5-6 сынып


Диктанттар мен мазмұндамалар жинағы (5-6 сынып)

Құрастырған: Абишева Айнаш Абайқызы
Солтүстік Қазақстан облысы
Ғабит Мүсірепов атындағы аудан
Новоселовка ауылы
Новоселов орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі

 

Аңдатпа

Диктанттар мен мазмұндамалар жинағы 5–6 - сыныптар үшін «Қазақ тілі» пәнінен типтік оқу бағдарламасына сай құрастырылған. Әр сыныпқа ғылымдық және тәрбиелік мәні бар мәтіндер енгізіліп отыр. Оқу-әдістемелік құрал (оқыту қазақ тілді) қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімдеріне ұсынылып отыр.

 
Пікір жазғанғандар:
А.А.Токкужин  Новоселов орта мектебінің жоғары санатты қазақ тілі мен әдедиет пәні мұғалімі
Г.Б. Бекиш Аудандық білім бөлімінің әдіскері


Аннотация

Сборник диктантов и изложений для 5 – 6- классов составлено согласно по типовой программе «Қазақ тілі». В сборник внесены тексты с научно- воспитательным значением. Учебно-методическое пособие предназначено для учителей казахского языка и литературы (с казахским языком обучения)
      
Кіріспе

Ұсынылып отырған әдістемелік – оқыту қазақ тілінде жүргізілетін жалпы білім беретін мектептің 5 – 6-сыныптарына арналған Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 03 сәуірдегі № 115 бұйрығымен бекітілген (ҚР Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 18 маусымдағы № 393 бұйрығымен өзгерістермен толықтырулар енгізілген) оқу бағдарламасына сәйкес дайындалған оқу құралы.
Қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімдеріне арналған. Бұл  5 – 6-сынып оқушыларына арналған диктанттар мен мазмұндамалар жинағы.


Қазақ тілінен жазба жұмыстарына қойылатын талаптар

Диктант нормасы

Сыныптар

Диктант саны

Сөздер саны

Орфограмма саны

Тыныс белгілері

5

12

90-100

12

2-3

6

12

100-110

16

3-4

Жазба жұмыстарының оқу тоқсандары бойынша бөліну үлгісі

Сыныптар

Жазба жұмысының түрі

І

ІІ

ІІІ

ІV

Барлығы

5

диктант

3

3

3

3

12

6

диктант

3

3

3

3

12

Әрбір тоқсанда алынатын бақылау диктантының саны сол сыныптағы апталық сағат санымен сәйкес келуі керек.

Типтік оқу жоспарына сәйкес оқу жүктемесінің көлемі:

5-сынып – аптасына  3 сағат, оқу жылында – 102 сағат
6-сынып – аптасына 3 сағат, оқу жылында – 102 сағат.

«Қазақ тілі» пәніне арналған дәптерлер саны

Пән

Жұмыс дәптері

Жазба жұмыс дәптері

Сөздік дәптер

Барлығы

Қазақ тілі

2

2

1

5

 

Диктант мәтініне байланысты мұғалімдердің  ескеретіндері:

 

Диктант – оқушылардың орфографиялық және пунктуациялық сауаттылығын тексерудің негізгі формаларының бірі. Білім алушылардың ауызша жауаптары және жазба жұмыстары бойынша бағдарламалық материалдарды қаншалықты деңгейде меңгергендігін ескере отырып, әр сыныпта белгілі бір нақты көлемде қорытынды жазба жұмыстары өткізіледі. Диктант мәтіні үшін әдеби тіл нормаларына сай келетін мәтіндерді пайдалану ұсынылады. Диктант белгілі бір тақырып бойынша оқушылардың дайындығын тексеру мақсатында жүргізілетіндіктен, сол тақырыптың негізгі орфограммалар мен тыныс белгілері енгізіліп, сонымен қатар, бұрынғы алған дағдыларының беріктігін көрсетуі тиіс. Диктанттың мәтінінде: 5-сыныпта – 5 сөзден артық емес, 6-сыныпта – 7 сөзден артық емес өткен сабақтарда меңгерілген орфограммалар ғана енгізілуі қажет. Оқушылар жазылуы қиын сөздермен және олардың емлесімен өткен сабақтарда таныс болуы тиіс. Жылдың, тоқсанның аяғында болатын қорытынды диктанттарды оқушылардың барлық өткен тақырыптар бойынша білімдерін тексеруге арналып құрылатындықтан қосымша тапсырмалар беру немесе бермеуді пән мұғалімі өзі шешеді.       

Егер диктанттың мәтінінде дұрыс жазылуы  оқушыларға бұрын түсіндірілмеген қиын  сөздер кездессе, онда олар тақтаға жазылады.
Мұғалім мәтінді әуелі мәнерлеп оқып шығыды, содан кейін жеке сөйлемдерді оқып жаздыра бастайды. Соңғы сөйлем жазылып болған соң, диктант мәтіні толық қайта оқылады. Бұл ретте мәтін баяу оқылыды. Соңында мұғалімнің рұқсаты бойынша оқушылар өз жұмыстарын қосымша тексере алады. Диктант мәтінін таза қағазға көшіруге рұқсат етілмейді.

Диктантты бағалау төмендегі өлшемдерге негізделеді:

«5» деген баға еш қатесі жоқ немесе орфографиялық жеңіл 1 қатеге (1/0) немесе тыныс белгісінен 1 қатесі бар (0/1) диктанттарға қойылады.
«4» деген баға емледен 3 қатесі, тыныс белгісінен 3 қатесі бар (3/3), немесе емледен 2, тыныс белгісінен 4 қатесі бар (2/4), немесе емледен 1, тыныс белгісінен 5 қатесі бар (1/5), емледен бір типті (4/0) 4 қатесі бар диктанттарға қойылады.
«3»деген баға емледен 6, тыныс белгісінен 5 қатесі бар (6/5), немесе емледен 5, тыныс белгісінен 6 қатесі бар (5/6), немесе емледен 3, тыныс белгісінен 8 қатесі бар (3/8) диктанттарға қойылады.
«2» деген баға емледен  9, тыныс белгісінен 5 қатесі бар (9/5) немесе емледен 8, тыныс белгісінен 9 қатесі бар (8/9) диктанттарға қойылады.
Ескерту: бағалау кезінде қателердің қайталануы мен біртектілігіне назар аударылады. Егер бір қате бір сөздің құрамында немесе түбірлес сөздердің түбірінде қайталанса, бір қатеге саналады. Бір типті немесе бір текті қателер дегеніміз сол сөздің жазылуының грамматикалық, фонетикалық ерекшелігіне байланысты бір ережеге негізделуі.  Алғашқы біртекті  үш қате біреуге саналады да, келесі осындай қателер дербес есептеледі.

Диктант мәтінінде 5-тен артық түзету болса, бағасы 1 балға кемітіледі. 3 және одан артық түзетулер кездескен жағдайда үздік баға қойылмайды. Диктантқа баға қоярда түзетілгенімен, ескерілмейтін орфографиялық және пунктуациялық қателер:
1) сөзді тасымалдау;
2) мектеп бағдарламасына енбеген ережелер;
3) әлі меңгерілмеген ережелер;
4) арнайы жұмыс жүргізілмеген қиын сөздер.

Диктантты бағалауда қатенің сипатына мән берілген жөн. Қателердің ішінен жеңіл қателерді яғни сауаттылық үшін аса маңызды емес қателерді айырып алған дұрыс. Қателерді есептеу барысында екі жеңіл қате бір қатеге есептеледі. Жеңіл қатеге жатады: 1) ережеге бағынбайтын сөздер; 2) автор сөзін берудегі  тыныс белгілер.
Ескерту: диктант мәтінінде барлық цифрлар, оның ішінде мезгіл көрсеткіштері де сөзбен жазылады; Диктантқа бір ғана баға қойылады. Қосымша тапсырмаларды орындағаны үшін бағалағанда төмендегі ұсыныстарды басшылыққа алу ұсынылады: - «5» бағасы – оқушы барлық тапсырмаларды орындағанда; - «4» бағасы – оқушы барлық тапсырмалардың 4/3 бөлігін орындағанда; - «3» бағасы – оқушы барлық тапсырмалардың жартысын орындағанда ; - «2» бағасы – барлық тапсырмалардың жартысын орындамағанда қойылады. Ескерту: қосымша тапсырмаларды орындау барысында жіберілген орфографиялық және пунктуациялық  қателер диктантқа баға қою барысында ескеріледі. Оқушылардың жазба жұмыстарын мұқият тексеріп отыру олардың сауаттылығын арттыруға көмектеседі. Қатемен жұмыс жүргізу жазба жұмысынан кейінгі келесі сабақтың 15-20 минутында іске асырылады. Оқу бағдарламасында «Қатемен жұмыс » түріне арнайы сағат бөлінбегендіктен журналға жазылмайды. Дәптердегі барлық жұмыстар ережелерді сақтай отырып жазылуы керек: - ай аты мен күн реті жазбаша жазылады; - күн реті мен жұмыс түрінен соң нүкте қойылмайды. Дәптердің басынан жол тасталмай, барлық жазбалар бір деңгейде жазылады.    

Диктанттар

(5-сынып үшін)

Жас балапандарды күту.

     Жұмыртқадан шыққаннан кейінгі алғашқы үш күнде балапандарға тары ботқасы, ақ ірімшік беріледі. Жұмыртқаны қатты пісіріп, оған қабығын уатып, қосып берген де жақсы. Үш күннен кейін балапандарға жаңа піскен жұмсақ қызылша сияқты жемістер беріледі. Олармен бірге астықтың жармаланған дәндерін берсе де болады. Балапандарға жем беретін астаушаларға бор, көмір және ұсақ-ұсақ тастар салынып қойылады. Бұлар жас балапандардың сүйегін қатайтуға, жемді бойына сіңіруге көмектеседі. Балапандарға екі айға дейін күніне алты-жеті  рет, одан кейін төрт рет жем беріп отыру керек. Жас балапандар ерекше күтімді қажет етеді. Олардың орындары жылы және құрғақ болуы тиіс. (91сөз)

Ақсақ киік

     Басқаларынан оқшау қала бастаған жаралы киік оқ тигеніне қарамастан, шоқақтап келеді. Құс сияқты қанаты болмаса да, жерден биік көтеріле алмаса да, жас киік әлі ширақ көрінеді. Бірақ  киік пен шапқан аттар арасындағы қашықтық бірте-бірте қысқара түсті.
     Кедей ауылдың сыртында ойнап жүрген топ бала бұл көрініске таңырқай қалыпты. Киіктер көзден таса болып, қуғыншылар әбден көрінбей кеткенше топ бала аттылар соңында қалған бозғылт шаңның сүреңіне қарады да тұрды. Әсіресе, топ ішіндегі жасы онға жаңа келген қыз бала әлгі көрініске зер сала қарады. Жас болғанымен оның жүрегінде әлде бір аяныштың ізі қалып қойғандай еді.
 (91сөз) С.Бақбергенов                                                     

Асан мен Үсен

     Үсен Асанды ертіп, молаға қарай жүрді. Молаға жақындап келгенде, қаңқылдаған қаздың даусы шықты. Үсен жақын жерде көл бар екенін сезді. Өйткені қаз сусыз жерді мекен етпейді. Екеуі қырға шықты. Қырдың төмен жағы көл екен. Көлдің айналасы да, іші де құжынаған мал. Бір топ жылқы көл ішіне түсіп, белінен құраққа кіріп тұр. Сортаңды жағада түйелер жатыр. Бұларды көріп балалар қырдан түсті. Жүгіріп малға келді. Сөйтсе, өз ауылының малдары екен.
     Малшылар Асан мен Үсенді көрді. Олар да қуанып, біреуі әке-шешелерінен сүйінші сұрауға шауып кетті. Өзгелері балаларды атқа мінгізіп, ауылға алып жүрді. (93сөз) Ы.Алтынсарин                                        

Балалық шақ

     Менің туған отбасым – кәдімгі отбасыларының бірі. Әкем кедей шаруадан шыққан. Әкемнің аздаған білімі болатын. Қолы өнерлі еді. Сондықтан ол ағаш ұстасы, шешем сауыншы болды. Тұрмыс жақсарып, жұрт дәулетті тұрды. Біздің үйіміз ауылдың шетінде тұратын. Кішкене бақшамызда алма, шие, алша, қарақат өсетін. Үй сыртындағы алаңда балалар асыр салып ойнайтын. Өзімнің үш жасар кезім әлі есімде. Апам  мейрам күні мектепке ала барды. Мен орындыққа шығып тұрып, тақпақ айттым. Оқушылар мені мақтап қол шапалақтады. Содан былай мен мектепке баруды арман еттім. Ағам мен апамдай сабақ оқығым келді. Құрбыларыммен бірге мектептің терезесінен сығалап, шәкірттердің жазу жазғанын қызыға қарап тұратынмын. (Т.Б.)  (95 сөз)                                                   


Тайга

     Тайга – ит  мұрны өтпейтін қалың орман. Онда үнемі қар жатады.Тайга біздің елдің шығысы мен терістігінің арасын алып жатыр. Мұзды мұхитынан соққан суық желді осы қалың орман бізге қарай өткізбейді.
     Тайгада бұғы мен марал және аю мен қасқыр да бар. Ағаш қабығын жеп күнелтетін тайга бөденесі мен бұлдырық, тоқылдақ  дейтін құстар өз алдына бір түлектей. Жаз маусымы кезінде бірер ай келіп, сайран салатын аққу, қаз, үйректер де тайганың – қонағы.  
     Тайганың халықтары көбіне бірнеше ит жеккен шанамен жүреді. Өйткені тайганың қары қалың болғандықтан машина барлық жерінде бірдей жүре бермейді.Тайгалықтар үйлерінің қабырғаларын да қалың етіп салады. 95 сөз. («Ғалам ғажаптары»)
 

Қартқожа

     Қартқожа көйлекшең, жалаң бас, көк шөпке  бауырын төсеп кітабын оқып жатыр. Оның кітапқа ынталанғандығы сонша, жан-жағына да қарамайды, демін де білдірмей алады. Ол екі атты да ұмытып кетті. Біреу алып кетсе, білер емес. Оқыған сайын ажарланады, көзін қадап, қағазды жеп қоятын тәрізді.
     Әлден уақытта аяғына жетті. Ол кітапты жаппай, ойланып, басын шайқап, таңдайын қағып біраз жатты. Содан кейін басын көтерді.
     Қартқожаның есіл-дерті оқуға кетті. Өзіне-өзі «оқимын» деп серт етті. Қалай оқиды? Қайдан оқиды? Қайда барады? Қаражатты қайдан табады? О жағымен ісі болмады, ойына да келмеді, қайтсе де оқымақ болды. (96 сөз) Ж.Аймауытов

Ұсталық кәсіп

     Қасым ұста іске жарайды-ау деген мүйіздерді жыл он екі ай бойы жинап жүретін. Оның ішінде киіктің, арқардың, сиырдың, серкенің мүйіздері де болатын. Ол соның бәрін күн тимейтін саялы қалтарысқа жинап қоюшы еді. Көктем шығып, ел жайлауға көшерде Қасым қыстау қасынан ағатын бұлақтың табанындағы қара қорыс, көкала сазды белшесінен қазып,  мүйіздерді көміп кететін.
     Жаз өтіп, ел қыстауға оралғаннан бір, бір жарым айдан кейін Қасым ұста көктемгі көмбенің тоңын ойып, мүйізді үйге алып келеді. Оларды үйге әкелісімен жылы суға салып, саз-топырағын жуып тастайды. Ұста оларды барынша әрлеп, әсемдеп ожау, қамшы сап, құты-сауыт, тарақ, көзілдірік жасап шығаратын.  (97 сөз ) А.Сейдімбек

Ғарышкер

     Жаны жайсаң жақсы адамдар мен жақын жүргенге не жетсін! Ондайлармен жүздесіп, бірге жүрудің өзі мерейіңді өсіреді, көңіліңді көтереді. Қазақтың тұңғыш ғарышкері  Халық қаhарманы  Тоқтар Әубәкіровпен  бір сәт жүздесе қалса, кім-кімнің де осындай жақсы ойда болары сөзсіз. Өйткені қазақтың атағын төрткүл дүниеге танытқан Тоқтар Оңғарбайұлының өн бойынан батырлықпен бірге  кішіпейілділікті, қарапайымдылықты, үлкен адамгершілікті аңғару қиын емес. Ол кісінің балаша аңқылдаған ақ жүрегін айтсаңшы.
     Иә, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров туралы баспасөз бетінде аз жазылған жоқ. Аты аңызға айналған оны бесіктегі баладан бастап, еңкейген кәріге дейін жақсы біледі.                                                                     
     Тоқаңның депутат, мемлекет қайраткері ретінде істеген игілікті істері жөнінде көп айтуға болады. (99 сөз) М.Қалматаев
 

Біздің қала

     Біз Алматы қаласында тұрамыз. Алматы қаласы – ең  әдемі қалалардың бірі. Таудан төмен қарай созылған тіп-тік, әдемі көшелері неше түрлі ағаштармен көмкерілген. Көшелердің екі жағынан сылдыраған мөлдір бұлақтар ағып жатады. Достық атындағы сарай, Спорт сарайы, Оқушылар сарайы және көп қабатты қонақ үйлер өздерінің керемет көркемдігімен көздің жауын алады. Қаланың оңтүстігін басынан өмір бойы қар кетпейтін ақ бас Алатау қоршаған. Тау беттерін қысы-жазы өзгермей, ылғи жап-жасыл болып тұратын шыршалар мен қарағайлар, ақ қайыңдар жапқан.  
     Қалада тарихи орындар, мұражайлар, көрікті жерлер, бақтар өте көп. Қаланың батысы мен шығысынан Үлкен Алматы, Кіші Алматы өзендері ағып жатады. Алматы қаласының табиғаты – сирек кездесетін тамаша табиғат! (100 сөз).

Тіл қисыны

     Сөзден әдемілеп әңгіме шығару өнері үй салу өнеріне ұқсас. Үй салуға түрлі зат керек. Ол керек зат топырақ болса, оны біріктіріп илейді, иленген балшықтан кірпіш құяды. Кірпішті қалап, неше түрлі үй қылып шығарады. Неғұрлым жоба жасайтын сәулет өнерпазы қиялға бай болса, соғұрлым салған үй сәулетті болып шығады.
     Сөзден құрастырылып пікірлі әңгіме шығару үшін жұмсалатын зат – сөздер.Үйдің түрлі болып шығуы балшығынан, кірпішінен, әсіресе, қалауынан болатыны сияқты, әңгіменің түрлі болып шығатыны тілдің дыбысынан, сөзінен, әсіресе, сөздің тізілуінен. Рас, әңгіменің әдемі
болып шығуы сөздің тізілуі мен әңгіме айтушының пікірлеуінде. Жазушы қиялға неғұрлым бай, пікірге шебер болса, шығарған сөзде соғұрлым әсерлі, әдемі шықпақ. (100 сөз) А.Байтұрсынов                                   

Күз

     Күзге салымғы шуақ күндердің бірі. Танабай аулы Ақмоланың оңтүстік жағындағы Нұра өзенінің бойындағы қыстауында еді. Өзеннің жағалары қалың биік тас, кей жерлерде талмен араласа шыққан қамыс. Араларында, қырат жерлерде биік  қараған, тобылғы. Өзенннің екі жағындағы жалпақ шыққан неше түрлі өсімдіктің сары ала алтынданып, әбден піскен кезі. Қарағандардың да жапырақтары сарғайып, бүршіктері қызарып, құндақтары тұқым шашқан.Тікендердің жазғы гүлдерінің орындарына қызыл моншақтай,  сабақтаған түймелердей болып, итмұрындар самсаған. Қызыл тобылғылардың жасыл жапырақтары алтындай сарғайып құбылған. Өзеннің және қара сулардың жағаларындағы селдіреген қамыстардың әдемі шашақтары үлбіреп, жел соқса, ақырын ырғала желбіреп, сары үкідей болып сарғайған. Қамыстардың әдемі сыбдырлаған жапырақтары да сары ала болған.  (100 сөз).  С.Сейфуллин


Жапонияда жаңа жылды қарсы алу дәстүрі

     Жапондар жаңа жылды түнде қарсы алмайды. Олардың Жаңа жылы бірінші қаңтар күні, таңмен бірге басталады. Таң алдында жапондар үйлерінен шығып, көтеріліп келе жатқан жаңа жылдың алғашқы күнін  қарсы алады. Сауық-сайран содан кейін басталады.
     Кісіге сыйлық тарту – жапон ұғымында үлкен құрмет. Сондықтан Жаңа жыл күні әдемі кимоно киген әйелдер мен барын үстіне киіп, сәнденіп шыққан еркектер біріне-бірі  сыйлық таратады. Жапондар Жаңа жыл дәстүрі бойынша, көшеге қолдарына қарағайдың, тал, қарақаттың бұтақтарымен безендірілген бамбук шыбық ұстап шығады. Жапон халқының ырымы бойынша, қолына бұл күні әлгіндей әшекейлі бамбук ұстап шыққан адамға қарағай жасының ұзақтығы, бамбуктың беріктігі, қарақаттың тез өсасиеттері дариды-мыс. (100 сөз).  «Ғалым ғажаптары» кітабынан.

Диктанттар

(6-сынып үшін)

Дастарханға нан қалай келді?

     Нан тарихының тамыры сонау ежелгі заманға кетіп жатыр. Ғалымдардың пікіріне қарағанда,ол он бес мың жылдан асса керек.Әйтсе де алғашқы нанның өсімдігі бидай да, сұлы мен арпа да емес, кәдімгі емен екен. Ерте заманда адамдар емен жаңғағынан мол өнім алып, үгіп, онан ұн жасаған. Бұдан бес мың жыл бұрын адамдардың емен жаңғақтарынан ұн жасап, пісірген нанның қалдықтарын Кировоград облысының аумағындағы Триполь елді мекенін қазу жұмыстар жүргізген  археологтар тапқан.
     Дәнді дақылдарды қолдан егуді, оның дәнінен ұн жасауды адамдар бірте-бірте меңгерген. Сұйық  ботқа – біздің қазіргі нанымыздың бастапқы түрі болған.  Ал Африка мен Азияның бірқатар елдерінде әлі күнге дейін нан орнына осындай быламықтарды қолданады.  (102 сөз).

Аңға шыққанда

     Алдымызда бір төбе бар еді. Арғы етегі – ағаш. Соның тұсына барғанда, қасқыр көзімнен ғайып болды. Бір кезде аспанда түйіліп айналған бүркітім төмен қарай сорғалай құлады. Қасқырдың аузына түсіп, жазым бола ма деп қорықтым. Атымды тебініп,  шаба жөнелдім. Қалың күртіктің ішіне ат бара алмайды. Жалма-жан атты қаңтарып тастадым.  Сыртқы күпімді шештім де,  жеңіл киіммен күртікті өрлей, ағаштың ішіне жүгірдім. Мөлшерден қаталасқан жоқ екен. Бүркітім шақырған жерге ентігіп жүгіріп бардым.  Оның бір аяғы құрықтай қайыңға қадалған да, бір аяғы қасқырдың төбесінде тұр.  Қасқыр сіресіп тартып тұр.  Аяғын қалай үзіп әкетпегенін білмеймін. Жүгіріп келген қалпыммен қасқырдың тірсегінен алдым да, қындағы пышағымен ішін осып жібердім. (102сөз.) С.Мұқанов   
                                                      

Шәмші Қалдаяқов

     Халық ішінде әншілер  де, сазгерлер де көп болады. Алайда бір сазгердің әнін бүкіл халық – үлкені де, кішісі  де, қарты да, жасы да – сүйіп айтуы сирек құбылыс. Ондай ән шығарған сазгер – ұлы сазгер.
     Шәмші Қалдаяқов – бүкіл қазақ халқына ән салдырған осындай сазгер болды.
     Шәмші Оңтүстік Қазақстан облысының Қызылқұм ауданында туған. Ол жас кезінен-ақ тамаша әндер шығара бастайды. Шәмшінің әндері ерекше жұмсақ, жылы сазымен ел назарын бірден аударды. Оның әндері қазақ эстрада музыкасын байытты. Әлемдік музыкада Штраус, Шопеннің вальстері қандай орын алса, Шәмшінің вальс ырғақтары да сондай әсем.
     Данышпан ғалым-жазушы Мұхтар Әуезов Шәмші саздарын Ақан сері, Біржан салдан кейінгі «үздік құбылыс» деп бағалады. (102 сөз).
«Жас Алаш» газетінен


Қазақтың ұлттық тағамдары

     Сөк. Қуырған тарыны қазақ сөк деп атайды. Ол үшін тары жел өтіне суырылып, ерекшеленеді, тазаланады.  Бірнеше рет таза суға жуылады. Дегдігенше оны аздап кептіреді де, қазанға су құйып, тарыны соған салып, қайнатады. Қазандағы тары қауызы ашыла бастағанда,сүзіп алады. Содан соң таза сумен бірнеше қайтара жуып, дегдуі үшін, жайып қояды. Дегдіген соң, қызған қазанға салып, қуырады.  Қуырған кезде бұлғауышпен үздіксіз бұлғап отыру керек. Әйтпесе, тарының астыңғы беті қуырылып, үсті қуырылмай қалады.  Ал ала-құла қуырылған тарыны ақтаған кезде, қауызынан ажырату қиын. Әрі мұндай тарының сөгі де ала болады.
     Сөк көбінесе шай дастарханына қойылады. Сондай-ақ тағы да басқа неше түрлі тағамдар дайындауға болады.
(103 сөз).  «Қазақ күнтізбесі» 1991

Тоғызқұмалақ

     Спорттың түрі көп. Бірі – күшті болуға, екіншісі – жылдамдыққа,  үшіншісі табандылыққа баулиды. Ал тағы бір түрі ойлауға үйретеді. Оларға шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ  жатады.
     Тоғызқұмалақ – қазақ халқының ұлттық ойыны. Бұл ойында сүйек тастарды ұяларға тоғыз-тоғыздан түсіп  отыру керек. Тоғызқұмалақ –жылдам есептеуді, тез шешім қабылдауды қажет ететін күрделі ойын. Тоғызқұмалақ-та бір ойынды жарты күн немесе бір күн ойнайды.
     Ұлы ақын Абай тоғызқұмалақ ойынының шебері болған. Абай тоғызқұмалаққа үлкен мән берген. Ол атақты ойыншыларды шақырып, жиырма-отыз күн бойына сайыс өткізіп отырған. Бұл туралы Мұхтар Әуезовтің  ‘’Абай  жолы’’ кітабында жақсы жазылған.
     Қазір Қазақстанда тоғызқұмалақ  ойынынан халықаралық  жарыстар  өткізіліп тұрады. Әбілда Ақшораев тоғызқұмалақтан алты рет  республика чемпионы  болған. (104 сөз). Жас Алаш газетінен
                                                                                            

Әке

     Әкемнің жүріп өткен өмір жолына зер салсам, өмірдің күнгейінен гөрі көлеңкелі жағы көбірек бұйырыпты. Болашаққа деген бар сенімін серік етіп арманға ұмтылыған бозбала шақтағы жалт еткен аз ғана қуаныштан өзгесінің бәрі көмескі.
     Бізге, балаларына, деген әкелік мейірімі, сезімі деп білем. Өзі шыға алмаған биіктерге самғайтын, жете алмаған болашағына арманын апарып жалғайтын қанатым деп білетін, біздерді. Өмірде өз еншісіне тиген қандай асу, бел-белестерден де алып шыққан, алға сүйреген үлкен күш, ұлы сезім – әкелік махаббат десем, артық айтқандық емес. Тереңнен толғап айтатын өмір туралы өзекжарды ақылы, алыстан сезімін сағынышқа бөлеп жетіп жататын хаттары, артында қалған өлең-мұрасы әке көкірегінен күмбірлеп төгілген күй сазындай, бізге артып кеткен аманатындай. (106 сөз). Қайрат Раев            

Көктем көрінісі

     Көктем – табиғаттың той-думаны. Көктемнің беташары – наурыз айы. Наурыз айында бүкіл Шығыс халықтарының мерекесі – Жаңа жыл тойланады. Бұл – күн мен түннің теңелетін, қардың еріп, көктемнің исі шыға бастайтын кез.
     Ал сәуірде қар кетеді, ағыл-тегіл болып бұлақтар ағады.  Жер беті жасыл көрпеге оранып, жауқазын гүлдерден алқа тағынады, теректер бүр жарып, құлпырады. Мамыр айында айнала ақ ұлпа гүлге бөленеді. Тау бөктеріндегі шие, алша, алмұрттың гүлдерінен төңірек ерекше түске боялады. Алманың ақшыл қызғылтым гүлдерінен көзің тұнады. Әсіресе, өрік ағашының жапырағы түгел гүл болып кеткен бе дерсің, қып-қызыл-ау, қып-қызыл!
     Мамыр айы – табиғаттың, адамзаттың мерекесі. Кең даламыз, туған ауылымыз көктемде қызыл-жасыл түрге бөленеді. Неткен шебер бұл көктем!   (106 сөз.)  «Жыл он екі ай» кітабынан

Ата көрген оқ жонар

     Ата-бабамыз ұлды өздеріндей еңбексүйгіш, малсақ, жауынгер, әнші, күйші, аңшы, құсбегі-бесаспап азамат етіп тәрбиелеуді мақсат еткен. Жігіттің бойына өнер мен еңбекті, ізгі адамгершілік қасиеттерді қатар сіңірген. Ер баланы бес жасынан бастап ат жалын тартып азамат болғанға дейін мал бағу мен аң аулауға, отын шабуға, қора салуға, ағаштан, теріден, темірден түрлі тұрмысқа қажетті бұйымдар жасауға, яғни, қолөнер шеберлігіне баулыған. Әкелері мен аталары  ұлдарға мал жаюдан бастап шаруаның алуан тәсілдерін үйретіп баққан.
     Қонақ күту, үлкенге иіліп сәлем беру, ән айтқызу, домбыра тартып, күй шерткізу, өлең-жыр жаттату, жаңылтпаш, жұмбақ үйрету немесе теңге алу, жамбы ату, аударыспақ, сайыс, көкпар, күрес сияқты ұлт ойындарын үйрету – тәрбиенің  басты шарты болып есептелген. (107 сөз).                

