Олимпиада жүлдегері - Дәулет. Қазақ тілі, 6 сынып, қосымша материал. 2 сабақ
ДӘУЛЕТ ТҰРЛЫХАНОВ ҚАЛАЙ «ЕЛДІҢ БАЛАСЫ» АТАНДЫ?
https://kaztrk.kz/news/articles/daulet-turlyhanov-qalai-eldin-balasy-atandy-3123
Жұлдыздар отбасы
http://juldyz.kz/2016/11/11/daulet-turlyhanov/
Дәулет Тұрлыханов «Спартак» клубының құрметті президенті болып сайланды
https://bnews.kz/kz/news/sport/daulet_turlihanov_spartak_klubinin_kurmetti_prezidenti_bolip_sailandi
Дәулет ТҰРЛЫХАНОВ: «Дүниедегі ең жақсы қасиеттер өз халқымның бойынан табылса деймін»
Дәулет, жалпы, өмірдің өзі күрес қой. Ал қазақтың мақтанышына айналған өзіңіздей балуанның өмірі бүтіндей соған арналады десек те болар. Осы өмір-күрестің алғашқы қадамдары қалай басталып еді? – Осылай дегенде көз алдыма Семей өңірі, Жарма ауданы, Георгиевка селосында өткен балалық шағым оралады. Ұстаздар отбасы. Әкем Болат Тұрлыханұлы денешынықтырудан, анам Мәрзия Айтбайқызы физика-математика пәнінен сабақ береді. Отбасында сегіз ұл, екі қыз болдық. Қыстың күні сабақ 8-де басталатын болса, біз одан да ерте тұрып, малды жайлап, суын, жем-шөбін беріп, сонан кейін ғана мектепке баратынбыз. Әкем еркін күрестен секция жүргізетін. Сөйтіп, мен де еркін күреске бардым, кішкентай болсам да үлкен сыныптың балаларымен тайталасатын едім. Кейін есейе келе, алтыншы сыныпта оқып жүргенде әкем мені Алматыдағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы республикалық спорт мектебіне апармақшы болды. Сол кезде анамның: «Болат пен Мәрзия 10 баласын асырай алмай интернатқа беріпті деп ел сөз қылады», деп қарсылық білдіргені де есімде. Бірақ әкем тамыз айында Алматыдағы Тимирязев көшесінде орналасқан мектеп-интернатқа алып келді. Ол жерде еркін күрес жоқ екен. Әрі кешігіп келіппіз. Сол арада Касаев Марат деген жас маманға кездесіп қалып, әкем сөйлесіп, сосын бірден соның кабинетінде емтиханды өткізіп жіберді де, мені классикалық күреске қабылдатты. Сабақтың басталуына 3-4 күн қалған. Әкем: «Ал жақсы. Осында қал енді», деп мені тастап кетті. Бұл 1976 жыл болатын, мен сонда алтыншы сыныпты жаңа бітірген оқушы едім. – Баласыз ғой. Дегенмен де, жаңа өмірге тез көндігіп, үйренген шығарсыз? – Әрине. Бұрыннан осында оқитын оқушылар келе бастады. Мектеп қабырғасындағы оқуым басталып кетті. 3 жыл оқып, сол жылдары мектеп оқушылары арасындағы КСРО чемпионатында жүлдегер болдым, 2 рет елдің спорт мектептері арасындағы жарыстарда ұттым, Бүкілодақтық жарыстарда жүлде иелендім. Оныншы сыныпта ересектер арасында «Динамо» спорт қоғамының да жарысын ұтып, спорт шебері атандым. Үнемі жарыстарда жүргенде оқу бағдарламасынан қалып қоясың. Өз бетіңше дайындалғанмен, ол бәрібір мұғалім түсіндіргендей болмайды. Сол кезде ұстаздардың өз баласына қарағандай үлкен түсіністікпен қарағанын еш ұмытпаймын. 