Әбіш Кекілбайұлы (Тауық тағы таң атпай айқайлады)

 Әбіш Кекілбайұлы (Тауық тағы таң атпай айқайлады)

Тауық тағы таң атпай айқайлады,
Тарап кетті тәтті ұйқы балқаймағы.
Көзімді ілмей төсекте дөңбекшимін,
Түседі де ойыма қай-қайдағы.
Үлкейгем бе, күніне жүз ойланам,
Ажал шіркін кіжінген ұдай маған,
Жебеп бақты әрдайым ата-бабам,
Оң қарапты әуелден құдай маған.
Құдай маған әуелден қарасқан-ды,
Қарасқасын - тірлікке жарасқамды,
Жараспасам - шалқайып жүрер ме едім,
Тастайтындай төңкеріп бар аспанды.
Жүрер ме едім шіреніп, басқа болсам,
Соры аумаған маңдайдан қасқа болсам,
Жетер ме едім бұл күнге, жетпес пе едім,
Жауқазындай жайнамай жастай солсам.
Солатындай басымнан шақ өтіпті,
Алды-артыма қара ертпей, тақ етіпті.
Бұл дүниеден із-түзсіз өтер ме едім,
Сабырымды сарқылмас саба етіпті.
Сабырымның сабасын сарықпаппын,
Сабырға еріп ақ жүріп, анық бастым.
Сағат сайын санамды сабыр билеп,
Ауыз ашсам, "сабыр" деппін, жалықпаппын.
"Сабыр, Сабыр!" - айтарым сасқанда да,
"Сабыр! Сабыр!" - айтқаным тасқанда да .
Сабырды ойлап, сақ жүріп, сақтап қалған,
Тағдыр талай құрылған қақпаннан да.
Сасқанда да сақтаған сабыр, сабыр...
Тасқанда да сақтаған сабыр, сабыр...
Сабыр сақшым болмаса, кім біліпті
Әлдеқашан жұтар ма еді аран қабыр

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Қазақстан пойыздарында үй жануарларын тасымалдау ережелері
» Қазақстандықтар шетелге шығуға жылына қанша жұмсайды?
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді