Қалижан Бекқожин (Жиырма сегіз)

 Қалижан Бекқожин (Жиырма сегіз)

I
Қараңғы түн, қалың орман,
Алай-түлей қар бораған.
Долы дүлей, долы боран
Кекті жапқан, жерді ораған.
Өршелене соқты боран,
Орман шулап тартты қобыз.
Қарды қуып құйындаған,
Келе жатыр жиырма тоғыз.
Әлдеқайда жау жасағы,
Көрінбейді боран басып.
Орыс қысы ән салады,—
Немістерге аран ашып.
Оқтар зулап ұшты сонда,
Кімдер жатыр ыңыранып?
Ақ кебіндей ақ боранға,
Өлі неміс жатты оранып.
Жиырма тоғыз жау тобырын
Алға адым жер бастырмады.
Сақтамаққа ел өмірін,
Қорғап жатты Москваны.

II
...Келе жатыр қаптап танк,
Қозғалғандай қалың жартас;
Басты орманды асыр салып,
Иді соған ағаштар бас.
Келе жатыр үстерінен,
Оттар ұшқан жарқылдаған,
Жер қалмады от түспеген,
Көк жалынға шарпылмаған.
Жалмауыз жау қасақана,
Жерді жалмап келе жатқан.
Алтын күмбез астанаға,
Қаһарланып оқтар атқан.
Көрді соны жиырма тоғыз
Көздерінен от тұтанып.
Жау танкпен күтіп қағыс,
Құрыштанды кекпен жанын.
«Қандай пәле біз тұрғанда,
Астанаға қас қылады?
От бұрқаған жауыздарға,
Бастырмаймыз Москваны!»
Жер бауырлап жүгірді олар
Танктерді шыр айнала,
Бәрінің от жүрегі бар,
Қорқақ болды бірі ғана.
Гүрілдеген темірлі қол
Батырларды қамалады.
Састы қорқақ, ойлады ол:—
«Қайтып тірі жан қалады?!»
Мына қырғын от пәледен,
Қалайын деп жан сауғалап.
Ессіз-түссіз қалпыменен,
Қол көтерді жауға қарап.
Қарғыстады жиырма сегіз,
Қоян жүрек лағынатты.
Біреуі оның жауға арнаған,
Гранатты соған атты.
Үні шығып безектеген,
Ол жығылды, жатты жанып.
Ол жоғалды, тайды көзден
Арам дене қарды оранып...
...Жер тырналап танктердің,
Жылан бауыр дөңгелегі:
Тау төбесін жарып қардың
Аждаһадай өрмеледі.
Қасарысты жиырма сегіз
Тынбай атты гранатты.
Отан!— деген отты лебіз —
Жандарынан жалын атты.
Қайтпады жау, өршеленді,
Түнек түтеп алға басты.
Жиырма сегіз жауынгерге,
Лапылдатып отын шашты.
Ұмытты олар денедегі,
Сау - сау етіп аққан қанды.
Жалғыз ғана ой биледі,
Сақтау!—деген Ұлы Отанды.
Шошынғандай бұл соғыстан,
Орман іші аңдай ұлып,
Күркіреген оқ пен оттан,
Басылғандай боран бұғып.
Атқылады гранатты,
Танк қашан таусылады?
Жиырма сегіз ата - ата,
Жараланды, қансырады...

III
Кебін киіп кемілгендей,
Омбы қарға батты неміс,
Танктері моладай боп,
Мыжырайып жатты тегіс!
Жарқырады таңмен жаңа
Москваның мұнарасы.
Көрінбейді айналада,
Өшкендей боп жау қарасы.
Жиырма сегіз жатты сонда,
Жолбарыстай батыр алып.
Жатыр әлі: қандарында
Отан!— деген оты жанып.
Араласты қандар бірге,
Құшақтасып жығылды олар.
Табысқандар ұлы өмірде,
Орыс, қазақ, украиндар.
Кернеді ашу Отан кегін,
Ашулы аяз, соққан боран.
Сонау фашист сұмдарына,
Атылды оқтар бұрқыраған.
Аспанында сол қаһарлы
Нажағайдай жарқылдаған —
Қаза тапқан батырлардың,
Аттары тұр алтындаған!
Сабаз еді бәрі - дағы,
Кеудесінде кек ойнаған,
Отан үшін, намыс үшін,
Өзін-өзі отқа айдаған.
Кетпес олар естен мәңгі,
Кектері тұр кеудемізде;—
Ерлік даңқы — жеңіс таңды
Жарқыратып келді бізге

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?