Пән: Қазақ әдебиеті Ұзақ мерзімді жоспар бөлімі: Мен балаң жарық күнде сәуле қуған... Сабақтың тақырыбы: О.Бөкей «Тортай мінер ақбоз ат» әңгімесі 3-сабақ Сабақ мақсаты: Шығармада көтерілген мәселенің әлеуметтік рөлі туралы сыни хабарлама жасау.....
Алматының Гоголь көшесінде Чехов атындағы кітапхана бар ғой. Соның оқу залын айтып отырмын.
Одан соң оқу залында Айкенжені...
Сүйіп қалдым дейін бе, демейін бе? Өзгелерге, кім білсін-ай, кім білсін, оп-оңай шығар. Ал мына маған ондай сөзді айту – азап.
Студенттік ғұмырым сұрғылт сиырымыздың желінінен іріп шығатын сүттей бүлініп сала берсе, шара нешік. Шешемнің белін бумаққа әзер жарайтын қара шылбырдың қалдығындай қайта-қайта бытырлай үзіліп кете берсе, амал қанша.
Отырар мен Оқсыздың арасына түзу сызық жүргізсеңіз, Сырдарияға таманырақта біздің ауыл бір нүкте боп көрінер. Адыраспан түйін тастай бастағанда, сол ауылдың орта мектебін тәмәмдаған төртеуміз Алматыға аттануға тиіс ек. Ол кезде оқуға түспекке талпынатындарды талапкер емес, абитуриент деп атайтын.
Сырдарияның тоғайында сиреп кеткен тораңғылға және былайырақтағы сәуір гүлі семе қоймаған жыңғылға қимай-қимай қараймыз. Әбунасыр данышпанның кіндік қаны тамған төбенің түстік бүйірі мамыр мейрамына жетпей-ақ күйіп кеткентұғын. Маусымның соңында қылтанақсыз қиялар құм суырып тұрды.
— А-ал, абитуриенттер! Жортқанда жолдарың болсын! — деді Мошқал ағай жел жұлмалаған жасыл адыраспанды сүйір таяғының ұшымен түрте тарағыштап. — Ең бастысы, осы Оқсыз маңында ұлы ойшылдың туып-өскенін ұмытпаңдар. Ең құрығанда, төртеуіңнен екеуің оқуға түспесеңдер, бүкіл республикаға машқарамыз шығады.
Алыста қалған балалық шағым... Ойымнан: жарғақ сары тоны қаудырлаған, тобығы тайған сол аяғын сүйрете жүгіретін, шілбиген арық ақсақ қара бала бір кетпейді. Көзімді сәл жұмсам-ақ: шуылдаған балалардың ең соңында сол аяғын жер сыпырғандай көлденең сүйретіп, ес қалмай далбақтай жүгіріп келе жатқан Аянды көргендей болам. Сондайда оның алқына шыққан әлсіз, жіңішке дауыспен: «Ей, тоқтаңдаршы, мен сендерге бүгін кешегіден де қызық ертегі айтамын»,- деген жалынышты үнін естимін.
Әуелде біз, балалар, оның ертегі айтатынын білгеміз жоқ. Ол әжесі екеуі біздің ауылға қырық екінші жылдың жазында көшіп келген. Мал дегеннен, тек бұзаулы қоңыр сиыры бар еді. Аянның әкесі майданға аттанып, туған анасы содан екі ай бұрын қайтыс болыпты. Біздің ауылда әжесінің жамағайын төркіндері бар екен, соларды сағалап келсе керек.
...Біз, балалар, көшеде екіге жарылып ап, қағазға топырақ орап, бұрқылдата лақтырып, атысып ойнап жүргенбіз. Ары өтіп, бері өткен кемпір-шал: «Желкең қиылғырлар-ай, соғыс аздай, бұл атысып ойнады дегенді қайдан шығарды осылар, басқа ойын аз ба-ей!..» -деп ұрсып-ұрсып қуып тастайды. Бірақ олар кетісімен қайта жиналамыз. Қайта атысамыз. Желсіз тымырсық күнде бұрқылдаған май топырақ тұманша қалқып, шаңытып тұрып алады. Жуық арада сейіле қоймайды. Соның арасында тұншыға жүріп, көзіміз ғана жылтырап, бір-бірімізге «уралап» ұмтыламыз. Ойынның осындай бір қызу шағында біздің «атаман» - Садық кілт тоқтай қап: .....
Барлық кітаптарда алғысөз әрі бірінші, әрі ең соңғы нәрсе; ол не кітаптың жазылу мақсатын түсіндіреді де, не дәлелдер айтып сынға жауап береді. Әдетте оқушылардың рухани жағында да, журналдардың сөккенінде де жұмыстары болмайды, сондықтан олар алғысөзді оқымайды да. Әсіресе бізде мұның былай болуы өте күйінішті. Біздің халқымыз сондай жас, сондай ақкөңіл ғой, мысалдың аяғынан ақыл айтқан сәуегейлікті таппаса оны ұға алмайды. Олар қалжыңды түсінбейді, мысқылды сезбейді; олар асылында қисық тәрбиеленген. Олар осы күнгі білімпаздық бұрынғыдан гөрі өткір және көзге түсе қоймайтын, мақтау пердесін жамылып отырып, қарсыласуға мұршасын келтірмей тура соғатын құрал тапқанын, сондықтан тәуір орта мен тәуір кітапта балағатқа орын болмайтынын әлі білмейді. Біздің халық біріне-бірі қарсы екі орданың төңірегіне жататын екі дипломаттың әңгімесін естігеннен кейін, е, бұлар өздерінің сыпайы достығы үшін әрқайсысы өз үкіметін алдап жүр екен ғой деген қорытындыға келетін провинциалдарға ұқсайды.
Бұл кітап жуық арада бірқатар оқушылардың, тіпті, журналдардың сөздің тікелей мағынасына сену зардабын тартты. Біздің заманның геройы тәрізді адамгершіліктен жұрдай біреуді бізге үлгі етіп тартты деп біреулер өте қатты намыстанды, ал, енді біреулер шығарушы өз портретін және өзінің таныстарының портретін суреттеген екен десті... Тым ескі, бишаралық қалжың! Шамасы, өзіндегінің бәрі жаңарып жатқанда осы бір сандырақтары жаңармайтын болған-ау, русь тегінде солайша дүниеге келген ғой. Сиқырлы әңгімелердің ішіндегі ең барып тұрған сиқырлысының өзі де бізде біреуді балағаттау үшін жазылыпты деген даудан аулақ бола қояр ма екен! .....
Оқушы шығарманың бас кейіпкерімен, яғни менімен танысады.
Менің атым... Атымды айта бастасам, тілім таңдайыма жабысып қалғандай болады да тұрады. Адамның атының сүйкімді болуы да зор бақыт па деймін. Мәселен, Мұрат, Болат, Ербол, Бақыт деген аттарды алып қараңдаршы. Айтуға да ықшам, естір құлаққа да жағымды. Әрі мағына жағынан да, қазақ тілінен сабақ беретін Майқанова тәтейше айтқанда, бұлар жоғары идеялы есімдер. Мұндайлар өз атын кәдімгідей мақтаныш көріп, біреумен таныса қалса, мәнерлеп, көтеріңкі дауыспен айтады. Ал енді айтуға да, естуге де қолайсыз есімдер бар. Өзге түгіл, өзіңе де ұнамайды-ақ. Әттең, қолдан келсе, табанда өзгертіп, әдемі аттардың бірін иемденіп алар едің. Бірақ амалың нешік, сен қызыл шақа болып жөргекте жатқанда, сондағы ақымақтығыңды пайдаланып, әке-шешең немесе шілдеханаға келіп, дуылдап отырған басқа біреу солай атап жіберген. Өскембайдың баласына Тыңжыртар деп ат қойған секілді, өзге қызу жұрт сол арада ду қостап: «Осы болсын баланың аты, осы болсын, мұнан жақсы атты дүниені шырқ айналсақ та таппаймыз» дескен. Міне, сол күннен, сол мезеттен бастап, әлгі ат сенімен бірге туғандай маңдайыңа шапталған да қалған. Енді одан көзің тіріде қашып құтыла алмайсың. Ұнатпасаң да, мойныңа іліп жүре бересің.
Өмірде осы тәрізді әділетсіздіктер толып жатыр. Жуырда мен газеттен оқыдым: қытайлардың ат қоюы қызық болады екен. Бала бес-алты жасқа толғанша, оның тәуелді аты болмайды. «Ортаншым», «Кенжем», «Сүйіктім», «Жұпарым» деген секілді шартты атаумен атап жүреді. Ал есі кіріп, бес-алты жасқа толғаннан кейін, бала өзіне қандай есім ұнаса, соны таңдап алады. Міне, әділдік деген. Осы дұрыс емес пе?
Қозғалмай шалқамнан жатқаныма бір жетіден асып кетті. Көзімді ашып жан-жағыма қараймын. Аурухана бөлмесінің іші мұнтаздай тап-таза. Қабырғасы да, төсек орным да, терезеге ұстаған пердесі де — бәрі де аппақ. Аққудың үлпе жүнінде көзге жұмсақ. Осы айнадай таза ақ бөлменің сүреңіне сән бергісі келгендей ашық терезеден көгере бастаған жас қайыңның бұтақтары қарап тұр. Жасыл жапырақтары желмен ойнап әлсін-әлсін сылдыр қағады. Кенет бабына келтіре салған бұлбұл әні сұлу үнге ділгер жанымды кәнігі етеді...
Мен езу тартып күлімсіреймін. «Тәубе, тәубе! Өмірдегі ең қуанышты сол секундімде осынау шат дүниені қайта көре алмай өліп кетуім мүмкін екен-ау! Қуанышта да ажал бар деп кім ойлаған! Жасың келген соң, жар басында тұрған адам тақылеттес болады екенсің. Аяғыңды сәл мүлт бассаң, шыңырауға зымырай жөнелесің. Мен де сол қауіпке душар бола жаздаппын ғой». Иә, ажал деген қақпаннан бұ жолы да құтылып кеттім. Қақпан қанша тарс жабылғанмен, өткір жүзінің әлі жетпей қалды. Тағы да босатып жіберді. Енді мен көзімді жұмып сәл ойлана қаламын. Сол-ақ екен көз алдымда сол күнгі сурет елестей жөнелді.
Иә, сол күні мен жиырма бес жыл бойы мойныма таққан тұмардай жүрегімнің түбінде арман болып сақталып келген Ақбаянмен кездестім. Электр қоңырауын басып едім, есікті өзі ашты.
— Келдің бе? — деді үлкен бота кезін күлімдете. Сөйтті де, қынай белді сұңғақ денесін ырғалта, оқтаудай жұп-жұмыр, түп-түзу аяқтарын былқ-сылқ басып, қолымнан ұстап мені қонақ бөлмесіне қарай жетектей жөнелді. .....
Мынау ұйқы-тұйқы дүние не болып кетті? Дәмелінің есіне бәрі түсіп жатыр...
1
«Мұрагер, мұрагер» деп ер баланы тілейтін қазақтығына басып, бұл туғанда әке-шешесі тіпті қуанбапты да. Дүниеге үшінші қыз келді дегенде, әкесі кімге өкпелегенін қайдам, ауылына екі күн бойы жоламай қойыпты. Шешесі де айыпты адамдай қатты қысылған екен. Амал не, ақыры тағдырдың жазғанымен бәрі де келіседі. «Ұл көруге жазсын» деп мұның атын Дәмелі қойғаны да сол еді. Біржарым жасқа келгенше әкесі мұның, бетінен де иіскемегенін анасы талай айтып отыратын. Ақыры бақытына артынан үш ұл бірдей еріп, Дәмелі деген атын ақтаған екен. Ұл болғанда қандай, бірінен-бірі өтіп, балуан, батыр, мерген болып өседі. Осынау Қармыс ауылына олар үлкен атақ әкеледі. Тұрғанбектің үш арысы атанады — Нарғазы, Жанғазы, Ерғазы. Оның есесіне бой жетіп, толықси отырғанда, екі әпкесі де дүние салады.
Нарғазының ел аузына іліккені сонша, Дәмелі төркінінен жырақта жүрсе де, «а, құдай-ау, тіл-көзден сақтаға» басып, айналасына түкірініп отыратын. Сонау үркіншілік жылы, ақ пен қызылдың алма-кезек айқасында, осы Нарғазы болмағанда Қармыс ауылының қырылып қалуы да сөзсіз еді. Ақылыңнан айналайын азамат, әйтеуір, қиын кезеңнен алып шықты ғой. Жағдай ауырлап бара жатқан соң, ол жылдары Дәмелі бала-шағасымен төркінін паналаған-ды. Алты жасар Ақылжанның құдай сақтап ақтың қылышынан аман қалғаны да есінде.
Осы сәт көз алдына келгенде, біреу қойнына мұз тастап жібергендей дір ете қалады. .....
Алматы жазда да, күзде де әсем ғой, шіркін! Сентябрьдың аяқ кезі болса да, астана ыстық, шуақ, жылы нұрға бөгіп тұр. Бірақ ауа райының хабаршылары бүгін жиырма бес градус ыстық болады деп айтқанымен, жаз жиырма бесі мен күз жиырма бесінің жалыны бірдей болмайды екен. Жаздың мұндай күндерінде шолақ жең көйлек киген көше жаяулары жандарына сая таппай дедектейтін еді. Қазір де көйлекшеңдер көп кездескенімен, бірсыпыра жұрт иықтарына костюм іліпті, бәрі де аяқтарын асықпай басатын болыпты.
Күн әлі де едәуір ыстық болғанымен, сары күздің келгенін сары ала жапырақтар айқын аңғартқандай еді. Төбеден төмен қарай қалықтай құлаған екі-үш жапырақ Фурманов көшесімен жоғары қарай өрлеп бара жатқан менің алдыма келіп түсті.
Комсомол көшесінің қиылысындағы «Ювелирторг» магазинінен өткеннен кейін, үйлердің номеріне көз сала бастадым. Өйткені менің іздеп келе жатқан үйім осы тұста болуға тиіс. Білетін адамдар маған магазиннен өтісімен-ақ оң жағыңа қарай бер деп түсіндірген. Расында да лезде-ақ мен бұрышында төрткіл көк қаңылтырға ақ сырмен 117 деп бадырайта жазылған номері бар үш қабат үйдің қасына келдім.
Үйдің осы номеріне көзім түскен сәтте жүрегім сәл шым ете қалып, өн бойымды әлде бір жеңіл діріл аралап өткендей болды. Ол бірте-бірте ұмытылыңқырап бара жатқан ескі сезім еді. Ұлы Отан соғысында жүрген кезімізде, шабуылға шығар алдында дәл осындай болып, көңіл қобалжыңқырайтын да, артынан дайындық басталғаннан кейін, дененің дірілі басылып, қорыққаның, қобалжығаның ұмыт боп кететін.
Ай сәулесі жүдеп, қырқа үсті ақ шолаң тарта құлан иектеніп атып келе жатқан таңмен бірге шашақты сасыр, түйе жапырағы аралас, ат құлағы көрінбейтін көк шалғынды ылдидан қалың кеш көрінді.
Аздан соң көгілдір аспанды алтын сәулесімен шарпи, қызарып күн де шықты. Төңірек сандықтан суырған гауһар тастай жалт-жұлт ойнап ғажайып сәулетті түрге енді. Жаз ортасы ауған шақ еді. Даланың сәнге бөленген кезі өтіп, сұлу ажары кеми бастағанымен, күн сәулесіне бөккен жасыл шалғын семіз малдың түгіндей құлпырып тұр. Қалың шөп арасынан сыңсыған қып-қызыл қой бүлдіргенінен, сиыр бүлдіргенінен көз тұнады. Әбден саумалданып саяу бере бастаған қымыздық та шоғырлана кездеседі. Мезгілі өтіп бара жатқан қалың балауса, көк шалғынның хош иісі таңғы кіршіксіз таза ауамен араласып мұрынды жарады.
Күн сәулесіне шомылған кештің беті күнгей тұс. Көш басында тең үстіне қызыл ала масаты кілем жабылған күлсары атан жетектеген, солғын реңді кәрі шал. Астында тобылғы күрең ат, үстінде қоңыр түйе жүн шекпен, басында төрт салалы пұшпақ бөрік. Оның соңынан тізбектелген аттылы, түйелі қалың керуен. Кейбір қомды түйелерде ағараңдаған әйел кимешектері көрінеді. Шаңырақ доңғалақты екі аяқ шиқылдақ арбаларда кемпір-шал, бала-шаға... Қыз-келіншек, бозбала ат үстінде. Бірақ бұлар әдеттегідей ән шырқап, әзілдесе сөз қағысып, бірін-бірі қуып жарыспайды. Үн-түнсіз тұнжырап қалған. Көштің оң жағында қалың жылқы. Қырқаны бүйірлей тасыр-тұсыр жіті басып келе жатыр. Көш соңында қара мал, одан әрі жүре жайылған қотан-қотан қой-ешкі.
Көш жүрісі шұғыл. Пысқырған жылқы, анда-санда боздаған түйе. Үстіне қауырт келіп қалған мал тұяғынан сасып, қияқ пен ши түбінен пырылдай ұшқан бөдене мен жапалақ......
— Кешікпеймін. — Мен жастығымның астындағы «штамповкі» сағатымды алып қарайым. Әлі ерте. Сағат екі жарым. Кенсе ашылатын уақытқа әлі аттай біржарым сағат бар.
— Сенің со сырқылдағың тұрып қалған шығар, үйдің іші жап-жарық қой, — дейді апам.
Тайдың тұяғындай дөңгелек қалта сағатымды жалма-жан құлағыма тосамын. Жоқ, натидың ескі моторынша тарс-тарс ұрып тұр. Жазда апам арқалап қауын сатқан ақшасына тамағынан жырып, «сабақ бергенде уақытты біліп отырасың» деп, сатып алып беріп еді. «Отқа салсаң күймейтін, суға салсаң батпайтын, тасқа ұрсаң сынбайтын, өмір бойы тұрмайтын ғажайып сағат! Алып қал! Алып қал! Алмасаң да көріп қал!» деп жылмаңдатқан бір ақсақ саудагерден алғанбыз. Қу саудагер бізді алдап соққан екен, «ғажайып сағат» базардан шыға бере сыр берді... Өмірімде түңғыш сағат ұстаған менің екі езуім екі құлағымда. Кеудем де сағатпен қосыла дүрсілдейтіндей. Қуанғанда мұп-мұздай шойында ысып кете ме дедім, біресе он уысыма, біресе сол уысыма қысып келе жатқан сағатым жаңа туған тауықтың жұмыртқасы секілді жып-жылы. Бір мезетте соғысын байқайыншы деп құлағыма тосып едім... түк дыбыс жоқ. Сағат тіліне қарасам, ол да қаңтарылған аттай сілейіп қалған. Дереу апам екеуміз ізімізше базарға жүгіріп, әлгі саудагерді іздеп шарқ ұрдық. Ізім қайым жоқ, суға батып кеткен қара тастай. Біздей ашық ауызды алдап соққан алааяқ тұратын ба еді. Сан соғып қалғанымызды көргендер мүсіркеп жұбатып жатыр. Бір шалғы мұртты қазақ: «Шырағым, бұл штамповкі деген сағат болады, мезгілсіз шақыратын тауық секілді» деп сағатымды сілкіп-сілкіп қолыма берді. Сағат «кеудесі» зырқылдап қайта соқты. Амал қанша, өкініштен ішіме шоқ түскендей кете барғанмын.:. Мынау сағат, сол штамповкі. Тоқсан бір сом төлеп сағатшыға жөндетіп алғанмын. Сөйтсем де қара басып тұрын қала береді. Талай-талай ұятқа қалдырғаны бар.
— Тоқтамап па?—дейді апам шыдамсызданып тағы да.
— Тоқтамапты, апа.
Мен анамды апа дейім. Жұрттың бәрінің анасы солай ма, әлде жалғыз менің ғана анам ба, әйтеуір оның менен тек шығарға жаны бөлек. Бір минут көз алдынан таса қылғысы келмейді. Көзінен тайсам адасып кететін құттай баладай көреді де тұрады. Маған мұрт шыққанында шаруасы жоқ. Әкемнің айтуынша, әлдеқашан отау иесі, сабаудай жігіт болдым. Апамның емшектегі нәресте құсатып өбектегенінен ұялам... Кейде кісі көзінше-ақ жүз айналып, мың толғанатынын қайтерсің. Ондайда шыным, жердің жарығы болса соған кіріп кеткім келеді. Бірақ, қанша қысылғанмен ішім жек көрмейді. .....
Жаз. Жайлау. Шұбала қонған киіз үйлер. Қанаттас бір ауылға апам мені жетелеп, қыдырыстап келген. Үш-төрт әйел үйде шай ішіп әңгімелесіп отыр да, мен сыртта асық ойнаған балалардың қасында қызықтап қарап тұрмын.
Ересектеу баланың бірі кенет иығымнан жұлқып қалды:
— Әне, сені тастап, шешең кетіп бара жатыр!
Ауылдың ортасын қақ жарып, тарам-тарам соқпақ жол өтеді. Сол жолмен түйеге мінгескен екі әйел соқтырып кетіп барады. Екеуі де кимешек киген. Артындағысы аумаған менің шешем. Мені бөтен ауылда қалдырып, жөнеп барады.
Мен шешемнен өлмей қалармын.
— Ала! Ала! — деп артынан қуып бердім. Құлындағы дауысым Құдайға жетіп, бақырып жүгіріп келем. Аяулы шешемнің маған бұрылып қарағысы да келмейді.
— Aпa! Апа!
Бақырудан өңешім жыртыла жаздайды. Жол шетіндегі үйлердің адамдары бәрі маған қарап қалған. Тек шешем ғана қарамайды. Ұзын аяқтарымен тайраңдай желген жүрдек түйе оңайлықпен жеткізбейді.
Бір әйел көлденеңнен дауыстап:
— Әй, қатын, балаң жылап келеді! — деді.
Шешем енді ғана маған жалт бұрылып қарады.
Сөйтсем, шешем деп жылап келе жатқан адамым мүлдем бөтен... Алдындағысы да мен танымайтын басқа әйел.
Өз шешем сол әлгі шай ішкен үйде отыр.
Уақыттың көбін су бойында өткіземіз. Су бойында ойнаймыз. Міне, енді қалжырап үйге қайтып келем, қарнымда түк қалмаған, ашпын.
Шешем құр талқан берді. Дәмсіз қара талқан. Жейін десем, тамағымнан жүрмейді...
Біздің ауылдан жоғары бір шақырымдай жерде Киікбай ауылы. Сонда күйеуге тиген немере әпкем тұрады. Қалай келгенімді білмеймін, сол үйде қазанға қарып жапқан күйелештеу нан жеп отырмын.
Бір кезде есіктен шешем кіріп келді. Мені көріп, жылап бас салды. Неге жылайтынына түсінбеймін.
Сөйтсем, шешем мені аяқ астынан жоғалтып алған. Бүкіл ауылдан іздеп таппаған. Суға ағып кеткен деп ойлап, есі қалмаған.
Бұдан аз бұрын шешем мені осында ертіп келіп, нан жегізген екен......
Кейде қалжың ретінде барлық кінәні Чарли Ферасетке арта салсам да, шындығында, бұл қырсық үшін кімді жазғырарымды білмеймін. Оның, Чарлиді айтам да, Тамальпайс тауының етегінде, Милл-Вэлиде саяжайы бар еді, бірақ ол онда бос уақытында Ницшені немесе Шопенгауэрді кеміріп жату үшін тек қыста ғана тұратын. Ал жаз шығысымен қапырық ыстығы мен қара шаңы қолқаны қабатын қалаға қайта оралып, қыс бойы үйіліп қалған бар шаруасына шабыттана кірісіп кететін. Егер мен оған әр сенбі сайын барып, дүйсенбіге дейін жанында жүретін әдетім болмаса, осы бір қаңтар айының қақаған суығында, Сан-Франциско шығанағында мұндай қырсыққа тап болмас па едім, кім білсін.
Мен мініп шыққан "Мартинес" кемесін тым сенімсіз деуге келмейтін; бұл жаңа пароход Саусалито мен Сан-Франциско арасындағы өткелді осымен не төртінші, не бесінші рет кесіп өтіп келе жатқан. Шығанақ үсті қалың тұман еді, қауіп деген бәленің сол тұман ішінде қара мысықтай бұғып жататынын қайдан білейін, .....
Он сегізден тірі қалған үшеу туралы орыс әні көпке мәлім. Тарихын естіген жұрттың бәрі көзіне жас алады.
Мен жалғыз баласынан соғыста айрылған кемпір-шалдың үйінен 1942 жылы көктемде түсірілген сурет көрдім. Әскерге жаңа алынған ауыл жастары. Қасап қырғыннан алпыс жетінің үшеуі ғана аман қайтыпты...
Мен оларды көргем жоқ, олармен бірге жүргем жоқ. Олар туралы жаза алмаймын. Бірақ мен сол қыршын ерлердің панасыз қалған кәрі ата-аналарын білем, жетім қалған жас балаларын білем. Туып үлгермеген нәрестелерінің қазір неше жасқа келетінін, қандай азамат болатынын білем...
Осы шағын дүниені фашизм құрбандарының туып жетім қалған, тумай жарығы өшкен сәбилерінің рухына арнаймын. Өлгендеріне тастаған бір уыс топырағым, тірілеріне жанын жұбатар бір шумақ жырым.