғанын қалар еді. Солай бола тұрса да жаңағы бір ғажап ойынан арыла алған жоқ. Күнге күйген мойнынан не себепті құшақтай алғысы келгенін еш түсінбеді. Дұрысында, мұнда қайран қалатын не бар. Жаратылысында табиғаты нәзік қыздың өзіне жетіспей жүрген мол күшке жан-тәнімен ұмтылғаны да. Бірақ, мұны өзі білмейді, оның білетіні, бұрын-соңды ешбір еркек осынау сөздері құлаққа түрпідей тиетін долаң жігіттей күшті әсер етіп көрген емес.

— Рас, мен қара күшке келгенде өгіздеймін,— деді ол,— керек болса асқазаным тот басқан темірді де қорытады. Бірақ қазір ішіме ас айналмай қалған секілді. Сіз айтқан сөздің көбін сіңіре алман, сірә. Мені бұрын ешкім ешнәрсеге баулымаған. Мен кітап, өлең дегенді жақсы көрем, қалт етсем оқи бастаймын. Бірақ бұлар жайында сіз сықылды ойланып, пікір түйіп көргенім жоқ. Сондықтан да маған пәлен деудің өзі қиын. Мен құбыланамасыз, қартасыз жат кемеге отырған жандаймын. Әуелі аңысын біраз аңдауым керек екен. Мүмкін, сіз көмек етерсіз? Сіздің осыншама көп білуіңіз неден?

— Мен оқыдым, мектеп көрдім.

— Бала кезімде мен де мектепте болдым.

— Иә, бірақ мен орта мектепті бітірдім ғой. Онан кейін университетте лекция тыңдап жүрмін.

— Сіз тіпті университетте оқыдыңыз ба,— деді жігіт таңданып. Екеуінің арасы осы тұста миллион миль қашықтап кетті.

— Мен онда әлі оқып жүрмін. Ағылшын филологиясының арнаулы курсын өтпекпін.

Жігіт «филологияның» не екенін білмейтұғын. Осы мәселеден өзінің надандығын сезіп, тағы бір сауал берді:

—Университетке түсу үшін қанша, неше жыл оқу керек?

Қыз оның меселін қайтарғысы келмеді де:

— Ол бұрын қанша оқығаныңызға байланысты,— деді.— Сіз орта мектепте мүлде оқыған жоқсыз ба? Иә, әрине, оқымаған шығарсыз... Бірақ бастауыш мектепті бітірдіңіз ғой?

— Бітіруіме екі-ақ жыл қалғанда тастап кеттім... Бірақ жақсы оқып, үнемі награда алушы едім.

Айтарын айтып салғанмен өзінің мақтанып кеткеніне ызаланып, креслоның қанатын қатты қысқаны сондай, қолдары ұйып қалды. Осы кезде бөлмеге бір әйел кіріп келді. Қыз жалма-жан орнынан ұшып тұрып, алдынан шықты. Шамасы, қыздың шешесі боларсың-ау деп ойлады жігіт. Өзі үйіне лайықты әсем киінген ақшыл сары, бойшаң, тіп-тік, сұлу, айдынды адам екен. Киімнің қимасы мен қынайы көз тартады. Оның күллі түр-сипатын Мартин Иден бұрын сахнада көре жүрген әйелдерге ұқсатты. Тап осылай киінген осы сықылды маңғаз, паң әйелдерді ол Лондон театрларының вестибюльдерінде де талай көрген, қашан полисмен жаңбыр құйып тұрған көшеге қуып шыққанша көз алмай қараумен болатын. Мұнан кейін қиялы оны Иокогамаға, Гранд-Отельге алып ұшты, оның маңайынан да, алыстан болса да, осы құрылыптас әйелдерді көргені бар. Оның көз алдынан Иокогаманың — оның қаласы мен гаванының — жүздеген көрінісі елестеп, толқындап ала жөнелді. Бірақ, қиялында сыңсыған суреттердің пердесін кенет жауып жіберіп, ол енді бар ықыласын қазіргі өмір болмысына аударды. Әуелі өзін таныстыратын болғандықтан, орнынан тұруы керек; орнынан әрең тұрды, бірақ шалбарының кептеліп қалған тізесі делдиіп тұрғанын абайлады, Қолдары зіл тартып, салбырады, өзінің сынға түсерін сезіп, сазарып, сүмпиді де қалды.

Екінші тарау

Асханаға бару да қиямет екен. Мартин бірдемесін қағып кетем бе деп, жолындағы жыпырлаған нәрсенің бәріне секунд сайын сестене қарап, кібіртіктеп, әлсін-әлі кідіріп, сүрініп, бөгелумен болды, асханаға аман-есен жете алсам болар еді деп зәресі қалған жоқ. Ақыры қыздың қасына барып отырды-ау. Стол үстінде пышақ пен шанышқы тым көп екен, осынан бір ши шығарып алатындай есі кетіп, көз алмай қарап отыр. Ақыры жарқыраған көп заттан көзі бұлдырады. Бұлдыр бірте-бірте көрініске айналды, көзіне матрос кубригі елестеді. Міне, ол жолдастарымен бірге тұздаған етті бәкісімен турап немесе қолымен жұлмалап жеп, қою бұршақ көжені бәрі бір ыдыстан майысқан қалайы қасықпен ұрттап отыр. Мұрнына борсыған еттің иісі келді, құлағына матростардың сылп-сылп тамақ жегені, кеменің сықыры естілді. «Біз тамақты да шошқаша жейді екенбіз-ау. Жарайды, бұл жерде абай болармын. Ac ішкенде ысылдап-пысылдамауым керек екен ғой, бұл есте болсын»,— деп ойлады.

Сонсоң қасындағыларды айнала шолып өтті. Қарсы алдында Артур мен оның інісі Норман отыр. Сірә, қыздың ағалары болар деп ойлады да, іші жылып кетті. Бұл үйдің жандары бірін-бірі қандай қадірлейді! Руфьтің шешесін қарсы алғаны, екеуінің сүйіскені, құшақтасып қасына келгені есіне түсті. Өзінің туып-өскен ортасында ата-ана мен баланың арасында мұндай елжіресу деген дәстүр емес. Бұл да бір жаңалық, дегдарлар табының әдептілігіне, нәзіктігіне дәлел, мынау жаңа көрген жат дүниенің тамашасы. Бұл оған үлкен әсер етті, әбден риза болып жүрегі елжіреп кетті. Мартин ғұмыр бойы сүйіспеншілікке ынтызар жан еді. Оның аңсағаны да, арманы да сүйіспеншілік. Бірақ бұл кезге дейін махаббат бұйырмай, үнемі жалғыздықпен күн кешіп, қатыбас, қатал болып кетуі рас. Тіпті, жаны махаббат тілейтінін ешуақытта елеген де емес. Қазір де сезіп отырған жоқ. Тек мына кісілерден жылы мейір, жарастық белгілерін көріп, көңілі толқып, міне, нағыз сыпайыгершілік, адамгершілік осы деп ойлады.

Мартин мистер Морздың болмағанына қуанды. Руфьпен, оның шешесімен, ағасы Норманмен танысқаным да жетер, Артурды аз да болса білем ғой, ал бұл жолы әкесімен де танысуым артығырақ шығар деп отыр. Бүгінгідей ешуақытта да ауыр міндет атқармаған секілді. Тірінің азабы екен. Маңдайы тершіді. Бұрын дағды қылмаған жайлардың әрдайым қыбын табамын деумен әбігер. Ең әуелі алдындағы асын сұғынбай әдеппен ала білуі керек, қолы тиіп көрмеген құралдарды ретті жерінде ғана орнымен пайдалана білмек керек, ол үшін ешкімге сездірмей әуелі бәрін байқап алуға тиіс. Айналасынан алған әсері мен байқаған жаңалықтың бәрін ақыл елегінен өткізіп үлгеруі де шарт; бір жағынан Руфьке көңілі ауып отыр; қыздың дәрежесіндей биікке қалай көтерілемін деп ойы шарқ ұрады. Көңілі алыста, көз айналасындағы кісілерде: пышақ пен шанышқының қайсысын қалай ұстар екен деп ара-тұра алдындағы Норманға немесе өзге біреуге көз қиығын тастап қояды. Бір жағынан әркімнің түр-сипатын, мінез-құлқын зердесіне тоқып, оның Руфьке қатынасын әбден анықтауға тырысты. Отырған кісілермен сөйлеспей, айтылып жатқан әңгімеге құлақ қоймай, ретті жерінде тиісті жауабын қайтармай тағы болмайды, біреумен әңгімелескен кезде бұрынғы бейпіл ауыз болып үйренген әдеті бойынша жарамсыз сөз айтып қалмауын қадағалауы да керек. Осының бәрі аздай даяшы деген тағы бір бәле қыр соңынан қалмайды, ол дыбысын сездірмей қасына төніп келіп, үнсіз мөлие қарағанда не айтып, не қоярын білмей сасады. Саусақ шылайтын ыдыс есінен шықпай қойды. Қайта-қайта ойына оралып: қандай болады екен, қашан әкелер екен деумен болды. Бұған дейін естігені болмаса, көргені жоқ-ты, енді мүмкін бір-екі минуттан кейін көріп те қалар — ас артынан саусағын сумен шылайтын мырзалармен қазір бір столда отырған жоқ па — олай болса, өзі, иә, өзі де саусағын жылы суға малатын шығар. Оны ерекше абыржытқан тағы бір хал: өзін-өзі қалай ұстауы керек, қандай қалып көрсеткені жөн. Осыны ойлап әбден басы қатты. Кейде бұларға өзгеше бір мінез көрсетсем қайтеді деген ой келеді, бірақ өмірімде монтанысып көрмегенмен үйлестіре алмай құр бекер ақымақ болып, ұятқа қалармын деп жүрегі дауаламайды.

Осылайша ойы әр тарапқа жүгіріп, Мартин түскі ас үстінде біраз уақыт тым-тырыс тұйық отырып қалған. Тегі, бұл қалпы Артурдың сөзін бекерге шығарғандай. Өйткені, ол түскілікке бір тағы адам әкелем, абыржып жүрмеңдер, мінезі өте қызық жігіт деп үй ішіне ескертіп қойған-ды. Мұны Мартин білген жоқ. Руфьтің ағасы, бір өлімнен арашалап қалған серігі ұятқа қалдырар деп күткен жоқ. Тек өзін-өзі құбыжық көріп жабырқап, әрі төңірегіндегінің бәріне таң-тамаша болып стол басында отыра берді.

Ас адамның арқауы ғана емес екенін жаңа түсініп отыр ол. Бұрын не ішіп, не жегенін елемейтұғын ғой. Ac ішу тек құрсақ толтыру, тойыну деп білетін. Ал мұнда, мынау дастарқан басында, өзінің көркемдікке деген талғамына қанағат тапқандай, ол ас алудың да эстетикалық мәні барын аңғарды. Айта берсе, парасатқа да жатқызуға болатын тәрізді. Өйткені, ас үстінде ақыл-ойы дамыл көрген жоқ. Осында түсініксіз немесе тек кітапта ғана кездесетін көп сөз естіді, өзі ортасынан шыққан пақырлардың оған тілі де келмес еді. Ал мына қыздың семьясы мүдірмей сөйлесіп отыр. Кітаптан оқыған не тамашаның бәрі шындық екен ғой деп ойлады ол. Арманына бүгін қолы жеткендей, қиялы өмір шындығына айналып кеткендей көрді.

Бұрын тұрмыстың биік сатысына көтеріліп көрмеген Мартин өзіне жұрт назарын аударғысы келмей көп тыңдап, аз сөйледі, қыз тіл қатса: «иә, мисс» не «жоқ, мисс» деп, қыздың шешесі бірдеме айтса: «иә, мэм», немесе «жоқ, мэм» деп қысқа жауап қайырып отырды. Қыздың ағаларымен сөйлескен кезде теңіз тәртібі бойынша: «Құп болады, сэр» деп те қала жаздаған. Бұлай десе жұрт алдында бишаралығын көрсетіп алмақ, ендеше қызға ұнау үшін аузына сақ болуы абзал. Асылы, кісі алдында кішірейетін не бар? Құдай біледі, осылардың ешқайсысынан кем емеспін деп ойлады ол; олар менен гөрі білімді, көп нәрседен хабардар екені рас, бірақ мен де өмір тәжірибесінен осылардың бәріне сабақ беруге жараймын. Сөз арасында қыз немесе оның шешесі: «мистер Иден»,— десе көңілдегі кикілжіңін ұмытып, жайраңдап қалады. Қазір ол тоқтаулы, мәдениетті кісі болып отыр — иә, иә, әлбетте, солай деп қойды ол ішінен,— және бұрын кітаптан ғана білетін адамдардың қауымында қатар түзеп отыр. Өзі де солар сықылды кітапқа жазылып, том бетінде шалқып жүргендей болады.

Мартин Артур айтқандай тағы адам сияқты емес, қойдан да қоңыр көрінді, қайта қай жерімнен мін табады деп ылғи қобалжумен болды. Тек сыр бергісі келмей, аузын сараң ұстағаны болмаса ол сондайлық момын, ынжық, күйкі кісі емес; жүріс-тұрысы секілді сөйлеген сөзі де оғаш. Минут сайын мүдіріп, күмілжіп, әр елдің тілімен шұбарланған сөз қорынан лайықты сөз таба алмай, тапса дұрыстап айтып бере алмай, айтса ерсі көріне ме, немесе түсініксіз болып жүре ме деп жүрексінумен болды. Тілі күрмеліп, ойындағы пікірін, көрген-білгенін айтып бере алмағанына қынжылды. Қатырған жағасының қылғындырғаны сықылды тіл қысқалығы да еркін сөйлетпей, аузын буып отыр. Осылай тұншығып отыра беруге төзе алатын емес. Шарқ ұрған қиялы мен ой сезімі ішін өртеп, белгілі бір сөз бейнесіне келуге асықты; осылай алағызып отырғанда аузынан үйреншікті бір сөздің қалай шығып кеткенін абайламай қалды.

Ту сыртында ебелек қаққан даяшы бір асты қайта-қайта алдына тықпалай бергесін оны ысырып жіберіп:

— Пау,— деп қысқаша қайырып тастады оны.

Бағанадан бері аңдып отырған жұрт кенет тына қалысты, даяшы табалаған адамдай жыртаң етті. Мартин біреу төбесіне ұрғандай секиді де қалды. Бірақ өзін-өзі тез билеп:

— Бұл канака лұғаты, «болды», «жетер» деген мағынада. Абайсызда аузымнан шығып кетіпті,— деді.

Руфьтің қолына таңдана қарап отырғанын байқап:

— Таяуда Тынық мұхиты арқылы почта таситын бір пароходпен келген едім,— деді ол тағы да.— Кемеміз жолда кешігіп қалып, Пюджет шығанағындағы порттарда жанталасып жүк тиеуге тура келген. Тегі, сонда мынау қолдарым жырым-жырым болып қалған ғой.

— Мен оныңызға қарап отырған жоқпын,— деді қыз жалма-жан.— Мынау балуан денеңізге қарағанда, қолыңыз тым нәзік екен, соған қарап отырмын.

Тағы бір кемістігін бетіне басқандай жігіт қызарып кетті.

— Иә, жұдырығым кішкенелеу екені рас,— деді ол қынжылғандай.— Бірақ бұлшық етім тастай, сілтегенім құр кетпейді. Біреуді ауыздан опырайта соқсам, қолым қанайды.

Мартин бұл сөзді айтып салды да, аңдаусыз әлдене сөйлеп кеттім-ау деп өкінді.

— Бұрын көрмеген-білмеген Артурға ара түсіп, ерлік жасапсыз,— деді Руфь ұялтпайын дегендей. Жігіт қызарып кетті, бірақ оның себебін қыз түсінген жоқ.

Мартин қыздың сыпайыгершілік жасап отырғанын сезді, риза болды, бұған онан сайын масайрап:

— Түк емес, тәйірі,— деді ол.— Менің орнымда кім болса да сөйтер еді. Бейбастақ әулекі шайка өз-өзінен алабұртты емес пе. Артур оларға тиіскен жоқ. Қайта бәрі бірдей жабыла кеткен өздері. Мен де бара киліктім, ой, сазайын бердім-ау, не керек! Қолым жара болғанша соқтым, бәлем біраз тісін қақсам керек. Тегі, өзім дұрыс жасағанмын, соған енді қуанып жүрмін. Менің бір жақсы жерім осындайда...

Мартин ағат кеткенін аңғарып, кілт тоқтады, аузын жабуға шамасы келмей, аңырайды да қалды, қызбен қатар отыруға, бір ауамен дем алуға татымайтын жексұрын екенін сезді. Оның абдырап қалғанын байқаған Артур сөзін дереу іліп әкетті де, паромда болған оқиғаны бастан-аяқ тағы баяндады: бір топ мас бұзақы Артурға бас салған, Мартин Иден оған болысып, бұзақылармен қыран-жақпан болған. Осы әңгіме үстінде мақтаулы жігіт, оқиғаның бас қаһарманы қабағын қарс жауып, аңғалсоқтығына ызаланып отырды, қадірмен кісілер алдында қайтерін білмей бұрынғыдан бетер қысылды, ойға қалды: мыналарға қылығымның бәрі ерсі, өзім де жат, сөзім де жат. Бұл күмәнсіз. Ендеше еліктеуім керек пе? Жоқ, ешкімге еліктей алмаймын. Расында да мәймөңкелеу, екіжүзді көріну оның әдетінде болмаған нәрсе. Ондайға ары бармайды. Мейлі, тәуекел, деп ойлады ол, өз ауаныма көшейін, әзірше мырзалардан гөрі сұлу сөзге шорқақ екенім рас, жүре-бара жетіліп кетемін ғой, қазір үн-түн жоқ отыра беруге болмас! Сөйлеу керек, әрине, ел құлағын елеңдете бермеу үшін сыпайы, жұмсақ сөйлеуге тиіс. Жұрт білмегенді — біліп, түсінбегенді — түсініп отыр деп жалғанға жорымасын... Сондықтан ағайынды екі жігіт университет жайын сөз ете отырып, «триг» деген сөзді қайта-қайта айта бергесін, Мартин Иден:

— «Триг» деген немене?—деп сұрап қойды.

— Тригонометрия деген сөз,— деді оған Норман.— Жоғары «матиканың» бір саласы.

— Ал «матика» ше?—Жұрттың бәрі Норманға қарап күлді.

— Ол математика, айталық, арифметика деген сөз.

Мартин Иден басын шұлғыды. Ғылымның шетсіз шеңберіне көзі түсіп кетіп, қолы тигендей болды. Оның ұшқыр қиялы осы дерексіз ұғымды нақты бейнеге келтірді. Миындағы алхимиялық амал тригонометрия мен математиканы және осы сөздер арқылы бейнеленген жалпы білім саласын табиғат көрінісіне айналдырды. Көзіне жасыл желектер мен орман алаңқысы елестейді. Жапырақ арасынан күн нұры төгіледі, біресе өрмектің жібіндей селдірейді. Осының бәрі үлбіреген қырмызы перде жамылған, перденің ар жағында керемет кең дүние, ғажайып романтика дүниесі жатыр. Ерлік іс жасауға еркіншілік беретін, ой-қиял мен арманға өріс беретін кеңшілік сонда, талапты жауынгерлердің жаулап алуына жетерлік мол дүние сонда. Тағы бір ой қосарланды: соның бәрін кім үшін жаулап алмақ — әлбетте, алдында отырған лала гүлдей аяулы ару үшін.

Бағанадан бері Мартин Иден тағылығын көрсетсе екен деп ұтылап отырған Артур көз тұндырған осы көріністерді бұзып жіберді. Мартиннің серті есінде еді. Тартынбай ойына келген бір әңгімені бастап кетті. Алғашында азырақ күрмелгені рас. Көп ұзамай творчествоның қызығына еріп, өмірді өз білігінше баяндауға тырысты. Ол контрабандистердің «Алкион» атты желкемесінде матрос болыпты. Бір күні бұларды таможня катері ұстайды. Мартин өмірді көре де, көргенін айта да білетұғын. Буырқанған теңізді, кемені, ондағы адамдарды суреттегенде тыңдаушыларын еліктіріп, ертіп әкетті. Сезімтал нағыз суреткерге тән шеберлікпен оқиғаның алуан қилы құбылысы мен бұлтарысынан ең қызығын, әсерлісін танып, таңдап алып, жарығы мол, бояуы қанық, қимыл-қозғалысы қауырт сурет жасады, өзіне ғана тән шешендігімен, шабытымен, құдіретімен жұртты баурап әкетті. Кейбір сорақы өмір шындығы, сөз тіркестері тыңдаушының құлағына қатқылдау тигенімен, әңгіменің дөрекі жері сұлулықпен, қайғылы халдер күлдіргі сөзбен, өткір тілді теңізшілердің әзіл-оспағымен араласып, үйлесіп жатты.

Мартин сөйлеп отырғанда Руфь оған таңырқай қарады. Жігіт қызуы жанына жылы тиді. Көп жылдан бері өзіне осындай жылы мейір жетіспей келгенін сезді. Жанар таудай жігері тасып төгілген мынау дені сау денесі палуан албырт жасқа асыла кеткісі келеді. Бірақ бұла сезімге бой бермей, әзер отыр. Бір жағынан жігіттен жерінеді де. Оның күс-күс қолдарынан, қолының терісі мен жарық-жұрығына сіңіп кеткен тұрмыстың тосабы мен кірінен, тырсиған тастай бұлшық еттерінен, жағасы қажаған мойнынан, доғал мінезінен кірпідей жиырылады. Әрбір дөрекі сөзі құлағына, әрбір тұрпайы әдеті сезіміне түрпідей тиеді. Дегенмен, қыз ойынша, жігітте еріксіз тартатын бір сиқырлы күш бар. Санасына берік ұялаған бұрынғы түсінігі бытыса бастағандай. Мартиннің романтикалық қызық өмірі қыздың дағдылы шартты ұғымын бекерге шығарғандай. Жігіттің күлкісін, хауіп-қатер туралы кекесінін естігенде оған өмірдің өзі бір қиынсыз қызық ермек секілді, қаласа қынжылмай-ақ біреуге бере салатын ойыншық сықылды көрініп кетті. Ішкі үн: «Кәнеки, сен-дағы өмірді ермек ет, азырақ алданып көр, еркелеп асыла кет мына жігітке, зауқың соқса, мойнынан қысып-қысып құшақта» дегендей болады. Бұл желік, жеңіл сезім қорқытайын деді, өзінің, тазалығын, мәдениеттілігін, жігіттен өзге артықшылығын есіне алып барып беркінді. Бірақ алданыш таба алған жоқ. Айналасына қараса, бәрі де әңгімені қызыға тыңдап отыр екен, бірақ шешесінің көзінде бір үрей бар. Иә, бәсе, мынау қараңғылық дүниесінен келген келімсек — әзәзіл ғой. Оны шешесі де аңғарыпты. Руфь қашаннан шешесі не айтса, соған бейілді. Мартиннің жалыны енді өртемейтін болды, қыздың көңіліндегі қобалжуы саябырлады.

Түскі астан кейін қыз жігітті қасына алып, рояль ойнады, ондағы бұлдыр ниеті жігітке екеуінің арасындағы зор айырмашылықты аңғарту еді. Қыз саусағының күмбірі Мартинді мас қылды, төбесіне жасыл түскендей болды, жойқын күш жеңгенімен, жан дүниесін тәтті тебірентті де. Руфьке ол сұқтана қарады. Қыз сықылды бұған да екеуінің арасындағы терең op кеңейе түскендей көрінді, бірақ жігіттің ер көңілі сол ордан өтемін деп өршелене түскендей. Албырт жас, әсіресе, сай-сүйекті сырқыратқан музыка ойнап тұрғанда, алдымда әлдебір тосқауыл бар деп, ұзақты кеш соған үңіле қарап отыра берсін бе?! Музыка әрқашан да асау шараптай сезімін қозғап, алағызған қиялын аспанға алып ұшар еді. Өзіне құдды қанат бітіргендей болатын. Өмірдің сұрғылт тұманы серіліп, көз алдында қызықты сұлу дүние жарқырайтын. Әрине, ол Руфьтің ойын ұққан жоқ. Тек оның ойнаған музыкасы бұрын матростар кешінде естіп жүрген қинауы қашқан ескі пианиноның немесе керней оркестрінің құлақ тұндырған ащы шыңғырығына ұқсамайтыны анық. Бұл тәрізді музыка туралы кітаптан оқығаны да бар. Сондықтан үйреншікті би ырғағын естімегенімен, Руфьтің ойнағандарын да ұнатты. Ара-тұра осы музыканың ырғағына ілесіп, мәнерін аңғарғандай болады. Көз алдында толқыған образдарды музыка толқынына үйлестіруге тырысады, бірақ көп ұзамай екеуі екі жаққа тартып, быж-тыж болып, бытырайды да кетеді, аспандаған қиялы топшысы қайырылған құстай құлап түседі.

Бірде Мартинге осы қыз келемеж қылып отырған жоқ па деген ой келді. Себебі, құлағына өшпенді үн естілгендей болды. Алайда клавишті қайта-қайта ұрған қыз саусақтарының не айтпақ болатынын түсінген жоқ. Бұл ойын лайықсыз, әдепсіз көріп музыканы беріле тыңдауға тырысты. Міне, музыканың жан тербеткен сазы бірте-бірте билеп әкетті, аспанға алып ұшты, тәні рухқа айналды, көз алдында күн нұры құлпырды. Бәрі ұмытылды. Көптен көксеп жүрген белгісіз ғажайып дүниенің биігінде шарықтады. Танитын, танымайтын көріністер араласып, жарқыраған ой шытырманы көз алдынан кетпей қойды. Ол жері ыссы белгісіз бір елдердің гаванына барды, дерегін ешкім білмейтін тағы тайпалардың қонысында болды, халқы өріп жүрген қотандарын аралады. Теңіз төрінде түн тымырсығында тәтті ауасын талай сімірген оңтүстік аралдарының жұпар иісі келді. Төбесіне пальма ағаштарынан үкі қадаған маржан рифтері көгілдір мұхиттың қиырынан біресе көрінеді, біресе бұлдырап жоқ болып кетеді, өзі аралдар арасында тропиктің ұзақ күндерінде бұрынғысынша пассатпен арпалысып жүргендей көрінеді. Көріністер қиялдай зымырап өтіп жатыр. Біресе ол күн күйдірген, шаңытқан Аризона шөлінде ат ойнатып, айғай салып шауып келеді, енді бір сәтте ыссы ауасы сағымдай толқыған Калифорнияның Ажал аңғарында мүлгіген ақ молаларды көреді немене зәулім биік мұз таулары күмістей күнге шағылысқан Мұзды мұхит бетінде салқын толқындарды ескегімен ұрып келеді. Біресе маржан аралында құрма ағашының саясында жатып, жағаға соққан мұхит толқындарының бір қалыпты гүрілдеген, пысылдаған тынысына құлақ тігеді. Әне, бір кезде апатқа ұшыраған ескі кеменің су шығарып тастаған қаңқасын сүйреңдеген жасыл жалын жалап жатыр, осы сиқырлы сәуленің жарығымен әлдебіреулер әншілердің түнгі сарынына, гавайя гитарасының сыңғыр күңгіріне, тамтамның дабыр-дүбіріне қосылып, «гулу» биін билейді. Тамылжыған тропик күні. Жырақта, жұлдызды аспан фонында қараңдағаң жанар тау. Әуеде қалықтаған жарық ай, көкжиегінде жарқыраған Оңтүстік Крест жұлдыздары.

Мартиннің өзі эол арфасына айналып кетті десе болар еді. Өмірінде көрген-білгендерінің бәрі соның сым шегі. Қыз ойнаған музыка осы шекті тербеткен жел. Сым шек діріл қағып, өткен-кеткенді есіне түсіреді, арман-қиялын қозғайды. Ол музыканы жай сезіп қана қойған жоқ. Оның түйсігі, әрбір түсінігі белгілі түрге, бояуға айналып, әлдеқандай хикметтің күшімен образ туғызды. Қазіргісі, болашағы біртұтас тұлғаға айналды; өзі таңғажайып, ыссы, кең дүниеде еркін жүр. Қарап жүрген жоқ, қыз үшін айтып жеткісіз ерлік жасайды. Miне, қызға қолы жетті, қасында қатарласып отыр, оны иемденіп, құшақтап, қиял дүниесіне өзімен бірге алып ұшты.

Руфь жігітке бұрылып қараған еді, көркінен көңіліндегісін танығандай болды. Ол мүлде өзге адам сияқты болып кетіпті. Жарқ-жұрқ еткен үлкен көздері сазды үн пердесінен әрі өтіп, жанды өмір тіршілігінің қан тамыры қалай соғып тұрғанын естігендей, қиялдың ақылға сыймастай алып елесін анық көріп отырғандай. Қыз таң қалды. Жаңа ғана қасында отырған дөкір, орашолақ, оралымсыз жігіт ғайып болып кеткендей көрді. Үстіндегі олпы-солпы киімі, жара-жара қолдары, күн қаққан беті өзгермегені рас, бірақ осының бәрі енді сырт көрініс, түрменің торы тәрізді. Қыз сол тор ішіндегі мылқау, дәрменсіз ұлы жан дүниесін сезеді, көңілін қобалжытқан сезімін айтып жеткізерлік сөз таба алмайды ол. Осының бәрін Руфь кірпік қаққанша көріп үлгірген. Ебедейсіз, ерсі жігіт заматта бұрынғы қалпына қайта келді. Бәсе, қиял екен деп күлді қыз. Бірақ әсері тез тарқаған жоқ. Мартин өз-өзінен қорашсынып, қоштасу үшін қасына келгенде, қыз Суинберннің бір томын, оған қоса Браунингінің тағы бір томын берді. Осы тұста оның ағылшын әдебиеті курсынан Браунингіні оқып жүрген кезі-ді. Қасына келіп, рахмет айтып, дыбдырлап тұрған Мартин бала сияқты еді, қыз апасындай аяп кетті оны. Дөрекі жігіт, торға түскен жан, өзіне ерекше сұқтана қарап, әрі елжіреткен, әрі сескендірген еркек есінен шығып кетті. Алдында тұрған бір бала. Бала қожыр-қожыр тастай қатты қолымен қолын қысып, тұтыға сөйледі:

— Бүгінгі сәт өмірімдегі ең бір тамаша күнім болды. Мұндайға мен үйренбеген адаммын,— дейді ол сасқалақтап, жан-жағына қарап,— мынандай кісілермен, мынандай үйде бірге отырып бойым үйренбеген. Осының бәрі мен үшін жаңалық... ұнайды.

— Тағы да келіп тұрыңыз,— деді қыз ағаларымен қоштасып жатқан жігітке.

Мартин кепкасын баса киіп, табалдырыққа тарс етіп бір сүрініп, шыға жөнелді.

— Ал, айтшы кәне, ұнады ма саған? — деді Артур.

— Өте қызық екен өзі. Біз үшін мұндайлар таза ауа, салқын самал сияқты. Нешеде екен жасы?

— Жиырмадан жиырма бірге қарайды. Бағана сұрап білгем. Бұрын мұншама жас болар деп ойлаған жоқ едім.

«Демек, мен үш жас үлкен екенмін ғой онан»— деген ой келді қызға жатар алдында жақсы тілек айтып, ағаларымен сүйісіп жатқанда.

Үшінші тарау

Баспалдақтан түсе бере Мартин Иден қалтасынан сарғыш түсті бір жапырақ күріш қағазы мен бір шөкім мексикан темекісін алып, шылым орады. Құмарын тарқата, сіміре бір сорды да түтінін ақырын сыздықтатып шығарды.

— Апырай!— деді ол дауыстап, бұл үнінде әрі таң қалушылық, әрі зор сүйініш бар еді.— Апырай-ай,— деді ол тағы да, сәл кідіріп:—Апырай, ә!—деді бір кезде. Сөйтті де көйлегінің жағасын ағытып алып, қалтасына салды. Салқын жауын сіркіреп тұр екен. Мартин жалаң бас, пенжагінің түймесі ағытулы, ештемені елең қылмай келе жатыр. Жаңбыр жауып тұрғанын еміс-еміс сезеді. Есеңгіреп қалған екен, өңінде түс көрген адамдай жаңа ғана басынан кешкен оқиғаны қиялында тағы көрді.

Мартиннің әйел туралы қиялдану әдетінде болмағанымен, оқтын-оқтын есіне алып, түбінде бір кездесерсің-ау деп жүретұғын. Сол әйел затын ұшыратқанын білді. Онымен стол басында бірге отырды да, қолын қысты, көзіне көзі түсті, жанарынан сұлу көздеріне сай сұлу жан дүниесін көрді, сол сұлулықтың мекені іспетті сұңғақты сұлу бойына көз тоқтатты. Бірақ Мартинге қыздың тәні пәс ой түсірген жоқ — бұрынғысына қарағанда бұл да бір жаңалық. Себебі, бұған дейін әйелдің көзге оттай басылатын тәні десе қилы-қилы қиял-сезім пайда болатын ғой. Бірақ Руфь ерекше жаралған, оның тәні де өзгеше. Ол ауру-сырқау дегенді білмейтін асыл тұлға, жан тұрағы, жан пейіші, періштедей арудыц ауадай үлбіреген кіршіксіз таза бейнесі. Періштеге ұсатқанына таңырқады. Қиял бұлдырынан айығып, анық нәрсеге ой жүгіртті. Бұрын дінге, дін сөзіне, періште, хор қызы дегендерге сенбейтұғын. Қалпе-сопылардың адам жаны өлмейді деген сөздеріне күлуші еді. Оның ойынша о дүниеде өмір бар деу бекер; өмір, тіршілік осы дүниеде, онан арғысы — мәңгі қараңғылық. Бірақ жаңағы қыздың көзінен елес берген бір керемет жан екені рас және ол өлуге тиіс емес, мәңгі жасамақ. Бұрын-соңды бірде-бір еркек, ешбір әйел мәңгілік туралы ой түсіріп көрген жоқ еді. Мына қыз ой салды! Бір қарағанда-ақ терең сырды үнсіз ұғындырды. Оның сабырлы да жұқа өңі, сүйкімді де ақылды ақ дидары көз алдында әлі құбылып тұр, ол періштеше төңірегіне аяныш мейірін төгіп, елжірей күледі, көркінен бұрын көрмеген ғажайып нұр төгіледі. Оның мөлдірі адамның есін кетіргендей. Өмірде қайырымдылық та, зұлымдық та кездесе береді, ал тіршіліктің тазалық деген тағы бір қасиеті барын Мартин білмеуші еді. Кәзір ол осы тазалықты, мейірбандық пен күнәсіздікті көріп отыр. Мәңгілік деген осы да.

Осы өшпес өмірге мен де аралассам деген Мартинге пендешілік ой келді. Бірақ ол Руфь сияқты қыздың босағасында жүруге де жарамайтынын жақсы біледі. Бір кеш қасына отырып, дидарласуы әлдеқалай сәті түскен, күтпеген тамаша оқиға да. Әрине, солай. Бұған өз еңбегі сіңген жоқ. Бұл бақыт маңдайына сыймайды. Оны осы тұста әлдебір діни сезім биледі. Дүниеден баз кешкен, мүсәпір, бишара, пәс адамға айналды. Күнәсі көп адам осындай халге жеткенде тәңірісіне тәубе келтірешек. Ол күнаға баттым деп ойлады. Бірақ әрбір күнәкар адамның ағат кеткен ісіне аһ ұрғанымен, ақыры қайырын берер деп болашаққа үміт артатыны сықылды, бұл да қыздан күдер үзбеді. Сондағы дәмететіні не? Осындайда есіне келетін жайттерге мүлде ұсамайтын бір бұлдыр. Намысы мен арманы қиялына қанат бітіргендей ол қызбен бірге әлемнің биігіне қалықтап шықты, шырқау шеңберде қызбенен сұхбаттасты, дүниенің барша игі рахаты мен қызығын көрді. Бұл әдепсіз нас пиғылдан пәк рух мейірі-ді, риясыз адал жан достығы, ақыл-ой жетпес керемет еді. Мартин ешнәрсе ойлаған да жоқ. Ақылын сезім биледі, бұрын байқалмаған күшті эмоция жеңді, тебіренген тәтті сезім мұхиттай толқыды, болмыстың шеңберінен шығып шығандап кетті. Ол мас адамдай теңселіп, былдырлап келеді.

— Апыра-ай! Апырай-ә!

Бұрышта тұрған полисмен күдіктене, сұғын қарады, балпаң жүрісінен матрос екенін таныды.

— Жүгіңді ауыс тиеп алып, қайдан келесің?— деді полисмен.

Мартин Иден әуеден жерге түсті. Жаратылысында жағдайға тез үйлесе кететін іштей икемді жігіт полисменнің дауысын естісімен-ақ есін жиып алды.

— Бәрекелді!—деді күліп.— Өзімнің дауыстап сөйлеп келе жатқанымды абайласамшы!

— Көп ұзамай, мүмкін, жырлап та жіберерсің,— деді полисмен сен неменің сылайыңды сезіп тұрмын дегендей.

— Жоқ, жырламаймын... Оттығыңыз бар ма, кәзір трамвайға отырып, тұп-тура үйіме қайтам.

Ол темекісін тұтатып алып, полисменге: «Қайырлы түн»,— деді де жөніне жүріп кетті.

— Мұны қалай көресіз,— деді ол өзіне өзі.— Мына алаңғасар мені мас деп қалыпты ғой!—деді де ішінен күліп: «Мен осы шынында да мас шығармын, арудың дидарын көріп, мас болам деп ойласамшы»,— деді.

Телеграф-авенюде ол Берклиге кетіп бара жатқан трамвайға қарғып мінді. Вагон толы өңкей жас жігіт студенттердің өлеңін айтып шуылдап келеді. Мартин оларға сынай қарады. Байқаса, бәрі де университет студенттері екен. Бұлар да қыз баратын лекцияға, қыз араласатын қауымға қатынасатын жігіттер, әлбетте, қызбен таныс болуы ғажап емес, күнде көрем десе де ерік өздерінде. Бірақ бұлар олай етпеген, ұзақты кеш әлдеқайда самтырап жүрген ғой. Онан да кешкі уақытын сол қызбен бірге өткізіп, әңгімелесіп, әзілдесіп, наз сұлумен қабақ шаратысып отырмас па. Студенттердің арасынан сығыр көз, салпы ерін жас жігітке көзі түсіп кетті де, мынау жастайынан бұзылған неме ғой өзі, деді ішінен. Кемеде қызмет етсең нағыз қорқақтың, сөз таситын сүмелектің өзі болар едің. Тап осы жасықтан он есе артықпын ғой, әйтеуір, деген ой келді, бұған іштей қуанды. Өйткені ғашығына бір адым жақындағандай болды. Өзін өзге студенттермен де салыстырды. Әлуетті, шымыр денесі есіне түсіп, күш сынассақ, ешқайсысы маңыма келе алмас еді деп ойлады. Бірақ бұлардың басы толған білім, сондықтан қызбен тез түсінісіп, еркін сөйлесе алады. Оның еңсесін көтертпейтін осы бір ой. Бірақ бұларда бар ми менде жоқ па, олардың ақылы жеткен нәрсеге менің ақылым жетпей ме деп өзеуреді ол. Иә, олар өмірді кітаптан зерттеген, бұл болса үнемі өмір тақсіретін тартумен келеді. Мұның басы да білімге толы, бірақ оның білетіні өзге дүние. Осылардың қайсысы, мәселен, желкен керіп, руль басқарып, вахтаға тұра алар еді? Оның қауіп-қатерге, ерлікке, жоқшылық пен еңбекке толы өмірі көз алдында елестеді. Өмір мектебінен өткенде басынан кешкендері есіне түсті. Иә, ол өмірден ұтылмапты. Күндердің күні бұлар да сол өмірмен бетпе-бет кездеседі, мұның көргенін бұлар да көреді. Өте жақсы. Бұлар бір кезде Мартинге көптен таныс дүниені білемін деп жүргенде, бұл да өмірдің олар білетін екінші жағын зерттейді.

Окленд пен Берклидің арасында әлі үй салмаған бос жатқан жер көп. Трамвай сол арамен келе жатқан. Мартин Иден маңдайшасында «Хиггинботамның бөлшек саудасы» деген тыраш жазуы бар, өзіне көз таныс, екі этажды үйге қашан жетемін деп келеді. Жеткен кезде трамвайдан секіріп түсе қалып, үйдің маңдайшасындағы жазуға біраз қарап тұрды. Оған жазудың өзінен гөрі өзге жәйттер жақсы мәлім. Жазудың әрбір әрпінен ұсақшылдық, менменшілдік, бишаралык, сезіліп тұрар еді. Бернард Хиггинботам Мартиннің жездесі, Мартин оның ар жақ-бер жағын жақсы біледі. Есікті өзінің кілтімен ашып кірді де, баспалдақпен екінші этажға көтерілді. Жездесі осы үсте тұрады, дүкені аста, дегенмен шіріген овощтың исі мұнда да сезіліп тұр. Қараңғы ауыз үйде қармалап жүріп, толып жатқан жиендерінің біреуі қалдырып кеткен ойыншық арбаға сүрініп кетті де, есікке барып соғылды. «Сараң неме-ай,— деп ойлады ол,— бipey-мipey қараңғыда көзін шығарып алмасын деп, газ жағып та қоймаған, соған екі цент ақшасын қимайды».

Сипалап жүріп, есіктің тұтқасын әрең тауып, үйге кірсе, жарық бөлмеде апасы мен Бернард Хиггинботам отыр екен. Апасы ерінің шалбарын жамап, жездесі екі аяғын сыйдитып, стулге салып қойып, газет оқып отыр, аяғында жамау-жамау ескі киіз кебісі. Мартин бөлмеге кіріп келген сәтте жездесі зымиян көздерімен қадала қарады. Мартин Иден Бернардтан іштей жиіркенетұғын. Апасына осының қай қылығы ұнады екен деп ойлайтын. Оны сұр жыландай көріп, көрген жерде өкшесімен езіп кеткісі келуші еді. Бірақ «жарайды, тұмсығыңды бір бұзармын»,— деп өзін-өзі жұбатып жүре беретін-ді. Міне, кәзір де ол Мартинді оқты көздерімен атып барады.

— Немене, не боп қалды?—деді Мартин.

— Осы есікті өткен жұмада ғана сырлаттық қой,— деді мистер Хиггинботам, оның үні жалынышты екенін, жоқ ашулы екенін айыру қиын еді,— бояушылар одағы ақысына әкесінің құнын сұрайтынын білесің. Ептеп жүрмейсің бе?

Мартин жауап берейін деп тұрды да, пайдасыз екенін түсініп, есіл сөзін қор қылғысы келмеді. Іштегі жиіркенішін басайын дегендей қабырғада ілулі тұрған хромолитографияға қарап еді. Қайран қалды. Бұрын оған сурет әрдайым ұнаушы еді, кәзір бірінші рет көргендей болып тұр. Мынау лас лашықтың ішіндегі өзге дүние сықылды бұл да арзан қол, үшінші сорт нәрсе-ді. Кенет көз алдына жаңа ғана өзі болған үй келді, әуелі оның қабырғасындағы суреттері, онан кейін қоштасарда жылы жүзбен жымиып, қолын қысқан қыздың өзі елестеді. Жігіт қайда тұрғанын, бұ дүниеде Бернард Хиггинботам деген біреудің бар-жоғын да ұмытты. Бірақ сол джентльмен:

— Немене-әй, жыныңды көріп тұрсың ба?—деген кезде барып, есі кірді.

Мартин есін жиып, жездесінің оқтай атқан кішкене теспір көздерін көргенде күндіз дүкенінде келімді-кетімді кісілеріне зат ұсынып жатқанда тап сол көздерінің қандай болатыны есіне түсіп кетті. Жылт-жылт етіп жылтырап, жәдігөйленіп, жалбарынып, жағынып, құлдық ұрып, құдай атып қалмаушы ма еді.

— Иә, деді Мартин,— елес көргенім рас. Жайлы жатып, жақсы тұрыңыз! Жайлы жатып, жақсы тұр, Гертруда!

Ол бөлмесіне қарай кетіп бара жатқанда тозаң-тозаң кілемнің қыртысына тағы да сүрініп, құлап қала жаздады.

— Есікті қатты жабушы болма,— деді мистер Хиггинботам қытымырланып.

Мартиннің қаны қайнап-ақ кетіп еді, бірақ өзін-өзі тоқтатты, есікті ақырын жапты.

Мистер Хиггинботамның құдайы берді де қалды, ол әйеліне қарап, масайрап:

— Mac,— деді сыбырлап,— кересін ішіп келеді деп едім ғой саған! Айтқаным келді ме?!

Жұбайы жүні жығылып, басын изеді.

— Көзі жайнаңқырап кетіпті,— деді ол,— жағасын да жоғалтқан ғой, кетерде бар еді. Бірақ соншама көп ішпеген секілді.

— Аяғынан әрең басып тұр,— деді ері өзінікін дұрыстап,— байқадым ғой. Сүрініп-қабынып әрең жүр, ауыз үйде әлгінде ғана құлай жаздағанын естіген жоқ па едің?

— Рас, Алисаның арбасына сүрініп қалды, қараңғыда көрмеген ғой. Бағанадан жарыла жаздап отырған мистер Хиггинботам дүрсе қоя берді. Ұзақты күн әлдекімнің алдында бүгежектеп, әбден бойтаса болып, кеш қашан болар екен, үй-жандарыма ие болып, өзіме-өзім қашан келер екенмін деп асығып күткен еді ол.

— Сенің абзал інішегің мас дедім ғой мен саған!

Ол әрбір сөзін тасқа басқандай нақпадақтап, қатуланып, зәрленіп айтты. Әйелі күрсініп, күмілжіп қалды. Бұл бір толық денелі, борпас, киімін үнемі салақ киетін, ерінің қисық, шодыр мінезіне әрең төзіп жүрген, әбден қажыған әйел еді.

— Бұл тұқым қуған нағыз бәле, әлгі әкесі де осындай маскүнем емес пе еді?—деді ол сөзін прокурорша саптап,— бұл да шарбақ түбінде өледі. Айтпады деме!

Әйелі басын бір шұлғып, тағы бір күрсініп, үңіліп, ісін тіге берді. Екеуі де Мартин арақ ішіп, үйге мас боп келді деп ұйғарды. Екеуі асқақ ой, әсем сезім дегенді білмейтін, көкірегі керең жандар ғой, әйтпесе, Мартиннің көзі нұрланып, жүзі жайнап келуінен жас жігіттің бірінші рет қызға ғашық болғанын аңғарар еді ғой.

— Балаларға көрсеткен өнегеңе болайын!—деп әйелінің үндемей қалғанына ашуланған мистер Хиггинботам бір кезде айғайлап кетті. Кей-кейде әйелінің қасарыса бергенін де тілейтін әдеті бар.— Бүйте беретін болса — атамнан аулақ кетсін! Түсіндің бе? Маскүнем малығұнды күнде көрген күнәсіз бала да азғындар болар!— Мистер Хиггинботамның газеттен оқыған кейбір сөздерін қыстыра қоятын әдеті еді.— Иә, азғындар болар. Басқа не айтайын,— деді ол тағы да мәндімсіп.

Әйелі бәз-баяғы күрсінумен, басын шайқап, ісін тігумен болды. Мистер Хиггинботам тағы да газетіне шүйілді.

— Өткен аптаның пәтер ақысын төлеп пе еді?—деді ол бір кезде газет арқылы алая қарап.

Әйелі басын изеді.

— Әлі ақшасы бар көрінеді ғой.

— Қашан жүреді екен өзі?

— Ақшасын түгескесін жүретін шығар,— деді әйелі.— Қолайлы кеме кездесер ме екен деп, кеше Сан-Францискоға барып келген. Ақшасы бар тұрғанда ол, әрине, кез келген кемеге жалдана қоймас. Тым таңдағыш қой өзі.

— Жетіспей жүргені сол еді! Палубаның сыпырғышына күй таңдаған не сән!— Мистер Хиггинботам миығынан күлді.— Таңдағышын қара өзінің! Пішту!

— Ол осында бір желкеме қазина қоймасын іздемекке алыс сапарға шығады екен деп жүрген. Тегі, ақшасы жетсе, соны күтпек білем.

— Осында орналасам десе, мен өзіме көлікші етіп-ақ алар едім оны,— деді ері, бірақ жаны ашығаннан айтып отырмағаны сезіліп тұр.— Том кетіп қалды ғой бізден.

Әйелі елең етіп, сұраулы кескінмен қарай қалды.

— Бүгін ол есеп айырысып, шығып кетті жұмыстан. Каррузерстерге баратын болған білем. Жалақысы көбірек көрінеді. Менің шамам жетер емес оған.

— Міне, көрдің бе?—деді әйелі дауыстап.— Істеген еңбегіне қарағанда, ақысын аз төлеп жүрсің деп едім ғой.

— Есіңде болсын, кемпір,— деді мистер Хиггинботам шамданып.— Мен саған еркектің ісіне араласпа деп мың рет айттым ғой. Қайта-қайта айта бермеймін, білдің бе?

— Маған бәрібір,— деп әйелі күңк етті.— Бірақ Том түзік адам еді.

Байының бетінен қабуын қарашы дегендей Бернард әйеліне оқты көзін қадап:

— Інішегің жалқау неме болмаса, көлік айдауына болар еді ғой,— деді.

— Пәтері мен тамағына бересісін кідіртпей төлеп келеді,— деді әйелі.— Ол әрі менің інім, саған түк борышы жоқ, енді босқа неге байланыса бересің. Мен де адам емеспін бе, өзіңмен отасқаныма, міне, аттай жеті жыл болды.

— Айтпақшы, түнде ұзақ отырып, кітап оқитын болса, газға ақша төлеуге тиіс, осыны ескерттің бе?

Миссис Хиггинботам бұл сүраққа жауап берген жоқ. Ашуы басылып, жігері жасып, шөгіп кеткен жан ғой. Бернардекец әбден масайрады. Пысын бастым деп ойлады. Қаптесердің көзіндей жылтыңдаған көздерінде кекті қуаныш белгісі пайда болды. Әйелін осылай жуасытып тастаған сайын айызы қанып қалушы еді оның. Расын айтсақ, бұл онша қиынға түсіп те жүрген жоқ, екеуі жаңа қосылған кезде, жыл сайын бала тауып, бір жағынан, жолдасы титығына жетіп, жігері құм болмай тұрған шағында бұлай емес еді.

— Ендеше ертең айт,— деді ол.— Иә, ұмытпай тұрып есіңе салып қояйыншы. Ертемен Мэриенге біреуді жұмса, балаларға көз болсын. Том кетіп қалды, енді менің өзім товар әкелуім керек, сен менің орныма дүкенде сауда жасарсың.

— Ертең кір жуайын деп едім,— деді әйелі күмілжіп.

— Ертерек тұр олай болса... Сағат онсыз мен оралмаспын.

Ол кейістік білдірген кісідей газеттің бетін кенет аударып жіберіп, шұқшиып оқи бастады.

Төртінші тарау

Жездесімен шекісіп қалғаннан кейін құйқа тамыры шіміркенген Мартин Иден қараңғы ауыз үйді қармалап жүріп, бөлмесін әрең тапты; бұл — бір керует, бір аспалы құман, бір ғана стул сиятын қобдишадай тар үйшік-ті. Мистер Хиггинботам тым сараң кісі ғой, зайыбы жұмыс істей алатын болған соң, үй күтуші әйел жалдамаған. Оның үстіне бір бөлмені екеу етсе, пәтерге екі кісі жіберуге болатыны тағы бар. Мартин Суинберн мен Браунингтің кітаптарын стул үстіне қойып, пенжагын шешіп, керуетіне отыра кетті. Пружина дене салмағын ауырсынғандай, ыңырана күрсінгендей болды, мұны ол елеген жоқ. Башмағын шешпекке еңкейе бергенде, қарсы алдындағы ақ қабырғада төбеден өткен жаңбыр суының қарауытқан теңбіл-теңбіл дағын байқады да, соған қадалып қарай қалды. Теңбілдер бір сәт қыбырлап, қимылдап, елеске айналды. Башмағын шешу есінен шығып кеткен Мартин қабырғадан көзін алмай аңырып ұзақ отырды, бір кезде ерні қимылдап «Руфь!» деп сыбыр етті.

«Руфь!» Мартин жай дыбыстың да жан тербейтінін білмеуші еді. Мына дыбыс жүрегіне өте жылы тиді, елжіреп, қайта-қайта: «Руфь, Руфь» дей берді. Қыз есімі дуалы тұмар тәрізді; аузына түссе, ақ дидары көз алдына келіп, қабырғаға алтын нұрын түсіреді. Қабырғаға ғана емес — шексіз әлемге шашырайды, өзі қыздың жан дүниесін іздеп, шарқ ұрып жүрген сонау алтын кеңістікке тарайды. Іштегі бар асылы асау ағындай сыртына тебеді. Қыз ойына түссе, көңілі тасып, ізгілікке қолы жеткендей, нұр үстіне нұр жауғандай қуанады, көкірегім аршылған үстіне осылай аршыла берсе екен деген игі үміт туғызады. Бұл бір жаңалық. Мартин бұрын-соңды мұндай әйел ұшыратқан емес. Қайта басқа әйелдер әдепсіз, дөрекі хайуан қып жіберетін. Сонда да көпшілігі-ақ, жақсы болсын, жаман болсын, жаратсын-жаратпасын, әйтеуір, бар жақсысын аяп қалмағанын Мартин түсінбеуші еді. Өзі туралы ол ешқашан да ойланған адам емес, кісінің жүрегінде сүйіспеншілік сезімін оятатын қасиеті барын білмейтін де, көп әйел сыртынан назар салып жүретінін байқамайтын. Әйел жанаспаса, әйелді өзі іздеген емес, жақсыдан шарапат дегендей бірен-саран бикешке алда-жылда шарапатым тиді деп ойлаған да емес. Иә, күні бүгінге дейін әйелге селқос қарағаны рас, сол себепті де оларға мен тиіскен жоқпын, кірлі қолдарымен жабысып айырылмаған өздері деп ұйғарды. Жоқ, бұл әйелдер жөнінде де, өзі туралы да әділ айтылған пікір емес. Бірақ солай екенін ол түсінбеді, бәлкім, өзі жайлы ойланып әдеттенбегендіктен болар, қайткен күнде де кәзір сорақы көрініп отырған кейбір жайттар есіне түскенде, ұялғаннан жерге кіріп кете жаздады.

Бір кезде орнынан тұрып, аспалы құманның үстіндегі шыбын қонып, қожырқайлаған айнаға қарады. Айна бетін сүлгімен сүртіп, өзіне-өзі біраз қаранды. Бұл өмірінде бірінші қарануы-ды. Жіті де көреген көздері басқа дүниенің алуан қилы құбылысына ауып кетіп, өзіне әлі түспеген ғой. Айнадан жасы жиырмаға жаңа келген жас жігіттің жүзін көрді, сұлу ма, жоқ па — айта алмайды, өйткені сұлулықтың парқын әлі білмейді. Жазық маңдайының үстінде қауқиған сары бұйра шашына көзі түсті. Бұйрасын әйелдер өте ұнатушы еді де, сылап-сипап бәйек болушы еді. Бірақ қыз үшін оның маңызы жоқ екенін біліп, кідірмеді, құдды көзбен бұрандалап, ар жағында не жатқанын көргісі келгендей өте-мөте маңдайына шұқшиды. Осы менің миым қандай екен?—деп ойлады.— Бұл мидың не қызығын көрем? Не мархабат табам онан? Қызға қолымды жеткізе алар ма деген беймаза сауал көбейді.

Мартиннің көздері күн сәулесі түскен көк теңіздің айдынындай көгілдір еді. Менің де көзімнен жаным көрініп тұра ма екен, қызға ұнар ма екен деген ой келді. Ол бөгде біреудің, тіпті қыздың көзімен қарамаққа тырысты, мұнан ештеме шықпады, бірақ. Әдетте, ол етене таныс адамдарының ойындағысын тез сезе қоюшы еді. Ал қыз өмірінен мүлде бейхабар. Қыз керемет құпия сыр, оның ойындағысын біле қою қиын. Иә, көз демекші, мынау жауыз, зұлым адамның көзі емес, адал адамның көзі тәрізді деп түйді, бетіне қарады, қоңырқайлау екен, таң қалды, мұндай қарамын деп бұрын ойламаған еді. Жеңін шынтағынан жоғарырақ түріп, бет ажарын қарымен салыстырып қарады. Жоқ, ақ екен, қолдарын да күн қағыпты. Қолын көтеріп, күн тимеген жеріне қараса — аппақ. Мына тотыққан бетім де, күнге күйгені болмаса, бір кезде осындай ақ болған ғой деп күлді; денесінің күн тимеген жеріндей тәні аппақ әйел де аз екені есіне келген жоқ.

Кей-кейде ашу жеңіп, уылжыған сезгіш еріндерін қатты жымқырып, шамырқанғанда дүниеден тәрк, қатал, ызғарлы сияқты көрінетіні бар демесеңіз, жалпы ауыз бітімі оймақтай әдемі, жауынгерге де, ғашық жарға да лайықты еді. Оның ерні дүние рахатынан нәр алуға да, керек болса, қайысып үнсіз қаһар төгуге де әзір. Иегі мен зілдей жақ сүйектері айбарын аңғартқандай, қайраты сезімін билеп, ақылға жеңдіріп тұрғандай еді, сондықтан ол сұлулықтың тазасы мен сезімнің мөлдірін ғана қалайды. Ал маржандай тізілген аппақ тістеріне дантистің қолы тиген емес. Оны көріп тістерім аппақ, беп-берік, теп-тегіс екен деді, бірақ кейбір кісілер күн сайын тісін тазартады деуші еді деген көмескі ой келіп, өз-өзінен ұялды. Бұл аузы таза ардақтылардың әдеті, қызбен сұбхаттасатын сырбаздардың салты ғой. Қыздың өзі де тісін күн сайын тазартатын шығар. Мартин өмірінде тісін тазартып көрмегенін білсе — қыз не дер еді. Күні ертең үржаңа щетка сатып алып, тіс тазартып әдеттенуі жөн. Қыз көңілін құр ерлігімен аударып алам деуі дұрыс болмас. Ол мұнан былай күтініп жүруге ұйғарды; әдетте, қатырғы жаға кигенде мойнына бұғау салғандай көретін әдетін қойып, енді тіс тазартудан бастап, мойынға жаға салуға дейін зор өзгеріс жасауға бел байлады.

Мартин қолын көтеріп, алақанының күсін тырнады, терісіне кір-қолаң әбден сіңіп кеткен, щеткамен ысқыласа да кетер емес. Шіркін, қыздың алақаны қандай! Еске алудың өзі бір ғанибет. Раушан гүлдің желегіндей жұп-жұмсақ; қардың қылауындай салқын да жеңіл. Әйелдің қолы мұншама биязы, нәзік болады деп кім ойлаған. Шіркін-ай, қолын қысып, аяласа, сипаса қайтер еді деп ойлағанда өз-өзінен ұялып, қызарып кетті. Бұл жаман ойы қыздың рухани дүниесін қор ететін тым өжет қылық деп білді. Қыз дүнияуи нәрсенің бәрінен аулақ, асқар биікті мекен еткен рух, денесіз қуат. Дегенмен, оның мамықтай алақаны есінен кетпеді. Жігіт фабрикада істейтін немесе үй жұмысынан ығыр болған бейнетқор әйелдердің көнтақа қолдарына көзі үйренген ғой, әлбетте, мұның себебін де жақсы біледі. Қыздың қолы... нәзік, жүмсақ болатын, себебі, ол қолдап, ешуақытта еңбек етіп көрмеген жан. Өмір сүру үшін тірнектеп, еңбек етпейтін адамдар есіне түскенде қызбен екеуінің арасындағы айырмашылық жер мен көктей көрінді. Көз алдында еңбек дегенді білмейтін ақ сүйек алпауыттар елестеді. Қабырғадағы қара дақтың бетіне олардың бейнесі түсті, бәрі де қолдан құйған тәкаббар, паң мүсінше іспетті. Мартин ес білгелі тыным көрмей тырбанумен келеді; бүкіл үй семьясы күн көрісін еңбек етумен табатын. Тіпті, Гертруданы алайық. Оның үнемі кір жуудан сарсық түсіп, дүрдиіп кеткен қолдары піскен еттей қып-қызыл. Немесе екінші апасы Мэриенді алыңыз. Ол консерв заводында істейді. "Мэрйеннің кішкене сұлу қолдары помидор турайтын пышақтан қызылшақа жара. Ол аздай, өткен қыс қатырғы фабрикасында істеп жүргенде екі саусағын буынынан машина жұлып әкетті. Шешесінің табыт бетіне айқастырып салған қожыр-қожыр қолдары есіне түсті. Әкесі ше, ол да өле-өлгенше жұмыс істеумен кеткен, алақанының күсі бір елі еді. Ал Руфьтің қолдары болса сүйріктей нәп-нәзік, шешесі мен ағаларының қолдары да сондай. Бұл таң қаларлық жайт, өйткені осының өзінен-ақ, каста белгісі, олар мен өзінің арасындағы зор айырмашылық айқын көрініп тұр.

Мартин қынжылып күлді, қайтадан керуетіне отырып, башмағын шешті. Иә, ол ақылынан адасыпты — әйелдің көркін, мақтадай жұмсақ, нәзік қолдарын көріп, мас болыпты. Кенет көз алдына тағы бір елес келді. Ол түнде Лондонның Ист-эндісіндегі қапастай қараңғы қаңырайған үлкен үйдің қасында тұр, жанында Марджи деген он бес жасар жұмысшы қыз бар. Кешкі ойын тарағаннан кейін қызды үйіне шығарып салып тұрған беті. Қыз бала мынау сиыр қора секілді зәулім лас үйде тұрады. Қоштасарда Мартин қолын созды. Қыз оған ернін тосты, бірақ Мартиннің сүйіскісі келген жоқ. Әлденеге жүрегі дауаламады. Сонан кейін қыз қалтырап, қолын қысты. Алақанының күсін сезіп қалған Мартиннің жүрегі елжіреп қоя берді. Жас қыздың жалынышты аш көзін, әлі буыны бекімеген балдырған, әлсіз денесін көрді, кемеліне келмесе де оянған, батылы бармаса да талпынған әйелдің қомағай ниетін сезді. Аяп кетті де бауырына басып, ернінен сүйді. Сол сәтте қыздың қуана қымс еткенін, мысықша тырмысып, жабыса түскенін байқады. Бишара бәлекей әйел! Мартин әлдеқашан өтіп кеткен өмірінің осы бір суретін тағы көрген кезде қыздың қыбыр етіп бауырына кіріп, өзінің жүрегі елжіреп, аяған сонау бір минутіндегідей бүкіл денесі тағы да тітіркеніп кетті. Бұл сұрғылт, сұрқай сурет еді: сол күні аспан да сұрғылт, көшеге төсеген лас плита-тасқа сіркіреген жаңбыр да сұрғылт болатын. Кенет көз алдындағы қабырғаға жарқ етіп түскен бір нұр сәуле бұған дейінгі көріністің бәрін жауып кетті, ай жүзін жібектей үлбіреген алтын шашы көмкерген екінші қыздың ақ дидары сонау аспандағы қол жетпес жұлдыздай жылыстап, тағы да жарқырады.

Мартин стулден Суинберн мен Браунингтің томдарын алып сүйді. Мені үйіне шақырды ғой деп ойлады. Сонан кейін айнаға тағы бір қарап, қошеметті үнмен:

— Мартин Иден, ертең ең алдымен бітіретін жұмысың — оқу үйіне барып, әдептілік туралы бірдеме оқуың керек. Түсіндің бе?—деді.

Сөйтті де шам сөндіріп, денесінің бар салмағымен пружинаны шықыр еткізіп, төсегіне жата кетті.

— Ең әуелі, Мартин сен сөз арасында шайтан алғыр дей беруіңді тый. Естідің бе, ескі досым! Мұны жадыңа жақсылап тоқып ал!

Осы сөзді айтып, ол ұйықтап кетті. Ұйқыда көрген түстері наша тартқан адамның қиялындай батыл да, әдеттен өзге сұлу да еді.

Бесінші тарау

Келесі күні таңертең ұйқысынан оянып, мұрнына ащы сабын, қолаңсы кір иісі келгенде, түнде көрген әдемі түстері ғайып болды. Құлағына ауыр тұрмыстың қаңғыр-күңгірі келді. Бөлмесінен шыға бергенде апасының шаптыққан дауысы мен шапалақтың шарт еткені естілді, сірә, апасы ашуын басайын деп баласының біреуін салып қалған болу керек. Шар еткен баланың дауысы құлағына түрпідей тиді. Бұл үйдегінің бәрі тіпті, дем алатын ауасына дейін жексұрын да. Руфь үйінің тыныштығы мен гармониясына мүлдем жанаспайды-ау! Ондағының бәрі рухани мархабат дүниесі болса, мұндағының бәрі материялық, дөрекі материялық тіршілік.

— Бері кел, Альфред!—деді ол жылаған балаға қалтасынан ақша іздеп жатып. Мартин іштар адам емес еді. Жиеніне жиырма бес центтік майда ұстатты да, қолына алып, жұбатты.

— Ал енді шауып барып, мынаған өзіңе науат сатып әкел, аналарға да берерсің, білдің бе? Бірақ, науаттың тез ерімейтінін ал.

Апасы кеспектен басын көтерді.

— Он цент те жететін еді ғой,— деді ол,— бірақ сен ақшаның қадірін білемісің. Бала ес біле ме, көп жеп, күпті болмаса не қылсын.

— Оқасы жоқ, ақшам далаға кетпейді,— деді оған Мартин көңілді үнмен.— Қайырлы таң, апа, қолың бос емес екен бетіңнен сүйейін деп едім.

Мартин апасын аяп кетті; байғұс, қайырымды, ақ жүрек, адал жан еді деп ойлады. Өзінше оның інісін жақсы көретіні рас, Мартиннің іші сезеді де. Бірақ жылдар өткен сайын бұрынғы қалпы өзгеріп, қазымыр, ашушаң болып кетуі рас. Оны мұндай халге жеткізген ауыр бейнет, көп семья, күйеуінің қыңыр мінезі. Мартинге шіріген овощтың, кірдің, көп қолдан өткен бақыр ақшаның иісі апасына сіңіп кеткендей көрінді.

— Бар, тамағыңды ішсейші,— деді Гертруда інісіне іші жақсы көріп тұрса да сырттай қаталсынып; дүние кезіп кеткен аға-інілерінің ішіндегі ең жақсы көретіні де осы Мартин-ді.

— Жарайды, бері кел, маңдайыңнан иіскейін,— деді апасы әлдеқалай ықыласы түсіп.

Ол сабынның көбігін әуелі бір қолынан, сонан кейін екінші қолынан сиырып түсірді. Мартин апасының ауыр денесіне қол артып, тершіген дымқыл ернінен өпті. Гертруда көзіне жас алды. Бұл жүрегі жібігеннен де емес, үнемі ауыр мехнат шегіп, қалжырағандығынан да болар. Гертруда итеріп жібергенімен, Мартин оның көз жасын іркіп алғанын көріп қалды.

— Тамағың пеш ішінде тұр,— деді апасы дәдбірлеп,— Джим да тұрған шығар. Бүгін мен де кір жуғалы таңсәріден тұрдым. Бар, тамағыңды тез ішіп, үйден шық; бүгін күн ауыр. Том бізден кетіп қалған, енді бүгін Бернардтың өзіне көлік айдауға тура келеді.

Көңілі бұзылып кетті Мартиннің, ас үйге барды. Апасының қызарған беті, алқам-салқам сиқы көз алдында әлі тұр. Қолы тисе мені күтер еді деп ойлады Мартин. Бірақ жұмыстан діңкесі құрып біткен ғой. Хайуан Бернард Хиггинботам, осыншама азапқа салып қойғанын қарашы. Бір жағынан, апасының сүйісуінде ешқандай жарастық болмауы да есінен кетпейді. Бірақ бүгінгі сүйісуінде бір өзгешелік бар. Гертруда тек кемеге шығарып салғанда немесе сапарынан қайтқанда ғана сүюші еді. Бұл жолы сүйіскенде аузына сабынның дәмі келді, әрі ернінің бұрынғыдай емес, болжырап кеткенін байқады. Әдетте сүйіскенде ерін деген тез бүріп әкетпеуші ме еді. Ал мынау әбден қалжыраған, сүйісудің не екенін де ұмытқан әйелдің әдетін істеді. Апасының қыз кезі есіне түсті, жас шағында күндізгі ауыр жұмысынан қолы босасымен ойынға барып, түні бойы би билеп, таңертең тура кір жуатын жеріне жұмысына бара беретін. Көңілі тағы да Руфьке ауды. Өзі сияқты ерні де уылжып тұрған шығар деп ойлады ол. Көз тастағаны, қол алысқаны сықылды сүйіскенде де шын ықыласымен құшырланып сүйісе ме екен? Қиялында қыз ерні өзінің ерніне тигендей басы айналды. Аспанда, раушан гүлдің желектері арасында, хош иіске елтіп, қалықтап жүргендей көрді.

Ac үйде екінші пәтерші жалғыз өзі су қараңғы адамша әлдеқайда қараған қалпы сұлы ботқасын соғып отыр. Ол слесарь мамандығына жаңа үйреніп жүрген жас жігіт, жібі бос, жігерсіздігінің үстіне ақылы аздау болуынан тіршілік үшін күресте жеңіп шығады деп айту қиын.

— Тамағыңды неге жемейсің?—деді ол шала піскен суық ботқасына селқос қарап отырған Мартинге.— Немене, кеше тағы арақ ішіп қойып па едің?

Мартип басын шайқады. Ол айналасындағы сүреңсіз бишаралықты көріп, көңілі жүдеп отырған. Руфь Морз бұрынғысынан да алыстап кеткендей көрінді оған.

— Мен кеше мас боп қалыппын,— деді Джим күйгелектеніп, қалтырай күліп,— өлгенше ішіппіз! Эх қыз да қыз-ақ екен! Үйге Билл әкеп тастады.

Мартин тыңдап отырмын дегендей басын изеді. Әңгімелескен адамына, кім болса да осылай ілтифат көрсететін әдеті еді. Ыдысына суып кеткен жылымшы кофе құйып алды.

— Бүгін «Лотосқа» би билеуге барасың ба?—деді Джим тағы да.— Сыра болады. Темескальдың сүрегі келсе, төбелес те болмай қалмас. Мейлі, бәрібір қызымды ертіп барам. Фу!.. Аузымның дәмі кетіп қалғаны-ай. Бұ не пәле!

Ол бетін тыржитып, бір жұтым кофемен аузын шайқады.

— Джулияны білуші ме ең?

Мартин басын шайқады.

— Кәзір ол менімен көңіл жаратысып жүр,— деді Джим.— Қыз емес, кәмпит! Саған таныстырар ем, басын айналдырып аласың ғой деп қорқам. Құдай ақына, саған осы қыздардың неге үйіріле кететінін білмеймін. Кез келген қызды жігітінен оп-оңай айырып алып кетесің, кейде ызам келеді.

— Саған әлі содырым тиген жоқ қой,— деді Мартин селқос.

— Мэггиді ұмыттың ба?

— Ол екеуміздің арамызда ештеме болған жоқ. Түнеугіден қайтып, билегенім де жоқ онымен.

— Сен бір билеп, бірер көз тастаған едің,— сілесі қатты ғой сілесі қатқырдың. Сенің ойыңда түк жоқ! Бірақ сонан кейін қыз маған қарамай кетті. Мені көрсе сені сұрайтын болды. Егер көңілің қаласа, кездесуге кет әрі емес еді.

— Мен қалаған жоқпын ғой.

— Ой, әйтеуір менен безіп кеткесін — бәрібір-дағы,— деп Джим Мартинге қызыға қарады.— Сенің осы не сиқырың бар, Март, ә?

— Қызға көбаса назар салмаймын. Бар өнерім осы.

— Ой, қу-ай, сен қызықтыру үшін әдейі елемегенсіп жүреді екенсің ғой, солай ма?— деп Джим қазбалап қоймады.

Мартин біраз ойланып отырды.

— Мүмкін, ондай әдістің де болуы. Бірақ, менің әйелге құлқым жоғы шын. Сен де бір қыздарға қырын қарап, бәлденіп көрсейші. Соңыңа ере кетпес пе екен.

— Қой құрсын! Қап, кеше сенің Райлиде болмағаның-ай,— деді Джим ешбір логикасыз, ешқандай байланыссыз,— сонда Батыс Оклендтің бір сұлуша жігіті болды, лақап есімі Егеуқұйрық деседі. Пәтшағардың төбелеске шапшаңы-ай! Біздің жігіттердің ешқайсысы төтеп бере алған жоқ. Сенің болмағаныңа бәріміз де өкіндік! Кеше қайда жүрдің сандалып?

— Оклендте болдым.

— Театрға бардың ба?

Мартин тарелкасын ысырып жіберіп, орнынан тұрып, есікке қарай жүрді.

— Сонымен, би билеуге келесің бе?—деді Джим артынан дауыстап.

— Жоқ, бара алмаспын, сірә,— деді Мартин.

Ол баспалдақтан жүгіре түсіп, далаға шықты, таза ауа жұтқысы келді. Мынау үйдің тымырсығынан тұншыға жаздап отырғанда, бір жағынан Джим ашуына тиген еді. Бір кезде әбден ызасы келіп, Джимнің тұмсығын тарелкесіндегі ботқаға батырмақ та болған. Джим әлденені мыжыған сайын Руфь алыстай түскендей. Мына мал сықылды мәлғұндардың арасында жүргенде, тегі, қызбен терезесі теңелер ме деп ойлады. Алдында тұрған міндеті ауыр екенін сезіп, болашақтан күдер үзгендей де болды, торықты, өзі тәрізді жүмысшы табынан шыққан адамның сорлы екенін түсінді. Төңірегіндегінің бәрі — апасы, оның үйі, семьясы, слесарь Джим, қысқасы, бала жасынан етене үйренісіп кеткен тұрмыс-тіршілігі әбілеттей еңсесін бағып, көтертпейтін сияқты. Өмірден бейілі мүлде қайтқандай сезінді. Бұған дейін барға мәзір болып жүре берген ғой. Жақсы-жаманды, тек кітап оқығанда болмаса, аңғармаған. Кітаптың аты кітап, ол дүние қызығының ғажайып ертегісі ғана. Ал бүгін таңғажайып дүниенің шындығына көзі жетті. Соның нақты көрінісі іспетті Руфь сынды толықсыған сұлу гүлді көзімен көрді. Енді мұнан былай ғашықтық отына күйіп, құса болмақ, үміт шіркін алдандырып, азап отына сала бермек.

Мартин: Нерклидегі және Оклендтегі екі көпшілік кітапхананың қайсысына барсам екен деп біраз ойланып тұрып — ақыры Оклендке бармақ болды, өйткені, Руфь сонда тұрады. Кім білген! Қыздың бір барса баратын жері — оқу үйі, мүмкін, кездесіп қалар. Ол оқу үйінің қай бөлімі қайда екенін білмейтін-ді, ұзыннан-ұзақ, қаз-қатар сансыз кітап тізілген, астылы-үстілі сөрелердің арасында адасып біраз жүрді. Оның сыңайын байқаған, түрі француз әйелдеріне ұсаған бір нәзік қыз: анықтама беретін кітапхана жоғарыда деп жөн сілтеді. Ол стол басында отырған кісіден бай-жайды сұрап білместен, бетімен жүре берген, сөйтсе философия бөліміне кіріп кетіпті. Философия кітаптары дегенді бұрын да еститұғын. Бірақ бұл ғылым жайында осыншама көп жазылуынан хабары жоқ-ты. Қалың-қалың томдар толы биік-биік шкафтар есін кетірді, тамаша таңсық та көрінді. Мұнда миға азық табылатын түрі бар. Математика бөлімінде тригонометрия туралы кітаптарды тауып алып, өзіне мағынасыз көрінген цифрлар мен сызықтарға біраз үңілді. Кітап ағылшын тілінде жазылса да, мазмұнын ұққан жоқ. Бұл бір өзіндік, ерекше тіл тәрізді. Осы тілді Норман мен Артур біледі, екеуінің өзара осы тілде сөйлескенін естіген. Екеуі де Руфьтің ағалары. Сонымен философия бөлімінен кетерде Мартинді үмітсіздік жеңіп, кітаптар жан-жағынан топырлап, тапап кететіндей көрінген. Адам баласының білімі ұшан-теңіз деп бұрын ойламаған ғой. Осының бәрін меңгере аламын ба деген күдік туды. Бірақ меңгерген адамдардың болғанын, тіпті көп болғанын көңіліне медеу етіп, жә өзгенің өресі жеткен дүниеге менің де өрем жетеді деп түйді. Осы ниетін орындамаққа серт етті.

Ақыл-парасаттың асыл қазынасын аралап, адасып жүріп, ол біресе торығады, біресе шаттанады. Жалпы бөлімде Норридің «Қысқаша курсы» көзіне түсті. Зор ілтифатпен бетін ашып қарады. Ұнатты. Авторы өзі сықылды теңізші екен. Боудичтің «Навигация анықтамасы», Лекки мен Маршалдың шығармалары да табылды. Міне, бұл тамаша дүние! Енді ол навигация өнеріне жетіледі. Арақ ішуден тыйылып, іске мықтап кіріседі, капитан болып алады. Осы бір сәтте Руфь жанына жақын келгендей көрінді. Капитан болып алса, қыз қаласа — қосылуы ғажап емес. Қаламаса — амал нешік, әйтеуір оқып, адам қатарына қосылып кетеді-дағы. Бірақ мұнан былай арақ ішпеуі керек. Бір кезде кеме қамсыздандырушы мен кеменің иесі есіне түсті, бұлардың, екеуі де капитанға қожа, капитанмен ешуақытта жұлдызы жараспайтын адамдар. Екеуінің қайсысы болса да капитанды құртайын десе, құртып жібере алады. Бөлмені айнала шолып, мың том кітапқа көзі сүрінді. Жоқ, теңізді жиып қою керек. Мына самсаған сансыз кітапта керемет күш жатыр, егер ұлы іске шын тәуекел етсе, сол ісін құрлықта іске асыруы жөн! Оның үстіне капитандарға теңіз сапарына әйелін ала шығуға рұқсат жоқ.

Сәске түс, уақыт өтіп барады. Мартин ас ішуді ұмытып, сыпайыгершілік салты туралы кітап іздеп, әр кітаптың атын қараумен әлі жүр. Оның ақылына мансабы туралы оймен жарысып, болымсыз ұсақ нәрселер де орала береді. Егер жас леди қоштасарда келіп тұрыңыз десе, неше күннен кейін барған жөн? Бірақ бұл сауалына іздеген кітабынан жауап тапқан жоқ. Сыпайыгершілік дәстүрі туралы ұзын-сүре ережеден басы қатып, тіпті дегдарлар арасында визит карточкасын алысу дегеннің де не екенін, жөн-жосығын біле алмады, ақыры бәрінен бейілі қайтып, жабырқады. Іздегенін таба алмаса да, сыпайыгершіліктің бүге-шігейін жақсы білу үшін оны орындау үшін аса көп уақыт керектігін, қатте бүкіл өмірін осыған сарп етуге тиіс екенін түсінді.

— Қалай, таптыңыз ба керегіңізді,— деді бағанағы шыға берісте стол басында отырған кісі.

— Иә, сэр, кітапханаңыз өте бай, бек жақсы екен,— деді Мартин.

Кітапханашы басын изеді.

— Жиі келіп тұрыңыз. Өзіңіз теңізші емессіз бе?

— Иә, сэр. Қолым тисе, тағы да келіп тұрармын.

«Менің теңізші екенімді бұл қайдан біледі?» деп ойлады ол баспалдақтан түсіп келе жатқанда.

Көшеге шыққанда теңселмей, ырғаңдамай тура жүруге тырысты. Ойланбай келе жатқанда бұл серті есінде еді, кейін бәрін ұмытып, өзінің әдетті жүрісіне түсіп кетті.

Алтыншы тарау

Мартин аштық азабын шеккен адамдай сарылды, сарғайды. Бүкіл өмірін тұтқыр, нәзік қолдарымен икемдеп әкеткен сонау бикешті тағы бір көруге ынта-зар. Баруға бата алмайды. Тым ерте барып қалып, әдеп деген кекшіл кербездің кәріне ұшыраймын ба деп жүрексінеді. Ол көп уақытын Окленд пен Беркли кітапханаларында өткізді. Өз есіміне, Гертруда мен Мэриеннің, тіпті сыраға жақсылап бір тойдырғаннан кейін Джимнің атына да кітап алып тұратын болған. Төрт абонементке түгел кітап ала бастағаннан бері оның аядай бөлмесінде газ түні бойы маздайды, бұл үшін мистер Хиггинботам жетісіне елу цент артық ақша төлететін болды.

Кітап көңіл желігін басу орнына, қоздыра түскендей. Оның әрбір жолы білім бағып сығалайтын саңлау сияқты, бетіне үңілген сайын құмары арта берді. Бірақ қайсысынан бастарын біле алмайды, әрине, әзірлігінің жоқтығы да бір бөгеуіл. Ол қолына кітап алған әрбір адам білуге тиісті қарапайым нәрселерден хабарсыз. Ерекше сүйсініп оқитын поэзияға да жетік емес. Суинберннің Руфь берген томын аяқтағаннан кейін «Долоресті» де оқып шыққан, жақсы түсінген. Бәлки, Руфь бұл шығарманы түсіне қоймас, деп ойлады ол. Биязы, бұйғын өскен адам оның байыбына бара алар ма? Қолына Киплингтің өлеңдері тигенде сазды үні, нәзік ырғағы, сөз мәнері еліктіріп әкеткен. Киплингтің барлық өлеңдерінен байқаған таң қаларлық тамашасы — өмірге құштарлығы, психологияның нәзіктігі. «Психология» Мартин Иденнің сөз қорындағы жаңалық. Ол бір сөздік тауып алған, соған шығынданамын деп, құрлықта аз күн сайран құруға сақтаған ақшасынан айырылды, пәтер ақы төлеудің бір мерзімін өткізіп алып, мистер Хиггинботамның қарғысына да қалды.

Күндіз ол Руфь үйін маңайламайды, түнде ұрыларша төңірегін торуылдап, жарқыраған терезелеріне, үйдің қабырғасына қызыға қарар еді. Ағаларымен көшеде талай кездесіп қала жаздаған, бірде мистер Морздың соңына еріп жүріп, көше-көшенің бұрылысындағы панар жарығымен қандай адам екен деп, бет әлпетін зерттеді, құрметті джентльмен ойда жоқта өлім хаупіне ұшырап, ажалдан арашалауға сылтау болса игі деп тілеген де. Бір күні екінші этаждың терезесінен Руфьтің өзін, тек басын, иығы мен білектерін ғана көрді, қимылына қарап, таранып тұрсың-ау деп ұйғарды. Қыз бір көрініп, жылт еткен де жоқ болған, сонда жас жүрегі тайдай тулап, шарап жұтқан адамдай қызынып қалған еді. Қыз, рас, терезенің пердесін лып еткізіп түсіре қойды; бөлмесін бір көрген Мартин кеткен жоқ, қарсы тротуардағы ағаштарды паналап, үсті-үстіне папирос тартып, сарылып тұра берді. Тағы бірде ол банкіден шығып келе жатқан қыздың шешесін көрді. Апырай, арамыз тым алыс-ау деп ойлады ол. Өйткені, Руфьтер ақшасын банкіде ұстайтын байлар ғой! Өзі болса туды-бітті банкі дегеннің табалдырығынан аттап көрген жан емес, бұл сияқты биік мекемеге тек шіренген бай немесе әмірі күшті адамдар ғана бас сұғады деп білетін.

Оның тұрмысы да астан-кестен өзгерді. Жұмыртқадан ақ, сауысқаннан сақ Руфьтің тазалығына еркінен тыс еліктеп, бой-басын күте бастады. Әлбетте, қызбен бір ауамен дем аламын десе, әуелі өзі таза болмақ керек. Енді тіс тазарту, ас үйдегі қыл щеткамен алақан ысқылау әдетіне айналды; бір күні магазиннің терезесінен тырнақ тазартатын щетка көріп, оның не зат екенін біле қойған. Сатушы да Мартиннің аюдай тырнағына бір қарап, щетканы қолына ұстата қойды. Сонымен туалет құралына тағы бір дүние қосылған. Кітапханадан тән тазалығы туралы кітап та табылды. Онда күн сайын таңертең суық су құйынған пайдалы депті. Бұл кеңесті мүлтіксіз орындай бастағанына Джим мәз-мәйрам болса, мистер Хиггинботам: пәлі, тағы бір өнер табылды дегендей, жаратпады, ниетінде ысырап болған суына айрықша ақы алу да жоқ емес еді. Осынау өзгеріс жолына түскен жігіттің келесі қадамы шалбар күту. Байқаса, мұнда да айырмашылық бар сияқты. Жұмысшылардың шалбары олбырап-солбырап, бұралып жүрсе, дегдарлардың шалбарының тізелігі арқылы төмен қарай тік түскен қыры сынбай қатып тұрады екен. Мұның мәнісін байқаған Мартин жалма-жан үйінен барып үтік алып келді. Талабы сәтті болған жоқ, қырын түзеймін деп жүріп, тәп-тәуір шалбарын күйдіріп алды; сонымен сары майдай сақтаған ақшасының біразы жаңа шалбардың шығынына кетіп, сапарға шығар мезгілі тағы бір табан жақындай түсті.

Өзгеріс бой күтумен тынған жоқ. Темекіні тастамағанымен, арақ ішуін қойды. Бұрын ол арақ ішу еркекке жарастық деп білетұғын. Өз басы ешуақытта араққа жеңдіріп те көрген емес, серігінің көбісі-ақ стол астында қылжиып құлап жатқанда, Мартин сілтей беретұғын және мұны мақтан көруші еді. Сан-Францискода оның теңіз аралаған достары көп. Солардың қайсыбірі ұшыраса кетсе, қазір де баяғы әдеті бойынша қонақ етеді, өзіне бір күрешке жеңіл сыра немесе имбирь лимонадын алдырып, келемеж қылғандардың қалжыңын үнсіз көтеріп отыра береді. Ішкілік үстінде достарының бірте-бірте есіріп, хайуанға ұсап кететінін көргенде, бұл сорақылықтан өзім аулақпын деп іштей қуанатын да. Әркімнің бір қайғысы бар – олар шараптың буымен тіршілік тауқыметін ұмытып, үміт пен қиялға берілсе, Мартинге алкогольдің керегі жоқ. Ол мастық буының тереңіне сүңгіген адам — ол Руфьке мас, Руфь ғашықтық сезімін, жақсы тұрмысқа деген ізгі тілегін оятты; ол кітапқа мас, кітап көкейіндегі өшпес таңсығын оятты; ол тағы өзінің тазалығына мас, тазалық денсаулық рахатын сезіндірді, тіршілік қуанышы бүкіл тәнін тәтті тітірентті.

Бір күні ол Руфьпен кездесіп қалар ма екенмін деп театрға барған. Екінші ярустің балконынан қызды көрді де. Ол партерді бойлап кетіп барады екен. Қасында Артур, тағы бір шашын бобрик қылып қидырған, көзілдірікті жас жігіт бар, жігітті көргенде танабы тарылып, қызғаныш сезімі пайда болды. Олар бірінші қатардан барып орын алды. Ұзақты кеш Мартиннің екі көзі Руфьтің тіп-тік иінінде, алыстан мұнардай бұлдыраған алтын-сары шашында болды. Әлден уақытта жан-жағына қараған еді, өзінен бірер орын әрі отырған екі қыз көрді, қыздар көздерін ойнақтатып, қылымсып күлді. Жаратылысынан кісіге жұғымды жігіт көңіл білдірген адамның бейілін қайтармаушы еді. Егер бұл қыздармен мұнан бұрынырақ кездессе, күлім қағып, шүйіркелесе кетуі де мүмкін-ді. Бірақ қазір жағдай өзгерген. Ол қыздарға жымың етті де жалт беріп, қайта қарамай қойды. Қаперінен шығып кетті. Дегенмен қыздардың қайта-қайта қарағыштап, мені көрші көзденіп, көлбең қағып отырғанын сезіп отыр. Бір күнде өзгере салу оңай ма, иі жұмсақ жігіт әрі-беріден кейін қыздар күлсе, қоса күлетін болды. Әлбетте, бұл достық ишарат қана. Ол үшін бұл жаңалық та емес. Қыздардың қылымсуы әйелдердің, әншейін әзіл-арбауы екенін түсінеді. Ал бүгін таңда дүние өзгерген. Сонау алыста, бірінші қатарда бұлыңдап тағы бір перизат отыр, ондай әйел баласы бұл дүниеде біреу-ақ, өз табынан шыққан мына екі қызға ол ұсамайды, ешбір ұсамайтыны сонша, бұл сорлыларға жігіттің жүрегінен аяныштан өзгеге орын жоқ. Мына екеуіне сонау алдыңғы қатарда отырғaн хас сұлудың көркіндей, оның адамгершілігіндей титтей де қасиет дарымаған. Бірақ, ол қыздарды әдепсіз жыртаңдағаны үшін кінәламайды. Тек ерсі қылықтары өзінің бишаралығын есіне түсіріп, мысын құртатындай көреді. Егер ол Руфьтердің дәрежесіндегі адам болса, мынау жарыместер басына қоймас еді. Екеуі бірдей жаутаңдап қараған сайын жігіт өзі өскен opтаның қыл шылбыры қылғындырып, кері тартып бара жатқандай.

Мартин сауық аяқталардан біраз бұрын орнынан тұрып, кетіп қалды. Руфьті шыға берісте көріп қалайын деп ойлады. Театр алдында әдетте серуендеп жүрген бейсауат адам көп болады, егер кепкесін көзіне түсіре киіп, солардың тасасында тұрса, елеусіз қалары анық. Ол тротуардың жиегінен жаңа ғана қолайлы орын тауып тұрғанда, бағанағы екі қыз шыға келді. Кімді іздеп жүргенін сезген Мартин әйел затын еліктіріп әкететін өзінің жұлдызына бұл жолы риза болған жоқ. Алғашында қыздар байқамағансыды, мұның айла екенін жігіт те сезіп тұр. Жақындай келе олар әдейі ақырын жүріп, қасынан өте бергенде, қыздың біреуі иығымен қағып қалды да, жаңа ғана көрген адамдай бетіне жалт қарап, шұрқыраса кетті. Бұл — бойы сыптай түзу, сұңғақты, қара көзі жайнаңдаған қара торы қыз екен. Екеуі де кірпігі қыбырлап, жымиып күлді. Жігіт те күлді.

— Мархабат, мархабат,— деді ол. Әдетте қыздармен атүсті танысқанда айта беретін осы бір ойнақы сөздің аузынан қалай шығып кеткенін аңғармай қалды. Бірақ Мартин тонның ішкі бауындай, ақкөңіл, аңқылдақ адам ғой. Ол қыздарға, бәлки, өзге ишарат білдірген де болар еді. Қаракөз дәмелі көзімен күлімдей қарап, қасындағы қыздың қолтығынан тежеп, тоқтатқысы келгенін аңғартты. Екінші қыз түсіндім дегендей мырс етті. Мартин осылармен әмпейлескенімді Руфь көріп қала ма деп сасып қалды, ойы бір амалын таппақ. Ол сыр бермей қаракөзге қарсы жүріп, қасына ере кетті. Бұл тәрізді қыздармен бірге жүргенде ол олақпын деп те, долаңмын деп те тартынбайды. Өз ортасы, аузына түскен әзіл сөзді қайырмай айта салады. Кездейсоқ, жүре танысқан жағдайға жараса беретін күлдіргісымақ арзан сөздерді соға береді. Көшенің бұрышына жеткенде, ол қыздарды тастай беріп, кішкене орамға қарай жалт бұрылған еді, қаракөз шынтағынан шап беріп ұстай алды, әрі серік қызының қолтығынан айырылмай:

— Тұра тұршы, Билл, қайда барасың асығып, шынымен-ақ бізді тастап кеткенің бе?— деді.

Мартин кілт тоқтап, күліп жіберді, кері бұрылды. Бұлардың артынан жарық көшенің бойымен көп адам ағылып келеді екен. Тұрған жері қараңғылау бой таса жер еді. Егер қыз өте қалса, сездірмей сыртынан көріп қалуы мүмкін-ді. Қыз сөзсіз өтуге тиіс, өйткені үйіне баратын көше осы.

— Аты кім?—деп сұрады ол қаракөзді нұсқап, қасындағы күлегеш қыздан.

— Өзінен сұраңыз,— деп ол тағы да мырс етті.

— Иә, есіміңізді білуге бола ма?—деді жігіт бұрылып қаракөзге қарап.

— Өзіңіз кім боласыз, әуелі сіз айтыңыз.

— Менің аты-жөнімді сұраған да жоқсыз ғой әлі,— деді жігіт күлімсіреп,— бірақ үстінен дәл түстіңіз, өзіңіз айтқандай, менің есімімнің Билл екені рас.

— Қойыңызшы!—Қыз мөлиіп, сұқтанып, ұзақ қарады.— Рас па? Шыныңызды айтыңызшы!

Тағы қарады. Әзелде жаратылмыш нәзік әйел нәсілі жаудыр көзінен көрініп-ақ тұр. Мартин мұнан әрі не боларын біледі: қыз енді бәлдемсиді, сынықсып шегіне бастайды, ал қуғыншының құмары қайта бастағанын сезсе, қайтадан бұлаңдайды. Дегенмен еркек емес пе, Мартин қыз қылығын ұнатты, оның сұқтана қарағанына сүйсінді. О, мұндай қыздарды ол жақсы біледі, ар жақ-бер жағын түгел түсінеді! Жап-жақсы, әп-әсем ғана қыздар, өз табында мұнан артық не болсын. Тырбанып, ауыр еңбегімен күнелтіп, еркекке деген мейірін саудаға салуға ары бармай, өмір сахарасынан аз да болса бақыт табам ба деп жүрген жандар ғой. Бұл халінде олар болашағын ойламауға тырысады, өйткені алдарында екі тарау жол жатыр: бірі, өле-өлгенше үмітсіз мехнат кешу, екіншісі, алар құны аз болмағанымен, жан азабы өлшеусіз ауыр, арсыз, ұятсыз өмір кешу. Олар осы екінің бірін таңдатпай қоймайтын тар кезең тез келіп жетпесе екен деп қана тілейді.

— Билл,— деді жігіт тағы да.— Құдай ақына! Менің атым Билл екені рас.

— Қылжақтап тұрған жоқсыз ба?

— Аты Билл емес, әншейін алдап тұр бізді,— деді екінші қыз.

— Алдағанымды қайдан білдіңіз көрмей жатып?

— Көрмесем ше! Өтірік екенін онсыз да біліп тұрмын!

— Жә, Билл екеніңіз рас қой, сонымен?— деді бірінші қыз.

— Жарайды енді, Билл дей берсеңізші,— деді жігіт қуланып. Қыз оның иығынан ұстап, сілкіп-сілкіп қойды.

— Бәсе, өтірік екенін сезіп ем-ау. Сонда да сізді жек көрмеймін.

Уысына осылай орала кеткен қыздың Мартин қолын қысып еді, қолы тастай, алақаны айғыз-айғыз екен.

— Консерв заводынан босағаныңызға көп болды ма?

— Оны қайдан біле қойдыңыз? Сыбыршыңыз бар ма, әлде?— деп екі қыз қосарлана кетті.

Қыздармен тұрпайы әзіл-оспақ айтысып келе жатқанда, Мартиннің есіне ғасырлар даналығының қазынасы іспетті кітапхананың астылы-үстілі сөрелері, қатар-қатар кітаптары түсті. Бейуақта елес берген осы бір көрініске ол өкінгендей езу тартып күлді, көңіліне бағанағы түйткілі тағы оралды. Әлденені әңгіме қылып, әр саққа ой жүгіртіп келе жатқанымен, көшеде ағылған халықтан да көзін алған жоқ. Міне, бір кезде көше панарларының жарығымен қызды да көзі шалып қалды: ағасы мен көзілдірікті жігіттің ортасында кетіп барады. Көптен күткен кезеңі еді бұл. Жүрегі дір етіп, тына қалды. Қыздың патша баласына лайықты тәкәббар басын, торқадай үлбіреген шашын, сұңғақты сұлу бойын, кербез жүрісін, көшеден өтерде юбкасын көтерген сүйріктей саусағын көрді. Қыз көшеден өтіп те кетті. Мартин қасындағы көн етік жұмысшы қыздармен қала берді, олардың жоқты-бардан құрап-сұрап, өздерінше әшекейлеген болған жұпыны киіміне, арзан бәтеңкелеріне, арзан ленталарына, сағал саусағына салған арзан сақиналарына көзі түсті. Біреудің түртіп қалып:

— Ояныңыз, Билл, ашыңыз ұйқыңызды. Сізге не болған?— деген дауысын есітті.

— А, не, не дедіңіз?

— Жоқ, жай әншейін,— деді қаракөз басын кекшең еткізіп,— бір нәрсе келіп тұр ойыма...

— О не?

— Мына қызға жігіт тапсаңыз, бәріміз барып, бір жерден кофе ішіп, балмұздақ жалар едік.

Жігіттің әлдебір рухани жиіркеніш сезімінен жүрегі айнығандай болды. Руфьті көргеннен кейін өзгеге көңілі толар емес. Қасындағы келсең кел көзденген қыздарға қарағанда, Руфь көзінен нұр төгілген періште емес пе, тазалық дүниесінің аспанынан әлемге мейірін шашқан әулиенің өзі емес пе. Кенет ол бойындағы күш-жігерін сезді, ширығып, арқаланып кетті. Күйкі өмірден көп жоғарымын деп ойлады. Бұл қыздардың аңдығаны жігіт, арманы балмұздақ. Ал дүние деген кең, өрісі ұлан-ғайыр. Бұрын Мартин қиял әлемінде ерекше сырлы өмір сүруші еді. Оны айтқанда сөзін ұққан әлі күнге не бір әйел, ешбір еркек ұшыратқан емес. Айта бастаса бәрі де түсіне алмай аң-таң қалысады. Мұбада, түсінуге олардың өресі жетпейді екен, олай болса өзінің артық болғаны-дағы. Бүгін ол күшін сезді, насаттанды, қуанды. Егер өзі үшін өмір өрісі кең деп білсе, өмірге қояр талабы да зор болмақ. Сұмпайылардың қатарында жүрсең биік мақсатқа орын да жоқ. Мына қаракөздердің берері шамалы. Оның не дәметіп тұрғаны белгілі — балмұздақ немесе тағы сондай ұсақ нәрселер. Ал ана қыздың көзінен ойындағы арманының бәрі табылады, өзге де қызық дүние аз емес. Оның берері кітап пен сурет, сұлулық пен жарастық, сән-салтанаты мол, жақсы тұрмыс. Мына қадалған қара көздерде қалтырап тұрған ой сәулесінің төркіні түсінікті. Сағаттың механизмі тәрізді оның әрбір шығыршығының қалай қозғалып тұрғанына дейін біледі. Бұл көздер күйсіз, ибасыз көңіл алдауға шақырады, оның алды тояттау, түбі тойдыру, ақыры үңірейген көр.

Ал ана қыздың көз нұры мәңгі өшпес өмірдің түпсіз тұңғиығы мен ғаламаттарының сырын түсінуге шақырады. Руфьтің көзі жан сәулесі, жан айнасы, оның мөлдірінен өзінің жанын да көргендей болады.

— Программада бір қателік бар,— деді ол дауыстап,— бүгін қолым бос емес.

Қыз өкінішін жасырған жоқ.

— Немене, ауырып жатқан досыңыздың көңілін сұрауға барайын деп пе едіңіз?—деді кекетіп.

— Жоқ, неге... Жолығатын кісім бар...— деп ол сәл мүдіріп қалды,— бір қызбенен кездесуім керек еді...

— Өтірік айтып тұрған жоқсыз ба?

Мартин қыздың көзіне тура қарап:

— Жоқ, рас айтам. Тағы бірде кездесерміз. Есіміңіз кім? Қайда тұрасыз?—деді.

— Менің атым Лиззи,— деп ол жігіттің қолтығынан ұстап, асыла кетті.

— Лиззи Конолли. Мен Маркет-стрит пен бесінші көшенің бұрышында тұрамын.

Қоштасар алдында олар тағы біраз әлденені шатып тұрды. Мартин сол күні үйіне тура қайтқан жоқ. Үйреншікті ағашының саясында қыз үйінің терезесіне көзін сатып, ұзақ тұрды.

— Мен сізге келіп тұрмын, Руфь. Өзге ешкімнің керегі жоқ маған,— деді сыбырлап.

Жетінші тарау

Мартиннің Руфьпен танысқанына бір жеті өтсе де, баруға бата алмай жүр. Ауық-ауық тәуекел айтқанымен, шүбәлана береді. Жаңа танысқан қызға екінші рет неше күн өткеннен кейін бару жөн, мұның лайығын айтар ақылгөй адамы жоқ, ол өзі білместікпен өкінішті іс жасап қоям ба деп жүрексінеді. Мартин ескі достарының бәрінен қол үзген, бұрынғы әдетінен арылған, бір ғана кітаптан өзге дос тапқан жоқ. Кітапқа тым көп үңілетіні сонша, анау-мынау кісінің көзі шыдамас еді оған. Бірақ Мартиннің көзі мен құрыштай денесі көнтерілі. Ол әрі кітаби, дерексіз ой дегенді бүгінгіше білмей өскен, миы таза, білім ұрығын себуге тың сақталған адам ғой. Ғылым іздеп, миы әлі ашымаған, кітаптағы өнер-білімге құныққан үстіне құныға түсті.

Бір жетінің ішінде Мартин өзін алуан ғасыр өмір сүрген адамдай сезінді — өткен тіршілігі мен өмірге бұрынғы көзқарасының алыстап кетуі соншалық. Бірақ, әзірлігінің аздығы аттаған сайын бөгет бола береді. Ол күні бұрын көп жыл арнайы әзірленуді керек ететін кітаптарды тосын оқып жүр. Бүгін көне заманның, келесі күні қазіргі дәуірдің философиясын оқып, басы қатты. Экономикалық ілімдер жөнінде де солай. Кітапхана сөресінде қатар тұрған Карл Маркс, Рикардо, Адам Смит, Милль шығармалары табылды, бақса, бұлардың түсініксіз тұжырымы бір-бірінің пікірін бекерге шығармайды екен. Сөйтіп алуан салалы білім қуып абдыраса да білуден бейілі қайтқан жоқ. Ол экономика, өнеркәсіп, саясат мәселелерімен шұғылданды. Бірде Сити-Холл-парк арқылы өтіп бара жатып, тәрізі өзара қызу пікір таластырып тұрған бес-алты кісіні анталай қоршаған бір топ адам көрді. Таяна бергенде халық философтарының бұрын естілмеген жат сөздерін құлағы шалды. Айтысып тұрғандардың бірі — кезбе, екіншісі — кәсіп одағының үгітшісі, үшіншісі — студент-юрист, қалғандары дискуссияға жаны құмар жабайы жұмысшылар екен. Ол анархизм, социализм, бірыңғай салық деген сөздерді тұңғыш осылардан естіді, әлеумет философиясының бір-біріне жау түрлі бағдары барын байқады, өзінің жартымсыз білім қорына енбеген ғылымдар саласынан жүздеген тың термин естіді. Сондықтан айтыс өрбуін ажырата алмағанымен, беймағлұм сөздердің мағынасындағы идеяларды өзінше топшылады. Сөзуарлар арасында ресторанный, бір қаракөзді даяшысы болды, өзі, — теософ, наубайшылар кәсіподағының мүшесі, агностик көрінеді; бардың бәрі ғаделет деп дүйім жұртқа бой бермей жеңіп шыққан бір шал, космос туралы, атом-ата, атом-ана жайлы ұзақ сөйлеген тағы бір шал болды.

Мартин Иденнің басы қазандай боп кетті. Есінде қалған он шақты сөздің мағынасын білмекке кітапханаға жүгірді. Онан қолтығына қысып, Блаватская ханымның «Құпия доктринасын» және «Прогресс һәм қайыршылық», «Социализмнің мән-мазмұны», «Дін мен ғылым айқасы» деген қалың-қалың төрт том ала шықты. Бақытына қарап, оқуын «Құпия доктринадан» бастаған. Бұл кітаптың әрбір томы түсініксіз қиын сөздерге толы екен. Ол кітаптан гөрі сөздікке жиі қарап, керуетінде отыр. Сөз сонша көп, бірін жаттаса, бірін ұмытып, сөздіктен қайта-қайта іздейді. Ақыры, түсініксіз сөздерді бөлек дәптерге тіркей бастады. Аз уақытта жиырма шақты бетін толтырды. Сонда да түк түсінген жоқ. Таңғы сағат үште оқығанының бәрі быж-тыж болып бытысып, есінде түйір қалмады. Басын көтеріп жан-жағына қараса, толқын соққан кемедей үйдің қабырғасы мен төбесі теңселіп барады екен. «Құпия доктринаны» балағаттап атып ұрып, шамын сөндіріп, ұйқыға кетті. Өзге үш кітаптың да білімге жарытқаны шамалы. Ақылының аздығынан немесе зердесіздігінен емес — кітап сөзін жадына тоқи алар еді, бірақ әлі ойға олақ, сөз қоры шамалы екен. Осыған көзі жеткеннен кейін ол естімеген сөзін түгел жаттап алу үшін кілең ғана сөздік оқымаққа ұйғарды.

Мартиннің жалғыз жұбанышы поэзия, шөліркеніп оқиды, әрбір жолы көкейіне қона кетеді, сұлулықтың мөлдір бұлағынан су ішіп, мейірін бір қандырғандай болады. Музыкадай әсер еткен поэзия ой-санасын алдағы ауыр жұмысқа әзірлей түсті. Оқыған өлеңдері шумақ-шумағымен жадында қала берді, кей өлеңді түгел жатқа айтып, тасқа басқан жазуға жан бітіргендей оның сиқырлы үнінен ләззәт алатын да. Күндердің бір күні Гэйлидің «Классикалық мифі» мен Булфинчінің «Миф ғасырына» кезіккен. Бұлар өз басындағы надандық түнегіне түскен жарқын сәуле-ді. Сонан бері оның поэзияға құмары артқан үстіне арта түсті.

Стол басында отырған кісі Мартинді таниды, келген сайын ізетпен басын изейді. Сондықтан, бір күні Мартин тәуекел етті. Екі-үш кітап алып, кітапханашы картішкесіне штемпель соғып жатқанда:

— Сізден бір жайды сұрауға бола ма?— деп күбір етті.

Кітапханашы күлімсіреп басып изеді.

— Егер жас ледимен таныссаңыз, ол сізді үйіне шақырса... демек... қай уақытта барған жөн?

Мартин қыбыжықтап қара терге түсті.

— Қалаған уақытыңызда бара беруге болады, меніңше,— деді кітапханашы.

— Жоқ, сіз түсінбей тұрсыз,— деді Мартин,— Ол... үйінде болмаса қайтесіз. Университетте оқиды ғой.

—Олай болса, екінші рет барыңыз.

— Мәселе онда емес,— деді ақырында Мартин неде болса осының талқысына түсейін дегендей,— мен жабайы матроспын, дегдар, сыйлы кісілермен араласып көргенім жоқ. Қыз мен сияқты емес, мен ол сияқты емеспін... Қылжақтап тұр деп ойламаңыз, шыны осы,— деді ол өз сөзін өзі бөліп.

— Жоқ, жоқ, ол не дегеніңіз,— деді кітапханашы.— Рас, сұрағыңыз анықтама бөліміне жатпайды. Сонда да көмектесіп көрейін.

Мартин оның бұл сөзіне риза болды.

— Эх, мен де осылай жосыта жөнелсем, тамаша болар еді-ау,— деді ол.

— Ғафу етіңіз...

— Сіз секілді мен де сыпайы сөйлеп үйренсем жақсы болар еді деймін.

— Ә!— деді кітапханашы.

— Сонымен қай уақытта бару лайық! Күндіз бе? Бірақ түскі астың үстіне бару ұят болатын шығар? Әлде кешке таман барсам ба екен? Тіпті, жексенбі күні барсам қайтеді?

— Менің ақылымды алсаңыз, телефон соғып, осының бәрін қыздың өзінен сұраңыз,— деді күлімсіреп кітапханашы.

— Рас-ау!—деп Мартин кітаптарын ала сала есікке қарай беттеді.

Есік алдына барғасын, жалт бұрылып:

— Жас ледимен, айталық, мисс Лиззи Смитпен сөйлескенде, мисс Лиззи деу керек пе, жоқ мисс Смит деген жөн бола ма?— деді.

— «Мисс Смит» деңіз,— деді кітапханашы беделді үнмен,— танысып алғанша «Мисс Смит» дей берсеңізші.

Сонымен бұл мәселе шешілді.

— Қалаған күні келіңіз. Түстен кейін үнемі үйдемін,— деді Руфь телефон арқылы Мартиннің сызылып, кітабыңызды қашан апарып берсем екен деген сөзіне.

Өзі есік алдына шығып, Мартинді күтіп алған қыз шалбарының қырын, тағы бір жақсы өзгерістер барын бірден байқады. Әсіресе, ажары өзгерулі. Жас жігіттің жігері бойына сыймай тасып төгіліп, толқыны Руфьті тербетіп әкеткендей. Қыздың бұл жолы да құшақтағысы келді. Көрген сайын осылай, бұл не ғажап деп таң қалды. Қыздың қолын қысқанда, жігіттің де тәні шымыр еткен. Екеуінің бір-бірінен айырмасы қыз сырттай сыр бермесе, жігіт құлақ-шекесіне дейін қызарып кетті.

Мартин ырғаң-ырғаң басып, бикештің соңына ерді. Қонақ бөлмеге жайғасқаннан кейін бұл жолы бұрынғыдай емес, еркін сезінді. Оның қысылмай кең отырғанын тәуір көрген қыз да әдеппен үйіртпектеп жүр. Бұл қылығы Мартинге өте ұнады, жанындай жақсы көріп кетті. Әңгіме кітаптан басталды, Суинберн мен Браунинг сөз болды. Әңгімені бағыттай отырып, Руфь жігітке қалай жәрдем көрсетемін деп ойлады. Мартинді алғаш көргеннен бері осы ой жиілей бастаған. Қалай да қол ұшын бергісі келеді де тұрады, аяйды, жаны ашиды. Ниетінде жігіттің намысына тиерліктей астамшылық жоқ. Ол — бұрын өзі сезбеген ана мейірі сықылды бір нәрсе-ді. Бірақ осы сезімді жай аяныш деуге болар ма? Оны оятқан жігіттің нашарлығы емес, ер адамға лайықты күші еді ғой, жанына жақындап кетсе, көңілін қобалжытып, ой түсірген, жас жүрегін тайдай тулатқан керемет еді ғой. Бүгін де оның жігітті мойнынан қысып, құшақтағысы келді немесе қос білегін иығына артқысы келді. Бұл ойына қапелімде ұялағанымен, бірте-бірте еті үйренгені рас. Мұның жаңа оянған сүйіспеншілік екенін, тұл бойын дел-сал қылған осы сезімнің шын есімі ғашықтық екенін қыз қайдан білсін. Мартин сирек кездесетін, болашағы бар адам, мен оған қызығып жүрген жоқпын, әншейін қызық көріп жүрмін, адамның әлдеқалай ықыласы ауа бермей ме, деп ойлады ол.

Жігітке ынтығып жүргенін ол түсінбеді. Мартин олай емес. Руфьке ғашық екенін, өмірінде ешкімге ешуақытта мұндай іңкәр болып көрмегенін біледі. Ол бұрын да өзге сұлулық сияқты поэзияы аса қастерлеуші еді, бірақ қызбен кездескеннен бері ғана ғашықтық лирикасының шын сырын сезіне түскенддей. Оның Булфинч пен Гэйлиден берері де мол екен. Егер бір жеті бұрын «Жары үшін жаны құрбан, бір құшақтап бір сүйссе» деген сөзді елей қоймас еді, ал қазір ол есінен кетер емес. Бұл зор жаңалық. Руфьке қарап отырғанда, расында да бір ғана сүйіп, үзіліп кетсем, арманым болмас еді деп ойлады. Ол өзін «жары үшін жаны құрбан» шаһбазбын деп білді және оны сері деген атаққа айырбастамас та еді. Иә, өмір сырын, тіршілік мақсатын жаңа түсіндім, деп түйді ол.

Қыз көркіне көзін суарып, сөзін тыңдап отырғанда, ойына әлдене келді. Қолын қысқаны, сондағы алған рахаты есіне түсті, тағы бір қыссам деп ойлады. Мезгіл-мезгіл уылжыған ерніне көзі түсін, елжіреп отыр. Бірақ өжданында ешқандай фәнилік ерсі ештеме жоқ. Сөйлеп отырған қыз ернінің әрбір қимылы айтып жеткісіз әсер етеді, ол ер-әйелдің ешбіріне ұсамайды. Ол қан да емес; тән де емес; тәнсіз рух лебі, лебізі, оны өбуге құмары өзге әйелдер оятатын сезімге ұқсамайды. Әрине, осы аспан лебінен ернін тигізгісі келетіні рас, бірақ бұл қасиетті дұғаға маңдай тигізгенмен бір есеп. Асылы, ол құмарлығының табиғатын түсінген де жоқ, сондықтан, қызға қарағанда, көздері сүйгенін аңсаған әрбір еркектің көзіндей шынын айтып, жайнаңдап тұрғанын байқамады. Қадалған отты көзі қыздың көкейінен өтіп бара жатқанын сезбеді. Жас қыздың күнәсіз тазалығы жігіттің ынтығын әдептен оздырмай, салқын жұлдыздың санатына жеткізгендей еді. Бірақ көзінен ұшқындаған осы сиқырлы нұр қыздың жан жүйесін тербеп, ішіне от салғанын байқаған жоқ, байқаған шақта бұған өзі таң-тамаша болды. Жігіттің көзқарасынан пысы жеңіліп, ұялып отырған қыз да неше рет сөзінен жаңылды, бытырап кеткен ойларын қайтадан қабыстыра алмай қынжылды. Бұрын кісімен еркін сөйлесе беретін еді ғой, бұл жолы не болған? Түсінсе бұйырмасын. Әлде бұған дейін еркек адаммен кеңеспегендігінен бе? Сезгіш, нәзік жан ғой, өзге дүниенің келімсегін тосырқап отырған жайы бар.

Бұған қалай қарассам екен деп, әңгімені осылай қарай бұрмақ боп отырғанда, сөзді Мартиннің өзі бастады.

— Сізден кеңес сұрағым келіп отыр,— деді ол; қыз қолымнан келгенін аямаспын дегенде, қуанғаннан құмығып қалды.— Есіңізде бар шығар, өткен жолы айтып едім: кітап туралы пікір айтуға білімім жетпейді деп. Сонан бері көп ойландым. Кітапханаға бара бастадым, әртүрлі кітап алып жүрмін. Алғанмен бар-бәріне ақылым жететін емес. Әлде бәрін де басынан бастасам ба екен? Бұрын жөнді оқу оқымаған адаммын ғой. Қаршадайымнан қара жұмыста болдым, енді ғана кітапханаға барып, кітап алып қарасам — бұрын керек кітаптарды оқымағанымды байқаймын. Өзіңіз білесіз, әлдеқайдағы бір фермада немесе пароходтың кубригінде сіздің үйдегі кітаптардай кітап бола бермейді. Ондағы дүние әлдене. Соны оқып, жаман үйреніп кеткенмін ғой. Мақтанбай-ақ айтуыма болады, мен өзім қатарлы серіктерімдей емес едім. Басқа матростар мен ковбойлардан, ковбой да болғаным бар, асып кеттім деп айта алмаймын, жоқ, бірақ кітапқұмар екенім рас еді, қолыма не түссе, соны оқи беретін едім, меніңше, жолдастарымнан ойым да бөлек еді. Мәселе онда да емес. Мынада. Мен бұрын сіздің, үйдей үйлерге бас сұғып көргенім жоқ. Өткен аптада осында болып, өзіңізді, мамаңызды, аға-інілеріңізді, мына дүние-жасауды көргенде бәрі де ұнаған. Мұндай тұрмыс туралы бұрын кітаптан ғана оқитынмын, байқасам, кітап сөзі рас екен. Маған шын ұнады. Сонда осындай дүниеге менің де қолым жетер ме екен деп ойлағам, қазір де осы ойдамын. Мен де сіздің үйдегідей үнемі таза ауамен дем алсам деймін, айналам толы кітап, сурет тәрізді өңкей әсем нәрселер болса, жұрттың бәрі сабырмен биязы, байсалды сөйлессе, таза киінсе, ой-ниеті де сондай пәк болса деймін. Менің өмір бойы дем алып келе жатқан ауам арақ-шараптың буы, ас үйдің иіс-қоңысы, естігенім былапыт сөз, пәтер ақы туралы ұрыс-керіс. Сіз әнеугүні анаңыздың алдынан шығып, бетінен сүйдіңіз, маған ол керемет көрінген. Дүниеде мұнан асқан жарастық болмас деп ойлап ем сонда. Ал менің өмірден көргенім аз емес, тіпті, кімнен де болса түйгенім көп деп айта алар едім. Дүние көруге өте құштар жанмын және көрген сайын құмарта беремін.

Бірақ, айтпағым бұл емес. Арманым — тұрмыста сіздердей биікке көтерілу. Ішкілік, төбелес, ауыр жұмыс — өмір емес. Енді қайтпек керек? Неден бастауым керек? Жұмыстан мен тартынбаймын, қолдап жұмыс істеуге келгенде маған ерер ешкім жоқ. Бір бастасам күндіз-түні дамыл көрмеймін. Әлде, менің сөзім сізге ерсі көрініп отыр ма? Жоқты-барды сұрап, мазаңызды алмауым керек екенін түсінемін, бірақ ақылдасатын сізден өзге адамым жоқ. Артур болмаса? Әлде сонымен ақылдасуым керек пе? Егер мен...

Мартин мүдіріп қалды. Шынында да Артурдан ақыл сұрауым керек екен ғой, босқа ақымақ болдым-ау деп састы. Руфь те жауабын тез айта қойған жоқ. Жігіттің үйлесімсіз сөздері мен тұрпайы ойын көзінен байқаған ишаратына ұқсата алған жоқ. Қайтпас қауметтің айнасы сияқты мұндай да көз болады екен. Бұ жігіт айтқанын орындамай қоймайтын қайсар болар, көзінен көргені осы, бірақ, сөзге неге шорқақ? Қыздың айлалы ақылы бұлталақсыз тура айтылған пікірді дұрыс бағалай алған жоқ. Әйтсе де, добал сөздерінен жігері байқалғандай. Мартин оған бұғаудан босанам деп бұлқынған дәу-перідей көрінді. Қыз қайтадан сөйлей бастағанда, жүзі жылып кеткен еді.

— Кемшілігіңіз өзіңізге мәлім,— деді Руфь.— Біліміңіз аз. Бәрін қайтадан бастауыңыз керек — әуелі мектеп бітіріп алып, сонан кейін университет курсын өткен жөн.

— Оның бәріне қаражат керек қой.

— О! Бұл жайды мен ойламаппын! Туыстарыңыздан ешкім көмектесе алмай ма?

Мартин басын шайқады.

— Әке-шешем қайтыс болған. Екі апам бар: біреуі тұрмысқа шыққан, екіншісі таяуда күйеуге тимек. Ағаларым көп, бірақ ешқайсысы қараспайды. Бәрі де бақыт қуып, дүние кезіп жүр. Үлкен ағамыз Индияда өлді. Екі ағам Оңтүстік Африкада, енді бірі кит аулайтын кемеде қызмет етеді, оған тетелес ағам ел аралаған кезбе, циркте істейді, акробат. Мен де сол сабаздардың бірімін. Он бір жасымнан бастап, шешем марқұм қайтыс болғаннан бері өз еңбегіммен күнелтіп келем. Маған мектепті қойып, өз бетімше өнер іздеуім керек. Сонда неден бастасам екен.

— Ең алдымен дұрыс сөйлеп үйреніңіз. Кей-кейде («сорақы» деген сөз ауызынан шығып кете жаздады) қате жібересіз.

Жігіттің маңдайынан тер шып-шып шықты.

— Ара-тұра ауызымнан сіз түсінбейтін сөздердің шығып кететіні рас. Бірақ, сол сөздердің қалай айтылатынын білемін. Ал кітаптан оқыған көп сөз бар жадымда, міне, соның қайсысы қалай айтылатынын білмеймін, сондықтан, қолдана алмай жүрмін.

— Мәселе жеке сөзде ғана емес, жалпы сөз құрылысында. Сізбен ашық сөйлесуге болады ғой. Турасын айтсам, көңіліңізге алмайсыз ба?

— Жоқ, жоқ!—деді ол дауыстап, іштей қайырымды қыздың қылығына риза болып.— Зуқыта беріңіз! Өзге біреуден естігенше, өзіңізден естиін!

— Ендеше былай. Сіз көбінесе сөйлемді дұрыс құрмайсыз. Әдеби тілде қолданбайтын сөз тіркестерін талғамай айта салатыныңызды талай байқадым, осынан арылуыңыз керек. Ең әуелі грамматикадан бастаңыз. Қазір оқулығын әкеп берейін.

Руфь орнынан тұрған кезде есіне әдеп туралы оқыған бір ереже түсе кетіп, атып тұрды да, қыз мені кеткелі жатыр деп ойлады ма дегендей сасып қалды.

Руфь грамматика оқулығын алып келіп, стулін Мартиннің стуліне жақындатты, ол осы арада қызға қолғабыс етуім лайық еді ғой деп қынжылып қалды. Қыз кітап бетін ашты, екеуі де кітапқа үңіліп, бір-біріне жақындай түсті. Руфьтің айтқандары жігіттің құлағына кірген жоқ — қыз жақын отырғанға көңілі қобалжып кетсе керек. Руфь жіктеудің мәнісін түсіндіре бастағанда, ол өзге жарық дүниені мүлдем ұмытты. Бұрын жіктеу дегенді естімеген ғой,— сөз сиқырының құпия заңдарын тұңғыш жүйелей жөнелгенде, елти тыңдады. Кітапқа үңіле түсіп еді — қыздың шашы жігіттің бетіне тиді.

Мартин Иден өмірінде бір-ақ рет есінен танған, бүгін екінші кезегім келген шығар деп отыр. Демі бітіп, жүрегі алып-ұшып, кеудесінен ыршып түсетіндей. Қыз бұған дейін қазіргідей уысына үйіріліп көрген емес. Екеуінің арасындағы түпсіз тұңғиық лезде өткел берген тәрізді. Бірақ жігіт әдептен озған жоқ. Көктегі мекенінен қыз төмен түскен жоқ, қайта бұлттан асып, биікке өзі көтерілгендей. Жігіттің ғашықтық сезімі тәңіріге мінажат еткен діншіл адамның ниетіндей еді. Ол ел бас ұрып, тағызым ететін храмның қасиетіне қолы енді жеткендей көрді. Электр тоғындай денесін дір еткізген бұл киеге қолымды тигізе көрмейін дегендей басын ептеп көтеріп алды. Руфь ешнәрсе байқаған жоқ.

Сегізінші тарау

Арада көп күн өтті. Мартин Иден әмен грамматика оқумен, әдеп сақтау ережелерін жаттаумен, көңілі ұнатқан кітапты құмарта оқумен болып жүр. Бұрынғыдай дос-жарандарымен араласуды қойды. «Лотостағы» қыздар Мартинге не боп қалды деп, Джимді көрсе, жапырласып қалады, ал жас жігіттердің көпшілігі оның Райлидегі жарысқа мұқым келмеуіне тілектес. Кітапхананың асыл қазыналары ішінен ол тағы бір керемет тапқан. Тіл негізіне көзін ашқан грамматика сықылды бұл поэзияның негізгі қағидаларын баяндайтын құрал еді. Осы құралдан ол өлеңнің өлшемі, формасы, өлең шығару заңдары жөнінде көп тәлім алды, өзін әрқашан қайран қалдыратын сұлулықтың қалай түзілетінін түсінді. Ең жаңа деген трактаттардың бәрінде поэзияны бейнелеу өнері депті және осы теорияны дәлелдеу үшін таңдаулы әдеби шығармалардан толып жатқан мысал келтірілген. Мартин ешбір романды да мұндай қызыға оқып көрген емес. Жиырмаға келген жігіттің әлі ақау түспеген, әрі білім аңсаған тұнық ақылы студенттердің де зердесі жетпейтін зор алғырлықпен оқығанының бәрін көкейіне тоқи берді.

Мартин өткендегі өміріне — сонау алыстағы елдер мен теңіздер, кемелер мен матростар және жезөкшелер өміріне көз жібергенде, соның бәрі енді сұмпайы, күйкі сияқты көрінеді; дегенмен оның да бір қыры көз алдында жаңада ашылған мына үлкен өмірмен қабысып жатқан сияқты. Оның ақылы өз түйсігінше әмме құбылыстың түп негізгі бірлігін таппақта. Осы екі дай дүниенің арасында әйтеуір бір байланыс барлығын алғаш анықтағанда — ол таң болды. Кітаптан алған әсері, онан туған ізгі ой-сезімі өзінің адамдық қасиетін арттыра түскендей. Руфьтің өзі мен оның семьясы жататын дегдарлар қауымындағы еркек, әйелдер де осылай тәрбиеленген екен ғой деп түйді. Бұған дейін нас тұрмыста ғұмыр кешсе, енді кітап оқу арқылы соның былғанышынан арылып, өзінің де биік мәртебеге қолы жете бастағандай көреді. Бала кезінде, жас шағында ол үнемі алағызып, әлденені аңсайтын да жүретін; Руфьке кезіккенге дейін бұл дүниеде не қуып жүргенін өзі де түсінбеуші еді. Сол арманы бұрынғыдан бетер еліктіріп, елеуретіп, тағатын кетіріп, жанын жай тапқызар емес. Өзінің аңсап жүргені сұлулық, парасат, сүйіспеншілік екенін енді ғана түсінді ол.

Соңғы жиырма шақты күн ішінде ол Руфьпен әлденеше кездескен, және көрген сайын көңілі бір тасып қалады. Қыз оған тіл үйретіп, сөзді дұрыс айтуға жаттықтырып, арифметикадан сабақ беріп жүрді. Бірақ, екі жас бірыңғай сабағымен ғана болған жоқ. Мартин өмірден көргені көп, ақылы толықсып, есейген жігіт қой. Ол бөлшек сандарды, куб түбірін, грамматикалық талдаулар мен жіктеулерді қанағат ете алмады. Кей-кейде екеуі мүлде басқа жайларды әңгімелеп кетеді, жаңа оқып шыққан бір өлең туралы немесе Руфь сабағында оқып жүрген ақындарды сөз етеді. Қыз өзі ұнатқан өлеңнің кейбір жолдарын дауыстап оқи қалса, жігіт айтып жеткісіз рахатқа батады. Бұл дүниеде ешбір әйелден әлі күнге мұндай сұлу лебіз естіп көрген емес. Оның әрбір сөзі түшіркендіріп, әрбір сөзінің әуені ғашықтық отын лаулатады. Қыздың ерке, назды үні, дауысының сан құбылған нәзік ырғағы оның мәдениетті, асыл жанды адам екенін көрсеткендей еді. Сөзіне құлағын салып отырғанда, бір жағынан, тағы тайпа әйелдерінің көмей кернеген қоңыр дауысы құлағына келеді, порттарды маңайлайтын көргенсіз бейбақтардың шіңкілдеген дауысы, өз табына жататын фабрика жұмысшылары мен өңге әйел, қыздардың құлаққа түрпідей тиетін дөрекі сөздері естілгендей болады. Заматта ұшқыр қиялы алып ұшып, толып жатқан әйелдер бейнесін көз алдынан тізбектеп ала жөнеледі. Солармен салыстырып қараса, Руфьтің жарқын нұры бұрынғыдан да бетер жайнай түседі. Руфьтің кітап оқығанын өте ұнатады. Оның не оқыса, соның мән-мәнісін терең ұғынып, ақынның әсем қиыстырған ойын сым пернедей дөп басқан ырғақты үнін жан-тәнімен ұнатады. Қыз «Шаһизаданы» жиі оқушы еді және сұлулықты сезгіштігі сонша, оқыған сайын көзінен жас алатын. Осындай минуттарда қызға қарап, әуезін есітіп отырған шақта Мартин көкірегіне тәңірінің сәуегейлігі орнаған адамша өмірдің өзін, астарын көріп, оның құпия сырларын оқығандай болушы еді. Ол сезімнің осындай асқар биігіне көтерілгеп мезетте ғашықтық дегеннің осы екенін және ғашықтық дүииедегі ең ұлы сезім екенін түсіне бастайды. Оның көкірегіндегі көзі бір кезде басынан кешкен қуанышының бәрін — мастығын, жақсы көрген әйелінің қылығы мен қызығын, күш сынасқан күрес желігін елестетер еді де, оған осының бәрі қазіргі күйіне қарағанда жексұрын, пәс нәрсе сияқты көрініп кетер еді.

Руфь бұл оқиғалардың байыбына барған жоқ. Сүйіспеншілік дегеннен әлі бейхабар ғой, оның бар білетіні кітаптан оқығандары, ал кітапта автордың суретшіл қиялы үйреншікті қарапайым нәрселердің өзін-ақ шындықтан алыстатып, бір дерексіз бұлдыр тамашаға айналдырып жіберетін әдеті. Сондықтан қыз мынау доғал матрос жүрегіне ұшқын тастағанын, ол бара-бара бір күні өрт болып, өртеп кететінін білмеді. Руфьті бұл оттың жалыны әлі шарпып көрген емес. Оның ғашықтық туралы топшылағаны құрғақ пікір және «ғашықтық» деген сөзді естісе, қиялына жымыңдаған көп жұлдыз, теңіз айдынында діріл қаққан майда толқындар, тамылжыған жазғы түннің таң алдындағы қоңыр самалы мен шығы келеді.

Оның ойынша ғашықтық екі кісінің бір-біріне үйір болуы, гүлдердің жұпар иісі мен тыныштық рахаты адамды маужыратып әкететін кешкі уақытта сүйгеніңе иіліп ілтифат көрсету. Ол ғашықтықтың жанартаудай сұрапылын, жанған жүректі тілкім-тілкім қылып, тозаңға айналдырып жіберетін аптабын білмейді. Оның өмірдегі және бойындағы жасырын күштерден хабары жоқ. Өмір тұңғиығы қиялдың бұлдыр сағымына айналып, әлі абайсыз жүрген қыздың көзін ілестірмейді. Руфь үшін әкесі мен шешесінің тату тіршілігі сүйіп қосылудың жемісі; солардай өзі де бір күні ешбір лаңсыз, у-шусыз, уайым-қайғысыз сүйгенімен ыбыр-сыбыры жарасып, тату-тәтті өмір сүріп кетешек.

Сонымен ол Мартин Иденді тосын пайда болған жаңалық, елден ерек адам деп түсінді. Көңілінде әдеттегіден өзге сезім оятқан оның осы жаңалығы мен ерекшелігі шығар деп ұйғарды Бұл табиғи нәрсе. Бұрын да айуанханадан тағы хайуан көргенде немесе дауыл екпінімен бұрала майысқан ағаштарды көргенде, төбеден жасыл түскенде осы тәрізді түршігу сезімі пайда болатын. Бұл құбылыстардан космос белгілерін байқағандай болушы еді. Жігіттің бойында да осындай космос нышаны бары даусыз. Ол өзімен бірге теңіз лебін, жер әлемінің шексіз қиырын арқалап ала келгендей. Жүзіне тропик күнінің сәулесі ұялаған, құрыштай берік бұлшық еттеріне өмірдің арда күші дарыған. Тұла бойы тілім-тілім, айғыз-айғыз, бұл қыздан аулақ, сонау беймәлім дүниедегі қайырымсыз қатал адамдардың қалдырған дағы. Бұл жігіт әлі қолға қарамаған тағы, сол тағының жуасуы, өзіне бағынуы ұнайды қызға. Ойына тағыны жетіп қайырсам деген тілек келеді. Бұл саналы ой емес, ниеті Мартинді өзі зор үлгі-өнеге санайтын әкесі сияқты бір адам етіп тәрбиелеу. Жігіт оятқан ғаламат сезім ғашықтық екенін, ол дүниенің о шеті мен бұ шетіндегі еркек пен әйелді бір-біріне ынтық қылған, көктем думанында бұғыға бұғыны өлтірткен, барлық жан-жануарды қосылуға құмар еткен және қарсыласуға болмайтын табиғи күш екенін қыз аңдаған жоқ.

Мартиннің ақылы алғырлығына қыз таң-тамаша, бір жағынан, таңсық та көреді. Мұншама зерек болар деп ойламаған еді. Құнарлы жерге өскен гүлдей ол күн санап құлпыра түсті. Қыз Браунингтің өлеңдерін дауыстап оқыған кездерде Мартин кейбір түсініксіз жерлері жайлы ойламаған жерде пікір айтып, талай таң қалдырған, Оның түсінігі өмірді, адамды жақсы білуден туған дұрыс пікір екенін қыз ұқпайды. Айтқан сөздерін аңғырттыққа жори салады. Бірақ, кей уақытта оның ұшқыр қиялы әлем биігіне, өзі ілесе алмастай сонау жұлдыздардың ар жағындағы түпсіз шыңырауға өзін алып ұшқандай көреді, сол сәтте белгісіз, жат күшке кезігем бе деп тұла бойы шіміркеніп кетер еді. Бір мезгіл қыз оған рояль ойнайды, жігіттің музыкаға тебіренетіні сонша, қызға жан дүниесі түпсіз тұңғиық сияқты көрінеді. Аспанның рахман нұрына гүл желегінің ашыла кететіні сықылды ол да музыка десе шешіліп сала берер еді; ол матростардың есер би музыкасы мен тарсыл-гүрсілін тез ұмытып, Руфь жақсы көретін классикалық репертуарды бағалап үйренді. Соның ішінен Мартиннің бұқаралық сезімі мен құмары, әсіресе Вагнерге ауды. Вагнердің «Тангейзерге» увертюрасын, Руфь түсіндіргеннен кейін, өте ұнатты. Увертюра өз өмірінің музыкалық бейнесі тәрізді екен. Мартин Шолпан гротының желісін өткен өмірінің кейпі деп білсе, тақуалар хорын Руфьтің өміріне ұсатты. Күңіренген Вагнер мелодиялары әділдік пен зұлымдық мәңгі арпалысып келе жатқан рухтың елес дүниесіне алып ұшырды.

Мартин там-тұм сұрақтар берсе, қыз мүдіріп қалушы еді, музыканы өзім де дұрыс түсінбейді екенмін ғой деп шүбәланар еді. Бірақ қыз ән салса жігіт жұмған аузын ашпайды. Үн-түн жоқ, рахатқа батып, қыздың күміс қоңыраудай сыңғырлаған сопраносын елтіп тыңдайды, үні арқылы жан лебізін естігендей болады. Тағы да ойына өрескел теңеулер келеді. Құлағына фабрика қыздарының шуылдасып ән салған болғаны, порттардың шарапханаларынан шықпайтын маскүнем әйелдердің қарлыққан дауысы естіледі. Тегі, қыздың өзі де жігітке рояль ойнап, ән салып беруді ұнатады. Себебі, бұл тірі адамның жанымен тұңғыш зауықтасуы, ол өте нәзік, жұмсақ, көңілшек, көнгіш сияқты көрінді оған, қалай илесе солай ыңғайына көне беретін тәрізді. Сондықтан, Руфь Мартиннің жан дүниесін ешбір риясыз, өз білігінше түзеп жүргендей көреді. Ол жігітке жақын болғанын жаратады. Бұрынғыдай сескенбейді. Рас, бастапқыда әлдеқандай үрей пайда болған, бірақ ол жігіттің пысы емес, өзінің жан түкпірінде оянған бір сұмдық еді. Кейін көңілі орнықты да, әрі-беріден кейін еркінсіп, билігін жүргізе бастады. Бірақ, мұнысын өзі анық сезген жоқ. Тек жігіт көңілін сергітетінін сезеді. Көп уақытын университет сабағына жұмсап, кітап тозаңына құмыға бергенше бір мезгіл осылай бой жазып, жігіттен ескен теңіздің қоңыр самалынан жан-жүрегі байыз тапқаны пайдалы секілді. Күш! Қыздың емсейтіні күш, жігер. Жомарт жігіт те көлкіп тасыған мол қайратын аяр емес. Онымен бір бөлмеде отыру, есік алдынан қарсы алу — кеудесін керіп, құныға дем алғанға бір есеп. Ал жігіт кетіп қалса, көңілі кітапқа ауады.

Руфь Браунингті жақсы білгенімен, адам жанымен арбасу сонша хауіпті болар деп ойламаушы еді. Мартинге бейілі ауған сайын, оның өмірін өзінше түземек ниеті жеңе бастаған.

— Мысалға мына мистер Бэтлерді алыңыз,— деді Руфь бір күні грамматиканы да, арифметиканы да, поэзияны да тәптештеп болғаннан кейін,— жасында ол қиыншылықты көп көріпті. Әкесі банкі кассирі екен, ұзақ жыл сырқаттанып жүріп Аризонада жіңішке аурудан опат болады, мистер Бэтлер — ол тұста Чарльз Бэтлер — жалғыз қалады. Әкесі марқұмның арғы тегі австриялық екен, Калифорнияда туған-туысқаннан ешкімі болмаған, сондықтан, жетім бала баспаханаға жұмысқа орналасады да, алғашында жұмасына үш доллардан ақы алып жүреді, бұл жайды өз аузынан естідім. Қазір оның жылдық табысы отыз мың. Бұған қолы қалай жеткен деңіз. Ол адал, еңбекқор, үнемшіл адам болған. Әлбетте, жас жігіттер әуес көретін өмір қызығына ермеген. Жоқшылық зарып тартып жүрсе де қор жинаған. Апта сайын аз да болса ақшасына ақша қосып жүрген. Жалақысын көп ұзамай көбейтіпті. Табысы өскен сайын қоры да молая түседі. Күндіз жұмыс істеп, кешке оқиды. Болашағын көп ойлайды. Кейін кешкі курсқа оқуға түсіпті. Он жеті жасында әріп теруші болып алған. Жалақысы көбейген. Бірақ барды місе тұтпай, күн көрісіме осы жетер деп тоқмейілсімей, мансап қуады. Болашағы үшін басын құрбандыққа байлайды. Адвокат болуды ниет етеді. Сонымен, әуелі менің әкемнің конторына хат тасушы болып орналасыпты. Сонда аптасына алатыны төрт-ақ доллар, өзіңіз ойлап қараңыз! Бірақ үнемшіл боп үйренген адам ғой, сол төрт доллардың өзінен жинап жүрген қорына тиын-тебен салып жүрген.

Руфь дем алайын, әрі өнегелі әңгіменің Мартинге әсерін байқайын деп сәл кідірді. Жігіттің жүзінен мистер Бэтлердің өмірін қызық көріп отырғаны сезіледі, бірақ, қабағы сәл жабыңқы.

— Рас, тарыншылық тақсіретін көп тартқан екен,— деді ол. Жұмасына төрт-ақ доллар алды дейсіз бе?! Бұған тайраңдай алмайсың. Мен аптасына пәтер ақысы мен тамағыма ғана бес доллар төлеп тұрамын, құдай ақына, сонда да жарып жүргенім жоқ. Ол әбден итшілеген екен. Асқа жа...

— Тамағын керосинкаға өзі пісіреді екен,— деді қыз оның сөзін бітіртпей.

— Балық аулайтын кеменің матростары секілді асқа жарымаған ғой сорлы, олардан аш адам бар ма дүниеде.

— Ойлап қараңыз, қазір жылы суға қолын малып отыр!— деді қыз дауыстап.— Жас шағында азап көрсе, енді рахатқа батып отыр.

Мартин қызға сынай қарады.

—Мен сізге былай дер едім,— деді ол.— Мистер Бэтлеріңіздің тұрмысы тәтті бола қоймас. Ұзақ жылдар бойы ішер асқа жарымаған мистердің асқазаны да жидіп кеткен шығар-ау.

Қыз тура қарай алмай, жалтарып кетті.

— Катар ауруы бар болуы керек,— бәс тігемін.

— Иә, бар,— деді қыз,— бірақ...

— Оның үстіне,— деді Мартин, – қазір үкі құстың кәрісіндей әрі ашулы, әрі көңілсіз болар, отыз мыңым бар деп масайрай алмас. Төңірегіндегі жұрттың ойнап-күлгенін де көтере алмайтын шығар. Солай емес пе?

Қыз басын изеп, олай болу себебін түсіндіре бастады:

— Ойын-сауықпен ісі жоғы рас. Мінезі тұйық, байсалды кісі ғой. Бұрыннан солай.

— Солай болмағанда ше!—деді дауыстап Мартин.— Жетісіне үш не төрт доллар жалақы алып тұрған адам солай болады. Жап-жас жігіт жанталасып, ақша жинаймын деп, тамағына дейін өзі пісірсе, күндіз жұмыс істеп, түнде сабақ оқып, салпылдап еңбектенумен жүрсе, селт етіп, көңілін көтеріп, не сейіл-серуенге шығып көрмесе, тіпті, ойын-сауық дегеннің не екенін білмей өссе, солай болмағанда қалай болады?! О! Отыз мыңы уысына тым кеш оралған екен!

Елгезек қиял Мартиннің көз алдына үнемшіл жас жігіттің бүкіл өмірін, жылдық табысын отыз мыңға жеткізген тар соқпағын елестетті. Чарльз Бэтлердің ой-өрісі, іс-әрекеті көз алдынан салқар көштей шұбатылып өтті.

— Мен сіздің мистер Бэтлеріңізді аяймын. Жас шағында отыз мыңына бола өз өмірін өзі ұрлап жүргенін аңғармаған, тірнектеп жинаған қайырсыз байлығынан ақыры не рақат көрді ол? Бір кезде, тарығып жүрген шағында, ішпей-жемей жинаған ақшасының он центіне сатып алатын рақатын енді отыз мың төлесе таба алар ма? Айталық, бала кезінде науат, кәмпит немесе жаңғақ сатып алып жемесе, не болмаса театрдың ең арзан орнына билет сатып алып, ойын көрмесе, енді сондай рақат пен қызықты отыз мың төлеп көре алар ма?

Мартиннің бұл пікірі Руфьті таң қалдырды. Әрі соны, әрі өз ұғымына қайшы; оның астарында бір шындық жатқанын және ол өзінің дүниеге көзқарасын түп орнымен төңкеріп кетуге немесе мүлдем өзгертіп жіберуге мүмкін екенін сезеді. Жасы жиырма төртте емес, он төртте болса, мүмкін, оның ықпалына кетер еді. Ал қазір жасы жиырманың төртеуінде. Оның үстіне кертартпа пиғылы, туып-өскен ортасының пікірі мен дәстүріне беріктігі тағы бар. Рас, Мартинмен әңгімелесіп отырғанда кей-кейде оның тың, тосын пікіріне құлағы елең етеді, бірақ мұны оның өз басы мен тұрмыс-тағдырының ерекшелігіне жоритын да естігенін іле-шала ұмытуға тырысатын Зады, пікірін қостағанымен, оның сендірмей қоймайтын салиқалы үні, көз жанары, байсалды да сабырлы қияпаты әрдайым көңілін елегізітіп, өзіне баурай түсуші еді. Бірақ жат дүниеден келген осы бір жігіттің пікірі көбіне тым тереңде жататынын және өзінің өмірге көзқарасынан әрменде жүретінін қыз ешуақытта аңдаған емес. Қыздың ой-өрісі өзінің тар шеңберінен шыға алмайды. Асылы, ақылы шолақ адамның өз шамасын байқамай қайта өзге жұрттың ақылы қысқа деп жүретіні болады. Өзінше, білгені басына сыймайтындай көрінсе, бұл ақыл шеңберінің тарлығынан емес, білімімнің көптігінен деп ойлайды. Сол сияқты қыз да ой-өрісім кең деп санайтын да, Мартинмен зәуде пікірі үйлеспесе, бұл оның ақылының аздығынан деп білетін, осыған орай Мартинді не нәрсені болса да өзінше топшылатуға тырысып, оның ой-өрісін өз шамасына шағындамақ болады.

– Тұра тұрыңыз, мен әлі әңгімемді аяқтағаным жоқ,— деді қыз, – мистер Бэтлер, әкемнің айтуына қарағанда, жұмысты бар ынтасымен жанын аямай және өндіре істейді екен, қызметіне ешуақытта кешікпейді екен, тіпті, үнемі ерте келетін болған. Уақытын ыждаһатпен үнемдеп, әрбір бос минутын босқа жібермей, сабақ оқитын болыпты. Ол бухгалтерияны өз бетінше меңгерген, машинка басып үйренген, стенографиядан сабақ алған, сабақ берген ақысы үшін оқытушысына түні бойы мақала жазысады екен, өйткені оқытушысының өзі тәжірибесі аз бір сот хабаршысы болса керек. Көп ұзамай хат тасушыдан көтеріліп, ол таптырмайтын жақсы клерк болып алады. Әкем қағылез, талапты жігіттің еңбегін әділ бағалайды. Әкемнің ақылымен заң мектебіне оқуға түсіп, ақыры адвокат болып шығады да, біздің конторға кіші компаньон ретінде қайта орналасады Қазір ол аса көрнекті адамдардың бірі. Құрама Штаттардың сенаты ұсынған үлкен орынға бармапты. Қаласа Жоғары соттың мүшесі де бола алар еді. Әлбетте, осының бәрі ғибрат, кейінгіге үлгі-өнеге. Мұнан шығатын қорытынды — кім де кім табанды, жігерлі болса, әрқашан өз қатарынан озып шығады.

- Иә, оның көрнекті адам екені рас,— деді Мартин шын көңілінен.

Дегенмен әңгіме мазмұны Мартиннің өмір туралы, сұлулық жайлы ұғымына үйлеспеді. Ол мистер Бэтлердің өз басына үйіп-төккен осыншама жоқшылық пен таршылықтың дәлелін тапқан жоқ. Егерде осының бәрін жанындай жақсы көрген ғашығы үшін немесе көркемдікті көксеткен арманы үшін істесе — бір сәрі. Мартин бұған ден қояр еді. Ғашығына аңсары ауған жас жігіт не істемейді, ондай жігіттің, әлбетте, жылына отыз мың олжа табу үшін емес, ғашығын бір ғана құшып сүю үшін өмірін құрбан етсе арманы жоқ та! Ал мистер Бэтлердің мақсатында ұсақтық, болымсыздық, бишаралық бар. Отыз мың доллар деген, әрине, аз ақша емес қой, бірақ катар ауруының кесірінен өмірден қабағы бір жадырамай өтуі сол соманың құнын жойып жібермей ме?

Мартин осы пікірін шет-пұшпақтап Руфьке айтқан, бірақ ұғындыра алған жоқ, қайта жігітті тәрбиелеу керек деген қыздың бұрынғы сеніміне көзін жеткізе түскендей болды. Өйткені, ой шеңбері тар, ақылы саяз көп адам өз нәсілі, діні, саяси көзқарасы жөн деп біліп, дүниеде бытырап жүрген өзге адам баласын өзінен анағұрлым төмен санайды. Осы әдет Руфьте де бар. Көне замандағы жүһіт мені әйел қылып жаратпағаныңа шүкір деп құдайға алғыс айтады екен, бұл да ақыл тайыздығынан туған қылық болса керек. Қазіргі заманда жұрттың бәріне өз дінін, өз құдайын телу үшін миссионерлеріне дүниенің түкпір-түкпірін тіміскілеттіріп қойған да осы кесел. Руфьке өмірдің мүлде өзге жағдайында туып-өскен жігітті іс-міс жоқ өз ортасының адамындай етемін дегізіп жүрген де осы астамшылықтың лаңы.

Тоғызыншы тарау

Теңіз сапарынан оралғанда, ғашығын бір көруге асыққан Мартин Иденнің жүрегі Калифорнияға жеткенше алып-ұшты. Осынан сегіз ай бұрын, жиған-терген ақшасы ада болғаннан кейін, ол Сүлеймен аралының бір түкпірінде көмулі жатқан қазына бар екен деген лақапқа еріп, соны іздемекке шыққан кемеге жалданған еді. Шартарапты босқа шарлап, ақыры бұл кәсіптен күдер үзген соң кеменің экипажы Австралияда қожасымен есеп айырысты да, Мартин Сан-Францискоға жүргелі тұрған басқа бір кемеге жалданып, кете барды. Бірақ, осы сегіз айдың ішінде ол кейін құрлықта ұзағырақ кідіруге еркін жететін қаражат тапқаны былай тұрсын, сабағына да көп уақытын бөліп, көп оқыған.

Ол алғыр да зерек адам еді. Оның үстіне өзінің талабы мен Руфьке ғашықтығы қамшы болған тәрізді. Руфьтен жолға ала шыққан грамматика оқулығын ол сан рет тәкірарлап, бұл пәнге әбден жетіліп алған. Енді матростар қате сөйлесе, құлағы елең қағып, өзінше іштей түзетіп айтып жүретін болды. Құлағы сөзге сақ, көкірегі грамматикаға сезімді болғанына қуанышты да. Ескі әдеті бойынша ара-тұра өз аузынан да теріс құрылған сөйлемдер шығып кететұғын. Тегі, мұнан арылу үшін әлі де біраз уақыт керек болатын секілді. Бірақ, сөз қатесі енді құлағына оғаш естіле бастағаны анық.

Грамматиканы меңгергеннен кейін ол сөздікті қолға алды. Күн сайын лексиконына жиырма сөз қосуды дағды етті. Бұл оңайға соққан жоқ. Вахтада немесе штурвалда тұрғанда жаттаған сөздерін әлсін-әлсін қайталауға, әуеніне келтіріп, әдемілеп айтуға тырысады. Руфьтің ақылын да есінен әсте шығарған емес; көп ұзамай тіпті офицерлерінің өзінен және мынау сұйық кәсіпке қаражат беруші каютада отырған джентльмендерден гөрі ағылшынша өзінің таза сөйлей бастағанын байқап, таңырқайтын болды.

Бір күні балық көзді норвег капитаннан әлдеқалай Шекспирдің толық жинағы табылды. Иесі оның бетін, әрине, ашып көрмеген екен. Мартин капитанның кірін жуып тұруға уәде етіп, осы кітабын оқуға рұқсат алды. Трагедияның кейбір, әсіресе, өзіне ұнаған жерлерін оп-оңай жаттап алатын болды. Шекспирді біраз уақыт пір тұтты. Бүкіл дүние Елизавета театрының образдары мен формасы сықылды көрініп кетті оған. Ой-қиялы өзінен-өзі ұйқассыз өлеңге айнала бастады. Бұл – құлағы сөзге үйренуіне жақсы да еді. Сөз қорына ескірген сөз бен сөйлемдер көбірек еніп кеткенімен, ағылшын тілінің қасиетін бағалап үйренді.

Мартин осы сегіз aй өмірін ойдағыдай өткізді. Сөз қоры мен ақыл-парасаты өсті, өз шамасын біле бастады. Бір жағынан, надандығын мойындаса, екінші жағынан, жігері мен талабы таудай екенін білді. Өзі мен жолдастарының арасында зор айырмашылық барын көрді. Бірақ бұл айырмашылық әзір қолы жеткен табысында емес, тек мүмкіншілігінде, болашағында ғана екенін түсінді. Өзінің қазіргісіне жолдастарының да қолы жетіп қалуы мүмкін. Әйтсе де, оларға қарағанда, өзінің өрісі кең, өресі биік екенін сезеді. Мартин дүние сұлулығына асық. Сол сұлулықтан Руфь те өзімен бірге ләззат алса деп армандайды. Бұл ниеті Руфьке қиялында жүрген Тынық мұхиттың ұлан-қиырын бейнелеп берсем деген ой түсірді. Осы бір талабы шабытын тасытып, дүние ғажайыбын Руфьке ғана емес, бүкіл әлемге мәшһүр етсем қайтер еді деген үмітін оятты. Ақыры бір күні осының бәрін жазуым керек деген ой жарқ ете түскен. Иә, ол дүние әлем соның көзімен көретін, соның құлағымен еститін, соның жүрегімен сезетін адамдардың бірі болашақ. Ол поэзия мен проза да, роман мен очерк те, Шекспир сияқты пьеса да жазбақ. Нағыз мансап осы. Руфьтің жүрегіне апаратын жол да осы. Жазушылар бұл дүниенің алыбы, жылына отыз мың олжа табатын, қаласа Жоғарғы соттың мүшесі бола алатын мистер Бэтлер олардың қапталына да келмейді! Ойына орала кеткен осы идея бүкіл жан-жүйесін билеп әкетті. Оның Сан-Францискоға дейінгі сапары көрген түстей болды. Өзінің қайтпас қайратына мас болған жігіт тепсем темір үзермін деп ойлады. Ұлы мұхиттың шалқыған кең жазығы да қиялына өріс бергендей-ді. Алғаш рет, биіктен қараған қырандай, Руфьті де, ол өскен ортаны да анық көрді. Сол бір дүние сезуге болатын нақты нәрсеге айналғандай, қолына алып, айналдыра қарауына болатындай көрінді. Әлбетте, түсініксіз бұлдыр жайлары да баршылық. Бірақ, ол ұсақ бөлшегіне көз тоқтатпай бүкіл аумағын қамтыды; ойлап қараса соның бәрін алақанына қондыруға болады екен. Оның үшін жазу керек! Бұл ой тұла бойын оттай өртеді. Қайтып оралысымен, шұғыл жазуға отырмаққа бел байлады. Ең алдымен қазына іздеушілердің сапарын суреттемекші. Әңгімесін Сан-Францискодағы журналдардың біріне жолдайды. Бұл туралы Руфьке ештеңе айтпайды. Күні ертең басылып шыққаннан кейін, есімін бір-ақ көріп, қуансын да қалсын деп ұйғарды. Мұнан былай әрі жазу жазып, әрі сабақ оқымақ. Күн тәулікте жиырма төрт сағат бар. Өзі болса шыңдай берік, шымыр жігіт, жұмыс жасау қолынан келеді, ешқандай қамал қарсы тұра алмайды, құлайды. Енді жабайы матрос болып, жалбақтаудың қажеті жоқ. Мінеки, көз алдында өзінің жеке меншігінде болмыш яхтасы елестеді. Жеке меншігінде яхта ұстайтын жазушылар болады ғой! Әрине, деп ол өзіне-өзі тоқтау айтқансыды, бақыт басына бір күнде қона қоймас. Алғашында жазғандарыммен оқуға керекті қаражат тауып жүрсем де жетіп жатыр. Жігіттің ойынша, ол кейін, біраз уақыт өткен соң, оның қаншаға созыларын кім білсін, білім алып, кемеліне келгеннен кейін, мәңгі өшпес ұлы шығармалар жазашақ, есімі ел ауызына да ілінешек. Бірақ, мұнан маңызды бір нәрсе бар, ең абзалы, осы кезде ғана ол Руфьке лайықты жігіт бола алады. Даңқ деген жақсы, бірақ ол даңқ үшін емес, Руфь үшін арман қуып жүр. Ол атақ іздеп жүрген жоқ, тек ғашығын көксеп, құса болып, құмартып жүр.

Қойны-қонышын ақшаға толтырып қайтқан Мартин Оклендке келісімен Бернард Хиггинботамның үйіндегі тар лашығына тағы орналасты да, жұмысқа кірісті. Келгенін Руфьке айтпады. Қазына іздеушілер жайлы очеркін бітіргесін, біржола бармақ болды. Ой санасын билеген творчествоның безгегі күткен күндерін сездірген жоқ. Қағазға түскен әрбір сөзі қызды өзіне бір елі жақындата түсетіндей. Очерктің көлемі қанша болуға тиіс екенін білмеуші еді; сол себепті «Сан-Франциско барлаушысының» жексенбі күнгі санына қосымшаның екі өңірін алып жатқан бір очерктің неше сөзден тұратынын санап шығып, мөлшерге осыны алмақ болды. Үш күн ұдайымен дамыл көрмей, очеркін аяқтады. Оқуға жеңіл болсын деген оймен басқа қағазға бәрін ірі әріппен әдемілеп көшірді. Осымен әуреленіп жүргенде кітапханадан алған тіл қисыны оқулығынан абзац, тырнақша дегендерге әлдеқалай көзі түскен. Бұл бұрын есіне келмепті! Мартин іле-шала очеркін тағы көшіруге отырды. Жазу үстінде оқулыққа мезгіл-мезгіл қарап қояды. Сонымен шығарма жазуға жаттығып жүрген қатардағы шәкірт бір жылда ала алмайтын мәліметті ол бір күнде біліп шықты. Очеркін екінші рет қайта көшіріп, трубкеге ұсатып, шиыршықтады. Сонан кейін газет қараса, оның жас авторға кеңес деген мақаласында қолжазбаны шиыршықтауға болмайды және парақ қағаздың бір бетіне ғана жазу шарт, депті. Өзі осы ресімнің екеуін де бұзған екен. Онан әрі жақсы журналдар очерктің бір бағанасына кем дегенде он доллар төлейді деген. Жазғанын үшінші рет көшіріп отырып, Мартин оның он бағанасын он долларға қайта-қайта көбейтумен көңілін жұбатты. Қалай есептесе де бәз-баяғы жүз доллар, әйтеуір, матрос қызметінен бұл кәсіптің пайдалы екені анық. Әуел баста екі қате жібермегенде, әңгімені үш күнде жазып бітіретін еді. Сонда үш күнде жүз доллар тапқаны ғой. Мұншама табыс кіргізу үшін ол үш ай бойы теңіз шарлауға тиіс. Қаламының желі бар адам, егер ақымақ біреу болмаса, матрос сорлының азабын шегіп жүрер ме. Асылы, Мартин үшін ақша құны қымбат емес. Ақшаның бар қасиеті адамға аздаған тыныс береді, тәуір киім сатып алуына болады. Бірақ сонымен қабат өзінің бүкіл өмірін астан-кестен қылып, көкейіндегі шабыт қылын шерткен сонау аққұба, талдырмаш бикешке бір табан жақындататыны да рас.

Мартин қолжазбасын үлкен конвертке салып, пешеттеп «Сан-Франциско барлаушысының» адресіне жолдады. Мартиннің ойынша, редакцияға жіберілген жазудың бәрі іле-шала басылып шығуға тиіс. Олай болса, жұма күні жіберген очеркі жексенбіде жарияланады. Өзінің алыс сапардан оралғанын Руфьке осылай білдіргені лайық. Жексенбі күні қызға өзі барашақ. Сөйтіп жүргенде оның ойына тағы бір идея түсті. Ол өзіне өте ұнады: балаларға арнап, қызық оқиғалы әңгіме жазып, «Жастар серігіне» жіберуі керек. Ең алдымен, ол оқу үйіне барып, «Жастар серігінің» бірнеше комплектін қарап шықты. Көлемді әңгімелер мен повестер, шамамен үш мың сөз мөлшерінде, номер сайын бөлініп басыла береді екен. Әрбір повесть бес номерге, кейбірі жеті номерге дейін жалғаса беретін көрінеді. Мартин өзі үшін осы мөлшерді мақұл көрді.

Бір кезде Мартин кит аулайтын кемемен Арктикаға үш жылдық ұзақ сапарға шыққан. Бірақ, кемелері жолда апатқа ұшырап, жарты жылдан кейін еліне қайтты. Мартин қиялы тым ұшқыр болғанымен, шындықты артық көретін адам еді де, қолына қалам алса, тек өзіне қанық жайларды ғана жазуға ниет етіп жүретін. Кит аулау кәсібінің бүге-шігесін жақсы білетін Мартин өмірде болған ақиқат оқиғаларға сүйене отырып, екі бала туралы ойдан шығарған бір хикаяны қызықтап жазып бермек болды. Бұл қиынға соққан жоқ. Сенбі күннің кешінде әңгіменің үш мың сөздік бірінші бөлімін жазып тастады. Бұған Джим арсалаңдап, мәз-мәйрам болса, мистер Хиггинботам семьясынан шыққан «жазушысымақты» ащы тілмен біраз әжуалады.

Мартин үндеген жоқ, тек «Барлаушының» жексенбі күнгі санынан қазына іздеушілердің хиқаясын оқығанда, жағаңды бір ұстарсың деп ішінен айызы қанғандай болды. Жексенбі күні елең-алаңда газет көрейін деп тықыршып, тысқа шықты.

Газетке қайта-қайта үңіле қарады да, бүктеп-бүктеп үн-түн жоқ орнына сала қойды. Оның тырнақ алдысы туралы даурықпағанына қуанды. Әрі ойлап, бері ойлап, сірә, әңгіменің басылып шығатын мерзімі жөнінде қателескен болармын деп ұйғарды. Оның үстіне очерктің ішінде соншама тездеткендей асығыс ештеме жоқ-ты, әлбетте, редактордың, алдын ала автормен пікір алысу үшін, хат жазуы да ықтимал.

Азанғы асын ішкеннен кейін ол повесіне тағы отырды. Ара-тұра сөздікке не тіл қисынына қарау үшін көңілі бөліне бергенімен, қалам ұшынан төгілген сөз маржаны қағазға тоқтаусыз тізіліп түсіп жатыр. Оқулықтан көз алса, ара-тұра жазғанын оқиды, қайта оқиды, ұлы творчество қайнары сәл толастағанымен жазу ережесіне жаттығып, өз ойын қағазға түсіруге төселе түскенін тәуір көреді. Ол қас қарайғанша жазды. Кейін оқу үйіне барып, кешкі сағат онға шекте, оқу үйі жабылғанша отырып, апталық, айлық журналдарды қарастырды. Бұл жұмада уақыты үнемі осылай өтті. Күн сайын үш мың сөз жазып, кешкітұрым оқу үйіне барып, журналдарды шолып шығады. Ниеті баспа адамдарына қандай өлең, повесть, не әңгіме ұнайды екен, соны біліп алу. Ақыры бір жәйт анық болды — алуан-алуан жазушының қилы-қилы жазғаны өзінің қолынан келеді екен. Мұршат болса, олардың қолынан келмейтін көптеген дүниені жазып тастауға да шамасы бар сияқты. «Кітап бюллетенінен» бір мақала оқып, сүйсініп қалды, онда: «Киплинг әрбір сөзіне бір доллар алады, ал жаңа жаза бастаған жазушылар (осы арасы өзіне ала бөтен қатты ұнады) – жақсы журналдардан әр сөзіне кем дегенде екі центтен қаламақы алады» депті. «Жастар серігі», әрине, жақсы журнал, ендеше күніне жазып жүрген әрбір үш мың сөзіне алпыс доллардан ақша алашақ. Ал мұнша сомаға бола кемеге жалданып, екі ай теңізде тентіремек керек.

Жұманың кешіне Мартин повесін аяқтады. Аттай жиырма бір мың сөз жазыпты. Әрбір сөзіне екі центтен қойғанда да — төрт жүз жиырма доллар төлеуге тиіс. Бір апталық еңбегі үшін мұны аз ақы деуге болмайды. Өмірінде уысына бір сәтте мұнша көп ақша оралып көрген емес. Оны қайда, неге жұмсарын біле алмайды. Япырау, мынау дегенің бір алтын көзі ғой! Дәулеттің таусылмайтын қайнар бұлағы емес пе! Ол әуелі әдемі киінеді, сонан кейін бір құшақ газет-журнал алдырады. Кітапханаға күнде-күнде жүгіре бергенше, анықтама атаулыны ақшасына сатып алады. Соның өзінде де төрт жүз жиырма доллардай қыруар ақша артылып қалғалы отыр. Енді оны қайда жұмсамақ керек, осыны білмей басы қатты. Сөйтіп отырғанда Гертрудаға қызметші әйел жалдап, Мэриенге велосипед сатып әперуіме болады екен ғой деген ізгі ой келді.

Мартин көлемді қолжазбасын «Жастар серігіне» жөнелтті. Сенбінің кешіне інжу іздеушілер туралы тағы бір очерктің нобайын ойластырды да, Руфьтікіне баруға ұйғарды. Үйінен шығарда телефон соққан, алдынан Руфьтің өзі шығып, күтіп алды. Қызға қарсы келген қайратты жігіттің пысы бүкіл денесін отша шарпып, бойындағы жігері өзіне дарығандай қызуы тамыр-тамырына тарап, қалтыратып жібергендей көрінді. Жігіттің де қызбен қол алысып мөлдіреген көгілдір көзіне көзі түскенде, екі беті ду еткен, бірақ ыссы жақта сегіз ай жүріп, күн қаққан жүзінің қызарғанын қыз аңғарған жоқ. Ал мойнындағы жағаның сызатын күн тотығы кетіре алмапты. Руфь оған күліп жібере жаздады. Костюміне көзі түскенде ғана күлкісі тыйылды. Өзіне өлшеп тіктіргендіктен бе, шалбары өте жарасымды, бойы да сұңғақты, сұлу сияқты көрінді. Кепка орнына жұмсақ қалпақ киіп келген екен. Руфь оны кигізіп қарады, ұнатты, насаттанды. Өйткені, осының бәрі өз ісінің жемісі, мақтанышы. Қыз жүре-бара жігітті өстіп қақпайлай берем ғой деп ойлады.

Руфьті өте-мөте қуантқан, әрі өзіне айрықша мәнді көрінген — сөзіндегі өзгеріс. Қазір ол дұрыс сөйлеуінің үстіне еркін сөйлей бастаған, сөз қоры да әжептәуір молайған. Кей-кейде елігіп кеткенде, ескі әдеті бойынша жаргон сөздер қолданып, жалғау-жұрнақтарды елемей кеткені рас, жуық арада ғана жаттап алған кейбір сөздерді айтқанда мүдіріп те қалады. Мәселе, тегі, дұрыс сөйлеуінде ғана болмас. Руфьті қатты қуантқан оның жеңіл, еркін сөйлей бастауы, сөз тапқырлығы, тілінің өткірлігі. Абзалы, бұл жаратылысынан қу тілді, әзілқой адам болуынан да шығар. Мартинді жолдастары сөзуарлығы үшін де жақсы көретұғын. Бірақ, бұрын қыз алдында ұялып, лайықты сөз тауып айта алмай, өнерін көрсете алмай жүрген. Енді ол аз-аздап бойы үйренгеннің соңында қызға соншалықты жат адаммын деп ойламайды. Әйткенмен, артықша сақтық жасайды, Руфьтің именбей әзіл айтуына ерік беріп, өзі қатардан қалыспағанымен сөзшеңсіп, алдын орағысы келмеуші еді.

Қызға ол өзінің жазушылық талабын, жазғанда күн көріске қаражат табу үшін жазып, бір жағынан, оқи беретінін айтты. Қыз оның ниетін қостамады, күдік айтты.

— Әдебиет те — көп кәсіптің бірі,— деді ол тікесінен.— Мен оған әрине, жетік адам емеспін, әншейін жалпыға мәлім жағдайды ғана айтам. Әуелі үш жыл, тіпті, бес жыл үйренбейінше темірші ұста болу да мүмкін емес. Бірақ, ұстадан гөрі жазушының табысы көп, сондықтан әркімнің-ақ жазушы болудан дәмесі бар, бәлкім, көп адам күш сынап та жүрген болар.

— Ал осыған менің қабілетім жетпейді деп ойлайсыз ба?—деді Мартин орынды сөз тауып айтқанына іштей қуанып, қиялы шарықтап ала жөнелді, көлденең кісідей мынау қонақ үйдегі әңгіме-мәжіліске көз тастады, онымен қосарланып өткен өмірінің жүздеген сорақы, жиіркенішті жәйттері де елестейді.

Бұл көріністер ой-өрісін, сөз бағдарын бұзбастан, көз алдынан заматта өтіп кетті. Енді қиялының экранында Мартин мынау сыңсыған кітап пен суреттердің ортасында, мәдениет пен тәрбиелі тұрмыстың ұясындай көркем, жайлы бөлмеде сылаң қаққан сұлудың жылы шырайын, онымен таза ағылшын тілінде тамаша әңгіме шертіп отырған өзін көрді. Біртегіс әдемі жарық түскен бұл сахна экранның ортасында. Оның айнала жиегінде бір көрініп, бір сөнген өзге көп көрініс. Мартин соның ішінен қалағанын көре алады. Ымырт қараңғысындай қалтыраған осы боз тұманда әлдебір қызғылт сәуленің жарығымен бейнелер ап-анық болып, толқындай тоғысып өтіп жатыр. Міне, шарапханада жалынын жалпылдатып, отты виски ішіп жатқан ковбойлар, олардың әдепсіз сөздері, айғай-шуы естіледі. Ішінде өзі де жүр. Шарап сататын үлдіріктің алдында аты шулы маскүнем бұзақылармен арақ ішіп, балағаттасып тұр немесе солармен бірге стол басында сықсиған кәресін шамның жарығымен карта үлестіріп, фишка соғып отыр. Тағы бір сәтте өзін өзге жағдайда көрді — «Сасквеганнаның» бағында белуарына дейін жалаңаш, қос жұдырығын кезеніп, қалшиып, Ливерпульдің жирен сотқарымен соғысқалы тұр; онан кейін «Джон Роджерстің» қып-қызыл қан жосыған палубасы елестеді. Ол күні таңертең бүліншілік басталарда күн бұлыңғыр еді. Аға көмекші өлім халінде жанталасып, тыпыршып жатқан, ал капитанның қолында көк түтіні шұбырған револьвер, кекті ыза кернеген матростар, әлдекімге айғайлап, қарғыс айтып жатқан жаралы адамдар. Осылардың ортасында жарқыраған жаңағы тым-тырыс сахна, кітаптар мен суреттер, өзімен кеңес құрып отырған Руфь. Қасында үлкен рояль тұр. Қыз көп ұзамай өзіне арнап, музыка ойнап берешек. «Ал осыған менің қабілетім жетпейді деп ойлайсыз ба?» деген өз сөзі саңқ ете түсті.

– Адамның темір соғуға қабілеті болуы мүмкін, бірақ құр қабілеттен не өнеді? Әуелі үйренбей, ұстармай ұста болыпты дегенді естігенім жоқ.

– Сонымен маған не кеңес бересіз? Есіңізде болсын: менің қолымнан жазу келеді, оны өзім анық сеземін. Айтып түсіндіру қиын, бірақ шыны осы.

– Түбінде жазушы боласыз ба, болмайсыз ба, ол өз алдына, бірақ оқығаныңыз мақұл. Кім болсаңыз да білім керек және кездейсоқ таяз білім емес, жүйелі білім алғаныңыз жөн. Ол үшін мектепке түспей болмайды.

– Иә... – деп келе жатыр еді жігіт, Руфь сөзін бөліп:

– Бір жағынан, жаза беруіңізге де болады ғой,— деді.

– Өйтпесіме лажым бар ма менің?—деді Мартин жұлып алғандай.

– Неге олай дейсіз?

Қыз жақтырмай қарады: өз дегені болмаса, өзгенің айтқанына көне қоймайтын қарыспа мінезін жаратпады.

– Олай дейтінім— маған онсыз оқу да жоқ. Уақытылы тамақ ішіп, киім киіп, кітап сатып алуым керек емес пе.

– Мен осыны ұмыта беремін,— деп күлді қыз.— Табысыңызбен бірге тумаған екенсіз.

– Қолқам сау, ой-қиялым алғыр болсын деп тілеймін, табыс ешқайда қашпас. Қиратып көп жұмыстар жасап тастар едім-ау...—«сіз үшін» деген сөз аузынан шығып кете жаздады да, – сылтауы болса,— дей салды.

— «Жұмыстар» деуші болмаңыз,— деді қыз жорта шошып кеткен адамдай.— Тым тұрпайы естіледі.

Мартин ұялып қалды.

— Дұрыс айтасыз, қате сөйлесем, осылай түзете беріңіз.

— Мен... мен аянбаспын-ау,— деді Руфь өзіне-өзі сенбегендей. Сіздің жақсы қасиетіңіз аз емес. Сол жақсыға жақсылық жамала берсе екен деймін.

Мартин майдай еріп, саз балшықтай созылды, қыз қалай илесе де көне беретін тәрізді. Қыздың арманы уысына ілеккен саздан өзі қалаған еркектің бейнесін жасау. Руфь: алдағы дүйсенбіде орта мектепке түсетіндерден емтихан алады екен деп еді, Мартин елбелектеп, емтихан тапсыруға тағайын екенін айтты.

Осынан кейін қыз ұзақ уақыт рояль ойнады, ән салды. Мартин көз алмай сұқтана қарап отырды; беу тәйірі-ай, деп ойлады ол ішінен, бұл қызға қошеметшіл көп адам неге қырындамайды екен, мен сияқты олар да өбектеп, іштен тынып, ынтығып, санадан неге сарғаймайды екен.

Оныншы тарау

Сол күннің кешінде Мартин Морздардың үйінен қонақасы ішкен. Бұған Руфьтің өте риза болған бір жері Мартин әкесіне қатты ұнап қалыпты. Ac үстінде әңгіме теңізшілердің төңірегінде болған. Бұл жайды Мартин өзінің бес саусағындай жақсы біледі. Кейін мистер Морз Мартинді өте зейінді, естияр жігіт екен десе керек. Сол күні ол оғаш сөз айтпауға барынша тырысып, пікірін асықпай, ойланып айтып баққан. Мұнан бір жыл бұрынғы бірінші рет болғандағыдай емес, Мартин өзін стол басында да еркін ұстап, кішіпейіл, тіпті ибалы қалып көрсеткен. Ал мұнысы миссис Морзға ұнайды. Ол кісі жігіттің мүлдем өзгеріп, ысылып қалғанына әрі сүйсінеді, әрі таң қалады.

— Бұл Руфьтің назары түскен бірінші еркегі,— деді кейін ол кісі өзінің жұбайына,— бұған дейін еркек атаулыға өзі тым селқос, салқын қараушы еді ғой. Соңғы уақытта бұл қылығынан тіпті қорқып жүруші едім.

Мистер Морз зайыбына таңырқай қарады.

— Немене, мынау жас матрос уыздай баланың әйел сезімін оятсын дегің келе ме?

— Мен балапаным кәрі қыз атанып, бұл дүниеден қу тізесін құшақтап өтпесе екен деймін. Егер Мартин Иден арқылы оның жалпы ер адамға мейірі оянса — тым жақсы.

– Өте жақсы! – деді мистер Морз да.—Бірақ, біршама болжал айталық, иә, қымбаттым, кей-кейде осылай тұспалдауға да тура келеді. Мәгәрки, қызыңның жалпы еркекке емес, бір ғана кісіге мейірі түсіп кетсе қайтесің?

– Бұл мүмкін емес,— деді күліп миссис Морз.— Жігіт Руфьтен үш жас кіші, олай болатын ешбір реті жоқ. Жаманатқа жорымай-ақ қой. Маған сен.

Сонымен, Мартин Иденнің атқаратын ролі анық болды. Ол тұста ол әдеттен өзге бір ермек ойлап тапқан. Оны есіне салған Артур мен Норман еді. Әңгіме жексенбі күні қала шетіне велосипедпен серуенге шығу туралы. Бәлкім, Руфьтің баратынын естімесе, Мартин де еліге қоймас еді. Ал өзі бұрын-соңды велосипед жүргізіп көрген емес. Руфь жүргізе біледі екен, олай болса мұның да үйренуі керек. Сондықтан, үйіне қайтып бара жатқан бетінде ол жолыңғай магазинге кіріп, қырық долларға велосипед сатып алды. Қиналып бір ай жұмыс істесе де ақысына мұнша сома ала алмас. Әрине, бұл шығыны өзіне оңай тиген жоқ. Дегенмен «Барлаушыдан» алуға тиісті жүз долларының үстіне «Жастар серігінен» алашақ төрт жүз жиырма долларын қосып, бұл ақшам бір мұқтажыма жарады деп қуанып қойды. Велосипед үйренуге шыққан бойда-ақ үржаңа шалбары мен пенжегін жыртып алғанын елең қылған жоқ. Хиггинботамның дүкенінен тігіншіге телефон соқты да, жаңа костюм тігуге заказ берді. Сонан соң велосипедін сыртқы тар басқышпен бөлмесіне алып кірді. Оны қою үшін керуетін қабырғадан бері жылжытты. Сонымен, бөлмесінде өзі мен велосипедінен басқаға ұлтарақтай да орын қалған жоқ.

Жексенбі күні ол емтиханға әзірленбек болған, бірақ інжу іздеушілер туралы әңгімеге зейіні түсіп, ұзақты күн бас алған жоқ, санасын оттай жарқыраған суреттердің сұлулығын қағазға түсіргенше қиялы алас ұрды. «Барлаушы» бұл жексенбіде де қазына іздеушілер жайындағы әңгімесін баспаған екен. Оны да елең қылған жоқ. Тегі, қиялдың пырағына мініп, шығаннан шығып кеткен ғой, үй ішінің екі рет асқа шақырғанын да естімепті. Сонымен, мистер Хиггинботамның әдетте жексенбі күндері ғана әзірленетін жылы-жұмсағынан құр қалды. Мистер Хиггинботамның ойынша, осылай қонақасыға сылқита бір тойғызу – молшылық пен берекенің белгісі. Мол дастарқан үстінде отырып, ол өз-өзінен бөсер еді. Әсіресе, американдық тұрмыс салтының артықшылығы туралы, сол керемет дәстүрдің адамға берешек мүмкіншіліктері жайлы мәселен, оның алабөтен тамсанып айтатыны, овощ сататын дүкеннің приказчигінен сауда кәсібінің қожайыны болып көтерілуге де болатындығы турасында сөкет бірдемелерді сөйлеп отыратын әдеті еді.

Дүйсенбі күні таңертең Мартин Иден інжу іздеушілер туралы бітпей қалған очеркіне іші ашығанымен, Оклендтегі мектепке барды. Арада бірнеше күн өткеннен кейін қорытындысын білмекке тағы барды, ондағылар грамматикадан өзге пәннің бәрінен құлағанын айтты.

— Сіздің грамматикадан түсінігіңіз тым жақсы,— деді оған профессор Хилтон әйнегі қалың көзілдірігі арқылы тесірейе қарап,— бірақ басқа пәннен дәнеме білмейсіз, Құрама Штаттардың тарихы туралы берген жауабыңыз тіптен сорақы, басқаша айтуға болмайды. Сізге берер кеңесім...

Профессор Хилтон үндемей қалды, Мартинге өзінің толып жатқан шөлмегінің бірі сықылды немқұрайды селқос қарады. Профессор мектепте физикадан сабақ береді, семьясы көп, жалақысы аз, тоты құстай сайрап, қайта-қайта айта беретін бірсыдырғы жаттанды ғана білімі бар адам.

— Солай ма, сэр — деді Мартин жүні жығылып, ішінен профессор Хилтоннан гөрі анықтама бөліміндегі кітапханашымен ақылдасқаным артық еді деп ойлады.

— Сізге берер кеңесім: бастауыш мектепте әлі де болса бірер жыл оқыңыз. Ал, жолыңыз болсын!

Мартин онша ренжімеді. Кейін профессор Хилтонның сөзін Руфьке айтқан еді, ол ренжіп қалды. Руфьтің шын қынжылғаны сонша, Мартин болған іске емес, қыздың қайғырғанына қатты өкінді.

— Міне, көрдіңіз бе, менің айтқаным келді ғой,— деді қыз оған.— Біліміңіз анау-мынау студенттен кем болмағанымен, емтиханнан өте алмадыңыз. Себебі, сіз жүйелі білімі жоқ, тек тиіп-қашып оқыған адамсыз. Сізге жүйелі білім алу лазым. Ол үшін жақсы оқытушыңыз болуға тиіс. Түбінде тиянақты білім алмай болмайды. Профессор Хилтон дұрыс айтқан. Мен сіздің орныңызда болсам, кешкі мектепке түсер едім. Оны жыл жарымда бітіріп шығасыз, алты ай уақыт үнемдейсіз. Күндіз жазу жазарсыз, ал қаламақымен күн көре алмасаңыз, басқа кәсіппен айналысуға да уақытыңыз болады.

«Егер мен күндіз жұмыста, кешке мектепте болсам, сізбен қай уақытта көрісем?»—деген ой келді ең алдымен Мартинге, бірақ бұл ойын айтуға бата алмай, оның орнына:

— Кешкі мектепке жүгіріп жүру баланың ісі ғой,— деді.— Егер түбінде еңбегім жанатынын білсем, бұған да қарамас едім. Бірақ, осынан, меніңше, ештеме өнбесе керек. Мен мектеп мұғалімдерінен оқығаннан да, өз бетімше оқысам, тез үлгеремін. Мектепте көп уақытым зая кетеді (бұл сөзді уақытын қимағандықтан емес, қызды қимағандықтан айтты), ал мен уақытымды босқа жұмсай алмаймын. Бос уақытым жоқ та!

– Орындайтын жұмысыңыз да аз емес қой.

Қыз мейірлене қарады. Мартин бірден көне салмай, қарсы келгеніне қатты өкінді, «нағыз есерсоқпын-ау»,— деп ойлады.

– Физика меи химия оқу үшін лабораторияға қатынап тұрмай болмайды, – деді қыз.— Алгебра мен геометрияны өз бетіңізше еш уақытта меңгере алмайсыз. Сізге жетекші керек, тәжірибелі маман-педагог керек.

Мартин енді оның осы сөзіне бір жақсы жауап қайтарайыншы деп, әжептәуір ойланып қалды.

– Мені мақтанып отыр екен деп ойламаңыз, мәселе онда емес, – деді ол. – Менің не нәрсеге болса да тез үйреніп кетем ғой деген үмітім бар. Қай білімге де өздігімше жетіліп кете берсем. Айдын сусыз күні жоқ үйректейін мен оқуға әбден шөлдеген адаммын. Грамматиканы қалай тез меңгердім, көрдіңіз ғой. Онын өзге талай дүниені де оқып білдім. Көп нәрсеге көзім ашылды. Ал менің шындап оқи бастағаным енді ғана. Маған әлі жетіспей жүрген тағы бір нәрсе бар... – деп сәл кідіріп қалды, – ол, инерция. Мен линияға жаңа тұра бастаған жанмын.

– Линияға тұру деген неменесі тағы?—деді қыз сөзін бөліп.

– Ненің не екенін енді аңғара бастадым дегенім ғой.

– Бұл мағынасыз фраза.

Мартин басқаша айтып түсіндірмек болып:

– Мен ішімдегі бағытты жаңа-жаңа түсініп келем,— деді.

Бұл жолы қыз аяғаннан ғана үндеген жоқ.

– Меніңше, ғылым карта сақтайтын штурманның рубкасы сықылды. Кітапханаға барсам, үнемі ойыма осы келеді. Мұғалімнің мақсаты шәкіртіне сол дайын тұрған картаның бәрін рет-ретімен таныстыру. Сол ғана. Ол жол бастаушы, жетекші, жанынан ештеңе қоса алмайды, жаңалық айта алмайды. Картада бәрі бар. Оның міндеті жаңа келген шалағай шәкірт шатасып жүрмесін деп, қайсысының қайда жатқанын айтып беру. Мен шатаспаймын, адаспаймын. Жершілмін. Немене істейтінімді өзім білем... Мен тағы қателесіп кеттім бе?

– «Немене істейтінімді» емес, «не істейтінімді» деу жөн,— деді Руфь.

– Дұрыс айтасыз, «не істейтінімді» екен ғой,— деді ол түзеткеніне разы болып.— Мен әлі не айтып едім? Иә, теңіз карталары турасында екен ғой. Сонымен: қайсыбіреуге...

– Қайсыбір кісіге,— деп тағы да түзетіп қойды Руфь.

— Қайсыбір кісіге жетекші керек. Солай ғой. Маған керек емес. Мен өз жөнімді өзім білем, картаның да талайын көргем. Қай жағалауды қалай зерттеуді ешкімнен сұрамаймын. Және өзім зерттесем, тез үлгіремін. Флоттың жүйріктігін ақырын жүзетін кеменің жүрісімен өлшейді. Мектепте де солай. Мұғалімдер нашар оқитын шәкірттерінен озып кете алмайды. Ал мен жеке оқысам, ешкімге қарайламай, озып жүре берем.

— «Жалғыз жүрсең, тез жүрерсің,»— деген ғой деді қыз.

«Жоқ, жалғыз жүргім келмейді, сізбен бірге болғым келеді», дей жаздады Мартин. Көз алдында күн нұрына шомылған шексіз кеңістік пен жұлдызды аспан сапары елестеді, өзі қызбен қол ұстасып, ұшып барады, оның желбіреген алтын шашы бетін қытықтайды. Жігіт тілі мүкі, сөзге долаң екенін сезеді. Па, шіркін, мына ғажайып суретті бұлжытпай сөзбен қыздың көз алдына келтіре қояр ма еді! Қиялындағы елесті қызға суреттеп бергісі келгені сонша, тұла бойы тітіркеніп, тебіреніп кетті. Бір ой caп ете түсті. Тоқта, түсіндім! Құпия сырдың кілті табылды. Ұлы шеберлер ақын-жазушылар өстеді. Олардың ұлылығы осында. Олар көргенін, сезгенін, ойындағысын сөзбен айтып бере алады. Күн шуақта қалғып отырған ит те түсінде қыңсылайды, үреді. Бірақ бұған не нәрсе себеп болғанын білмейді! Өзі сол күн көзінде қалғып отырған төбет тәрізді. Ертегідей таң ғажайып түс көргенімен, Руфьке оны бейнелеп айтып беруге тіл дәрмені жетпейді. Мұнан былай маужырай беруге болмас. Көкірегі оянып, көзі ашылып, тіл күрмеуі шешілгенше, өзі көрген ертегідей елестерді қызға айтып беру дәрежесіне жеткенше ол оқиды, жалықпай жұмыс жасай береді. Ой-пікірін айта білу сыйқырына жетілген, сөзді өзінің құлы еткен, сөз тіркесін түрлендіріп, онан айрықша бір жаңалық жасай білетін, сол жаңалығынан жеке мазмұндардың жабайы жиынтығынан гөрі анағұрлым әсем дүние жасай білетін адамдар бар. Көптен бері таптырмай, шыбын жанын қинаған осы құпияның қас пен көздің арасында сырын ашқанына өзі қайран. Тағы да жұлдызды, нұрлы әлем елес берді. Бір уақытта есін жиып, үн-түнсіз отырып қалғанын сезіп, таңырқап, айналасын аңдаса, Руфь бетіне қарап, жымың қағып отыр екен.

— Мен жаңа ғана өңімде түс көрдім,— деді Мартин жүрегі әлденеге тайдай тулап. Бұл сөз аузына қалай түскен! Үндемей қалғанын дұрыс, дәл түсіндірді ғой. Ғажап! Ешуақытта көркем ойын сөзбен айтып көрген емес еді. Айтуға талпынған да емес еді. Ия. Түсінікті. Бұрын мұны машық етпеген ғой. Суинберн, Теннисон, Киплинг тағы сондай ұлы ақындар талпынған, еңбегі далаға кетпеген. Өзінің «Інжу іздеушілері» есіне түсті. Рас, көкейіндегі көркем сұлулықты сөзбен бейнелеуді ешқашан мақсат етпепті. Олай етсе, әңгімесі де әдемі болып шығады екен. Қилы-қилы қызық дүниені жазып тастауға болатын сияқты. Тосыннан түскен ой сескендірді де. Қиял тоқтаусыз самғайды. Сұлулықты ұлы ақындарша сөз асылы, құлаққа жайлы, жүрекке жылы өлеңмен жыр етсе қайтеді? Ең болмаса өзінің Руфьке махаббатын, оның қасиеті мен мөлдірлігін айтып берсе ше? Басқа ақындардың қолынан келгенде мұның қолынан келмей ме? Олар ғашықтық шерін шертсе, бұл неге шертпейді. Әлі-ақ шертермін, шайтан алғырыңды!

Бұл сөздер күркіреген күндей күңіреніп естілді. Қиялға еріп кеткен Мартин соңғы сөздерін дауыстап айтып жіберген еді. Тотыққан беті нарттай болып қызарып кетті.

– Мен... мен... кешіре көріңіз,— деді ол сыбырлап,— ойға шомып кетіппін...

– Бұл сөзіңіз маған «тәңіріге ғибадат етіп, ұйып кетіппін» дегендей болып естілді, – деді қыз әзілдегендей, бірақ әлденеге іші-бауыры қалтырап кетті оның.

Мұндай былапыт сөзді таныс кісіден тосын естіген Руфь қатты қобалжыды, сыпайы лебізге үйренген құлағы мен сезіміне бұл сөздің өте оғаш естілгендігінен де емес, оны шошындырған өзінің қымтаулы, бұйығы өміріне лап қойған осынау өткір желдің ызғары еді.

Дегенмен, қыз Мартинге кешірім етті, кемшілігін жаба тоқығанына өкінді де. Бірақ, өзгеден гөрі бұған кеңшілік жасауға болатын шығар, себебі, ол өмірдің опық жеген өгей баласы. Құлашын кеш сермегенімен, көп нәрсеге енді ғана қолы жетіп отыр. Әлбетте, Руфьтің жігітке жаны ашуының шын себебін басқаша оп-оңай түсіндіруге де болар еді. Ол өзге сылтау Руфьтің қаперіне келген жоқ. Ал жігітке көңілі ауып жүргенін абайламады Қайдан абайласын-ау. Жиырма төрт жыл ғұмырында ғашық болу түгіл, жігітті жарату дегеннің не екенін білмепті. Әлі ғашық отының шарпуы тимеген қыз енді соның мейірі жүрегіне жылы тиіп жүргенін түсінбеді.

Он бірінші тарау

Мартин «Інжу іздеушілеріне» қайтадан отырған. Оны тез арада бітіріп тастауға жағдайы бар еді, әлдеқалай өлең жазуға аңсары ауып кетті. Бұл — Руфьке ғашықтық сезімінен туған шабыты. Бірақ өлеңнің ешбірін аяқтай алған жоқ. Аз уақытта поэзия өнеріне жетіле қою оңай ма. Өлеңнің ырғағын, өлшемін, жалпы құрылысын қиыстырудың өзі қиын. Оның үстіне ұлы ақындардың өлеңінде кездесе беретін, бірақ өз өлеңіне әлі енгізе алмай жүрген бір қасиет бар. Ол уысына оралмай кеткен поэзияның рухы. Мартинге осы рух жарқын нұр, құбылмалы мөлдір мұнардай көрінеді, қолы тисе ыдырап, жоқ боп кетеді де, ең сәті түсті дегенде уысына сілемі ғана ілігіп, көңіліндегі күмбірлеген музыкаға ұқсас өлеңнің бірен-саран тармағы ғана аузына түседі немесе көз алдынан тек елес беріп өте шығады. Сөйтіп қинайды. Нелер көркем сезім тілінің ұшында ғана тұрғанымен, ауыздан шықса, ажары кетеді. Кейде Мартин өлеңін дауыстап оқып қарайды. Өлшемі қағидаға сай, ұйқасы мен ырғағы дұрыс, әттең, татуы жоқ, әсерлі рухы жоқ. Неге бұлай? Осының себебін біле алмай-ақ қойғаны... Кей уақытта күдер үзіп, очеркіне қайта оралады. Тегі, ыңғайға оңай көшетін құрал проза ғана болса керек-ті.

Інжу іздеушілер туралы очеркін жазып бітіргеннен кейін Мартин теңізшінің кәсібі жайында, тасбақа аулау жайлы, солтүстік-шығыс пассаты турасында тағы бірнеше очерк жазған. Мұнан соң тәжірибе ретінде сюжетті, ықшам әңгіме жазуға талаптанып, қыза-қыза алтауын жазып тастады. Оның бәрін журналдарға жөнелтті. Ара-тұра кітапханаға немесе Руфьке барғаны болмаса, қалған уақытында таңертеңнен кешке дейін тіпті, түн ортасына дейін тапжылмай отырып, жемісті еңбек етті. Мартиннің бұл творчестволық құмары ешуақытта тарқамаған, қызықты тамашалары мол, айрықша бақытты күндері еді. Бұрын жаратушылық деген тек тәңірінің ісі шығар дейтін. Енді оның қуанышына өзінің де қолы жеткендей. Айналасындағы бәрі – шіріген овощ пен сабын судың исі, соңғы кезде болжырап, сары кідір тартқан апасы, мистер Хиггинботамның зымиян, зәрлі кескіні ұйқыда көрген түс сықылды. Ал ақиқат, шын дүние тек өз миында. Жазып жүрген әңгімелері сол дүниенің сілемі тәрізді.

Көп білмекке айрықша құмартуынан ұзақты күн қысқа көрінеді оған. Енді күн тәулігіне бес сағаттан артық ұйықтамайтын болды. Төрт жарым сағат ұйықтап та байқаған. Бірақ бұрынғы бес сағаттық нормасына амалсыз қайта көшті. Басқа уақытының бәрін, барша зейін-ықыласын жазуы мен оқуына жұмсайды. Жазуынан әзер бас көтеріп, оқулығын қолға алады, оны тастай беріп, кітапханаға жүгіреді, кітапхана сынды ғылымның штурмандық рубкасында жатқан әртүрлі әңгіме басылған журналдарды қарамай кетуге көзі қимайды. Себебі, жазушылардың журналға не қасиетімен ұнап жүргенін білмек керек. Ал Руфьтің үйіне барса, қайтқысы келмес еді, далаға шықса, аңсаған кітаптарына асығып, қараңғы көшелердің бойымен жүгіре жөнеледі. Бірақ, бәрінен де уыз ұйқы ұялаған көз шырымын алу үшін алгебра мен физика оқулығын немесе қалам мен қағазын тастап, тұрып кетуден қиын нәрсе жоқ. Ұйқыға өмірінің аз уақытын да қиғысы келмейді; жатарда бес сағаттан кейін будильник оятады ғой деп көңілін жұбатады. Бар болғаны бес сағат уақытым зая кетеді екен, көп ұзамай сағаттың шыр еткен ащы дауысы оятып жібереді, сонда алдымда он тоғыз сағат жұмыс істейтін уақытым бар екен, деп ойлайды.

Уақыт шіркін зымырап өтіп барады. Ақша болса азайды. Ешқайдан қаламақы келген жоқ. «Жастар серігіне» жіберген қолжазбасы бір айдан кейін қайтып оралған. Қабылдамау себебін тым-ақ майдалап жазған екен, Мартин баспаса да риза болды. «Сан-Франциско барлаушысын» мүлдем құдай атты. Онан екі жетідей жауап келмеген соң, Мартин хат жазған. Тіпті болмаған соң, редакторымен жүзбе-жүз жолығайын деп өзі барған. Барса есігінің алдында қалшиып, қырағы сақшы тұр екен. Жирен шашты балаң жігіт редактор сынды ел азаматымен дидарласуына рұқсат етпеді. Бес аптадан кейін, ешбір сылтау-себебін айтпастан, қолжазбаны почта арқылы қайтарыпты. Не жақсы, не жаман деген бір ауыз сөз жоқ. Сан-Францисконың ірі-ірі газеттеріне жолдаған өзге қолжазбалары да көп ұзамай осының ізін құшты. Сонан кейін Мартин шығармаларын шығыстағы штаттардың журналдарына жөнелткен, бірақ көзді ашып-жұмғанша бәрі де ұбап-шұбап, өзіне қайтып келді. Рас, әрқайсысының ішінде пайдалана алмадық деген тасқа басқан бір жапырақ қағаз бар екен.

Әңгіме атаулы да осының кебін киді. Мартин қайтадан бәрін бір емес, бірнеше рет оқып шыққан еді, өзіне ұнады. Ал журналдардың қаламаған себебін ешбір дәлелге сыйдыра алған жоқ. Сөйтіп жүргенде, газеттен қолжазбаны машинкаға бастыру шарт деген жаңалық оқып, көңіліндегі күдігі тарқағандай болған. Әлбетте, әлдекімнің адам танымайтын жазуымен әуреленіп жатуға редактордың қолы тимейтіні рас шығар. Сонымен, Мартин жалға жазу машинкасын алып, күнұзын басып үйренумен болды. Ол енді күндіз жазғанының бәрін күн сайын кешке машинкаға көшіріп басады. Және бұрын жазғандарын да біртіндеп көшіре берді. Кейін осының өзін ешкім қабылдамай қойғанда, зықысы шыққан Мартин ерегісіп, иегі көстиіп, қайта келген қолжазбаларының адресін өзгерте салып, басқа жерге жіберуден жалықпады.

Ақыры бір күні өз шығармасына өзінің дұрыс баға беруі алмағайып нәрсе екенін ойлап, Гертрудаға сынатпақ болды да, бірер әңгімесін оқып берді. Гертруданың екі көзі жайнап, інісіне мақтана қарап:

— Ойпырмай, осыны өзің жаздың ба,— деді.

— Иә, иә,— деді Мартин аптығып, апасының сөзін бөліп.— Айтшы, кәне ұнай ма өзіңе?

— Тәңірі шұнақ-ай! Ұнамағанда ше — өте ұнайды, көңілім қобалжып кетті ғой, мұқым!—деді.

Бірақ, Мартин әңгімеге оның түсіне қоймағанын байқады. Ақкөңіл апасының аңқаулау кескініне қарағанда, ішінен «қайдам» деп тұрғандай көрінеді. Бірақ, Мартин ақырын күтті.

— Әңгіменің аяғы немен тынады, Март?— деді біраз кідіріп қалған Гертруда.— Немене, әлгі таңдайы тақылдаған жігіт... қызға үйлене ме?

Мартин әңгіменің немен аяқталатынын және оны сюжеттің төркінінен де тануға болатынын түсіндіріп еді, Гертруда:

— Оның рас, сонда да турасын айтқаның жөн еді,— деді.

Он шақты әңгімесін оқып бергеннің соңында Мартиннің байқағаны апасы, сірә, әңгіменің ылғи «бай болып, барша мұратына жеттімен» аяқтала бергенін жақсы көретін сияқты.

— Айтып-айтпай не керек, әңгімең жақсы-ау,— деді астауға кір салып жуып жатқан Гертруда бойын жазып, күрсініп, баржиған қып-қызыл қолымен маңдай терін бір сүртіп қойып,— бірақ, тым қайғылы екен. Көңілім босап кетті. Қайғы мен зар аз емес қой онсыз да. Зәуде бір жақсы лебіз естісем, көңілім көтеріліп қалады. Егер әлгі екеуінің көңілі жарасып, отасып кетсе, қандай жақсы болар еді... Немене, Март маған ренжіп қалған жоқсың ба?— деді қипақтап.— Мүмкін қажып жүргесін, маған солай көрінген шығар. Шынын айтсам, әңгімең тәп-тәуір, әп-әсем. Қайда бастырмақсың?

— Бұл өзге мәселе,— деді ол күлімсіреп.

— Егер бастыра қалсаң, қаламақысына қанша төлер екен?

— Жүз доллар төлейтін шығар, кемінде.

— Оһо! Илаһи, бір жерге бастыра гөр!

— Аз емес қой деймін, ә?—деді ол, сонан соң желпіне сөйлеп:— есіңде болсын, мен мұны бар-жоғы екі күнде жазып тастағам. Сонда күніне елу доллардан келгені ғой!

Мартин әңгімелерін Руфьке оқып беруге де құштар. Тек бата алмай жүр. Бірлі-жарымы әуелі басылып шықсын — сонан кейін қыз өзі бағалар, деп үміттенеді. Сөйте жүре оқуын да ұмытқан жоқ ол. Білімнің зерттелмеген нуын аралаудан өзге не қызық бар. Физика мен химия оқулығын сатып алып, алгебраға қоса физика заңдарына жетілді, қағидалардың шындығын өзінше дәлелдеуге жаттықты. Ал экспериментті өзі жасамай-ақ, жасағандардың айтқанына сене береді, себебі, жүйрік қиялы химиялық түрлі реакцияны көзіне өзі көргендей елестететін де, оны тәжірибе жасауға қатысқан студенттерден артық түсінетін. Оқулық бетін аударған сайын Мартин табиғат пен дүние хикметінің пердесін бірте-бірте ысырып ашқандай болады. Бұрын дүниені бір тұтас болмыс деп таныса, енді оның құрылысын, энергия мен материяның бір-біріне қатысы мен әсерін ұға бастады. Оның ақылы көптен таныс жайттардың түпкі төркінін аңғарып отыратын болды. Мәселен, рычаг пен блог теңізде өзі талай айналысқан лебедка мен жүк кранын есіне түсіреді. Теңіз айдынында кемені жолынан жаздыртпайтын навигация қисынын да бірден оңай түсінді. Дауылдың, жаңбырдың, топанның сыры мәлім болды; пассат желдерінің пайда болу себебі айқындалды; осыған орай өзінің солтүстік-шығыс пассаты туралы бұрын жазған очеркін тым асығыс жаздым ба деп, дұрыстығына шүбә келтіре бастады. Мұнан былай пассат туралы жазса, анағұрлым жақсы шығатынын сезеді. Бірде ол Артурға еріп, университетке барған, онда лабораториялық тәжірибелерге айрықша зейін аударған, физика профессорының лекциясын ұйып тыңдаған.

Ол әдебиетпен де шұғылдануын қойған жоқ. Очерк пен әңгімелер қаламының ұшынан тоқтаусыз төгіліп жатады. Ара-арасында журналдарда басылып жүрген қара өлең сықылды қарапайым дүниелерді де жазып тастайды. Әлдеқалай шабыты келіп, екі жұмада ұйқассыз өлең түрінде трагедия да жазған еді. Бірақ бірден бес-алты баспашының қабылдамай, қайтарып жібергеніне таң қалды. Бір күні Гэнлидің шығармасын оқып, «Ауруханада жатып жазған поэмаларының» үлгісімен теңіз туралы бір цикл өлең жазды. Бұл романтикаға толы, айбынды, мөлдірдей таза, әдемі, бірақ, қарапайым өлеңдер еді. Оны Мартин «Теңіз толғаулары» деп атады, бұрын-соңды жазғандарының ішіндегі ең тәуірі деп бағалады. Цикл отыз тарау өлеңнен тұрады. Соның бәрін әр кеште бір тараудан жаза келе, бір айда бітірген. Ал күндіз ұзақты күнін прозаға арнады Оның бір күн бітірген жұмысына жұрт әуес көріп жүрген жазушының қай-қайсысы да бір жетіден кем отырмас еді. Бірақ, Мартин мұны шопақ құрлы көрген жоқ. Айта берсе, еңбекке санаған емес. Әншейін көп жылдан бері көкірегінде булығып жатқан көркемдік туралы ой-арманы бір күнде күркірей тасып, сыртқа шыққандай көрді.

Мартин «Теңіз толғауларын» ешкімге көрсетпеді де, редактор атаулыға сенімі кетуі сонша, ешқайда жібермеді де, бірақ бұл жолы шығармасын жібермей қоюына сенбестігі ғана себеп болған жоқ. Өлеңі өте жақсы шыққанына қуанышты еді ол. Қуанышына өзімен бірге Руфьтің де ортақ болғанын тәуір көріп, оқып беруге қолайлы сәтін күтті. Оған дейін өлеңін өз бойында ғана сақтамақ. Мезгіл-мезгіл оңашада дауыстап оқып, ақыры түгел жаттап та алды.

Өмірінің ояу уақытында Мартин Иден тыным көрмейді. Еңбек тынысы тіпті түсінде де тынбайтын тәрізді. Көз шырымын алуға лажсыз бөлген бес сағат уақыттың әрекетсіз өткеніне көнгісі келмегендей, ой-санасы күні бойғы толғанысын ұйқыда жатқанда да ақылға сыймастай қисынсыз қиялға айналдырып, тыным бермейді. Ынжық біреу болса, әлдеқашан сүре жығылар еді. Ол, тіпті, Руфьпен кездесуді де сиретті. Июнь айы таянып келеді. Көп ұзамай емтихан да басталады. Руфь университеттен дипломын алуға тиіс. Көркемөнер бакалавры болашақ! Сол есіне түссе, Мартинге Руфь өте алыстап, енді қайтып оған қолы жетпейтіндей көрінеді.

Әйтсе де, Руфь Мартинге жетісіне бір күнін қиды. Сол күні Мартин Морздардың үйіне түстеніп, түстіктен кейін музыка тыңдайды.

Бұл бір қызық мереке. Морздардың тұрмыс салтанаты Мартиннің тіршілігіне ұсамайтыны сонша, бұл үйде Руфьтің қасында болса, бойы жазылып, көңілі бір көтеріліп қалады. Сондықтан, тар, тымырсық бөлмесіне оралған сайын Мартин, мен де биікке өрмелеп шығамын деп ант етуші еді. Творчество алауына күйіп, сұлулықты айрықша аңсауына қарамастан ол, сайып келгенде, Руфь үүшін ғана еңбектенеді. Арманы — ғашығы, өзгенің бәрі осыған бағынышты. Сол бір іңкәрі білімге деген ықыласын жеңіп кеткендей. Мартин үшін дүние әлемнің ғажайыбы оның молекула мен атомнан құралуында емес, өзінің сиқырлы құпия заңдарына ғана бағыныштылығында да емес — сол дүниеде Руфьтің болуында. Руфь бұрын түн ұйықтаса түсіне кірмеген керемет.

Бірақ, Мартиннің көңіліне кірбің салған екеуінің арасының алшақтығы. Руфьке қолы жетпестей көріп, онымен қайтсем терезем тең келер деп, ойы отызға бөлінді. Өз табының әйел-қыздарына жұлдызды-ақ еді. Зәуде, олардың ешқайсысына елжіреген жоқ. Руфьке ғашық болды. Бұған себеп Руфьтің өзге тапқа жатуы да емес. Мартиннің сүйіспеншілік сезімі қызды тап шеңберінен жоғары қояды. Ол үшін Руфь елден ерек тұрған жан. Оның ешкімге ұсамайтыны соншалық, ғашықпын деп, қасына қалай жақындаудың ретін таппады. Қазір әжептәуір білімі артып, тілі ұстарып, қызға бір табан жақындағандай, екеуі өзара тіл тауып, пікірі жарасып, талғамы мен тілегі табысқандай. Бірақ, осының бәрі оның ғашықтық құмарын тарқата алған жоқ. Ғашығын көксегенде қиялы қызды періштедей денесіз қуатқа айналдырып, тән жақындығы туралы ойға әсте жол бермейді. Асылы, жігіттің ғашықтық сезімі аңсаған ләззатын жеңіп кетулі.

Күндердің күнінде екеуінің арасындағы түпсіз шыңырау өткел берді де, көзді ашып-жұмғанша ғайып боп кетті. Сонан тұңғиықтан өтетін көпір табыла ма деген үміт туды. Оқиға былай болған. Бір күні екеуі шараптай тіл үйіріп, ауыз қуырған қара күрең шие жеп отырды. Кейін қыз «Шаһизаданы» оқи бастағанда, Мартин оның ерніне шиенің шырыны жұққанын байқады. Сол арада қыздың періште емес, ет пен сүйектен жаралған кәдімгі адам екені, оның тәні де өзінің немесе өзге адамның тәніндей табиғат заңдарына бағынышты екені ойына орала кетті. Қыздың ерні де өзінің ерні секілді тән ағзасы екен, шиенің шырыны оған да жұғады екен. Егер ерні ондай болса, өзінің қандай болғаны. Оның заты әйел, ендеше өзге әйелден айырмасы болмағаны ғой. Бұл ой жасылдың жарығындай құйқа тамырын шымырлатты. Ол зор жаңалық ашқандай, күннің аспаннан жерге құлап түскенін немесе біреудің күпірлік жасап, құдайды қорлағанын көргендей сезінді.

Оны жаңалығының түп мәнін түсінгенде Мартиннің жүрегі лүпілдеп кетті. Осы қызбен шүйіркелессем, шүңкілдессем деген арман пайда болды. Өйткені, ол-дағы көктен түскен періште емес, ерніне шиенің шырыны жұққан кәдімгі әйел екен ғой. Өрескел ой шошындырған да. Бірақ, ақыл үніне жүректің дүбірі қосылып, екеуі бірдей ұранды жеңіс гимніндей күңіренді: сенікі дұрыс, сенікі дұрыс дегендей болды. Руфь жігіттің ойын сезе қойғандай кітаптан кенет көзін алып, Мартиннің бетіне жымия қарады. Мартиннің көзі қыздың көгілдір көздерінен ерініне, онан кейін ерніндегі өзінің тағатын кетірген титтей шие дағына тоқтады. Бұрынғы әдепсіз кезіндегі әдеті бойынша, өзге әйелдерге көрсеткен қылығы есіне түсіп, қызға қол жұмсағысы келді. Қыз да сәл иіліп ыңғай көрсеткендей болған. Бірақ Мартин өзін-өзі тоқтатты.

– Сіз мені, тіпті, тыңдаған жоқсыз,— деді қыз бұртиып.

Жігіттің ұялып қалғанына мерейі тасып, ол тағы күлді. Мартин оның жаудыр көзіне қарап, ойында дәнеңе жоғын, ешнәрседен хабарсыз екенін сезгенде ұялып қалды. Сірә, қиялында болса да өзі тым ағат кеткенге ұқсайды. Басқа біреу ойындағысын сезе қояр еді, ия, Руфь емес, өзге бір қыздар болса жып-жылдам түсіне кетер еді. Бұл түк сезген жоқ. Оның өзге әйел затынан айырмашылығы да осында! Ол ешкімге де ұқсамайды! Мартин өзінің рабайсыздығын, қыздың нәзік, кіршіксіз таза екенін түсініп, өз-өзінен пұшайман болды. Осынан кейін екеуінің арасында тәрізі тағы да шыңырау пайда болғандай, көпір құлағандай көрінген.

Дегенмен, осы оқиға оны бір табан жақындатты да. Бұл сәт есінен кетпей, күдік торлағанда әманда көңіліне демеу болды. Өткел бермес шыңыраудан өтуге болар деген үміт туды. Осы үмітіне жету үшін Мартинге талай қиын асулардан өтуге тура келген. Оның қасында көркемөнер бакалавры деген атаққа апаратын жол ойыншық сықылды. Қыздың заты асыл, кіршіксіз таза адам екені рас. Бірақ, оның ерніне де шиенің шырыны жұғатын көрінеді. Ол да дене заңына бағынышты екен. Олай болса, өмір сүру үшін ас ішуі керек, суық тисе, ауырып қалуы мүмкін. Тіпті, істің мәні мұнда да емес, қыз ашығу, шөлдеу дегеннің не екенін біледі, сезеді, ыстыққа күйеді, суыққа тоңады. Олай болса, ғашық болу, еркекті сүю оған жат сезім болмасқа керек. Мартин де еркек емес пе! Ендеше, ол неге қыздың қалаулысы бола алмайды? «Мен дегеніме жетемін, бақыт құсын қолыма қондырамын,— деді ол қалшылдап, сыбырлап.— Қыздың қалауласы мен боламын! Қайткен күнде де бақыт құсын қолыма қондырамын!»

Он екінші тарау

Бір күні кешке таман Мартин сонет жазамын деп әуреленіп, көптен көкейінде жүрген сұлу сағымдай образдарды қағазға түсіре алмай қара тер боп жатқанда, біреу телефонға шақырды.

— Сені бір дама шақырады. Сірә да, дауысына қарағанда, нағыз дама сияқты,— деп мистер Хиггинботам кекете келді.

Мартин телефон тұрған бұрышқа барып, трубкадан Руфьтің даусын естігенде, өнебойын жалын шарпып өткендей болды. Сонетпен әбігерленем деп, бұл дүниеде Руфьтің барын да ұмытып кеткен екен. Таныс дауыс найзағайдың отындай аза бойын тітіретіп әкетті. Шіркін, неткен дауыс! Алыстан талып жеткен шырын музыкадай, күміс қоңыраулардың сыңғырындай естіледі. Жо-жоқ! Кәдімгі қарапайым әйел дауысы мұндай болуы мүмкін емес. Бұл дүниеде кездеспейтін пейіштің әуезі. Есеңгіреген Мартин Руфьтің не айтқанын ұққан жоқ. Бірақ қаптесердің көзіндей жылтылдаған мистер Хиггинботамның көздері ту сыртынан өтіп бара жатқанын сезді де, сыр бермеуге тырысты.

Руфьтің алып-жұлып бара жатқан шаруасы жоқ боп шықты. Тек сол күні кешке Норман екеуі көпшілік лекцияға бармақ болған екен. Норманның басының сақинасы ұстап қалыпты. Билет алынып қойған екен. Сондықтан, қолы бос болса, Мартин бірге бармас па екен, соны білейін, деп телефон соққан екен.

Пәлі, қолы бос болса дегені несі! Мартин дір-дір еткен дауысын әрең биледі. Сенер-сенбесін де білмейді! Бұған дейін Руфьті үйінде ғана көріп, басқа жаққа бұра тартуға бата алмай жүретұғын. Телефон трубкасын ұстап тұрып, ол қыз үшін өліп кетуге әзір екенін түсінді, қиялында ғашығы үшін ғазиз басын құрбан еткен ерлердің бейнесі елестеді. Қызды жан-тәнімен жақсы көретіні, оған үмітсіз ғашық екені сонша. Руфь өзімен, Мартин Иденмен лекцияға бірге барғысы келеді, бір ғана осы ойдан есінен тана жаздады. Сол арада өліп кеткісі келді. Енді қайтсын! Іңкәрлігіне, риясыздығына мұнан артық не дәлел керек?! Бұл — сүйгенінен өзге дүниені тәрк еткен әрбір шын ғашыққа таныс сезім. Осы бір алапат сезім Мартинді де, телефонмен аз ғана сөйлескенде от құйындай үйіріп әкеткен. Мартин қыз үшін қыршынымнан қиылып кетсем нағыз жігітке лайықты өмір сүргенім, шын ғашық екенімді көрсеткенім деп ойлады. Жасы жиырма бірге жаңа келген, өмірінде бірінші рет ғашық болған жігіт емес пе!

Жүйкесі құрып, есеңгіреп қалған Мартин трубканы қалт-құлт етіп әрең ілді. Дүниенің кірі мен күнәсінен пәк періштедей көзі жайнап, жүзі нұрланып кетті.

- Қаға берісте табысатын болды ма, ә?— деп қағытты кекесін зәрмен жездесі.— Мұның аяғы немен тынатынын білемісің? Полиция тырнағына ілігіп кетесің.

Көңілі аспанда жүрген Мартин тұғырына тез қона қойған жоқ. Жездесінің жексұрын тұспалы да әсер етпеді. Ой-ниеті ұсақ, кикілжің сөзден тым жоғары. Сұлу қиялдың құшағында тұрған Мартии жездесі сықылды бишараға тек тәңірідей аяушылық етпесе, өзге ишарат көрсете алмақ емес. Ол мистер Хиггинботамды елеген жоқ. Киімін ауыстырып кимекке дел-сал күйде, теңселе басып, бөлмеден шығып кетті. Кейін айна алдында галстугін байлап тұрғанда, санасына әлдебір беймаза сыпсың келіп жеткен. Сөйтсе ол жаңағы Бернард Хиггинботамның қаңқу сөзі екен.

Морздардың үйінен шығып, Руфь екеуі баспалдақпен төмен түсіп келе жатқанда, Мартин қатты қобалжыды, енді өзімді қалай ұстауым керек деген ой келді. Қызбен аралас адамдардың көшеге шыққанда дамасының қолтығынан сүйеп жүретінін талай көрген. Бірақ, олар үнемі өйтпеуші еді. Әлде кешке ғана қолтықтасып жүру дәстүр ме немесе ерлі-зайыпты адамдар, бір туған ағасы мен қарындасы ғана қолтықтасып жүре ме екен — осының анығын біле алмай дал.

Баспалдақтың ең соңғы басқышына табаны тие бергенде есіне Минни түсе кетті. Ол барынша әсемпаз да жорашыл жан еді. Бір күні екеуі екінші рет жолыққанда Мартинге: «Сіз тротуардың ішкі жағымен неге жүресіз, нағыз джентльмен дамасымен серуенге шыққанда, сырт жағымен жүрер болар»— дегені бар-ды. Сонан кейін, Минни екеуі көшенің екінші бетіне шыға қалса, тротуардың сырт жағымен жүруді есіне салу үшін әрдайым аяғымен Мартинді бақайдан қағып қалатынды шығарды. Бірақ, оның бұл өнерді қайдан үйреніп жүргенін және дегдарлар арасында да осылай ма, жоқ па, онысын анық біле алмады.

Ақыр соңында Мартин осынан келетін бәле жоқ шығар деп, көшеге шыққасын, Руфьті ілгері өткізіп жіберді де, өзі тротуардың сырт жағынан келіп, қатарласа кетті. Ендігі күмәні: қызға қол ұсыну керек пе, жоқ па? Бұған дейін қызға қол ұсынып көрген емес. Бұрын өзі араласып жүрген қыздар жігітпен қолтықтасу дегенді білмейтін. Алғашында, жаңа танысып жүрген шақта, қыз жай қатарласып жүрер еді де, кейінірек қараңғы көшелердің бойымен ғана қыдырып, басын жігітінің иығына сүйеп, ал жігіті оның мықынына бір қолын орай салар еді. Бұл күнде жағдай өзгерген. Руфь ол қыздардың теңі емес. Сондықтан Мартин не қыларын білмеді.

Бір кезде оған әншейін, әдет бойынша, абайламай істеген адам болып, оң шынтағымды бүге қояйын деген ой келді. Сұмдық-ай, сол сәтте қыз білегі де қолына орала кеткен. Тән ләззәті тұла бойын шымырлатып, қас пен көздің арасында арқасына қос қанат біткендей, екі табаны жерден көтеріліп, ауада қалықтап бара жатқандай көрінді. Бірақ, киліге кеткен тағы бір шатақ көңілін су сепкендей басты. Осы мезетте екеуі көшенің арғы бетіне өтті де, Мартинге тротуардың сыртқы жағымен емес, ішкі жағымен жүруге тура келді. Енді қайтпек керек? Қыздан қолын босатып алып, екінші жағына шыққан жөн бе? Ал, көшені тағы бір кесіп өтуге тура келсе қайтеді? Үшінші ретте ше? Қой, мұның шатағы мол екен, асылы секектей бергенім дұрыс болмас деп түйді Мартин. Бірақ, күдігі тараған жоқ. Сондықтан, тротуардың ішкі жағымен жүріп келе жатып, әлденені өзектеп айта берді. Ондағысы қыз: «Қызу әңгімеге айналып, абайламай келеді ғой», деп ойласын деген қулығы еді.

Бродвейде Мартинге тағы бір сын тап болды. Көше панарының жарығымен Лиззи Коноллиді көзі шалып қалды. Ол әлгі күлегеш қызбен келе жатыр екен. Сәл тоқырап қалған Мартин жалма-жан қалпағын көтеріп, басын иді оған. Өз теңдесін, әлбетте, құбыжық көруге тиіс емес қой. Оның үстіне әдейі Лиззи Коноллиге арнап бас иген жоқ ол. Қыз да сұлу көздерін ойнақшыта қарап, тәжім етті. Көздері Руфьтің ақ жарқын мөлдір көзіне мүлде ұсамайды. Лиззи Руфьке де сынай қарады. Сірә, сырт формасы мен киімінен кім екенін топшылаған тәрізді. Мартин Руфьтің де көгершіндей көз тастағанын сезді, бұл да жас жұмысшы қыздардың сән көретін әсемсымақ арзанқол киімі мен әлеміш қалпағын сынап үлгірген сияқты.

– Неткен сұлу қыз,— деді Руфь бір минуттан кейін.

Мартин бұл сөзге ішінен өте риза болғанымен:

— Қайдам, әркімнің пікірі әртүрлі ғой; маған онша сұлу сияқты көрінбейді,— дей салды.

— Ол не дегеніңіз! Келбеті келген сымбатты әйел мыңнан біреу ғана болады. Ал жаңағы қыздың бет әлпетін асыл тастан ойып жасағандай екен. Көзі қандай!

– Солай ма,— дей салды Мартин, өйткені, ол үшін бұл дүниеде бір ғана сұлу бар. Ол — өзінің қолына сал білегін арта салып, жанында келе жатқан Руфь.

— Егер мына қызды әсем киіндірсе, тәрбиелесе, құдай ақына, еркек атаулының бәрін, тіпті, өзіңізді де, мистер Иден, дуалап әкетер еді.

— Алдымен адам сияқты дұрыс сөйлеп үйренсін де, әйтпесе, көп еркек оның не айтқанын да түсінбейтін шығар. Аузы үйренген сөздерін айта бастаса, олардың тең жарысын өзіңіз де түсіне алмас едіңіз.

— Қойыңызшы! Сіз де біздің Артур сықылды бірдеңені бастасаңыз, өзектеп қоймайды екенсіз.

— Сізбен алғаш рет кезіккенде менің қалай сөйлескенім есіңізде ме? Қазір өзгердім ғой. Ол кезде мен де осы қыздың сыңары едім. Сонан бері әжептәуір тілге төселіп қалыппын. Енді сізге сонау қыздың сөзі түсініксіз екенін түсінікті тілмен айтып бере алам. Сіз оның бойы-басын билей алмайтынын байқапсыз. Осының себебін білесіз бе? Қазір мен бұрын қаперіме келмейтін жәйттерді ақыл таразысына сала бастадым. Көп нәрсені аңғаратын болдым.

— Бәсе, онысы несі?

— Оның фабрикада істегеніне біраз жыл болды. Жас адамның денесі өрімталдай бұраң келеді. Ауыр еңбектің тезіне түскен жас дене бара-бара белгілі жұмысқа бейімделіп кетеді. Мен көшеде бір көрген жұмысшының кім болып істейтінін айна-қатесіз айтып бере алам. Менің өзімді алып қараңыз. Мен жүргенде теңселіп, аяғымды ырғаң-ырғаң басамын. Неге? Себебі, мен теңізде көп жүздім. Теңізші болмай, ковбой болсам, ырғаңдамас едім, оның есесіне аяғым қисық, қамыт аяқ болар едім. Жаңағы қыз да солай. Сіз оның, не десем екен, иә, кісіге тым тіке, қату қарайтынын байқадыңыз ба? Ол ешуақытта ешкімнің қанатының аясында өспеген, өмір ызғарының өтінде өскен жан. Өмір бойы өз қамын өзі ойлауға тиісті қыз баланың көзі де онша мейірлі, ұяң бола бермейді, мысалы... сіздің көздеріңіз сияқты.

— Мүмкін, бұл сөзіңіз рас та шығар,— деді Руфь ақырын.— Обал-ай, адамның көзі қимастай тым сұлу бала ғой өзі...

Жалт қараған Мартин қыз көзінен елжіреген аяныш белгісін байқады. Ойына мен саған ғашықпын, Руфьжан, сені сүю, сенімен бірге жүру, қол ұстасып, лекцияға бару — басыма орнаған зор бақыт, деген тәубе келді.

«Сен өзің кімсің, Мартин Иден?—деді ол сол күннің кешінде үйіне келгесін, айнадағы өзінің сәулесіне ұзақ таңырқай қарап.— Кімсің сен, несің? Өз орныңның қайда екенін білемісің? Сенің орның Лиззи Конолли құрылыптас қыздардың қасында. Миллиондаған еңбек адамының ортасында — сондай сұмпайы, дөрекі, сиықсыз жер ғой сенің орның. Сенің орның кәдімгі сиыр қорасы, ат қорасы, кір мен көң арасы. Көгеріп, базданып кеткен бір шіріктің иісін мұрның сезе ме? Ол шіріген картоптың иісі. Танауыңа талайдан таныс нәрсе, шайтан алғыр, кәне тамсанып тұрып, иіскемейсің бе?! Сен әлі шамаңа қарамай кітап бетіне қараған боласың. Марғау тартып, сазды күйдің сұлу әуенін тыңдағың келеді, тамаша суреттерден де дәмең жоқ емес, тіл ұстартам деп тыраштанып та қоясың, өзің сықылды сөлекет сыбайластарыңның ешқайсысы ойламаған дүниені бір мен ойласам екен дейсің, Лиззи Коноллиден ат-тоныңды ала қашып, сонау шырқау биікте, жұлдыздар арасында жымыңдаған қас сұлуға ғашық болмақсың! Сен кім едің соншама, сорлы! Аңсаған арманыңа жете алармысың?»

Айнадағы бейнесіне жұдырығын бір көрсетті де керует шетіне отыра кетіп, көздерін алайтып, түк көрместен, қабырғаға қадалып қарады да қалды. Аздан кейін дәптерін, алгебра оқулығын алып, квадрат теңдеулеріне үңіліп кетті. Үнсіз-түнсіз талай мезгіл өтті, аспандағы жұлдыздар да бірте-бірте сөнді, терезенің ар жағынан сібірлеп таң да қылаң берді.

Он үшінші тарау

Әдетте, күн ыссыда, Сити-Холл-паркте жиналып жүретін жұмысшы сөзуар социалистер мен дағуа философтар үйірмесіне әлдеқалай кездесе кеткен Мартин аяқ астынан зор жаңалық ашқандай болды. Айына екі рет парктен көктей өтіп, кітапханаға бара жатқан бетінде әдейі велосипедтен түсіп, солардың пікір таласын тыңдайтын еді және әрдайым кетіп қалуға қимайтын да. Бұлардың сөз сарыны мистер Морздың дастарқаны үстінде айтылатын әңгімеден өзгеше, сөз таластырушылардың өздері де абыройын тым жоғары ұстайтын сонша бір маңғаз адамдар да емес. Аузына келген сөзін ірікпей, бірін-бірі тілдеп, кекетіп-мұқатып, іреп-сойып жатады. Бір-екі рет өзара қызыл шеке болып қалысты. Дегенмен, неге олай екенін анық аңғармаса да, Мартин осылардың ұзақ-сүре сөздерінің жаны барын сезді; олардың айтқандары мистер Морздың жайбарақат, байсалды догматизмінен гөрі күшті әсер ететіні анық. Ағылшын тілін өрескел бұрмалап нақұрыс адамдай қолдарын құлаштай сермеп, әріптесіне тағыларша тарпа бас салатын осынау жандардың өміршеңдігі мистер Морз бен оның досы мистер Бэтлерге қарағанда анағұрлым басым сияқты.

Мартин осы жиыннан Герберт Спенсердің есімін талай естіген. Бір күні жиынға соның жолын қуған шәкірті де келді. Ол көйлегі жоғын көрсетпеу үшін жыртық курткасының жағасын қаусыранып алған, өңеші сорайған, ұсқынсыздау кезбе екен. Керіс сөз әбден ушықты, папиростың түтінінен айнала көкала тұман, насыбайдың түкірігінен аяқ асты былғаныш болды. Кезбе де әккі болған сұм екен, ешкімге сөзін жіберген жоқ, тіпті, жұмысшы-социалистердің бірі: «Танымағаннан өзге тәңірі жоқ, Герберт Спенсер соның пайғамбары-дүр!» деп кекеткенде де сөз тауып, аяғын шалдырмай кетті. Айтыстың не туралы болып жатқанын Мартин анық түсінген жоқ. Бірақ Герберт Спенсер көкейінде қалған екен. Кітапханаға келгесін, жаңағы кезбе аузынан тастамай айта берген оның «Негізгі бастамаларын» сұрастырды.

Ұлы жаңалық, сірә, енді ашылмақ. Мартин бұған дейін де бір рет талап еткен, бірақ, қолына «Психология негіздері» түсіп, Блаватская ханымның шығармасын оқығандағысындай ол тұста да сәтсіздікке ұшыраған еді. Кітаптың ешбір сөзіне түсіне алмай, оқымастан қайтарып берген. Ал бұл жолы алгебра мен физикадан соң және сонетімен ұзақ уақыт әуреленіп болғаннан кейін, ол төсегінде жатып, «Негізгі бастамалардың» бетін ашты. Таң сарғайғанша оқыды оны. Ұйқы деген қашты. Сол күні жазу да жаза алған жоқ. Жанбасы сырқырағанша жатып оқи берді; бір кезде жалаң еденге жатып, кітапты біресе басына көтеріп, біресе шынтақтап жатып оқыды. Келесі күні ғана түнде ұйықтады, ертесіне жазуға отырды, бірақ, қайта-қайта есіне түсіп, әзәзілдей иектеп қоймағасын, тағы кітап оқуға кірісті де дүниенің бәрін, тіпті, сол күннің кешінде Руфьке баруға тиіс екенін де ұмытып кетті. Тек Бернард Хиггинботам есік ашып: әй, сен осы үйді ресторан көріп жүрген жоқпысың,— дегенде барып есі кірді.

Мартин Иден барынша білімқұмар. Ол көп нәрсені білмекке ынтық болуынан да жиһанкез-теңізші кәсібін қалаған ғой. Ал осы Спенсерді оқығаннан бері әлі ешнәрседен хабары жоқ екенін түсінгендей, теңіз бетін қаншама шарласа да татымды білім алмасына көзі жеткендей болды. Бұрын ол заттардың байыбына бармай, тек бетімен сырғанай берген, дара құбылыстарға ғана зер салған, жеке фактыларды жинастырған, кей-кейде кездейсоқ қорытындылар жасаған, сөйтіп олардың өзара байланысын білмекке ұмтылмаған, өзіне кездейсоқ оқиғалардың құбылмалы шытырманы сияқты көрінген кең дүниені ол бір жүйеге келтіруді ойламаған. Ұшып бара жатқан құсты көрсе, мысалы, көбінесе оның ұшу механизмі жайлы ойланып, тірі мақұлықты осылай ұшу халіне жеткізген даму процесін мүлде елемеген. Ондай процесс бар-ау деп білмеген де. Құс жүре-жүре, даму нәтижесінде «пайда болады» деген ұғым ақылына келмеген. Құс қашаннан бері «бар» деп сенім келтірген де, сонымен тынған.

Құс туралы ұғымы қандай болса, басқа дүние жөнінде де түсінігі сондай болған ғой. Білімі болмаса, ойлануды дағды етпесе, адамның философиялық ақыл қорытпақ әрекеті де сәтсіз үміт қалпында қала бермек. Канттың ортағасырлық метафизикасы оның көзін ашқан жоқ, қайта өзінің ақыл-парасатына күдігін күшейтті. Эволюция теориясын Роменстің тек маман адамға арнаған кітабынан оқып білемін деп, тағы бір сәтсіздікке ұшырағаны бар. Оны оқығандағы алған бір ғана әсері — эволюция дегеніміз құрғақ педанттардың теориялық дерексіз қиялы туралы мағынасыз мыжыма ғана. Қазір эволюцияның ондай жалаң теория ғана емес, жалпы жұрт мойын ұсынған даму заңы екеніне көзі жетіп отыр; ал оқымыстылар арасында ара-тұра әлі талас туа беретін болса, ол эволюцияның формасы туралы жеке нақты мәселе жөніндегі пікір таласы ғана екеніне сенім келтірді.

Міне, сөйтіп жүргенде оған Спенсер-сынды оқымыс кезікті. Ол әлгі шым-шытырықтың бәрін біріктіріп, бір жүйеге салып берді, тиісті қорытындылар жасады. Сонымен, матростардың зеріккенде әдемілеп қолдан жасап, шыны қобдишаға салып қоятын кішкентай корабль модельдері сықылды Спенсер бүкіл дүниені бүге-шігесімен түп-түгел тәртіпке келген нақты түрінде Мартиннің көз алдына айқын келтірді. Ол күтпеген кездейсоқ ешнәрсе қалдырған жоқ. Бәрі де өзінің заңды ретімен шашаусыз үйлесті. Енді осы заңға бағынған құс көкке ұшты; сол заңға бағынышты әуелгі ылбыраған плазма бүлкілдеді, қозғалды, қимылдады, қыбырлады, ақыры бір заманда аяқ пен қанат бітіп, құс болып әуеге ұшып кетті.

Мартин ой-санасында бір шыңнан бір шыңға шығып, ақыры оның асқар құзарына көтерілді. Сонау заңғар биіктен заттардың тұңғиық сырын тауып, танымына таңғажайып мас болды. Түн ұйықтаса, түс көрді, түсінде айбынды елестер қаумалаған құдайтағаланың қауымында жүрді. Күндіз ұйқылы күйде жүрген адамдай әрең-сәрең, тек Спенсер ашқан дүниенің бейнесі бұлдыраған көзі алдында сағымдай толқиды. Ac ішкенде стол басында бір күндік ұсақ нәрселер жайлы таласқан не айтылған сөздерді құлағы шалмайды, өйткені, ақылы көзіне ілеккеннің себепті байланыстарын тауып, азапты, шытырман ой өрмегін тоқтаусыз тоқи береді. Тарелкеде жатқан еттен күн нұрының қуатын көргендей болады. Онан кері жүйелей келе, түрлі өзгерістер арқылы бүкіл ізін барлап, ақыры миллион миль жерде жатқан соның түп қазығын, шығар көзін іздеп табады немесе осы ізді қиялымен онан әрі жалғастырады. Ет кескенде өз қолының бұлшық еттерін қозғап тұрған күш хақында, оған әмір беріп тұрған миы туралы ойға шомып, ақыр аяғында өз миынан да күн нұрының қуатын тапқандай сезінеді. Осылайша ойға шомып кеткен Мартин Джимнің: «Мына сорлының ақылы ауысқан шығар» деген сөзін естіген жоқ, апасының сектене қарағанын абайламады, мистер Хиггинботамның бірнеше рет сұқ қолымен шекесін бұрандалағанын аңдамады.

Мартиннің, әсіресе ғажап, қалғаны барша ғылымның ара байланысы. Дүниеде ол білім қуған адам еді де, жадына тоқығаны ақылының әр түпкірінде жеке-жеке жатушы еді. Мәселен, бір түпкірінде теңіз жүзу өнері туралы, енді бір қалтарысында әйелдер туралы әртүрлі мәліметтің өзара байланыссыз толып жатқан үзінділері жататұғын-ды. Бірақ, сол қалтарыстардың арасында қатынас болмайтын. Айталық, қояншығы ұстаған долы әйел мен дауылға ұшыраған кеменің арасында байланыс бар ма? Бұрын біреу бар десе, Мартин мүмкін емес, бұл қисынсыз нәрсе дер еді. Ал Герберт Спенсер бұл арада ешқандай қисынсыздық жоқ екенін, қайта осы екі құбылыстың арасында байланыстың болмауы мүмкін емес екенін дәлелдеді. Дүниедегі заттың бәрі — аспан әлеміндегі жұлдыздар мен адамның аяқ астында жатқан бір түйір құмның ең ұсақ атомына дейін өзара байланысты.

Мартин үшін бұл таңқаларлық жайт. Ол енді біздің планетамыз түгіл өзге планеталардағы заттар мен құбылыстардың байланысын табамын деп әлек. Алуан заттың тізімін жасады, солардың арасындағы байланысын тапқанша дамыл көрмеді. Сонымен, ғашықтық, поэзия, жер сілкінуі, от, сылдырмақты жыландар, кемпірқосақ, асыл тастар, азғындық, күннің ұясына қонуы, арыстанның ақырғаны, жарық газдар, каннибализм, сұлулық, кісі өлтіру, рычагтар, тіреу нүктесі мен темекінің арасында да байланыс бар болып шықты. Күллі әлем бір тұтас бүтін дүние болып көрінді оған. Ол сиқыры мол, ит мұрыны батпайтын ну орман арқылы белгісіз бір мақсатқа жетемін деп жүріп, адасып кеткен жолаушыдай дүние әлемнің қалтарысы мен бұлтарысын, тұйығы мен түпкірін шарлап, тәжірибелі барлаушы-жиһанкез адамша көрген-білгенін ұмытпай, картаға түсіре берді. Неғұрлым көп аңғарған сайын дүниеге және сол дүниедегі өзінің болмысына қайран қалды.

— Әй, ақымақ!— деді ол айғайлап өзінің айнадағы бейнесіне.— Сен жазғым келеді деп едің, жаздың да ғой. Сонда не айтқың келіп жүр елге? Нең бар еді айтатұғын? Бар болғаны баланың былдыры ма, әлде әлі күнге толысып жетпеген шала сезімің мен сұлулық туралы бұлдыр бірдемелеріңді паш еткің келе ме, немесе басыңдағы надандықтың қара түнегін, ғашығы десе жарылып кете жаздайтын жүрегіңді жыр етпексің бе? Бұған дейін мұнан өзге және ғашықтық сезіміңдей өлшеусіз зор, надандығыңдай тым үмітсіз менменшілдігіңнен өзге айта қоярлық нең бар еді? Әліңе қарамай сонда да жазғың келе ме? Не туралы жазу керек екенін жаңа-жаңа аңғара бастаған жоқпысың? Сен сұлулықтың табиғатын танымай жатып, оны өзім жасаймын деп лепірдің, өмір сырын жете түсінбесең де, өмір туралы жазамын дедің. Ал өмір сен үшін әлі қытай жұмбағы-ды. Не туралы жазсаң да қаламыңның ұшынан білместігіңнен өзге ештеме шықпаса керек еді. Бірақ, күдеріңді үзбе, Мартин! Түбінде жазып кетуге тиіссің. Аз да болса қазір білім алып қалдың. Тым тайыз екені рас, бірақ бағдарың дұрыс, көп ұзамай білімің де арта түсешек. Талабың жанса, күндердің күнінде жетіліп те кетерсің: әне, сол уақытта ғана жаза бастағаның абзал.

Өзі ашқан осы зор жаңалығын ол Руфьке айтты, қуанышы мен үмітін ортаға салды. Бірақ, Руфь еліге қойған жоқ. Тәрізі осының бәрі оған бұрыннан мәлім нәрсе болғай. Өзін бұлан-талан қылған бұл жаңалыққа Руфьтің салғырт қарауы шымбайына батқан жоқ, Руфь үшін мұның жаңалық емес екенін біледі. Араласа жүре Артур мен Норманның да эволюциялық теорияны қостайтынын аңғарды. Екеуі де Герберт Спенсерді оқыған, бірақ, ол бұл екеуіне айта қалғандай әсер етпегенге ұсайды. Ал Вилл Олни деген көзілдірікті, дудар шашты жігіт Спенсердің есімін естігенде мырс етіп, бұрын бір естіген: «Танымағаннан өзге тәңірі жоқ, Герберт Спенсер соның пайғамбары-дүр» деген кекесін сөзді қыстырып қалды.

Бірақ Мартин оның мазағын кек көрмеді. Өйткені, Олнидің Руфьте көңілі жоқ екенін сезе бастаған. Кейін толып жатқан ұсақ фактылардан Олнидің ғашық болуы былай тұрсын, Руфьті жек көретінін байқады. Рас, ол мұның себебін түсінген жоқ. Бұл әлемнің өзге құбылысына байланысы жоқ, өмірде өте сирек ұшырайтын оқиға екен деп ойлады да қойды. Қайта Руфьтің сүйкімді мінезі мен сұлулығын дұрыс бағалауға жігіттің жаратылысындағы бір кемістігі бөгет болып жүр-ау деп аяды. Бұлар соңғы кезде бәрі жиналып, жексенбі сайын велосипедпен серуенге шығатын болған. Сонда Мартин Олни мен Руфьтің арасы керқайсаң екенін талай байқаған. Олни көбінесе Норманмен әмпейлесіп, Руфь, Артур, Мартин үшеуінен бөлектене беретін. Мартинге бұл қалып қатты ұнады.

Жексенбі сайын Мартин басынан бір емес, бірден екі қызық кешіреді. Бірі — Руфьпен кездесуі, екіншісі — Руфьпен теңдес жастармен араласуы. Бірақ, бұл жігіттердің оқып, жүйелі білім алғанымен, өзінен асып бара жатқан ақыл-парасаты шамалы екен. Тек олармен әңгімелескенде тілі төселіп, жақсы сөзге жаттыға түсетіні рас, сыпайы кісілер алдында адам өзін қалай ұстау керек деген мәселені Мартин кітаптан іздеуді көптен бері қойып кеткен. Ол оқығаннан да өз көзімен көргенін артық санады. Әңгімеге ықыласы ауып кеткенде ғана болмаса, басқа жағдайда ол қасындағы тәрбиелі деген жастардың жүріс-тұрысын, мінез-қалпын ұсақ-түйегіне дейін байқап жүретін болды.

Мартин өзге жұрттың Спенсерді ықылас қойып оқымайтынына таң қалды. «Герберт Спенсер,— деген бірде оған анықтама бөліміндегі кітапханашы,— о, ол кемеңгер адам». Дегенмен кітапханашының өзі осы ұлы кемеңгердің еңбегінен хабары шамалы екен. Бір күні Морздардың үйінде түскі ас үстінде Мартин мистер Бэтлердің кезінше Спенсер туралы сөз қозғаған. Сонда мистер Морз осы ағылшын философының агностицизмін мансұқ еткен еді. Бірақ, ол әлі күнге Спенсердің «Негізгі бастамаларын» оқымаған болып шықты. Ал мистер Бэтлер Спенсерді қолына алса, зерігіп кететінін, сол себепті оның шығармасының әлі бір әрпін оқымағанын, оқымаса да дүниеден құр қалмағанын айтты. Сонан кейін Мартиннің көңіліне де күдік кіре бастаған. Егер ол өр мінез, өжет адам болмаса, ел пікіріне еріп, бәлки, Спенсермен айналысуын қояр да еді. Бірақ Спенсердің дүниеге көзқарасы айрықша нанымды, оның шығармаларын оқымау теңізшінің карта мен компасын суға тастағанымен бірдей болар еді. Сондықтан Мартнн эволюция теориясын оқи берді, оқыған сайын дүниеге көзі де ашыла түсті. Спенсердің пікірін көп жазушы құптайды екен. Оның шығармаларын оқыған сайын білімнің зерттелмеген саласы ұшан-теңіз екеніне көзі жетіп, күн тәулікте жиырма төрт сағат қана уақыт барына Мартин қынжылғандай да еді.

Бір кезде уақыт тапшылығынан ол алгебра мен геометрияны оқымауға ұйғарды. Тригонометрияны бастаған да жоқ. Сонан кейін тізімінен химияны сызып тастады. Енді бір ғана физика қалды.

— Мен маман емеспін ғой,— деді Руфьке өзінің осы ісін құптатқысы келгендей,— және маман болғым келіп те жүрген жоқ. Ғылым деген ұшан-теңіз, оның бәрін оқып білуге бір кісінің ғұмыры жетпейді. Менің, жалпы білім алғым келеді. Ал арнаулы білім керек болса, кезінде тиісті кітабын алып оқырмын.

— Бірақ, ол өз білгеніңдей болмайды ғой,— деді Руфь.

— Өз білгені қалай, оның керегі не? Біз әруақытта мамандардың еңбегімен пайдаланып отырамыз. Маман деген сол үшін керек. Мысалы, бүгін сіздің үйде мұржа тазартушылар жұмыс істеп жүр. Олар да өз ісінің маманы, мұржаларыңызды жақсылап аршып кетеді. Ал сіздер пеш сала білмегенмен таза мұржамен пайдалана аласыздар.

— Қойыңыз, бұл дәлеліңіз тым ерсі!

Қыздың көзі мен үнінен жігіттің бұл сөзін мақұл көрмей қалғаны, тіпті, жаратпай жазғырып отырғаны байқалды. Мартин де іштей өзінікін дұрыс деп отыр.

— Жалпы проблемалар жайлы толғанатын ғұламалар мен ақыл иесі ұлы адамдар жеке мәселе жөнінде мамандардың пікіріне сүйенеді. Герберт Спенсер де солай еткен, мыңдаған зерттеушінің ашқан жаңалығын қорытқан. Ал осының бәрін өз ақылымен табу үшін оған бір емес, мың ғұмыр керек болар еді. Дарвин де солай. Ол да кәдімгі бағбандар мен малшылардың тәжірибесін қорытқан ғой.

— Сіздікі жөн, Мартин,— деді Олни,— әйтеуір, өзіңізге не керек екенін жақсы білесіз. Ал Руфь олай емес. Қазір өзіне нақты не керек екенін ол анық білмейді. Иә, иә солай, солай,— деді ол Руфьтің жауап қайтаруына ырық бермей.— Мұны сіздің жалпы мәдениет дейтініңізді білемін. Керегі осы жалпы мәдениет қана болса, не оқысақ та бәрі бір емес пе? Сіздің, мәселен, француз тілін, неміс тілін немесе эсперантоны оқып үйренуіңізге болар еді, өйткені бұлардың бәрі де «жалпы мәдениетке» жатады. Болмаса, латын, грек тілдерін оқуыңызға да болады. Рас, осы тілдердің сізге қай-қайсысының да түкке керегі жоқ, дегенмен жалпы мәдениетіңіз арта берешек. Руфь байырғы ағылшын тілін екі жылдай оқыған, тіпті, жақсы оқығанын білеміз. Ал қазір соның жадында: «Сәуірдің жаңбыри басталди» деген бір ауыз сөзден басқа түк қалған жоқ. Солай емес пе? Бұл да, міне, сіздің «жалпы мәдениетіңізге» қосылған үлес еді,— деді ол қарқылдап, Руфьтің тағы да сөзін бөліп,— білем ғой, білем ғой. Екеуміз бір курста оқып едік қой,— деді кидірмелеп.

— Сіздің мәдениет туралы айтқан сөзіңізге қарағанда мәдениет мақсат емес, құрал деп түсінуге болады!—деді Руфь. Көздері шатынап, екі беті теңбіл-теңбіл боп кетті.— Мәдениет ешқашан құнын жоймайды!

— Мартинге керегі ол емес.

— Ол кісіге не керек екенін сіз қайдан білесіз?

— Сізге керегі не, Мартин, айтыңызшы?—деді Олни жалт бұрылып.

Мартин сасқалақтап, жалынышты көзімен Руфьке қарады.

— Иә, айтыңызшы, бәсе, сізге керегі не,— деді Руфь.— Таласымызды шешіп беріңізші.

— Әлбетте, маған мәдениет керек,— деді Мартин күмілжіп.— Мен сұлулыққа құмармын. Мәдениет маған соны түсінуге, дұрыс бағалауыма мүмкіндік береді.

Руфь басын шұлғып, масайрап қалды.

— Бос сөз! Әншейін айта салған сөз екенін өзіңіз де біліп отырсыз,— деді Олни.— Мартинге керегі мәдениет емес, мансап. Бұл арада мансабының мәдениетке байланысты болуы кездейсоқ нәрсе. Егер химик болғысы келсе, мәдениет керек болмас еді. Мартиннің арманы жазушы болу, тек сізді сөзден жығып бермеу үшін, шынын айтпай отыр. Оның жазушы болғысы келеді, себебін білесіз бе? Оның себебі — Мартиннің қаражаты жоқ, кедей. Ал сіздің байырғы ағылшын тілі сияқты «жалпы мәдениетпен» неге бас қатырып жүргеніңізді білесіз бе? Оның себебі — сізге өмірден орын іздеудің керегі жоқ. Мұның тауқыметі әкеңіздің мойнында. Киіміңіздің ақшасын сол кісі төлейді, өзге қажетіңіздің бәрін өтейтұғын да сол. Сіздің, менің, Артурдың, Норманның — бәріміздің алған білімімізден қайыр бар ма? Қойны-қонышымыз толы «жалпы мәдениет», ал егер ертең әкелерімізден бақ пен дәулет тайса, бәрімізге де мектеп оқытушысы болу үшін емтихан тапсыруға тура келеді. Сонда Руфь, ең мықтағанда, село мұғалимасы немесе әйел пансионының музыка оқытушысы ғана болмаса, басқа неге жарар екен.

— Өзіңіз қайтер едіңіз?—деді Руфь.

— Мен не қиратушы ем. Күніне бір жарым долларлық қара жұмысқа жалданар едім немесе кілең кещелерді емтиханға әзірлеу үшін репетитор болып, Хэнлидің кеңсесіне жалдануға тәуекел етер едім; «тәуекел» дейтін себебім — мені бір жұмадан кейін түкке жарамайсың деп қуып жіберуі мүмкін.

Мартин үндемей, әңгімеге құлағын салып отырды; Олнидің сөзі дұрыс екенін сезеді, бірақ тым ағат кеткенін жаратқан жоқ. Осы әңгіме үстінде ғашықтық туралы тағы бір ой түсті оған. Тегі, ақылдың ғашықтық сезімге араласпағаны жөн екен деп ойлады. Ғашық болған әйелдің айтқаны дұрыс па, жоқ бұрыс па,— мәселе онда емес. Ғашықтық ақылдан жоғары. Руфь Мартинге мансап керек екенін, бәлки, түсінбейтін де шығар, бірақ онан ажары айнымайды. Ол керемет сұлу қыз, ойының көркіне ешқандай қатысы жоқ.

— Сіз маған бірдеңе дедіңіз бе?—деді ол ойын бөліп жіберген Олниге қарап.

— Сіз латын тілін оқыр ма едіңіз?

— Латынша оқу мәдениет үшін ғана емес, ақыл шынықтыру үшін де керек қой,— деді Руфь кескестеп сөзін бөліп.

— Кәне, айтыңызшы, Мартин, латынша оқыр ма едіңіз?—деді Олни тағы да.

Мартин жалтара алмады. Жауабын Руфьтің де асыға күтіп отырғанын сезді.

— Соған уақытым жетпей ме деп қорқам,— деді ол ақырында.— Оқыр едім, мұршам келмейді.

— Көрдіңіз бе, Мартинге «жалпы мәдениетіңіздің» түкке керегі жоқ!— деді масайрап Олни.— Оның көздеген мақсаты бар, ол — ел қатарына қосылу, адам болу.

— Латын тілі ақыл шынықтырады ғой, тәртіпке салады ғой! Латын тілі адамның ақылын жаттықтырады, тәртіпке салады!— деп өзеуреген Руфь: пікіріңізді өзгертіңіз, дегендей Мартинге қарады.— Футболшылар ойынға шықпай тұрып, әуелі дене шынықтырмаушы ма еді, жаттықпаушы ма еді? Ойшылдар үшін латын тілі де сол сияқты. Ақыл шынықтырады.

— Пәлі! Бала кезімізде де осыны айтып, басымызды қатырушы еді! Бізге керек кезінде айтылмай қалған бір шындық бар. Оған енді өз ақылымызбен жеттік. — Олни отырғандардың құлағадн елеңдетіп алайын дегендей, осы арада сәл кідіріп, салмақты үнмен:—Джентльмен латын тілін оқуы керек, джентльменнің латын тілін білуі шарт емес,— деді.

— Мұныңыз әділдікке жатпайды. Сөзді осылай әзілге айналдырып жіберетініңізді білгенмін,— деп Руфь шыр ете түсті.

— Әзіл болса да тауып айтқан жоқпын ба!— деді Олни.— Шыны осы ғой. Латын тілін елде кім біледі,— аптека қызметкері, адвокат, латын тілінен сабақ беретін оқытушылар. Егер Мартин дәрігер немесе авдокат боламын десе — дауым жоқ, ал олай болған күнде Герберт Спенсердің қажеті не оған? Мартин Спенсердің кім екенін жаңада ғана біліпті, бұған төбесі көкке жеткендей қуанып жүр. Неге? Әлбетте, Спенсер оның бір қажетіне жараған. Ал сізге Спенсер ештеңе бере алмайды, маған да солай. Айта берсек, бізге ешнәрсенің керегі жоқ. Күндердің бір күні сіз тұрмысқа шығасыз, мен болсам түк өндірмей, басымның ауған жағына кетемін: себебі, мен үшін жұмыс істейтін толып жатқан сенімді кісілерім мен басқарушыларым бар, олар әкемнен қалған капиталды менсіз өздері-ақ меңгеріп әкетеді.

Олни үйіне қайтқысы келіп, есік алдына барды да, сол арада тұрып, соңғы садағын атып жіберді:

— Мартиннің мазасын алмай-ақ қойыңыз, Руфь. Ол өз жайын өзі білетін жігіт. Байқадыңыз ба, көп нәрсені түсініп қалған. Кей-кейде мен өз-өзімнен ұяламын. Біздің латын, француз, ескі ағылшын тілдерін білуімізге қарамастан, мәдениетімізге қарамастан, Мартин қазірдің өзінде Артурдан, Норманнан, менен немесе сізден өмірді, өмірдегі өзінің адамшылық қарызын анағұрлым айқын сезеді.

— Жоқ, олай демеңіз, Руфь менің ұстазым,— деді Мартин баяғының серілерінше қызды қызғыштай қорып,— мен Руфьтің жәрдемімен ғана оқып, білім ала бастадым.

— Әншейін сөз ғой!—деп Олни біртүрлі жақтырмай Руфьке қарады.— Мүбәда, Спенсерді де осы кісінің ақылымен оқып едім дерсіз. Сене қойман сөзіңізге! Менің атам заманғы Сүлеймен патшаның алмас кені туралы білігім қанша болса, Руфьтің Дарвин мен эволюция жайлы түсінігі де сонша. Осыдан бірнеше күн бұрын сіз Спенсердің тұрлаусыздық, елеусіздік және біртектілік туралы пікірін айтқан едіңіз. Сол сөзіңіз маған төбемнен түскендей болды. Осы жайды Руфьке айтып көріңізші — түсінер ме екен? Жоқ, түсінбейді, өйткені, бұл «мәдениет» емес! Қысқасы, Мартин, егер латын тілін жаттайтын болсаңыз жақсы көрмеймін сізді.

Мартин осы сөздерді ықылас қойып тыңдағанымен, ұнатпады. Әңгіме оқу мен сабақ туралы, білімнің бастамасы жайлы болып кетті де, пікір таласы жалпы мектеп төңірегінен ұзап кете алған жоқ. Әңгіме өрісі Мартинді тебірентіп жүрген өмірдің әралуан құбылысына маңайлап та бара алмағандай, бойындағы албырт күшін оятып, космостық толқуға түсіріп жүрген зор мәселелердің деңгейіне жете алмағандай көрінді. Ол қиялында бір жат елдің жағалауына толқын шығарып тастаған адамдай сезініп, өзін сол елде көрген таңғажайып сұлулығын жергілікті тағы тайпалардың тілінде айтып беруге дәрмені жетпей азап шеккен ақынға теңеді. Ол да осы ақынның күйіне түсті. Қазір дүниежүзілік мәні бар ұлы шындықты білмекке жанталасқан жанға латын тілін оқу керек пе, жоқ, керек емес пе деген баланың сөзін тыңдауға тура келіп отыр.

—Бұл араға латын тілін әкеліп қыстырғандары несі!— деді ол өзіне-өзі сол күннің кешінде айна алдында тұрып.— Мейлі, өлі жандар өлік қалпында қала берсін. Оларға менің қатысым жоқ! Бірақ, сұлулық ешуақытта өлмейді, өшпейді, мәңгі жасайды. Тіл дегендер дүниеге келер болар, кетер болар. Олар өліктің сүлдері, елесі ғана емес пе.

Осы арада пікірімді дұрыстап айтып бере алатын болыппын-ау деді де, кейін төсегіне жатқасын, Руфь барда аузына сөз түспейтінін түсіне алмай біраз ойланды. Қыз алдында монтиып шәкірт болып кетеді, шәкіртше сөйлейді, о несі?

— Біраз уақыт беріңіз маған,— деді ол дауыстап.— Иә, пұрсат қана керек маған!

Уақыт! Уақыт! Өмірі осылай жалбарынумен-ақ келеді.

Он төртінші тарау

Руфь шын ғашығы болғанымен оның сөзін сыйлап, Мартин латын тілін оқыған жоқ. Бұл Олнидің кеңесіне құлақ асуынан да емес. Мартин үшін уақыт ақшамен бір есеп, ал оның аңсары латыннан гөрі маңызы зорырақ басқа ғылымдарға ауып кеткен. Бір жағынан, жазуын тоқтатуға тағы болмайды. Ақша таппақ керек. Әттең, әлі күнге жазғандарын ешкім басып шығарған емес. Қолжазбалары редакцияларды аралап, көңілсіз сапар шегумен жүр. Өзге жазушылардың жазғанын қалай басады екен бұлар? Мартин осының сырын білмекке оқу үйінде сарылып көп отырды, жазушылардың шығармасын оқыды, бәрін де сын көзімен, елтифат қойып қарап шықты, өзінің жазғандарымен салыстырды. Сөйтіп, олардың туындыларын бастыруына көмектесіп жүрген құпиясын ашқысы келді.

Баспасөз бетінде шыққан дүниенің көпшілігі әншейін ойдан шығарып, жаза салған нәрселер екен. Мартин бұған таң қалды. Оқыған әңгімелерінен ешбір жарқын нұр, не бір тәуір бояу тапқан емес. Ешқайсысынан өмір тынысы сезілмейді. Сонда да әр сөзіне екі центтен, әрбір мың сөзіне жиырма доллардан қалам ақы төленген болу керек — газеттен қиып алған мақалада солай депті. Сансыз көп әңгімені ол таңырқай отырып, оқып шыққан еді, қайта-қайта оқыған еді,— тілі жеңіл, оқиғасы қызық келетіні рас (мұны мойындауына тура келді), бірақ бәрі де өмір мақсатынан аулақ жатады. Өмірдің өзі таңғажайып қызық дүние ғой. Өмірде орындалмаған өкінішті мақсат, мұрат, арман, қаһарман қимыл көп. Ал мына әңгімелер өмірдің дағдылы, күнделікті күйбеңінен ұзап кете алмаған. Мартин өмірдің алып күші мен ұлылығын, қызуы мен қимылын байқаушы еді, оның тыным таппайтын өршіл рухын сезуші еді — міне, жазатын тақырып осы! Мартиннің арманы — хауіп пен қатерге қарсы шапқан жау жүрек ерлерді жырлау, ғашығы үшін пәруәна болған жастарды, неше түрлі сұмдық пен азапқа бой бермей арпалысып өткен ұлы тұлғаларды, ерен күшті екпінімен өмірдің өзін еңсеріп әкететін алыптарды мадақтау. Ал журналдағы әңгімелер мистер Бэтлер ұсқынды жандарды, доллардың қызығына еріп кеткен өңшең сорлыларды қолпаштайды, ұсақ, бишара адамдардың ғашықтық әуресін әлдеқандай қылады. «Әлде редакторлардың өзі ұсақшыл біреулер ме?—деді ол.— Немесе сол редактор, жазушы, оқушы дегендеріміздің бәрі өмірден қорқа ма»?

Мартин бір қысылатыны әлі күнге редакторлармен де, жазушылармен де таныс емес. Бірде-бір жазушыны, тіпті, өмірінде жазуға талпынған ешбір адамды танымайды. Сырласатын, ақыл-қеңес айтатын, жөн сілтейтін ешкімі жоқ. Айта берсеңіз, ол редактордың әуелі тірі адам екеніне сенер-сенбесін білмейді. Мартинге соңғы уақытта олар машинаның винті немесе тұтқасы сияқты көріне бастаған. Иә, иә, бұл рас. Оның байқауынша, жазушы жан сырының нәзік қылын шертіп, әңгіме, очерк, поэма жазса, ақыры соның бәрі салдырлаған машинаның талқысына түседі екен. Расында да, ойлап қараңыз. Ол әдетте қолжазбасын жауап қайтаратын маркасымен бірге, үлкен конвертке салып, почта жәшігіне апарып салар еді. Біраз күн бүкіл континентті аралап жүріп, ақыры ол өзіне оралар еді. Сонда қолжазбасын қолына алып қараса, әлдебіреу оны басқа конвертке салып, конверттің ішіндегі марканы сыртына желімдеп, қайтарып жіберген болып шығады. Тіпті, осыған қарағанда, редактор деген адам болмауға да тиіс. Оның орнына редакцияда жалаңдаған бір бес аспап механизм тұратын болса керек. Ол епті тетігімен қолжазбаны қысып алып, бір конверттен екінші конвертке ауыстырып, жіберген маркаларды сыртына жапсырып, тесігінен дереу ытқытып жататын болуы керек. Кәдімгі автомат секілді де. Сызатына сылдыр еткізіп, тиын-тебен түсіріп жіберсеңіз, ар жағынан сопаң етіп шәйір-резинка немесе шоколад шыға келеді. Майда ақшаны бір тесігіне салсаңыз — резинка аласыз, екіншісіне салсаңыз — шоколад аласыз. Міне, қолжазбаның жағдайы да осыған ұсайды. Оны бір тесікке тастап жіберіп едіңіз — қаламақыға чек келді, екіншісіне тастап едіңіз — баса алмаймыз деген бір жапырақ қағаз келді. Тәрізі бұған дейін Мартин осындай автоматтың үнемі екінші тесігіне душар бола берген ғой.

Жазған хаттар да осындай бір машинаны еске түсіреді. Себебі, хат дегеніміз тасқа басылған бір жапырақ стандарт бланк, оған тек автордың есімі мен шығармасының аты жазыла салған. Мартин әрбір жіберген қолжазбасына осындай он шақты жауап алды, небары жүз қаралы хат келіп түсті. Егер ол әдейі өзіне арнап, кісінің қолымен жазылған бір жол жанды жазу көрсе,— өзін бақыттымын деп санар еді. Амал нешік, әлі күнге редакторды ешқайсысы тірлік белгісін білдірген емес. Сондықтан, Мартинге дүниеде тірі редактор деген атымен жоқ, оның қызметін шылқыта майлаған, зыңқыл қаққан автомат орындап тұр деген ой келді.

Мартин туысынан жүректі, көнтерілі күрескер, оның көп жылдар бойы жансыз, мейірімсіз, мылқау машинаның көмейін толтыруға қауметі жетеді. Бірақ, Мартин де қалжырай бастаулы, кім жеңерін жылдар емес, күндер шешетін күйге жеткендей. Жеті сайын төлеуге тиесілі борышы құртпай, тегі, қояр емес, ал почта шығыны жығылған үстіне жұдырық. Кітап сатып алудан да қазір қала бастаған. Қалт-құлт етіп, күн елтемін деп ұсақ-түйектен де үнемдемек болған еді; бірақ үнемдеу қолынан келмеді, апасы Мэриенге көйлек ал деп бес доллар ақша сыйлап, өзінің тамтығы таусылатын мерзімін өзі жақындата түсті.

Көтермеші-қолдаушысы, жан ашыры жоқ Мартин саңлаусыз қараңғыда жалғыз күресті: не көрінгеннің бәрі бір соның жігерін құм қылуға уәделесіп қойғандай. Тіпті, Гертруда екеш Гертруда да қабақ шытатын болған. Алғашында ол баланың ісі шала ғой деп Мартиннің қылықтарына мән бермей жүруші еді. Кейін жүдеп-жадап кеткеніне жаны ашып, балалығы жындылыққа айналып бара жатқан жоқ па деген күдік туды. Апасының соңғы кезде жазғыра бастағанын байқап, Мартин де қатты қынжылатын. Мұның қасында мистер Хиггинботамның жосықсыз сайқы мазағы ойыншық екен. Мартин өзіне-өзі сенгенімен, жалғыз қалыпты. Тіпті, Руфь те мұратын мақұл көрген жоқ. Ол қыз Мартиннің өздігінен оқи бергенін тәуір көрді де тұрды, әдебиетке талабын ашық айып етпегенімен, ешуақытта қолдаған емес.

Мартин жазғандарын Руфьке әлі көрсеткен жоқ-ты. Ерекше шетіндік жасап, бата алмай жүр, әрі оның университетте оқитынын ескеріп, уақытын алғысы келмеді. Бірақ, емтихандарын тапсырып болғаннан кейін, Руфьтің өзі шығармаңыздың бір-екеуін оқып көрейінші деп ықылас білдірген. Мартин бұған әрі қуанды, әрі жүрексінді. Руфь нағыз сыншы ғой. Өзі көркемөнер бакалавры. Әдебиетті профессорлардан оқыған адам. Бәлки, редакторлар да тәжірибелі төреші болар. Бірақ, Руфь Мартиннің шығармасына ерекше қарауға тиіс. Ол тасқа басқан бланк жібермейді, әңгімелеріңіз жалпы әжептәуір сияқты, алайда журналымыздың бұл санына басуға лайығы келмей отыр деп көлгірсіп, өкініш білдіргенсімес. Ол ауызба-ауыз адамшылық әділ сөзін айтатын шығар және ең маңыздысы, нағыз Мартин Иденнің кім екенін осы ретте бір танып қалады ғой. Шығармаларын оқығасын жазған адамның жаны мен жүрегін сезбеуші ме еді, аз да болса, титтей де болса, аңсаған арманы мен қабілетін аңғарар деп үміттенді.

Мартин бірнеше әңгімесін таңдап алды да, біраз қобалжып отырып, ақыры оған «Теңіз толғауларын» қосты. Шілденің бір қайнаған ыссы күні Руфь екеуі бой жазуға велосипедпен қала шетіне шығып, өздері ұнатқан төбешіктерге барған. Бұл екеуінің оңаша екінші серуені-ді. Күндізгі қапырықтан кейін теңіз жақтан ескен жібектей жұмсақ самалға кеуделерін төсеп, жолмен зырлатып келе жатқанда Мартин өмірдің өте қызық екенін, бұл дүниеде өмір сүру де, ғашық болу да зор бақыт екенін жан-тәнімен сезді. Бұлар велосипедтерін жол жиегіне қалдырды да, өздері қоңыр төбенің басына шықты, бұл арада күнге күйіп, қураған шөп иісі жаңа орған жасыл балаусаның хош иісіндей аңқып тұр екен.

— Шөптер міндетін орындаған,— деді Мартин курткасын төсеп әуелі Руфьті отырғызып, өзі жылы жерге жайғасып жатқаннан кейін.

Еліттірген тәтті иісті сіміре жұтқан Мартин дағдылы әдеті бойынша тағы ойға шомды, жеке ұғымдардан негізгі, жалпы мәселелерге қарай ойысты.

— Бұлар өмірдегі міндетін орындапты,— деді ол қураған шөпті мәпелеп, алақанымен сипап,— қысқы нөсердің ылғалынан бұлар нәр алды, көктемдегі алғашқы дауыл желмен жағаласып, шешек атты, құлпырды, гүл-гүл жайнап, мен мұндалап, насекомдар мен бал арасын ду-думанға шақырды, ұрығын шашты, енді өмір алдындағы борышын өтеп...

— Сіздің осы не нәрсеге болса да тұрпайы, жалаң тәжірибе тұрғысынан қарайтыныңыз қалай?— деп Руфь сөзін бөлді оның.

— Менің эволюция теориясын оқып жүргендігімнен болар. Шынын айтсам, мен әр нәрсенің мәні барын енді ғана аңғара бастадым.

— Меніңше, сіз әр нәрсенің нақты мән-мәнісіне үнемі үңіле берер болсаңыз, сұлулықтың не екенін түсінбей кетуіңіз мүмкін. Сіз көбелектің зары тоты қанатындай құлпырған тозаңын түсіріп, түбіне жететін бала сияқты сұлулықтың сыры мен сынын кетіресіз.

Мартин басын шайқады.

— Сұлулықтың да мәні бар, мағынасы бар, мұны мен бұған дейін сезген жоқпын. Сұлу болса сұлулығынан шығар деп қана ойлайтынмын, бар білетінім осы-ды. Ал оның мән-мәнісін ұқпадым. Қазір түсінемін, немесе, дұрысырақ айтсам, енді ғана ұға бастағандаймын. Қазір маған шөп атаулы анағұрлым әсем көрінеді, өйткені, оның көз тартатын себебін білем, мына шөптің осы төбенің басында өсіп-өнуі үшін күн мен жаңбырдың, жер сөлінің алуан қилы әсер еткенін білемін. Бір талшық шөптің тарихында да романтика бар. Өмірінде ол өз қадерінше талай сыннан өтті. Осы бір ойдың өзі ғана менің рухымды көтереді. Қуат пен материяның құбылысын, ұшан-теңіз, ұлан-ғайыр өмір күресін ойлағанда мен мына шөп туралы бүтін бір поэма, біреу емес, бірнеше поэма жазар едім деймін.

— Сіз қандай жақсы сөйлейтін болғансыз,— деді Руфь құлықсыздау, бірақ Мартин оның әлденеге сынай қарағанын сезді.

Ол өз-өзінен ұялып, сасқалақтап, екі беті нарттай болып қызара қалды.

— Ой шіркін-ай, шынымен-ақ жақсы сөйлей алсам-ау,— деді ол тұтығып.— Ой деген шым-шытырық, соның бәрін лекітіп, еркін сөйлеп бергім келеді. Бірақ ой көп те, оның өзіне лайық баламасы жоқ — сөз жоқ. Кей-кейде бүкіл дүние, күллі жан-жануар маған: біз үшін сен сөйле деп жалынғандай болады. Мен сеземін — қалайша түсіндірсем екен мұны?—Мен әмменің тегін емес екенін, ұлы екенін сеземін; бірақ асыл ой ауыздан шықса, баланың былдырлағаны болып кетеді. Өзіңнің ой-сезіміңді сөзбен дәлме-дәл, нақпа-нақ бейнелей білу, сол сөздеріңді тыңдаушы мен оқушы түсінетін етіп жазу немесе айтып беру, ақыры олардың санасында да қайтадан дәл өзіңдікіндей ой-сезім оята білу — бұл зор міндет. Ешбір теңдесі жоқ міндет. Міне қараңыз, мен қазір бетімді көміп жіберіп, шөп иіскедім, шөптің хош иісі қиялымда мыңдаған ой мен образ тудырады. Себебі, мен әлем иісін иіскедім ғой. Менің құлағыма өлең мен күлкі естіледі, көз алдымда бақыт пен қасірет, күрес пен өлім елестейді. Миымда сансыз көп сурет туады, соларды мен сізге, бүкіл әлемге мәшһүр етсем деймін! Сонда қалайша етуім керек? Тілім күрмеулі. Міне, жаңа ғана шөп иіскегенде не сезгенімнің бәрін сізге баяндағым келген. Онымнан түк шыққан жоқ. Аузымнан сөз емес, өңшең бір рабайсыз, шалажансар сүлде ғана шықты. Арасында еш байланыс жоқ сылдыр сөз... Ал менің шешіліп еркін сөйлегім келеді, ішімдегімнің бәрін ақтарғым келеді. О...— ол күйініп қолын майыстырды,— бұл мүмкін емес! Ойыңдағыны айтып беру мүмкін емес! Айтып жеткізу мүмкін емес!

– Жоқ, сіз өте жақсы сөйледіңіз,— деді Руфь,— аз уақыттың ішінде мұнша төселіп кетуіңіз таң қаларлық. Мистер Бэтлер — ел таныған шешен кісі. Сайлау науқаны кезінде штат комитеті ылғи оған сөз сөйлетеді. Ал әнеукүні ас үстінде сіз онан кем түскен жоқсыз. Рас, ол ұстамдырақ екен. Сіз қызбалаусыз; бірақ бара-бара басыласыз ғой. Түбінде жезтаңдай шешен болып кетуіңіз де ғажап емес. Және алысқа шабасыз-ау деймін... егер қаласаңыз. Сіздің бойыңызда бір қуат бар. Кісіні соңыңызға тез ертіп, бастап әкету қолыңыздан келеді, бұған кәміл сенемін. Грамматиканы меңгергеніңіз сияқты сіз жеңбейтін қиындық жоқ-ақ шығар. Атақты адвокат, немесе саяси қайраткер болуыңыз мүмкін. Әйтеуір мистер Бэтлер сынды дәрежеге жету үшін сізге ешқандай бөгет жоқ. Ал катар ауруы ол кісінің өзімен кетсін,— деді күлімсіреп.

Әңгіме қыза түсті. Руфь, әдеті бойынша, оқу керек деген пікірін сыпайы түрде мақта білтелеп айта береді, латын тілі білімнің қай саласының болмасын ірге тасы деп қоймайды. Қыз өзі арман ететін адамының бейнесін де суреттеді, бірақ онысы тек мистер Бэтлердің кейбір болар-болмас белгілерін қосқаны демесеңіз, өзінің әкесінен айнымайды екен. Мартин қыз сөзін тыңдап, оның оймақтай аузының әрбір қимылынан ләззәт алып, жерде шалқасынан жатыр. Бірақ, айтқандары көкейіне қонған жоқ. Ол суреттеген өзінің болашағы да қызықтыра алмады. Осылайша әлденеге көңілі жабығып, әрі ғашығының зары өтіп жата берді. Қыз Мартиннің әдеби еңбегі жөнінде әлі бір ауыз сөз айтқан жоқ, ала келген қолжазбалары тастаған жерде ұмыт жатыр.

Ақыры, сөз арасы үзілген бір сәтте, Мартин уақыт білгісі келгендей күн көзіне, көкжиегіне қарады да, әдейі қыздың назарын аудармақ үшін қолжазбаларын жинай бастады.

— Ah, ұмытып барады екем ғой,— деді Руфь жұлып алғандай.— Әңгімеңізді тыңдағым келіп отыр! Оқыңыз.

Мартин ең жақсы деген туындысының біреуін оқыды. Ол «Өмір шарабы» деген әңгімесі еді. Әңгімені жазғанда өзін мас қылған тәтті шарап енді оқыған кезде екі шекесін дуылдатып, тағы да басына шыға келді. Бұл шығармасының бұрын айтылмаған соны пікірі әсерлі-ді. Оның үстіне Мартин, бейнелі, мәнерлі сөздер мен сөз тіркестерін тауып, көркемдей түскен. Жазған уақытта көкейінде оттай лаулаған шабыты тағы жеңіп, Мартин оқығанда өзін-өзі ұмытты, әңгіменің кемшілігін де абайламады. Бірақ, оқығаны Руфьке онша әсер еткен жоқ. Қыздың сақ құлағы қолына жаңа ғана қалам ұстаған жастарға тән әңгіменің әлсіз жерлерінің бәрін: тым әсірелеген, орынсыз көтермелеген жерлерін, сөз құрылысының ырғағын жиі-жиі бұзып кететін кедір-бұдырын аңдап отырды. Руфь әңгіменің тұтас, жалпы сөз ырғағын аңғара алған жоқ, бірақ ара-тұра әдейі, шешенсіп, орынсыз тақпақтап кететінін ұнатпай, мұны дилетантизмнің нашар түрі ғой деп түйді. «Дилетантизм»— міне, ақтыққы үкімі осы. Бірақ оны ашып айтқан жоқ. Қайта бірнеше болмашы ескерту жасады да, жалпы әңгімеңіз маған ұнайды дей салды.

Мартиннің бұған көңілі толған жоқ. Рас, Руфьтің сыны әділ, оның бәрін сөзсіз мойындайды, бірақ шығармасын мектептегі баланың жазуындай түзетсін деп оқыған жоқ еді ғой. Іс ұсақ-түйекте ме екен. Оларды түзетуге болар да. Ерте ме, кеш пе — әйтеуір, бір кезде ұсақ кемшіліктерін өзі де аңғарар еді, түзер еді, тіпті, болдырмас еді. Бірақ, ол әңгімесін үлкен, тынысы кең, тірі өмірдің бір кесегіне арнаған. Қызға сөз арасын нүктемен, кері үтірмен бөліп-бөліп тастаған сөйлемдердің тізбегін емес, өмірдің бір қырын көрсетпек болған-ды. Ол көзімен көріп, ақылымен ұғып, жүрегімен сезіп, өз қолымен қағазға түсірген үлкен, маңызды мәселелерді қыз да аңдар ма екен деп еді. Бұл үмітім ақталмаған сияқты, деп ойлады ол. Мүмкін, тіпті редакторлардың айтып жүргені рас болар. Өзі үлкен, маңызды жайларды көре білгенімен, бәлки, айта білмейтін шығар. Жабырқау көңілін жаба тоқыған Мартиннің осы арада қыздың сынын оп-оңай мойындай кеткені сонша, Руфь оның ішіндегі аласұрғап қарсылығын сезбей қалды.

