Тойменен әрленгендей шамшырағы, Жиналып туыс, көрші-қоңсылары. Ағайын-жекжат - бәрі жиылды да, Ұзатып салады енді Қаршығаны.
Дәстүрім жетті-дағы бүгінгіге, Жастары бойға оны сіңірді де. Қаршыға ұзап барады өз үйінен, Ағайын, ортаңыздан бүгін, міне.
- Аға! - деді Еркін асабаға жүгіріп келіп. - Біз деген он жылдық кездесудің дастарқанына жиналып отырмыз ғой. Бұл он жылдықтың тойы ғой?!
- Не ғой, - деді асаба күлімсіреген сыңай танытып. - Он жылдықтың сценарийі бар еді, қалып қойыпты ғой. Орнына қыз ұзату тойының сценарийін алып кетіппін.
Көкесінің жеке іс парағындағы жазулардың басы - оның Ленинград майданының жауынгері болғандығы жайлы жазумен басталған. Көкесінің мектептен кейінгі үлкен өмірдегі жолы осылай басталыпты. Көкесі осының алдында ғана мектепті бітірген. Мектепті бітірген жылы мектеп әкімшілігі көкесін "Өте жақсы оқып, үлгілі тәртіпті болғандығы үшін берілді" деген мақтау қағазымен марапаттапты. Көкесі соғыстан келе салып, төрт айдай колхоз басқармасының хатшысы болып істейді. Ал сонан соң сол кездегі Қазалы аудандық білім бөлімінің бастығы Нұрмановтың бұйрығымен жетіжылдық Жданов мектебіне меңгеруші әрі мұғалім болып бекиді. Көкесі бұл қызметті екі жылдан астам уақыт атқарған. Сонан соң ауылдық кеңес жанындағы оқу үйінің меңгерушісі, ауылдық кеңес хатшысы және кітапхана меңгерушісі қызметтерін атқарады. Бірақ көкесінің негізгі саналы ғұмырын арнаған қызметі - оның байланыс бөлімшесінің бастығы болып істеген қызметі еді. Көкесіне берілген әр түрлі марапаттар, мысалы, облыс байланыс басқармасы бастығының қолы қойылған Құрмет грамотасы, есімі байланыс қызметкерлерінің Құрмет тақтасына жазылғаны туралы Куәлік, сол сияқты еңбек кітапшасына әр кезеңде жазылып отырған көптеген алғыстар мен ақшалай және бағалы сыйлықтардың берілгендігі туралы жазулар - осы қызметіндегі жемістері. .....
Жазғы уақыт еді. Кешкі мезгіл. Қараңғылық енді түсе бастаған шақ. Апасы мен көкесі ауызғы бөлмеде шай ішіп отырған. Жандарында әлі мектепке бара қоймаған бұл отырды. Бір кезде ауызғы бөлменің желмен толқып, тербеліп тұрған жапқышын серпіп тастап үйге бір жұмаланған кемпірдің кіріп келгені. Кемпірдің басында өңіріне түсіріп тартып алған шашақты жаулық, үстінде жеңсіз камзол, камзолдың сыртынан белін қабаттай буынып алған, қолында талдан жонып жасалған ұзын ақ таяғы бар. Кемпірді көріп апасы мен көкесі құрақ ұшты:
- Кел! Кел, апа! Шайға кел! Жоғары шық!
Кемпір апасынан жоғары өтіп барып, көкесінен төмен отырды. Бұл келіп отырған көкесінің қарамағында байланыс бөлімінің механигі болып істейтін кісінің шешесі еді. Апасы кемпірге шай құйды. Кемпір салған жерден көкесіне қарап отырып, әңгімесін бастады.
"Бұл кекіл алыну керек пе, жоқ па?" Бұл бірінші сыныпқа баратын кезде талас тудырған мәселе осы болды. Бұл алдырмаймын деді. Осыны естіген мұны бірінші сыныпқа қабылдағалы тұрған ұстазы: "Кекілімен-ақ келіп отыра берсін. Бала бастықсын әуелі. Бұл балабақшаға бармаған бала ғой" депті. Ағайының онысы рас еді. Бірде кішкентай күнінде қолжуғышқа бойы жетпейтін болған соң, үлкен орындықты қойып алып, соның үстіне шығып, жуынып жатыр еді, ашық тұрған есіктен есік алдында апасымен сөйлесіп жатқан балабақша қызметкерінің даусын естіді. Балабақша қызметкері мұны балабақшаға барады ма деп сұрап жатыр екен. Апасы: "Шырағым, өзің сұрап көр баладан. Егер барамын десе, барсын", - деді. Жанына келген тәтей: "Балабақшаға барасың ба?" деп сұрап еді, бұл "Жоқ" деп басын шайқады. Балабақша тақырыбы осымен жабылған.
