Даналық мектебі


 Б.Сейсекенов атындағы орта мектебі

 

 

 

 

 

 

«Даналық мектебі» бойынша атқарылатын

жұмыс жоспары

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 2023-2024 оқу жылы

«ДАНАЛЫҚ МЕКТЕБI» КЛУБЫ

 «Даналық мектебі» клубының қызметі білім беру ұйымының позитивті ата-ана мәдениетін қалыптастыру және дамыту жөніндегі жұмысының ажырамас бөлігі болып табылады. Клуб – бұл жұмыстың ең қолайлы формасы, өйткені ол қатысушылардың теңдігі тұрғысынан жұмысты қамтамасыз етеді және ата-аналар үшін даму ортасын құрудағы әлеуметтік тәсілдің артықшылықтарын барынша толық жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

 Өзінің қызмет форматына сәйкес «Даналық мектебі» клубы білім беру ұйымының нақты қажеттіліктерін және ата-аналар қоғамы өкілдерінің өскелең ұрпақты тәрбиелеуде халықтың ұлттық құндылықтары мен педагогикалық дәстүрлерін қолданудың оң тәжірибесімен бөлісуге дайындығын ескере отырып, ерікті негізде құрылады.

 «Даналық мектебі» клубы қызметінің мақсаты – аға буынның педагогикалық әлеуетін өзектендіру арқылы ата-аналардың позитивті мәдениетін дамытуға жәрдемдесу.

 Клубтың міндеттері:

  •  аға буынның бастамашыл және ресурстық өкілдерін позитивті ата-ана мәдениетін дамыту жөніндегі жұмысқа тарту;
  •  ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерді білім берудің негізгі өзегіне айналдыруға жәрдемдесу;
  •  өскелең ұрпақты тәрбиелеуде халықтың ұлттық құндылықтары мен педагогикалық дәстүрлерін қолданудың оң тәжірибесін таратуға ықпал ету.

 «Даналық мектебі» клубының қызметінен күтілетін нәтиже: позитивті ата-ана мәдениетін қалыптастыру және өскелең ұрпақты тәрбиелеудің өзекті мәселелерін шешу үшін аға буынның тәжірибесін табысты пайдалану.

 Клуб отырыстарының тақырыбын айқындау кезінде Қазақстанның мәдени бірегейлігін сақтау және дамыту мақсатында міндетті түрде қазақ халқының құндылықтары мен дәстүрлеріне сүйену қажет. Сонымен қатар, Қазақстанда тұратын басқа этностардың мұрасын ескере отырып, клуб қатысушыларының кездесулерінің тақырыбы мен мазмұнын мүмкіндігінше байыту ұсынылады.

 Осыған байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXI сессиясында сөйлеген сөзінен маңызды тезисті еске алған жөн: «Саналуандықтағы бірлік – бұл ұлттық бірлікті сақтау мен нығайтудың іргелі қағидаты. Біз бұл қағиданы болашақта да ұстануымыз керек».

 «Даналық мектебі» клубының қызметінің басым бағыты ата-аналар қауымымен жұмыс болып табылады. Клуб мектептің нақты сұраныстары мен талаптарына сәйкес «Ата өсиеті», «Әже даналығы», «Аға қаморлығы», «Женге кеңесі» секцияларын ұйымдастыру арқылы қазақстандық этнопедагогиканың тәрбиелік әлеуетін өзектендіруге арналған

 Әрбір қызмет бағытының орасан зор педагогикалық әлеуетін ескере отырып, әрбір білім беру ұйымында клубтың барлық 4 секциясын ашу ұсынылады: «Ата өсиеті», «Әже даналығы», «Аға қаморлығы», «Женге кеңесі». Алайда, бұл жұмыс ресурстардың жинақталуына, аға буындардың бастамашыл және ресурстық өкілдерін іріктеуге және қажетті ұйымдастырушылық жағдайлар жасауға қарай жоспарлы, кезең-кезеңмен жүргізілуі тиіс.

 Сарапшылар клуб аясында қарастырылуы мүмкін этнопедагогика мәселелерінің мазмұнында белгілі бір бағытты қарастыруды ұсынады. Клуб секцияларына арналған іс-шаралардың үлгілік тақырыптары төменде берілген.

 

 «Ата өсиеті»:

 - Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер

 - Бабалар дәстүрі – ұрпаққа өсиет

 

 «Әже даналығы»:

 - Ертегі – танымның көзі

 - Ырым-тыйым – әдептілік негізі

 

 «Аға қаморлығы»:

 - Ағасы бардың – жағасы бар

  - Ер жігітке жарасар салауатты бейнесі

 

 «Женге кеңесі»:

 - Қыз ғұмырдың құпиялары

 - Қыздар білуге тиіс...

 

 «Даналық мектебі» клубының қызметін ұйымдастыруға білім беру ұйымының директоры жауапты. Жұмыстың тікелей кураторы директордың тәрбие жөніндегі орынбасары болып табылады. Қамқоршылық кеңес клуб қызметіне жан-жақты қолдау көрсетеді.

 Клуб аясында ұсынылатын жұмыс түрлері: интерактивті дәрістер; әңгімелер, тақырыптық пікірталастар; қызықты адамдармен кездесулер; бейнематериалдарды қарау және талқылау; шығармашылық кештер және т. б.

 «Даналық мектебі» клубының жоспары мен жұмыс кестесін мектеп директоры бекітеді. «Даналық мектебі» клубы аясындағы кездесулердің жиілігі әрбір білім беру ұйымының ата-аналар қауымының сұраныстарына сәйкес айқындалады.

 Клуб қызметіндегі сабақтастықты қамтамасыз ету үшін клуб мүшелерінің азды-көпті тұрақты құрамы жұмыс істегені жөн. Сонымен қатар, клуб шеңберіндегі отырыстар мен кездесулердің әртүрлі тақырыптары үнемі жаңа қатысушыларды тартуға ықпал ететіні анық.

 Клубтың танымалдылығын арттыру үшін бірқатар міндетті шарттарды қамтамасыз ету қажет деп санаймыз:

  •  отырыстарды сапалы өткізу;
  •  аға буынның белсенді және ресурстық өкілдерін тарту;
  •  жобаны іске қосу алдында ақпараттық науқанды, оның ішінде ауданда, қалада, ауылда жалпы ынталандырушы іс-шараны өткізу;
  •  ата-аналардың қажеттіліктерін қамтамасыз ету;
  •  жергілікті атқарушы органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен серіктестік (Ардагерлер кеңесі, белсенді ұзақ өмір орталықтары және т.б.), басқа ата-аналар клубтарының өкілдерін тарту.

 Клубтың қызметіне мониторинг жүргізу, жекелеген отырыстар мен кездесулерді өткізу сапасын айқындау үшін мыналарды ескеру қажет:

  •  клуб қызметі туралы сұрақтарды мектепішілік бақылау жоспарына енгізу;
  •  қатысушылардың қанағаттану деңгейін анықтау үшін тұрақты сауалнамалар жүргізу.

 Клубтың қызметі бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде келесі форматтар арқылы кеңінен жариялануы керек:

  •  тікелей эфирлер;
  •  сұхбат;
  •  есеп беру;
  •  маңызды оқиғалар туралы хабарландырулар;
  •  пікір алмасу.

 Еліміздегі білім беру ұйымдарының клубтық бірлестіктері іс-шараларының үздік сценарийлері Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институтының цифрлық платформасында жарияланатын болады.

Бекітемін:

Мектеп директоры:

 

 «Даналық мектебі» бойынша өткізілетін сабақтардың тақырыптары

Тақырыптар

Өтетін уақыты

Жауаптылар

Аталар мектебі (Школа дедушек)

1

Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер

Қыркүйек

2

Бабалар дәстүрі – ұрпаққа өсиет

Қазан

Әжелер мектебі (Школа бабушек)

3

Ертегі – танымның көзі

Қараша

4

Ырым-тыйым – әдептілік негізі)

Желтоқсан

Аға мектебі (Школа старшего брата)

5

Ағасы бардың – жағасы бар

Қаңтар

6

Ер жігітке жарасар салауатты бейнесі

Ақпан

Жеңге мектебі (Школа жеңге)

7

Қыз ғұмырдың құпиялары

Наурыз

8

Қыздар білуге тиіс...(тұрмыстық қажеттіліктер)

Сәуір

 

БҰЙРЫҚ №

  «____»____2023ж

«Даналық мектебін» құру туралы Мектепте аға буынның педагогикалық әлеуетін өзектендіру арқылы ата-аналардың позитивті мәдениетін дамытуға жәрдемдесу мақсатында БҰЙЫРАМЫН: 1.Балаларды оқыту мен тәрбиелеу мәселесі бойынша мектептің ата-аналарымен қарым-қатынасын күшейту,отбасы құндылықтарын дәріптеу,сондай-ақ берекелі,позитивті отбасы мәдениетін дамыту,1-9-сынып оқушыларының құқықбұзушылыққа итермелейтін қылықтардан аулақ болуға бағыт-бағдар беру,алдын алу мақсатындағы жұмыстарды жүргізу, жан-жақты қолдау көрсету үшін ата-аналар,педагогтер ,қамқоршылық кеңес мүшелері және елді мекендегі ардагерлердің қатысуымен төмендегі құрамда «Даналық мектебі»құрылсын.

Толық аты-жөні

Қызметі

мәртебесі

1

Батимова Г.Қ.

Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

төрайымы

2

Жалелова Г.

Қоңырбаева А.

Психолог

орынбасар

3

Зейнуллаев М.

Ұлдар кеңесінің жетекшісі

мүшесі

4

Бөріқұлов А.

«Асқар тау»әкелер кеңесінің төрағасы

мүшесі

5

Текебаева Н.

«Парасат»аналар мектебінің төрайымы

мүшесі

6

Әбілқасымова Г.

«Қарлығаш»қыздар ұйымының жетекшісі

мүшесі

7

Қамқоршылық кеңес төрағасы

мүшесі

8

Нысанбаева А.

Ата-аналар комитетінің мүшесі

мүшесі

9

Қонысбаева З.

Бастауыш сынып мұғалімі

мүшесі

2. «Даналық мектебінің»іс-шаралар жоспары жасалынып,бекітілсін. 3. «Даналық мектебі» клубының қызметінің басым бағыты ата-аналар қауымымен атқарылсын. 4.Қазақстандық этнопедагогикалық тәрбиелік әлеуетін өзектендіруге бағытталған клуб секциялары ашылсын:«Ата өсиеті», «Әже даналығы», «Аға қамқорлығы», «Жеңге кеңесі». 5.Клубтың танымалдылығын арттыру үшін жергілікті атқарушы органдармен,басқа да үкіметтік емес ұйымдармен (ардагерлер кеңесі,ата-аналар клубтары) өкілдерін тарту шаралары жүзеге асырылсын. 6.Клуб қызметіне мониторинг жүргізу үшін клуб қызметі туралы сұрақтар мектепішілік бақылау жоспарына енгізілсін.

7. «Даналық мектебі»клубы қызметіне басшылық жасау және бақылау өзіме қалдырылсын.

Мектеп директоры: К.Тлепов

Анықтама

Мектебімізде "Даналық мектебі" клубы аясында “Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер”тақырыбында “Ұлағат”аталар мектебінің алғашқы отырысы өткізілді.

Мақсаты: балаларды оқыту мен тәрбиелеуде отбасы мен мектептің өзара әрекеттесуін күшейту, бала тәрбиесінде оң мәдениетті дамыту.

Кездесуді мектеп директоры ......... ашып, орталықты ашудағы мақсат-міндеттерге тоқталып өтті. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары ..............орталық бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, алдағы уақытқа жоспарланып отырған іс- шараларды таныстырды.

Отырыс барысында әкенің балаға, атаның немереге беретін тәрбиенің маңыздылығы жайында сөз қозғалды.Аталарымыз бүгінгі қоғамдағы тәрбиенің олқылықтарына тоқталып, өзара пікір алмасты.”Ұлағат” аталар мектебінің мүшелері орталықтың алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Шежіре – бір ұлттың шығу тегін тармақтап ұрпаққа, руға таралуын баяндайтын тарих ғылымының бір тармағы. Сондықтан қазақ ұрпағына шежіре білуді міндет деп қарайды.

Өз ұрпағына жеті атасын үйрету баяғыдан келе жатқан қазақтың тәрбиелік дәстүрі. Мұның туыстық жағынан маңызы зор екенін халқымыз ерте түсінген және оны берік ұстанып келген.

Жеті атаны білу үрдісі әлем бойынша тек қазақтарда ғана бар екенін түсіндіріп өтті. Осы орайда «Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер», «Жеті атасын білмеген – жетесіз», «Қыз алсаң тектіден ал», «Текті жерден қыз алсаң, төрден орын аларсың, тексіз жерден қыз алсаң, ұятқа көп қаларсың» деген ұлағатты сөздерге тоқталды. Отбасында жеті ата шежіресін сақтау, оны танып білу, шежіре тарихын білу, елдік, халықтық шежірені насихаттау мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға оқушылар қызығушылық танытып, өз ойларын ортаға салып, пікір алмасып, белсенділік танытты. Оқушыларға салт- дәстүр туралы, жеті ата туралы сұрақтар қойылды. Жеті аталарын айтып, дұрыс сұрақтарға жауап берген оқушылар мақтау қағаздарымен марапатталды.

Анықтама

Қазан айында мектепте 7 сынып оқушыларының ата-әжелерін – «Аталар мектебі», «Әжелер мектебі» клубының мүшелерін - қонаққа шақырып, «Бабалар дәстүрі – ұрпаққа өсиет» тақырыбында кездесу ұйымдастырылды.

Мақсаты: білім алушылардың бойында ұлттық құндылықтарды дарыту, адал, саналы, жасампаз азаматты тәрбиелеу. Іс-шара барысында қазақ халқының ежелден келе жатқан өзіндік орны бар дәстүрінің бірі бата берудің түрлерімен таныстырылды. 

Кездесуге келген ата, әжелер немере, шөберелеріне отбасы тәрбиесіндегі салт-дәстүрлер, ырым-тыйымдар, бата беру, әулет тарихын білу – оны ұрпақтан ұрпаққа мирас етудің маңызы жайлы, өмірден түйген, білгендерін өнеге ретінде айтып, ұлттың құнды тәлім-тәрбиелік мұраларын жас ұрпаққа насихаттады. Бағы заманнан жібі үзілмей келе жатқан ұлттың рухани құндылықтарын сіңірген қарттарымыз - аталық және әжелік міндеттерін сезініп, «Даналық мектебінің» жұмысына осылайша белсене араласуда. Ал оқушылар өздерінің тарапынан шағын концерттік бағдарламаларын көрсетті. Әншілеріміз ән айтып, күйшілеріміз күй тартудан жасқанбады. Мектеп өмірінен алынған көріністі тамашалаған қарияларымыз балаша қуанып, оқушылардың өнеріне, ниеттері мен ыстық пейілдеріне, ақ тілектеріне риза болып, балаларына ақ баталарын берді. Қонақтарымызға сыйлықтарын да ұсынып, барлығы біріге ән шырқады.

Анықтама

Қарттарымыз – біздің асыл қазынамыз. Еліміздің өсіп-өркендеуіне, бейбітшілікте тыныш өмір кешуіне өз үлестерін қосқан осы ардақты да аяулы қарттарымыздың арқасы. Саналы ғұмырларын Отан деп, тынымсыз еңбектерімен мемлекетіміздің негізін салуға жол ашқан алдыңғы буын ата-әжелеріміздің еңбектері ерен. Олардың өнегелі өмір жолдары бізге үлгі-өнеге, бүгінгі ұрпаққа табылмас қазына екені ақиқат.

Осы орайда, мектебіміздің 7-сынып жетекшілерінің ұйымдастыруымен, «Аталар сөзі -тәрбие көзі» тақырыбында кездесу кеші өткізілді.

Мақсаты:

Жеті-он ата ұғымын тереңдетіп, өзге ешбір халықта жоқ, бір кіндіктен тараған төрт текті, буынды жеті атасын білуге, рухани салт-дәстүрімізді сақтауға, адамгершілікке тәрбиелеу.