3-тің орнына 4, ал 4-тің орнына 5-те қойып та жіберуші еді. – Осы мейірім мен еңбек баспалдақтары өзіңізді Олимпия биіктеріне әкелді емес пе? – Олимпиада ойындарына мен 3 рет қатыстым. Сеул Олимпиадасында 74 кило салмақта 2-ші орын алдым, Барселона Олимпиадасында 82 кило салмақта қола жүлдегер болдым. Сонан кейін аға жаттықтырушы бола жүріп Атлантада 84 кило салмақ санатында 4-ші орынды қанағат тұттым. Бір өкініші, алтын бұйырмады. Соған азырақ әттеген-ай, дейміз. – Ол әттеген-айдың да кейбір себептері жоқ емес шығар? – Ол кезде Олимпиаданы айтпағанда, сыртқы жарыстарға қатысатын құраманың өзіне кіру үшін көп қажыр-қайрат керек болатын. Ресей бастап, Украина, Белоруссия, Кавказ республикалары, Орта Азия республикалары бар, солардың барлығының ішінен суырылып шығуың керек. Мен КСРО чемпионатын 7 рет қатарынан ұттым. Ондай табыс ешкімде жоқ. Менде ғана болды. Сеулдегі Олимпиада кезінде өте жақсы бабымда болдым. 6 кездесудің бәрінде барлық балуандарға дес бермей, тез-тез таза жеңіп отырдым. Ақтық бәсекедегі қарсыласым Оңтүстік Корея балуаны еді. Ол 1 ұпай ұтылыспен шыққан болатын. Сол кезде менің жанымда: «Дәулет, сен мынау корей төрінде корей балуанымен кездесіп жатырсың. Төрешілердің бәрі саған қарсы жұмыс істейді, жанкүйерлер де саған қарсы шулайды», деп айтатын жанашыр болмады. Ол кезде қазақ жаттықтырушыларын санатқа қоспайтын. Содан не керек, 2:1 есебімен ұтылып қалдым. Сол Олимпиададан кейін 3-4 ай ауырдым. Ұтып тұрған балуаным еді ғой, әттең, деп қалдым. Психологиялық күйзеліс қой, сол ойыма түссе налып ауырамын. Қазір мен халықаралық күрес федерациясының мүшесімін ғой. Сол кездесуде қандай келісім жүргенін, Оңтүстік Корея күрес федерациясы халықаралық күрес федерациясымен қандай қарым-қатынаста болғанын, кімдерге қандай сыйақы бергенін, бәрін сұрастырып білдім, соның бәрі бұл күндерде белгілі болып жатыр. Ал енді сонау финалда кездескен Ким Ен Наммен доспыз. Қазақ тілінде, орыс тілінде жетік сөйлейді. Қазақстан-Корея бірлескен кәсіпорнында осында қызмет істейді. Көбіне уақытын Алматыда өткізеді. Отбасымызбен араласып тұрамыз. Барселона Олимпиадасында өзімнің салмағым 72 кило болса да 82 кило салмақта күрестім. 1992 жылы Кеңес Одағы ыдырап кеткен кез. Соның өзінде барлығын мәскеуліктер басқарып отырды. Бірақ мен сонда да іріктеу жарыстарында олардың екі мықты балуанын жеңдім. Біздің бірнеше боксшымыз Мәскеудің қысымымен Олимпиада ойындарына жіберілмей қалды. Өйткені, біз халықаралық жарыстарға ТМД құрамасы сапында бардық. Сол кезде спортты басқарып отырған Қаратай Тұрысов ағамыз: «Дәулет, еліміздің туын өзің ұста», деді. Сөйтіп, мен ең алғаш тәуелсіз Қазақстанның туын спорт аренасында алып жүрдім. Ертеңінде жарыс... 17-ақ секунд қалған кезде, 2:1 есебімен ұтып тұрып ұтылып, 3-ші орын алып қалдым. Қола медальға қуана тұрсам да, бұл да бір өкінішім. Атлантада өзімнің салмағым 74 кило тартып тұрды да, Бақтияр Байсейітов деген бауырымыздың бағы жансын деген оймен 74-ке соны шығардым. Ал өзім тағы 82-де күрестім. Ол кезде аға жаттықтырушымын, қай салмаққа кімді қоямын десем де өзім шешетін кез. Алайда, ол ұтылмайтын балуанға ұтылып қалды. Ал мен 82 кило салмақта өте қиын 7-8 кездесу өткізіп, 4-ші орынға табан тіредім. Әйтпегенде, 74-тен алып-ақ тұр едім бас бәйгені. – Спорттағы адамгершілік қасиеттер туралы айтып отырсыз. Бұл күнде Атымтай жомарттығыңыз бен қайырымдылығыңыз әмбеге аян. Ер Дәулетсіз. 90-шы жылдардың басында Алматыда спорт сарайын сала бастадыңыз. Жап-жас кезіңіз болса да, сондай үлкен шаруаларды қолға алдыңыз, соған не себеп болды? – Менің де бір кісідей жомарттығым бар. Бар болса – бересің, жоқ болса – бере алмасаң да, іштей ниеттес боласың. Қазақта тек деген бар, тегінде, осы қасиет аталарымның қанымен берілген шығар. Үлкен атам Қасен қажы деген, қысталаң заманда қажылыққа барған, ақылман кісі болған. Жарма ауданына қарасты Тарбағатай сілемдерінде әлі күнге дейін сары балшықтан соғылған зираты жатыр. Туған қыстағында атын байлаған тасы да әлі күнге орнында тұр. Ауық-ауық ақсақалдарды ертіп барып құран бағыштап тұрамыз. Қасен қажы баласы Тұрлыханға білім беріп, арабша-орысша сауат аштырған. Кейін келе ол кісі Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болған. Көкпекті және басқа аудандарда білім бөлімін басқарған. Затаевичке 13 ән жазып берген. Тұрлыхан атамды осы Алматыда мектеп директоры болып тұрған кезде 1937 жылы 27 желтоқсанда ұстаған екен. «Халық жауы» ретінде 7 жыл беріп, анау Ресейдің Екатеринбург іргесіндегі Нижний Тагиль қаласында қамауда болған. Кейінірек 1942 жылы қайтыс болыпты. Сол жерге мен осы жаздың басында барып ФСБ-ның рұқсатымен ГУЛАГ архивіне кіріп, атамның бүкіл іс қағаздарымен танысып, солардың көшірмесін алып келдім. Қыдырбек Рысбек бауырымыз атамыз туралы деректі хикаят жазып, ол кісінің шығармаларын қосып, «Қайтпас қайсар қазақпын» атты кітапты дүниеге келтірді. Жақында анамыз Мәрзия Айтбайқызы бастап Нижний Тагильге 31 адам барып, атамыздың басына құлпытас қойып қайттық. Енді жомарттыққа келер болсақ, халқыма біраз қол ұшын бердім. Елім де мені құрметтеп, Жоғарғы Кеңестің, Мәжілістің депутаттығына түскен кезде тік тұрып қолдады. Қазір де меценаттықтан шет емеспін. Туған күнімнің алдында да қарттар үйі, балалар үйлеріне қамқорласуға Шығысқа ұшып бара жатырмын. Бердібек Сапарбаев ағамыздың «Туған жерге тағзым» деген үлкен бағдарламасы бар. Әр өңірден шыққан спортшылар, іскер азаматтар өздері шыққан ауылына, туған жеріне бір жақсылықтар жасаса екен деген игі ниеттен туған. Мен қазір Жарма өңірінде үлкен спорт мектебін салып жатырмын. Құдай бұйыртса, 1-2 айда бітіреміз. Енді, мұқтаждарға кезінде көп көмек көрсеткен кездер болды, спортшыларға машина мінгізген жайлар бар. Чемпиондарға жеке демеушілер тауып беріп, баспана әперген кездеріміз де болды. Оның ішінде боксшылар да, балуандар да, ауыр атлетшілер де бар. Осының бәрі қазақ спортының өркендеуі үшін жасалған қамқорлықтар.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» Грузия қазақстандықтарға білім грантын бөлді
» Қазақстандықтар шетелге қай мезгілде жиірек шығады
» Freedom bank-те керемет акция! 1000 ₸ кэшбек сыйлайды