«Абай жолы» эпопеясының әдеби- тарихи маңызы. Қазақ әдебиеті, 11 сынып, дидактикалық материал. 12 сабақ.


 Оқушыларға арналған дидактикалық материалдар

«Абай жолы» эпопеясының тарихи орны

https://vikidalka.ru/2-90559.html

Дәріс мәтіні (тезис)

Қазақ әдебиетінің тарихындағы дала тағдырын мұхит тектес тереңдікпен толғаған «Абай жолы» роман-эпопеясының авторы Мұхтар Әуезовтің көпке дейін, дәлірек айтқанда, қырықтың үстіне шыққанша ұлы ақынның өмірі, туған-өскен ортасы туралы шығарма жазу жоспары болмағанын ескерткені бар. Абай өлеңдерін бастыру, ғұмырбаянын жасау, зерттеу еңбектер жариялауды романға барар жол деп санамаған екен. Сондықтан үлкен шығарма идеясы әбден піскен кезде қажетті уақытты өткізіп алғанына бармақты шайнаған. Дегенмен ескі жұртта әлі де көп естелік бар-ды. Абай заманының сан-салалы сырларын, дәуірдің қат-қабат тартыстарын, дәлді оқиғалар, аңыз-әңгімелерді даланың жезтаңдай, ескі көз, құйма құлақ адамдары кейде саф таза күйінде, кейде мың құбылтып жеткізген болатын. Абайдың мінезіне қанықтырған қасындағы жары - Әйгерім, ұлы – Тұрағұл, інісі – Шәкәрім, шәкірттері – Көкбай, Қатпа, Баймағамбеттер. Көп нәрсенің түбіне, түкпірлі табанына үңілу керек болған. Ел аузы Қамқа мен Қодар нәпсі үшін қылмысқа барған деседі. Абай үш әйел алған кісі: Ділда, Әйгерім, Еркежан. «Дәрмен» деген ақын болмаған. Жазушылық мақсатқа орай автор өмірлік дәлді деректерді қажет жерінде өзгерткен, керекті орайда жаңа кейіпкерлер, оқиғалар ойлап тапқан.

Романда қаламгердің бұрынғы шығармаларындағы әуен-сарындар жалғасып, тереңдеп, байып, жаңа сападағы көркем ойлар, кемел бейнелер туған, қазақ тілінің адам психологиясын, әлеуметтік қайшылықтарды ашып берудегі орасан зор байлығы көрініп, жанрдың ең жоғары талаптарына жауап беретін мол мүмкіндіктері ашылған. М.Әуезов тұрмысы, моральдық институттарының өмірлік материалдары негізінде қатал реализм, сұлулық, әсемдік талаптарына дөп келетін тарихи роман тудыру арқылы қазақ әдебиетінің деңгейін биік әлемдік дәрежеге көтеріп, жаңа эстетикалық игіліктер дарытып, қаламгерлік ерлік жасады.

Төрт томды эпопеялық көлемді роман қазақ қоғамының жарты ғасырлық әлеуметтік, тұрмыстық, отбасылық, ғұмырын мейлінше дәл, айқын, адал бейнелейді. Оқиғалар жыл маусымдарының төрт мезгіліне бірдей, тәуліктің әртүрлі сәттерінде, күн демей, түн демей, толассыз өтіп жатады. Аталар буыны Құнанбайлар өмірінің соңғы кезеңі, орта буын Абайлар өмірі түгелдей дерлік, жаңа буын Әзімбайлар өмірінің тал түсі, жас төл Рахымдар өмірінің басы – бірімен-бірі жалғас, үзілмейтін тіршілік көшінің керуені іспеттес, бірін-бірі қуалай жосыған дария толқындары секілді сабақтас, жалғас қалпында көрініс табады. Бұл бір мәңгілік толас таппас жақсылық пен жамандық, махаббат пен ғадауат, әділет пен зұлымдық шайқасы ретінде бейнеленеді.

Романдағы негізгі соқталы оқиға, бас майдан өтетін орта – тобықты рулары мекендеген Шыңғыстау аймағы. Көршілес елдер Қаракесек, Уақ, Керей, Матай авторлық баяндау барысында, кейбір тартыс, дау-дамай кезінде ғана айтылып отырады. Шыңғыстаудың айналасы, іші-сырты, Хан, Орда, Машан, Доғалаң, Семейтау секілді әйгілі биіктер, Шаған, Ащысу, Қарауыл, Бақанас, Ертіс өзендері, белгілі күзеу, көктеу, жайлау, қыстаулар, толып жатқан адыр, шоқы, бел, асу, төбе, құдық, бастау-бұлақ, көл, ши, қорық, зират, қорым, шатқал, сай, аңғар, тоғай, үңгір, сүрлеу-соқпақ, жолдар алақанға салғандай ап-айқын көркем суретке айналған.

Жазушы бір рулы ел жайлаған ортаны бейнелеу арқылы қазақ тұрмысын, тұтас алғанда көшпелілер мәдениетін түгел көрсетіп беретін биік деңгейге көтеріледі. Көші-қонның бүге-шігесіне дейін анықтап, шаруашылық орайына байланысты, мал жаю талабына сәйкес жер отын тиімді пайдалану үшін шаруа қазақтар қолданған кәсіби әрекеттердің әлеуметтік тамырлары ашылады, теңсіздік, зорлық-зомбылық, тіршілік үшін күрес сарындары сабақтас жүреді, осы арнадағы адамдар тағдыры бар.

Бір рулы жайлағанмен, жалпы көлемі отырықшы шағын мемлекет сыйып кететін аймақтың негізгі қатынас-құралы – ат. Шығарма кейіпкерлерін көп ретте ат үстінен көреміз. Ат пен адам бір тұлға іспеттес. Жалғыз жолаушы сирек. Қатал далада топтасып жүрмесе болмайды. Көшпелі елдің перзенті көбіне ат үстінде. Аттың жасы, түсі, жүрісі, ер-тұрманы, мінез-машығы, аяңдау, желу, жорту, жорғалау, шабу – осының бәрін автор әр ситуацияға орай дөп басып, баяндап отырады.

Көшпелі өмірдің көбесі сөгіліп, қазақ елі патша өкіметінің отарлық табанына түскеннен кейін, бекіністер, қалалар салынып, ендігі биліктің түп қазығы сол шаһарларда қағылған. Сондықтан қырда басталған дау-шар, бітімсіз күрес, лап еткен өрт түптің түбінде ұлық кеңсесіне тұмсық тірейді. Соңғы шешім сол жерде. Сол себептен романдағы бірқыдыру оқиға Қарқаралы, Семей, Алматы қалаларында өтеді. Әсіресе, Абайдың бала кезінде оқыған, кейін білім қуған, әділет іздеген, достар тапқан күндерінің куәсі – Семей.

Жазушы негізінен өмірдің табиғи ағымын, уақыттың ілгері жылжу құбылысын көрсетеді. Абайдың он үш жасынан бастап дүние салғанына дейінгі қырық алты жылда оны қоршаған ортада өткен басты оқиғалар тізбекті сабақтастықта, бірінен-бірі туып, өрістеп, тарамданып, асқынып, шорт сынып, тағы бастау алып, шығындап, қатарласа дамып, лаулап барып өшіп, қайта жанып, құбылып, өзгеріп, осы арнада ондаған, жүздеген, мыңдаған адамдар тағдыры шешіліп жатады: жас шынар гүл шашады, кәрі бәйтерек құлайды.

Кейіпкерлердің қазіргі өміріне тікелей қатысы жоқ, бұрын өткен бірен-саран оқиғалар ғана еске түсіру арқылы белгілі болады.

Жарты ғасыр уақытты қамтитын кең тынысты, сан арналы ұлы шығарманың барлық тарау, бөлімдерінде көшпелі қазақ тұрмысына етене көрініс, сурет, тартыстармен астарлас жалпы адам баласына тән қайшылық күрес, қасиеттер мол қамтылып, кең көлемде терең де сенімді бейнеленген.

Роман бірінші бетінен бастап соңғы жолына дейін сұсты өмірдің қатал шындығына суарылған. Әдемі, таза шаһарда үлкен ұстаздардан білім алып жатқан он үш жасар шәкірттің оқуын еріксіз үзіп, қырдағы күрес майданына салмақшы әке әрекеті зорлық емей немене? Ауылға деген сағыныш тағы бар. Қодар-Қамқа трагедиясының үстінен шыққан соң, екі ұдай көңілдегі Абайдың мұрттай ұшуы тән жарасы ғана емес, жан жарасы болып бейнеленеді.

Жас жүректі отқа қарығандай болған осы қанды өлімнен кейін бала көңіл айнала қоршаған ортаға, үлкендер әрекетіне шошынған көзбен қарап, бірте-бірте суық та қатал шындықтарды сезіп қана қоймай, олардың әлеуметтік, философиялық астарлы мәндерін ұға бастайды.

Содан барып, әуелгі үнсіз қарсылық, ішкі наразылық ұлғая келіп, саналы күрес жолын қарай беттетеді. Абайдың азамат, қайраткер ретіндегі өсіп-толығуы ақындық дарынының түйін тастап, бүршік атып, гүл шашып, жапырақ жаюымен қатар – егіз отырады. Көне жыр, ескі әңгіме, аталы сөзді жадында тұтып, көңілге тоқып; Шығыс, Батыс әдебиеттері теңіздеріне құлаш ұрып барып, поэзияның ұлы айдынына шыққан Абай талантының небір тылсым сырларын, шығармашылық психологиясын терең бейнелеген Әуезов өнегесі - әлемдік прозадағы жаңа бір дәстүрлерге мұрындық болғанын, оны өз тәжірибелерінде пайдаланғанын көптеген қаламгерлер айтқан болатын.

Кейіпкерлерін бір жақсылық, бір жаманшылықта сынау - Әуезов поэтикасындағы ерекше шебер қолданылатын өнімді көркемдік тәсілдердің бірі екенін, әсіресе, Абай характерін сомдау принципінен көреміз. Қараңыз: жылы сөз айтып, маңдайдан бір иіскемейтін қатал әке, мейір-шафқат төгіп, елжіреп, еміркеніп отырған әже мен ана, жаттан бетер жауығып кеткен туған аға, қоң етін кесіп берсе, қыңқ етпейтін туған іні, ата дәстүрімен қосылып балаларына ана болып отырған құшағы суық әйелі. Бұл бір шаңырақ астындағы кереғар жәйттер. Ал енді бұдан сыртқа шығып көріңіз.

Кеше ғана тізе қосып, ел тізгінін қатар ұстаған Құнанбай мен Бөжей бүгін Ырғызбай мен Жігітекті соғыстырып, кісі өліміне дейін барып отыр. Бұл екі қошқардың басы бір қазанға сыймағаннан туған, бақастық, күншілдік кикілжің емес, алыс түкпірлі ниетті тіршіліктің қаны, өз нәсілі үшін қоныс кеңейту, жер алу мақсатынан шыққан арпалыс. Шындап келгенде, бұл ауыз бірліктің жоқтығынан өршитін таза қазақы рулық қақтығыс емес, жалпы адам баласының мәні бар, әулет пен әулетті, ұрпақ пен ұрпақты, халық пен халықты, ел мен елді, мемлекет пен мемлекетті соғыстыратын мәңгілік майдан. Сол үшін шекара күзетіледі, қару-жарақ жасалады, елшілік жүреді, ұйымдар құрылады.

Мұхтар Әуезовтің қаламынан туған ру басылары, билер, мансап ұстаған адамдар кескін-келбеттерімен, мінез қалыптарымен, сөйлеген сөздері мен арғы-бергі замандардағы небір іргелі елдердің басшыларынан патшалардан, корольдерден, хандардан, дипломаттардан асып түспесе, кем соқпайды. Аспан, зәулім, биіктік, шыңырау тереңдік. Іштерінде алтын ертоқымды арғымақ жатса да титтей сыр бермейтін беріктікке бір ауыз әділ сөзге тоқтайтын мәрттікті, қажет жерінде руымен у ішетін ынтымақты қосыңыз. Қас-қабақ, ым-жым, емеурін, жүріс-тұрыс, киім киіс, сөз саптау, билік-айту, ел басқару – мұның бәрінде мыңжылдық көшпелі мәдениет қалыптастырған тапжылмайтын, әбден орныққан берік салт-дәстүр бар. Дүниежүзінде болып жатқан ұлы әлеуметтік өзгерістер, отаршылық атты алапат қозғалыстар, Батыс пен Шығыстың мәңгілік шарпысуы, темір құрсанған болат тұяқ капитализмнің қанды шеңгелі сияқты ғаламат дүмпулер көшпелілер әлемін де іріте бастаған. Бұрынғы игілік, кәсіп амалдары, тіршілік қалпы, адамгершілік мұраттары енді басқа арнаға түсіп, өзгере бастаған. Жаңа өріс, соны нысана, өзгеше байлық тумақ. Мұны көшпелілердің ескі қауымы түсінбейді, келешекпен туыса табысатын жаңа төл енді келе жатыр.

Мұхтар Әуезов осындай планеталық мән-мағынаға ие, қауымдар, мәдениеттер ауысуы тұсындағы сан-алуан отбасылық, әулеттік, ру-тайпалық, халықтық қақтығыс, шайқас, тартыстар үстінде адамдық мінез қалыптарымен ашылатын ондаған әдебиетіне исі түркілік, шынайы қазақылық исі аңқыған әрі тың, әрі ғажап көркем қаһармандары бар тұтас сұлулық әлемін алып келді. Бұл жұлдызды аспанның қақ төрінде темірқазықтай болып, бойына халқының ғасырларда сұрыпталып екшелеген барлық асыл қасиеттерін жиған, әрі ақын, әрі дана, әрі қайраткер, әрі ойшыл Абай тұлғасы тұр.

Абай бейнесін жасауда ақын өмірінің белгілі оқиғалары кеңінен суреттеледі, оның шығармаларындағы әуез-сарындар, мотивтер, идеялар пайдаланады. Бірақ жеке өлеңдерге иллюстрация, жалаңаш еліктеу, қайта баяндап беру дегеніңіз атымен жоқ, Абай сөздері, диалогтағы, монологтағы лебіздер түп-түгел ақын лексикасын, синтаксисті ескере отырып, тыңнан жасалған, Мұхтар тудырған.

Ұлы ақын, ұлы күрескер шытырман, қат-қабат ғұмыры диалектикалық қайшылықта реалистік шыншылдықпен ашылады. Бір жағынан бұл қазақтың жаңа жазба әдебиетінің классигі, өмірдегі іздері халық санасында сайрап жатқан нақты, тарихи тұлға болса, екінші жағынан бұл ұлы жазушы қиялында балқып туған зор талант, мәні бар, мың сан қыры жарқыраған, образдық, символдық қуаты күшті, дүниежүзі өнеріндегі биік, көркем, ұмытылмас әдеби бейнелердің бірі. Адамдар рухының мың сан өзара шарпысуын кең көлемді, терең психологиялық талдау арқылы ашып берген күрделі романдағы ең үлкен сезім ағыстарының бірі – сан-салалы махаббаты алуан түрлі құлпырған көрік бояуымен, сәт кезеңдегі әуез-сарынымен, бұлқына жосыған күй-толқынымен бейнеленген, Көлденең көк аттыға елеусіз ғана көрінетін туған жердің тау-тасы, өзен-көлі, аймақ-даласы жазушының шабытты қаламында қайтадан жаратылғандай болып, құлпырып, жайнап, небір ғажап қалыпта көрінеді, қыс, көктем, жаз, күз – бәрі бар. Нөсерлетіп, жаңбыр жауады, ат құлағын көрсетпей боран соғады.

Абайдың аналарына (Зере, Ұлжан), бауырларына (Оспан, Шәке, Кәкітай), достарына (Ербол, Базаралы, Дәркембай), балаларына (Әбіш, Мағауия) деген ыстық ықылас, қымбат пейілін биік адамгершілік тұрғысынан өмірдің сан қилы кезеңіне лайық қалыпта суреттеген жазушының ерекше ден қойып, зор шабытпен, ақындық ғаламат қуатпен бейнелеген психологиялық сезімі – ғашықтық сырлар, махаббат әуездері. Бұл күй, бұл қалып ең алдымен Абай басына тән.

Табиғатынан ерекше сезімтал, рухы таза, бала күнінен халық әдебиетінен сусындап, жадында тұтып, шығыс поэзиясынан ғашық жырларын оқып, тәрбие алған жас бозбаланың сұлулыққа, пәктікке, әсемдікке құлауы – Тоғжанмен тұңғыш танысуымен дөп келеді. Бұл бір ақынға, асқақ тұлғаға жарасып келіскен романтикалық, ғажайып махаббат. Екі жағы да өртеніп, жанып, лаулап тұр. Сол күйлерді жазушы бірде Абай, бірде Тоғжан толғау, монологтары, тебіренісі, лебіздері арқылы жас ғұмырдың салтанат жыры етіп төгілтеді. Астарлар, тоғысулар, ұласулар Ләйлі-Мәжнүн, Қозы-Баян, Татьяна-Онегин болып жалғасады.

Түптеп келгенде, Тоғжан тазалығы, сұлулығы, пәктігі Абайдың әсемдік мұратының биік нысанасы секілденіп кетеді, ол қанша ұсынса қолы жетпес алып тұғыр мәңгі тарқамас ұлы сағыныш, орны толмас арман секілді. Бұл күйлердің жалғасы, жаңа замандағы соны көрінісі болып Әмір-Үмітей, Әбіш-Мағыш, Дәрмен-Мәкен махаббат хиқаялары, сол сапардағы трагедиялық халдер, романтикалық серпіндер ішкі толқынды әлемді жайып салған, биік адамгершілік тұғырлардан шырқалған қымбат, асыл, жалынды ән болып төгіліп, мол сарынды симфониядай бойыңды балқытып, жан-жүйеңді елжіретеді. Бұл арнада батыр, бағылан Базаралы мен нұржүзді, науша Нұрғаным ара-қатынасы, сыйластық, сүйіспеншілігі оқшау әсер етіп, естен кетпей, ойда қалып қояды. Шығармадағы диалектикалық қайшылық, тартыс, күрес сан-салалы, тарам-тарам, жүлге-жүлге. Әуелде зорлықпен оқудан қол үзген Абай темір ноқта кигендей болып, сүйгенінен айрылып, атастыру жөнімен үйленіп, опық жейді. Бірте-бірте өз әкесінің жуандығынан басталған әділетсіздік толқыны оны басқа жағаға, қорланғандар, қорғансыздар тобына қарай ығыстырады. Дұшпан жаттан да, жақынан да шығады. Бір әкенің екі баласы Абай бір қиырға, Тәкежан екінші қиырға тартады. Күндестік отын бықсытып жүрген Күнке, Мәніке, Қаражан, Ділдалар анау. Олардың жалғасы болып жауыздықтың жас жолбарысы Әзімбай өсіп келе жатыр.

Бір жағынан жамандық қауласа, екінші жағынан жақсылық көктей бастайды. Исі Ырғызбай дұшпаны есепті Дәркембай, Базарлы бірте-бірте жақындай түсіп, ақыры Абай қасынан табылады. Өз бауырында жаралған қанаттары қандай: Әбіш, Мғауия, Дәрмен, Көкбай өле-өлгенше-ақ, адал пейілімен, таза достығынан айнымаған Ерболды айтсаңшы.

Көшпелі мәдениетке тән этнографиялық, тұрмыс-салттық, сенім-нанымдық, хұқықтық, әскери-саяси, адамгершілік-моральдық көріністердің барлық белгілерін толық та кең, терең де дәл қамтыған шығармада ерекше ықшамдылық, лаконизм бар. Қазақ елінің ежелгі бәр дәстүрі, арғы замандарда басталған, тіпті шариғаттың өзі де мұртын бұза алмаған белгілі адамға ас беру, жылы өткенше өліктің артын күту, азалы үй тігіп, ат тұлдап, қаралы көш жүргізу, дауыс айтып, көрісу дәстүрі Бөжей өлімі тұсында кеңінен бейнеленеді. Екінші қайтара мұндай ситуацияға оралу жоқ.

Әншілік, серілік, аңшылық, саятшылық, құсбегілік өнерлерінің үлкен-үлкен бір-бір тарауларда арнайы түрде суреттелуінен осындай көркемдік шарттарын, қаламгерлік қатал позицияны аңғарамыз. Сол секілді мезгілді уақыты жеткен соң, өзіне тиесілі көркемдік-эстетикалық міндетін атқарғаннан кейін қосалқы персонаждар ұлы оқиға арнасынан түсіп қалып, олардың орнын жаңа, басқа мақсат үшін көрсетілетін кейіпкерлер басып, соны ситуация, тың әрекет бел ала бастайды.

Өмірдің небір тамаша нұрлы жақтары - әже мен ананың перзентке деген шексіз махаббаты (Зере, Ұлжан – Абай), аға мен іні арасындағы қаяусыз адалдық (Абай-Оспан) , өле-өлгенше сызат түспеген тамаша достық (Абай-Ербол), мәңгілік махаббат (Абай-Тоғжан), азамат басын сыйлап жасалған қарымтасыз жақсылық (Абай-Салтанат), ерегеспен кек алу (Тәкежан малын қуып әкету, Оразбай аулын шабу), жігіттіктің ләззаты түндері (Абай-Қуандық), серілік рахаты (салбурын аңшылық), ақындық шабыттың тәтті сәттері (өлең туған мезгілдер), биік әнмен қауышқан бақыт (Біржанның келуі, Әйгерімнің Татьяна әнін салуы), туған жердің ыстық құшағы (жайлау суреттері) секілді сан-алуан кез-кезеңдер романда айрықша бейнелі, кең тынысты, өрнекті, ырғақты бай тілмен, дәстүрлі прозаның реалистік әдістерімен, зор шабытпен суреттеледі.

Іштей өзін-өзі ғажап, екіұдай болып арпалысып, ой ұшығына жете алмай, қате қадам басып, бармақ шайнап, от басынан опық жеп, ортасына сыймай, шідер үзіп кетіп, басты тауға, тасқа соғып, ұрт қимылға барып, содан таяқ жеп, қылмысты атанып, жазықсыз жаза шегіп, көп уақыттан кейін туған жерге оралып, саналы әрекетке көшкен Базаралының іші-сыртын жазушы тамашалай отырып, іш тартуын жасырмай, ашық пейілмен жарқырата көрсетеді. Бұл тұлға жазушы қаламынан ертеректе туған ірі қимыл иелері Бақтығұл, Ұзақтардың рухани туысы, дәлірек айтса, әлем әдебиетіндегі күрескерлер қатарына еркін аттап барып, тең қосылған, үздік қаһарман.

Әуезовтің үлкен суреткерлік шеберлігінің терең ашылып көрінетін айқын тұсы – адам кескіндерін бейнелейтін шақ. Кейіпкер алғаш әрекет сахнасына шыққан бетте автор оның қолбетінің есте қаларлық сипат-белгілерін суреттеп береді. Адамның жалпы тұрпаты, бойы, дене бітімі, қимыл-қозғалысы, әсіресе, бас бітімі, бет пішіні, көзі, мұрны, ерні, тісі атамалап көрсетілмей, бір-бірімен байланыста, әрекет, қимыл үстінде, жанды – тірі қалыпта, сан алуан көңіл-күйімен толқыған, тебіренген, ренжіген, қуанған, жеккөрген сәтінде бой көрсетеді. Жазушының қырағы көзі әр түрлі нәсілді, сан алуан әулетті діл көріп, анық танып қапысыз танытады. Суретші қалам бір-біріне ұқсамайтын ондаған адамның реалистік портретін жасайды, олар тұтас көрмелерді толтыруға жетіп жатыр. Әуезов құдіретімен жаратылған әйелдер бейнелері бірінен-бірі өткендей сұлу, нұрлы, әсем: Тоғжан, Қуандық, Салтанат, Әйгерім, Үмітей, Керімбала, Нұрғаным, Мағыш, Мәкен. Атпал азаматтар, батыр жігіттер қандай: Базаралы, Балағыз, Оспан, Дәрмен, Әбіш, қыртысты билер, қат-қабат жуандар: Бөжей, Оразбай, Әзімбай.

Осынау қалың шоғырдың бір тұғырында – Құнанбай, бір тұғырында – Абай. Екеуінің де үй-ішінде, көпшілік ортасында, далада, шұрай топ алдында, отырған, жүрген, ат үстінде, ойға батқан, ашуға мінген шақтардағы, әр кездердегі шешім қабылдап, билік айтқандағы кескін-келбеті барша бояуымен көз алдыңызға келеді. Бірі – қаттылықтың, зорлық-зомбылықтың, екіншісі адамгершіліктің, әділет-мархаббатың бейнесіндей.

Жазушы кейіпкер келбетін сомдау үшін авторлық баяндау, персонаждың өткен күндерін еске түсіру, өзіндік сөздік сипаттама, басқалардың берген бағасы, психологиялық саралау, ой ағымы, диалог, монолог, полилог секілді көркем көркемдік құралдарды мейлінше еркін қолданады. Қаһарман оңаша күйде, екеуара, топ ортасында, мәжіліс үстінде, әрекет-күрес басында, қолма-қол шайқаста, бір қуаныш, бір қайғыда, барлық болмысымен толық ашылып, оқырман назарына түседі. Әрбір кейіпкердің мойнына жүктелген көркемдік мақсат, идеялық салмақ бар. Романның басынан аяғына дейін көрініп, характерлік даралығымен толық ашылатын ұлы қаһармандар бір төбе болса, жеке оқиғаларға, эпизодтарға ғана қатысатын кейіпкерлер де бар.

Өмір сахнасына бір буын келіп, өсіп, жетіліп, күресіп, шайқасып, жақсылы-жаманды тіршілік кешіп, мерзімді уақыт өткен соң, ажал тармағына ілінді. Көшті келесі ұрпақ жалғастырады. Тағы да қуаныш, тағы да қайғы. Тағы да талас, тағы да күрес. Сол мәңгілік майданның әлеуметтік психологиялық-философиялық роман беттеріне түскен ақиқаты, шындығы оқырманды эстетикалық ләззатқа бөлеп, сан тарау тебіреністе ойға жетелейді.

Әлемде алғашқы екі кітап “Абай”, үшінші кітап – “Абай аға”, кейін төрт кітап “Абай жолы” аталуында мегзеулік мән бар. Жеке тарау аттарының символдық мағынасын алғаш көрсеткен Ғабит Мүсірепов болатын. Шығарманы орыс тіліне аудару кезінде тарау аттарын өзгерту ұсынысына автордың мүлде келіспейіндей үлкен негіз бар еді.

Бір қарағанда, орасан зор көлемді болып көрінетін шығармаға жітірек назар салсаңыз, ықшамдылық, келісім, гармония заңдылықтарына ерекше мән берілгеніне көз жеткізесіз.

Бірінші кітапты жеті тарау (Қайтқанда, Қат-қабатта, Жолда, Шытырманда, Бел-белесте, Өрде, Қияда), екінші кітапта жеті тарау (Тайғақта, Жайлауда, Еңісте, Оқапта, Асуда, Тарауда, Биікте), бір эпилог, үшінші кітапта алты тарау (Абай аға, Кек жолында, Қарашығын, Өкініште, Қақтығыста, Қоршауда), төртінші кітапта алты тарау (Түн-түнекте, Құз-қияда, Қапада, Қастықта, Шайқаста, Жұтта), бір эпилог – эпопеяда барлығы жиырма тараушаға бөлінген. Олар және жеке көрініс, ситуациялардан тұрады.

Әрбір тараудың аты бөлімде өтетін басты оқиғаның, психологиялық қалпын дәл береді. Жинақтай келгенде, Абай өмірінің, жеке адам тағдырының бір шақтағы болмыс-бітімін анықтайтын образдық-символдық мәні күшті бейнелі сөз. Екі тарау аты, екі эпилогтан өзге жиырма төрт тарау аты түгелдей бір-бірімен ұйқасып, сабақтасып, жалғасып тұр. Нұрлы, бақытты, сәулелі сәттерден көрі, қайғылы, драмалы, трагедиялы күйлер көп. Мыңмен жалғыз алысқан данышпан, ақын ғұмырының мұңлы-зарлы шежіресі іспетті. Бірінші кітаптың соңында бейнеленетін шыңға шыққан жалғыз балғын шынар төртінші кітаптың аяғында зәулім болып өсіп барып, ақыры құлайды. Бұл- символ. Айта берсе, романда мұндай жинақтаушылық мәнге ие болып кететін образ бейнелер көп, осы қатарда теңіз кейпіне айналатын дала, ондағы болашаққа тартқан кеме, тарих белестері іспеттес боп көрінетін таулар тізбегін де қосу керек.

Әлем әдебиеті қазынасына ерекше қымбат көркемдік-эстетикалық игілік болып қосылған “Абай жолы” эпопеясының шығармашылық тарихында, жазушының ұстаханалық баянында бірнеше оқшау белгілі қасиет-сапа бар.

Қаламгердің болашақ, роман қаһармандары, олардың ұрпақ-нәсілдері ортасында туып, алаңсыз сәбилік, бақытты балалық, бозбалалық, күдерін солар кешкен қат-қабат әлеуметтік-психологиялық, тұрмыстық-этнографиялық табиғи-экологиялық қоршауда, қаймағы бұзылмаған көшпелілер мәдениеті құшағында өткізуі бір олжа болса, екінші сәттілік Құнанбай - Әуез, Абай – Омархан әулеті өзара қыз беріп, қыз алысқан, нағашылы-жиендік орайда туысып, ортақ қуаныш, ортақ қайғы бөліскен, сүйек-шатысты, жүз жылдық күйеулік, мыңжылдық құдалық рәсімін берік ұстанған жақын, бауыр адамдар екендігінде жатыр. Кезінде М.Әуезовтің өзі ескерткендей, бір ру, бір бұтақ болып, біте қайнасып кеткен.

Мұның үстіне жазушы көптомдық шығарма тудыруға бел байлаған соң, өзі бейнелейтін дәуірдің басты кісілері, басты оқиғалары туралы тарихи құжаттарды, сол кезеңді көрген, білген адамдардың жадында қалған, ескі сөздерді арнайы теріп, жинап, екшеп пайдаланған.

Осыларға қоса әлемдік реалистік проза үлгілері, классикалық тарихи романдар тағылымы, қазақ қарасөзінің өз мүмкіндіктері жан-жақты қарастырылып, терең зерттеліп, автордың эстетикалық мұраттарына бағындырылып, батыл шешіммен, соны шеберлікпен қаламгерлікпен нақты тәжірибеде ғажайып жемістерін берді. Сөйтіп, М.Әуезов өнер адамы мен халық тағдырын тұтас бірлікке көрсететін зор реалистік шығарма жазудың жаңа көркемдік мектебін ашты.

Негізінен, өмірде өткен адамдардың басында болған оқиғалардың жалпы сорабын сақтай отырып, жазушы көркемдік логика, эстетикалық мұратты, реалистік шығарма жасау талап-шарттарын бірінші орынға қойған. Өз атымен, өзінің тіршіліктері нақты, дәмді әрекеттерімен бейнеленген кейіпкерлердің өзін сомдауда жазушы қиялға, авторлық фантазияға мол орын береді. Тыңнан, ойдан шығарылған оқиғалар, ситуациялар, бейнелер толып жатыр. Бұл ретте Әуезов шеберлігі шомбал шұбар тасты ойып, қашап, жан бітіріп, көркем тұлға, жауһар туынды жасайтын тынымсыз еңбекқор мүсіншінің азапты да рахат әрекеттерін еске түсіреді.

Бір адамның, бір шаңырақтың, бір тайпаның, бір халықтың іштей жарылуы, осы іргеден туып, өрістейтін неше түрлі психологиялық хәлдер: түңілу мен үміт, қайратсыздық пен батырлық, надандық пен мәдениет, жақсылық пен жамандық, алауыздық пен бірлік дейсіз бе, әйтеуір қарама-қарсы полюстер, контраст бояулардың шарпысуын, ұстасулар, қақтығысулар кернеуін бейнелеудің хас шебері Мұхтар Әуезов түптеп келгенде, ең биік тұғыр - өмір мен өлімнің соңғы айқасының сан алуан түрлерін жан-жақты суреттейді.

Жазушы алғашқы шығармаларында-ақ өмір мен өлімді қатар-егіз алып, екеуін де тең күйде бейнеледі. Жиырмасыншы жылдардағы жас Әуезов әңгіме, повестерінің көбі адамдардың ерікті-еріксіз ажалдарымен, өліммен аяқталады. Бұл енді тарих сахнасынан кетіп бара жатқан кешегі көшпелі өркениеттің мерт болуы деген идеямен сабақтас көркем ой.

Осы сарынның тереңдеген тосқыны “Абай жолы” эпопеясының басынан аяғынан дейін ыңыранып ағып жатыр: Қодар мен Қамқаның зорлықпен жасалған қанды өлімі, намыстан күйіп кеткен Бөжейдің кекті өлімі, ауыр сырқаттан көктей қиылған Әбіштің аянышты өлімі, асарын асап, жасарын жасап, ұрпағын өсіріп болған Зеренің разы өлімі, қатыгез, тас жүрек ру басыларының құрбандығына шалынған титтей Кәмшаттың ащы өлімі, кезінде қылышынан қан тамған Құнанбайдың шымылдық артындағы сопылық, мінажат өлімі, ең ақырында халқының ары мен ұяты, жаны мен сыры, өлеңі мен үні болған дана Абайдың трагедиялық өлімі бар.

Ұлы жазушының бас шығармасында бейнеленген негізгі тартыс-әділет пен зорлық, тұтастық пен алауыздық, білім мен надандық, махаббат пен ғадауат майданында түптің түбінде жарқын өмірдің, нұр сәуленің, береке-бірліктің жеңетінін мадақтаған, өзі құлай сүйіп, сол жолға барлық қайрат-жігерін, өр талантын, сапалы ғұмырын арнаған – қазақ халқының өрісті келешегі мәңгілік деген асқақ арманды үміттің оты маздап жанып тұр.

Рамазан Тоқтаров. "Абайдың жұмбағы"

http://www.madeniportal.kz/article/4335

Жазушы Рамазан Тоқтаров1935 жылы 13 қаңтарда Павлодар қаласында туған. Алматыдағы шет тілдер институтының француз тілі факультетін бітірген.  Жарық көрген шығармалары: “Ертіс мұхитқа құяды” – роман (1962), “Бақыт” – роман (1965), “Терістіктің шұғыласы”- повестер мен әңгімелер (1976), “Тұлпардың сыны” – роман (1975), “Жердің үлгісі” – роман (1979), “Сусамыр” – роман (1985), “Таңбалы жарғақтың құпиясы” – роман (1991), “Абайдың жұмбағы” – роман-хамса, Алматы, “Әл-Фараби”, 1999, 47 б.т. Орыс тіліне аударылғаны: “Иртыш  впадает в океан” – роман в 2-х томах. І-том 1968, ІІ-том 1969.

Жазушы Рамазан Тоқтаров өзінің Абай туралы жаңа шығармасын «роман-хамса» деп атапты. Бұл – жаңалық. Бізде роман сынды күрделі жанрдың неше түрлі үлгісі бар. Екі томдық дилогия, үш томдық трилогия, төрт томдық эпопея бізге бұрыннан таныс болатын. Тоқтаров енді бес кітаптан тұратын кесек туынды ұсынып отыр. Оған жоғарыда айтқанымыздай, «роман-хамса» деген айдар тағыпты. Екінші жаңалығы – бұл шығарма өзге емес, ұлы Абай туралы. Міне, осы тұста алдымен басын ашып алатын бір мәселе бар.

Бізде Абай өмірінен жазылған ұлы классигіміз Мұхтар Әуезовтің әлемге әйгілі эпопеясы бар. Сол еңбегі арқылы М.Әуезов өзін де, Абайды да бүкіл дүние жүзіне танытты. Осы шығарма арқылы біздің бәріміздің жадымызда қалыптасқан ұлы ақынның бедерлі бейнесі қалды.                                       

Ендеше бұл хамсаның өмірге жолдама алуға хақысы бар ма? Бақсақ, әбден бар екен. Ол турасында шығарманың прологындағы автордың бірсыпыра дәйекті дәлелдерінің біреуін ғана келтірейік.

“Әр дәуір, заман талабы оның ғарышты кезген өз уақытының мерейі үстем Абайын сомдай береріне шүбә келтіріп болмас”, - дейді ол.

Енді осы тұжырымды біз де өзімізше таратып көрейік.

Абай біз үшін ұлы ұстаз, кемеңгер ақын, данышпан ойшыл. Халқымыздың рухани көсемі. Оның өзі де, сөзі де, өсиеті де мәңгілік. Қазақ қазақ болып тұрғанда, Абай аты өшпейді. Абай сөзі өлмейді.

Бірақ заман өзгереді ғой. Оның ғылым-білімі, ой-санасы, өмір салты өседі. Жаңа сапаға көшеді, жаңа сатыға көтеріледі. Сонда, жаңағы Тоқтаровша айтқанда, әрдайым мерейі үстем болып қала беретін Абайы да өзгеруі керек қой.

Тіпті Абайдың өзі мен сөзі өзгермесе де, өскен, өзгерген қазақтың оны ұғынуы, түсінуі жаңаша болмай ма? Демек, Абай оларға әрдайым жаңа бір қырларынан ашылуы біздің Абайымыз, мәңгілік Абайымыз, әр заманда оның өзіндік төл Абайы болады дейтініміз де сондықтан болса керек.

Роман-хамсада Әуезовпен бәсекелесу де, оны қайталау да, әсіресе Әуезовті қайта қарау әрекеттері де атымен жоқ. Мұнда үлкен өмірдің біз білетін-білмейтін өзгеше бір қырларын ашу, өзгеше бір деректерін діттеу, өзгеше бір оқиғаларын баяндау, соларды келістіре суреттеу арқылы бұрын білетін Абайдың бұған дейін білмей келген жаңа бір бейнесін мүсіндеп шыққан көркем хикая бар. Соның барлық өткелегінен өтіп келгенде, біз жарық дүниеге шыр етіп келген сәби күнінен бастап бақиға аттанған қайғылы сағатына дейінгі 59 жыл өміріне түп-түгел куә болып, көз алдымызға таныс Абайдың бұрын өзіміз көрмеген бейтаныс  әулие бейнесін елестетеміз.

Роман-хамса әрқайсысы өз өрісімен дамып, өзгеше тынысын тауып отыратын бес бөлімнен, яғни бес кітаптан тұрады. Әрқайсысының дем-тынысы өзінде, бас-аяғы бүтін дербес хикая. Олардағы оқиға өзегін ұстап тұрған негізгі кейіпкерлері кітап тақырыбының астында жақшаға алып көрсетілген:

1.      Толғақ (Кенесары – Құнанбай – Қодар).

2.      Жұлдыз құрбандық (Шоқан, Достоевский, Құдайберді).

3.      Қызғаныш (Халиолла, Михаэлис, Шәкәрім).

4.      Хақиқат мекені (Саққұлақ шешен, Мұса мырза, Дологополов).

5.      Нұрсипат (Мәшһүр Жүсіп, Әлихан Бөкейханов, Мағауия).

Осы бес кітаптағы баяндалатын оқиғалардың барлығына ортақ өзек те, ондағы адамдардың бірімен-бірін байланыстырып отыратын дәнекер  де, оларды бір кітаптан екінші кітапқа ауыстырып отыратын өткел де – Абай, соның өмірі.

Жақша ішінде аты аталған адамдардың бәрі де тарихи тұлғалар. Олардың бірсыпырасы, өздеріңізге мәлім, Абайдан бұрынырақ өмір сүрген, яғни өмірге одан ертерек келген. Бірақ ескінің көзіндей болып Абай заманына дейін жеткен солардың әрқайсысында, олардың ісі мен сөзінде алдыңғы заманның, яғни ғасырдың алғашқы жартысындағы  оқиғалардың жаңғырығы бар. Ал, қалғандары болса Абайдың өз тұстастары, ғасырдың екінші жартысында жасаған, сол кезеңнің өз өкілдері. Сөйтіп, бұл роман-хамсада Абайдың өзі өмір кешкен соңғы елу жыл ғана емес, бүкіл ХІХ ғасырдың дем-тынысы бар.

Әрине, осынау шағын мақаланың аясында кітаптағы Абай өмірін толығынан таратып айтып шығу еш мүмкін емес.

Сондықтан да біздің бір ғана жайтқа, Шоқан мен Абайдың кездесуіне ғана тоқталып өткеніміз жөн шығар. Өткен ғасырдағы үш алыбымыз, үш арысымыз Ыбырай, Шоқан, Абай үшеуінің жас шамасы деңгейлес бола тұрып, олардың қазақ даласының  бір өңірінде туып, бірін-бірі көрмей-білмей кеткені біз үшін орны толмайтын өкініш еді. Бұл жай ғана өкініш емес, тағдырдың өзі маңдайымызға жазып тұрып, таңдайымызға татырмаған, құдайдың өзі беріп тұрып, пешенемізге бұйырмай кеткен сыбағамыз. Әсіресе, қазіргі Қостанай облысының жерінде, бір ғана Тобыл мен Обаған өзендерінің арасында туып, бірімен-бірі кездесе алмаған Ыбырай мен Шоқан, немесе Семейдің топырағын қатар басып жүріп, бірін-бірі сырттай ести жүріп жүздесе алмаған Шоқан мен Абай араларында айтылмай кеткен сөздер біздің аузымыздан жырылып түскен несібеміз еді.

Рамазан Тоқтаров өзінің осы романында әлгі оқпандай олқылықтың бір қуысын толтыруға әрекет жасапты.

Ол Абай мен Шоқанды кездестіреді. Бір емес, үш мәрте. Алғашында кадет корпусын бітірген жас офицер Шоқан әкесімен бірге Құнанбай ауылына келеді. Сонда алғыр дарыны мен зерек зейінін аңғарған он жасар Абайды ұнатып қалып, келесі жылы Семей медресесіне әдейі іздеп барады. Қасында досы Достоевский бар. Үшінші жолы Шоқан Атбасарда болыс сайлауына түсіп жатқанда Абай әкесіне еріп барып жүздеседі. Осының үшеуінде де Шоқанның Абайға аңқылдаған ақ көңілден айтқан ағалық ақылы мен ақ тілегі: оқы, ғылымға тереңдеп сүңгі, сонда өмірге көзің ашылады. Ақындық өнеріңді дамыта бер, әбден ойланып барып, қағазға түсіріп жаз, сонда өлмейтін өнерің ұрпақтарға қалады.

Осы ақыл Абайдың бүкіл өмір бойына көкейінде мәңгілік орнап қалған өсиет сөздері болады да, Шоқанның жарқын бейнесі мұның көз алдында асқан адамгершіліктің үлгісі ретінде үнемі елес беріп жүреді.

Өмірде кездеспесе де кездесуі әбден мүмкін адамдардың бір-біріне ыстық ықыласын осылай шындыққа айналдырған жазушы қиялы барынша құрметтеуге лайық деп ойлаймын.

Жас Абайға осы үшеуінен кейін қатты әсер еткен бір адам – ел ішінде Шайхы атанып кеткен Дәулетбай қажы. Ол мұсылманша терең білімді, Шығыс ғұламалары мен ақындарының мұрасына жетік және сол білгенін халықтың игілігіне қалтқысыз жұмсап жүрген бір елгезек, жанкешті кісі.

Сол Шайхы ата Абайдың медреседе оқып жүргенде Шығыстың жеті жұлдызын өзіне пір санап, солардан медет тілеп жазған бір шумақ өлеңінен Шәмсиді ерекше бөліп алып, сол жайында Абайға көп-көп әңгіме  айтады.

Толық ныспысы Шәмсиден Гебризи атанған бұл ғұлама кезінде Жәлелдин Ұрыми сынды әйгілі ақынды тәрбиелеп шығарғанын жырдай қылып баяндайды. Өлер алдында өзі Абайға дәл сондай ұстаз табуды, ондай адам кездесе қалса, ұлтына, нәсіліне, тіліне, дініне қарамай, шынайы жебеушім деп қабыл алуды өсиет етеді. Көп ұзамай, дәл сондай ғұлама ұстаз бұған нәсіп болатынын болжап айтады.

Айтқандай-ақ, Абайға ондай ұстаз кездеседі. Ол – кәдімгі өзіміз білетін қадірменді Евгений Михаэлис.

“Дүниеге көзімді ашқан Михаэлис” деп Абайдың өзі мойындаған бұл кісінің ақынға деген шынайы достық ықыласы мен білімдарлық ыждаһаты романда мейлінше сыпайы ізеттілікпен өте тартымды суреттеледі. Жалғыз Михаэлис емес, одан бұрын-соңды таныс-біліс болған орыстың зиялы адамдары атап айтқанда, сол Михаэлиспен рухани туыс Долгополов, Гросс, Коншиндерден бастап, әртүрлі лауазымдағы интеллигент шенеуніктер: заңгер Лосовский, ояз бастығы Измаилов, генералдар  Цеклинский, Колпаковский, белгілі ғалым Потаниндерге дейін әрқайсысы өз кезегімен Абайға иіліп ілтипат білдіреді. Соған орай, олармен араласа жүре, ой-пікір алыса жүре, Абай да өзінің табиғи даналығын, білім деңгейінің өскендігін көз алдарында танытып отырады. Солардың ерекше сый-құрметіне бөленеді.

Романда Абайдың азаматтық, адамгершілік бейнесінің ерекше жарқырап, жайнай көрінетін данышпандық тұлғасының, ақындық дарынының ерекше кемелденген тұстары көп-ақ. Оның Михаэлиске еріп, Ұлытауға баруы, сол жерде қазақ тарихынан терең тебірене сөз сөйлеуі, сол үшін әкімшілік орындарына сезікті көрініп, Омбыға апарылуы, онда губерниялық сот мәжілісінде не бір маңғазданған қасқалар мен жайсаңдар алдында көсіле сөйлеп, бәрінен мойын оздыруы, сөйтіп, өзін ақтап шығу үстіне билік орнындағы әкімдерден құрметке  бөленуі, Әз Тәукенің “Жеті жарғысы” мен Шоқанның сот реформасы негізінде қазақ даласын басқарудың тұтас бір жүйесін жасап беруі, т.б. оқиғалар – ел алдында, жоғары әкімшілік орындары алдында Абай беделінің асқақтап көтерілуіне айқын айғақтар болып көрінеді.

Жинақтап айтқанда, Рамазан Тоқтаровтың бұл туындысы қазіргі қазақ әдебиетіне қосылған сүбелі үлес. Көркемдік дәрежесі жоғары, мазмұны бай, ұлы Абай бейнесін өз заманының мәнді оқиғаларымен, көкейкесті проблемаларымен табиғи байланыстыра отырып, шынайы суреткер шеберлігімен сомдаған бағалы туынды. Әсіресе, Рамазанның тіл байлығы, суреттеу шеберлігі, кейіпкер бейнесін сомдау машығы оқырманды ерекше тәнті етеді. Сондықтан бұл ірі шығармаға Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың берілуі өте орынды болды.

Рымғали Нұрғали,

әдебиеттанушы ғалым 

Рамазан Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы» романындағы тартыс пен характер

https://articlekz.com/kk/article/16161

ХХ ғасырдың 60-жылдары ұлттық əдебиетіміздегі жаңа бір кезеңнің бастауы болды. Бұл кезеңде əдеби жанрлар барынша дамыды. Проза жанрындағы елеулі ізденістер өз жемісін бергеніне осы кезеңде жазылған əр түрлі тақырыптағы романдар мысал. XX ғасырды ұлттық жазба əдебиетіміздің алтын ғасыры деп түрлі мазмұндағы, көркемдік сапасы жоғары шығармалардың дүниеге келуімен бағалап жүргендігіміз белгілі. Бұл кезеңдегі проза ұлт өмірінің əр қилы қырларын бейнелей отырып, көркем бейненің бай галереясын жасады. Проза жанры бүгінгі күн тақырыбы мен тарихи дəуір шындықтарын игере отырып, ұлт өмірінің шежірелі болмысын бейнелеп берді. Бұл салада 60- жылдары əдебиет əлеміне келген Ə.Кекілбаев, О.Бөкей, М.Мағауин, Т.Əбдіков, Қ.Жұмаділов, Д.Досжанов, Р.Тоқтаров есімдерін ерекше атауға болады.

Аталған кезеңдегі прозаның ең басты табысы — оның көркемдігінде. Дəуірдің қоғамдық- əлеуметтік келбетін суреттей отырып, жазушыларымыз оны көркем бейнелердің мінезі, қарым- қатынасы, əрекеті, ой-аңсары, мақсаты, ішкі жан-дүниесі арқылы бейнелеп берді. Жазушылар қаламына көп іліккен тарихи тақырып əр қырымен көрініп, ұлт тарихындағы ұлы оқиғалар мен ұлы тұлғаларды бейнелеп-сомдауда əдебиетіміздің тамаша табыстарға қол жеткізгені белгілі.

Филология ғылымының докторы, əдебиет сыншысы Бақытжан Майтановтың айтуынша, жазушы Рамазан Тоқтаровтың шығармалары жаңашылдық сипатымен ерекшеленеді.

Ендеше, Рамазан Тоқтаров «Абайдың жұмбағын» жазуға үлкен дайындықпен келген. Тоқтаров жазушы Мұхтар Əуезовтен шыққан «Абай жолы» романын негізге ала отырып, бес кітапты біріктіріп, жаңалығымен «Абайдың жұмбағы» атты роман-хамсасын қалың оқырманға ұсынды. Бұл шығарманы жазуда үлкен мəн бар. Себебі, туындыны оқи отырып, «Абай жолында» жазылмай қалған кейбір тұстарын байқаймыз жəне Абайдың өміріндегі айтылмай қалған маңызды оқиғаларды анық аңғарамыз.

Абайдың əдеби мұрасын өз деңгейінде тереңірек танып ұғынуымыз үшін, алдымен, Абай өмір сүрген, ұлы ақынды қоғам қайраткері етіп қалыптастырған отбасы тəрбиесі мен сол заманның саяси- əлеуметтік болмысын, қоғамдық ортасын жете танып-білудің мəні айрықша болмақ. Ол үшін Абайдың өзі ғұмыр кешкен заманы мен оның атасы Өскенбай мен əкесі Құнанбайдың заманын салыстыра қарап, сын көзімен қарасақ, көптеген саяси-əлеуметтік мəселелердің астарлы сыры ашыла түсетінін аңғарамыз [1; 1].

Еліміз тəуелсіздік алғаннан бергі уақыт ішінде əдебиетімізге алдымен келіп қосылған ірі туындылардың бірі — Рамазан Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы» атты шығармасы. Автордың өзі «роман-хамса» деп айдарлаған бұл еңбегі жазушы қаламының əбден төселген кезінде жазылған [2; 20].

Роман-хамса, автордың пайымдауынша, ақынның əдеби бейнесін толымдырақ етіп жеткізу үшін əлі де қамтылмай келе жатқан жайттар баршылық. «Бір Абайдан сан кісінің саралы өмірі тұр. Абайдың не бергені — біздің қолымызда. Өзінің өмірден не алғаны, қалай алғаны — жұмбақ. Ол жұрт көрмегенді көрді, жұрт сезінбегенді сезінді. Қалай көрді, қалай сезінді, түсінік-түйсігі қай дəрежеде қалыптасты? Не нəрселерге көбірек əсерленді?  Абайдың достығы, мейірбанды жүрегі, махаббатығы, сүйініш-күйініші — бəрі өзгеше».

Абай өз заманынан озық туса да жапа-жалғыз тіршілік еткен жоқ. Дүние жүзінде əдебиет пен мəдениет күрт өркендеген кезеңде өмір сүрді. Өзінің оқып білуі арқылы сол тұстағы Еуропа мен Ресейдің небір ғұлама ойшылдары мен дарынды сөз иелерінің шығармаларынан сусындады. Өз топырағында не бір аты əйгілі болған жақсылармен, сөз қуған шешендермен, елге ес көсемдермен дидарлас болды. Олардың көбін кешегі кеңестік заманда Абай айналасында көрсетпек түгіл аттарын атауға да тыйым салынған-ды. Роман-хамсада соларды жөн-жосығымен толығырақ көрсетуге мол мүмкіндіктер бар еді.

Автордың абыройына қарай, роман-хамса бастан-аяқ жоғары көркемдік дəрежеде жазылып, қалың оқырман қауымның ойынан шықты, жаңа дəуірдегі əдебиетімізге сүбелі үлес болып қосылды.

Ілтифат-хат түрінде жазылған пролог пен роман-хамсаны түйіндеген эпилогтың арасында əрқайсысы жеке-жеке кітап түрінде ұсынылған бес бөлімнен тұратын бұл ілгері туынды ұлы Абайдың жарық дүниеге келген күнінен бастап бақиға аттанғанға дейінгі бүкіл өмірін қамтиды. Онда өзінен бұрынғы айтулы эпопеяның егініне түсіп еркінсу де, онымен бой теңестіремін деп тыраштық білдірген əдепсіздік те жоқ, өз тынысы мен өз əуені өзінде дара туынды.

Енді ой көзін Абай дүниеге келген кездегі қазақ елінің тарихи жағдайына қарай бұрайық. ΧΙΧ ғасырдың орта шені [2; 21]. Орыс патшасының бодандығына кіргелі ғасырдан астам уақыт өткен кез. Сол мерзімнің өн бойына дерлік қыр елдің ұзын арқан, кең тұсаумен алдарқатып ұстаған патшалық оны сыртқы жаудан аман сақтап, ішкі өміріне араласпайтын сыңай танытқанымен, бірте- бірте оның шекараларын айнала қоршай ірі-ірі қалаларын салып, тірек бекіністерін нығайтып алған- ды. Сөйтіп оның ішкі өміріне тікелей араласып, əкімшілік билікті үкіметтің өз қолына алуына жол ашылған. Соның алғашқы шарасы ретінде қазақ жерінде хандық билік жойылып, əр өңірде шағын көлемді округтер құрылған. Олардың билік басына аға сұлтан деген алдамшы атақпен хан тұқымының бас көтерер пысық мырзалары тағайындалған да, олар түгелімен ішкі қалалардағы ояз бастықтарына бағындырылған.

Қазақ даласында патшалықтың ашық отарлау саясатына қарсы ұлт-азаттық көтерілістің алғашқы ұшқыны батыс өңірде сақталып қалған хан билігінің сарқынына қарсы XIX ғасырдың отызыншы жылдары Исатай-Махамбет қозғалысы арқылы тұтанса, сол өрт бірден-бірге жалғаса келіп, қырқыншы жылдардың орта кезінде Арқадағы Кенесарының қайсар қарсылығына ұласқаны белгілі. Бірақ ержүрек батыр қаншама қайрат көрсетсе де, патшалықтың от қарумен жасалған жүйелі əскеріне төтеп бере алмай, оңтүстік өлкелерге қарай жылыстыруға мəжбүр болған.

Роман-хамсаның ұзақ сонар оқиғалары маң далада уақытша тіккен шатырын жығып, Арқадан ауғалы тұрғанда айтқан Кенесарының қоштасу сөзімен ашылады.

– Уа, кір жуып, кіндік кескен туған елім! Сарыарқа сары белім! Абылай атам ту тіккен, алты Алашқа кең жазира қоныс болған алтын босағам... Кер миықтым кеңестен, керторы атым жүрістен қалып барады. Жасанған жаудан емес, жағадан алған өз иттерімнен жеңіліп, мен кетіп барамын. Қош-қош, енді айналып келгенше. Жеңсек — қазы, өлсек — шейітпіз. Шашылған күлің мен жапырылған шалғының кейінгі өсіп-өнетін ұрпағыма көрінсін. Боз інгенім ботасынан, боздауық бура жетесінен қалып бара жатса да, үйелменім аман болсын! Абылайдай атағы жер жаратын ұл тусын Сарыарқамда. Сол бастасын халқымды салқар ұлы көшке. Есіңде сақта осы сөзімді, қайран ел-жұртым, қазағым! Мен кетпеспін біржола. Тірі болсам өзім, өлсем аруағым қайтып кеп қалар. Қош-қош енді... [2; 22].

Осыдан сəл ғана бұрынырақ Кенесары ел тағдырын ойлап қамығып отырғанда, өзін-өзі жұбату үшін болса да жəне бір ауыз сөз айтып еді: «Халық қасиетін жоймау үшін дана тууы керек», — деген ол. Жаңағы қоштасу сөзінде сол ойын жаңғырта қайталап айтқан.

Жаратқанның ісіне адам пенде шек келтіріп бола ма? Тəңірінің немесе бір тылсым табиғат құбылыстарының ішкі сырларында əлдеқандай таң-ғажайып сабақтастық байланыстар болатынына адам ақылының болжамы жете алмай жатса, оған не айтуға болар еді?

Хан Кененің жаңағы бір таусылып тұрып тəуба қылғандай көрегендік сөзі айна-қатесіз дəл келгендей екен. Дəл сол күні, Кенесарының қалың қолы қазақ даласының төскейінен төмен қарай жылжыған сəтте, Құнанбайдың екінші бəйбішесі Ұлжан ана қатты толғатып, үш күн, үш түн қиналғаннай кейін, шекесі торсықтай бір ұл туыпты. Қазақтың маңдайына біткен болашақ данагөйі ұлы Абай дүниеге осылай келген екен.

Роман-хамсада Абайдың нəресте сəби күнінен бастап, ес кіріп есейген жасөспірім кезіне дейінгі балғын балалық шағы соншалықты сүйкімді де тосын мінез-қылық ерекшеліктерімен, ешбір əсірелеусіз, ғажайып ертегі, аңыздарда кездесетіндей алып-қашпа қоспарларсыз, мамыражай маңғаз көңілдің ұстамды тілектестігімен əсерлі етіп баяндалады.

Міне, ол қырқынан шығар-шықпас шарана күйінде, тал бесікте үстіне төне еңкейген ананың ақ омырауын мейірлене еміп жатып, сол бір жылы жүзді кісінің бет-ажарынан көз айырмай, қас қақпай, қадала қарайды. Əлгі тəтті сусыннан ауық-ауық өзі татырмаса, бұл қыңқ деп дыбыс білдірмейді. Қасында анасы жоқ болса, жоғарыда шаңырақтан дөңгелектеніп көрінген көк аспанға немесе киіз үйдің жабығынан түскен жарық сəулеге қарап, тағы да тып-тыныш жатады.

Сегіз айдан аса бергенде ол бесіктен шығып, құйрығынан отырған кезде өз аяғынан тұратын болыпты. Бірақ ілгері қарай еңкейіп еңбектемепті. Бір халықтың болашақ данышпанын тағдыр жер бауырлап жорғалатқысы келмеген болар, ол бесігіне сүйеніп тік түрегелген бойда қаз басып ілгері қарай аттап кеткен дейді. Тілі жаңағыдай аяқтағаннан едəуір кешеуілдеп шыққан сияқты. Сондағы тағы бір оқшау мінезі — ол үйге келген адамның бет-жүзіне көз тоқтата қадалып, ұзақ уақыт қарайды екен [2; 23].

Осыдан секем алған анасы Ұлжан бір күні оны Зере енесіне сыр қылып айтады ғой. Сонда өмірден түйгені көп ақылды қария бұл құбылысты өзінше түсіндіреді. Немересінің ақыл-есі кермей тұрғанда кісіге əуелі екі көзін тоқтатып алып қарайтын əдетін ол да байқап жүреді екен. «Миға қонатын ақыл ішке сəулемен, көз арқылы енеді. Сəуле — ақылдың азығы. Баланың есі кіре бастағаннан жыламайтыны, кісі жатырқамайтыны да содан, күнім!».

Соңғы кездері бала мінезінің бəрінен де күштірек таңырқатып жүрген тағы бір қылығы бар. Ол — кешкісін ауыл шетінен қып-қызыл боп туатын дөңгелек ай. Күндіз жоқ еді, жер шегінде кетпей қонақтап тұрып алған бұл не қылған жұмбақ шар. Өзі мұны «кел-кел» деп өзіне шақырғандай бола ма, қалай?

Толған айды бар ғажайып сəнімен тұңғыш көріп тұрған əсершіл сəби кішкентай саусақтарын көкжиекке созып:

« – Апа... əпе... əпе... », — дыбыс білдіреді. Соны əркім əрсаққа жүгіртіп, өздерінше жорамалдап жатқанда, анасы былай деп тоқтау айтады:

«Толған ай — баланың көңіліне орнаған тұңғыш жұмбағы. Аманат жаны аман болса, оны да түбі өзі шешеді» [2; 24].

Абайдың тілі əбден шыққаннан кейінгі кейбір қылықтары таң-тамаша. Ес білгелі кісіден жатырқамайтын үйірсек жас, сырттан келген адамдардың бет-ажарына көз кідіртіп қадала қарайтын мінезі өз алдына болғанда, сол кісілердің аузынан шыққан сөздерді қалт жібермей, есінде сақтап қалады екен. Сонсоң кісі кеткеннен кейін бір сөзін қалдырмастан, түп-түгел қайталап бере алады екен [2; 25].

Осыдан Абайдың бала кезіндегі естілігін аңғаруға болады. Сол естілікті Абай, өзінің он тоғызыншы қара сөзінде былай деген екен. Қазақта мақал бар: «Көре-көре көсем боласың, сөйлей- сөйлей шешен боласың».

Абайдың атасы Өскенбай Ырғызбайұлы (1773–1850) тобықты руының атақты биі болған. Өскенбай заманы тəуелсіз Қазақ хандығы мен Ресей империясының отаршылдық заманында өмір сүрген. Құнанбай əкесі Өскенбайға 1851 ж. ас бергенде 6 жасар Абай əжесімен бірге сол асқа барған еді. Бала Абай жастайынан атасы Өскенбай заманын, онда болып өткен түрлі оқиғалар мен ру таласын, саяси-əлеуметтік мəселелерді сезініп өссе, олар жайлы тарихи əңгімелерді ел аузынан естіп, көкірегіне түйіп өсті. Өйткені ол заман əлі де болса қазақтың көшпелі өмірі мен əдет-ғұрпын, ұлттық салт-санасы, дүниетанымы сол қаз-қалпында сақталып, өзгеріссіз тұрған кезең еді [1; 1].

Осындай ерекше зерек зейін-зердесі арқасында ол бес жасында ауыл молдасының алдынан дəріс алып, тез арада хадим əліппесін игереді. Көп ұзамай Құранға түседі. Оның сыртында «Бозжігіт», «Құламерген мен Жоямерген» сияқты ертегі-хиссаларды да зуылдатып оқи беретін болады.

Бұл жасөспірім баланың сегізден тоғызға қараған шағы еді. Бір күні оған пейілі түсіп отырған əкесі қасына шақырып алып:

Балам, сені алдағы жаз оқуға апарам, — дейді. Содан кейін сəл кідіріңкіреп, толғанып отырып сөзін жалғастырады: — Ендігі жерде білекті емес, білімді алатын заман келе жатыр. Сен Семей шаһарындағы үлкен мешіт қасынан ашылған Ахмет-Риза хазіреттің медресінен оқып білім аласың.

Əке сөзі екі болмайды. Келесі жылдың жазында Құнекең Абайды Семей қаласындағы медресеге алып барып, оның хазіретіне өз қолынан тапсырған. Кетіп бара жатқанда əке өсиеті мынадай еді: Балам он қой жарысса біреуі озып келеді, ол емес жүйріктік.Қатарыңнан жарысып озба, бойыңнан өнер шығарып оз. Өнбейтін нəрселерге ұмтыламын деп, отыңды өшіріп алып жүрме [2; 25, 26].

Дүние жүзіндегі ең бір шытырман, ең бір қиын, мағынасыз оқу — діни сабақтар жүретін медреседе Абай да оңай азап тартқан жоқ. Мағынасы жат діни кітаптардың əрбір харпіне шұқшиып, жаттап алуға мəжбүр болды, медреседе ересек адамдар да оқушы еді. Олар да құранның түсініксіз сөздерін жаттап, ораза тұтып, намаз оқығаннан басқа өмірге жуысатын пайдалы ілім ала алмаушы еді. Бар əңгімелері діни ереже болатын осындай ойсыз ортада жүрсе де, жас Абай олардың ауқымында, ықпалында қалып қоймады. Ислам дінінің кертартпа қағидалары оны қанағаттандыра алмады. Өмір үшін туған Абай сол діннің күңгірт дүниесінде адасып қалмай, сəулелі, нұрлы дүниеге қарай талпынды. Поэзияға ерте əуестенді.Əрине, медреседе жүрген шəкірт Абайдың алғашқы өлеңдері, əсіресе тіл жағынан шұбарлау, халық тұрмысынан жырақтау еді. Кейінгі өте нəрлі, татымды піскен поэзиясына келе алған жоқ-ты [3; 8, 9].

Медреседе хазірет Абайдың құран мағынасын еркін шығаратын сауаттылығын ескеріп, оны өзінен көп үлкен ересек балалардың тобына қосып қойды. Ондағы сабақ беретін молдалар — Сүлеймен қалпе, Шəріпжан қалпе, Əлкембай хажы сияқты өңдері салқын болғанмен, үндері құлаққа жағымды, дүние ісі мен сөзінен мол хабардар ғұлама адамдар болады. Олар араб, парсы тілдерінен дəріс береді. Одан басқа тарих, жағрапия, есеп сабақтары оқылады екен.

Солардың ішінде Абайды ерекше баурап əкеткені жаңағы аталған қалпелер жүргізетін араб, парсы тілдерінің сабағында айтылатын өлең-жырлар: тілге жеңіл ғазелдер, қысқа шумақты рубаяттар, ұзақ-ұзақ айтылатын ғашықтық жырлары. Абай алғашында оларды өзінен өзі туған, Құран сияқты көктен түскен дайын дүниелер деп есептейді. Сөйтсе оларды Науаи, Сағди, Фирдоуси, Жəми, Руми, Хафиз, Хайям сынды ақын, шайырлар шығарған екен.

Бір күні хазірет Абайды қасына шақырып алып, өз үйіне ертіп барады. «Келешекте ғалым болатын балаңыз осы ғой, молда? Өз үйің бұл», — деп жайдары жүзбен қарсы алған абызтай апасынан қысылыңқырап, сыпайылық сақтап тұрған жігіттің көңілін бөлейін дегендей, хазірет əуелі шəкіртінің əкесі туралы сөз бастайды.

Құнанжан екеуміз бір жылдың төліміз. Қара қазақта өзінің тұрғыласынан сенің əкеңнің алдына шығар тірі пенде жоқ. Тек Құдай бойына қуат, жанына саушылық берсін. Алда тұрған көп ықылым замандарға кетеді оның ғибратты істері», — деп алады да, хазірет өзінің негізгі айтпақ ойына көшеді.

Тауарихтан айтсақ та, дала тіршілігін таратып сөз етсек те, əуелі ғылымға, даналардың ғаделет заһиріне көбірек үңілеміз... Бай бол, бағылан бол, — бір ғылымнан басқаның бəрі кесеп, асылық етеді. Бір күнде қапысын тауып, алдан тосады. Сонда да һаммаға харекет беретін бір Алла тағаламның хикметі ғой.

Сөзің ерте піскен зерек ойыңнан кəмелет — ғазаматтық таныдым мен, Ибраһим. Пайғамбардың хадис-шарифінде айтылған ол, «зеректік — ерте есеюдің белгісі » деп...» [2; 27, 28].

Роман-хамсада Шоқанмен Абайдың алғаш кездесуі жасы сегізден тоғызға аса бергенде, өзінің айтуы бойынша, ақыл-есі кірген кезде, Құнанбай ауылында болған еді. Ат аяғы жетер жердегі игі жақсылардың біразы бас қосқан үлкен жиынға Шыңғыс Омбыдағы оқуын бітіріп, генерал- губернатордың қарамағында қызмет істеп жүрген баласы Шоқанды ерте келген. Сонда ол ауыл молдасынан сабақ алып, хат танып қалған бала Абайды ұнатып қалып, бойына үйір еткен. Оған өзі білетін біраз хиссалардан жатқа үзінділер айтқызып, өте риза болған. Оның келер жаз Семейге барып оқитынын естігенде, соған шын ниетімен қуанып, ағалық тілектестігін білдірген.

Келесі жылы қызмет бабымен Гасфортқа еріп Семейге барған сапары кезінде, қасында Достоевский бар Шоқан Ахмет-Риза медресесіне шəкірт Абаймен екінші рет кездесті. Өзін алғаш көргеннен бері бір бүйірінен шықпай қойғанын айтып:

Қалай оқуың көп пе, əлде тоқуың көп пе? — деп сұрағанда, Абай іркілместен:

Сол екеуі де аздық етпесе, көптік қылмас деп ойлаймын, Шоқан аға, — деп ұшқыр жауап беретіні бар.

Сонда Шоқан оның қолынан алып, салалы ұзын саусақтарына сүйсіне қарап тұрып:

Аздық етеді, бауырым! — дейді. Мұндағы оқуының үстіне орыстың оқуын қоса оқуға кеңес береді. Жарты əлемнің сонда тұрғанын айтады. Жəне соған Абайдың өз аузынан уəдесін алып кетеді [2; 29, 30].

Медреседе бес жыл болған Абай сол жылдардың соңғы кезінде, бір жағынан, Семейдегі орыс мектебіне түсіп оқиды. Медресенің діни қаталдығы оны қаймықтыра алмайды. Бұл Ресей патшалығына бағынған қазақ халқы орыс мəдениетінің дəмін толық тата бастаған, орыс тілін білу үлкен өнер саналған кез еді. Абай өз заманының жаңа оянған тілегіне орай, ерен талпынушылардың бірі болды. Бірақ Абай сол орыс мектебінде үш-ақ ай оқыды. Оны ел билеу ісіне араластырмақ боп, əкесі ауылға алып кетеді.

Құнанбай ол кезде қаншама дəуірлеп тұрса да, қарсылыққа көп ұшырап, бар күнін тартыспен өткізген еді. Қарапайым халықтың ішінен бас көтере бастаған адамдар болып еді. Соны сезген, содан қаймыққан Құнанбай ең алдымен балаларына арқа тіремек болады. Əрқайсысына əр тайпаны, əр руды басқартып, күллі өлкені шеңгелінде ұстай беруге күш салады. Сол балаларының ішінде Абайдың өрен алғыр, тапқыш, шалымды екенін кəміл аңғарған Құнанбай оған ерекше зер салады, өзінің төл мұрагері еткісі келеді [3].

Құнанбайдың ертеден жəне аға сұлтан болып сайланған дəуірден басталатын қызметтері жайлы да марағат қорынан бірнеше құжаттар табылды. Құнанбай мен Бөжей екеуі бірігіп, 1840 ж. шекара начальнигі Михаил Васильевич Ладыженскийге жазған арызынан олардың 1831 жылдан бастан-ақ ел басқару ісіне араласып, Ресей өкіметімен қарым-қатынаста болғандығын аңғартады.

«1831 жылы Қарқаралы округі құрамына ендік. Келесі жылдан бастап-ақ, елдің таңдаулы адамдарын ұйымдастыра отырып, қара бұқараға ықпал жүргізіп, алым-салық жинап өткізу ісін жүзеге асырдық. Əр уақытта оларды жоғары ұлықтарға бағынуға, оларды тыңдауға үйретіп отырдық. Өткен үш жыл ішінде бүлікшіл сұлтан Кенесары Қасымовтың жəне оның сыбайластарының əрекеті кезінде біздің ел қазақтары оларға ешқандай көмек көрсетпеді жəне оларға қатыспады. Біз бұған ресей еліне беріле қызмет ету нəтижесінде жеттік. Ресей өкіметінің ішкі қарсылас жауларына сақтықпен қарап отырдық» — деп айта келіп, осы еңбегімізді бағалап, наградаға ұсынсаңыздар деп өтініш жасайды (18 декабрь 1839 ж.) [4; 103, 104].

Құнанбай — ауыл басқарған старшина, болысты басқарған управитель, округті басқарған аға сұлтан. Жер дауы, барымта, жесір дауы, ел билігі, сауда ісі, егін шаруасы, оқу ісі сияқты шешуі қиын түйінді мəселелердің бəрінің қиындығы мен азабын басынан кешірген феодалдық қоғамның өкілі. Əкімшілік басқару ісінде патша өкіметінің шенеуніктеріне үнемі арқа тіреп, солардың жəрдем- қолдауымен жүріп отырған. Ел басқару оңайлыққа түскен жоқ. Оның аталас қарсылас жаулары үнемі оған қарсы шығып, арыз үстіне арыздар жазып, талай рет тергетіпті де. Құнанбай тартып алған жерлерін, айдап алған малдарын төлетіп қайтарып алған кездер аз болмаған. Құнанбайды інісі Майбасар, баласы Құдайберді мен басқа да аға-іні туыстарын сабап жарақат түсірген қарсыластары əр уақытта табылып отырған. Бүкіл тобықты елінің болыстары мен билері əскери губернаторға арыз жазып, Құнанбай мен Майбасарды қызметінен түсіріп, түрмеге қаматып тексерткен істері əлденеше том болған. Ол бірде жеңіп, бірде жеңіліп өмірін арпалыста өткізген. Құнанбай қызметіндегі бір көрініс беретін ісі — оның оқу-ағарту жұмысына мəн бере қарауы.

Құнанбай дінді мықтап ұстанып өткен адам. Діни оқуды, сонымен қоса орыс оқуын да үйрету ісіне өз тарапынан кейбір жұмыстар жасағаны байқалады. 1845 жылғы январь айындағы арызында Құнанбай шекара басқармасынан қазақ балаларына жəне өз балаларына азиатша, орысша тіл үйретіп, білім беру үшін аулымнан училище ашамын. Балаларды оқыту үшін қазақша-орысша сөйлей алатын, жаза білетін бір орыс мұғалімін жіберуді сұраймын деп жазады [4; 106, 107].

Академик Мұхтар Əуезов: «Шынайы күрделі, қиын қақтығыстар тұсында ғана адам сезімінің, талайының, талабының, мінездерінің, тағдырдың, барының түгел ашылып, тартыс қатал айқасқа айналады. Осындай ғана қақтығыстар барлық повесть, роман, драма атаулының ең сенімді қаңқасын, арқа сүйер тұлғасын тұрғызады», — деп жазды.

Ендеше, ең үздік, шебер жасалған адам образын алдымен қою тартысқа құрылған қалың оқиғадан іздеуіміз абзал. Осыдан келіп сюжет пен характердің өзара байланысы туады.

Жазушы, əуезовтанушы-ғалым Тұрсын Жұртбайдың айтуы бойынша: «Негізі «Абай жолы» роман-эпопеясындағы кейіпкер Абай мен кейіпкер Құнанбайдың өмірі бір басқа да, тарихтағы Абай Құнанбайұлы мен Құнанбай Өскенбайұлының жеке өмірі бір басқа. Романды оқып отырып «егер, Құнанбай бөгет болмаса, Абай көксеген арманына жететін еді», деп ойлайсың. Бірақ бұл өмірлік те, тарихи да шындық емес. Абай, өзге балаларына қарағанда, еркін өссе де, əкесі орнатқан тəртіпке бағынған. Олар бір-бірімен өштесіп өмір сүрмеген. Абай сынды адам Құнанбайдай əкеге қарсы шыға ма? Мұндай қылық біздің ұлттық қасиетімізде жоқ. Бірақ Əуезов əке мен бала арасындағы тартысқа саналы түрде барған. Өзінің «Абай жолын» ақтап алу туралы мақалаларында: «Мен өзімнің романымда əке мен бала арасындағы қақтығысты негізгі тартыс етіп алдым. Абай — жаңа заман, Құнанбай — ескі заман. Екі заман тартысын əке мен баланың тартысы арқылы суреттедім», — дейді.

Бұл орайда жазушыны кінəлаудың реті жоқ. Өйткені Кеңес үкіметінің ол тұстағы идеологиясы сондай еді.

«Абай жолы» эпопеясы кейіпкердің, яғни шəкірт Абайдың, мүшел жасқа толар-толмас, небəрі он үштегі кезінен басталады. Елге асығып, оны сағынған жас жеткіншек Қодар-Қамқа трагедиясына тап болып, əке қатыгездігінен қатты түршігеді. Міне, осы тұстан Абай əке озбырлығы мен өктемдігін көріп, жамандықтан жиренеді, жақсылықты мұрат тұтып, өмірге көзқарасы қалыптаса бастайды [5].

Сол трагедияға қысқаша тоқталайық. Мұхтар Əуезовтің «Абай» романында Құнанбайдың ел шетінде отырған Қодар есімді батыршалыс жігітті келінімен қоса түйеге асып өлтірген қатал үкіммен басталатын оқиға бар. Бұл оқиғаны жазушы тартыс үшін əрі бояуын қалыңдатып, əрі шын мəніндегі болған оқиғаны роман желісіне орай сəл өзгертіп, иіп келтіріп алғаны рас. Шындығына келсек, Қодар баласы өлген соң əлде күйіктен, əлде басқа бір жағдайдан, бұл арасы зерттеушіге беймəлім, өзінің туған келінімен жақындасып қояды. Үлкен бір жиында бөтен рудың биі Құнанбайдың алдына дəл осы оқиғаны кесе көлденең тартып: «Еліңде дінді бұзған, салтты аттаған адам бар», — деп бетіне басады. Құнанбай тосылып қалады. Елге оралған соң Қодар қонысына сенімді шауыпкелін аттандырып «біліп келші, əлгі бидің сөзі рас па екен», — дейді. Шауыпкелі «Рас екен», — деп келеді. Содан Құнанбай қаһарға мініп, ашу, ыза, жын, шайтанын шақырып, əр рудың ақсақалын соңына ілестіріп барып, «діннен безген тентекке өлім жазасын бұйыртқаны» сол болатын. Тарихи боямасыз шындық осы [6].

Жазушы, əуезовтанушы-ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Айқын» газетіндегі сұхбатында бұл туралы былай дейді:Мұхтар Əуезов күнделігінде: «Абайдың «Қодар мен Қамқа» оқиғасын естуі мүмкін», — деп жазады. Ол «Қодар мен Қамқа» оқиғасының «тонын теріс айналдырып беру» арқылы Абайдың кіршіксіз мінезін айқындай түскен. «Қодар мен Қамқа» оқиғасы Абай тұлғасы үшін қызмет етіп, оның бүкіл дүниежүзі сүйінетіндей жағымды, адамгершілік қасиетін беріп тұр емес пе?!

Бұл оқиға Абай өмір сүрген кезеңде болмағанымен, сол қоғамда болған. Атасы мен келінінің арасындағы зинаны тыю үшін Құнанбай дала заңына сүйене отырып, оларды қоғамнан аластау туралы үкім шығарады. Екеуін дарға асып, болашақта басына жастардың келуі мүмкін деп қауіптеніп, опасыз оқиғадан ескерткіш қалмау үшін денелерін қара жерге де бермей, өртеп жіберген. Бірақ романда Қодар жазықсыз кедей ретінде суреттеліп, күнəсіз жандарды Құнанбай жер үшін өлімге қиған болып, өмірлік шындық көркемдік шындыққа айналып кете береді [7].

Рамазан Тоқтаровтың романында Абайдың бойында адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуына Ұлжан анасы мен Зере əжесінің берген тəлім-тəрбиесі зор екені байқалады. Соның бір көрінісі ретінде мына оқиғаны келтіруге болады:

Абай жас ортасына қарай келіп, кемелденген шағында мына бір жəйтті еске алып, күліп отырады екен: Менің ақыл-есім сегізден тоғызға қараған күнгі бір таң қараңғысында, үй-ішімізбен көк арба үстінде кетіп бара жатқанымызда кірді, — дейді екен.

Бұл оқиғаның мəнісі былай болады. Бала Абай, оның анасы Ұлжан, əжесімен емшектегі Оспан төртеуі бір көлікте отырып, көшке ілесіп келе жатқанда, жаңағы өзі айтқан таң қараңғысы кезінде, бұлардың арбасы ауып, құлай жаздайтындай қатерге ұшырайды. Сөйтсе арбаның артқы бір тегершігінің мұрындығы түсіп қалып, доңғалағы бірге құлаған екен. Ересектер сол кедергіні жөндеп, көш ілгері жылжығанда, күн көзі едəуір көтеріліп, дала табиғаты мамыражай қалпына келіп тұрған бір шақта, арбада бейқам отырған Абайдың алдына бір нəрсе топ етіп құлап түседі. Кіп-кішкентай, жып-жылы, тірі жан иесі. Дір-дір етеді. Соны аңғарып үлгергенше, тағы бір нəрсе өзіне қарай оқтай атылып жақындай бере, зу етіп өте шығады. Бұл байқап қалады, құйрығы шолтаң еткен тұрымтай екен де, алғашқы құлаған нəрсе содан қашып, жан сақтаған торғай екен. Екі көзін бұдан айырмай, діріл қағып, тұла бойы қалт-құлт етеді. Бұл аяушылық білдіріп, соған қарай екі алақанын жайып, қолын соза берген.

Тиме балам. Тұрымтайдан ығып, сені пана тұтты ғой, бейшара! — дейді осы оқиғаны көзімен бағып жатқан анасы. Сəл есін жиып, қатерден құтылған торғай сол кезде пыр етіп ұшып кетеді.

«Шамаң келгенше, əлсіз нашардың бəріне қорған бола жүр, балам!» — деген сол көш үстінде Ұлжан анасы. Осы сөз Абайдың азамат болып, өмірінің ел ісіне қызмет ете бастаған алғашқы кезеңінде ана өсиетіндей болып есінде қалып еді. Соның жемісіндей болып, жас жігіт, əке қызметінде жүргенде, əр түрлі дау-шарға араласып, төрелік айтқан кездеріндегі əділдігіне, жəбір көрген нашарларға болысқан жанашырлығына ұласқан. Бұл қасиеттері əсіресе Құдайберді ағасы қайтыс болып, соның кандидаты ретінде болыс болған кезінде айқын танылып еді. Сондағы оның жанына батқаны ел ішіндегі атқамінер пысықтардың баспайдасын ойлап, бас араздықтың ырқымен іс етіп, халық арасында жік туғызғаны жəне солардың айтқанын істеп, бұқараға зорлық-зомбылық істеген патша ұлықтарының заңсыз қылықтары еді. Ол соған қарсы ашық наразылық танытқан [2; 34, 35].

Біздің пайымдауымызша, «Қодар мен Қамқа» оқиғасы Абайдың өмірге деген енді-енді қалыптаса бастаған көзқарасына үлкен əсер етті. Əкесінің шешімін түсінбеген ол, неге олай істеді? Оныкі дұрыс па? Жоқ па? деген сияқты сұрақтарға жауап іздей бастады.

Ұлы ақын Абайдың он үш жастан өмірінің соңғы күніне дейінгі өмір жолы аға сұлтандық билік жүйесінің соңы мен елді ала тайдай бүлдірген болыстық биліктің заманында өтіп жатты. Сондықтан да Құнанбайды терең танып білмейінше, Абайды жете танып білудің өзі қиынға соқпақ. Құнанбай Абайды он үш жасынан бастап ел билеу жұмысына баулып, ел өмірімен, халықтың тұрмыс- болмысымен мидай араластырып жібереді. Абай осы ортада ер жетіп, отбасы тəрбиесі мен халық өмірін танып-білу жолымен қалыптаса бастады.

Ел билеу жолындағы əкесінің тапсырмаларын орындай жүріп, елдің əдет-ғұрып, салт-санасы мен əңгімешіл қарттарымен сырласа жүріп, халқының рухани қазынасына қаныға түсті. Аты шыққан замандас ақындары Дулат, Шортанбай, Шөже, Балта, Тəттімбет, Қазақбай, Жанақ, Түбек, Біржан, тағы басқа ақындардың алдын көріп, Сарыбай ақынмен сыр шертіп сырласуы Абайдың əдеби ортасының алғашқы бастау көздеріне жатпақ. Осы ортада жүріп, өзінің тұңғыш ақындық талпынысы Абайдағы бойына біткен ақындық өнердің бүр жара бастаған кезеңін оның бозбала шағындағы экспромтты өлеңдері мен құрбыларымен сөз қағыстыру өнеріне төселе түскен қалпын танимыз. Медреседе оқыған жылдары мен əкесінің ел билеу жұмыстарымен айналысқан бозбала Абай жігіттік шағында шығыстық классик ақындарын оқып, ақындық рухани қазынасы да күн асқан сайын нəрленіп қорлана береді. Ауыл қарияларынан, ел ақсақалдарынан да əңгіме үстінде шешен, тапқыр сөйлеудің сырын танып, сөз өнерінің тыңдаушыға əсер ету қуатынан сабақ алып, көркем сөздің қоғамдық ойдағы алар орнына мəн бере бастайды.

Бұлардың бəрі де Абай мұрасының рухани көздері немесе өзгеден алған рухани нəрлеріне жатады.

«Дүниені көздеп, ғылымды іздеп, Екі жаққа үңілдім», — дейтін Абайдың Шығыс пен Батыстан, яғни екі жақтан алған рухани бұйым белгілері де Абайдың əдеби ортасына жатады. Осы екі салаға қоса Абайдың қазақи қалпын танып білмейінше, кетпен тұяқ кемеңгер ақынның ұлттық, халықтық, ақындық өнер болмысындағы ерекшелігін танып біле алмаймыз. Өйткені Абайдың өзі күнделікті іздену үстінде нəр тартып, тікелей араласқан, танысып біліскен, шығармаларымен бала жастан қанығып, жаттап өскен əдеби ортасы абайтану саласында айрықша мəнге ие болмақ. Себебі Абайдың əдеби ортасы да өзіне нəр алған рухани қазына көздерінің біріне жатады. Мысалы, Мұхтар Əуезов

«Абай жолы» эпопеясында Абай мен Қадырбайдың (Садырбайдың) кездесу кешіне аса мəн беруі себепті: «...Екі күн, екі түн бойы əңгімеде Абай ылғи ғана Қадырбай көрген ақындар жайлы сұрастырған. Қадырбайда үлкен мінезділік, кеңдік бар. Сонысы ...осы кəрі ақын есіне алып отырған Садақта, Шүмекте, Барласта да бар сияқты. Қадырбай қасиеттерінің түбіне бойласақ, ақындық дарыған күш тегінде заманның қасіретін айтады екен. Абайдың жақсы көрген ақындарының бірі Барлас еді. Беріде Шөжені біледі, Балтаны көрді. Абай Қадырбайға ұстаз алдында алмаған азық алғанын айтты» (М.Əуезов Шығармалар 4-т., 176-б.), — деп Абай тербеліп өскен ақындық бесігі болған əдеби ортаның рухани əсерін анық аңғартады. Абай араласқан қазақы əдеби ортаның аумағы Түбек ақынның Алатауды жайлаған Сүйінбай, Жамбылдармен айтысып жүруі əдеби ортаның географиялық кең өрісін де айғақтап тұрады [1; 1, 2].

Роман-хамсада Шоқанның Абайға айтқан ақылы, білімге жол сілтеуі, бағыт беруі екеуінің əңгімелерінен айқын аңғарылады. Соның мысалы ретінде мына бір жайтты келтіруге болады:

Арада біраз жыл өткеннен кейін Абай Шоқанмен үшінші рет кездеседі. Шоқан Қашғар сапарына барып қайтқаннан кейін, тарихи-ғылыми тұрғыдан үлкен жаңалық ашып, атақ-даңқы дүрілдеп тұрған шағы. Енді елге қызмет етпек болып, билік үшін шарға түсіп жатқанда, Құнанбай Абайды Атбасарға ерте барған. Бұл оның жігіт жасына келіп, үйленген, əке болған кезі болатын.

Екеуі ескі достардай шұрқырасып көрісті. Он жас үлкендігі бар, оқығаны, көрген-білгені көп Шоқан ағасы болашағынан зор үміт күттірер інісіне кездескен бойда өзіне керек сұрақты бірден көлденең тартқан.

- Арманың, мақсұтың не алдыңа қойған?

-Көргенімді, сезгенімді ішіме тығып, жинап келемін. Солардан босанғым келеді, — дейді Абай.

-Алға қойған өмір жоспарың қандай? Кім болғың келеді? — деп тағы да тосынан қойылған сұраққа нақты жауап тауып үлгермеген інісі:

-Халқыма қадари-қал қызмет етсем деймін, — деп сəл мүдіріңкіреп тұрып: — Ептеп өлең жазамын, Шоқан аға, — дегенде, ақ тілеулі ағасы жан дүниесімен елең етіп: — Бəлі, əкел қолыңды, інішегім! Бірден осыдан бастауың керек еді ғой! — дейді. Бұл талабын қатты қолдай келіп, өлеңді жазып шығарған дұрыс екенін алдымен ескертеді. Абайдың арғы ойынан дөп түскендей, орыстың ұлы ақындары Пушкин мен Лермонтовты үлгі қылып ұсынады. «Ақ қағазға түскен сөз маржаны ғана адамды мəңгілікпен тілдестіреді» деген бір шындықты санасына ұғындырып айтады.

Рамазан Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағындағы» Абай өмірі — ғажап өмір. Бесікте əнмен əлдиленген ол көшпелі елде, əр түрлі рулардың салтында əсершіл боп өседі. «Бахаббат пен ғадауатқа» ерте қанығады. Тіршіліктің шұғылалы жағымен көлеңке жағын түгел таниды. Бармағынан бал тамған өнерпаздарға қызықса, қарапайым жандардың ішкі сұлулығына сүйсінсе, үй ішіндік, рулық, таптық шəркездіктерге жауап іздеуге тиісті болады.

Міне, осынау аса ауқымды міндеттерді шешу үшін Абайдың дүниені тануына аса мəн бердік.Себебі Абайдың өмірге деген көзқарасы оның дүниені тануы арқылы қалыптасады.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу