Мұрат Мөңкеұлы «Сарыарқа» өлеңі. Қазақ әдебиеті, 8 сынып, қосымша материал. 11-сабақ.
БАУЫРЖАН ОМАРҰЛЫ
МҰРАТ МӨҢКЕҰЛЫ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ МАХАМБЕТ ДӘСТҮРІ
Қазақ әдебиетінің тарихында бір-біріне ой орамдары мен өлең өрнектері үлгі болған жыр жүйріктері баршылық. Ілгеріде өмір сүрген ақынның қалдырған мұрасының кейінгі шайырдың шығармашылығына тақырыптық - мазмұндық немесе көркемдік жағынан ықпал етуінің мысалдары аз емес. Мұндай сабақтастық кейде олардың белгілі бір дәуірде ғұмыр кешуіне, ал кейде нақты бір ақындық мектептің аясында қалыптасқандығына байланысты туындайды. Сонымен қатар осындай рухани үндестік заманды сезіну ортақтығының өсерінен де болатынын айтуға тиіспіз. Поэзиядағы дәстүр жалғастығының әдемі үлгісі қазақ жырының алыптары Махамбет Өтемісұлы мен Мұрат Мөңкеұлының өлең - жырларын салыстырып қараған кезде айқын көрінеді. Бұлардың екеуі де қазақ жерінің батыс аймағында өмір сүрген жыр жүйріктері.
Махамбет пен Мұратты бір аймақта дүниеге келгендік ғана байланыстырып қоймайды. Олардың өлең - жырларының табиғаты да ұқсас. Тіпті, Махамбеттің өлеңі алғаш рет 1908 жылы Қазан қаласындағы ағайынды Кәрімовтердің баспасынан шыққан "Мұрат ақынның Ғүмар Қазы ұлына айтқаны" деп аталатын кітапта жарық көрген. Бұл өлең топтамасы "Беріш Мұхамед (Махмуд не Махмет деп те оқуға болады) ақынның сұлтанға айтқаны" деген тақырыппен берілген. Сондай-ақ, "Мұрат ақыннан жазылды" деп көрсетілген. Қолда бар деректерге сүйенсек, Мұрат — Махамбет өлеңдерін жатқа білген және кейінгі ұрпаққа жеткізген ақын. "Махамбет өлендерін шәкірті Қуан жырау, Кішкене Қобыланды ақындар жатқа білген. Одан Мұрат ақын үйренген. Мұрат білетін өлеңдерді Ығылман жаттаған. 1925 жылғы жинаққа (Ташкент қаласында басылған "Исатай-Махамбет" жинағы) енген Махамбет өлеңдері Ығылман айтуынан жазылған. Бұл жинақтың ақын өлеңдерінің басылымдарын дайындағанда түпнұсқа болатын себебі де сондықтан", — дейді әдебиетші-ғалым Қ.Сыдықов. Ал ақынның шығармашылық өмірбаянын коп зерттеген Б.Аманшин былай деп жазады: "1837 жылғы декабрьдің жиырмалары шамасында Тай сойған құмында Есенқұл Беріш үйінде болған, сол қыс бойы сол құмда, тағы басқа үйлерде болған сөз базарларында, қазіргіше әдебиет кештерінде, ақындар мүшәйрасында сол елдің адамдары Махамбет өлеңдерін жаттап алып, одан кейін Беріш Мұрат ақын, Мұраттан Ығылман жазып алу арқылы бізге жетті ғой" 99. Сөйтіп, Махамбет — Мұрат — Ығылман сабақтастығы арқылы бүгінгі ұрпақ батыр ақынның рухты жырларымен табысқан.
Мұхтар Әуезов 1927 жылы шыққан "Әдебиет тарихы" атты еңбегінің "Зар заман ақындары" атты тарауында "Бұқар жыраудан соңғы XIX ғасырдағы зар заман ақындарының басы Махамбет", — деп тұжырым жасайды. Бұдан жазушының күрескерлік рухы басым тұратын Махамбет жырларындағы ел қайғысының бейнеленуіне айрықша назар аударғанын көреміз. Солай бағаланғанына қарамастан кейін әдебиетшілер арасында көтерілісші ақынды зар заман жыршыларының қатарына қосу дәстүрі орныға қойған жоқ. Академик С.Қирабаев мұның себебін былайша түсіндіреді: "Мұхтар зерттеуінде Махамбет пен Ыбырайдың зар заман әдебиетіне жақындайтын тұсы көбірек сөз болады да одан айырылатын тұстары кең ашылмай, талдаудан сырт қалады". Бірақ қалай болғанда да М.Әуезов отаршылдық жүйенің қазығына байлаулы билікке қарсы өршелене қарсы тұрған Махамбет пен жерді жаулаушыларға ызалы кегін білдірген Мұраттың шығармашылығынан сабақтастық көргені анық. Ол отаршылдықтың ойранына куә болған ақынның келешекке қауіп еткеннен айтқан болжамын көтеріліс жыршысының өршіл ойларымен салыстырады. Жазушы-ғалым "Бұл сөзде жақындап келе жатқан заманның ақынды күпті қылған жұмбағы бар. Ол жұмбақ патша үкіметінің қазақ елін орыс қылмақ саясаты. Мұрат сол ниеттің шетін сезген. Өз заманындағы көп белгіден топшылап, сол күн бола ма деп қайғы шеккен. Көрген күні осы болған соң, бұ да тіршілікке ырза емес, Махамбеттің "нәлет" оқыған заманынан өзге емес", — деп ой қорытады.
Мұрат Мөңкеұлының өлеңдерінде өзі құрмет тұтқан Исатай мен Махамбет есімдері жиі аталады. Махамбеттің "Арыстан еді - ау, Исатай!" деп, батыр ағасын үнемі дәріптеп отыратыны сияқты, Мұрат та халық көтерілісінің қос басшысының шоқтығын биіктетеді:
Исатай мен Махамбет,
Қызыл тілді қазақтан
Жоқ еді жері сүрінген.
* * *
Бұйрат қылып қақ жарған,
Махамбет пен Исатай.
Жырлары зарлы, ойлары шерлі болып келетін Мұрат елді соңына ерткен қазақтың қос батырының тағдырын зар заман ағымы үрдісіндегі өз өлеңінің өлшеміне салып, мұңды әуенмен баян етеді. "Қуалап Исатайды өлтірген соң, Заманның содан бері тарылғаны" деп, дәуірінің азып-тозғанының бір себебін есіл ерлерден айрылумен байланыстырса, "Ерлігі бір қазақтың Махамбеттей" (Кей нұсқада "Бір қазақ еркек болса Махамбеттей" делінеді), Оны да аңсыз жерде жазымдады" деп, қапыда мерт болған батырды жырмен жоқтайды. Әйгілі "Үш қиян" толғауында қоныстан ауған тұлғаларды санамалап жырлаған толғанысын "Ердің соңы Исатай, Бармағын тістеп өткен жер" деп түйіндейді.
Ежелгі жыраулар дәстүрімен жырлаған Махамбет поэзиясының рухы Мұрат шығармашылығына қапысыз берілді. Қазтуған дәуірінен Махамбетке дейін жеткен түйдек-түйдек тіркестер ақынның ой көрігінде суарылып, Мұрат поэзиясына көшті. Махамбет ар-намыспен, ыза-кекпен көркемдеген өлең сөзді Мұрат одан әрі әрлеп -әдіптей түсті. Бар болмысымен "қасірет синониміне, қасиет символына айналған" (З.Қабдолов) ақынның "Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен, Атқан оғы Еділ, Жайық тең өткен" деген өлең жолын "Қайта туған Махамбет" (Х.Ерғалиев) атанған зар заман жыршысы "Еділде тұрып оқ атса, Жайыққа оғын жоғалтқан. Жайықта тұрып оқ атса, Еділге оғын жоғалтқан", — деп айшықтайды. Мұрат бірде Махамбетті "Еділ үшін егесіп, Жайық үшін жандасып, Қиғаш үшін қырылып, Тептер үшін тебіскен" күйде қайталаса, енді бірде: "Еділді келіп алғаны, Етекке қолды салғаны. Жайықты келіп алғаны, Жағаға қолды салғаны...", — деп түрлендіре түсіп, жаңаша өрнек салады. Белгілі бір елді мекеннің жер - суының ауқымынан шығып, жалпы ата мекендік ұғымға айналған "Еділ-Жайық" атауы екі ақын шығармашылығында да аз кездеспейді. Жауға қимайтын, жатқа бермейтін қастерлі дүние ретінде, азаттық үшін арпалыстың символы санатында сипатталады.
Мұрат Мөңкеұлы Махамбет өлеңінің "Еңселігі екі елі, Егіз қоян шекелі" деген жолын "Шекелігі үш елі" деп жалғайды. Жыраулық дәстүрдің үлгісін сақтай отырып, өлеңді өзгеше өрнекпен айшықтаудың мысалдарын ақын шығармашылығынан көптеп табамыз. Өзінің "Сарыарқа" және "Әттең, бір қапы дүние-ай" атты толғауларында ауа көшу сарынымен қоныстан ауғандарды санамалап жырлаған Мұрат бұл үрдісті өрісі "Қайырлы болсын сіздерге, Мынау менен қалған Еділ жұрт", — деп аманат қалдырған Қазтуғаннан, берісі "Мен Нарыннан кеткенмін, Нарынды талақ еткенмін", — деп күйінген Махамбеттей қабылдағанына дау болмаса керек.
Махамбет шығармаларында өзекті өртеген күйініш мәніндегі "Адыра қалған Нарынның, Теңіз деген суы бар", "Адыра қалған Нарынның, Жыңғылы мен талы бар" деген секілді тіркестер ұшырасады. Осы тақылеттес толғамдар Мұрат өлеңдерінде де баршылық. Қоныстың қайырсыздығына, жердің құтсыз налыған Мұраттың өлең - толғауларында түңілу, тіпті қарғыс сипатындағы "адыра қалғыр" көп айтылады. Әсіресе өзіне баянсыз болып, өзгеге бұйырған ата қоныс жайын жырлағанда күйінішті күшейтіп, өкінішті еселейтін "адыра қалғырдың" әсері тіпті бөлек. Түйдектелген жыр шумақтарына ерекше екпін беретін "Адыра қалғыр, бұ қоныс", "Адыра қалғыр, Үш қиян", "Адыра қалғыр, көк Жайық", "Адыра қалтыр, ен Нарын", "Адыра қалғыр, Аш тархан", "Тай сойған, адыра қалтыр, ит Қарабау" түрінде тұжырымдалған тіркестер ақын шығармашылығының тағы бір қырын танытады.
Махамбет пен Мұрат шығармашылығындағы тілдік - стильдік ортақтықтың мысалдары жетіп артылады. Батыр ақынның "Қара қазан, сары баласы" Мұрат өлендерін де бедерлейді. Ал Махамбеттің ел-жұрт түгел білетін "Әрайна, билер, әрайна, Арғымағым жарай ма?" деген өлең жолы Мұрат жырында "Әрайна, билер, әрайна, Әрайна десем болғай ма!? Әрайнасыз қайда?" деп жаңғырады. Әрі қарай қаратпа сөз мәніндегі тіркесті "Әрайна болған Қазтуған, Қайғыланып сонда толғай ма?" деп түрлендіріп, жыраудың тұлғасын танытатын ұғымға айналдырады. Махамбет өлеңдерінің текстологиясын жасаған Қ.Сыдықовтың пікіріне сүйенсек, "Әрайна — ел аузындағы аңызда ерте кезде өткен батыр. Жауда өлген батырды еске алып отыру жауынгер жыраулар дағдысына айналса керек. Ендеше, Мұрат осы ұғымның архаикалық мәнін поэтикалық мәнге ұластыруға тырысады.
Махамбеттің "Жалғыздық" атты өлеңіндегі "Заманым менің тар болды, Тура биде билік жоқ", — деген тұжырымы өз дәуірінің сипатын жырлаған Мұрат поэзиясының бүкіл болмысын дәл танытады. Күрескер ақыннан қырық жыл кейін туған жыр жүйрігі зар заман мен тар заманның шерлі шежіресін өлеңмен өрнектеді.
Қорыта айтқанда, "Бұ заманның шағында, Махамбеттей зарығып, Мұңды болған қайда бар?" деп бір сәт қайғылы кейпін де танытып өтетін Махамбеттің жорық жырлары мен "Қынапты қара қылышпын, Салып кетсем кесермін" деп бір сәт әр мінезін де аңғартып кететін Мұраттың шерлі өлеңдерінің арасында берік сабақтастық, үйлесімді үндестік бар.
http://kazorta.org/m-rat-m-ke-ly/
Қазақ халқынан мәдениеті, әдебиеті, өнері жоғары тұрған халықтардың тілін біліп, солардың білім қорын толық пайдалануға шамасы келмеген Мұрат қазақ тіліндегі кітаптарды ғана пайдаланады, оған ақындық үлгі болған, көбінесе, қазақтың мазмұнды, бай көркем фольклоры болады. Мұрат қырыққа келгенше ақындармен жиі айтысып отырған көрінеді де, елуге аяқ басқан Мұраттың айтыстары азая бастайды, алды-артын ойлап ақындық өресін барлаған Мұрат түрлі толғаулар, тарихи жырлар жазу ісіне көбірек беріледі. «Қалмақтың қарғысы», «Сарыарқа», «Үш қиян» сияқты шығармалар жазады. Ауыл арасы айтыстар кеміп, халықтың өткендегі кезі, қазіргі халі, келешегі, тағдыры туралы өзінше ойларын айтуды құнттайтын болады.
Заманына наразылық білдіріп көп шығармалар жазған Мұраттың айтқандары үнемі бір жерден шыға бермейді. Оның ойында кездесетін қайшылықтар аз емес. Мұраттың көнерген ұғымнан алыстап кетпей, мыңнан-мыңнан жылқы айдап, жүзден-жүзден нар байлап, кәде сайын тоқты өскен заман-ай деп, әлдеқандай бір өмірді көксеп, оны әсірелей суреттеп күңгірт ой білдірген шақтарын көрмеуге болмайды, — деп осындай бір кезді жырлаған Мұрат ел байлыққа бөленіп еркі өзінде болса екен, жер-суынан айрылмаса екенді тілеп, қиялын шарықтатып көрсе де, бұқараға деген ниетін адал ұстаса да, бірақ адал арманының өмірге жанасымды болып, оның іске асуы туралы түбегейлі қорытынды жасау оның ақындық өресіне шақ еді дей алмаймыз. Ол келешек нысанасы айқындалып, сара жол тапқан ақын болып көрінбейді. Мұрат жуандарды, патшашыл ханды, биді, байды әшкерелеп, олардан қысым көрген, жер-суынан сырылған, кедейленген шаруаларды жақтады, өкіметтен жәбір көргендерді патша мен ханға қарсы үгіттемек болып Исатай — Махамбеттің ісін қостады, солардың ісін, өмірін үлгі етті. Өткен кездегі ақындардың айтыс үстінде әдет, тәсіл көрсететіндігі мәлім. Ақындардың біреуі қолына домбыра алып, біреуі гармонь алып жырласа, өзінше бір әдеттен құр болмаған Мұрат, «алқа алдында өлең айтқан кезінде», «алдына жастық алып немесе қолына тостаған ұстап, болмаса, «Телпекпен аузын қағып отырып» айтысатын болған. Даңқты ақын санатына жеткен Мұратқа кейбір адамдардың әлдеқандай легендалық сипат бергісі келгендігі де байқалады. Мұрын ақын Мұрат туралы: «Мен Мұраттан өлеңді қалай айтып кеттің дегенде айтқаны: «Бір күні түсімде бір жиын той болган екен, сол тойда отырған ақсақалдар маган өлең айт деді, мен білмеймін дегенде, жоқ сен білесің деп болмады, сол арада телпегімді қолыма алып, айғайды салып, өлеңді қоя бердім, оянсам түсім екен, ертеңінде тұра сала өлеңді айттым, аузыма сөз түйдектеп түсе берді», — дейді.1880 жылдары Мұрат Нарында, Маңғыстауда болады. Жайық бойындагы қазақтарды аралап, ел өмірі туралы толып жатқан әңгімелермен танысады. Мұраттың түрмысына, жасынан ел аралап айтысқа түсіп үйренген ақындық өміріне өзгеріс кіру жөнінде 1880 жылдар кезінде Жайық бойындағы қазақтардың ақтаяқ болып жұтауы айрықша әсер етеді. Мұрат жүрген жақтың қазақтары жұтап, Маңғыстауда тұратын қазақтарға қарай жан сауғалап үдірей көшеді. Сол мекен аударғандардың ішінде Мұрат та болады, осы халін ескерген ақын:
Жетелеп ақ түйені жаяу кеттік,
Көрмеген бұрын-соңды асу жерге, -деп жазады. Осы күйзелістен кейін жасы ұлғайып қалған Мұраттың бұрынғыша ақындық салтанат құру, ду-думанға қатынасу, айтыстарға түсу ісі бірте-бірте кемиді. Қатын-баланы асырау, кедейшілікпен күресі, шаруаға былай да қыры жоқ ақынға оңай тимейді және жұтап қалған ауыл-аймақтан Мұратқа болысатындар да сиреп кетеді, бұл жағдайда Мұраттың денсаулығы де өте нашарлайды, жоқтықтың салдарынан ұзамай алпысты асып қайтыс болады. Мұрат: «Көк ала шекпен жез түймелерді» шенейді. Ол шаруалардың жер-суға, еркіне ие бола алмай, байлық пен молдықтың бәрі өктемдік еткендердің, жуандар, бектер, ақшалылар қолында болғанын көреді. Әділетсіздік күшейіп, дәрмені кетіп, бағынышты болған көшпенді шаруалар надандық қоршауында болды. Қазақ ішінен өрби бастаған қаскүнемдерге, «көк ала шекпендерге», елге басшылық етпегендерге Мұрат наразы. Халықтың қамын ойлап алуан ойға түскен Мұрат, әлдеқандай бір өзгеріс күтеді, ерлік тілейді, бұқараның алып күші дұрыс арнаға түссе, сол күш елді аман алып қалар ма екен? Қиянатшылардың бетін қайтарарлық қайрат көрсетілер ме екен?
Дегеніне келтірген, -сияқты заман болар ма деп тілейді, хандарды, зұлымдарды дегеніне келтіріп, жаманшылықтарын алдарынан шығаруға жарарлық батырлықты аңсайды, сол батырлықты ең алдымен халықтан күтіп, ақын айтқанын алдымен елге арнап айтады, жұртты ығыр қылғандарды, ақ патшамен ауыз жаласып, халық берекесін кетіргендерді шеней сөйлейді. Шаруалар әкімдердің тепкісіне түсті, өктемдер қол-аяқты байлады, күнкөрісті әлсіретті, праводан айырды, аңдыған дұшпан соңыңнан тіміскілеп қалмайтын болды, көнбеске көніп кеткеніміз бе?!
Дұшпан — тазы, біз — түлкі,Қашсаң ерікке қоймайды.Інге кірген, суырып,Құлғанадай қадалып,Қазынасы кең, құдайым!Сақтайсың сәлемет,
— деген ақын қамыға, назалана, қауіптене сөйлейді. Ауыр халден құтқарарлық не күш барын іздеп қиналады. Шынымен жұрт жадап, ашылмас тұманның ішінде қалғанымыз ба? Еңсесі түсіп тұрған қалың бұқара әр жерде жем болып, қиянатшыл қырсықтардың опасыздығын көріп жүрмек пе? Халық халін ойлап, бір дұрыс әрекет жасалмаса, ер өзін-өзі билей алмайтын болса, төрелердің қорлығында, патшалықтың шылауында жүріп күн көрем деу не місе?! Ұлықтар, болыстар, «сымпыстар» халықты адастырды, елге, кейінгі ұрпаққа кесірлі қауіп туғызатын да солар деп түсінеді. Бұл заман түзік емес, бұзықтығы, озбырлығы көп заман. Неше алуан әділетсіздікті өрбіткен заман. Соны көрмей, айтпай отыра аларсың ба?! Елге еткен қиянатты көре тұра жасыру ақындық арға жата ма?! Сөзімді естігендер оянар, бұзық заманды түзік заман деп далақтап, қара басы қамын ойлап, аман жүруді қанағат көргендерге, шен-шекпенге сатылғандарға бір тыйым болар деген үміт жасайды. Сөйтіп, Мұрат: «сымпыстар, болыстар, қалтасына сеніп шайқақтаған байлар, пысықтар» көк ала шекпен жез түймелерге бас имейді, оларды әшкерелейді, бұлардан құтылу үшін, ер намысы, бірлік, ерлік керек, білім алып өнерлі болмай, қатарға қосылып халықты бостандыққа жеткізіп болмас деген сияқты қорытындылар жасайды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру