Ш.Айтматов «Боранды бекет» романы. Қазақ әдебиеті, 10 сынып, қосымша материал.


Мұғалім оқушыларға «Боранды бекет» романының тарихи және көркемдік құндылықтарына талдау жасау барысында ғылыми тұрғыда жасалған талдауларды қосымша оқуға ұсынуына болады.

 

Адам қайткенде адам болып қалады

Ш.Айтматовтың «Боранды бекет» романында қоғамдағы аса қауіпті құбылыстың бірі мәңгүрттік мәселесін, яғни адамзат баласы сана-сезімінің құлдырап, рухани катаклизмге ұшырай бастағандығын көтерді. Жазушы жарық дүниеге алып келген өз анасын атып өлтірген қазақ аңызындағы мәңгүрттік көрінісін суреттей отырып, осы бір жеке адамның басындағы трагедияның жаңа дәуірде бүтіндей бір ұлттың өзінің тілін, тегін, дінін ұмыта бастаған жалпы қоғамдық, ұлттық трагедияға айналып бара жатқанына жұртшылық назарын аударды. 14.11.2018 1683 Facebook Twitter Google+ Pinterest Vkontakte Telegram Романда экологияға ұрынып жатқан табиғаттың, адам баласының жай-күйін суреттей отырып, жалпы адамзаттың болашақ тағдыры туралы проблема кө- терілген. Оқиға бас кейіпкер Едігенің теміржолда бірге істейтін досы Қазанғаптың дүниеден өтуінен өріс алады. Суық хабарды естіген Едігені көп ойландырған, толғандырған – қазаның өзі ғана емес, Қазанғаптай ұл да, қыз да өсірген ардагер азаматтың демі үзілер шақта жанында аузына су тамызып, басын сүйеп, бетін жабар жан болмай, қаңыраған бос үйде жан тапсыруы. Едігенің еш кедергіге қарамай, өз досы Қазанғапты Ана-Бейітке жеткізуді мақсат етуі – оның адамгершілік сана-сезімінің табиғи көрінісі. Автордың бейнелеуінде өмірдің қазығы – Едігелер. Олар үшін өткен тарих, бүгінгі күн, болашақ – біртұтас. Бұлар – бірінен-бірі өрбіген, бірінсіз-бірі жоқ даму кезеңдері. Оны үзбейтін, өмір отын сөндірмейтін, тарихты жалғастыратын – осы Едіге секілді бүгінгі күннің абзал жандары. Қарапайым еңбек адамы Едігенің бір күні – ғасырға бергісіз. Едігенің бейнесі, оның бастан кешірген оқиғаларды еске алуы арқылы суреткер өткенді, бүгінді, болашақты біртұтас күйінде бере алған. Ұлттық сана-сезімі жоғары бас кейіпкер нағыз гуманист, адамгершілігі биік азамат бейнесінде көрінеді. Жазушының ойынша, адамзат қоғамын адам ретінде сақтап тұрған – Едігелер. Романда Едігеге қарама-қарсы сомдалған бейне – Қазанғаптың жалғыз ұлы Сәбитжан. Сәбитжан – рухани мәңгүрт жан. Мәңгүрт ұғымын алпысыншы жылдары көркем әдебиетте бірінші болып бейнелеген – белгілі қазақ жазушысы Әбіш Кекілбаев. Әбіштің мәңгүрті – Маңғыстаудағы көрші жатқан екі ел қазақтар мен түрікмендер арасындағы шапқыншылықтар кезіндегі қазақ тұтқындар. Қолға түскен тұтқындардың алдымен шашын тықырлап алып, сол жалтыр басқа ақ тайлақтың жас терісін шешілместей етіп, кигізеді.  Ал Ш.Айтматов «мәңгүрт» ұғымына мүлдем жаңаша қырынан келген. Шыңғыстың – мәңгүрттері Әбіштің мәңгүрттері сияқты мәң, есуас, ақылы кем емес, керісінше, бұл өмірде білмейтін бәлесі, оқымаған нәрсесі жоқ, бірақ дүниетанымы басқа, өзін өзгелерден, өз ұлтынан жоғары қойып, артық санайтындар, өз ұлтынан жерінгендер. Оған қауіпті қоғамдық құбылыс ретінде ерекше мән беріп, күллі адамзат баласын шошындыратын, рухани дамуына тосқауыл болатын алапат күш ретінде танытты. Әбіштің есі дұрыс емес тұтқын мәңгүрті ата-бабасын біле тұра білгісі келмейтін, кешегісі мен бүгінгісі, болашағы туралы ойланбайтын, ойланса да білгісі келмейтін, менсінбейтін рухани мәңгүрттік жанында – айналайын. «Күйшідегі» мәңгүрттер біріншіден, санаулы ғана (алтау), екіншіден, оларды күштеп мәңгүрт қылса, үшіншіден, мәңгүрттіктен мәңгүрттердің өздері ғана зардап шегеді. Ал қырғыз жазушысының шығармасында мәңгүрттіктің көрінісі жиілей бастап, зардабы оның өзіне ғана емес, өзгелерге, қоғамға тиіп, болашаққа қауіп төндіре бастағандығы бейнеленеді. Ең бастысы, жаңа заманның рухани мәңгүрттері қоғамның өз ішінде пайда болып, өсіп-өнуде. Бір қызығы, халық өзін өрге сүйрейтін ұлт көшбасшыларын дайындаумен бірге сол қоғамның ұлттық дамуына кедергі келтіретін мәңгүрттерді де шығарып жатыр. Романда Сәбитжаннан басқа кейіпкерлердің іс-қимылдарынан да мәңгүрттіктің белгілерін байқауға болады Өз қара бастарының қамын күйттейтін кейбіреулер романның әр жерінде шаң беріп отырады. Қазанғаптың қазасын естіген диспетчер Шәймерден көңіл айтудың ырымын жасайды. Бұның көңіл айтқан түрін көріп, Едіге қатты налиды: «Әй, мисыз хайуан-ай, – деді ішінен – қаза жөнінде дұрыс айта алмайды». Шәймерден – өлікті сыйлаудың не екенін білмейтін мәңгүрт. Жұмысын ауыстыруды сұраған Едігеге «Оу, айналайын, Едеке, сен әлгі нетіп, менің басымды қатырма нетіп. Өлсе – өлді, нетіп. Менің сені алмастыра қоятын адамдарым жоқ. Өліктің жанында нетіп отырамын дегенің не, Едеке? Сен жанында отырғаннан өлген адам тірілмейді ғой, деп ойлаймын, нетіп...» (18-бет). Диспетчер Шәймерден, Ұзынтұра Еділбай, Таңсықбаев секілді безбүйректерге Едіге сынды ер былайша үн қатады: «Бұл жұрт не болып барады. Бұлар үшін өлімнен басқаның бәрі қадірлі. Бұлар өлімді сыйламаса, тіршіліктің қадірін қайдан білсін. Бұлар қалай, не үшін өмір сүріп жүр өзі? Өмірдің мәні не сонда бұлар үшін?». Едігенің «Бұл жұрт не болып барады» деген бірауыз сөзі күллі адам баласына қарай ағынан жарыла айтылып, бүгінгі қоғам туралы ойлануға шақырып тұрғандай.  Едіге – досына адал. Қазанғаптың өтініші бойынша, оны Ана-Бейітке жерлемекші. Сәбитжан оған қарсы. Қайдағы бір ертегі бейітке апару – ол үшін ақылға сыйымсыз. Әке өсиеті оны көп қинай қоймады. Осы сәтте Едігенің көз алдына анасын атқан мәңгүрт елестейді. Ол мәңгүртпен Сәбитжанның дүниетанымын салыстырып, қатты қапаланады. Романда ғылыми-техникалық прогресс пен рухани даму арасындағы қайшылық барынша көркем көрінген. Білім-ғылымның жетістіктері адамзат болашағына қызмет атқара бастады. Адам баласы ғасырлар бойы жиған-тергенінің, көргенінің, білгенінің барлығын тек жасампаздыққа, гуманистік мұраттарға сай жұмсаса, мәңгүрт туралы ұғым да, аңыздар да болмас еді. Білім мен адамгершілік қасиеттер алшақтығы болмаса, Сәбитжан секілді бозөкпелер де жер басып жүрмес еді. Жалпы, мәңгүрттік екі түрлі болады. Біріншісі – жаугершілік замандағы мәңгүрттік. Мұнда адамды күшпен, зорлықпен адами ойлау-зердесінен айырып, жазалап, құлақкесті құл қылады. Екінші бір түрі – қазіргі жаһандану заманындағы рухани мәңгүрттік. Сәбитжан мен аңыздағы мәңгүрт – осының айғағы. Бірінде мәңгүрттік күшпен орындалса, екіншісі айла-амал арқылы халықтың ділін, дінін, тілін ұмыттырып, нағыз мәңгүртке айналдырған. Екеуінде де мәңгүрт осыны жүзеге асырып отырғандарға құл болады. Ш.Айтматов өз заманының қыспағына қарамастан, сөз құдіретін түсінетін халқына адамзат тағдырындағы аса қауіпті өзекті мәселені көркемдікпен жеткізе білген. Шыңғыстың «Кассандра таңбасы» жарыққа шыққаннан кейін роман жайлы айтылған түрлі көзқарастар ортаға түсті. Шығарманы өте жоғары бағалаумен бірге «осы қалай екен» деген бағыттағы пікірлер де көрінді. Сыни пікірлер көбіне шығарманың ұлттық топырағының жоқтығы мен көтерген мәселесінің даулы екендігі төңірегінде өрбіді.  Біздіңше, романның мықтылығы сол – ол қоғам алдында тұрған аса зәру мәселені алдын ала көтере біліп, оған жұртшылықты назарын аудара білуі. Әдебиет – өнер, өнер міндетті түрде ұлттық сыйпатта болады, сондықтан да онда ұлттық болмыстың бейнеленуі заңдылық болса, сонымен бірге жазушы халықтың көзі, құлағы, сезімі екендігін де ескеріп, адамзаттың болашағына қауіп төндіре бастаған ғасыр алапатын өнер тілімен байқатып жатқандығы да заңды.  Романда адамзат қоғамы үшін аса маңызды үлкен мәселе көтерілген. Ол – ғылымның жалпы қоғамға, халыққа қызмет етіп, дұрыс жолда дамуы. Өкінішке қарай, ғылым мен техниканың жетістіктерін түрлі айла-амалдармен халықты бағынышты ұстау, керек десеңіз, күш қолданып, қырып-жою құралына айналдыруы да өмір шындығына айналып отыр. Тіпті ғылымның осылайша жекелеген мүдделерге орай теріс бағытта дамуы жер бетіндегі тіршілік атаулыға қауіп төндіре бастады. Міне, осы сияқты жалпы әлемдік қауіпті проблемаларды дер кезінде көп болып шешуге Шыңғыс өткен ғасырдың өзінде-ақ шақырған.  Шындығында да, бұл роман жазушы ғана емес, «Адамзаттың Айтматовы» атанған қоғам қайраткері, ұлы қырғыз Шыңғыстың қоғамдық дамудың батыстық үлгісіне берген бағасы іспеттес. Романның бас кейіпкерінде Отан жоқ; ұлтсыз. Оның тұрағы – ғарыш; космостық орбита стан-сасында өмір сүретін ғарышкер ғалым. Ұзақ жылдар бойы жасанды адамдарды дүниеге әкелуді зерттеген ғалым Жер-Анаға қайтудан үзілді-кесілді бас тартады. Өз кінәсінен арылып-тазару үшін осылайша ғарыш тақуасына айналады. Сондықтан да оны мазалаған мәселе – ауыл-үйдің әңгімесі емес, жұмыр жердің, адамзаттың тағдыры. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, Ш.Айтматовтың «Кассандра таңбасы» романындағы көркем шындықтың ойлы көзді оқырманға айтары көп. Шыңғыс бұл романында өркениет, ұлтсыздану, космополитизм мәселелеріне ғылым мен техниканың дамуы призмасынан көз жіберіп, адамзат қоғамы қайда барады, бұл бағыт апарып орға жықпай ма, адамзат қоғамы дұрыс жолда дамуы үшін не істеуіміз керек деген сауалдар төңірегінде ой қозғайды.  Романның бас кейіпкері Филофей (өз есімі Андрей Крылцов) жөргектегі сәби кезінен жетім балалар үйінде тәрбиеленген; өзінің әке-шешесінің кім екенін білмейді. Өмір бойы «Менің әкем кім, шешем қайда екен?» деумен өтеді. Өзінің кім екенін білгісі келеді. Филофейдің күнделігінде жазушының негізгі идеялары ашық көрінеді. Ғалым өзінің тағдырын жасанды жолмен әкелген адамдарының тағдырымен ұқсас екендігін біледі. Жасанды жолмен дүниеге келгендерді белгілі тегі, ата-анасы жоқ болғандықтан «Икстектілер» деп атайды. Ал «икстектілер» не үшін жасалуда, неге аса қажет болып отыр? Бұған жауап күнделікте төмендегіше беріліпті: «Но все дело в том, что рождающих в результате этого человек – назовем его иксрод – личность анонимная, это ничейный, искусственно выведенный субъект, я так понимаю... Ведь феномен иксродов удивительно много обещающий в политическом плане. Это будет именно та пробивная сила, которая, в отличие от нас, без оглядки, без страха и сомнений будет бороться за победу коммунизма во всем мире. Семья и прочие родственные отношения как архаичные институты старого мира насилия будут сброшены на свалку истории именно иксродами».  Шығармадан келтірілген бұл мысалдар «Боранды бекет» романындағы «мәңгүрт» те, «Кассандра таңбасы» романындағы «Икстектілер» де, «Құз басындағы аңшының зары» кітабында сөз болған «зомбилер» де адамзат баласы жасай алмайтын, жүрегі дауалап, қолы бармайтын қандай істі болмасын тексіздіктен, туыс-бауырды білмейтіндіктен, жалғыздықтан, адамға тән отбасы, ата-ана, бауыр жайында ой-сезімдердің болмауынан селт етпестен іске асыра алатындығын көрсетеді. Ш.Айтматовтың халық назарын аударып отырған келеңсіз құбылыстардың өріс алғаны соншалық – ол бір елдің немесе бір аймақтың ауқымынан әлдеқашан шығып кеткен; ол проблемаларды шешуге бір, не болмаса бірнеше мемлекеттің қайрат қылуға шамасы келмейді; сондықтан да оны бүкіл адамзаттың қатысуымен ауыздықтай алады. Жаһандану барысында қауіп-катердің терроризм, есірткі бизнесі, босқындық, экология сияқты жаңа түрлері пайда болып, әлемдік сыпат ала бастады. Ең бастысы, ғаламдасу барысында халықаралық қатынастар барынша ушыға түсіп, жер-жерлерде соғыс ошақтары лапылдай бастады. Жаһанданудың бет алысының қауіпті бола бастағаны соншалық – әлем қазір үшінші дүниежүзілік соғыстың сәл-ақ алдында тұр. Әлемді қаулаған өрттей жапырып келе жатқан жаһандануға ұлттың, ұлттық тілдің, ұлттық құндылықтардың, діннің, жан-жақты дамыған адамның, қоғамның керегі жоқ. Оған керегі – тілін, ділін, дінін білмейтін, рухынан айрылған, ұлттық тамыры жоқ мәңгүрт, тобыр. Қазіргі қазақ қауымының да қас жауы осы мәңгүрттер, яғни іштен шыққан ана тілінен мақұрым шұбар жыландар болып отыр. Шыңғыстың ұлылығы осы бір алапаттың әлемге қауіп төндіретінін өткен ғасырдың өзінде-ақ көрегендікпен көре біріп, адамзат баласын ескертуінде жатыр. Шыңғыс Айтматовтың күллі шығармасының идеялық өзегі, айтар өсиеті – «Мәңгүрт болмаңдар!» болғандығына көзіңіз жетеді. «Боранды бекет» романында: «Едіге бір бүйірден ақ құс көргендей болды. Бұл баяғыда өзінің мәңгүрт ұлының садағының оғы тиіп, түйеден құлап бара жатқанда, Найман-Ананың ақ жаулығынан пайда болған ақ құс еді... Әлгі құс Едігемен қатарласа ұшып бара жатып, ақыр заманның арқыраған, күркіреген күшті даусының арасынан айқайлап: – Кімнің баласысың? Атың кім сенің? Өзіңнің атыңды есіңе түсір! Сенің әкең – Дөненбай, Дөненбай, Дөненбай, Дөненбай, Дөненбай... – деп, шырылдап бара жатты» деген символикалық мағынасы терең сөзбен салынған көркем көрініспен аяқталуының өзі ойлы оқырманды өмірдің мәні жайлы терең ойларға жетелейтіні анық.

Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ, филология ғылымдарының докторы, профессор https://egemen.kz/article/177740-adam-qaytkende-adam-bolyp-qalady



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу