Өлең: Қадыр Мырза Али (Кәрі бұлбұл)

Өлең: Қадыр Мырза Али (Кәрі бұлбұл)



Бұл тірлікте махаббат пен от егіз.
Бірақ оны түсінбей ғой өтеміз.
Алпысында,
Жетпісінің өзінде
Әлденеше ғашық болған Гетеңіз.
Бұл арулар кімге де бас игізген.
Тап осындай табылар ма күй бізден!
Жетпісінде
Жиырмадағы жігіттей
Сүйген Гете,
Өзін және сүйгізген!
Көрмесең сен махаббаттың көкесін,
Езуіңде ойнамасын кекесін!
Әйгілі ақын —
Оны айтасың —
Жетпіс пен
Он сегіздің қимақ болған некесін!
Қайран өнер —
Шетсіз-шексіз қара құм.
Қара құмда ала алмаған бар ақым.
Жетпісінде
Жырларымен ғашықтық
Жердің жүзін таң қалдырған кәрі ақын.
Жорықта көр,
Жарыста көр дүлділді.
Дүлдүлдердің тегі қайда?
Кім білді?!
Жырлатқан не жетпістегі ақынды?
Сайратқан не жетпістегі бұлбұлды?
Ұлы жүрек кететіндей жарылып,
Әрбір таңды күткен Гете сарылып.
Бұлбұлыңды бұлбұл еткен қандай күш?
Білесің бе?
Махаббат пен кәрілік!


Комментарии для сайта Cackle