Қазақтың театр өнері. Қазақ тілі, 8 сынып, қосымша ресурс. 2 сабақ.


 

 

 https://articlekz.com/kk/article/16465

 

Жай сөйлемді семантикалық талдаудың теориялық негіздері

Сөйлемді семантикалық талдаудың ғылыми-теориялық жəне практикалық маңызын түсіну үшін тілдік жүйенің басты элементтерінің бірі — сөйлемнің зерттелу аспектісін жəне тілдік таңбаның бірі ретінде оның таңбалық табиғатын анықтап алуымыз қажет.

І.Сөйлемді зерттеудің аспектілері

Сөйлем — күрделі құбылыс. Сондықтан да қазіргі қазақ лингвистикасының маңызды мақсаттарының бірі сөйлемді жан-жақты зерделеу болып табылады. Сөйлемнің түрлі аспектілерінің ішінде құрылымдық-семантикалық аспектіні зерттеу қазіргі кезеңде өзекті мəселеге айналды. Сөйлемді құрылымдық-семантикалық аспектіде зерттеу əлемдік лингвистикада XX ғасырдың 50- жылдарынан, бұрынғы кеңестік орыс тіл білімінде XX ғасырдың 70-жылдарынан қолға алына бастаса, түркітануда, қазақтың тілтану ілімінде бұл əлі де тың жатқан тақырып.

Синтаксис теориясының тарихында тілдік бірліктердің ішінде сөйлем ерекше орын алады.

«Сөйлем» XIX ғасырдың I жартысында-ақ синтаксистің негізгі ұғымы болып қалыптасты. Бірақ бұл кезеңде тіл туралы ғылымда логикалық бағыт үстем болып, тілдің грамматикалық құрылысы мен ойлаудың логикалық құрылысы тұтас дүние ретінде қарастырылды. Ойлауға ерекше мəн беріліп, сөйлеммен пайымдаудан бір-бірінен еш айырмашылығы жоқ деп түсіндірілді. Сөйлемге сөздермен берілген ой деген анықтама берілді. Қысқасы, грамматикалық жəне логикалық категориялардың арасына тепе-теңдік белгісі қойылды. Логикалық субъект бастауышпен, логикалық предикат баяндауышпен теңестірілді.

XIX ғасырдың 60-жылдарында психология ғылымы дамыған сипатта болып, тіл біліміндегі логикалық бағытты сынға алып, психологтар тілді адамның психикасынан туындайтын үдерістердің көрінісі деп есептеді. Сөйтіп, психологтар сөйлемге айтушының санасындағы белгілі бір түсініктерді байланыстыратын психикалық акт деген анықтама берді. Олар формалық белгілері бойынша емес, сөйлеуші санасында пайда болу уақытына қарап, психологиялық бастауыш жəне психологиялық баяндауыш деп жіктеді.

Сөйлемге анықтама беруде, оны мүшелерге жіктеуде психологиялық жəне логикалық тұрғылардың өзіндік ерекшеліктері болғанмен, бұл синтаксистік теориялардың ортақ белгілері болды. Ол жөнінде П.С.Кузнецов: «Сөйлемді логикалық пайымдауды жəне психологиялық пайымдауды білдіру деп анықтама беруге жалпы нəрсе — ол тілдік белгілердің жоқтығы» (Общим для определения предложения как выражения логического суждения и для определения предложения как психологического суждения является отсутствие собственно языковых признаков) десе [1], И.П.Распопов: «Сөйлемді логикалық (К.Беккер, Ф.И.Буслаев) немесе психологиялық (Г.Штейнталь, Г.Габеленц, Г.Пауль, кейде А.А.Потебня) пайымдауларды білдіру деп анықтаушы лингвистердің қайсысы болса да нəтижесінде функционалдық критерийлерді (сөйлемде айтылатын мазмұнның мəні, мағынасы, мақсаттылығы) басшылыққа алғанмен, бұл критерийлерді қолдану қажетті дəлдікпен негізделмеді жəне ақырына дейін қарастырылмады. Сөйлемде не, не үшін айтылатынының мəні оны құрылымындағы белгілеуші мен белгіленушінің ара қатысы, сөйлемнің лексикалық-грамматикалық құрамындағы кейбір мүшелерінің қызметі — барлығын сөйлеу əрекетімен қайшылықта қарастырғандықтан, олардың дəйексіздігі, бұрмаланғандығы байқалып тұрады». Синтаксистегі логикалық жəне психологиялық бағыттағыларды XIX ғасырдың аяғы — XX ғасырдың басында формалды тіл білімі өкілдері, яғни сөйлемді оның құрылысы жағынан қарастырушылар, өткір сынға ала бастады. Осы кезеңде сөйлемді жəне басқа тілдік бірліктерді функционалдық критерийлер тұрғысынан талдау тіл құрылысының өзіндік сипатын айқындай алмайды деген пікір де қалыптасты. Соның нəтижесінде синтаксистер сөйлемнің формалық құрылымын мазмұнынан бөлек қарастыруға баса назар аударды. Жəне əлем тілдерінен жинақталған мол материалдар мен оларды талдау морфологиялық тұрғыдан түрлі тілдердегі сөйлемнің құралу принципі əр түрлі болатындығын көрсетті. Формалды бағыт өкілдерінің сөйлемнің семантикалық белгілерінен бастартуы оларды синтаксистің негізгі міндеті сөздердің жəне сөз тіркестерінің топтарын тілдік бірліктердің ерекше түрі ретінде бөліп алып зерделеу деген түйінге əкеп тіреді. Тіпті сөйлем сөз тіркесінің бір түрі деген көзқарас та [3] болды. Коммуникация үдерісіндегі сөйлемнің қызметі тілші-ғалымдар назарынан тыс қалды.

Лингвистикалық құбылыстарды таза формалық тұрғыдан талдау керек дегенді АҚШ лингвистикалық мектебінің өкілдері де айтты. Мəселен, сол кездегі жаңа бағыт дескритивті лингвистиканы негіздеуші американ лингвисі Л.Блумфильд: «Формалар класы басқа лингвистикалық құбылыстар секілді мəн-мағына негізінде емес, тек лингвистикалық ерекшеліктер (яғни лексикалық жəне грамматикалық) негізінде анықталуы мүмкін» («Классы форм, подобно другим лингвистическим явлениям, могут быть определены не на основе смысла, а лишь на основе лингвистических (т.е. лексических и грамматических особенностей»), — деді [4; 5]. Осы мектептің Б.Блок, Дж. Треджер секілді өкілдері: «Біздің барлық классификацияларымыз тек қана формаға, яғни түбірлер мен аффикстердің фонематикалық құрылысының ұқсастығы мен өзгешелігіне немесе сөздердің нақты фразалар жəне сөйлемдер типіне, кіруіне негізделуі қажет. Классификация жасауда мағынаға, абстрактілі логикаға немесе философияға сүйену деген болмау керек» («Все наши классификации должны основываться исключительно на форме — на различиях и сходствах фонематической структуры корней и аффиксов или на вхождении слов в конкретные типы фраз и предложений. При составлении классификации не должно быть аппеляции к значению, абстрактной логике или к философии») деген талап қойды [4; 5]. Тілдік семантикаға деген глоссемантиктердің көзқарасы да дескриптивті бағыттағылармен бірдей болды.

Жоғарыдағыдай көзқарас кеңестік кезеңдегі дəстүрлі лингвистикаға да əсерін тигізбей қалған жоқ. Оған дəйек академик В.В.Виноградовтың өзі: «Сөйлемнің нақты мазмұны грамматиканың пəні болуы мүмкін емес. Грамматика тек сөйлемнің құрылысын, сөйлемнің типтік формаларын зерттейді» («Конкретное содержание предложений не может быть предметом грамматического рассмотрения. Грамматика изучает лишь структуру предложения, типические формы предложений»), — дейді [5]. Осыған байланысты қырғыз лингвисі И.Д.Джакубов осындай теориялық нұсқаудан соң түркі тілдерінің синтаксисін зерттеушілер əлі күнге дейін сөйлем мен сөз тіркестеріндегі сөздердің өзара байланысу типтерін айқындаумен жəне синтаксистік бірліктердің құрылымдық типтерін сипаттаумен шектеліп келеді деген ой түйеді [6].

Ал қазіргі синтаксистің ізденіс ауқымы сөз тіркестері мен сөйлемнің құрылысына қатысты мəселелермен ғана тұйықталып қалған жоқ, себебі бүгінгі күннің əлемдік жалпы тіл білімі жаңа жəне бұрындары шешімін тапқан деген синтаксис проблемаларын алға тартып отыр. Синтаксистік ғылым саласының зерттеу нысандары, оларды сипаттау, талдау əдістемесі қалай болуы қажет деген сауалдарды қоя бастайды. Мəселен, Н.Ю.Шведова синтаксистің негізгі бірліктері ретінде сөз формасы, сөз тіркесі, жай сөйлем, құрмалас сөйлем, мəтін деген бірліктерді санамалап, оларды синтаксистің тұтас та бірліктегі «ғимаратының» құрылымы мен құрылысының бірліктері десе [7], бүгінгі лингвистикада əбден мойындалған нəрсе синтаксистің негізгі бірлігі — күрделі тілдік құбылыс болып табылатын сөйлем [8]. Сондықтан да болар И.А.Сизова: «Сөйлем» ұғымының күрделі де қайшылықты құбылыс екендігін тіл білімінде 300-ден астам анықтамасы бар екендігі-ақ дəлелдейді» дегенді айтады [9].

Сөйлемнің күрделі сипатын жан-жақты зерделеу үшін түрлі аспектілерде қарастыру қажет екендігін тіл біліміндегі логикалық, психологиялық жəне формалды бағыттардың болғандығы, бар екендігінен көруге болады. Бұл проблеманы орыс тіл білімінде В.Г.Адмони сөйлеу тізбегінің көп тарамдылығы [10], сөйлемдегі грамматикалық құбылыстардың көп салалығы [11], сөйлем құрылысының сан салалығы [12] деген идеялар негізінде түбегейлі де терең қарастырды. Нəтижесінде сөйлемнің төмендегідей 7 аспектісін: 1) логикалық-грамматикалық; 2) модалды;

3) сөйлемнің толымдылығы; 4) сөйлеудегі сөйлемнің рөлі (яғни сөйлемнің сөйлеу тізбегіндегі басқа сөйлемдерге қатынасы); 5) сөйлеушінің танымдық ұстанымы немесе сөйлемді актуалды талдау;

сөйлемнің коммуникативтік міндеті (хабарлы, сұраулы, лепті, сөйлемдерге жіктеу);

эмоционалдылықты айқындайды [13]. Бұл аспектілердің əрқайсысы сөйлемнің маңызды жақтарын сипаттайды. Мəселен, логикалық-грамматикалық талдауда сөйлемнің морфологиялық форма компоненттері мен жалпы грамматикалық мағынасы айқындалса, сөйлемнің моралдық аспектісін зерттеу «сөйлемді ұйымдастыратын синтаксистік-мəндік қатынастардың шындықтағы түрлі формалары мен олардың айқындығын» [14] тілге тиек етеді. Сөйлемді талдаудың үшінші аспектісі сөйлемдегі белгілі компоненттің түсіріліп айтылуының себептерін, контекст пен ситуациялық сөйлемге əсерін анықтайды. Сөйлемді талдауда төртінші аспекті сөйлемді басыңқы жəне бағыныңқы бөліктерге бөледі. Бесінші аспектідегі сөйлеушінің танымдық ұстанымы сөйлемді актуалды талдауға апарады. Алтыншы аспект сөйлеушінің коммуникациялық міндеттеріне сай сөйлемдерді айтылу мақсаты мен информация интонациясына қарай хабарлы, сұраулы, лепті деп жіктейді. Соңғы аспект сөйлемнің эмоционалдық дəрежесін белгілейді. Қорытындысында В.Г.Адмони сөйлемді жоғарыдағы барлық аспектілерде зерттеу маңызды, ал оларды бір немесе аз ғана аспектіге біріктіріп талдауға қарсы екендігін білдіреді. Сонымен қатар əрбір аспект бір-бірімен тығыз байланыста болғанымен, олардың əрқайсысы сөйлемнің грамматикалық жүйесінің қажетті компоненттері екенін ескертеді.

Сөйлемнің зерттеу аспектілері жайында өзіндік пікір ұстанған В.И.Кодухов сөйлемнің негізгі екі аспектісін нұсқайды. Ол: «Егер аспект дегенді онтологиялық тұрғыда, яғни тілдік бірліктің ең негізгі белгілерін бөліп алатын болсақ, онда коммуникативтік жəне құрылымдық деген негізгі екі типін бөліп алу керек. Ал тілдік бірліктердің басқа белгілері осы негізгі белгілердің айналасына топтастырылады» («Если понимать аспект онтологически, т.е. как выделение существенных признаков языковой единицы, то необходимо выделять два основных типа признаков — коммуникативные и структурные. Все остальные признаки языковых единиц так или иначе группируются вокруг этих основных признаков, вычленяющих, характеризующих языковые единицы») дейді [15]. Жəне В.И.Кодухов тілдің коммуникативтік те, құрылымдық та бірліктерінің өздеріне тəн формасы мен мазмұны бар, ал олардың мазмұны бір-бірінен өзгеше екенін айта келіп, коммуникативтік дегеніміз тілдік формалардың, олардың сөйлеуде іске асуының ойлаудың формаларымен сəйкес келуі деп түйіндейді. Коммуникативтік семантика тікелей тілдік емес шындыққа, ал құрылымдық-тілдік семантика тілге, оның ұйымдасуына бағытталғандығын ескертеді ғалым.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Қазақстан пойыздарында үй жануарларын тасымалдау ережелері
» Қазақстандықтар шетелге шығуға жылына қанша жұмсайды?
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
Пікір жазу