Бағана басында сөйлеп тұрған үлкен радио "Қазалыдан сөйлеп тұрмыз. Жергілікті уақыт..." дей берген кезде, ойнап жатқан кішкентай балалардың шуылы сол сәт тына қалып, бір-біріне: "Тұра тұрыңдар! Тұра тұрыңдаршы! Қазалыдан сөйлеп жатыр!" деп тоқтау сала бастайтын еді. Әлгі радионың ішінде сөйлеп тұрған диктордың даусы кәсіби дикторлардың даусынан бірде-бір кем емес еді. Бұл дауысты естіген жандар мұны мойындаған.
Әшейінде апалары шақырғанда, ойыннан естімей қалып жататын балалардың осылай тына қалуына диктордың даусының кәсіби дикторлардың даусына ұқсайтындығы немесе радионың Қазалыдан сөйлеп тұрғандығы да себепші емес, олар қазір тура бір майдан хабарын тыңдағалы жатқандай, өз ауылдарының егін жинаудан нешінші орында келе жатқандығын білгісі келіп тұр. Өйткені осыған байланысты мәліметті дәл қазір ана радиода сөйлеп тұрған дауыс оқитындығын олар жақсы біледі. Енді радиодан бір сәт лекітіп барып, екпінге толы күйдің даусы төгіліп шығады да, .....
Егер шәкірттік жылдарымыздың балдәурен, балалық сезімге толы парақтарын бүгінгі есейген, ес тоқтатқан болмыс-бітімімізбен тағы да бір ой елегінен өткізіп, сараптап отырсақ, соның әр бетінде көзге ыстық, көңілге жылы көрініп ұшыраса беретін аяулы бір бейне бар, ол - Өзіңіз. Содан бері өткізген әрбір жылымыздың мазмұн-мағынасында ақыл-парасат, сабыр мен төзім, адалдық пен ар дүниесіне деген іңкәрлік, әділдік пен жақсылыққа деген құштарлық, махаббат пен достыққа деген табандылық танылып, ізгілік пен руханиятқа жүрек көзі ашылып, "бойда қайрат, ойда көз" жатқан сәттеріміз аз ұшыраспаса, осының барлығының түпкі төркіні - Сіздің еншіңізде. Шәкірттеріңізбен араласа жүріп қызмет еткен сәттеріңізде біздің әлі қалыптаса қоймаған балаң сана-сезімімізге баға жетпес білім, білік байлығын сіңіруді, сөйтіп ғылым әлемінің таусылмайтын шетсіз-шексіз көкжиегіне жетелеуді ғана мақсат етіп қойған жоқсыз, Сіз ең алдымен мына әлемге, мына қоғамға, мына өмірге Адам беруге тырыстыңыз. Бұл тіпті де Сіздің мәнді де мағынаға толы ұстаздық сәттеріңіздің басты өлшеміне айналғандай еді. Сізден бөлініп, қанат қатайтып, өмір баспалдағының басқышымен әрбір .....
Таңатар шешесінің зейнетақысымен күн көреді. Кейде бұл зейнетақы да оны-мұныға жете бермейді.
Бүгін Таңатар аулада зерігіп отыр еді, шуласып ойнап жатқан балаларға көзі түсе кетті. Сонан соң балаларды жанына шақырып алып:
- Жарысасыңдар ма? - деді.
Балалардың көзі жайнап кетті:
- Жарыстырасыз ба?!
- Ол үшін үйлеріңнен кәмпит алып келу керек, - деді Таңатар.
Кейбір балалар "мамам ұрысады" деп, барғысы келмеп еді, Таңатар оларға:
- Онда жарысқа қатысу құқығынан айырылдыңдар, - деді.
Біраз балалар үйлеріне қарай шапқыласып кетіп, уысын толтырып кәмпит алып шықты да, Таңатардың күректей алақанына салды. Таңатар алақанындағы кәмпиттерді жанында жатқан жұқа тақтайшаның үстіне үйіп қойды. Сонан соң балаларға қарап:
- Әнеееу талды көріп тұрсыңдар ма?! - деді. - Мен үшке дейін санағанда, жүгіріп кетесіңдер де, сол талды айналып жүгіріп келесіңдер. .....
Алдан енді осында келгеніне өкініп отыр. Өзі әлденеден қорыққандай қимылсыз отыр. Алданның ауылдағы бәлекей келіншегі мен бір-біріне іркес-тіркес дүниеге келген аюдың қонжығындай қос ұлына деп сатып алған заттары бар дорбасы аяқ киімдер шешетін жерде босағада сүйеулі тұр. Алданның қарны ашып-ақ отыр. Бірақ алдындағы үстелдің үстінде тұрған тамақты жеуге төрде төбедей болып ұзынынан түсіп сұлап жатқан еркектен батпай отыр. Өйткені осы тамақ та, дастарқанның иесі де - осы кісі. Алдан соның қабағына қарап отыр. Тамаққа қолын созайын десе, қасығы шық етіп ыдыстың шетіне тиіп кететін секілді. Алдындағы кеседе тұрған шайды ұрттайын десе, жұтқыншағы құлқ ете қалатын сияқты. Төрдегі еркектің мысы әбден-ақ басып, берекесі қашып отыр. Бағана ауылына баратын автобусы келемін дегенше, көшеден бірдеңе жей салмай, осы үйге келгеніне қынжылып-ақ отыр. Шай құйып отырған тарамыстай қатқан қара әйел Алданға бір-екі рет "шай іш" деп күбір етті. Төрде төбедей боп жатқан еркек қасықты толтырып алып, аузына асайды да, ұрты бұлт-бұлт етіп шайнаңдайды. Бір кезде аузына тамақты толтырып асады да, жағы сырт-сырт етіп шайнап отырып, Алданның арқа тұсындағы іргені көрсетіп "ім, ім..." деді. Алдан артына бұрылып қарағанда іргеге тақала жатқан газетті көрді. "Газет пе?" - деді Алдан. "Ім... Ім". Еркек шайнаңдап отырып, басын изеді. Алдан газетті қолын созып-ақ алып бере алатын еді. Бірақ, неге екендігі белгісіз, орнынан ұшып тұрды. Сөйтті де, жеп-жеңіл газетті қос қолдай көтеріп, алақанына салған күйі бейне бір мәртебелі мейманға қызмет жасап жатқан даяшыдай еркекке ілтипатпен ұсынды. Еркек Алданның мұнысына мән де берген жоқ. Газетті қолына алған күйі шынтақтап жатқан жастығының аржағына жая салып, жастықты бауырына жиып алған күйі етпетінен аударылып түсті. .....
Бөкеннің бір мінезі кімнің жанына жақын жүрсем, абыройды көбірек жинаймын, кімнің жанында көбірек сөйлесіп тұрсам, абыройлы көрініп тұрамын, кіммен байланыс орнатсам, абыройым асқақтай түседі деп жүруші еді. Кейде осы адам баласын алалағандай болғаным несі деп Бөкен өз-өзіне іштей ренжісе де, бала кезден қалыптасып кеткен осы әдетін қоя алмады.
Бөкен дәл қазір клубқа концертке келіп тұр. Бірақ концертке кірместен бұрын клубтың есігінен сығалап, кімнің жанында отырсам, абыройды көбірек жинаймын деп ойланып тұр. Көпшілік жинала бастаса да, концерт әлі бастала қоймаған кез. Бөкен сондықтан асықпай ойланып тұр. Көзі алдымен алдыңғы орындықта отырған Нүкеңе түсті. Нүкең - ел ағасы болып жүрген азамат. Нүкеңнің жанында отырғаннан абыройсыз бола қоймас еді. Бірақ Нүкеңнің өзі "әй, Бөкен, бері кел, менің жаныма отыр" деп шақырып жатпағасын, Нүкеңдей адамдардың жанына барып, әй жоқ, шәй жоқ, жайғаса кеткені абырой бола қояр ма екен? Мұндайда Нүкең не ойлайды, қарап отырған сырт жұрт не ойлайды? Жоқ, отыра алмас. Нүкеңдей кісілерге жақындау жүрудің де бір ыңғайы келер. Бөкен осылай ойланып тұрып, көзімен балуан жігіт Сейтекті де, дәрігер жігіт Қапарды да, сатушы кербез келіншек Ақбілекті де, кішілерге үнемі тәлім айтып жүретін құрметті демалыстағы зейнеткер Салиха апайды да, мұғалім жігіт Зейнелді де, өзімен құрдас есепші Халидолланы да бір-бір шолып өтті. Бәрінің де жанында отырғаннан абыройсыз бола қоймас еді.
Өз жолына түсіп алып сүрлеу соқпағымен кіп-кішкентай Құмырсқа келе жатыр еді, кенет алдынан пенде шыға келді. Пенде Құмырсқаны бір-ақ мыжып өлтіре салсам ба екен деп ойлады. Сол оймен пенденің дәп-дәу бәтеңке киген аяғы көтеріліп келе жатыр еді, осы кезде Құмырсқа:
- Ей, пенде, тұра тұр! Айтатыным бар, - деді.
- Не айтайын деп едің? - деді пенде Құмырсқаға сайқымазақ дауыспен. Сөйтті де, өзі жүресінен отыра қалды: - Ал айт, айтатыныңды! Әйтпесе, мыжи салам!
- Жақсылық жаса, - деді Құмырсқа.
Пенде Құмырсқаның сөзіне күйіп-пісті:
- Сол ма айтайын дегенің?! Сол да жаңалығы бар сөз бе?!
Сақан ауылға дүниеден өтіп кеткен әке-шешесіне құран оқытуға барды. Сақандар бір әке-шешеден екі ағайынды жігіт. Ағасы ауылда тұрады.
Сақан ауылға барғаннан кейін көршісі Толыбай ағаның үйіне кіріп-шықпақ болды. Ондағы бір ойы ауылда ағайындарым аз, ертең өзіңіз келіп, бас-көз болып жүріңіз демек. Толыбай, негізінен, жасы алпыстан асып кеткен, қара жұмыс істеп зейнетке шыққан, балаларының алды үйленген, солардан немере көріп отырған кісі. Мінезі ақ көңілдеу адам.
Сақан Толыбайдың ауласына кіргенде, Толыбай аулада тұр екен. Сақанды көріп елпілдеп қалды. Сақан ауылға не шаруамен келгенін айтқанда, Толыбай басын изеп Сақанды құптап-ақ тұрды. Сақанның ертең үйде болыңыз деген сөзін естігенде "барамын, шырағым, барамын, ішінде боламын" деп Толыбай тағы да елпелектеді. Осы Толыбайдың қартайған шешесі бар еді. Сақан енді Толыбаймен әңгімелесіп болып, Толыбайдың шешесіне де амандасып шықпақ болды.
Сахнаның үстінде ұзынды-қысқалы екі адам тұр еді. Бұл концерт әдеттегі концерттерден қызықсыз көрінетін сияқты болды. Өйткені келіп жататын концерттердің адамы көп боп дүмеп жүретін. Мұндай концерттердің негізі, әдетте, облыс орталығынан келеді. Өздерінің сөздерімен айтқанда, Қызылорда облыстық филармониясының жанынан құрылған. Сахна ашылғанда барабанда, гитараларда ойнайтын жігіттері тұрады. Олар әншілерді сүйемелдейді. Енді бірде бұл жігіттер қаздай тізіліп сахнадан шығып бара жататын. Демек, сахнаға дәстүрлі әнші көтеріледі деген сөз. Осы кезде концерт жүргізушісі дәстүрлі әншіні хабарлай бастайды. Әншіге берілетін барлық атақ-абыройдан да артық түсер бір сөз бар еді. Ол сахнаға көтеріліп келе жатқан дәстүрлі әншіні Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті деп хабарлаған сөз. Дәстүрлі әншіге адамдардың тарапынан құрмет пен қошемет көрсетілуі үшін осы сөздің өзі де жеткілікті еді. Ал келген концерттің құрамында филармонияның күміс көмей әншісі Күлән Қалымбетованың болуы адамдарға шабытты көңіл сыйлайтын. Әншіге деген халықтың құрметі мен ықыласы тым ерекше еді.
Жекелеген аспапта ән салатын әншілер де келетін. Сондай әншілердің бірі Геннадий Шульга болды. Осы Геннадий Шульга келе жатыр десе, нәзік жандылардың алабұртып кететіні несі екен. Сірә, олар Геннадий Шульганың сырнаймен сызылтып салатын әніне ғашық болса керек.
- Ыбырай Алтынсарин қай жылы дүниеге келген? - деді директор мұғалимасына.
Мұғалима бұл сұраққа жымиды.
- Ау, айтсаңызшы, сізден сұрап отырмын ғой, - деді директор тағы да. - Ыбырай Алтынсарин қай жылы дүниеге келген? Өзіңіз Алтынсариннің кім екенін білесіз бе, әйтеуір?
- Әрине, - деді мұғалима. - Мектепте оқыдық қой Алтынсарин туралы. Одан кейін мұғалімдік оқудың кезінде тағы да оқыдық педагогика тарихынан.
- Енді неге айтпай отырсыз қай жылы дүниеге келгенін?
- Есіме түспей отыр. - Мұғалима қысыла күлімсіреді.
- Ұят, - деді директор мұғалимасына. - Сіз деген біздің мектебіміздің бетке ұстар мұғалимасысыз. Бұлай болмайды, Қарашаш. Қайта бұл жерде мен болып отырмын. Не дейтін еді, "Бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде" дейтін бе еді? Ал егер сырткөз болса ше? Сізге келеді де, сырт адам дәл осы сұрақты қояды. Сонда не болады? Сіз біздің мектебіміздің мақтанышысыз. Егер сіз білмей жатсаңыз бұл сұрақты, онда басқа мұғалімдерге не айта аламын. Сіз деген біздің көрсетіп отырған ұстазымызсыз. Біздің осындай мұғаліміміз бар деп айтып отырған адамымызсыз. Енді осындай мұғаліміміз Ыбырай Алтынсариннің қай жылы дүниеге келгенін білмей отыр деп айтамыз ба сонда? Бәрін өзіңіз үшін айтамын. Сіз алдыңыздағы шәкірттерді қалай тәрбиелеп отырған жан болсаңыз, біз сіздерге сондай тәрбие беріп отырған адамдармыз. Оны түсінеді шығарсыз?
- Ол кезде мектепке алғашқы келген жылдарым, - дейді мұғалима. - Өзім сүйіп, қалап алған ұстаздық жұмысқа әрі жастыққа тән қызу күшпен, әрі мамандығыма деген қызығушылық сүйіспеншілікпен араласып кеткен кезім. Өзім мектепте үздік оқығанмын. Енді жоғары білімді ұстазбын. Қалаған мамандығыма қол жеткізгенмін. Осылай жүргенде бір күні бір жағдай орын алды. Алдымда бір оқушы болған еді. Сол оқушының сабақ үлгерімі өте төмен болды. Баламен жұмыс істеп байқадым. Бірақ нәтижем күткендегідей болмады. Сонан сон баланы "екілік" бағаға қорытып жібердім. Шу осы кезде шықты. Артынша-ақ мектептің директорына шақырылдым.
- Не себепті баланы "екілік" бағаға қорытасыз? - деді директор.
Үлкен ағасы бірде байланыс бөлімшесіндегі жұмысына барып отырып, жұмыс арасында монтёр жігіттермен әңгімелесіп отырады. Негізінен, үлкен ағасы мектептен кейін көкесінің жанында жұмыс істеген. Көкесі кейде өз қызметтеріне байланысты ауданда өтетін жиналыстарына кетіп қалатыны бар, кейде өзге де шаруалары шығады, осындайда жұмыстың барлығын үлкен ағасына сеніп тапсырады. Ауылдық жерде әр рудың өзінің ел ағалары болады. Ағайынның қызық-қуанышы, "біреудің кісісі өлсе, қаралы ол" дегендей, қазалы жерде де осы ел ағалары тізгін ұстайды, пәтуалы сөз, елдік мүдде айтылуға тиісті. Көкесі де - өздерінің Баймырза руының басы-қасында ағалық жасап жүрген адам. Бұл жерде Шәріп, Қолғанат есімдері қатар аталады. Бір кезде ағайынның ас-тойында ел ағалық жасаған осы кісілердің есімдері әлі де жаңғырығып айтылып отырады. Көкесі осындай істердің басы-қасында жүргенде де байланыс бөлімшесінің жұмысын үлкен ағасына сеніп, тапсырып кетеді. .....
Бағана ғана осы кафедрадан кіріп-шығып жүрген бір оқытушыны көрген еді. Бұған түсі суықтау көрінген. Мына қағазда осы оқытушының сабағы болмай-ақ қойса екен деп тіледі.
Кафедраның есігін қағып, кіріп барғанда әлгі оқытушының дәл қарсы алдында отырғанын көріп, дағдарыңқырап қалды. Ол бір жігітпен шахмат ойнап отыр екен. Түскі астың уақыты болған еді. Оқытушы мұны көре салып:
Бұл келген жұмысын айтты. Оқытушы қағазды қолына алды. Сонан соң:
- Ой, айналайын, мына сабақтарға бір ай жүресің ғой, - деді. - Ішінде менің сабағым жоқ па екен? - деді сонан соң оқытушы. Қағазға қайта үңілді де: - Менің сабағым жоқ екен, - деді.
Әлгі бір әзірде ғана осы оқытушының сабағы болмай-ақ қойса екен деп тілеген еді. Енді болмай қалғандығына өкінді. Оқытушы енді кафедра есігінің қайырылысындағы бұрышқа көз тастады да, қыз баланың есімін айтқанда, аядай ғана кафедраның ішінде, бұл ойлағандай, екі адам емес, үшінші адамның барын енді ғана аңғарыпты. .....
- Мені жұрт қатал оқытушы деп айтады, - дейді оқытушы. - Студенттерін қинайды дейді, оларға қоймайды дейді. Мұндай әңгімелер өзімнің де құлағыма жетіп жатады. Тіпті бірде ректорға дейін жетіпті. "Өркен, сені жұрт солай деп айтып жүр ғой, неге студенттеріңді қинайсың?" - деді ректор. "Онда сабақ сұрамастан қойып бере берейін", - дедім. "Мен олай деп тұрған жоқпын, - деді ректор. - Бірақ студенттер де адам баласы ғой. Кішкене түсіністікпен қарасаңдар болмай ма?"
Бірде бір қызық оқиға болды. Жазғы уақыт еді. Жазғы сессияның басталған кезі. Оқу орнынан шығып, жаяу жүргіншілер жүретін соқпаққа түсіп алып келе жатқанмын. Бір кезде жолдың жиегінде отырған бір келіншекке көзім түсіп кетті. Әлгі келіншектің түрі деген әбден әбіржіп кеткен. Өзі жерге төселіп, жайғасып отырып алыпты. Жанына еріксіз аялдадым. Түріне қарап аяп кеттім .....
Жас отауда бақыт таңы атқан күн (Жас жұбайларға тілек)
Құрметті Жас жұбайлар!
Сіздер дәл қазіргі уақытта Отбасы атты жаңа да жас мемлекеттің тең құқықты қожайынына айнала алдыңыздар. Осынау жолда өмір сіздерге қуанышы мен қызығын қатар ұсына отырып, қос жүректе бірдей лаулаған сезімдеріңіздің беріктігін де сынаққа салуды ұмытпайды. Сол сынақта сіздердің Махаббаттарыңыз Өмір теңізіндегі жұбайлар мінген бақыт кемесінің ұдайы желбірер желкеніне айнала берсін!
Ұлағатты ұл, ұяты бар қыз өсіре отырып, олардың бақытты болашағына қиял патшалығында сан рет, тіпті ұйқысыз түндерде ой жүгірткен қос ата-ананың көз алдында дәл қазіргі сәтте олардың өз перзенттерінің жүрек қалауымен қалап тіккен Ақ Отауы пайда болды. Бақытты жұбайлар, бұл - сіздердің отауларыңыз. Сол отауларыңыздың шаңырағы сіздердің асқақ армандарыңыздың белгісіндей болып биіктей берсін, сол отауларыңыздың іргесі сіздердің селкеусіз сенімдеріңіздің көрінісіндей болып бекісін, көңіл төрлеріңіздің кеңдігіндей керегелеріңіз керілсін, мақсаттарыңыздың нық көрінісіндей болып уықтарыңыз шаншылсын, сол отаудың үзігі бір-бірлеріңізге деген жан жылуындай жылы да берекелі болсын, түңліктеріңізден құйылған нұр риясыз күлкілеріңіздің көрінісіндей сәулесін төксін! .....
Құрметті ұстаздар, түлектер және ата-аналар! Ең алдымен барлығыңызды да бүгінгі мерекелі күнмен құттықтап қоюға рұқсат етіңіздер!
Мінеки, араға жылдар легін салып, кеше ғана бүлдіршін болып мектеп табалдырығын аттаған біздің ұл-қыздарымызды жүйрік уақыт түлек етіп ұясынан ұшырғалы отыр. Мектеп қашанда жақсылық пен ізгіліктің, парасаттылық пен руханиятқа толы ойдың, таным мен тәрбиелі істердің ордасы болған. Біздің перзенттеріміз де осында өткізген оқушылық өмірлерінде осындай ұлағатты істердің ұшқынын бойына сіңірді, тәлімімен жүрегін суарды, байыпты бағдарын бағыт етіп ұстанды, біліми көкжиегін бойына дарытты. Біз әр сәт, әр жылдар сайын олардың бойындағы осынау өміршең өзгерістерді байқап, олармен бірге қуандық, бірге мақтандық. Енді оларды өздерінің асыл ұясы - мектебі түлек етіп ұшырғалы отырған күннің де куәсі болдық. Бойымызды тағы да ата-ана ретінде мақтаныш сезімі кернеп отыр. Бұл үшін мектеп анаға мың алғыс! .....
Құрметті мектеп бітіруші түлек! Сіз үшін осынау күн айшықты да, айдынды, мерекелі де мерейлі, табысты да толғамды күнге айналып отыр. Өйткені Сіз дәл осынау күні өзіңіздің қимас бір мекеніңізге айналған, балдәурен шақтың балауса қызығын өткізген, сөйтіп бойыңызға білікті білім мен тәлімді тәрбие жинаған мектеп анаңыздан түлеп ұшқалы тұрсыз. Осыдан санаулы ғана жылдар бұрын сіз осы мектептің қастерлі табалдырығын жасқана да жүрексіне аттап, өзіңізге тәлім берер алғашқы ұстазыңызбен жүздесіп, білім нәріне бас қойған едіңіз. Содан бері ағын судай жылжыған жылдар легі сіздің өрісіңізді кеңейтті, бойыңызды қатайтты, топшыңызды бекітті. Сіз үшін осынау қимас ұяңызда жүрген сәтте, алдыңыздан күн сайын жаңалықтар легі ашылды, танымыңыз тереңдей түсті. Сіз мектеп партасында отырып, ұстаз аузынан естілген әрбір білім .....
Сәкеңді жұрт көп оқиды, көп ізденеді, өзінің саласының мықты маманы деп айтады. Сәкең қайбір жылдары жастық шағында үлкен бір қаладан барып білім алып келген. Сонда Сәкеңнің елдің ішінде тек қарт әке-шешесі ғана тұрса керек. Сәкең кейін оқуын бітіргенде сол қалада қызметте қалуына мол мүмкіндік туып тұрғанына да қарамастан, қарттарына алаңдаса керек, елге оралады. Сәкеңдей білімді жігіттер елдің ішіне де керек болып тұрған ғой.
Сәкең келе еңбекке кіріседі. Елдің аруына қосылады. Обалы не керек, Сәкеңнің сүйіп алған жары Сәкеңнің ата-анасына бәйек болып қызметін жасапты, күтіп-бағыпты, қас-қабағына қарапты. Кейін қарттар өмірден өтерінде келіні мен баласына алғысын жаудыра-жаудыра өткен деседі. "Ата-анаға қарасаң, Сәкеңдердей-ақ қара-ау!" деп елдің аңыз қылатыны да содан ғой. .....
Директордың бөлмесінде отырған Баянбаеваның осында кіргендегі көңілі пәс тартты. Әлгінде ғана қалалық жарыстан озып шыққан шәкірті Аянаның табысы директор ханымды аса қуанта қойған жоқ. Баянбаеваның алабұртқан көңілі осыған сап басылды.
Директор сұрағын тағы да қайталады:
- Сайынованың шәкірті не болды?
- Сайынова... - Баянбаева директор ханымның көңіліне қарап кібіртіктеп қалды. - Сайынованың шәкірті қалалық жарыстан өте алмады.
Сол-ақ екен, директордың қабағы қарс түйіліп кетті. .....
Концертке билет таба алмағандығы үшін, сүйіктісінің соншама ренжігені жігіттің жанына батты. "Осы концертке барамын деп, неше күннен бері үміт етіп едім... Саған сенгендігім осы ма?.." - деп, қызының ашу шақырғандығына да, өзіне ренжіп ұрысқандығына да жігіт ләм-мим дей алмады. Рас, кінәлі еді. Үш күндік концерттің бірде-біріне де билет таба алған жоқ. Билет жоқ еді. Күнібұрын сатылып кеткен. Қолдан-қолға тигізбеген.
Бәрінен де бұрын жігітке сүйіктісінің дәл қазір осыған бола жылағандығы қиын тиді. Не деп жұбатарын білмеді. Сөйтсе де, өзін біржағынан жәбірленген жандай сезініп отыр. Қолынан келгеннің бәрін жасады ғой. Концерттің билеті онсыз да қымбат еді. Соның өзінде де, егер билет қолда сатылып жатса, бірнеше есе бағасына да сатып алуға келісер еді. Бағана ғана сондай бағаға сатып жатыр екен деп жүгірген қалың дүрмектің арасында өзі де болмап па еді. Бірақ жым-жылас. Билет жоқ. .....
Мектепте бүгінгі кезекшілікте Айжан тұр еді. Осы кезде есіктен Күлия кірді. Күлия - өзін кербездеу ұстайтын әйел. Шәкірттің ата-анасы. Айжанға бас изеп амандаса салып, аржағында келе жатқан орыс тілінен сабақ беретін Сәулені көріп, үйіріле кетті. Сәуле де Айжандар қатарлы қыз еді.
- Амансың ба, қарағым, Сәуле?! Біздің қыздың сабағы қалай? - деді Күлия.
- Дүрияны айтасыз ба? - деді Сәуле. - Дүрияның сабағы жақсы ғой.
- Жақсы болу керек! - деді Күлия сенімді дауыспен. - Өйткені папасы да мектепте жақсы оқыған ғой.
Сәуле Күлияның сөзіне жымиды. Осы кезде мектепке дәудірлей сөйлеп Сейдолла кірді. Сейдолла - зор денелі кісі. Есік аузында тұрған Айжанды аса елемеген күйі Сәулені көріп, үйіріле қалды:
- Сәуле қарындас! Біздің ұлдың сабағы қалай?!
- Аға, жай сөйлесеңізші! - деді Айжан, Сейдолланың дәудірлей сөйлегеніне кейістік білдіріп. - Мектепте сабақ өтіп жатыр ғой.
Ана ауыр науқасқа шалдыққан еді. Төсек тартып жатып қалған. Осы кезде оның жалғыз ұлы үйленді. Ана өз өмірінде бұл тойды асыға күткен еді. Онда үнемі өзін тойдың ортасында мәре-сәре боп жүгіріп жүрген қалпында елестететін. Бірақ анаға қазіргі сәтте ауыр науқасы бұған мүмкіндік бермеді. Оның орнына тойда сіңлілері жүгіріп жүрді ғой. Сонда да ана төсегінде жатып алып, ұлының үйленіп жатқандығына қуанып жатты.
Той да өтті. Адамдар тарап кетті. Тек ананың жанында кеше ғана үйленген жас жұбайлар қалды. Жастар үнемі ас ішетін мезгіл болғанда, ананы да өздерімен бірге ас ішуге шақыратын еді. Бірақ ана оған жарамайды ғой. Дегенмен үнемі: "Мені өздеріңнің ас ішкелі жатқан бөлмелеріңе апарып жатқызыңдаршы, - дейтін ана. - Мен сендердің қатар отырып ас ішіп отырғандарыңды көріп жатқым келеді". .....
Мектептегі мұғалімдік жұмысының алғашқы жылы еді. Бірде мектептің тәрбие завучы бұған: "Жүр, екеуміз класта өткелі жатқан кездесуге барып, қатысып қайтайық", — деді.
Тәрбие завучы жасы үлкен кісі еді. Мұның мектептегі оқушы кезінде осы саланы басқаратын. Сондықтан ба келе жатып: "Енді осындай іс-шаралардан қалма, араласып тұр", — деді.
Кездесу соғысқа қатысқан кісілермен болғалы жатыр еді. Осындай сыныптан тыс іс-шараларды тәрбие завучы белгілейтін. Сынып жетекшілерге тапсырмалар береді. Өзі өтіліп жатқан іс-шараларға қатысып отырады. .....
Ер балалар әдетте қыз балалармен қосылып ойнай бермеуші еді. Бұған үлкендердің ер балалар қыз балалардың ойындарын бұзбасын деп, қадағалап, ескерту жасап жүрулері де себепші болса керек. Үлкендердің тарапынан алдымен қыз балалардың сөзі сөйленіп отырады ғой. Сондықтан ер балалар үлкендерден жасқанады. Мұның өзі әу баста ұлттың табиғатында, дәстүрінде бар дүние болса керек.
Қыздар болса, көктем шыға бере, жерге сызып ойнайтын бір ойындарды ойнап жатушы еді. Дегенмен баланың аты бала емес пе, ер балалар кейде қыздардың ойнап жатқан жерлеріне жақындап: "Біз де ойнап көрейікші!" - дейді. "Кетіңдерші, ей, ойнай алмайсыңдар!" - дейді қыздар. "Ойнай аламыз, ей!"
Ер балалар қыздар секілді епті ойнай алмаушы еді. Кейбіреулері аюша қорбаңдап сызықтарды басып кетеді. Сол-ақ екен, қыздар наразылық танытып, шу ете түседі:
- Шығыңдаршы! Сызықтарды өшірдіңдер ғой!
Ер балалардың мысы құрып, қыздардың мына қылығына ызасы келіп-ақ тұрады.
- Қойыңдар бұларды! - дейді ер балалар. - Бұлар ешкі құсап секектегеннен басқа не білуші еді?! Одан да өзіміздің ойынымызды ойнайық. .....
(Қазалы ауданы, Қожабақы ауылындағы №25 орта мектебі жайында жазылған)
№25 мектеп өзінің тарихындағы талай-талай тамаша ұстаздарымен мақтана алады. Олардың есімдері алдыңғы толқын шәкірттердің жадында көбірек сақталып қалуы - заңдылық. Себебі олар сол ұстаздардан дәріс алды, тәлімін көрді. Толқынды толқын қуады. Алдыңғы буын ұстаздардың біршамасының үлгісін көріп, күні кеше ғана №25 мектепте аға буын мұғалімдердің қатарын құрап жүрген бір топ ұстаздардың өздері де бұл күнде ардагер ұстаздардың сапын толықтырған еді. Бұл ұстаздардың қатарынан ең алғашқы болып сол кезде аға буын ұстаздардың алдында жүрген математика пәнінің мұғалімі, бір кезде өзі де осы мектепке басшылық жасаған Амангелді Есетовтің есімі аталады. Осы буын әрі қарай мына ұстаздармен жалғасқан еді: .....
Сол күні абитуриенттердің жазған шығарма жұмысының қорытындысы өте кеш шыққан еді. Бұрын бұлай болмаған. Бұл кезде қас қарайып та кеткен болатын. Ал іштен әлі хабар жоқ. Оқу орнының ауласы қарақұрым адамға толы. Бұлар - шығарма жұмысының қорытындысын күтіп тұрған абитуриенттер мен солардың ата-аналары немесе жақындары. Сол көпшіліктің арасында бұл да өзінің жазған шығарма жұмысының қорытындысын күтіп отырды.
Ілгеріректе тіл-әдебиеттің мұғалімдігіне түсу үшін, абитуриенттерден шығарма жұмысын алатын. Өзі мектеп қабырғасында жүргенде-ақ шығарма жұмысын жазғанды қалап тұрушы еді. Одан кейінгі бір ұнамды тапсырмасы - қазақ тілі сабағында сөйлем құрау тапсырмасы болатын. Ұстаз бұл тапсырманы үйге де береді немесе сыныптағы сабақ үстінде отырып та сөйлем құратады. Одан кейін тағы да бір тапсырма болды. Ол қазақ тілі сабағының үстінде мазмұндама жазу жұмысы еді. Бұл - шығарма жұмысына қарағанда орындалуы аса қиын емес көрінетін тапсырма. Өйткені мұнда ұстаз әлгінде ғана дайын мәтінді оқып берген. Енді осы мәтіннің желісінен шықпай отырып мазмұндап беру ғана қалған еді. Ал шығарма жұмысы бұған қарағанда күрделірек әрі онда еркіндік бар. Мектеп қабырғасында жүргенде өлең, әңгіме немесе мақала жазу сияқты жұмыстармен айналысқан емес. Ал шәкірттік күндеріндегі жоғарыдағы тапсырмалар есінде сақталып қалған. .....
Жылы екенін сезгем осы үннің мен, Сенің үнің, ана, мейірім білдірген. Тербеткенде әлди айтып сол үнмен, Бесігімде-ақ, ана, сонда күн күлген.
Сол бір үннен өмір сырын ұға алдым, Содан білдім табиғатын жыр-әннін. Оянсам да сол дауысты іздеппін, Жыласам да сол үнді естіп жұбандым.
Оған әлемдегі бірде-бір тіл таныс емес еді. Тіпті ести қойса да, бөбек оған селт ете қоймайтын. Өйткені оған солардың бәрінен де жақын, бәрінен де ыстық, бәрінен де күшті бір тіл болды. Бөбек бұл тілдің өзінің ана тілі деп аталатынын білген жоқ. Тек бұл тілде өзінің анасы сөйлейтін еді - бөбекке бұл тіл сондықтан қуатты болды, сондықтан ыстық еді, сондықтан жақын болды. Осы тілде бір тұнып тұрған мейір бар еді. Бұл тілде барлық нәрсе түсінікті еді, түсініксіз ештеңе де болмайтын. Сондықтан бөбек ұйқысынан ояна салып, алдымен осы тілді іздейді. Оған әлемде бұдан артық тіл болуы да мүмкін емес. .....