— Мына бір дүниені «Құмыра» деп атадым,— деді ол тағы бір қолжазбасының бетін ашып.— Мұны төрт пе, бес пе журнал жарамайды деп қайтарып жіберген. Бірақ, әңгіме өзіме ұнайды. Әлбетте, өзіңе өзің төрелік айту қиын, дегенмен ішінде нәр жоқ емес сияқты. Мүмкін, әңгіме маған еткен әсеріндей сізге күшті әсер ете қоймас, бірақ көлемі ықшам, небәрі екі-ақ мың сөз.

— Неткен сұмдық!— деді қыз Мартин әңгімені оқып болғаннан кейін.— Жаным түршігіп кетті ғой!

Мартин құты қашқан, көзі алақтаған, қолы қалтыраған қызға қарап, іштей разы болды. Мақсатына жетіпті. Өз басынан кешірген ой-сезім мен образды бере алыпты. Әңгіме ұнады ма, жоқ па – ол өз алдына, бірақ әсер етуі хақ, елти тыңдап, кемшілігін елемей де қалғаны рас.

– Неге, бұл нағыз өмірдің өзі ғой,— деді ол,— өмір деген үнемі қызық бола бермейді. Әлде, менің жаратылысым өзгеше болғаны ма, әйтеуір, маған көркем сияқты көрінеді. Тіпті, осы күйінде он есе бағалы сияқты...

– Жоқ, әлгі сорлы әйел неге бұлай етпеген...— деп Мартиннің сөзін бөлді де, өз пікірін де аяқтай алмай ашуланып дауыстап жіберді қыз.— О! Бұл неткен сұмпайы! Неткен жиіркенішті! Неткен нас өмір еді!

Мартиннің жүрегі тас төбесінен шықты. Нас дей ме! Ешуақытта ескермеген, ойына келмеген сөз екен. Әлде әңгіменің отты әріптері жарқ-жұрқ етіп, көзін тұндырған соң кірін көрмей қалғаны ма. Жоқ, жүрегі тағы да дүрсілдеп соға жөнелді. Көңілі сабасына қайта түсті.

– Мұнан гөрі дұрысырақ сюжет неге алмадыңыз?— деді қыз. Дүниеде былапыт, былғаныш деген көп екенін білеміз, бірақ солай екен деп...

Наразы үнмен әлдене айтып жатқан Руфьтің сөзін Мартин тыңдаған жоқ, есіл-дерті, екі көзі қыздың күнәдан таза ай жүзінде, қыздан тараған сол тазалық жүрегінің түкпір-түкпірін аралап, жұлдыздың жарығындай қалтыраған салқын, бірақ, мейірлі сәулесімен көкірегін жуып, шайқап, тазартып жатқандай көреді. «Дүниеде былапыт, былғаныш деген көп екенін білеміз». Пәлі, не «біледі» екен-ау сонда деп ойлады да, Руфьтің сөзін әзіл көріп, ыржақтап, қуана күлді. О шеті мен бұ шетін талай аралаған тұрмыс мұхитының шексіз-шетсіз лайсаң атырауы кенет жарқ етіп елес берді. Соны көргенде барып, Мартин қыздың әңгімеге түсінбегеніне іштей кешірім етті. Себебі, түсінбеуіне ол кінәлі емес. Қайта, дүние сұмдығын көрмегеніне құдайға шүкір. Мартин болса — өмірді жақсы біледі. Оның сорлылығын да, ұлылығын да көрген, қаншама пәс болғанымен, нас болғанымен өмір деген тамаша ғой, оның қызығын күндердің күнінде Мартин күллі әлемге паш етешек. Аспандағы әулиелердің күнәдан пәк болуы таң қаларлық іс емес. Таза болу үшін олар еңбек еткен жоқ. Әулие аспанда жүрсе, пайғамбар лайсаңда жүреді; әділдік үшін, адам үшін арпалысады. Былапыт дүниені белшесінен кешіп жүрген адам-пайғамбар шын кереметтің өзі! Япыр-ау, осы бір керемет үшін-ақ өмір сүруге болмай ма! Әділетсіздіктің, зұлымдықтың былғанышынан биік тұрған адамдық парыз, асыл мұрат бар; сен де биікке құлаш сермеп, көтерілсең, өмірдің көзіңе құйылған батпағын саусағыңмен тырналап аршып, сұлулықтың сәулесін тұңғыш рет таңырқап, тамашаласаң; дәрменсіз, шерменде, сорақы, бишара, бейбақ өмірден қай уақытта, қалайша алып күш, абзал рух пен әділдік туатынын өз көзіңмен көрсең мұнан артық не бақыт бар?!

Бір кезде Руфьтің күңгірлеген дауысы Мартиннің құлағына талып естілді:

— Әңгімеңіз жалпы сүреңсіз, күйкі жайлары көп. Жазғыңыз келсе, асыл, ардақты дүние аз ба: «In Memoriam-ды» (Еске түсіру, еске алу (дат.).) алып қараңызшы.

Мартиннің қызға «Локсли Холл ше?» дегісі келді, қиялы жетелеп кетпегенде, айтатын да еді. Қызға қарап, жерде жатқанда оған бір ой келген: әйел заты жүз мың ғасырлар бойы өмір баспалдағымен өрмелей жүріп, қаншама тар жол, тайғақ кешуден өтіп, ақыры қалайша мынау бойына періште сынды қасиет, тәңірі сынды құдірет дарыған Руфь бейнесіндегі асыл ару болып шықты екен, ол, әйел заты, Руфь арқылы Мартин Иденнің ғашықтық сезімін оятып, оны да тазалыққа талпынтып, қалайша тәңірінің қуатынан дәмелендірді десеңізші, иә, ақыры Мартин де соның арқасында тағылық тұрмыстың шыңырауынан әрбір жасампаз жаратушы адамның мәңгі серігі — сансыз көп сәтсіздік пен қателіктің шырмауынан өтіп, әлдеқалай қалықтап көтерілген жоқ па. Романтика да, сұлулық та, керемет дегеніміз де осы! Міне, осы туралы жазу лазым. Илаһи, аузыма лайықты сөз түскей, деп ойлады ол. Аспандағы әулиелер тек әулие ғана болса — бұл адам!

— Сіздің бойыңызда күш-жігер мол, бірақ ол жүгенсіз, ноқай күш,— деген Руфьтің сөзін естіді.

— Шыны ыдыс сататын дүкенге кіріп кеткен бегемот секілді екенмін ғой,— деп әзілдеген еді, қыз күліп жіберді.

— Кез-келген нәрсені талғамсыз жаза беруге болмайды. Өзіңізге лайық талғам, әсемдік, стиліңіз болуы шарт.

— Мен дандайсып кеткен болармын, тегі,— деді ол дәбдірлеп.

Руфь оның көңілін жыққысы келмегендей езу тартып күлді де, тағы бір әңгімесін тыңдауға ыңғай білдірді.

— Сізге қалай ұнайтынын қайдан білейін,— деді Мартин кінәлі адамша жүні жығылып.— Әйтеуір, мынау бір ағаттау әңгіме! Асыра сілтеп жіберуім мүмкін. Бірақ ниетім дұрыс. Ұсақ-түйегіне назар аудармай-ақ қойыңыз. Негізгі пікірін аңғарсаңыз болғаны. Пікірім әрі орынды, әрі маңызды болса керек еді, түсінікті етіп баяндай алдым ба, жоқ па — оны білмеймін.

Мартин әңгімесін оқи бастады; оқып отырып, оқта-текте Руфьке қарап қояды. Бір кезде әңгімесі оған да ұнағандай көрінді. Өзі жасаған образдар қызды әбден ауаландырып әкеткендей, ол демін ішіне тартып, қимылдамастан, кірпік қақпастан қадалып қарапты да қалыпты. Әңгіменің аты «Оқиға»-ды. Өзі де оқиғаның ғажабы болатын. Кітап хикаясы емес еді ол, кәдімгі бас әріппен жазылуға тиісті нағыз өмір оқиғасы-ды, оқиға да емес, айбарлы әмірші десе болғандай, азаптаса да, ардақтаса да еркі бар, машақаты мен алапаты мол, бірде құлдыққа, біресе бейнетке душар ететін, бірде көз ұялтқан күн нұрына бөлесе, бірде өзегіңді өртеген шөлге, аштыққа қамайтын, ауыр, шалғай жол азабына кіріптар ететін немесе өлімдей жабысқақ безгегін жіберетін, сөйтіп тер төккізіп, қан жосыттырып, улы шаққыштары қыбырлаған тескен таудан өткізіп, алуан қилы ұсақ, жексұрын жәбір шеккізіп, уһ-аһ, өлдім-талдым дегенде барып арманыңа әрең жеткізетін шытырман оқиғаның апофеозы еді.

Осының бәрін, толып жатқан тағы басқа ғажаптарын Мартин әңгімесінде баяндаған. Тыңдағанда қыздың көздері жайнаңдап кеткендей болған; екі беті алмадай қызарып, тіпті, талықсып кетер ме екен деп еді. Жалпы елегізіп отыруы рас-ты. Бірақ оған әсер еткен әңгіме емес, Мартиннің өзі. Әңгіме дәнекер ғана. Мартиннің бойында бұрыннан таныс бір күш бар, оның қызуы бүкіл денесіне тарап, тағы да бойын билеп әкеткен. Бір ғажабы әңгімеден соның лебі, лебізі естіледі, әлде құлақтан кіріп, бой алған сол ма? Әйтеуір, қандай да бір күштің әсері бары анық, бірақ соның қызу лебі өзіне қалайша беріліп тұрғанын білмейді. Әуелі өзі де әңгімеге қызыққандай болған, дұрысында көңіліне қобалжу түсірген ол емес, өзге нәрсе. Ол әлдеқалай есіне түсе кеткен, ырықсыз еліктіріп әкеткен ала-бөтен үрейлі ой еді. Қызға әлденеге күйеу құшу туралы ой келді, қайта-қайта көңілін толқытқан осы бір ойдан сескенгендей де. Бұл әдепсіздік. Мүлде жат, жаман қылық. Руфьті бұған дейін жаңа оянып келе жатқан әйелдік нәсілі жанын азаптап көрген емес еді. Теннисонның әсем поэзиясы әлдилеген қыз бала тәтті ұйқыда жатып, әдемі түс көрумен келген. Ал серілер мен әйел патшаның арасындағы оқиғаларды жыр еткен сыпайы ақынның өте сыпайы сөздерін ол ешуақытта түсінген емес. Осылай маужырап ұйқыда жатқанда, бір күні өмір оның тарсылдатып есігін қақты. Шошып оянған қыз құты қашып, жалма-жан есігін бекітпек болған, бірақ жаңа оянып келе жатқан инстинкті: қой, олай етпе, қайта қылығы ерекше, қызығы тәтті қонағыңа есігіңді аша бер, деді.

Өз-өзінен риза болған Мартин әңгіме туралы қыз не айтар екен деп күткен. Оның үкімі бесенеден белгілі сияқты. Бірақ Руфь:

— Әп-әсем,— деп бір-ақ ауыз сөз тастағанда, Мартин аңырып қалды.

Бітегенеден кейін қызараңдап қыз тағы да:

— Өте әсем екен!— деді.

Әлбетте, әсем екені рас; бірақ әңгімеде онан да гөрі мәндірек мағына бар еді ғой, сұлулық соның көркі, көмекшісі ғана емес пе еді. Ұзыннан түсіп, жерде жатқан Мартинге күдіктің қара түнегі төне түсті... Міне, тағы бір сәтсіздікке ұшырадым... Тілге шорқақ, сөзге олақ екенмін. Дүниенің не кереметін көре білгеніммен айта білмейді екенмін ғой, деп ойлады.

— Әлгі не туралы... идея туралы пікіріңіз қалай?—деді Мартин күмілжіп, жаңа сөзді тосыннан айта салуға именгендей.

— Ол ойдағыдай анық емес,— деді қыз,— әңгімеден алған жалпы әсерім осы. Мен негізгі сюжет желісін де аңғаруға тырысып бақтым, бірақ аңғару қиын. Сөз көп, тым мыжымалау. Қайдағы-жайдағыны тергіштеп, араластырып, қимыл-әрекетті көлеңкелеп жібергенсіз.

— Соның бәрі негізгі идеяға бағынышты ғой,— деді Мартин сәл асығыңқырап.— Орталық идеяның — космостық, дүние жүзілік мәні бар. Ол бүкіл әңгіменің өзегі, ал әңгіме соның сырт көрінісі, қабыршағы ғана болса керек еді. Әттеген-ай, бағыты дұрыс-ақ, бірақ ойымдағыны орындай алмаған екем ғой. Бәлкім, бара-бара үйреніп кетермін.

Руфьтің ой-өрісіне ілесе алмағаны рас еді. Өнер бакалавры болса да, өресі жетпеген. Бірақ өзінің түсінбеуін Мартиннің сөзге долаңдығынан деп білді.

— Тым көп сөйлеп кетеді екенсіз,— деді Руфь тағы да,— бірақ әредікте әдемі жері де жоқ емес.

Қыздың бұл сөзі Мартиннің құлағына алыстан әрең жеткен дыбыстай естілді, өйткені осы кезде ол «Теңіз толғауларын» бұған оқып берсем бе екен, жоқ оқымай-ақ қойсам ба екен,— деп дел-дал болып жатыр еді. Осылайша ол өз-өзінен түңіліп, қайғы жұтып жатқанда қыз оған қарап отырды, бағанағы көңіліндегі күйеуге шығу ниеті қайта-қайта қобалжытып, есінен кетпей қойды.

— Атақты адам болғыңыз келе ме?—деді бір мезетте қыз Мартинге.

– Иә, мүмкін,— деді ол,— бірақ, көксегенім ол емес. Мені қызықтырып жүрген даңқтың өзі емес, соған апаратын асулар. Әлбетте, даңқтың да маған бір жәрдемі тисе керек еді. Шынымды айтсам, атақты адам болғым келеді де, оның бір себебі бар...

«Себебі сіз» – дегісі келген, бәлкім, қыз әңгімесін қызу құптағанда, айтса айтып та салар еді.

Бұл сәтте Руфьтің ойы Мартинге лайық кішігірім мансап іздеумен болып кетті де, оның «себебін» сұрамады. Ал Мартиннің жазушы бола алмайтынына көзі жеткен. Дилетанттық шикі шығармасымен жаңа ғана осыны өзі дәлелдеп берген жоқ па. Әжептәуір сөйлеп үйренгені рас та, бірақ әдеби тілден әлі хабары жоқ. Мартинді ол Теннисон, Браунинг іспетті өзінің аса ұнататын жазушы-прозаиктерімен салыстырды. Бұл сыннан Мартин өте алмады. Бірақ қыз ойындағысын оған айтқан жоқ. Жігітке есі-дертін аудара беретін ішкі сезім қаталдыққа жібермеді. Тіпті, осы жігіттің жазуға құштарлығы басылып кететін жай желік болар деп ойлады ол. Желігі басылғасын өмірдің өзге саласынан өзінің орнын тауып, адам болып кетеді ғой. Руфь бұған сенеді. Жігерлі жігіт — көздеген мақсатына жетпей қоймас... тек тезірек жазуын ғана қойса екен.

— Жазғаныңыздың бәрін мұнан былай маған оқып тұратын болыңыз, мистер Иден,— деді ол.

Мартиннің қуанғаннан екі құлағы қызарып кетті. Назары маған түскен екен, бұл анық, деп ойлады. Нашар екен, жарамайды деген жоқ қой, әйтеуір. Тіпті, кей жері тамаша деп те елден бұрын көңілін жұбатқан өзі емес пе.

– Жарайды, жақсы,— деді ол елбеңдеп.— Мен жақсы жазушы боламын, мисс Морз, сізге берер сертім осы. Мен тым алыстан келе жатқан адаммын, алдымда әлі ұзақ сапар жатыр. Еңбектесем де ерінбей мұратыма жетемін.— Ол машинаға басылған бір десте қағаз ұсынды қызға:—Міне, мынау «Теңіз толғаулары». Осыны сізге берейін. Үйіңізге алып кетіп, уақытыңыз болса оқыңыз. Бірақ, кейін маған шын пікіріңізді айтарсыз. Адал сын өте керек маған! Өтінемін, бар шыныңызды бүкпей айтыңыз!

– Ештеңе де бүкпеймін,— деп Руфь уәдесін берді, бірақ бүгін шынын айтпағаны есіне түсіп, түбінде турасын айтуға дәті төзер-төзбесін біле алмады.

Он бесінші тарау

— Міне, бірінші белдесуіміз,— деді Мартин он шақты күн өткеннен кейін айнадағы өзінің бейнесіне қарап тұрып,— әлі екінші рет, үшінші рет, сан рет айқасамыз, қашан...

Сөзін аяқтамастан, ол көріксіз бөлмесіне көз салды. Бұрышта ыбырсып өңшең ұзынша конверттер жатыр. Бәрі де қайтып оралған қолжазбалары. Оны басқа адреске жөнелту үшін марка алатын ақшасы жоқ. Бір аптаның ішінде төмпешіктей болып үйіліп қалыпты. Әлі ертең де, бүрсікүні де келе береді, иесін таппай тоқтамайды. Ал Мартиннің оларды басқа жаққа жіберуге мүмкіншілігі жоқ. Жазу машинасының ақысын төлемегеніне де бір ай болған, себебі, пәтер ақысы мен тамағына, жұмыс тауып бере ме деп үміт еткен делдал контордың жарнасына ғана ақшасы әзер жеткен. Мартин столына қарап, ойға қалып отырды. Столының әр жеріне пышырап сия тамған, соны көргенге ме,— көңіліне әлдебір аяныш сезім оралды.

— Көне серігім, столым,— деді ол,— сенімен бірге ғұмырымның талай-талай бақытты сағаттарын өткізіп едім. Әрқашанда адал досым болдың. Өңменімнен итермедің, бетімді қайтармадың. Жұмысың ауыр деп жай айтып та көргенің жоқ.

Ол екі шынтағын столға тіреп, бетін басып отырды. Алқымына булығып, жас тығылады, жылағысы келді. Алты жасар бала шағында бірінші рет өзінен екі жас үлкен баламен төбелескені есіне түсті. Ол бала басы-көзін, демей, бар күшімен түйгіштеп жатқанда, өзінің томпаң-томпаң етіп, әрең-әрең қорғанғанын біледі. Көзінен парлаған жасы мен мұрнынан аққан қанын жұтып құлағанда, екеуін ентелей қоршаған балалардың шу ете қалғаны әлі есінде.

— Сорлы бала, сені тағы біреу сілейтіп ұрып кетті, ұрғанда да орныңнан тұрғысыз қылды,— деді ол күбірлеп.

Өмірінде бірінші рет ұрысқаны көпке дейін көкейінен кетпеді. Онан кейін де сан рет соғысқан. Соның бәрі бірінен соң бірі қалықтап, қиялына келе бастады. Жарты жылдан кейін Май Сүдін (жаңағы баланың жалған есімі) тағы бір соқтыққан. Бұл жолы Мартин оның көзінің астын көгертіп жіберді. Бұған да шүкір. Екеуінің сонан кейін талай-талай айқасқаны көз алдында сайрап, бірінен соң бірі өтіп жатыр. Май Сүдін ылғи жеңіп кетуші еді. Сонда да Мартин ыққан емес, ұрыстан жалтарған емес. Ойына осы түскенде, Мартиннің көңілі бір көтеріліп қалды. Иә, қаншама қиын болғанымен, ақырына дейін тыртысып, табан тіреп бұл да беріскен жоқ. Май Сүдін қаныпезер, жексұрын жау еді ғой, ешкімді аямайтын, патшағар. Мартин оған төтеп берді, шыдады. Ақырына дейін тайсалмай табан тіреді.

Мұнан кейін Мартиннің көзіне мыжырайған бірөңкей каркас үйлердің арасындағы тар орам елестеді. Орамның арғы шетінде бір қабатты кірпіш үй, онан зіркілдеп жүріп тұрған машинаның дыбысы келеді. Бұл күндізгі «Хабар» газетін басатын орын. Ол кезде Мартин он бірде, Май Сүдін он үш жаста. Екеуі де қолдап газет сатады. Бір күні бұлар баспахананың алдында газет күтіп тұрған. Май Сүдін, әрине, қарап тұрмай қақтығыса кетті де, сол арада екеуі шартта-шұрт болды да қалды: бірақ ұрыс аяқталған жоқ. Баспахананың қақпасы ашылып, бір топ бала газетке жапа-тармағай тұра ұмтылды.

– Ертең сазайыңды беремін,— деді Май Сүдін, Мартин жыламсырап, даусы қалтырап,— уә-уәделі жерден табылармын, деген.

Келесі күні мектептегі сабағын тастап, Мартин ұрысатын жерге Май Сүдіннен екі минут бұрын барды. Өзге бала Мартинді көре сала көтермелеп, жеңем десең сөйт те бүйт деп, ақыл айтқан болысты. Сол ақылын олар жапырласып, Май Сүдінге де айтып жатыр. Бұл көрермен шіркіндер ақысыз-бұлсыз көп қызыққа батқан еді. Олардың талай сүйсінгені көз алдында елестегенде, Мартин ішінен күндегендей болды. Ұрыс лезде басталып, баспахананың қақпасы ашылғанша, жарым сағатқа созылған. Осылай Мартиннің бала шағы көз алдынан кетпей қойды. Күн сайын мектебінен шығып, баспахананың қақпасына жеткенше асығатын. Жүгіруге шама жоқ. Күнде ұрыс, күнде таяқ еңсесін көтертпей, ақсаңдап әрең жүгіреді. Бүкіл денесі көкала торғайдай, қолдары жара-жара. Жарасының қайсыбірі іріңдей бастаған. Екі бүйірі шаншып, ту сырты тұтасып, иықтары салдырайды. Басы құдды бір қорғасын құйып қойғандай зіл қара тас, мең-зең. Мектепте ойынға араласудан, сабақ оқудан қалды. Ұзақты күн партаға үңілу тірінің азабы. Күнде төбелес, күнде ұрыспен талай ғасыр өткендей көрінуші еді. Соны күн сайын күтудің өзі ғана бастығырлып, жаман түс көргендей қинайтын. «Май Сүдінді неге ұрып жықпасқа?» — Міне, Мартиннің ойынша күллі азаптан құтылудың бір ғана емі осы. Ал Май Сүдіннің күші басым, ол жеңер деп ойлаған емес.

Осылайша жаны да, тәні де қалжыраған Мартин күн сайын сүйретіліп баспахананың қақпасына барып тұратын болды, осы арада өзінің мәңгі жауы — Май Сүдінді қарсы алды, сөйтіп, шыдам мен төзімнің ұлы ғылымына жаттыға берді. Тәрізі Май Сүдін де әлсіреген, қансыраған. Газетші балалардың айтағына еріп, намысына ғана тырысып жүрген түрі бар. Сұрапыл соғысты тоқтатуға ол да қарсы емес сияқты. Бір күні екеуі күрестің күллі ережесін сақтап (аяқтан шалмай, тебіспей, жығылғанды ұрмай), жиырма минут арпалысқаннан кейін Май Сүдін тәлтіректеп, алқынып, екі иінінен дем алып, жарайды, тең ұрыс болсын, деген. Осы тәтті қиял Мартинді бір тебірентіп тастады: ентігіп, ернінен судай аққан қанына қақалып, ызақор Мартин Май Сүдінге тап берген, оны сөйлетпей, көмейінде қылқылдаған қанды қақыра түкіріп, жоқ, тең ұрысқа ырза емеспін, әлің бітсе аяғыма жығыл, деді. Май Сүдін аяғына жығылған жоқ, ұрыс тоқтаған жоқ.

Бұлар келесі күні тағы төбелескен. Осылай күнде ұрыс, күнде төбелес. Күн сайын төбелес басталарда Мартин тұла бойы қирап тұрғанын сезуші еді. Бітегенеден кейін денесінің сырқырағаны басылып, ашу-ыза кернеген Мартин есі кіресілі-шығасылы, ұйқылы-ояу жүрген адамдай тек арпалыса беретін. Май Сүдіннің табақтай беті мен от шашқан тағы көздерінен өзге түк көрмеуші еді. Оның бар ынтасы жауының осы бет сүдінінде, басқа ешнәрсе көзіне көрінбейді. Дүниеде осы неменің жексұрын сыйқынан өзге ештеме жоқтай. Мартин не өзі оның бет-аузын мылжа-мылжа қылмайынша, не ол өзінің бет-аузын мылжаламайынша, көңілі тыншымайтынын жақсы біледі. Екінің бірі, екінің бірі, оған дейін егес тоқтамақ емес. Бірақ, Мартин тең ұрысқа ешқашан көнбейді!

Күндердің күнінде күндегі уақытында Мартин баспахананың қақпасына келсе, Май Сүдін жоқ екен. Сонан қайтып ол келмей қойды. Май Сүдін жеңілді десіп, күллі бала Мартинді құттықтаған да. Бірақ, Мартин риза болмады. Ол Май Сүдінді ұрыста жеңбеді, Май Сүдін мұны жеңе алмады. Егес әлі біткен жоқ, кім жеңеді, белгісіз. Кейін анықталды: сол күні Май Сүдіннің әкесі қапыда қайтыс болған екен.

Мартин қиялында сонан кейінгі бірнеше жылды аттап өтіп, өзінің театр галеркасында отырған бір кезеңін есіне түсірді. Бұл теңіз сапарынан жаңа оралған беті еді. Жасы он жетіге келген шағы. Бір кезде көрермендер әлденеге дүрлігіп қалысты. Отырғандар арасында біреуді біреу итеріп жіберіпті. Жанжалға жалма-жан араласа кеткен Мартин көп ішінен өзінің ескі жауы — Май Сүдіннің жарқ-жұрқ еткен көздерін тани кетті.

— Спектакльден кейін сазайыңды берермін,— деді жыланша ысқырынып аяр жауы.

Мартин басын изеді. Жанжал шыққан жерге тәртіп сақтаушы да келіп жеткен еді.

— Ойын аяқталысымен шығар ауызда күтемін,— деді сыбырлап Мартин, өзі ойынға өте қызығып отырған адамша сахнадан көзін алмай.

— Тәртіп сақтаушы оларға одырайып бір қарады да, кетіп қалды.

— Серігің бар ма?—деді Мартин Май Сүдінге шымылдық жабылғасын.

— Әрине!

— Олай болса, мен де шақырайын.

Үзіліс кезінде Мартин де өзіне үйір тапты: шеге заводында істейтін үш досы, бір өрт сөндіруші, бес-алты матрос, Маркет-стриттің атышулы шайкасынан бес-алты жігіт еретін болды.

Ойын біткесін, екі топ көшенің екі жағымен жүріп отырып, көп ұзамай бір елеусіз кішкене орамда жолығысты да, қай жерде соғысу жайлы кеңес құрды.

— Ең қолайлы жер — Сегізінші көшенің көпірі,— деді, Май Сүдін тобының бір шикіл сарысы,— сендер көпірдің ортасында, электр панарының астында ұрысатын боласыңдар, біздер перғауынның жолын тосамыз. Егер перғауындар көпірдің бір жағына келсе, біз екінші жағына тайып тұрармыз.

— Жарайды. Солай болсын,— деді Мартин өз адамдарымен ақылдасып.

Сан-Антонионың сағасындағы бір тарамы арқылы салынған Сегізінші көшенің көпірі қаланың үш кварталындай ұзын екен. Оның ортасы мен екі жақ шетінде электр панары жанып тұр. Бір де бір полисмен бұл араға елеусіз келе алатын емес. Мартиннің жұмулы көздерінің алдында соғысуға лайықты осы бір жер айқын елестеді. Қабағын қарс түйген өшпенді екі тобыр, әрқайсысы өзінің ұрыскерінің артында қарама-қарсы тұр. Мартин мен Май Сүдін белуарына дейін шешінді. Қарауылшылар көпірдің екі шетінен орын алған. Полисмен келе қалса, ала қашу үшін матростың біреуі Мартиннің кеудешесін, көйлегі мен бас киімін түйіп алды. Мартин өзін-өзі айқын көрді: ол ортаға шықты, Май Сүдіннің көзіне шаншыла қарап, жұдырығын көтеріп:

— Ешқандай бәлдемсу деген болмасын! Түсіндің бе? Ақырына дейін ұрысамыз! Жалтаруға жол жоқ. Екеуміздің арамызда ескіден келе жатқан өш бар, бүгін соның кегін қайтаралық! Түсіндің бе?—деді.

Жау сәл қымсынып қалғандай болды, Мартин онысын байқады да, бірақ Май Сүдін өзімшіл өркірек неме ғой, осыншама көрерменнің алдында абыройын төккісі келмей:

— Жә, шық бері,— деді айбаттанып,— не мыжып тұрсың өзің! Ақырына дейін десең, ақырына дейін!

Сонан кейін екеуі жұдырығын түйіп алып, бір-біріне тай өгізше тұра жүгірді. Ұрайын, оқсатайын, мертіктірейін деп тұрған албырт жастық жеңбей қоймады. Адам баласының мыңдаған жылдар бойы азапты ауыр асулардан өтіп, әрең жеткен кәмелеті, адамгершілігі көзді ашып-жұмғанша қауыздай қаудырап түсті. Тек электр панары ғана прогрестің ұмыт қалған қарақшысындай сорайып тұр. Мартин мен Май Сүдін тас үңгірді мекен еткен, ағаш бұтағына асылған тас дәуірінің тағыларына айналып кетті. Олар тағылықтың батпағына барған сайын бата берді, бата берді, аспан денелерінің жарықшасы сияқты немесе мәңгі бірін-бірі не теуіп, не тартып тұратын атом сияқты екеуі де еркінен тыс, ықтиярсыз, ырықсыз, кездейсоқ түйісіп, тоғысып, соғылысып жатыр.

— Тәңірі жасаған-ай! Неткен мақұлық едік! Неткен тағы айуан едік!—деді Мартин сол соғысты ұсақ-түйегіне дейін есіне түсіріп. Қиялының айрықша ұшқыр болуынан, ол кинематографта отырған адамдай оқиғаны түгел, айқын көрді. Бір мезгілдің ішінде бір өзі әрі қатысушы, әрі көруші болды. Соңғы айларда алған тәлім-тәрбиесінен бе қалай,— осы суретті көргенде тұла бойы қалтырады, бірақ көп ұзамай қазіргісін өткен өмірі жеңді, баяғы бала жігіт кезіндегі Мартин Иден болып кетті. Қазір ол жүзу сапарынан жаңа оралып, Сегізінші көшенің көпірі үстінде Май Сүдінмен қиян-кескі болып жатыр. Бар күшін салып, зорланып, қара терге түсіп, қан жоса болып, жұдырығы дәл тисе арқаланып, арпалысып жүр.

Екеуі де адам емес, құтырынған құйындай кеп түйіседі. Біраз уақыт өтті. Екі сүрек жуасып, жусап, демін ішіне тартып тұр. Мұндай ызақор, долы жандарды бұрын, тегі, ешбірі көрмеген болуы керек, ақыры, өздері де шошынайын деді. Өйткені, бұл екеуі өздерінен озған нағыз жыртқыш айуан екен.

Ет қызуы басылғаннан кейін ұрысушылар аңдысып, әдіс қолдана бастады, бірақ жеңісе алған жоқ. Мартиннің құлағына:

— Тең ұрыс болады,— деген біреудің сөзі саңқ ете түсті.

Бір сәтте Мартин абайламай, алдамшы қимыл жасаған еді, заматта Май Сүдін бар пәрменімен солқ еткізіп құлақ шекеден қойып жіберді, жұдырығы тиген жерін сүйегіне дейін ырситып тіліп түсті. Құр жұдырық бұлай жараламауға тиісті. Мартин көрермендердің де күңк ете түскенін естіді, шекесінен қан сорғалап кеткенін сезді. Бірақ сыр берген жоқ. Себебі, кіммен ұрысып жүргенін, онан қандай опасыздық болса да күтуге тиіс екенін жақсы біледі. Жауынан көзін алмай арбасып жүрген ол, бір мезгілде қолынан жарқ еткен металл көріп, білегінен шап беріп ұстай алды.

— Жаз жұдырығыңды, жауыз!—деді ол ақырып.— Сен мені кастетпен ұрып жүрсің!

Екі үйір екі жақтан бір-біріне өкіре ұмтылды: жұрт қас қаққанша қиян-кескі, ұмар-жұмар болып, Мартин іште қайнаған кегін қайтара алмай қалуы ықтимал еді. Өзінің не болғанын білмей:

— Шегін!—деді ол шымырқанып ширығып.— Кері шегін бәрің де! Түсінесіңдер ме!

Жұрт екі жарылды. Олар да жыртқыш қой, бірақ Мартин айуанның арланы, бәрінің де құтын алып, пысын басып тастады.

— Бұл менің ғана шаруам, өңгеңнің ісің болмасын. Әй, оңбаған! Әкел бері кастетіңді!

Жүрексініп қалған Май Сүдін бағынды, қаруын қолына ұстата берді. Мартин кастетті суға лақтырып жіберіп:

— Қолына темір ұстатқан сенсің ғой, жирен шошқа,— деді.— Көргемін, қотыр ешкіше сүйкеніп жүргеніңді, бірақ неғып жүргеніңді білмеп ем. Енді тек тұрмасаң ұрып өлтіремін! Білдің бе?

Сүркіл тағы басталды. Екеуі де әлсірегенімен, бірін-бірі сарт-сұрт ұруын қояр емес, ақыры бұларды қоршаған қанқұмар екі үйір айуан, айызы әбден қанып болған соң, енді суынған жүрегіне үрей кіріп төбелесті тоқтатыңдар дей бастады. Өлердей соққы жеп, адам бейнесінен айырылып, жан түршігерлік халге жетіп, аяғын әлтек-тәлтек басып жүрген Май Сүдін қобалжыды, сәл тоқырады, бірақ Мартин өре ұмтылып, үсті-үстіне дәлдеп соға берді, соға берді.

Екеуі ұрысқалы не заман. Май Сүдін ақыры әлсіреді. Сол бip уақытта сатыр еткеп дыбыс естілді. Мартиннің қолы салақтап салбырады да қалды. Сүйегі сынған екен. Жұрттың бәрі естіді, не болғанын түсінді. Май Сүдін де түсінді, сол-ақ екен жаралы болған жауына жолбарыстай тарпа бас салды, бар әлін бойына жинап, түйгіштеп ұра берді, ұра берді. Мартиннің жақтастары арашаламаққа тұра ұмтылып еді. Таяқ жеп, басы даң болып жүрген Мартин жауына лағнат айтып, сарнап, ашу мен ауырған қолы шыдатпай жүрсе де, аулақ, араласпаңдар деп айғай салды да, не істеп жүргенін өзі де түсінбестен, ес-түс жоқ, бір ғана сол қолымен төпей берді. Біреулердің алыстан естілген үрейлі сыбыры естілді құлағына, біраздан кейіп: «Жігіттер, мынау төбелес емес, кісі өлтіру ғой! Айырайық!—деген қалтыраған дауысты да құлағы шалды.

Бірақ қаумалаған жұрттың ешқайсысы екеуінің маңайына батып бара алған жоқ. Мартин сол қолымен соғып жүр, соғып жүр, соққан сайын жұдырығы адам бетіне ұсамайтын қан-қан, жиіркенішті, жұмсақ бірдемеге былш-былш тиеді. Бірақ, сол былжыраған беттің ар жағында қарыспа, қату бірдеме елбең-елбең етіп, бұлдырап көз алдынан кетпей қойды. Сондықтан, үсті-үстіне, төпей берді, төпей берді. Ұрған сайын әлі кеміп, бойындағы тіршілік қуаты бірте-бірте сарқыла бастағандай, осылай мыжғылағанына мың жыл, мәңгі өткендей көрінеді. Ақыры бір аумалы-төкпелі кезеңде мылжа-мылжасы шыққан қанды сүлде көпір тақтайына гүрс құлады. Сонда үстіне үңіле төніп, мас адамша аяғын әлтірек-тәлтірек басып, теңселіп, қолымен ауа қармап, белкүллі өзгеріп кеткен дауысымен Мартин:

— Тағы керек пе? Айтшы кәне... Тағы керек пе... өзіңе?— деді.

Ол қайта-қайта сұрап, қадалып, жауабын күтті. Бір кезде жолдастарының жалма-жан өзіне жармаса кеткенін, сүйрелегенін, кеудешесін кигізгенін сезді. Сол сәтте кенет есінен де танып кетіпті.

Стол үстіндегі қоңыраулы сағат шылдыр ете түсті. Мартин естіген жоқ оны. Екі қолымен бетін басқан қалпында отыр. Ол ештеме естімеді. Ешнәрсе ойлаған да жоқ. Өткен осы бір оқиғаның бәрін басынан қайта кешіріп, сонау түнгі Сегізінші көшенің көпірі үстіндегідей тағы да есі ауып, талықсып кеткен екен. Бірнеше минуттай ол қараңғы, түпсіз шыңырауға құлдырады. Кенет қайта тірілген өліктей орнынан атып тұрды, көздері оттай жарқырады, тұла бойы бусанып, қара терге түсті.

— Мен сенің сазайыңды бергенмін, Май Сүдін!—деді ол айғайлап.— Он бір жыл күттім, бірақ сазайыңды тартқыздым!

Екі аяғы қалтырады, басы зеңді, тәлтіректеп барып төсегіне отыра кетті. Әлі өткен өмірінің құшағында екен ол. Өзінің қайда отырғанын түсінбеген адамша состиып, үңірейіп, айналасына қарайды, ақыры бұрышта үйіліп жатқан қолжазбаларына көзі түсті. Сонда ғана ақылының шығыршығы кенет зыр айналып, соңғы төрт жыл өмірі арқылы сырғанап өтті де, ақыры оқыған кітаптарын, кітап ашқан кең дүниені есіне салды. Өзінің асқақ арманы, сезімтал, нәзік, сүйкімді, аққұба аруға ғашық болғаны есіне түсті. Егер жаңа ғана басынан кешірген сұрапыл оқиғаға, өмірдің өзі өткен лайсаң өткеліне қыздың болар-болмас көзі түсіп кетсе, жүрегі ұшып өлер еді!

Ол орнынан тұрып, айнаға қарады.

— Сен енді сол лай-батпақтан өрмелеп, жарқабаққа жаңа шықтың, Мартин,— деді ол масаттанып өзіне-өзі,— көзің ашылды, иығыңмен қазір аспан жұлдызын тіреп тұрсың, тұрмысың толықсыды, баға жетпес ғасырлар мұрасын бұрынғы иесінен жаулап алдың.

Өзіне-өзі шұқшия қарап, кеңкілдеп күлді.

— Немене, аз уақыт қояншығың ұстап кетті ме әлде, мелодрама ғой мынауың? Мейлі! Қорқатын түк те жоқ. Бір кезде Май Сүдінді де жеңгенсің,—енді баспашыларды да жеңерсің, бұған он бір жыл емес, онан да көп өміріңді сарп етсең де! Тек тұралаймын деп ойлама, ілгері ұмтыл. Белдессең беріспе! Күрессең ақырына дейін!

Он алтыншы тарау

Шар ете түскен қоңыраулы сағат Мартинді оқыс оятты, шетін біреу болғанда басы зеңіп кетуге тиіс еді. Ол қаншама қатты ұйықтағанымен селт етіп, мысықша тез оянды да, дамылдауға деген бес сағат уақыт өтіп кеткеніне қуанды. Ұйқыны ол жек көруші еді. Тіршілікте көп міндет атқаруға тиіс, алуан сыннан өтуі керек! Сондықтан ұйқыда жатқан әркезін өміріне зая көретұғын-ды. Сағаттың шылдыры басылып үлгірмей Мартин шарада тұрған суға басын көміп жіберді, салқын суға рахаттанып, жаны жай тапқандай болды.

Бұл күні оның әдетті программасы бойынша өткен жоқ. Өйткені, қапыл қағазға түсіруді күтіп тұрған, толғағы піскен ой пікірі немесе аяқтауды күтіп тұрған әңгімесі жоқ-ты. Өткен түні Мартин ұзақ отырған; таңертеңгі тамақ ішетін уақыты да таянып қалыпты. Әйтсе де, Фискенің бір тарауын оқып тастамақ болып еді, ойына әлдене келіп, көңілін бөліп жіберді. Бүгінгі күні ол өмірмен тағы белдеспек, сол себепті аз уақытқа жазуын тоқтатуды жөн көрді. Көңілі де семьясымен не туған үйімен қоштасқалы тұрған жандай жабыңқы-ды. Бұрышта жатқан қолжазбаларына қарады. Иә, ешкім маңына паналатпай жерінді болған сорлы балаларын бүгін тастап кетуі керек. Еңкейіп, қолымен қолжазбаларын аралады, ішінен өзі ұнатқан жерлерін оқыды. «Құмыра» мен «Оқиғаны» тіпті дауыстап оқыды. Әсіресе, кеше ғана жазып бітіріп, жөнелтуге маркасы болмай, бұрышқа тастай салған «Қуаныш» деген әңгімесіне риза болды.

— Түсінбеймін,— деді ол күбірлеп,— әлде редакторлар түсінбей ме? Япыр-ау, мұнан артық не керек? Олар ауыз тұшымайтын дүниені де басып жүр ғой. Басқандарының бәрі... бәрі дерлік сондай татымсыз бірдеңелер.

Таңертеңгі астан кейін ол машинканы қобдиына салып, Оклендке ала кетті.

— Бір айлық ақысына борыштымын,— деді ол приказчикке.— Қожайынға айтыңыз, жұмысқа орналасуға кетіп барады екен, сонан оралғансын төлейтін болды деп. Бір ай тересінде төлеп қалармын.

Пароммен арғы бетке Сан-Францискоға өтіп, делдал конторына кірді.

Маған бір орын тауып беріңіз, қандай жұмыс болса да қашпаймын,— дей беріп еді ол, тағы біреу тыстан кіріп келіп, кидірмелеп, сөзін бөліп жіберді. Ол «әсем тұрмысқа» жаны құмар кейбір жұмысшы тәрізді киімі төмен қол, арзан болса да қырымпозданған тыраш біреу екен.

Стол басында отырған кісі оған қарап, «үміт жоқ» дегендей басын шайқады.

— Ойпырай, ешкімің жоқ па?—деді жаңағы кісі.— Бүгін қалай да бір адам табуым керек еді.

Ол бұрылып Мартинге, Мартин оған қарады. Әжептәуір ажарлы адам сияқты, бірақ кеше түні бойы «лепіріп», енді жынынан айырылған бақсыдай жүні жығылып қалған сиқы бар.

— Жұмыс іздеп жүрген жоқсың ба?—деді ол Мартинге.— Қолыңнан не келеді өзіңнің?

— Ауыр жұмыстың қандайынан да қашпаймын, теңіз қызметін атқара аламын, машинка басам, стенографиядан да хабарым бар; салт ат мініп үйренгенмін — қысқасы, қолымнан бәрі де келеді,— деді Мартин.

Ана кісі басын изеді.

— Мақұл, маған лайық жігіт екенсің. Менің есімім Доусон, Джо Доусон, маған кір жуатын орынға көмекші керек.

— Кір жуатын орынға дейсіз бе?— Мартинге әйелдердің шілтерлі қиқым-сиқымын үтіктеу ерсі сияқты көрінді. Бірақ, жалдаушы өзіне әлдеқалай ұнап кетті де:— кір жуа білемін. Теңізде жүргенде үйренгем,— дей салды.

Джо Доусон сәл ойланып тұрды да:

— Бері қара, екеуіміз түбі тіл табысып кетерміз, сірә, сөз не туралы болғалы тұрғанын білемісің?—деді.

Мартин «білемін» дегендей басын изеді.

— «Қайнарбұлақ» деген арасан сулы курорттың қонақ үйі жанында кішкене ғана кір жуатын орын бар. Соған екі адам керек: біреуі жетекші, біреуі көмекші. Жетекшісі мен боламын. Әркім, әлбетте, өз жұмысын білуге тиіс. Бірақ, сен маған бағынасың. Қалай, ризамысың осыған?

Мартин ойланды. Түбі жаман болмасқа керек. Бірнеше ай істегеннен кейін өз жұмысымен айналысуға да қолы босайтын шығар. Әрі оқып, әрі жұмыс істеп дағдыланған адам ғой.

— Тамағың тоқ, өз алдыңа оңаша бөлмең болады,— деді Джо.

Мәселенің оңай шешілуіне оның осы сөзі қамшы болды. Жеке бөлмесі болса, шамды еркінше жаға беретін болса — онан артық не керек.

— Бірақ жұмысы өте ауыр, нағыз қияметтің өзі,—деді Джо.

Мартин жең ішінде кеседей дөңгеленген бұлшық етін уыстап:

— Жұмыс істеп үйренгенбіз,— деді.

— Олай болса әпкел қолыңды!

Джо маңдайын сипады.

— Фу, лағнат! Көзім әлі бұлдырайды. Кеше кешке сілтеңкіреп жіберсем керек... Иә, шырақ, сонымен жағдай мынадай: екі кісіге жүз доллар және жанбас ақысыз пәтер тиесілі. Мен алпыс, көмекшім қырық доллар алып келдік. Бірақ ол іс білетін епті жігіт еді, сен тосын адамсың ғой. Алғашында сен үшін маған көп жұмыс істеуге тура келеді. Сондықтан сен, айталық, әуелі отыздан бастап, бара-бара қырық доллар алатын боласың. Мен ақыңды жемеспін. Жұмысқа жаттығып, ойдағыдай үйреніп кетсең, қырық долларды өзің-ақ ала бер.

— Жарайды,— деп Мартин қолын созды, ол қолын қысты.— Бірақ аздап несие берсең жақсы болар еді. Жолға, өзге шығыныма керек болып тұр.

— Бар ақшамды кеше құртыппын,— деді мұңайып Джо, тағы да маңдайын сипалап,— билеттік қана бірдеме қалыпты.

— Пәтер ақысын түгел төлеп кетуге тиіс едім.

— Ой тәйірі-ай, бар уайымың осы ма, қойшы соны,— деді Джо.

— Жоқ, қоя алмаймын. Туған апама бересімін.

Джо «солай де» дегендей бір ысқырды да, терең ойға шомған адамша қабағын тырыстырып тұрып қалды.

— Жарты шөлмекке жеткендей жанымда тиын-тебен қалған болу керек. Жүр айда. Бір ақылын табармыз.

Мартин ыңғай бермеді.

— Немене, татпаушы ма едің?

Мартин басын изеді, Джо көңілсіз кескінмен:

— Күндеймін, бірақ өзім ішпей тұра алмаймын. Апта бойы әбден итшілейсің де, кабакқа бармасқа лажың қалмайды. Егер есіріп, арақ ішпесем өзімді өзім бауыздап өлтірер едім немесе өрт салып, қызмет орнын өртеп кетер едім деймін. Бірақ сен ішпейді екенсің. Өте жақсы. Осы әдетіңнен айнымағайсың,— деді.

Мартин бұл жігітпен екеуінің арасында шыңырау жатқанын түсінді. Оны қазған оқыған кітаптары. Ал сол шыңыраудан кері өту оған қиынға соққан жоқ. Өмірі жұмысшы табының адамымен араласып — астасып келеді, еңбекке ұжымдаса кету оның дағдылы әдетіне айналған. Мартин жаңа орнына қалай жетуді оңай шешті. Мәңгіріп жүрген Джоның бұған да ақылы жетер емес. Мартин нәрсесі мен шамаданын Джонның билеті бойынша багажға тапсырып, өзі велосипедпен баратын болды. Жексенбі күні жетпіс миль жерге еркін барып жетеді. Сөйтіп, дүйсенбіде жұмысқа кірісетін болады. Қазір үйіне барып, нәрсе-қарасын жиыстырмақ. Қоштасатын ешкімі жоқ. Руфь семьясымен Сиерраға жүріп кеткен. Жаз бойы сонда Тэхо көлінде серуендейді олар.

Мартин «Қайнарбұлаққа» жексенбінің кешіне үсті-басы тозаң-топырақ, шаршап, әрең жетті. Джо арсалаңдап алдынан шықты. Басын сүлгімен орап алыпты, ұзақты күн жұмыс істеген екен.

— Өткен аптадан қалған кірім бар еді,— деді ол,— сені жалдауға барған күні қолым тимеген. Багажың аман келді, бөлмеңде тұр. Ойпырай, зілдейіне не берерсің. Не салып ең ішіне? Алтын емес пе?

Мартин шамаданын ашып жатқанда Джо оның керуетіне барып отырды. Шамадан дегені шамадан емес, мистер Хиггинботамнан жарты долларға сатып алған консерв жәшігі еді. Сол жәшікке жіптен екі тұтқа шегелеп, Мартин өзіне шамадан сияқты бірдеме лекерлеген. Жәшіктің бетінде жатқан бірді-екілі іш киімі ғана болмаса, асты толы кітап. Соның бәрін бір-бірлеп шығара бастағанда Джоның екі көзі шарасынан шығып кете жаздады.

— Ойпырай! Түбіне шекте толған кітап па?

Мартин басын бір изеп, беті-қолын жууға пайдаланып жүрген ас үйдегі столға томдарды сатылап үйе бастады.

— Бәрекелде-е!

Көкірегін кернеген өрекпісін сыртына осылай шығарып, Джо біраз үндемей отырды. Өзіне ой түскендей түрі бар. Ақыры:

— Қыз-қырқынмен қалайсың? Көңілшек емессің бе? — деп қойды.

— Жоқ, бұрын кітап оқымай жүргенімде аздап қыдырушы едім. Қазір уақытым жоқ соған.

— Енді ол түгіл кітап оқуға да бұрыла алмассың — жұмыс пен ұйқыдан уақытың артыла қояр ма екен.

Ұйқыға бес сағат уақыт бөлгені есіне түсіп, Мартин езу тартты. Мартиннің бөлмесі кірхананың үстінде екен, су тартатын, жарық беретін, машина жүргізетін мотор да осы үйде көрінеді. Көрші бөлмеден механик келді, жаңа қызметкермен танысу үшін кірген екен, ол Мартиннің төсегіне де, столына да еркін жететін ұзын баулы электр шам қондырып берді.

Келесі күні Мартин таңғы сағат алтыдан он бес минут кеткенде орнынан тұрды — таңертеңгі ас алты қырық бесте әзір болады деген. Үйде қызметкерлерге арнаулы ванна бар боп шықты, Мартин салқын ваннаға түсіп, Джоны тағы бір таң қалдырды.

— Ойпыр-ай, өзің тіпті қызық екенсің!— деді Джо екеуі ас үйде тамақ ішуге отырған кезде.

Бұлармен бірге стол басына механик, бағбан, бағбанның көмекшісі, екі-үш атшы отырған. Бәрі де тұнжырап, алдындағы тамағын апыл-құпыл асап, ара-тұра күңк етіп, бір-біріне сөз тастап отырысты. Олардың келте, дөрекі сөздеріне құлағын салған Мартин бұл алуандас жандардан өзінің ұзап кеткенін аңғарды. Жігіттердің ой-өрісінің тарлығы тұншықтырғандай еді. Мартин ішінен тезірек құтылсам екен осылардан деп отырды. Алдына қойған бір аяқ сұйық дәмсіз ботқасын қарбыта асап, тез тауысты да, сыртқа шыққасын барып, күрсініп, кең тыныс алды.

Бу күшімен істейтін кішкене кірхана ең жаңа машинамен жабдықталған, сумаң қағып, әйтеуір, машина орындай алатын қызметтің бәрін атқарып тұр. Мартин қысқаша нұсқау алғаннан кейін таудай боп үйіліп жатқан кірді сұрыптауға кірісті. Джо машина жүргізіп, улы химикалиден былғаған сабынды суға салып ерітіп жатыр. Өзі уланбау үшін, кебін киген адамша орамалмен аузы-мұрнын, көзі-басын тұмшалап алыпты. Кір сұрыптап болған Maртин енді жуылған кірді сығуға кірісті. Бұл үшін оны айналма барабанға салады екен де минутына әлденеше мың рет зыр айналып тұрған барабан кірдің суын лезде сыртына айдап шығады екен. Мартин кептіргіш пен барабанның екі ортасында ілгері-кейін жүгірумен болды, қылт еткенде шұлықтарды бірыңғай сұрыптайды. Түстіктен кейін, үтік қызғанша, екеуі шұлықтардың қыртысын жазумен болды, оны бітіріп, сағат алтыға дейін іш киім үтіктеді. Сағат алтыны соққан кезде Джо басын бір шайқап:

— Әй, әттеген-ай, үлгіре алмадық! Кешкі астан кейін біраз жұмыс істемей болмас,— деді.

Кешкі тамағын ішіп болып, екеуі көз тұндырған сүттей электр жарығымен ең соңғы ішкиімді үтіктеп иесіне әзір еткенше, сағат онға дейін дамыл көрмеді. Калифорнияның қапырық түні. Терезелер ашық тұруына қарамастан, плита мен үтіктің қызуымен үйдің іші қайнап тұр, адам шыдағысыз. Екі жеңін түріп алып, көйлекшең ғана жүрген Мартин мен Джо ентігіп, қара терге шомылды.

— Тропик портында жүк тиеген адамдай болдық-ау!— деді Мартин екеуі баспалдақпен жоғары шығып бара жатқанда.

— Сен іске тез төселіп кетесің,— жұмысты жақсы істейді екенсің,— деді Джо.— Бүйтер болсаң келесі айда-ақ қырық долларға қолың жетіп қалмас па екен. Бірақ, бұрын кір үтіктеп көргенім жоқ деуің бекер. Мені алдай алмайсың, айналайын!

— Құдай біледі, өмірімде бір жапырақ шүберек үтіктеп көрген жоқпын!

Мартин қатты шаршағанын байқады. Табанынан тік тұрып, он төрт сағат үзбестен жұмыс істегенін ұмытқандай өзінің бұл халіне қайран қалды! Будильнигін таңғы алтыға қойды да, бес сағатын шегеріп, түнгі бірге дейін кітап оқымақ болды. Аяғын суыту үшін башмағын шешіп, стол басына отырды, кітаптарын айнала алдына жайып салды. Фискенің мұнан екі күн бұрын оқып тоқтаған жерін ашты. Басы мең-зең. Бір оқыған абзацын екінші рет оқиды. Әлден уақытта ояна келсе, ашық тұрған терезеден таудың салқын лебі есіп, бүкіл денесі мұздап қалған екен. Сағат түнгі екі. Төрт сағаттай ұйықтапты. Шешініп, төсегіне қайта жатқан бетте, басы жастыққа тиер-тиместе қор ете түсті.

Сейсенбі күні бұлар тағы тыным тапқан жоқ. Джоның шапшаңдығына Мартин таң қалды. Қимылына көз ілесер емес. Күн ұзын жұмысқа бар ынтасын салып, титтей уақытын босқа жібермейді және Мартинге бес қимыл жасау орнына үш, үш қимыл орнына екі қимыл жасау әдісін үйретеді. Мартин де еліктеп бақты. Өзі де епті, зейінді еді, жұмысқа келгенде алдыма жан салмаймын деп мақтанатұғын да. Бар өнерін салып, Джоның айтқанын екі етпеуге тырысты. Жаға мен манжеттерге, үтіктеген кезде көпіршімейтін етіп, әдемілеп крахмалды жаққаны сонша, Джо мақтап қойды оны.

Жұмыста ешбір үзіліс деген болмайды. Бірін бітірсе, ілешала екіншісіне кіріседі. Бұлар екі жүз ақ көйлек крахмалдады. Оң қолымен оның жағасын, кеудесі мен манжетін ыссы крахмалға малса, сол қолымеи өзге жерін крахмалға тигізбей көтеріп тұруы тиіс. Крахмал сондай ыстық — көйлекті сыққан сайын қолдарын салқын суға малып тұрады. Сол күннің кешінде екеуі түнгі он жарымға дейін үлбіреген әйел киімінің бүкпесі мен бүктесінін түгел крахмалдап шықты.

— Тропикте де тап мұндағыдай емес — жеңілірек,— деді Мартин күліп.

— Дәл маған жеңіл соға қояр ма екен, кір жуудан басқа қолымнан не келеді менің,— деді Джо.

— Сен бұған әбден машықтанып алған екенсің.

— Машықтанбай. Оклендте мен он бір жасымнан істей бастағам. Пармен жүретін катокта тұрдым. Міне, сонан бері табан аудармағаныма он сегіз жыл болған екен. Ал тап мұндағыдай каторга көрген емен. Мұнда ең кемі үш адам болуы тиіс. Ертең бізге тағы да түнделетуге тура келеді. Сәрсенбі сайын ылғи солай — жаға, манжет.

Мартин будильнигін тағы бұрап, столға отырып, Фискенің бетін ашты. Бірақ бір абзацын да оқи алған жоқ. Кітаптың жазуы көз алдында селтең қағып, қалғи берді. Түрегелді, олай-бұлай жүрді, ұйқы ашам ба деп жұдырығымен басын түйгіштеп те қарады, болмады. Сонан кейін кітапты алдына жайып салып, саусағымен қабағын керіп отырып оқымақ болған, бірақ сол қалпында көзі ашық күйі ұйықтап кетіпті. Ақыры ол ұйқы жаумен арпалысуын қойды да, не істеп, не қойып жүргенін толық түсінбестен, шешініп, керуетіне бара құлады. Жеті сағат ұдайымен хайуанша пысылдап, ауыр ұйқыда жатып, будильниктің шылдырынан ояна кетсе, ұйқысы әлі қанбаған екен.

— Қалай, көп оқыдың ба бүгін?—деді Джо.

Мартин басын шайқады.

— Көп емес!— деді Джо көңілін жұбатқысы келгендей.— Бүгін катокты түннен бастап жүргізейік те, ертең ерте, таңғы сағат алтыда жұмыстың бәрін үлгірейік. Сонда оқуға уақытың қалады.

Бұл күні Мартин үлкен кеспекке улы сабын езіп, жүннен тоқыған бұйымдарды шайқаумен болды. Кір шайқайтын бір лекері де бар екен бұлардың, онысы кеспектің үстіне көлденең асқан көпір ағашқа байлаған поршень мен арбаның төлкесі.

— Өзім ойлап таптым осыны,— деді Джо мақтанып.— Әрі білік, әрі қол орнына жүреді, жетісіне ең кемі он бес минут уақыт үнемдейді бұл! Мына дию-перінің тандырында жүрген бізге тым құрса бір минут үнемдеу неге тұрады, білесің ғой!

Жаға мен манжеттерді катоктен өткізуді де ойлап шығарған Джо, кешке екеуі әлектр жарығымен жұмыс істеп жатқанда, оның жайын Мартинге ол былай түсіндірді:

— Басқа кірханаларда бұған ешкімнің әлі ақылы жеткен жоқ. Осының арқасында мен сенбі күні жұмысты елден бұрын сағат үште үлгіріп жүрмін. Тек айла-әдісін білу шарт. Ерекше температура, ерекше қысым жағдайында манжетті не жағаны катоктан үш рет өткерсең болғаны. Міне қарашы.

Ол манжет алды қолына.

— Қолмен де бұлай жылмитып шығара алмайсың, солай емес пе?

Бейсенбі күні Джо бұрқан-талқан болды: нормадан артық бір буда крахмалдайтын ішкиім жіберіпті қожайын.

— Жау алсын,— деді ол айқайлап,— құрысын бәрі де! Илігерім жоқ енді. Хайуанға ұсап бір жеті итшіледім, әрбір минут уақытымды үнемдедім, сол да жетер. Енді қара, нормадан тыс бір буда кір әкелгенін! Мен ерікті елдің азаматымын, білдің бе, айтармын айтарымды, голландиялық доңызыңа! Французша сөйлеп, сыпайыламаспын, білдің, бе? Құрама Штаттардың тілінен де табылар саған лайықты сөздер. Нормадан тыс тағы бір буда жібере қоюын қарашы!

— Құрсын, тағы да түн ортасына дейін жұмыс істейтін болдық қой,— деді ол аздан кейін өзінің әлгінде ғана ашу шақырып, сырттан айбат шеккенін ұмытып, тағдыр шіркінге мойын ұсынғандай.

Бұл түні де Мартин кітап оқи алмады. Газет көрмегелі бір жұма болған. Көруге де құлқы жоқ. Жаңалық — хабар білуге зауқы соқпайды. Әбден қалжыраған, селт етіп көңілі ештеңеге ауар емес; дегенмен ол сенбі күні, шынымен жұмыс сағат үште тоқтайтын болса, велосипедпен Оклендке баруға бел байлады. Жетпіс миль баруы, жетпіс миль қайтуы — сонымен, аз да болса тынығып, алдағы жетіге әл жинауға мұршасы келер емес. Поезбен барған жөн еді, бұған екі жарым доллар ақша керек. Ал Мартин қалай да қор жинауға бекіген.

Он жетінші тарау

Мұнда жүріп, Мартин көп нәрсеге үйренді. Алғашқы аптаның бір күнінде Джо екеуі екі жүз ақ көйлек жуып, әзір еткен еді. Джо машина басқарды, машинаның үстіндегі көпір ағашқа болат пружинамен жалғаған үтік көлбей сырғанап, киімді бір тегіс басып тұрады екен. Джо киімнің крахмалдаған жерін осылай үтіктеп, дайын болғанын Мартинге тастай береді. Мартин оны тақтайға салып, өзге жерін қолмен үтіктеп шығарады.

Бұл сағат сайын тоқтаусыз жүріп жатқан ауыр мехнат. Қонақ үйдің ашық верандасында кілең аппақ киім киінген еркектер мен дамалар моцион үшін серуендеп жүреді немесе стол басында жайласып, салқын сусын ішіп отырады. Ал кірхананың іші адам тұншыққандай қапырық. Шоқтай қып-қызыл плита жалын атады, ыстық үтіктің табаны дымқос шүберекке тиген сайын шыж етіп, бу бұрқылдайды. Бұлардың үтігі әдетте үйде қыздыратын үтіктен анағұрлым ыссы. Әлгі саусаққа түкіріп, қызуын байқайтын үтік Мартин мен Джоға суық көрінер еді. Бұлар үтіктің қызуын бетіне тосып байқайды және оның температурасын ерекше бір сезіммен қатесіз біледі. Осының сыйқырын Мартин адамға айтып түсіндіре алмас еді. Егер үтік тым қызып кетсе, салқын суға малады. Мұның да айла-амалы аз емес. Шамадан бір секунд артық ұстасаң, суытып аласың; Мартин осының бәріне өзінің автоматтан бетер мүлтіксіз машықтанып кеткеніне таң-тамаша.

Тіпті таңданып тұруға да мұршасы жоқ. Мартиннің бүкіл зейін-зердесі жұмыста. Тірі машина тәрізді басымен де, қолымен де тоқтаусыз бір қалыпта істейді де тұрады. Бойындағы бар адамдық қасиетін жұмыс жеңіп кеткендей. Басында дүние туралы, оның ғаламаты жайлы ойлануға орын да қалмаған. Миындағы кең сарай бекітілген, пешеттелген. Мартиннің ой-санасы бір тар лашыққа, штурман рубкасына келіп тығылған тәрізді. Осы арадан ол қолдары мен саусақтарына әмір етеді — буы бұрқыраған матаның бетімен үтікті қалай сырғанату керек, бір қалыпты, бір елі ауытқымастан, бірінен соң бір қимыл жасап, қисапсыз көп жең мен етекті, қолтықтарды, бой-бойды қалай үтіктеген жөн, үтіктелген киімді бүкпей, қатып тұрған қалпында қалайша тастап тұру оңтайлы — осының барша тәртібін айтады. Осыған орай Мартин бірін тастап, бірін алып тұрады. Ұзақты күн осылайша дамылсыз жұмыс үстінде өтеді. Тыста, Калифорнияның аптабында, тіршілік дүниесі маужырап, мүлгіп тұрғанымен, мұнда тұншықтырған кірханада арпалыс зәредей бәсеңсіп көрген емес. Қонақ үйдің верандасында самалда салқындап отырған мырзаларға таза киім керек.

Тер Мартиннің денесінен бұршақтай домалайды. Ішкен суда қисап жоқ. Бірақ күннің ыстығы сонша, су бұрқырап термен шыға береді. Теңізде жүзіп жүрген шағында да ең ауыр бейнет ойлануына бөгет болмаған еді. Кеме иесі уақытының ғана қожасы екен ғой; ал мына қонақжай иесі ол аздай, ой-санасының да әміршісі болыпты. Ақылын да, жігерін де жегідей жеген ауыр еңбектен өзгені ойлауға уақыт жоқ. Бөтен ой да жок. Тіпті, Руфьқа өзінің ғашық екенін де, емес екенін де білмейді. Ол үшін Руфь өмірден ғайып боп кеткен. Жұмыстан қалжырап жүрген Мартиннің өткенді есіне түсіруге халі жоқ. Тек кешке, төсегіне жатқанда немесе таңертең, ас үстінде, Руфь көз алдында сағымдай бұлдырайды.

— Тозақтан да сор емес пе бұл?—деді бір күні Джо.

Мартин басын изеді. Бірақ өз-өзінен әлденеге тыжырына қалды. Бұл хал айтпаса да анық еді ғой. Екеуі жұмыс үстінде көпаса сөйлеспейтұғын-ды. Бейуаз сөз істің шырқын бұзады. Міне, қазір де Джоның сөзіне зейіні ауып кетіп, екі қимыл артық жасады.

Жұма күні Мартин мен Джо кір жуатын машинаны таңертең ерте жүргізді. Жетісіне екі рет қонақ үй кірі: дастарқан, майлық-сулық, жастық тысы, ақ жаймалар жуылатын. Осының бәрін үлгеріп болғаннан кейін олар жібек бұйымға кірісті. Бұл аса сақтық жасауды керек ететін қиқым-сиқымы мол қиын жұмыс. Мартин сәл саябырлап қалды; себебі, тездетемін деп титтей қате бассаң, тәңіріге жазғаның.

— Көрдің бе мынаны?—деді Джо бір уысқа сиғандай үлбіреген көкірекшені көрсетіп.— Күйдіріп алсаң, жалақыңнан жиырма доллар ұстап қалады.

Бірақ Мартин ешнәрсе күйдірген жоқ; бұлшық етін сәл босатқанымен, жүйке тамырын шыңдай түскен ол еппен, жаза баспай, тоқтаусыз істеп тұр. Тек Джоның: кірін өздері жумайтын болған соң жібек киетін қайқаңдаған қатындарды жерден алып, жерден салып тілдегеніне айызы қанғандай. Жаңа киім Мартинге, Джоға да қарадай жабысқан қарғыс сияқты. Аса қымбат, санаулы минуттарын құртып кетеді. Екеуі күн ұзын тірі әлекке түсті. Сағат жетіде кір жууды тоқтатып, ақ жаймаларды, дастархан мен орамалдарды катоктан өткізді. Сағат онда қонақ үйдегілер тегіс ұйқыға батқан шақта бұлар жұқа киімді тағы қолға алып, түн ортасына, түнгі сағат бірге, екіге дейін ырсылдады! Жұмыс сағат екі жарым кезінде тоқтады?

Сенбі күні таң сәріден жұқа киім мен көр-жерді тағы қолға алды бұлар. Ақыры, сағат үште, алты күн арпалысқан ауыр жұмыс тоқтады.

— Бұл жолы тегі Оклендқа бара алмассың деймін,— деді Джо екеуі есік алдындағы баспалдаққа шығып, рахаттанып, темекі тартып отырғанда.

— Жоқ, барып келем,— деді Мартин.

— Самтырап не бар сонда? Әлде көңілдес қызыңа барып жүрсің бе?

— Жоқ, кітапханаға барып, кітап ауыстыруым керек. Ал екі жарым доллар ақша үнемдеу үшін велосипедпен жүргенім жөн.

— Почтаға салып жібермейсің бе. Ширек доллар ғана алады.

Мартин ойланды.

— Онан да, шырағым-ау, дем алсайшы, бір күн тынығу керек қой. Мен де өзіңдей адаммын. Мінеки, әбден қалжырап отырмын.

Мұнысы рас еді. Әрбір секунд, минут үнемдеу үшін жан таласқан, сылбырлықты сүймейтін, қиыншылықтың қандайын болса да жеңбей тынбайтын, қайрат пен жігер тасқыны бәсеңдемейтін адам баласының ең күшті моторы, жұмыстың нағыз жын-перісі — мұның да жеті бойы азаптанып, енді милау адамша мең-зең болып отырған сиқы мынау. Қабағы аузына түсіп кеткен, ажарының шырайы қайтқан. Мойыған. Папиросын құлықсыз сорып отыр. Әсерсіз, ынжық дауысы біркелкі баяу қалпынан өзгермейді. Оты сөнген, жігері қайтқан, тіпті, қазіргі тыншуы да сергіте алмаған сияқты.

— Дүйсенбі күні бәрі қайта басталады,— деді ол көңілсіз. — Осының керегі не! Ә? Шынымды айтсам, кейде кезбелерге қызығамын. Жұмыс істемейді ғой олар, сонда да күнін көріп жүр. Оһ, оһ! Бір стакан салқын сыра жұтар едім. Соған бола сүйретіліп, сонау деревняға баруға ерініп отырмын. Сен ақымақ болма. Кітабыңды почтамен жөнелт те, өзің осында бол.

— Мұнда күні бойы не бітіремін?—деді Мартин.

— Тынығасың. Қатты шаршағаныңды сезбей отырсың ғой. Мысалға мені алшы, жүйкем құрып, кейде газет оқи алмаймын. Бұрын бір рет сүзек болып ауырған едім. Ауруханада табаны күректей екі ай жаттым — түк істегенім жоқ. Шіркін-ай, десейші!

— Ой, қайран дүние-ай!—деп қойды ол аздан кейін қиялданып.

Мартин ваннаға түсіп, қайта оралса, Джо зым-зия жоқ. Мартин оны «бір стакан салқын сыра жұтуға» кеткен шығар деп ойлады. Артынан іздеп, деревняға барғысы келген жоқ. Башмағын шешпестен, керуетіне жата кетті. Аз ғана есін жимақ болды. Кітапты қолына да алған жоқ. Діңкесі құрыған екен. Кешкі ас әзір болғанша, ұйқылы-ояу езіліп жата берді. Джо асқа дейін оралмады. Мартин бағбаннан сұрастырып еді, ол: «Джо-екең, сірә, сырахананың сөресіне тамыр жайған болар», деді. Кешкі астан кейін Мартин жатып ұйықтады. Таңертең түрекелсе, әжептәуір тынығып қалған сияқты көрінді. Джо әлі келмепті. Мартин ағаштың көлеңкесіне барып, жантая кетті де, жексенбі күнгі газетті алды қолына. Сөйтіп жатып күннің сәске болғанын аңғармапты. Тыныштығын ешкім бұзбаса да, көзі ілінбей ояу жатса да бүкіл денесі дел-сал болып газет оқи алмады. Түскіліктен кейін тағы газет оқымақ болған, бірақ газетін басына бүркеніп, қалғып кетіпті.

Жексенбі күні оның осымен өтті, дүйсенбі күні таңертең тағы да кір сұрыптады. Басына сүлгі ораған Джо не көрінгенді балағаттай жүре суға сабын езді, машина жүргізді.

— Жаман үйреніп кетіппін әбден,— деді ол,— сенбінің кеші десе бір бәле ішкілікке бастайды да тұрады.

Тынымсыз ауыр еңбек үстінде тағы бір жұма өтті. Жарқыраған электр жарығымен түн ортасына дейін әуреленіп, сенбі күні жұмысты сағат үште аяқтағанына қуанышы басылмай жатып, Джо тағы да «бәрін ұмыту үшін» деревняға кетіп қалды. Мартиннің бұл жексенбісі де өткен жексенбідегідей болды. Ағаштың көлеңкесіне жатып, біраз ұйықтады, оянғасын енжар отырып, газет қарады. Онан кейін түк істемей, миғұла болып кеткен адамдай мәңгіріп, бірнеше сағат құр жатты. Өлесі болған екен, ойлауға да зауқы жоқ, өз намысын өзі аяққа басып, өзін-өзі қор еткен адамдай өзінен өзі жиіркенді. Бойындағы адамгершілік қасиеттің бәрі сөнген, талабы тойтарылған, өмір қуаты томырылған, ешнәрсеге көңілі соқпайды. Ол өлген. Жаны өшкен. Хайуан болып, жұмыс малына айналған. Қазір ол жасыл желектің селдірінен төгілген күн нұрының сұлулығын сезбейді, көк аспанның түпсіз тереңі әсер етпейді, ол сиқырлы сырын ашуға талпындырған ғаламаты мол космос жайлы ой түсірмейді. Өмір деген жан төзгісіз, көңілсіз, мағынасыз, тек кісіні зеріктіретін беймаза безек сияқты көрінді оған. Елес экранына әлдекім қара жамылғы жауып кеткендей, ал қиялы жарықтың жалғыз сәулесі түспейтін тастай қараңғы, тар қапасқа қамалғандай еді. Сенбі сайын деревняға барып, мас болып, алдағы ауыр азапты ұмыттыратын есірікке ерген Джоны күндейтін де күн туды.

Төртінші аптаның бітпестей ұзын сонары басталған кез, Мартин өзіне-өзі, бүкіл өмірге ләнет айтумен болды. Жабыңқы көңілі өмірден жеңілгенін сезеді. Әңгімелерін керек қылмай, қайтарып жіберген редакторлардікі-ақ жөн екен. Қазір осының дұрыстығына көзі жетіп отыр. Ол өз басын мазақ, арманын мансұқ етіп күлді. Руфь «Теңіз толғауларын» почта арқылы қайтарып жіберген екен. Қыздың хатын селқос оқыды. Өлеңін асыра мақтап, айтып жете алмағансыпты. Бірақ Руфь бала ғой, шындықты түгел жасыра алмаған. Асылы, өлең оған ұнамапты. Хатының әрбір жолынан өзін-өзі қамшылап, қиналып мақтағаны көрініп тұр. Әлбетте, Руфьтікі де жөн. Бұған -өлеңін қайта оқып шыққанда көзі жетті. Оның ешбір сұлулығын көре алған жоқ. Қайта осындай өлеңсымақ жазуға не себеп болғанын түсіне алмады. Бұрын тым батыл сияқты көрінетін сөздері мен сөйлемдері қазір кісі күлерліктей, теңеулері қисынсыз, жан түршіккендей, жалпы алғанда, басынан аяғына дейін мағынасыз жалған бірдеме болып шыққан. «Теңіз толғауларын» табанда өртеп жібергісі келді. Бірақ ашудан қағаз тұтанар ма, астағы машинаның лаулап тұрған пешіне баруға шамасы жоқ; бар күшін жат кісілердің іш киімін жууға сарқып, өз шаруасына зәредей мұршасы қалмаған ғой.

Мартин жексенбі күні Руфьке қалай да хат жазбақ болған. Бірақ сенбінің кешіне жұмысын аяқтап, ваннаға түсіп шыққаннан кейін, мұның да дүние пәленің бәрін ұмытқысы келді. «Джо думан қып жүр ме екен, барып көрейінші» деп ойлады да, іштей өзінің өтірік айтып тұрғанын сезді; бірақ бұл жайлы ойлана беруге дегбірі төзбеді, бәрібір ойын он екі саққа жүгіртіп, өзінің өтірігін шығарып жатпас еді, себебі, аңсағаны ол емес, бәрін ұмыту ғой. Серуенге шыққан адамдай ол жайбарақат, асықпай деревняға қарай келе жатыр. Шарапханаға нақ таянған кезде әлденеге абыржып, өкшесі жерге тимей кетті.

— Мен сені судан өзге сусын татпайтын шығар деуші едім!—деді Джо.

Мартин ештеңе деген жоқ, виски алып, стаканға шүпілдете құйды да, қалғанын Джоға ұсынды.

— Қимылда, тез,— деді дөрекі үнмен.

Джо сәл кідірген еді, шыдай алмай, стакандағы арақты өңешіне қотара салды да тағы құйды.

— Енді біраз күтуге төзімім жетер, сірә, әйткенменен арбаңдай бермесейші,— деді түксиіп Джоға.

Джо да көп күттірген жоқ, қағып салды.

— Сенің де титығыңа жеткен екен, ә?—деді Джо.

Мартиннің бұл жайды сөз қылғысы келмеді.

— Мен саған айтып едім ғой: бұл кәсіп емес, тірінің тозағы деп, деді Джо. — Шынымды айтайын, сенің шыдай алмағаныңа ренжимін, Март. Жарайды, мейлі! Кәне тағы да бір алып жіберейік!

Мартин үн-түн жоқ, үсті-үстіне қылқылдатып жатыр, тек қайта-қайта күңкілдеп, заказ бере береді, буфетші шашын жылмита тараған, көк көзді, қыз мінезді деревня жігіті екен, сасайын деді.

— Адамның өмір жасын осыншама өксіту, қорлау барып тұрған доңыздық,— деді Джо.— Осылай ара-тұра арақ ішіп, шерімді тарқатпасам, жау алғыр кірхананы әлдеқашан өртеп кетер едім. Құдай ақына, қожайынның бақыты бар екен — менің арақ ішкенім оған олжа.

Мартин жауап қайтарған жоқ. Тағы екі-үш стакан қағып алғаннан кейін көзі бұлдырап, мастық жеңейін деді. Соңғы екі-үш жеті ішінде байқалмай кеткен өмір тынысын сезе бастады. Арманы оралды, қиялы тар шырмаудан құтылып, шарықтап: жарқын биікке тағы да көтеріл дегендей болды. Қиял экраны күмістей жарқырады, ап-айқын елес тізбегі бірін-бірі қуалап, құбылып, сеңдей тоғысты. Әдеттен өзге бір керемет қатарласып, қол ұстасып жетелей жөнелді, тағы да білмейтіні, қолынан келмейтіні жоқ сияқты көрінді. Осы халін Джоға айтқысы келіп еді, оның да өз арманы бар екен: шіркін, тірі азаптың бәрінен құтылып, пармен жүретін үлкен кірхананың қожайыны болсам-ау, деп қояды ол.

— Иә, Март, мен буыны қатпаған балаға жұмыс істетпеймін, осы сөзіме илан. Ешуақытта істетпеймін. Сағат алтыдан кейін жұмыскердің бәрін босатамын, кірханада жан қалмайды. Естідің бе? Машина да, адам да көп болады менде. Сондықтан жұмысты үнемі уақытында тоқтатып тұрам. Ал, сені өзіме көмекші етіп алар едім, Март. Жоспарым осы. Арақ ішуді қоям, қаражат жинаймын, екі жылдан кейін...

Мартин сөзіне онша құлақ аспағасын, Джо сырын буфетшіге айта бастап еді, оны жергілікті екі фермер шақырып әкетті. Ләйліп көңілі тасып, дүниені бір шайқап қалғысы келген Мартин трактирдегілердің бәрін — бірнеше батракты, бағбанның көмекшісін, қонақжайдың атшысын, буфетшінің өзін және бір шарапханаға кіріп келіп, сөренің сонау шетінде сайтандай селтең қағып тұрған бір кезбені де — әйтеуір, кім көрінгенді қонақ етіп, сыйлай берді.

Он сегізінші тарау

Дүйсенбі күні таңертең Джо бұрқылдап жүріп машинаға бір құшақ кір салды.

— Мен айтсам бар ғой...— дей бастап еді ол, Мартин ызғарланып:

— Мазамды алмай әрі жүрші өзің!— деп бетінен қауып тастады.

Кейін екеуі түстікке отырғанда Мартин:

— Ғафу ет, Джо,— деп кешірім өтінген.

Джо көзінен жасын іркіп:

— Жарайды, жарайды, достым, біз тамұқта жүрген жандармыз ғой, кей-кейде аяқ астынап арс ете түссек—әжеп емес. Мен жақсы көріп кетіппін сені, құдай біледі. Сондықтан, айтқан сөзің азғана көңіліме келгені рас еді. Саған үйір болып кетіппін, тіптен,— деді.

Мартин қолын қысты оның.

— Жау алғырдың бәрін тастап, кезбе болып кетсек қайтеді осы,— деді Джо.— Мен ешуақытта ел ақтап көрген емеспін, тегі, кезбелік тамаша болу керек. Ойлап қарашы өзің — қолың бос, – түк істемейсің! Бір кезде сүзек болып, ауруханада жатқаным бар еді. Сондағы көрген рақатым әлі күнге есімнен кетпейді. Сондай тағы бір ауру тап болмады-ау маған!

Арада жиырма шақты күн өтті. Қонақ жайдағы кісілер де, жуатын жұқа киім де көбейді. Екеуі ересен ерлік көрсетіп, электр жарығымен ел бір ұйықтағанша жұмыс істеді, ас ішетін уақытына дейін үндемеді, таңертеңгі тамағын ішпестен, іске кірісетін болды. Мартин бұрынғыдай ваннаға түсіп, салқын суға шомылуын қойды: қолы тиер емес. Ал Джоның бар уайымы уақытының әрбір минутын есептеу, алтын санаған сараңдай бір минутын шашау шығармайды, жұмыс десе машинадай зіркіл қағады, өзі тәрізді тағы бір жанды машинамен, бір кезде Мартин Иден деп аталған біреумен үнсіз-түнсіз жалғасады.

Мартин қазір өте сирек ойланады. Оның ой тұрағы бекітулі, терезелері шегелеулі, ал өзі болса сол тұрақтың қақпасын күзеткен елес қана. Иә, ол тірі аруақ қазір. Джоның айтқаны рас. Екеуі де ұлан-базар еңбек дүниесінің ебелек қаққан елесі. Әлде, тіпті, осының бәрі ұйқыда көрген түс пе? Оқта-текте, ауыр үтікпен ақ киімнің қыртыс-тыртысын жазып, бұрқыраған ыстық буға малынып тұрған шақта, Мартин осының бәрі түс қой деп өзін-өзі алдарқатады. Мүмкін, тіпті, көп ұзамай, болмаса мың жыл өткесін бе, әйтеуір, қауашақтай бөлмесінде ұйқысынан ояна кетіп, сия-сия столына отырып, кеше ғана қалдырған жұмысын қайта бастап кетер әлі. Әлде жазу жаздым дегені де түсі ме? Мүмкін, оянғасын жазу жазбас, вахтасына барар, төсегінен атып тұрып, палубаға көтеріліп, аспанда сан мың жұлдызы жымың қаққан тропиктің түнінде штурвалға тұрар, пассаттың күбірлеген салқын самалы денесіне жібектей жұмсақ тиіп, әлі-ақ сергітетін шығар.

Бүгін күн тағы сенбі, сағат үште жұмыс тоқтады.

— Бір стакан салқын сыра жұтпаймыз ба?— деді Джо селқос, өйткені сенбі сайын ұстайтын құрысы бүгін тағы ұстап отыр еді.

Бірақ, Мартин ұйқысынан оянған адамдай сергек. Велосипедін жөндеді, тегермешін майлады, рүлін байқады, бәрін сүртіп тазалады. Сонсоң велосипедтің руліне құмырсқадай иіліп, қос педальға кезек-кезек ырғала басып жетпіс миль сапар шегуге тиісті сонау тозаңды жолға кірбие көз тігіп, зырлап бара жатқанын салунда отырған Джо сыртынан көріп қалған. Сол күні Мартин Оклендте қонды, жексенбіде қайтып оралып, дүйсенбі күні іске кірісті, жол соғып шаршағанымен, арақ ішіп, мас болмағанына қуанды!

Арада бесінші апта өтті, іле алтыншы апта да өте шықты. Мартин бұрынғысынша зіркіл қағып, машина сияқты істеп жүр. Тек жан жүйесінің терең түкпірінде лыпылдаған болмашы бір жарық сөнбей қалыпты. Әрбір жетінің аяғында велосипедпен жүз қырық миль жол жүргізетін сол. Бұл да тек қара күштің қимылы. Күндердің күнінде Мартиннің өткен өмірінен қалған осы жалғыз шырағы да сөнді. Жетінші жұманың аяғында өзін-өзі тоқтатуға дәрмені жетпеген Мартии Джомен бірге деревняға барып, аңсаған өмір тынысын тағы бір сезген, соның буымен көңілі де сергігендей болған.

Келесі сенбіде Мартин шаршағанын онан да зор күшке жеңдірейін дегендей тағы жетпіс миль жол жүрді. Тек үш ай өткесін, үшінші рет Джоға еріп, деревняға тағы бір барған. Онда еңсесін басқан ауыртпалықтың бәрін аз уақытқа ұмытып, қайта тірілген, қайта тіріліп, найзағайдың отындай жарқ еткен жасылдың жарығымен қазіргі халін, бұл күнде арақ ішуден емес, ауыр бейнеттен хайуанның кейпіне келгенін анық көрген. Мастық бұл күйдің себебі емес, сылтауы. Таң атса, артынан көп ұзамай, белгілі мерзімінде күннің бататыны сияқты ауыр мехнаттан кейін арақ ішіп, мас болу табиғи заң екен ғой. Жүк артатын салпаң құлақ хайуанға бір айналып кеткеннен кейін жарқын биікке қайта көтеріле алмайды екенсің: вискидің ақылына салған бір ақиқаты осы; Мартин бұған мойын ұсынды. Вискидің даналығын қараңыз: ол осылай аса бір маңызды шындықтың кенет бетін ашып берді.

Мартин қағаз, қарындаш сұрап алып, компаниеде отырған кісілердің бәріне виски бұйырып, олар денсаулық үшін тост көтеріп жатқанда, өзі қағазға бірдеме жазды.

— Телеграмма ғой, Джо, оқып қарашы,— деді ол.

Mac болған Джо ыржалақтап, оқи бастады. Бірақ, кенет айығып кеткен адамдай Мартинге жазғыра қарады да, мұңайып, көзінен жас алып:

— Мені тастап шынымен-ақ кетесің бе, Март?—деді.

Мартин басын изеді, бейсауат бір баланы шақырып алып, телеграфқа жұмсады.

— Тұра тұр! Мен сәл ойланайын,— деді Джо тілі күрмеліп.

Тәлтіректеп барып, сөреге сүйенді, сол кезде Мартин сүйемелдеп, иығынан қапсыра құшақтай алды.

— Екі қызметкердің екеуі де кетеді деп жаз,— деді кенет Джо.— Жаз солай.

— Саған жол болсын?

— Саған ше?

— Мен теңізге кетем. Сен жарамайсың ғой оған.

— Оның рас. Бірақ, мен кезбе болам. Ең абзалы сол.

Мартин бip минуттей сынай қарап тұрды да:

— Оллаһи, осының дұрыс!—деді.— Жүк теңдейтін жануар болғаннан да, кезбе болғаның артық. Әйтеуір, адам сияқты өмір сүресің. Сен сорлы бүгінгіше өмір көрген жоқсың.

— Көрдім,— деді Джо,— бір кезде ауруханада жатқаным бар. Сүзек болып ауырғам, айттым ғой деймін саған. Эх, рахат деп соны айт, шіркін.

Мартин телеграммадағы «екінші жұмысшы» деген сөздің орнына «екі жұмысшының екеуі де» деп түзетіп жатқанда, Джо:

— Ауруханада жатқанда араққа зауқым соққан жоқ еді. Бұл бір тамаша емес пе, ә? Ал жеті бойы жегінді сияқты жұмыс істеген адамға арақ ішпей болмайды. Аспазшылардың өлгенше ішетінін кім білмейді... Наубайшылар да солай. Өйткені жұмысы ауыр олардың. Тоқта! Телеграмманың жарым ақысын мен төлеймін.

— Жарар, кейін есеп айырармыз,— деді Мартин.

— Әй, бері келіңдер бәрің де, енді мен қонақ етем!—деді Джо айғайлап, ақшасын сөреге салып жатып.

Дүйсенбі күні таңертең Джо елегізіп, не қыларын білмеді. Басының ауырғанымен де, жұмыспен де кәбі болған жоқ. Терезенің алдында отырып, күнге, ағаштарға қараумен талай-талай қымбатты минуттарын босқа өткізді.

— Miнe, қарашы! — деді ол өз-өзінен өрепкіп.— Мынаның бәpi менікі ғой. Бостандық, еркіпшілік деген осы! Сонау ағаштың түбіне жантая кетіп, мың жыл ұйықтасам да өз еркім. Кеттік, Март. Жау алсын жау алғырдың бәрін, пысқырып та қарамаймын! Не күтеміз осынан, кетейік, әйда. Алдымызда бейнетсіз кең дүние жатыр. Түзедім соған бетімді. Енді қайтып оралман.

Бірнеше минуттен кейін машинаға кір салып жатқанда, Джоның көзі қожайынның көйлегіне түсіп, белгісінен тани кетті. Жаңа ғана қолы жеткен бостандықтың қызуымен көйлекті еденге атып ұрып, аяғымен тепкілей бастады.

— Мынау сенің тұмсығың болсайшы, Голландияның доңызы! – деді ол айғайлап.— Мә, саған! Керегі осы ғой! Мә! Мә, саған! Кәне, кім тоқтатар екен мені! Тоқтатып көрсінші, көрістірейін әкесіне.

Мартин күліп, араша түскенсіді. Сейсенбінің кешіне екі жаңа қызметші келді, Мартин мен Джо оларға алдағы жексенбіге шекте жұмыстың жайымен таныстырды. Джо түк істеген жоқ, тек олай істе, бұлай ет деп қана отырды.

— Қой, шырағым, болмайды енді! Саусағымды қимылдатсам көр. Көп болса, мерзімінен бұрын босататыны ғой, мейлі. Мен бір паруайсыз жанмын. Жұмыс істеуді қойғанмын. Енді жүк вагонына отырып алып, дүние кеземін, ағаштың көлеңкесінде жатып ұйықтаймын. Эй, қызметшісымақтарым! Қимылдаңдар! Тездетіңдер! Терлеңдер! Терлесеңдерші, шайтан алғырлар, түге! Ертең ит өлімімен өлген күні, сендер де мен сияқты жидіп кетесіңдер,— бұл дүниеде кімнің қалай тұрғаны көп емес, бәрі бір! Ақыры бір. Солай емес пе? Кәне өздерің айтыңдаршы, бәрі бір емес пе? Ә?

Сенбі күні қожайынмен есеп айырысып, екеуі жол айырыққа дейін бірге барды.

— Сен, әрине, менімен бірге жүрмейсің ғой, өтініп те керегі жоқ шығар?— деді Джо үмітсіз кескінмен.

Мартин басын шайқады. Велосипедіне отыруға ыңғайланды. Екеуі қол алысты, Джо Мартиннің қолынан ұстап тұрып:

— Біз екеуіміз бұл дүниеде әлі кездесеміз, Март. Жүрегім сезеді. Қош бол, Март, бақытты бол. Мен жақсы көрем сені, құдай біледі, шын жақсы көремін!—деді.

Мартин бұрылысқа жетіп, көзден таса болғанша, Джо үйірінен айырылған қаздай жалғыз өзі жол ортасында артынан қарап тұрды.

— Жақсы жігіт еді,— деді ол күбірлеп,— өте бір жақсы адам еді.

Сонан кейін ілбіп, жол жиегімен су тартатын бұлқынға қарай жүрді, сол арада шойын жолда тіркеу күтіп, жүк тиейтін үш-төрт бос вагон тұрған.

Он тоғызыншы тарау

Руфь семьясымен Оклендке қайтып оралып, Мартин екеуі тағы да кездесе бастаған. Оқуын бітіріп, атағын алып алғаннан кейін Руфьтің сабақтан қолы босады. Бар жігерін қара кәсіпке сарп еткен Мартин де бұрынғыдай сарылып, жазу жазуын қойған. Бұл жағдай екеуінің жиі кездесуіне, бір-біріне еті үйренуіне себеп болды.

Алғашында Мартин тек тынығып дем алды, жұмыс істеген жоқ. Қатты күйзеліп, есін енді-енді жинай бастаған адам ғой, көп ұйықтады, көп ойланып, көп толғанды. Ақыры бір күндері бұрын селқос қарайтын газетке үңіле кететін болды — бұл серги бастауының белгісі еді. Көп ұзамай өлең мен беллетристика оқи бастады, көптен ұмытқан Фискені қолына алды. Мартиннің таң қаларлық денсаулығы өмір тынысын кеңейтті, әл-ауқатын тез жинады, жастықтың жігері мен желігін қоздыра бастады.

Мартин жақсылап тынығып алғасын таяуда тағы теңізге шығамын дегенде, Руфь жаратпай қалды.

— Неге?— деді ол.

— Ақша керек. Баспа қызметкерлеріне тағы бір шабуыл жасауым үшін ақша мұқтаж. Олармен күрескенде қол артарым – ақша мен шыдамдылық қана.

— Керегі ақша болса, кірханадан неге шығып кеттіңіз?

— Шыққан себебім: онда қалсам, хайуан болып кететін едім. Жұмысты қатты істеген адам көп ұзамай ішкілікке салынады екен.

Қыз Мартинге состия қарады:

— Сіздің айтайын дегеніңіз...— деп мүдіріп қалды.

Мартиннің жауаптан жалтаруына болатын еді, бірақ ол өтірікке жаны қас болуынан, әрі бір кезде: ешуақытта, ақыры немен тынса да, өтірік айтпаймын деп өзіне берген серті есіне түсті де:

— Иә, бір-екі рет жолдан тайғаным рас,— деді.

Руфь селк етіп, әрірек отырды.

— Менің таныстарымның ешқайсысы бұл жолға түсіп көрген емес, – деді Руфь.

— Асылы, олардың ешқайсысы «Қайнарбұлақтың» кірханасында жұмыс жасап көрмеген болар,— деді ол күліп.— ГЕңбек еткен, әрине, жақсы, еңбек жарықтық адамға пайдалы дейді ғой уағыз айтушылар; міне, бір құдай куә, еңбектен ешуақытта жерініп көргенім жоқ. Бірақ, әр нәрсенің шамасы бар. Кірханада шама деген болмады. Сол себепті бездім, теңізге кетпекке бел байладым. Бұл менің соңғы сапарым. Қайтып келгесін, журналдардың бетінен маған да орын тиетін шығар. Бұған сенімім кәміл.

Руфь оның айтқандарын ұнатпай, қамығып отырды. Мартин де басынан кешірген алуан қилы ауыртпалығын қыздың түсіне алмасын сезді.

— Бір кезде осының бәрін кітапқа жазбақпын, кітаптың аты «Қор болған еңбек» немесе «Жұмысшы табының маскүнемдікке салыну психологиясы», әйтпесе, тағы сондай бірдеме болашақ, – деді.

Алғашқы жаңа танысып жүрген кезін айтпағанда, екеуінің арасы бұрын-соңды бүгінгідей алшақтап көрген емес. Мартиннің шын сырының астарында жатқан кекті ыза Руфьті кеудесінен итеріп жібергендей еді. Бірақ, Руфьті таң қалдырған сол алшақтықты тудырған себеп емес, соның өзі, яғни екеуі бұрын бір-біріне жақын екен ғой, ендеше іргені аулақ салмай, жігітті жақын тартқан жөн болар деп ойлап қалды қыз. Мартинді ол аяйды да, тіпті, тәрбиелеп, жөнге салсам деген аңғырт ой да келді. Жолдан тайған жасты ықтиярынан тыс, қоршаған ортасынан, қатте оның өзінің жаман құлқынан қорғағысы келді. Осының бәрі ізгі ниеттен туды, деп ойлады ол. Дұрысында, бұл ғашықтықтың қызығын аңсаған қызғаныш сияқты бір сезім екенін аңғарған жоқ.

Күздігүнгі жайма-шуақта екеуі велосипедке отырып алып, қаладан жырақ үйреншікті қоңыр төбелеріне жиі-жиі барып жүрді. Онда ылғи екеуі кезек-кезек ақындардың адамға ізгі ой түсіретін шабытты асыл шығармаларын оқумен болатын. Сондағы Руфьтің ниеті, жанамалап болса да, Мартинге ой салу еді, оны бірте-бірте құрбандыққа көнуге әзір ету, шыдамдылыққа, көнбістілікке, еңбек сүюге баулу еді. Қыздың ойынша, Мартинге бұл жағынан үлгі-өнеге бола алатын кісілер өзінің әкесі, мистер Бэтлер және бір кезгі иммигрант кедей бала, кейін дүние жүзіне кітап таратқан «кітап королі» Эндрю Карнеги.

Руфьтің неге тырысып жүргенін Мартин түсінді де, бағалады да. Бұл кезде қыздың ой-ниетін ол аңғара бастаған, Руфьтің жан-жүйесі Мартин үшін бұрынғыдай жабулы жатқан кітап емес. Екеуі терезесі тең адамдарша кеңесіп, пікір алысып жүрді. Сөз үстінде оқта-текте туып отыратын пікір таласы Мартиннің ғашықтық сезіміне сілтісін тигізген жоқ. Қайта Руфьке ғашықтығы күннен күнге арта түсті, тереңдей түсті. Өйткені, Руфьті өте ұнатады. Тіпті, оның нәзіктігі де айрықша сүйкімді көрінеді. Мартин көп жылдар бойы аяғынан баса алмай, мешел болып, отырып қалған аяулы ару Элизабет Баррет туралы, оның бір күні Браунингпен қашып, ақырында кәдімгідей жүріп кеткені жайлы хикаяны да оқыған. Браунингтің ғашығына жасаған жақсылығын Руфьке мен де жасай аламын деп ұйғарды ол. Ең әуелі Руфьтің өзіне, Мартинге ғашық болуы шарт. Қалғанының бәрі қиын емес. Ол Руфьті сауықтырады, әл бітіреді. Мартиннің қиялында Руфь екеуі адал еңбек етумен қолдары жеткен молшылықта үнемі үлде мен бүлдеге оранып, әсем өмір сүріп жүреді. Екеуі әмен поэзия оқиды, әңгімелері әрдайым поэзия туралы ғана болмақ. Руфь кілең бір күмпілдеген кәнәусіз ала жастықтың үстінде көлбей жатып, Мартинге дауыстап кітап оқиды. Мартиннің көз алдында осы бір көрініс өмір символы тәрізді үнемі елестейді де тұрады. Кей-кейде кітапты өзі оқиды, Руфьтің мықынынан құшақтап, Руфь басын мұның иығына сүйеп отырады немесе осы қалпында екеуі бір кітапқа үңіліп, үнсіз оқиды, бұ дүниенің ирек-ирек болып қағазға түскен неше түрлі ғаламаты мен сұлулығын көздерімен шолады, үн-түнсіз әсер алады. Руфь табиғатты сүюші еді. Сондықтан Мартиннің бай қиялы екеуіне ұнаған осы сахнаның декорациясын әрдайым түрлендіріп тұрады. Кейде олар айналасын биік жартас қоршаған аңғарда отырады, біресе қайдағы бір тау арасындағы көгалда, не етегінде теңіз толқындары еркелеген сұрғылт құм төбелерде отырады; енді бір кезде Руфь екеуі тропиктегі вулкан аралдарда жүреді, онда биік құздан күңірене құлаған күркіреуіктің бүркіндісін жел көтеріп, екпінімен теңізге қарай будақтатып айдап жатады. Осы көріністердің ен ортасында әрқашанда Мартин мен Руфь екеуі ғана, олар кітап оқиды, асыл қиял армандайды. Табиғат сұлулығы соның фоны ғана. Бұл көріністің арғы тұманды түкпірлерінде еңбек пен бақыттың бейнесі бұлдырайды, бүкіл дүние байлығының қызығын көруге мүмкіншілік беретін адал еңбекпен табылған дәулеттің салтанаты елестейді.

— Мен қызыма абайла, шырақ, абайла, дер едім,— деді бір күні шешесі Руфьке сақтандырған сабырлы үнмен.

— Айтпағыңды түсіндім. Бірақ, болашағым сенің болжағаныңдай бола қоймас. Ол маған...

Руфь қатты абыржып, екі беті ду етті. Бұл — өмір құпиясын, өз сырын ғазиз анасына бірінші рет ашқалы тұрған қыздың иба тұтқандығы еді.

— Ол саған тең емес, – деп шешесі қыздың сөзін өзі айтты.

Руфь басын изеді.

— Айтпайын-ақ деп едім, солай екені рас. Жігіт доғал, дөрекі, бірақ жігері... тасып төгілген біреу. Ол тәрбиелі...

Шешесімен бұрын бұлай сөйлесіп көрмеген қыз мүдіріп қалды. Миссис Морз аузына тағы сөз салып жіберді.

— Ол бұрын тәрбиелі тұрмыс көрмеген жігіт. Айтайын дегенің осы ма?

Руфь тағы да басын шұлғыды, тағы да қызарды.

— Иә, сол еді. Бұған оның өзі кінәлі емес. Бірақ, күнделікті ...тұрмысқа... әлгі...

— Нас тұрмысқа еті үйреніп кеткен жігіт дегің келе ме?

— Иә, әлденеге құтым қашады. Кейде өзінің өрескел қылықтарын жайбарақат, шімірікпей айтуынан да түңілемін. Ерсілігін аңғармайды ғой деймін. Мұнысы дұрыс емес қой. Солай емес пе?

Екеуі құшақтасып отырған еді. Руфь сөзін аяқтап, үндемей қалған кезде, шешесі тағы да сөйлей түссін дегендей жайлап қолын сипады.

— Ал өзін қызық көремін бір түрлі,— деді Руфь,— Иден менің қамқорымдағы адам секілді. Оның үстіне... бұрын ондай көңілдес еркегім болып көрген емес, бірақ көңілдеспін деп те айта алмаймын. Дұрысы әрі көңілдесім, әрі қамқорымдағы кісім десем болар еді. Әредікте зәремді алатыны рас. Дорбауыз бульдогті әдейі өшіктірген адамдай боламын, ол тісін ырситып, ырылдап, шынжырын үзіп, өзіме тап беретіндей көрем.

Руфь тағы үндемей қалды. Шешесі тағы да күтті.

— Мен әлгінде оны қызық көрем дедім ғой. Кісі бульдогті де қызық көреді. Бірақ оның адам сияқты жақсы қылықтары да жоқ емес, әттең өрескел әдеті басым. Асылы... сақтануым керек болар. Көріп отырсың, мама, бәрін де ақылға салып, ойланып жүрмін. Жігіттің жаман әдеті: әдепсіз сөзі көп, темекі тартады, арақ ішеді, кім көрінгенмен жұдырықтасып төбелесетін көрінеді. Талай төбелескенін айтты маған, тіпті, төбелесті жақсы көремін дейді. Ол мүлде... мен... қалайтын жан емес.— Қыз кенет тоқтап қалды да аздан кейін ақырын ғана:—ұнатпаймын,— деді.— Ноқай күші, ожарлығы мол адам. Менің ғашығым ертегінің бекзадасындай көзі-қасы қиылған, нәзік, бойы-басы түзу, шашы қара, әсем жігіт болу керек. Жоқ, қорықпай-ақ қой, мама, мен Мартин Иденге ғашық болмаймын, мұқым ғашық бола қалсам, сорымның жеңгені де.

— Менің айтпағым ол емес еді,— деп шешесі жалтарып кетті.— Жігіт туралы әуелі ойландың ба өзің? Қай жағынан да теңің емес, әйтеуір... Егерде өзіңе ғашық боп қалса қайтесің?

— Иә, ол... ол көптен бері маған ғашық!—деді Руфь, қыздың дауысы әлденеге қаттырақ шығып кетті.

— Бәсе, солай шығар. Сені бір көрген кісі ғашық болмаушы ма еді?

— Олни менімен өш-ақ қой!— деді Руфь жұлып алғандай.— Мен де жек көремін. Қасыма жақындап кетсе, мысықша тырнап алғым келеді, оның жаратпайтынын жақсы білемін, менің де жаратпайтыным рас. Бірақ Мартин Иденмен жақсымыз. Маған әлі ешкім «ондай» ғашық болып көрген емес. «Ондайдың өзі» жақсы болады екен. Мама жаным-ау, менің не айтайын деп отырғанымды түсінесің бе? Өзіңнің нағыз әйел екеніңді сезіну сондай жақсы екен...— Руфь ұялып, шешесінің төсіне бетін басты.— Бұл жақсы әдет емес,— білемін, сонда да сенен сыр бүге алмаймын, адал шыным осы.

Миссис Морз бұған әрі өкінді, әрі қуанды. Университет дипломын жаңа ғана алған қыз баласы ғайып болып, оның орнына бойжеткен қыз жақын келіпті жанына. Тәжірибесі сәтті болған. Руфьтің мінезіндегі кемшілік түзеліпті, бірақ хауіп-қатерден әйтеуір аман өтіпті. Добал матрос міндетін орындаған екен, Руфьті өзіне ғашық ете алмағанымен, әйелдік сезімін оятуы хақ.

— Қолдары қалтырайды,— деді Руфь бетін басып,— тіптен ұят, ерсі, кейде аяп кетем. Қолы қаттырақ қалтырап, көздері тікірейіп кетсе, ақыл айтып, қате-кемшіліктерін тізе бастаймын. Мені пір тұтады. Бұл анық, дәу де болса, қалтырап-дірілдеуі тегін емес. Осы мінезі есіме түссе, ер жеткенімді аңғарамын. Бойымда табиғатыма дарыған бірдеме барын сеземін, басқа қыздарға... және... жас келіншектерге ұқсас екенімді байқаймын. Бұрын өзімнің оларға ұқсамайтынымды білуші едім де, сенің налып жүргеніңді аңғарушы едім. Яғни, сен сыр бермесең де, сезіп жүретінмін... Сондықтан, менің де, Мартин Иден айтқандай, «линияға тұрғым» келеді.

Бұл сәт ана үшін де, қыз үшін де айрықша қасиетті минут. Ымырт қараңғысында екеуі де көздерінен жас алды. Бірі — өмір тәжірибесі аз, күнәсіз, көңілі таза бала болса, екіншісі — баласын жанындай жақсы көретін, оның сырын айтпай-ақ аңғаратын, бар ақылын, білген-түйгенін аямайтын заңғар ана.

— Ол сенен үш жас кіші,— деді миссис Морз,—өмірден әлі орнын таппаған жігіт. Еш жерде қызмет етпейді, жалақы таппайды. Өте бір құнтсыз адам. Егер сүйетіні рас болса, үйленуіне әрі мүмкіншілік, әрі право беретін кәсіп туралы ойлануы жөн еді ғой. Оның орнына қиял қуып, әңгіме жазуды ермек етіп, баланың ісін істеп жүр. Осы шіркін ешуақытта ақыл тоқтатпас деп қорқамын. Жауапкершілік дегенді сезбейді. Сенің әкеңе, мистер Бэтлерге ұсап немесе бізбен астас өзге игі жақсылар сықылды ер адамға лайықты дұрыс кәсіп тауып алмай ма екен бұ шіркін. Мен білсем, Мартин Иденнің ақша табуға қыры жоқ. Ал ақшасыз дүние бар ма осы заманда: онсыз ешуақытта бақытты бола алмайсың,— әлбетте, ен байлықты емсеп отырған мен жоқ, сонда да ел қатарлы, адам сияқты тұрмыс көру үшін тұрақты табысы болу керек қой. Ол саған айтып, көңілін білдірген жоқ па әлі?

— Tiс жарып, ешнәрсе айтып көрген емес. Тіпті, ыңғай беріп көрген емес. Айтқанымен оның сөзіне кім құлақ асады ғой дейсің. Мен оны сүймеймін.

— Бұл сөзіңе қуаныштымын. Әрқашанда ғазиз балам әлдекімге үйір болмаса екен деп тілеймін. Дүниеде нағыз еркек, адамгершілігі бар адам аз ба. Сабыр ет. Күндердің бір күні тәуір адам кездесер. Ұнатарсың. Ол да сені жаратар. Сендер де, мені мен әкең сияқты бақытты қосақ болып кетерсіңдер. Бірақ, есіңде болсын, қарағым.,.

— О не, мама?

— Сәби туралы.

— Мен... мен ойлап едім мұны да,— деп Руфь еркінен тыс қиялына орала беретін осы бір жай есіне түскенде, тағы қызарды.

— Мистер Иден бұл жағынан да саған жар болуға жарамайды, – деді миссис Морз әр сөзіне мән беріп. – Болашақ сәбидің қаны таза болу керек. Мистер Иденнің нәсілі таза деп айта алмаймын. Матростар турасында әкеңнің талай айтқаны есімде... Өзің де түсінесің ғой...

Руфь бәрін түсіндім дегендей қолын қысты. Бірақ осы бір үрейлі де бұлдыр сезімнің мәнін білуі нағайбыл.

— Өзіңе аян, мама, мен ойымдағыны ылғи өзім айтып жүрмін саған. Әйткенмен ара-тұра сенің де сұрастыра жүргенің мақұл. Мәселен, бүгінгідей. Бүгінгі сырымды саған айту көптен ойымда бар еді. Бірақ қалай, неден бастаудың ретін біле алмай жүретінмін. Бұл, әрине, жалған ұят. Қолтығымнан демеп жіберу саған оп-оңай! Тек ара-тұра жай-күйімді біле жүргейсің. Сен де әйелсің ғой, мама! – деп Руфь дауыстап, шешесінің қолынан ұстай алды, екеуінің ымы-жымы бір тең адам екенін жаңа ғана сезініп қуанып тұр. – Сен сөзді өзің бастамағанда мен, мүмкін, ойланбас та едім. Сенің де мендей әйел екеніңді түсінуім үшін әуелі өзімнің әйел заты екенімді сезінуім керек болды.

— Иә, екеуміз де әйелміз, – деп шешесі қызын бауырына басып сүйді. – Екеуміздің де затымыз әйел екені рас, – деді ол тағы да, тағдырының ортақ екенін енді сезгендей, құшақтасып, бөлмеден шығып бара жатқан шақта.

— Балақанымыз ер жетіп, естияр болып қалыпты, – деді масаттанып еріне миссис Морз бір сағаттан кейін.

— Немене, әлде ғашық болып қалып па?— деді ері сұраулы кескінмен зайыбына қарап.

— Жоқ, өзі емес, анау неме ғашық көрінеді,— деді жұбайы күлімсіреп.— Тәжірибеміз сәтті болған сияқты. Қызымның әйелдік сезімі оянып қалыпты.

Мистер Морз іскер кісі ғой:

— Олай болса, Иденнің қарасын дереу құрту керек,— деп тоқ етерін төтесінен айтып салды.

Әйелі басын шайқады.

— Қажеті жоқ оның: бірнеше күннен кейін теңізге өзі-ақ кететін көрінеді. Ол келген кезде Руфь те бұл жерден табылмас. Клара апайдікіне жіберелік. Сонда, шығыста біраз күн болсын, ел-жұрт көріп, ауа райын, тұрмыс жағдайын өзгертіп, жаңғырсын.

Жиырмасыншы тарау

Мартиннің тағы да жазуға жаны құмарта бастады. Ақыл-зердесінде тоғытылған әңгіме-өлеңдердің нобайын, болашақта керек болар дегендей, қысқаша түртіп қойып жүрді. Бірақ, құнттап жазған жоқ. Каникулда жүрген кезі-уақытын ғашығына, демалысына жұмсамақ және бұл жағынан кенде қалған жоқ. Соңғы уақытта оның өмір-тынысы кеңейген, қайраты қалпына келген. Кездескен сайын Руфьті бұрынғыдай жігіттің жұлдызы жеңіп, еркінен тыс еліктіріп әкететін болған.

— Сақ бол, шырақ, Мартин Иденмен тым жиі көрісіп кеткен жоқсың ба?—деді бір күні қызына шешесі.

Руфь езу тартып күлді де қойды. Өзіне сенеді. Әрі бірнеше күннен кейін Мартин теңізге кеткелі жатқан. Ол қайтып оралғанша қыз Шығысқа кетіп қалмақ. Дегенмен, Мартиннің ден саушылығы, албырт жігері еріксіз тартады да тұрады.

Қыздың Шығысқа жүретінін Мартин естіген. Ішке түйген сырын тезірек ашуға тиіс екенін түсінеді де. Соны қалай айтса болар екен? Бұрынғы тәжірибесі көмектесу орнына кесел жасады. Бұған дейінгі ашына әйелдерінің сұрқы мүлде бөлек еді. Олар өмір мен сүйіспеншілік дегеннің не екенін жақсы білетін де ойындағысын әзіл сөздің төркінінен түсіне кететін. Руфьтің ешнәрседен хабары жоқ. Оның анайылығы, аңқаулығы таң қаларлық. Мартин қалай сөйлесерін білмейді, тіпті теңі емес шығармын деп күдіктенеді. Жағдайды қиындатып жүрген тағы бір жайт — Мартин әлі ешкімді шын сүйіп көрмеген жігіт. Ұнатқан, тіпті, құмартқан әйелдері де болған, бірақ соның бәрін ғашығы деуге болмайды, ондай әйелдер бір ысқырса қасына жетіп келетін. Ол әншейін кездейсоқ, бір минуттік еркек еді, қызық қуған еркектің шытырман өмірінің бір қыры, екінші кезектегі элементі ғана болатын. Бүгін таңда Мартин ұялшақ болып кеткен — жүрексінеді, қысылады, жасқанады. Қаннен-қаперсіз жүрген ғашығына қалай жақындауды, қалайша сөз бастауды білмейді.

Тұрлауы жоқ, ұлан-ғайыр дүниенің ойы-қырын аралап жүргенде Мартиннің көкейіне түйген бір тәжірибесі: білмейтін ойынға араласа қалғанда, алдымен әдіс көрсетіп, сыр алдырмау еді. Бұл ереже өмірінде өзін-өзі мың рет ақтаған. Бақса, баққан адам байқағыш, аңдысқан адам айлалы келеді екен. Мартин аңдысқан адамының әлсіз жерін қатесіз тапқанға дейін күшін сырттай сайыстырып, шама-шарқын болжап, артын күтіп, абайлап жүреді. Біреумен жұдырықтасқанда да әуелі жауының талмау жерін тауып алады. Тапқасын-ақ тәжірибесіне сүйеніп, тапжылтпай соғар еді.

Руфьке өзінің ғашықтығын айтқысы келіп, айта алмай жүргенде де Мартин осы аңысын аңдау әдісінің бір түрін қолданған. Айтсам намысына тием бе деп күдіктенетін. Бірақ, абзалында, мақсатына дұрыс жол тапқанын өзі де байқамайтын. Ғашықтық адам баласыңың тілі шығып, мәмлелесуді машық етпеген шағында дүниеге келген және сонау көне заманда қолданған әдісі мен амалын күні бүгінге дейін ұмытпаған. Мартин де Руфьтің көңілін өзіне аудару үшін осы байырғы әдісті қолданып жүргенін байқаған жоқ. Әуел баста абайсыз жасаған кейбір қылығының шын сыры кейін ашылды. Қыздың қолына қолы тиіп кетсе, оның әсері сөзден де өтімді болады екен, жігіттің албырттығы қызды елжіретіп әкетсе, оның әсері өлеңнің ырғағы мен ұйқасынан, жүздеген ұрпақтың жалынды ғашықтық жырларынан күшті болады екен. Айтылған сөз ең алдымен Руфьтің ақылын қозғайды, ал әлдеқалай қолы не өзге жері тиіп кетсе, бұл қыздың тікелей әйелдік инстинктін оятады. Қыздың ақылы өзі сияқты әлі толыспаған, жас. Ал инстинкті адам баласымен жасты, айта берсеңіз онан да кәрі. Ол сонау арғы заманда дүниеге ғашықтықпен бірге келген. Сондықтан бұл ежелгі дана қарияның құдіреті кейінгі ғасырларда пайда болған қылтың-сылтыңды шопақ құрлы көрмейді. Руфьтің ақылы әлі ұйқыда. Мартин оны мазалаған жоқ; қайта Руфьтің сүйіспепшілік аңсаған түп нәсіліне тілсіз үн қатты. Руфь бұл үннің күші өктем екенін сезе қойған жоқ, бірақ жігіттің ғашық екенін анық білді, ғашықтықтың сырт көрінісінен — көзінің жанарынан, қолының қалтырауынан, бір қызарып, бір бозаруынан қандай да бір ләззат алады. Кейде Руфь Мартинді қызықтыра түседі. Бірақ оның өте сақтықпен жасаған аңқау айласын өзі де, Мартин де байқаған емес. Тегі, әйелдің пысы еркекке қарағанда басым екенін сезген Руфь Мартинді өзіне қызықтырып, әуре етсе, оның нәсіліндегі Хауа-ана қуанатын болса керек.

Ал Мартин сөзін неден бастарын білмей, ғашықтық шері ішіне сыймай, сыртына шығарайын десе тілі күрмеліп, айта алмай жүр. Қызға жақындаудың ол тек жабайы, жасқаншақ әрекетін үнсіз-тілсіз жасай берді. Мысалы, қызға анда-санда әлдеқалай қолы тиіп кетеді. Қыз бұған сүйсінеді, тіпті, ләззат алады. Солай екенін анық білмесе де, бұл қылығын қыздың жек көрмейтінін Мартин сезіп жүрді. Рас, олар көріскенде не қоштасқанда ғана қол алысатын. Бірақ, велосипедтерін аларда, біріне бірі кітап бергенде немесе кітап бетін бірге ашқанда да қолдары тиіп қалып жүруші еді. Кейде қыздың шашы жігіттің бетіне тиіп кетеді, қытықтайды немесе қыз оқып отырған кітаптың өзіне ұнаған жеріне үңілгенде жігітке иығы тиеді. Руфь осындайда ояна кететін тым сергек сезімінен өзі ұялады, ішінен күледі. Кейуақта жігіттің шашын уыстап алып, ұйпалағысы келеді. Ал жігіт кітап оқудан жалыққан шақта қыздың тізесіне басын қойып, көзін жұмып, болашағы жайлы – екеуінің болашағы туралы қиялға шомып, рахаттаныпжатсам деп ойлайды. Бұл бұрын басынан талай кешкен жайт: жексенбі күндері қала шетіне серуенге шыққанда Мартин таныс қызының тізесіне басын қойып, мызғып алатын. Сонда қыз да өз сүйіспеншілігіне осыншама салқын қараған сұлу жігіттің көркіне қарап, бетін көлеңкелеп, бас жағында иіліп отырушы еді. Қыздың тізесін жастанып, жантая кету Мартинге, тегі, оңай көрінетін. Ал Руфьке ондай мінез көрсету ақылға сыймайтын іс сияқты. Мартиннің ұстамдылығы, өзі аңғармағанымен, мақсатына жеткізетін әдет еді. Осының арқасында ол Руфьтің көңіліне ешбір қобалжу салмады да, тәжірибесіз, ұялшақ қыз жігітпен жиі жолығуының ақыры насырға шауып бара жатқанын кезінде түсінбеді. Қыз санасынан тыс жігітке жақындай берді, жігіт іші-бауырына абайсыз кіре бастаған қызға батылдық етуге бата алмады.

Бірақ бір күні тәуекел етті. Қыдырып Руфьтікіне келе қалса, ол терезенің шторын түсіріп, бөлмесінде оңаша отыр екен; қыз басым қатты ауырып барады, деді. Мартин өбектеп, себебін сұрастыра бастаған еді, қыз:

— Ешбір ем қонбай қойды. Доктор Холл порошок ішуге болмайды деп отыр,— деді.

— Мен сізді дәрісіз-ақ жазып берейін,— деді Мартин.— Тіпті жаза алмасам да, егер қаласаңыз, байқап көруіме болар еді. Менің емім кәдімгі қолмен сылау. Жапондардан үйренгенмін. Олар сылауға өте биязы, шебер келеді. Кейін байқасам, кейбір өзгерісі демесеңіз, гавайлар да жапондарша сылайды екен. Олар мұны «ломи-ломи» дейді. Адамға әсері дәріден артық болмаса, кем емес.

Жігіттің қолы маңдайына тиер-тиместен Руфь:

— Айхай, жан-ай,— деп күрсініп қоя берді.

Жарым сағаттан кейін:

— Шаршаған жоқсыз ба?— деді тағы да.

Қыздың жауабы сұрамаса да мәлім-ді. Манаурап кеткен Руфь ыңғайына иліге берді. Мартиннің саусағынан күллі тәніне тараған шипалы қуат аурудың бәрін айдап шыққандай көрінді қызға. Бара-бара басының ауырғаны мүлдем басылып, маужырап, қалғып кеткен еді, Мартин ептеп басып, бөлмеден шығып кетті.

Кешке таман қыз телефон соқты.

— Кешкі шайға дейін ұйықтаппын, мені сауықтырып жібердіңіз, мистер Иден, бек көп рахмет,— деді.

Әрі қуанған, әрі ұялған Мартиннің аузына сөз түспей қалды, көз алдында Браунинг мен Элизабет Барреттің бейнесі елестеді. Иә, Браунингтің ғашығына көрсеткен рахымындай Мартин Иден де Руфь Морзға жақсылық жасай алады. Осы оймен ол бөлмесіне барып, төсегіне жатты да Спенсердің «Әлеумет-нәмесын» оқыды. Миына ешнәрсе қонған жоқ. Есіл-дерті ғашығына ауып кетсе керек. Ол сия-сия столына қалай барып отырғанын да абайламады. Сол кеште бір сонет жазып тастады. Бұл сонан кейін екі ай бойы отырып жазған «Ғашықтық туралы сонеттердің» елу тармағының біріншісі еді. Осы ұзақ циклдің идеясына Элизабет Барреттің «Португал сонеттері» арқау болды. Мартин мұны ұлы шығарма жазуға ең қолайлы жағдай туған сәтте сүйіспеншіліктің шері ішін өртеп жүрген кезде жазған.

Руфьті көре алмаса, Мартин уақытының бәрін сонет жазуға арнайды және өз үйінде немесе кітапханада отырып, әртүрлі журнал қарайды. Мақсаты баспадағылардың сырын ақтарып, қандай дүниені ұнататынын мұқият зерттеу. Ал Руфьпен кездесе қалса, онымен бірге болған сағаттарында ішінде бір-біріне бүйідей тиген үміт пен үмітсіздік арпалысып, жеңісе алмай жанын қинайды. Осылай әуре-сарсаң болып жүргенде, Руфьтің басының сақинасы жазылғаннан бері бір жеті өткен шамада, Норман: бір күні бәріміз Меррит көліне баралық, айлы түнде қайықпен серуен жасалық деп ұсыныс айтқан. Оның сөзін Артур мен Олни құптай кетті. Мартиннен өзге ешкім желкен қайық жүргізе алмайды екен, сондықтан сен капитан бол деп жалынды олар. Руфь Мартинмен бірге қайықтың құйрық жағына орналасты, үш жігіт ортадағы скамьяға отырып, студенттер арасындағы бір талас мәселені әңгімелеумен болды.

Ай әлі тумаған, аспандағы жұлдыздарға қарап отырған Руфьтің ойына әлденеге жалғыздық түсті. Мартинге қарады. Осы кезде жел екпіні қайықты сәл ықтырған. Мартин жағалаудың суға төнген тұмсығынан айналып өту үшін, бір қолымен румпельден, екінші қолымен гроташкоттан ұстап, қайықты сәл бұрды. Ол қыздың өзіне көз тігіп отырғанын аңғарған жоқ. Жігітке зерттей қараған қыз әжептәуір ақылы бар, әп-әдемі жігіттің нашар әңгіме, өлеңсымақ жазып, босқа әуреленіп жүргені несі екен деп ойлады ішінен.

Руфьтің көзі әуелі оның бітімі сұлу мүсіндей басына, онан кейін жұлдызды түнде қарауытқан әлуетті мойнына түсті. Мойнынан қысып құшақтағысы келді. Өзіне кейде сүйкімсіз сияқты көрінетін жігіттің жігері, бір жағынан, осылай елегізітетін әдеті. Әлде қайық шайқап, шаршатты ма, есіне тағы да жалғыздық туралы ой келді, талмаурап қалды. Басының ауырғаны Мартиннің қол ұшы тигенде жазылып кетіп еді. Қазір ол қасында отыр, тіпті, тым жақын отыр. Қайық шіркін де ырғала жантаяды, қызды қасақана жігітке итермелегендей болады. Руфьтің, өзінің де Мартинге сүйенгісі келді, оны өзіне тіреу санады, жақындай бергісі келді. Тек қиялына шырмалған осы бір тілегі ақыл елегінен өтпей жатып, билеп әкетті. Қыз да қарсыласқан жоқ, жігітке қарай жантая берді. Әлде қайықтың тербелуі себеп болды ма? Оны анық білмейді. Бір ғана білетіні — жігітке иығы тигенде, тәні сүйсінді, көңілі саябырланды. Мейлі, бұған қайықтың шайқалуы-ақ себеп болсын, бәрібір ажырағысы келіп отырған жоқ. Қайта қызға жайлы болсын деп, Мартин сәл ығысқанда да еппен ентелей түсті.

Бұл ақылға сыймастай өрескел қылық. Сонда да ешнәрсені ойына алғысы келмеді. Қазір Руфь бұрынғы Руфь емес, ол әйел, өзіне сүйеніш табу әйел баласының ежелгі арманы. Мартиннің иығына иығы болар-болмас тигені рас, соның өзі мауқын бір басып тастады. Талмаурағаны да тыйылды. Мартинде үн жоқ. Ол да ләззат мезгілі тез өтіп кетпесе екен деп отыр. Осылай ұстамды да ибалы болуынан ойлағаны орындалғандай, басы айналды, ақылынан алжасқандай болды. Не болғанын біле алмады. Не болса да бір ғажап екен. Өңі ме, түсі ме. Шкот пен румпельді қоя беріп, қызды құшақтай алғысы келді. Бұлай етсе бүлдіретінін сезеді. Сондықтан, қолы бос болмағанына шүкіршілік етті. Қайықтың жүрісін әдейі бәсеңдетті, желкенді босатып жіберді. Себебі, қайықты бұру үшін орын ауыстырмақ керек, орын ауыстырайын десе, қыз қалып барады. Қайықтың кендірін тартқан қимылын өзара керілдесіп келе жатқан жастарға сездірген жоқ. Теңізді, желкен мен желді өзінің ырқыңа көндіртіп үйреткен матростың азапты кәсібін білгеніне риза. Соның арқасында, айлы түнде жаңа сүйген жарымен бірауық зауықтасып қалды.

Жаңа туған жарық ай інжудей құлпырған сәулесін жер бетіне төгіп жіберген кезде екеуі құшағын жазған адамдай қымсынып қалды. Әуелі Руфь бойын тартты. Сол сәтте Мартин де сәл ығысқандай көрінді қызға. Болған істі екеуі де ешкімге сездірмеуге тырысты. Құпия екеуінің ғана арасында қалашақ. Екі беті оттай дуылдаған Руфь не болғанын шеткерірек отырғасын барып сезді. Не де болса мұны ағалары да, Олни де білмеуге тиіс. Апыр-ай, қалай ғана батылы барған? Айлы түнде жас жігітпен талай-талай серуенде болған еді. Бірақ, бүгінгідей күйге кездескен емес. Ондай қылық ойында да болмаған. Әйел сезімінің ояна бастауынан әрі ұялды, әрі сескенді. Мартинге көз қиығын тастады — желкенін желге бұрып жатыр екен. Масқараға бас болған сол — Мартин Иден! Мүмкін, шешесінің тым жиі ұшырасып кеттің деуі рас шығар. Қой, мұнан былай тыйылайын, сиретейін жолығуды. Қатте өтірік айтып, алдайын деген де ой келді. Сөз реті келгенде түнеугі күні түнде ай туарда қайық шайқап жүрегім айныды демекші. Бірақ, опасыз ай абайсызда сырын ашып кеткенде, екеуінің екі жаққа жалт бергені есіне түсіп, Мартин сөзіме сене қоймас деп ойлады.

Сонан бері Руфьтің көңілі бейжай. Сезімін саралап не болғанын, не күтіп жүргенін ойлауды да қойды. Әлденеге алағызып, бірде қорқытқан, кейде еліктірген табиғат үніне құлағы елеңдейді. Бірақ, не де болса, енді Мартинге ғашықтығын айттырмауға бел байлады, осыған бекінгендей болды. Әлі күнге бір ауыз сөз айтқан жоқ. Онысына да шүкір. Үндемегені жақсы. Енді екі-үш күнде өзі де жүріп кетеді. Тіпті, айтса айта берсін, мейлі, оған ештеңесі де кетпейді. Өзінің сүймейтіні рас. Әрине, жігіт көп болса жарты сағат қиналар, өзіне де қолайсыз болатын шығар. Себебі, жігіттің ғашықпын деген сөзін тұңғыш рет тыңдағалы отыр. Осы жайт есіне түскенде қыз жүрегі елжіреп те кетеді. Балиғатқа толып, бой жетіп еркектердің үйіріле бастағаны-ау. Бүкіл әйелдік өжданы осы үнге үн қосқысы келеді. Денесі қалтырап, от айналып ұшқан көбелектей, басында бір ғана ой безек қағады. Қиялы Мартиннің өзіне сөз айтқанын елестетеді: Мартиннің айтар сөзін аузына өзі салады, жауабы да әзір. Тегі, болмайды деген сөзін, жігіттің меселін қайтармай, неғұрлым жұмсақ айтпақ, ерлігіңізге, адамгершілігіңізге үміт артамын демек. Ең алдымен ол темекі тартуын қойсын. Осыны мықтап есіне салмақшы. Қой, қалай да ғашықтық туралы аузын аштырмауға тиіс. Бұл қолынан келеді. Анасына айтқан уәдесі де бар. Руфь өз-өзінен қызарып-бозарып, қалтырап-дірілдеп, көз алдына келген әдепсіз көріністерді әрі қуалайды, әрі қимайды. Иә, жоқ... өзінің жігітпен тұңғыш сыр айтысуын қолайлы бір кезеңге, лайықты адам кездескенше, кейінге қалдыра тұрады.

Жиырма бірінші тарау

Аспаннан рахман нұр төгіліп, жер жылынып, күн жадырап тұрған кез. Калифорнияның қоңыр күзінде осындай тамылжыған тамаша күндер аз болмайды. Бұл шақта күннің көзі сәл мұнартып бая ескен самал жел тымық ауаны болар-болмас тербеп тұрар еді. Бытқыл-бытқыл төбелердің баурайында ойнақтаған көгілдір тұман нәзік жіптен тоқыған жібек пердедей желбірейді, шығанақтың арғы бетінде көсіліп жатқан сонау Сан-Франциско қаласы қоңыр түтіннен бұлдырап әрең-әрең көрінді. Балқыған қорғасындай жалтырап жатқан шығанақтың кеудесінде біресе тоқтап, біресе ағыспен ақырын жылжып жүрген кілең ақ желкенді кемелер. Әріректе күмістей аппақ, толқынды тұманға шомған зәулім биік Тамальпайс. Батып бара жатқан күн шұғыласына шомылған Алтын Дарбаза, расында да, саф алтындай жарқырайды. Онан әрі Тынық мұхиттың құлазыған кең жазығы. Ал көкжиегін айнала көмкерген көбіктей қалың бұлт — ызғарлы қыстың таянып келе жатқанын аңғартқандай еді.

Жылы жазға енді кетпек керек. Бірақ, ол асығатын емес. Алап-алқаптың көгілдір көлеңкелерін, қоңыр төбелердің шуағын паналап, ала жаздай рахат өмір кешкеніне, төгіп-шашып мол жемісін бергеніне енді қанағат тұтып қуанғандай, сылқ-ылқ күліп, қалжыраған жаз бұлыңғыр кебінін бүркеніп алып, жайбарақат, жайыменен, ақырын ғана о дүниеге осылай кете барашақ. Өздері бауыр басқан төбешіктің беткейінде Мартин мен Руфь бір-біріне тым таяу, кітапқа үңілген қалпында отыр еді. Жігіт дауыстап ғашықтық туралы өлең оқыды, бұл өлеңді жазған әйел өзінің Браунингке ғашық екенін жыр еткен. Иә, еркек адамға риясыз ғашық болған ондай абзал әйел ілеуде біреу.

Бірақ, олар кітап оқып жарытқан жоқ, табиғаттың сөніп бара жатқан сұлулығы еліктіріп әкетті. Шіркін жаз, сенің өмірің де көрген қызығын өкініш етпейтін күнәһар арудың өміріне ұқсас-ау, қараңызшы, мына маужыраған ауа да сол өтіп кеткен өмір қызығының сағынышына толы емес пе. Әлденені аңғатқан осынау мезгіл Мартин мен Руфьтің де жан-жүйесін тербетіп, ақылы мен арманын шаттық тұманына бөлеп, делсал қылады. Мартин есеңгіреп отыр, кей-кейде жылы толқын жыбырлап келіп, бүкіл денесін шарпып өткендей болады. Екеуінің басы бір-біріне жақындап кетсе ерке жел Руфьтің шашымен жігіттің бетін қытықтайды, сол кезде Мартиннің көзі бұлдырап, алдындағы кітаптың жазуы теңселіп ала жөнеледі.

— Меніңше, не оқып отырғаныңызды өзіңіз естімейсіз ғой деймін,— деді Руфь жігіт оқыған жерінен көз жазып, мүдіріп қалған бір сәтте.

Мартин шоқша жайнаған көздерімен жалт қарады да, сыр бермей:

— Сіз де тыңдап отырмаған боларсыз, тыңдасаңыз айтыңызшы, соңғы сонет не туралы еді?—деді.

— Білмеймін,— деді қыз жымиып.— Есімде қалмапты. Жарайды, енді оқымай-ақ қойыңыз. Күн керемет жақсы екен бүгін.

— Мұнан былай серуенге шыға алмаймыз,— деді Мартин байсалды кескінмен.— қараңыз, сонау көк жиегінен түнеріп дауыл келе жатыр.

Қолындағы кітабы жерге сусып түсті. Екеуі үнсіз отыр. Тек арманға толы көздерімен, түк көрмесе де, сонау мүлгіген шығанаққа шүйіліп қараған болады. Руфь Мартиннің мойнына көз қиығын тастаған еді, жаратылыс заңынан да күшті, бір өктем қуат, тағдырдан да құдіретті бір күш баурап әкетті. Жігіттің иығына иығын тигізу үшін бір-ақ елі еңкеюі керек еді, еркінен тыс еңкейгенін сезбей қалды. Қалтырап, гүлге қонатын көбелекше жігітке қарай ақырын ғана, еппен, болар-болмас қимыл жасаған, сол заматта өзіне қарай жігіттің де өте баяу қарсы келгенін сезді, екеуінің иығы бір-біріне тиер-тиместен жігіттің аза бойы дір ете қалғанын байқады қыз. Міне, сол минутта қыздың жігіттен бой тартуы керек еді ғой. Жоқ, олай етуге дәрмені жетпеді. Не істесе де — соның бәрі еркінен тыс өздігінен болып жатқандай. Бұл туралы ойланған да жоқ, ессіз, есалаң қуаныш ертіп әкетіпті.

Мартин бата алмай, қорғалақтап, қолын созып, Руфътің мықынынан құшақтады бір кезде. Бұл уақытта қызды да әлд бір балдан тәтті, удан ащы азапты рахат сезімі жеңіп, әлдене күтіп отырған. Тегі, не күтіп отырғанын білді ме екен өзі. Әйтеуір, ерні тобарсып, жүрегі лүпілдеп, қаны толқып кеткені рас. Мартин қызды құшағына қыса түскен, ақырын, әдеппен өзіне қарай тартқан. Енді қыздың да күте бергісі келген жоқ. Қалтырай күрсініп, не істеп, не қойғанын білместен, еңкейіп, жігіттің кеудесіне ақырын басын сүйеді де бетіне қарады. Сол-ақ екен Мартин де шүйлігіп барып, қыздың ерніне ернін тигізе қойды.

Ғашықтық деген осы шығар-ау, деп ойлады Руфь есін жиғасын. Егер бұл ғашықтық болмаса — масқара-дағы. Әлбетте, бұл сүйіспеншілік болу керек. Өзін қысып құшақтаған, ерніне ернін тигізген мына жігітті сүйеді екен ғой. Руфь өз-өзінен бәйек болып, жігіттің іші-бауырынан өтіп, ырқына көніп, елжіреп, еркелей түсті. Бір кезде оның құшағынан сытылып шықты да, күнге күйген қып-қызыл мойнынан қысып-қысып құшақтады. Мейірі қанып, мауқы басылғанына қуанды, түшіркенді, дереу қолын жазып жіберіп, талықсып барып, жігіттің кеудесіне құлай кетті.

Екеуі ұзақ уақыт бір-біріне тіл қатпай зауықтасып отырды. Мартин екі рет еңкейіп сүйген еді, екеуінде де Руфь еппен өзі тосып алды, бүкіл денесі әлденеге ыңғайласу қалып іздеумен болды. Мартин шығанақтың ар жағында көлбеп жатқан үлкен қалаға көзін тігіп, бірақ ешнәрсе көрмей отырды. Бұл жолы қиялына елес те келген жоқ. Ол әлдебір ашық бояу көрді, мына тамылжыған тамаша күндей, оттан ыстық ғашықтық сезіміндей жарқын нұр көрді жігіт. Тағы бір еңкейгенде қыз:

— Сіз маған қашан, қай уақытта ғашық болдыңыз?—деп сұрады сыбырлап.

— Сізге алғашқы кездескен күні, бірінші көрген минутта-ақ ғашық болдым. Сонан бері күн санап сізге ғашықтық құмарым арта берді. Қазір құса болып отырмын. Зор бақыт кеудеме сыймай, басым айналып кетті.

— Мартин... қымбаттым!— Қыз болу қандай жақсы,— деді Руфь қатты күрсініп.

Мартин тағы да құшақтап:

— Өзіңіз ше, сіз қай уақытта сездіңіз?—деді ақырын.

— О, мен әлдеқашан, бірден-ақ сезгенмін!

— Олай болса жарқанат сияқты түк көрмеген мен екем ғой!— деді Мартин өкінгендей.— Мен сіздің ұнататыныңызды жаңа сүйіскен кезде ғана аңғардым.

— Жо-жоқ, айтайын дегенім ол емес,— қыз әрірек жылжып Мартинге қарады.— Маған сіздің ғашық екеніңізді баяғыда сезгем.

— Ал өзіңіз ше?

— Мен бе, мен бірден байқадым.— қыз өте баяу сөйледі, жігітке жылы жүзбен қарап, көзі бұлдырап, екі беті қызарып кетті. – Мені.. мені жаңа сіз құшақтағанға дейін ойыма ешнәрсе келген емес. Осы минутқа дейін еш уақытта сіздің әйеліңіз болам деп ойлағаным жоқ, Мартин. Адамның басын лезде айналдырып алатын не сыйқырыңыз бар еді сонша?

— Қайдам,— деді Мартин езу тартып.— Өлесі ғашық болуымнан шығар. Сізге деген сүйіспеншілігім тірі жанның жүрегі түгіл қара тасты жібітер еді.

— Осының бәрі мен ойлап жүрген ғашықтыққа ұқсамайды.

— Сіздіңше, ғашықтық қандай болуға тиіс?

— Мен дәл мұндай болар деп ойлағаным жоқ.

Бір секундтай Мартиннің көзіне қадала қарады да:

— Менің ешнәрседен әлі хабарым жоқ,— деп төмен қарады.

Мартиннің тағы да қызды бауырына тартқысы келген еді, сескентіп алармын деп қорықты, тек құшақтап отырған қолы еркінен тыс дір ете қалды. Қыздың өзі ұмтылып, екеуі ұзақ сүйісті.

— Әке-шешем не дер екен?—деді қыз кенет үрейленіп.

— Қайдан білейін. Білу қиын емес қой.

— Мамам көнбей қойса қайтеміз? Мен оған дәтім барып, бір ауыз сөз айта алмаймын.

— Олай болса мен айтайын,— деді жігіт.— Мамаңыздың маған теріс ыңғай екенін білемін, сонда да сөйлесіп көрейін. Көндірем ғой деймін. Сізді жеңген адам кімді жеңбейді. Егер ештеме өнбесе...

— Онда қайттік?

— Әйтеуір, олар көнбеді деп ажырап кетпелік. Түбі көнетін шығар. Сізді жанындай жақсы көреді ғой, аяр.

— Жүрегі жарылып кете ме деп қорқамын.

Мартиннің ана жүрегі мұндайға жарыла қоймайды дегісі келіп еді, оның орнына:

— Ғашықтық деген дүниедегі ең бір ғажап нәрсе!—деді.

— Мартин, білесіз бе, мен кейде сескенемін сізден. Кім екеніңіз, бұрын кім болғаныңыз есіме түссе, әлі күнге зәрем ұшады. Маған оң көзіңізбен өте жақсы қарауыңыз керек. Әлі бала екенімді ұмытпаңыз! Бұл күнге шекте ешкімді сүйгенім жоқ!

— Мен де. Екеуіміз де әлі баламыз. Екеуіміз де өте бақыттымыз. Екеуіміз де бір-бірімізді сүйеміз!

— Мүмкін емес,— деді қыз жұлып алғандай, дереу құшағынан босанып,— сіздің сәбимін дегеніңізге сенгім келмейді, мүмкін емес... Матроссыз ғой, матростардың жайы белгілі...— деп кілт тоқтады.

— Порт сайын бір әйелге үйленіп, жаман үйренген дегіңіз келеді ғой. Осы ма айтпағыңыз?

— Иә.

— Соның бәрін сүйіспеншілік деуге болмайды. Талай портты аралағаным рас. Бірақ, сізге кездескенше тірі жанға ғашық болып көргенім жоқ. Бірінші рет сізді көріп үйге қайтып бара жатқанымда полиция ұстап әкете жаздаған.

— О несі?

— Кәдімгідей ұстап әкете жаздады. Полисмен мені мас деп ойлапты. Шынында да мас едім... ғашықтықтан есім танып, мас болғаным рас еді!

— Біз лағып кеттік. Сіз екеуміз де баламыз дедіңіз, мен мүмкін емес дедім. Әңгіме осы туралы еді ғой.

— Менің бұрын ешкімді сүймегенім рас. Сіз менің бірінші ғашығымсыз, шын сүйгенімсіз.

— Матрос екеніңіз рас қой?

— Рас, ал бір ғана сізге ғашық екенім де рас.

— Өзге әйелдеріңіз де болды ғой... болды ғой, ә!—деп Руфь күтпеген жерде көз жасын іркіп-іркіп алды. Таң қалған Мартин ғашығын қаттырақ құшып, көбірек сүйіп, әрең жұбатты.

«Асылзада леди...

Джуди ОТреди,

Ата-тегің кем еді

Өзге жағың тең еді»

Киплингінің осы сөзі Мартиннің есіне түсе кетті. Бұрын-соңды оқыған романдары өзге пікірді жақтағанымен, осы сөздің де жаны бар-ау деп қалды ол. Романдардың айтуынша, бекзадалар қауымында әйелге қолың мен жүрегіңді ресми ұсынсаң болғаны. Ал өзі туып-өскен ортаның қыздары мен жігіттері арасында сүйісу, қол жүгіртісу деген бола береді. Демек, үстем таптың кербездері сүйіспеншіліктің мұндай белгілерін өрескел әдет деп таныса керек еді. Жоқ, олай емес екен. Романдардың сөзі жалған екен. Мұның дәлелін жаңа ғана өз көзімен көрді. Үн-түнсіз, тек қана сылап-сипап еркелету жұмысшы кедей әйелге де, жоғарғы қауым бикештеріне де ұнайтын көрінеді. Қоғамдағы орны алуан саты болғанымен, әйел атаулының «өзге жағы тең» екен ғой. Герберт Спенсерден оқығаны есіне түссе, бұған өзінің де ақылы жетер еді. Руфьті аймалап сүйіп, жұбатып отырғанда асылзада-леди мен Джуди ОТредидің бір-бірінен айырмасы жоқ екен ғой деген ой Мартиннің көңіліне зор демеу болды. Бұл ой Руфьке жақындата түскендей еді. Сұлу Руфьтің уылжыған тәні өзге әйелдердікіндей екен ғой. Олай болса, екеуінің үйленуіне ешқандай бөгет жоқ. Енді араларында таптық айырмашылықтан өзге не қалды? Ол да тек сырт көрініс қана. Ендеше елемеуге болады Кітаптан өзі оқыған Римнің бір құлы әйел арқылы ақсүйектің дәрежесіне жетіп, қырмызы шапан киіпті ғой. Мартин де сол сықылды Руфьтің биігіне көтеріле алмай ма? Айрықша таза, күнәсіз, білімді, жаны сұлу жан болғанымен ол да кәдімгі Лиззи Конолли тәрізді әйел, дүние жүзіндегі барша Лиззи Коноллилердің бірі. Солардың бәріне тән әдет Руфьте де жоқ емес. Бұл да біреуді сүйеді, біреуді жек көреді; мүмкін Руфь те ызақор, ашушаң адам шығар. Оның да кәдімгі қызғаншақ әйел болуы мүмкін. Жаңа ғана порттағы ашыналары туралы айтқанда қызғанып, шарт ете түскен жоқ па.

— Оның үстіне менің сізден жасым үлкен,— деп қойды Руфь жігіттің көзіне қарап,— мен сізден үш жас үлкенмін.

— Бәрібір баласыз. Өмір тәжірибесіне қарағанда мен сізден отыз үш жас үлкенмін.

Ғашықтық мәселесіне келгенде екеуінің де бала екені рас; біреуінің университеттен диплом, атақ алуына қарамастан, екіншісінің философиядан хабары, өмірден тәжрибесі болуына қарамастан, екеуі де сезім дүниесіне келгенде бала сияқты епсіз, олақ жандар еді.

Сөніп бара жатқан күн шұғыласына шомған екі ғашық осылай бір-біріне ғашықтардың әдетті сөзін айтып отырды. Сүйіспеншіліктің тылсымына, екеуінің басын қосқан тағдырдың тамашасына таң қалысты, бұл дүниеде, о заман, бұ заманда, ешкім екеуіндей бірін-бірі шын сүймеген шығар деп ойлады. Бірінші рет қалай кездескендерін, бір-біріне қай қылығы ұнағанын, не ойлап, не сезгенін қызық көріп, қайта-қайта айтып, бәрін естеріне түсірмек болды.

Бұлтқа батып бара жатқан күн, көкжиегіне алтын арайын шашып, дүние әлем қызғылт мұнарға бөленген шақта Руфь «Қош бол, қош, бақыт күні, бақытты күн» әнін салды. Жігіттің иығына басын сүйеп, қол ұстасып, ақырын әндетіп отырғанда екеуі де бірінің жүрегін бірі алақанына салып, әлпештеп отырғандай көрген.

Жиырма екінші тарау

Миссис Морз баласына қоруыш болмаған күнде де Руфьке бір қарағаннан не болғанын біле қоюға тиіс еді. Екі бетінің алмадай болып қызаруы, көзіндегі қуанышы аңсаған арманына қолы жетіп, мерейі үстем болғанын көрсетіп тұрғандай-ды.

— Не боп қалды!—деді ол Руфь төсегіне жатысымен.

— Бірдеме сездің бе!— деді қызы оған.

Шешесі жауап қайтару орнына аймалап, қызының шашынан сипады.

— Маған әлі ештеңе айтқан жоқ! Мен айттырмас та едім,— деді Руфь дауыстап.— Ақыры осылай болар деп ойлағаным жоқ. Бір ауыз сөз айтпастан...

— Ештеме айтпаса, ештеңе болмауға тиіс.

— Болуын болды.

— Жасаған-ай, балапаным-ау, не айтып жатырсың!— деді Миссис Морз.— Не болды? Не боп қалды сонша?

Руфь шешесіне таңырқай қарап:

— Мен сені бірдеме сезген шығар десем, ештеңеден хабарың жоқ екен ғой. Мартин күйеу, мен қалыңдық болдым,— деді.

Миссис Морз кеңкілдеп күліп жіберді, ылажсыз күлкісінен әрі күдік, әрі өкініш естілгендей еді.

— Бірақ түк айтқан жоқ,— деді Руфь тағы да.— Мені сүйеді екен, ғашық екен. Сен сияқты бұл маған да тосын оқиға. Бір ауыз сөз айтпастан келіп, құшақтай алғаны ғой, сол кезде менің... менің басым айналып кетіпті. Ол әуелі мені сүйді, сосын мен оны сүйдім... Қайтейін. Сүю керек болды — сүйдім. Сосын барып ғашық екенімді білдім.

Руфь үндемей қалды, шешесі тағы еркелетер ме екен деп еді, жоқ, Миссис Морз ызғарын ішіне тартып, тіл қатқан жоқ.

— Әрине, масқара ғой бұл, енді түсіндім,— деді Руфъ өнжұрғасы түсіп.— Қайдан білейін, күнәмді кешіре алар ма екенсің, мама. Менде өзге ылаж қалмады. Оны жарататынымды сол минутке дейін білмей келіппін. Бұл жайды әкеме енді өзің айтарсың.

— Мүмкін, әкеңе әлі айтпай тұра тұрармыз? Мартин Иденмен әуелі өзім сөйлесейін, бай-жайды түсіндірейін. Түсінер, сертінен қайтар, сені босатар берген уағдаңнан.

— Жоқ, жоқ!— деді Руфь өзеуреп.— Босатпай-ақ қойсын. Мен сүйемін оны, сүйіспеншілік деген сондай жақсы екен. Мен өзіме құдайы қосақ етемін оны, әлбетте, сендер рұқсат етсеңдер.

— Әкең екеуіміздің ойымыз өзге еді, Руфьжан, қарағым... Жоқ, жоқ, жоқ, біреуге зорлап бергелі жүр екен деп ойлай көрме. Тек өзің қалап, өзің ұнатсаң ғана өз қатарымызға, нағыз джентльменге, қадірмен азаматтың біріне қосамыз ба деп едік.

— Мен Мартинді ғана сүйемін,— деп болмады қиылып қыз.

— Сенің қалағаныңа біз қарсы болмаймыз ғой, сонда да қызымыз емессің бе, әлдекіммен кетуге рұқсатымыз жоқ. Ол сенің жылы мейірің мен сыпайыгершілігіңе дөрекілік пен көргенсіздіктен өзге не көрсете алады. Теңің емес. Айта берсе, ол сені асырай алмайды. Зор байлық көксемей-ақ қояйық, бірақ ер адамның болашақ әйеліне ұсынатын белгілі бір сән-салтанаты, әл-ауқаты болуы керек. Қызымыз осындай орнықты біреуге шықса екен деп тілеуші едік, қайдағы бір қайыршы авантюристің, матростың, ковбойдың, контрабандистің, тағы кімнің қол жаулығы болып кетпесін деуші едік. Ол шіркін осындай жөнсіз болуының үстіне жауапкершілік дегеннің не екенін білмейтін жеңілтек, алаңғасар көрінеді ғой.

Шешесінің сөзін жөн деп білген Руфь ләм-мим демеді.

— Әліне қарамай уақытының көбін жазуға жұмсап жүр, кітап жазу ол түгілі онан он есе артық айрықша дарынды һәм білімді адамдардың да қолынан келе бермейді. Үйленетін жігіт ең алдымен бір әзірлік жасар болар еді. Бұл оның жырында да жоқ. Мен айттым ғой саған, өзің де байқап жүрген шығарсың, ол жауапкершілік сезімінен жұрдай жігіт. Сезім оған қайдан келсін? Матрос қой, матрос біткеннің бәрі добал келеді. Бұл да ешуақытта сақтық жасап, қанағат қылу дегенді білмей, бетімен өскен біреу болу керек. Ақшаны есепсіз, беталды судай шашу бұлардың қанына сіңіп кеткен әдет. Әрине, бұған өзі кінәлы емес-ақ шығар, бірақ қалай болғанда да істің мәні өзгермейді. Сен оның өткен өмірі туралы, бұрын бұзылған адамдармен көп араласқаны жайлы ойландың ба, онан не жақсылық күтуге болады ғой деп жүрсің? Қызым-ау, әуелі неке дегеннің не екенін білесің бе өзің?

Руфь селк етіп, шешесіне тығыла түсті.

— Ойландым...— Руфь лайықты сөз таппай, біраз уақыт үндемей жатты.— Әрине, масқара. Есіме түссе,— ұяламын. Кінә менен, бұл сүйіспеншілік емес, зор бақытсыздық. Бірақ, басқа ылажым жоқ. Өзің айтшы, баяғыда папамды ұнатпасқа ылажың болып па еді? Мен де өзіңдеймін. Мартин екеуіміздің арамызда бір сұмдық бар, не екенін өзім де білмеймін, әйтеуір мені бірдеме Мартинге ынтықтырады да тұрады. Оған ғашық боламын деп ешуақытта ойлағаным жоқ. Мінеки, ғашық боп қалыппын,— деді ол мақтанған адамдай.

Екеуі өзара тіл табыса алмай ұзақ әңгімелесіп жатты да, ақыры әзірше күте тұрайық, аңысын аңдайық деген байламға тоқтады.

Бір сағаттан кейін зайыбының қулығы насырға шауып бара жатқанын естіген мистер Морз да осы тоқтамға келісімін берді.

— Әлбетте,— деді ол,— ақыры осылай болуға тиіс еді. Руфь бұрын осы матростан өзге ер адаммен жақын танысып көрмеген бала ғой. Ерте ме, кеш пе — әйел сезімі оянуы керек еді. Оянды. Сол кезде қасында анау шіркін ғана болған... Әрине, сол арада көз алдында тұрған жігітке ғашық бола кеткен немесе ғашық болдым деп түсінген.

Миссис Морз Руфьке қарсы келмей қақпайлап көрейін, уақыт жеткілікті, Мартиннің күні бүгін үйлене қоюға жағдайы жоқ деді.

— Мейлі, екеуі жолыға берсін,— деді мистер Морз.— Жақын танысып, жақсы білген сайын өзі-ақ жерінер. Екеуінің арасында салыстыра жүретіндей біреудің болғаны жөн. Жас бозбала мен қыздарды, өзімізбен аралас-құралас, мәдениетті, тәрбиелі жастарды, нағыз джентльмендерді үйге жиі-жиі жинау керек. Олардың қасында матростың ыпыны қашады. Руфь те игі жақсылар арасында оны бір сынап көрсін. Сол неменің өзі бала емес пе. Жасы жиырма бірде ғана ғой. Руфь те бала. Екеуінікі сүйіспеншілік емес, балалық болар, бара-бара басылып кетеді ғой.

Екеуі де осыған тоқтады. Семья ішінде Мартин мен Руфь сөз байласып жүрген жастар деп танылғанымен, өзге жұртқа лақабы жайылмады. Үлкен кісілер осы жөн деп тапты. Әлбетте, жастардың танысуы неғұрлым ұзаққа созылғаны жақсы. Ал Мартинге тұрмысыңды түзе, жұмыс тауып ал деген жан болған жоқ; жазуыңды қой деп те ешкім ақыл айтпады. Себебі, оған көмектесу семьяның есебіне кірмейді. Мартиннің өзі де осы ниетті қолдағысы келгендей тәуір қызметке талпынған жоқ.

— Мен бір жаңалық жасамақпын, қалай көресіз, — деді Мартин Руфьке арада бірнеше күн өткеннен кейін.— Апамның үйінде тұра беруге қаражатым жететін емес, бөлек шықсам деймін. Солтүстік Оклендтен бір оңаша үйден бөлме де табылды, керосинка сатып алдым — тамағымды өзім пісіремін.

Руфь қуанып кетті. Өте-мөте керосинкасын қол көрді.

— Мистер Бэтлер де өмірін осылай бастаған,— деді ол.

Қадірмен джентльменнің есімін естігенде Мартин қабағын шытып, сөзін жалғастыра түсті.

— Қолжазбаларымның бәріне марка жапсырдым да, редакцияларға тағы жібердім. Бүгін жаңа пәтерге шығып, ертеңнен бастап жұмысқа кірісемін.

— Жұмысқа кірген екенсіз ғой!— деп Руфь кенет дауыстам, қуанышы қойнына сыймай, жігітке күле қарап, қолын қысып, жақындай түсті.— Бұрын неге айтпадыңыз! Қандай қызмет?

Мартин басын шайқады.

— Ертеңнен бастап жазуға отырмақпын, соны айтам.— Қыздың жаратпағанын байқап, жігіт асыға сөйледі:—Мені әуелі дұрыс түсініңіз. Бұл жолы қиял қумаймын. Салқын ой, қарапайым есепке ғана жүгінемін. Тағы теңізге шыққаннан да, маған осы тиімді болар, деп отырмын. Табысым Оклендтің қатардағы қызметшісінен артық болмаса, кем болмас, бұған сенімім мол. Соңғы айларда, қолым бос қой, көп ойландым. Мәстек атша зорығып, жұмыс істегенім жоқ, жөнді жазу да жазбадым. Жазсам баспа үшін жазғаным жоқ. Бар уақытымды сізге ғашық болумен, өз жағдайымды ойластырумен өткіздім. Оны-пұны оқығаным рас, оны да ойымдағы мақсатыма керек болғасын оқыдым, мен негізінен журнал қарадым. Өзім туралы, өмір туралы, өмірдегі орным туралы ойландым, сізге лайық дәрежеге жетуім үшін алдымда қандай міндет тұрғанын болжадым. Онан басқа мен Спенсердің «Стиль философиясын» оқып, өзіме керекті, маған, менің жазғандарыма және ай сайын әр журналда басылып жүрген әдебиетке тікелей қатысы бар қызық-қызық нәрселерді кездестірдім. Сонымен, сізге ғашық болу, оқу, ойлану-толғану үстінде нендей тұжырымға тоқтадың деңіз: мен әдебиетті өзіме кәдімгідей қара кәсіп етпекпін. Аз уақыт шедеврді қоя тұрып, ойыма келгенін жазамын: фельетон, анекдот, күнделікті көкейтесті әзіл-оспақ, тақпақ, күлдіргі әңгімелер — қысқасы, алушыға не керек — соның бәрін жаза беремін. Газетке, күлдіргі беттерге, жексенбі күнгі қосымшаларға материал жетістіретін әдебиет агенттігі бар. Мен солардың керегін жасап беріп тұратын болам. Көрерсіз, табысым аз болмайды. Қазір осы кәсіппен ғана айына төрт жүз, тіпті бес жүз доллар табатын сабаздар бар. Мен оларға ұсамаймын, бірақ қайткенде де күн көрісіме керекті қаражат табам, оның ар жағында өз жұмысыма, оқуыма уақыт қалады. Бірте-бірте нағыз еңбек жазып көрем, үйренем, алдағы үлкен жұмысқа әзірленем. Осы жұмысымның сәтті болуына өзім таңмын. Қолыма алғаш қалам алғанда, не жазарымды білмеуші едім. Әлденені қосып-шатып жаза беретінмін. Ешбір идея, ешқандай ой деген болмайтын. Ойлайтын сөз қоры да аз-ды. Бастан кешкен оқиғаның бәрі мағынасыз жай сурет болып көрінуші еді. Оқи келе, сөз қорым молая келе, сол суреттердің бұрын аңғарылмаған қыры мен сырын көре бастадым. Сонан кейін ғана біраз дүние жазып тастаппын. «Оқиға», «Қуаныш», «Құмыра», «Өмір шарабы», «Көңілді көше», «Сүйіспеншілік туралы сонеттер», «Теңіз толғаулары». Мұндайлардың тіпті мұнан да жақсы дүниенің тірі болсам талайын жазамын. Әрине, қолым бос уақытта ғана жазамын. Мұнан былай аспандағы құсты аузыммен тістеймін деп арамтер боларым жоқ. Ең алдымен табыс келтіру үшін қара кәсіппен айналысып, сонан кейін ғана шедеврмен шұғылданатын шығармын. Кеше кешке, әдейі сіздің алдыңызда сөзімді растау ниетімен, күлдіргі апталықтарға арнап бес-алты ұсақ-түйек бірдемелерді жазып тастадым да, жатар алдында: әзіл-тақпақ жазып көрейінші деп, бар-жоғы бір сағаттың шамасында соның төртеуін жазып үлгірдім. Осының әр біреуіне бір доллардан қаламақы алуым керек. Әншейін, жұмыс арасында, төсек салып жүріп, төрт доллар табыс кіргізу, құдай біледі, жаман емес шығар деймін. Әрине, мұндай көр-жердің қасиеті де болмайды. Құрсын, әрі көңілсіз, әрі көріксіз нәрсе ғой. Әйтсе де, бұл өмір бойы кеңсенің кенегесін жүргізіп, айына алпыс доллар жалақы үшін ұшы-қиыры жоқ көп цифрды тіркес-тіркес қылып, тізбектеп отырғаннан гөрі көңілсіз бола қояр ма екен. Менің қазіргі кәсібіме келетін болсақ, оның, бір жағынан, әдебиетке де қатысы бар, өсте-өсте нағыз шығарма жазуға төселіп кетемін ғой.

— Сол нағыз шығарма шедевр жазып керегі не, кімге сатпақпыз, кім алады оны?

— Олай демеңіз...— дей беріп еді Мартин, Руфь сөзін бөліп.

— Жақсы, жаңағы өзіңіз атаған, өзіңізге өте ұнайтын шығармаларыңыздың әлі күнге бір жолын да өткізе алмай жүрген жоқсыз ба. Ешкім алмайтын шедеврге үміт артып, үйленуге болмайтын шығар, жігітім.

— Олай болса, жұрттың бәрі шөлдеп отырған тақпаққа үміт артайық та, қосылайық,— деп Мартин қызды құшақтады. Бірақ Руфьтің еркелегісі келіп отырған жоқ еді.— Мінеки, тыңдап көріңізші,— деді жігіт әдейі ойнақы үнмен,— әлбетте, бұл көркем шығарма емес, доллар:

Мен жүргенде қыдырып

Танысым кепті жүгіріп,

Қарыз сұрап алам деп,

Қаһарын маған төгіпті.

Уайдай келін сөгіпті:

Көрсетермін саған деп.

Хан сыртынан жұдырық

Жүре берем қыдырып.

Өлеңі өзіне күлдіргі сияқты көрінгенімен жігіттің жүні жығылып кетті. Руфь күлген жоқ, тұнжырай түсті.

— Мүмкін, мынауыңызға бір доллар төлейтін-ақ шығар, – деді қыз, – бірақ, ол циркте ойнайтын әлгі сайтан сарының табысы ғой. Мартин, осының кәсіп емес, қорлық екенін қалай түсінбейсіз! Өзімнің кәдір тұтқан қалаулым әлденені шатпақтағаннан да, бір ұялмайтын жөндем жұмыс тауып алса деген үміттемін.

— Мистер Бэтлерге еліктесе екен дейсіз бе?

— Мистер Бэтлерді жақтырмайтыныңызды білем.

— Жоқ, мистер Бэтлер тамаша кісі, әттең асқазаны бұзылған — басқа жағының бәрі жақсы. Бірақ, оллаһи-беллаһи, түсінбеймін, тақпақ жазғанның машина басудан немесе контордың кенегесін шимайлаудан несі сорақы? Бәрі де белгілі мақсатқа жетудің құралы ғана емес пе? Сіздіңше, мен бас көтермей кенеге жазумен отырып ақыры бір күні адвокат не коммерсант болып шығуым керек. Ал меніңше, ұсақ газет жұмысынан бастап, бара-бара үлкен жазушы болғаным абзал.

— Жоқ, екеуінің арасында айырма бар,— деді Руфь.

— Қандай?

— Айырмасы сол — сіз күні бүгінге дейін жақсы деген шығармаларыңыздың өзін ешкімге өткізе алмай жүрсіз. Талай жерге ұсынып көрдіңіз ғой, соның біреуін керек қылды ма?

— Қымбаттым, маған уақыт беріңіз,— деді Мартин жалынып.— Бұл жұмыс — уақытша кәсіп, қара жұмыс, оған мән беріп жүрген мен жоқ. Екі жыл ғана пұрсат берсеңіз еді. Осы екі жылда ойлағаныма жетер едім. Шығармаларымды жұрт таласып оқитын болар еді. Бұл бос сөз емес. Күшіме сенемін, өз шамамды жақсы білемін. Әдебиеттің не екенін түсінемін. Жазушы емес, өңшең білімсіз бишаралардың газет-журналдарға түкке тұрмайтын шатпағын бастырып келе жатқанын көріп жүрмін. Сондықтан мен екі жыл ішінде абыройға да, атаққа да жетер едім деймін. Тегі қызметтен мансап көрмеспін. Қаным сүймейді соны. Меніңше, ол көңілсіз ұсақ, бас қатыратын мағынасыз майда-шүйде. Менің оған дәтім төзбейді. Ешуақытта қатардағы клерктен оза алмайтыным өзіме аян, сонда, Руфьжан-ау, контордың ауыз жарымайтын жалақысынан екеуіміз не бақыт, не рахат көреміз? Шамам келсе бұл дүниенің бар жақсылығын бір сіздің басыңызға орнатсам деп едім, орнатам да. Қолымнан келеді! Атақты жазушы мистер Бэтлер сияқтылардың ең мықтысынан он есе артық. Кітап бір «өтіп кетсе» авторына елу мың доллар, тіпті, жүз мың доллар олжа келтіретінін білесіз бе? Бірде көп, бірде аз, әйтеуір орта есебі осы шама.

Руфь үндеген жоқ. Қатты ренжіп отыр еді ол, мұнысын жасырмады да. Жігіт:

— Ойлаңызшы, осыным олқы соға қояр ма екен?—деген еді, Руфь:

— Менің үміт артып жүргенім ол емес. Сізге стенографияға үйрену керек, машина баса білесіз,— сонда папамның конторына орналаса қояр едіңіз. Қабілетіңіз бар адамсыз, түбінде жақсы юрист болып кетер едіңіз,— деді.

Жиырма үшінші тарау

Жазушылық дарынына Руфь күмән келтірсе де Мартин оны бұрынғысындай қастерлейді. Каникул кезінде ол өзі туралы көп ойланып, сезім дүниесін саралаған. Сонда өзінің атақтан гөрі сұлулықты артық көретініне көзі жетті. Даңқты адам болуға ұмтылса, бір ғана Руфь үшін, соның көңілі үшін. Әлемге атағым шыққан адам болсам, сүйіктім мақтан етер, мені өзіне тең санар деп біледі.

Мартиннің сұлулықты сүйетіні сондай, соған еңбек сіңірудің өзі ол үшін зор ғанибет. Ал Руфьті сұлулықтан да жоғары санайды. Ғашықтық — дүние әлемнің көркі деп біледі. Иә, өзінің жан дүниесіне ұлы өзгеріс енгізген, кешегі ысылмаған тоңмойын матросты суреткер еткен сол. Сондықтан оның сүйіспеншілікті ғылымнан, өнерден жоғары санауына таң қалуға болмайды. Мартин өзінің парасаты жағынан Руфьтен, оның ағалары мен әкесінен жоғары екенін сезеді. Университет білімінің артықшылығы мен көркемөнер бакалавры деген атағы демесеңіз, Руфь дүние, өмір, өнер тануы жағынан жігіттің, күні кеше ғана түк білмейтін, өздігінен оқып, білім алған Мартиннің шаңына да ере алар емес.

Осы жағдайдың бәрін жақсы түсінуі оның қызға, қыздың бұған ғашық болуына әсер еткен жоқ. Сүйіспеншілігін сонша әсем, сондайлық асыл көретін Мартин бұл араға ешқандай сын жүрмейді деп санайды. Расында да, Руфьтің көркемөнер, француз революциясы немесе жаппай сайлау правосы туралы пікіріне ғашықтықтың қандай қатысы бар? Осы айтылғандардың бәрі ақылға жатады, ал ғашықтық ақылдан жоғары. Жоқ, Мартин ғашықтықтың қасиетін айрықша ардақтамаса, кеміте алмайды. Ғашықтық ақыл аңғарынан жоғары, қол жетпес шырқау биікте тұр. Ол өмірдің өзегі, мазмұны, өмір тіршілігінің ең жоғарғы сатысы. Ол екінің бірінің басына қона бермейтін бақыт құсы. Өзі ұнатқан авторларының ғылими философиясы оған ғашықтық дегеннің тағы бір қырын — биологиялық мәнін ұғындырған. Солардың негізгі қағидаларын өз тәжірибесіне салыстыра келгенде анық болғаны: адам адам баласының тәні сүйіспеншілік сипатында ғана өзінің әзелдегі мақсатын орындай алашақ, сондықтан сүйіспеншілікті өмірдің ең ізгі игілігі деп білу керек те, ізетпен қабыл ету керек. Мартин ғашық адамды тәңірінің нұры жауған жан деп біледі. Сондықтан «ғашық зары өткен жастың» образы оған өте ұнайды. Ол үшін ғашық болған адам бұл дүниенің игілігін — байлықты, білімді, бақ-дәрежені арман етпесе керек. Өйткені, ол «бір ғана сүйіп, соның ар жағында үзіліп кетсек те арманым болмас еді» дейді.

Бұл тәрізді пікір Мартиннің ойына бұрын да келген, бірақ соның байыбына енді ғана бара бастағандай. Бүгін таңда ол үздіксіз жұмыс үстінде отыр. Спартандарша тіршілік етіп, тек оқта-текте Руфьті көргені болмаса, өзге жаққа әсте мойын бұрмайды ол. Португал әйел Мария Сильваның бір бөлмесіне айына екі жарым доллар төлеп тұруға келіскен. Сильва қазымырлау кісі екен, толып жатқан шиеттей балаларын асыраймын деп бейнеттен арылмай келе жатқан жесір көрінеді. Ара-тұра қара түнек, қайғы басып кеткенде көрші баздан он бес центке ашытқан қымыран шарап сатып әкеліп, көңіл ашады екен. Алғашында Мартин бұл әйелді жек көріп кетіп еді, әсіресе, сөйлеген сөзі құлағына түрпідей тиетін. Бірақ бара-бара бишараның тіршілік үшін тырбанып, өмірмен беріспей белдесіп келе жатқанына қайран қалды. Үйінде кішкене-кішкене төрт бөлмесі бар екен. Мартиннің жалдағаны соның бірі. Екіншісі қонақ үй, оның еденіне төсеген алаша кілем, бұл бөлмеге аз да болса ажар бергенімен, табытта жатқан бір нәрестенің фотографиясы қасірет сарынын үнемі еске салып тұрар еді. Қонақ үй қонақ үшін ғана, терезе қақпақтары үнемі жабулы тұрады. Ерекше салтанатты жағдайда болмаса, мұнда жалаң аяқ, жалаң бас жауынгерлерге жол жоқ. Мария ас үйде тамақ әзірлейді, семьясымен сонда ас ішеді, сол бөлмеде кір жуады, киім үтіктейді, әйтеуір, жексенбіден өзге күндері тар бөлмесінде тыным таппайды. Ол көршілерінің кірін жуып береді екен, негізгі табысы осы. Марияның бөлмесі Мартиннің бөлмесіндей тап-тар үйшік. Ол жеті баласымен сонда жатады. Бәрінің қалай сыйып жүргенін біле алмай-ақ қойды Мартин. Кеш болса жұқа қабырғаның ар жағынан балалардың шиқыл-шыңқыл, тарс-тұрс дыбысы естіліп жатады. Марияның табысының тағы бір көзі — екі сиыры, соны күніне екі рет сауады, бос жерге апарып жайдырады, немесе жасырынып жетелеп жүріп, жол жиегіндегі көк шөпке оттатады. Үсті-басы өрім-өрім екі бала сиырлардың соңында, міндеті — бағу емес, полисменнің көзінен сиырларын тасалау.

Аядай бөлмесінде Мартин ұйықтайды, жазады, ойланады, шаруасын істейді. Баспалдырыққа қараған жалғыз терезенің алдында ас әзірлейтін столы тұр. Ол әрі жазу столы, әрі кітапханасы, әрі жазу машинкасын қоятын орны. Төргі қабырғаның бойына қойылған кереует бөлменің жартысынан көбін бір өзі алып тұр. Столға тақау ішкиім салатын кішкене шкаф, оны, сірә бір сабаз тұтыну үшін емес, пайдасы үшін жасаған болу керек; сыртын қаптаған жұқа ұшқат бұдыр-бұдыр болып кетіпті. Шкаф бір бұрышта да ас пісіретін орын екінші бұрышта, сол араға сабыннан босаған жәшік қойылыпты; үстінде керосинка, ішінде ыдыс-аяқ, жоғарырақта азық қоятын текше; онда бір шелек су тұр; бөлмеде су құбыры жоқ, суды ас үйден барып әкелу керек. Көбірек ас пісірген күндері бөлмеге ыссы бу толып кетеді де, шкафтың «әжімі» молая түседі. Мартин велосипедін керуетінің тұсына жоғары іліп қойды. Әуелі жерге сүйеп қойған, бірақ Сильваның балапандары педалін бұрап алып, шинін тесіп, төздірер болмады. Сонан кейін ол велосипедін баспалдырыққа шығарып қойып та көрді. Орын тар, жаңбыр тиетін болды, ақыры, әрі ойлап-бері ойлап, бөлменің төбесіне асып қойды.

Қабырғадағы қуыс-шкафта киім-кешегі, столының үстіне, астына сыймаған кітаптары да сонда. Мартиннің кітап оқығанда керекті жерін дәптерге түртіп отыратын әдеті еді. Бұл жазулары тым көбейіп кеткендіктен, бөлменің о шеті мен бұ шетіне жіп тартып, соған дәптерлерін арқанға жайған кір сияқты қаз-қатар қылып іліп қоюына тура келді. Осының салдарынан бөлмеде олай-бұлай жүру деген барынша қиындаған. Есік ашу үшін әуелі қабырғадағы шкафтың қақпағын жабу керек, ал оны ашу үшін есікті жаппай болмайды. Бөлме ішінде тура жүру деген жоқ. Есіктен керуетке жеткенше шырқ айналып жүру керек, Мартин талай нәрсеге соқтығып, орнына әрең жетеді. Кірер есік пен шкафтың қақпағын рет-ретімен ашып-жауып, өтіп алғасын, ас қоятын жәшікті аударып кетпеу үшін оңға қарай кілт бұрылмақ керек; сонан кейін керуетті айналып, солға қарай бұрылу керек, әйтпесе столға соқтығасыз. Осылай айнала жалтарумен жүріп, ақыры бір каналдың аңғарына енесіз, оның бір жағы стол, екінші жағасы керует. Егер жалғыз орындық өзінің орнында тұрса, каналмен ешқандай кеме өте алмайды. Сондықтан орындық керуеттің үстіне шығып кеткен. Мартин пісіретін тамағын отырып әзірлейді. Өйткені су қайнағанша немесе ет қуырылғанша кітаптың екі-үш бетін оқып тастайтын әдеті. Ac пісіретін бұрыштың тарлығы сонша, Мартин керегінің бәрін орнынан тұрмай-ақ қолын созып ала береді. Отырып істегені өзіне қолайлы, түрегеліп тұрса, жарықты көлеңкелер еді.

Мартин әрі тоқ, әрі арзан бірнеше тамақ пісіре білетұғын. Оның қырық пышағы жалақтаған асқазанына не жесе сол тастай батып, судай сіңеді. Негізгі қорегі бұршақ көже, картоп және мексикандарша бөрттірген бармақтай-бармақтай қоңыр бадана. Ол күріш пісіруге өте бап. Тегі, ешбір американ әйел күріштен ондай дәмді ас пісіре алмайтын шығар. Күніне бір рет осындай тәтті күріш татпай отырған емес. Май орнына Мартин кептірген жемісті суға қайнатып, қоюын нанға жағып соғып алады. Кепкен жеміс жай жемістен екі есе арзан. Ара-тұра аз ғана ет асып немесе сүйек-саяқ қайнатып, сорпа қылып, тамағын түрлендіріп тұратын да әдеті бар. Күніне екі рет қаймақсыз, сүтсіз кофе қайнатады, кешке ылғи шай ішіп жатады. Кофе мен шай қайнатуға онан шебер адам жоқ.

Мартиннің осыншама есепқой болуы амалсыздың шарасы. Кірханада жүріп тапқан ақшасының бәрі каникулына жұмсалып кеткен. «Күн көріс» үшін жазғандары жуық арада жауап келе қоймайтын тым алыста жүр. Мартин әбден саяқ сопы болып алды, үйден шықпайды. Күніне үш кісінің жұмысын бір өзі атқарады. Бұрынғысынша күніне бес сағат қана көз шырымын алып, күн сайын он тоғыз сағат ауыр еңбек етеді. Бұған төтеп беріп жүрген тек құрыштай берік денсаулығы. Мартин уақытының бір минутін босқа жібермейді. Мысалы, бір жапырақ қағазға кейбір түсініксіз сөздердің мағынасын немесе қалай айтылатынын белгілеп алады да, айнаның жақтауына қыстырып қояды. Қырынғанда не шашын тарағанда сол сөздерді жаттай береді. Керосинка үстінде де ілулі тұрған сондай қағаздар: ас әзірлегенде, ыдыс жуғанда жиған-терген сөздерін жадына тоқи береді. Жапырақ-жапырақ қағаздар, әлбетте, ауысып, жаңғырып тұрады. Кітап оқығанда түсініксіз сөз кездессе, сөздікке қарап, қағазға тіркей береді, кейін оны айнаға не қабырғаға іліп қояды. Сөз тіркеген қағаздар қалтасында да жүреді, дүкенде кезек күтіп тұрғанда, көшеде кетіп бара жатқанда ала салып, оны да жаттап жүргені.

Бұл тәсілін Мартин сөз жаттауға ғана қолданып қойған жоқ. Атағы шыққан авторлардың шығармасын оқығанда да әр қайсысының өзіне тән стилін, баяндау, сюжет құру ерекшелігін, оқшау сөздері мен теңеулерін, өткір сөздерін — қысқасы ұстаруына керекті дегеннің әммәсін ескерусіз қалдырмайды. Бәрін көшіріп алып, тексеріп, зерттеп отырады. Бірақ ешқайсысына еліктемейді. Оның іздейтіні жалпыға ортақ принцип. Ол әр алуан жазушының әдеби әдісін тізімдеп отырады. Сондағы мақсаты — әдебиеттік әдіс дегеннің табиғаты туралы жалпы қорытынды жасау, соған сүйеніп, өзінің өзгеше жаңа, соны әдісін табу һәм оны ретті жеріне ғана орнымен әдемі қолдана білу. Осы сияқты ол ел аузынан да өте бір орынды айтылған, көркем сөздер жинап жүрді — құлаққа жағымды, жүрекке жылы тиетін, тоғышарлардың сүреңсіз езбесінен жарқырап бөлек тұрған сөз маржандарын тере берді. Мартин әр уақытта, әртүрлі жағдайда белгілі бір құбылыстың негізінде, өзегінде жатқан принциптерді ғана іздейді. Сондай құбылыстарды өз қолынан жасай алатын болуы үшін, оның жалпы қалай туып, қалай жасалатынын білмекке тырысады Ол сұлулықтың сыртқы әсем бейнесін тамашалауды ғана қанағат тұтқан емес. Балалардың у-шуы, пісірген астың иісі ешуақытта арылмайтын тар лашығында отырып, ол лабораториядағы химиктер сияқты сұлулықтың құранды бөлшектерінің жік-жігін ашып, ішкі құрылысын түсінуге тырысты. Өз қолымен сұлулық жасауға мұның көмегі тиер деп үміт етті.

Мартин саналы еңбектің адамы. Еңбек ету бойына біткен қасиет, әдет. Ол сәтке, талантының жұлдызына сеніп, қаламының ұшынан не шығып жатқанын өзі білмейтін соқыр тәуекелдің мес, әлдеқалай келе қалатын көңіл күйін көбіне місе тұтпайды. Оның білгісі келетіні: «қалай болды», «неге бұлай болды»; творчествосы — ақыл елегінен өткен өнер; әңгіме не өлең жазбастан бұрын Мартиннің санасында оның нобайы, ұзын ырғасы әзір тұрады, алдына қойған мақсаты және сол мақсатқа жетудің көркемдік құралдары да күні бұрын көкірегінде сайрап тұрады. Бұлай болмаған күнде жазғаны жақсы шығады деп сенбейді. Екінші жағынан, ол әлдеқалай ауызға түсе кететін кейбір әдемі сөз бен сөз тіркестерін де қадірлейді. Өйткені, ол да өзі көксеген сұлулыққа, шығарманың тұлғасына жарасып тұратынын біледі. Шабыттан туатын осындай тапқырлықты Мартин, тіпті, қадір тұтады, саналы творчестволық іздену жемісінен жоғары қояды. Сұлулықты тексере жүре, көркемдіктің заңдарын зерттей келе оның мынаған көзі жетті — сұлулықтың астарында бір тұңғиық сыр бар, оның құпиясын өзі ешуақытта аша алмайды. Тіпті ешбір адам баласы оның түбіне жетіп, түйінін шеше алмаса керек. Спенсердің шығармаларынан есінде қалғаны: заттың түпкі мәнін адам баласы ешуақытта түсіне алмақ емес. Өмір сыры сияқты сұлулық сыры да ақыл шеше алмайтын жұмбақ, қатте сұлулықтың күрмеуін табу бәрінен де қиын. Сұлулық пен өмірдің түйіні бір, адам баласы аспан жұлдыздарының тозаңынан, күн нұры мен тағы басқа әлдене ғаламаттан тұратын осы шырмауыт түйіншектің бір тіні ғана.

Осы ойдың әсерімен Мартин «Жұлдыз тозаңы» деген мақала жазады. Мақалада сынның өзін емес, сыншыларды мінеді. Мақаласы шебер де шешен жазылған мағыналы шығарма болып шықты. Бірақ жіберген журналдардың бәрі жарамайды деп өзіне қайтарып жіберіпті. Тыншуын алған ойдан осылай арылған Мартин бұрынғысынша өмір шеруін тарта берді. Ол көп уақыттан бері ақылына қонған әрбір ойды аудара қарап, ақтара тексеріп, көп толғанып, толғағы жеткенде ғана қағазға түсіріп әдеттенген, жазғандарының бірде бір жолы жарық көрмесе де, ол қынжылмады. Жазу Мартин үшін күрделі ойлану процесінің қорытынды кезеңі, жеке-жеке, үзік-үзік ой сарасының түйіні, көкірегіне толып кеткен фактылар мен қағидалардың жиынтығы, сығымы. Мақала жазса миынан жаңа идеялар мен проблемаларға орын босайды. Бұл көп адамға тән ара-тұра «сөйлесіп, шер тарқату» әдеті сияқты бірдеңе. Тірі жанның кей-кейде шер-шеменнен ішін босату үшін, шын немесе жалған қасіретті ұмыту үшін осылай ететін әдеті.

Жиырма төртінші тарау

Арада бірсыпыра уақыт өтті. Мартиннің ақшасы азайды, баспадан чек келмеді. Мазмұнды деген әңгімелері әрдайым тез оралады, «күн көріс» үшін жазғандары да соның аяғын құшты. Бұрынғыдай тар мүйісте түрлі ас әзірлейтін күндер өтті. Орта дорба күріш пен аз ғана кепкен өрігі қалған. Бес күннен бергі қорегі сол. Азықты енді несиеге ала бастады. Дүкенші — португал Мартиннің борышы үш доллар сексен бес центке жеткенде азық бермей қойды.

— Неге десең,— деді дүкенші,— сіздікі жұмыс жоқ. Маған қалай төлейсіз?

Бұған Мартин ештеңе айта алмады. Дүкеншінің сөзі орынды. Оның түсінігінше, жұмысқа мойны жар бермей жүрген, дені-қарны таза, жап-жас жалқау немені несиеге асырау жөн емес.

— Ақша тапсаң — тамақ береміс,— деді дүкенші.— Мәнет жоқ — тамақ жоқ. Солай болады...

Жігіттің өз басына мін тақпайтынын білдіргісі келгендей, португал:

— Мынаны тартып жібер. Бір стакан. Мен сыйлаймын. Сенікі менікі тамыр,— деді.

Мартин тамырының шарабын «тартып жіберіп», үйіне барып, нәр татпастан, төсегіне құлай кетті.

Овощты Мартин басқа дүкеншіден алатын. Оның иесі американ сауда антына онша берік адам емес екен, бес долларға дейін шыдады, сонан кейін ол да тыйды. Наубайшы екі долларға, қасапшы — төрт долларға жетіп тоқтатты. Сонымен, борышының жамғысы он төрт доллар сексен бес пенс болыпты. Машинаның жалын төлейтін уақыт та таянған екен, Мартин әлі екі ай ұстай тұруға болатынын шамалап, борышына тағы сегіз доллар қосты. Енді осы мерзім өткеннен кейін Мартин несиеге ешнәрсе ала алмайтын болса керек.

Овощ дүкенінен алған соңғы азығы бір қап картоп. Мартин соны апта бойы күніне үш рет қорек етеді. Анда-санда Морздардікінен тамақ ішеді, аздап әл жинайды, бірақ стол толы неше түрлі тамақ пен тағамды жеңкірейін десе ұялып, жемейін десе қарны ашып, Тантал азабын талай тартқан. Кейде беттің арын белге байлап дегендей Мартин апасының үйінің түскі асына жетіп барады. Онда да ары төзгенше аздап жейді. Морздардікіне қарағанда қолы мұнда батылырақ.

Ол күн-күн сайын тапжылмай отырып, еңбек етті. Почтальон күн сайын қолжазбаларын өзіне әкеп тастайды. Марка алуға ақша қалмаған. Қайтып келген қолжазбалары стол астында үйіліп жатыр. Оның екі күн ұдайымен дәм татпаған күндері болды. Морздардың үйінен ас дәметуге болмайды, Руфь екі жетіге Сан-Рафаэльге қонаққа кеткен, апасының үйіне бара беруге жүзі шыдамайды. Бұл аздай бір күні почтальон бірден бес қолжазбасын әкеліп берді. Сонан кейін Мартин пальтосын алып Оклендке кетті. Ол сапарынан пальтосыз оралғанымен қалтасында бес доллары бар еді. Дүкеншінің әрқайсысына бір-бір доллардан үлестіріп шықты. Сонымен, үйінде жуалап майға қуырған ет шыжылдады, кофе бүлкілдеп қайнады, үлкен бір күршек қайнатқан қара өрік те пайда болды. Асқа тойып алып, Мартин столына тағы отырды. Түн ортасы шамасында «Өсімқорлардың өр зорлығы» деген мақаласын аяқтады. Жазып бітірген соң стол астына тастай салды, өйткені бес доллардан түк қалмаған — марка алатын ақша жоқ.

Бірнеше күннен кейін сағатын, іле-шала велосипедін залогқа берді. Азығынан аз-кем ақша үнемдеп, марка сатып алып, барлық қолжазбасын тағы жан-жаққа жөнелтті. «Табысты» деген шығармалары үмітін ақтамады. Оны ешкім алған жоқ. Оларын газеттерде, арзан апталықтарда басылып жүрген шығармалармен салыстырып қарап еді, өзінікі анағұрлым артық көрінді. Әттең не пайда, ешкім алмайды. Газеттердің көпшілігі «синдикат» дейтін арнаулы агенттіктерден дайын материал алады екен дегенді естіп, сондай агенттіктің біреуіне бірнеше ұсақ мақаланы жіберген, олары да тез арада өзіне қайтып жетті. Тасқа басқан бір жапырақ жолдамада мұндай материалды синдикаттың штатындағы қызметкерлер жазады депті.

Жасөспірімдер журналының бірінен Мартин «Одан-бұдан» деген бөлімшесінде басылған құлаш-құлаш анекдот, ұсақ әңгімелер көрді де, бәрекелді-ай, мынау бір табыстың мол көзі екен, деп ойлады. Бірақ бұл жолы да істің сәті түскен жоқ, жібергендерін түп-түгел өзіне қайтарыпты. Кейін, бұл тәрізді кәсіптің керегі болмай қалған бір заманда, Мартин ондай ұсақ-түйекті қосымша табыс үшін редакция қызметкерлерінің өздері жазатынын білді. Әзіл сөз апталықтары Мартиннің қалжың-өлеңдерін қайтарыпты, ірі журналдарға жіберген өлең-фельетондары да өткен жоқ. Ендігі бір үміт артқаны газет фельетоны. Басылып жүрген фельетонсымақтардан өзінің жазғандары әлдеқайда әдемі екенін жақсы білетін Мартин, екі әдебиет агенттігінің адресін тауып алып, очерк пен қысқа әңгімелерін соған тоғытты. Бірақ, жиырма шақтысын жазып, бір де бірін орналастыра алмағасын, жазуын тоқтатты. Күн сайын газеттен ондаған осындай әңгіме, фельетон оқиды. Соның бірде бірі бұл жанрда өзінің жазғандарымен салыстыруға да тұрмас еді. Шара бар ма, әбден амалы құрыған Мартин ақыр соңында: қой, мен өз шығармамды өзім әжептәуір көріп, кемшілігін байқаудан, әділ пікір айтудан қалған екенмін деп түйді.

Адамдық қасиеттен тып-типыл баспа машинасы баяғысынан бір жазбайды. Мартин қолжазбасын маркасымен бірге пакетке, оны апарып почта жәшігіне салады, үш-төрт жұма өтісімен почтальон үйіне қоңырау соғып, кері әкеліп тастайд. Әлбетте, ар жақта, жіберген адресте тірі жан жоқ. Әншейін майлап, күйлеп қойған автомат қана бар. Меселі қайтқан Мартин редактор бар дегенге де шүбәлана бастады. Өйткені, әлі күнге олардың бірде-бірі тірлік белгісін білдірген емес. Ал жазғандарының бәрін ешбір дәлел-себеп айтпастан, ізінше кері қайтаруына қарағанда, редактор дегені жай бір лақап болу керек, оны таратып жүрген әлгі соғылған әріп терушілер, метранпаждар мен редакцияның хат тасушылары шығар деп ойлады.

Мартиннің өміріндегі бір ғана бақытты мезгілі — Руфьпен өткізген сағаттары, ол да жиі келе бермейді. Бұрын көңілін елегізетін бір түйткіл, Руфь ғашық екенін айтқалы, азапқа айналғандай. Өйткені Руфь бұрынғысынша қол жетпес алыста жүр. Мартин оған екі жыл күт деп еді, уақыт болса зымырап өтіп барады, әлі өндірген түгі жоқ. Істеп жүрген жұмысын Руфьтің мақұл көрмейтінін де сезеді. Қыздың тура ашып айтпағаны рас, бірақ жанамалап болса да айқын сездірген. Қыз кейіген жоқ, тек мақұл көрмеді. Руфьтей ұяң емес, өзге өткір әйел болса, кейір еді. Руфь тек тәрбиелеймін деген кісісі ырқына көнбегеніне ренжіді. Алғашында жігіт көңілшек, көнгіш сияқты еді, бара-бара бас көтеріп, мистер Морзға да, мистер Бэтлерге де ұсамаймын деп кекірелеп кетті.

Қыз Мартиннің ең қадірлі қасиетін елемей қалды немесе түсінбей қалды. Мартин адам өмірінің қай қалпына болса да үйлесе кететін өте икемді адам. Руфь оны қыңыр, қиқар деп түсінді, себебі өзіне мәлім бір ғана үлгісіне оны үйлестіре алмады. Қыз жігіттің аспандаған ой-қиялына ере алған жоқ, өзі шыға алмайтын биікке жігіт шырқап көтерілген шақта, қателесіп, лағып кеттіге жоритын болды. Әкесінің, шешесінің, ағаларының, тіпті, Олнидің сөзі әрқашанда көңілге қонымды, түсінікті-ақ, ал Мартиннің пікірі түсініксіз болса — кінә өзінен деп ойлады. Дүние әлемге шындықты өзім ұғындырамын дейтін жеке-дара жалғыздың ежелгі трагедиясы ғой бұл.

— Сізге жұрт айтса болды, бас ие бересіз,— деді Мартин бір күні Руфьке Прапс пен Вандеруотер туралы пікір алысып отырғанда.— Бұл кісілердің беделі күшті екені рас, олар Құрама Штаттардың таңдаулы әдеби сыншыларынан саналады. Әрбір мектеп оқытушысы Вандеруотерді американ сынының көсемі деп біледі. Оның жазғандарын мен де оқығам, маған ол кәдімгі көк езудің өзі сияқты көрінді. Айтқандары әншейін лепірме фраза мен қадірсіз бос сөз, Прапс та соның аяғын құшқан. «Орман мүгін» ол тамаша жазыпты. Үтіріне де қалам тигізе алмайсыз, ал жалпы үніне құлақ салыңызшы — не деген салтанатты кербез үн! Құрама Штаттарында оның қалам ақысы ең жоғары сыншы болуы тегін емес. Асылында, өрескел сөз айтсам бір тәңірім өзі кешірер, ол — сыншы емес. Англияда сын өнері біздікінен жоғары. Ал енді осындай сыншысымақтардың бір қасиеті қайдағы бір жауыр болған ақиқатты аса бір өнегелі, ізгі лебізбен қайталап айта береді. Олар көпке мәлім көпірменің жарапазаншылары. Олардың сын мақаласы жексенбінің уағызындай. Сыншылар мен ағылшын филологиясының оқытушылары бірінің сөзін бірі қостайды. Екі жағының да қауашағында өзіндік идея деген болмайды. Бар білетіні жалпы жұртшылық ден қойған пікір, ал шынын айтсақ, жалпы жұрттың танығаны осылардың сөзі емес, өздері ғана. Әбден өмірге орнығып алған идея сыраның шөлмегіне жапсыратын қағаздай бұларға оп-оңай жабыса кетеді. Бәрінің негізгі міндеті университет жастарының өзінше ойлап, өздігінше пайымдауына ырық бермеу, ылғи белгілі бір трафарет бойынша топшылауға жаттықтыру.

— Меніңше,— деді Руфь,— жұрт қостаған пікірге құлақ асып жүрген мен сізден гөрі шындыққа бір табан жақынмын ғой деймін. Пұтты көрсе өршеленіп кететін тағылардай беделді кісілерге дүрсе бас салатын әдетіңіз не?

— Пұттың түбіне жетіп жүрген тағылар емес, миссионерлер,— деді Мартин күліп,— бірақ, амал бар ма, миссионерлердің бәрі мәжуси дінін ұстаған елдерді аралап кетіп, өз елімізде мистер Вандеруотер мен мистер Прапсты тағынан тайдыратын ешкім қалмапты.

— Олармен қоса университет профессорларын да тайдыру керек дейсіз ғой, тегі,— деді Руфь.

Мартин басын шайқады.

— Жоқ, жаратылыстану ғылымын оқытатындары қалсын. Пайдасы бар. Ағылшын филологиясының есек миын жеген жарапазаншыларын ғана аластау керек. Оннан бірі қалса да жетеді.

Филологтар хақында осыншама қатал пікір айтуын Руфь кісіні қорлау деп білді. Сыпайы киінген, сабырлы, байсалды, әрбір сөзін салмақтап сөйлейтін мәдениетті университет оқытушылары мен өзінің әлдеқалай ғашық болған жігітін салыстырды. Бұл кім еді? Жұпыны киінген кешегі матрос, жуан сіңір жұмысшы, салуалы пікір айту орнына қит етсе қызараңдап, абырой сақтау орнына айғай салып кететін, әдепсіз тентек емес пе еді? Оқытушылар болса тым тәуір жалақы алып отыр, әрі нағыз джентльмен адамдар. Мартин ше: жалғыз пенс табысы жоқ, джентльменге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын біреу.

Руфь Мартиннің дәлелдерін салмақтап жатуды керек деп санамады. Оның қателігін жағдайдың өзі көрсетіп отыр. Оқытушылардың әдебиет туралы айтқаны шындық, сондықтан да олар өмірден орнын тауып, рахат көріп келеді. Мартин ше: оның бір де-бір шығармасы әлі өткен жоқ, демек ол қателесіп жүр, лағып жүр. Мартинніц өз сөзімен айтсақ, оқытушылардың ісі «өнген», өз ісі өнбеген. Әдебиет туралы ол дұрыс пікір айта алмайды. Осы бөлменің ортасында қып-қызыл болып ұялып, қолапайсызданып, бір нәрсені қағып кетем бе деп өз-өзінен қорынып, көзі тірі Суинберн туралы: осы «Свайнберн» қашан өліп еді деп, тіпті, онысымен тек тұрмай «Шырқа, шырқа» деген шығармасы мен «Өмір аятын» мен де оқығанмын деп мақтанатыны кеше ғана еді ғой. Онан не күтуге болады.

Сонымен Руфьтің ұстаған жолы — жұрт айтса болды, көп айтса көнді. Мартин осыны жақсы түсінді, бірақ бұған мән бергісі келген жоқ. Прапс пен Вандеруотер туралы, ағылшын филологиясының оқытушылары жайлы пікірі қандай болмасын, ол қыздың өз басын сүйеді. Сонымен бірге ақыл-ойы толысып, әлі қыз көрмеген қиянға шырқағанына көзі жетті. Қыздың көп нәрседен хабары жоқ екен.

Руфь Мартинді музыкадан хабарсыз деп санайды, опера турасындағы пікірін теріс, жаңалыққа жасаған қарсылығы деп біледі.

— Ұнаттыңыз ба?—деп сұраған бір күні ол Мартиннен екеуі операдан қайтып келе жатқанда.

Сол күні Мартин тамағынан үнемдеп, бір ай бойы жинаған ақшасына қызды театрға апарған еді. Өзіне қатты ұнаған спектакль жайлы Мартин сөз бастайтын шығар деп еді Руфь, ол үндемегесін сұрақты өзі қойды.

— Маған увертюрасы өте ұнады,— деді Мартин,— тамаша екен.

— Операның өзі ше?

— Операның өзі де, яғни оркестр ұнады. Ал анау өңкей қылжақбастар дәмсіз қылымси бермей, сахнадан кетсе екен деп отырдым.

Руфь қайран қалды.

— Тетралани мен Барильоны айтасыз ба?— деді қыз.

— Иә, бәрі, бәрі туралы айтарым осы.

— Олар ұлы артистер ғой!

— Ұлы болса қайтейін. Орынсыз қылмыңдап, музыканың қадірін кетіреді.

— Тіптен, Барильоның дауысы да ұнаған жоқ па?— деді Руфь дауысын көтеріп.— Карузодан кейінгі осы деп жүр ғой жұрт.

— Жоқ, ұнайды, Тетралани де ұнайды. Бұл әйелдің дауысын мен білсем, өте жақсы.

— Ендеше... олай болса...— Руфь не айтарға білмеді.— Олай болса, мүлде түсінбеймін. Дауысын мақтайсыз, музыканың қадірін кетірді дейсіз. Қай сөзіңізге сенеміз.

— Шыны осы. Олардың концертін ғана тыңдаған жақсы. Оркестр ойнаса, тіпті тыңдамаған артық. Мен түзелуден кеткен реалистпін. Ұлы әнші әрі ұлы актер бола бермейді. Әлбетте, Барильо ғашықтық ариясын айтқанда дауысы періштенің үніндей естіледі, Тетраланидің әуені онан да әсем, ал құйқылжыған оркестр музыкасы қандай десеңізші. Таласым жоқ, осының бәрі зор ғанибет. Бірақ сахнадан салмағы екі жүз қадақ, гренадерше сорайған әйелді көргенде, оның қасындағы беті қатпар-қатпар, шәртиген тәпелтекті көргенде жүрегің айниды. Екеуінің кеудесін көтеріп, өңешін керіп, жүрегін басып, жынданған адамша қолдарын ербеңдете беретінін қайтерсің. Мен осының бәрі уыздай жас принц пен ай десе аузы, күн десе көзі бар принцессаның арасындағы ғашықтық сахнасы дегенге сенуім керек. Жоқ, сене алмаймын. Бұл ерсі қылық, есалаңдық. Табиғи көрініс емес — мүләйімсу, монтанысу. Ғашықтық сезімін кісі осылай білдіре ме екен? Мен өзіңізге осылай етсем қайтер едіңіз – шапалақпен тартып жіберер едіңіз.

— Сіз түсінбейсіз,— деді долырып Руфь,— әрбір өнердің өзіндік шегі бар, шеңбері бар (осы арада университетте жуырда тыңдаған бір лекциядан естіген өнердің шартты салдары жайлы кеп есіне түсе кетті). Мысалы, сурет екі өлшемді өнер, бірақ сіздің қиялыңызға ол үш өлшемді дүние болып көрінеді. Бұлай етіп көрсететін суретшінің таланты. Әдебиетте автор бәрін білетін, бәрін бір өзі кесіп-пішетін құдірет тәрізді. Сіз оның әйел кейіпкерінің құпия сырын баяндауына хақы барын білесіз. Сонда әйелдің ойындағысын кім естіп, кім біліпті? Театрда да солай, сәулет өнерінде, операда, барша өнер атаулыда осылай. Рас, кейбір қайшылыққа көнуге тура келеді.

— Иә, өнер атаулының шартты екенін түсінемін,— деді Мартин. (Оның дұрыс айтқанына Руфь таң қалды: тегі, кітапханадан қолына түскен кітапты оқып, өздігінен білім алмай, университеттен тағлым алған болар ма).— Бірақ шарттылықта да шындық болуға тиісті. Қатырғыға ағаштың суретін бояп, сахнаның екі шетіне қоямыз да, оны орман дейміз. Шарттылық дегеніміз осы, ал осының өзінде де шындық бар. Теңіздің суретін біз арман демейміз ғой. Дей алмаймыз да. Бұлай етсек сезімімізді зорлаған болар едік. Сондықтан сахнада бір-екі есалаң-жынды қылымсып, бетін тыржитса, соның бәрін ғашықтықтың белгісі, сүйіспеншілік сезімі екен дей алмасақ керек.

— Музыканы да беделді кісілерден артық түсінемін деп ойлайсыз ба?— деді Руфь ашуланып.

— О, жоқ, жоқ. Мен музыка туралы өз пікірімді ғана айттым. Ондағы мақсатым: Тетралани ханымның ерсі қылығы оркестрден алған әсерімді бұзғанын дәлелдеу. Мүмкін, музыка білімпаздарының айтқаны рас-ақ шығар. Менің өз пікірім бар, оны бүкіл дүниедегі музыка саласындағы беделділердің төрелігіне сала алмаймын. Өзіме ұнамайды екен — ұнамайды деймін, ұнады деп өтірік айта алмаймын! Көпшілікке ұнайды немесе ұнайды-мыс деген дақпыртқа еріп, менің де ұнайды дей салуым керек пе? Жоқ, мен жұрт сән көрді екен деп көңілім қаламаған нәрсені жақсы екен, жарасымды екен дей алмаймын.

— Сонда да музыканы түсіну үшін дайындық керек қой, операға ерекше дайындық керек. Бәлки...

— ...менің опера тыңдауға дайындығым жоқ шығар?— деді Мартин қыз сөзін жалғастырып.

Руфь басын изеді.

— Мүмкін, бірақ бұған қуанбасам, ренжімеймін. Егер жастайымнан опера тыңдап әдеттенсем, мен де бүгін сонау екі шырағыма қарап, елжіреп, көзімнен жас алар едім, маған да олардың қылмыңдағаны, ән мен музыкадай әсем көрінер еді. Бірақ, сөзіңізді жандандырайын, мәселенің түйіні тәрбиеде, мені қайта тәрбиелеу қиын, уақыты әлдеқашан өтіп кеткен. Маған шындық ұнайды, өзге ешнәрсе керек емес. Шындығы жоқ бос қиял әсер етпейді маған, опера да басынан аяғына дейін жасанды нәрсе сияқты көрінеді, әсіресе, мыртық Барильо буаз биедей Тетраланиді құшағына қысып: О, сізді сүйемін деп безек-безек еткенде, бетім шыдамайды.

Руфь бұрынғы әдеті бойынша, Мартиннің көзқарасына тек көпшілік мойын ұсынған нәрсеге бас ию тұрғысынан ғана баға берді. Ойпырау, менікі ғана жөн, өзге мәдениетті жұрт түсінбей жүр дейтұғын бұл кім еді соншама? Қысқасы, Мартиннің пікірі ешқандай әсер еткен жоқ. Руфь көп айтса көндінің адамы ғой, сотанақтың сөзіне құлақ аспады; оның үстіне қаршадайынан музыкамен таныс, операны бала жасынан ұнатады. Күні кешеге дейін көше өлеңдері мен рэгтаймнан өзге дәнеме естімеген Мартин Иденнің енді бүгін келіп, дүние жүзінің асыл қазынасын әлен де-пәлен деп тілдеуге қандай хақы бар? Бұл жағдай намысына тиген Руфь Мартинге іштей өкпелі екенін сезді. Жігіттің пікірін керілік немесе орынсыз әзіл деп бағалауға болар еді. Бірақ Мартин үйінің алдына ертіп әкеліп, қоштасарда аймалап, сыпайы сүйгенде жүрегіндегі ғашық оты лау ете түскен Руфь бәрін де ұмытты. Кейін, ұйқысы келмей төсегінде дөңбекшіп жатып, Руфь: осы жігітке бола бүкіл үй-семьяның сөзін қалай аттадым екен, қалайша оған ғашық болып қалдым екен деп көп ойланды.

Келесі күні Мартин Иден «табыс үшін» жазуды қоя тұрып, бір отырғанда «Қиял философиясы» деген мақала жазып тастады. Марка жапсырған ала конверт қолжазбаны саяхатқа ала жөнелді. «Философия» талай маркасын ауыстырып, талай жерді аралады.

Жиырма бесінші тарау

Мария Сильва жоқшылық зарын көп тартқан, кедейлік дегеннің не екенін білетін әйел еді. Руфь үшін кедейлік тұрмыстағы белгілі бір тарыншылық қана. Бұл туралы оның білігі осыдан аспайды. Мартин Иденнің кедей екенін біле тұрса да, Руфь қиялында оның өмірін жас Авраам Линкольннің өмірімен немесе мистер Бэтлердің не болмаса осылар сияқты өмірін жоқшылықтан бастап, ақырында барша мұратына жеткен адамдардың өмірімен салыстырушы еді. Кедейшілік қолайсыз екенін біле тұра, оны ақылы мен қабілеті бар кісінің мансапқа жетуіне қамшы болады дейтін буржуазиялық пікірді қостайды. Сондықтан Руфь Мартиннің сағаты мен пальтосын зақылетке бергенін естігенде онша қобалжи қойған жоқ. Қайта тезірек ақылы кіріп, әдебиетпен айналысуын қояр деп үміттенді.

Мартиннің жағы суалып, жүдеп кеткенін көргенде Руфь оны аштықтан деп ойлаған жоқ. Қайта өзгере бастапты ғой өзі деп қуанды, қарашы, ажары нұрланып, нәзіктік белгісі пайда болғанын, бұрынғы әрі еліктіріп, әрі жеріндіріп тұратын жануарлық жабайы қыртысы таралған тәрізді-ау деді. Кей уақытта Руфь оның көз жанарынан айрықша нұр көріп, таң қалушы еді, жігіттің арманы, өзінің қалағаны — ақынға не ғалымға ұсағандай көретұғын. Бірақ, Мария Сильва Мартиннің ұрты суалып, көзінің жайнап кетуін өзгеге жорыды, осы белгілеріне қарап, ол Мартиннің шабан-шардақ болғанын байқады. Бір күні үйден пальто киіп шығып, жер лайсаң күн салқында пальтосіз қайтқанын көрген. Сонан кейін аз уақыт ажары кіріп, көзіндегі аштық белгісі сөнгендей болған еді.

Мария көп ұзамай сағат пен велосипедтің де жоқ болып кетіп, сол тұста Мартинге тағы жан кіре бастағанын байқаған. Мария Мартиннің жұмысты өте көп істейтінін біліп жүрді. Өйткені, шамға құйған кәресіннің есебі өз қолында ғой. Жұмыс! Мартиннің жұмысы өзгеше кәсіп болғанымен өзінен кем бейнеттенбейтінін жақсы түсінеді. Бірақ, тамақты неғұрлым аз ішсе, жұмысты солғұрлым көп жасайтынына таң-тамаша. Оқтын-оқтын Мартин қатты ашығып жүр-ау деген күндері, бір баласынан жаңа пісірген нан беріп жіберетін еді: татып көрсін, мұндай дәмді нанды өзі пісіре алмайды ғой, деп қулық жасағанситын да. Анда-санда бір аяқ ыссы сорпа жібереді, жіберуін жіберсе де, өзінің қаны мен тәнінен жаралған жас бөбектерінің ризығын аузынан жыруға не хақым бар еді деп қынжылады да. Мартин мұнысына қатты риза, себебі ол кедейдің кедейге деген рахымын бағалай біледі.

Бір күні Мария кілең қызыл қарын балаларын бар тамағымен жаңа ғана тойындырып бола бергенде, су ала келген Мартинді қалған он бес цент ақшасына бір галлон арзан шарап алдыртып, қонақ еткен. Әуелі екеуі бір-бірінің денсаулығына көтерді. Онан кейін Мария Мартиннің жұмысы сәтті болсын деп, Мартин Джемс Грант жудырған кірінің ақшасын тезірек төлесін деп тағы көтерді. Джемс Грант балташының көмекшісі, борышын уақытында өтемей, Марияға түйдей үш доллар бересі-ді.

Аш қарынға ішкен қымыран шарап екеуінің де басына шықты. Бұлар бір-біріне былайша мүлде ұқсастығы жоқ кісілер. Алайда екеуі де қайыршы, жалғыз басты жандар ғой, ешуақытта жаман аты аталмайтын сол қайыршылық екеуін бірге берік көгендеген тәрізді. Мария Азор аралдарында туып, он бір жасына дейін сонда тұрған екен. Мартин Азор аралдарында болып едім дегенде Мария бір қуанды. Мартиннің Гавайя аралдарында болғанын естігенде Мария онан жаман қуанды. Себебі әке-шешесі кейін сонда көшіп барыпты. Ал өзі тұрмысқа шығатын Мауйи аралында да болғанын айтқанда Марияның қуанышы қойнына сыймай кетті. Бақса, болашақ күйеуімен алғаш танысатын Кагулуи аралында да Мартин екі рет болған екен. Ойпырай, кілең қант тиеген кемелер әлі көз алдымда! Сонда болғаныңыз рас па? Жасаған-ау, дүние шіркін, тіпті, тар екен ғой! Вайлукуда болдыңыз ба? Онда да болыпты! Ал плантацияның ең басты бақылаушысын білесіз бе? Білмегенде ше, жігітіңіз оның да денсаулығына арнап, кезінде бір стакан шарабын қағып жіберіпті.

Осылай өткен-кеткенді еске ала отырып, екеуі аш өзегін ашыған шараппен алдады. Мартинге өзінің болашағы үмітсіз сияқты көрінген жоқ. Ерте ме, кеш пе, мұратына жететінін, елге атағы жайылатынын білді. Сол болашақтың тынысы мен лебін қазір-ақ сезіп жүр. Көп ұзамай уысына да түсетін шығар. Осы арада ол алдында отырған әйелдің омсырайған кескініне сынай қарады, жіберген наны мен сорпасы есіне түсті, қатты риза болды, жақсылығына жақсылық қайтарғысы келді.

— Мария,— деді ол кенет дауыстап,— дүниедегі ең бір арманыңыз не?

Әйел түсінбей бетіне қарады.

— Осы қазір не керек, не тілер едіңіз?

— Жеті пар башмақ — балаларға.

— Ол тілегіңіз орындалады,— деді Мартин, Мария қуанып, басын изеді.— Ал, онан гөрі қомақтырақ ештеме қаламайсыз ба?

Марияның көзінен қуаныш нұры жадырады. Мартин әзілдеп отыр ғой деп ойлады. Оған ешкім бір ауыз жылы сөз айтпағалы не заман.

— Ойланыңыз, асықпаңыз,— деді ол Мария айтайын деп аузын аша бергенде.

— Яхшы,— деді әйел,— ойландым. Маған үй кирак, өзімдікі үй кирак,— тегін тұру үшін. Айына жеті доллар төлемеу үшін.

— Бұл тілегіңіз де орындалады,— деді Мартин.— Тез арада орындалады. Ал ең зор тілегіңіз қандай? Мені бір не қаласаңыз соны орындай алатын құдірет деп біліңіз де, іркілмей айта беріңіз.

Мария бір минуттей ойланып отырды.

— Айтсам — қорқасыз.

— Жоқ, жоқ, қорықпаймын, айта беріңіз,— деп күлді Мартин.

— Үлкен нәрсе ғой, ах, өте үлкен.

— Жарайды, жарайды. Айтыңыз.

— Яхшы.— Әйел өзінің ең ардақты, ең асыл арманын айтар алдында балаша күрсініп қойды.— Маған кирак ферма — сүт ферма. Көп сиыр, көп шабындық, көп-көп пішен. Сан-Лианның маңынан. Сан-Лианда апам тұрады. Оклендке сүт сатам. Ақша көп болады. Джо мен Ник сиыр бақпайды. Жақсы школға барады. Үлкен инженер болады жол салатын. Иә, сүт ферма кирак маған.

Мария сәл кідіріп, екі көзі жайнап, Мартинге қарады.

— Бұл да болады.

Мария ыржиып күлді, уәде еткен дүниесін ешқашанда бере алмасын білсе де дарқан мырзаның құрметіне бір ішіп қойды. Бірақ, Мария Мартиннің шын ықыласына разы еді, бермесе де — бергендей көрді.

— Иә, солай, Мария. Ник пен Джо сиыр бақпайтын болады. Жыл бойы сабақ оқиды, әдемі башмақ киеді. Үй-қорасымен үлкен фермаңыз болады. Шошқа, тауық, бау-бақшаңыз — қысқасы не керек,— соның бәрі болады; бір қызметкер, тіпті, екі қызметкер ұстауға да қаражатыңыз жетеді. Бала тәрбиелеуден өзге түк істемейсіз. Егер қолайлы кісі кездессе, қосыларсыз, ол фермада жұмыс істер, сіз бейнеттен босарсыз.

Сонымен, Мартин болашақтағы мол игілігінен береген қолымен біреуге зор сый тартып, өзі бір киер жалғыз костюмін закылетке беруге алып кетті. Бұл оған оңай соққан жоқ, бір киерінен айырылса, Руфьті де көре алмайды. Мартиннің өзге тәуір костюмі жоқ, жамау түскен матрос курткасымен ет, нан сататын дүкеншіге, оқта-текте апасынікіне ғана бармаса, Морздардың үйіне қарай аттап баса алмайды.

Мартин бұрынғысынша тырбана берді, бірақ қайғы-қасірет жеңіп, арманынан күдер үзуге жақын еді. Екінші ұрыста тағы жеңілдім деген ой жиі келетін болды, қайтадан жұмыс іздеу керек. Бұған дүкеншілер, апасы, Руфь, тіпті, тағы бір айға борышты болып қалған Мария да — бәрі разы болар еді. Жалға алған жазу машинасының ақысын төлемегеніне екі ай болған, енді магазин: не төле, не машинаны қайтар деп отыр. Тағдырға мойын ұсынып, күресін қолайлы күн туғанша тоқтата тұруға ұйғарған Мартин темір жол почтальоны болу үшін емтихан тапсыруға барды. Өзі бірінші болып өткеніне таң қалды. Рас, орынның қашан босайтыны белгісіз екен.

Осындай қысылтаяңда баспа машинасы жүрісінен бір жаңылды. Тегершігі тайып кетті ме, жоқ майы таусылды ма, кім білсін, бір күні таңертең почтальон желімдеген кішкене конверт әкелді. Мартиннің конверт бұрышындағы «Трансконтиненталь айлығы» деген штампына көзі түсіп кеткен еді. Жүрегі алып ұшып, дір етіп, кілт тоқтай қалды. Бүкіл денесі, екі тізесі қалтырап қоя берді. Бөлмесіне барып, әлі ашылмаған конвертті ұстаған күйі керуетіне отыра кеткен кезде қуанышты хабар естіген адамның жүрегі қалай жарылып кететінін анық білгендей еді.

Әрине, мұнан артық қуаныш хабар жоқ. Мынадай кішкентай конвертке қолжазба сыймайды, Мартин «Трансконтиненталь айлығына» «Қоңырау күмбірі» деген бec мың сөзден тұратын «үрейлі» әңгімесін жібергенін біледі. Жақсы журналдар қалам ақысын қолжазбаны алысымен төлейді дейді ғой, сонда мына конверттің ішінде чек жатқан болар-ау. Әр сөзіне екі центтен есептегенде, ғазіретіңізге мағлұм, мың сөзіне жиырма доллар; демек, мынау жүз доллардың чегі екен ғой. Жүз доллар! Мәссаған! Конвертті бұзып жатып, қиялында борышының бәрін есептеп үлгірді: бақалшыға 3 доллар 85 цент; қасапшыға— 4.00; наубайшыға—2.00; овощқа—5.00; жамғысы – 14.85. Хош, бөлмеге – 2.50, бір айының ақысын бұрын төлеу үшін – 2.50; машинаның екі айлық ақысы — 8.00, бір ай бұрын төлеу үшін – 4 00; барлығы 31.85. Тағы, зақылеттегі нәрсе-қараны алу үшін: сағатқа—5.50; велосипедке — 7,75, костюмге 5.50 (60 процент өсімқорға — мейлі бәрі бір ғой!). Нe бәрі— 56.10. Осы цифр көз алдында жарқырауық әріппен жазылып қойғандай жайнап тұр. Қалған 43 доллар 90 цент зор байлық, оның үстіне бөлме мен машинаға алдын ала төленіп қойылмақ.

Осы кезде конвертті ашып жіберіп, ішінен машинаға басылған бір жапырақ қағаз алды. Чек жоқ. Конвертті сілікті, көзіне сенбей жарыққа тосып қарады, жыртты. Чек жоқ. Сонан кейін хатты алып оқыды, редактордың мақтау сөздерінің астарында жатқан шындықты, не себепті чек жібермегенін білгісі келді. Себебін айтпапты, бірақ бір жерін оқығанда төбесіне найзағай түскендей болды. Қолынан хат түсіп кетті. Көзі бұлдырап, сылқ етіп жастыққа құлай кетті де, қалтыраған қолдарымен үстіне одеялын тартып жамылды.

«Қоңырау күмбірінің» құны бес-ақ доллар бопты. Бес мың сөзге – бес доллар! Әр сөзіне екі цент емес, жоқ, он сөзінe бір-ақ цент! Баспашы өзін мақтаған. Әңгіме басылып шығысымен чегіңізді, іле-шала жібертемін деген! Демек, әрбір сөзіне кемінде екі цент төлейді, қолжазбаны қабылдаса-ақ ақшасын кідіртпейді дегендері жалған екен ғой. Шылғи өтірік болып шықты ғой, қап, қармаққа түскен екен. Мұндайын білгенде жазбайтын еді. Руфьтің көңілін алдау үшін — жұмыс істейтін еді ғой. Жазуға кеткен есіл уақыты есіне түскенде, жүрегі тас төбесіне шықты. Сонда, ақыр аяғында, осылай он сөзіне бір цент алу үшін итшіленіп, арамтер болғаны ма! Айтпақшм жазушы дәулетті, құрметті кісі болады деген лақап емексіту үшін айта салған газетшілердің сандырағы екен ғой. Жазушы мансабы туралы жұрттан естігендері былшыл боп шықты: дәлелі мінеки. «Трансконтиненталь айлығының» бір саны жиырма бес цент тұрады, әшекейлі әдемі мұқабасына қарағанда ең жақсы журнал болуға тиіс. Бұл ертеден келе жатқан, Мартин Иден дүниеге келмей тұрғанда шыға бастаған қадірлі журнал. Оның мұқабасына «Трансконтиненталь айлығының» биік мақсатын көрсететін дүние жүзіне әйгілі бір жазушының нақыл сөзі әрдайым басылып тұрады, ол данышпан жарықтық мансабын осы журналдан бастаған екен. Міне, сол биік мақсатпен рухтанған журнал бес мың сөзге бес-ақ доллар төлепті! Осы арада жаңағы киелі нақыл сөз айтқан автордың жуырда ғана шет жұртта қайыр тілеп жүріп, қайтыс болғаны есіне түсе кетті де, бұған, сірә, таң қалуға болмас, деді.

Иә, тотитқан екен. Қармаққа іліккен екен. Жазушылардың қаламақысы туралы газеттердің жазғаны бекер болды, солардың сандырағына ерем деп, қайран екі жыл ғұмырын босқа сарп етіпті. Енді осы да жетер. Мұнан былай бір ауыз сөз жазсам ба — көрерсіз! Ол Руфьтің өтінішін, өзге жұрттың тілеуін орындайды — қызметке кіреді. Мартиннің есіне Джо түсті. Ол қазір ешбір әрекетсіз сандалбайлап жүр. Мартин де қызыққандай күрсініп қойды. Күн сайынғы он тоғыз сағат жұмыс титығына жеткен екен — енді сезіп отыр. Бірақ Джо ғашықтықтың, ол жүктейтін жауапкершіліктің не екенін білмейді ғой, сондықтан ешбір еңбек етпей дүние ақтап кетуіне хақы бар. Ал Мартин жұмыс жасауға тиісті һәм жасайды да. Күні ертең ол қызмет іздейді, күні ертең Руфьке: тұрмысымды мүлде өзгертемін, енді әкейіңіздің конторына қызметке орналасамын деп хабар етеді.

Бес мың сөзіне бес доллар, он сөзіне бір цент — міне, көркем өнердің базар нарқы осы! Мұның алдау екені, әділетсіздігі, оңбағандығы жаныңды күйдірмес пе. 3.85 цифры — бақалшыға бересісі, жұмулы жатқан көзіне оттай басылды. Мартин тоңды, сай сүйегі сырқырады. Әсіресе, белі қозғалтпайды. Басы зырқылдайды — төбесі ойылып кеткендей, көк желкесі шаншып, бүкіл бас сүйегі мен миы солқылдайды; әсіресе, қабақ сүйегі кеміріп, шыдатар емес. Көз алдында бәз баяғы 3.85 цифр жарқырап тұр, жанын жеп барады. Осы беймаза пәледен құтылсам екен деп көзін ашып, күндізгі күн жарығына көзі түйілді, қайта жұмды, 3.85 тағы да жарқ ете түсті.

Бес мың сөзге бес доллар, он сөзге — бір цент. Міне, осы бір ой миын бұрандалап тесіп барады, бұл да көз алдынан кетпей қойған 3.85 цифры сияқты ойынан кетер емес, құтылуға дәрмен жоқ. Ақыры бір кезде цифр бүлкіл қағып, бұзыла бастады, қайтер екен деп Мартин де қарай қалды, бірте-берте өзгере келіп, ол 2.00 болып шықты. А,— деді Мартин,— наубайшыға бересі борышым екен ғой. Онан кейінгі цифр 2.50. Өмірі мен өлімін осы цифр шешетіндей Мартин керемет қызығып кетті оған. Ойпырау, осы кімге екі жарым доллар берешегім бар еді, кімге? Осыны анықтау керек, қалай да анықтамай болмайды. Осыған жауап іздеп ол қатерінің ұзыннан ұзақ қараңғы коридорын аралап кетті, жадында қалған әртүрлі керексіз ой үзігі мен мәліметтің бәрін қопарды, бұлың-бұлың қуыс-тесігінің бәрін ақтарды. Осылай маталумен әлденеше ғасыр уақыт өткендей болды оған. Бақса, ол Марияға беретін борышы екен ғой. Осы бір шым-шытырық шатпақты ажыратып алғаннан кейін Мартин: уһ, енді тынығайыншы деді. Жоқ, тыным көрер емес. 2.50 сөніп еді, орнына 8.00 цифры жарқ ете түсті. Иә, бұл сегіз доллар қай қарызым? Ой шытырманын аралап, тағы да азапты ауыр сапар шекпек керек.

Қанша уақыт қаңғырғанын Мартиннің өзі де білмейді (түпсіз шыңырауға түсіп кеткендей). Бір кезде есік қағып, Марияның: немене, сырқаттанып қалдыңыз ба, деген дауысынан оянып кеткен екен, сәл есін жинап, әлдебір танымайтын жат кісідей, жай, көзім ілініп кетіпті, деп күңк етті. Бөлме қараңғы екен, таң қалды. Хат күндізгі сағат екіде келген, қазір қас қарайыпты. Тегі, ауырса ауырған да шығар.

Мінеки, 8.00 цифры тағы пайда болды, тағы ойланды, тағы да зорланды. Ендігі ойы қулық жасамақ. Ой шытырманын аралаудың қажеті жоқ. Бұрын бұл қалай есіне келмеген! Қатерінің доңғалағын айналдырып жіберсе болып еді ғой, ол айналды да — зыр айнала жөнелген доңғалақ өзін де ілестіріп, қараңғы қуысқа алып кетті.

Мартин өзін бір кезде кірханада көргеніне таңырқаған жоқ, каток астына крахмалдаған манжеттерді жазып салып тұр екен. Манжеттердің бәрі цифрмен таңбаланған. Тегі, киімге жаңа белгі соққан-ау деп ойлап, таңбасына қараса 3.85 цифры тұр. Осы арада бақалшының счеты есіне түсе кеткен Мартин: жарайды, счеттардың бәрін катоктан өткізу керек деді. Бірақ зымиян ой сап ете қалды оған. Счеттардың бәрін ол еденге шашып жібереді, түк төлемейді. Айтты — бітті. Манжеттерді мылжалап-мылжалап, лас еденге лақтыра берді. Үйінді таудай болды, бақса, счеттың әрқайсысы өз-өзінен екеу, он, мың болып көбейіп кетіпті. Тек Марияның екі жарым долларлық счеты көбеймеген. Олай болса, Мария өзіне қысым көрсетпейді екен ғой. Ол соған ғана қарызын өтемек болды да едендегі дода-дода жатқан қағаздың арасынан Марияның счетын іздеді; ол көп ғасыр бойы ылғи іздеумен болды; бір кезде кенет қонақ үйдің иесі — әлгі жуан голландиялық жетіп келді. Ашудан түтігіп кеткен, дүниені күңірентіп айғай салды. «Манжеттердің құнын жалақыңыздан ұстап қаламын!»—деді ол. Үйінді кенет тауға айналды. Мартин оның құнын төлеу үшін бір мың жыл жұмыс істеуі керек екенін түсінді. Ендеше өзге ылаж жоқ, қонақ үйдің қожасын өлтіріп, кірхананы өртеу керек. Сол кезде жуан голландиялық желкесінен ұстай алып, сілкіп-сілкіп, үтік тұрған столдан, плита, каток, кір жуатын, кір сығатын машиналардан асыра лақтырып кеп жіберді. Мартин ауада шырқ үйірілді, тістері сақылдап, екі шекесі дыңылдады, голландиялықтың мұншама қайратына қайран қалды.

Енді бір қараса, жуылған, катоктан өткен манжеттерді қабылдап, өзі тағы да катоктың қасында тұр, оның ар жағында айлық журналдың редакторы манжеттерді катоктың табанына төсеп, бері қарай өткізіп тұр екен. Байқаса, әрбір манжет чекке айналып кетіпті. Мартин бәйек болып, чектерге үрейлене қарайды, ешбірі толтырылмаған. Мартин соның ішінен өз есіміне жазылған жалғыз чекті көрмей қалам ба деп қорқып, катоктың қасында миллион жылдар бойы чек қабылдап тұрды. Бір заманда күткен чегі шыға келді. Мартин қалтыраған қолдарымен оны жарыққа тосып қарады. Бес доллардың чегі. Сол кезде «Ха-ха-ха!»—деп баспашы катоктың қалтарысына тығыла қоймасын ба. «Жарайды, тап қазір өлтірейін сені»,— деді Мартин. Балта іздеп, көрші бөлмеге кірсе, қолжазбаларды крахмалдап, Джо тұр. Қап, қолжазбаны құртады-ау деп, Мартин қолындағы балтасын Джоға сыбап кеп жіберді. Балта қалт етіп, ауада тұрып қалды. Мартин енді кері жүгіріп катокка келсе — алай-дүлей ақ боран. Жоқ, ол ұйытқыған қарлы боран емес, әрбіреуі мың долларлық қисапсыз көп чек. Чектердің бәрін жинап, жүз данадан дестелеп, әр дестесін лентамен байлады.

Бір уақыт Джо жетіп келді. Ол жонглерше үтіктерді, сырт көйлектер мен қолжазбаларды кезек-кезек атқылап, қақпақыл қылып тұр. Кейде дестелеген чектерді ала сала аспанға ырғытып жібереді, чектер төбеден өтіп, зым-зия жоқ болады. Мартин тұра ұмтылып еді оған, Джо қолындағы балтасын жұлып алып, аспанға атып жіберді. Іле-шала Мартиннің өзін де лақтырды. Мартин үйдің төбесінен тесіп өтіп, әуеде айнала қармалап жүріп, қолжазбаларын жинап алып, бір құшақ қағазымен жерге қонды. Бір кезде әуеге тағы көтерілді, шырқ көбелек айналып аспанда жүрді де қойды. Жырақтан әлдебір ән салған баланың дауысы естіледі: «Билеші, Вилли, менімен, тағы бір рет билеші!»—дейді.

Кілең чек, крахмалдаған көйлек пен қолжазбалар ағараңдап аспандағы Құс Жолы боп кетіпті, балта да сонда тұр. Мартин жерге қайтқасын Джоны дереу өлтірейін деп, балтаны алып алды. Бірақ ол жерге қайтқан жоқ. Түнгі сағат екіде Мария Мартиннің ыңыранып, ыңқылдап жатқанын қабырға арқылы естіді де, бөлмесін ашып кіріп, айналасына ыссы үтік, ісініп, қанталаған көздеріне сулы орамал қойып кетті.

Жиырма алтыншы тарау

Мартин Иден келесі күні жұмыс іздеуге бара алған жоқ. Түс ауа көзін әрең ашып, есін жинап, бөлмесіне айнала қарады. Сильваның сегіз жасар қызы Мэри басында отыр екен, Мартин көзін ашқан мезетте ол шыр етіп, тұра қашты. Ac үйде тамақ әзірлеп жатқан Мария келді. Мартиннің ыстық маңдайына күс-күс қолын басып, тамырын ұстады.

— Тамақ ашайт?—деді.

Мартин басын шайқады. Асқа зауқы соқпайды, тіпті, бір кезде тамаққа тәбеті шауып, қарны ашқанына таң қалды.

— Мен ауырып жатырмын, Мария,— деді ол. Әлсіз дауысы әрең естіледі.— Нендей сырқат екен? Білмейсіз бе?

— Грипп. Сүле. Үн күннен яхшы болады. Тамақ кирак жоқ. Кейін ашайт. Ертең.

Мартин ауырып көрмеген адам еді. Мария қызыменен бөлмеден шығып кеткесін, киінбек болды. Ара-тұра көзін жұмып-жұмып алмаса, түйіліп, ауыра беретін болған. Ол зорға дегенде керуетінен тұрып, столға барып отырды, әлі құрып, еңкейіп, столға басын сүйеді, сол қалпында қозғала алмай біраз жатты. Жарты сағаттан кейін әрең-әрең төсегіне жетіп құлады, көзін жұмып, қимылдамай жатып, аурудың әсерін байқамақ болды. Мария маңдайына қойған салқын компресті бірнеше peт ауыстырып кетті. Бірақ ләм деген жоқ, әлдене айтып, мазасын алмайын деп естиярлық жасады. Мұнысына разы болған Мартин:

— Мария, сүт фермаңыз болады, яхшы сүт ферма,— деп күбірлеп қойды.

Сонан кейін әлденеге тым алыстап, бұлдырап кеткен сонау кешегі күн есіне түсті. «Трансконтиненталь айлығынан» хат алғанына және өзінің адасқанын біліп, бұрынғысынан тыйылып, енді өмір кітабының тағы бір бетін аударғанына бүтін ғасыр өтіп кеткендей көрді. Садағының адырнасын тым қатты тартып жіберген ғой — үзіліп кетіпті. Ашаршылық пен жоқшылыққа өзін-өзі қамамағанда, ауру да ала алмайтын еді. Денесіне дарыған микробпен күресуге күшінің жетпегені-ау. Енді ұзынынан түсіп, көтеріле алмай жатқаны мынау.

«Өміріңді еш қылып, өліп-тіріліп, бір кітапхана кітап жазғаннан не мағына?—деп ол өзіне өзі сауал қойды.— Жоқ, бұл маған лайық іс емес. Әдебиет менен, мен әдебиеттен аулақ! Енді контор кенегесін жүргізетін болам, ай сайын жалақы алып тұрам, қауашақтай ғана тар үйде Руфьпен өмір сүрем — жазмыш солай екен».

Екі күннен кейін Мартин бір жұмыртқа, екі тілім нан жеп, бір стакан шай ішіп, келіп жатқан почтаны алдырды. Бірақ көзі ауырып, ешнәрсе оқи алған жоқ.

— Маған мына хаттарды оқып беріңізші, Мария,— деді ол.— Үлкен, қалың конверттерді ашпай-ақ қойыңыз. Стол астына тастай беріңіз. Кішкене конверттегілерін ғана ашып оқыңыз.

— Мен білмей,— деді Мария.— Тереза біледі, ол мектепке барады.

Тоғыз жасар Тереза Сильва тілдей конвертті ашып, оқи бастады. Жазу машинасының ақысын төлеңіз деп дігірлеген екен біреу. Мартин оған құлақ асқан жоқ, есіл-дерті жұмыс іздеп табуда. Бір кезде құлағына мына бір сөз caп ете түсті:

— «Қырық доллар төлейміз, егер әңгімеңізді жариялауға айрықша право берсеңіз бізге,— деп оқыды Тереза,— әлбетте, біз ұсынған қысқартулар мен өзгертулерге келісім беруіңіз керек...»

— Бұл қайдан, қай журналдан? Кәні, бері берші,— деп Мартин дауыстап жіберді.

Көзінің ауырғанын ұмытып, ентелей оқыды. «Иірім» деген ертеректе жазылған бір «үрейлі» әңгімесіне «Ақ тышқан» қырық доллар ұсыныпты. Мартин хатты қайта-қайта оқыды. Редактор айтайын деген негізгі ойыңызды анықтап айта алмағансыз, бірақ сол соны пікіріңіздің өзі бізге ұнады, әңгімеңізді жариялауға әзірміз, деп турасын айтыпты. Егер «Иірімнің» үштен бірін қысқартуға рұқсат етсеңіз, қырық доллардың чегін кідіртпей жібереміз, депті тағы да.

Мартин қағаз, қалам алып, редакторға әңгіменің төрттен үшін қысқартсаңыз да рұқсат, тек чегіңізді тезірек жібере көріңіз, деп жауап қайтарды.

Тереза хат салуға жүгіріп кетті. Мартин жастыққа шалқайып жатып, ойға шомды. Демек, өтірік емес екен ғой, «Ақ тышқан» қолжазбаны қабылдасымен ақшасын төлейміз деп отыр.

«Иірім» үш мың сөзден тұрады. Үштің бірін шегерсе, екі мыңы қалады, Сонда әр сөзіне екі центтен келгені ғой. Қолжазба қабылданса ақша береді және әр сөзіне екі центтен төлейді деген газет сөзі рас болды! Өзі «Ақ тышқанды» төмен қол журнал көретін. Тегі, журнал турасынан хабары жоқ екен-ау.

«Трансконтиненталь айлығы» ең жақсы журнал деп санаушы еді, ол он сөзге бір-ақ цент төлейді! Қомсынып жүрген «Ақ тышқаны» онан жиырма есе қымбат төлейтін болып шықты және ақшасын басылып шығуын күтпей-ақ жібере бермек! Мәссаған безгелдек!

Қысқасы, бір жағдай анықталды: енді ауруынан айыққан соң жұмыс іздеудің керегі жоқ. Қиялында жүз қаралы әңгіме дайын жүрген, ешқайсысы «Иірімнен» кем түспейді, әрқайсысына қырық доллардан қойғанда да табысы қай қызметкерден кем бола қояр екен. Ұрыстан жеңілдім деп жүргенде жеңіп шыққанын қарашы. Үміті ақталды. Жол ашылды. «Ақ тышқаннан» кейін әңгімелерін басатын журнал көбейе бермек. «Табысты» деген кәкір-шүкірді енді тоқтатады. Бәрібір ешкім көк тиын төлемес еді оған. Ол жұмыс жасайды, нағыз жұмыс жасайтын болады, бойындағы бар асыл қасиетін осыған салады. Шіркін, қазір осында Руфь келіп, қуанышына ортақ болар ма еді, деп ойлады Мартин. Бір кезде төсек үстінде шашылып жатқан хаттардың арасынан Руфьтің хатын тауып алды. Ол үшті-күйлі жоқ болып кеттіңіз ғой, хабарласпағаныңызға көп күн болды, қайда жүрсіз, деп наз айтыпты. Мартин қатты қуанып, хатты қайта-қайта оқыды, жазуының әрбір әрпі ыстық көрінді, қойған қолын сүйді.

Жауабында тәуір деген жалғыз костюмін залогқа беріп, енді ешқайда шыға алмай отырғанын жасырған жоқ. Ауырғанын айтты, қазір сауығып қалдым, екі жетіден кейін (Нью-Йорктан чек келетін шама) костюмімді алып, сол күні сіздің үйге барамын, деді.

Руфь ғашық жары сырқаттанып, төсек тартып жатқанда, екі жеті күтіп, үйінде отыра алар болмады. Келесі күні солқылдақ арбаға отырып, Артур екеуі келді, бұған Сильваның балалары, сол маңайдағы күллі бала-шаға мәз-мейрам болды. Марияның зәресі ұшып кетті. Таң қаларлық қонақтарына аңырая қарап, айнала қоршап алған балаларын шапалақпен шартылдатып, Мария өзінің алқам-салқам болып жүргеніне сөз білмейтін сақау тілімен кешірім өтінді. Сабын көбігі қатқан салтақ-салтақ қолдары, алжапқыш орнына мойнына іле салған су-су жөке оның не жасап жатқанын айтпай-ақ білдіріп тұр. Әсем киінген жастар әдемі арбадан түсе қалып, үйіндегі кісісін сұрағанда жүрегі жарыла жаздаған Мария кісілерді кішкентай қонақ үйіне кіргізуді де ұмытқан. Мартиннің бөлмесіне бару үшін қонақтардың әуелі кір жуылып, буы бұрқырап, абыр-сабыр болып жатқан ып-ыссы ас үй арқылы өтуіне тура келді. Абыржыған Мария бөлменің есігі мен шкафтың қақпағын қалай ашып-жабудың ретін біле алмай, бөлмеге сабынды су мен кір иісін, бұрқыраған буды қаптатты да жіберді.

Руфь бұлаң етіп оңға, сылаң қағып солға бұрылып, оң жағына қарай тағы ойысып барып, Мартиннің керуеті мен столының арасындағы тар каналдан өтті. Артур епдейсіз екен, бұрыштағы куршек пен табаны салдыр-гүлдір аударды да кетті. Бірақ бөлмеде ол көп кідірген жоқ. Жалғыз стулде Руфь отырғасын, ағасы мен міндетімді орындадым дегендей, далаға есік алдына шықты. Сильваның толып жатқан балалары тамаша көріп, дереу қоршап алды оны. Осының бәрі тегін емес, бүгін бір сұмдық болар дегендей бүкіл квартал бойындағы балалар арбаның айналасында топырлап жүр. Мұндай әсем арба қыз ұзату тойында не біреуді жерлегенде ғана көрініп қалатын. Бүгін бұл маңайда үйленген, қайтыс болған ешкім жоқ-ты. Ендеше тамашалауға тұратын әдеттен өзге бір сұмдық болуға тиісті.

Мартин бұл күндері Руфьті сағынып, сарғая күткен. Махаббатшыл жүрегі жанашыр жан іздеді, жанашыр ғана емес, хал-ахуалын терең түсінетін сезімтал серік күтті. Бірақ ол Руфьтің мұратына ортақ болуынан емес, тек табиғатынан өбекшіл, күйрек кісі болуынан ғана жаны ашып жүргенін әлі ұққан жоқ. Мартин қыздың қолынан ұстап, әңгімесін айтып отырғанда, Руфь те елжіреген, ақырын қолын қысып, көзіне жас алып, жүдеу кескініне қарап, дәрменсіз, бақытсыз байғұс-ай деп те ойлаған.

Бірақ Мартин «Трансконтиненталь айлығынан» хат алғанда торығып қалғанын, «Ақ тышқанның» ұсынысына қатты қуанғанын асығып-аптығып айтқан кезде, Руфь сөзін селқос тыңдады. Айтқандарын естіп, сөз мағынасын жақсы түсінгенімен, қуанышына да, қайғысына да ортақ болған жоқ. Қыз, тегі, бұрынғы пікірінде екен. Журналдар мен редакторлар туралы әңгіме ешқандай әсер етпеді оған. Тек, Мартинмен қосылатын күн қашан туады деп ойлады да қойды. Бұл көмескі ойын өзі де анық ажырата алған жоқ. Мартинді «орналастырсам» дегізіп жүрген де осындай күңгірт, бірақ аналық инстинкт екенін ол байқамады. Әрине, бұл ақиқатты біреу өзіне тура айта қалса, ол, ең алдымен, ұялар еді, екіншіден, ашуланар еді және жоқ, олай емес, мен тек ғашығымның қамын ойлап жүрмін, деп жанға сөз бермес еді. Қысқасы, Мартин өзі түскен жолдан тұңғыш мархабат тапқанына қуанып, Руфьке сырын егіле шертті. Қыз тыңдаса да, сөзіне құлақ аспай, тек айналасына көз жүгіртіп, көргендеріне таң-тамаша болып селсоқ отыра берді.

Руфьтің бүгін қайыршылықпен бетпе-бет бірінші кезігуі.

Бұрын ол ғашықтық пен аштық қатар жүрсе, – романтиканың өзі деп ойлайтын, бірақ, сол романтиканың өмірдегі кейпін әлі көрген емес. Қалайда тап мынадай көрініс күткен жоқ еді. Ас үйден кірген күлімсі кір иісінен жүрегі айныды. Анау сүмелек әйел күнде кір жуатын болса, қоңыс иіс Мартинге де сіңіп кеткен шығар деп ойлады. Қайыршылық жұқпалы дерт сықылды. Руфь айналаның кірі де Мартинге жұққандай көрді. Оның сақал-мұрты өсіп кетуін жаратпады (қырынбағанын көріп тұрғаны осы). Иегі мен самайындағы үрпиген түгі Сильва үйінің кірі сияқтанды, жігіттің өзі жаратпайтын тағы кейпін есіне түсіргендей болды. Ойпырай, Мартиннің екі әңгімесін қабылдай қоюын қарашы! Енді ол өзімдікі дұрыс деп ұғады-ау. Сәл кідіргеңде — көніп-ақ еді, қызметке кіретін еді. Қазір ол жазуына тағы отырар, мына кісі төзбестік жағдайда аштан-аш тұра беретін болар.

— Не иіс бар осы үйде?—деді Руфь.

— Кірдің иісі. Мария кір жуып жатыр ғой. Мен өзім бұл иіске үйреніп кетіппін, – деді Мартин.

— Жоқ, жоқ, онан өзге тағы бір кілкіген жаман иіс бар!

Мартин ауаны иіскеді.

— Темекі иісінен басқа түк сезбеймін.

— Е, бәсе, тап өзі. Бұ не сұмдық! Темекіні осыншалық неге көп шегесіз, Мартин?

— Өзім де білмеймін. Қайғы ойлап, қасірет шексем, темекіні де жиі тарта бастаймын. Ескі әдет. Бала кезімнен тартам.

— Жақсы әдет емес. Мынау бөлмеде тіпті адам дем ала алар емес қой.

— Бұған темекі кінәлі. Мен ең арзан темекі тартам. Аз ғана сабыр етіңіз, қырық долларға чек келсін, сонан кейін періштенің алдында да именбей шегетін шылым аламын. Қалай көресіз, жағдай жаман емес қой деймін! Үш күн ішінде екі қолжазбам өтіп отыр! Сол қырық бес доллармен берешегімнен түгелге жақын құтылатын шығармын.

— Екі жылдық еңбегіңіз ғой ол?

— Жоқ, бір аптаға толмайды. Анау сұрғылт тысты кітапшаға қол жалғап жіберіңізші. Әне, ана жерде стол бұрышында жатыр.

Мартин кітапшаны ашып, ақтара бастады.

— Иә, дұп-дұрыс, айтқандай екен. «Қоңырау күмбірін» төрт күнде, «Иірімді» екі күнде аяқтаппын. Жетісіне қырық бес доллардан келген. Айына жүз сексен доллар! Мұншама жалақыны маған кім төлейді. Және бұл тырнақалды ғана. Сізге жасау сатып алу үшін кемінде бір мың доллар ақша керек. Сонда бес жүз доллардың жалақысы да жетпеген болар еді. Әрине, беташарға қырық бес доллар аз емес. Бірақ жазыққа бір шығып алайыншы. Тұрбаның бәрін будақтатам ғой.

Бұл сөз Руфьке бағанағы әңгіменің жалғасы сықылды көрінді.

— Түтініңіз онсыз да аз емес көрінеді. Мәселе темекінің сапасында емес. Шылым шегу жалпы жаман әдет. Сіз аяғы бар тұрба немесе жүгіріп жүрген жанартау сияқтысыз. Сұмдық-ай! Осының сұмдық екенін, Мартин-ау, өзіңіз де білесіз ғой!

Руфьтің көздерінде махаббат мейірі мөлтілдеп толып тұрғандай еді, Мартин оның мөлдіреген көгілдір көздеріне, сүйкімді сұлу көркіне қарап, баяғысынша оның қасында өзін сөлекет көрді.

— Темекіні тастасаңыз деймін, мен үшін,— деді Руфь сыбырлап.

— Жарайды, тастаймын!—деді ол.— Мен сіздің қай тілегіңізді орындамаймын, сүйіктім-ау, қымбаттым-ау!

Осы арада Руфь жігітті тағы бір ырықтағысы келіп, қобалжыды. Оның елбеңдеп, ыңғайына жығыла беруін көріп, жазуыңызды таста десем де — тастар еді деп ойлады. Бірақ тілінің ұшында тұрған бұл сөзін айта алған жоқ. Бата алмады. Оның орнына басын төмен тұқыртып, жігіттің омырауына тигізіп, сыбырлады:

— Мартин, сүйіктім, мен мұны өзім үшін емес, сіз үшін, бір сіздің қамыңызды ойлап айтып отырмын. Шылым шегу сізге зиян. Ешкімнің, тіпті, әдеттің де құлы болмаңыз.

— Сіздің ғана құлыңыз болайын,— деп күлді Мартин.

— Олай болса, әмірімді тыңдаңыз.

Руфь зымиян көзімен қарады оған, бірақ негізгі өтінішін айтпағанына іштей өкінді.

— Бағынуға әзірмін, патша ағзам.

— Жақсы. Олай болса, бірінші парыз: күн сайын қырыныңыз. Қараңызшы, екі бетімді тікеніңізбен шиедей қылып тастадыңыз.

Сонымен сөз аяғы көңілді әзіл-күлкімен тынды. Бірақ, бүгін Руфь құр алақан емес, бір кезекке бұл да жетер деп отыр. Руфьтің заты әйел емес пе. Мартинге темекі тартуын тастатқанына масаттанды. Келесі бір жолы қызметке орналасуға көндірмек: айтқаныңды екі етпеймін деген өзі ғой деп ойлады.

Руфь орнынан тұрып, бөлмені қарап шықты. Кір жаятын жіпке қыстырып қойған жазулы қағаздарға назар аударды, төбеде асулы тұрған велосипедті қалай сыйқырлап іліп қойғанын барып көрді, стол астында үйіліп жатқан қолжазбаны көзі шалғанда: босқа кеткен есіл уақыт-ай деп ойлады. Керосинкаға қатты қуанды, бірақ азық қоятын текше бос екен.

— Мына жерде түйір жоқ қой! Ах, байғұс-ай, аштан аш жатыр екенсіз ғой.

— Азық-түлікті Марияның үйіне қоюшы едім, маған сол қолайлы,— деп Мартин өтірік айтты.— Қорықпай-ақ қойыңыз, аш емеспін. Нанбасаңыз — қараңыз!

Мартин шынтағын иген еді, жең астында дөгеленген тастай қатты бұлшық еті тырсия қалды. Мұны көрген Руфь жиіркенді, сезімін қорлағандай көрді. Бірақ жүрегі, қаны, жантәні сол бұлқынған бұлшық етті аңсағандай жалт беру орнына жігітке жақындай түсті ол.

Мартин қысып құшақтағанда, өмірдің сырт көрінісіне ғана мән беретін қыз безірегендей болған еді, бірақ өмір лебі жүрегіне жылы тиген кезде жеңдім деп қуанды да. Осындай бір сәтте Руфь Мартинді өте жақсы көретінін түсінуші еді, себебі Мартин әлуетті қолдарымен айқара құшақтап, құмарын баса алмай тұншықтыра қатты қысқан кезде бақыты тасып, басы айналып кетеді. Сол мезетте әдеп бұзуы, мұраттан безуі, тіпті, ата-ананың сөзін үнсіз аттауы дұрыс сияқты көрінетін. Әкесі мен шешесі бұл жігітпен қосылуына қарсы еді ғой, оған ғашық болуын тіпті ар көруші еді. Жігіттен жырақ сабыр сақтап, ақыл тоқтатып отырған шақта мұны Руфьтің өзі де ар көреді. Бірақ Мартин жанына жақын келсе жадырап сала береді. Ара-тұра көңілі толқып, торыққанымен, ғашық екені рас, сол сүйіспеншіліктің тілсіз күші әрдайым ырықсыз жеңіп кете береді.

— Грипп түк емес,— деді Мартин,— рас, шамалы басым ауырады, денем тітіркеніп тоңамын да, бірақ тропик безгегінің қасында бұл түк емес.

— Тропик безгегімен ауырып па едіңіз?—дей салды Руфь құлықсыз, жігіт құшағынан шаттық ләззатын ала бергісі келгендей.

Ол Мартиннің жауабын енжар тыңдады, бірақ тропик безгегімен Гавайя аралдарының бірінде алапестердің жасырын колониясында ауырып едім дегенде, құлағы елең етті.

— Онда қалай барып едіңіз?—деді Руфь. Өз өміріне осыншама немқұрайды қарауы қылмыс сияқты көрінді оған.

— Абайламай барып қалыппын. Алапестер ойымда да жоқ. Бір жылы мен желкемеден қашып шыққам. Сол бойы жағалауға жүзіп жеттім де, жасырынатын жер іздеп, арал аралап кеттім. Үш күн ұдайымен гуава жемісін, тағы өсетін алма, банан сияқты джунгли миуасымен жан сақтадым. Төртінші күн дегенде алдымнан жалғыз аяқ жол тап болды. Тауға апарады екен ол, жуырда жүрген адам ізі бар. Сол соқпақ бір жерде таудың пышақ жүзіндей қыр жотасынан асады екен. Ені үш футтан аспайды, екі жағы құлама терең жар. Жақсы қаруланған жалғыз адам бұл арада тұрып, жүз мың әскердің жолын бөгер еді. Арал төріне апаратын бір ғана жол осы екен. Үш сағаттан кейін тар аңғарға жеттім, оның айналасы тау-тау болып шөккен лава. Осы аңғарда қамыстан өрген жеті-сегіз лашық, жеміс ағаштарын көрдім. Адамдарын көре сала қайдан келіп шыққанымды білдім. Бір көргенде-ақ түсіне қойдым.

— Не істедіңіз?—деді Руфь шошынған Дездемонадай кірпігін түріп, елти тыңдап.

— Не істеуші едім? Олардың бастығы тұла бойын алапес құрты жеген бір мейірбан қарт боп шықты, бәріне корольша әмірін жүргізіп тұрған сол екен. Осы аңғарды тауып, колония ашқан да сол көрінеді. Мұнысы заңға қайшы. Бірақ олардың заңға қарсы тұратын мылтығы, патроны бар, канактар шетінен мерген келеді. Қабан мен тағы мысық атып үйренген ғой. Қашу ойыма да келген жоқ. Сонымен, Мартин Иден табаны күректей үш ай сонда тұрған.

— Қалайша құтылдыңыз онан?

— Бір қыз себепші болмағанда, осы күнге дейін сонда жүретін едім. Ол жартылай қытай, төрттің бірі гавай, қалған ширегі ақ нәсілді әйел екен. Бишара, өзі өте сұлу, оқыған бала еді. Гонолулуде дүние-мүлкі миллион тартатын бай шешесі тұратын болса керек. Мені құтқарған сол қыз. Колонияға шешесі қаражат беріп тұрады екен, соған арқа сүйеп, мен үшін өзін жазаламайды деп ойлаған ғой. Бірақ қайда болғаныңды айтпа, деп менен ант алды. Антымды бұзғаным жоқ. Мінеки, аузымнан шығып отырғаны осы. Қыз сорлыға алапестің белгісі сол кезде жаңа-жаңа түсе бастаған. Оң қолының саусақтары тартылып, қарына түймедей ғана дақ түскен еді. Басқа жері аман. Қазір өлген болар-ау байғұс.

— Қорықпай қалай жүрдіңіз онда? Жаман аурудың жұқпағаны қандай жақсы болған!

— Алғашында абыржығаным рас. Бірақ жүре-бара үйреніп кеттім. Оның үстіне бақытсыз қыз бишараны аядым, сақтану дегенді ұмыттым. Жаны да, тәні де өте әсем қыз еді ғой ол, аурудың белгісі болар-болмас біліне бастаған. Енді қайтып сау адам көрмесін, тағы адамның ғұмырын кешетінін, бірте-бірте тірілей жидіп өлетінін түсінуші еді. Алапестің сұмдығын сіз білмейсіз ғой.

— Сорлы бишара-ай!—деді Руфь сыбырлап.— Сонда да сізді босатуына таңмын.

— Таң қалатын не бар?— деді Мартин түсінбей.

— Сізге ғашық болған ғой ол,— деді Руфь ақырын.— Турасын айтыңызшы: ғашық болып па еді?

Кірханада жұмыс істеп, онан кейін үйден шықпай ұзақ отыруынан күнге күйген көркінің қызылы кетіп, соңғы уақытта аштық пен аурудан қаны солған Мартиннің беті күрең тарта бастады. Бірдеме айтайын деп аузын аша бергенде, Руфь сөзін бөліп:

— О, жарайды, айтпай-ақ қойыңыз! Керегі жоқ!— деді күліп.

Оның күлісінен ызғар, көзінен жарқыл байқалғандай еді. Мартиннің есіне бір кезде Тынық мұхиттың теріскейінде дауылға душар болғаны түсе кетті. Кенет айдың көмескі салқын сәулесі түскен таудай дөңбекшіген толқындар елестеді. Онан кейін алапестер колониясындағы қыз көрінді көзіне. Қыз расында да сүйетін еді ғой, мені қашырып жіберуінің себебі де сол еді деп ойлады.

— Адамгершілігі бар адам еді, мені өлімнен арашалап қалған сол,— деді Мартин.

Кикілжің осымен басылған сияқты болған, бірақ біреудің солқылдап, тұншығып жылағанын сезді Мартин, қараса, Руфь теріс айналып, терезеге қарағансып тұр екен. Қыз қайта бұрылып, Мартиннің көзіне көзі түскен кезде кескінінен жаңағы теңіз дауылының белгісі байқалмады.

— Менің бір жаман мінезім бар,— деді Руфь жалынышты үнмен,— қалай түзелерімді білмеймін. Мен сүйемін сізді, Мартин, сондай сүйемін. Мүмкін, бара-бара үйреніп кетермін де, бірақ бүгін сізді өткен күннің елесінен де қызғанамын. Ал сіздің өткен өміріңіз елеске толы!... Иә, иә, басқаша болуға тиіс емес,— деді ол жігіттің сөйлеуіне ырық бермей.— Әне, Артур маған ишарат етіп тұр, күте-күте іші пысқан ғой. Қош бол, қымбаттым. Темекіні ұмыттыратын порошок бар дейді,— деді Руфь есік алдынан,— беріп жіберейін.

Руфь есікті жаба түсіп, тағы ашты.

— Сүйемін, сүйемін,— деді сыбырлап, сонан кейін кетіп қалды.

Мария Руфьті ізетпен арбасына дейін апарып салды, жол бойы киімінен көз алған жоқ (Мария бұрын пішіні мұндай әсем киім көрмеген ғой, бәрі де өте қонымды сұлу көрінді оған). Бір топ бала әдемі арба бұрылысқа жетіп, көрінбей кеткенше, артынан қимай қарап тұрды. Бір кезде бәрінің назары Марияға ауды, ол қазір кварталдағы ең бір маңызды кісі. Бірақ шырықты бұзған өз баласы болды. Бекзадалар Марияға емес, үйіндегі пәтершіге келгенін жұртқа жайып жіберіпті. Сонан кейін Мария таз кебінін тағы киді. Көршілерінің бәрі осы оқиғадан кейін Мартинді көрсе, айрықша құрмет көрсететін болды.

Марияның алдында оның беделі тіптен көтерілді. Егер әсем арбаны дүкеншілер көрсе, Мартинге тағы үш доллар сексен бес центтің азығын несиеге беретіні сөзсіз еді.

Жиырма жетінші тарау

Мартиннің да бақыт күні туды. Руфь келіп кеткен күннің ертеңіне Нью-Йорктің бір тоғышар журналсымағынан үш триолеті үшін үш доллардың чегі келді. Тағы екі күн өткеннен кейін Чикагоның бір газеті «Қазына іздеушілерін» қабылдапты. Ол да басылып шығысымен он доллар жіберуге уағда еткен. Бағасы қымбат емес, бірақ әңгіменің өзі де қаламалдысы-ды.— Ой толқуын қағазға түсірудегі алғашқы талабы болатын. Ақырында жастарға арналған қызық оқиғалы елітпе повесін «Жастық һәм балиғат» есімді айлық журнал қабылдады. Рас, бұл повесі жиырма бір мың сөзден тұратын, соған он алты доллар төлемек болған. Демек, мың сөзіне жетпіс бес центтен келеді. Оның өзін де басылса ғана төлейміз депті. Ал бұл қаламынан шыққан екінші әдеби еңбегі-тін. Қазір оның кемшілігін өзі де айқын сезеді.

Асылы, оның ең ерте жазған шығармаларын да орта қол дүние деп бағалауға болмас еді. Қайта зеңбіректен торғайға доп атқызатын онда албырт, арда күш мол-ды. Мартин тырнақ алдысының осылай арзан да болса өтіп кеткеніне қуанды. Атының сыры иесіне мәлім деген. Ал оның үміт артатыны соңғы жазғандары. Мақсаты журналдарға әңгіме, повесть жазып жүрген авторлардан жоғары болу, шын суреткердің барша өнері мен шеберлігіне жетілу. Бірақ өзінің қабілетіне дарыған күшін де құбыжық көрмейді. Қайта шығармаларының күшті жазылуын қалар еді. Әлбетте, асыра сілтемеуі керек. Реализмге деген жақсы ықылас оның тағы бір талабы. Өзінің барлық туындыларында реализмді ол қиялмен және қиялдан туған сұлулықпен шебер ұластырып отырады. Ол реализмнің шабытты болуын, адамға және адамның арманына сенім келтіруге себепкер болуын қалайды. Оның ниеті өмір бейнесін өзгертпей беру, өрмінез, ізденгіш саналы жанның бұ дүниедегі рухани азабын бұлжытпай баян ету.

Кітап оқи жүре Мартин екі түрлі әдеби мектеп барын байқады. Біреуі адамды құдірет тұтады да, оның дүнияуи табиғатын елемейді. Екіншісі, керісінше, адамды айуанға есептейді де, оның рухани мұраты мен ұлы мүмкіншіліктерін мансұқ етеді. Мұның екеуін де Мартин сыңаржақ, ұшқары пікір деп қостаған жоқ. Оның ойынша шындық осы екеуінің орта шенінде «құдірет» мектебі ақиқаттан әлдеқайда алшақ жатса, дөрекі «айуан» мектебі де ақиқатқа онан жақын емес.

Руфь қостамайтын «Оқиға» әңгімесінде Мартин осы көркем шындық хақындағы өзінің арманын айтқан еді. Ал «Құдай мен хайуан» деген мақаласында бұған байланысты теориялық көзқарасын баяндады.

Бірақ өзі жақсы деп санайтын «Оқиға» және басқа әңгімелері әлі күнге бір редакциядан бір редакцияға көшіп, еш жерге тұрақтай алмай жүр. Ал ерте жазылған шығармаларына Мартин мән бермейді; тек ол үшін алып отырған қаламақысына ғана мәзір. Жуырда журналдар екеуін қабылдаған «үрейлі» деген әңгімелерін де ол жоғары бағалап жүрген жоқ. Бұл әңгімелері әншейін шындыққа ұқсатып, ойдан шығара салған нәрселер еді. Олардың бар қасиеті шындыққа ұқсастығында ғана. Болмағанды болды қылып көрсету Мартин үшін жай трюк. Мұндайларды үлкен шығарма санатына қосуға болмайды. Олардың көркемдік мәнері әсем болуы да ықтимал. Бірақ Мартин үшін өмір шындығына жанаспайтын құр мәнерде қасиет жоқ. Трюктің мақсаты ойдан шығарған оқиғаны жанды өмір бейнесіне келтіру ғой. Мартин «үрейлі» деген бес-алты әңгімесін жазғанда осы әдісті қолданған. Бірақ ол «Оқиға», «Қуаныш», «Құмыра» және «Өмір шарабының» дәрежесіне өзі көтеріле алмай тұрғанда жазғандары-ды.

Триолеттеріне алған үш долларына «Ақ тышқаннан» чек келгенше күнелте тұруға болатын еді. Мартин кісіге сенбейтін қытымыр португалға барып, үш долларлық чегін ақшаға айырбастады да,— бір долларын берешегі үшін португалдың өзіне қалдырып, қалған екі долларын наубайшы мен овощ сатушыға бөліп берді. Ет алатын ол әлі бай емес, бар-жоқты талшық етіп, ашты-тоқты жүре береді. Бір күні асыға күткен «Ақ тышқанның» чегі де келіп жетті-ау. Мартин қапелімде не қыларын білмеді. Ақша алуға өмірінде банкіге барып көрмеген ғой. Енді балалығы ұстап, Оклендтің ең үлкен банкісіне барып, менсінбеген адамдай шіреніп тұрып, қырық доллардың чегін терезесіне тастай бергісі келген. Ал, дұрысында, чегін бақалшыға айыртып алуы керек, несиеге тағы да азық алатын күн туса, бедел деген де керек қой. Амал жоқ, ақыры сол бақалшыға баруға тура келді, чегін айырбастатып, борышынан түгел құтылды. Онан шыққанда қойны-қонышы толы ақша еді, жол-жөнекей наубайшы мен қасапшыға соғып, оларға да қарызын қайтарды, Марияға өткен ай мен келесі айдың пәтер ақысын түгел төледі. Велосипедін кері алды, жазу машинасының ақысын өтеді. Сонымен қалтасында небәрі үш доллар қалды.

Осы аз ақшаның өзі көп дүние көрінді оған. Костюмін зақылеттен қайтарып алып, дереу Руфьтің үйіне жөнелді. Жол бойы қалтасындағы бір уыс күміс ақшаны қызық көріп, қайта-қайта шылдырлатып қояды. Аш адамның жұтынып, тамақтан көзін ала алмайтыны сияқты көптен бері қалтасына бір цент түспеген Мартин ақшаны уысынан шығарғысы келмейді. Ол дүниеқұмар, ашкөз адам емес, ақшаға доллар мен центтің белгілі бір сомасы деп те қарайды. Ақша, оның ойынша, адамды баққа жеткізуге тиіс. Мартин үшін күміске соғылған самұрық жеңісінің қанатты хабаршылары тәрізді.

Бұл дүние тамаша қызық деген сенім Мартиннің көңіліне тағы да елеусіз орныға бастады. Дүние оған бұрынғысынан да қызық көрініп кетті. Талай-талай сарылумен өткен ұзақты күндері әрі қайғылы, әрі қараңғы сияқты еді. Бірақ қазір, борышының бәрінен құтылып, қалтасындағы үш доллар күмісі сылдыр-сылдыр етіп, баққа қолым жетесің-ау деген үміті артқан шақта күн нұры да жадырап, жылыта түскендей еді. Тіпті, ойламаған жерде нөсерлеп өткен өткіншіге де рахаттанып, күліп жіберді ол. Аштық азабын шегіп жүргенде дүниедегі сан мың арыған-ашқандар жайлы үнемі ойланып жүретұғын. Қазір, өзі тойынып алғасын, олар ұмытыла бастады, ой-сезімін ғашықтық билеген Мартин жер бетіндегі сансыз көп ғашықтар жайлы қиялға берілді. Көмейіне ғашық жыры құйылып, ақындық аруағы қозып кеткен жігіт трамвайдың екі квартал асып кеткенін байқамапты.

Морздардың үйі толы қонақ екен. Сан-Рафаэльден Руфьтің екі немере сіңлісі ере келіпті. Қонақтың көңілін аулау сылтауымен миссис Морз Руфьтің маңайына жастарды жинау ниетін жүзеге асыра бастағанға ұсайды. Мартиннің келе алмай жүргенін пайдаланып, ол кісі жау-жарағын сайлаған. Мартин соғыс қимылының тап қызып жатқан кезінде келді. Миссис Морз үйіне «осы адам болады» деген жастарды немесе санатқа кірген кісілерді ғана шақырған ғой. Сондықтан мұнда жаңағы апалы-сіңлілі Дороти мен Флоренстей өзге екі университет оқытушысы болды: бірі латинист, бірі ағылшын филологиясының маманы. Олардан басқа — бала кезінде Руфьпен бір мектепте оқыған, Филиппин аралдарынан жаңада ғана оралған әскери жас офицер; Сан-Францискодағы қаражат қоғамының басшысы Джюзеф Перкинстің өз хатшысы Мелвилл деген жігіт; банктің бас бухгалтері Чарльз Хэпгуд деген азаматтар болды. Хэпгуд жасы отыз бестер шамасындағы, кербез киінген, сыпайы кісі екен, Стэнфорд университетінен тәрбие алған, Ниль және Құрама клубтарының мүшесі, республикалық партияның сайлау науқаны кезінде сөз сөйлейтін қолтума шешені — қысқасы, қай жағынан да үміт ақтарлық нағыз «адам болатындардың» өзі болып шықты. Ал әйелдерден: кескін суретшісі және бір музыканы кәсіп еткен кербез сылқым, Сан-Францисконың түкпір-түкпірінде тұратын кедей-кепшікке садақа жинаумен аты шыққан әлеумет ғылымының докторы — тағы бір әйел болды. Асылы, миссис Морздың жоспары бойынша әйелдердің ролі әншейін қосалқылық. Олар тек сән үшін, қонақ алдау үшін ғана отыруға тиісті. Үміт артқан еркектерге ермек те керек қой.

— Кісілермен аптықпай, қызараңдамай сөйлесіңіз,— деді сыбырлап Руфь Мартинге оны қонақтармен таныстырар алдында.

Алғашында Мартин өз-өзінен қолапайсызданып отырды: мебельдің немесе әшекейлерінің біреуін қағып кетем бе деген қауып тағы үрейін алды. Бір жағынан кісілерден де ұялады. Бұрын мұншалық айтулы адамдармен бір жолы кездесіп көрмеген ғой. Әсіресе, оған күшті әсер еткен бас бухгалтер Хэпгуд. Мартин реті келгенде сонымен жақын таныспақ. Сырттай жасқаншақ Мартиннің «менмендігі» де жоқ емес-ті. Қазір ол қонақта отырған ер-әйелдермен күш сынасып, олардың кітап пен өмірден өзі әлі аңғармаған нендей жаңалығы барын білмек ниетінде.

Мартинді көзінен әсте қағыс қалдырмаған Руфь оның немере сіңлілерімен емін-еркін әзілдесіп отырғанын көріп, аса таңырқады да, қуанды да. Мартин, шынында да қысылмай, еркін отырған. Себебі, тек жайғасып отырған жағдайда ғана ол бір нәрсені қағып кетіп, қиратам деп именбейді. Руфь немере сіңлісінің екеуі де ақылды, кісімен әңгімелесуге ұста екенін білетұғын. Түнде жатарда олардың Мартинді мақтағанын естіп, таң қалды. Мартин бұрын өзі теңдес адамдар арасында қу тілді, барлық ойын-жиынның базары болып әдеттенген адам еді. Мұнда да ол ара-тұра орынды әзіл сөз тастап, көңілді отыруға болатынын сезген. Әлгі қиялындағы болашақ бақ-дәулеті демеу болды ма қалай, әйтеуір, қымтырыла бермей, қамшыны басқан, өзі де күліп, елдің де езуін жидырмаған.

Кеш аяқтала келе Руфь қорыққан бәленің нышаны көрінгендей болды. Мартин бұл кезде профессор Колдуэллмен әңгімелесіп отырған. Әлі қолдарын сермей қоймағанымен, көздері шатынап, дауысы шаңқылдап, қызараңдай бастағанын байқады Руфь. Өзін-өзі, албырт күшін билей алмайтын Мартин ұстамды жас профессор алдында жеңілтектеу көрінді.

Мартин сырттай әдеп сақтауды ойлаған да жоқ! Көп нәрседен хабары бар, аса білімді адамға кезіккенін бірден сезді. Профессор Колдуэлл ағылшын филологиясының оқытушылары туралы өзінің дерексіз өлшеміне үйлеспеді. Мартин оған қалай да өз мамандығын сөз еттірмекке тырысты. Профессор алғашында тайсақтағанымен, ақыры қақпайына көнді де. Алайда осы көп адам бас қосқан жерде мамандық жайлы сөз қозғау не себепті ерсі саналатынын Мартин түсінбейді.

— Бұл бір жөнсіз қылық,— деген еді ол Руфьке мұнан көп уақыт бұрын,— кәсіби тақырыпты неге сөз етпеске? Әркім өзінің ең көп, ең жақсы білетін мамандығын сөз етпейтін болса, көп жұрттың бір жерге бас қосып, пікір алысуынан не пайда. Адам баласы не нәрсенің соңына түссе, нені өзінің негізгі кәсібі етсе, нендей кәсіпке өмірін бағыштаса, не туралы күндіз-түні ойланып, арман етсе,— соны жақсы білешек. Ойлап қараңызшы, егер игі қауымның дәстүріне бағып мистер Бэтлер Поль Верлэн туралы, неміс драмасы жайында немесе д’Аннунционың романдары хақында пікір айта бастаса не болар еді. Жұрт мүлде зерігер еді. Маған салса, мистер Бэтлердің заң ғылымын сөз еткенін артық көрер ем. Өйткені, заңды онан артық кім біледі. Ал өміріміз тым қысқа. Сол аз өмірде әркімнің ең асылын біліп қалғым келеді.

— Дегенмен жұрттың бәрі бірдей елтифатқа алатын сөз де бар емес пе,— деген Руфь. Сонда Мартин:

— Жоқ, қателесесіз,— деді,— әрбір адам, қоғамның әрбір тобы өзінен дәрежесі жоғарыларға ғана еліктейді. Қоғамда кімнің дәрежесі жоғары? Еңбек етпейтін қарекетсіз байлардың дәрежесі жоғары. Олар белгілі бір тиянақты жұмыспен айналысып жүрген адамның білетінін біле алмайды. Сондықтан ондай нақты сөзді тыңдаудан зерігеді, жерінеді, тіпті оны кәсіби әңгіме деп, ұят деп айттырмайды. Әңгіме тақырыбын бағыттайтын да солар. Олардың ойынша: жаңа опера туралы, жаңа романдар, карта һәм бильярд ойыны, коктейль, автомобиль, желқайық, ат көрмесі, аңшылық пен саятшылық, форель аулау жайлы ғана сөз болуға тиіс,— яғни, байқайсыз ба,— еңбексіз өмір кешкен, еріншек адамға ғана жақсы таныс нәрселер сөз болмақ керек. Ең қызығы бұл арада ақылды кісілер немесе өзін ақылдымын деп санайтындар сандалбайлар мен ақылсыздардың пікіріне мойын ұсынады. Маған салса, әркімнің бойындағы ең асыл қазынасын өзіме жаратқан болар едім. Мұны кәсіби әңгіме дей ме, тұрпайы сөз дей ме немесе тағы не дейді, бәрібір маған.

Бірақ Руфь Мартиннің бұл пікірін ұқпады. Жұрт ұнатқан дәстүрге киліге беру қыңырлығынан, дарақылығынан деп түйді.

Қысқасы, Мартин салуалы қалып көрсетіп, профессор Қолдуэллді еліктіріп алды да өзіне керек пікірін, ойындағысын айтқызды. Руфь жақын келіп қалған бір шақта, Мартин:

— Алайда, Калифорния университетінде бұл тәрізді күпірлі сөз айтуға бата алмаған болар едіңіз,— деп қалды.

Профессор Колдуэлл иығын қақты.

— Әрбір адал ниетті салық төлеуші азаматтың аздап саясатшыл болуы да лазым. Қаражат беретін Сакраменто (Сакраменто — Калифорния штатының астанасы.) ғой, Сакраментомен санасуға тура келеді. Университет басқарушыларымен де, партия баспасөзімен де, дәлірек айтсақ, екі партияның баспасөзімен де санаспай болмайды.

— Оныңыз рас, бірақ өзіңізге обал емес пе!—деді дауыстап Мартин.— Мөлдір судан жағаның топырағына шығарып тастаған балық сияқты болмайсыз ба!

— Университет бөгетінде маған ұсағандар көп емес. Оқта-текте өзімді құрғаққа шығарып тастаған балық тәрізді көретінім де рас, сол уақта Париж сынды үлкен шаһарда болсам, ондағы жол санаған жазушысымақтардың арасында жүрсем немесе Латин орамы бойындағы тентек қыдырмалардың думанына аралассам жақсы болар ма еді, бәлкім, солардың ортасында өзімді еркін сезер ме едім деп те ойлаймын. Арзан рестораннан ас ішіп, шарап жұтып, күллі әлем құрылысы хақында тым-ақ батыл пікір айтқан болар ма едім деймін. Кей-кейде өзіме-өзім радикал іспетті көрінем. Бірақ амал бар ма, әлі күнге анық білмейтін жайттер баршылық! Күрделі мәселенің, әсіресе өмірдің келелі мәселелерінің шеңберін толық қамтуға адамшылық өрісімнің жетпей қалатынын сезгенде жүрексінемін де.

Мұны естігенде «Пассат жырындағы»

Күндіз-түні бар желкенді

Көтеремін, түремін.

деген жолдар Мартиннің есіне еріксіз түсе кетті.

Бұл сөздер аузынан шығып та кете жаздаған. Профессорды ол солтүстік-шығыстан үзбей үретін салқын, күшті, қарыспа қара желге ұсатты. Бұл да бір тұрақты, айнымайтын адам тәрізді, өзінде кісі сескенгендей сес те бар. Күшін сарқа жұмсамай, екпінін ішіне тарта соғатын, бойындағы қуатын ешуақытта сыртына шығармайтыи пассат секілді бұл да ойындағысын ақтара салмайтын адам болу керек. Мартин бейнелі образ түрінде ойланатын адам. Оның миы есте қалғандары мен ойдан шығарылған көріністердің есігі үнемі ашық тұратын қоймасы сықылды. Нендей оқиғаға душар болмасын, ол қоймасынан соған ұқсас немесе оған қарама-қарсы бір кепті ала салып, қолма-қол айқын образ жасай қояды. Бұл еріксіз, өздігінен болып жататын жағдайлар. Нақты өмір шындығының әрбір оқиғасына осылай оның қиялынан туған сурет ере жүреді. Әне бір күні Руфьтің көзінен жарқ еткен қызғаныш оты айлы түнгі дауылды есіне түсіргені сықылды бүгін де профессор Колдуэлл батып бара жатқан күн шұғыласы түсіп, қызыл күрең тартқан теңізді, оның бетіндегі солтүстік-шығыс пассаты қуалаған бұйра-бұйра толқындарды көз алдына келтірген. Осылайша минут сайын оның көз алдынан алуан түрлі елес өтіп жатады, бірақ ол елестер ой шырқын бұзбайды, қайта ажарландыра түседі. Елестер Мартиннің басынан кешкен оқиғалардың көлеңкесі, көзімен көріп, не кітаптан оқып білген көп дүниенің бейнесі. Сол елестер ояу жүрсе де, ұйықтап жатса да қиялында сыңсып тұрады.

Міне, қазір де ақылды, білімді профессор Колдуэллдің көмейінен қайырған құлаққа жағымды сөздерін тыңдап отырғанда Мартиннің ойына өткен өмірі түсті. Жаңа ғана жігіт бола бастаған өзінің бозбала шағы елестеді. Ол кезде Мартин стетсон қалпағын, қаусырма курткасын киіп алып, қынтиып, ойын-жиыннан қалмайтын, аяғын әдейі алшаң басып, қай жерде полиция тыймайтын сотқарлық, бұзақылық болса соны жағалайтын. Мартин есіне түскен осы оқиғаның ешбір жерін не бүгіп, не ажарлаған жоқ. Иә, өмірінің белгілі кезеңінде кәдімгі ұрыншақ, әулекі тобырдың, шайканың бастығы болғаны рас, полициямен жауласып, жұмысшы орамында тұратын, ешкімге залалы тимеген адал момындарға күн көрсетпеуші еді. Бірақ, бұл күнде ол өмірдегі мұратын өзгерткен. Міне, ол айналасына, әсем киінген сыпайы ер-әйелдерге көз салды, мәдениеттің биязы, жұмсақ лебін сезді, осылай отырған шағында етегі далиған үлкен қалпақ, қаусырма куртка киген бозбала елес берді, ол қонақ үйге төсеген қызылды-жасылды кілем үстінде ырғала басып келе жатқандай көрінді. Е, дәл өзі, бір кездегі көше кезген тентек тобырдың бұзақы басшысымағы, бұл күнде жұмсақ креслода шіреніп отырып институт профессорымен әңгіме шертетін Мартин Иден бола қалыпты.

Асылы, әлі күнге Мартин өмірден орнын тапқан жоқ. Қайда жүрсе де елмен он-оңай үйлесе кететін ол жұртқа жағымды-ақ. Жұмыста да, ойында да ешкімнен олқы түспейді, ешкімнің қорлығына көнбейді, елдің ықыласын өзіне аударып ала қояды. Дегенмен ешуақытта, еш жерде табан тіреп, тамырын жайған емес. Жолдас-жорасы қылығын ұнатқанымен өміріне өзі риза емес. Көңілі үнемі алағызып, алып ұшып, әлдеқайда шақырған, әлденені сағындырған бір үн естіледі де тұрады. Соған елеңдеп, ол дүниені көп аралады, қашан кітапқа, көркем өнерге, ғашығына ұшырасқанша тыным тапқан жоқ. Бүгін ол өз ортасынан үздік шығып, қадірмендер қауымында отыр, қазір ол Морз сықылды кісілердің де төріне шыға алатын болған.

Осы ойлар Мартиннің сөз тыңдауына бөгет болған жоқ, әріптесінің білімі шалқыған кісі екенін де, ал өзінің, Спенсерден алған тағылымына қарамастан, олқы жері барын да байқап отыр. Сол олқысының орнын толтыруға уақыт қана керек сияқты. «Әлі күш сынасармыз!» деп қойды ол ішінен. Әзірше профессордың аузына қарап, айтқанын ықыласпен құптап, алдында отыр. Профессордың әлсіз жағын да абайлай бастағандай, әңгіменің бағыты өзгерген сайын ол айқынырақ сезіле түседі, бірақ олқылығының қай мәселе жөнінде екенін анықтау әлі оңай емес. Ақыры оның осал жерін тапқан кезде барып, профессордың алдында өзін қорашсынғанын қойды.

Руфь қастарына екінші рет жақындағанда, Мартин жаңа ғана сөз бастаған еді.

— Сіздің қатеңізді, яғни пікіріңіздің әлсіз жерін айтайын ба,— деді ол.— Сіз биологияға мән бермейді екенсіз. Ешбір тұжырымыңыздан оны әлі ести алмай отырмын. Яғни бұл арада менің айтайын дегенім — биоорганикалық заттарға лабораторияларда жан бітіру тәжірибесінен бастап, әлеуметтік және эстетикалық жалпы қорытынды жасауға дейінгі нағыз кең шеңберді қамтитын, әмменің арқауы болған шын мәнісіндегі ғылыми биология.

Руфь оның сөзіне таңырқап қалды. Профессор Колдуэллден екі жылдай лекция тыңдаған еді, оны даналықтың тірі көзі деп білетұғын.

— Ләкин, сөзіңізге түсіне алмадым,— деді профессор күмілжіп.

— Түсіндіріп көрейін,— деді Мартин.— Ұмытпасам, Мысыр елінің тарихынан оқыдым ғой деймін, әуелі Мысырдың ерекшелігін мұқият зерттемейінше, өнерін түсіну мүмкін емес, деген сөз бар.

— Әбден дұрыс,— деді профессор.

— Ендеше, менің ойымша, деді Мартин сөзін жалғастырып,— ең алдымен, өмірдің қалай жасалғанын, неден құралғанын білмесек, елдің ерекшелігін де біле алмайсыз. Әуелі ойлап шығарушы адамдарды, сол адамдардың табиғатын білмей тұрып, біз олардың заңдарын, мекемелерін, әдет-ғұрпын, дінін түсіне алмаймыз. Мысыр елінің храмдары мен сымбат өнері сықылды әдебиеті де адамның ақылы мен қолынан туған. Дүниежүзілік эволюция заңына бағынбайтын бүкіл әлемде бірде-бір зат жоқ. Кейбір жеке өнер эволюциясының тарихы зерттелуі рас, бірақ, меніңше, соның өзі түсінбей жазылған. Адам шет қалған. Арфа, скрипка сияқты аспаптар эволюциясы, музыка, би, ән эволюциясы тамаша терең зерттелген. Бiрақ адамның өз эволюциясы туралы, бірінші аспапты жасағанға дейін, бірінші ән салу дәрежесіне жеткенге дейін бірте-бірте дами келген, оның мүшелері туралы біз қазір не айта аламыз? Міне, осы жайларды сіз естен шығарғансыз. Мен мұны биология деп атаймын. Бұл нағыз кең мағынадағы биология. Пікірімді ойланбай, аузыма түскен сөзбен айта салдым, түсіндіре алдым ба, жоқ па — білмеймін. Бұл ой маған сіз сөйлеп отырғанда келген еді, қолма-қол түсінікті етіп жауап қайтару қиын болды. Сіз келелі мәселенің егжей-тегжейін, алуан түрлі факторды түгел қамтуға адамның кейде өресі жетпей қалады дедіңіз. Меніңше, мұның себебі — сіз биологиялық факторды естен шығарғансыз, яғни өнер атаулының негізі болған, тіпті адам баласының барша іс-әрекетінің түп негізі болған осы факторды ұмытқансыз.

Профессор Кодуэллдің Мартинді табан астында сөзден жығып, аузын ашырмай тастау орнына айтқанын елтифатпен тыңдағанына Руфь тағы да таң қалды, тегі, жастығын ескерген болар деп ойлады. Сағатының алтын шынжырымен ойнап, сәл үндемей отырып қалған профессор аздан кейін былай деді:

— Бір кезде бір ұлы адам, Жозеф Леконт деген оқымысты эволюционист осы мәселеге байланысты мені азарлаған. Ол кісі опат болды. Енді менің олқылығымды айтатын адам жоқ қой деп жүруші едім. Олай емес екен, өзіңіз сынды айыптаушыға тағы кезіктім. Бәлки, сіздің маған таққан кінәңізда бір шындық, тіпті, мол шындық барын мойындауыма тура келер. Мен бірыңғай классиктермен шұғылданып, жаратылыс ғылымының дамуына ілесе алмай қалуым мүмкін. Бұл — жігерім мен еждаһатымның жетіспеуінен болар. Менің күні бүгінге дейін ешбір физикалық не химиялық лабораторияда болмағанымды айтсам, бәлкім, таң қаларсыз да. Бірақ бұл ақиқат нәрсе. Сіздің айтқандарыңыз тәрізді, мистер Иден, Леконттың сөздері де орынды еді, ләкин соның қаншалықты рас екенін анық біле алмаймын.

Руфь бұл тұста бір сылтаумен Мартинді оңаша шығарып алып:

— Профессор Колдуэллді әбден өңгеріп алдыңыз ғой. Мүмкін, ол кісімен біреу-міреудің сөйлескісі келіп отырған шығар,— деп сыбыр етті.

— Ғафу етіңіз,— деді ұялып қалған Мартин,— қайта-қайта мен сөз тартып қоймағасын, профессор енді ғана шешіліп сөйлесе бастаған еді. Әңгімесі өте қызықты, соған елігемін деп, өзге жұртты ұмытып кетіппін. Бұған дейін мұнан ақылды, білімді адам көрмегенімнен де болар. Шынымды айтайын ба сізге? Бұрын мен университет бітірген немесе зор дәрежеге қолы жеткен адамның бәрі бірдей осындай ақылды, білімді келетін шығар деп ойлаушы едім...

— Ол ерекше үздік адам ғой,— деді Руфь.

— Болса болар. Тағы кіммен сөйлес дейсіз? Хэпгудке апарыңызшы мені.

Мартин бас бухгалтермен он бес минуттай сөйлесті, бұл жолы Руфь ғашығына қатты разы боп қалды. Өйткені Мартин көзін алартып, қызараңдаған жоқ, өте сабырлы қалып көрсетті. Руфь бұған таңырқады да. Ал Мартиннің алдында банк қызметкерлерінің беделі әбден түсті, ақыр соңында банк қайраткері мен пасық деген ұғымның арасында айырма аз екен ғой деп қалды. Ал әскери офицер ақкөңіл, салмақты, өз тағдырына өзі мәз, дені-қарны таза, тығыршықтай адам екен. Оның да екі жыл университетте оқығанын естіп, Мартин білімнен қалайша құр алақан қалғанын түсіне алмады. Бірақ Чарльз Хэпгудтен гөрі офицер өзіне ұнаңқырады.

— Мен оның пасықтығына кейімеймін,— деді кейін Мартин Руфьке,— жексұрын сөздерін өзінше қамқоршы адамсып, қоқиланып, әлдеқандай болып айтатынына кейимін. Кісіні әуре етіп, қаншама уақытты босқа кетіреді десеңізші. Сол іскерсінген неме маған жұмысшы партиясы мен демократтар партиясы қосылып кетті деген бір ауыз сөзді түсіндіру үшін көп уақытымды алды. Сол уақыттың ішінде мен Реформацияның күллі тарихын баяндап берер едім. Сабаз сөзді қара судай сапырады екен.

— Әттеген-ай, ұнамаған екен ғой сізге,— деді Руфь.— Мистер Бэтлердің жақсы көретін адамы еді. Мистер Бэтлер оны ең адал, сенімді кісі дейді; банк мекемесінің тіреуі боларлық берік шың тәрізді деп мақтайды.

— Рас болар, көп сөйлесіп сынамасам да, солай екеніне күмәнім жоқ. Бірақ бүгіннен бастап, банк атаулыдан көңілім қайтты. Қымбаттым, ойымдағыны тура айтқаныма ренжімейсіз бе?

— Жоқ! Қайта бұл бір қызық жайт екен.

— Иә,— деді Мартин,— мәдениеттен жаңа ғана нәр ала бастаған анайы, надан адаммын ғой мен. Әлбетте, мәдениетті кісіге менің бұл қылығым қызық көрінуі мүмкін.

— Ал менің немере сіңлілерім туралы не айтасыз?—деді Руфь.

— Маған өзге әйелдерден гөрі солар көбірек ұнады. Екеуі де өте көңілді, менмендігі жоқ, мінезі жақсы, жайдары адамдар екен.

— Олай болса, өзге әйелдер де ұнаған екен ғой?

Мартин басын шайқады.

— Әнебір қоғам қайраткері әлеумет мәселелері туралы елден естігенін айтып, тоты құстай сайраған езбе екен. Оллаһи, егер сол кісінің миын ашып қарасақ, ішінен өзіндік ешбір идея таппас едік. Ал суретшіңіз кісіні тез зеріктіретін көңілсіз адам, Хэпгудке таптырмайтын қосақ. Пай-пай, музыкантша-ай! Шапшаңдығы, орындау өнері, қағу мәнері керемет, бірақ соныңыздың музыкадан хабары жоқ.

— Неге, тамаша ойнайды ғой.

— Иә, өте шебер ойнайтын сияқты, бірақ музыканың қасиетін түсінбейді, мұрнына иісі де бармайды. Мен музыканың ішкі мәні туралы не білесіз дегенімде,— бұл мәселеге үнемі үңіле қарайтыным өзіңізге мәлім,— ол маған музыканы жаным сүйеді, музыка — көркем өнердің көкесі, музыканы өзімнің өмірімнен де артық санаймын дегеннен өзге ештеме айта алмады.

— Сіз жұрттың бәрін кәсіби әңгімеге қарай қақпайлай бердіңіз.

— Ол шын. Ойлап қараңызшы, егер әркім өз мамандығы туралы мардымды ештеме айта алмаса, жалпы тақырып жөнінде ол не айтып жарытпақ? Мен бұрын мәдениеттің ен ортасында жүрген мұндағы абзал адамдар...— Осы жерде Мартин басына стетсон қалпағын, үстіне қаусырма курткасын киген әлгі бір жігіт ырғаң-ырғаң басып, бөлмеге кіріп келгенін көріп, сәл кідіріп қалды.— Иә, мен бұрын мұндағыларды ақылы мен білімі шалқыған кісілер ғой деп ойлаушы едім. Бүгін аз ғана араласқаннан кейін көпшілігінің надан екенін, қалғанының тоқсан проценті кісіні безіндіріп жіберетін көңілсіз жандар екенін көрдім. Профессор Колдуэллдің жөні басқа. Ол — адамгершілігі өте мол кісі.

Руфь гүл-гүл жайнады.

— Профессор туралы пікіріңізді толығырақ айтыңызшы маған, – деді Руфь, – жақсы жағын емес, оны өзім де білем, сізге қай жағы ұнамады — соны айтыңызшы.

— Ши шығарып алаламын ба деп қорқамын, әуелі өзіңіз айтыңызшы. Әлде жаманын жасырып, жақсысын асырып кетем бе деп сескенесіз бе?

— Мен ол кісінің екі курс лекциясын тыңдадым, өзін екі жылдан бері білемін, сондықтан әуелі сіздің алған әсеріңізді білгім келіп отыр.

— Әсіресе, кемшілігін айтыңқыраңыз дейсіз ғой? Жарайды, тыңдаңыз олай болса! Меніңше, ол сіздің таңырқауыңызға да, қадір тұтуыңызға да тұрарлық адам. Бұрын-соңды кездестіріп жүрген кісілерімнің ішінде онан ақылды, онан жетік адам көргенім жоқ. Бірақ ожданында бір кәдік бар. О, жаманатқа жори көрмеңіз!—деді Мартин.— Менің айтпағым: бір кезде ол кісі дүние ғаламатының терең сырын көзі шалып қалып, шошып кеткенге ұсайды. Енді түк көргенім жоқ деп өзін-өзі сендірмек. Ойымдағы пікірімді сізге түсіндіре алмадым-ау деймін. Басқаша баяндап көрейін. Бір адам сыңсыған орман ішіндегі храмға апаратын жалғыз аяқ жолға тап болған екен, бірақ сол жолға түспеген екен делік. Мүмкін храмның өзін де көріп қалған болар. Ол көргенін елеске жорыды да өзін-өзі алдап кете барды. Немесе. Бір адамның айтарлықтай ерлік іс жасауға мүмкіншілігі бар еді, кезінде сол ерлік іс жасаудан бой тартты, қажет деп таппады. Артынан қатты өкінді. Егер ерлік істі жасай қалса, құрмет-қошеметке жететінін білді. Ал соның өзін іштей әлденеге құбыжық көрді. Бірақ жүрегінің терең түкпірінде: әттеген-ай, сонан неге қаштым, адамдық қарызымды неге өтемедім деген өкініш кетті.

— Мен ол кісіні ондай адам деп ойламаймын,— деді Руфь. – шынымды айтсам, не айтқыңыз келіп отырғанын жете түсінгенім жоқ.

— Өзім де әлі ұғынып болғаным жоқ,— деді Мартин кінәсін мойындаған адамша,— ешбір логикаға сыйдыра алмай отырмын. Бұл ой емес, сезім ғой деймін. Сезім деген алдамшы келеді. Бәлки, сіз профессор Колдуэллді менен артық білетін шығарсыз, тегі, сіздікі жөн болар.

Морздардың үйінде өткізген осы кештен кейін Мартинге бір-біріне қайшы, ғажап ойлар келді, әлденеден көңілі қайтып, үміті ақталмаған адамдайын ол дәрежесіне жетсем бе дейтін кісілерден түңіле бастағандай еді. Әрі өзіне-өзі риза. Өйткені, бұрын жүрексіне беретін биікке көтерілу енді қиын емес сияқты көрінді оған. Мартин қиын да болса биікке көтеріле алыпты (мұны ынжық, жасық, кішіпейілдікке бағып, өзінен жасырған жоқ). Әлбетте, профессор Колдуэллді қоспағанда, осының дәрежесіне жетсем-ау дейтін өзге кісілерден өзі жоғары тұрған сияқты. Өмірді де, кітапты да солардың бәрінен жақсы білетін болып шықты. Япыр-ау осылардың университеттен алған білімі қайда кеткен деп таң қалды. Ол өзінің ерекше ақылды адам екенін және нағыз терең ойлы данышпандарды Морздардың қонақ үйінен іздемеуі керек екенін әлі ұқпай жүр. Нағыз дана ойшылдар күнделікті күйкі тұрмыстың әбігерінен аулақ, сонау көгілдір аспанның күмбезінде қырандай қалықтап жүретінін қайдан білсін.

Жиырма сегізінші тарау

Бақыт құсы Мартин Иденнен тағы көз жазып қалғанға ұсайды. Соңғы кездері есігін ешкім қаққан жоқ. Жиырма бес күн ұдайымен, жексенбі, мейрам күндері де, табан аудармай ол «Күн масқара болды» атты отыз мың шамалас сөзден тұратын үлкен мақала жазған. Бұл Метерлинк мектебінің мистицизміне қарсы көп ойланып барып жазған дүниесі. Ол әлдебір кереметтің күшімен игілік орнағай деп іштен тынып жүрген құрғақ қиялшылдарға қарсы бағытталған, позитивті білімінің бекінісінен атылған оқ-тын. Мақаланың өз рухы да кереметтен құр емес, фактыға қайшы жері жоқ. Осы үлкен мақаласына Мартин көп ұзамай «Керемет абыздары» және «Меніміздің өлшемі» деген кішігірім екі мақаласын қосты. Сонымен үш мақала да Мартиннің ақшасына редакцияларды аралап, сапар шегуге кеткен.

«Күн масқара болдыға» сарып қылған жиырма бес күн ішінде Мартин «табыс үшін» жазған шығармаларын алты жарым долларға сатқан еді. Біреуіне елу цент, күлдіргі-сықақ апталығына жіберген тағы біреуіне бүтіндей бір доллар алған. Оның үстіне тағы екі сықақ өлеңін сатты, біреуін екі долларға, екіншісін үш долларға. Құтаймаған дүние көпке барсын ба,— ақыры бір күні тағы да несиеге азық ала алмай қалған Мартин (бақалшы бес долларға дейін шыдаған) велосипеді мен костюмін зақылетке берді. Бір жағынан жазу машинасының иесі де: келісім бойынша машинкамды жалдағаныңыз үшін ақысын бір ай бұрын төлеп тұруға тиіс едіңіз, уақыт өтіп барады деп, мазасын ала бастаған.

Ұсақ-түйегін өткізіп дәніккен Мартин тағы да «қара кәсіппен» айналыспақ болды. Мүмкін осымен де күнелтуге болатын шығар деп ойлады. Стол астында әдеби агенттіктер алмай қойған жиырма шақты шағын әңгімесі жататын. Газет әңгімелерін қалай жазу керек екенін анықтау үшін және өзіне белгілі бір үлгі жасап алу ниетімен Мартин сол әңгімелерін қайтадан мұқият қарап шықты. Байқаса, газет әңгімесіне қайғылы хал болмасқа керек екен, ақыры жақсы болғаны жөн екен және сұлу сөз, соны пікір, нәзік сезім дегендердің қажеті жоқ екен. Бірақ сезім жалпы сөзсіз болуы шарт секілді және неғұрлым молырақ болса, солғұрлым тәуір көрінеді. Қандай сезім? Бір кезде өзі галеркада отырып, қол шапалақтайтын, «кедей болсақ та, адалмыз» деген тақырыпқа жазылған әсіре отаншыл мелодрамалар мен пьесаларда кездесе беретін ізгі сезім ғана күшті болуы керек екен.

Осы бір жағдайды анықтап алғаннан кейін Мартин өзі пішкен үлгі бойынша әңгіме жазуға кірісті. Үлгі үш мүшеден тұрады: 1) екі ғашық ажырасып кетеді; 2) белгілі бір себеппен екеуі қайта қосылады; 3) ойын-думан, той-томалақ. Үшіншісі тұрақты мүше, ал бірінші, екінші мүшелерінің өзгеріп тұруы мүмкін. Мысалы, екі ғашықтың арасы бұзылуына ойда-жоқта киліге кеткен қырсықтың, алуан қилы оқиғаның, қызғаншақ көре алмаушының, қатыгез ата-ананың, зымиян қамқоршы — опекуннің, тағысын-тағы, тағы сондайлардың себепкер болуы ықтимал; ал қосылуына ғашық болған жігіттің не қыздың тамаша ерлік ісі, жаңағы қамқоршының, ата-анасың немесе көре алмаушының амалсыз немесе өз ықтиярымен көнуі, ойламаған жерде бір жасырын сұмдықтың әшкереленіп қалуы, ғашықтың құрбандыққа баруы сияқты шексіз көп жайлардың себеп болуы мүмкін. Міне, осы тақырыпты ойластырғанда Мартин, әсіресе, ибалы қызға бірінші қадам жасатуды өте-мөте әсірелеген, мұнан өзге де толып жатқан қызық оқиғалар мен трюктерді ойлап тапқан. Тек бір жағдайға құзыры жүрмейді. Әрбір әңгіме, аспан айналып жерге түссе де, сауық-сайранмен аяқталуы шарт. Мөлшері де мәлім: көп болса мың жарым, аз дегенде — мың екі жүз сөз.

Бұл тәрізді әңгіме жазу өнеріне жетілу үшін Мартин әуелі бес-алты үлгі пішіп алып, жазуын сол үлгісіне салыстырды. Мұнысы математиканың кестесі сықылды, оны жоғарыдан төмен, төменнен жоғары, оңнан солға, солдан оңға қарай оқи беруге болады және қалай оқысаң да, қай мезгілде болса да үнемі дұрыс жауабы табыла кетеді. Осындай тамаша үлгі бойынша Мартин жарты сағат ішінде он шақты сюжет құрып тастайды да қолы босағанда оны өңдей қояды. Бұл кәсіппен әдетте күндізгі ауыр жұмыстан кейін ұйықтар алдында айналысады. Кейін Руфьке ол мұндай әңгімені ұйықтап жатып та жаза алар едім, ең әуелі үлгісін жасап алуым керек, сонан кейінгінің бәрі ойланбайтын оңай дүние деген.

Мартин бұл формуласының өтімді екенін жақсы түсініп, алғашқы екі әңгімесінен ақша күтті. Шынында да, он шақты күннен кейін әрқайсысы төрт долларлық екі чек келді.

Осы тұста журналдардың да мысы шыға бастаған. «Трансконтиненталь айлығы» «Қоңырау күмбірін» басқан екен, бірақ чек жібермей қойды. Ақшаға өте зәру болып отырған Мартин редакцияға хат та жазды. Олардан чек орнына сырғақсыған салқын жауап келді. Ол ол ма, ол-пұлыңызды бізге жібере беріңіз деп жылмаңдапты. Екі күндей дым сызбаған Мартин велосипедін зақылетке тағы берді. Жетісіне екі рет «Айлыққа» хат жазып, алашақ бес долларын есіне сала берген еді, жауап келмеді. Тегі, алғашқы алған жауабы қаңғалақтап әлдеқалай келіп қалған қағаз болу керек. Ал «Айлықтың» өзі соңғы жылдары қалт-құлт етіп қана күн көріп жүргенін, оны жаздырып алушы да, сатып алушы да жоқ екенін, тек жұрттың жәрдем болсын деп аяп берген құлақтандыруын басып, соның ақшасына жан сақтап жүргенін Мартин қайдан білсін. Баспашы мен редактордың бір ғана табысы осы «Айлық», табыс дегенде де оның өзі авторлардың қалам ақысын амалдап жырып қалу еді. Оны Мартин білген жоқ. Мартиннің бес долларына баспашы Аламедедегі үйін қайта сырлатып алған. Кісі жалдауға ақшасы жетпей өзі сырлаған, ал алғашқы жалдаған штрейкбрехері әлдебіреу әдейі қағып кетіп, баспалдақтан құлап, аяғы сынып, ауруханаға түскен — осының бәрін ол қайдан білсін?

Мартин Чикаго газетінен «Қазына іздеушілер» очеркіне тиесілі он долларын да ала алған жоқ. Басылып шығуы анық еді, қалалық оқу үйіндегі тігулі тұрған газеттен барып көрген. Бірақ өзіне жауап келмеді, жазған хаттарына ешкім үн қатпады. Хатының баспашы қолына тиген-тимегенін анықтау үшін заказной қылып та жазған. Ақыры бұл талан-тараж, тал түсте кісі тонаушылық деп түйді ол, өзімнің арып-ашып жүргенім мынау, бір үзім нан бола ма деген қолымдағы бар пұлымды жұрттың тонап жатқаны анау.

«Жастық һәм балиғат» атты апталық жиырма бір мың сөздік повесінің үштен екісін басып, қалғанын жарияламай қойды. Сонымен, он алты доллар алам деген үміті тағы зая кетті.

Бұл аздай өзінің жақсы деп жүрген әңгімесі «Құмыра» да қайырсыз дүние болған. Көп журналды қолай көрмей, оны Сан-Францискоға, «Толқын» журналына жіберген еді. Ондағысы, бұл редакция қол созым жерде, шығанақтың арғы бетінде ғана деген ой болатын. Екі аптадан кейін әңгімесі журналдың көрнекті жеріне басылғанын көріп қуанды, тіпті, әшекейлеп, әр жеріне сурет беріпті. Жүрегі алып-ұшып, үйіне келе сала: енді ең жақсы әңгімеме қанша төлер екен, деп өзінше түрлі саққа жүгіртіп, болжал жасады. Әңгімені, әсіресе, тез қабылдап, қапыл жариялағанына қуанды. Қолжазбаның қабылданғанын баспашының күні бұрын айтпағаны рас. Оқасы жоқ. Ойда-жоқта осылай бір қуанған қандай жақсы! Бір жеті, екі жеті, тағы бірнеше күн күткеннен кейін Мартин редакторға ұяла-ұяла тағы бір хат жолдады, өзінің мардымсыз счеты, әлбетте, іс басқарушының ұқыпсыздығынан бір жерде ұмыт қалды-ау деген күдігін сездірді.

Тым құрса бес доллар төлесе еді, сол ақшаға бұршақ-мұршақ сатып алып, тағы осындай он шақты әңгіме жазып тастар едім, деп ойлады Мартин.

Бір күні жауап келді, оның әдемі жазылған арсыз сөзіне Мартин тіпті түшіркеніп қалды.

«Көркем әңгімеңізге көп рахмет,— депті олар.— Редакциядағы мына біздер оны түгелімізбен қатты сүйсініп оқып шығып, мінеки, көріп отырсыз, құрметті жерімізге басып шығардық. Біз берген суреттер сізге де ұнаған шығар.

Хатыңызға қарағанда қаламақы дәмететін көрінесіз, ниетіңіз дұрыс-ақ, бірақ сол қалай болар екен, біз әдейі заказ бермеген шығармаға қаламақы төлемеуші едік, ал сіздің бұл әңгімеңізге заказ бергеніміз жоқ еді ғой. Оны баспаға қабылдағанда бұл шарт өзіңізге мағлұм болар деп ойлап қалыппыз. Ал енді осындай қолайсыз жағдай туғанына қатты қынжыламыз. Тағы да бек көп рахмет сізге, ол-пұлыңызды ұмытпай жіберіп тұрғайсыз. Үшпу хат жазушы»... т. т.

Хат соңында: «дағдыда «Толқынды» ешкімге тегін бермеуші едік, ләкин редакция журналымыздың алдағы жылғы сандарына Мартин Иденді алдырушы ретінде атап отыр. Ал біз үшін есіміңіз үлкен дәреже ғой»,— депті.

Осынау ренішті оқиғадан кейін Мартин әрбір қолжазбаның бірінші бетіне: «Өзіңіз тағайындаған дағдылы мөлшерге сай қаламақы төлеңіз» деп жазып жіберетін болды.

«Күндердің күнінде олар менің өзім тағайындаған дағдылы мөлшерім бойынша төлейді!»—деп көңілін жұбатқан болды.

Бұл кезде Мартин бұрын жазған шығармаларын түзеуге мықтап кіріскен. Ол «Көңілді көше», «Өмір шарабы», «Қуаныш», «Теңіз толғаулары» сияқты ертеректе пайда болған туындыларын үсті-үстіне түзеп, тіпті, қайта жазумен болды. Күніне бұрынғыша он тоғыз сағат жұмыс істесе де уақыт жетпейді. Әрі көп жылдан бері қанына сіңген темекінің құмарын басу үшін де шылым шегу орнына тынымсыз жазумен, оқумен шұғылданбақ керек. Руфь жіберген дәріні столының бір түпкіріне тыға салған. Әсіресе, аш уақытында темекінің азабы қатты қинайды екен; қаншама тырысқанымен бәлекеттің құмары тартпай тарқамайды екен. Бұл шыдамдылығын өзі асқан ерлігім деп санаса, Руфь дұрыс жасап жүр деп қана бағалады. Дәріні қыз түйреуішке деген ақшасына ала салған еді, көп ұзамай оны ұмытып та кетті.

Мартин жобамен жазған әңгімелерін өзі жек көретін, күлетін-ді. Бірақ бір ғажабы осылар өтімді болып шықты. Соның арқасында ғана борышының бәрінен құтылып, тіпті, велосипедіне жаңа шин сатып алды. Ішіп-жемін ақтап, байсалды жұмыспен айналысуына жағдай туғызып отырған да осы әңгімелері. Бір жағынан, «Ақ тышқаннан» алған қырық доллары көңіліне зор демеу. Кім білген, өзге үлкен журналдар да өзі секілді белгісіз авторға осыншалық, тіпті, онан да көп қаламақы төлейтін шығар деп үміттенеді. Әттең, сол үлкен журналдардың назары өзіне бір түспей-ақ келеді. Әлі күнге ең тәуір деген әңгімесі мен өлеңінің бірде-бірін құптап көрген емес, сөйте тұра номер сайын қайдағы бір дәмсіз, сүреңсіз нәрселерді тоғытып баса беретінін қайтерсіз.

«Осынау мәртебелі баспашылардың біреуі,— деп ойлайды кейде Мартин,— талабың жақсы екен деген бір ауыз сөз жазбайды екен! Әлде менің жазғандарым елден ерек пе, болмаса түрлі себеппен оларға ұнамай жүр ме. Япырау, соның ішінде ең болмаса жауап қайтаруға татитын ештеменің болмағаны ма!»

Олай толғанып, бұлай толғанып, ақыры Мартин: осы баспашылардың тіл қатпау себебін білейінші деп «Оқиғаны» немесе сол сияқты басқа әңгімені алып, қайта-қайта үңіліп оқиды.

Калифорнияның жадыраған жылы көктемі келісімен Мартиннің рахат күндері де өте бастағандай. Әлденеше апта бойы әдебиет агенттігінің үн қатпауы тыншуын алып жүргенде, бір күні үлгі бойынша жазған он әңгімесі қайтып келді. Агенттік жолдама хатында материалға шаш-етегімізден батып отырмыз, бірнеше ай бойы ешбір қолжазба қабылдай алмаймыз депті. Ал осы он әңгімесіне үміт артқан Мартин соңғы кездері ақшасын тіпті ысырап жұмсаған еді. Агенттік бұрын әрбір әңгімесіне бес доллардан төлеп келген ғой және бірде-бірін өзіне қайтарып көрмеген еді; сондықтан ол елу доллары өзінің шотында жатқандай көретін. Сонымен, ауыртпалық басына бір күнде орнады да қалды. Ол тағы да ескі әңгімелерін басуын басса да, ақша төлемейтін ұсақ баспаларға, жаңаларын әрі баспайтын, әрі ақша төлемейтін үлкен журналдарға жанталасып жіберіп жатты. Зақылет дүкеніне баруын тағы жиілете бастады. Нью-Йорктің апталықтары қабылдаған бірнеше әзіл-өлеңін біраз күн талшық етті. Осы тұста ол тәуекелге бел байлап, ірі-ірі деген журналдарға шығармаларымды неге баспайсыздар деп хат жазған. Олар жауабында: өз бетімен келіп түскен қолжазбаны қарамаймыз да, ал жарияланып жүрген материалдың көпшілігін атағы мен тәжірибесі бар авторлар журналдың заказы бойынша ғана жазады депті.

Жиырма тоғызыншы тарау

Биылғы жаз Мартин Иденге ауыр тиді. Редакторлар мен рецензенттер демалысқа тарап кеткендіктен әдетте екі-үш аптада қайтып оралатын қолжазбалары енді редакцияларда үш айлап жатады. Бір тәуірі марка шығыны азайды. Ал қызу жұмыс істеп жатқан қарақшы журналдар ғана. Мартин «Інжу іздеушілерін», «Теңізші кәсібін», «Тасбақа аулаушыларды», «Солтүстік-шығыс пассатын» осы журналдарға жіберген. Бiрақ ешқайсысынан қолжазбасына қаламақы түскен жоқ. Алты ай хат жазысып жүріп «Тасбақа аулаушылары» үшін ұстара алғаны рас, ал «Солтүстік-шығыс пассаты» мен «Акропольға» олар бес доллар және бес жылға журналға жазуға уәде еткен еді, соның соңғысын ғана орындады.

Стивенсон туралы сонеті үшін Мартин Бостонның бір талғамы нәзік, қолы қысқа баспашысынан әрең дегенде екі доллар жырған. Жуырда бітірген екі жүз жолды «Пері және меруерт» есімді күлдіргі-сықақ поэмасы темір жол компаниесінің қаражатына Сан-Францискода шығып тұрған бір журналдың редакторына өте ұнаған екен. Ол поэманың қаламақысы үшін темір жолдан тегін билет әперейін депті. Мартин оны бөтен кісіге сатуға бола ма деп сұраған еді, болмайды екен. Демек, мұнан ақша өнбейтін болған соң, қолжазбасын қайтаруын өтінді. Көп ұзамай алды да. Редактор жауап хатында поэманы баса алмағанына өкініш білдіріпті. Мартин оны тағы да Сан-Францискоға, бұл жолы «Көбелек» журналына жіберді. Журналды әуел баста ұйымдастырған тамаша журналист кезінде оның беделін бір көтеріп тастаған екен. Бірақ Мартин тумай тұрған сонау бір шақта «Көбелектің» күйі кете бастапты. Сол «Көбелектің» редакторы Мартинге поэмасы үшін он бес доллар төлемек болған. Поэма басылып шыққаннан кейін, ол да уәдесін ұмытты. Талай жазған хатына еш жауабын ала алмай, Мартин қаттырақ айтып тағы бір хат жазған. Жуырда келген бөтен бір редактордан: мен өзімнен бұрын болған біреу үшін жауап бере алмаймын, ал «Пері және меруерт» өзіме ұнаған жоқ деген салқын жауап келді.

Бәрінен озған Чикагоның «Глобус» журналы. Мартин көп толғанып, ақыры аштан өлер болғасын, «Теңіз толғауларын» осында бастыруға ұйғарған. Ондаған журнал қабылдамай жүрген бұл өлеңі «Глобусқа» барып әрең аялдаған еді. Цикл отыз өлеңнен тұратын. Әрқайсысына Мартин бір доллардан қаламақы алатын болды. Алғашқы айда-ақ төрт өлеңі басылып, Мартин іле-шала төрт доллардың шегін алды, бірақ журналдан өлеңін көргенде жүрегі тас төбесінен шықты. Ең алдымен олар өлеңнің аттарын өзгертіп жіберіпті: «Finis» дегенді «Финиш» депті, (Finis (лат)— ақыры; финиш (ағылш.)— спорт бәйгесінің қарақшысы (соңғы пункті)). «Жалғыз жартас жырын»— «Маржан жартастың жыры» деген. Ал кейбір өлеңнің, мүлде үйлеспесе де, атын өзгертіп жіберген. «Медуза жарығын» редактор «Кepi сапар» деп түзетіпті. Өлеңнің өзін де өңдеймін деп әбден бүлдірген. Мартин тісін қайрады, шашын жұлды. Кейбір сөздері, жолдары, шумағы түгелімен түсіп қалған, бытысқан, орны ауысқан, кейбірі тіпті түсініп боларлық емес. Кей жолдары өзгеріп кеткен. Есі дұрыс редактор мұндай жауыздыққа бара қоймас деп, Мартин осының бәрін баспахананың хат тасушысынан немесе хат көшірушіден көрді де, енді мұнан әрі жариялауды тоқтатып, қолжазбаны өзіме қайтарыңыз деп бірнеше хат жазды, өтініш айтты, талап етті, тіпті, қорқытып та қарады. Бірақ жауап келмеді. Ай сайын осылай бүлдірген өлеңдері басылып жатты да, ай сайын чек келіп жатты.

Тұрмысы өте нашарлап, қара костюмін тағы да зақылетке берген шақта таланына қарай аяқ астынан республикалық партияның округтік комитеті жарыс жарияламасын ба, тіпті, бір емес, үш бәйге тігіпті. Мартин соның үшеуінен де жүлде алды. Күн көріс салдарынан осындай күйге жеткеніне қорланды ол. Бәйгеге арнап жазған поэмасына бірінші сыйлық — он доллар, үгіт өлеңіне екінші сыйлық — бес доллар, республикалық партияның міндеті туралы жазған мақаласына тағы да бірінші сыйлық — небары жиырма бес доллар алатын болды. Ақша беретін күн жеткенше, қуанышы қойнына сыймай жүрді. Бірақ комитет тегі сәтсіздікке ұшыраған болу керек — құрамында бір банкир, бір сенатор болуына қарамастан, олардың ақшалары жоқ болып шықты. Осылай әрі-сәрімен жүргенде, Мартин демократиялық партияның міндеттерінен де мейлінше хабардар екенін көрсетіп, бұл партия жариялаған жарыста да мақаласы бірінші бәйге алды. Тіпті, жиырма бес доллар ақшасын да алып алды. Республикалық партиядан тиесілі қырық доллары сол бойы кетіп отырды.

Руфьпен көрісу үшін Мартин шамалы қулық жасады. Солтүстік Оклендтен Морздардың үйіне барып қайту көп уақыт алатын болғандықтан, Мартин қара костюмін зақылетке қалдырып, велосипедін алды. Велосипедпен жүрсе, әрі уақыт үнемдейді, әрі дене шынықтырады. Оның үстіне шолақ кенеп шалбары мен ескі күртесі велосипед костюмі орнына жарап кетешек. Сонымен, Мартин Руфьпен бірге түскіліктен кейін серуенге шығатын болды. Руфьтің үйінде тіл қатысу бұл тұста қиынға айналған, өйткені миссис Морз әлі күнге бірөңкей ығай мен сығайды жинап алып, үнемі солармен көңіл көтеру жабдығында-ды. Ал Мартин Морздардың қонақ үйінде кездестіре жүрген, өзі жуырда ғана құрмет тұтқан қалаулыларды көрсе, енді танабы тарыла бастайтын да. Олар соншама ардақты адам сияқты көрінбейтін. Ауыр тұрмыс, үнемі сарылтумен күшіне тиген ауыр жұмыс, талабының сәтсіздікке ұшырай беруі Мартинді күйгелек, ашуланшақ адам етіп жіберген еді де, сол ардақтылардың сөзін естісе де зығыры қайнап кететұғын. Жоқ, бұл менменсу емес. Біреу туралы белгілі пікір қорыту үшін ең алдымен оны өзі кітабын оқыған ұлы ойшылдармен салыстырады. Әлі күнге Руфьтің үйінен ол профессор Колдуэллден өзге бірде бір ақылды кісі кездестіре алған жоқ. Ал профессордың өзі соңғы күндері бұл үйге келмейтін болыпты. Қалғандарының бәрі есек миын жеген өңшең бишаралар. Олардың надандығына Мартин таң қалады. Япыр-ау, бұлардың бәрі бірдей неге білімсіз? Алған білімі қайда кеткен? Өзі оқыған кітапты бұлар да оқыды ғой. Соншама кітаптап ешбір тағылым-тәрбие алмағандары ма деп қайран болады.

Мартин ақыл иесі, терең ойлы нағыз ұлы адамдар дүниеде бар екенін біледі. Олардың барлығына дәлел Морздардың ортасынан өзін бір биікке көтерген кітаптар. Қатте «қауым» деп аталмыш халықтың арасында да Морздардың қонағынан анағұрлым ақылды да қызық адамдар кездесе береді. Мартин ағылшын романдарын оқыған. Сондағы кейіпкер бекзадалар бас қосып отырғанда саяси-философия тақырыбын тамаша сөз етеді. Англияның ғана емес, тіпті, Американың үлкен қалаларында өнер мен ғылым өкілдері осындай мәжіліс құратын салондар болады екен. Бұрын ол жұмысшы қатарына қосылмайтын, бірақ әдемі киінген адамның бәрі зиялы, сезімді деп қателесіп жүріпті. Ол қатырғы ақ жаға мәдениеттіліктің белгісі деп түсінген, университет дипломы мен білімді болу дегендердің парқы бір емес екенін білмеген.

Жарайды, мейлі! Енді ол өрге өзі жол салады. Руфьті соңына ертеді. Мартиннің ол шын ғашығы, қайда салса да жанып түседі. Өзі шыққан ортасы бір кезде өсуіне қаншама бөгет жасаса, Руфьтің де бүгінгі ортасы аяғына оралғы екенін енді түсініп жүр. Бұған шекте қыздың зейіні артуына шын жағдай болмаған. Әкесінің кабинетіндегі кітаптар, қабырғадағы суреттер, рояльда жататын ноталар көз алдау үшін әншейін көруге қойған зат қана. Нағыз әдебиетке, нағыз суретке, нағыз музыкаға келгенде Морздардың да, олардың барша таныстарының да көзі соқыр, құлағы керең. Ал өмірден олар мүлде хабарсыз. Өздерін сондай-ақ білімпаз тұтып, еркін ойлай алатын, ой азаттығына қолымыз жеткен адамдармыз дей тұра, позитивті ғылымнан олар екі ғасыр кенже қалған, ақыл-ойы орта ғасыр шеңберінен әлі озбаған, әлем қалай құрылған, дүниеге тіршілік қалай тараған — бұл жайлы олардың көзқарасы адам баласы үңгір мекендеген сонау көне замандағы, тіпті, онан да арғы тағы замандағы нағыз метафизикалық көзқарас дәрежесінде. Ойында түк жоқ, қаннен-қаперсіз жүрген маймыл ұсқынды алғашқы анайы адамды әлдене деп зәресін алып, үріккен ешкідей үрейлендірген, тұңғыш жүһіттерге Хауана Адаматаның қабырғасынан жаралыпты-мыс дегізген, Декартты күллі әлем «менің» сәулем дейтін идеалистік пікірге келтірген, ал ағылшынның атышулы бір сопысына эволюцияны мазақ еткізіп, масайратып, ақыры есімін тарих бетіне қара әріппен былшитып жазғызып кеткен де осы метафизика болатын.

Әрі ойлап, бері ойлап Мартин мына бір пікірге бекінгендей болды: бір жағынан, адвокат, офицер, іскер, банкир дегендер мен, екінші жағынан, жұмысшы адамдардың арасындағы айырмашылық ішіп-жемінде, киімінде ғана. Бұлардың екі жағына да жетіспей жүрген негізгі бір нәрсе бар, ол қасиет кітаптан ғана табылашақ және соның өз көкірегінде барын Мартин жақсы сезеді. Морздар ығайы мен сығайын үйіне шақырып көрсетті ғой, солардың ешқайсысы таң қалдыра алған жоқ. Өсімқор жалмауыздардың қайыр тілеген құлы болып жүрсе де, Морздардың қонақ үйінде ұшырасқан кісілерден өзі анағұрлым жоғары тәрізді. Ал зақылетке берген жалғыз костюмін аз күнге кері алып, сол қауымда отырған шақта ол өзін малшы-малайлар арасында отырған ханзададай көріп, тіпті, намыстанады да.

— Социалистерді сіз жек көресіз, қорқасыз,— деді ол бір күні түскі ас үстінде мистер Морзға.— Неге олай? Олардың не өзін, не пікірін білмейсіз ғой.

Социализм туралы сөз бастауына себеп болған миссис Морз еді. Ол кісі мистер Хэпгудті жер-көкке сыйғызбай біраз мақтаған. Мартин көкірегіне нан піскен осы бір пасық немені жақтырмаушы еді де, біреу есімін атаса, тыжырынып қалушы еді.

— Иә,— деді Мартин,— Чарли Хэпгуд болашағы зор азамат, жұрттың бәрі солай дейді. һәм бұл рас та болар. Менің ойымша, өлерінен көп бұрын ол губернатордың креслосына сөзсіз отырашақ немесе көрерсіз, Құрама Штаттардың сенаторы болып алады.

— Неге олай жорыдыңыз?—деді миссис Морз.

— Сайлау алды науқанда сөйлеген сөзін тыңдаған едім. Онысы қадірі кеткен кәдімгі, ақылды-ақылсыз сөз болып шықты, тегі, көсемдері мистер Хэпгудті мейлінше сенімді, залалсыз адам деп санайтын болу керек. Ал оның сөздеріне келсек, ол қатардағы пасық сайлаушының пиғылына қайшы емес. Өзінің ойындағысын біреу мінбеден әдемілеп, мәнерлеп айтып берсе, әркім-ақ әлдеқандай болмай ма?

— Меніңше, сіз мистер Хэпгудті көре алмайсыз,— деді Руфь.

— Құдай сақтасын!

Мартиннің соншалық шошып кетуінен миссис Морз тіксініп қалды.

— Әлде мистер Хэпгудті ақымақ адам дегіңіз келе ме? — деді ол ызғарлы үнмен.

— Қатардағы республикашылдан немесе қатардағы демократтан ақылсыз емес,— деді Мартин.— Олардың бәрі не қу, не ақымақ келеді, бірақ қулары азшылық. Ал республикашылдардың ішіндегі ең ақылдысы миллионерлер мен солардың сапалы жандайшап қызметшілері. Олар өз есебін жақсы біледі.

— Мен, міне, республикашылмын,— деді жымиып мистер Морз,— мен туралы пікіріңіз қалай, мені қайсыларының қатарына қосасыз?

— Сіз санасыз қызметші боларсыз?

— Қызметші дейсіз бе?

— Иә, әлбетте. Сіз корпорацияға жұмыс жасайсыз. Жұмысшылар арасында клиентіңіз жоқ, қылмысты іс болса да қарамайсыз. Әйелін сабайтын сабаздардан немесе қалтаға түсетін ұрылардан табыс кірмейді сізге. Сіз шонжарларға қол артып, күн көріп отырған адамсыз; әркім-ақ кім асыраса — соның құлы, соған қызмет етеді. Әрине, сіз де сондай қызметшісіз. Өзіңіз қызмет етіп жүрген капиталистік ұйымдардың ғана мүддесін қорғайсыз, солай емес пе?

Мистер Морз сәл қызарайын деді.

— Апырай, сэр,— деді ол,— сіз барып тұрған социалисше сөйлеп кеттіңіз ғой.

Міне, осы сөзден кейін барып Мартин социализм туралы пікірін айтқан.

— Социалистерді сіз жек көресіз, қорқасыз. Неге олай? Олардың не өзін, не пікірін білмейсіз ғой,— деген.

— Әйтеуір, сіздің пікіріңіз солардың пікіріне ұсайды,— деді мистер Морз.

Руфь жалтақтап, сасып қалды, миссис Морз болса Мартин үй иесінің шамына тиді деп қуанды.

— Егер мен республикашылдар ақылсыз десем, бостандық, теңдік, туысқандық деген ұрандар бос сөз десем,— мені социалист деуге болмайды,— деді Мартин күліп.— Егер мен Джефферсонның көзқарасын қолдамасам және оған ықпал жасаған, бірақ ғылымнан түйірі жоқ әлгі бір француздың, пікіріне қосылмасам — бұл үшін де маған социалиссің деп айдар тағуға болмайды. Мистер Морз, нансаңыз социализмге қайта менен гөрі сіз бір табан жақынсыз; ал мен оның қас жауымын.

— Мұныңыз, әлбетте, әзіл ғой?—деді мистер Морз салқын кескінмен.

— Жоқ. Шыным осы. Сіз теңдік орнайды дегенге сенесіз екен, сөйте тұра теңдіктің көрін қазып жүрген капиталистік корпорацияларға қызмет етесіз. Ал теңдікті мансұқ етіп, өзіңіз күллі іс-әрекетіңізбен растап келген принципті қолдағаным үшін мені социалиссіз дейсіз. Біле білсеңіз, теңдік деген сөзді аузынан тастамайтын республикашылдар іс жүзінде оның ең қас дұшпаны. Теңдіктің есімімен теңдіктің өзін жойып жүрген солар. Республикашылдарды ақымақ дейтін себебім де сонан. Мен дарашыл индивидуалиспін. Жарыста жүйpiк озады, күресте күшті жығады — мен соны жақсы білемін. Бұл шындықты биологиядан таптым. Тағы айтайын, мен дарашылмын, дарашылдар социалистердің ата жауы.

— Алайда, социалистердің митингісіне барғыштап жүретін боларсыз,— деді кейісті кескінмен мистер Морз.

— Әрине, жау ішіне жансыз адам баратыны сияқты мен де барып жүрем. Өйтпесе, жаудың сырын білуге бола ма? Оның үстіне митингілер өте көңілді өтеді. Социалистер аз болсын, көп болсын, оқыған адамдар ғой, сөз таластыруға шетінен шебер, даукес. Олардың қай-қайсысы болса да социологияны, тіпті, «логия» атаулының бәрін қатардағы капиталистерден артық біледі. Иә, социалистердің митингісінде он шақты рет болғаным рас, бірақ Чарли Хэпгудтің сөзіне еріп, республикашыл болып кетпегенім сияқты мен социалистерге де ермедім.

— Қайдан білейін, қайдан білейін,— деді күмілжіп мистер Mopз. – Маған әйтеуір социалистер жағында сияқты көрінесіз де тұрасыз.

«Қара бассын,— деді ішінен Мартин,— түк түсінбепті! Меңіреумен тілдескен адамдай болдым-ау! Білімі қайда кеткен мұның?»

Сонымен Мартин өзінің өмір сапарында экономикаға негізделген моральмен — тап моралімен осылай бетпе-бет ұшырасқан. Көп ұзамай бұл мораль, мұндай пиғыл оған, тіпті, әзірейілдей болып алған. Ақыл-ойға сүйенген оның өз пиғылына айналасындағы адамдардың мораді үйлеспеуі сонша — ол аттаған сайын ашуына тие беретін болды; олардың моралі экономиканың, метафизиканың, сезімталдық пен еліктеушіліктің таңғажайып қосындысы, қойыртпағы болып шықты.

Мұның мысалын ол ойламаған жерден өз туғандарынан байқады. Мэриен еңбек десе ерінбейтін бір механик жас неміспен танысады. Кәсібіне мұқият машықтанып алған бұл жігіт өз алдына велосипед шеберханасын ашыпты. Әрі арзан велосипед сатуға өкілдік алады да, үй тұрмысын әбден түзейді. Мэриен Мартинге бір келгенде сол жігітпен өмірлік жолдас болуға сөз байласқанын айтты, сонан кейін еркелеп отырып, Мартиннің алақанына қарап бал ашқан болды.

Келесі бір қатынағанында ол Герман Шмидті де ерте келіпті. Мартин екеуіне сыпайы, әдемі сөздермен құтты болсын айтқан, бірақ топастау күйеуге оның шешенсуі ұнамай қалса керек. Мұнан кейін Мартин тек отырмай анада Мэриен келіп кеткеннен кейін жазған бір өлеңін оқыды. Күйеу жігіт онан сайын безіресін... «Бал ашар» деген бұл өлеңі Мэриенге арнап шығарған тым тәуір дүние еді де, Мартин дауыстап, нәшіне келтіріп өзі оқып берген еді. Бірақ қонағының ешқайсысы елең қылмағанын байқап, таң қалды. Ол ол ма, Мэриен қымсынып күйеуіне қарай берді, ал жігіттің дөрекі кескінінде өкініш мен реніштен өзге ештеме байқалмады. Көп ұзамай екеуі кетіп қалды. Оқиға енді осымен тынғандай болған еді. Бірақ Мартин, тегі, жұмысшы болғанымен заты әйел Мэриеннің өзіне арнап шығарған өлеңге масаттанбағанын түсіне алмады.

Бірнеше күн өткесін Мэриен тағы келді. Бұл жолы жалғыз екен. Анада ерсі қылық көрсеттің деп Мартинге келе килікті.

— Немене, не боп қалды, Мэриен,— деді таң қалған Мартин.— Сен туған-туысқаныңа, ең кемі маған намыстанып келгеннен саумысың?

— Әрине, намыстанып келіп отырмын,— деді қыз.

Көзінен жас шыққанын көріп, Мартин онан сайын састы. Әйтеуір, өкпелеуі рас сияқты.

— Бауыры туғанына бір ауыз өлең шығарған екен деп Германың шынымен-ақ қызғанып қалған жоқ па?

— Қызғанғаны несі, тәйірі,— деді қыз өкси жылап,— ол әдепсіздік қой бұл, көр... көргенсіздік дейді.

Мартин «солай сөйле» дегендей бір ысқырды да, жәшіктен «Балашарын» алды.

— Түк түсінбеймін,— деді ол өлеңді Мэриенге беріп жатып,— өзің-ақ оқып қарашы, көргенсіз дерлік не бар ішінде? Сен солай дедің ғой?

— Герман айтқан екен, солай болуға тиіс,— деді Мәриен жиіркенген адамша қағазды кері итеріп,— Дереу жыртып тастасын деп жатыр. қалыңдығым туралы мұнан былай жұрттың бәрі оқитын өлең жазушы болмасын, масқара... төзе алмаймын бұған,— дейді.

— Тыңда, Мэриен, ақымақтық қой бұларың,— дей түсті де сөзін бітірмей тоқтап қалды Мартин.

Қатты ренжіп, пұшайман болып отырған Мэриенді аяды, қызға да, күйеуіне де ешқандай сөз ем болмасын түсінді, қылықтарының ерсі екенін біле тұра екеуіне де қарсы болмай-ақ қояйын деп ойлады.

— Жарайды,— деді де қағазды жыртып-жыртып, корзинкаға тастады.

«Балашардың» түп нұсқасы бір Нью-Йорк журналының редакциясында жатқан, соны көңіліне демеу тұтты. Мэриен де, күйеуі де оны ешуақытта көрмейтіні сөзсіз, басылған күнде де кішкентай күнәсыз өлеңнен ешкімге келер бәле жоқ.

Бірақ Мэриен қипақтап, корзинкаға қарай береді.

— Ұрықсат па?—деді ол бір кезде.

Мартин басын изеді. Мэриен күйеу жігітінің тапсырмасын орындағанына дәлел болсын дегендей қағаз қиындыларын теріп, бәрін қалтасына салып алды. Бұл кезде Мартин ішінен Мэриенді Лиззи Коноллиге ұсатып тұр еді. Бауыры театрда кездестірген сонау жас жұмысшы қыздай өткір де албырт болғанымен, екеуінің киімінде, мінез-құлқында, қалпында бір ұқсастық бар екен. Мартин қиялында бұл екеуін Морздардың қонақ үйінде көріп, күлді. Күлдіргі сурет көмескіленіп, жоқ боп кетті де, Мартинді іле-шала әлдеқандай шексіз жалғыздық сезімі жеңді. Мэриен де, Морздардың қонақ үйі де өмір сапарының өткінші кезеңдері ғана ғой. Ол, міне, өтіп те кетті. Енді Мартиннің аңсары кітаптарына ауды. Сенімді сырласы, айнымас адал жолдасы осылар ғана.

— Немене, маған бірдеме дедің бе?—деді ол кенет таңырқап.

Мэриен сұрағын тағы қайталады.

— Неге жұмыс істемей жүрсің дейсің бе?—деп Мартин күлді, бірақ онысы шын күлкіге ұқсаған жоқ.— Дәу де болса осыны сұратып отырған сенің Германың ғой.

Мэриен басын шайқады.

— Өтірік айтушы болма,— деді ол қатуланып, қыз төмен қарады.— Германыңа айта бар: өзгенің шаруасында ісі болмасын. Қалыңдығына арнап өлең жазсам, бәлкім, оған да тиетін шығар, бірақ онан өзгеге араласуының реті жоқ. Білдің бе? Демек, сен де менен жазушы шықпайды деп, мені адасып жүрген адам деп ойлайды екенсің ғой. Семьясын дүйім жұртқа масқара қылып жүрген біреу деп бағалайды екенсің ғой? Солай ма?

— Меніңше өзіңе лайықты қызмет тапқаның жөн,— деді зілмен Мэриен, Мартин оның шынын айтып тұрғанын сезді.— Герман былай дейді...

— Менен аулақ жүрсін Германың!—деді Мартин әзілдеп. — Онан да тойларың қашан болады — соны айтшы. Және Германыңнан сұрап біл — тойыңда менен сыйлық алуға рұқсат ете ме екен?

Мэриен кеткеннен кейін осы оқиға туралы Мартин ұзақ ойланды, күйінді, іштей күлді. Иә, бұлардың бәрі: Мэриен, оның күйеуі, өзі теңдес жолдастары, Руфьтің төңірегіндегілер — бәрі де жалпы бір өлшемге, бір пішімге бейімделеді, бәрі бірдей тұрмыста бұрыннан келе жатқан дайын үлгі бойынша тұрмақ болады. Үнемі бірін-бірі көре жүре, бірі-біріне еліктей жүре, бұл сорлылардың әрқайсысы өзінің жақсы болсын, жаман болсын, өзгеше дара қасиетін жоям деп әбігер. Жөргегінен құлы болып кеткен жосықсыз жол-жораны бұзбау үшін бұлар өмірден ат-тонын ала қашады. Мартиннің көз алдынан тізбектеліп күллі таныстары — мистер Бэтлермен қолтықтасып Бернард Хиггинботам, Чарли Хэпгудпен құшақтасып Герман Шмидт өтті. Солардың бәріне пар-парымен, жеке-жеке Мартин зейін қойып қарап өтті. Кітаптан көрген биік парасат, ізгі мораль тұрғысынан әрқайсысына баға берді, бірақ ешкімге тақымы толған жоқ. Бұл ұлы жүрек, данышпан ақыл иесі адамдар қайда кеткен? Жауап таппады. Тар бөлмесіне сыймай қаптап кеткен пасық, топас, тұрпайы елестің арасынан ондайларды көре алмады. Бұл тобырды ол ит етінен жек көреді, мүмкін Цирцея да өзінің доңыздарынан осылай жиіркенген болар.

Елестің ең соңғысы көз алдынан ғайып болған шақта, күтпеген, тілемеген тағы бір елес пайда болды, ол — қалпағының жиегі делдиген, үстіне қаусырма куртка киген, аяғын ырғаң-ырғаң басқан, ойын-жиын десе қалмайтын есалаң-желөкпе — сонау алыстап кеткен өміріндегі Мартин Иден еді.

— Сенің де жетісіп тұрған жерің шамалы-ды, достым,— деді оған Мартин.— Сенің де ой-пиғылың, білімің осылардан озған жоқ-ты. Сен де ақыл тоқтатып, қайғы-қам ойлаған емессің. Пікір дегенді дайын тұрған тігулі заттай киіп жүре беретінсің. Сен де жұрт не айтса, соны істедің. Шайканың жын қаққан көсемсымағы болдың. Себебі, олар осыған лайықсың деді,— сен көндің. Шайкамен қырық пышақ болып, қырқысқанда, осыны ұнатқандықтан емес, жоқ, шынында, сенің онан жаның түршігетін, тек жұрт қолпаштап қоймағасын, иығыңнан қаққасын, мақтағанды көтере алмай өкіректеп кететінсің. Сенің Май Сүдінмен ұрысу себебің шегінгің келмеді, шегінбеген себебің көкірегіңде көзі тасырайған қара жүрек айуан тұрды. Оның үстіне жұрт бұрын еркек адам қатты, қаһарлы, қанқұмар, рахымсыз болуы тиіс, біреуді өлтіре соғу, зақымдау еркекке лайық іс деп құлағың етін жеген. Ал сен күшік бірге жүрген жолдастарыңның қызын неге аздырдың? Білесің бе? Ұнатқандықтан емес еді ғой, жоқ, олай еткен себебің: өзіңмен бірге ұрғашының соңынан шұбырған өңшең төбет сені әдейі қайрап, айдап салатын. Сен солардың қолшоқпары болдың. Сонан бері талай уақыт өткен екен. Айтшы қане, қазіргі пікірің қалай?

Осыған жауап қайтарғысы келгендей елес қыбыр етіп, өзгерді. Дөрекі куртка мең жиегі далиған қалпақ ғайып болып, оның орнына жұпыны костюм пайда болды; жігіттің суық түсі жылынып, ақиқат пен сұлулықтың іштен түскен сәулесінен қияпаты нұрланды. Бұл көрініс қазіргі Мартинге ұқсас еді. Ол шам жарығы түскен стол үстіндегі ашулы тұрған кітапқа еңкейіп қарап тұр. Кітаптың атына көз салды. «Эстетика негіздері». Мартин лезде елеске еніп, тұлғаласып тұтасып кетті де, столға отырып, үңіле қарап, кітабын оқи бастады.

Отызыншы тарау

Екеуі бір-біріне ғашық екенін алғаш рет ашып айтатын былтырғы қоңыр күздің тамылжыған күндеріндей биылғы күздің бір шырын шуағында Мартин Руфьке «Сүйіспеншілік туралы сонеттерін» оқыды. Бұл күні олар бауыр басқан баяғы төбешіктеріне барып, оңаша отырған еді. Руфь сонетке сүйсінгендей тамсана берді; қолжазбасының соңғы бетін оқып болған соң, Мартин осы жолы бұл не айтар екен деп абыржи күтті.

Біраз уақыт үндемей отырып қалған Руфь ойындағы пікірін аузынан шығаруға именген адамша күмілжіп, тұтыға сөйледі.

— Бұл өлеңіңіз тамаша,— деді ол,— әлбетте, өте жақсы.Бірақ осыған ешкім қаламақы төлемейді. Менің не айтайын деп отырғанымды түсінесіз бе,— деді жалынғандай,— жазғандарыңыздың тіршілікке пайдасы жоқ. Не себепті екенін біле алмаймын, бәлкім, сауда-саттық жағдайы солай ма, әйтеуір шығармаларыңызбен күн көре алмайтыныңыз анық. Сөзімді дұрыс түсініңіз, қымбаттым. Мен, міне, мына бір жақсы өлеңнің өзіме арналғанына масаттанып қалдым — әйтпесе, әйел болам ба. Бірақ, өзіңіз айтыңызшы, Мартин, осы өлең екеуіміздің қосылу тойымызды жақындата ала ма? Жоқ. Мені пайдакүнем, ақшақұмар адам екен деп ойламаңыз. Мен сізді сүйемін, күндіз-түні ойлайтыным сіздің болашағыңыз. Міне, бір-бірімізге сыр ашқанымызға аттай жыл асқан екен. Сонан бері той өткізер күніміз алыстамаса, жақындамапты. Сөзімді әдепсіздікке жори көрмеңіз: әңгіме менің жан-жүрегім туралы, бүкіл өмірім туралы екенін ескеріңіз. Зәуде жазбай тұра алмайтын болсаңыз — газеттердің біріне неге орналаспайсыз, мысалы, сізге неге хабаршы болмасқа? Тіпті, аз күнге болса да.

— Стилім бұзылады,— деп Мартин күңк етті,— осы күнгі стиліме төселу үшін қаншама еңбек еткенімді білмейсіз ғой.

— Білемін, ақшасына бола газетке талай фельетон жазғансыз, онан стиліңіз бұзылған жоқ еді ғой.

— Оның жөні басқа. Мен ұзақты күн сарылып отырып, жазу жұмысын аяқтағаннан кейін ғана өзімді-өзім қамшылап, қиналып фельетон жазатынмын. Ал газетке басыбайлы хабаршы болу бірыңғай қара кәсіппен айналысып, ертелі-кеш шапқылап, барыңды соған сарп ету деген сөз! Тіршілігің құйынға айналады, не алды, не арты жоқ минуттік міндет үшін өмір суруге тура келеді. Хабаршының хабарлаудан өзге жұмыспен айналысуға, мысалы, стиль туралы ойлануға да мұршасы жоқ. Хабар әдебиет емес. Енді ғана өз стилім қалыптаса бастаған шақта хабар-ошар жинап кету әдебиетте өліммен тең. Әрбір фельетон, оның әрбір сөзі мен үшін тірі азап, өзіме, сұлулық сезіміме жасалған зорлық, қиянат. Мұның маған өте ауыр тиетінін, мүмкін, түсіне қоймассыз. Мен шыны қылмыс жасаған адам тәріздімін. Мен «қара кәсіп» ретінде жазған әңгімелерім өтпей қалса, ол үшін костюмімді закылетке беруге тура келсе де,— іштей қуанатынмын. Ал «Сүйіспеншілік туралы сонеттерді» жазғанда тебіреніп, төбем көкке жеткендей болушы едім! Творчество қуанышы деген дүниедегі ең асыл сезім, ізгі қуаныш. Менің басыма оралған тарыншылық пен ауыртпалықтың бәрін көтеріп кететін сол ғана.

Руфьтің түсінуінше творчество қуанышы деген бос сөз. Оның осы пікірде екенін Мартин білмейді. Өйткені, біреумен әңгімелескенде Руфь бұл сөзді жиі қолданады. Өзі де оны соның аузынан естіген. Творчество қуанышы туралы Руфь кітаптан оқыған ғой. Университет профессорларының лекциясынан да естіген, өнер бакалавры дәрежесіне емтихан тапсырғанда өзі бұл сөзді талай қолданған да. Бірақ Руфь біреудің сөзін жаттап алып, қайталау ғана болмаса, өзіндік ой-пікірі жоқ, творчестволық серпініс дегенді білмейтін адам.

— Бәлки, сіздің «Теңіз толғауларыңызды» редактордың түзетуі орынды шығар?—деді Руфь.— Әдеби шығармаға дұрыс баға бере алмаса редактор — редактор бола ма?

— Мінеки, бұл көпшілік мақұл көрген, бірақ шалағай пікірдің жаны сірі екеніне тағы бір дәлел,— деп Мартин қаны сүймейтін редакторлардың атын атағанда ыршып түсті.— Бардың бәрі кәміл, бәрінен де сол мақұл деушілік бар. Белгілі бір құбылыстың болу фактысының өзі ғана соның заңды екеніне дәлел деп санаушылық бар және осы пікірдегі кісілердің ойынша мұның бәрі қазіргі жағдайда ғана емес, мәңгі-бақи заңды бола берешек. Қатардағы күйкі адам, надан болғандықтан мұндай сандыраққа сене береді. Бұл құралыптас адамдардың ой жүйесін Вейнингер тамаша суреттеген. Өзі ойға олақ адам, ойлы адамдардың сыртынан тағдырын билеп жүрмін деп санайтын көрінеді.

Осының бәрін түсінуге Руфьтің өресі жетпейтін шығар деген ой caп ете түсті де Мартин кілт тоқтады.

— Вейнингердің кім екенін білмеймін,— деді қыз,— сіздің әр нәрсенің басын қосып-шатып, шумақтап-шумақтап әкеліп, қорыта салуға құмарлығыңыз сонша, кейде тіпті пікіріңізге түсіне алмай қаламын. Мен айтқам, егер редактор...

— Мен айтайын,— деп жігіт тағы сөзін бөлді оның,— редакторлардың кемі тоқсан тоғыз проценті мұратына жете алмаған, талабы жанбаған талантсыздар. Талантсыз жазушылар. Оларға творчество қуанышынан гөрі редакцияда бейнет шегіп, ми ашыту, журналының жұртқа тарауы мен баспашының жылпостығына кіріптар болу оғай ғой дейсіз бе. Олар кезінде жазушы болам деп дәмеленіп, жазып та қараған. Бірақ, түк шығара алмаған. Осының салдарынан келіп өмірде қисынсыз бір парадокс пайда болды. Әдебиеттің кірер есігін сол бірөңкей әдебиеттегі талантсыз төбеттер қоритын болған. Редактор, олардың көмекшілері, рецензенттер, жалпы қолжазба оқитындардың бәрі — бір кезде жазушы болам деп, бола алмай қалғандар. Міне, әдебиеттің тағдырын шешуге,— нені басуға тұрады, нені басуға болмайды деген мәселені шешуге келгенде, бұған праволы кісілердің ішінде ең сорлысы осылар болса керек еді. Іс жүзінде олай емес, – талант туралы пікір айтатын сол дарынсыз дарақылардың өзі. Онан кейін сыншылар, бұлар да талансыздардың бір сорты. Сіз маған осылардың бәрі бір кезде өлең, проза жазуды арман етпеді, тіпті, жазып көрген жоқ демеңіз, жазып көргенде қандай, бірақ түк шықпаған ғой. Ал журналдағы солар жазған сын мақалалар балық майы сықылды жылымшы татып, жүрек айнытады. Қысқасы, рецензент пен сыншы атаулыға менің көзқарасым қандай екенін білесіз. Әлбетте, ұлы сыншылар бар, бірақ олар жарқын жұлдыздай әдебиет әлемінде сирек кездеседі. Егер менен жазушы шықпаса, мен редактор боламын. Әйтеуір нан тауып жеуге жарармын. Мүмкін, нан соғар ғана емес, май coғap да болып қалармын.

Аңдампаз Руфь ғашығының пікірінде қайшылық барын тез аңғарды.

— Жарайды, солай-ақ болсын, Мартин,— сонда талантты адамның бәріне бірдей есік жабық болса, ұлы жазушылар қайдан шыққан?

— Олар болмайтын істі болғызды. Жалын атқан тамаша шығармаларымен жауларының күлін көкке ұшырды. Мыңнан бірдің ғана басына қонатын ғаламаттың күшімен арманына жетті. Карлейльдің дәулері сынды оларға ешкімнің әлі жетпеді. Мен де сондай дәу болам. Болмасты болдырамын.

— Өзіңіз айтқандай, талабыңыз жанбаса қайтесіз? Мен туралы да ойлауыңыз керек қой, Мартин-ау!

— Талабыңыз жанбаса дейсіз бе? —деп Мартин қызға қисынсыз сөз айтқандай мұқата қарады. Сонан кейін қулана күлімсіреп,— ештеме шықпаса, редактор болам-дағы, сіз редактордың зайыбы боласыз!—деді.

Руфь еркелеп, жаратпаған адамсыды. Мартин шөпілдетіп сүйді.

— Болды, қойшы енді, жаным-ай,— деп Руфь жігіттің еріксіз елжіретіп әкеткен қылығына қарсы келе алған жоқ.— Әке-шешеммен сөйлестім. Бұрын олармен бұлай сөйлесіп көрген жоқ едім. Айтқан сөздерін тыңдағаным жоқ, өздерін сыйлағаным жоқ. Мен оларға өтініш емес, талабымды айттым. Екеуі де сізге қарсы. Қатты ғашық болып қалғанымды айтып қоймағасын, папам ақыры жібіді, сізді кеңсесіне қызметке алуға көнді. Екеуміз үйленіп, кішкене коттеджде жеке тұруға жететіндей сізге жалақы тағайындайтын болды. Мұнысы бізге қарасқаны ғой, қайырым еткені ғой, Мартин, солай емес пе?

Мартин ортайып қалды. Қарманып қалтасына қолын салып, темекі, қағаз іздеді (қалтасына темекі салмағалы көп болған), өз-өзінен дыбдырлап, күбірлей берді.

Руфь әлі сөйлеп отыр.

— Шынын айтайын, ренжи көрмеңіз, жағдайды білсін деп әдейі айтып отырмын мұны, папама тым батыл сөз айта бермеңіз, ұнатпайды, әрі сізді жалқауға санайды. Жалқау емес екеніңізді өзім білем ғой. Жұмысты көп істейтініңізді де білем.

«Жоқ, тап осыны сен де білмейсің»,— депойлады ішінен Мартин.

— Өзіңіз қалай көресіз? Менің пікірім сізге де тым батыл көріне ме?—деп қыздың көзіне қадала қарап, жауабын күтті.

— Меніңше, маған... күмәнді тәрізді.

Айтылар сөз айтылып қалды, осынан кейін Мартинге күллі дүние күңгірт көрінді де жаңағы Руфьтің сақтықпен ептеп айтқан, әкемнің кеңсесіне қызметке орналассаңыз қайтеді деген ұсынысы тарс есінен шығып кетті. Ал қыз болса мұның жауабын бұл жолы асықтырмай-ақ, төзіммен қолайлы жағдайын күтіп, есіне тағы бірде салуға әзір еді.

Көп күткен жоқ, Мартин де қызға өз тарапынан сұрақ қойып, бір жағдайды анықтамақ болған. Ниеті қыздың өзіне сенер-сенбесін сынау еді. Бір жұмадан кейін әрқайсысы сауалына тиісті жауабын алды да.

Мартиннің Руфьке «Күн масқара болды» деген мақаласын оқуы бұл жайтты тездетіп жіберді.

— Газетке хабаршы болудан неге қаштыңыз? – деп Руфь шаңқ еткен Мартин мақаласын оқып болғаннан кейін. – Жазу-сызуды жақсы көресіз, бәлкім, атақты журналист, бір газеттің арнаулы тілшісі болып, көп ұзамай көзге ілініп кетер ме едіңіз. Арнаулы тілшілердің кейбірі керемет көп ақша табады, әрі дүние көреді деседі. Оларды тіпті Африкаға да жібереді екен ғой. Стэнлиді сонда жіберіпті. Журналист Ватиканда папаменен тілдеседі, Тибеттің құпия түкпір-түкпірінің бәрін тексереді деп жүр ғой жұрт.

— Демек, менің мақалам сізге ұнамады ма? – деді Мартин.— Сіздіңше, мен журналист бола аламын да, жазушы бола алмаймын ба?

— О, жоқ! Мақалаңыз өте ұнады. Тамаша жазылған. Бірақ соған әлеуметтің өресі жетпей ме деп қорқам. Әйтеуір, менің өзіме түсіну қиынға соқты. Лебізіңіз жақсы, мағынасын түсіну қиын, ешнәрсе ұға алмадым. Ең алдымен ішінде арнаулы ғылыми термин көп. Сіз шығандап, шектен асып кетуге құмарсыз ғой, қымбаттым, өзіңізге оп-оңай нәрсе мына біздің бәрімізге де солай екен деп ойламаңыз.

— Иә, мақалада философиялық терминдер аз емес,— деді күмілжіп Мартин.

Көкейінде жүрген арманды ойын бірінші рет сыртына шығарып, дауыстап оқығанға көңілі қобалжып отырған Мартин қыздың мына сөзіне қайран қалды.

— Жарайды, сөзі олақ-ақ болсын, сонда пікірі де ұнамады ма сізге?

Руфь басын шайқады.

— Жоқ. Мақалаңыз менің бұрын-соңды оқығандарыма ұқсамайды... Мен Метерлинкті де оқығанмын, оны түсінуші едім.

— Сізге оның мистицизмі де түсінікті болғаны ма?— деп Мартин дауыстаңқырап жіберді.

— Иә. Оны мінеп жазған сіздің мына мақалаңыз маған мүлде түсініксіз. Әлбетте, әркімнің өзіндік соны пікірі туралы айтар болсақ...

Мартин қозғалақтап, бірдеңе айтқысы келді де, үндемей отырып қалды. Аздан кейін құлағына Руфьтің сөздері шалынды.

— Сайып келгенде, сіз үшін творчество ойыншық еді,— деді Руфь,— біраз алдандыңыз ғой. Енді тіршілік туралы, мына екеуіміздің болашағымыз туралы ойланатын уақытыңыз жетті, Мартин. Бұған дейін бір өзіңіз үшін өмір сүріп көрдіңіз ғой. Сол да жеткен жоқ па?

— Менің қызмет етуімді қалайсыз ба?

— Иә, папам сізге...

— Білем, білем,— деп Мартин кенет сөзін бөліп жіберді,— онан да турасын айтыңызшы: сіз маған сенбейсіз бе?

Руфь үндемей қолын қысты. Көздері бұлдырап кетті.

— Сізге емес... жазушылығыңызға сенбеймін, сүйіктім,— деді қыз сыбырлап.

— Жазғанымның бәрін оқып едіңіз,— деп Мартин де төтесінен кетті,— кәне, айтыңызшы, қалай көресіз? Соның бәрі бірдей жаман ба? Өзгелердікінен төмен бе?

— Өзге жұрт жазғанына ақша алады.

— Жоқ, бұл жауап емес. Турасын айтыңыз, сіздіңше менің әдебиетке қырым жоқ па?

— Жарайды, олай болса, жауабын берейін,— деді Руфь әрең көнген адамдай.— Мен сізді жазушы болады деп айта алмаймын. Ренжімеңіз, кейімеңіз, қымбаттым! Сұраған өзіңіз ғой және менің әдебиетті сізден артық білетінім өзіңізге мәлім.

— Иә, сіз өнер бакалаврысыз,— деді Мартин ойланып,— білуге тиістісіз...— Осы арада ол біраз үндемей қалды. Бұл отырыс екеуіне де өте қолайсыз болды. Аздан кейін:— бірақ бұл дәлеліңіз жеткіліксіз,— деді ол.— Мен де өз күшімді шамалаймын, өз жайымды өзім білмегенде кім біледі. Дегеніме түбі жететінім хақ. Қиыншылықтың қандайын болса да жеңемін. Өлең, мақала, әңгіме боларлық ой-қиял көкейімде сайрап тұр. Бірақ осыған илана көріңіз демеймін. Маған да, менің әдеби талантыма да үміт артпай-ақ қойыңыз. Бір ғана өтінішім — менің сізге ғашық екеніме сеніңіз, сіз де мені бұрынғыша сүйіңіз. Мұнан бір жыл бұрын екі жылға пұрсат сұраған едім. Бір жылы өтті. Енді қалған жылға толмас уақыттың ішінде арманыма жетемін. Есіңізде бар ма, бір кезде маған жазушы болу үшін шәкірттік кезеңнен өтпек керек деп едіңіз. Ол кезеңнен мен өттім. Асықтым, мерзімінен бұрын өттім. Сондағы асыққан арманымның ең асылы, түп мақсатым сіз едіңіз, көңілімнің қуанышы, сүйеніші едіңіз. Менің алаңсыз ұйықтау дегенді ұмытқаныма көп заман болған. Жылы төсекте жайғасып, ұйқым қанғанша ұйықтамағаныма миллион жыл өткендей көрем. Қазір мені күн сайын қоңыраулы сағат оятады. Ұйықтайтын уақытыма шағындап, сағаттың қоңырауын бұрап қоям. Ұйықтарда тағы бұраймын, шам сөндіремін, себебі ертеңіне ерте оянуым керек, ұйықтар алдында орындайтын жұмысым осы. Оқып отырғанда қалғи бастасам, мазмұны ауыр кітапты тастай беріп, жеңіліне көшемін. Егер тағы қалғысам ұйқы ашу үшін өз басымды өзім түйгіштеймін. Есіңізде бар шығар, Киплингтің бір шығармасында ұйқыдан безген адам бар. Ол кереуетіне атты әскердің шпорын қадап қояды, ұйықтап бара жатса, сол тебінгіштің істігі жамбасына қадалып, ұйықтатпайды екен. Мен де солай жасадым. Түн ортасына, түнгі сағат бірге, екіге дейін ұйықтамайтын едім. Ұйықтап кетсем, шпор оятып жібереді. Сол шпорды көп айлар бойы алмадым. Сөйте-сөйте бес жарым сағат ұйқы да көп көрінді маған. Қазір күн тәулігіне төрт-ақ сағат ұйықтаймын. Шаршадым, шалдықтым. Жарғақ құлағым жастыққа тимеген соң кейде басым айналады, ақылым шатасады; кей уақытта көр ұйқысы да рақат көрінеді маған. Лонгфеллоның мына бір өлеңі есіме түседі:

Теңіздің салқын түбінде

Бәрі ұйқыда тым-тырыс.

Су дір етсе, жаңағы

Жоқ болады құбылыс.

Әрине, осының бәрі бос сөз. Жүйкелеп шаршағандық. Мен кім үшін осындай халге жетті дейсіз ғой? Сіз үшін, Руфь. Және сіз айтқан шәкірттік мерзімді қысқарту үшін, тезірек дегеніме жету үшін. Енді шәкірттік шағым өтті. Мен өзімді өзім сынадым, қолымнан не келетінін қазір жақсы білемін. Студенттің бір жылда оқитынын мен бір айда өте аламын. Бұл даусыз. Маған сеніңіз. Менің осыншама бажалақтау себебім – сіз түсінсін деп отырмын. Бұл мақтаншылық емес. Мен, әлбетте, өзім оқыған кітаптарға сүйеніп, пікір айтамын. Ағаларыңыз рақаттанып ұйықтап жатқанда, мен көз майымды тауысып, кітап оқыдым, білім іздедім, менің сөйтіп тапқан біліміме қарағанда — ағаларың анайы адам тәрізді. Бір кезде даңқым жер жарса деуші едім. Қазір ол ниеттен де арылдым. Маған керегі сіз ғана. Сіз маған ішер астан, киер киімнен, қадір-құрметтің қандайынан да қымбатсыз. Менің бір ғана арманым бауырыңызға басымды сүйеп дамыл алу. Жыл толмай бұл арманыма да жетермін.

Жігіттің уытты жігері Руфьті тағы да отша шарпыды; онымен қарсылассам деген сайын жақындай түсті. Міне, бұл күш, осы жігер жарқырап, оның көз жанарынан көрінеді, қызу-қызу сөздерінен естіледі, күллі денесінен шиыршық атады. Қас пен көздің арасында нағыз Мартин, оты өзегіне өткен өктем, адуын Мартин елестеді! Тағыны қайырған адамның кейде күдіктенетіні сияқты Руфь те осынау албырт шіркінді жуасыта алам ба, жоқ па деп шүбәланды.

— Бір ғажабы,— деді жігіт,— сіз де мені жақсы көресіз. Неге? Мені ырықсыз жазу жазуға көндірген зор күш сізді де маған еріксіз ғашық етті. Ғашық болған себебіңіз мен төңірегіңіздегі өзге кісілердің ешқайсысына ұқсамаймын, әйтпесе әлдеқашан солардың біріне ғашық болар едіңіз ғой. Мен кеңсе үшін, бухгалтер кенегесін шимайлау үшін, ұсақ-түйекпен шатылу үшін туған адам емеспін. Егер төңірегіңіздегі кісілердің бәрі не істесе, маған да соны істетсеңіз, солармен ісім де, тынысым да, ой-пиғылым да бір болса, сіз олармен менің арамдағы айырмашылықты жояр едіңіз, сізді маған ғашық еткен қасиетті, сонымен бірге мені де құртар едіңіз. Менің пешенеме жазылған жанды қасиет — творчествоға деген ынта-ықыласым. Мен қатардағы көптің бірі болсам, жазушылықты арман етпес едім де, сіз мені сүймес едіңіз.

— Неге олай дейсіз,— деп Руфь сөзін бөлді, қыздың үстірт, бірақ айлашыл ақылы осы арада бір ұтымды теңестірудің сәті келіп қалғанын аңғара қойған еді.— Сізден бұрын да мәңгі мотор ойлап шығарамын деп, күллі өмірін соған сарп етіп, үй-семьясын аштыққа, жоқшылыққа қамаған қожанасырлар болған. Бірақ солардың әйелі де ерін сүйген, қосағымен жоқшылық зарын бірге тартқан. Сонда өмірлік жолдасын, оның қожанасырлығын сезбегендіктен емес, біле тұра жақсы көрген.

— Дұрыс айтасыз,— деді Мартин.— Бірақ өзге өнертапқыштар да болған, олардың бәрі бірдей қожанасыр болмаған, қайта адамға пайдалы дүние ойлап табамын деумен өмір кешкен, ақыры ойлағанына жеткен де. Мен де мүмкін емес нәрсеге ұмтылып жүргенім жоқ...

— «Болмасты болғызамын» деуші едіңіз ғой.

— Жоқ, ол бейнелеу үшін айтылған сөз. Шынында мен өзімнен бұрын талай адамның қолы жеткен нәрсеге, жазуға, әдеби еңбекпен күн көруге талпынамын.

Руфьтің үндемей қалғаны Мартиннің шамына тиді.

— Сіз мұны да мәңгі мотор сияқты құрғақ қиял деп ойлайсыз ба?

Қыз жауап орнына ерке баласын жұбатқан анадай жігіттің қолын қысты. Руфь үшін Мартин шынында да шолжақ бала, болмасты болдырамын деп жүрген қожанасыр.

Руфь әке-шешесінің өш екенін тағы да жігіттің есіне салды.

— Әйтеуір өзіңіз мені жақсы көресіз ғой?—деді Мартин.

— Жақсы көрем, сүйемін!

— Мен де сүйемін сізді. Олар ештеңе де жасай алмайды.— Жігіттің даусы көңілді, көтеріңкі естілді. — Мені сүйетініңізге көзім жеткеннен кейін маған олардың жек көргені түк емес. Бұл дүниеде сүйіспеншіліктен берік, онан тұрақты ешнәрсе жоқ, өзгенің бәрі өзгере береді. Тек ғашықтық қана айнымайды, егер ол аяғын аттаған сайын сүрінетін өлексе емес, нағыз сүйіспеншілік болса, айнымасқа керек.

Отыз бірінші тарау

Бір күні Бродвейде Мартин апасы Гертруданы ұшыратты, бұл кездесу екеуіне де қолайсыз болғанымен, ақыры қайырлы боп шыққан. Гертруда бұрышта трамвай күтіп тұр еді, інісін анадайдан алдымен көзі шалып қалды — омсырайған жадау кескіні тым сазарыңқы екен. Мартин сол күні расында да көңілсіз еді. Велосипедіне тағы ақша сұрап алам ба деп әдейі барып, өсімқормен келісе алмай, кейіп келе жатқан беті-тін. Күзде жер лайсаң боп кеткесін, ол велосипедін зақылетке берген, ниеті қосымша ақша алса, қара костюмін кие тұру еді.

— Қара костюміңіз бар еді ғой, – деді Мартиннің бар мүлкін жатқа білетін өсімқор. Оны әлгі Липке деген еврейге беріп қойған жоқсыз ба? Олай болса...

Ол оқты көзімен қараған еді, Мартин сасқалақтап:

— Жоқ, жоқ!— деді.— Костюмімді бергем жоқ;— Онсыз өзіме қиын болатын болды.

— Тамаша,— деді өсімқор сәл жібіп.— Ендеше сол костюмсіз менің де шаруам өнетін емес. Осы кәсіппен ермек үшін айналысып жүр ғой дейсіз бе. Шын ақша алғыңыз келсе — мұны да ойлаңыз.

— Велосипедімнің құны кемі қырық доллар, өзі зырлап жүріп тұр,— деді Мартин.— Маған жеті доллар ғана төледіңіз. Жеті де емес! Алты доллар 25 цент! Өсімін күні бұрын алып отырсыз ғой!

— Менен тағы да ақша алғыңыз келсе, шырағым, костюмді әкеле қойыңыз,— деді ол салқын үнмен. Сонан кейін әбден түңілген Мартин қапырық тар дүкеннен шыға жөнелген. Гертруданың көңіліне қаяу салған кескініндегі кейістік белгісі осының салдары еді.

Екеуі амандасып үлгіргенше, Телеграф-авенюге баратын трамвай да келе қалды. Мартин апасын шынтағынан сүйеп, трамвайға отырғызды, сонда барып, Гертруда Мартиннің өзі жаяу кеткелі тұрғанын сезді. Ол трамвайдың баспалдағында тұрып, кейін бұрылды, Мартиннің үңірейіп кеткен көзін көргенде жүрегі елжіреп кетті.

— Немене, жүрмейсің бе?—деді ол.

Өзі жалма-жан трамвайдан түсе қалып, қасына барды.

— Мен денсаулық сақтау үшін бойлай жаяу жүремін,— деді ол.

— Жарайды, олай болса мен де жаяу жүрейін, маған да пайдалы болар. Соңғы кезде нашарлап кетіппін.

Мартин апасына көз тоқтатып, бірінші рет қараған еді, өзгергенін енді байқады. Шаршаған, үсті-басы алқам-салқам, беті күлдіреп, қатпарланып, бәдені бұзылған; өзі біртүрлі жайылып, салпиып кетіпті; аяғын тырп-тырп басып жүрген жүрісі дені сау, көңілі тетік әйелдің ұршықтай үйірілген жеңіл жүрісін мазақ ету үшін әдейі жасаған карикатура сықылды.

— Қой, трамвай күтейік,— деді Мартин келесі аялдамаға жеткенде, Гертруданың алқынып қалғанын аңғарып.

— Құдай-ау, сақтай гөр! Шаршағаным рас. Сен де трамвайға отырсайшы. Ұлтаның өте жұқа екен. Солтүстік Оклендке жеткенше тесіліп қалар.

— Үйде тағы бір пар башмағым бар,— деді Мартин.

— Ертең түскі асқа кел біздікіне,— деді Гертруда күтпеген жерде.— Бернард үйде болмайды. Сан-Леандроға кеткелі жатыр.

Мартин басын шайқады, бірақ тамақ есіне түскенде, көздерінен жарқ өткен қомағайлығын жасыра алған жоқ.

— Қалтаңда жалғыз песің жоқ, Март, сенің жаяу жүргенің сондықтан ғой. Денсаулық сақтаймын деген боласың әліңе қарамай!

Пысқырайын деп еді, дәрмені жетпеді.

— Тұра тұршы...

Сумкасынан алып, Мартинге бес долларлық алтын ақша берді.

— Жақында туған күнің толып еді, ұмытып кетіппін оны.

Мартин алтын ақшаны уысына қалай қыса қойғанын өзі де байқамай қалды, алмауға тиіс екенін кейін түсініп, қатты қобалжыды. Бірақ тамақ, тіршілік, рух және тән қуаты, творчестволық жігер тасқыны — бәрі осынау оймақтың аузындай дөңгелек алтынның ішіне сыйып тұрған сияқты. Кім білген, бәлкім бірдеме жазып тастаса мына секілді алтын дөңгелектің талайын табар да. Марка сатып алуға ақшасы болмай стол астында ыбырсып жатқан көп қолжазбаның үстіне тастай салған соңғы екі мақаласы көзіне айқын елестеді. Олардың тасқа басылған аттары көзіне оттай басылды: «Керемет абыздары», «Сұлулық бесігі». Әлі ешқайда жібермеген еді оларды, осы құралыптас мақалаларының ішіндегі ең тәуірі-ді. Әттең марка жоқ. Жіберсем өтер еді деген үміт аштыққа қосылып, екеуі ақыры еріксіз көндірді: ол көз ілестірмей алтын теңгені қалтасына сүңгітіп жіберді.

— Мен мұны өзіңе жүз есе етіп қайтарамын, Гертруда,— деді ол әрең, өйткені, булығып, көмейі түйіліп, көзіне жас келген еді.— Осы сөзімді ұмытпа! Енді бір жыл толмай мен мына сықылды жүз дөңгелек әкеліп беремін саған. Менің сөзіме шанбай-ақ қой. Күт. Кезінде көрерсің!

Гертруда сөзіне сенген де жоқ. Әлденеге ұялды да, не дерін білмей:

— Ашығып жүрсің ғой, Март, білемін жайыңды. Кескініңде жазулы тұр бәрі,— деді.— Түскі асқа үнемі келіп тұр. Хиггинботам үйде жоқта өзім хабар етермін. Балалардың біреуін жібере қоярмын. Март-ау...

Мартин не айтайын деп келе жатқанын біле қойды, өйткені апасының ой өрісі өзіне мәлім.

— Бір жерге орналаспайсың ба?

— Немене, сен де менен үміт үздің бе?

Гертруда басын шайқады.

— Маған өзімнен өзге ешкім сенбейді, Гертруда,— деді ол өз-өзінен өршеленіп.— Дегенмен, бірсыпыра жақсы дүние жазып тастадым. Ерте ме, кеш пе — бәріне де ақша алуым керек.

— Жақсы екенін қайдан білесің?

— Неге десең...— Әдебиет пен әдебиет тарихы туралы білетіндерінің бәрі есіне түсе кетті де, өзіне не себепті сенетінін қаншама тәптіштеп айтқанымен апасына түсіндіре алмасын білді. – Неге десең, журналда басылып жүрген мақалалардың тоқсан тоғыз процентінен менің жазғандарым артық.

— Сонда да орынды кеңеске құлақ асқаның жөн, иә, құлақ асқаның жөн,— деді қайталап Гертруда,— ал ертең кел.

Мартин апасын трамвайға отырғызды да, өзі жүгіріп почтаға барып, бес доллардың үш долларына марка сатып алды. Кейін, Морздардың үйіне бара жатқан бетте почтаға кіріп, маркасының бәріне қалың-қалың көп пакет тапсырды. Қолында екі центтік үш марка ғана қалған.

Ол бір есте қаларлық кеш еді, өйткені, Мартин сол күні Рэсс Бриссенденмен танысты. Бриссенденнің Морздікіне қалай келгенін, кім ертіп әкелгенін Мартин біле алған жоқ. Мұның жайын Руфьтен де сұраған жоқ. Алдымен ол өте қуқыл, тым ажарсыз көрінді. Бір сағаттан кейін тіпті надан екен деп те ойлап қалды. Өйткені, Бриссенден ұялмай-қызармай бөлме біткеннің бәрін аралап, суреттерге қарағыштап, стол үстінде не сөреде жатқан кітап-журналдарды тіміскілеумен болды. Ақыры өзге жұртты мүлде елең қылмастан, өз үйінде жүрген немедей, шалқайып, моррис креслосына барып отырды да, үн-түн жоқ, қалтасынан кітабын алып, оқи бастады. Кітап оқып отырып, анда-санда шашын бір сыйпап қояды. Сонан кейін Мартин оны ұмытып кеткен. Тек қонақ тарқар алдында көріп қалады, өңкей келіншектердің ортасында әңгіме айтып отыр екен, әйелдер оның сөзін рақаттанып тыңдай қалысыпты.

Үйіне қайтып бара жатып, Мартин жолда Бриссенденді қуып жетті.

— А, сіз екенсіз ғой,— деді оған.

Бриссенден құлықсыз күңк ете түсті де қатарласа жүрді. Мартин сонан қайтып сөз тартқан жоқ, екеуі үн-түнсіз бірнеше квартал бірге жүрді.

— Паңсынған кәрі есек!

Күтпеген жерде нығарлай айтқан бұл сөз Мартинге тым тосын естілді. Күлкісі келді, Бриссенденді бұрынғыдан да жек көріп кеткенін сезді.

— Сіз сол үйге неге барып жүрсіз?—деді ол тағы бір квартал жүргеннен кейін.

— Өзіңіз ше?

— Құдай ақына, өзім де білмеймін. Бүгін бірінші баруым. Күн тәулікте жиырма төрт сағат уақыт бар. Әйтеуір, бір жерде уақыт өткізу керек қой. Жүріңіз, бірдеңе жұтайық.

Мартин өзінің елгезектігіне іштей ренжіді, үйінде «қара кәсібі» күтіп тұрған; әрі бүгін түні ол Вейсманның бір томын оқымақ еді, Герберт Спенсердің өзі жазған романнан да қызық өмірбаяны тағы тұр. Мынау сүйкімсіз немеге уақыт алдырып керегі жоқ еді, деп ойлады Мартин. Бірақ оны еліктірген серігі де, ішімдік те емес, соған байланысты жайттар: жарқыраған аспалы шамдал шам, шар айна, жарқ-жұрқ, сыңғыр-сыңғыр еткен шыны ыдыстар, қызара-бөрткен кісілер мен қызу-қызу сөздер. Иә, иә, өмірде дегеніне жеткен, енді ақшаны судай шашып жүрген, паруайсыз, көңілді мырзалардың саңқылдаған даусын естігісі келген. Мартин өзімен өзі болып жалғыз қалған жан ғой — қырсық осында. Бриссенденнің шақырғанына ере кету себебі де осынан. «Қайнар бұлақтан» кетіп, Джомен қоштасқалы шарапханаға басын сұқпаған, дүкенші португалдан ішкен бір стакан шараптан кейін әлі дым татпаған. Жігері емес, ақылы жасыса, адам арақ аңсамайды. Қазір де оның ішуге зауқы жоқ. Бірақ жұрт ішіп, гуілдесіп, айқайласып, қарқ-қарқ күліп, у-шу боп жатқан қызды-қыздыға кіргісі келді. «Үңгір» де думанды кабактың бірі екен. Бриссенден мен Мартин сақтиян креслоға шалқия отырып, шотланд вискиін содалы су араластырып, сіміре жұтты.

Әңгіме-дүкен құрып, ара-тұра кезек-кезек арақ алдырып отырысты. Араққа ақылын жеңдірмейтін Мартин шөлмектес серігінің де беріспей отыруына аң-таң. Әсіресе, айтқан сөздері, пікірі ғажап. Көп ұзамай Мартин Бриссенденнің білмейтіні жоқ, жалпы өмірде ұшыратқан екінші ең зиялы интеллигентім екен деп ойлады.

Бірақ профессор Колдуэллдің басында бар кемшілік мұнда жоқ. Бұл бір жанып тұрған от, ой-қиялы ұшқыр, көреген де зерек жан. Сөзге сондай шебер. Жұқа ернінен ұшып шыққан өткір сөздері алғыр станокта ұшталған құралдай теседі де, кеседі де. Енді бір сәтте ол айқын да ажарлы образдарға толы көркем сөздерін толқытып, лекітіп, маржандай төгеді. Біресе сөздері дауыл сұрапылына, әлем әлеметтеріне шақырған кернейдің шыңғырған ұранды үніндей ащы естіледі, кейде күмістей сыңғырлайды, жұлдызды аспанның салқын жасылындай жалт-жұлт етеді. Бриссенден ғылымның ең соңғы табысын қысқаша айқын тұжырымдайды екен. Сонымен бірге айтқандары ақын сөзіндей аңқылдайды, әсерін сөзбен баяндауға болмайды, тек адамның көкірегінде оятқан нәзік те шытырман сезімі арқылы асылдығын аңғаруға болар еді. Бриссенденнің ақылы адам баласының болжауға тәжірибесі, айтуға тілі жетпеген сонау бұлдыр алыстағыны айқын көре алатын сияқты. Оның дуалы аузы әдеттегі сөзге әдеттегіден өзге мағына сыйғызады. Мүмкін, жабайы адам оның мазмұнын ұға алмас. Ал Мартинге түсінікті де, жанына жағымды да.

Мартин демде Бриссенденге іші жылып қалды. Бұрын кітапта оқығанын енді өмірде ұшыратқандай. Бұл бір алдында құрақ ұшып, құрдай жорғалауына тұратын абзал адам екен, нағыз ойшыл екен. «Мен мұның алдында кішірейіп, жік-жапар болайын»,— деп ойлады ол сөзін елтифатпен тыңдай отырып.

— Биологияны, әлбетте, оқыған боларсыз?—деп қойды Мартин өзінің де құр алақан емесін ескерткісі келгендей.

Бриссенден жоқ дегендей басын шайқады. Мартин таң қалды бұған.

— Биологияны білмейтін адам сіз жасаған тұжырымға келуге тиіс емес,— деді Мартин Бриссенденнің көзінен оның да таңырқап қалғанын байқап.— Сіздің қорытындыларыңыз ұлы ғалымдардың пікіріне үйлес. Олардың еңбегін оқымауыңыз мүмкін емес.

— Мұны естігеніме қуанам, менің үстірт білігім ақиқатқа жол тапқанына өте қуанамын. Бірақ пікірім дұрыс па, бұрыс па — маған бәрібір. Өйткені, адам баласы абсолют ақиқатты бәрібір біле алмайды.

— Сіз Спенсердің жолын қуған шәкірті екенсіз ғой!— деп Мартин қуанғаннан дауыстаңқырап жіберді.

— Бала жасымнан бері Спенсерді оқып көргенім жоқ. Бала кезімде «Тәрбиесін» ғана оқығанмын.

— ІІІіркін, мен де сіз сықылды білімге оңай жетіліп кетер ме едім, деді Мартин жарты сағаттан кейін Бриссенденнің білімін ақылымен түгел бір саралап өтіп.— Бір ғажабы — қарсы сөз айтарлық саңылау қалдырмайсыз. Ғылымның a posteriori (Тәжірибеге сүйену (лат.).) айтатынын сіз бірден кесіп айтасыз да төтесінен тұп-тура дұрыс қорытынды жасай қоясыз. Расында да, ақиқатқа төте жол тауыпсыз және сол жолмен көз ілестірмей тез өте шығасыз. Бұл табиғаттан тыс зеректік.

— Иә, бұған ұстаздарым абыз Джозеф пен ағам Дэттон да қайран қалатын,— деді Бриссенден.— Бірақ ешқандай керемет жоқ мұнда. Бақ бергенде, мен қаршадайымнан католик колледжіне түскем. Өзіңіз қайда оқып едіңіз?

Мартин өзі туралы сөйлеп отырғанда, екі көзі Бриссенденде болған: ақсүйектерге лайық нәзік келбетіне, салбыраңқы иығына, стулге тастай салған пальтосіне, оның қалтасынан сорайып шығып тұрған кітаптарға зерттей қараған. Бриссенденнің беті мен нәзік қолдары күнге күйіп, қоңырқай тартыпты, бұған Мартин таң қалды. Бриссенденді таза ауада серуендеуге құмар жан деу қиын. Олай болса, қайда жүріп күнге күйді екен? Мартинге бұл табиғи нәрсе емес, аурудың зардабы сияқты көрінді де, Бриссенденнің екі ұрты суалған ашаң, сопақ жүзі мен сұлу қыр мұрнына қайта-қайта қарап, осы туралы ойлана берді. Оның көз қиығында елеулі ештеме жоқ. Жанары құбылған қара көздері онша үлкен де емес, тым кішкене де емес; бірақ көз нұрында бір жасырын ғажап ой, қайшылық белгісі бар. Көздері тәкаппар, адуын, тіпті, ашулы сияқты көрінгенімен әлденеге аяныш сезім тудырады. Неге екені белгісіз, Мартин іштей Бриссенденді аяп кетті, көп ұзамай мұның да сырын білді.

— Менің құрт ауруым бар,— деді Бриссенден өзінің жуырда ғана Аризонадан келгенін айтып.— Онда екі жыл шамасы тұрдым: таза ауа жұтып, тазардым.

— Мұндағы үйреншікті ауа райынан сескенбейсіз бе?

— Сескенбейсіз бе?

Ол сөзін жай қайталағанмен Мартин Бриссенденнің бұл дүниеде ешнәрседен айылын жимайтынын түсінді. Ол көздерін сүзіп, танауын желбіретіп, қыранша қаһарлана түскендей еді. Қатты сұқтанған Мартиннің жүрегі дүрс-дүрс соқты.

«Неткен тамаша адам, ә»,— деп ойлады да, дауыстап:

Қатал тағдыр қайырым етпей,

Қан жұтсам да бас имен,—

деді.

— Гэнлиді жақсы көресіз бе?—деді Бриссенден көздері нұрланып, жадырап.— Әрине, оны жақсы көрмеу мүмкін емес. Аһ, Гэнли! Мәңгі өшпес рух! Ол осы күні журналдарға өлең жазып жүрген дарынсыз ақынсымақтардың қасында кілең әтектің ортасында жүрген гладиатор сияқты.

— Журналдарда басылған дүние сізге ұнамай ма?— деді Мартин.

— Е, өзіңізге ше?—деп ақырғанда, Мартин селк ете түсті.

— Мен... мен де аздап жазушы едім, дәлірек айтсам, менің де журналға бірдеме жазбақ ойымда бар.

— Талабыңыз жаман емес,— деді сәл жуасыған Бриссенден.— Жазу ойыңызда болар, бірақ қайыры болмас. Бұған дейін сәтсіздікке ұшырап келгеніңізді түсінемін, сол үшін де бағалаймын, сыйлаймын. Не жазып жүргеніңізді де білемін, тіпті шығармаңызды оқудың керегі жоқ. Ләкин, бір ғана кемшілігіңіз бар, сізге бөгет болып жүрген сол. Тегі, шығармаңыздың мазмұны терең болар, ал журналдарға мұндайдың мүлде қажеті жоқ. Оларға керегі қоқыр-соқыр, керегін артығымен алып та жүр бірақ, сізден емес, әлбетте.

— Қара кәсіптен менің де қашып жүргенім жоқ.

— Жоқ, керісінше...— Бриссенден сәл кідірді де, Мартиниің өзін, уқаланған ескі галстугін, жылтырап кеткен жеңдерін, жиегі қырқылған манжеттерін өткір, өжет көздерімен бір шолып өтті; сонан көз тоқтатып, омсырайған оның жүдеу кескініне қарап, біраз отырды.— Жоқ, қара кәсіп қайта сізден безім жүр, ол бойлауық болып алған, тегі, ұстата қоймас. Бері қара, қымбаттым, егер ас ұсынсам, өкпелемейсіз бе?

Мартин қызарып кеткенін сезді, Бриссенден бұған масайрап күлді.

— Тоқ адам ас іш дегенге өкпелемейді,— деді ол.

— Аздырғыш әзәзіл!—деді қызараңдап Мартин.

— Қарағым-ау, жазығым сұрағаным ба, басқа не айттым?

— Айтып қараңыз!

— Солай ма? Ендеше менің есебіме менімен бірге ас ішуге шақырамын.

Бриссенден осы сөзді айтты да, ресторанға баратын ыңғай білдіріп, орнынан тұрды.

Ызасы келген Мартин жұдырығын түйді, қаны қызып, екі шекесі дуылдады.

— Атақты жылан обыр келді! Жыланды тірілей жұтады! Тірілей жұтады!—деді Бриссенден жәрмеңкедегі балағанның жаршыларына еліктеп.

— Расында да, осы тірілей жұтып жіберейін бе?—деді Мартин аурудан әбден жүдеген Бриссенденге оқты көзімен ата қарап.

— Мен бірақ татымаймын оған.

— Сіз емес, сылтауы іс татымайды десеңізші,— деді Мартин шын ықыласымен күліп.— Шынымды айтсам, сіз отырғызып кеттіңіз. Менің ашығуым табиғи нәрсе, ұялатын түгі де жоқ. Көріп отырсыз, әдет-ғұрып дегенге, соқыр сенімге мән бермеймін. Сіз шымбайыма әдейі тие сөйлегесін, мен де теріс бағып, соқыр сенімнің соңына еріп кетіппін.

— Иә, шамданып қалдыңыз,— деді Бриссенден.

— Шамданғаным рас, мойындаймын онымды. Адамның бала жасынан қанына сіңген соқыр сенімдері болады. Жетілдім-ақ, дегенмен кейде осылай сыр беріп қалатыным рас. Әркімнің бір әлсіз жері бар, әлгі қит етсе, қағанағы жарыла қалады деген сөз осыдан шыққан болар.

— Енді жарылмай ма?

— Жарылмайды.

— Нықпысың?

— Нықпын.

— Олай болса, жүріңіз, тамақ ішейік.

— Жүріңіз.

Мартип араққа ақша төлемек болып, қалған екі долларын шығара бергенде, Бриссенден алақанымен иығынан сыпайы қағым еді, қайтадан қалтасына сала қойды.

Отыз екінші тарау

Келесі күні Марияның үйіне түнеугідей сый қонақ келіп, жүрегі тағы бір су етті. Әйтсе де, бұл жолы сабыр сақтады, келген кісіге қонақ үйде күте тұрыңыз деп, маңғаздық көрсетті.

— Баса-көктеп кіріп келгеніме қарсы емессіз бе?— деді Бриссенден.

— Жоқ, жоқ, о не дегеніңіз!—деді Мартин қолын алып, қатты қысып, қонағына бөлмесіндегі жалғыз орындығын ұсынды да, өзі керуетіне отырды.— Адресті қайдан білдіңіз?

— Морздарға телефон соққам. Мисс Морздың өзі келді. Енді ғана тауып келіп отырмын.

Бриссенден қалтасынан кішкене том алды.

— Мінеки, сізге бір ақынның өлеңін әкелдім,— деді ол кітапты столға қойып жатып,— оқып шығыңыз. Осыны сыйлаймын, алыңыз!—деді ол дауыстап Мартиннің алғысы келмей қолын сермегенін көріп.— Маған кітаптың керегі жоқ. Бүгін таңертең өңештен тағы қан кетті. Вискиіңіз жоқ па? Әрине, жоқ болар! Бір минут күте тұрыңыз.

Ол орнынан ұшып тұрып, шыға жөнелді. Мартин Бриссенденнің бір кезде жауырынды жігіт болғанымен қазір инеліктей бүгіліп, еңсесі түсіп кеткенін көріп, аяп кетті.

Екі стакан әкеліп, столға қойды да, кітапқа үңілді. Генри Воган Марлоудың өлеңдер жинағы екен.

— Шотланд шарабы жоқ екен,— деді Бриссенден есіктен кіре,— сұрқиялар американ шарабын ғана сатады. Амал жоқ, бір бөтелкесін алдым.

— Мен қазір балалардың біреуіне лимон алдырайын, шарапты жылытып жіберіп, грог жасайық,— деді Мартин — Марлоу осындай кітабына қанша ақша алады екен?

— Елу доллар шамасы,— деді Бриссенден. — Оған да шүкір. Тәуекелшіл баспашы тапқанына рақымет айтсын.

— Поэзиямен күнелтуге болмай ма?

Мартиннің дауысынан қатты қынжылғандық сезілді.

— Әрине, болмайды!— Қай ақымақ қазір поэзиямен күн көрем деп жүр ғой дейсіз. Оны-мұны, жоқты-барды үйлестіре салушылар ғана болмаса. Мәселен, Брюс, Виржиния Спринг немесе Седжвик сияқтылар, рас, кемеліне келіп отыр. Ал нағыз ақындар... Марлоудың тамағын қалай асырап жүргенін білесіз бе? Пенсильванияда оқудан кенже қалған балалар мектебінде сабақ береді. Бұл дүниеде мұнан артық дозақ бар ма? Мен тағы елу жыл ғұмыр берсе де бармас едім. Ал қазіргі өлең жазып жүрген ақынсымақтардың дүмбілезіне қарағанда Марлоудың өлеңдері шыны арасында жатқан лағыл сияқты. Біздің сыншылардың ол туралы не жазып жүргенін білесіз бe? Осы білгішсінген сұмырайлардың-ақ ызасы өтті-ау!

— Асылы, жазушы болу қолынан келмей жүрген адам нағыз жазушы жайлы пікір айтуға құштар келеді екен,— деді Мартин.— Солардың Стивенсон туралы айтпағаны жоқ!

— Монтаны зымияндар!—деді Бриссенден тістеніп.— Білем олардың сылайын. Абыз Дамьенді қорғап, хат жазғаны үшін олар өмір бойы Стивенсонді ғайбаттаумен келеді, бақалшағына дейін шағып, кінәсін мысқалдап өлшеумен келеді...

— Және өздерінің түкке татымайтын тоғышарлық тұрғысынан баға береді,— деді Мартин.

— Дұрыс айтасыз. Дәл өзі! Марлоудың ең жақсы қасиетін сілікпеге салып, арамдап, енді: «Бұл итке адам жете ме!» деп арқасынан қаққан болады. Тьфу! Ричард Рилф олар туралы өлер алдында «ала құйрық сауысқан»,— деп бекер айтпаған ғой.

— Иә, олар тауықша жұлдыз тозаңын шоқымақ болады,— деді Мартин кіжініп,— ниеттері данышпан адамның құйрықты жұлдыздай ағып бара жатқан ой-қиялын ұстай алу. Мен осы сыншылар жайында, дәлірек айтсақ, рецензенттер туралы мақала да жазып едім.

— Кәне, әкеліңізші көрейін!

Мартин стол астында жатқан «Жұлдыз тозаңының» бір данасын алып берді. Бриссенден ала сала оқыды, әуелі пысқырынды, сосын қолдарын үйкеледі, түшіркенді, тіпті, ішіп отырған грогін ұмытып кетті.

— Сол жұлдыз тозаңының жарқыншағы өзіңіз екенсіз ғой мынау көкірегінде көзі жоқ ергежейлілердің еліне ұшып келген!—деді айқайлап Бриссенден мақаланы оқып біткесін.— Бірінші жіберген журналыңыз мақаланы, әлбетте, құшақтай жығылған шығар?

Мартин қойын дәптеріне қарады.

— Бұл мақаланы қабылдамаған журнал саны жиырма жетіге жетіпті.

Бриссенден қарқылдап күле түсті де, жөтел қысып, булығып қалды.

— Сіз өлең жазасыз ба,— деді ол бір кезде қырылдап.— Беріңізші маған, оқып көрейін.

— Бірақ мұнда оқымаңыз, сізбен әңгімелескім келіп отыр. Өлеңімді берейін, алып кетіп үйіңізде оқырсыз.

Бриссенден сол күні «Сүйіспеншілік туралы сонеттер» мен «Пері және меруертті» үйіне алып кетті.

Келесі күні Мартинге іс-міс жоқ:

— Кәне, қалғанын беріңіз,— деді.

Өлеңдерін түгел оқып шыққаннан кейін Мартинге: өзіңіз нағыз ақын екенсіз деді. Бақса, оның өзі де өлең жазады екен.

Мартин де Бриссенденнің өлеңдерін оқыды, қатты ұнатты, әлі күнге ешқайда бастыруға бермегенін есітіп, таң қалды.

— Оба келсін журналдарыңызға,— деді ол мына өлеңдерді редакцияға жіберу керек қой деген Мартинге.— Сұлулық сұлулық үшін. Журнал туралы ойланып, басыңызды ауыртпай-ақ қойыңыз. Аһ, Мартин Иден! Теңізге, кемелеріңізге қайтып оралсаңыз қайтеді, сізге айтар ақылым осы. Мынау қалада, нажестің арасында не бар сізге? Сұлулықты журналдарға қор етіп, күн сайын дүниеден түңіліп, өзіңізді өзіңіз қинап қайтесіз! Жуырда бір айтқан сөзіңіз әлі есімде, қалай еді? Иә... «Адам — тұрлаусыз, фани дүниенің тұрақсыз қонағы». Сіз үшін атақ — у, жұрттың сөзі — дәмі жоқ, татуы жоқ ботқа. Өйткені, сіз ерекше жаралған, өмір құбылысына үн қосушы, айрықша ақылды адамсыз. Мұнан былай жазғандарыңыздың бір жолын да журналға сатпассыз деп сенемін. Тек қана сұлулыққа қызмет етпек керек. Соған ғана қызмет етіңіз! Арманыма жетсем дейсіз бе. Қарағым-ау, қандай арман? Мұнан артық не арман керек! Жетіпсіз ғой тілегіңізге: Стивенсон туралы сонетіңіз, меніңше, Гэнлидің «Елесінен» көп жоғары, «Сұлулық туралы сонеттеріңіз», теңіз толғаулары да тамаша! Ақын арманы атақ емес, творчество қуанышы. Таласпаңыз. Не айтып отырғанымды жақсы білемін. Өзіңіз де түсініп отырсыз. Сұлулық сізге де жара салған. Ол жазылмайтын жара, емі жоқ ауру, жүрекке сұққан пышақ. Журналдарды енді әурелемей-ақ қойыңыз. Мақсатыңыз Сұлулық болсын. Оны ақшаға айырбастап керегі не? Бәрібір түк шықпайды. Дәметпей-ақ қойыңыз — тамағыңыз іседі. Мың жылдан бері шыққан журналдың бәрін қарап шықсаңыз да Китстың бір жолына татитын түйір дүние таба алмайсыз. Даңқ, алтын дегенді мүлде ұмытыңыз да, ертең теңізге, дүние кезуге шығыңыз.

— Мен даңқ үшін емес, сүйіспеншілік үшін еңбектеніп жүрген жанмын,— деді Мартин күліп.— Сіздің жүрегіңізде сүйіспеншілікке орын жоқ-ау деймін. Мен үшін сұлулық сүйіспеншіліктің құлы.

Бриссенденнің көзінен әрі аяныш, әрі қуаныш белгісі көрінді.

— Әлі жассың ғой, Мартин. Ah, сондай жассыз әлі! Сіз биікке көтерілесіз. Сақ болыңыз — қанатыңыз әлі қатқан жоқ. Күйдіріп алып жүрмеңіз. Аздап от шарпыған ғой деймін. «Сүйіспеншілік туралы сонеттер» әйел етегін жыр қылған... Масқара ғой бұл!

— Жоқ, етегіңіз не, сүйіспеншілікті жыр етеді,— деді Мартин тағы да күліп.

— Қиялилардың философиясы бұл,— деді Бриссенден қызараңдап.— Наша тартып, өзім де қиял қуып көргем. Сақтаныңыз! Мына буржуазия қалалары түбіңізге жетіп жүрмесін. Екеуміз алғаш рет танысатын түнеугі саудагерлердің туын тіккен жерін алып қараңызшы. Құдай біледі, сыпырынды тастайтын шұқырдан да жаман. Адамды арбамай, аздырмай қоймайды. Тұншықтырады. Сол сорақыдан жоғары тұрған не еркек, не әйел көрдіңіз бе? Бәрі де екі аяқты қарын сияқты және жай қарын емес, идея мен көркемдіктен дәмесі бар қарындар...

Ол кілт тоқтап, Мартинге қарады. Ойына бірдеме түсе кеткендей немесе әлденеден шошынып, таңырқап қалғандай көрінді.

«Сүйіспеншілік туралы сонеттеріңізді» әнебір ерні кезерген ұрғашы бейбаққа арнап жазған жоқсыз ба?

Сол кезде Мартин оң қолымен алқымынан ала түсіп, сілкіп-сілкіп жіберген еді, Бриссенденнің тістері сақ-сақ етті. Бірақ көзінен үрей көре алмады. Тек таңырқап, кекете, кемсіте күлгендей көрінді. Мартин Бриссенденді төсекке қарай итеріп жіберді.

Бриссенден көпке дейін ентігін баса алмай, есеңгіреп отырды. Ентігі басылғансын барып күлді.

— Апырай, кеудемде өзі әрең жүрген шыбынымды шығарып жібере жаздадыңыз ғой, шығып кеткенде жақсылығыңызды өтей алмай арманда кететін едім,— деді.

— Соңғы кезде жүйкесі құрғырым әбден босап кетіпті, қолым қатты тиген жоқ па? Тағы да грог әзірлеп берейін,— деді Мартин кінәсін жуғысы келгендей.

— Аһ, жас науан, албырт эллин!—деді Бриссенден.— Ерен күшті екенсіз, бірақ қайратыңызды билей алмай қалады екенсіз. Нағыз жас қабылансыз ғой! Жас арыстансыз! Жарайды, жарайды! Өмір сазайыңызды тарттырар әлі.

— О не деген сөзіңіз?—деді Мартин стакан ұсынып жатып.— Алып жіберіңіз, ашу басыңыз.

— Айтайын дегенім: әйелден көрерсіз әлі көресіні. Қазір-ақ қыр соңыңыздан қалмай жүрген болар, енді өле-өлгенше осылай маза бермейді. Мен кеше туған адам емеспін. Тағы да алқымымнан алып жүрмеңіз, айналайын. Бәрібір айтарымды айтпай тынбаймын. Ана қыз бірінші ғашық болған адамыңыз ғой деймін, тегі. Сонда да Сұлулық үшін қыз таңдай білу шарт. Сізге буржуазия қыздарының керегі не? Аулақ жүріңіз олардан, жоламаңыз маңайына! Отты, дәртті, қаны ыстық нағыз әйел тауып алыңыз, «өмірге де, өлімге де күле қарайтын, ғашық оты өзегін өртегенде жан-тәнін пида қылатын» ару табыңыз. Өмірде мұндай әйел аз емес, мынау буржуазияның бұлаң өскен жаны жасық бишаралары ғұрлы олар сіз сықылды ер адамға нағыз ғашық жар бола алады.

— Жаны жасық бишара дейсіз бе?—деді ашуланып, айғайлап Мартин.

— Иә, солай дедім! Ол құйттайынан миына құйып тастаған, атам заманнан ел-жұртқа әбден әйгі әлденені үржаңа қылып айтуын қоймас, нағыз өмірден ат-тонын ала қашатын болар. Ол сізді өзінше жақсы көрер де, бірақ бәрінен түкке тұрмайтын өзінің моралін артық санайды. Асылы сізге ондай адам емес, түгел берілетін ұлы ғашық жар керек, жан қажайтын сұр күйе емес, көз қуантатын көлбеңдеген қызылды-жасылды көбелек керек. Сорыңызға қарай, бұл дүниеде ұзақ тұрып қалдыңыз бар ғой, әйел атаулыдан тоясыз. Ай, бірақ ұзақ тұра алмассыз деймін! Теңізге тез оралмасаңыз мынау шіріп жатқан қалада шатасып жүріп, күндердің күні сіз де іріп-шіріп бітесіз ғой.

— Мейлі, не десеңіз де,— деді Мартин, бәрібір үгіттей алмайсыз мені! Әркімнің өзінікі өзіне жөн, сіз өмір көрген адамсыз, менің де көргенім аз емес.

Ғашықтыққа, журналдарға, тағы өзге толып жатқан мәселеге бұл екеуінің көзқарасы бір жерден шықпағанымен, тегі, олар бастас еді, тату еді. Мартин Бриссенденге үйір ғана емес, етене болды. Сондықтан, Бриссенден жайда бір сағат шыдап отыра алмастай Мартиннің тымырсық тар бөлмесінде екеуі күнде кездесетін болды.

Бриссенден келген сайын бір бөтелке виски ала келеді, екеуі ресторанға бара қалса, содалы су мен шотланд шарабын алдырады. Ақшаны Бриссенден төлейді, соның арқасында Мартин бұрын көрмеген талай тағам татты, дәмі тіл үйірген, иісі мұрнын қытықтаған шампан шарабы, рейн шарабы дегендерді қылғымай жұтты.

Сонда да Бриссенден Мартин үшін әлі жұмбақ, сырт қарамаққа дүниені тәрк еткен адам сияқты көрінгенімен және аурулы адам болғанымен ол өмір рақатын бағалай біледі екен. Иә, рас, ол өлімнен қорықпайды, адам баласы тіршілігінің қай көрінісін болса да ащы тілімен ажуалайды, мысқыл етеді, сөйте тұра өмір құбылысының алуан қыры мен сырын, ұсақ-түйегіне дейін жанындай жақсы көреді. Ол өмірге өте құмар, оның әрбір дірілін жан-тәнімен сезеді, түшіркенеді, бірде ол Мартинге: «өзім жаралған осы космос тозаңының ішінде жанды бүршіктей қыбырлағым келеді» деген еді. Бриссенден адамды еліттіретін наша, апиын сияқты заттарды шегіп те, ішіп те әсерін байқап көрген, бұрын жаны сезбеген жаңа сезімнің қандай болатынын білу үшін өзін-өзі әлденеше азапқа да салған. Ол шөл басу рақатын білемін деп төрт күндей су ұрттамай жүрген. Мартин оның кім екенін, қайдан келген адам екенін де біле алған жоқ. Ол бір өткені жоқ, болашағы ертең көр құшып, үзілгелі тұрған, ал бүгін өмір желігі өртеп жүрген жан еді.

Отыз үшінші тарау

Мартин тарыншылықтан әлі күнге дейін арылған емес. Қаншама үнемдегенімен әдеби ұсақ-түйектен түскен табысы күндік мұқтажына да жетпейді. Ақыры қара костюмін өсімқорға тағы табыс етті де, Мінажат күні Морздардың үйіне қонаққа бара алмайтын болды. Бұл жайды естіген Руфь өте қынжылды. Мартиннің аяқ астынан тәуекелге бел байлауына қамшы болған себептің бірі осы-ды. Ол қызға алашақ бес долларымды қуып, «Трансконтиненталь айлығының» редакциясына өзім барамын, ақша тисе костюмімді кері алып, сіздікіне тағы келермін деп кетіп қалды.

Ертеңіне таңертең Мариядан он цент қарыз алды. Бриссенденнен сұрағанын артық көріп еді, ол соңғы күндері із-түзсіз жоқ боп кеткен: келмегеніне екі жұмадай болған. Мартин өкпелетіп алдым ба деп те састы. Олай ойлап, бұлай ойлап, себебін біле алмай-ақ қойды. Он цент ақша паромға керек еді. Шығанақтың арғы бетіне шығып, Маркет-Стриттің бойымен келе жатқан Мартиннің ендігі уайымы үйіне жету болды. Өйткені, ақшасын ала алмаса, Оклендке қайту үшін Сан-Францискода он цент сұрап ала қоятын танысы да жоқ-ты.

«Трансконтиненталь айлығының» есігі ашық тұр екен. Біреулердің сөйлесіп жатқан даусын естіп, Мартин тыста тұра қалды.

— Мәселе онда емес қой, мистер Форд,— дейді біреу.— (Форд — редактордың фамилиясы екенін Мартин білетұғын). Төлеуге шамаңыз келе ме, жоқ па? Мәселе осында. Әлбетте, мен қазір қолма-қол ақшалай төлеу туралы айтып тұрмын. Келесі жылы журналыңыздың жағдайы жақсара ма, жоқ па — онда менің шаруам қанша. Орындаған жұмыстың тиісті ақысын төлеңіз. Маған онан өзге ештеменің де керегі жоқ. Ал егер түгел төлемесеңіз, Мәулет күніне арналған номер машинаға салынбайды, айтпады демеңіз. Хош болыңыз көргенше. Ақша тапсаңыз — келерсіз.

Есіктен біреу шыға жөнелді. Әлдекімге жұдырығын саптап, сөгініп барады. Мартин тыста тағы он бес минуттай кідірмек болды. Олай-бұлай жүріп, ақыры өмірінде тұңғыш рет редакцияның табалдырығынан аттады. Сылайы, мұнда визит карточкасы дегеннің қажеті жоқ сияқты. Бір бала қалқаның ар жағына барып, мистер Фордты біреу сұрап тұр деді де, қайта келіп, Мартинді редактордың кабинетіне ертіп апарды. Мартиннің көзіне ең алдымен ерекше ерсі көрінген бір жағдай — бөлмедегі тәртіпсіздік. Сонан кейін ол стол басында отырған самай сақалды бір жасаң кісіні көрді. «Бұл қайсы еді тағы» дегендей ол түйіле қарайды. Беті бүлк ететін емес. Баспахананың адамымен жаңа ғана жанжалдасқаны жадында да жоқ.

— Мен... мен — Мартин Иденмін («мен сізден бес доллар ақшамды алайын деп келдім» дегісі келген оның).

Бірақ, өмірінде бірінші дидарласқан редакторы болғасын, салған жерден қатты кетпейін деп ойлады. Бір ғажабы мистер Форд орнынан ұшып тұрып:

— Апырау, қойыңызшы, шын айтасыз ба!—деп қуанғандай қолын алып, сілкіп-сілкіп қойды.— Сізбен танысқаныма өте қуаныштымын, мистер Иден, сыртыңыздан қандай кісі екен деп жүруші едім.

Мистер Форд бір адым кейін шегініп, Мартиннің иығынан түспей жүрген, тозығы жеткен жалғыз костюміне елжірей қарады. Не жөндеуге, не жамау салуға келмей қалған жаман костюмнің, шалбарының қырын Мартин Мария Сильваның үтігімен шығарда қатырып алған.

— Мен сізді жасамыс кісі ғой деп жүруші едім. Астапыралда-ау, әңгімеңіздің мазмұны сондай терең, жазылуы сондай шебер. Нағыз шедевр. Бастапқы үш-төрт жолын оқығанда-ақ анық шеберсің ғой дегенмін. Әңгімеңізді алғаш рет қалай оқығанымды айтайын ба сізге? Жоқ! Ең, әуелі қызметкерлермен таныстырайын.

Мистер Форд осылай самбырлап жүріп, Мартинді үлкен бөлмеге апарды да, өзінің орынбасары мистер Уайтпен таныстырды. Ол безгегі ұстаған адамнан жаман, қолы мұп-мұздай, тәпелтек, тыриған арық біреу екен.

— Ал мынау мистер Эндс. Мистер Эндс — біздің іс басқарушымыз.

Мартин кісіге қарағанда көздері қыдырып кететін қасқабас біреудің қолын алды. Ол ақсары сақалын қауқитып қоя беріпті. Өзі, тегі, жасамыс кісіге ұсамайды. Әдетте, әйелі жеті айын оның сақал-мұртын қайшымен басып, желкесін қырып беріп тұратын еді.

Үшеуі Мартинді қоршап алып, дабырласып мақтап ала жөнелді. Айтқандары ақыры Мартинге әшейін сөзге айналдыру сияқты болып көрінді.

— Біз сізді редакцияға неге бас сұқпайды деп таң қалып жүретін едік!—деді мистер Уайт.

— Паромға ақшам болмады,— деді Мартин ақшаға мұқтаж екенін сездірейін дегендей.

«Менің қолым қысқа екенін үстімдегі «бір киерімнен-ақ» байқап тұрған шығарсыңдар», деп ойлады ол ішінен.

Мұнан кейінгі айтқан сөздерінде Мартин неге келгенін қайта-қайта сездірумен болған. Бірақ талантқа табынушы мырзалар бұл сөзін елең қылған жоқ. Мартин жіберген әңгімелердің өздеріне, әйелдеріне, туған-туысқандарына керемет ұнағанын майын тамызып қайта-қайта айтумен болды. Ал алашақ ақшасын төлеу керек-ау деп ықылас білдірген ешқайсысы болған жоқ.

— Айтпақшы, әңгімеңізді бірінші рет қандай жағдайда оқығанымды әлі айтпаған екенмін ғой сізге,— деді өкінгендей мистер Форд.— Поезбен Нью-Йорктан келе жатыр едім. Жолшыбай Огденде вагонымызға бір газет қызметкері отырды, сол кісіде «Трансконтиненталь айлығының» соңғы номері бар екен.

«Жасаған-ау,— деп ойлады Мартин,— бұл сұрқия пульман вагонымен серуендеп жүргенде, менің ақы-адал бес долларымды ала алмай арып-шаршап жүргенім мынау». Ашу-ыза бойын кернеді. «Трансконтиненталь айлығынан» көрген зәбірі басынан асып кеткендей сезінді; айлар бойы сарылып күткені, кембағалдығы, талай-талай ашыққаны есіне түсті, кеше ғана төсегіне аш жатып, бүгін әлі дым сызбағаны ойына келді. Кекті ашу басына шапты. Бұлар қарақшы да емес, ұсақ жөліктер! Өтірік уәде беріп, әңгімесін тал түсте алдап алған екен ғой. Найсаптар! Жақсы, жарайды! Көрсетермін әлі көресіні!

Мартин алашағымды түгел өндірмей енді осы редакциядан шықпаспын деп іштей өзіне ант етті. Бәрібір қалтасында қайта қоятын ақшасы жоқ. Дегенмен, біраз сабыр сақтады ол, сонда да қаһарлы кескіннен маңайындағылар сескене бастаған еді.

Олар мақтауын онан сайын үдетті. Мистер Форд «Қоңырау күмбірін» бірінші рет қалай оқығанын шұбыртып айта жөнелді, мистер Эндс немере қарындасына бұл әңгіменің қатты ұнағанын баяндай келіп, қарындасым тегін кісі емес, Аламедеде мұғалима деп қойды.

— Мен сіздерден ақшамды алайын деп келдім,— деп Мартин осы арада төтесінен кеткен,— бәріңізге ұнаған әңгімем үшін, сіздер басып шығарғаннан кейін, бес доллар қаламақы төлеуге тиісті едіңіздер ғой.

Мистер Форд қазір-ақ төлеп жіберетін адамнан жаман дереу қалтасын қармады да мистер Эндске қарап, қап, ақшам үйде ұмыт қалған екен деді. Мистер Эндс те оған қынжыла қарап, жалма-жан шалбарының қалтасын баса қойды. Мартин оның қалтасында ақша барын байқап қалды.

— Әттеген-ай,— деді мистер Эндс,— жаңа ғана баспаханашыға барымды беріп қойып, қалтамда түк қалмапты. Әрине, кінә өзімнен, ақшаны молырақ алып шығуым керек екен ғой, бірақ... әлгі баспаханашы неме осында ойламаған жерде жетіп келіп, мерзімінен бұрын аванс бере тұрыңыз деп талақша жабысқан жоқ па.

Екеуі де енді мистер Уайтқа қарады. Ол шіңкілдеп, ащы күлді де иығын қақты. Әйтеуір, өзінің ожданы таза. Ол «Трансконтиненталь айлығына» журнал жұмысын зерттеу үшін кірген. Зерттеп жүргені негізінен ақша жағы-ды. «Айлық» өзіне жалақы төлемегелі төрт ай болған. Сондағы тәжірибеден түсінгені редактордың орынбасарына ақша төлегеннен де баспаханашының көңілін тапқан көп артық.

— Қап, әттеген-ай,— деді тағы да мистер Форд таңдайын қағып, беті шылп етпестен.— Мистер Иден, бізге сәтсіз күні келіпсіз. Ал ендеше былай етелік. Ертең таңертеңгі почтамен чегіңізді жіберелік. Е-е, мистер Эндс, мистер Иденнің адресін жазып алған боларсыз.

О, әлбетте, мистер Иденнің адресі жазулы екен, күні ертең ақшасы сөзсіз жіберіледі екен. Мартин ақша, банк дегендерге шорқақ еді де, ертең беретін чегін бүгін де бере алатын шығар деп түсінді.

— Сонымен келістік қой деймін, мистер Иден, күні ертең өз есіміңізге чек жібереміз.

— Маған ақша бүгін керек, ертең емес,— деді Мартин түксиіп.

— Апырай, қараңызшы, қайдағы жоқ қырсықтың киліге кетуін! Басқа бір күні келгеніңізде ғой...— деп келе жатыр еді мистер Форд, мистер Эндс шыртетпе адам болуы керек, кенет оның сөзін бөліп:

— Мистер Форд жағдайды әбден түсіндірді ғой сізге,— деді тікіленіп,— мен де айтып тұрмын. Ертең жібереміз чегіңізді.

— Мен де түсіндірмедім бе сізге,— деді Мартин,— ақша маған күні бүгін керек.

Іс басқарушының басына сөйлегені Мартиннің шамына тиіп қалған еді. Енді онан көзін алған жоқ ол. «Айлықтың» кассасы тап осының шалбарының қалтасында жүрген болар деп ойлады.

— Әттеген-ай,— деп келе жатыр еді тағы мистер Форд...

Күйгелек Эндс кететін ыңғай көрсетіп, жалт бұрылды. Сол сәтте Мартин де шап беріп, кеңірдегінен ала түсті, мистер Эндстің ақсары сұлу сақалы селтең ете қалды. Мартиннің іс басқарушыны сілкілеп, фарсы елінің кілеміндей тозаңын қағып жатқанын көрген мистер Форд пен мистер Уайттың зәресі ұшып кетті.

— Әй, жас таланттың еңбегін жеген көзелдерім,— деді Мартин үйді басына көтеріп,— шығарыңдар ақшаларыңды, әйтпесе, бойыңдағы барыңды өзім сілкіп түсіремін жалғыз центім қалғанша!

Сонан кейін сасып тұрған көрермендеріне қарады:

— Жармасып жүрмеңдер маған... адам танымастай қыламын.

Мистер Эндс қылғына бастады, айтқанымды орындатуға мұрша берейін дегендей Мартин саусақтарын сәл босатты. Сол кезде іс басқарушы қолы қалтырап, қалтасын ақтарып, төрт доллар он бес цент ақша шығарды.

— Қалтаңды дұрыстап айналдыр!—деп әмір етті Мартин оған.

Тағы он цент табылды. Мартин қате болмасын дегендей ақшаны екі рет есептеді.

— Ендігі кезек сіздікі,— деді ол мистер Фордқа ақырып.— Әлі жетпіс бес цент толмай тұр!

Мистер Форд жалма-жан қалталарын қарап, алпыс цент ақша тапты.

— Жақсылап қараңыз,— деп жекірді оған Мартин,— анау камзолдың қалтасынан шығып тұрған немене?

Жақсылап-ақ қарағанын көрсетейін дегендей мистер Форд екі қалтасын да айналдырды. Қалтасының біреуінен төрт бұрышты қатырғы қағаз түсті. Мистер Форд оны қалтасына қайта салғалы жатыр еді, Мартин:

— О не? Паромның билеті емес пе? Әкел бері!—деп ақырды.— Бұл он цент тұрады. Хош, сонымен небары, билетті қоса есептегенде, төрт доллар тоқсан бес цент болды. Кәнеки, тағы бес цент қосыңдар!

Мистер Уайтқа тесіле қарап еді, тәмпек джентльмен құнжыңдап, қалтасынан ала сала никель ақша ұсынды.

— Рахмет бәріңізге де,— деді Мартин айнала қарап,— Хош-сау болыңыздар!

— Тонаушы!— деді Эндс артынан жыланша ысқырып. Мартин оған:

— Алатұяқ!— деді де есікті тарс жапты.

Жеңіске желіккен Мартиннің есіне енді «Пері және меруерт» деген шығармасы үшін «Көбелектен» алашақ он бес доллары түсе кетті де, соны да ала кетейінші деп ойлады. Бірақ «Көбелектің» редакциясында кілең бір қырынған тазығыр жастар отыр екей. Нағыз қарақшыға ұсайды бәрі де. Тегі, ел-жұртты да, өзді-өзін де тонап үйренген сұмдар болу керек. Мартиннің бірсыпыра мебельді қиратқаны рас, бірақ арпалыстың ақыр соңында редактор (студент кезінде атлетикадан жүлде алған балуан жігіт) іс басқарушының, құлақтандыру жинайтын агент пен швейцардың көмегімен арып-ашып келген қонағы Мартинді есік алдына шығарып салуы аздай, баспалдырықтан төмен қарай домалатып жіберген.

— Келіп тұрыңыз, мистер Идең, дидарыңызды көруге өте құмармыз!— деді олар күліп.

Мартин де күліп, түрегелді орнынан.

— Фу,— деді ол дыбырлап,— жарайды, жігіт екенсіңдер! Трансконтинентальдың сүмелектерінен тәуір екенсіңдер.

Аналар қарқылдап тағы күлді.

— Әділін айту керек қой, мистер Иден,— деді «Көбелектің» редакторы,— өзге ақындай емес, әдісқой бәле екенсіз. Бра рулені кімнен үйрендіңіз?

— Эһ, өзіңізге қос нельсонды кім үйреткен еді?— деді Мартин.— Көзіңіздің асты көгеріп шықпаса маған серт!

— Сіздің де мойныңыз қышымаса маған келіңіз,— деді сызылып редактор.— Осының құрметіне жұтқыншағымызды жібітсек қайтеді? Әлбетте, зақым болған мойныңыздың құрметіне емес, танысқанымыз үшін де.

— Мен жеңілдім ғой, айтқаныңызға көнуге тиістімін, – деді Мартин.

Сонымен тонаушылар да, тоналушы да бас қосып, бір бөтелкені босатты. Ұрыста кім күшті — сол жеңді, олай болса, «Пері және меруерт» үшін тиесілі он бес доллар «Көбелекте» қалсын деген мәмлеге келді бәрі де.

Отыз төртінші тарау

Артур сыртқы есік алдында қалды да, Руфь Мария Сильва үйінің баспалдағымен жүгіре басып, жоғары көтерілді. Құлағына асығыс шырт-шырт басқан жазу машинасының дыбысы естілген еді, бөлмеге кіріп барса, Мартин машина басып отыр екен. Ол қолжазбаның соңғы бетін жазып бітіруге жақындап қалған екен. Руфьтің мұнда арнайы келу себебі Мінажат күні Мартин қонаққа бара ма, жоқ па, соны білу-ді. Шығарманың қызығымен болып отырған Мартин сөйлеуге де мұрша берген жоқ.

— Оқып беруге рұқсат етіңізші!—деді ол дабырлап, басқан бетін машинадан алып, көшірмелерін айырып жатып.— Бұл менің соңғы әңгімем. Өзге әңгімелерімнің ешбіріне ұсамайды. Әлденеге жүрексінемін де. Ал өзіме жақсы сияқты көрінеді. Мінеки, төрелігіңізге тапсырдым. Әңгіме Гавайя өмірінен. Аты «Вики-Вики».

Руфь тар, суық бөлмеге кіргенде тұла бойы тітіркеніп кеткен еді. Ал делебесі қозған Мартиннің қолдары мұздай болса да, беті гүл-гүл жайнап тұр.

Руфь әңгімені зер салып тыңдады. Бірақ ұнатпағаны кескінінен көрініп тұр. Оқып болғасын Мартин:

— Кәне, шыныңызды айтыңызшы — ұнады ма, жоқ па? — деді.

— О, өзім де білмей тұрмын, сіздіңше, мұны бір жерге бастыруға бола ма?

— Болмайды ғой деймін. Журналдардың өресі жете қоймас. Бірақ бәрі шын, ақиқат нәрселер.

— Осы өтпейтін дүниені өршеленіп неге жаза бересіз? — деді Руфь беті-жүзің бар демей.— Әлде сіз күн көру үшін, тамақ асырау үшін жазып жүрген жоқсыз ба?

— Иә, күн көру үшін жазып жүрмін. Бірақ кейіпкерім өзімнен күшті болып шықты. Көндіре алмадым. Ол оқиға осылай болсын, өзгеше болмасын, деді де тұрды.

— Вики-Викидің сөздері соншама неге доғал? Құлаққа түрпідей тиеді. Әрине, редакторлар әңгімеңізді қайтарып жіберсе, өкпелеуге дәлеліңіз жоқ.

— Қайтейін, өмірдегі нағыз Вики-Вики тап осылай сөйлеуші еді.

— Жақсы-жаманды айыра білмегендігінен солай сөйлейді-дағы.

— Жоқ, бұл өмірдің өзі!—деді Мартин жұлып алғандай.— Бұл шындық. Ақиқат, рас нәрсе. Мен өмірді бұлжытпай баяндауға міндеттімін.

Руфь ештеме айта алған жоқ. Екеуі де үндемей отырып қалды. Мартин қызды өте жақсы көргенімен кейбір қылығын түсіне алмаушы еді, Руфь те оны түсініп жүрген жоқ. Өйткені, Мартин Руфьтің жалпы адам туралы шалағай пікіріне үйлеспейді.

— «Трансконтиненталь айлығынан» ақшамды алдым,— деді Мартин қызды кексіз сөзге бұрайын деп, редакция қызметкерлерінен төрт доллар тоқсан цент ақша мен бір билет өндіріп алғаны есіне түскенде қарқылдап күліп жіберді.

— Өте жақсы! Олай болса біздікіне келеді екенсіз ғой?— деді қуанып Руфь.— Менің білгелі келгенімнің өзі де осы.

— Келгені қалай? Қайда?

— Біздің үйге де, түскі асқа, ертең. Ақша тисе костюмімді қайтып алам, келем деп едіңіз ғой.

— Ол мүлде есімнен шығып кетіпті,— деді Мартин ұялғандай.— Бірақ бүгін бір күтпеген оқиға кез бола қалды... Таңертең полисмен Марияның екі сиыры мен бір бұзауын айдап әкетіпті қаланың ішіне жайдың деп. Штраф төлеуге ақшасы болмаған... Ол үшін мен төледім. Сонымен «Қоңырау күмбірі» Марияның сиырына бұйырды.

— Олай болса, келе алмайсыз ба?

Мартин мұңайып, ескі костюміне қарап:

— Тегі, бара алмаспын,— деді.

Көгілдір көздеріне мөлтілдеп жас келе қалған Руфь ләм деген жоқ, бұртиып азарлай қарады да қойды.

— Келесі жылы Мінажат күнін Дельмоникода немесе Лондонда немесе Парижде, тіпті, болмаса өзге бір өзіңіз қалаған жерде тойлатармын. Бұған ешбір күмәнім жоқ.

— Жақында газеттерден көріп едім,— деді Руфь оның сөзіне жауап қайтару орнына,— почтада орын босайды екен. Сонда бірінші кезекте тұрған жоқ па едіңіз?

Мартин шақыру қағаз алғанын, бірақ бармағанын айтты.

— Болашақтан үмітім сондай зор, өзіме сондай сенемін,— деді ол қыз алдында ақталайын дегендей.— Бір жылдан кейін поштабайыңыздың қандайынан болса он есе артық ақша табатын боламын. Көрерсіз әлі.

— Ах!—деді де қойды оған Руфь. Орнынан тұрып, перчаткасын кие бастады.— Кететін уақытым болды. Тыста Артур күтіп тұр.

Мартин қысып құшақтап сүйді. Бірақ Руфь селқос тұр. Денесі бұрынғыдай қалтыраған жоқ, мойнынан айқара құшақтаған жоқ, ернінен сүйген жоқ.

«Өкпелеп кетті-ау,— деп ойлады Мартин, қызды шығарып салып, қайтып келе жатқанда.— Неге? Не үшін? Әрине, полисменнің бүгін тап бола кетуі өкінішті-ақ, бірақ бұл кездейсоқ нәрсе ғой. Бұған ешкім кінәлі емес». Мартин оқиға өзгеше болуға тиіс деп ойлаған да жоқ. «Әлбетте,— деп түйді ол ақыры.— Азды-көпті кінәм бар да шығар, почтаға бармауым да әнтек болар. Бірақ «Вики-Вики» осы қызға түбі ұнайды.

Ту сыртынан біреудің келе жатқанын сезді. Жалт қараса, почта таситын кісі таянып қалған екен. Мартин әдеттегісінше абыржып, оның қолынан ұзыншалау келген үлкен-үлкен қалың конверттерді алды. Ішінде бір кішкене конверт те жүр. Штампындағы «Нью-Йорк барлаушысы» деген жазу көзіне түсе кетті, бірақ конвертті ашқан жоқ. Тегі, бұл материалыңызды қабылдамадық деген хат болуға тиіс емес. Өйткені, «Нью-Йорк барлаушысына» ештемесін жіберген жоқ-ты. «Мүмкін, Мартиннің жүрегі дір ете түсті, мүмкін маған мақала жазуға заказ жіберген болар? Бірақ бұл сияқты орындалмайтын зор үміт ақталады деуге жүрегі дауалаған жоқ.

Ақыры ашып қараса, ішіндегісі ресми, қысқаша хат боп шықты. Редактор мына бір домалақ арыз алған едік. Қам жемеңіз. Редакция домалақ хатқа мән бермейді, деп жазыпты.

Хатты әлдебіреу баспахана әрпімен қолдан жазған. Өрескел арсыз донос: «Мартин Иден деген атпен журналдарға әңгіме-өлеңдерін жіберіп жүрген адам жазушы емес. Ескі журналдардан ұрлаған әңгімелерді машинаға қайта бастырып, өз атынан тоғытып жүрген бір сұм»,— депті. Конвертте «Сан-Леандро» штемпелі тұр. Мартин соған қарап, кім жазғанын біле қойды. Хаттың әрбір жолынан Хиггинботамның грамматикасы, Хиггинботамның қыршаңқы тілі, Хиггинботамның арам ниеті аңқып тұр. Қағазды сондағы туысына жаздырғанын да түсіну қиын емес.

Мұнысы несі деп ойлады ол ішінен.— Бернард Хиггинботамға не жаздым соншама? Иә, бұл бір өрескел ерсі қылық екен. Белгілі себебі бар деп те жоруға болмас. Бір жұманың ішінде шығыстағы журналдардан тағы он шақты осындай хат келді. Редакторлардың мұнысы адамгершілік екен деп ойлады Мартин. Көпшілігі танымаса да, тілектестігін білдіріпті. Домалақ арыздан жиіркенетіндіктері көрініп тұр. Сонымен ақылсыз неменің арам ниеті ақталмаған тәрізді. Қайта редакторлардың Мартин есіміне назарын аударып, пайдасы тиіп жүрмесін әлі. Кейбір редактор әңгімесін оқығанда: е, е, мынау әлгі домалақ арызда сөз болатын Мартин Иден екен ғой демей ме. Кім білген, шығармасына мұның шарапаты тисе де ғажап емес!

Шамасы осы тұста бір оқиға Мария Сильва алдында Мартиннің абройын айрандай төкті. Мартин бір күні үйге келсе, сырқаттанып қалған Мария жылап отыр екен; ауыр үтікті көтеруге шамасы келетін емес. Мартин бұл грипп болып ауырып қалған екен ғой деп ойлады да, Бриссенден әкелген бөтелкенің түбінде қалған вискиді ішкізіп, енді жатуың керек деді оған. Мария жатуға жағдайым келмейді, қалған кірді бүгін үтіктеп, иесіне апарып бермесем, ертең балаларым аш қалады деп болмады.

Сонан кейін Мартин қызып тұрған үтікті ала салып, киім үтіктейтін тақтайға жұқа бәтес кофтаны жая бергенде Мария жағасын ұстады (осы оқиғаны ол өле-өлгенше аузынан тастамайтын еді). Бұл осы кварталдағы сәнпаз сылқым Кэт Фленаганның мейрамға киетін ең тәуір кофтасы-ды. Мисс Фленаган кофтамды бүгін кештен қалдыра көрмеңіз деп зығырды егіп кеткен. Оның Джон Коллинз дейтін ұстамен көңілдес екенін елдің бәрі білетұғын. Марияның «жаяу-хабардан» естуінше, бүгін кешке сол екеуі Алтын Дарбаза бағына серуенге шығуға тиіс. Мария кофтаны бүлдіреді-ау осы деп, безек қағып еді, Мартин тырп етпеңіз, деп оны стулге отырғызып қойды. Мартиннің еркек басымен кір үтіктегенін көріп, қатты қайран қалған Марияның көзі шарасынан шығып кете жаздады. Он минуттің ішінде Мартин кофтаны қатырып, үтіктеп те шығарды және өнерін асырып жібергені сондай, Мария астапыралдау, өмірі киімді өзім де мұндай әдемі үтіктеп көргенім жоқ деп шынын айтты.

— Үтік ыстығырақ болғанда, мұнан да тез үлгіретін едім,— деді Мартин оған.

Марияның пікірінше, үтікті мұнан артық қыздыруға болмайтын секілді.

— Ал, кірге су бүрке білмейді екенсіз,— деді Мартин тағы да тек тұрмай,— кәнекей, қалай бүрку керек екенін көрсетейін. Сіз кірді тез үтіктегіңіз келсе, су бүріккен дымқыл кірді үстіне салмақ салып, біраз бастырып қою керек.

Мартин баздан барып жәшік алып келді. Оған қақпақ жасады. Балалардың тапсыруға жиған темір-терсегін әкелді. Су бүріккен іш киімді жәшікке толтыра салып, қақпағын жауып, үстінен кілең темір-терсекпен бастырып қойды. Дайындық осыменен аяқталды.

— Ал енді бері қараңыз,— деді де Мартин көйлегін шешіп тастап, қызаруға сәл қалған үтікті ала сала арпалыса кеп...

Сонан кейін, Марияның дүйім жұртқа жыр қылып айтуына қарағанда, масқара-ай, Мартин Марияға жүннен тоқылған бұйымды қалай жуу керек екенін түсіндіріпті-міс.

— Ол айтқан маған: «Мария, сіз үлкен ақымақ, мен сізге үйретеміс — осылай кирак». Ақыры қоймай үйретті. Он минутта машина жасады. Машина бір бочка, екі таяқ, күпшек.

Бұл лекерді Мартин «Қайнарбұлақта» жүргенде Джодан көрген. Мартин әуелі тегермештің күпшегін таяққа кигізіп, поршень жасады да, таяқтың екінші басына арқан байлап, оны ас үйдің үрлігінен өткізді. Бір қолыңызбен арқанның ұшынан тартсаңыз поршень кәдімгідей жүріп тұрады. Жүннен тоқылған бұйымды бөшкеге салып, сол құралмен сапсуға да, сығуға да болатын көрінеді. Мария баласының біреуін көрік басуға үйреткендей машықтандырып алды да, көзін ашты. Үлкеннің ісін құралмен титтей балаға істеттіріп қойған Мартин Иденнің тапқырлығын айтып жете алмады.

Бірақ өнерімен еңбегін жеңілдеткенімен осынан кейін Мария алдында Мартиннің қадірі кетті. Дардай көріп жүрген жігіттің бұрынғы кір жуатын жұмысшы екенін естігенде, түк беделі қалған жоқ. Кітаптарының да, былқылдаған жеңіл арбаға отырып келіп жүретін немесе ылғи виски бөтелкелерін қалдырып кететін маңғаз, қадірлі қонақтарының да сәні кетті. Бақса, Мартин де өзі сияқты жұмысшы екен ғой, екеуі де бір таптың адамы екен ғой. Пә-әлі! Бұған қарағанда Мартин өзіне әрі түсінікті, әрі бір табан жақын бола бастағандай. Бұрын таңырқатып жүрген тамаша сырдың енді сиқы кетті.

Мартин соңғы кезде туғандарынан да аулақтай бастаған. Мистер Хиггинботамның сәтсіз сандырағынан кейін Герман Шмидтің де күлмәні шығып қалды. Мартин бір кезде ұсақ өлең-әңгімелерін бастырып, шаруасын түзеген-ді. Бірсыпыра борышынан құтылып, костюмі мен велосипедін де қайтарып алған. Велосипедін аздап жөндеу керек болды да, болашақ жақынына іш тартып жақындасайын деген ниетпен, оны Герман Шмидттің шеберханасына жіберді.

Сол күннің кешінде-ақ ол велосипедін үйіне әкеп тастапты. Мартин бұған әрі таң қалды, әрі қуанды. Шмит те сырттан жақын тартып жүр екен ғой, велосипедін кезек күттірмей тез жөндеп, тіпті, үйге жеткізіп тастағанын қарашы, өзге шеберхананың ешқайсысы бұлай етпеуші еді деп риза болып қалды. Бірақ велосипедін жақсылап қараса, еш жерін жөндемепті. Бұ қалай деп, шеберханаға телефон соққан еді, Герман Шмидт-екең салған жерден: «Қарамды көрмеңіз» деп, қайырып тастады.

— Герман Шмидт мырза,— деді Мартин сабырлы үнмен,— қазір барып, сірә, құлағыңызды жұламын ғой деймін.

— Олай етер болсаңыз, полиция шақыртамын! Көрсетем мен сізге көресіні, білдіңіз бе! Төбелес шығарам деп ойламаңыз, ештеңе өнбейді онан! Сіз сияқтылар маған серік емес. Өйткені, сіз жатып ішер жалқау адамсыз. Білемін, ойыңыз мені майлы ішектей айналдыру ғой — болмайды ол. Мэриенге үйленеді екен, бұйырса, тонауға мен де кірісейін деп жүрсіз-ау, тегі. Өйткенше, адал кәсіппен неге айналыспайсыз? А? Кәне, айтыңызшы осыны!

ІІІын философ Мартин ашуға жеңдірмей сабыр сақтап, трубканы ілді де, пәлі дегендей бір ысқырды. Алғашында бұған күлкісі келген еді, кейін жалғыздық сезімі жеңіп, жабырқап қалды.

Ешкім түсінбейді, ешкімі жоқ, ешкімге керегі де жоқ. Бір ғана Бриссенден болмаса. Оның да қайда жоғалып кеткенін құдай білсін.

Мартин азық көтеріп, овощ дүкенінен шыққанда қас қарая бастаған. Бұрышта трамвайдан түсе қалған ұзын бойлы, ашаң денелі біреу көзіне оттай ұшырады. Қуанғаннан жүрегі алып ұшты. Бүл Бриссенден еді, терезеден түскен шам жарығымен Мартин оның қалталары қампайып тұрғанын көрді. Бақса бір қалтасындағы кітап, бір қалтасындағысы бөтелке екен.

Отыз бесінші тарау

Бриссенден көптен бері келе алмай кеткенін айтқан жоқ. Мартин себебін сұраған жоқ. Алдына буы бұрқыраған грог қойып, Мартин досының қуқыл, жүдеу кескініне жақсы көзімен соңырқай қарап отырды.

— Мен де қол қусырып, қарап отырмадым,— деді Бриссенден, Мартин соңғы күндері не жазғанын баяндап бергеннен кейін.

Ол қалтасынан қолжазба алып, Мартинге ұсынды, Мартин шығарманың атын көре сала досына аңқиып қарап қалды.

— Иә, иә,— деді күлімдеп Бриссенден,— шіркін, аты ат-ақ емес пе? «Фани дүние»... Бұл сөзді мен әуелбаста сізден естідім. Есіңізде ме, бір күні адам туралы әңгімелей келіп, оны «тұрлаусыз фани дүниенің тұрақсыз қонағы» дегеніңіз, адам баласы да жанды материя ғана, күн әлемінен өз орнымды табамын деп тырбаңдаған балғын бүршік деп едіңіз ғой. Осы сөздер көптен бері көкейімнен кетпей қойды. Онан арылу үшін түгелдей поэма жазуыма тура келді. Кәне, оқып жіберіп, пікіріңізді айтыңызшы.

Мартин оқыды. Елігіп, ентелеп, бір қызарды, бір бозарды. Шіркін, көркем шығарманың шұрайы екен. Егер ақыл-ойдың әрбір нәзік құбылысына қолайлы сөз табуды мазмұнның түрге енуі деп түсінсек, мына поэманы түр салтанаты деуге болар ма еді. Ақынның сөзін шебер қиыстыруына қатты сүйсінген Мартиннің көзінен ыстық жас келді. Бұл алты жүз немесе жеті жүз ауыз өлеңнен тұратын ұзақ поэма екен. Оғаш, таңғажайып тамаша, үрейлі дүние. Мұндай шығарма жазу ақылға сыймайтын, мүмкін емес іс сияқты. Бірақ оның аққа қарамен жазылуы хақ. Мұнда шексіз-шетсіз кеңістік әлемінен өтіп, сонау ең алыстағы күндер шеңберіне жетсем-ау дейтін ізденуші өжет адам баласының арманы сөз болады. Бұл әлсіз жүрегі әрең соғып жатқан, әлі тірі, бірақ өлешек бенденің басында аласұрған есалаң қиял. Поэманың салтанатты сарыны мен біркелкі ырғағынан планеталардың гүрілі, әлем шеңберінде түйіскен ақпа жұлдыздардың сатыры, отты бұлттардың жайқын жарығы түскен сонау қараңғы әлем шыңырауында соқтығысып жатқан жұлдыздардың дүрсілі естілгендей болады. Әлек болған әлем дүниесінің жан түршігерлік гүрсілі ішінде адам баласының сыңсыған жалынышты баяу ызыңы да құлаққа сезілгендей.

— Мұндай шығарманы әлі ешкім жазып көрген жоқ,— деді Мартин сөйлеуге тілі келген бір мезетте.— Бұл мүлтіксіз жазылған керемет дүние! Керемет! Мені мүлдем есімнен тандырып жіберді! Мынау мәңгі-бақи көкейімнен кетер емес. Ақылы жетпейтін жайларды түсінемін деп әуреленген адамның ызыңдаған үні құлағымнан кетер емес! Маған ол өкірген пілдер мен ақырған арыстандардың арасында өлгелі жатқан масаның ызыңы сияқты естіледі. Бірақ оның ызыңынан дүниеге тойымсыз құмары да сезілгендей. Менің сөздерім тым ерсі болса ғажап емес. Бірақ мынау поэмаңыз мені тербеп, тебірентіп әкетуі рас. Сіз... тіпті, не дерге де білмей отырмын, сіз данышпан адамсыз. Айтыңызшы, қалай жаздыңыз? Қолыңыздан осы қалай ғана келді!

Қызыл сөздің қызығына түсіп кеткен Мартин тыныс қайырғалы сәл кідірді.

— Мен енді жазуды қойдым. Менікі жазу емес, шатпақ. Шеберлікті сізден көрдім. Сіз данышпансыз! Жоқ, данышпаннан да жоғарысыз! Мынау қияли қиялдан туған шындық, шындықтың асылы. Догматик, түсінесіз бе? Сіздің сөзіңізді ғылым да бекерге шығара алмақ емес. Бұл сәуегейдің аузынан шыққан ақиқат. Өлеңнің құдіреті күшті ырғағы ғарыш түнегінен сомдап құйып шығарған сұлулық, даналық, данышпандық. Мұнан артық не айтайын! Мен жеңілдім, жермен-жексен болдым! Жоқ, тағы бір ауыз сөзім бар: поэмаңызды журналдардың біріне бастыруға рұқсат етіңіз.

Бриссенден қарқылдап күлді.

— Қой, бүкіл христиан дүниесінен мұны басатын журнал табыла қоймас! Оны өзіңіз де жақсы білесіз!

— Жоқ! Қайта дүниеде бұл поэмаға жармаса кетпейтін журнал жоқ деп ойлаймын. Мұндай туынды дүниеге жүз жылда бір келеді. Бұл күндік, жылдық поэма емес. Замана поэмасы.

— Өйдөйт деген!

— Қылжақты қойыңыз!— деді Мартин.— Редактордың бәрі бірдей топас емес. Бұған көзім жетті. «Фани дүниені» бірі алмаса, екіншісі алады. Бәстесесіз бе?

— Бәстесе алмаймын, себебі бар,— деді Бриссенден сәл кідіріп:— бұл поэма менің жазғандарымның ішіндегі ең тәуірі, өмірмен ақырғы арыздасуым — деді.— Мұны жақсы білемін. Мақтануға да, алдында бас июге де тұрарлықтай поэма. Әйтеуір, өзім оны вискиден де артық көремін. Жас шағымда, адамның арман аңсап, ойлаған мақсатыма жетемін деп талпынатын кезінде, өмірден күткен үмітім еді бұл. Мұратыма бір аяғым жерде, бір аяғым көрде тұрғанда жеткендеймін. Сөйткен дүниемді доңыздарға қор еткім келмейді! Жоқ, бәс тігіспеймін! Бұл менікі! Өзегімді жарып шыққан туындым. Оны тек сізге ғана көрсете аламын.

— Өзге дүниемді де ойласаңызшы,— деді Мартин.— Сұлулықтың мақсаты — сүйсіндіру, қуанту емес пе!

— Олай болса, мені қуантсын, өзімді сүйсіндірсін.

— Өзімшіл болмаңыз!

— Жоқ, мен өзімшіл емеспін,— деді Бриссенден айтар сөзін айтпай жатып, аузы тұшығандай езу тартып.— Мен аш доңыздай көпшілмін.

Мартин олай айтып, бұлай айтып, көндіре алмады. Бриссенденнің журналдарды жек көруі бір беткейлік, қисынсыз кежірлік, Эфес Дианасының храмын өртеген Геростраттың әрекетінен де өрескел іс, дегенді де айтты. Бриссенден грогін ұрттап қойып, сіздікі жөн дегендей басын изеп, отыра берді. Ол редактор атаулыны өлердей жек көреді екен, оларды тілдегенде Мартиннен асырып жібереді.

— Поэмамды машинаға көшіріп басып беріңізші,— деді ол,— сізден артық мұны ешкім баса алмайды. Ләкин, бір пайдалы кеңес айтайын.— Бриссенден қалтасынан қалың қолжазба суырып алды.— Мынау «Күн масқара болдыңыз». Үш рет оқып шықтым! Шығармаға осынан артық мақтау бола ма? «Фани дүниені» жер-көкке сыйғызбағаннан кейін менің үндемеуім керек еді. Сонда да айтпай болмас: «Күн масқара болдыны» бастырсаңыз үлкен шу көтеріледі, талас туады, атағыңыз жайылады.

Мартин қарқылдап күлді.

— Журналдардың біріне жібер дейсіз бе?

— Жоқ, бастырғыңыз келсе, олай жасамаңыз. Әуелі ірі баспалардың біріне ұсынып көріңіз. Қиялы не мас болған бір рецензент оқып шығып, мақұл көрмес пе екен. Кітапты көп оқығаныңыз көрініп тұр! Соның бәрі Мартин Иденнің миында қорытылып, «Күн масқара болды» арқылы қалыпқа қайта құйылыпты. Күндердің күнінде Мартин Иденнің даңқы шығашақ. Сонда оның атағына қосқан мына дүниенің үлесі аз болмасқа керек. Бастырушы іздеңіз. Неғұрлым тез тапсаңыз, солғұрлым жақсы!

Бриссенден сол күні ұзақ отырып қалған. Мартин оны трамвайға шығарып салған еді. Вагонға кіріп бара жатып, Бриссенден досының қолына бүктеулі бір қағаз қыстырды да:

— Ала тұрыңыз мынаны, бүгін сәті түсіп, атжарыста ақша ұтқан едім,— деді.

Қоңырау соғылды. Трамвай жүріп кетті. Таң-тамаша қалған Мартин қағазды ұстаған қалпында қала берді. Үйіне келгесін, ашып қараса, жүз долларлық банкі билеті екен.

Мартин ақшаны арланбай жұмсай берді. Досының сомалы екені өзіне аян. Көп ұзамай қарызын қайтарам ғой деп те ойлады. Келесі күні таңертең ол борышының бәрінен құтылды, Марияның пәтер ақысын үш ай бұрын төлеп қойды. Зақылетке берген нәрселерін түгел қайтып алды. Мэриеннің ұзату тойына арнап жасау сатып алды, Руфь пен Гертрудаға Мәулет күні беретін сыйлығын сатып алып қойды. Сильваның бүткіл семьясын ертіп, Оклендке алып барды, уәдесін (рас, бір жыл кешіккенімен) орындады. Марияға да, балаларына да башмақ сатып әперді. Балаларды ойыншық пен тәттіге қарық қылды.

Бәрі шұбырып тағам сататын дүкенге кіріп барса, Руфь пен шешесі екеуі сонда тұр екен. Миссис Морз ұялғаннан жерге кіріп кете жаздады. Руфь те не қыларын білмей сасып қалды. Руфь әрқашанда сырттай әдеп сақтағанды ұнататын. Мартиннің өңшең алба-жұлба португалдарды әспеттеп жүргенін жаратпай қалды. Мұнысы намысының жоқтығы, өзін-өзі қадірлемегені деп ойлады. Ең, жаманы бұл оқиға Мартиннің өз ортасынан жоғары көтеріле алмайтындығына дәлел деп ұйғарды. Бір жігіттің басына бұл ұят та аз емес. Мартиннің осы қылығын жұрт алдында, Руфьтің бастас адамдары алдында мақтан етуінің жөні жоқ еді. Руфь пен Мартиннің сөз байласы құпия сақталғанымен, сыбыс елге әлдеқашан тарап кеткен ғой. Сондықтан тағам сататын дүкенге сол күні әлдеқалай келе қалған Руфьтің таныстары атастырып қойған қыздың әлдекімнің арасында жүргеніне таңырқасты. Өз ортасының еркетотайы Руфь Мартиннің дарқан мінезін дұрыс түсінген жоқ. Қайта мұны масқара деп ұқты. Сол күні Морздардың үйіне барғанда Руфьтің бұлан-талан болып отырғанын көріп, Мартин әдейі алып келген сыйлығын ұсынуға да бата алмады. Қыздың көз жасын, ашу мен ызаға төзе алмай жылағанын бірінші көруі еді. Қатты қынжылып, не үшін екенін білмесе де, ішінен өзін-өзі хайуансың деп қойды. Өзі сияқты кедей-кепшікті бойына ар санау Мартиннің ойында да жоқ-ты. Сондықтан Мария Сильваның балаларына пайғамбар туған күні сыйлық әперіп, сорлыны бір қуантса, Руфьтің адамгершілігіне нұқсан келеді деп ойлаған жоқ. Бірақ ол Руфьтің өкпесі мен базынасын өз ауызынан естіп, кешірім етуге әзір еді және осының бәрі әйел баласының, соның ішінде ең асыл деген әйелдің де сабырсыздығының салдары шығар деп жуып-шаюға дайын болатын.

Отыз алтыншы тарау

— Жүріңіз, мен сізге «нағыз адамдарды» көрсетейін,— деді Бриссенден Мартинге бір күні январь айының ішінде.

Бұл ой оған екеуі Сан-Францискодан түскі тамақ ішіп, Оклендтің паромына енді ғана отырғалы тұрғанда келген. Осы сөзді айтты да Бриссенден жалт бұрылып, плащының етегі делегейленіп, қалаға қарай тартты. Ере бұрылған Мартин оған әрең ілесіп келеді. Жолда Бриссенден сыртына тал тоқыған құты ыдысқа құюлы екі галлон ескі портвейн сатып алды да, Мишен-стритке баратын трамвайға отырды. Сол трамвайға бірнеше бөтелке виски өңгерген Мартин де мінді. «Мені қазір Руфь көрсе, не дер еді» деген ой сап ете түсті оған, бірақ қазір оның есіл-дерті «нағыз адамдарда».

— Мүмкін, бүгін үйінде ешкім болмас,— деді Бриссенден екеуі трамвайдан түсіп, Маркет-стриттен оңтүстікке қарай айырылатын жұмысшы кварталының бір қараңғы орамына бұрылғансын.— Олай болса бүгін көптен іздегеніңізді көре алмайсыз!

— Ол не?

— Жаңағы нағыз ақылды адамдарды айтамып. Екеуіміз тұңғыш кездесетін шарапханадағы жаман саудагерлер секілді қу мылжың емес бұлар. Сіз кітапқа көп үңіліп, жалғыздық зарын талай тартқан жансыз ғой! Мен сізді солармен таныстырайын, өзіңіз сықылды олар да кітапқа көп қараған кісілер. Мұнан былай жалғызсырамайтын боласыз.

— Олардың ұзақ талас сөзінің маған қажеті шамалы,— деді Бриссенден бір квартал өткесін,— жалпы кітаби философияны суқаным сүймейді. Бірақ бұл кісілер буржуазиялық доңыздар емес, нағыз зиялылар! Сақ болыңыз, не туралы сөйлемесін, басыңызды айналдырып әкетеді!

— Нортон бүгін үйінде шығар,— деді ол аздан кейін, өкпесі қабынып, алқынып. Қолындағы портвейінді Мартин алғысы келіп еді, бермеді,— Нортон — идеалист. Гарвард университетін бітірген! Өте зерек адам! Идеализм ақыры философиялық анархизмге киліктіріп, семьясы өзінен безіп кетіпті. Әкесі — темір жол компаниесінің президенті, асқан бай миллионер, баласы — айына жиырма бес доллар жалақы үшін анархистік журналға редактор болып, Фрискода ішер асқа жарымай жүрген сиқы мынау.

Мартин Сан-Францисконы, әсіресе, қаланың бұл жағын жақсы білмеуші еді, Бриссенденнің қайда бастап келе жатқанын түсінбеді.

— Маған ол кісілер хақында толығырақ айтсаңыз, білгім келеді, қандай адамдар, қалай күн көріп жүр, қайдан келген?

— Гамильтонды кездестірсек жақсы болар еді,— деді Бриссенден солығын басу үшін сәл кідіріп.— Оның фамилиясы қос сөзден тұрады: Страун-Гамильтон. Өзі оңтүстікте тұратын байырғы семьядан шыққан, табиғатында кезбе, мейлінше жалқау адам. Осында бір кооперативте аптасына алты доллар алып, жұмыс істейді. Дұрысы, жұмысқа енді кірейін деп жүр. Кежегесі кері тартқан кезбенің өзі! Сан-Францискоға да сол кезбелікпен келіп шыққан болу керек. Бірде ол күн ұзын ас-су татпастан паркте скамьяда отырды да қойды. Менің қасыма еріп жүріңіз, ресторанға барып тамақ ішейік, осы арадан екі-ақ квартал жерде, деп едім, «әуреленіп қайтеміз, достым. Онан да бір пашке папирос алып беріңіз» деді. Ол да өзіңіз сияқты спенсершіл еді. Кейін Крейс оны материалистік монизм жолына түсіріпті. Өзін монизм туралы сөйлету керек. Нортон да монист. Бірақ оныкі идеалистік монизм. Нортонның Гамильтон, Крейс екеуімен таласы-ақ бітпейді.

— Крейс дегеніңіз кім?

— Қазір соның үйіне кіреміз. Бұрын профессор болған... Университеттен қуылған, осы кезде жиі кездесетін жайт қой бұл. Ақылды, өткір тілді адам. Кәкір-шүкір кәсіппен күнелтеді. Көшеде жүк тасушы да болды. Ырым-жырымды білмейтін бірбеткейлеу. Өліктің кебінін шешіп алудан да тайынбайды. Буржуадан айырмасы — ұрлығын айтып істейді, монтанысып, өзін-өзі алдамайды. Ол Ницше, Шопенгауэр, Кант туралы да еркін сөйлей беретін кісі. Ал ұстаған жолы монизм. Өзінің зайыбы Мериді де монизмдей мадақтамас. Тәңірісі — Геккель. Шамына тигіңіз келсе — Геккельді жамандаңыз. Мінеки, келіп те қалдық.

Брисседен жоғары көтерілмей тұрып, ентігін басайын дегендей, қолындағы құтыларын басқышқа қойды. Үй әдетте бұрышта тұратын екі этаж, астында салоны мен азық-түлік дүкені бар көп үйлердің бірі екен.

— Бәрі бір жерде, екінші этажда тұрады,— деді Бриссенден.— Крейстің ғана екі бөлмесі бар. Жүріңіз!

Жоғарыда жарық жоқ. Бриссенден қараңғыда үй иесіндей еркін жүріп келеді. Бір сәтте сәл кідіріп, Мартинге:

— Стивенс деген біреу бар, теософ,— деді. — Қызып алса, егескен кісісін жеңбей қоймайды. Жақында ресторанда ыдыс жууға орналасыпты. Жақсы сигараны жанындай көреді. Мешкей базарынан он центке тамақ ішіп, елу центке сигара сатып алатын трашыңның өзі. Соған керек бола ма деп екі сигара ала шықтым. Мұнда тағы бір австриялық тұрады, фамилиясы Парри, статистик. Өзін спорт жөніндегі жанды энциклопедия деуге болады. Парагвай елі бір мың тоғыз жүз үшінші жылы егіннен қанша өнім алды, немесе Англия бір мың сегіз жүз тоқсанышы жылы Қытайға қанша кенеп шығарды немесе Баттлинг-Нельсонды жеңген Джимми Брайттың салмағы қанша еді немесе Құрама Штаттарда бір мың сегіз жүз алпыс сегізінші жылы орта салмақтан чемпион атағын алған кім еді деп сұрастырсаңыз автоматтан тез жауап аласыз. Энди деген бір кісі бар, тас қалаушы — не нәрсе жайлы болмасын өзінше пікір айтып отыратын адам, шахмат ойынын өте жақсы біледі. Гарри деген бір наубайшы да тұрады осында, барып тұрған социалист, кәсіподақ қайраткері. Аспазшылар мен даяшылар ереуілі есіңізде ме? Соны ұйымдастырған Гамильтон. Крейстің бөлмесінде отырып, одақ құрған, ереуілдің жоспарын жасаған. Осының бәрін ол ермек үшін істепті. Артынан жалқаулығы ұстап, одақ жұмысына қатыспай кетеді. Қаласа, әлдеқашан көрнекті орында отыратын адам. Не шара, мүмкіншілігі зор бола тұрса да, жалқаулығы желкесінен тартып, жібермейді.

Бриссенден қараңғыда жүріп келеді. Бір кезде табалдырықтан жылтыраған жарық көрінді. Есік қағылды, әлдекім: «Кіріңіз!» деді. Бұлар үйге кірді. Мартин барып, Крейстің қолын алып амандасты. Ажарлы, тісі маржандай тізілген, қара мұртты, үлкен қара көзді, қара торы кісі екен. Аққұбаша келген жас Мэри кішкене бөлмеде ыдыс жуып жатты. Ол бұлардың ас пісіретін, әрі ас ішетен бөлмесі болса керек. Бірінші бөлме өздері жататын және қонақ күтетін жайлары сияқты. Бөлменің о шеті мен бұ шетіне жіп керіп, кір жайып қойыпты. Мартин қапелімде бұрышта әңгімелесіп отырған бөгде екі кісіні байқаған жоқ-ты. Бриссенден мен оның қолындағы құтыларын көргенде, үйдегілер самбырлап, қуанып қалды. Мартин таныса келе жаңағы бұрышта отырғандар Энди мен Парри екенін білді. Парри кеше болған бокс ойынын әңгімелеп отыр екен. Мартин де құлағын сала қойды. Бриссенден асығып-үсігіп, бөтелкелердің аузын ашып, пунш жасауға кірісті. Бриссенден «шақырыңыз бәрін» деген еді, Энди басқаларына хабар бергелі үйден шығып кетті.

— Жолымыз болды, бәрі де орнында екен,— деп Бриссенден Мартинге сыбыр етті.— Мынау отырған Нортон мен Гамильтон. Жүріңіз, таныстырайын. Стивенс әзір көрінбейді. Мен монизм туралы сөз қозғап, бұлардың делебесін қоздырайын.

Әдепкіде әңгіме оншама қыза қоймаса да, бұлардың ақылды, алғыр адамдар екені сезіле бастады. Әрқайсысының өзіндік пікірі бар. Сөздерінде қайшылық та жоқ емес, бірақ әзіл-мысқылын араластыра сөйлегенімен ұшқары пікір айтылған жоқ. Мартин олардың (не туралы сөйлесе де) ғылымнан зор хабардар екенін және өмір мен қоғам туралы өздерінің тұжырымды айқын пікірі барлығын аңғарды. Бәрі де елге ресім болған дайын пікірді қайталамайтын, қайта қажетті жерінде қасқайып тұрып, қарсы пікір айта алатын, пасықтыққа баспайтын қайсарлар тәрізді. Морздардың үйінде Мартин мұндағыдай тынысы кең, талғамы мен тақырыбы бай сөз естіп көрген емес. Дүниеде бұлардың талқысына түспейтін көп жоқ сияқты. Әңгіме біресе миссис Хэмфри Уордтың соңғы кітабынан басталып, аяғы Шоудың жаңа комедиясына ұласып кетеді немесе драманың болашағы жайлы сөз Мэнсфилд туралы естеліктерге жалғасады. Олар таңертеңгі газеттердің бас мақалаларын не мақтайды, не мысқылдайды. Жаңа Зеландия жұмысшыларының ахуалын, Генри Джеймс пен Брэндер Мэтьюзді сөз етеді. Германияның Қиыр Шығыстағы саясаты туралы және қоңыр нәсілді халықтардың қаупі дейтіннің экономикалық зардабы жайлы пікір айтылады, Германиядағы сайлау хақында және Бебельдің соңғы сөзі жөнінде сөз таластырады. Біресе жергілікті саясатты, социалистік партия басшыларының арасындағы алауыздықты, порт жүкшілерінің ереуіліне түрткі болған себептерді талқылап кетеді.

Мартин олардың не турасынан болса да айрықша хабардар екеніне таң-тамаша. Газетте ешуақытта жазылмайтын жайттар, нендей бір істің астарында қандай сыр жатыр, ол оқиға кімнің дүмпуімен осылай болып отыр — осының бәрін сайратып соғып береді. Әңгімеге ара-тұра Мэри де араласып кетеді. Мартин өзі танитын әйелдер арасынан ақылы мен білімі оған пара-пар келетін ешкімді таба алмай, таңырқап отырды.

Бұлар Суинберн мен Россеттиді әңгімелей келіп, француз әдебиетіне көшкен. Сол кезде Мэри сөзді Мартиннің қаперінде жоқ бір соныға қарай бұрып әкетті. Аңырып қалған Мартин реті келген бір сәтте «Күн масқара болдының» өзегі тәрізді өзіне қанық бір дәлелді алдына кесе-көледенең тартып, сөзден әрең тоқтатты.

Бөлмеге тағы бірнеше кісі келді, үй іші темекі түтінінен көкала тұман. Міне, осы тұста Бриссенден қызу айтысты бастамаққа бел байлады.

— Арамызда өнер тапсам, өнеге көрсем деген жауқазындай бір жігіт отыр, Крейс,— деді ол,— албырт жас Герберт Спенсерді пір тұтады. Кәне, шамаңыз келсе осыны Геккельдің жолына түсіріп көріңізші!

Крейс денесінен электр тоғы өткендей дүр сілкінді. Нортон Мартинге қарап, саспа жігітім, қасыңда қол ұшын беретін мен отырмын дегендей жымиып қойды.

Крейс қапияда Мартинге тарпа бас салған. Бірақ Нортон оқтын-оқтын қияңқы сөз тастап, аяғынан шалуын қоймады да, ақыры Крейс екеуі нағыз жекпе-жекке көшті. Олардың сөзін ұйып тыңдап отырған Мартин өз құлағына өзі сенбеді. Оған осының бәрі түсімде емес, өңімде болуы мүмкін бе және бір елеулі орында да емес, мынау Маркет-стриттің оңтүстігі секілді жұмысшы кварталында болуға ықтимал ма деген ой келді. Баяғыдан бері оқыған кітаптарына жан бітіп, бүгін тілге келсе болар ма. Екі шешен елеуреп, қызына-қызына сөйлейді, кейбір кісінің ашуланса, не арақ ішсе делебесі қозып кететіні бар ғой. Ал бұл екеуін пікір таласы — ақыл жарысы ғана арқаландыратын тәрізді. Бұлардікі Кант пен Спенсер сықылды мифологиялық пірлер таратқан семік, жазба философия емес, жанды философия, айтушының қаны мен тәніне сіңген, соның сөзі арқылы лебізі анық естілетін тірі философия. Өзгелері де бірте-бірте сөзге араласып немесе темекі тартып, әңгіме тыңдап отырысты.

Мартин ешуақытта идеализммен шұғылданып көрген емес. Нортонның айтуына қарағанда ол бір жаңалық сықылды. Әйтсе де Мартинге даусыз сияқты көрінген логика Крейс пен Гамильтонға ешқандай әсер етпейді. Қайта олар Нортонды сіз метафизиксіз деп әжуа қылады. Нортон жоқ, мен емес, өздеріңіз метафизиксіздер деп оларды кекетеді.

«Феномен», «ноумен» деген сөздер қайта-қайта айтылып жатты. Крейс пен Гамильтон Нортонға сіз сананы сананың өзімен түсіндірмек