Теледидар

     Теледидар өнерге, мәдениетке, халыққа қызмет етеді. Оның адам үшін пайдасы көп. Үлкенімізге де, кішіміз де теледидар алдында көп уақытымызды өткіземіз. Өкінішке орай, оның зиян жағы да бар. Әсіресе ол адамның денсаулығына үлкен әсер етеді. Ғалымдар теледидар алдында ұзақ отыратын балалардың қанында холестерин көп болатынын анықтаған.  Бәрімізге белгілі жағдай – теледидар көздің көруін нашарлатады. Ол адамның психологиясына әсер етеді. Әсіресе балалар мінезі өзгеруде. Олардың ашушаң, ренжігіш болып өсуіне осы көгілдір экран кінәлі. Теледидарға құмар бала, әдетте, кітап оқымайды. Бала теледидар тұтқынына айналады. Ондай балада белсенділік төмен болады. Оны енжарлық, жалқаулық басып тұрады.
     Алтын уақытты тек теледидар алдында өткізген дұрыс емес. Әрине, теледидардан білім, таным, өнер үшін қажетті бағдарламаларды көруге болады. (108сөз).  «Зерде» журналынан

Ғажайып көл

     Үнді мұхитының бір аралында ғажайып бір көл бар. Оның сұлулығындай көлді ешкім көрмеген болар. Күндіз айнадай жарқырап тыныш жатады. Ал, қалай кеш батты деңіз, сол-ақ екен, көл үсті отша жанып, өртене бастайды. Кәдімгі бейне бір салют беріп жатқандай. Міне, бұрқ етіп шоқтар ұшты. Олар су үстіне  сөнбеген қалпы қайта жауып жатыр. Қайсыбір жерде от сақиналар дөңгелеп, біріне-бірі соғысып атылады. Енді бір жерде шұбалаңдаған арқан тәріздес оттар көрінеді.  Кәдімгі айдаһардан бір де кем емес. Егер де осындай тамашаны көріп тұрған сіз ол суға шомылатын болсаңыз, онда өзіңіз де отша жанып, жарқылдап кетер едіңіз.
     Көлдің бұлай от болып жарқырау себебі оның үстіндегі миллиардтап жыбырлап жүрген бір клеткалы организмдердің әсері екен. (110 сөз).
«Ғалам ғажаптары»

Шұғаның аулында

     Күн бата ауылдан шықтық. Біздің де жеккеніміз пар ат. Делбені өзім ұстадым. Қатты шыққан қарқынымызбен келіп қалдық. Әбдірахманның екі көзі алдында. Алдымызда жүз метрдей жерде Есімбектің үйі тұр, бірақ Шұға көрінбейді. Енді кішкене жүрсек, өтіп те кетеміз, бірақ өткіміз келмейді. Аттың басын тежей беремін. Бұдан кетсе, Әбдірахман Шұғаны мәңгі көре алмас деген ой елестейді. Бір-бірімізбен сөйлеспей келеміз, сонда да біріміздің ойлағанымызды екіншіміз біліп келеміз. Есімбектің қабаған төбеттері алдымыздан шықты. Есіктің алдында бірталай адам жағалай отыр, бірақ бәрінің көзі бізде.  Басында кимешек киген Шұғаның үлкен жеңгесі түйе сауып тұр. Үлкен үй мен отаудың арасында бәйбіше теңселіп жүр. Осы кезде ауылдың сырт жағындағы құдықтан келе жатқан екі әйел көрінді. Біреуі – Шұға . (110 сөз). Б.Майлин

Ана

     Ана! Бұл сөз жер бетіндегі әр елде бар. Ол – көркем, сүйкімді де ұлы сөз. Бесікте жатқан бала соны айтып былдырлайды. Оны жасөспірім мен қартайған шал да, қайталап айтады. Байлығы шалқыған үйден де, кедейдің лашығынан да осы сөз құдіретті естіледі.
     Даңққа бөленген әртіс әр уақытта анасын жадында сақтайды,  ақын өлеңдері мен әндерінде жырлайды, суретші оның бейнесін мәңгі қалдырады. Мүсінші оны тастан қашайды.
     Ана баласын мейлі ол әйгілі немесе елеусіз болсын, мейлі ол білімсіз немесе білімді болсын – бәрібір сүйеді. Ол оны құрсағында өсіреді, оған өмір береді, өз өмірін де соған арнаған. Ол баласымен бірге күледі, сонымен бірге күреске шығады – бәрінде де, барлық істе де ол сонымен бірге. Ана махаббаты қандай ғажап еді!    (110 сөз).
                                                     
          
Қазақ әдебиетінен жазба жұмыстарына қойылатын талаптар (мазмұндама, шығарма)

Мазмұндама мәтінінің көлемі

Сыныптар

Мәтін көлемі

5

100-150 сөз

6

150-200 сөз

Жазба жұмыстарының оқу тоқсандары бойынша бөліну үлгісі

Сыыптар

Жазба жұмысының түрі

І

ІІ

ІІІ

ІV

Барлығы

5

Мазмұндама

2

2

2

2

8

Сыныптан тыс жұмыс

1

1

1

1

4

Барлығы

3

3

3

3

12

6

Мазмұндама

2

2

-

-

4

Шығарма

-

-

2

2

4

Сыныптан тыс жұмыс

1

1

1

1

4

Барлығы

3

3

3

3

12

Типтік оқу жоспарына сәйкес оқу жүктемесінің көлемі:

5-сынып – аптасына  3 сағат, оқу жылында – 102 сағат
6-сынып – аптасына 2 сағат, оқу жылында – 68 сағат.

«Қазақ әдебиеті» пәніне арналған дәптерлер саны

Пән

Жұмыс дәптері

Жазба жұмыс дәптері

Барлығы

Қазақ әдебиеті

1

1

2


Мазмұндама жазуға қойылатын негізгі талаптар:

Мазмұндама – оқушының өз ана тілі мен әдебиетінен алған білімін тексерудің негізгі нысандарының бірі. Мазмұндама арқылы баланың өз ойын жүйелі баяндай білу қабілеті мен тіл байлығы, сауаттылық деңгейі айқын көрінеді. Мазмұндама жаздыру арқылы оқушылардың тілдік материалдарды орынды қолдана білуге, жазбаша сөйлеудің ерекшелігін, мәтіннің синтаксистік құрылысын меңгертуге, ең басты қайта жасау қиялын дамытуға игі  ықпал етеді. Осындай білім дағдыларын қалыптастыруда мазмұндаманың мынадай түрлерін жүргізуге болады:
-дайын мәтін бойынша мазмұндама;
-сурет бойынша мазмұндама;
-аяқталмаған мәтін бойынша мазмұндама.
Мәтін мазмұнын мазмұндап жазу формалары әртүрлі болады;
-мәтін мазмұнын дәлме-дәл жеткізіп жазу;
-мәтін мазмұнын өз беттерінше меңгеріп,  өз сөздерімен құрастыру;
-өз жанынан қосымша оқиға қосу;
-мәтін формасын өзгерте мазмұндау, яғни, бірінші жақ, осы шақ формасында немесе керісінше мазмұндау;
-қысқарта мазмұндау, яғни, берілген мәтіннен тек түйінді, негізгі мәселелерін ғана мазмұндау, қажетсіз деп табылған детальдарды қысқарту;
-кеңейте мазмұндау, яғни, мәтін мазмұнына байланысты дәйексөз және эпиграф келтіре отырып мазмұндау;
-берілген мәтін мазмұнына лайықты ой қорытындысын жасау.


Шығарма мен мазмұндаманы бағалау.

Оқушы шығармасын тексеру, бағалау негізінен бес салаға бөлініп қарастырылады:
1) мазмұндылығы мен идеялылығы;
2) ой-пікірдің жүйелілігі;
3) стилі;
4) грамматикалық сауаттылығы;
5) әдеби материалдарды пайдалануы.

Бұлардың қай-қайсысы да оқушы білімін бағалауда маңызды. Оқушылардың тақырыпты аша білу және стильге сәйкес тілдік құралдарды пайдалана алу дағдысы; тілдік нормалар мен сауатты жазу ережелерінің сақталуы; ой-пікірдің жүйелілігі, тақырыпты ашуға байланысты сөз қолданысы, бір сөзді бірнеше рет қайталамауы,  дәйексөзді ұтымды қолдана білуі; алынған әдеби материалдарының, дәлелдерінің нақтылығы, тақырыпты ашуда тиімді қолдануы бағалауда ескерілу ұсынылады. Шығарма мен мазмұндама екі
бағамен бағаланады: Бірінші баға – мазмұны  мен тіл шеберлігіне (көркем тілмен жеткізілуі) қойылса, екінші баға – сауаттылығына, яғни, орфографиялық, пунктуациялық және тілдік нормалардың сақталуына қойылады. Баға дәптердің сол жақ шетіне қойылады. Бақылау жұмысының бағасы жазба жұмысы өткізілген күнгі журналдағы бағанға қойылады. 

Мазмұндамалар  (5-сынып үшін)

Әліппенің атасы

     Ахмет Байтұрсынұлы 1873 жылы Торғай облысында қарапайым шаруа отбасында туған. Ахметтің әкесі Байтұрсын ширақ, намысшыл, батыл, сергек адам болған. Оны түрлі себептермен Сібірге жер аударған.  Бұл сұмдық оқиғалар кезінде Ахмет он жаста екен. Бұлар баланың сезіміне айрықша әсер етті. Байтұрсынның балалары інісі Ерғазының тәрбиесінде болады. Ахмет Торғайдағы орыс-қазақ училищесінде оқиды. Кейін Орынборда мұғалімдер мектебін бітіреді.  Қарқаралы мектептерінде мұғалім болып қызмет атқарады. Ол орыс-қазақ мектептерінде мұғалім болды. Айналаға білім-ғылым таратудың жолдарын қарастырды. Халықтың көркем сөз мұрасын жинады. Халқымыздың тарихында үлкен орны бар қоғам қайраткері, алғашқы әліппені,  оқулықтар мен оқу құрадарын жазды. Баспасөзге мақалалар жазып, өлең шығарды, аударма жасады.
   Жазықсыз жалаға ұшырап, 1938 жылы атылған.    
(106 сөз). А. Байтұрсынов шығармалары жинағынан

Сыйласа білсең – сыйлы боласың

     Адам деген ардақты есімге ілесіп жүретін «адамгершілік» деген сөз бар. Адамның адамгершілігі өзінің жүріс-тұрысынан, үлкенді құрмет тұтып, кішіге көмектесу, басқаның мүддесін өз мүддесіндей көру, қоғам мүддесін өз мүддесінен жоғары ұстау сияқты іс-әрекетінен, мінез-құлқынан көрініп  тұрады .
     Сен біреуге көмектесуден бас тартсаң, саған басқалар да көмектеспеуі мүмкін. Егер сен үкен кісілердің алдында тұрпайы сөйлеп, дөрекі мінез көрсетсең, «көргенсіз екен»  дейді,  ал жолдастарыңның арасында «мен жақсы оқимын» деп, менменсіп, кеудеңді қағып жүрсең, олар сені жек көріп кетуі мүмкін. Өркөкірек болма, кішіпейіл бол, өзімшіл болма,  көпшіл бол. «Жалғыз ағаш орман болмайды, жалғыз жігіт би болмайды» дейді халқымыз. Көпшіліктен аулақтап, өз басынан өзгені қадірлей білмеген адам айналасындағаларға қадірі болмайды. Оқытушыларыңды, замандастарыңды сыйлай біл, сонда сенің өз басың да сыйлы болмақ. Туған ел, өскен жеріңді қадірлей білеуің керек, балам! (126 сөз).

Ақ буралы әулие

     Қазығұрт тауының бөктерінде жерленген Ақбура әулие Қожа Ахмет Йасауидың замандасы екен. Оның Ақбура атануының себебі – аруағы қозып, арқасы ұстаған кезде аузынан ақ жалын шашып, бурадай буырқанып,  адам баласы естіп-білмеген алапат күшке ие болатын көрінеді. Ондай сәтте жолында кезіккен тосқауылдың бәрін тас-талқан етіп қиратып, бұзып-жарып өте шығу бұйым құрлы болмаса керек. Және өзінің мінезіне сай әрдайым буырқанып жүретін ақ бурасы болыпты. Ел әулиені үнемі сол бураның үстінен көретін болғанықтан «ақ буралы әулие» деп атайды екен.                                                                                         
     Ақбураның құс секілді ұшатын ерекше қасиеті болыпты. Әулие таң сәріде памдат намазын  Қазығұртта оқыса, бесін намазын Түркістанда, намаздыгер, намазшам, құтпанды Меккеде оқып жүре береді екен.
     Қаншама ықылым заманалар өткенде, әулие мен оның қасиетті бурасы халық санасында бөлінбес бір ұғым боп қалыптасып, бұл жер Ақ буралы әулие аталып кете барыпты.  (126 сөз).

Көне Отырар

     Көне Отырар – екі  мың жыл өмір сүрген, Арыс өзенінің оң жақ жиегіндегі екі жүз гектар территорияда орын алған қала.  Көне дәуірлерден бұл жерлерде қаңлы, қоңырат тағы басқа тайпалар тұрған. Көне Отырар арқылы көшпенді қазақтар саудамен шұғылданып, отырықшылықпен танысып, басқа халықтармен қатынаса бастады. Отырар тұрғындары күріш, тары, бидай, мақта, жүзім өсірумен шұғылданды. Қалада жақсы су жүйесі болған.
     Отырар қаласы тоғысқан сауда жолдарының ортасында тұрған, сондықтан, өзіне басқалардың  назары көп түскен.
Мықты қорғанысы бар Отырар бір мың екі жүз жиырма тоғызыншы жылы монғол  басқыншыларына берілмей, қаланы алты ай қорғаған кезде, қолды басқарған батыр – хан Қайырхан еді. Отырарлықтарды алты айдан кейін басып алған жау қаланы түгел өртеп жіберді. Жауға қарсы тұрған, қаланы басқарған Қайырхан өлім жазасына кесілді. Күйзеліске ұшыраған қала елу жылдан кейін ғана қайта өмірге келді, бірақ, ол талай рет тағдырдың қаталдығына ұшырайды.  (131 сөз)
                                                                                   

Байлық

     Бұрынғы өткен заманда бір дана кісі өлерінің алдында жалғыз қалып бара жатқан баласына: «Шырағым, жер астына көмген көп қазынам бар, соны қазып алсаң, қарның аш болмас, киімсіз болмассың» – депті. Әкесі өлгеннен соң, жетім баласы үйдің айналасындағы жерді ертеңді-кеш еңбек етіп қазады, көп машақаттанады, бірақ әкесі айтқан қазынаны таба алмайды.
     Басы дал болып, шаршап, шалдығып, ақырында, бір көп жасап, көп көрген данышпан қарияға келеді. Әкесінің үгіт-насихатын, өзінің көп әуре болғанын баяндайды, енді не қылсам екен дейді:
     - Балам, сен әкеңнің өсиетіне түсінбеген екнсің, оның мәнісі былай: әкең саған мирасқа жер қалдырыпты, сол жерді күшің жеткенше күтіп, егін егіп, күз тұқым шашып, еңбек етсең, уақытында өнімін төкпей-шашпай жиып алсаң, сонда сен байлықтың астында қаласың, аш та, жалаңаш та болмайсың. Байлық жерде, еңбекте, – депті.
     Сонда бала басын қасып, әкесінің өзіне айтқан өсиетіне енді ғана түсініп, оны орындауға кіріскен екен. (139 сөз). Ы. Алтынсарин        

Еңбекпен тапқан тиын

     Біреудің ерке ұлы болыпты, өзі жалқау екен. Әкесі оны бағып-қағып, асырапты. Ақыры кәрілік жеңіп, сырқаты күшейген әке әйеліне айтыпты:
     -Ұлыма ештеңе қалдырмаймын. Ол – жалқау. Барды ұқсату, табыс табу бұның қолынан келмейді.
     Жаны ашыған анасы ұлына он сомдық алтын береді: «Мынаны еңбегіме алған едім», - деп, әкеңе алтынды сыйлағайсың.
     Кешке алтынды әкесіне ұсынады. Алтынды шал лаулап жанып жатқан пешке лақтырып жіберіп:
     -Бұл сенің еңбекпен тапқан ақшаң емес, - депті.
Қулықтан ештеңе шықпайтынын білген анасы:
     -Біз әкеңді алдай алмайтын көрінеміз, балам. Онан да ақшаны жұмыс істеп тап, - деп ақыл айтыпты.
     Бала үйінен кетіп, апта бойы жұмыс істейді. Тапқан тиынын әкесіне әкеп береді. Қария алтынды тағы да отқа лақтырып жібереді. Бұған ұлы шыдай алмай, жалаңаш қолымен ақшаны суырып алады да:
     -Әке! Мен бұл тиынды апта бойы шаршап-шалдығып жүріп таптым. Мұныңыз қалай? – деп айқай салыпты.     
Әкесі тұрып:
     -Бұл ақшаны өз еңбегіңмен тапқан екенсің, балам. Көзім енді жетті, - депті ұлына. (145 сөз).

Құсбегі

     Құсбегі – бүркіт, ителгі, қаршыға, қырғи сияқты жыртқыш  құстарды  аңға, адал құстарға салу үшін үйрететін бапкер адам. Ол қыран құстарды тор құрып ұстап алады немесе балапан кезінде ұядан алады. Оның аяғына балақбау мен шыжым тағып, көзіне томаға кигізеді. Одан кейін құсты ұшырып, қайыруы жеткен соң, семіртіп түлетеді. Жеңіл ұшып,  жеңіл қонатын күйге келтіру үшін оны «ақ жеммен» асырап, бос керілген арқанға қонақтатып ұйқысын алып, қайта арытады.
     Құсбегілердің аса жоғары бағалайтын құсы – бүркіт. Аққу мен бүркіт қасиетті, киелі құстар болып есептеледі. Бұл екеуі екі жұмыртқадан артық жұмыртқаламайды.
     Құсбегілер бүркіт балапанын алу үшін неше түрлі қиындықты бастан кешіреді. Олар үшін әсіресе тау бүркіті бағалырақ. Өйткені олар алғыр,  өжет,  қырағы болады. Қоян, борсық, түлкі,  қарсақ  сияқты ұсақ аңдарды оңай,  тез алады. Ең алғыр, өжет, қырағы тау бүркіттері аталады. Құсбегілердің  айтуынша,  бүркіт  ірі аңдарға түсіп,  тоқтауға шамасы келмей бара жатса, бір аяғын аңға, екінші аяғын кез келген затқа не ағашқа қадайды екен. (147сөз).

Әр елдің салты басқа

(Эфиопия ертегісі)

     Еуропалық екі оқымысты Эфиопияға арнайы сапармен келеді. Олар Эфиопияны түгел аралап шығады. Тауын, жолын, өзен-көлдерін мұқият картаға түсіріп алады.   
     Император оларды жылы жүзбен қарсы алады. Мол дастарқан жасап, күтеді. Оларға баға жетпес қымбат сыйлықтар береді.
     Император қызметшілері еуропалықтарды жағалауға дейін аяқтарын жерге тигізбей алып барады. Еуропалықтар кемеге отырар сәтте оларды императордың қызметшілері тоқтатады. Олардан аз аялдап,  аяқ киімдерін шешуді сұрайды. Олар қонақтарың аяқ-киімдерін қағып-сілкіп,  мұнтаздай етіп тазалап,  өздеріне қайтарады. Ғаламда жоқ мұндай тосын дәстүрге қонақтар таңғалады.
     Туған жер – біздің   асылымыз. Туған жер топырағына егін егіп, тіршілік етеміз. Шаршап-шалдықсақ, туған жер төсіне аунап-қунап демаламыз. Эфиопия жері – біздің Анамыз. Сіздерді қонақжай пейілмен қарсы алдық. Қымбат сыйлықтармен шығарып салып тұрмыз. Алайда Эфиопия жері, Эфиопия топырағы –соның бәрінен де жоғары,  бәрінен де асыл,  біздегі бар байлықтан да қымбат, туған жер топырағына баға жетпейді. Сондықтан туған жер топырағының титімдей қиыршығын да жат жұрттыққа қимаймыз. Бәтеңкелеріңізді қағып-сілкіп жатқанымыз сол...  (149 сөз). Қ.Ергөбек


Мазмұндамалар

(6-сынып үшін)

Ғажайып ғимарат

     Қожа Ахмет Йасауидің кесенесі – орта  ғасырлық сәулет өнерінің озық үлгісі.
     Кезінде атақты Әмір Темір  Қожа Ахметтің ақындық сөзінің күшіне таң қалады. Көшіп-қонып жүрген қазақтар Әмір Темірдің қылышынан қорықпайды, ал ақынның уағыз сөзіне сенеді. Осыны ойлаған Әмір Темір Қожа Ахметтің құрметіне дүние жүзінен ұста, зергер, сәулетші жинайды. Сөйтіп, ақын зиратының басына ғажайып ғимарат орнатуға жарлық береді. Ғимартты тұрғызу үшін мыңдаған адам қатар тұрып, күйген қышты бір-біріне қолдан беріп, алыстан осы әдіспен жеткізген. Құрылыс іргесіне үйір-үйір жылқы айдап, мал тұяғымен қатайтады. Ғимарат отыз бес бөлмеден тұрады. Солардың бірі «қазандық» деп аталған. Осы бөлмеде салмағы екі тонна  үлкен қола қазан орнатылған. Қазанды Әбіләзиз деген шебер Қарнақ деген жерде құйған. Оған жеті жылқының еті сыяды. Ернеуінде қазанды құйған ұстаның есімі араб тілінде жазылған.
     Бұл ғажайып ғимаратты он жыл тұрғызған. Сәулетті шебер ұста Ғұбайдолла Садыр жүргізеді. Ол өз шеберлігіне өзі риза болып, сағананың ең биік басынан жерге түспей қойыпты. Ақырында, сол жерде өлген екен. Өзінің өтініші бойынша,  денесін күмбездің қыр арқасына қыш астына қойып, өріп жіберген екен деседі.                                        
     Бұл ғимараттың салынғанына алты жүз жылдай болды. Оның бір қышы сынбаған, бір шегесі босамаған, сыры кетпеген.
     Хандар таққа отырған кезде, Қожа Ахмет ақынның басында ант берген.  Өлген соң оларды осы жерге жерлеген.  Көне Түркістан топырағында сексен бір хан, би, батырдың сүйегі жерленген. (170 сөз). Д. Досжан   

Қоштасу

     Соңғы рет камераның есігі ашылды. Пішпектен кеше келіп жеткен этап бүгін ертелеп жолға шықпақ.Таңғы салқынмен жүріп, ыстық түскенше жол өндірмек. Пішпектен шыққан аттар ауыстырылды. Арбалардың күпшектері майланды. Айдауылдар жаңарды. Азық-түлік тиелді. Қырғыстаннан келе жатқан каторжниктер отырған арбалар Верный түрмесінің алдына келіп, дайын тұрды.
     Рысқұлдың аяғын кісендеп, аулаға алып шыққан кезде әлі таң бозала болатын.Түрменің іші құлаққа ұрған танадай, айдаладағы алып моладай тып-тыныш еді. Кенет қаңғұр-құңғыр, шақыр-шұқыр дыбыстар абақтының ішін кернеп ала жөнелді. Рысқұл түкке түсінбей, бұл салдыр-күлдір аяғымдағы кісеннің дыбысы шығар деп келген. Сөйтсе, Александр Бронников жатқан саяси тұтқындар камерасының терезелері екен. Қайдан естігені белгісіз, Бронников Рысқұлдың дәл қазір айдалып бара жатқанын біліп, өз жолдастарымен бірге терезе торларын тоқпақтап тұр екен. Бұл қоштасу белгісі еді. Ғаламат сәтінде соғылған шіркеу қоңырауларындай осынау үн түрме қызметкерлерін үрейлендіріп жіберді.
     Әкесін каторганың алыс сапарына шығарып салуға ілесе шыққан Тұрар мына қаһарлы үнге құлақ түріп, әкесінен айырылу қайғысын ұмытып кеткендей.
     Айдауылдар Рұсқылды ауладан шығарып әкеткенше асықты. Кісендеулі аяқтың адымы қысқа. Кісеннің салдыры камера терезелерінің тарсылына қосылып, қоштасу әрі қосылысу гимнін шарықтатып әкеткендей. Мына беймезгіл таңда бүкіл Алматы зіл ұйқыдан оянып, әлдебір таусоғар толқынның, тақтарды сықырлатар соққының алыс сарынын естігендей, елеңдеп қалған сияқты.
     Бұдан бір жарым жыл бұрын Рысқұл өзі келіп тарсылдатқан қақпа артта қалды. (195 сөз). Ш.Мұртаза


Таза бұлақ

     Үш жолаушы бір бұлақтың басында кез болыпты. Бұлақ бір тастақ жерде екен. Суы мұздай салқын, жылтылдап тұрған  таза бұлақ екен.
     Бұлақтың көзіне жақын бір тасты қойып, тасқа: «Ей, жолаушы, болсаң осы бұлақтай бол!», - деп жазыпты.                      
     Үш жолаушы бұлақтан шөлдері қанғанша  ішеді, тастағы жазуға көздері түседі. Сонда бір жолаушы тұрып былай дейді:
     -Бұлақ күні-түні тынбай ағып, алыс жерлерге барады. Бара-бара кеңейіп, үлкейеді. Бұған бөтен бұлақтар құйып, үлкен өзен болады. Мұнан мынадай ғибрат алуға болады.  Адал қызмет қыл, ешқашан жалқауланып тоқталып қалма. Сөйтсең, ақырында, мұратыңа жетесің дегені деп білем, – деді.
     Екінші жолаушы:
     - Жоқ, мен олай ойламаймын, – дейді.
     - Бұл жазудың мағынасы сіз ойлағаннан гөрі тереңірек соқса керек: бұл бұлақ кім-кімге болса да даяр,  ыстықтағанда  салқындатып, рақаттандырады. Сусағанның шөлін  қандырады. Онысы үшін ешкімнен ақы дәметпейді. Олай болса бұл: «біреуге жақсылық етсең, ол жақсылығыңды ешкімге міндет етпе» деген ақыл болады.
     Жолаушының үшіншісі – жас жігіт үндемей тұрды. Жоладастары: «Сен не ойлайсың?» - деп сұрады.
     Жігіт айтты:
     - Менің ойыма бөтен бір нәрсе келді. Бұлақ күні-түні тынбай ағып, тазаланып тұрғаны үшін бәрі ынтық. Бұл жазудың мағынасы мынау: көңіліңді, бойыңды осы бұлақтай таза сақта. Бұлаққа қарасаң: күн түссе – күннің, шөп түссе – шөптің сәулесін көреміз. Көңілің де сондай сыртқа ашық көрініп тұрсын деген ғой деймін, -  депті. (199сөз). Ы.Алтынсарин


Наурыз

     Наурыз – парсы сөзі, қазақшасы «Жаңа жыл», «күн» деген ұғымды білдіреді. 22 наурыз – бүкіл Шығыс халықтарының мерекесі. Бұл – күн мен түннің теңелетін, қардың еріп, көктің шыға бастайтын кезі. Наурыз күнін адамдар жаңа жылдың басы – «Ұлыстың ұлы күні» деп атап, зор қуанышпен қарсы алған. Наурыз күні халық таза киініп, бірін-бірі құттықтап, қуаныш дастарқанын барынша мол жаяды.
     Наурыз – діні мейрам емес, жалпы халықтық мереке. Наурыз – табиғат мейрамы, аса зор салтанат, ұлы жиын. Адамдар бұл күні «бәріміз де табиғат перзентіміз, оны аялайық, бергеніне риза болайық», – дейді.
     Бұл күні қандай күнә болса да кешірілуге тиіс, жеке адамдар арасындағы бас араздықтар да кешірілуге тиіс. Ерте кезде Орта Азия әкімдері: «Бұл күні Самарқанның көк тасы да жібиді», – деп  зынданда жатқан тұтқындардың қол-аяғын босатып, кешірім берген.                                                         
     Бұл күні адамдар бірін-бірі мынадай сөздермен құттықтаған: «Ұлыс құтты болсын!», «Ақ мол болсын!», «Ұлыс береке берсін, бәле-жала жерге енсін!». Сөйтіп, адамдар бір-бірінің қатесін кешіріп, татуласады, оның аяғы ойын-сауық, ән-күйге жалғасады.
     Наурыз көже – азықтың жеті түрінен жасалады. Қазақстанның әр жерінде көженің құрамына салынатын азық-түлік әр түрлі болғанымен, жетіден аспауы керек. Наурыз көженің құрамына бидай, тары, күріш, ет, тұз, сүт, су қосылу керек. Бұған қыстан шыққан қазы, шұжық, сүр ет сияқты сыйлы, сыбағалы мүшелер де қосылады. (199 сөз). «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» кітабынан     


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
» қазақ тілі тестілеуде_келген_сұрақтар_зерттеуші
» Наурыз мейрамы Қазақстанда жаңа форматта тойланады
Пікір жазу