Ш.Айтматов «Боранды бекет» романы. Қазақ әдебиеті, 10 сынып, қосымша материал. 2 сабақ.


Мұғалім оқушыларға «Боранды бекет» романын оқытуда қаламгер өмірі мен шығармашылығынан үзік сыр шертер қосымша ақпараттарды оқуға ұсынуына болады.

 

Ш.Айтматов және қазақ әлемі. 10 дерек

Аса көрнекті қаламгер, Қырғызстанның Халық жазушысы, қоғам және мемлекет қайраткері, Қырғызстан Ғылым Академиясының, Еуропа Ғылым Академиясының академигі, Социалистік Еңбек Ері Шыңғыс Төреқұлұлы Айтматов 1928 жылы 12 желтоқсанда Қырғызстанның Қазақстанмен шекаралас Талас өңіріндегі Шекер аулында дүниеге келді.

Төреқұл, Нағима және Шыңғыс Айтматовтар

«Адамзаттың Айтматовы» атанған даңқты жазушының өмірі мен шығармашылғында Қазақстанның, қазақ халқының, оның ішінде белгілі әдебиет пен өнер, ғылым қайраткерлерінің орны ерекше. Біз төменде осыған байланысты он деректі ұсынып отырмыз:

1. Шыңғыс Айтматовтың есімін белгілі қазақ ғалымы Бейсембай Кенжебаев қойған.

Бұл турасындағы мәліметті жазушы Әлібек Асқаровтың «Алатаудың арғы жағы, бергі жағы» атты мақаласынан («Егемен Қазақстан», 11 қараша, 2017ж.) табамыз. Мақаладан үзінді келтірелік: «Бүгінгі әдеби сынның марғасқаларының бірі Құлбек Ергөбек айтқан мына бір естелікті естігенде біз де қайран қалғанбыз...

Атақты әдебиеттанушы ғалым, Құлбек Ергөбектің рухани әкесі Бейсембай Кенжебаев пен Шыңғыстың әкесі Төреқұл Мәскеуде И.В.Сталин атындағы Күншығыс еңбекшілері коммунистік университетінде бірге оқыпты. Олар айнымас достар болыпты. Достықтары соншалық, университетті бітірерде: «Үйленіп, перзент көрерміз. Сонда бірімізден ұл, бірімізден қыз болып жатса, атастырайық, екеуміз бел құда болайық. Егер екеумізден де ұл болса, Шыңғыс қағанның атын берейік, ал егер екеумізден де қыз болса, Шолпан деп атайық», - деп қол алысып, төс түйістіріп серттесіпті. Кейін, отызыншы жылдардың ортасында екі дос Мәскеудегі тағы бір жиында кездесіп қалады ғой...

Көрнекті әдебиеттанушы ғалым Бейсембай Кенжебаев

Сұрастыра келсе, екеуінің де тұңғыштары ұл болыпты, екеуі де ұлдарына Шыңғыс деп ат қойыпты. Бұл да ежелден келе жатқан ұлы достықтың жүрек тебірентер бір көрінісі-ау! Сол достықтың белгісінің бірі – әлемге әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматов, бірі – Мәскеудегі В.Суриков атындағы Көркемсурет институтын қазақ арасынан тұңғыш оқып шыққан, ұлттық өнерімізде қайталанбас қолтаңбасы бар майталман суретші Шыңғыс Кенжебаев. Өмірде ештеңенің де кездейсоқ болмайтынына осындайда көз жетеді. Ертеңгі күні әлемге мәшһүр жазушы болатын Айтматовтың есімін қазақтың әйгілі әдебиеттанушы ғалымы Бейсембай Кенжебаев қойған екен!»

2. Шыңғыс Айтматовтың орта мектептен кейінгі кәсіби білім жолындағы сапары Қазақстанда басталған.

Болашақ жазушының әдебиет әлеміне сапары түп-түзу болған жоқ. Ең әуелі мүлде басқа мамандықты таңдап оқуына тура келіпті. Шыңғыс Айтматов орта мектептің 8-сыныбын бітіргеннен кейін, Жамбыл мал дәрігері-зоотехникалық техникумының «ветеринария» бөліміне түсіп, оны ойдағыдай тәмамдаған.

3. Шыңғыс Айтматовтың жоғары білімді маман ретіндегі тұңғыш еңбек жолы Қазақстанда басталған.

Жамбыл мал дәрігері-зоотехникалық техникумын аяқтағаннан кейін Шыңғыс Айтматов аталған мамандығы бойынша жоғары білім алу үшін Қырғыз ауыл шаруашылығы институтына түсіп, ойдағыдай тәмамдайды. Институтты бітірген соң Қазақстанның Жамбыл облысы Талас ауданындағы Қазақ зоотехникалық-малдәрігерлік ғылыми-зерттеу институтының эксперименттік фермасында зоотехник болып 1953 жылдан 1956 жылға дейін қызмет жасайды.

4. Шыңғыс Айтматовтың әлемдік деңгейдегі үлкен жазушы болуына алғаш жол ашып, батасын берген – қазақ жазушысы, академик Мұхтар Омарханұлы Әуезов.

Қазақтың заңғар жазушысы, Мемлекеттік және Лениндік сыйлықтар жөніндегі комиссия мүшесі Мұхтар Әуезов жас жазушы Шыңғыс Айтматовтың «Жәмила» хикаятын жаңашыл, тың туынды ретінде бағалайды.

Аталған шығарма «Новый мир» журналына 1958 жылы Мұхтар Омарханұлының алғысөзімен жариялануынан бастап, Кеңес Одағы мен әлем оқырмандарына Шыңғыс Айтматовтың аты мәшһүр болады.

5. Шыңғыс Айтматов шығармаларындағы оқиғалардың шамамен 70 пайызы қазақ жерінде өтеді.

Ш. Айтматовтың жалпы шығармашылық ғұмыры түгелге жуық қазақ жерімен тікелей байланысты десек те болады. Шекаралас ауылда туып-өсуі, білім алуы, азамат ретінде қалыптасып, үлкен өмірге жолдама алуының әсері оның шығармаларының өне бойынан көрініс тауып отырады. Солардың бірі – «Жан пида» романындағы көптеген оқиғалар Шу алқабында, қазақтың шексіз жазирасында өтеді.

Боз селеулі қазақ даласы

6. Шыңғыс Айтматовтың алғашқы романы «Боранды бекетті» (1980 ж.) жазу идеясы қазақ топырағында дүниеге келген.

«...Боранды бекет» романының жазылу тарихы, оның сюжетіне түрткі болған экономика ғылымдарының докторы, академик Бақберген Сәрсенұлы Досманбетов. Шыңғыс Айтматов Люксембургте елші болған кезіндегі екі рет болған кездесуіндегі өзара әңгімелері арқылы жақсы жеткізіпті. Жетпісінші жылдары пойызбен Шыңғыс Мәскеу жақтан келе жатқанда, Қазалы стансасынан қырғызға ұқсас қазақ отырған бейтаныс шалдың әңгімесін негізге алып, "Боранды бекет" повесін жазған. Б.Досманбетов "Сүйем сені, Сыр елі" атты өмірбаяндық деректі кітабында Шыңғыс ағаның сөзін былайша баяндайды: "Міне, сол шал Төретамға дейін 1,5 сағат ішінде "Боранды бекет" романының жалпы желісін айтып берді.» (Қ.Құдайбергенов. «Тағдыртабыстырған қос тұлға» «Әлімсақ» журналы, 25.12.2015 )

"Боранды бекет" кітабы

7. «Қызыл алма» туындысының жазылуына досы, академик ғалым, жазушы Зейнолла Қабдолов себепкер болған.

1963 жылы желтоқсанда Зейнолла Қабдолов бұл туындыны орыс тілінен қазақ тіліне аударады. Шыңғыс Айтматов «Қызыл алма» туындысының соңында «Оқушыларға екі ауыз сөз» деп арнайы түсініктемелік тұрғыда былай деп жазады:

8. Қыз Жібек» фильмінің сценарийін Мәскеудің өткізуіне Шыңғыс Айтматов күш салып, мақұлдатқан.

Сұлтан Қожықов, Ғабит Мүсірепов т.б. қазақтың әр сала бойынша марғасқаларының біріккен туындысы, қазақ киносының жауһары «Қыз Жібектің» экранға шыққанға дейінгі жалғасатын ұзақ жолы кедергілерге толы, аса ауыр болыпты.

«... «Қыз Жібекті» жетпісінші жылдары Мәскеудің алпауыттарынан жұлып алып берген Шыңғыс Айматов екен. Беделін салып, сценарийін бекіттіріп береді. Бүгінгі компьютерлік технологияның өркендеп, киноиндустрияның дамыған тұсында қаншама көркем фильм өмірге келіп жатса да, «Қыз Жібек» өзінің биігінде қалды, қазақ киносының қайталанбас классикасына айналды.

9. Қазақстанның елордасы Астана қаласының сол жағалауындағы жаңа көшелердің біріне Шыңғыс Айтматовтың есімі берілген.

Ш. Айтматов атындағы (бұрынғы атауы — №199 көше) жалпы маңызы бар магистральді жолдың сегіз қозғалыс жолағы бар. Көше 2016 жылы 1,8 шақырым ұзындықта Қорғалжын тас жолынан Сығанақ көшесіне дейінгі учаскеде салынып, пайдалануға берілді.

Астанадағы Ш.Айтматов көшесі

Бүгінде көшені Сығанақ көшесінен Ұлы дала көшесіне дейін 3 шақырымға ұзартып салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған жол учаскесінде көлік қозғалысы 2019 жылы басталады, ал құрылыс жұмыстарын толық аяқтап, пайдалануға беру 2020 жылға жоспарланған.

10. Шыңғыс Айтматов – қазақ әдебиеті мен мәдениеті мен өнерінің көрнекті өкілдерімен достық, туысқандық жақын қарым-қатынаста болды.

Менің шетелге шығарда төлқұжатымдай қастерлеп өзіммен ала кететін екі ұлы есім бар. Бірі – Манас та, екіншісі – Мұхтар Әуезов. Мен әрқашан сол екеуінің әруағына сыйынып жүремін», - деген сөз қалдырған Шыңғыс Айтматов заңғар Мұхаңа айнымас адал іні бола білді. Шыңғыс Айтматовпен Зейнолла Қабдолов, Қалжан Нұрмаханов, Тахауи Ахтанов, Қалтай Мұхамеджанов, Сейдахмет Бердіқұлов, Асқар Сүлейменов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Нұрлан Оразалин, Мұхтар Шаханов т.б. қазақ қаламгерлері шынайы достық рәуіштегі шығармашылық байланыс орнатты.

Асылбек Байтанұлы

https://adebiportal.kz/kz/news/view/21044



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу