Соңғы көктем

 Соңғы көктем

Күн өзінің жарық сәулесін таудан асып шыққан күйде шаша бастады. Жер әлем түнгі тыныштықтан кейін оянып үздіксіз өмірін қайта жалғастырды. Дала мен қалаға ортақтасып келген көктемнің жылы шырайы білінді. Әлі ери қоймаған тау шыңдарына көктемнің иісі де келмеген сияқты.
Қала. Ұйыған тыныштықты бұзып тұрған бірер көліктің дауысы болмаса Алматы әлі ояна қойған жоқ. Кешегі сенбі күнді сәтті аяқтаған тұрғындар жексенбінің үлесін ұйқыдан алып жатыр. Апта бойы құрған жоспарларын жастық пен көрпеге қия алмай, қандарын ұйытып, мына әсем көріністен құр қалып бара жатқандарын қарашы.
Ауыл. Тау сілемдеріне түскен күн шапағаты таңның атысын білдірткенімен, жамағат әлдеқашан оянған. Өріске иірілген қойлар, енесін қуалап бара жатқан құлынның дауысы, жерді жарып шыққан көк майсаның иісі, таза ауаның тылсым күші өне бойыңды сергітіп, өмірге деген құлшынысыңды арттырады.
Ғасыр. Өткен күндерінің қарызын қара шашты ақ қылып, жұмыр бетіне әжім айқастырған адамдардан алып жатыр. Асқар қала ғимараттары, биік бұлттармен ұшы ұштасқан таулар сені қуалаумен асығады, жетпейді. Кешегі күн бүгінгідей болмағанымен, бүгінгідей ертең болмас. Кешегі қуаныш бүгінге жалғаспағанымен, бүгін болмаған қуаныш ертең келер. Арадағы үйлесімділік өз заңдылығымен сақталса болғаны.
Тек ғасыр ғана сол қалпында ойлы көзбенен шыққан күнге, ұйқының боданында жатқан қалаға, тіршілігі қайнап тұрған ауылға үнсіз қарап тұр. Тіс жарғысы да келмейді...

******
Еркелеген күннің нұры Еркенің бетіне түсті. Жатақхана әлі ұйқыдан оянбаған. Жасы жиырма бірге жаңа аттап басқан қыз көктемнің нұрына қуанды. Сәнді келген мүсінді тұла бойына жарасымды көйлегін киді. Бөлмелес болған қыздардың ұйқыда жатқанын көріп жымиды да қойды. Күлімдеген көктемнің таза ауасын жұтпақшы болып терезені ашты. Таңғы көріністен жанға жай жылы самалды байқап, ауылын еске түсірді. Тау етегіне шығып ойнаған күндері, тоғызыншы сыныпты бітіргеннен кейін тапсырған емтихандары, төрт сабақтан тест шешкен азапты кездері, мек тептегі соңғы балл, сырын білдірте алмай кеткен сымбатты жігітті, бәрін-бәрін осы көктемгі самал санасына жаңғыртқан сияқты.
-— Ерке!
-— Не болып қалды?
-— Терезені жапшы, ең болмаса жексенбі күнді ұйқыға арнайықшы, - деген староста қыздың ұйқылы-ояу дауысы естілді де басылып қалды. Бөлмеге қайта тыныштық орнаған. Ерке терезені жауып, төсегіне келіп отырды. Қиялы әлі қыр асып, қала, дала, қара жолдарды менсінбей ауылға тік тартқан. Анасының жылы саусақтары маңдайынан сипап:
«Айналайыным, Еркем! Қалаға барған кезіңде абай бол! Сабағыңды дұрыс оқы, көп қыдырма! Екі күннен артық демалыс берсе үйге кел, қалма, ақылдым менің!», - деген сөздері есіне түсті. Жанарына жас үйірілді. «Төрт жыл оқып бітейін деген кезімде бұл қайдан тұнған ойлар екен» деген сұрақ мазалады, жауабын таптыртпады. Көз алдына сүйген жігіті келді. Өткен айда «Ербол үйленіпті» деген хабарды естігенде боздап жылап еді, енді ондай сезім жоқ. Тек, адал сертін берген жігіттің неге олай істегенін түсінбеді...
Ай астында жүріп: «Ерке, саған ғана адал боламын, сенен басқа ешкімді де сүйе алмайтын сияқтымын. Сен оқуыңды аяқташы, одан кейін мәңгілік бірге боламыз», - деген Ерболдың жан баурар сөздері есіне түсті. «Сүйе алады ексің ғой Ербол, басқаны да сүйе алады екенсің ғой» деп төсектің үстінде отырған Еркенің еріндері дірілдеді. Жас үйірілген жанарларынан тұнық сырдың, баянсыз махаббатының мұңы тамды. Мөлдіреген көзінен аққан бір тамшы жаспен бірге Ерболдың бейнесі де ағып бара жатты.
-— Еркеша, не болды саған?
-— Біреу ренжітіп қойды ма?
-— Неге жылап отырсың?, - деген сұрақтар лек-легімен қойылғаннан кейін әуел баста Ерке не деп жауап берерін білмей қобалжыды. «Еш нәрсе болған жоқ, әншейін, өзім»,- деп құтылды. Қыздардың бәрі Еркенің көңілін ауламақшы болып, әр нәрсені айтып күлдіртті. Демалыста асықпай демделген шайдың дәмі мен қызықты әңгімелер Еркенің көңілін көтерді. Осылай жатақхананың тағы бір жайдарлы күні басталды...

*******
Көктем. Көл-көсір көңіл толқыған шақ. Жүректің соғысы жиілеп, сезімнің гүлденген шағы. Жайма шуақ күндер мен толассыз жаңбырдың кезектесетін кезі. Тамылжыған табиғаттың тірілуі мен тіршіліктің оянған шағы.
Жатақхана маңы у-шу. Сапырылысқан сан түрлі бейнелердің назары да осы көктемде. Шақыртқан адамдарын күткен бейнелердің жанарынан шыдамсыздық, үрей, үміт байқалады. Құлпырған қыздар мен жалынға толы жігіттердің жұптасып, парк маңайын жағалап кетіп бара жатқанын бөлменің терезесінен бақылап тұрған Еркенің де көңілі толқыды. Өткен жолы парк маңайынан танысқан жігіт жайлы ойланды.
Әуелде, жылы шырай танытып, одан кейін жиі телефон шалып тұратын Болаттың мінезін саралады. Тым орысшалау өскен сияқты. Мақтаншақтығы тағы бар. «Әттең, Ерболға жетпейді-ау солардың бәрі», - деп іштей түйді де ауыр күрсінді. Болаттың бүгін театрға шақырғаны бар, «барам ба, бармаймын ба» ойларының арасынан шешім таба алмай тұрып қалды. Қыздармен бұл мәселені талқылағысы да келмеді. Өткенде, басын шалып еді, жан-жақтан ду еткен «ақылдарынан» басы айналып кеткен.
-— Еркеша, сен де қызық екенсің, «шақырылған жерден қалма» деген сөз бар емес пе?
-— Соны айтам, Ербол, Ербол деп шашыңды ағартып бітетін болдың ғой, оның болса бірінші баласы дүниеге келген, нені үміт етіп жүрсің?
-— Қайта театрға барып сергіп қайтасың.
Бұл сөздерден кейін қыздардың пікірін құптап, дұрыс көргенімен, енді театрға барса «Ерболды сатып кеткенім, адал болмағаным» деген ойлар да келді. «Бірақ, сатып кеткен Ербол болатын ғой, мен несіне қысылып, несіне тарылам?»...
Ерке «театрға Болатпен бірге барам» деген шешім қабылдады.
Алматының аспанын бұлт баса бастаған кез болатын. Соққан жел үдеп, алғашқы тамшыларды да алып келді. Еркеге жаңбырдың астында жүру қатты ұнайтын. Бала кезінде ауылдың жаңбырына толығыменен малынғанша болмыс затты сылтауратып жүріп алатын. Енді міне, қаланың жаңбырын жұқтырғысы келді.
Жатақхана маңындағы жаңа ғана шуылдап жүрген студенттердің аяғы басылған сияқты. Жалғыз өзі болып серуендеп қайтты. Бұрынғыдай емес, бүгінгі күн, жаңбыр, табиғат Еркенің көзіне ерекше болып көрінді. Қайғы-мұң ұмытылды, дүние әсем болып көрінді.
Екінтінің уақытында жатақхана маңына Болат та келді. Өне бойын ретке келтіріп, сызылған қастары мен діріл қаққан кірпіктерін түзеп, сәнді киімін сымбатты денесіне сәйкестендіріп Ерке де шықты. Болатпен бірге театрға бет алды. Сырт көзге жарасымды жұп болып көрінгенімен ойлары сай келмеген.
-— Болат.
-— Не болып қалды «принцесса»?
-— Осы сен «анаңды арқалап меккеге үш рет апарсаң да қарызыңнан құтылмайсың» дегенді қалай түсінесің?
-— Түсінбеймін мүлде! Мен үшін ана деген зат жоқ!
Ананы затқа теңеген мына имансызбен неге шықтым деп ойлады Ерке.
-— Неге?
-— Ол мені әлдеқашан тастап кеткен. Сонау «детдом»ның көктің иісі шыққан төсектерге, үгілген қабырғаларға, анамды бір көрсем деген ниетпен ұйқысыз жылаумен өткізген түндерге, қарыным ашып ішім түйілген шаққа тастаған. Екі қолым аман болып, өз нанымды өзім тауып жейтін кезімде мен несіне оны арқалап жүрем, сол кеткеннен ары кетсін - деді де үнсіз қалды.
Сәлден соң иегін сипалап: «Әңгімені қайтеміз, одан да театрдың ішіне кірейік, ішіне кірейік», - деп қайталай берді.
Бүгінгі қойылым «Ескі үймен қоштасу» болатын. Терең ойға батыратын бұл қойылымның екеуіне де әсер еткені хақ. Театрдан шыққан соң біраз уақыт көлемінде қойылым талданды, талқыланды, мәре-сәресіне жеткізілді.
Болаттың бас айландырғы сөздерін тыңдап тұрған Еркенің көз алдына тағы да Ербол келді. Орта бойлы, сығыр көз бен сырлы сөздің иесі, қара торы жас жігіт. Ойы терең, әр істе алғыр бірақ...
Ерке есін жиды. Болат болса әлденені айтып, күлдіртудің амалын жасап жатыр. Жымиған Еркенің езуін көрген соң «дегеніме жеттім» дегендей Болат үстінен тамған жаңбырдың тамшыларын қағып, бір керіліп, терең дем алды.
-— Мен қайтайын.
-— Мен сені шығарып салам.
-— Жоқ, әуре болмай-ақ қой, өзім ақ жетем. Тек, Абай даңғылының арғы бетіне өтсем болғаны . Оның үстіне жаңбыр қайта басталды.
-— Жарайды, онда мен де қайтайын. Екеуіміз екі жаққа кетеді екенбіз ғой.
-— Болат, мені театрға шақырғаныңа рахмет. Маған ұнады.
-— Оқасы жоқ. Ұнаса болды», - деп қайырды. Қос бейне екі бағытта сапырылысқан адамдардың арасына кіріп бірінен бірі алыстай берді.

Жауған жаңбырмен Еркенің қоштасқысы келмеген. Қиял әлеміне беріліп, жатақханаға жаяу тартып кетті. Жол бойы, өмірінде жасаған қателіктері мен мақтан тұтатын істерін саралады, шешімін таппады, бірізді қорытындыға келмеді.
Кенеттен, жатақханаға жетуге бірер көше қалған кезде, денесі бір сәтке діріл қағып, су ағып бара жатқан арыққа құлады. Бәріне себепші, бағдаршамның ашық қалған тоғы. Құлаған қыздың нәзік денесі тоқ жатқан арыққа сылқ етті. Өзі еркелеген анасының жылы саусақтары бетінен сипап «Айналайыным» деп аналық махаббатқа толы жанарын қадағандай. Ерболдың күлімсіреген жүзі: «Жаным, Ерке! Мен саған ғана адалмын» деп құлақтан сыбырлап жатқандай. Болаттың жүзін еске түсіргісі-ақ келді, ештеңе шықпады. Бірде анасының, бірде әкесінің, енді бір кезде Ерболдың дауысын естігендей болып, басын көтерейін деп еді, денесі ауырлады, босатпады.Тәтті қиялға батқан Еркенің жанары жұмылды. Өмірі көз алдынан бұлдырап өтіп жатты.

*******
Қала. Жаңбырдан кейін буланған Алматының ауасы тым ауыр. Өрік ағашы гүлдеп, қараторғайлардың шырылы құлақ жарады. Жатақхананың өмірі жалғасқан. Тек, Еркенің бөлмелес қыздары ғана төсекке бүк түсіп, жанарларына жас алуда. Еркенің ұялы телефонына Болаттан «қайырлы таң, қайырлы кеш» сынды хаттар келіп түсуде.
Ауыл. Таудан Ерболдың айғайлап жылаған дауысы естіледі. Күркіреп ағып жатқан өзен бұл дауысты «басам» деумен әлек. Анасының ісіген көздері мен әкесінің шаршаған түрі адам денесін тітіркендіреді.Көршілер кіріп көңіл айтқанмен еш нәрсе өзгерер емес. Анасының жылап: «Айналайыным, абай болшы деп едім, тыңдамадың ғой мені, құлыным, тыңдамадың ғой», - деген сөздері қайталанып жатыр.
Ғасыр. Бұл қасіретті көріп, ортақтаспайды да. Тек ойлы көзбен қиылған тағдырдың болмысын саралайды, бөліспейді. Тегіс жұртқа «уақыт емші» дегендей тілсіз жауап береді. Тіс жармайды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
» Елімізде TikTok желісі бұғатталуы мүмкін бе?
» Елімізде су тасқынынан зардап шеккендердің қандай мүліктеріне өтемақы төленеді?