Тәуелсіздік-қазағымның сан ғасырлық арманы

 Тәуелсіздік-қазағымның сан ғасырлық арманы

Мақсотова Айжан
Батыс Қазақстан облысы, Бөкей Ордасы ауданы, Ұялы ауылы
Ш. Жексенбаев атындағы ЖОББМББ-ның 10-сынып оқушысы
Жетекшісі: Садыкова Гүлжан Маратқызы

Тәуелсіздік – халқымыздың бостандығы
мен дербес даму жолындағы санғасырлық
күрес нәтижесі.
Н.Ә.Назарбаев
Тәуелсіздік! Неткен керемет, шуақты ұғым! Осы бір сөз жаныңа жүрегіңнен де жақын, от жалынынан да ыстық, Алатаудан да асқақ, мұхиттан да терең сезіледі.
Мына бір көрініске көз жүгіртіп қараңызшы...Аспанмен таласқан ұшар басы сұлудың сәукелесіндей әдемі, аппақ қармен көмкерілген, қарақұсты көздеген мергеннің жебесіндей көкке тіке шаншылып, көкжиекке кеудесін тіреген асқар,алып шыңдар,тау төсін тауысша түрлендірген,сұлудың кірпігіндей кербез шыршалар, қыз-бозбала күлкісіндей сыңғырлай аққан бұлақтар,әсем әнімен жаныңды тербететұғын самал жел,сағымдай мұнартқан шөлдер.
Дүние жүзінде мыңнан астам халық өмір сүруде.Олардың өзіндік халық болып қалыптасу тарихы да бар. Атырау-Алтай арасын, Алатау-Арқа даласын, ана сүтін арда емген, ақпейіл қазақ баласы ықылым заманнан ата жұрттың киесі қонып, осы даланың иесі болып келеді. Қазақ қазақ болғалы нені бастан кешпеді, жалындаған намысына су бүрікті-өшпеді, қылбұрау сап шыңғыртты, сағыңды талай сындыртты. Біз тақымымызға бір тисе деп арман еткен тұлпардың қолымызға ер-тұрмансыз,ноқта-жүгенсіз түсіп,жанына ғана жалаң қолмен жармасқанымызды ұмытпақ емеспіз. Жұмыр жердің тыныстіршілігін, оның тағдырын, асылы мен жасығын тарих таразысына салып, зерделеген-ұлы көне өмір көші.Осы көштің қарға тамырлы қазақ халқының қатпар-қатпар тарих қойнауына көз жүгіртсең, шулы ғасырдың, жұмыр басты пенденің шақшадай басын шарадай етіп, шаршы топты шырғалаңға тартқан шағында, етегін жаспен жуған қасіреті де, шаттанып күлген қуанышы да жеткілікті сияқты.
Қара таудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді,
Ел-жұртынан айырылған жаман екен,
Екі көзден мөлтілдеп жас келеді.
Бұл сонау ХVIII ғасыр белесінің халқымыздың ортасын бұзып,шаңырағын шайқалтқан Жоңғар қиыншылығы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» зұлматы еді.
Былай барсаң,қоқан бар,
Салмақ салып қоқандар.
Былай барсаң,қалмақ бар,
Күшіңді еппен алмақ бар.
Былай барсаң,қытай бар,
Жапырағыңды бұтай бар.
Былай барсаң,орыс бар,
Бала берсең қоныс бар, - деп жырау-бабаларымыз айтқандай осы тұстың ащы шындығы еді.Бағымызға қарай қазақ батырлары жауға қарсы күрес жүргізді. Қазақ халқының өз бостандығы жолында Абылай бабам бастаған Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай,Шапырашты Наурызбай үдере көшіп қансыраған жұрттың, жаралы Жер-Ананың емшісіне айналды.Елдің айрандай ұйыған тыныштығын, бірлігін көздеген,қара қылды қақ жарған Төле, Қазыбек, Әйтеке сынды билеріміз жүзді басқарып,елге бағыт-бағдар берді. Одан кейін тағы да аласапыран шақ. Көзге түртсе көргісіз соқыр тұман басқан күндер туды.Қазақ халқы патша үкіметіне тәуелді болды. Жетпіс жыл боданда болдық. Әділет жүйелері бұзылып,сталинизм қылышынан қан тамған кезеңде елім талай боздақтарынан айырылып, солақай саясат «халқым» деген ерлердің мойнына қыл бұрау салды. Сәкен, Ілияс, Бейімбет секілді ұлтымыздың зиялылары жалындап келе жатқан шағында үзілді... 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысы кезінде «Бізге шегінуге жол жоқ,артымызда Мәскеу!» деп ұран тастап, өз елін қорғап қалған батырларымыз қаншама?!
Тарихымның парағында алтын әріппен жазылған «бас кеспек болса да,тіл кеспек жоқ» деп, кешегі колбинизм заманында жастарымыз алаңға шығып,ызғары ерте түскен қыс күндерінде,тоқырау ажалының табанында аяусыз тапталған ар-намыстың ышқынған дауысы дүниені дүр сілкіндірді. Елімізге бақыт таңын әкелген асыл боздақтар, қаракөз әпкелеріміз бен ержүрек қайсар ағаларымыз – Ләззәт,Қайрат,Сәбира және Ерболдардың ерлігі болашақ ұрпаққа үлгі-өнеге болды. Иә, «мың өліп,мың тірілген» қайран халқымның жатса түсінен, тұрса есінен кетпеген арманы – тәуелсіздік! Желтоқсан оқиғасы, шын мәнінде,қазақтың ұлт тәуелсіздігі үшін ең соңғы күресі еді. Қанқұйлы сұрапыл соғыс, тәуелсіздік үшін күрес еліміздің бар құндылығы – тіліміз бен дінімізді сақтап қалу жолында талай қилы-қилы ауыр кезеңдерді басынан өткізді.
Қайсарлығы қара тасты үгіткен,
Қаһарынан қас дұшпаны үріккен.
Қайырымдылығы тас жүректі жібіткен, арғы тегі Алаштан тараған, керегесін ағаштан құраған еліміз өз дербестігін әлемге паш еткенде, тұғырлы тәуелсіздігіміздің тірегі Ата Заңын алдымен өмірге әкелді. Мемлекеттік тіліміз –Қазақ тілі өз топырағында қағажу көрмей, ауыз ашқан сөзге,қия басқан қимылға емін-еркін араласатын ең елгезек,ең ұрымтал тіл ретінде жаңғырды. Егемендігімнің айғағы – аспан түстес азат Байрағым, Елтаңбам, Әнұраным дүниеге келді. Бұл қол жетпес дүниеміздің – озық үлгідегі ұлттық салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыпы екені рас.
Егеменді еліміздің тізгінін ұстау-қазақтың топырағынан жаратылған дана да, дара көсбасшы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа бұйырды. Халқының артқан сенімін арқалап, болашағының жарқын болуы жолында аянбай тер төккен Елбасымыз бар құндылықтарымызды мемлекеттік маңыздыларымыз ретінде қайта жаңғыртты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ елінің үш маңызды құндылығы: «Бабаларымыз ғасырлар бойы қорғаштап, сақтаған қасиетті туған жеріміз – бірінші құндылығымыз. Бұл жер жүзден астам этностарды құшақ жая қарсы алып,олар тату-тәтті өмір сүріп жатыр.Екінші құндылық – бұл Тәуелсіздігіміз бен азаттығымыз. Ол өз тағдырымызды өзіміз шешуге және жауапты болуға құқық береді. Үшіншісі – бұл халықтың бірлігі,туған Отанымызды өркендету жолындағы бейбітшілік пен келісім» деген болатын өз сөзінде. Көреген Елбасының нақты қадамдары мен сарабдал саясатының арқасында біз, ынтымағы жарасқан бейбіт күннің аспанында қыраны еркін қалықтаған «Мәңгілік елге» айналдық. Бұл-біздің басты байлығымыз және құндылығымыз.
Тамыры терең, рухы тас жарып шықты қайтадан, даламды тербеп байтақ үн, оянып қайта ой-санам, арылып алаң күдіктен, болашаққа үмітпен қарап, өмір атты айдында өрге жүзіп кемеміз, қарқындап өсіп келеміз! Өйткені біздің еліміз кешегі бабаларымыз табыстаған, сәт сайын, сағат сайын қарыштаған Тәуелсіз Қазақстан!


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?