Ата-енемен бірге тұратын келіндерге кеңес

Ата-енемен бірге тұратын келіндерге кеңес

Қоғамымызда ажырасуға жол ашатын себептердің бірі – келіннің ата-енесімен сыйыспауы немесе туған-туыстың келінге жылы қабақ танытпауы. Осы себепке байланысты қаншама ерлі-зайыптылар бір-бірінің жүзін көрместей теріс айналып, қаншама келіншекке «есік көрген» деген ат тағылып, қаншама еркек «ажырасқан» деген масқараға қалып жүр. Шикіліктің ұшы келіннен де, ата-енеден де шығып жатады. Бірі ата-енесімен бірге тұрғысы келмесе, бірі келінінен ұлын қызғанады немесе бөтен біреудің қызын бауырына баса алмай отырса опақ, тұрса сопақ қылады.

Айша анамыз (р.а.) əйелдің мойнында ең көп кімнің ақысы бар екенін сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.а.у.): «күйеуінің» деп жауап берді. «Ал ер кісінің мойнына кімнің ақысы көбірек жүктелген?» – деп сұрағанда, «Анасының» деп жауап берген екен. Тағы бір хадисінде ата-ананы жəннаттың орта қақпасына теңеген. Яғни, ата-анасының ризашылығын алған адамға жəннаттың орта қақпасы айқара ашылады. Егер адам ата-анасының көңілін таба алмаса, онда жəннатқа кіру мүмкіншіліктері азая түседі. Ал күйеуінің жəннатқа кіруін қалаған əйел оның ата-ана ақысын өтеуіне түсіністікпен қарап, көмектескені абзал. Бұл оның күйеуіне деген ең үлкен жақсылығы. Күйеуі отбасының басшысы саналғандықтан əйелі оның əміріне құлақ асуы тиіс. Егер күйеуі ата-анасына қарайласуды бұйырса, əйелі бұл тапсырманы орындауы қажет. Əйелдің мұнысы Алла алдында ескерілмей қалмайтыны да анық. Себебі Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадистерінде былай дейді: «Күйеуі өзіне риза болып қайтыс болған əйел жəннатқа кіреді», «Əйел бес уақыт намазын оқып, оразасын ұстап, абыройын сақтаса жəне күйеуіне бағынса жəннатқа кіреді».

Алла тағаланың қойған заңдылығына мойынсұнып, күйеуінің сөзін екі етпеген əйел бір жағынан күйеуінің өтінішін орындап мол сауапқа кенелсе, екіншіден ата-енесіне қызмет ете отырып, күйеуінің ата-ана алдындағы борышын өтеуге де көмектеседі. Ерінің жəннаттан орын сайлауына себепкер болады.

Үлкеннің аты – үлкен. Кейде ақыл айтып, кейде ұрысып қоюы да мүмкін. Мұндайда келін өзінің келіндігін жасап ата-енесінің ашуын көтере білсе, үлкендер бұрыс айтып тұрған күннің өзінде, бетінен алмай, үндемей қоя салып, ағаттығын кейінірек жайлап айтып түсіндірсе, өз бағасы арта түспей ме? Үлкенді сыйлау – арғы-бергі мұсылманның мызғымас дəстүрі. Дінімізде үлкеннің алдын кесіп өтпеуге, үлкенмен сөз жарыстырмауға, қарсы келіп көңілін қалдырмауға қатты мəн берілген.

Қазақта ата-енеге «Қайын ата», «Қайын ана» дейді. Қарап отырсақ, «қайын» сөзі біздің тілімізге дініміз арқылы енген екен. Араб тіліндегі «қайым» сөзі біреудің орнына тұрған, біреудің орнын басқан деген мағынаға саяды. Демек, «Қайын ата» мен «Қайын ана» қыздың өз ата-анасының орнын басқан, оның екінші əкесі мен анасы дегенді білдіреді. Фиқһ үкімдері бойынша, əйел үшін ең жақын туыстардың қатарына қайын атасы мен енесі де жатады. Олай болса, келін осы жағын да ескеріп, оларға құрмет көрсетуі тиіс. Əрі үлкенді сыйлау баршаға ортақ парыз. Осы тұрғыдан да алғанда келін қайын атасы мен енесін сыйлап, оларға көмектесуі қажет. Осы үшін үлкендердің алғысы мен батасын алып, көсегесі көгере түседі.

Қазақтың Ислам дінінен тамыр тартқан мəнді де мағыналы мақалдары жетерлік. Соның бірі «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер» деген мақал. Бұл Ардақты елшінің (с.а.у.) «Алла тағала қарттарға құрмет көрсеткен жастарға да қартайған шағында оған құрмет көрсететін бала-шаға нəсіп етеді», «Əкелеріңізге жақсылық жасаңыздар, балаларың да сендерге жақсылық жасайтын болады», «Сендер ар-намыстарыңды қорғаңдар, сонда жұбайларың да ар-намысын сақтайды» деген хадистерінен алынған болуы мүмкін. Шынымен де үлкен кісілерге, соның ішінде ата-енеге жақсылық жасасақ, солардың жасына жеткенде біз де құрмет пен жақсылықтан кенде болмаймыз. Бұл – Ұлы Жаратушының бекіткен заңдылығы.

Келін жоғарыдағы осы мəселелерді ескере отырып, ата-енесімен бірге тұрудан қашпауы керек. Əйелі «отауымды аулақ тігемін» деп күйеуінің құлақ етін жеп шақшадай басын шарадай етсе, шаңырағының шырқын бұзып, ақыры ажырасып тынады. Біле-білген адамға ата-енемен бірге тұру – Алла тағаланың берген үлкен нығметі. Себебі Алла елшісінің (с.а.у.): «Араларыңда қариялар мен сəбилер болмағанда, бастарыңа жамандық селдей ағып келер еді», – дегені бар. Халық даналығында да «Қариясы бар үйдің қазынасы бар» демей ме? Олай болса, ата-енені үйдің берекесіне балап, аз күн өмірінде сізге алғыс айтатындай разы қылған жөн.

Оның үстіне ата-енемен тұру сіздің нəпсіңізге ауыр келгенімен, басыңызға түскен нəубет емес.«Бəлкім ұнатпаған нəрселерің түбінде өздерің үшін қайырлы болар. Сондай-ақ, жақсы көріп, қалаған нəрселерің түбінде өздерің үшін зиянды болар», − деп Құран кəрімде айтылғандай, Алла тағаладан келген нəрсенің бəріне разы болу – біздің міндетіміз.

Ата-енесімен немесе күйеуінің туыстарымен бірге тұратын келін қалай əрекет еткені жөн? Енді, осыған тоқталғанды жөн көрдік. Ең бірінші, келін нəпсісі мен шайтанның алдауына түспеуге тырысуы керек. Кейде əйел: «Ата-енемнен бөлек тұрсам, еркін өмір сүремін», «Олардың қасынан кетсем рахат өмірге қол жеткіземін» деп ойлауы мүмкін. Тіпті, жоспар құрып, оны іске асыру жолында жанкештілік танытып, түрлі қулық-сұмдықтарға баратындар аз емес. Алайда, ешкім өмір жолының қандай бұралаңмен, қандай соқпақпен жалғасарын білмейді. Сондықтан мұсылман əйел нəпсі мен шайтанның жетегіне ілеспей, парасаттылықты мақсат тұтуы тиіс. Қарақан басын ғана ойламай, күйеуінің де жағдайына қарайлауы керек.

Туыстарымен бір отау астында күнелткен соң келіспеушіліктер, түсініспеушіліктер де орын алады. Бірақ сабырлық танытып, парасаттылықпен əрекет етсе, арты жақсылықпен бітері сөзсіз. Өмір деген тақтайдай түзу жол емес. Ендеше қосағымен қол ұстасып, оның ой-шұңқырынан сүрінбей өту – үлкен ерлік.

Кейбір əйелдер күйеуі мен ата-енесінің арасына от салуға құмар. Ері жұмыстан келе сала, ата-енесінен күні бойы естіген сөздерін, олардың əрекеттерін жеткізіп, ата-анасына баласын айдап салады. Ақ пен қараның жігін ажыратпай, əйелінің сөзін сөйлейтін жігіттер мұндайда əке-шешесіне дауыс көтеріп, көңілін қалдырады. Сондай-ақ, əйелі мен əке-шешесі сөзге келіп қалғанда болған істі ақылға салып араша түсудің орнына еркектік деген осы екен деп əйеліне дүрсе қоя беретін дөрекілер де, керісінше əке-шешеге деген титтей де құрметі жоқ күшіккүйеулер де бар.

Сахабалар заманында құлшылыққа жан-тəнімен берілген, садақаны көп беретін ізеттілігімен елге танылған, Алқамə есімді жас жігіт өмір сүрді. Бір күні аяқ астынан ауырған Алқамə төсек тартып жатып қалады. Сырқаты əбден меңдеп, бетінің бері қарамасын сезіп куəлік сөзін (кəлимə шəһəдəт) айтайын десе, тілі күрмеле береді. Оның қатты қиналғанын көріп жаны ашыған сахабалар Пайғамбарымызға (с.а.у.) барып дереу мəн-жайды баяндап береді.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) бірден əлгі жігіттің шешесін шақыртты.

– Алқамə қандай еді? – деп сұрады.

– Балам көп намаз оқитын, көп ораза ұстайтын, садақаны көп беретін – деп жауап берді кейуана.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл жолы сұрақты төтесінен қойды:

− Сізбен қарым-қатынасы қалай еді?

– Іштен шыққан баламды не деп жамандайын. Бірақ қанша кешірейін десем де, көңілімді көп қалдыратын. Əрдайым əйелін жақтап, маған қарсы шығатын, – деген кезде Пайғамбарымыз (с.а.у.):

– Анасының реніші баласының тілін күрмеп тұр екен. Қане, отын жинаңдар, Алқамəні тірідей отқа жағамыз, – деп маңайындағыларға бұйырды.

Ана байғұс бірден жанұшырды:

− Ойбай-ау, қажеті жоқ. Баламды өртей көрмеңіз, – деп жалынады. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.):

– Алла тағаланың о дүниедегі азабы балаңыздың қазіргі азабынан да қатты болмақ. Егер Алла ұлыңыздан разы болсын десеңіз, сіз де аналық ақ сүтіңізді кешіп, ұлыңызға деген бар реніш-өкпеңізді тарқатыңыз. Онымен ризалықпен қоштасыңыз, – дейді.

Ана байғұс разылығын айтып, күбірлеп кешіргенде баласының да кəлимаға тілі келіп, өмірден озған екен. «Алла тағаланың разылығы ата-ананың разылығында, Аллаһ тағаланың ашуы ата-ананың ашуында» деген хадисті əрдайым қаперде ұстап, жұмақ кілтінің ана аяғының астында екенін ұмытпайық.

Шәмшат ӘДІЛБАЕВА, исламтанушы, дереккөз

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі