Мартин Лютердің наразылығы Еуропаны қалай өзгертті? Дүние жүзі тарихы, 6 сынып, дидактикалық материал.
Қосымша 1
Еуропа елдерінің мәдени-тарихи дамуындағы басты кезең — Реформация дәуірі болып саналады. Реформация — XVI ғасырда алғашқы ширегінде неміс елінің топырағында дүниеге келген діни-идеологиялық және әлеуметтік-саяси қозғалыс. Ол католиктік бағыт түрінде қалыптасқан христиан дінінің кейбір қағидаларын қайта қарап, жаңғыртуға бағытталған. Бұл қадам Римдік-католиктік шіркеудің шектен тыс шығушылығынан, оның қарама-қайшылықтарға толы идеологиясына көңілі толмаушылықтан туған еді. Өзінің мәні жағынан алып қарағанда, Реформация буржуазия табының ескі орта ғасырлық тәртіптеріне қарсы болатын. Христиан дінін қайта қарауды, адамның дүние-танымы мен сана-сезімін өзгертуді мақсат еткен бұл діни қозғалыс жаңа капиталистік қарым-қатынастарға жол ашып берді. Реформацияның ең басты мәселелерінің бірі — христиан дінінің жаңа үшінші бағыты — протестанизмнің католиктерден алшақтай бастауы. Реформацияның басталуы — «Қайта жаңғыру» мәдениетінің соңғы кезеңімен сәйкес келеді. Демек, бұл діни қозғалыс адамзат баласы басынан кешірген прогрессивтік төңкерістердің ішіндегі ең ұлы мәдени тәңкеріс — «Қайта жаңғыру» дәуірінің заңды жалғасы болып саналады. Ал осы екі мәдени-діни қозғалыстардың арасында заман ағымынан, рухани қажеттіліктен туған байланыс та, қарама-қайшылық та бар, өйткені Қайта жаңғыру дәуірінің тарихи маңызы — гуманизм идеологиясымен, гуманизм идеяларымен таразыланады
«Бірінші буржуазиялық революция» деген атаққа ие болған бұл діни қозғалыстың дем берушісі - Виттенберг университетінің профессоры, Августин шіркеуінің монахы Мартин Лютер. Дін саласындағы түбегейлі өзгерістер, яғни реформалар жолындағы бұл қозғалыс — католиктік шіркеуді қайта құруға, діни салт-жоралар үшін төленетін шамадан тыс мөлшердегі салықтарға тыйым салуға, христиан дінінің қарама-қайшылықтарға толы қағидаларын алып тастауға бағытталды. Бұл қозғалыстың нәтижесінде жаңа шіркеу және жаңа діни қағидаларға негізделген христиан дінінің «протестанизм» деп аталатын мүлде жаңа бағыты қалыптасты. Лютердің жаңа бағытқа байланысты идеялары көпшілік тарапынан қызу қолдау тапты. Реформациялық қозғалыстың етек алуы, реформаторлардың батыл іс-әрекеттері және осы бір жеңістердің нәтижесінде Римнің ықпалынан Германия мен Швецияның көптеген жерлерінің шыға бастауы, одан қалды протестанизм идеяларының Францияға кеңінен тарап, ал Англияда өкімет тарапынан қолдау табуы — католик шіркеуін қатты мазасыздандырды. Ендігі жерде Рим өзінің шайқалған беделін нығайтып, католиктік шіркеуді қорғап қалуға жанталаса кірісті. Шиеленіскен осы бір жағдайда папа үкіметі реформаларды «Жоғарыдан» жасауға дайын тұрды. Бұл реформалардың негізгі мақсаты — жаңа протестанттық шіркеуге кіріп, «адасқаңдардың» бәрін қайтарып алу болатын. Католиктік шіркеудің бұл саясаты протестанизммен ашықтан-ашық қақтығыстарға, діни соғыстарға әкеліп соқты. 1517 жылы Лютер шіркеу озбырлығы мен папа индульгенциясына карсы көзқарасын білдіретін үндеуін - «95 тезисін» таратты. 1520 жылы Лютер папа зорлығына қарсы күресті бүкіл неміс ұлтының ісі деп жариялады. Сөйтіп Лютер дінбасыларының барша жұртқа үстемдік етпекші болған әрекетіне қарсы шықты. Ол осылайша папа шіркеуінің озбырлығынан құтылмақшы болған бюргерлердің жалпы ниетін білдірді. Лютер мемлекеттік мекемелердің билігін күшейтуге шақырды. Лютер әділетсіздікке қарсы күш қолдануды жақтамады. Әділеттілікке тек үгіт-насихат, түсіндіру, көзін жеткізу сияқты заңды жолдармен жету керек екенін айтты. Шыдамдылық танытуға үгіттеді. Мартин Лютердің бұл пікіріне дін уағызшысы Томас Мюнцер (1490-1525) қарсы көзқарас ұстанды. Ол барлық езгіге, зорлық-зомбылыққа шыдағандарға құдайдың мейірім-шапағат жасайтыны туралы түсінікті жоққа шығарды. Мюнцердің пікірінше, адамдардың өзінен тыс, олардың өмірдегі тіршілігінен басқа ешқандай өмір жоқ. Мюнцер монастырьларды, дворяндар мен кінәздерді қамалдарымен қоса күл-талқан етуге шақырды. Ол әлеуметтік-экономикалық теңсіздік болмайтын қоғамдық құрылысты уағыздады. Мюнцерді колдаған кедей шаруалар мен қолөнершілер 1524 жылы көтеріліске шықты. Көтерілісшілер анабаптистер немесе «басқаша шоқынушылар» деп аталды. Олар байлар мен шіркеудің байлығын күшпен тартып алып, жерде жұмақ орнатпак болды. Анабаптистер қозғалысы көп қиыншылықпен 1525 жылы басылды. Мюнцер өкімет қолына түсіп, өлім жазасына кесілді. Шаруалар соғысы жеңілгеннен кейін Германияда кінәздік өкімет күшейді. 1530 жылы «Аугсбургтік дін ұстану» деген құжат қабылданды. Ол бойынша шіркеудің бастығы папа емес, жергілікті кінәз деп есептелді. Діни әдет-ғұрыптарға жұмсалатын шығынды арзандату көзделді. Бұл «арзан шіркеу» қоғамда жаңадан қалыптасып келе жатқан буржуазия талабы еді. 1534 жылдың басында Вестфалиядағы Мюнстер қаласында анабаптистер қайтадан бас көтерді. Олар сайлауда жеңіске жетіп, қаладағы билікті қолдарына алды. Магистрат таратылды. Оның орнына «12 аксакалдық» Кеңесі құрылды. Анабаптистер өкіметі шіркеу мен монастырьлардың, қашкан қала байларының мал-мүлкін тәркіледі, ақшаны жойды, азық-түлік пен тұтыну бұйымдарын ортақ меншікке айналдырды; барлық халық қара жұмысқа және қала қорғанысына күштеп тартылды. Жылдың аяғына қарай жағдай қиындады: азық-түлік қоры таусылды. Жеке меншікті жоюға болмайтындығына халықтың көзі жете бастады. 1535 жылы көктемде Мюнстерді епископ әскері басып алды. Мюнстер коммунасының басшылары өлтірілді.1555 жылы кінәздер мен императордың арасында бітім жасалды. Ол бітім бойынша кінәз өз халқының кайсы дінді ұстанатынын белгілейтін болды. Сөйтіп реформациядан кейін Германияның бытыраңқылығы онан әрі күшейді.
http://el.kz/kz/news/archive/content-4077
№1 тапсырма. Лютердің қоғамда орын алған жағдайға қарсылығын мәтінде анықтап, маркермен белгіле.
Қосымша 2
№2 тапсырма. Мартин Лютердің реформациясы барысында қоғамда орын алған өзгерістерді реттілігімен түзу сызықта орналастырыңдар.
Қосымша 3
№3 тапсырма. Органайзерде оқиғаның жағымды салдарларын жоғарғы бөлікке, жағымсыз салдарларын төменгі бөлікке орналастырындар.
Қосымша 4
№4 тапсырма. «Реформация қоғамды қалай өзгертті?» тақырыбында шағын эссе жаз.
Нұсқаулық: Эссе Кіріспе (басты ой, ұстаным көрініс табу керек.), Негізгі бөлім (аргумент, түсіндіру, факт көрініс табады), Қорытынды бөлімдерден (кіріспе бөлімінде айтылған басты ой, ұстанымды қорытады) тұрады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру