Антропогенез кезеңдері. Проантроптар. Архантроптар. Палеоантроптар. Неоантроптар. Биология, 10 сынып, дидактикалық материал.


Антрополгенездің даму кезеңдері

(өз қалауларыңыз бойынша суреттер мен ақпараттарды алуға болады)

Антропогенез (грек. anthropos – адам, genesіs – шығу тегі) – антропология ғылымының адамның шығу тегін, даму тарихын, оның жеке биологиялық түр болып қалыптасуын және адамзат қоғамының даму кезеңдерін әрі жаратылыстану, әрі қоғамдық ғылымдарға сүйене отырып зерттейтін негізгі саласы. Бұларды шешуде антропогенез приматологияэмбриология, физиология, психология, геология, археология, этнография, тіл білімі сияқты ғылымдардың нақты деректеріне сүйенеді. Чарлз Дарвиннің эволюциялық білім жүйесі бойынша адам тегі адам тәріздес маймылдан пайда болған, яғни адам баласы биологиялық жағынан бір түрге жатады деп дәлелденді. Бұл ілім адам эволюциясын үлкен үш дәуірге бөледі:

  • ең алғашқы адам тегінің өкілдері болып адам тәрізді маймылдар (антропоидтер) саналады. Олар негізінде екі аяқпен жүріп, қимыл жасаған. Дайын табиғи тастарды, таяқты және жануарлар сүйегін сол күйінде қол қаруы ретінде пайдаланған. Бұларды ғылымда жоғары сатыға дейін жетілген екі аяқты приматтар деп атайды. Өмір сүрген кезеңі бұдан 2–3 млн. жыл бұрын;
  • эволюция даму жолдарымен жетілгендер қатарына архантроп пен палеонтроптар жатады. Олар қолдан құрал-саймандар жасай білген және қауымдасу түрі біршама жүйеленген. Тіршілік еткен уақыты бұдан 1 млн. жыл бұрын;
  • ең соңғы эволюция дәуірде бүгінгі адамдардың түрі – неантроптар қалыптасқан. Бұлар соңғы палеолит дәуірінде, яғни 40–50 мың жыл бұрын өмір сүрген.

Ең алғашқы приматтар өкіліне австралопитектер жатады. Олардың сүйектерінің көп табылған жерлері Оңтүстік және Шығыс Африканың ашық қыраттары. Бұлардың тік жүргендігі, тастан қарапайым құралдар жасап пайдаланғандығы анықталды. Маңдай бітісі, саусақтарындағы буын сүйектерінің саны, қолқа доғасынан шығатын артерияның тарамдалу тәртібі, өкпесінің үлестерге бөлінуі адамға ұқсас. Бірақ мұның бәрі тікелей емес, қарапайым ғана ұқсастықтар. Сондықтан қазіргі маймылдардың бір де бірі адам тегі болып есептелмейді.

Австралопитектер бұдан 4,5–1 млн. жыл бұрын өмір сүрген. Оларды антропологтар Л.Лики, Р.Лики (Англия), Д.Джохансон, Т.Уайт (АҚШ), т.б. зерттеді. Көне адам тегінің бірі – шамамен бұдан 2 млн. жыл бұрын өмір сүрген презинджантроптар. Ғылымда оларды «Homо habіlіs» яғни іскер адам деп атайды. Өйткені олар аз болса да тас, ағаш сынықтарына біршама өңдеулер жасап, құрал ретінде пайдаланған. Адам тегінің келесі даму сатысына архантроптар жатады. Олардың сүйектері Азияда (питекантроп, синантроп), Шығыс және Солтүстік Африкада (атлантроп), Батыс Еуропада (Гейдельберг және Вертешселлеш адамдары) табылған. Бұл дәуірдегі адамдар шель мен алғашқы ашель мәдениеттерін жасаған. Ежелгі адамдардан ертедегі адамдар (палеоантроптар – неандерталь адамы), олардан қазіргі адамдардың арғы тегі кроманьон адамы, есті адам (неоантроптар) пайда болған. Морфология ерекшеліктері бүгінгі адамдарға жақын. Антропогенездік зерттеулері есті адамдарда бұрынғы адам тектерінің кейбір белгілерінің қайталануын (рудимент, атавизм), эмбрионалдық, анатомиялық, биохимиялық, т.б. ұқсастықтарды, әлеуметтік ерекшеліктерді (еңбек құралдарынжасау, пайдалану, т.б.), әр түрлі тағамдар әзірлеу, отты пайдалану, ойлау, сөйлеу қабілетін, т.б. жағдайларды анықтады. Бұл кезде жасанды тұрақжай пайда болды, еңбек құралдары күрделене түсті. Әлеуметтік ұйымшылдыққа бейімделу байқалды. Тілдің пайда болуының арқасында әлеум. қарым-қатынас жоғары сатыға көтерілді. Мұның барлығы қосылып табиғи ортаға бейімделуінің арқасында үйлесімділік тапты. Барлық адам баласы биологиялық бір түрге (Homo Sapіens) жататын болып қалыптасты. Демек, Homo Sapіens-тың тарихи дамуы тоқтамай, жалғасып жатыр. Қазақстан жерінде ежелгі адамдар тұрақтары Оңтүстік Қазақстанда (Қаратау, Жетісу), Батыс Қазақстанда (Маңғыстау, Мұғалжар), Орт. Қазақстанда (Сарыарқа, Балқаш) көптеп табылған.

Австралопитек (проантроптар).

АВСТРАЛОПИТЕК – тік жүретін адам. Ежелгі адамдардың арғы тегі боп есептеледі. 10-5 млн жыл бұрын тіршілік еткен. Маймылдарға қарағанда бойын тік ұстап жүрген және ми сауытының көлемі ұлғайған. Топ болып тіршілік

етті, еңбек құралы ретінде үнемі табиғи заттарды (сүйек, таяқ, тас) пайдаланған

Питекантроп (ең көне адамдар, архонтроптар)

ПИТЕКАНТРОП - 1891 жылы нидерланд ғалымы Эжен Дюбуа Ява аралынан тасқа айналған ежелгі адамның қазба қалдықтарын тапты. Бұл қалдықты Э.Дюбуа «маймыл-адам»- питекантроп деп атады. Қазіргі кезде питекантроптарды архантроптарға (ежелгі адам) жатқызады.Олар жер бетінде бұдан 1 млн жыл мен 500 мың жылдар арасында тіршілік еткен. Жер бетінде бұдан 1,0-0,7 млн жыл бұрын тіршілік еткен тік жүретін адам (Homo erectus) түріне жататын адамдар.

Неандерталь адамы (ең көне адамдар, палеонтроптар)

Палеонтроптар бұдан 1,5 млн.-250 млн. жыл бұрын өмір сүрген.Бойының ұзындығы 155-165 см, ал миының көлемі 1400 см³ болған.Ми сыңарларының маңдай бөлігі жақсы дамыған және астыңғы жақ сүйегі кішірейген

Сүйектерінің қалдығы алғаш рет 1848 жылы Еуропада табылған.1856 жылы Батыс Германия жерінде Неандерталь өзенінің аңғарынан ертедегі адамдардың қаңқа қалдықтары табылды.Ертедегі адамдардың қалдықтары, құрал жабдықтары Қазақстан жерінен де көптеп табылды.Мысалы: Қаратау өңірінен, Орталық Қазақстаннан, Алтай, Семей, Арал, Маңғыстау аймақтарынан.

26-мыңжылдық неандертальдықтар пайдаланған ине, адамдардың бірнеше онжылдықтар бұрын киім тіге білген (D.Johanson, B.Edgar, "From Lucy to Language", 99 бет).

Неандертальдықтар алғаш рет өлген адамдарды жерлеу үрдісін пайдаланған адамдар. Ле-Мустье үңгірінде жас неандертальдықты жерлеу кезі.

Қазіргі заманғы адам типтес (неоантроптар)

Кроманьон адамы - алғаш рет 1868 жылы Франциядағы Кро-Маньон үңгірінен табылған.Кроманьон адамдары бұдан 50-30 мың жыл бұрын өмір сүрген.Оларды ғылыми тілде неоантроптар деп атайды. Неоантроптардың бойының ұзындығы 170-180 см, 30-40 жыл өмір сүрген. Бас сүйегіндегі ми сауытының көлемі шамамен 1400-1600 см³. Алдыңғы ми сыңарларының самай, маңдай бөлімдері өте жақсы дамыған. Кроманьондықтар мүйізді, сүйекті, тасты өңдеп әлдеқайда жетілдірілген құрал-саймандар жасады. Тайпа болып тіршілік етті.Тұрғын жайлар салды, әдет-ғұрыптар пайда болды. Өнер дамып, қыштан ыдыстар жасады. Егіншілікпен айналысты.

Кроманьондықтар әртүрлі тастардан түрлі бұйымдар жасай білді.

Адам денесінде кейде кездесетін жануарларға ұқсас белгілердің екінші тобына атавизмді (латынша – арғы тегін қайталау ) мүшелер жатады. Ондай мүшелерге кейде құйрықты баланың дүниеге келуі, денесіне қалың түк өсуі, көп емшекті адамдардың тууы, т.б. жатқызуға болады. Адам денесінде кездесетін мұндай рудиментті және атавизмді мүшелер адамның арғы тегінің жануарлардан шыққандығына нақтылы ғылыми дәлел бола алады.

Адам мен адамтектес маймылдардың ұқсас белгілері. Адам мен адамтектес маймылдардың сыртқы құрылысында және мінез – құлығында да көптеген ұқсас белгілер бар. Мысалы, сыртқы орта жағдайларындағы тітіркедіргіштерге байланысты көңіл күйінің өзгеруінен, ұрпақтарыына қамқорлық жасауынан ( сүйіспешілігі, ызалануы), т.б. айқын аңғаруға болады. Сонымен қатар маймылдарда да орталық жүйке жүйесі және есте сақтау қабілеті жақсы дамыған. Осыған байланысты адам мен маймылда шартсыз, шартты рефлекстер ұқсас қалыптасады. Адамтектес маймылдардың да құйрығы болмайды, саусақтарының ұшы жалпақ әрі онда жалпақ тырнақтары бар. Олардың сезім мүшелері, терісінің құрылысы, қан топтары, жалпы аурулары және олардың денесінде тіршілік ететін паразиттері де ұқсас болады. Хромосомаларының құрылысы да ұқсас келеді. Адамда – 46, ал адамтектес маймылдарда – 48 хромосома бар. Міне, осы айтылған белгілердің бәрі де адам мен адамтектес маймылдардың арғы тегінің бір – біріне жақын екендігін дәлелдей түседі.

Адам мен адамтектес маймылдардың бір – бірінен айырмашылық белгілері. Адамтектес маймылдардың көп белгілері адаммен ұқсас болғанымен, олар адам сияқты күрделі еңбек құралдарын жасай алмайды. Адамның тікелей тік жүруіне байланысты өзіне ғана тән белгілер қалыптасқан. Ондай белгілерге – омыртқа жотасының алға–артқа қарай иілуін, кеуде қуысының жазық пішінділігін, жамбас қуысының кеңдігін атауға болады. Адамның аяқтары қолынан ұзын және миы өте жақсы дамыған. Адам қолының басбармақ сүйегі басқа саусақтарға қарама – қарсы орналасқан. Ресей ғалымы Е. Тетушкин 2001 жылы адам мен адамтектес маймылдардың қан құрамын салыстыра отырып зерттеген. Ол адамдардан гиббондар -17, 9 млн, орангутандар -13,9 млн, горилла -7,2 млн, ал шимпанзелер -5,9 млн жыл бұрын бөлінген деген қорытынды жасады. Ол шимпанзенің қан құрамы мен нәруыздардың 99,6% -ы адамға ұқсас екендігін анықтады.

Дриопитектер – бұдан 25 -14 млн жыл бұрын тіршілік еткен адамтектес маймылдардың бір тобы. Олар көбіне ағаш басында, кейде жерге түсіп тіршілік еткен. Кейіннен дриопитектерден қазіргі адамтектес маймылдар мен адамдардың ежелгі арғы тегі бөлінген. Дриопитектерден адамдардың өз алдына жеке тұқымдас ретінде бөлінуі антропогенездің жаңа кезеңі болып саналады. Адамдар тұқымдасының ежелгі түрлерінің дене құрылысында адамтектес маймылдарға да, адамға да тән белгілер кездеседі.

Дриопитектер тіршілік еткен кезеңдегі тау түзілудің әсерінен жер бетіндегі ауа райы суыта бастады. Тропиктік және субтропиктік орман алқаптары оңтүстікке қарай ауысып, кең көлемді ашық алаңқай жерлер пайда болды. Төрттік кезеңдегі мұздану оңтүстікке қарай жылжып ауа райының сууына әсерін тигізді. Ағаш басынан ашық алаңқай жерлерде тіршілік етуге көшкен маймылдар ауа райының қатал жағдайына бейімделіп, тіршілік үшін күресулеріне тура келді. Жылдам жүгіре алмайтын әрі жыртқыштардан қорғану қабілеті нашар және денесіндегі түгі сирек адамтектес маймылдар топтасып тіршілік ете бастады. Адамтектес маймылдардың бір тобы бірте – бірте екі аяқпен тік жүріп, қарапайым құралдарды пайдалануға бейімделе түсті. Дриопитектерге туыстық жақын түрлерге рамопитектер мен сивапитектер жатады. Олардың қаңқа қалдықтары Үндістаннан, Оңтүстік Африкадан, Европадан табылған. Рамапитектер бұдан 14 – 8 млн жыл бұрын тіршілік еткен.

Кейбір ғалымдар оларды адамтектес маймылдар мен адам арасын байланыстыратын тіршілік иелері деп санайды. Олар көбіне ашық жерлерде, екі аяғымен тік жүріп өмір сүрген. Рамапитектерден алдымен проконсулар, одан кейін горилла мен шимпанзе, ең соңынан аустролопитектер бөлінген. Бұдан 8 -2 млн жыл бұрын ежелгі адамтектес маймылдардың бір тобынан ежелгі адамдардың арғы тегі – аустралопитектер бөлінген. Ол латынша “оңтүстік, маймыл” деген ұғымды білдіреді. Аустралопитектердің қаңқа қалдықтары 1924 жылдан бастап Оңтүстік Африкадан, Шығыс Африкадағы Олдовай қойнауынан (Танзания), Омо өзенінің аңғарынан (Эфиопия), Рудольф көлінің маңынан (Кения) табылған. Аустралопитектер топтанып тіршілік еткен, бойының ұзындығы 120 – 150 см, салмағы 20 – 50 кг, олар екі аяғымен тік жүрген. Басқа адамтектес маймылдармен салыстырғанда аустралопитектердің тісінің құрлысы адамдарға ұқсас, ал миының салмағы 450 - 650 г болған. Қорегін табу үшін және жауынан қорғану үшін тастан, жануарлардың сүйектерінен, ағаш бұтақтарынан қарапайым құралдар жасап пайдаланған. Олардың еңбек құралдарын жасай білуі адам эволюциясында елеулі рөл атқарды. Аустралопитектерді ғалымдар тікелей адамдар тұқымдасына жатқызады. Қазақстан жерінен аустралопитектердің тікелей қаңқа қалдықтары табылған жоқ. Олардың қоныс мекендері, пайдаланған тас құралдары, аулаған жануарлардың қаңқа қалдықтары Қазақстанның көп аймақтарынан табылған. Мысалға, Қаратау, Жетісу, Сарыарқа, Балқаш, Маңғыстау, Мұғалжар, Ертіс алқаптарын атауға болады. Қазақстандағы аустралопитектердің қоныстарын 1958 – 1959 жылдары қазақстандық ғалымдар Х. Алпысбаев (1979 ж), мәдени мұраларын А. Медеуов (1982 ж зерттеді. Жалпы, аустралопитектердің тарихи даму кезеңдерінде олардың бірнеше түрлері тіршілік еткен. Олар бұдан 8 -2 млн жыл бұрын тіршілік еткен. Олардың ашық жерлерде тіршілік етуіне байланысты терісіндегі түктері азайған. Алдынғы аяқтарын (қолдарын) жерге тигізбей тік жүрген әрі жылдам жүгіруге де бейімделе бастаған. Аустралопетиктер өз тіршілігін екі бағытта жалғастырған. Олардың бір тобы әрі өсімдікпен, әрі жәндіктермен қоректенетін Олардың екінщі тобы – «Алып аустралопитектер» деп аталады, негізінен өсімдіктермен қоректенген.

Аустралопитектердің барлық түрлері бұдан 1 млн жылдай бұрын біржола жойылып кеткен деген пікір бар. Аустралопитектердің барлығы да тік жүріп өмір сүрген, еңбек құралдарын жасауды жетілдірген, соған байланысты миының да көлемі арта түскен. Өздеріне қажетті қоректі топтасып (қауымдасып) тапқан. Бұдан 2 -3 млн жыл бұрын аустралопитектер – адамдарға жақын тіршілік иелері өмір сүрген. Олардың миының салмағы 650 – 800 г және малта тастардан қарапайым құралдар жасай білген, оларды ғылымда епті адам (Homo habilis) деп атайды. Адамтектес маймылдар мен адамдарды бір – бірінен ажырататын белгі – миының салмағы. Адамтектес маймылдардың миының салмағы 450 грамнан аспайды. Миының салмағы 750 грамм кезінде бала сөйлей алады. Ми салмағының артуы тікелей бас сүйегінің ми сауыты бөлімінің көлемінің артуымен байланысты. Адамның тікелей тарихи дамуы барысында негізгі үш кезеңді ажыратады. Оларға ежелгі адамдар (архантроптар), ертедегі адамдар (палеоантроптар) және осы заманғы адамдар (неоантроптар) жатады

 

Ежелгі адамдар (архантроптар). Ежелгі адамдардың барлық топтары бір ғана тік жүретін (Homo eretus) адам түріне жаталы. 1891 жылы нидерландтық ғалым Эжен Дюбуа Ява аралынан тасқа айналған ежелгі адамның қазба қалдықтарын тапты. Бұл қаңқа қалдықтарының бұдан бұрынғы 1,9 млн – 600 мың жыл аралығында өмір сүрген адамның сүйектері екендігі анықталды. Оны Эжен Дюбуа деп атады. Ол гректің “маймыл адам” деген ұғымды білдіреді. Оның бас сүйегіндегі қас үсті доғасы ерекше алға қарай шығыңқы, маңдайы артқа қарай жазық тайқы болып келген. Ал шүйде сүйегі артқа қарай шығыңқы. Бұл – адамтектес маймылдарға ғана тән белгілер. Оның миының салмағы 900 грам, яғни адамтектес маймылдардың миынан біршама үлкен. Питекантроптың ортан жілігінің құрылысының адамның ортан жілігіне ұқсас болуы, оның тік екі аяқпен жүріп, тіршілік еткенін аңғартады. Оның кейбір белгілерінің маймылға, ал кей белгілерінің адамға ұқсастығына байланысты оған “маймыл адам” деген ат берілді. Кейінен оның қаңқа қалдықтары Қытай, Германия, Венгрия, Солтүстік және Оңтүстік Африка жерлерінен де табылды. Қазіргі кезде питекантроптарды архантроптарға (ежелгі адамдарға) немесе тік жүретіндерге (Homo erectus) жатқызады. Ежелгі адамдардың сыртқы дене құылысының едәуір айырмашылықтарына қарамастан, олардың бәрі бір ғана түрге жатқызады. Архантроптар жер бетінде бұдан 1млн жыл мен 500 мың жылдар аралығындағы кезеңде тіршілік еткен. Бұлардың қаңқа қалдықтарының табылған жерлеріне сәйкес питекантроп (ява адам), синантроп (қытай адамы), гайдельберг адамдары деп атайды. Ежелгі адамдардың сыртқы белгілері аустралопитектермен, епті адамдармен салыстырғанда қазіргі адамдарға көбірек ұқсас, әрі миының салмағы да үлкен: 750, 900 г, кейде 1000 – 1100 г. Арханотроптардың бойының ұзындығы 165 – 170 см. Бұл белгілердің бәрі де олардың қазіргі адамдарға едәуір ұқсас екендігін дәлелдей түседі.

Архантроптардың бір тобы – синантроп (қытай адамы) Шығыс Азия аймағында тіршілік еткен. Синантроптардың қаңқа қалдығы 1937 жылы Пекин маңындағы үңгірден табылды. Олар аң терілерін киім ретінде пайдаланып, үңгірлерде тұрған және тас құралдарды әрі отты пайдаланған. 1907 жылы Германияның Гейдельберг қаласының маңынан ежелгі адамның қаңқа қалдығы табылған. Оны ғылымда гейдельберг адамы деп атап, архантроптарға жатқызды. Архантроптардың тіршілік әрекеттерінде де күрделі өзгерістер болмағандығы байқалады. Олар көбіне ірі жануарларды ұжымдасып аулап, отты пайдалана білген. Архантроптардың тарихи даму кезеңіндегі негізгі ерекшеліктердің бірі – сөздің пайда болуы. Олардың сөздік қоры тек жеке сөздерден ғана құралған. Сөз ежелгі адамдар арасында басты қарым – қатынас құралы болған. Архантроптардың қаңқа қалдықтары Орталық Еуропа мен Алдыңғы Азия өңірінен де көптеп табылаған. Қазақстан жерінде де ежелгі адамдардың қоныс тұрақтары, пайдаланған тас құралдары мен аулаған жабайы жануарларының қаңқа қалдықтары көптеп табылады. Соңғы жылдары Қазақстанда жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстары соны дәлдейді.Тас дәуіріне қатысты тастан жасалған құралдар Қазақстанда алғаш рет 1928 жылы Алтын Қолат жайлауының маңынан табылған. Кейіннен мұндай тас құралдар Жамбыл обылыс, Қызылту елді мекенінен де табылды. Осындай зерттеулер нәтижесінде ғалымдар Қазақстан жерінде ежелгі адамдардың қоныс тұрақтары шоғырланған бірнеше аймакты анықтады. Ондай аймақтарға Маңғыстау, Үстүрт, Оңтүстік Қазақстандағы Қаратау, Солтүстегі ұсақ таулы Көкшетау және Нарын – Бұқтыма, Ертіс маңы жатады. Осындай деректерге сүйеніп, қазақстандық көрнекті ғалым. Ж. Таймағанбетов және т.б. Қазақстан жерінде ежелгі адамдар бұдан бір миллион жылдай бұрын өмір сүрген деп тұжырымдайды. Архантроптардан бастап қазіргі адамдардың келіп шығуы 500 мың жылдай уақыт аралығын қамтыған. Архантроптардың эволюциясынада ми салмағының артуы, қоғамдасып тіршілік ету, еңбек құралдарын жетілдіре түсу және отты пайдалану – эволюцияның басты бағыттары болды. Дегенмен де архантроптардың эволюциялық дамуында биологиялық факторлар, соның ішінде табиғи сұрыптау басты рол атқарды.

 

Ертедегі және осы заманғы алғашқы аламдар.

Ертедегі адамдарды ғылыми тілде палеонтроптар, кейде неандерталь адамдары деп те атайды. Палентроптар қазіргі адамдардың тікелей арғы тегі болып саналады. Жалпы алғанда, ертедегі адамдардың тіршілік әрекеті, ақыл – ой және әлеуметтік өмір сүру жағдайлары қазіргі адамдарға ұқсас болған. Олардың сүйектерінің қалдығы алғаш рет 1848 жылы Еуропада табылған. 1856 жылы Батыс Германия жеріндеегі Неандерталь өзенінің аңғарынан ертедегі адамдардың қаңқа қалдықтары табылды. Палеонтроптар бұдан 1,5 млн – 250 мың жыл бұрын өмір сүрген. Ертедегі адамдардың бойының ұзындығы 155 – 165 см, ал миының көлемі 1400 болған. Палеонтроптардың ойлау қабылеті жақсы дамыған. Бұл кезде түрлі қолөнер салалары пайда болған. Қоғамдық сана қалыптасып. түрлі наным – сенімдер, тасқа, сүйекке ойып сурет салу және өлген адамдарды жерлеу салты болған. Ертедегі адамдар ауа райы қолайсыз ауыр жағдайларда үңгірлерде тұрып, үнемі отты пайдаланған. Олар топтасып аң аулаған және Жер шарының көп аймақтарында өмір сүрген. 1938 жылы орыс ғалымы А. П. Окладников (1908 – 1981 ж.ж) Өзбекстандағы Тесіктас үңгірінен ертедегі адамдардың сүйек қаңқаларын тапты. Ертедегі адамдардың мекенжайлары, пайдаланған тас құралдары және аулаған жануарлардың сүйек қалдықтар Қазақстан жерінен де көптеп табылды, Қазақстандық ғалым Х. А. Алпысбаев 1958 – 1962 жылдары Оңтүстік Қазақстандағы Қаратау өңірінен ертедегі адамдардың қоныстарын тауып зерттеп, ғылымға көп жаңалық қосты. Ертедегі адамдардың пайдаланған тас құралдары Орталық Қазақстан, Бетпақдала өңірінен де табылды. Ә. Х. Марғұланның бұл салада сіңірген еңбегі орасан зор. Ғылымда бұл дәуірді тас дәуірі (немесе тас ғасыры) деп атайды. Тас ғасырдың мұралары Шығыс Қазақстан (Алтай өңірі), Семей маңынан, Арал аймағынан, Шығыс Қазақстан (Алтай өңірі), Семей маңынан, Арал аймағынан, Сарыарқа жерінен, Батыс Қазақстан өңірінен, Маңғыстау алқабынан да табылды. Ертедегі адамдар 50 – 100 –ден топтасып өмір сүрген. Ер адамдар бірігіп аң ауласа, әйелдер жемістерді, өсімдіктердің жеуге жарайтын мүшелерін жинаған. Ал тәжірибесі мол қарт адамдар құрал – саймандар жасап беретін болған. Ертедегі адамдар өздері аулаған жануарлардың терілерін өңдеп, киім жасап киген. Ертедегі адамдар өмір сүрген кезеңде болып тұратын мұз басу жағдайлары олардың өміріне көп қауіп – қатер туғызып отырған. Табиғи сұрыпталудың нәтижесінде ертедегі адамдардың өте төзімді әрі батыл. әрі ептілері ғана тірі қалып, ұрпақ жалғастырған. Бұл кезеңде: ұжымдасып еңбек ету, тіршілік үшін бірлесе отырып күресу және ақылға салып ойлау маңызды рол атқарды.

Осы заманғы алғашқы адамдар.

Оларды ғылыми тілде қазба түрдегі неонтроптар немесе көпшілікке арналған әдебиеттерде кроманьон адамдары деп те атайды. Өйткені бұл кезеңнің адамдарының қаңқа қалдықтары ең алғаш рет 1868 жылы Франциядағы Кро – Маньон үңгірінен табылған. Кроманьон адамдары бұдан 50 – 30 мың жыл бұрын өмір сүрген. Бұл кезеңде өмір сүрген адамдардың мекен - жайлары Қазақстанның да көптеген жерлерінен табылды. Неоантроптардың бойының ұзындығы 170 – 180 см, 30 – 40 жыл өмір сүрген. Бас сүйегіндегі ми сауытының көлемі шамамен 1400 – 1600 см. Алдыңғы ми сыңарларының самай және маңдай бөлімдері өте жақсы дамыған. Неоантроптар өздеріне баспана салып, сонда тұрған. Олар, негізінен, етті тағамдарлы көбірек пайдаланған. Аң аулау үшін тастан, сүйектен әр түрлі құралдар жасай білген. Өздері тұратын үңгірлердің қабырғаларына әр түрлі бояулармен, кейде тастармен қашап та, суреттер салған. Бұл кезеңде қолөнерлің түрлі салалары да дамыған. Қыштан ыдыс жасауды білген. Кроманьон адамдары алғаш рет кейбір жануарларды қолға үйрете бастаған және егіншілікке де алғаш қадам жасаған. Тайпа, ру болып өмір сүру салты қалыптасқан. Айналасындағы табиғи туындыларына сыйыну, оларды қастерлеу, т. б. сияқты нанымдарға ерекше көңіл бөлген. Эволюция барысында олардан осы заманғы саналы адам пайда болды. Неоантроптардың эволюциясында тәрбиелеу, үйрету және тәжірибе жалғастыруға басты көңіл бөлген. Олар көбінесе өздерінің ептілігі, батылдылығы және тапқырлығы арқылы жаңа өмір сүру салтына көшкен. Ұрпақтарына деген қамқорлық, қарттарды қадірлеу және олармен санасу дәстүрі басым болған. Тайпа, ру және отбасы үшін күресе білу мен өзінің келешегін ойлау басты мақсат болып саналған. Қазіргі адамның пайда болуы, дамуы және қалыптасуы ұзақ уақытқа созылған өте күрделі құбылыс. Орыс ғалымы Я. Я. Рогинскийдің (1895 – 1986 ж.ж) пікірі бойынша адам эволюциясында мынадай басты морфологиялық өзгерістер болған. Біріншеден, адам қол, аяқ және тұлға сүйектерінің өзгеру арқылы тік жүріп тіршілік етіуге көшкен. Екіншіден, миының құрылысы күрделеніп, дамыған және оның көлемі де ұлғайған. Үшіншіден, адамның жақ сүйектері кішірейіп, сөйлеу қабілеті пайда болған. Адамның пайда болуында еңбектің алатын орнын ғұлама ғалым әл – Фараби бабамыз да орынды бағалаған. Ол адамды жер бетіндегі тірі организмдер дамуының ең жоғары сатысына көтерілгендігін, адам еңбек құралдарын жасап, оларды қажетіне жарата білгендігін атап көрсеткен. «Адам еңбек ету нәтижесінде ғана жоғары сатыға көтерілген. Адам мен еңбек бірінен – бірі бөлінбейді. Еңбек адамды хайуанаттар әлемінен бөліп алып жоғары көтереді, оның дене және рухани жағынан өсуіне мүмкіндік туғызады», - деп маңызды тұжырым жасаған,

Антропогенездің қозғаушы күштері.

Адам эволюциясындағы антропогенездің биологиялық факторлары. Адам – органикалық дүние эволюциясында ең соңында пайда болған биологиялық түр. Органикалық дүниеде болатын тұқым қуалайтын өзгергіштік, тіршілік үшін күрес және табиғи сұрыпталу адам эволюциясында да маңызды орын алады. Адам эволюциясындағы мұндай табиғи заңдылықтарды. Ч. Дарвин нақтылы мысалдармен дәлелдеп берді. Адамтектес маймылдар бірте – бірте тік жүруге көшіп, қол мен аяқтың қызметі бір – бірінен бөліне бастады. Қол еңбек құралдарын жасауға дағдылана түсті. Табиғи сұрыпталу адамдардың жеке топтардың еңбек құралдарын жасауды жетілдіре түсуінде, ұжымдасып аң аулауына, қарттарға қамқорлық жасауына қолайлы жағдай туғызды. Бұл арада әлеуметтік өмірдің де елеулі орын алатынын Фридрих Энгельс (1820 – 1895 ж.ж) өз еңбегтерінде дәлелдеп берді. Ол, әсіресе еңбектің, қоғамдасып тіршілік етудің, ақыл – ойдың және сөздің маңызын атап көрсетті.

Еңбек – адам эволюциясының маңызды факторларының бірі.

Кез келген еңбек құралдарын жасау үшін адам еңбек етуі қажет. Еңбек құралдарын жасау қол арқылы жүзеге асады. Ф.Энгельс адамның қалыптасуындағы еңбектің ролін жоғары бағалады. Ол: “Еңбек – адамзат өмірінің бірінші негізгі шарты, адамды адам еткен еңбек деген дәрежеде айтуға тиістіміз„- деп жазды. Олай болса, еңбек антропогенездің басты әлеуметтік қозғаушы күші болды. Адам өз еңбегі арқылы еңбек құралдарын жасап алды. Жануарлар табиғатқа өз тіршілік әрекеті арқылы ғана әсер етті. Ал адам өзінің саналы еңбегі арқасында табиғатты өзгерте алады. Адамның табиғатқа әсері орасан зор және сан қилы болады. Адам өз еңбегі арқылы өзіне де өзгерістер енгізді. Еңбек – адам эволюциясына тән негізгі фактор. Қорыта айтқанда, тік жүруге көшу адам эволюциясындағы ең негізгі басқыш болды. Адамның алғашқы қалыптасу кезінде қол нашар дамығандықтан, ол қарапайым ғана құралдар жасай білді. Бірте – бірте осындай белгілер тұқым қуалау арқылы ұрпақтарға беріліп отырды. Ф. Энгельс: “Қол – еңбек ету құралы ғана емес, сонымен бірге қол – еңбектің өз жемісі” - деп түсіндірді.

 

Қоғамдасып тіршілік ету – адам эволюциясының қозғаушы күші.

Адамның ең ежелгі маймылға ұқсас ата – тектері де топтасып өмір сүрді. Олардың еңбек етуде қоғамдық сипатта болды. Сондықтан Ф. Энгельс адамның арғы ата тегі топтасып тіршілік еткен маймылдардан іздестіру керек екенін атап көрсетті. Топтаса жүріп еңбек еткендіктен, олардың арасында өзара қауымдық қарым – қатынас қалыптаса түсті. Олар ұжым болыпаң аулауды, жыртқыш аңдардан қорғануды, қоғамдасып бала тәрбиесіне көңіл бөлді. Ересектер өз өмір тәжірибелерін ұрпақтарына үйретті. Адам бірте – бірте отты пайдалануды және оны сақтауды үйренді. Адамның арғы ата – тектері бірте – бірте өсімдіктекті тағамдарды пайдаланудан жануартекті тағамдарды көбірек пайдалануға көшті. Ол үшін олар аң мен балық аулау құралдарын жасауды жетілдіре түсті. Қоғамдасып тіршілік ету жағдайы адамның ата – тектерінің табиғатты танып білуіне, өмір тәжірибелерінің жинақтала түсуіне мүмкіндік жасады. Олардың бір – біріне ымдау, ишарат және дыбыс шығарып хабарласуды талап етті. Ең ежелгі адам пайдаланған сөздер еңбекпен тікелей байланысты болды. Адам да жануарлар сияқты сезім мүшелері арқылы сыртқы орта тітіркенулерін қабылдайды. Бұл – бірінші хабаршы жүйе арқылы жүзеге асады. Екінші хабаршы жүйе адамның жоғары дәрежелі жүйке қызметіне тікелей байланысты. Адамның арғы тектерінің өзара сөзбен қарым – қатынас жасауы адам миының дамуына, ойлау қабілетінің арта түсуіне ықпал жасайды. Сөз бірте – бірте тәрбие құралына айналды. Қоғамдық қарым – қатынастардың қалыптасуына сәйкес адамдар арасында табиғи сұрыпталу өз мәнін бірте – бірте жойды. Оның есесіне әлеуметтік фактор (еңбек ету, сөз) адам эволюциясында негізгі орын алды. Ойлау, сөйлеу, ұжымдасып еңбек ету қабілеттері ешқашан тұқым қуаламайды. Тек адамның морфологиялық және физиологиялық ерекшеліктері ғана тұқым қуалайды. Қоғамның дамуына байланысты адамдардың еңбек ету қабілеті арта түсті. Түрлі шаруашылық салалары дамыды, өнеркәсіп өркендеді, ғылым, өнер, сауда, дін, т. б.өрісін кең жайлы. Тайпалардан бірте – бірте ұлттар пайда болды.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Қазақстан пойыздарында үй жануарларын тасымалдау ережелері
» Қазақстандықтар шетелге шығуға жылына қанша жұмсайды?
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
Пікір жазу