Әліби Бекайдар мен Гүлнұр Нұрасылова: Шынайы сезім шексіз махаббатқа ұласты
Композитор, әнші, жұлдызды жұп Әліби Бекайдар мен Гүлнұр Нұрасылованың махаббат хикаясын оқып шығыңыздар!
Әліби Бекайдар — композитор, дәстүрлі әнші, Т.Жүргенов атындағы өнер колледжінің оқытушысы.
Гүлнұр Нұрасылова — әнші, композитор, Мейрамбек Беспаев орындайтын «Қолжетпесім», «Махаббат балладасы», «Жүрек кінәлі» секілді әндердің авторы.
«Біз бір адам сияқтымыз»
Әліби Бекайдар: Негізі екеуміз екі қаладанбыз. Мен Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Томар ауылынанмын. Гүлнұр Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Аққыр ауылының тумасы. Бізді табыстырған Жетісу болды. Өз ортамызда «Арқа мен Сыр Жетісу жерінде табысты» деп жиі айтамыз (күлді). Бұрыннан әлеуметтік желі арқылы бір-бірімізді сырттай танитынбыз. 2014 жылдың соңынан бастап сөйлесе бастадық. Содан көктемде алғаш рет 29 мамыр күні Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында Шәмші Қалдаяқовтың концертіне бірге бардық.
Гүлнұр Нұрасылова: Ең алғаш Әлібидің суретін ғаламтордан көрген сәтте бағзы заманның адамы сияқты болды. Бұрынғының сал-серілері секілді қарадым. Сөйтсем, бұл кісіні ортасында да «көненің көзі» деп атайды екен. Көп жігіттер арасында өзі ерекшеленіп тұрды. Бұрыннан танитын жақын адамымдай болып көрінді. «Адамның кездесуі ешқашан бекер болмайды. Бәрінің себебі бар» деп жатады ғой. Сол рас негізі.
Мен тұрмысқа шыққаннан бері Әлекеңе «сіз»деп айтамын. Бір қызығы, Әлекеңнің қолынан ешқашан домбыра түскен емес. Өзі сал-серілер сияқты. Ең алғаш менімен танысуға келгенде де домбырамен келген (күлді). Сол кезде таңғалғанмын. Керек емес жағдайда да қолынан домбырасын тастамайды. Өзіне әдет боп кеткен. Қолында домбырасы болмаса, бірдеңе жетіспеген сияқты болып жүреді. Қазір біз ұялы телефонсыз жүре алмаймыз ғой. Әлекеңде де сондай.
Әліби Бекайдар: Алдында кейбір адамдар маған: «Сен салсың. Аналар жай ғана сері. Сал мен серінің айырмашылығын білесің ба?» деп қояды. Қалжың ғой бәрі де (күлді). Гүлнұр маған бір көргеннен ыстық көрінді. Сен оның қасында болғанда жаның тынышталатын адамдар болады ғой. Сондай әсерде қалдым. Екеуміз бірден біте қайнасып кеттік. Кәдімгідей бір-бірімізді бұрыннан танитын адам сияқтымыз. Қазір көп жас отбасылар ажырасып жатады ғой. Соның көбісі үйленгенге дейін бір-бірімен араласқанда шынайы келбетін көрсетпеуден болады деп ойлаймын. Біздің арамыздағы қарым-қатынас шынайы болды. Шынайы сезім шексіз махаббатқа ұласты. Мысалы, мен Гүлнұрды кездестірдім.»Әдемі жүріп-тұрайын, әсем сөйлейін» деген ой болмады. Бәрі шынайы болды. Ал, қазір керісінше екеуміз бірге жақсы жағына қарай өзгерудеміз. Біз бір адам сияқтымыз.
«Тойда түс көріп жүрген сияқты болдық»
Гүлнұр Нұрасылова: Біздің өміріміздегі ең маңызды күн болғандықтан, ерекше болғанын қаладық. Бірақ, есте қалатын сәттер көп болды. Ең бастысы, келе алмағандардың өзінің той күнін еске алатындай бір оқиғасы бар. Келген адамдар мықты көтерді. Еркін Шүкіман ағамыз ватсаптан аудиомен әні мен тілегін жіберді. Содан кейін күйеуіме ЗАГС-тан хабарласыпты. Алматы облысында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына байланысты 25 жас отбасыны облыс әкімі өзі құттықтауға шақырды. Талдықорғанда болды. Керемет құттықтады. Ол да біз үшін үлкен сый болды. Құттықтаған кезде әкімнің орынбасары «Сен енді «Жалғыздық» әнін айтпайсың» деп күлді.
Әліби Бекайдар: Адамдар қазір даңғырлаған музыкадан шаршаған. Біздің той дәстүрлі, қазақи болды. Барлығы жанды дауыста өтті. Мәселен, баян мен домбыраның сүйемелдеуімен «Жар-жар»-ды да айттық, құдаларды да күтіп алдық.
Тойда бірінші дастарханда қазақша киім киіп шықтық. Яғни, оюланған шапан, қазақша костюм. Достарымыз жар-жар айтып, артымыздан ерді. Олар ән айтып жүреді. Біз қол ұстасып екеуміз жүрдік. Екінші дастарханда Гүлнұр той көйлегін, мен костюм-шалбарымды кидім. Киім де, дастархан да үзіліс кезінде ауысты. Эстрадалық музыканы да үзіліс кезінде билеу үшін қосылды. Өзіміз бақыттан басымыз айналып, түс көріп жүрген сияқты болдық. Сол күні ауа-райы да қатты суытып кетті. Көбі келе алмады. Әркім әр түрлі айтып жатыр. Біреулер «дәм бұйырмады» деді. Кейбіреулердің орта жолда машинасы сынып, келе алмай қалды. «Қайтпас мінезің сияқты» деп қалжыңдап та айтқандар болды. Той енді өзімізге ерекше өтті.
Өнерде шын ниетімен жанашыр адамдар болады. Сондай таза көңілімен бізге ағалық қамқорлық көрсетіп жүрген Бейсен Құранбек ағамызға алғысымыз шексіз. Жастардан қандай да бір ізгі бастама көрсе, соны қолдап кететін жанашыр ағамыздың бірі.
«Ең бастысы — маған арналған әні»
Гүлнұр Нұрасылова: «Қолжетпесім» әні 2005 жылы шықты. Бірақ, әлеуметтік желіге өзім айтып салған соң ғана танымал болды. «Қолжетпесім» әнінің мен осылай аталарын білмедім. Әуелі әуен шықты. Осы әуенді сөзсіз мен 1 жыл орындап жүрдім. Бір күні Иран-Ғайып (Иранбек Оразбаев) осы әнге сөз жазып берді.
Менің жолдасымның да біраз әндері бар. Ең бастысы — маған арналған әні (жымиды).
Әліби Бекайдар: Иә, сол Гүлнұрға арнаған әніме сөз таба алмай жүрміз. Шәмші Қалдаяқовтың «Ақмаңдайлым», Ілия Жақановтың «Алматы кешінде» әндері сияқты әуені мен сөзі біте қайнасқан салмақты ән болғанын қалаймыз. Біраз ақындарға да ұсындық. Бірақ, әлі лайықты сөзін ешкім жазбады.
Бір қызығы, екеуміздің де алғашқы әніміздің сөзін Иран-Ғайып (Иранбек Оразбаев) жазды. Гүлнұрдың алғашқы әні «Қолжетпесім» болса, менікі «Шыңдағы шынарым» деген ән. Қазір Қуандық Рахым деген әнші алды. Бұйырса, алдағы уақытта айтып қалар. Жалпы, 5-6 әнім бар. Көбіне сөз жазылмаған. Алдағы уақытта екеуміз дуэт боп орындаймыз.
«Болашақта Бекайдаровтар отбасылық дуэті боламыз»
Әліби Бекайдар: Хабиба Елебекова — менің туыс апам. Үйіне барған сайын әр түрлі достарымды ертіп баратынмын. Бір күні Гүлнұрды ертіп бардым. Апама «келініңіз» деп таныстырмадым. Бірақ, апамның өзі «бақытты болыңдар!» деп бата берді. Ол кезде біз үйленуге шешім қабылдамадық. Тек қыз-жігіт болып сөйлесіп жүргенбіз. Сол бата қабыл болды-ау деймін (күлді). Апам да сезген болу керек. Өзі менің болашақ жарым туралы жиі айтатын,алаңдайтын. Бата бергеніне қарағанда Гүлнұрға риза болған сияқты.
Гүлнұр Нұрасылова: Ауылға ата-анамызға (Әлібидің ата-анасына) жиі барып тұрамыз. Олар Талдықорғанның әрі 1 сағаттық жерде ауылда тұрады. Ауылға барғанда бір рахат демаламыз. Жанашыр адамың бар екенін сезінесің. Мен негізі сыртта көп жүрдім. Мектеп бітірген бойда басқа қалаға кеттім. Әлекең де солай. Содан ба, ауылға ата-анамызға барғанда сондай күшті сезімде боламыз. Отбасымызбен бірігіп, бір дастарxанда басымыз қосылады. Әңгімелесіп, қуанып, бәріміз арқа-жарқа боп, керемет көңіл-күйде жүреміз.
Болашақта енді Гүлнұр Нұрасылова емес, екеуміз Бекайдаровтар отбасылық дуэті боламыз (күлді). Қазіргі заманның талабы сол болды ғой. Біз жеңіл-желпі ән жазбайтын шығармыз. Салмақты дүниелерді шығарғымыз келеді.
Сұxбаттасқан Айзада Жайыққызы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?