Менің атам Отан үшін от кешкен

 Менің атам Отан үшін от кешкен

Ақтөреев Қонысбай
9-сынып Жәңгір хан атындағы ЖОББМ Бөкей
Ордасы ауданы Батыс Қазақстан облысы
Жетекшісі: Нұрғалиева Фарида Әбілкәрімқызы

Мамыражай бейбіт таңның бірі еді. Кенет батыстан от шарпыған қара түтін бұрқ етті. Дүниедегі өмір сүйгіш,тыныштық сүйгіш жүректер солқ етті.Адам да, жан-жануар да,жаңа ғана гүлге орана бастаған дала да күңіренді.Аналар аңырап,азаматтар күрсініп, балалар ұлардай шулап жатты. Әдемінің бәрін түтінге орап,тәтті сезімдерді мұңға айналдырған неміс фашизмі ашқан соғыс еді... Осы қанқұйлы соғысқа біреу жалғыз ұлын,біреу бауырын ,енді біреу сүйікті жарын қимай аттандарды. Отан қорғау-ұлы міндет. Бірақ тыныштықты, әсемдікті аңсаған Әйел-Ана жүрегі соғыс деген сұрапылға ерлерді езіле, егіле аттандырып жатқан-ды.Сол аттанған ердің бірі менің атам-Айтжан Ділешұлы. Айтжан атам 1917 жылы 1 қаңтарда Орда құмында дүниеге келген. Арғы аталарынан сынықшылық қасиет қонған отбасында үш қыз (апалары Нұржамал, Жұмаш және қарындасы Сақила) және жалғыз ұл менің атам- Айтжан тәрбиеленіп өскен. 1938 жылы әскерге шақырылған, атам Прибалтикада әскери қызметін өтеп, 1940 жылы елге оралған соң «Әжен»№88 түйе заводында бригадир болып қызметке тұрады. 1942 жылы соғысқа аттанады. Жапонияға қарсы соғыс ашылғанда Қытай халық Республикасында Манчужурияда және Жапонияны фашистерден азат етуге қатысқан.Сол кезде «Жапонияны азат еткені үшін» деген медаль берілген. 1946 жылы елге оралған.
Бейбіт өмірде одан кейін Ворошилов атындағы колхозда, Орда учаскелік ауруханасында, Орда совхозы құрылғаннан зейнеткерлікке шыққанға дейін жүргізуші болған. Өмірінің соңына дейін адам емдеп, халықтың алғысына бөленіп, талай сынық пен басқа да арудан тәні зақымданып ауырғандарға көмек көрсетіп, жандарының жай табуына көмектесіп, ілтипатқа бөленген жан. 1981 жылы музыкатанушы, қазақтың ұлттық музыка аспаптарының орындаушысы Болат Сарыбаев атамды арнайы іздеп келіп,танысып ,атамның әңгімелеріне қанығып,өз қолтаңбасы қойылған кітабын естелікке сыйға тартқан.Атам 1992 жылы дүние салды. Оның сынықшылық қасиеті Ұлы Руслан мен қыздары Айжан, Ақбалаларға дарыған. Олар қазір әкелерінің қасиетті ісін жалғап келеді. Әрине, мен атамды көргенім жоқ. Бірақ әжемнің естелік-әңгімелерін көп тыңдайтынмын.Үнемі біздерді айналып, толғанып мейірлене қарап отыратын шуақты көзі бір сәт алысты шолып, әжімді сұрғылт беті қоңырқайлана қалса, «ойын бөлмейік, бүгін әжем бір мұңды әңгіме айтатын болды ғой» деп, жанына үнсіз ғана жайғасамыз. Әжем кеудесін кере тыныстап, бір күрсініп алады да әңгімеге кіріседі: «Ол кезде аталарың- жап- жас жігіт. Аты өшкір фашист жастардың қандарын қарайтып, жан-жақтан өлім отын сеуіп, талай жас жүректерге жара салды-ау!..қар жастанып, мұз құрсап жүріп қанша жас замандасым жалындаған жастығын қара түнек соғыста өткерді.
Күллі әлемнің ашу-кегі,
Орна менің кеудеме кеп.
Жау жолында атам сені,
Бомба бол да жарыл, жүрек, -деп жер бетін тып-типыл етуге ұмтылған, аранынан алып әлемге алақұйын жалын шашқан сұрапылғақарсы аттанған ерлермен бірге сендердің аталарың да соғысқа аттаныпты, - дейді әжем. Отанға қара бұлттай қатер төніп, жантәніңді жаншып, қор етіп таптауға жанталасқан жауға қарсы азаматтармен бірге өрімдей жастар мен арулар да айқасыпты. Оларды осы қорқынышты өлім оғына қарсы екпіндете сүйреген Отанға,туған жерге деген махаббат еді.
Қасиет- күші ұлы Отанның ,
Қанатын бер қыран құстың!
Ашуын бер арсытаның,
«Жүрегін бер жолбарыстың» - деп замандас ақын Қасым Аманжолов жырлаған жыр әр жауынгердің және менің атамның да кеудесін өрлікпен кернеп жатқан-ау, сірә. Менің атам Жапонияны азат ету майданына қатысқан, бірнеше медалі бар. Дүниенің сан тарабынан жиналған жауынгерлердің түрі, діні, тілі әр басқа болғанымен, тілегі бір еді. Ол-фашизмнен жер жүзін азат ету, аналардың жүзіне қуаныш, сәбилерге тыныш ұйқы әперу. Сол мақсатты ұстанған бар жауынгер дос, бауырға айналып, жұмыла жүріп, аш құрсақ, ұйқысыз жүріп, жаздың аптабында таңдайлары тамшы суға зарығып кезерсе, қыс айларында аязды боранды қудыраған сұр шинельді пана тұтып, жатса төсек орын ғып жастанып, жауға төтеп берді. Жау оғы жауынгерлерді күнде сан мыңдаған майдандасынан айырылды. Оның өзі олардың жауға деген ызасын күшейтіп, жеңістің жақындауына үлесін қосып жатты. Осы жарқын күнді жер жүзіне сыйлау үшін тірі қалғандардың кейпін ақын тілімен былай көрсетер едім:
Мен қолымды көміп кеттім майданда,
Мен аяқты беріп кеттім майданда.
Мен күнімді беріп кеттім майданда,
Мен тілімді беріп кеттім майданда.
Әй, дүние, Зағиптарды тыңда сен,
Әй, дүние,алыптарды тыңда сен.
Әй, дүние, Олар қолын,аяқтарын бермесе,
Әй, дүние, Сен түрегеп тұрмас ең!
Иә, менің атам майданнан аман-сау оралған. Бірақ жиырма бес пен отыздың аралығындағы жастығы майданда қалды. Әр адам өз жастығын тамсана, тәтті сағынышты сезіммен еске алса менің атам,о ның замандастары,жарлары соғыс пен тұстас келген балалықтары мен жастығын мұңданып, күңірене еске алады. Оны мен өз әжемнің әңгімесінен білемін. Ерлер майдан шебінде жүргенде елдегі аналар, қариялар,арулар мен балалардың жүгі ауыр еді. Себебі ауылдың бар шарусы солардың мойнында болатын. Олар азаматтардың нардай жүгін арқалап,талмай қызмет етті. «Бәрі де майдан үшін!» деген ұранмен қаруланып тер төкті.
Әсіресе, Республика бойынша соғыстың оты шарпыған біздің аймақтағы жағдай тым ауыр еді. Біздің ауданның аналарының қолы колхоздың ауыр еңбегінде болса,төбеден ыңылдап келіп қалған жау самолетінің бомбатажалынан «балам сау қалс» деген үрей ана жүрегіне алаң әкелетін. Себебі, Сталинград майданы тым жақын еді. Майданның қару-жарақ палатасы Орда ауылында орналсуы жергілікті халық үшін қауіп төндірсе, Сайқын, Жәнібек, Шоңай елді мекендеріндегі адамдар майдангерлерден кем зардап шеккен жоқ. Темір жол торабы арқылы майданға аттанған жауынгерлер эшалонын, қару-жарақтарды жау күнбе-күн бомбаның астына алатын. Жау бомбасының дүмпуі, бомбаланған эшалондардың күл талқаны шығып жайрап қалуы, жараланған адам, қан, ыңырсыған үн жерлестеріміздің құлағында қалып, санасында сақталғандай...
Сайқын, Шоңай, Жәнібектерден әлі күнге дейін жау бомбасы табылып, залалсыздандырылып келеді. Бұның өзі соғыстың ызғарлы ізі жойылмағандығын көреміз.
Міне, бүгін әр таңымыз арайланып атып, күн шырайлы батып жатқан кезде өмір сүріп отырмыз. Биыл Ұлы Жеңіске 71 жыл толмақ. Өз замандастарыма: -«Осы күн бізге оңай келген жоқ,сондықтан бізге бейбіт күн сыйлаған ата-бабаларымызды құрметтеп, олардың рухына тағзым ете жүрейік»!- дегім келеді.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
» Елімізде TikTok желісі бұғатталуы мүмкін бе?
» Елімізде су тасқынынан зардап шеккендердің қандай мүліктеріне өтемақы төленеді?