Өлең: Жұмағали Саин (Қара теңізде)

Өлең: Жұмағали Саин (Қара теңізде)



Қайсар теңіз, неге көбік атасың,
Бұрқылдайсың ойран болып ақырып?
Ақ төсіңде мен келемін әндетіп,
Сен тулайсың дауыл, боран шақырып!
Жүзген кеме, менің салған әндерім:
Сенің сәнің, болашағың емес пе,
Дүлей, тағы да уіліңмен айқасып
Жеңгем сені тартыстар мен егесте!
Енді неге
Толқындармен атқылап
Лақтырасың көлдеріңді, құздарды,
Мен тынымсыз көнемін де, жырлаймын,
Сенің жүзің неге сонша ызғарлы.
Мейлің қаптат борандарын дүниенің
Дір етпеймін, тастамаймын әнімді,
Шақыр тағы дауылдарды! Шыңдасын
Толқындармен күресте өскен тәнімді!
Тоқтамаймын, шегінбеймін, қорықпаймын
Толқыныңнан таудай құздар күйреген.
Жеңбесім жоқ, алмағым көп дүниеден
Мен адаммын өмірді алға сүйреген.
Сүйем сені бұрқылдаған көк дауыл
Ұлы теңіз самалында есілген.
Толқындарын, соғып жатқан жарға ауыр,
Күндіз-түні шықпайды бір есімнен.
Сүйем сенің мейірімсіз жүзіңді
Дауыл ұрған су ойранды, су жанын.
Сүйем сенің көбігіңді, құзыңды,
Сүйем дала су келбетін, су заңын.
Көбік атқан ойнағыңды сүйемін,
Соқтығысқан кемелердей күйреген.
Ұршы мені!
Қалмасын бір тәнімде
Толқыныңның шапалағы тимеген.
Аямашы!
Әлсіз адам демеші
Толқыныңа қарсы тостым төсімді.
Менмін сенің үстіңде ойнар кемеші,
Үр кеудемді, менен ғана ал өшіңді.
Майыспаймын, шегінбеймін қарысып.
Қайсар құздан таудай толқын күйреген.
Майдан кешіп, дауылдармен алысып,
Мен адаммын өмірді алға сүйреген.


Комментарии для сайта Cackle