Поэзиядағы табиғат бейнесі
Ақмола облысы, Целиноград ауданы,
Қабанбай батыр ауылы, №41 орта мектептің
11 сынып оқушысы Көмекбай Әйгерім
Жетекшісі: қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Жайлаубекова Қымбат Тумабайқызы
Тақырыбы
Поэзиядағы табиғат бейнесі
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ............................................................................................................. 2 - 3
I тарау
Поэзияда табиғаттың бейнелену тәсілдері
1. 1 Абайдың табиғатты бейнелеу тәсілдері...................................................... 4 - 5
1. 2 Табиғатты жырлаудағы дәстүр жалғастығы мен жаңашылдық.............. 6 - 10
II тарау
Табиғат лирикасының көркемдік арналары
2. 1 Символдық поэзиядағы табиғат суреті.................................................. 11 - 18
2. 2 Ақындардың белгілі бір табиғат құбылысын символдық мағынада қолдануы......................................................................................................... 19 - 22
Қорытынды................................................................................................... 23 - 24
Пайдаланылған әдебиеттер................................................................................ 25
КІРІСПЕ
ТАҚЫРЫПТЫҢ ӨЗЕКТІЛІГІ. Поэзия әдебиеттің ертеде қалыптасқан көне саласы. Қазақ әдебиетінде табиғатты жырлау ауыз әдебиетінен бастау алатындығы белгілі. Төл арнада тамыр алған табиғатты бейнелеулер өзінің даму барысында жеке "Табиғат лирикасы" деп аталарлық күйге жетті."Поэзия - сөз өнері, көркемдік шеберліктің теңдесі жоқ озық үлгісі. Оның үстіне поэзияның аса маңызды әлеуметтік, қоғамдық құбылыстарды бейнелеп көрсете алатын зор мүмкіншілігі бар"[1, 3]- дейді З. Ахметов.
Ал, поэзиядағы табиғат бейнесі - бізді қоршаған ортадағы, тылсым дүниелердің, ағаштардың, аспан әлеміндегі жарық жұлдыздар мен айдың, күннің, сонымен қатар жыл мезгілдерінің, табиғаттың тылсым сырларын көркем сөзбен, астарлы мағынада, тікелей мағынада, символды түрде берілуі деп түсінеміз.
Поэзия деген сөздің өлең, жыр деген мағынасынан басқа, ретіне қарай көркемдік, әсемдік деген мағынаны да беретіні тегін емес. Поэзия нәзік, терең сезімнен туады. Ол көңілдің толқынын, жүректің лүпілін білдіреді.
Зерттеудің мақсаты мен міндеті. Ғылыми жұмыстың мақсаты - ХХ ғасырдың басындағы белгілі қазақ ақындарының табиғатты жырлаудағы өзіндік қолтаңбасын, лирикалық кейіпкер ерекшелігін, тілінің бейнелілігі арқылы жалпы қазақ әдебиетіндегі табиғат лирикасының алатын орнын, даму бағытын айқындау. Осы мақсатқа жету үшін мынадай мақсаттар алға қойылды:
1. Тарау "Поэзияда табиғаттың бейнелену тәсілдері ( Абайдың поэзиясындағы табиғат көріністері жайында және табиғатты жырлаудағы дәстүр жалғасы және жаңашылдық "
2. Тарау "Табиғат лирикасының көркемдік арналары ( Символистік поэзиядағы табиғат суреті және белгілі бір табиғат құбылысының символдық мағынада қолданылуы)"
Зерттеу нысаны. Зерттеу жұмысына Абай, Мағжан, Сәкен, поэзиясы алынды.
Зерттеудің теориялық - әдіснамалық негіздері. Зерттеудің теориялық - әдіснамалық негіздеріне әдебиеттану ғылымының көрнекті өкілдерінің зерттеу еңбектері тақырыпты зерттеудің көзіне айналды. Оған З. Ахметовтың "Поэзия шыңы - даналық" еңбегін негізге алдық. Осы аталған ақындардың поэзиясындағы табиғат көріністерін және олардың көркемдік қызметін
айқындау үшін қазақ әдебиеттануындағы теориялық еңбектер, монографиялық зерттеулер басшылыққа алынды. Зерттеудің әдістері. Тақырыпты зерттеу барысында салыстырмалы талдау, жүйелеу, тұжырым жасау әдіс - тәсілдері қолданылды. Ғылыми жұмыстың құрылымы кіріспеден, негізгі 2 тарау және қорытындыдан тұрады.
I ТАРАУ
ПОЭЗИЯДА ТАБИҒАТТЫҢ БЕЙНЕЛЕНУ ТӘСІЛДЕРІ
1. 1 Абайдың табиғатты суреттеу тәсілдері
"Поэзия - болмыстың берекесі мен мерекесі, күтпеген сәтімізде сирек соғар өмірдің рақаты, поэзия - үміт сезімі, жүрек өрімі, ашынған құмарлық сезімнің бораны мен толқыны, шексіз махаббат, тәтті қамығу, ләззат таба егілу, көз жасына көмілу, шегі жоққа тарыса да ынтық ата ұмтылуы, өмір бақи айнымас, еш мезгілде тояттамас құмарлық, барлығын да құшағыма алсам деу, барлығына біріксем, біте қайнассам деу, ол жүрегімізді бүкіл әлем ырғағымен бірге соқтырар пафос. Бүкіл әлем, гүлдер, бояулар, дыбыстар бар жаратылыс, барлық өмір - поэзия дүниесі. Осы құбылыстарға құпия қуат, оларға тіршілік, ойнақы өмір беретін сырлар поэзияның тетігі мен жаны. Поэзия - әлемдік өмірдің қан тамырының соғуы, сол өмірдің қаны мен оты, жарығы мен күні"- деп бағалаған екен ұлы сыншы В. Г. Белинский.
Дүниежүзілік, отандық поэзияның қай ірі өкілдерінің шығармашылығына, көз жүгіртіп отырсақ, барлық ақынның соқпай өтпейтін межелі нысанасы бар екенін білеміз. Ол - табиғат. Поэзия тарихында табиғатты жырламаған ақын жоқ. Оны қай ақын болмасын өзінің шама - шарқынша жыр етуге ұмтылған. Ендеше тіршіліктің тынысын түптен тартып қозғайтын суреткер назарының үнемі анасы - табиғатқа аууы табиғи құбылыс.
Табиғат - поэзияның обьектісі ғана емес, оның бойына қуат беретін, өңін кіргізетін арсенелы да тәрізді. Тіпті көркемдіктің бейнелеу амалдарының неше алуан түрлерін ақындардың табиғаттан алатыны белгілі. Ал, табиғатпен адамзатты бір - бірімен тығыз байланысты. Табиғат адамсыз жасай берсе де, адам табиғатсыз өмір сүруі мүмкін емес екендігі белгілі. Сондықтан адамзат өмірінде табиғат үлкен мән атқарады. Табиғатты жырлау - сонау ауыз әдебиетінен бастап, күні бүгінгі поэзияға дейін ешқашан үзілмей жалғасып келе жатқан дәстүрлі үрдіс. Біздің қазақ сөз өнерінде де табиғатты жырлау сонау фольклордан басталады.
Алайда, табиғатты реалистік әдіспен арнайы алып бейнелеу дәстүрі қазақ әдебиетінде Абай поэзиясынан бастау алды деуге негіз толық. Көрнекті ғалым З. Қабдолов пікірі ой саларлық:"Табиғат көріністерін, оған бөленген қазақ даласындағы тұрмыс - халды суреттеуге көптеген өлеңдер арналған және қазақ әдебиетінде Абайдан бұрын табиғат көрінісін мұншама шебер, терең және жан - жақты жырлаған ақын болған емес. Абайдың табиғат лирикасы әсіресе жылдың төрт мезгілін суреттейтін өлеңдер – күшті ақындық шеберлікпен, зор мәдениетпен жазылған аса сұлу, сырлы, сылқым жырлар. Бұлардың композициялық құрылымында өзіндік ерекшеліктер бар»- дейді [3, 34] Абайдың табиғат лирикасы үлгісіндегі өлеңдерінде ақынның ой сезімі, жан дүниесі де терең ашылған. Ол өзінің шығармаларында жыл маусымдарын: қысты, күзді, көктем мен жазды қайталанбас бояулармен бейнелеп берді. Туған ел табиғатын сипаттауда оның суреткерлік шеберлігі айқын аңғарылады. Абай пейзажды адамның тұрмыс кешетін табиғи ортасы, мекенжайы ретінде ала отырып, әлеуметтік өмірмен, қазақ халқының көшпелі тұрмысымен тығыз байланыстыра көрсетеді.
«Күз» атты өлеңінде ақын жылдың төрт мезгілін суреттейтін басқа өлеңдеріндегідей үлкен суреткерлік шеберлік таныта отырып, табиғат көріністеріне жанастыра ауылдың күнделікті машықты өмір тұрмысын мейлінше қарапайым нақтылы түрде, ешқандай көріктеп, әдейі әсірелеусіз сипаттайды. Аспанды қаптаған сұр бұлтты, жерді басқан дымқыл тұманды, жапырағы түскен ағашты, сарғайып тозған күзеуді суреттеу арқылы көшпелі ауыл - тіршілік ететін табиғи ортаны, айналаны нақтылы қалпында айқын көзге елестетеді. Ойнақтаған жылқылар, үйірінен қашып, оқшауланған биелер, жарыса шапқылаған тайлар - бұлар да мал баққан елдің өмір - тұрмысының айнымас, әрқашанда қосақталып жүретін белгі - нышандары десек болады.
Қара суыққа тоңып дірдектеген балалар мен кемпір - шалдардың сиқы күзгі табиғаттың жабырқаңқы түріне толық сәйкес келеді. Ал «Жазғытұры» дейтін өлеңінде шұғылалы сәулесін шашқан күнді, жарық айды, жымыңдасқан жұлдыздарды қызықтау, шат, жарқын көңілді адамдар бейнесін алға тарту, табиғатты көтеріңкі леппен суреттеу мұнда жоқ. Бұл өлеңде:
Қайыршы шал - кемпірдей түсі кетіп,
Жапырағынан айрылған ағаш - қурай [4, 143], -
деп ағаш пен қурайдың кемпір - шалмен салыстырылатыны көңіл қоярлық. Әдетте адамды жансыз нәрсемен салыстыру қолайлы, ұтымды саналса, Абайда керісінше тәсіл қолданып, жансыз нәрсені сипаттау үшін оны адаммен теңестіреді.
Абайдың «Жазғытұры» өлеңіндегі негізгі сарын - сахара табиғатының көркін сипаттай отырып, қазақ халқының көшпелі өмір тұрмысын реалистік шынайылықпен нақтылы бейнелеген.
Жазғытұры қалмайды қыстың сызы,
Масатыдай құлпырып жердің жүзі.
Жан - жануар адамзат айналасы,
Ата - анадай елжіреп күннің көзі. [4, 145].
Осы шумақтардан - ақ адамзат пен табиғат арасында жалғастық пен үндестік бар екенін ақын білдіргісі келгендей. Мал баққан елдің жағдайын, тұрмыс - тіршілігін, жазды, күн көзінің жарқыраған сәулесін, қуана қарсы алғанын көрсететін табиғат бейнесін, малды, құсты барынша шынайы бейнелеген. Бұл өлеңде адамның іс - әрекеті, қимыл - қозғалысы, мінезі қандай нақтылы болса, малдың да құстардың да бейнесі сондай нақты, нанымды, ешбір қоспасы жоқ.
Осылай өмір - тұрмыс, табиғат көркін нақтылы қалпында, айрықша шынайылықпен бейнелейтін өлеңде бара - бар дүние болмыстың, табиғаттың керемет сұлулығына тамсану сарыны да күшейе береді.
1. 2. Табиғатты жырлаудағы дәстүр жалғастығы және жаңашылдық
Поэзияда табиғаттың жырлануы - XV ғасырдан басталған екен. Табиғатты жырлауда ұлы Абай қалыптастырған идеялық - мазмұндық және көркемдік - стильдік дәстүрді жалғастырған ақындардың өлеңдерінің эстетикалық танымдық әсері мол болды.
Табиғатты жырлау арқылы ақындар өмірге деген құштарлық сезімдерін ұштайды, көмескі тарта бастаған үміті, сезімі оянады. Табиғат - ақындық шабыттың қозғаушы қайнар көзі, қуатты тетігі
Жылдың төрт мезгіліне арнап өлең жазу дәстүрін қазақ әдебиетінде Абай Құнанбаев жасап берген болатын. Табиғаттың айтулы кезеңдерін жырлаудағы ұлы Абай негізін қалаған дәстүр қазақ поэзиясында үзілмей, осы күнге дейін жалғасып келеді. Жалғасқанда құр қайталау емес, қайта жаңара, құлпыра, байи түсу бағытындағы дәстүр жалғастығы болып отыр.
Жылдың төрт мезгілінің бірі - көктем. Сол көктемді келістіре суреттеген Абайдың айтулы өлеңі «Жазғытұры». Мұнда ақын көктем табиғатын жан бітіре шынайы да шебер бейнелеген де, оның көрінісін жалаң, жеке дара алмай, сол тұстағы қоғам өмірімен, адам тіршілігімен тығыз бірлікте алып суреттеген. Сонымен осы бірлік дәстүрін қазақ поэзиясында қалыптастырған Абай екеніне сөз жоқ.
Сол көктем туралы қазақ поэзиясында да талай туындылар жарық көрді. Ақындар жыл мезгілінің ең көрнекті кезеңі көктемді суреттеуде ұлы ұстаздың үлгілі дәстүрін әрі жалғастырып, әрі жаңарта түсуге біраз ізденістер жасағаны байқалады. Сонымен қатар ақындар жылдың жаз, күз, қыс сияқты мезгілдерінде назардан тыс қалдырмаған.
Өмірдегі табиғатты, көркемдікті, әсемдікті өте нәзік сезініп көркем бейнеленген үздік туындылар - Абайдың «Жазғытұры», «Желсіз түнде жарық ай», «Жаз», «Қыс» атты өлеңдері. Абайдан кейін, оның дәстүрін жалғастырушылар, Мағжанның «Күншығыс», «Жазғы жолда», «Қысқы жолды», «Пайғамбар» «Жазғытұры»; Сәкеннің «Көкшетау» поэмасы табиғаттың әсем де сырлы бейнелерін беріп қана қойған жоқ сол кездегі заман бейнесін, адам бейнесін ашып берді.
Мағжанның көп өлеңдері табиғатты суреттеуге арналады. Табиғатты Мағжаннан көп, одан артық суреттеген қазақ ақыны кемде - кем шығар. Қазақ лирикасындағы әдеби көркемдіктің Мағжан шыққан биігі әдебиетіміздің жаңа табысы еді. «Өзіне дейінгі әдебиеттің өрістей алмаған жағын толықтырып, сезім дүниесін сөз арқылы терең суреттеу әдісінің тамаша үлгілерін көрсеткен Абай қазақта бірінші ақын болса», ұлы ақын бойлаған тереңдікке Мағжан да барады. Ұлы Абай тәжірибесін бойына сіңіріп, өз ерекшелігімен із қалдырған XX ғасыр басындағы әдебиетіміздің жарқын. бейнесі - Мағжан Жұмабаев тек психолог - ақын ғана емес, ол психология саласынан мол хабардар, адам жанын зерттеуші, жантанушы да.
Академик С. Қирабаевтың «Мағжан поэтикасы тулары» ойларында оның поэзиясының құпиясына бастар пікірлер бар: « Мағжан ақындығының құпиясы оның өз тұсының шындығын дәл бейнелеуінде ғана емес, өлеңнің сиқырлы күшінде. Ақын оны кітаптан емес, өмірден, табиғаттың өзінен алады. Өлең - оның өмірі, өлмес рухы, жаны...»- дейді. [5, 17]
Мағжанның «Көкшетау», «Жиіленді қара орман», «Жазғы таң», «Толқын», «Күннің батуы» (Генрих Гейнеден), «Сарғайып келген егін толқынданса» (Лермонтовтан), «Жаз келді», «Жазғытұры», «Жазғытұрым», «Жазғы түнде», «Жел», «Толған ай» сияқты өлеңдері бар. Бәрі де табиғатпен сырласудан туған толғанысты жырлар, көзіңді арбап, жүрегіңді тебірентетін мұңлы пейзаж, ғажайып суретші қолынан шыққан картина секілді, әр түрлі сезім, түйсік арқылы қабылданған психологиялық астарлы сырлары бар реалистік пейзаж үлгілеріне қоса кей тұста фантастикалық сурет, пері, періште, тәңір де арпалысып кетеді.
Ақын суреткерлік құдіретін көрсететін сиқырлы өлеңдерінің бірі «Толқын» мынадай жолдармен аяқталады:
Ерке бала былдырлап,
Сылдыр, сылдыр, сылдырлап,
Толқынды толықын қуады.
Күміс кәусар суымен,
Суының алтын буымен,
Жарының бетін жуады.
Мөлдіретіп көз жасын,
Жасымен жуып жартасын,
Сүйіп сылқ - сылқ күледі.
Жылағаны күлгені,
Күлгені оның өлгені,
Жылай, күле өледі.[6, 44]
Толқын біресе бала болса, біресе ғашықтарға айналады, ең соңында өледі. Астарлы ой, меңзеу идея, емеурін сарын қандай десеңізші?!
Ақын шыққан аса биік эстетикалық тұғырдың бірі - пейзаж лирикасы. Халық әдебиетінен, Абай дәстүріндегі жыл маусымдарына қатысты әлеуметтік терең сарындардан алынған үлгілерді дамыта келе, Мағжан табиғат көріністерін бейнелеуде әлем поэзиясындағы классикалық тәжірибелерге ден қоя отырып, жаңа көркемдік игіліктер жасады.
Мағжанның пейзаж лирикасын ойлана зерттегенде, әрбір өлеңнің берілу тәртібінде зор мағына бар екенін аңғарасың. Алдымен жазғы не қысқы сахараның аумақты, мол көрінісі алдыңыздан шығады: кең дала, асқар тау, саумал бұлақ, ақ қайың. Бірте - бірте ақын жалпы суреттен жеке бейнеге, нақты детальға, жеке образға көшеді. М. Жұмабаев табиғат бейнелерін жырлағанда өз уақытының тынысын білдіріп отырады. Ақын жаңашылдығы осы тұста жарқ етіп көзге түседі.
Жыл мезгілі (қыс, көктем, жаз; күз), дала, ауыл көріністеріне ақын бірде сүйінсе, бірде наз білдіре жырлайды. Табиғат суретін жалаң бейнелемей, адам өмірімен тығыз қарым - қатынаста жырлау дәстүрі Абайдан бастау алса, сол дәстүрді Мағжан да жалғастырады.
XX ғасыр басындағы табиғат туралы өлеңдерінің жырлануында мынадай саралану байқалады: Ол - жылдың төрт маусымдық (көктем, жаз, күз, қыс) мезгілдерін бір - біріне жалғастыра жырлау. Мысалы Мағжанның «Жазғытұры», «Жазғы таң», «Жыл мезгілдері», «Күз», «Жазғы түнде», «Жаз кеелді», «Жиіленді қара орман», «Алатау»; Сәкеннің «Жазғытұры», «Жайлауға көшу», «Май алдында», «Жаңа жыл» т. б.
Жоғарыда жыл мезгілдерінің жеке - жеке суреттелуі - Абай қалыптастырған дәстүр дедік, ал XX ғасыр басында бұл одан әрі жетілдіріле жырланады. Ақындардың жаз кезеңіне арналған өлеңдерінің барлығында да жайлау келбетінің қайталанбас ғажайып суреттері жасалады. Мағжанның «Жазғы таң», Сәкеннің «Жайлауға көшу», «Жайлауда қымыз ішу», Ілиястың «Жаз», «Жайлау» т. б. өлеңдерінде қазақ ұлтының маңдайына біткен бақытты жайлаудың сән - салтанаты бар болмысымен көрінеді. Мысалы, Сәкеннің «Жайлауға көшу» атты лирикалық өлеңінде композициялық тұтастық үш бөлімнен тұрады: біріншісі - көшуге дайындық; екіншісі - көш салтанаты; үшіншісі қызылды - жасылды киінген қыздар, бозбалалар, келіншектер табиғи қозғалыстармен беріледі:
Өз - өзімен әлек болған кей жастар,
Көшке мінген асаулары туласып.
Көш артында қыз - келіншектер іркіліп,
Бір жүруге бір - біріне қарасып.
Қатарласып жорғаларын салысар,
Желектері, үкілері жарысып.
Өзіне - өзі риза болып ыржыңдап,
Қастарында жүрген жігіт жанасып.
Тайға мініп балалар жылқы айдасар,
Ақсақалдар ілгері қоныс сайласар [7, 24 ].
Бұл жолдардан байқағанымыз, Сәкен де Абай сияқты ауыл тұрмысын, ондағы хал - жағдайды, жастар жайын, қыз - келіншектердің риза болып қалжыңдасып ойнап келе жатқаны көз алдыңда бейне бір сурет жасап тұрғандай.
Табиғатты жырлаған бірсыпыра өлеңін Сәкен жастардың махаббат сезімімен байланыстырады. Бұл тұрғыда «Жазғы түнде» өлеңі ерекше бағалы. Абайдың «Желсіз түнде» өлеңінің әсерімен жазылған бұл өлеңінде түнгі табиғат көрінісін жастар махаббатымен ұштастыра суреттейді. Өлең оқиғасы - қазақтың дала тіршілігінің болмысы. Ақын соның бәрін жанды сурет күйінде беріп, жастардың үнсіз кездесуін нәзік сезімге бағындырады.
Психологиялық - символдық, әрі егіздеулі қатпарлары қалың өлеңдерді Мағжанның, Сәкеннің шығармаларынан кездестіреміз. Солардың ішінде мол жазғаны - Мағжан. Ақынның «Толған ай», «Зар», «Айға», «Батқан күн», «Атқан таңның жыры», «Қараңғы дауылды түн», «Күміс нұрлы Ай», «Түн еді», «Жел» («Жел - тым тентек бір бала»), «Жұлдыздарға», «Жиіленді қара орман», «Күзді күн» атты өлеңдерінде лирикалық қаһарман мен табиғат құбылыстарының тағдырлары, қимыл қозғалыстары үнемі егіз өріммен беріледі. Лирикалық қаһарманның қуанышы да, күйзелісі де табиғатпен егіз.
Сондықтан біз XX ғасыр басындағы қазақ поэзиясының аса үздік жетістігі - табиғат құбылыстарын жырлаудағы психологиялық философиялық мәні зор реалистік таным негіздерін көркемдікпен жырлауды меңгергені екендігін айтамыз. Табиғаттағы барлық құбылыстардан, бейнелерден адамның тағдырына үндестіктің мәңгілік үзілмей келе жатқан ақындар көркемдік таныммен әсерлі бейнелейді. Мысалы, Мағжанның «Жиіленді қара орман» өлеңіндегі орман күнмен, аспанмен астасқан, жер үрлеген құбылысын лирикалық қаһарман өз тағдырымен егіздейді.
Мәңгі мылқау қара орман
Былқ етпейді түс көрер.
Жел мінезді ессіз жан -
Маған түрлі ой келер.
Ұйықтасам мен орман боп,
Тәтті - тәтті түс көріп.
Бетімнен тұрса жел үріп
Мағжанның «Пайғамбар» атты өлеңінде:
Күнбатысты қараңғылық қаптаған,
Күні батып, жаңа таңы атпаған.
Түнеріп жүр түннен туған перілер
Тәңірісін табанына таптаған [7, 68], -
деп, ақын өз ойларын еуропоцентризмге қарсы қояды. Күнбатысты, онда болып жатқан оқиғаларды ұлт бояуына қанық сөздермен таныстырады.
Мағжанның «Күз», «Өткен күн»деген өлеңдерінен Абай дәстүрінің ізін таниды.
Ал ақын мұрасын толық саралаған кісі Абай әсерін Мағжан лирикасының тұла бойынан әрдайым сезінері хақ. Екі суреттерге де аты ортақ дүние «Жазғытұрыда». Абай - «Жазғытұрыда» таныс, бейтаныс, қимыл, қам - қуаныш көріністерін берудегі көркемдік ұстанымға ыңғайлас тәсіл - қырдың барлығы күмәнсіз.
Абайдың «Жазғытұры» өлеңімен аттас Мағжан «Жазғытұры» өлеңін айта кеткен жөн.
Су ақты, жетті сәуір қырдан ойға,
Секіріп арық - тұрақ кетті тойға.
Жас бала: «Жазғытұры туды» - десіп,
Жабағы көтерем тай, ақсақ қой да.
Қуанып жан - жануар, алшаң басып,
Қалмады қайғы - уайым ешбір ойда.
Нұрлы күн алтын нұрын шаша бастап,
Шықсын деп қысқы ызғар өткен бойға [7, 36], -
деп Мағжан да ауыл тұрмысын, ондағы елдің жаз келді десіп, қуанысқанын, жас балалар мен жан - жануарлардың да қуанышын бейнелі суреттермен көрсетеді.
Табиғатты жырлаған бірқатар өлеңін Сәкен жастардың махаббат сезімімен байланыстырады. Бұл тұрғыда ең алдымен «Жазды түнде» атты өлеңді атау қажет. Мұнда табиғат сыры мен махаббат сезімі қатар шертіледі. Өлең мазмұны жағынан Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» атты лирикасымен ұқсас келеді. Бірақ Сәкендікі қайталау емес, ақынның түнгі табиғат көрінісін өзінше қабылдап, жастар махаббатымен өзінше ұштастыра білгенін байқатады. «Желсіз түнде» қысқа болса, «Жазды түнде» ұзақ (160 жол шамасы).
«Жазғы түнде» - қазақ даласының бір түнгі суреті. Көшпелі ауылдың кешкі өмірі де елес беріп отырады. Өлең оқушының көз алдынан өтер картинаға бай. Мұнда ымырт жабылып, ел жата бастаған түнгі даланың тыныштығы әңгіме болады. Меруерт тасындай құлпырып жұлдыз шығады. Аспан жүзік сайрандап дүниеге нұр шашады. Жібек шашын айна алдында тараған сұлудай қалың талдың жапырағы өзен жағасына төніп тұр. Су жиегіне ағаш көлеңкесі түссе, ортасын жұлдыз бен ай сәулесі түскен. Жылжып аққан өзен суының бетінде ай сәулесі дірілдеп көрінеді. Алтын ай мен жұлдыздар сәулесі су бетінде де шағылысып, дүниені ақ сәулеге бөлейді.
Қазақ поэзиясындағы табиғат жырын сөз еткенде, ақындардың туған дала туралы туындыларына назар аудармай болмайды. Өйткені өзінің туып - өскен кең жазира даласын жырламаған ақын кемде - кем. Қазақ халқының даласын жырлағанда ақындар көбіне - көп биік образға айналдырып отырғанын жиі көреміз. Даланы жырлауда қазақ поэзиясында алғашқы тұсынан - ақ қалыптасқан көркемдік дәстүр бар. Ол дәстүрдің негізін қалаған ақындар - С. Сейфуллин, І. Жансүгіров т. б. Олар даланы жырлаудың жаңа, идеялық биік өредегі дәстүріне кең жол ашты. Мәселен І. Жансүгіров өзінің «Дала» атты поэмасымен революцияға дейінгі және совет өкіметі орнағаннан кейінгі даланы салыстыра жырлап, сол адамға енген үлкен әлеуметтік жаңғыруларды биік шабытпен толғап берді.
II ТАРАУ
ТАБИҒАТ ЛИРИКАСЫНЫҢ КӨРКЕМДІК АРНАЛАРЫ
1. 1 Символдық поэзиядағы табиғат бейнесі
«Символизм - әдебиеттің аңға шапқан арыстандай жасырын күші мен батыл арманы, жүзеге асқысы келген мүмкіндіктері, түсінген жанға пердесін алған тіршіліктің ешбір тыйымға қарамас ашық мұңы мен қасіреті» [6. 24].
Көркем образдар жүйесіндегі символ туралы алғашқы тұжырымдарды ежелгі дүние және орта ғасыр ойшылдары Аристотель, Платон, Әл - Фарабидың поэтика туралы ой - пікірлерінен табуға болады. Ал, Қазақ әдебиеттануында символды көркемдік амал - тәсілдің бірі ретінде Алғаш рет А. Байтұрсынов «Әдебиет танытқышында» бөліп қарастырады.[8, 17]
XX ғасыр басындағы аталған табиғат туралы өлеңдерде дала келбеті, оның әрбір сәтіндегі дамылсыз, үздіксіз жүріп жатқан қозғалыстардың, өзгерістердің түрлі - түсті бояулары - бәрі де психологиялық тұрғыда суреттеледі. Даланың өзендері мен көлдерінің, таулары мен ормандарының, аспанының, топырағының, өсімдіктерінің, ауасының - бәрінің өзара үндескен табиғи келісімді сұлулық әлемін айрықша бейнеленгенін көреміз. Ақындар жылдың көктемін балалық, жас өспірімдік, жазын есею, ер жету, күзін егделену, қысын қартаю секілді адам өмірінің белестеріне баламалау арқылы өмір сырларының философиялық мәнін ашады.
Жыл мезгілдерінің барлығына да ақындар бейнеліліктің кейіптеу (олицетворение) және пернелеу (аллегория) тәсілдерін араластыра береді. Табиғат құбылыстарын адамша қимылдату, мінездеу - көркемдік тәсілдердің осындай қолданылуын қалыптастырады.
Бұл тәсіл қашанда қазақ поэзиясына бұрыннан қалыптасқан тәсіл. Мысалы, Мағжанның «Жазғытұрым өлеңінде» «Алтын ана - Күн», ал «Жер - нәресте жас бала» болып бейнеленеді:
Аяқтары көсіліп,
Еркеленіп, есінеп,
Жер - нәресте жас бала
Жұмсақ ыстық бетінен
Тәтті ғана сүйсем деп,
Күбірлеп жылы жел жүрер,
деген ақын тебіренісі табиғат туралы туындының идеялық шоқтығын биіктетіп жіберген. Табиғаттың осындай тамылжыған кезеңін үлкен образға айналдыра отырып, ақын өзінің қоғамдық идеалын соған етене өре білген. Ақын аңсап, идеал тұтып отырғаны адамзаттың жарқын келешегі - бостандық.
«Қайың» атты өлеңіндегі лирикалық қаһарман ақынның қайыңның суықта қалтыраған, қайғылы халін суреттеуде кейіптеулік бейнелеудің аса әсерлі психологиялық деңгейін танытады.
Сыбырлайсың,
Дірілдейсің,
Еңкейесің,
Күбірлейсің,
Ызғарлы жел,
Соққан сайын [6, 152].
Бұл жолдардан байқайтынымыз, қайыңды сол кездегі қарапайым халық кейпінде бейнелеп, ызғарлы желді сол қарапайым халықты қанаушылар ретінде бейнелеп көрсетеді.
XX ғасыр басындағы қазақ поэзиясында айрықша байқалған ерекшелік - адамға қатысты бейнелеулердің бәрінде де табиғат құбылыстарына байланыстырып жырлау. Күн, Ай, жұлдыздар, жел, су, толқын, қара жер, жапырақ, тау, тұман, жыл мезгілдері және т. б. - сансыз суреттер, құбылыстар адам жанына, келбетіне баламаланып жырланады. Мұнда да кейіптеулік суреттер молынан кездеседі. Мысалы, Мағжанда мынадай жанды қозғалысты табиғат тынысымен дидарласамыз:
Көкке тиген биік тау
Құшақтасқан тұманмен,
Қосылысып есен - сау,
Бал алысқан құмармен
Алтын күн батып барады,
Алтын күн ақырын өледі.
Сорлы бұлттар - сорлы жар,
Қан жылап күнді көмеді [6, 76].
Сонымен қатар XX ғасыр басындағы қазақ поэзиясында суреттелетін табиғат ортасы қазақтың жыл мезгілдері, географиялық жер - су мекендері.
Мағжанның «Туған жерім - Сасықкөл», «Туған жар», «Орал тауы», «Көкшетау», «Алатау», «Алатауда» өлеңдерінде табиғат ортасының қайталанбас сұлу өрнектері ақындық шабыттың аса әсерлі сыршыл әуендерімен бейнеленеді. Ақынның қандай географиялық мекен болса да бәрінің табиғат келбетін жасаудағы шеберлігі айрықша айқын.
Ақынның «Алатау» атты өлеңінде де табиғаттың сұлу келбеті мен Алаштың атамекенін мақтаныш, медеу тұтқан лирикалық қаһарманның сыршыл да асқақ романтикалық тұлғасы тау мінезді, биік мақсатты, айбынды болып көрінеді. Алаш жерін ардақтаған бұл сарын XX ғасыр басындағы ақындардың табиғат туралы өлеңдерінде үнемі сабақтаса өріліп отырады. Осы «Алатау» өлеңіндегі тау келбеті бейне Алаш елінің символдық тұрғыдағы бейнеленуі секілді көрінеді. Алатау бейне бір Аспан - Ананың меруерт қарға бөлеп қойған бөбегі. Ақынның кестелі тіл өрімдерімен жырланған тау келбеті жанды табиғаттың қайталанбас ғажайып суретін көз алдымызға әкеледі:
Иірілген айдаһардай ашулы асқар, Томсарған туғаннан - ақ тарғыл тастар. Құздарды мәңгі меңіреу мәңгі басқан, Жауһардай жарқыраган аппақ шаштар.
Түк басып, тұла бойы толған кесте, Қарағай, арша біткен өрлей төске, Қарағаш, тал, тобылғы, жасыл шырша, Қарақат, жиде, шие, маржан түсті.
Құздарда найза қия құстар шулар, Төменде тасты сабап толқын тулар. Алланың ақ төсінен орғып түсіп, Сайларда салар ойнақ асау сулар [6, 183].
«Иірілген айдаһардай ашулы асқар, томсарған туғаннан - ақ тарғыл тастар» - деп теңеулер мен метафораларды ұтымды пайдаланған. Сондай - ақ таудың айкеремет метафора, жанды кұбылыс жасаған. Бұл бір жағынан, символдық астармен де екінші жағынан, психологиялық егіздеу сипатында жырланған көркемдік ерекшеліктерді аңғартады.
Қазақ поэзия тарихында ай, жұлдыз, күнді кейіптеу арқылы тұңғыш суреттеген Абай Құнанбаев. Ол «Жазғытұры» атты белгілі өлеңінде «күн - күйеу, жер - қалыңдық» деп суреттей отырып, жұлдыз бен айды сол қалыңдыққа кісімсіген жігіт бейнесінде бейнелеген болатын. Ал М. Жұмабаевтың «Жазғы жолда» атты өлеңінде даланы адам кейпінде суреттеп, дала - өлік; айнала - өлік деп бейнелеген. Ақын өлеңінде бұлайша суреттеулер оқушының көңіліне қонымды, жарасымды шыққан.
Өлеңдегі: «Шілде. Оттай ыстық күн — деп, күннің ыстықтығын отқа теңеп,
Дала - өлік. Жоқ бір үн. Жер де жатыр тұншығып. Жол жыландай иірілед, Шаң ерініп, үйірілед.
Ешбір леп жоқ, тып - тыныш [6, 138], -
деп даланы, жерді жанды кейіпкер түрінде суреттеп түр. Жазушы мұнда, дала — өлік деп даланың тып - тыныштығын, ешбір жан жоқтығын, сол үнсіздіктен, жердің тұншығып бара жатқанын бейнелеп тұр.
Мағжанның: «Қараңғы түн. Сар дала, көрінбейді айнала...» - деп басталатын «Қысқы жолда» өлеңінің осы алғашқы қараңғы түн, сар дала образдары адам бойына беймәлім бір үрей туғызады.
Боран соғып тұр борап,
Жолды басқан құр сорап..,
Барады үдеп бұл боран,
Жанымда жоқ тірі жан... [6, 152].
Боран үдеген сайын үрей де үдей береді. Өлең жолдарын оқығанда жаныңыз байыз таппай, ішкі дүниеңіз астаң-кестең, көз алдыңыз бұлдырап, әлденелер елестейді. Ақын жалғыздығын, қапаланған көңілін, қалың ойын бейнелеу үшін жоғарыдағыдай құбылыстарды алған.
Беймәлім үрей туғызатын тармақ образдар - ақын жанының тереңінен түзілген ішкі көрініс. Сол тәрізді ерікке, бостандыққа деген айрықша ықыласты «Жел» арқылы бейнелесе, қалың ойға шому, қалың қиял құшағына ену мотивін «Орман» арқылы аңғартады...
Мағжан өлеңдеріндегі ақындық дара контексті құрайтын мистикалық образдар: қалың тұман, сагым, қара түн, қараңғылық, сар дала, тылсым, сап - сары бел, жұмбақ дала, жалгыз жан, жын, пері, ұлан, дала, ессіз жел - адам жанының беймәләм теңіне үңілуден туған бейнелер.
Мағжан Жұмабаев өлеңдерін оқи отырып, өзі көп айтатын тылсым буғандай әсерге енесің, таңғаларлық күй кешесің, ойлар мен толғамдардың терең тұңғиығына сүңгіп, әсем суреткер дүниесіне кіресің. Не суық, не жылы, әлде жарық, әлде көмескі сезімнен хабар беретін алуан бояудың сырларына қанығып, ақынның құдіретті шеберлігіне бас ұрасың.
Ақын тау туралы толғансын, не дарқан даланың кеңдігін жырласын, тіпті көл, немесе жазғы таңды, қысқы кешті, егінді, не жер, күн, ай жайында айтсын, бірінші кезекте өзінің дүние түсінімі ішкі жан күйі тұрады, сонысымен айнала әлемді бірге толғандырып, бірге тебіренеді («Көкшетау», «Жазғы түнде», «Қысқы жол», «Қайың», «Орман», «Алдамшы өмір», «Ой», «Жел», т. б. өлеңдері куә).
М. Жұмабаев жазғы, қысқы табиғат көрінісіне өзінің сезім дүниесін қоса жырлайды. «Дала өлік», «Сар дала», «Жапан түз» дегенде жанды табиғатты жоққа шығарып тұрған жоқ, лирикалық қаһарманның сезімі, оның қиялы тоғыса келіп, жанды, тірі сурет жасап тұр. Мағжан Жұмабаев романтикалық қуат күшке, фантазияға, қиялға, қанатты ойға ерік берген. Алтын шашты пері бейнесі де лирикалық' ой - сезімді күшейтіп тұр, таусылмас дала жолында елестеген сиқырлы періште арбай ала жөнелгендей, Жыландай созылған ұзын жолға ол елес үйлескен. Жол мен даланы лирикалық әрі романтикалық ретпен осылай көрсету, қазақ жерінің сары жон, ұзақ жол сипатынан алыс емес, қайта оның сырын аша түскендей.
Сәкеннің табиғат жырлары өз елін, оның табиғатын сүйген ақынның шын сезімін бейнелейді. Ол табиғатты ел өмірімен, олардың тіршілігімен халықтың азаттық тілеген арман - қиялымен байланыстырады. «Май айында» (1916), «Жаңа жыл» (1917) атты өлеңдерінде ақын жаздың шығуы мен жаңа жылдың тууын символды түрде өмірдің жаңаруы, жаңа заманның келуі туралы ойлармен ұштастырады. Күз туралы өлеңін «Өткен күн» деп атаған. Ақын жазды жыл жастығы деп атаса, күзді өтіп бара жатқан ұсқынсыз заман бейнесінде алады.
Табиғат көріністерін суреттейтін лирикалық өлеңдерде ақындар бейнелеп - сипаттаудың алуан түрлі амал - тәсілдерін қолданады. Сәкен жасырақ кезінде жазған «Өткен күн» өлеңінің бірінде жаз өтіп, күз келуін суреттейді:
Сұлудай толқып бұралған, Жібекке жасыл оранған, Жас өрім талдың жапырағы. Сарғайып түсті үзіліп. Ұялшақ көркем келіндей, Албырап тұрған қызыл гүл, Солды қурап бұзылып [7, 25].
Талдың жапырағы сарғайды, қызыл гүл солды деп ақын түйінді ойын солған жерден айта салмайды. Екі шумақта да алдымен келісті шумақ тауып, талдың жапырағы мен гүлдің ғажап сұлулығын суреттеп, оқушыларын қызықтырып алады. Тек сонан кейін (ең соңғы тармақта ғана) барып шендестіру тәсілімен кенет алғашқыға мүлде қарама - қайшы сезім туғызып, сондай көркемдік, сұлулықтың өшіп жоғалғанын бірақ аңғартады.
Әдетте халық поэзиясында қыздың, жас әйелдің сұлулығын талға, гүлге ұқсату жиі кездесетіні белгілі («Көкшетау» поэмасында Сәкен өзі тұтқын қызды «үзілген қызғалдақтай өңі солғын» дейді). Ал мына өлеңінде ақын басқаша сипат тапқан. Мұндағы ол қолданған теңеулердің үлкен ерекшелігі - ақын табиғат құбылысының көркемдігін адамның бойындағы сұлулықпен салыстырады. Ал бұл табиғат суретіне жан бітіргендей әсерлік дарытып, шығармадан нәзік лирикалық сезімнің лебі естіліп тұрады. Сонымен қатар Мағжанның «Толқын», «Қайың», «Жазғытұры», «Жазғытұрым», «Жазғы жолда», «Жаз келеді», «Күз», «Жазғы таң» тәрізді табиғат мерзімдеріне басым түрде реалистік назармен көз салатын шығармаларынан басқа біраз өлеңдерінде астрофизикалық құбылыстарға қатысты ишаралық мағынада көмескі ойды сағыммен безендіре, сәндендіре бейнелеу жиі ұшырасады.«Жел» атты өлеңінде тұтқындағы кейіпкерге Сарыарқадағы ел сағынышын жеткізген табиғат еркесінің зарығуы, ызалануы, «қажып», жылауы әдеттегі бейнелі қимылды елестетсе, алғашқы шумақта соңғы тармағын өзгерте қайталайтын соңғы жолдар психологиялық егіздеу арқылы адам уайымы мен заман қасіретін қатар тұспалдайды:
«Тәңір ием, атпады ғой таңың!»- деп,
Күңіреніп жатыр тұтқын уһілеп.
Естіледі терезеден темірлі,
Тыста соғып жел уілдеп тұр гулеп» [8. 145]
Осы аттас екінші өлеңде жел бұзық баланың ерпейсіз қылықтарына теңдес сипат ала келіп, «көлдің бетін кестелеп», «кәрі орманды оятып» қана қоймай, тағы бір тосын әрекетке көшеді:
«Дем ала алмай асығып, Күрсініп ауыр, бас ұрып «Саған сұлу сәулеге Келдім ұшып, ғашықпын, Бір сүюге асықпын,
Мойның бір меңдей іуреге!» - Дейді де сүйіп көзінен, Шашы, алма жүзінен,
Қол жіберді кеудеге. Бақыттысың, еркежан! Уа, дариға, жасаған,
Жел емеспін мен неге?!» [8. 145]
Ақынның ауыстыра ойлау жүйесі әр түрлі нысанды жан бітіре қабылдап, дала сұлуы - желдің сан құбылған әсем келбетін ырғақ, ұйқас келісімімен бедерлеген. Тентек жел сүйкімді әрі батыл бозбаланың ұлттық рәсімдегі ойын - қалжыңмен лирикалық қаһарманды қызықтырады.
«Боранда» Сәкеннің Колчак лагерінен қашып шығып, жасырынып жүрген кездегі жазғаны.
Ел сағынышы күресті аңсау, шет елде жасырынып жүрген кездегі әсерлер бейнеленген.
Сонымен Сәкен халық аңыздарына сүйеніп, елдің батырлық, гуманистік дәстүрлерін, адамдық ізгілікті, қазақ жерінің көркем табиғатын суреттеп кең тынысты поэмалар жазды. «Аққудың айрылуы» атты лиро - эпикалық поэма жоғарыда айтылды. Осы тақырыптағы ақынның үлкен табысы — «Көкшетау» поэмасы. Қазақ даласының ең бір шұрайлы өлкесі - Көкшетау әдебиетте көп жырланған. Солардың ішінде М. Жұмабаевтың «Батыр Баян» атты поэмасы кеңінен таныс. Мағжан онда Абылай ханды көтере, оның ел қорғаушылық, қазақ жерін біріктіруші есебіндегі еңбегін айқындай жазған. Сәкен болса, поэма сюжетін жер атауларының шығуы жайындағы аңыздарына құрай отырып, қазақ - қалмақ халықтары арасындағы жауласушылық оқиғаларын негізге алады. Сәкен Абылайды зорлықшы, ел шапқыш, билеуші етіп суреттейді.
Көкше табиғатын, сұлу жаратылысын ақын әрі әсерлі, әрі жан - жақты суреттеген. Көкше аңыздарының ішінен Сәкен «Жеке батыр», «Бурабай», «Оқжетпес», «Жұмбақтас»туралы әңгімелерді бөліп алады. «Жеке батыр» тауының аты қарауылда тұрған батырдың қалғып кетуінен туса, «Бурабай» сол көлді мекендеген ақбас бура тарихымен байланыстырады.
Сәкен поэмасы Көкшенің бай көркем табиғатын көрсететін әсем де сырлы суреттерге толы. Ақын оқиғаны ылғи да табиғат көріністерімен қатар алып суреттейді. Көкшенің байлығы көлінің, тауының, орманның әсемдігін алдыңғы қатарда ұстайды.
«Көкшетау» поэмасы - бүкіл қазақ поэзиясындағы шоқтығы биік көркем туындылардың бірі. Халық тарихының кезеңді оқиғалар шындығын туған өлкенің сұлу табиғатымен тұтастықта, үлкен реалистікпен бере білген. Ақынның бұл еңбегі шын мәніндегі халықтық шығарма болып, қазақ халқы арасында орасан зор сүйіспеншілікке бөленді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру