Балқаш көлі

 Балқаш көлі

Манатбек Ажар
6 сынып, № 15 орта мектебі
Балхаш қаласы
Жетекшісі: Ибрайбекова А.Н.

Балқаш өңірі - әрі жылы, әрі күн сәулесі көп түсетін, табиғаты жағынан Қазақстандағы тартымды жерлердің бірі. Шөлді болып келетін қуаң дала, Балқаш көлінен нәр алады. Бұл аймақ өзінің әсем көрінісімен, ерекше өсімдіктер және жануарлар дүниесімен белгілі. ХХ ғасырдың 50-жылдарына дейін бұл жерде хайуанаттар қожасы жолбарыс болған. Өтуге болмайтын шытырман тоғайдың арасынан жабайы шошқаны да кездестіруге болады. Іле өзенінің атырауын секемшіл елік, сайғақ пен қарақүйрық, түлкі мен борсық мекендейді. Көлдің шеткері түпкірлерінде қызғылт және бұйра бірқазан құстар ұя салып, бакландармен бірге үлкен сап түзеп, көлде жүзіп жүреді.
Бұл аймақтың өсімдіктері әсіресе елсіз даладағы шабындықтар мен батпақты жерлердегі өсімдіктер, өзара үйлесімдік тауып, далаға ерекше нәр беріп тұрады. Олар: сексеуіл, жыңғыл, жусан, қарандыз, мия, түйетікен және сасыр. Сулы жерлердің бәрінде де қамыс, жөке, құрақтар өседі. Балқаш өңірінде сасыр, жусандар мен араласа өскен қызғалдақ пен бәйшешекте даланы ерекше сәнге бөлеп тұрады. Балқаш көлі – Каспий теңізі мен Арал теңізінен кейінгі ірі көлемді және ағынсыз су қоймасы. Балқаш көлінің ерекшелігі – оның жіңішке бұғазбен жалғасып жатқан батыс пен шығыс бөліктерінің минералдарының екі түрлі болып келетіндігінде. Бұл көл төрт облысты – Алматы, Қарағанды, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарын тоғыстырып тұр. Батысында ең сусыз және тіршілік иелері аз кездесетін Бетпақдала жерімен шектеседі.
Негізінен, Балқаш көлінің шығуы жайлы аңыз кең тараған. Ол былай болған екен.
Бұдан көп ғасырлар бұрын көлдің батыс жағалауында мыңды айдаған бір байдың ай мен күндей сұлу, ақылы асқан, келбеті жарасқан қызы болыпты. Қыздың аты Балқия екен. Ата-анасы, ауыл аймағы еркелетіп, оны Балқияжан, Балқаш деп атап жүріп ақырында Балқаш деп атап кетіпті.
Күндердің күнінде осы Балқаш айдай толып, алмадай пісіп, кемеліне келіп бой жетіпті. Осы шақта жастайынан айттырып, қалың малын тегіс төлеп бітірген бай құдалық қамына кірісіп «қамдана берсін, келінімді биыл күзде түсірем» деп қыздың әкесіне сәлем жолдапты. Бесік құдасынан хабар келген әке қам жасай бастайды. Ал айттырып қойған күйеудің тілі сақау, есерлеу жігіт екен. Балқашқа бұл хабар төбесінен тас түскендей болып тиеді. Ас

ішпей , ұйқы кірмей, сарғайып, сола бастайды. Мұны сезген ата-ана, ағайын-туған «бір байдың еркесі, өсе келе есі кіріп , ел ағасы болып кетеді», «Ақ батаны, шариғат жолын бұзуға болмайды» - деп жұбатысады. Күнде ойын, күнде думан жасап, көңілін бөлмек болады. Қайғы-қасірет жүрегін кернеген Балқаш, мұның біріне де назар салмайды. Жадыраған жаз өтіп, қоңыр күз келе жатады. Қыз елден безіп қаңғырып өлсе де, есуас сақауға бармауға бел байлайды. Өзімен көңіл қосып жүрген осы ауылға ертеден сіңісіп кеткен, еті тірі Ерден деген жігітке Балқаш жолығады.
«Қайтсең де мені мына пәледен құтқар, өле-өлгенше алдыңнан шығып, айтқаныңды екі етпеймін, өлсең көріңе бірге түсейін»- деп асылып отырып алады. Паналар жері, бетке ұстар елі жоқ жігіт не істерін білмей қатты қысылады. Ақыры, қыздың зарынан қабырғасы сөгілген, бір жағынан жатқа қиғысы келмеген ер көңілді жігіт, бір түнді қызды атпен алып қашады . Барар бағыты бұдан бір жыл бұрын жау алған жылқыны іздеп жүріп кез болған қалың қамысты үлкен көл. Мұз қатқанша соның жағасында жасырынып жатып, қысқа қарай оның аржағына, Ұлы жүз еліне өтіп кетпек болады.
Екі жас түн жамылып, тау бөктерлеп, жапан түз сусыз шөлді кезіп өтеді. Қамыстың құрағы күректей, сабаулары білектей, толқыны жар соққан үлкен көлге де келіп жетеді . Аттарын арқандап тастап, қамыстан күрке жасап, мұздың қатуын күтеді. Ауыл бұлардың қайда кетіп, қайда қонғанын білмей елден – елге кісі шаптырып, сұрау салып, сабылысуда болады. Ерден күндіс аң аулайды. Балқаш жартасқа шығып, ұшқан құсқа асыр салып, ойнаған шабақтарға қарап, бір ғана соны ермек етеді. Елін сағынып, болашағын ойлап зар қағады:
Бұл көлдің біз жатырмыз жағасында,
Өмірдің өлім менен арасында.
Шабақтай мына жүрген тайраңдаған
Туған ел, қайран жұртым қаласың ба?
Уа, шіркін, құс боп ұшсам қанат бітіп,
Балық боп су астымен кетсем зытып,
Қолында дұшпанымның пенде болмай.
Қор етіп көрінгенге мазақтатып,
Құдай-ау, шыбын жанды бердің неге?
Күндер өтіп , күн салқындап, көлдің қататын мезгілі де жақындай бастайды. Екі жас мұны асыға күтіп, жүректері алып-ұшуда. Өстіп жүргенде бір күні іңірде арқандаулы аттар осқырып, аласұрады. Қостан жүгіре шыққан Ерден екі аттың жанында жарғалы тұрған қабанды көреді. Жігіт мұны көре сала қос жанында жатқан сойылды ала жүгіреді. Аттарды құтқармақ болып, жанталдасып жүрген Ерденді қарыстай ауызымен түйреп өтеді. Сол мезетте осқырынған арқандаулы аттар байлауын үзіп қашады. Қабан солардың соңынан кетеді.
Бағанадан бері безек қағып, маңайларына бара алмай жүрген Балқаш жүгіріп келіп, қызыл қанға боялып жатқан Ерденге бас салады. Сүйемелдеп қосқа кіргізіп жарасына қараса қабан шабын жарып кеткен екен. Киіз тоқымды отқа күйдіріп, жарасына басады. Күл себеді. Ал босанған сәйгүліктер сол кеткеннен елге барып тіреледі....
...Бұл күндері жарасы денесіне жайылып өне бойын қанды ірің кеулеп кеткен Ерденнің әлі азая бастайды. Қыршын жас көп ұзамай қайтыс болады. Жалаң түзде жан жолдасынан айырылып, қыс Балқаш ботадай боздап, жалғыз қалады. Еңіреген өксігін басып, есін жиғаннан кейін, қостың жанындағы майда құмды қазып, астына қамыс төсейді. Ерденді арулап көмеді. Жас қабірді құшақтап жылаған Балқаш енді өзіне ор қазады. Содан кейін дүниемен қоштасу үшін жартастың басына көтеріледі.
Осы мезетте иек ортадан бір топ атты сау ете қалады. Қыз олардың ішінен өз туыстарын, қайын жұртын таниды. Қолға түсіп, пенде болмас үшін Балқаш жар соғып, көбік шашып жатқан көлге секіреді. Қаңқылдаған қаз, сұңқылдаған қу көлді айнала ұшып, адамзаттың аруы Балқашты жоқтасты. Содан бері, көл баурайын жайлай қонған ел, көлді Балқаш атап кеткен екен.
Балқаш қаласы келешекте әлем таңғалатын теңдесіз саяхатшылар мекені, шипажай – демалыс орындарына айналатын қала болатынына сенімдімін. Өйткені қазірдің өзінде еліміздің әр өңіренен, алыс- жақын шетелден де қонақтар келіп демалады.
Бұл менің қалам, туған жерімнің ырысымен, байлығымен мақтанамын.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!