Қазақстандықтардың ерлігі

 Қазақстандықтардың ерлігі

Жанел Дидар
10 сынып, №8 орта мектеп Астана қаласы
Жетекшісі: Утепова Салиха Камбаровна

Менің тамырымда қазақтың қаны, жүрегімде қазақтың сезімі, санамда қазақтың ойы сайрап жатыр.
Менің ата –бабам сахара даланың төсінде өсіп, саф ауасымен тыныстанған, қыран құстай еркін , тұлпардай жүйріктігімен танымал, ерлігі дастандарда жырланып, батырлары еліне қамқор болған . Осындай батырлық пен ержүректілікті Ұлы Отан соғысы жылдарында ерлік жасаған ата – бабаларымыз-дан да көреміз.
Соңғы деректерге қарасақ, Ұлы Отан соғысы жылдарында кеңестік республикалардан 27 миллионнан астам адам фашизмнің құрбаны болыпты. Бұл дегеніміз 27 миллион адамның арманы талқандалып, үмітін үсік шалды деген сөз емес пе? Осы миллиондаған халықтың ішінде 410 мыңдай қазақтың шығыны туралы ғана мәлімет берілген . Бірақ мұнда республикадан тыс жерлерден майданға аттанған қазақтар, еңбек армиясынан оралмай қалғандар, майданда алған жарақаттан қаза тапқандар туралы анықтама берілмеген. Қуғын –сүргіннен аман қалған қазақ зиялыларының майданға аттанып мерт болғандары туралы да нақты деректер жоқ. Бұлардың арасында Отанына адал қызмет етіп, елін, туған жерін көркейтуге үлес қосатын нағыз ғалым, ақын-жазушы, өнер адамдары мен қоғам қайраткерлері, жаңашыл жастардың мезгілсіз мерт болғанын білгенде өзегіңді өрт өртейді. Тыныш жатқан бейбіт елдің мазасын алып , шырқын бұзған, өздерін басқалардан жоғары санаған, менменшіл, қанжүрек фашизмге лағнет айтқың келеді.
«Ер сын кезеңде сыналады» дегендей бейбіт өмір мен Жеңіс күнін көре алмай, ажалымен бірге арманын да өзімен бірге суық қабірге алып кеткен, ерлігі аңызға айналып, есімі тарихта өшпестей із қалдырған қазақстандық ата – бабаларымыз бен әже- апаларымыздың өмір жолдарын есте сақтау- жас ұрпақтың міндеті. Шығыстың қос шынары атанған Әлия мен Мәншүк апаларымыз тірі қалғанда бірі ұлы дәрігер, бірі ұлағатты ұстаз болар еді ғой. Жаудан қорықпай қазаққа тән өршілдігімен аты аңызға айналған Төлеген Тоқтаров ағамыз өз қайсарлығымен басқаларға үлгі болып, қоғам, азамат алдындағы парызын орындайтын қазақтың ұлт перзенттерінің бірі болар еді. Өзін ұлы Шыңғысханның ұрпағымын деп сол кезде –ақ бар әлемге жар салған Баубек Бұлқышев өз туындыларымен қазақты әлемге танытқан ұлы жазушылардың бірі болары ақиқат еді. Өзі ажал құшатынын біліп тұрса да, өз өлімін емес, елінің тағдырын ойлап, дұшпанның санын аз да болса азайтуды ойлаған, жау танкісінің үстіне ұшағын құлатқан Бақтыораз Бейсекбаевтың ерлігі де - қазақтың нағыз азаматтарының ержүректілігінің дәлелінің бірі.
Иә, осы аға-әпкелеріміз өздеріне Алланың берген өмірін жасағанда қазақты сол кезде –ақ дүниежүзіне танытып, әлемді дүр сілкіндіретін ұлы тұлға болары сөзсіз еді. Себебі бұл жандардың арманы асқақ, мақсаты биік, болашағы жарқын еді. Бұлар өз ата – анасын, бауырларын, туған жерін, халқын сүйген ұлтжанды өз елінің сүйікті перзенттері болған. Мәншүк те, Әлия да, Бақтыораз да- тағдырдың қатыгездігін жастайынан ерте сезініп, жетімдіктің ащы дәмін ерте көрген жандар. «Халық жауы» деген қара таңба бұлардың отбасын, бауырларын, өмірін күл-талқан етсе де, олар тек өздері үшін ғана емес,кешегі зұлымдықтың құрбаны болған ата- аналарының аттарын ақтап алу үшін, оларға Кеңес үкіметі тарапынан қиянат жасалынғанын дәлелдеу үшін әрқайсысы қан майданға өз еріктерімен, жүрек қалауымен аттанды. Өз елін, туған жерін, Отанын қорғау жолында олар ата – анасына жасалынған кешегі қиянатты әшкерелеп, шындықты дәлелдеу үшін күресті. Олар бар жоғы жиырмадан енді ғана асқан қырдың қырмызы қызғалдақтары мен иілмейтін елдің ерендері еді. «Отанына опасыздық жасаған ата – анадан» елін қорғайтын , еліне қорған болатын, қиындықтан қорықпайтын мұндай перзент тууы мүмкін еместігін батырларымыз өз ерлігі мен өлімі арқылы дәлелдеп көрсете білді. Мәншүк, Әлия, Тоқтар, Бақтыораз т.б.-өздерінің ғана емес, ата-аналарының да есімін ұлт есімінде мәңгі қалдырған қазақтың батырларының тұяғы, аттары аңызға айталған шежіресі бола білді.
Қазақ халқы соғыстың қасіретін тек майданда ғана емес, қазақ жерінде, тылда да көп қиындықтарды көрді. Азаматтары майданға аттанып, жұмыстың бәрі елде қалған еңкейген кәрі мен еңбектеген баланың еншісіне қалды. Әйелдер үйдегі бала тәрбиесін қарт енелеріне қалдырып, малдың соңында, егіннің басында күні- түні тыным таппай, үй бетін көрмей жұмыс істеді. Қарт әжелер де бос отырып әңгіме айтуға мүмкіндік болған жоқ, лыпылдаған шам жарығында жүн иіріп, шұлық, қолғап тоқып, тон тікті. Осы заттарды майданда жүрген жауынгерлерге жіберіп, өз перзенттерінің, өзгелердің амандығын, тілеуін тілеп білген дұғаларын оқыды.
Қазақ жеріне жау қолында қалған жерлерден көшірілген , майданға қаружарақ, зеңбірек, оқтар шығарылатын кәсіпорындар мен өндіріс құралдары жеткізіліп, тылдағы ат төбеліндей қалған азаматтар мен нәзік жандылардың, ерте есейген , бірақ әлі бұғанасы қатпаған балалардың иығына түсті. Олар тәулік бойы жұмыс істеп, ұйқыдан, тамақтан, күлкіден қалса да, еңселерін түсірген жоқ. Себебі олар жасаған бір оқ -жау солдатын жер жастандыратын оқ, олар шығарған зеңбірек жау қолында қалған жерді азат ету үшін атылатын қару екеніне сеніммен бүкіл күш-қайратын жұмсады.
Өздері қиындықтың қасіретін көріп отырса да, қазақ халқы өзінің қонақжайлық ақкөңілділігін, жанашырлық мейірімділігін жерінен пана іздеп келген басқа ұлт өкілдеріне көрсете білді. Тарыны бөліп , нанды үзіп, өз үйінің бұрышынан мекен, жүрегінен жылу берген қазақтың ұлылығына талай өзге ұлт өкілдері куә болып, өздеріне қамор болғандарға әлі күнге дейін өздерінің ризашылығын білдіруде.
Менің халқым - қиындықты да, қуанышты да өзгелермен бірдей бөлісетін, қайғысы мен қазасын қасіретке айналдырмай, келер күннен үміт етіп, өткен күнге шүкіршілік ететін халық. Олар ерлікті қан майданда ғана емес, өз атамекенінде де жүріп жасай білді. Қандай жағдайда да өзінің тектілігі мен тегін ұмытпаған халық ұрпағының болашағы мен келешегі үшін күресе алады.
Екінші дүниежүзілік соғыс- ХХ ғасырдағы болған ең үлкен қасіреттің бірі болды. Менің тілейтінім, менің ата- анам, халқым, болашақ ұрпақ, бүкіл әлем бұл қасіретті өз басынан екінші кешпесін. Барымызды аялап, барлығымызға шүкіршілік етейік. Халқының азаттығы мен болашағы үшін шаһит болғандардың рухына бас иіп, болашақты сақтандырайық. Ол үшін тарихымызды, болмысымызды ұмытпайық


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!