Джек Лондон | Мартин Иден

Бірінші тарау

Алда келе жатқан жігіт француз кілтімен есік ашты. Оған ерген жас жігіт, табалдырықтан аттамас бұрын, әлденеге қолапайсызданып, жұлқа тартып, басындағы кепкасын қолына алды. Оның жұпыны шидем киімінен теңіз лебі аңқиды; кең холлға кірген кезде бұл жігіттің не қылса да берекесі қашайын деді. Кепкасын қайда қоярын білмей, қалтасына енді жытырғалы жатқанда серігі жайраңдап, өзімсініп, қолынан кепкасын ала қойған еді, оның бұл қылығы жігітке ұнап кетті. «Жағдайға түсінетін жақсы жігіт екен, тегі, ұятқа қалдырмас»,— деп ойлады ішінен.

Еденді жоғарылы-төмен теңіз теңселтіп тұрғандай ол найқалып, аяғын нығарлай басып, серігінің соңынан жүріп келеді. Алшаңдаған алпамсадай жігітке дағарадай бөлме тар көрінді — ол есіктің жақтауын иығыммен қағып кетер ме екем немесе каминнің үстінде тұрған жылтырауық-жарқырауықтарын ұшырып жіберем бе деп зәресі қалмады. Олай-бұлай орынсыз бұрыла бергендіктен, қайдағы жоқ бәлеге өзі бас болды. Рояль мен үстінде үйіліп көп кітап жатқан столдың арасынан алты адам еркін өтер еді, сол арадан әлденеге сасқалақтап, бір өзі әрең өтті. Соқталдай болып солбырайған екі қолын қоярға жер таппағандай. Бірде стол үстіндегі кітаптарды қағып кетем-ау деп, үріккен аттай орғып түскенде, рояльдің түбіндегі орындықты құлатып кете жаздады. Ол алдында алаңсыз еркін жүріп келе жатқан серігіне қарап, өзінің арпыл-тарпыл жүрісін ерсі көрді. Екі беті оттай дуылдап кетті. Маңдайынан шып-шып тер шықты, сәл кідіріп, орамалымен күнге күйген қоңырқай бетінің терін сүртті.

.....
Әңгімелер
Толық