Мұрат Мөңкеұлы "Үш қиян" өлеңі. Қазақ әдебиеті, 8 сынып, қосымша материал. 3-сабақ.


https://www.inform.kz/kaz/article/2695332

Мұрат Мөңкеұлының мәңгілік мұралары жарық көрді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мұрат Мөңкеұлының шығармалары (өлеңдер, жырлар, толғаулар мен термелер, айтыстар, зерттеулер) «Ана тілі» баспасынан жаңадан қомақты кітап болып жарық көрді. Құрастырған және алғы сөзін жазған - ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Омаров.  Бұл туралы «Айқын» газеті бүгінгі санында «Мөңкеұлының мәңгілік мұрасы» деген тақырыпта жариялаған. Қазақ әдебиетінде шығармалары қайшылыққа толы «зар заман ақындары» саналған үш айтулы тұлға бар: Шортанбай Қанайұлы, Дулат Бабатайұлы, Мұрат Мөңкеұлы. Бұл үшеуі өмір сүрген кезең орыс патшасының отаршылдық саясатының ең асқынған, дәуірлеген тұсы; қазақ жерінің бөлшектеніп, талауға түскен шағы. Сондықтан да аталған үш ақын халықтың басына төнген қайғы-қасіретті торығу сарынымен жырлаған. Олардың кеңестік заманда аттары аталынғаны болмаса, шығармаларының орта мектепте оқытылмай келгені де сондықтан.  «Бұл жинаққа қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі, арқалы ақын, жыр дүлдүлі Мұрат Мөңкеұлының осы уақытқа дейін жарияланған және кейіннен қолға тиген шығармалары топтастырылды. Ақынның өмірбаяны, әдеби мұрасы, өлең-толғауларының шығу, жиналу және жариялану тарихы жөнінде ғылыми түсініктемелер ұсынылды» делінген кітаптың алғысөзінде. 

Халқына қиналғанда қорған, сүрінгенде сүйеу болған күрескер ақын Мұрат Мөңкеұлы 1843 жылы қазіргі Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Қарабау ауылында туған. 1906 жылы қазіргі Индер ауданының Өрлік ауылында 63 жасында қайтыс болған. Бейіті сол Индер ауданында. Ақын шығармалары алғаш рет 1908 жылы Қазан қаласында ағайынды Кәрімовтердің баспаханасында төте жазумен басылған. («Мұрат ақынның Ғұмар Қазы ұғлына айтқаны» деп аталатын, небәрі 24 беттен тұратын бұл кітаптың факсимеле-көшірмесімен жаңа жинақта таныса аласыз). Бұдан соң 1924 жылы профессор Халел Досмұхамедұлы ақынның шығармаларын топтап, «Мұрат ақынның сөздері» деген атпен Ташкентте кітап етіп бастырып шығарады (бұл кітапқа жазған Халелдің алғы сөзін де жаңа жинақтан көре аласыз).  Мұрат тек қана ақиық ақын емес, халқымыздың ардақты ұлы Махамбет Өтемісұлының өлеңдерін жұртына шашау шығармай жеткізуші, мұратанушы, шешен тілді шежіреші де болған. Өкінішке қарай, бізге жеткен ақын мұрасы оның таңды таңға ұластырып айтқан ағыл-тегіл жырларының бір бөлігі ғана. «Қырымның қырық батырын» қырық күн талмай жырлайтын атақты Мұрын жырау - осы Мұрат Мөңкеұлының алдын көрген, тікелей жыр үйренген төл шәкірті.  Академик Зейнолла Қабдоловтың жетекшілігімен Мұрат Мөңкеұлының әдеби мұрасынан 1993 жылы - кандидаттық, 2001 жылы докторлық диссертация қорғаған, сонымен қатар әр жылдарда жарық көрген ғылыми-зерттеу еңбектерінде ақынның өлең-жырларын нақты нысанасына айналдырған Бауыржан Омаровтың Мұрат ақын мұрасын барынша толымды етіп құрастырғаны аңғарылады. Атырау мен Маңғыстау аймағын талай рет шарлаған сапарында біршама тың деректерге кезіккен ол әдебиеттанушы-ғалым Амантай Шәріп екеуі АҚШ-тың Оклахома мемлекеттік университетінің кітапханасынан қазақ поэзиясының озық үлгілері талданған, соның ішінде Мұрат мұрасына да орын берілген кітапты тауып, көшірмесін алып келген. Қолжазбалар қоры мен мұрағаттарды қайта сүзіп, бірқатар қосымша мәліметтерді айналымға қосқан. Соның нәтижесінде, бізге жеткен Мұрат мұрасы оқырман қолына тұщымды еңбек болып қайыра тиіп отыр. Аталмыш жинақта, сондай-ақ Мұрат ақынның бірнеше өлеңінің орысша аудармасы да берілген. Қысқасы, жаңа жинақтан қазақ әдебиетінде айрықша орны бар, ғұмыры күрес пен қайшылыққа толы тұлғаның күрделі тағдыры мен мәңгілік мұрасы турасында толық қаныға аласыз.

http://kazorta.org/m-rat-m-ke-ly/

Мұрат Мөңкеұлы

 Мөңкеұлы Мұрат — заманына қарай қазақ поэзиясына елеулі үлес қосқан. Махамбеттен үлгі алған өршіл ақын. Мұрат поэзиясы ресми саясат шеңберінен шықпай, жағымталсып үгіт айтумен атын шығармақ болған жасық, жасқаншақ поэзия емес, халықты ерлікке, бостандыққа шақырған, патша мен ханның шаруаларға жасаған зорлық-зомбылығын, әділетсіздігін көріп, ашына жырлаған ақын. Мұрат Кіші жүз ішінде аты коп тараған даңқгы ақынның бірі. Ақынның әлі де болса қағаз бетіне түспей, жүрт аузында жүрген шығармалары болуы мүмкін. Мұраттың өмірі, істеген ісі, еткен кәсібі туралы керекті мағлүматтар оте аз. Қазақ ССР Ғылым акаде-миясы кітапханасының қолжазбалар қорында Мұраттың отыздай шығармалары бар («Үш қиян», «Қалмақтың қарғысы», «Әттең бір қапы дүние-ай!», «Қарасай Қази» т.б.).

 Мағлұматтарға қарағанда, Мұрат 1842 жылы туып, 1906 жылы опат болған. Мұрат бала кезінде мүсылманша бірер жылдай оқып қат-қара танығаннан кейін, енді қайтып мектеп есігін ашпайды, оның әрі қарай оқып жүйелі білім алуына еш мүмкіндік болмайды. Мұраттың шешесі Қырықжылқы әнші, әрі ақын екен. Мұраттың бала күнінен ақындықгы аңсауына бір жөннен себеп болған, оны алғаш ақындыққа баулыған сол өз шешесі болса керек. Қазақ халқынан мәдениеті, әдебиеті, өнері жоғары тұрған халықтардың тілін біліп, солардың білім қорын толық пайдалануға шамасы келмеген Мұрат қазақ тіліндегі кітаптарды ғана пайдаланады, оған ақындық үлгі болған, көбінесе, қазақтың мазмұнды, бай көркем фольклоры болады. Мұрат қырыққа келгенше ақындармен жиі айтысып отырған көрінеді де, елуге аяқ басқан Мұраттың айтыстары азая бастайды, алды-артын ойлап ақындық өресін барлаған Мұрат түрлі толғаулар, тарихи жырлар жазу ісіне көбірек беріледі. «Қалмақтың қарғысы», «Сарыарқа», «Үш қиян» сияқты шығармалар жазады. Ауыл арасы айтыстар кеміп, халықтың өткендегі кезі, қазіргі халі, келешегі, тағдыры туралы өзінше ойларын айтуды құнттайтын болады.

 Заманына наразылық білдіріп көп шығармалар жазған Мұраттың айтқандары үнемі бір жерден шыға бермейді. Оның ойында кездесетін қайшылықтар аз емес. Мұраттың көнерген ұғымнан алыстап кетпей, мыңнан-мыңнан жылқы айдап, жүзден-жүзден нар байлап, кәде сайын тоқты өскен заман-ай деп, әлдеқандай бір өмірді көксеп, оны әсірелей суреттеп күңгірт ой білдірген шақтарын көрмеуге болмайды.

Табаны жерге тимеген,Маңдайы күнге күймеген.Салқамдары тұлпардан озге мінбеген,Салтанатқа салпы ерінді нар артқан.

— деп осындай бір кезді жырлаған Мұрат ел байлыққа бөленіп еркі өзінде болса екен, жер-суынан айрылмаса екенді тілеп, қиялын шарықтатып көрсе де, бұқараға деген ниетін адал ұстаса да, бірақ адал арманының өмірге жанасымды болып, оның іске асуы туралы түбегейлі қорытынды жасау оның ақындық өресіне шақ еді дей алмаймыз. Ол келешек нысанасы айқындалып, сара жол тапқан ақын болып көрінбейді. Мұрат жуандарды, патшашыл ханды, биді, байды әшкерелеп, олардан қысым көрген, жер-суынан сырылған, кедейленген шаруаларды жақтады, өкіметтен жәбір көргендерді патша мен ханға қарсы үгіттемек болып Исатай — Махамбеттің ісін қостады, солардың ісін, өмірін үлгі етті. Өткен кездегі ақындардың айтыс үстінде әдет, тәсіл көрсететіндігі мәлім. Ақындардың біреуі қолына домбыра алып, біреуі гармонь алып жырласа, өзінше бір әдеттен құр болмаған Мұрат, «алқа алдында өлең айтқан кезінде», «алдына жастық алып немесе қолына тостаған ұстап, болмаса, «Телпекпен аузын қағып отырып» айтысатын болған. Даңқты ақын санатына жеткен Мұратқа кейбір адамдардың әлдеқандай легендалық сипат бергісі келгендігі де байқалады. Мұрын ақын Мұрат туралы: «Мен Мұраттан өлеңді қалай айтып кеттің дегенде айтқаны: «Бір күні түсімде бір жиын той болган екен, сол тойда отырған ақсақалдар маган өлең айт деді, мен білмеймін дегенде, жоқ сен білесің деп болмады, сол арада телпегімді қолыма алып, айғайды салып, өлеңді қоя бердім, оянсам түсім екен, ертеңінде тұра сала өлеңді айттым, аузыма сөз түйдектеп түсе берді», — дейді.

1880 жылдары Мұрат Нарында, Маңғыстауда болады. Жайық бойындагы қазақтарды аралап, ел өмірі туралы толып жатқан әңгімелермен танысады. Мұраттың түрмысына, жасынан ел аралап айтысқа түсіп үйренген ақындық өміріне өзгеріс кіру жөнінде 1880 жылдар кезінде Жайық бойындағы қазақтардың ақтаяқ болып жұтауы айрықша әсер етеді. Мұрат жүрген жақтың қазақтары жұтап, Маңғыстауда тұратын қазақтарға қарай жан сауғалап үдірей көшеді. Сол мекен аударғандардың ішінде Мұрат та болады, осы халін ескерген ақын:

 Жетелеп ақ түйені жаяу кеттік,

 Көрмеген бұрын-соңды асу жерге, -деп жазады. Осы күйзелістен кейін жасы ұлғайып қалған Мұраттың бұрынғыша ақындық салтанат құру, ду-думанға қатынасу, айтыстарға түсу ісі бірте-бірте кемиді. Қатын-баланы асырау, кедейшілікпен күресі, шаруаға былай да қыры жоқ ақынға оңай тимейді және жұтап қалған ауыл-аймақтан Мұратқа болысатындар да сиреп кетеді, бұл жағдайда Мұраттың денсаулығы де өте нашарлайды, жоқтықтың салдарынан ұзамай алпысты асып қайтыс болады. Мұрат: «Көк ала шекпен жез түймелерді» шенейді. Ол шаруалардың жер-суға, еркіне ие бола алмай, байлық пен молдықтың бәрі өктемдік еткендердің, жуандар, бектер, ақшалылар қолында болғанын көреді. Әділетсіздік күшейіп, дәрмені кетіп, бағынышты болған көшпенді шаруалар надандық қоршауында болды. Қазақ ішінен өрби бастаған қаскүнемдерге, «көк ала шекпендерге», елге басшылық етпегендерге Мұрат наразы. Халықтың қамын ойлап алуан ойға түскен Мұрат, әлдеқандай бір өзгеріс күтеді, ерлік тілейді, бұқараның алып күші дұрыс арнаға түссе, сол күш елді аман алып қалар ма екен? Қиянатшылардың бетін қайтарарлық қайрат көрсетілер ме екен? Шаруалар әкімдердің тепкісіне түсті, өктемдер қол-аяқты байлады, күнкөрісті әлсіретті, праводан айырды, аңдыған дұшпан соңыңнан тіміскілеп қалмайтын болды, көнбеске көніп кеткеніміз бе?!

Дұшпан — тазы, біз — түлкі,Қашсаң ерікке қоймайды.Інге кірген, суырып,Құлғанадай қадалып,Қазынасы кең, құдайым!Сақтайсың сәлемет,

— деген ақын қамыға, назалана, қауіптене сөйлейді. Ауыр халден құтқарарлық не күш барын іздеп қиналады. Шынымен жұрт жадап, ашылмас тұманның ішінде қалғанымыз ба? Еңсесі түсіп тұрған қалың бұқара әр жерде жем болып, қиянатшыл қырсықтардың опасыздығын көріп жүрмек пе? Халық халін ойлап, бір дұрыс әрекет жасалмаса, ер өзін-өзі билей алмайтын болса, төрелердің қорлығында, патшалықтың шылауында жүріп күн көрем деу не місе?! Ұлықтар, болыстар, «сымпыстар» халықты адастырды, елге, кейінгі ұрпаққа кесірлі қауіп туғызатын да солар деп түсінеді. Бұл заман түзік емес, бұзықтығы, озбырлығы көп заман. Неше алуан әділетсіздікті өрбіткен заман. Соны көрмей, айтпай отыра аларсың ба?! Елге еткен қиянатты көре тұра жасыру ақындық арға жата ма?! Сөзімді естігендер оянар, бұзық заманды түзік заман деп далақтап, қара басы қамын ойлап, аман жүруді қанағат көргендерге, шен-шекпенге сатылғандарға бір тыйым болар деген үміт жасайды. Сөйтіп, Мұрат: «сымпыстар, болыстар, қалтасына сеніп шайқақтаған байлар, пысықтар» көк ала шекпен жез түймелерге бас имейді, оларды әшкерелейді, бұлардан құтылу үшін, ер намысы, бірлік, ерлік керек, білім алып өнерлі болмай, қатарға қосылып халықты бостандыққа жеткізіп болмас деген сияқты қорытындылар жасайды.Мұрат өз кезіндегі ақындар салты бойынша айтысқа талай түскен. Бірақ, ол тек «мал үшін тілін безеп» қайдағы мақтаншақтарды іздеп барып, мақтау өлең айтуды кәсібі еткен, сөйтіп өз қадірін көтерген, халық мұңынан өзін алыстатқан ақынға ұқсамайды. Ақын әлдеқандай мақтау өлең айтса, ол алдымен айтқанын адамшылыққа арнайды.Мұрат айтыс өлеңдерде сөз тапқыш, шешен, ажуаға шебер, ел арасы, ру арасы мәселелерінің егжей-тегжейіне жетік екенін білдіре отырады — мұның өзі ол кездегі айтысқа түскен ақындарға қажет қасиеттің бірі — деп есептелген. Айтысқа түсіп үйренген ақынға ата-бабаның жөн-жосығы, кім үлгілі, кім үлгісіз, кімнің түбі шикі, кімнің қандай міні бар, ауызға алып мадақтарлық не бар дегендерді, түгел біліп отыруы қажет болып, білмегенін көп білетін көнелерден үйреніп, түсініп алуы шарт болған. Осыны пайдасына жарата білген Мұрат, өзінен жасы үлкен, тәжірибесі мол Жылқышымен айтысар алдында, оны қай жағынан кінәлауға болатындығы туралы Есет биден ақыл сұрап алады, сөйтіп Жылқышыны жеңеді. Мұрат әсіресе жас кезінде айтысқа түспес бұрын білмегенін сұрап алып, даярланып барып айтысатын болған.

 Мұратпен алқа алдында айтысқан ақынның бірі — Тыныштық. Мұраттың бұл айтысы көп жөннен ақынның басқа айтыстарынан басқашалау келген. Мұрат өзге айтыстарында айтпақ болған ойын, айтысқа тікелей керек-ау деген сөздерден бастаса, бұл айтыста айтысушьшардың сөз етуіне шарт болып есептелмеген жалпылама жайтқа орын берілген. Мұрат айтыспай жатып, сыпайы қонақ болып ел аралап жүргенін бір сөйлеп алады, жолшыбай жүрген жерлерінде сауық құрып, бір ауылға түстеніп, бір ауылдан шай ішіп, сайрандап жүріп келгенін де айтады. Тап болдық Құлшардікінде піскен шайға, Түстендім Шерен деген бір ағама. «Қай үйге түсіп қонақ болатынымыз туралы жолдастармен алдын ала келісіп қағаз жазып уәделестік» дегендерді де айтады. Сөйтіп айтыс өлеңдерінің дәстүрлі түріне қатысты шамалы сөздер де ауызға алынады. Сөз таластыруды енді ғана бастаған Мұрат: «қауымыңа бүгін келіп жеттік, тісі қайтқан қорлық емес пе?» деген сияқты сөйлейді. Мұраттың айтыстары түр, мазмұн, құрылыс, сөз саптау жақтарынан әр алуан. Оның Тыныштықпен айтысы бір түрлі болса, Ізім шәйірмен айтысы екінші түрі, әр айтыстың өздеріне тән өзгешеліктері бар. Мұрат сан айтысып, ақындығы, тапқыштығы, орайлы сөз, ащы сөз, ажуа сөз, ілме сөз, кекету, даттау, мақтау, қалжың сөздерге шебер екендігіне көре айтысқан ақындарды сөзден ұта берген. Мұрат мақтау сөздер айтудан тіпті құралақан ақын десек те, бірақ ол мақтаса, батырлықты, әділдікті, намысқорлықты «Таласқан жар шетінде шенді әкімді» өгіздей байлап сабаған, «Нарында хан баласын иттей» қорлағандарды мақтаныш етеді, даттаса, Құсайын сияқты «өзінің қарындасын алып қашып», нәсілсіздік көрсеткендерді, әкесі ас қорыған болысты, асқа қақалып күлкі болған биді, озбыршыларды, ел берекесіне жарамаған, намысы жоқ сатылғандарды даттайды, айтыстарында да араны ашылған арсыздарды аластайды. Сөздеріне әлеуметтік мән беруді үнемі ұмытпаған Мұрат «Қайда бай мақтаншаққа» арнай мақтау өлең айтуды өзінің ақындық қабілетіне лайық көрмеді. Мұраттың зер салып жазған елеулі шығармасының бірі -«Қарасай -Қази». Бұл шығармада Мұрат өзінше ең керекті-ау деген мәселелер жөнінде пікір айтуды құнттайды. Ел қорғаны боларлық, жауға қылыш алып қарсы шығудан бас тартпайтын, халқы үшін аян-байтын қайратты ер ісін арман етеді.

ҚБ тапсырмалары

«Әдеби шеңбер»

1. Талқы себепшісі – шығарма мазмұны бойынша 5 сұрақ құрастырады.

2. Белгілеуші – шығарманың ең маңызды эпизодтық бөлігін тауып белгілейді.

3. Байланыстырушы – тақырыпты өмірмен байланыстырады, дәлелдейді.

4. Қорытындылаушы – автор позициясы мен көтерген мәселесін қорытындылайды.

«Кезбе тілші»

Сынып әр топтан бір оқушыны «Кезбе тілші» етіп сайлайды. Олар топтарды аралап, жаңалықтар бағдарламасын жасайды. Оқушылар қайта өңдеп креативті жазу үшін шығармадан өздері қалаған үзіндіні таңдайды және бағалау критерийіне сәйкес дескрипторлар құрастырады.

Жаңалықтар бағдарламасы үшін қойылатын сұрақтың үлгісі:

  • Қайта өңдеп креативті жазу үшін шығармадан үзінді таңдап алу мүмкіндігі берілсе, қай үзіндіні таңдаған болар едіңіз?
  • Үзіндіні өзіңіз таңдау сізге қиындық туғызбай ма?
  • Неліктен осы үзіндіні таңдағыңыз келеді?
  • Креативті жазу несімен қызықты?
  • Креативті жазуда неден қиналасыз? т.б.

«Кезбе тілшілер» жаңалықтар бағдарламасын қорытындылап, сынып алдында мәлімдеме жасайды.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
Пікір жазу