Кеш барысында, ардагер аталар сөз алып, өз еңбек жолдары мен жасаған қызметтері, өмірдегі қызықты сәттерімен бөлісті.

«Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер» бөлімінде әулет тарихын білудің маңыздылығына тоқталды. Оқушылар домбырамен күй шертіп, өлең шумақтарын арнап, әннен шашу шашылды.

Кеш соңында, қонақтар ұстаздар мен оқушыларға ыстық ықыласымен алғыс айтып , ақ батасын берді.

Жиынға қатысқан құрметті аталар, өз ойларымен бөлісіп, бұл тақырыпты қызу талқыға салып, қан тазалығының ұлт болашағы екендігін тілге тиек етті. Арасында, балалық шаққа саяхат жасап жастық шақтарын еске алып, асық ойнап, ләңгі теуіп, ән айтып сергіп те алды. "Өсіп келе жатқан балаға "Тегін білген текті адам" әулетінің тарихы туралы айту біздің міндетіміз, ағайын-туыс қарым-қатынасын реттейдін өзіміз"-деген сөзбен тарқасты.

«Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер»

тақырыбындағы дөңгелек үстелдің сценарийі

 Мақсаты: Шежірені, әулет тарихын білудің, оны ұрпаққа мирас етудің мәнін талқылау.

 Міндеттері:

 1) Шежіренің сырын, мағынасын ашу

 2) Қан тазалығы ұлт болашағы екеніне назар аудару

 3) Әулет тарихын білудің мәнін түсіндіру

 

 Көрнекілігі: Нақыл сөздер «Атадан бата алмай, үй болмас, Ордадан үлгі алмай, би болмас», «Аталы сөз – баталы сөз», «Тегін білген текті адам», «Жеті атасын білген ер, жеті елдің қамын жер». «Атаға қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер», «Ана тәрбиесі қызға үлгі, әке тәрбиесі ұлға үлгі».

 Іс-шараның түрі: Алқалы жиын (дөңгелек үстел)

 

 Барысы: Бүгінгі дөңгелек үстелдің мақсаты мен міндеттерін таныстыру.

 

 Модератор: Құрметті аталар, бүгінгі алқалы жиынға қош келдіңіздер!

 Бүгінгі таңда ата мен немере арасында позитивті қарым-қатынас орнату өзекті мәселенің бірі болып отыр. Аталардың біразы жас, біразы жасамыс. Қалалақ жердегі аталардың көпшілігі зейнеткерлікке шығып үлгермегендіктен жұмысбасты. Бірақ мұның бір де бірі сіздерге аталық міндетіңізге әртүсті қарауға себеп болмауы керек. Аталарымыздың бағзы заманнан жолы үзілмей келе жатқан өз міндеттері бар. Сол міндеттеріміздің үдесінен шыға алып жүрміз бе?

 Бүгінгі дөңгелек үстелде соның бірі «шежіре» мәселесіне тоқталатын боламыз. Өсіп келе жатқан балаға шежіре, әулеттің тарихы туралы кім айтады? Ағайын-туыс арасындағы қарым-қатынасты кім реттейді? Жеті атаны кім үйретеді? Осы сұрақтарды талқылайтын боламыз. Олай болса, алғашқы сөзді осы мектептің ___ сынып оқушысы _______________________ атасы, ________________________ сөз берейік.

 

1-спикер:

 «Шежіре» араб тілінен аударғанда – бұтақ, тармақ деген мағынаны білдіреді. Шежіре – бір ұлттың шығу тегін тармақтап ұрпаққа, руға таралуын баяндайтын тарих ғылымының бір тармағы. Сондықтан қазақ ұрпағына шежіре білуді міндет деп қарайды. Өз заманы мен бұрынырақта болған ірі тарихи оқиғаларды, хандар мен батырлар, шешендер мен жыраулар, байырғы қазақтың тұрмысы мен салты туралы әңгімелей алатын ақсақалдарды «шежіреші» деп атайды. Өз ұрпағына жеті атасын үйрету баяғыдан келе жатқан қазақтың тәрбиелік дәстүрі. Мұның туыстық жағынан маңызы зор екенін халқымыз ерте түсінген және оны берік ұстанып келген.

 Ата-ана бір кіндіктен шыққан перзенттерін ел, ру намысын қорғайтын ержүрек, қайырымды, ұйымшыл, бауырмал етіп тәрбиелейді. Ал бір атадан тараған туыстар әулеттің татулығын бірінші орынға қояды. Өйткені олар бірін-бірі жақсы таниды. Ағалы-інілі, апалы-сіңілі дегендей, сыйластықта бірге өседі. Мұндай туыстардың арасында орынсыз жанжал, ұрлық-қарлық, барымта, зорлық-зомбылық сияқты жат істер болмайды. Өйткені тәртіп бойынша туыстар қиянат қылмайды, керісінше, сырттай бір-біріне қамқор, жанашыр боп жүреді. Қазақтың «Қанына тартпағанның қары сынсын» деп қатты айтатыны тағы бар. Жеті ата ұғымында ағайын арасындағы бірлік, татулық, сыйластық мәселесі терең қарастырылған.

 Ұрпағымыз парасатты, бойында азаматтық намысы бар, елін, жерін, отбасынын сүйетін, тарихын білетін азамат болып өссін десек, оның тәрбиесіне қоғам болып назар аударуымыз керек. Туыстардың бір-біріне жат болмауын ойлау, кімнің кім екенін, өзінің кім екенін, жеті атасын түгендеп, жалықпай түсіндіру – үлкендердің мойнындағы міндет. Жеті атасын жаттату, ата-тегін, дәстүрлі өлең-жырларды айтқызу арқылы ата-әжелер бір жағынан әулеттің тарихын білдірсе, екінші жағынан баланың танымдық қабілетін дамытып, өз ойын анық жеткізе білу дағдысын қалыптастырады. «Жеті ата» «ата-баба» деген ұғымды білдіреді. Жеті ата шежіресі өзімізге дейінгі ата-бабаларымыздан бастап таратылады. Яғни: 1. Өзің. 2. Әке. 3. Ата. 4. Арғы ата. 5. Баба. 6.Түп ата. 7. Тек ата. Бұл атаулар кей жерлерде басқаша айтылуы мүмкін. Қалай десек те, жеті ата жолының осылай таратылатыны - бұрыннан келе жатқан ақиқат шындық.

 «Жеті атасын білген ер

 Жеті жұрттың қамын жер.

 Жеті атасын білмеген

 Құлағы мен жағын жер», – деген сөз көп мағынаны білдіреді.

 Жеті атаны білу - жеті адамның атын білу ғана емес, солардан тараған ағайын-туысыңды білу. Үлкендеріне сәлем беріп, кішілеріне қамқорлық жасау. Сондықтан да біздің ата-бабаларымыз өз балаларына жеті атасының аты-жөнін, атамекенін, өз руынан шыққан елге сыйлы, белгілі адамдардың атын айтып, өмірін үлгі, өнеге етіп отырған. Ал бұған немқұрайлы, салғырт қарағандарды «Жеті атасын білмеген – жетесіз» деп іске алғысыз етеді. Жеті атасын білу арқылы әркім өзінің ата-бабаларының кезінде кім болғанын, қалай өмір сүргенін біліп, мақтаныш етіп отырады. Әл-Фараби: «Тарихты білмей – өткенді, қазіргі жағдайды білу, келешекті болжау қиын» дейді. Олай болса, мәңгілік, тәуелсіз ел боламыз десек дәстүрімізді, тіліміз бен тарихымызды құрметтеп, қастерлей білуіміз керек.

 

Модератор: Келесі сөзді осы мектептің ___ сынып оқушысы _____________ атасы, ______________________ сөз берейік.

 

2-спикер:

 

 Жеті атаға дейін қыз алыспайтын қазақ қан тазалығына ерекше мән берген. Мұны үлкен мақтанышпен айтуымыз керек. Себебі бұл бізден басқа бір де бір халықта болмағанын бүгінгі таңда өркениетті елдердің бәрі мойындайды. Данышпан бабаларымыз құда түсу арқылы осы мәселенің қыр-сырын ашып, бүкіл тетігін жасап кеткен. Енді, соны қалпына келтіретін заң қабылданса, керемет болар еді. Бірін бірі ұнатқан жастардың бір-біріне туыстығы бар-жоғын ата-анадан артық ешкім білмейді. Қазақ неге жеті атаға дейін қыз алыспаған?

 Мәселен, «жеті атаға толмай қыз алыспау» дәстүр-заңының ғылыми негізі таңғаларлық. Оқырманға түсінікті болу үшін, генетикалық терең заңдылықты емес, арифметикалық қарапайым есеппен «жеті ата заңын» түсіндіріп көрейік:

 Адамдардың бойында тұқым жалғастыратын хромосама саны 46 екенін медицина дәлелдеп отыр. Осы хромосома саны еркектің ұрығында 23, әйелдің аналық жұмыртқасында да 23 болады. Ер мен әйелдің ұрығы қосылғанда екеуі 46-ға теңеліп, екі «жарты адамнан» бір «бүтін адамның» негізі қалыптасады. Аталарымыздан келе жатқан «екі жарты қосылып бір бүтін болайық» дейтін дәйексөздің тегін айтылмағанын осыдан байқауға болады. Сонда ешқандай ғылымсыз-ақ аталарымыздың бұл мәселені қалай терең түсінгеніне таңғаласың.

 Сонымен, Бірінші буын, яғни балада қырық алты туыстық толығымен сақталады. Екінші буын, немереде жиырма үш жарты туыстық, үшінші буын, шөбереде бұл екіге бөлінетіндіктен 11.5, ал төртінші буын шөпшекте осы сан тағы екіге бөлініп 5.75-ке тең болады. Бесінші ұрпақ, неменеде бұл сан тағы екіге бөлініп  2.8-ге теңеседі. Алтыншы  ұрпақ,  туажатта  1.4-ке тең, ең соңғы Жетінші буын, жүрежатта 0.7. Сегізінші ата жегжатта туыстық қатынасты анықтайтын хромосома саны 0-ге тең болады. Яғни, Жетінші атадан кейін ұрпақ жалғастығында туыстық қатынас қалмайды. «Жеті ата» заңын Қазақ қоғамы қабылдаған кезде яғни Тауке ханның «Жеті жарғысы» қолданысқа шыққан заманда Генетика ғылымы әлі жоқ болатын. Демек, жеті ата мәселесі тек туысыңды ғана білу емес, отбасын құрып, өмірге дені сау ұрпақ әкелу үшін де керек. Ал мұның дені сау ұлттың негізі екеніне ешкім таласпаса керек.

 

Модератор: Келесі сөзді осы мектептің ___ сынып оқушысы _____________ атасы, ______________________ сөз берейік.

 

3 спикер:

 Әрбір адамға оның кім екенін, оның ата-бабаларының кім болғанын білу аса маңызды. Өйткені мемлекеттің өзі отбасынан басталмай ма?! Аталарымыз «Отан отбасынан басталады» дейді. Олай болса әр отбасының тарихы мемлекет тарихының бір кішкене бөлігі. Бүкіл ел танымаса да, өз туыстарының ортасында, өз ауылына, ауданға аты шыққан адамдар болады. Олардың еңбегін, өмір жолын немерелері білуге міндетті. Олар туралы сала құлаш мақалалалар жазылмауы мүмкін, кітаптар шықпаған шығар, тарих беттерінде ештеңе жоқ болар, бірақ олардың да өнегелі ісі, тағылымдық өмір жолы бар. Оны ұрпағына айтатын кім? Аталары... Сондықтан, кейінгі буын әулеттің, отбасының тарихын ұмытпасын десек, немерелерімізге олар туралы айтып отыруға міндеттіміз. Тек өз әулеті ғана емес, нағашылары туралы да білетінімізді айтып отырғанымыз абзал. Сонда әулеттің тарихын оларға біз аманаттап кетеміз. Адамдар кетеді. Тұтас толқын ауысып жатады. Олар туралы тұстастары кеткен соң, ел де ұмытады. Бірақ ұрпағы ұмытпауы керек.

 Қазақтың біртуар азаматы Бауыржан Момышұлы «Ұшқан ұя» аталатын мемуарлық шығарма жазды. Шығармаға автордың балалық шағынан, ес біле бастаған, мектеп табалдырығын аттағанға дейінгі өмірі өзек болған. Жазушы өзінің тұлға ретінде қалыптасуына ұшқан ұясы ықпал еткенін баяндай отырып, отбасы мүшелерін: әжесі Қызтумас, әкесі Момыш, немере ағасы Момынқұл, әпкелері Үбиан, Әлимандарды өзіндік бейнелерімен әр қырынан танытқан. Бауыржан Момышұлы аңыз әңгімелерді әжесінен естігенін үлкен сүйіспеншілік сезіммен есіне алады, сонымен қатар ненің жақсы, ненің жаман екенін, нені сүйіп, неден аулақ жүруді әжесінен үйренгенін мақтан етеді. Әкесі Момыш өз бетімен сауат ашқан, сол кездегі көзі қарақты адамдардың бірі болған. Ел арасында ағаш ұстасы және етікші, зергерлігімен де танымал болған. Бауыржан Момышұлы 3 жасқа келгенде анасы Рәзия қайтыс болады да, әжесі Қызтумастың қолында өседі. Осының бәрін Бауыржан кейінгі ұрпағым ұмытпасын деп жазып отыр. Бәріміз Бауыржан Момышұлы сияқты қаламгер бола алмасақ та, бірақ біздің де аталарымыз, бабаларымыз туралы немерелерімізге айта кететін әңгімелеріміз, қызықты оқиғаларымыз бар, соны немерелерімізге жүйелеп, түсінікті етіп айта жүруіміз керек. Ата болу оңай шаруа емес, сол міндетімізге лайық болайық дегім келеді.

 

 Модератор: «Атадан бата алмай, үй болмас, Ордадан үлгі алмай, би болмас», «Аталы сөз — баталы сөз», «Тегін білген текті адам», «Жеті атасын білген ер, жеті елдің қамын жер». «Атаға қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер», «Ана тәрбиесі қызға үлгі, әке тәрбиесі ұлға үлгі» деген сөздерді ата-балаларымыз бекер айтпаған болар. Осы сөздердің тәрбиелік мәні өте зор.«Мына бала жақсы екен кімнің баласы, тегі жақсы ау деймін бала негізінде тегіне тартады» деп жатады үлкен қариялар. Немерелеріміз жайлы осындай жақсы сөз естігіміз келсе, олар да кейін балаларына, немерелеріне өнегелі сөз айтсын десек, оны осы бастан қолға алуымыз керек. Жоғарыда үш спикер жеті ата мәселесінде, шежіре, қан тазалығы, әулет тарихы туралы біраз дүние айтып өтті. Енді осы жайындағы ойларымызды ортаға салып, пікір алмассақ. (Модератор ниет білдірген адамдарға сөз береді).

  • ______________________________
  • ______________________________
  • ______________________________
  • ______________________________
  • ______________________________

 

Қорытынды сөз:

Модератор: Сонымен бүгінгі алқалы жиынға қатысқан аталар кештен алған әсерлеріңіз мол болды деп ойлаймын. Немереміздің бойына бағы заманнан жібі үзілмей келе жатқан ұлттың рухани құндылықтарын сіңіретін өзіміз. Соған орай бүгін өтіп жатқан алқалы жиын аталық міндетімізді дұрыс атқарайық деген ниеттен туып жатыр. Осымен іс-шарамыз аяқталды. Мектеп өміріне, соның ішінде «Даналық мектебінің» жұмысына белсене араласқандарыңыз үшін көптен-көп рахмет! Барлықтарыңыздың отбастарыңызға бірлік, береке тату-тәтті өмір тілей отырып, ешқашан шыққан тегімізді ұмытпай есте сақтап жүрейік деп бүгінгі кешімізді аяқтаймыз!

 Тақырып:Бабалар дәстүрі – ұрпаққа өсиет

 

 Мақсаты: Бабаларымыздан келе жатқан рухани дәстүрлерімізді, құндылықтарымызды насихаттау.

 

 Міндеттер:

  •  Озық салт- дәстүрлерді талдап түсіндіру, дәріптеу;
  •  Ұлттың рухани құндылықтарын тәрбиенің негізгі өзегіне айналдыру;
  •  Отбасы тәрбиесінің үздіксіздігін қамтамасыз ету;

 

 Жоспар:

  •  Амандасу.
  •  Модератордың кіріспе сөзі.
  •  Топқа бөлу, материалдар тарату
  •  Материалмен танысу, талқылау
  •  Қорытынды.

 

 Әдіс-тәсілдер. Әдебиет үйірмесі, дискуссия

 

 Ресурстар: үлестірме материалдар

 

 1.Модератордың кіріспе сөзі: (5-7 минут)

«Бабалар дәстүрі – ұрпаққа өсиет»

 

 Шығыс халықтары батыс жұртындай емес, дәстүрді берік ұстанатындықтарымен ерекшеленеді. Сондықтан болар «Өнерін сыйлаған жұрт өрге, дәстүрін сыйлаған жұрт төрге шығады» деп, дәстүрге ерекше мән береді. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар», «заманына қарай адамы» дейтін қазақ күні кешеге дейін ата баба дәстүрінің өміршең тұстарын заманына қарай ыңғайлап, берік ұстанғанын жақсы білеміз.

 - Содан қазақ жаман болды ма?

 - Жоқ.

 Дәстүрді берік ұстанған баяғы қазақ қоғамы өз уақытында мінсіз қоғам орната алды. Ауылды абыз ақсақал билейді. Оған ешкім қарсы келмейтін, өз кезегінде ақсақалдар да жеке мүддесін емес, елдің ғана жайын ойлайтын. Ешбір қыз отырып қалмайды, үйленбей қалатын жігіттер де болмады. Жетім, жесір деген ұғым атымен болған жоқ. Үйсіз күйсіз, жұмыссыз жүру дегенді ешкім білген емес, әр бала ата-анасының қасында болғандықтан буллинг, зорлық-зомбылық дегенді ешкім естімейтін. Ол кезде ата баба дәстүрі бірінші орында тұратын. Одан ешкім аттамайды. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі тіршілігіңе не керек, бәрі ұрпақ санасына бірінші сіңірілетін. Оны үйрету үшін даңғарадай ғимарат салудың аса қажеттілігі болған жоқ. Бәрі балаға ата мен әженің, әке мен шешенің, аға мен жеңгенің ақылы, тәрбиесі арқылы беріліп жататын.

 Жасыратын несі бар, дәстүр десе көз алдымызға «құда түсу, ұрын келу, жар жар, сыңсу, шілдехана, бесікке салу, тәй тәй басқанда тұсау кесу, оң солын танығанда сүндетке отырғызу» келеді. Бізде осылардан басқа ештеңе жоқтай көрінеді. Бұлар өз алдына бөлек әңгіме. Ал тәрбие мәселесіндегі баяғыдан қалыптасқан дәстүрлер, нормалар, ырым тиымдар тәрбиешілердің назарынан тыс қалып жүр. Оқта текте көнекөз қариялар, кейуаналардан естіп қалатынымыз болмаса, педагогтер қолдана қоймайды. Әлемдік өркениетте өз орны, өз ұстанымы бар мемлекетке айналамыз десек, елге, жерге жаны ашитын ұрпақ тәрбиелегіміз келсе, осы нормаларға оралуымыз керек. Ата-ана, тәрбиеші, мұғалім тәрбие мәдениетін қалыптастыруда баяғыдан жібі үзілмей келе жатқан дәстүрлер, нормалар, ырым тиымдарды жақсы білуі және орнымен қолдана алуы керек.

 Қазақ ырым етеді, бұл жақсы ниеттен туған ғұрып. Балаларына елге белгілі, танымал адамдардың атын қояды немесе сондай адамдарға атын қойғызып, тұсауын кестіріп жатады. Солардай болсын деген ниет. Қазіргі таңда психологтар тренингтер өткізіп, «жақсы нәрсе ойлап, жақсылыққа ұмтылу керек, не ойласақ, сол жүзеге асады» деп жатады. Соның бәрі айналып келгенде осы ырым емес пе?! Қазақ: «Жақсы сөз - жарым ырыс» дейді. Жақсы сөз айту бабаларымыздан келе жатқан дәстүр. Әрине, ырымның бәрі орындалады деу қате, ол халықтың сенімі, аппақ ниеті, келешектен жақсылық күтуі. Орындалса құба құп, болмай жатса «Құдайдың ісі» деп, түсіністікпен қараған. Сондықтан ырымға қырын қарамағанымыз абзал.

 Қазақта үйіне кірген жыланның басына ақ құйып шығаратын дәстүрге айналып кеткен ырым бар. Яғни үйден дос емес дұшпаныңның өзін құр ауыз шығарма деген сөз. Алаштың ардақтысы Әлихан Бөкейханның өзін ұстауға ОГПУ-дың адамдары келгенде, «қызым, үйге қонақтар келді, мәдениетті адамдар дәстүр аттамайды, шай қойып жібер» деген керемет сөзі бар. Демек, үйге келген адамға дастархан жаю мәдениеттіліктің белгісі. Мәдениеттімін деген адам міндетті түрде дәстүр ұстануы керек. Осыны алдымыздағы баланы былай қойып, өзіміз терең түсінбей жатамыз. Мәдениетті адамның белгілері қандай дегенде «дәстүр ұстану» деп айта қоюымыз екіталай.

 Қазақ халқы – қандай да бір қуанышын жеке отбасы емес, көрші-қолаңын, туған-туысын, ел-жұртын жинап атап өтеді. Қуанышты хабар жеткізген адамға «Сүйінші» береді.

 Қазақ – қонағын құдайындай сыйлаған дархан халық. Қолындағы барын қонағының алдына жаяды. Біз ең бастыларын айтуға тырыстық, айтылмағаны қаншама?! Әлемдік өркениетте өз болмысымызды сақтаймыз десек, мұндай дәстүрлерді ұмытуға болмайды. (авторы: А. Мұхтаров)

 

  • Модератор:

 Қатысушыларды «Менің таңдауым» әдісімен (модератор өзіне ұнайтын әдісті қолдана береді) 4-5 адамнан топтарға бөлеміз. Топтағы адамдарға бата туралы ақпарат жазылған үлестірме материалдар таратылады. Әрбір қатысушы ақпаратпен жеке танысады.

 

Бата туралы

 Бата – қазақтың ертеден келе жатқан ұлттық дәстүрлерінің бірі. Бата, тілек ақ дастархан басында, түрлі тойларда, жақсылықтарда айтылады. Батаның адамға әсері күшті. Бата жасалған жерде халық сілтідей тынып, жақсылықтан үміт етеді. Ынтымақ, береке болады деп батаның әрбір сөзіне шүбәсіз сенеді. Әйтпесе, «Батамен ер көгереді, жаңбырмен жер көгереді» демес еді. «Баталы ер – арымас, батасыз ер – жарымес» деген де бар. Демек, бабаларымыз үшін батаның орны бөлек болған. Арнайы іздеп келіп, өсіп келе жатқан балаларымызға аузы дуалы адамдардан ырым етіп бата алатынымыз бар. Жанқұтты шешеннің «Жанарыңның оты бар екен ақындығың шығар, маңдайыңның жазықтығы ойлылығың шығар, халқыңның қалаулы азаматы бол» - деп Абайға бата бергенін бәріміз білеміз. Шешеннің айтқаны дәл келген жоқ па?! Алыс жолға шыққанда ауылдың үлкені немесе әулеттің үлкенінен бата алатын ырым бар. Бұл да қара шаңыраққа деген құрмет, қара шаңырақтың киесі қолдасын деген ырым. Атақты Сырым батырдың арнайы іздеп барып Малайсары биден, Бөкен биден сонымен қатар Мөңке, Алдар, Есет билерден бата алғанын білеміз.

 Қазақтың бата сөздері – бағзы заманнан келе жатқан, халық тарихымен тағдырлас, тәлім-тәрбие құралы болған тағылымы мол мұра. Осынау ұлы мұраны игеріп, оны халықтың игілігіне жарату, жас ұрпақтың санасына сіңіру – ата-ананың, әсіресе аталардың міндеті.

 Батаның ең көп тараған түрлері өмірге сәби келгенде, баланы бесікке салғанда, алыс жолға шыққанда, келін түсіргенде, ас қайырғанда, қоныс тойда, ұлыстың ұлы күнінде, үлкендерге құрмет көрсеткенде т.б. айтылады. Бауыржан атамыздың батасынан мысал келтіре кетейін.

 Е, Жаратушы, Жасаған!

 Тілегімізді қабыл ет,

 Иманымызды кәміл ет.

 Тозақтағы оттан сақта,

 Қаңғыған оқтан сақта.

 Парақор соттан сақта.

 Кірлі сумен жуыстан сақта,

 Ынтымақсыз туыстан сақта,

 Қара жүрек батылдан сақта,

 Дәйексіз тіл тақылдан сақта.

 Адалдықты арбаған ақыннан сақта,

 Ашу жеңген ақылдан сақта,

 Қайырымсыз жақыннан сақта.

 Адамды қадірлемес есерден сақта,

 Нанды басқан кесірден сақта,

 Қате ісіне қиналмас,

 Көк долы қатыннан сақта.

 Халықты зәбірлер бастықтан сақта,

 Жақынға жала жабатын,

 Қанқұйлы қастықтан сақта.

 Сырты сұлу, іші кір,

 Қадір білмес пасықтан сақта.

 Өз пікірі татымсыз,

 Кісі ақылымен күн көрер,

 атымы жоқ жастықтан сақта.

 Несібе кесер кесірден сақта.

 Некесіз бала табатын

 Жолы лас жесірден сақта.

 Әкімінде шапағат жоқ,

 Әділдікте шарапат жоқ,

 Молдасында шариғат жоқ,

 Байларында салауат жоқ,

 Кедейінде инабат жоқ,

 Азаматында ар-ұят жоқ

 Қариясында бата жоқ,

 Сөздерінде пәтуа жоқ,

 Құр айқау, шат-шәлекей, даңнан сақта.

 Е, Жаратушы, Жасаған!

 Өмір берсең, жайлы ғып бер,

 Дәулеті мен байлығын бер!

 Қарияны кемел, сыпайы ғып бер,

 Ағаларды райлы ғып бер!

 Апаларды мейірлі ғып бер!

 Ұрпақтарды намысты ғып бер,

 Тұлпарларды шабысты ғып бер!

 Жомарт болсаң, Жасаған!

 Айтқанымның барлығын,

 Ағайынды ақаусыз,

 Өнегелi өмiрмен тату-тәттi,

 Табысты ғып бер!

 Әумин

 

 Топқа бөлуге, материал таратуға 3 минут уақыт беріледі

 Танысуға 5 минут уақыт беріледі.

 Талқылауға 10 минут уақыт беріледі. Талқылау барысында батаның критерийлерін жасаңыз.

  •  Бата түріне назар аудару
  •  Жақсылықты Құдайдан сұрау
  •  Бәле-жаладан аман болуды сұрау
  •  Салиқалы, көркем мінезді болуды сұрау
  •  Ақылды, парасатты болуды сұрау
  •  Танымал адамдарға ұқсату
  •  Ұлдарды айбатты жануарларға, заттарға ұқсатып, қайратты болуын сұрау
  •  Қыздарды әдемі заттарға ұқсату
  •  Т.б.

 Кері байланыс «Батаның қандай түрлері бар, бата бергенде қандай мәселе қозғалады»? Әр топқа 1 минут

  • Тапсырма: Бата таңдау. Топта ақылдаса отырып, тапсырмаға сәйкес бата түрін іздеп тауып, ең жақсысын таңдап алады.
  • І топқа - өмірге сәби келгенде берілетін бата
  • ІІ топқа - Баланы бесікке салғанда, тұсауын кескенде берілетін бата
  • ІІІ топқа - Алыс жолға шыққанда берілетін бата
  • ІV топқа - Келін түсіргенде берілетін бата
  • V топқа - Ас қайырғанда берілетін бата
  • VI топқа - Қоныс тойда берілетін бата
  • VII топқа - Ұлыстың ұлы күнінде берілетін бата
  • VIII топқа - Үлкендерге құрмет көрсеткенде үлкендер беретін бата.
  • Бата беру. Әр топтан бір адам таңдалған батаны жатқа айтып беруге тырысады.

Кері байланыс: Талқылау сұрақтары.

  • Барлық жерде бір бата берген дұрыс па?
  • Үлкендер бата түрін ажырата ала ма?
  • Немереңіз сапарға шықса, бата алуға әулеттің үлкеніне жібересіз бе?
  • Туыстың баласы бата сұрап келсе, бата бере аласыз ба?
  • Әртүрлі жағдайда берілетін бата түрлерін жаттағыңыз келе ме?
  • Тағы қандай дәстүрлерді немерелерімізге өсиет етіп айта аламыз?

 Құрметті қатысушылар, «Даналық мектебі» жұмысына белсене қатысып, Аталар өсиетін насихаттауға үлес қосқандарыңыз үшін бәріңізге мың алғыс. Бүгінгі іс шарада естігендеріңізді әлеуметтік желілер арқылы немереңіз оқитын сыныптағы аталармен бөлісіп, осы жұмыстың жандануына үлес қосады деп сенеміз. Қош сау болыңыздар!

Сабақтың соңы

«Ертегі танымның көзі»

Анықтама

Ұлттық тәрбие, нағыз қазақы тәрбиенің өзегі әжелер мектебінен бастау алады. Көпті көрген ақ жаулықты әжелер айтқан ертегі арқылы бала жақсы мен жаманды, дос пен дұшпанды, мейірімділік пен жауыздықты, жақсылық пен жамандықтың ара жігін ажыратуды үйренеді, тілі жаттығады. Ертегі, аңыз-әңгімелердің кейіпкерлері олардың басынан өтетін оқиғалары арқылы күнделікті нәрселерді талдай білуді және әлемді түсінуді үйренеді. «Бала кезде үш жастан он екі жасқа дейінгі аралықта әр адам өзінің рухани дамуына қажетті нәрсенің бәрін де ертегіден алады» деген екен атақты ұстаз Ыбырай Алтынсарин.

Мектебімізде әжелер мектебінің іс-шара жоспарына сәйкес " Ертегі-танымның көзі " тақырыбында іс-шара өткізілді. Мақсаты: әжелер мектебі арқылы ертегінің танымдық-тәрбиелік әлеуетін жан-жақты ашып, отбасында ертегіні тәрбие құралы ретінде қолдана білуге ықпал ету. Оқушылар әжелерінің қызықты ертегілерін, үлгі-өнеге боларлық ақыл-кеңестерін қызығушылықпен тыңдады. Іс шара барысында 2 сынып оқушылары әжелерге әртүрлі сұрақтар қойып, өздерінің сүйікті ертегілерін қойып,өлең-тақпақтарын оқып берді,әжелеріне жылы лебіздерін,тілектерін айтты.

Сабақты «Сіздің әжеңіз қандай естелігімен қымбат немесе қандай естелік әжеңізді еске түсіреді?» деген сұрақпен бастап, қатысушылар өз әжелері туралы бір сөйлеммен жауап берді.

«Ертегі туралы не білеміз?» тақырыбында Ж.Молдабаева мағлұмат берді. Қатысушылар «қиял-ғажайып ертегі», «хайуанаттар жайлы ертегілер», «тұрмыс-салт ертегісі», «заманауи ертегі» тобы болып, төрт топқа бірікті. Тақырып бойынша өз білетіндерін жүйелеп, ақылдаса отырып, ертегі туралы қаншалықты білімі бар екендіктерін, өз пайымдаулары мен тұжырымдарын жеткізді. «Әжем айтқан ертегі» әнін караокемен жаппай орындады.

“ЫРЫМ-ТИЫМ ӘДЕПТІЛІКТІҢ НЕГІЗІ"

Анықтама

"Даналық мектебі" жұмыс жоспарына сәйкес тәрбие ісі-жөніндегі орынбасары Ж.Молдабаеваның ұйымдастыруымен “ЫРЫМ-ТИЫМ ӘДЕПТІЛІКТІҢ НЕГІЗІ" тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.

Мақсаты:Халқымыздағы әдептілікке бастау болған ырымдар мен тиымдардың мәнін ашып,әжелерге берілетін білім арқылы жас ұрпақтың ұлттық мәдениетін қалыптастыруға бағыттау.Ырымдар мен оның маңызы туралы түсіндіру.

Шара барысында әжелер оқушыларға ырым тиымдар айтумен қатар ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу мақсатында оқушыларға әдептілік туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Әжелер көптеген ырым-тыйымдары туралы айтып, салт-дәстүрді түсіндіріп, олардың тарихы мен қолданылуын әңгімеледі.

Ұлттық бірегейлікті сақтауда қанымызға сіңген әдет-ғұрып, салт-дәстүрдің мәйегін тереңінен түсініп, жеткізуші ол әжелер қауымы.

Баланың бойына аталған құндылықтарды сіңіре отырып тәрбиелеу, оны қалыптастыруда әженің берер тәрбиесіне тең келетін дүние жоқ шығар. Өйткені, бала да, немере - шөбере де алдымен ата-анасының, сосын атасы мен әжесінің қас-қабағына қарап өседі. Солардың берген тәлім-тәрбиесін бойына сіңіріп, ержетеді. Әженің мейірімділігімен сусындап өскен, әжесінің өнегелі әңгімесін тыңдап өскен баланың сана сезімі басқалардан ерекше болып қалыптасады.

«Ағасы бардың, жағасы бар»

Анықтама

Қазақ отбасында балалардың толық тұлға болып қалыптасуына әке, ата тәрбиесімен қатар ағаның алар орны да ерекше. Оны «Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар», «Үлкен тұрып, кіші сөйлегеннен без, аға тұрып, іні сөйлегеннен без», «Аға – орман, іні қорған», «Аға алдында пейіліңді, іні алдында мейіріңді көрсет», «Ағаның үйі ақжайлау» деген тағы басқа да халқымыздың мақал-мәтелдерінен-ақ аңғаруға болады.

Мектебімізде "Даналық мектебі" жоспары аясында мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Набиева Алия Максутқызының ұйымдастыруымен "Ағасы бардың — жағасы бар" тақырыбында іс-шара болып өтті. Мақсаты: Ағаларлың іні қарындас алдындағы жауапкершілігін арттыру.

Ағалық міндетінің мағынасын ашу.Інілері мен қарындастарына қамқорлық жасаудың мәнін түсіндіру.

Шара барысында аға өзінің ізіне ерген інілері мен қарындастарына тірек,қорғаныш.Әр аға отбасындағы жол бастайтын,өзінен кейінгілерге бағыт беретін тұлға.Іні мен қарындас ағасына қарап бой түзейді.Қазақ халқында аға мен іні арасындағы қарым -қатынас ең ізгі ,берік туыстық қатынас екендігі ,бауырым деп бағалайтын қазынасы екендігі туралы түсіндірілді.

Сонымен бірге шарамыздың қонақтары өз ойларын ортаға салды.

Аталмыш шарадан оқушылардың отбасындағы әке мейірімі, аға қамқорлығына қанық болып тәрбиеленіп келе жатқанына көз жеткіздік.

Бала тәрбиесіне отбасындағы әр адам дәл осылай аса мықты жауапкершілікпен қараса, жас өрендеріміз ел үмітін ақтар үлкен азамат болып өсетініне сеніміміз мол

«Ер жігітке жарасар салауатты бейнесі»

Анықтама

«Даналық мектеп» жобасы

Сынып жетекші О.Оразбкованың ұйымдастыруымен «Даналық мектеп» жобасы аясында «Ер жігітке жарасар салауатты бейнесі» тақырыбында 9-10-сынып оқушылары арасында шебер сынып өткізілді.

Мақсаты: Абыздардың ауыздарынан шығып, ғасырдан ғасырға жетіп, күні бүгінге дейін қолданыста жүрген мақал-мәтелдер, нақылдардың мән-мағынасын ұғындыру;

-халық ықыласына бөленіп жүрген спортшылардың жетістіктері арқылы салауатты өмір салтын насихаттау, білім алушылардың спортқа деген сүйіспеншіліктерін арттыру.Іс-шара барысында жомарттық,жауапкершілік,елжандылық,намысқойлық, сертінде тұру секілді ер жігітке тән қасиеттерді айқындайтын нақыл сөздердің мағыналары айқындала келе, оқушылар өз ойларын ортаға салды. Мектебіміздегі спорт саласында жетістікке жеткен ұстаздар мен оқушыларымыздың еңбектері аталып өтті. Танымал спортшылардың жетістіктері көрсетіліп, салауатты өмір салты насихатталды. Қорытынды бөлімінде мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ж.Молдабаева Мағжан Жұмабаевтың "Мен жастарға сенемін" деген қанатты сөзін тілге тірек етіп, рухты сөздеріне бірнеше мысал келтіріп қорытындылады.

Сабақ барысында біз дұрыс тамақтанудың, белсенді өмір салтының негізгі принциптерін, сондай-ақ тұрақты спортпен шұғылданудың маңыздылығын талқыладық. Қатысушылар сонымен қатар психологиялық әл-ауқат пен эмоционалды тұрақтылықтың негізгі аспектілерін зерттеді.

Алынған дағдылар мен білім: тренингке қатысушылар дұрыс тамақтану рационын құру, жеке дене жаттығулары бағдарламасын жасау бойынша практикалық дағдыларды игерді, сондай-ақ стрессті басқару әдістері мен өзін-өзі бағалауды арттыру туралы білді.

Болашақта ер балалар үшін салауатты өмір салты бойынша білім мен дағдыларды кеңейту бойынша қосымша сабақтар өткізу жоспарлануда.

Сабақтың тақырыбы:Ертегі – танымның көзі

(интерактивті сабақ)

Сабақтың мақсаты: әжелер мектебі арқылыертегінің танымдық-тәрбиелік әлеуетін жан-жақты ашып, отбасында ертегіні тәрбие құралы ретінде қолдана білуге ықпал ету.

Міндеттері:

  • әжелердің тәрбиедегі орнын айқындау;
  • ертегі туралы білімдерімен, ой-пікірлерімен бөлісу;
  • ертегінің тәрбие құралы ретіндегі маңызын ашу;
  • ертегін оқушыға керек дағдыларды нақтылау;
  • құнын жоғалтпаған ертегілер мен бүгінгі күн ертегілерінің айырмашылығы, мәнін ашу.

Көрнекілігі: экранда ертегінің тәрбиелік мәні туралы пікірлері мен ертегі кейіпкерлері жайында бейнетаспалар жүріп тұруы қажет.

Айгерім Қалаубаеваның орындауында «Ертегілер» әні (авторы: Е.Елгезеков) орындалып тұрады

https://www.youtube.com/watch?v=AI56IXocxb4

Жоспары:

Воркшоп: «Сіздің әжеңіз...»

Сұрақтар:

  • Ертегі туралы не білеміз?
  • Ертегі не береді?
  • Ертегі баланы дамыту құралы ретінде...
  • Ертегілерді не үшін оқу керек және қалай оқу керек, оқитын адамға қандай дағдылар керек?
  • Құндылығын жоғалтпаған ертегілер
  • Заманауи ертегілер жөнінде айтарымыз бар ма?

Қорытынды: «Даналық ағашы»

Сабақтың барысы:

Модератор: Қайырлы күн, құрметті аналар, ардақты әжелер! Әже деген аяулы атаудың өзін тосырқап қалғандаймыз. Дегенмен, бұл әлеуметтік мәртебе екендігін ұмытпағанымыз абзал. Небір қиын жағдайларда ұрпағын аман сақтап, өсіру мен жетілдірудің жолдарын жан-жақты білетін даналар қазақ әжелері еді. Олай болса, әжелер қауымын «Даналық мектебі» аясында көргенімізге қуаныштымыз.

Воркшоп:

Сіздерге ортақ бір сұрақ: Сіздің әжеңіз қандай естілігімен қымбат немесе қандай естелік әжеңізді еске түсіреді?

(Қатысушылар өз әжелері туралы бір сөйлеммен жауап беруі тиіс)

  • Менде әжемнен қалған күміс білезік бар.
  • Біздің үйде әжеміз сырған сырмақ бар.
  • Әжеміздің суреті маған ыстық... дегендей жауаптар беріледі.

Модератор: Бүгін Сіздермен «Ертегі – танымның көзі» атты тақырыпты бірлесе отырып ашсақ деген ұсыныс бар.

  •  Ертегі туралы не білеміз?

 Ертегі деген атаудың өзі «ертедегі», «ертеде ерте күндегі» деген сөзден туған. Содан ертегі айтушыны «ертекші» дейді.

 Аталарымыз бен әжелеріміз немерелеріне ертегілерін былай деп бастайтын: «Ерте-ерте ертеде, ешкі жүні бөртеде, қырғауыл жүні қызыл екен, құйрық жүні ұзын екен» деп көпке таныс өлеңдете бастау немесе «Ертеде, ерте ертеде, бәлкім одан да ерте ме, бір бай бопты», «Ертеде кемпір мен шал болыпты» - деген сияқты тіркеспен басталғаны қалыптасқан үрдіс еді. Бұл ертегінің алдында үнемі айтылып отыратын дағдылы сөздер ертегінің жолын ашады, бағытын аңғартады. Ертегінің басталуы мен баяндалуында өзге сөзден бөлек, өзіне тән айшықты өрнектері бар. Мұндағы мақсат: балалар соны аңғарсын да тыңдар ертегісінің ерекшелігіне бейімделе берсін деп психологиялық ахуал туғызғаны.

 Ертегіні жұрт қолы боста, қыстың ұзақ кештерінде айтқыш, тыңдағыш болады. Бірақ бұған қарап «ертегі» еріккеннің ермегі деп ойламау керек. Ертегі де фольклордың ішіндегі қоғамдық тәрбиелік маңызы зор – халық шығармашылығының жемісі.

 Алғашқы жүз жылда Қазақстанға Ресейден келген адамдардың кейбірі қазақ жұртыныңтұрмыс-салты,әдет-ғұрпытуралы деректер жинап, солардың қатарында фольклор жайында жалпылама мәліметтер жариялап жүрді. Ертегілердің көбірек жиналып, жарық көрген тұсы – ХІХ ғасырдың 2-жартысы. Бұл кезеңде қазақ ертегілерін ғылыми мақсатта жариялаған жинақтар да болды. Әсіресе В.В. Радлов, И.Н. Березин, Ы.Алтынсарин, Г.Н. Потанин, А.В. Васильев, А.Е. Алекторов, Ә.Диваев жинақтарында ертегілердің көптеген мәтіндері жарық көріп, олар туралы азды-көпті ғылыми пікірлер айтылды.

  •  Ертегі не береді?

Топқа бөлу. Қазір топқа бөлінсек. Қатарынан 1, 2, 3, 4-ке дейін санайық.

Сан реті бойынша төрт топқа бөлініп, орналасады. Топтарына тақырып иемденеді.

1-топ: қиял-ғажайып ертегі

2-топ: хайуанаттар жайлы ертегілер

3-топ: тұрмыс-салт ертегісі

4-топ: заманауи ертегі

 Аталған тақырып бойынша өз білетіндерін жүйелеп, ақылдаса отырып, біреуі баяндайды.

 1-тапсырма: Бұл топтық жұмыста қатысушылардың ертегі туралы қаншалықты білімі бар екендіктерін, өз пайымдаулары мен тұжырымдарын жеткізеді. (15 минут)

 Мысалы: қиял-ғажайын ертегі адамзатқа не береді, бала тәрбиесіне қаншалықты ықпалды. Сіз осы ертегілерді қалай заманауиландыра аласыз, қалай үлес қосар едіңіз? – деген сұрақтар төңірегінде ой өрбітеді.

 

 Модератор: Қазір бәріміз көңіл көтеру үшін ән салайықшы!Балаларға қандай қуаныш сыйлайтынымызды сезінейік!

 

 Ән орындау: Қатысушылар «Әжем айтқан ертегі» әнін караокемен жаппай орындау (4 мин)

 https://www.youtube.com/watch?v=5B_UnG0JYUk

Ерте, ерте, ертеде деп басталды кешегі,

Түн ұйқыға кетерде әжем айтқан ертегі,

Ұйып тыңдап жатыр ем, қызық ертегі екен деп,

Көзім ілініп кетіпті әжеме мен еркелеп.

Қайырмасы:

Мені әжем айтқан ертегі,

Биіктерге ертеді,

Бақытты жан етеді.

Сол ертектін жалғасын анық көрдім түсімде,

Түсті көріп болғасын, қайран қалдым күшіме,

Ғажап әнге шертеді, ұнап бала көңілге,

Әжем айтқан ертегі қайрат берді өмірге,

Қайырмасы:

Мені әжем айтқан ертегі,

Биіктерге ертеді,

Бақытты жан етеді.

2-тапсырма: топтарға төмендегі төрт сұрақ таратылады 5 минут ойланып, 5 минут баяндайды. (25 минут)

  • Ертегі баланы дамыту құралы ретінде...
  •  Ертегілерді не үшін оқу керек және қалай оқу керек, оқитын адамға қандай дағдылар керек?
  •  Құндылығын жоғалтпаған ертегілер
  •  Заманауи ертегілер жөнінде айтарымыз бар ма?

 Қатысушылар өз ойларын ортаға салады,

 Қорытынды.

 Модератор: құрметті бүгінгі сабаққа қатысушылар, Сіздердің пікірлеріңіз аса құнды. Қойын дәптерімізге өзімізге мынадай сұрақтар жазып алайықшы:

  •  Мен әдістемелік қоржынымда неше ертегі бар?
  •  Ертегіні қызықтыра баяндай аламын ба?
  •  Суретті, қызықты ертегі кітаптар сатып алатын мүмкіндік бар ма?
  •  Егер, өз ойымнан ертегі жазсам...

 Тағы қандай тапсырмалы сұрақтар жазар едіңіздер?

 

 «Даналық ағашы» арқылы қорытындау.

 Сабақты қорытындылаудың екі түрі бар: екеуінің бірін таңдай аласыз.

 1-нұсқа: қатысушылар ішінен бір жүргізуші сайланады. Жүргізушінің қолында қорап немесе сандықша болуы керек. Қатысушылар тақырып бойынша ашық сұрақтар құрастырып, жүргізушіге береді. Сұрақтар құрастырылып біткен соң, қатысушылар кезектесіп сандықшадан кез келген сұрақты алып, дауыстап оқиды, толық жауап беруге тырысады. Қойылған сұрақпен берілген жауап бағаланады.

 2-нұсқа: тақтада ілулі тұрған даналық ағашына қатысушылар бүгінгі сабақтан не түйгенін, тілекпен жазып іледі.

 

 Модератор: Ардақты аналар, аяулы әжелер!

 Бүгінгі сабағымызды қорытындылай келе, төмендегіше түйіндейік: Ертегі жанры – халық прозасының дамыған, көркемделген түрі, яғни фольклорлық көркем проза. Бала кезде үш жастан он екі жасқа дейінгі аралықта әр адам өзінің рухани дамуына қажетті нәрсенің бәрін де ертегіден алады. Отбасында әжелер арқылы ұлттық құндылықтарымыз насихаттала беруі керек.

 Халқымыздың даңқты батыры, қырғын соғыстан қорықпаған, қызыл империяның саяси идеологиясынан қорықпай аты-жөнін өзгертпеген – Бауыржан Момышұлы: өз қорқынышын былай жеткізген екен: «Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын, екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын, үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын…»

 Жаһандану жағдайында ұрпақ тәрбиесінде қаперде жүрер ескертулер мен қорқыныштар жоқ деп айта алмаймыз. Олай болса, осы мәселелерді отбасы тәрбиесінде ескеріп, өз әжелік мәртебемізге сай болайық дегім келеді.

Сабақтың тақырыбы: Ырым-тыйым – әдептілік негізі

(дөңгелек үстел)

Атаңды-анаңды құрметте,

Кісіні өлтірме,

Ұры болма,

Ыржақай болма,

Жалған куәлік берме,

Өзге кісіні күндеме,

Өз бауырың – адамды сүй,

Бойкүйез болма,

Күншіл болма,

Өкпешіл болма,

Еріншек болма,

Қызғаншақ болма,

Мешкей болма,

Көңілшек болма,

Арызқой болма.

(Кодекс куманикус)

Сабақтың мақсаты: халқымыздағы әдептілікке бастау болған ырымдар мен тыйымдардың мәнін ашып, әжелерге берілетін білім арқылы жас ұрпақтың ұлттық мәдениетін қалыптастыруға бағыттау

Міндеттері:

  • әдептілік туралы тұжырымдар жасау;
  • ырымдар және оның маңызы туралы түсіндіру;
  • тыйымның ұлттық тәрбиедегі орнын ашып, мәнін айқындау;
  • қазақ халқының ырым-тыйымдарына мұсылмандық әдеп қағидаларының ықпалын нақтылау.

Көрнекілігі: экранда әдептілік, ырымдар мен тыйымдар туралы қанатты сөздер, мақал-мәтелдер ретімен шығып тұрады.

https://www.youtube.com/watch?v=cHU7x2XaEQ0

Қатысушылар жиналғанша осы бейнетаспаны қойып қоюға болады.

Сұрақтар:

Әдептілік дегеніміз не?

Ырым әдепке негіз бола ала ма?

Тыйымдар не үшін қажет?

Халқымыздың мұсылмандық қағидаларының маңызы неде?

Дөңгелек үстелдің барысы:

Модератор: Қайырлы күн, асыл аналар, ардақты әжелер!

Әже деген түсінгенге – әлеуметтік мәртебе. Бұл адамның өмірлік тәжірибе жинап, ақыл-парасатының кемелденген шағы. Сондықтан осындай асыл жандар мектепке жиналып, баламыздың баласы – немерелеріміздің тәрбиесіне атсалысуға мүмкіндік берген тағдырға рақмет айта отырып, ортақ тақырыпта әңгімелесіп, ғибрат алу – біздің мүмкіндігімізді арттыруға тиіс.

Біз қазақ халқы сан ғасырлық тарихымыз, ұлан-ғайыр даламыз, өз мәдениетіміз бар ұлтпыз. Ендігі әңгіме өз ұлтымыздың ділі туралы, оныңғ ішінде әдептілігіне негіз болар ырым-тыйымдарымыз туралы болмақ. Барымызды бағалайық.

 Бірінші сұрақ : Әдептілік дегеніміз не?

 

 Бұл сұрақтың аясында мектебіміздің белсенді аналарының бірі, ... сынып оқушысы, ....... әжесі ...... апай өз ойын бөліседі.

 Бірінші әже:

 Ертеде сұлулықпен ұсқынсыздық теңіз жағасында кездесіп қалыпты. Екеуі көлге түсіп шомылайық деп келіседі. Шомылып жүргенде ұсқынсыздық судан ертерек шығады да сұлулықтың киімін киіп алып кетіп қалады. Суда қалған сұлулыққа амалсыздан ұсқынсыздықтың киімін киюге тура келеді. Содан бері жұрт сұлулық пен ұсқынсыздықты шатыстыратын болыпты. Сондықтан да сұлулықты сыртына қарап емес, ішіне қарап тану керек.

Әрине, адамда сырты мен іші, сөзі мен ісі үйлескен сұлулық болғанға не жетсін?! Көбінесе, жан сұлулығы адамның сөзі мен іс-әрекетінен көрінеді. Қазақ оны әдеп-ибасы бар, тәрбиелі, мәдениетті жан деп баға береді.

Әдетте, «этика, этикет» деген сөздердi естiп жүргенмен, дәл қандай мағынаға жауап беретiндiгiне мән бере бермеймiз. Болмаса, тар түсiнiк тұрғысынан қарап, қазақ дүниетанымынан тыс нәрсе деп қабылдауға да даярмыз.

“Этикет” – француз сөзi, екi мағынаға ие:

  • заттыңнемесекиiмнiңанықтамалық жапсырма қағазы;
  • салтанатты ишаралар.

Ал, “этика” – мораль туралы iлiм деген мағынаны бередi екен. “Мораль” сөзi латын тiлiнен аударғанда, “адамгершiлiк” дегенұғымдыбiлдiредi.

Осы сөздер қазақтың “әдеп” сөзiмен үйлесiм табады. Қазақтың “әдеп” сөзiнiң аясында да терең мән жатыр. Әдеп дегенiмiз – өнегелi тәрбие, қалыптасқан мәдениет. Ал әр сөзі мен ісі әдеппен өрілсе – оләдептілік.

 Бір жұрттыңүлкен бір оқымысты кісісі екінші бір елдің байымен сөйлесіп тұрғанда, қасынан бір жарлы кісі өтіп бара жатып, оқымыстыға иіліп сәлем береді. Оған қарсы әлгі оқымысты да онан да төменірек басын иіп, қайтара сәлем береді. Сондақасындағы бай тұрып:

 - Тақсыр, осынша біліміңіз бар ғалымсыз, сүйте тұра осындай бір бейшараға соншама бас иіп, неге сәлем бердіңіз? – деп сұрапты. Сонда ғалым кісі тұрып:

 - Ешбір ғылым-білім үйренбеген кісі сонша иіліп, әдептілігін көрсеткенде, менің оған әдепсіз болып көрінгенім лайықсыз болған болар еді, - дегенемеспе?!

Демек, әдеп – сыртқы көрініс қана емес, ішкі мәдениет. Бұл әр елде, әр ұлтта өзіндікерекшеліктеріменкөріністабады.

Модератор: Әр ұлттың өзіндік ерекшелігі бар деп, жақсы айттыңыз.

 Біздің екінші сұрағымыз: Ырым әдепке негіз бола ала ма?

 

 Бұл сұраққа жауапты бізге мектебіміздің белсенді әжелерінің бірі, … апайдайындапкелгенеді.

 Екінші әже:

 Қазақ баланы педагогика-психология деген ғылым жоқ заманда «ұят болады», «жаман болады», «обал болады» деп, қарапайым қағидалармен тәрбиелеген.

 «Ұят болады» деп әдепке үйретсе, «жаман болады» деп жақсы нәрсеге ырымдап, «обал болады» деп тыйым жасап отырған. Әдептiң негiзi жақсы болмаққа ниеттене бет бұрып, жамандықтан, ерсi әрекеттен тыйылудан тұрады.

 Ырым (ғұрып) – халқымыздың бізге мирас болған ғұрпы. Ырымның жолдары мен түрлері өте көп. Мысалы халқымыз шешен болсын деп, дуалы ауызды адамға баласының аузына түкірту, отаншыл болсын деп туған жерге аунату, ержүрек болсын деп батырдың сарқытын жегізу немесе оның атын қою сияқты ырымдар бар. Мысалы, Шыңғыс баласы Шоқанға ырымдап Сегіз серінің (Мұхамедқанапия) атын қойған.

 Қазақта әлі күнге көп кездесетін Абай, Абылай, Бауыржан, Сәкен, Қасым сияқты есімдерін қәзір де ата-аналары өз балаларынаырымдапқойыпжүр.

 Қандай да бір той-жиын, келін түсіруде балаларды осындай қуанышқа жетсін деп ырымдап, тойдан сарқыт: нан, бауырсақ, кәмпит алып, баласына немесе келініне апарып береді. Ырым, Ырымкүл деген ұл, қыз аттары да осы ғұрыппен қойылған. Халықтажасы100-ге жеткенадамныңкиімін, ұстаған затын осындай жас берсін – «теберік» деп үлестіріп, бөліп алу.

 Ер бала күтетіндігін білдіріп, қыздардың атын Ұлжан, Ұлбала, Ұлбосын деген есімдермен ырымдаған. Сол сияқты баласы тұрмай жүрген адамдар баласына Күшік, Итбай, Итемген, Көтібар, Көтен, Малай, Жаманбала, Жаманқұл дегендей қолайсыз ат қойса, өмірлі болады деп ырымдаған. Себебі, бір жағынан адамның есімі таңғалардай әдемі, әсерлі болса, есімге де көз тиеді деп сақтанған.

 Жалпы айтқанда, ырым – халықтың сенімі мен ақ ниетінен, шын көңілінен туған ұлттық ерекшелігіміз, діліміз (менталитетіміз).

 Мына ырымдарды тыңдайықшы:

 Бала бас ұстамайды. Пiскен баста үлкен адамдарға күш-қуат берердей аса күшті құнар болғандықтан да болар, бас – үлкен, сыйлы адамның сыбағасы. Күші қайтқан үлкен адам ғана мұндай асқа зәру. Халқымыз баланың бас ұстауына қарсы болуының бiр мәнi осында. Егер, бала бас ұстаса, әкесi өлiп қалады деп тыйым салған.

 Ми жемейдi, мидай былжыр, бос белбеу, ынжық болып өседi деп ойлаған. Омыртқаның жұлынын жесе – суға кетiп қалады деген ырым бар.

 Нанның қиқымын жесе – бай боласың дейдi. Нанды оң қолмен жемегендi, екi саусақпен ыңғайсыз ұстағанды – кесiрге ұшырайды деген.

 Үйге кiрiп келе жатқан бала есiк алдына құлап қалса, “үйге береке, ырыс, байлық келедi” деп қуанып, оны төрге апарып үш рет аунатқан.

 Қыздың басына ақ, қара орамал салмайды. Ақ –әйелдер тағар жаулықтың, қара –қайғының белгiсi.

 Жас балаға бұғана ұстатпайды. Онда бойы өспей қалады деп жорыған.Қызға жiлiк ұстатпайды. Ұстатса, күйеуге шықпай отырып қалады дейдi.

 Сәби көзiн ашып ұйықтаса – жары сұлу болады. Сәби шалқасынан алаңсыз ұйықтаса – елге белгiлi азамат болып өседi. Бүк түсiп ұйықтаса – уайымшыл, жiгерсiз болып шығады. Етпетiнен жатып ұйықтаса – ойшыл болады. Егер аяқ-қолын еркiн созып ұйықтаса – болашақ батыр, кемең-герлiктiң белгiсi.

 Қыз балаға шашы өссiн деп желке жегiзедi. Балаға айналып ауылдан шықпайсың деп, айналшық жегiзбеген. Балаға асықтың етiн мүжiтпеген. «Алты жыл аш болсаң да асық етiн мүжiме» деген бар. Шемiршек жесе, нағашысы өледi деп жегiзбеген. Ұрысқақ боласың деп балаға көмекей жегiзбейдi. Тiлдiң ұшын жесе, сүйреңдеп сөйлегiш болады деп ырымдаған. Таңдай жесе, шешен болады дейдi. Қызға жеңiлтек болады деп, құйымшақ жегiзбейдi.

 Батырдың, ақынның, шебердiң, палуанның сарқытын жегiзсе немесе олар сәбидiң аузына түкiрсе – олардың өнерi мен қасиетi балаға жұғысты болады деген ырым бар.

 Үлкен кiсiлер қонақтан шықса, сол үйден дәм алып, «сарқыт» деп келiнiне бередi. Әйтпесе, бала емiзiп отырған жас әйелдiң дәметіп, омырауы iсiп кетедi.

 Сәбидiң қырқынан шыққанда қарын шашын алмаса – қарғысы қатты болады. Сәбиге көз тимес үшiн, күйе жағып қояды. Есiктiң тұтқасын жуған сумен көз тиген баланың бетiн, екi алақанын, табанын жуса, тәуiр болып кетедi.

 Таңертеңгi асты тастамайды, кешкi асты бақпайды. Оң көзiң тартса қуанасың, сол көзiң тартса ренжисiң. Не жақсылық, не қолынан iс келмейтiн адам iс тындырса, ырым етiп жерден шөп алып сындырады.

 Бөбек қолын шапалақтаса, қуанышты хабар келедi деп жорыған. Жолаушыға “қайда барасың” демейдi, “жол болсын” дейдi. Қазақ басымыз көбеймей қалады деп, үйдегi адамды санамайды. Садақаға киiм берсе, түймесiн қиып алып қалады.

 Залдан сұрақ:

 Халқымызда «қазақ ырым етеді, ырымы қырын кетеді» деген мақал бар. Демек ырым ету өзін-өзі ақтамайтын тек ниет болып қана қалғаны ма?

 

 2-әженің жауабы:

 Дұрыс сұрақ қойдыңыз. Ырым ету – армандау, ниеттену. Ниеттен мақсат, мақсаттан міндеттер туындауы керек. Міндеттерді орындау арқылы адам негізгі мақсатына жетпей ме?! Ырым қырын кетпес үшін, «ой мен сөздің және істің бірлігі» керек, сонда қырын кетпейді.

 

 Залдан сұрақ:

 Қазіргі жаһандану заманында соны жаңғыртудың қажет бар ма? Әркім өз өміріне ие, өз тағдырына қожа емес пе?

 2-әженің жауабы:

 Иә, қазір ғылым мен техника қарыштап дамыған ғасыр. Алайда, бір ғана психология ғылымын алайықшы. Оның да адамның тұлғалық дамуы мен қарым-қатынас мәдениетінде, мақсатқа жету мәселесі бойынша қанша тыйымдары мен ырымдары бар.

 Абай: адам өзін өресі төмендермен салыстырып жақсы бола ма? – демей ме?! Демек, жақсы болғымыз келсе, жақсыға жанасуымыз, жаманнан алыстападасуымызкерекқой.

 

 Модератор: Апай, Сізге көп рақмет! Біздің үшінші сұрағымыз: Біздің өмірімізге тыйымдар не үшін қажет? Бұл жөнінде ...-сынып оқушысы, ..... әжесі ...... апамыз айтып беруге дайындалып келіпті.

 

 Үшінші әже:

 Қазақтың ырымдарымен тыйым сөздерi әрқашан әдепке өзек бола алады. Бұрын тек «жаман болады» деп түсiндiрiлген тыйымдардың бұл күнде байыбына барып, педагогикалық тұрғыдан мағынасының ашылуы бала тәрбиесiндегi ата-аналарға да үлкен көмек болмақ. Шындығында, бұрын әжелеріміз мен аналарымыз «олай істеме, жаман болады» дейтін, несі жаман, неге жаман болады деген ашып, тарқатып айтып бере бермейтін.

 Қазір мәдениеттің не екенін білмейтін білімсіз адам жоқ. Қарапайым қисынға салып қарасаңыз да, этнопсихология, этнопедагогика тұрғысынан қарасаңыз да адамның өміріне кедергі келтіретіндей қиын нәрсе емес, керісінше өмірді жеңілдетуге арналған ұлттық тәжірибенің нәтижесі сияқты.

 Тыңдайықшы:

ТЫЙЫМДАР

 

 Танысын, танымасын үлкен кiсiге сәлем бермей өтпейдi. Себебi, өз жүрген ортаңның, ауылыңның адамы сенi танымағанмен, ата-анаңды, ұстаздарыңды таниды. Сондықтан, олардың берген тәрбиесiнен алған үлгiңдi көрсетiп жүруiң керек.

 Келе жатқан адам отырған адамға сәлем беруi тиiс. Келе жатқан адам өз қажетi үшiн қашанда бiреуден көмек сұрауға бейiм тұрады. Сондықтан, өзi өтiп бара жатқан жердегi адамдармен әуелi амандасып, сонан соң жөн сұраса дұрыс-ақ.

 Жақсы көретiн, сыйласқан адамдарға алыс-жақын тұрғанына қарамай әдейi барып сәлемдеседi. Ата-анаңа, ұстазыңа, өте жақсы көрiп сыйлайтын адамдарға, сенi танитын сыйлы кiсiлерге барып сәлемдесiп, жағдайын бiлiп, азын-аулақ сый-сияпат апарып тұру – ата-бабадан қалған жол. Бармасаң-келмесең, жат боласың. Туыстықты, көңiл жақындығын жиi араласып бiлдiру керек.

 Адамдар өтетiн жерге, керуен жолына тұруға болмайды. Себебi, үздiксiз жүруге арналған жерде тұрып, шаруа жасау дұрыс емес. Үлкен жолдың да өзiндiк қасиетi бар. Сан тiлектiң, арманның, түрлi жоспарлардың тоғысқан, арнаға түскен жерi. Сондықтан жол бойында жаман сөз сөйлеуге, жағымсыз iс-әрекет жасауға болмайды. Өтiп бара жатқан адамдарға, керуеншiлерге кедергi жасау дұрыс емес.

 Орынсыз жерде күлмейдi. Күлкiнiң де өзiндiк ретi бар. Көпшiлiк жерде екеуара сыбырласып, күлу әбестiк, мәдениетсiздiк болып саналады. Бiреудiң қайғысы, бақытсыздығы, сәтсiздiгi туралы айтылып жатқанда күлу де әдепсiз адамның қылығы.

 Көпшiлiкке қарап түшкiрмейдi, есiнемейдi, кекiрмейдi. Көп ортасында өзiн әдептi ұстайтын адам өзiнiң ерсi қылық жасамауын қадағалап жүредi. Көлiкте, жиналыстарда, сабақта түшкiргiсi келгенде, мұрнын уқалап жiберсе, түшкiру басылады. Ерiксiз есiнейтiндей жағдай болса, ауызды оң қолдың алақанымен немесе сол қолдың сыртқы жағымен жауып есiнеу керек. Көп ортасында кекiру әдепке жат. Ол денсаулықтың кемшiлiгi, емделудi керек етедi. Кекiргенде ауыздан сасық иiс шығуы мүмкiн. Сондықтан адам өзiнiң әр әрекетiн есепке алған жөн.

 Өзiнен жасы үлкен адамдардың атын атамайды. Қазақ баласы ата-анасынан бастап, өзiнен бiр жас үлкен аға-апаларына дейiн өзiндiк атауымен атаған. Бұл үй iшiндегi сыйластықтың белгiсi. Тiптi көршi-көлем, таныстардың да үлкендерiне “аға”, “апа”, “ата”, “әже”, “тәте”, “ағай”, “апай” деп атап жатса, жарасымды емес пе?! Үлкен кiсiлердiң өздерi бiрiн-бiрi “Асеке”, “Мәке”, “Нараға”, “Есаға” деп жатады.

 Сыйлаған затын қайтып алмайды. Мұсылман баласы бiр-бiрiне мерекелерде сый берiп тұрғанды дұрыс көрген. Сый – есептен тыс берiлетiн нәрсе. Оны уақытша берiп, қайтарып алса, сыйлыққа жатпайды. Берген адам сыйлығымның орнына бiрдеңе қайтуы мүмкiн деп емес, шын жүректен ұсынғаны жөн.

 Бiреудiң затына, малына, дүние-мүлкiне сұқтанбайды. Бiреудiң мал-мүлкiн есептеп, сұқтану, дүниесiн түгендеп, затына қызығу – ұят. Оны қазақ “көрсеқызарлық”, “қызғаншақтық” дейдi. Ал ерекшелiгiн айтып, мақтап-мадақтау дұрыс.

 Бiреудiң төсегiне отырмайды. Бiреудiң төсегiне отыру, әсiресе жас жұбайлардың, жас баланың төсегiне отыру өте әбестiк саналған. Үй iшiнде отыратын басқа орын болмаған жағдайда, үй иесi ұсынып тұрса, сақтық жасап, әдеппен шетiне отырған дұрыс.

 Көп iшiнде тәртiп бұзғанға айып салынады. Көп iшiнде жүргенде бiр адамға бағынған дұрыс. Себебi, мақсатқа жету үшiн тәртiп болғаны, оны ешкiмнiң бұзбағаны керек. Ал, тәртiп бұзған, басқалардың мазасын алған адам, ескерту алып немесе жазалануы шарт.

 Көп iшiнде қатты күлмейдi, дауыстап сөйлемейдi. Көп iшiнде дауыстап сөйлеу - басшылардың, үлкен кiсiлердiң iсi. Ал, басқаларға тыңдаған орынды. Транспортта қатты күлiп, жұрт назарын аудару, дауыстап әңгiме айту – әдепке жат. Мәдениеттi адам мұндай қылықтан алыс жүредi.

 Жұрт жұмысқа жұмылып жатқанда, кекiрейiп тұрмайды. Жұрт жаппай жұмыс iстеп жатқан жерде ештеңеге араласпай тұру – азаматтыққа да, адамдыққа да сын. “Көппен көрген - ұлы той” деген сөз бар халықта. Көпшiлiктiң iсiне аз да болса үлес қосу – кiшiпейiлдiлiктiң, адамдықтың көрiнiсi. Ертеде азаматтар ауыр жұмысқа жұмылса, қыздар, жас балалар сусын тасып, жеңiл-желпi жұмыстарға көмектескен.

 Жасы үлкен адамның алдын кесiп өтпейдi. Бұл тыйымның мынадай екi себебi бар. Бiрiншiден, үлкеннiң алдын кесiп өту инабаттылыққа жатпайтыны белгiлi. Сыйлап жол беру үлкен кiсiге көрсетiлген құрметтiң белгiсi. Сондықтан жастарды үлкендердi сыйлай бiлуге тәрбиелеу мақсатында айтылса, екiншi жағынан үлкеннiң алдын кесiп өткенде, үлкеннiң наразылығынан ол адамның жолы болмай қалуы мүмкiн деп қауiптенген. Себебi, жаңа iс бастағанда, сапарға шыққанда, т.б. кезде үлкендердiң батасын алуды басты нәрсе санаған.

 Жасы үлкен кiсiлерге, танымайтын адамдарға “сен” демейдi. Үлкен адамдарға, ата-анаға «Сiз» деп сөйлеу дұрыс. Танымайтын адамдарға “Сiз” деп сөйлеу, бiр жағынан сыйластық болса, екiншi жағынан жақын тарта сөйлеу. Басқа халықта әке-шешесiне «сен» деп сөйлеу бар, себебi жақындықтың белгiсi дейдi. Қазақ халқы үшiн бұл әдепке жат болып саналады. Егер “сен” деп сөйлер болса, қарсы сөз айтуға да тез барады.

 Жасы үлкен адамдар отырған жерде жастар қисаймайды, жатпайды. Бұл бiр жағынан мәдениеттiлiк, әдеп болса, екiншi жағынан үлкендерге құрмет болып танылады. Үлкендердiң сенетiн жас өркендерi қисайып жатса, ырымға да жаман деген түсiнiк те болуы мүмкiн.

 Көпшiлiк отырған жерде көз қысу, саусақ шығару, ерсi қимылдар жасау ұят. Көппен отырған жерде әзiлдi де орынды айтып, iс-әрекетке де есеп беру қажет. Басқалардан сыр бөлiп, көз қысу, ымдасу басқаларды ыңғайсыз жағдайда қалдыруы мүмкiн. Саусақ шығарып, жұдырық түю – әдепсiздердiң iсi.

 Көпшiлiк ортасында көсiлiп аяғын созбайды, талтаймайды. Көп ортасында аузыңды тыю ғана емес, әрекет-қимылыңа да абай болған жөн. Мейлi қыз, мейлi ұл болсын, аяқты жиып отырған дұрыс.

 Адаммен терiс қарап сөйлеспейдi. Адаммен сөйлескенде бетiне қарап, айтқан жөн. Тыңдаушы үшiн де сондай талап қойылады. Ал, мұсылманның қыз балалары ер адамның көзiнен көзiн айырмай, тура, тiке қарауы ерсi болып саналады. Қыз бала өзiне тән әдептiлiкпен ер адамның алдында өзiн ұстай бiлгенi жарасады.

 Ата-анаға қарсы сөз айтпайды. Ата-ананы сыйлау – мұсылман баласының басты парызы. «Жұмақ ата-анаңның аяғының астында» дейтiн қазақ бабамыз, әке-шешеге қарсы сөз айтып, дауыс көтермек түгiлi, «туһ» деп кейiстiк бiлдiрген дұрыс емес деп түсiндiредi.

 Бүйiрiн таянбайды. Басына қайғы түскен, жақыны өлген адам әлi құрып, аш бүйiрiн таянып жылаған. Сол сияқты жаман әдетке үйiр болу, сәтсiздiктiң нышаны деп түсiндiрiлiп, сақтандырып, тыйым салып отырған.

 Сәбидi жаман iс жасауға, өтiрiк айтуға үйретпейдi. Баланы жас кезiнде тiлiн, iс-әрекетiн қызық көрiп, бiреудi ұрғызып, тепкiзiп, боқтық айтқызып, дұрыс емес нәрселерге үйретудiң ақыры сол сәбидiң болашағына балта шапқанмен бiрдей. Еркелiкпен iстеп үйренген әдетiнiң арқасында, еш жерге сыйымсыз болып, өтiрiкшi, ызақор, басбұзар атануы әбден мүмкiн. Сондықтан сәби кезiнен-ақ жақсылыққа үйреткен жақсы.

 Үй iшiнде түрегеп тұрмайды. Үйге кiрген адамның суыт болмаса, отырып тiзе бүккенi дұрыс. Тiк тұрып, тiк кету терiс пиғылды адамның iсi.

 Су алатын жерге шомылмайды.Су алатын жер – көпшiлiкке ортақ. Сондықтан оны ластап, шомылып, басқаларға зиянын тигiзбейтiндей ету керек. «Судың да сұрауы бар» дейдi халық. Көпшiлiк үшiн аса қажеттi нәрсенi бүлдiрудiң де киесiнен қорқу керек.

 Кемтар адамның алдында дене мүшесiнiң кемдiгi туралы әңгiме айтпайды. Әрине, кемтар адамның алдында мұндай әңгiме айту әбестiк. Ешкiм өзiнiң кемтар болуын қаламайды. Бетке айтқанның жөнi осы екен деп, бiреудiң жүрегiне қаяу салу – өте ауыр нәрсе. Өзiңнiң де аяқ астынан сондай жағдайға түсiп қалуың мүмкiн екенiн естен шығармау керек.

 Бiлетiн адамдардың қуанышты, қайғылы iстерiне үнсiз қалуға болмайды. Адамның басында үнемi қуаныш тұра бермейдi. Өмiрде қиындыққа кездескен жағдайда қасындағы жақындары, дос-жаран, таныс-туыстары қасына барып, көңiлiн бiлдiредi. Қазақта “қуанышты бөлiссең – көбейедi, қайғыны бөлiссең – азаяды” деген сөз бар.

 Елшiнi өлтiрмейдi. Халқымызда “елдестiрмек – елшiден, жауластырмақ – жаушыдан” деген қағида бар. Елшi екi жақтың татулық мәселесiне себепшi болып барады. Ал, оған қол көтеру екi жақты жауластырып жiберуi сөзсiз. Сондықтан да балалар топтарының арасында ұрыс-керiс болып қалған жағдайда, тәртiбi дұрыс, өзiн ұстай бiлетiн, сөзге шебер баланы елшiлiкке жiберiп, екi жақты достастыру жағдайына дәнекер жасауға болады. Екi жақтың қоятын талабын бiрiнен бiрiне жеткiзiп, татуластыру мақсатына қызмет ететiн елшi – ең сенiмдi адам.

 Аққуды атпайды. Аққу құс – өте сұлу, суға көрiк берушi құс. Сондай-ақ, жұптасып жүргендiгiмен де сәндi. Жұбының бұзылмауын сақтайтындығымен де оны “махаббат символы” деп атаған. Оның үлпiлдеген қауырсынына, ем-домға, басқа да қасиеттерiне қызығып атып алушылар шынымен де табиғаттың қолымен жазаланып, түрлi жағдайға душар болған. Сондықтан аққуды “киелi құс” деп халқымыз құрметтейдi, атпайды. Егер, байқаусызда атып алған жағдайда, қан шығарып, құдайы берiп сақтанған.

 Даулы мәселеде ұрыс, төбелеске бармайды, биге, ақсақалдарға жүгiнедi. Ел, ру мейлi топ болсын басшысыз болмайды. Екi адам немесе топ арасында, ауыл арасында болып қалған даулы мәселелердi шешуде үлкендерге, ақылды адамдарға, әдiлеттi жандарға барып дауды шештiрген дұрыс. Олардың әдiл шешiмiне тоқтаған абзал.

 Осындай қарапайым халықтық қағидалардан тұратын қарым-қатынастағы төмендегi әдеп нормалары түрлерiнiң де мағынасын түсiну аса қиын емес...

 Үнемi балаларға ақыл-кеңес айтып, үйрете бергеннен гөрi, баланы тұлға ретiнде сыйлау отырып пiкiрiн бiлуге де тырысу керек. Бiр адамның бәрiн бiлуi мүмкiн емес.

 Үйге тапсырма: Мен уатсаптағы ортақ чатқа төмендегіше тыйым сөздерді салайын, Сіздер сол тыйымдардың мәнін ашуға тырысыңыздаршы. Және отбасында соны балаларымызға, келіндеріміз бен немерелерімізге айтып отырайықшы.

 Тапсырма төмендегіше:

 НЕГЕ?

  •  Сөйлеп жатқанда сөздi бөлмейдi.
  •  Ұйқыдағы адамды шошытып оятуға болмайды.
  •  Бақытсыздық жасаған адамның жанына тоқтамай, жәрдем жасамай өтуге болмайды.
  •  Тәкаппарлық, мақтаншақтық, байлығын айту – барып тұрған сорақылық.
  •  Адамдар көзiнше қасынбайды, мұрын, құлағын, тiсiн шұқымайды.
  •  Жұрттың көзiнше бергенiн айтпайды, қарызын сұрамайды.
  •  Бiреуге жасаған жақсылығын айтпайды, қарызын сұрамайды.
  •  Ұстазға, молдаға, қарт кiсiлерге құрмет көрсетедi.
  •  Ұстаздың, дiн адамдарының алдында жүрмейдi.
  •  Ақсақалға, лауазымды адамдарға, дiн басыларға, ұстаздарға, ата-анаға, көпшiлiкке қарсы сөйлемейдi.
  •  Жастар үлкен кiсiге жол бередi, орын бередi.
  •  Жасы үлкен кiсiлерден жоғары отырмайды.
  •  Үйге жүгiрiп кiрiп, жүгiрiп шықпайды.
  •  Бiреудi сыртынан жамандау нағыз жаман, надан адамдардың iсi.
  •  Өтiрiк, өсек, ғайбат айтпайды, жала жаппайды.
  •  Аманатқа қиянат жасамайды.
  •  Өсиетке қарсы тұрмайды.
  •  Құмырсқаның илеуiн, қарлығаштың ұясын бұзбайды.
  •  Қабiрге қарап қол шошайтпайды.
  •  Өзiне де, өзгеге де өлiм тiлемейдi.
  •  Өзiне-өзi қол салуға болмайды.
  •  Адамның намысына тиiп, кемсiтiп сөйлемейдi.
  •  Алыс сапарға аттанғанда ақсақалдан бата тiлеп, қарашаңырақтан дәм татады.
  •  Салт бойынша әр адам туған жерiне келгенде аунайды немесе аунатады.
  •  Мал қора iшiне, құлаған үй iшiне дәретке отырмайды.
  •  Моншаға, дәретханаға сол аяқпен кiредi, сәлемдеспейдi.
  •  Дәрет үстiнде адамдар амандаспайды.
  •  Ер адамдар түрегеп дәрет сындырмайды.
  •  Суға дәретке отырмайды.
  •  Малды боқтамайды, зәбiрлемейдi.

 

 Модератор: Рақмет, түсінікті тілмен баяндалған және мағынасы жан-жақты аша білген, бала тәрбиесіне маңызы жоғары дүниелер алдық деп ойлаймыз.

 Енді төртінші сұрақ: Халқымыздың мұсылмандық қағидаларының маңызы неде?

 Бұл сұрақты бізге сыныптағы … деген баламыздың әжесі ……. апамыз ашып бермек.

 Төртінші әже: Мұсылмандық әдеп қағидалары

 Біздің ұлттық мәдениетіміздің бір көрінісі – дініміз. «Ислам тек дiн ғана емес, ол – бiздiң мәдениетiмiз» деген бірінші президентіміздің қанатты сөзі бар.

 Ұлтымыз –қазақ, дiнiмiз – Ислам болғаннан кейiн, әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүрiмiздi, әдебiмiздi, мәдениетiмiздi мұсылмандықтан бөлiп қарай алмаймыз. Сондықтан дiн мәдениетiн табиғатымызға сiңiрiп, әдебiн үлгi етер болсақ, тәрбиемiздiң ұтымды болары, ұрпағымыздың ұлттық санасы беки түсерi анық. Қарапайым қағидалардан тұратын мұсылмандық әдеп Исламның бас кiтабы –Құранмен дәлелдене түседi.

  •  Жаңа туған балаға ат қою
  •  Сүндетке отырғызу
  •  Түшкiру және есiнеу
  •  Амандасу, сәлем беру
  •  Айт мерекесiмен құттықтау
  •  Туысқандарды, достарды, көршiлердi аралау
  •  Науқас адамның көңiл – күйiн сұрау
  •  Қабiрдi зиярат ету
  •  Үйлену қағидасы
  •  Дәретке отыру әдебi
  •  Ғұсыл алу әдебi
  •  Ұйықтау әдебi
  •  Тырнақ алу әдебi
  •  Тамақ жеу әдебi
  •  Жалпы ахлақ қағидалары
  •  Сөйлеу әдебi

 

 Жаңа туған балаға ат қою

 Ата-ананың алғашқы мiндеттерiнiң бiрi – жаңа туған балаға ат қою. Бала туғанда құрбан шалатын болса, жетiншi күнi ат қойылады. Ал, құрбан шалмайтын болса, алғашқы жетiншi күнi дәрет алып, оң құлағына азан айтып, сол құлағына қамат айтып ат қою дұрыс.

 Сүндетке отырғызу

 Дiнiмiз бойынша бала туылып жетi күннен бастап, балиғат жасы арасында сүндетке отырғызылуы керек. Сүндет болудың үкiмi – сүннет. Сүндетке отырғызылғанда дiнiмізге қарсы болмайтын, харам емес, шариғатқа жат әдет-ғұрыптардың орындалуы ешқандай күнә емес.

 Баланы сүндеттегенде бiр ауыздан тәкбiр айтып, “Раббанә” дұғаларын оқу керек. Себебi бала үшiн, шипа, ем тiлеулер және ата-ананы құттықтау ислам әдептерiнен болып саналмақ.

 Түшкiру мен есiнеу

 Түшкiрген адам, “Әлхамдү лилләһ” дегенде “Иәрхамүк Алла” деп айту мүстахаб. Әлхамдү лилләһ деп айтпаса, “Иәрхамүк Алла” деп айту мәкрух болады.

 Амандасу, сәлем беру

 Амандасу мұсылмандар арасында сүйiспеншiлiктi күшейтетiн және ренжiсудi жойып, сенiмдiлiктi нығайтатын байланыс. Сәлем беру – сүннет. Сәлем алу – уәжiп. Сәлем беретiн адам, бiр кiсiге болса да, сәлемдi көпше түрде беруi керек. “Әссәләмү ғаләйкум рахмәтуллаһи уә бәракәтүһ” деп сәлем беру. Ал, сәлем алған адам да, “Уә ғаләйкүм әссәләм рахмәтуллаһи уә бәракәтүһ” деп айтқан жөн.

 Амандасудың маңыздылығы көптеген сүре аяттары мен хадистермен дәлелденеді.

 Ал, мыналарға сәлем берiлмейдi: Намаз оқып отырғанға, Құран оқығанға, Хадис-Шәриф оқытқанға, құтпа мен азан оқығанға, фиқық оқытып жатқанға, уағыз айтып отырғанға, ғылыми жұмыспен айналысып отырғанға сәлемдесу – әдепке жат. Сонымен қатар, әжетханадағыларға, ойын ойнағанға, маскүнемдерге, ұят жерлерi ашық болғанға, өлең айтып жатқанға, моншадағыға т.б. сәлем берiлмейдi.

 Айт күнiмен құттықтау

 Рамазан мен Құрбан айтының түнiн құлшылықпен өткiзу керек. Сонымен бiрге таңертең таза киiм киiп, мүмкiн болса ғұсыл құйынып, мешiтке ертерек бару қажет. Баратын кезде иiс май жағып, тәкбiр, тәсбих, тәһлил және тәһмид айтуды ұмытпау қажет.

 Рамазан айында намаздан бұрын құрма және сол сияқты нәрселер жеп, Мешiтке бару, құрбан айтында да құрбан етi пiскенге дейiн еш нәрсе жемеу ислам әдебi саналады.

 Мешiтке барғанда және қайтқанда таныстарымен сәлемдесу керек. Тiптi қайтқанда, барған жолмен емес, басқа жолмен қайту абзал.

 Жанұяны, туыс-туғандарды, көршiлердi және дiн бауырларын айтпен құттықтап, қабiрстанды зиярат етiп құран бағыштау сауап болады.

 Айттан бұрын кедейлерге садақа берiп, балаларды сыйлықпен қуантып, ренжiскендермен татуласу – шариғаттың басты мiндеттерiнiң бiрi.

 Ата-ананы, ғалым адамдарды және мұғалiмдердiң көңiл-күйiн сұрап, келесi айтқа дейiн амандықпен кездесудi тiлеу керек.

 Туысқандарды, достарды, көршiлердi аралау

 Бұл тақырып адамзат тарихында өте қажеттi құбылыс. Ислам дiнiнде мұның орны орасан зор. Бұл жайында көптеген қағидалар бар. Сондықтан төмендегiдей жеке-жеке түсiндiрелiк:

 1 – Туысқандарды зиярат етiп, жылы қарым-қатынас жасау: Қандай бiр адамның ең жақын көмекшiсi – туыс-туғаны. Себебi, қандай бiр қауiп-қатерде де жаратқанның әмiрiн орындауға солар себепкер болады. Сол сияқты қуанышты күндердi де солармен бiрге өткiзедi. Мiне осы жағымен олармен жақсы қарым-қатынаста болуды, көңiл күйiн сұрауды ұмытпау керек.

 2 – Достарды зиярат ету: Дос – адамды жақсылыққа жетелейтiн, тура жолды көрсететiн жандардың бiрi болу керек. Ол, кейбiреулер тәрiздi ұрлыққа, неше түрлi жаманшылыққа жетелейтiн болмауы керек. Сондықтан өзiм дейтiндей жолдас таңдау қажет. Мысалы, халқымызда: «Досыңды айт, сенiң кiм екенiңдi айтайын» деген нақыл сөз бар. Және «Қызметiңдi бiл, жолдасыңды бiл, асыңды бiл» деп өсиет қалдырған.

 Дiнiмiз Исламда, дос-жаранды зиярат етудi, көңiл-күйiн сұрауды әмiр еткен. Көршiлердi, достарды зиярат етiп, олардың құқықтарын, бас бостандығын қорғау қажет. Көршiнiң сұрағанына, мұқтаждығына көмек берiп, олардың балаларына мейiрiмдiлiкпен қарау маңызды құлшылық болып саналады. Кездескен сайын сәлем берiп, оларға жылы көңiлмен қарау қоғам үшiн өте пайдалы.

 Науқас адамның көңiл-күйiн сұрау

 Науқас – адам баласының қалауымен басына душар болған iс емес. Әр адамның денсаулығы қолында емес. Кез-келген күнi ауырып қалуы мүмкiн. Себебi, ол – Алланың iсi. Сол үшiн, науқастанған адамға көрсетiлетiн көмек – оларды зиярат ету, көңiл-күйiн сұрау. Олардың науқасынан айығуы үшiн, қолдан келген көмектi көрсетiп, сабыр етiп, дұға жасауды өсиет ету керек.

 Кейде мұндай құлшылық жасатамын деп қасында көп отырып, үмiтсiздiкке түсiретiндей әңгiмеден сақтану қажет.

 Қабiрдi зиярат ету

 Қабiрге барып, зиярат ету, өлiмдi еске түсiредi. Бұның қоғамның тәртiптiлiгiн сақтау және жұмыс бабын реттеуге де пайдасы тиедi. Мұны қате түсiнiп, зират басына барып онда қонып, қайтыс болған ата-бабаның рухынан көмек сұрау өте үлкен күнә. Себебi, олай iстеу Аллаға ортақ қосқанмен бiрдей.

 Қабiрстанды зиярат еткенде: “Әссәләмү ғаләйкум иә әһлил құбур” деп сәлем беру керек. Ондағы зираттардың үстiн баспау қажет.

 Үйлену қағидасы

 Үйлену, жеке отбасын құру, қоғамдағы әлеуметтiк жағдайға аяқ басудың алғашқы қадамы. Мемлекеттiң тыныштығы, халық арасындағы берекеттiлiктiң басты себебi, қоғамның ең кiшi бөлiгi болған отбасының тату болуымен байланысты. Сондықтан, үйленуден бұрын, отбасын құратын адамның дiнi, мiнез-құлқы, руы және әдемiлiгi мен байлығына мән беру керек.

 Ислам шариғаты бойынша, үйленбей тұрып, белгiлi шартқа сай кездесiп, танысуларына рұқсат етiлген. Ендi үйленудегi негiзгi мәселе неке қию. Некесiз үйлену шариғатқа жатпайды. Ол –үлкен күнә.

 Түзге шығу әдебi

  •  Әжетханаға сол аяқпен кiру.
  •  Дәрет бұзғанда (отырғанда) сөйлемеу.
  •  Тазалықты сол қолмен жасау.
  •  Әжетханада түкiрмеу, сiңбiрмеу.
  •  Отырып дәрет бұзу (отырып iстеу).
  •  Құбылаға алдымен және артымен қарап отырмау.
  •  Сыртқа оң аяқпен шығу.
  •  Соңынан қолды сабындап жуу.

 Ғұсыл алу әдебi

  •  Ғұсылханаға кiруден бұрын “Ағузу – бисмилләны” айту.
  •  Сол аяқпен кiру.
  •  Қажетсiз сөйлемеу.
  •  Өлең айтпау.
  •  Тазалық пен ғұсылды толық орындау.
  •  Сыртқа оң аяқпен шығу.

 Ұйықтау әдебi

  •  Мүмкiндiгiнше ұйықтаудан бұрын дәрет алу.
  •  Құбылаға қарап, оң жағымен жату.
  •  Бiлген дұғасын оқу.
  •  Кешке ертерек жатып, таңертең ерте тұру.
  •  Алланың берген денсаулығына, нығметiне шүкiр ету.

 Тырнақ алу әдебi

  •  Тырнақты көпшiлiктiң ортасында емес, оңаша жерде алу.
  •  Жан-жаққа шашыратпай қағаздың үстiне жинап алу.
  •  Тырнақты ұзын қып өсiрмеу керек. Себебi, тырнақ алу – сүннет. Сондықтан, мүмкiндiгiнше тырнақ өсiру сияқты әрекеттерге елiктемеу шарт.

 Тамақ жеу әдебi

  •  Дастарқанға отырудан бұрын қол жуу.
  •  “Бисмилләмен” бастап, “Әлхамдү лилләһ” деп аяқтау.
  •  Бiтiргенде бiлетiн дұғасын оқу.
  •  Асты аз-аздан алып, асықпай жеу.
  •  Тамақты оң қолмен, өз алдынан жеу.
  •  Асығып, апыл-ғұпыл, көп-көптен жемеу.
  •  Дастарқан басында тамақ жеген кезде көп сөйлемеу.
  •  Басқаларды жиiркендiретiн әрекет жасамау.
  •  Асты менсiнбеушiлiк танытпау.
  •  Басқа бiреудiң тамақ жегенiне қарамау.
  •  Дастарқанда жиiркендiретiн әдепсiз сөз сөйлемеу.
  •  Астан кейiн дастарқандағы нанның қоқымын шашпау, тастамау.
  •  Шайды, суды дем алмай жұта салмай, ең кем дегенде үшке бөлiп iшу.

 

 Мiнез-құлық қағидалары

  •  Үлкендердiң, ұстаздардың жанында инабатты болу.
  •  Қонақ күткенде, дастарқанда отырғанда сыпайы болу.
  •  Қандай бiр жиынға барғанда сәлем берiп кiрiп, ешкiмдi мазаламай ыңғайлы жерге отыру.
  •  Әлеуметтiк жиындарда жағымсыз киiм кимеу, жаман иiс су себiнбеу.
  •  Әркiмге жылы жауап берiп, қажетсiз сөз сөйлемеу.
  •  Басқа бiреу сөйлегенде сөзiн бөлмеу.
  •  Жолдастарының жанында кiшiпейiл болу.
  •  Сөйлегенде дауысты көтерiп, айқайламау.
  •  Екi кiсi сөйлескенде рұқсатсыз арасына кiрмеу.
  •  Жиындарда соңынан келгендерге орын берiп, жайғастыру.
  •  Көпшiлiктiң арасында беталды есiней бермеу.

 

  Сөйлеу әдебi

  •  Қажетсiз көп сөз сөйлемеу.
  •  Бiреуге тiлiн тигiзiп, ренжiтпеу.
  •  Ешкiмнiң сөзiн бөлмеу.
  •  Бiреудi шектен тыс мадақтамау.
  •  Анық сөйлеу.
  •  Жаман, былапыт сөзге әдеттенбеу.
  •  Басқа бiреудi мазақ етiп, ат қойып, айдар тақпау.
  •  Көпшiлiктiң ортасында басқалардың көңiлiн аударып, тығылып сөйлеспеу, сыбырласпау.
  •  Орындай алмайтын iсiне уәде етпеу.

 

 Сөзімді қорытындылай келе, қазақтың ырым-тыйымдары негізінен мұсылмандық әдеп қағидаларына негізделген деп айтуымызға болады.

 

 Модератор:

 Құрметті дөңгелек үстелге қатысушылар, біз Сіздермен бір сағаттың шамасында осынша құнды дүниелермен танысып, маңызын ашуға тырыстық. Отбасында немерелерімізді тәрбиелеуде ұлттық тәрбиенің негізі саналатын ұлттық әдеп мәселесі, соның ішінде ырымдар мен тыйымдарды кеңінен ашуға мүмкіндік берген бүгінгі «Даналық мектебінің» білім алушылары және спикерлерімізге рақмет айтамыз!

 Ұлттық тәрбиені ұлықтай берейік! «Даналық мектебінің» жұмысы арқылы әрбір отбасындағы аналарымыз даналық деңгейінде тағылым берердей болсын!

 Келесі кездескенше!

«Ағасы бардың жағасы бар» тақырыбындағы дискуссияның

(талқылау) сценарийі

 

 Мақсаты: Ағалардың іні-қарындасы алдындағы жауапкершілігін арттыру.

 

 Міндеттері:

  •  Ағалық міндеттің мағынасын ашу
  •  Інілері мен қарындастарына қамқорлық жасаудың мәнін түсіндіру

 

 Көрнекілігі:

 Ағасы бар бақытты,

 Өткізер бірге уақытты.

 Ақылын естіп күн сайын,

 Бойына жияды жақұтты.

 Айтбек Әліпов

 

 Аға деген, Іні деген

 Бір-біріне туысқан.

 Аға деген, Іні деген

 Жаралғандай құрыштан

 Оспанхан Әубәкіров

 

 Іс-шараның түрі: Дискуссия, дебат

 Барысы: Талқылаудың мақсат, міндеттерімен таныстыру.

 

 Ернар Айдардың орындауында «Аман бол, ағаларым» әні ойнап тұрғаны дұрыс болады. https://www.youtube.com/watch?v=2TTi_5wwB_w

 

 Модератор: Құрметті қатысушылар, алқалы жиынға (талқылау) қош келдіңіздер! Бүгінгі жиында аға мен іні, аға мен қарындас арасындағы қарым қатынас туралы әңгіме қозғайтын боламыз. Отбасы, адамға ең қымбат, ең жақын адамдар туралы, олардың мейірімділігі, сүйіспеншілігі туралы сөз қозғаймыз. Әр адам өзі жетпеген арманға, шығатын биікке тек ұрпағымен жетуді мақсат етеді. Осы қағиданы мықты ұстанған халық бала болашағын тәрбиеден бастайды. Бүгінгі іс-шарамызда тәрбиелеудегі ағаның рөлі туралы пікірлеспекпіз. Алдымен қонақтарымызбен таныстыра кетсек:

 

  •  ________________
  •  ________________
  •  ________________
  •  ...

 

 Кіріспе сөз:

 

 Директор: Аға – өзінің соңынан ерген інілері мен қарындастарына тірек, қорғаныш. Аға әр отбасындағы жол бастайтын, өзінен кейінгілерге бағыт бағдар беретін тұлға. Іні мен қарындасы ағасына қарап бой түзейді, қиналғанда ағасын арқа тұтады. Сондықтан да «Ағасы бардың жағасы бар», «Ағаның үйі ақ жайлау» деп арқаны кеңге салып жүреді. Өз кезегінде аға да іні-қарындастарының қуанышына ортақтасып, жығылғанда демейді. Ал іні ағаның артынан ерген із. Бауырым деп бағалайтын қазынасы. Қазақ халқында аға мен іні арасындағы қарым-қатынас - ең ізгі, берік туыстық қатынас. Бүгінгі таңда осы қарым-қатынас өзінің беріктігін сақтап тұр ма? Балалар жасөспірім шағында ағаларының қамқорлығын көріп жүр ме? Бүгінгі жиында осы мәселе төңірегінде ой бөлісіп, «Аға мектебінің» жұмысын оң жолға қойсақ деген иниетпен жиналып отырмыз.

 Олай болса, тәрбие мәселесінде ағалардың рөлі қандай деген мәселеде директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарына сөз берейік, «Аға мен іні, аға мен қарындас арасындағы құрмет пен ілтипат» тақырыбында ұлттық тәрбиедегі ағалардың рөлі туралы айтып өтсе...

 

 Директор: Ағалардың да белгілі бір деңгейде тәрбие мәселесіне жауапты екенін түсінгендей болдық. Олай болса, төмендегі жағдаяттарды талқылай отырып, інілерімізге, қарындастарымызға қалай қамқорлық жасаймыз, олардың салауатты өмір салтын ұстануларына қалай ықпал етеміз деген мәселеде ой бөліссек:

 

 1-жағдаят: Бауырыңыздың өзінен төмен сыныптың балаларына немесе құрдастарына, кейде қыздарға тиісіп, мазақтап жүргенін естідіңіз. Тіпті күш көрсетіп, ар-намыстарына тиетін кездері де болады екен. Аға ретінде не істейсіз, қандай кеңес бересіз?

 

  •  ...
  •  ...
  •  ...

 

 2-жағдаят: Аға мен іні, аға мен қарындас арасындағы қарым-қатынас туралы біраз ой ортаға салынды. Бүгінгі әңгімеден ағалардың позитивті аға болуға дайын екендерін түсініп отырмыз. Бұл өте қуанарлық жағдай. Мен тағы бір мәселені көтергелі отырмын. Елімізде жалғыз бала тәрбиелеп отырған отбасылар бар. Осындай балалар да аға қамқорлығын көрсе деп ойлаймыз. Осы мәселені қалай шешуге болады?

 

 Талқылау.

  •  ...
  •  ...
  •  ...

 

 3-жағдаят: АҚШ пен Канада педагогикасында Link-Crew (байланыс тобы) жүйесі жұмыс істейді. Ол үшін көшбасшылық қабілеті бар, позитивті, мейірімді ең белсенді оқушылар таңдалады. Олардың ішінен кіші балаларға қамқорлық жасайтын команда құрылады. Әр басшыға бір-екі жас кіші 3-5 көмекші келеді. Көшбасшылар күніне кемінде бір рет өз қамқорлығындағы балаларға барып, жағдайын біледі. Орта мектеп оқушылары жақсы бейімделгендіктен, олар кіші балаларға нақты көмек пен қолдау көрсете алады. Күрделі жағдайлар туындай қалса, топты басқаратын психологқа жүгінеді. Американдық сарапшылар балалардың осындай командаға қатысуға қызығушылық танытатынын атап өткен. Жалпы шетелдік тәжірибе демесек, қамқорлық мәселесі біздің халқымыз үшін де, мектептеріміз үшін де үлкен жаңалық емес. Алайда осы жұмысты мектеп әкімшілігі емес, ағалар мектебі арқылы ұйымдастыруға бола ма?

 

 Талқылау.

  •  ...
  •  ...
  •  ...

 

 Жылдам дебат

 

 Интерактивті тақтаға «Барлық мәселе тек білектің күшімен шешіледі» деген пікір шығып тұрады. Отырғандарды теңдей бөлеміз. Бір топ «ЖАҚТАУШЫЛАР», екінші топ «ДАТТАУШЫЛАР» болады. Пікірталасқа дайындалуға 10 минут беріледі. Бұл уақыт ішінде сіз өз ұстанымыңызды қорғау үшін дәлелдер мен мысалдарды айқындауыңыз керек

 Ортаға арқан (жіп) тасталып, тұжырымды ҚОЛДАЙТЫН тыңдаушылар бір жағына тұрады.

 ҚАРСЫ дәлел келтіретін тыңдаушылар оларға қарсы, арқанның екінші жағында тұруы керек, сөйтіп екі жақтың мүшелері жұп құрады.

 Әр тарапқа өз ұстанымын қорғауға 90 секунд беріледі, бұл уақытта қарсыласы тыңдап, қажет деген тұстарын жазып алады.

 Соңында «пікірталас» жүргізуге барлығына уақыт беріледі, онда екі тарап өз дәлелдерін келтіріп, айтыса алады. Пікірталас кезінде олар бір-бірін тыңдағанын көрсетіп, пікірлер жүйелі түрде ұсынылуы керек.

 

 Ішкі-сыртқы шеңбер

 

 Төмендегі мәселелерді талқылау. «Бүгінгі аға бауырларына қалай қаморлық жасайды?», «Ағаның ақылы», «Жасөспірімге ағаның берер кеңесі», т.б. «Ішкі-сыртқы шеңбер» әдісі.

  •  Әр топ шеңбер бойымен – ішкі және сыртқы шеңберде бір-біріне қарап тұрады. Бір-біріне бетпе-бет тұрған жұптар жүргізуші ұсынған бір пікірді бір минут бойы талқылайды, біреуі айтқан кезде, екіншісі тыңдап тұрады.
  •  Жүргізуші ауысу туралы белгі береді.
  •  Ішкі шеңбердегі 1-топ тұрған жерінде қала береді. Сыртқы шеңбердегі 2-топ сол жаққа жылжып орын ауыстырады, сөйтіп жаңа жұп құрылады.
  •  Бастапқы әріптесіңізбен болған әңгімені қысқаша түйіндеңіз.
  •  Тренер ұсынған тақырыпта жаңа әріптесіңізбен пікірлесуді бастаңыз.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 Қорытынды сөз:

 

 Директор: Сонымен бүгінгі талқылауға қатысқан, ағалар, алған әсерлеріңіз мол болды деп ойлаймын. Бір әке, бір шешеден туған іні-қарындастарымыз ғана емес, күллі елдің баласын бауыр, қарындас көріп, ағалық қамқорлық жасауымыз керек деп ойлаймын. Оларды жаман істен жирендіріп, жақсылыққа тартайық. Іні-қарындастарымызды спорт үйірмелеріне қатыстырып, салауатты өмір салтын ұстануларына мұрындық болайық. Осымен іс-шарамыз аяқталды. Мектеп өміріне, соның ішінде «Даналық мектебінің» жұмысына белсене араласқандарыңыз үшін көптен – көп рахмет айтамыз! Талқылауда естігендеріңізді әлеуметтік желілер арқылы інілеріңіз оқитын сыныптағы ағалармен бөлісіп, осы жұмыстың жандануына үлес қосады деп сенеміз.

 

 Ернар Айдар, «Жасай бер, ағаларым».

 https://www.youtube.com/watch?v=Q2Gu04iWUfA

 

Іс-шараның аяқталуы

«Ер жігітке жарасар салауатты бейнесі»

тақырыбындағы кездесу кешінің сценарийі

 

 Мақсаты: Халық ықыласына бөленіп жүрген спортшылар арқылы салауатты өмір салтын насихаттау.

 

 Міндеттері:

 Інілерін спортқа баулу ағалардың міндеті екенін түсіндіру

 Ағаның інісі мен қарындасына деген қамқорлық сезімін ояту

 Аға мен іні арасындағы қарым-қатынастың сырын ашу

 

 Өткізілетін орны: мектептің акт залы.

 

 Көрнекіліктер: Төмендегі нақыл сөздерді іліп қойса дұрыс болады: «Ағасы бардың жағасы бар», «Ағаның үйі ақ жайлау, інінің үйі іннен тар», «Ағадан ақыл, Атадан нақыл», «Әуелгі сөз ағадан, әдепті сөз ініден», «Жөн білмеген ағалар, Бүлініп кетсең қуанып, Сүрініп кетсең табалар», «Өз ағасын ағалаған, Қолда барды бағалаған». «Аға адасса, іні із кеседі», «Жасы кіші ініні, Ақылы артса, аға тұт. Жасы үлкен ағаны Жақсы сыйлап, жаға тұт». «Жақсы аға – орман, Жақсы іні – қорған».

 

 Шақырылған қонақтар: жергілікті жерден шыққан (ауылдан, ауданнан, қаладан) танымал спортшылар

 

 Қатысушылар: Мектеп оқушыларының ағалары, педагогтер, қатысуға ниет білдірген басқа да адамдар.

 

 Мектеп ауласында, ішінде, акт залында Бахтияр Тайлақбаевтың орындауында «Аман бол, ағаларым» әні ойнап тұрады.

 

 https://mp3iq.net/m/194627-bahtiyar/159967642-aman-bol-agalarym/

 

 Жүрзуші: Қайырлы күн, қадірлі қонақтар, алдыңғы буын ағалар! Қазақ халқынан шыққан, еліміздің абыройын асқақтатып жүрген саңлақ спортшыларымыз аз емес. Солардың бірі, жігіттің мықтылығы сынға түсетін талай жарыстарда ауылымыздың (қаламыздың, облысымыздың, республикамыздың) атын аспандатып жүрген жерлесіміз ______________ бәріңіз білесіздер! Олай болса ду қол шапалақпен ортамызға шақырып, қош келдің айтайық. Кездесу кешін ашып беру үшін сөз кезегін мектебіміздің директоры ____________________ береміз.

 

 Директордың сөзі:

 ________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________

 

 Директордың сөзінен кейін спортшының жетістіктері, жеке өмірі туралы бейнеролик қойылады.

 

 Жүргізуші:  Міне  _________________ туралы бейнероликті көріп, кейіпкерімізді жақынырыақ таныдыңыздар деп ойлаймын. Алайда, _______________ сіздің балалық шағыңыз, спорттағы жетістіктеріңіз, жеке өміріңіз, хоббиіңіз, ата-анаңыз, ағайын-туыстарыңыз, аға-інілеріңізбен қарым-қатынасыңыз туралы мәліметтердің бір роликпен түгесілмейтіні белгілі. Мына жерге жиналған көпшілік сізбен тереңірек танысқысы келіп отыр. Бүгін сіздің спортшылығыңыздан өзге қырларыңызды көреміз деген ойдамыз. Енді өзіңізге арналған сұрақтарға кезек берейік. Олай болса, алғашқы сұрағымыз:

 

 Сұрақ: Ең алғаш спорт үйірмесінің есігін ашқан сәтте неше жаста едіңіз және спортпен айналысуға кімдер ықпал етті?

 

 Кездесу қонағы:

 ________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________

 

 Жүргізуші: Жауабыңызға көп рақмет, ал біз тағы бір сұрақ қойғымыз келіп отыр.

 

 Сұрақ: Спортта жетістікке жету оңай емес, сіздің осындай үлкен жетістікке жетуіңіздің сыры неде? Ағалардың қамқорлығын көрдіңіз бе?

 

 Кездесу қонағы:

 ________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________

 

 Жүргізуші:

 

 Сұрақ: Боз кілемде жеңіс тұғырына талай рет көтерілдіңіз, сондай сәттердің әсерімен бөліссеңіз. Кімдерге алғыс айтар едіңіз?

 

 Кездесу қонағы:

 ________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________

 

 Жүргізуші:

 

 Сұрақ: Біреулер үшін өмірдің қызығы – ас та төк байлықта, енді біреулер үшін жоғары мансап пен билікте. Ал сіз үшін өмірдің қызығы, мәні неде?

 

 Кездесу қонағы:

 ________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________

 

 Жүргізуші: Қазақ «ән көңілдің ажары» дейді. Бүгінгі кездесу кешіне арнайы келіп отырған мектебіміздің жас әншісі, аудандық, облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегері _____________________ орындауында «Ағаларым» әнін тыңдайықшы.

 

 Аға туралы ән орындалады.

 

 Жүргізуші: Біздің қадірлі қонағымыз _________________________ егер байқаған болсаңыз, мектеп ауласында да, мектептің ішінде де, акт залында да Бахтияр Тайлақбаев ағамыздың «Аман бол, ағаларым» әні ойнап тұрды. Осы жердің өзінде айнала ағалар туралы нақыл сөздер жазылып, ілінген. Жаңа ғана жерлес ініңіз де «Ағаларым» әнін орындады. Қалай ойлайсыз? Неге?

 

 Кездесу қонағы:

 ________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________

 

 Жүргізуші:

 

 Бүгінгі таңда тәрбие мәселесінде ағалар мектебінің жұмысы ақсап тұрғаны ешкімге жасырын емес. Жасөспірімдер арасында жаппай етек алмаса да, ішінара деструктивті мінез-құлық, буллинг, зорлық-зомбылық, суицид, тәуелді мінез-құлық мәселелері кездесіп жатады. Осы мәселеде бала ата-анасына, мұғалімге айта алмағанын ағасына айта ала ма?

 

 Кездесу қонағы:

 ________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________

 

 Жүргізуші:

 

 Сұрақ: «Спорт – денсаулық кепілі» деп жатамыз. Әлсіз балаларды спортқа қалай тартуға болады? Жасы кішілерге күш көрсететін мықты, бұзақылау балаларды әлсіздерді қорламай, қорғап жүретіндей жағдайға жеткізуге бола ма? Осы тұрғыда ағалардың орны қандай? Оларға қандай ақыл айтасыз?

 

 Кездесу қонағы:

 ________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________

 

 Жүргізуші:

 

 Сұрақ: Аға мен іні, аға мен қарындас арасындағы қарым-қатынас қандай болуы керек? Ағасы іні-қарындастарына қалай қамқорлық жасайды? Осы төңіректе залда отырған ағаларға қандай кеңес берер едіңіз?

 

 Кездесу қонағы:

 ________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________

 

 Жүргізуші: Аса қадірлі ________________________ Бүгін кездесуге келіп, Сұрақтарымызға жауап беріп, өмірден көрген-түйгендеріңізбен бөліскеніңіз үшін сізге көп рақмет! Бүгінгі кездесуден залда отырған ағаларымыз біраз әсер алды деп ойлаймын. Ал қазір қонағымызға сұрақтарыңыз, осы мәселеге қатысты ой-пікірлеріңіз болса ортаға салуға рұқсат.

 

 Сұрақ-жауап, талқылау.

 Жүргізуші: Бүгін көңілде жүрген біраз мәселені ортаға салып, ой бөлістік. Ұлттық тәрбие мектептерінде «Аға мектебінің» орны ерекше екенін тағы да айтқымыз келеді. Ағаның қамқорлығын көрген іні-қарындастары ешкімнен зорлық көрмейді. Ағам бар деп арқа сүйеп жүреді. Ал сізге ___________________________ тек жеңістер мен сәттілік тілейміз.

 Құрметті қатысушылар, «Даналық мектебі» жұмысына белсене қатысып, Ағалар қамқорлығын насихаттауға үлес қосқандарыңыз үшін бәріңізге мың алғыс. Бүгінгі кездесу кешінде естігендеріңізді әлеуметтік желілер арқылы інілеріңіз оқитын сыныптағы ағалармен бөлісіп, осы жұмыстың жандануына үлес қосады деп сенеміз. Қош сау болыңыздар! Кездесу кешін төмендегі әуенмен аяқтап, осы әндегі іні үмітін ақтайтындарыңызға сенемін.

 https://www.youtube.com/watch?v=HPs_R96c_mg ән ойнатылады.

 Кештің соңы

 



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Қазақстандықтар шетелге шығуға жылына қанша жұмсайды?
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
» Елімізде TikTok желісі бұғатталуы мүмкін бе?
Пікір жазу