Абай Құнанбаев (Сен мені не етесің?)

 Абай Құнанбаев (Сен мені не етесің?)

Сен мені не етесің?
Мені тастап,
Өнер бастап
Жайыңа
Және алдап,
Арбап,
Өз бетіңмен сен кетесің.
Неге әуре етесің?
Қосылыспай,
Басылыспай,
Байыңа
Және жаттан Бай тап,
Өмір бойы қор етесің.

Ет жүрек өртенді,
От боп жанып,
Жалын шалып Ішіме.
Иттей қормын, Зармын,
Сен үздің ғой бұл желкемді.
Кім білер ертеңді?
Өлім айтпас,
Келсе қайтпас
Кісіге.
Бүгінгі күн
Бармын,
Жолдас еттің сен бөтенді.

Ғашықтық – қиын жол.
Жетсең – жеттің.
Жетпей өттің,
Не болды?
Арманда өмір
Өтті,
Ойлар ма екен бір мені сол?
Салдырап аяқ-қол,
Жетпей сертке,
Ішім дертке
Тез толды.
Ажал уақыты
Жетті,
Мен өлейін, сен сау-ақ бол.

Шын жүрек – бір жүрек,
Қайта толқып,
Жолдан қорқып
Айнымас,
Шегінісіп
Қайтпас,
Өлсе бір сөзбен, не керек?
Білесің, сен зерек,
Мен пәндеңе,
Болды деме,
Кел, қарас.
Ешкім сөгіс Айтпас,
Рахым қылсаң, кел ертерек!

Шын ғашық мен саған!
Кейіп жүрсем,
Сені көрсем,
Ләм-мим деп
Бір сөз айтар
Хал жоқ,
Еріп кетер бой сол заман.
Ойынды сен маған
Бір бөлмедің,
Тез келмедің,
Мені іздеп.
Ішіңде ыстық
Қан жоқ,
Тас бауыр жар, бол қош аман!

Жар, сенің көңілің тоқ,
Ақ етіңді,
Нұр бетіңді
Меншікті
Қылмаған соң
Алла,
Өзі сорлы етсе, амал жоқ.
Сен аттың жөнсіз оқ,
Тәңірі – қазы
Тас таразы,
Тентекті Сұрамас деп Қалма,
Серт бұзғанның, біл, орны – шоқ

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!