Ақтамберді Сарыұлының «Күлдір-күлдір кісінетіп», «Балаларыма өсиет» толғаулары. Қазақ әдебиеті, 8 сынып, дидактикалық материал. дидактикалық материал. 14-сабақ


Оқушыларға арналған қосымша дидактикалық материалдар

Ақтамберді жыраудың екінші топтағы туындылары

Бұл туындылардың арқауы — табандылық пен ерлік рухы. Ұлы жыраудың пайымдауынша, ел басына қиындық түскенде сыналар жəне елі үшін жанын отқа салуға даяр жігіт қана ер атанбақ. Ақын заманы мұқтаж етіп отырған ер-азаматты үлгі етіп, əр тұста елі үшін ерлік көрсете білуге үндейді :

Балпаң, балпаң басарсың, Басуға табан шыдаса, Қызыл алмас жан қияр, Қызыл талға қынаса, Жол болмасқа немене, Тарығып шын жыласа, Мал бітпеске немене, Жігіт жанды бұласа!

Ел шетіне жау келсе,

Алдына, сірə, дау келсе,

Батырсынған жігіттің

Күшін сонда сынаса!

Ақтамберді өзін бейнелеуде эпитеттер мен ауыстырудың асқақ та асыл түрлерін орынды қолданып, ержүрек батыр тұлғасын көз алдыңа айқын елестетеді. Төрт құбыласы түгел болғандықтан, өзі батыр, өзі жырау Ақтамберді:

Салпаң да салпаң жортармын,

Сары азбанға қосымды артармын,

Торлаусыз өскен құланмын,

Мезгілсіз жусап өрермін,

Байраққа біткен құрақпын

Саусағым жерге түсірмен,

Жапанға біткен терекпін,

Еңсемнен жел соқса да теңселмен,

Қарағайға қарсы біткен бұтақпын

Балталасаң да айрылман,

Сыртым құрыш, жүзім болат,

Тасқа да салсаң майрылман! —деп неге шалқып таспасын.

Келтірілген жолдар — батыр ақын шабытын танытарлық кесек туынды. Жалпы, Ақтамберді толғауларының өн бойынан Отанға деген сүйіспеншілік, ерлікті əспеттеп, ел тəуелсіздігін ардақтаған отты жырларды байқаймыз. Əсіресе жыраудың «Күлдір-күлдір кісінетіп» деген ұзақ толғауының екпіні ерекше:

Күлдір-күлдір кісінетіп, Күреңді мінер ме екеміз?! Күдеріден бау тағып, Қамқапты киер ме екеміз?! Өзенге бие байлатып, Төскейге орда орнатып, Төрткілдеп ошақ қаздырып, Төбел бие сойғызып, Төменде бидің кеңесін

Біз де бір құрар ма екеміз?!

Құлаты тауға қол салып,

Садақтың оғын мол салып,

Бетпақтың ен бір шөлінен

Төтелеп жүріп жол салып,

Қолды бір бастар ма екеміз?!

Майданда дабыл қақтырып,

Ерлердің жолын аштырып,

Атасы басқа қалмақты,

Жұртынан шауып бостырып,

Түйедегі наршасын,

Əлпештеген ханшасын

Ат артына мінгізіп,

Тегін бір олжа қылар ма екеміз?!

Кеуде бір жерді жол қылсам,

Шөлең бір жерді көл қылсам,

Құрап жанды көп жиып,

Өз алдына ел қылсам!

Асқар бір тауды жайласам,

Желілеп бие байласам,

Күнде жиын, күнде той,

Қыз-бозбала ойнатсам,

Тентегін түзеп байқа деп,

Ішінен биді сайлатсам,

Құлым бір ұлдай киінсе,

Көркемін көрген сүйінсе,

Атымтай жомарт секілді

Атағым жұртқа білінсе!

Өзім бір бөлек жайласам,

Жігіттен нөкер сайласам.

Ойпаң жерге он отау,

Қыраң жерге қырық шатыр тігіп,

Қонағымды жайғасам!

Пышақтан малым кетпесе,

Қазаным оттан түспесе,

Ауылдан топыр үзілмей,

Ошақтың оты өшпесе.

Май жемесе барағым,

Он кісіге жараса

Бір кісіге арнап тартқан табағым!

Халыққа атым білініп,

Шүлеңгір мырза атанар ма екеміз?!

Төскейде кеңес топтанып,

Жақсылар үйде баптанып,

Нөкерлер жүрсе сап түзеп,

Қос-қосымен шаттанып.

Қиуадан ақыл алатын,

Қияннан айла табатын,

Ерлерден салсам нөкерді

Дұшпаннан кекті алатын!

Жоны бір жалпақ жотадай,

Мойны бір жалпақ бұқадай,

Балуаннан нөкер барлатып

Күреске салар ма екеміз?!

Артықша көзге көрініп

Балуаным жықса таңлатып.

Алмасын арнап суарып

Ақ сауыт соқса зергерім,

Таудағы сала бұғыны

Аңдып бір атса мергенім!

Көкорай көктем болғанда

Дауысы бар азандай,

Желіні бар қазандай,

Жаралы қудай ыңырантып,

Жарылған мұздай күңірентіп,

Қайрауықтың ащы күйіндей

Қайырып боздап күйлентіп,

Боталаған бозінген

Азан-қазан, у да шу

О да бір алса мазамды-ай!

Алғайдың құба жонына

Жайылған қойым сыймаса,

Жүз бүркеншек, жүз қоспен

Қатар жүріп жинаса!

Көк алалы көп жылқы

Көлге бір түссе көз жетпей,

Санап санын алуға

Есебіне жан жетпей...

Беглерім мінсе шұбарын

Жұлындай қылып жаратып.

Елден елді аралап,

Тектіден текті саралап,

Беглердің қызын айттырсам,

Нұсқасын байқап шамалап.

Сынға толса сияғы,

Əлбеті шамның шырағы,

Мұхиттан сүзіп шығарған

Қымбатты гауһар бағасы.

Жүз нарға кілем жаптырып,

Қазақтан сəнін арттырып,

Ұзатып алсам сəнменен

Көңлімді хош таптырып.

Бала берсе тезінен,

Пірлердің бітсе демінен,

Шілтеннің тиіп шылауы

Артылып туса өзімнен!

Ақтамберді жырларында азаттық күрестің басты мақсаты өз алдына ел болу, төгілген қанның өтеуі бейбіт тіршілік, азат ел, мамыражай тіршілік дегенге саяды. Оны «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» жұмақ заманда тəуелсіз елдің тыныштығын ел арасындағы дау-жанжал бұзбаса, береке-бірліктің құтын қашырмаса деген тілек қатты толғандырады.

Осындай берген дəулетті,

Көтеріп тұра алар ма екенбіз! —дейді.

2012 ж. шыққан «Сөйле, тілім, жосылып» жинағында «Күлдір де күлдір кісінетіп» деп басталатын толғаудың екі нұсқасы басылған. Асылы, олар — əрқайсысы əр тұста айтылған өзінше бөлек жырлар. Себебі қайталау көп кездеспейді .

Жырау өзінің «Күлдір де күлдір кісінетіп» атты екінші жырында жүйрік ат мінуді, сұлуды сүюді, кіреуке тон, сауыт киіп, «қоңыр салқын төске алып» қол қашыруды, жауын бытыратып атуды, жеңіспен оралғаннан кейін «Тобылғы сапты қамшы алып, Тұмар мойын ат мініп», қоныс қарауды, жайлауда жазылып отырып кеңес құруды армандайды.

Ақтамберді толғауларындағы басты идея — елді ата-жауға қарсы күреске шақыру, ерлікке жігерлендіру. Азатшыл сарын — жырау поэзиясының негізгі өзегі.

[attachment=28228:aza-debieti_8-synyp_-1-tarau_-14-saba_didaktikaly-materialdar_1-nsa.docx]
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
Пікір жазу