Зәр шығару жүйесіне не жатады? Жаратылыстану, 4 сынып, қосымша материал.


Әдістемелік нұсқау

Жаратылыстану

4-сынып

Зәр шығару жүйесінің жұмысы.

Адам ағзасы тіршілігіне қажетті қоректік заттарды тамақтану арқылы алады. Тамақтану арқылы ағза өседі, дамиды. Ағзаға түскен тағам ас қорыту мүшелерінде қорытылады. Қорытылған тағам қан арқылы бүкіл ағзаға тарайды. Қорытылмаған тағам ас қорыту мүшесі – тікішек арқылы сыртқа шығарылады.Ағзадан сонымен қатар артық су, зиянды және улы заттар шығарылады. Бұған қатысатын мүшелер зәр шығару мүшелері деп аталады. Оларға бүйрек, несепағар, қуық, зәр шығару жолы жатады. Ағзадағы қан бүйрек арқылы өтеді. Қан ағзадан жиналған зиянды және улы заттарды бүйрекке әкеледі. Бүйректің негізгі қызметі – қанды керексіз заттардан тазарту және зәр түзу. Бүйрек – үрмебұршаққа ұқсас жұп мүше, қызғылт қоңыр түсті. Бүйректің сыртқы жағы дөңес, ішкі жағы ойыс болып келеді. Бүйректің ойыс жағында несепағар орналасады. Несепағар – бұлшықеттен түзілген түтікше тәрізді мүше. Несепағар бүйректі қуықпен жалғастырады. Түзілген зәр несепағар арқылы өтіп қуыққа жиналады. Қуық – бұлшықетті мүше. Қуықта зәр уақытша жиналады. Қуық толған кезде бұлшықет жиырылып, зәр сыртқа шығарылады. Зиянды және улы заттардың дер кезінде ағзадан шығарылмауы адам өмірі үшін өте қауіпті. Бүйрек – адам ағзасы үшін маңызды мүше. Бүйректің түрлі ауруларынан сақтану үшін қарапайым ережелерді орындау қажет. Мысалы, тағамға тұзды аз мөлшерде қолдану, денеге салмақ түсіретіндей ауыр көтермеу, бүйрекке суық тигізбеу, шынығу, зәрді уақытында шығару. Бүйрек арқылы ағзадағы бүкіл зиянды заттар өтетіндіктен, онда тас жиналу қаупі зор. Сондықтан суды көбірек ішу бүйректі тазартуға көмектеседі.Адам ағзасындағы керексіз заттар тері арқылы да сыртқа шығарылады. Терлеген кезде тері арқылы термен бірге артық тұздар шығарылады. Өкпе арқылы көмірқышқыл газ шығарылады.

Адам ағзасындағы мүшелер.

Адам ағзасының мүшелері салынған плакат немесе муляжбен жұмыс істеңіз немесе оқулықтағы суреттерге назар аударуын сұраңыз.

1–3-сыныптарда осы тарау бойынша алған білімдерін қайталау үшін адам ағзасындағы мүшелерді атап шығуды сұраңыз. Алдымен адам денесінің сыртқы мүшелерін еске түсіріңіздер. (Бас, қол, аяқ, кеуде, мойын, құрсақ, шынтақ, тізе, қар, сан, жамбас, табан, саусақ, бақай, білек). Тірек қимыл жүйесінің қызметі туралы сұраңыз (Бұлшық еттер мен қаңқа). Енді ағзаның ішкі мүшелерін және оларды қан-дай жүйелерге жатқызатынын еске түсіртіңіз. (Асқорыту жүйесіне ауыз, жұтқыншақ, өңеш, асқазан, ашішек, тоқішек, тікішек жатады. Тыныс алу мүшелерін мұрын, жұтқыншақ, көмей, кеңірдек, бронхылар мен өкпе құрайды. Қанайналым жүйесі жүрек және қан тамырларынан тұрады.) Қай мүшелер ешбір жүйеге енбей қалды? (Бүйрек, қуық). Бұл мүшелерді білетін балалар болуы мүмкін немесе атай алмауы да мүмкін. Сондықтан олармен таныстырып өтіңіз. Осыдан соң «Бүйрек жеке қызмет атқаруы мүмкін бе?» – деп сұраңыз. Балалар «Мүмкін, себебі ас қорыту, қан айналым және тыныс алу жүйелеріне қатыспайды», – деп жауап беруі ықтимал. Мұндай жағдайда оларға барлық ағза мүшелері бір-бірімен тығыз байланысты екенін, бүйректің де белгілі бір қызмет атқаратынын және белгілі бір жүйеге кіретінін айтыңыз да, толығырақ танысу үшін оқушыларға келесі тапсырмаға көшуді ұсыныңыз.

Зәр шығару мүшелері.

Оқушылардың назарын оқулықтағы схемаға аударып, онда не бейнеленгенін сұраңыз. Онда зәр шығару мүшелерінің атаулары (бүйрек, несепағар, қуық) жазылып тұрады. Оқушылар сол бойынша зәр шығару жүйесімен танысады, оған қандай мүшелер жататынын атайды, бұл мүшелердің қалай жұмыс істейтінін болжайды. Оқушылар тақырыпты дұрыс түсіну үшін, тапсырманы дұрыс орындау үшін жетекші сұрақтар қойыңыз. Мысалы, «Біз күнде түрлі сусындар, шырындар ішеміз, тағам жейміз. Олар қайда кетеді? Оны сыртқа шығаруға қандай мүшелер қатысады? Олар қалай орналасқан?» – деп сұраңыз. Схема бойынша жауаптар алғаннан кейін адам ағзасы өзіне пайдалыны сіңіріп, керексіз зиянды заттарды шығаратынын айтыңыз. Оқушылар тікішек арқылы тамақ қалдықтары, тыныс алу мүшелері арқылы көмірқышқыл газ шығарылатынын үшінші сыныптан біледі. Ал ағзадағы артық сұйықтықтың, яғни зәрдің зәр шығару мүшелері арқылы шығатыны туралы өздері қорытындылауын қадағалаңыз. (Бүйрек, несепағар, қуық –зәр шығару мүшелері).

Зертте.

Оқушылар зерттеу барысында зәр шығару мүшелерінің әрқайсысы қандай қызмет атқаратынын анықтайды. Ол үшін қосымша ақпарат көздерін беріңіз. Сондай ақ «зәр жинау», «зәр өткізу», «қанды тазарту», «зәр түзу» деген сөздер жазылған үлестірме парақшалар таратып беріңіз. Тақтада зәр шығару мүшелерінің кестесі ілініп тұрады.

Зерттеу жүргізуге арналған нұсқаулық.

• Ақпарат көздерімен жұмыс істейді.

• Зәр шығару мүшелерінің қызметі жазылған

жапсырмалар әзірлейді.

• Жапсырмаларды зәр шығару мүшелерінің тұсына

жапсырады.

• Сыныптастарына зәр шығару мүшелерінің

қызметін айтып береді.

Зерттеу барысында оқушылар зәр шығару мүшелерін, орналасуын және қызметін анықтап үйренеді. Зерттеу жұмысын қорыта келіп: «Қандай зәр шығару мүшесі ең маңызды қызмет атқарады?» – деп сұраңыз (Әрқайсысының өз қызметі бар. Олар бір-бірімен байланысып

жұмыс істейді).

Жауап

1. Бүйректің қызметі – қанды тазарту, зәр түзу.

2. Несепағардың қызметі – зәр өткізу.

3 Қуықтың қызметі – зәр жинау.

Ойлан

Оқушылардан адам ағзасындағы керексіз заттар зәр шығарудан басқа тағы қалай шығарылатынын сұрап көріңіз. Адам спортпен айналысқанда, ауыр жұмыс істегенде, ыстықтағанда терлейді. Ағзадан су және артық тұздар тері арқылы шығарылады. Ал өкпе арқылы көмірқышқыл газ шығарылады.

Сен білесің бе?

Оқушылардан адам ағзасында қан-ша қан болады деп сұрап көріңіз. Ересек адамда 5–6 л.

Олар қанайналым жүйесімен бұрыннан таныс, қанның қан тамырларының бойымен үздіксіз қозғалыста болып, денені айналып жүретінін біледі. Қан бүйрек арқылы өтіп, тазаратынын, бүйрек арқылы тәулігіне шамамен 1500 л қан сүзіліп өтетінін айтыңыз.

Бүйректі күту.Әңгімелесу барысында бүйректің ағзадағы маңызды мүше екенін түсініп, оны күту, сақтау керек деген қорытындыға келген соң, бүйректі сақтау жолдары туралы ереже жазуды тапсырыңыз. Жұмысты топта не жұпта ұйымдастырған тиімді. Ережелер шамамен «уақытында зәр шығару, ауыр көтермеу, бүйрекке суық тигізбеу, өте ащы және тұзды тағамдарды пайдаланбау, көбірек су ішу» т. с. с. болуы мүмкін. Ережелерді өздері

қалаған формада көрсете алатынын айтыңыз.

Есте сақта!

Зәр шығару мүшелеріне бүйрек, несе-пағар, қуық жататынын есте сақтайды. Сондай-ақ балалар зәрді уақытында шығару керектігін білуі керек.

Өзіндік жұмысты ұйымдастыруға арналған ұсыныстар

33-жұмыс парағы. «Зәр шығару жүйесі», 35-б.

Зиянды заттар. Оқушылар адам ағзасынан бөлініп шығатын зиянды заттарды әр дене мүшесінің астындағы бос жиектемелерде жазады. Бұл тапсырма оқушылардың

білімін нақтылауға және тақырыпты қаншалықты меңгергенін анықтауға көмектеседі.

Жауабы:

Тері – ағзадағы артық су мен тұздарды бөліп шығарады.

Өкпе – көмірқышқыл газды бөліп шығарады.

Ішектер – қорытылмаған қалдық заттарды шығарады.

Бүйрек – қанның құрамындағы зиянды заттарды шығарады.

Дұрыс нұсқаны таңда. Тапсырма оқушылардың зәр шығару мүшелері туралы білімін бекітуге арналады.Оқушылар дұрыс жауапты белгілейді.

Жауабы: Ә) 1 – бүйрек; 2 – несепағар; 3 – қуық

34-жұмыс парағы. «Зәр шығару мүшелерінің қызметі», 36-б.

Сәйкестендір.Тапсырма оқушылардың зәр шығару мүшелерінің қызметі туралы білімін бекітуге арналады. Оқушылар кестеде берілген зәр шығару мүшелері мен олардың қызметін сәйкестендіре білуі керек. Кесте астына әр сұрақтың тұсына дұрыс жауапты жазады.

Жауабы: 1 – Б, 2 – А, 3 – Ә.

Сыныптасыңды тексер. Өтілген тақырып бойынша 3 сұрақ және жауаптарының нұсқаларын құрастырып жазады да, сыныптасына ұсынады. Бұл тапсырма өзінің де, сыныптасының да тақырыпты қаншалықты меңгергенін анықтауға көмектеседі



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу