Тарихтан сыр шертіп..


«Туған өлке батыры »
«Ереуіл атқа ер салмай,
Егеулі найза қолға алмай,
Еңку-еңку жер шалмай
Ерлердің ісі бітер ме» - деп әрі батыр,әрі ақын Махамбет Өтемісұлының ерлікке шақыратын екпінді, жігерлі қанатты сөзі жас ұрпақты жігерлендіріп келеді.
Елдің абыройы халықтың рухында жатыр. Рухы әлсіз халықтың болашағы бұлыңғыр. Қай мемлекет болсын өз іргетасын ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыпымен қабыстырған. Ата-бабаларымыз «Ақтабан-шұбырынды, алқакөл-сұламаны» бастан өткізіп, тәуелсіздіктің, ұлан-ғайыр даланың тарихын қан кешу арқылы тасқа басып кетті.Міне,бабалар аңсаған азат күнде өмір сүріп жатырмыз.
Отансүйгіштік қасиет әркезде де қастерлеуге тұратын қасиеттердің бірі. Осы ұғым біздің үлкен құндылығымыз болуы керек. Бабаларымыз ашаршылық пен ауыртпалықты бастан кешіп, жеңісті жақындатуға көп үлес қосты. Отан үшін от кешкен майдангерлер соғыс алаңында өшпес ерлік көрсетті. Бұл тарихқа алтын әріптермен жазылды. Олардың қаһармандық өнегесі бүгінгі жас ұрпақтың жадында мәңгі сақталуда.
Әр адамның Отаны туған жерге деген сүйіспеншіліктен басталады. Ал туған жерді сүю-ең алдымен өткенді білу.Осынау қойнауы қазынаға толы байтақ даланың бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғағанын ұмытпау –парыз. Отан сенің отбасыңнан, аядай ауылыңнан, сол жердің тасынан, суынан, топырағынан басталады. Қазақ жері-киелі,қасиетті жер,оны малмен, ақшамен, алтын-күміс, асыл тастармен бағалауға келмейді.
Осындай елі үшін ерлік көрсеткен ел қаһармандары менің туған жерім Ешім ауылында өте көп. Бұл аталарымыздың ерліктері жайлы жазатын болсақ, қаншама қалам, қаншама дәптер таусылар еді. Соның ішінде таңғажайып тағдыр иесі, халқымыздың біртуар асыл перзенттерінің бірі, тоқсан тоғыз тозақтан өтіп,сирек дарыны мен қайсарлығының арқасында совет заманында үлкен атақ-абыройға жеткен өндіріс сардары, шаруашылықтың білгір ұйымдастырушысы, Социалистік Еңбек Ері- Бірәлі Нұртазиннің өмір жолын өзек еткім келеді.
Еркіндік деген кішкене ауылда 1922 жылдың 22-желтоқсан жұлдызында шаруа баққан Әділұлы Нұртазаның шаңырағында әлде сегізінші, әлде тоғызыншы нәресте дүниеге келді.Оның бұдан туған ағаларымен әпкелері түгелдей шиеттей кездерінде-ақ, тоқтамай,шетінеп кетіп отырған болатын. Әлбетте, қазақ мұндайда,әсіресе,ырымшыл. Өздері өмірге келтірген он шақты баланың бір де бірінің көретін жарығы болмай үміттерін кесе беруі ата-анаға да ауыр қайғы,зор дағдарыс. Содан ағайын-туыс жабылып жүріп, тығырықтан шығар жол іздеп, баланы қайтсе шетінетпеудің амалын қарастырып, Нұртазаның немере бауыры Таласбайдың әйелі Бибіғайшаның қолына бір ұстатып иіскетпестен, анасының ақ уыз сүтінен бір де еміздірместен, өз бауырына салады.Сөйтіп сәбидің аты азан шақырылып Бірәлі деп қойылады.Пайғамбардың сүйген серігі, жерден шыққан Мәдіні жеңетін Әзірет Әліні еске ала отырып, бәле-жала жуымас есімімен қорғалып-қоршалып, осындай есім беріледі.Бір-Әлі. Иә,Бірге, жалғыз тұяққа , әрі оның өзі Әлі болса, құдай да тиіспейді. Түбінде осы ырымның айтқаны айдай келгенін көреміз.Ол- өмірдің талай өткелінен қасірет, қайығымен жалдап өткізетін ұзақ әңгіме.
«Қылышын сүйретіп қыс келеді» дегендей, қанқасап қырғынын қаптатып Қырық бірдің тажал соғысы келіп, есіре тайраңдап, қаһарын төкті. Тура он тоғыз жастағы Бірәлі Нұртазин 1941 жылдың 27-желтоқсанында Қызыл Армия қатарына шақырылды. Әуелі Ақмола қаласында екі айлық мергендер мектебінде оқыды. Содан соң қырық екінің ақпанында полк барлаушысы ретінде майданға кірді. Волхов, кейіннен Ленинград майдандарында шайқасты.1944 жылдың 11-қазанында Үшінші Прибалтика майданының құрамында Риганы азат етуге қатысты. Сол өжеттік соғыстың үш ордені, бірнеше медальдарымен аталып та өтілді. Бірәлі Нұртазин соғыс аяқталған соң да Днепропетровск қаласында, Киев әскери округы 14-гвардия атқыштар корпусының 43-ші Штепен бригадасында әскери міндетін ары қарай өтей берді. Бірәлі әскерден елге әне-міне қайтайын деп тұрғанда жазықты болып қалыпты. Қарамағындағылар неміс жерінен әкеле жатқанды ма, әлде өзіміздің қымбат затымызды ма, қолды қылып алып , жазаға тартылыпты.Соған дұрыс баскөз болмадың деп Бірәліні 25 жылға бас бостандықтарынан айыруға үкім шығарады.Тіршілік үшін тайталас күрес түрмеде де жалғасты. Бұларды соттан кейін Иркутск қаласында әкеледі. Осында қамаудағы Бірәлі оқу-өндірістік комбинатында құрылысшы-прораб мамандығын меңгеріп шықты. Әйткенмен, жарық сәуледен үмітін үзбеді, еңсесін түсірмеді,қайратын жоғалтпады. Орысша өте сауатты,көзі ашық,еті тірі жігіт ізденіп, шешесінің жалғыздығын, өзінің жазығы жоқтығын айтып, жоғары жаққа, Мәскеуге арыз-хаттарын жалықпай жолдай берді.Бірәлі Нұртазин бостандық алған хабарын Чукоткада жүргенде естиді.1954 жылы бостандыққа шығып, Ақмола облысының Жақсы кентіне оралды.
1969жылдың ақпанында ысылған өндіріс сардары Бірәлі Нұртазинді Қима ауданы «Ешім» кеңшарының директоры етіп жіберді.Ең алдымен айтатын қасиеті-Бірәлі Нұртазиннің іскерлігі,қарауындағы жұртты жұмысқа жұдырықтай жұмылдыру өнері.Өзін де аямайды, өзгеге де тыным бермейді, әйтеуір қандай шаруаны болсын тап-тұйнақтай қылып істетіп ретіне келтіріп қояды.Жасы да, кәрісі де,егдесі де,ересегі де, еркек –әйелі түгел Бірәлі Нұртазинге бас иіп,ардақтап,пір тұтып тұратын.
Торғай-Атбасар, Жақсы-Қима өңіріне аңыз болып тараған бір әңгіме, Бірәлі Нұртазиннің совет заманында анау-мынау басшының батылы барып,тәуекел етпейтін ерлікке барабар бір ісі-Есіл өзенін бөгеп,суын ойпаңдау аңғарына жайып, тоған жасауы еді.Нәтижесі неғайбіл істе басын бәйгеге тіккен, ол осы арқылы өз кеңшарының да,ауданының да жемшөп мәселесін түбегейлі шешіп берген болатын. Міне, осыны ерлік демей не дейміз,орасан зор көлемді,аудан,облыс,үлкен трестер ауқымында атқарылар «БАМ» деген атақ алған осынау толағай шаруаны қорықпай-үрікпей, ешкімге жалтақтамай, абыройы атқарып шыққан Б.Нұртазин бейбіт заманның жүрек жұтқан батыры демей не дейміз. Басқарған совхозы өндірістің қай саласынан болсын дүрілдеп тұрды. Егіні өнімді,малы өсімді, құрылыс қарқынды, экономикасы қуатты, халқының мәдени, әлеуметтік тұрмыс жағдайлары облыстың басқа шарушылықтарына үлгі етерлік дәрежеде еді.
Орталық мекендегі тамаша Мәдениет үйін, анау-мынау қалада да кездесе бермейтін үлкен аурухана ғимаратын, орта мектепті, балалар балабақшасын, екі-үш залы бар кафе-асханасын салып шығарды. Бәрі сәнімен қоршалып, ағаш отырғызылған. Орталық қоныста бу қазандығы салынып , тұрғын үйлердің тоқсан пайызына жылу тартылған.Өндірістік нысандар өз алдына бір төбе . Көше жолдары асфальтталған. Мал қоралары типті жобамен салынып, механикаландырылған. Ірі қара мал фермаларын аралығында ет өндіру жөнінен сол кезде бүкіл Одаққа танымал болып, аты шығып тұрған еді. 1969 жылы совхозда небәрі 2400 бас ірі қара, 16 мыңға жетер-жетпес қой бар екен. Егіншіліктің жайы да мәз емес.1970 жылдан бастап зерттеу жұмыстарын жүргізіп, мал тұқымын жақсартып, егін мәселесін жиырма жылға арналған жоба арқылы шешіп, совхозымызда 22400 бас қой, 30 мың гектардан астам алқапқа егін егілді. Қаз-үйрек, тауық өсіретін құс фермасы, кірпіш зауыты, ұн тартатын, мал азығын байытатын диірмені, шұжық цехы, тері илеу цехы, тұрмыстық қызмет үйі жұмыс істеді.Жасөспірімдердің спорт мектебі жұмыс істеді. Аудан орталықтарының өзінде бола бермейтін стадион да бар еді.
Бірәлі Нұртазин бұрынғы Қима ауданының орталығы болған Қима ауылында туған ғой.Ол өзінің осы туған ауылының өсіп көркейе түскеніне қуанатын, керек болғанда көмектесіп тұратын. Сол жерде екі қабатты үйлері, орта мектеп,Баспасөз үйі, көп пәтерлі бірнеше тұрғын үйлер,аудандық банк, т.б ғимараттарды салғызған еді. Қиманың көркін келтірген осындай-осындай оң өзгерістердің көпшілігінде осы жердің төл перзенті Бірәлі Нұртазинның де айшықты ізі жатқанына ешкім күмән келтіре алмайды.
Бірәлі Нұртазин аса зор абырой-беделіне, асқақ атақ-даңқына қарамай ізеттілікті, біреуге ілтипат жасап, құрмет көрсетуді білетін,жалпы алғанда, мәдениетті басшы еді.Бірәлі Нұртазин Еңбек Ері атағын алып, абыройы көтерілді.Онымен бірге ел-жұртының да еңсесі биіктеді.
Әрбір жаңа істі бірден жоғары дәрежеге көтеру қиын екені рас сол қиындыққа қарамастан туған жерін, яғни Ешім елін совет одағы кезінде барлығына танытты.Бұл кісінің еліне,Отанына деген махаббатың арқасында көптеген ерлікке қол жеткізді.Бірәлі Нұртазин өшпес іс істеп, өлмес өмір кешкен адам.Оның есімі ешқашан ұмытылмақ емес.
Отаншыл болу-ұлтжанды болу.Ұлтсызда Отан жоқ,болмақ емес.Ата салттың қадіріне жетпеген, ана тілін ардақтай алмаған бозөкпе отаншыл болып жарытпайды.Қай жерде «қарны тоқ,көйлегі көк » болса,сол жерді жайлы мекен санайды. Сондықтан ең алдымен ұлтымыздың тілін,дінін,салт-дәстүрін қорғауымыз керек.
Отаншыл болу-бір-біріңе бауырмал болу. «Жақыныңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін»дейді дана халқымыз. «Біріңді қазақ, бірің дос,көрмесең,істің бәрі бос» дейді кемеңгер Абай.Ынтымағы жарасқан елдің абыройы қашанда биік болмақ!
Ел-ұлтымыздың, халқымыздың алтын бесігі. Құт пен берекенің ордасы. Сондықтан, ел байлығының негізі, негізгі қоры-ауылда. Ауыл азаматтарына шаруашылық басқарған даналар мен дараларға қандай мақтау мен мадақтау айтса да артығы жоқ.
Азаматтың қасиетті борышының бірі-Отан алдындағы парызын өтеу.Сол парызымызды ақ жүрегімізбен өтейік,жас ұрпақ!


Индира Болатбекқызы



Пайдалы сілтемелер:


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
Пікір жазу