Қадыр Мырза Али (Ақсуат)

 Қадыр Мырза Али (Ақсуат)

Көріп жүрген далаңыз — Ақсуаттың даласы,
Көріп жүрген ауаңыз — Ақсуаттың ауасы.
Көріп жүрген таңыңыз — Ақсуаттың таңы да,
Көріп жүрген шаңыңыз — Ақсуаттың шаңы да.

Алайда мен таң қалдым, Ақсуатқа бардым да,
Не керемет! Білмеймін, бір керемет бар мұнда
Жігітінің көңілі - мөлдіреген ақ суат,
Жырдың атын суардым сол суаттан жақсылап.

Қыздарының қалжыңы — қиып түсер ақ алмас,
Ақ алмастың алдында жігіт айла таба алмас.
Қарттарының құшағы — көктемдегі күншуақ,
Сол шуаққа қызынбай ақын қалай тыншымақ?!

Шеттерінен атымтай көп беретін, аз алып,
Жүздер толған жылылық, көздер толған тазалық.
Шеттерінен бәрі ақын, әдеп сақтап әрең жүр,
Саусақ толған өнер де, көмей толған өлең-жыр.

Тауларымен бастырып қойған кілем-жазықты
Білек толған күш-қуат, құшақ толған нәзіктік.
Кірер жолы жалпақ та, шығар жолы жіңішке,
Ақсуаттың қонағы мас болады түк ішпей.

Таусылмайды бұл жерде сый түні мен сый күні,
Ақсуаттың қонағы білмеу керек ұйқыны.
Ақсуаттың қонағы—баласы да, қарты да,—
Аттанады амалсыз, қарай-қарай артына!
Сенбегендер сөзіме барып көрсін, байқасын!

Тумасаң да бұл жерде.
Перзенті боп қайтасың.
Менің жұртым осындай деп мақтанып айтасың,
Өз еліңе он есе жақын болып қайтасың.
Тарбағатай тауының еске сақтап әр тасын,
Түк алмай-ақ туысқа қарыздар боп қайтасың!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Қазақстан пойыздарында үй жануарларын тасымалдау ережелері
» Қазақстандықтар шетелге шығуға жылына қанша жұмсайды?
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді