Ауылдық аймақтар - біздің мемлекетіміздің базасы


Статистика агенттігінің 2018 жылы 1 тамызда жасаған мәлімдемесінде, жыл басынан бері қала халқы 120 771 адамға өсіп, 10 544 340 адамға жеткені айтылған. Оның ішінде 34 521 – ауылдан көшіп келгендер. Бұл қала халқының өсімінің 1/4 бөлігін аймақтардан келгендер құрайды деген сөз. Жыл сайын бұл көрсеткіш өсіп келеді. Осы мәселеге назар аудару қажет. Урбанизация, қалалардың өсуі - ел дамуына үлкен қосады, бірақ оның кері әсері де бар.
Қазақ мемлекетінің өте үлкен аграрлық потенциалы бар. Ауыл жастарының көптеп қалаға көшуі тікелей осы салаға әсер етеді. Қазақ жастары – дарынды, талапты. Бәрі жақсы жұмыс жасағысы, үлкен мәнсабқа жеткісі келеді, бизнеспен айналысып, табысты болғанды қалайды, сондықтан «барлық жағдай жасалған» қалаға ұмтылады. Жігерлі, білімді жастарымыз оқуларын тәмамдап қалада қалып кететіні де сол.
Аймақтарға білімді дәрігерлер келмесе, мұғалімдер келмесе, «ауылды дамытамын, бизнеспен айналысамын» - деген өршіл жастарымыз келмесе, ол жерлердің «жағдайы жоқ» болып қала береді. Мұның бәрі көшуді одан әрі көбейте түспек. Сосын аграрлық потенциалымыз ашыла алмай жатқандығы үкіметтің «Жерді жалға беру» сынды мәселелерін көтеруіне алып келеді. Мемлекетте барлығы тығыз байланысты: бір осал тұс екіншісіне кері әсер етеді.
Ауылдық аймақтар - біздің мемлекетіміздің базасы. Ол жерлердегі медицина, білім деңгейін көтеру қажет, инфраструктураға, экологияға, социалды шараларға көңіл бөлу керек. Онсыз көшу үдейе түседі, урбанизация тез өз шегіне жетеді, дамуы бәсеңдеп, көптеген проблемалар пайда болады. Экономикалық проблемалардан бөлек, халықтың жағдайы ше?! Халыққа тек жақсы жұмыспен қамтамасыз ету ғана емес, жан жақты даму да керек. Олар жақсы, заманауи білім алу керек, сапалы медициналық қызмет алу керек, спортпен шұғылдануға мүмкіндіктері болу керек. Ауылдарда да саябақтар, кинотеатрлар, кішкене болса да ойын сауық орталықтары болуы қажет, су, газбен қамтамасыз етілу керек, жолдарды жөндеуі де бар. Еліміздегі көптеген ауылды аймақтарда кен орындары орналасқан. Сондай өңірлердің бірі Кеңқияқ, Сарыкөл ауылдық округтері.
Жоғарыда аталған аймаққа Кеңқияқ, Сарыкөл, Қопа, Құмсай, Бәшенкөл ауылдары кіреді. Жалпы 12 мыңға жуық халық тұратын, бұл өңірде мұнай кені бар. Кеңқияқ кен орны Қазақстанда мұнай, газ қоры бойынша 11 орында. Бұл жердің экономикалық потенциалы өте жоғары. Ауыл іргесінен мұнай өндіреді, егін егуге, мал шаруашылығымен айналасуға да үлкен мүмкіндік бар. Бірақ «мұнайдың үстінде отырған» жергілікті халықтың жағдайы төмен, ауылдардың «келбеті», экологиясы де жақсы емес. Көптеген проблемалар бар. Біріншіден, халықтың басым бөлігі жұмыссыз, әсіресе жастары. Оның себебі халық мұнай компанияларда жұмыс жасаудан басқа жол көрмейді. Мұнай өндірісі басқа салаларды алға сүйреу керек еді, бізде, өкінішке орай, керісінше: бұрын болған егін, мал шаруашылықтары, үлкен совхоздардан біреуі де қалмаған. Үлкен жерлерді алып алған жеке кәсіпкерлер мал өсіріп, табыс табады, онымен, өнімі ауыл базарынан аспайды. Алып отырған жері мен мемлекетке әкелген пайдасы сәйкес келмейді. Бірнеше мың гектар алып алғанымен импортқа, тым болмаса басқа облысқа сүт өнімдері де, ет өнімдері де шығарылмайды.
Бұдан бөлек экологиялық проблемалары бар: Кеңқияқ, Сарыкөл ауылдарының іргесінде көптеген ырғалғыш белдектер жұмыс жасайды. Мұнай жинайтын, тасымалдайтын цехтар бар. Өндіріс кезінде үлкен, кіші апаттар болып тұратыны белгілі. Оған қоса Кеңқияқ мұнайының құрамында күкіртті сутек пайызы жоғары. Мұнай аталған заттан дұрыс тазаланбайды, сосын мұнай қоймаларының басын ашып қойып, газ жиналудан сақтанады, бірақ ол халық денсаулығына зиян екенін ескеріп жатқан адамдар аз. Мұнай төгілу, газ бөліну, Темір өзенінің ластануы, жер асты суларының ластануы – осының бәрі шешуді қажет ететін өңірдің экологиялық проблемалары.
Ауыл инфраструктура деңгейі нашар,медициналық көмек төмен деңгейде көрсетіледі, маман жетіспейді, аурухана - екі қабатты, «мектепке барарда медосмотр өтетін жер» ғана болып тұр. Білім беру мекемелерінде мамандар жетіспейді, спорттық секциялар аз, спонсорлық көмек көрсетілмейді. Канализация, су құбырларының жағдайы нашар, әйтеуір бір жерде құбыр жарылып жатады. Туған жеріміздің проблемаларын тізбектей берсең, көп. Соларды шешу бүгінгі ұрпақтың міндеті! Кез келген ауылдың қиындықтарын шешуге болады. Бұл аймақ та солардың қатарына жатады.

Ол үшін белгілі шарттардың орындалуы қажет. Кеңқияқ, Сарыкөл арасы үш шақырым болатын, 11 мың халқы бар екі ауыл, екі округтың орталықтары да осылар. Бұл ауылдарда тұратын халықтардың басым бөлігі мұнай компанияларында жұмыс жасайды. Орталық болғандықтан мәдени, спорттық шаралаар да осында өтеді. Екі елді мекеннің канализациясы мен су құбырларынан бастау қажет. Құбырлары толығымен ауыстырудан өтуі керек.
Екінші мәселе қоқыс; қоқыс төгетін орын ауыл шетіндегі шұңқыр болып тұр, ол жерді барлық нормаларға сәйкестендіріп, қоқыс полигонының зиян әсерін барынша төмендетіп, дұрыстау керек. Сонан соң ауылда тал отығызып, көкалдандыруды қолға алу қажет. Аймақтың жері, топырағы ашық күрең түріне жататын болғандықтан және жауын шашынның жазғы мезгілде аз болғандығынан, тал отырғызып оның тез өсуін қамтамасыз ету үшін, жердің 50 см тереңдіктегі жоғарғы қабатын алып, 5 см ұсақ тас салып, оның үстіне 20-30 см көң тастау қажет (ауыл шетінде тау болып үйіліп жатыр) сосын оның бетіне топырағын саламыз. Міне осыдан кейін тал отырғызуды бастауға болады.
Үшінші: канализация суларын тазартатын цех жасау қажет. Ол үлкен қаражат қажет етпейтін жоба, ең бастысы аэротенк керек.Толық цех шамамен 1 гектар жерді алатын болады. Сол цехтың арқасында ағын суларды қайта тазалау процессінен өткізіп, жаңадан отырғызылған талдарды суаруға пайдалануға болады.
Спорттық секциялар ашу керек, ол үшін жаттықтырушыларды шақырту керек. Спорт академияларын бітірген жастарымыз бар, соларға зал ашып беру керек.
Медициналық қызмет көрсететін мамандарымызды толық аттестациядан өткізіп, білімі мен біліктілігін тексеру қажет. Өтпегендер жұмыстан босатылуы қажет. Жас мамандарды жұмысқа алу керек, сонымен қоса қаладан уақытша болса да тәжірибесі мол дәрігерлерді шақырту қажет, 2-3 жыл көлемінде жас мамандарға көп нәрсе үйретіп кетер еді. Жабылған перзентхананы қайтадан ашу қажет. Жедел жәрдем штаты үлкейтуді қажет етеді.
Аймақта мал шаруашылығымен айналысатындар көп. Бірақ жоғарыда айтылғандай барлығы мал бағуда көне тәсіл, құралдарды пайдаланады. Сондықтан шаруашылықтардың өсуі жоқ, өнімнің аймақтан асып, сырт өңірлерге экспорты жоқ. Сондықтан шаруашылықтардың малы есептеліп соған байланысты алып отырған жер көлемі қысқартылу қажет. Мамандар шақыртылып түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ортақ шешімге келе алсақ кооперативке қосқан жөн. Сол кезде мал шаруашылығы сүт, ет өнімдерімен осы аймақты, және 60 шақырым жерде орналасқан «Жаңажол» мұнай, «Қожасай» газ зауыттарының жұмысшыларын толығымен қамтамасыз ете алар еді. Одан бөлек жоғарғы қабаты алынып, жерге керекті күтімі жасалып, суымен қиындықтары шешілсе егін егіп, жылыжай салуға да болады.
Осындай кішігірім ғана қадамдар үлкен іске бастама болады. Ауылда сумен, канализациямен қиындықтар болмаса, қоқыс уақытымен шығарылып, тазалық жұмыстары жүргізілсе, жыл сайын көкалданып, талдар отырғызылып жатырса, шаруашылықтар дамып, керекпен қамтамасыз ететін болса, сапалы білім мен медициналық қызмет болса басқа салалар да дами бастайды.
Жоғарыда айтылған атқару қажет істің 20% ғана, соны іске асыруға 7-8 жыл уақыт керек. Бір іс екіншісін қозғайды, бастапқылары орындалса қалғаны инерциямен жасалады. Халық жалқау емес, халық ақымақ емес, халыққа концерт, фестивальдардың керегі жоқ; халыққа нақты шешімдер қажет, бағыт керек, ақыл керек, сонда Жер де, Ел де иесіз қалмайды. Сонда рухани жаңғыру болады, сол кезде Туған жерге келешек ұрпақтың махаббаты мен сүйіспеншілігі одан әрі күшейе түспек. Ауыл да қала да бірге дамуы қажет.

 

Ізімғали Ергенұлы



Іздеп көріңіз:

Қарап көріңіз:

Пікір жазу

Келесі мақала ашылудa...