Тілашар: Мектепке барған балаға тілек пен құттықтау


Кішкентай қызымызға өмірдегі бар жақсылықты тілейміз. Әрдайым көз қуанышымыз болып, аман – есен ортамызда жаздай жадырап, гүлдей құлпырып жүре берсін. Ең бастысы, қазақтың қызы деп атқа лайық болсын.
«Киімге жамау түссе де, көңілге жамау түспесін» деген. Ендеше, үнемі көңілі жақсылықтан жадырасын. Ақыл – тозбайтын тон, білім – таусылмайтын кен» деген. Қызымыздың білімді, ақылды болуын тілейміз. Өмір жасы ұзақ болсын. Ата - әжесін тек қана жақсылықтармен қуанта берсін.
Қасқырдың қайратын
арыстанның айбатын
жылқының сақтығын,
бүркіттің қырағылығын тілеймін.
Тау суындай таусылмас қайрат,
Сыр суындай сарқылмас жігер,
Гүлдей жайқалған ғұмыр,
Гүлдей тербелген өмір тілеймін.❤??




Әулетіміздің кішкентайын мектеп табалдырығын аттаған қуанышты күнімен құттықтаймыз. «Тарыдай болып кіріп, таудай болып шық» дей отырып, сабағың «4» пен «5»-ке оқуын тілейміз.


Ата-анаңның мейірім-шапағатына бөленіп, жарқыраған алтыны, еркетай елігі, ақ сәуле шашқан арайы болып, аман-есен жүрсін. Барлық ізгі армандары орындалып, өмір жолы ашық, болашағы жарқын болып, егеменді еліміздің де білікті Азаматы болып өсе берсін.



Қажетті сілтемелер:


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу
Пікірлер 5
  1. Құтты болсын қадамың
    8 + 2 -
    Құтты болсын қарағым,
    Мектептегі бұл күнің.
    Алғашқы күнің бүгінгі,
    Сыйлай берсін ән-жырын.

    Қанаттарың талмасын,
    Кітапты оқы, жалықпа.
    Білімді ұрпақ қашанда,
    Шығады ол халықта.

    Кітап білім бұлағы,
    Сусындап сен оқи түс.
    Білімді болсаң егерде,
    Жолың ашық, болар күш.
    ----------------------------------------------
    Құтты болсын қадамың,
    Мектепке алғаш аттаған.
    Білімді бол адамдай,
    Тақпақ, өлең жаттаған.

    Үздік оқы сабақты,
    Ұстаздарың мақтасын.
    Ата-анаң қуанып,
    Үйде тыныш жатпасын.

    Алға ұмтыл тек қана,
    Ұстаз сөзін тыңдап сен.
    Бідімді бол тек қана,
    Отаныңды жырлап сен.

    ---------------------------------
    Мектепке алғаш бардың бүгін мінеки,
    Құтты болсын бүгінгі бұл қадамың.
    Тарыдай боп кірсең бүгін мектепке,
    Таудай болып шығасың нық боп қадамың.

    Үздік оқы, қанаттарың талмасын,
    Тек жақсылық жалғай берсін жалғасын.
    Мектеп теңіз, айдынында шомылып,
    Бойға жинай аласың білім арнасын.

    Бар жақсылық болсын деймін өмірде,
    Бұл мектептен жарқын күндер күтіп тек.
    Білімді бол, бекітерге самғай бер,
    Арманыңа жетіп алда күлімдеп.
  2. мектепке барған балаға тілек
    1 + 3 -
    Мектептегі күнің бұл,
    Жақсы болсын лайым.
    Тербелесін тек сені,
    Аспандағы күн, айың.

    Ең алғашқы қадамың,
    Қуанышқа бөлесін.
    Жаратқаным жар болып,
    Әрқашанда демесін.

    Білімді бол қашанда,
    Ұстаз сөзін тыңдап сен.
    Биіктерге ұмтылғың,
    Қол жеткізіп өмірде ең.

    ++++++++++++

    Құтты болсын қадамың,
    Бүгінгі күн тамаша.
    Мектепке алғаш баруың,
    Киімдерің жараса.

    Зейінің сенің ашылсын,
    Жаратқаным жар болып.
    Білім теңіз балапан,
    Сусындай түс бар болып.

    Қуанышың көп болсын,
    Уайымдарың жоқ болып.
    Білімді бол балапан,
    Пәк көңілің тоқ болып.

    ++++++++++

    Бүгінгі алғаш күнің бұл,
    Мектептегі балапан.
    Құтты болсын қадамың,
    Жар боп саған Жаратқан.

    Қанаттарың талмасын,
    Биікке өрле, самғай түс.
    Оқу бар да бәрі бар,
    Болар оңды әрбір іс.

    Шаршамағын, жалықпа,
    Білімді бол сен оқып.
    Сонда арманға жетесің,
    Сабағыңды жақсы оқып.
  3. Құтты болсын алғаш мектеп
    0 + 0 -
    Қазақ халқы әр күнін думанға айналдыра білген. Ұлы дала төскейін жайлаған жұрт жерінің кеңдігіндей көңілдерінің де тар еместігін тойларының көп екендігінен аңғаруға болады. Дегенмен, «той десе қу бас домалайды» дейтін ата-бабаларымыз той-думанды салт-дәстүр, жөн-жоралғысын келістіріп жасаған. Ұлын үйлендіріп отау еткенін, қызын ұзатып өрісін ұзартқанын ат шаптырым етіп мән берумен мағыналы өткізсе, одан өзге тойларды да атаусыз қалдыруды жөн деп таппаған. Сәби дүниеге келгеннен бастап әрбір қадамына арналған шашуды тоймен көмкере білгені жарасымды әрине. Бұл жоралғылар шашылудың жөні осы екен деп емес, «адамның адам боп кетуі қиын» екенін жақсы білгендіктен жасалып отырғаны белгілі. Ал салтты бауыр етінің болашақ өміріне байланыстырып ұйымдастыра білгенін көзіміз көріп жүр. Біздің халықтың өзгелерге ұқсамайтын ерекшелігі – титімдей қуанышын жұртқа айтып, көпшілікпен бірге тойлап, қызығын жария етіп, жар салатындығында. Кез келген қуанышын ағайын-туғанмен бөлісетін қазақтың тағы бір тойы – «Тілашар». Ата-бабамыздың сәбиінің жан-жақты боп өсуіне үлкен мән берген. Тілашар тойы арқылы баланың білімге деген ынтасын, қызығушылығын арттыруды мақсат еткен, инемен құдық қазатындай жасқа жеткенін санасына сіңіру.


    Бала – біздің өміріміздің жалғасы, ұрпағымызды жалғастырушы. Болашақтың иесі. Адам баласының өсіп-өнетін, тәлім-тәрбие алатын бастауы отбасынан басталса, келешек ғұмыры үшін біліммен сусындату әр ата-ана парызы. Осы міндеттерін орындау үшін баласы 6-7 жасқа толғанда мектепке беруге асығады.
    Тілашар тойы жайлы айтпас бұрын Кеңес үкіметі кезінде «Қазан төңкерісіне дейін қазақтардың 98 пайызы – сауатсыз, қараңғы болған. Тек төңкерістен соң көзі ашылып, әріп таныды» деп көпе-көрнеу бүкіл халықты кемсіту үдерісі үзбей жүріп тұрғанын айтпасқа болмас. Бұл дегенің қазақ халқының қомақты бөлігінің мұсылманша сауаты болғанын, араб әрпімен оқып-жаза алатынын көрер көзге ілмеу еді. Егер осылай болған болса көнеден тамыры үзілмей келе жатқан «Тілашар» тойы қайдан шыққан? Дәстүр баланың ұстаз алдын алғаш көруіне арналып жасалатын бата-ниет, ізгі тілек болса, ол қожа ма, молда ма, мұғалім бе мейлі. Ертеде өріс-өріс, отар-отар етіп мал айдаған қазақтың байлары балаларын ауылдан ұзақ Бұхара, Самарқанд, Қазан, Түркістан, Орынбор секілді қалалардағы медреселерге оқуға жіберген. Ал ауқаттылар қоңыртөбел ауылдастарының балалары үшін ауыл ішінде қожа-молда ұстаған. Сондықтан бұл дәстүр кейінгі жылдары пайда болды, яғни еліміз оқу-білімге мән бере бастаған уақыттан бастау алды деуге негіз жоқ.
    Дәстүрдің орындалуына келсек, бала мектеп жасына толған кезде, әке-шешесі немесе атасы не әжесі оқуға апаруға дайындайды. Оны жуындырып, тырнақ-шашын алып, әркім жағдайына қарай балаға жаңа киім кигізеді, оқуға қажетті құрал-жабдықтарын алып береді. Шамасы жетпеген отбасылар қолдағы барымен дастарқан жасап, үлкендерден бата алса, жағдайы келетін ата-ана мал сойып мектепке бару, яғни тілашар тойын жасайды. Тойға арнап шашу шашылады. Бұл бала өміріндегі есте қалар оқиға, елеулі кезең болып табылады. Жиналған қауым балаға «азамат бол», «ғалым бол» деген сияқты бата-тілектерін білдіріп, баталарын береді. Үлкен-кішінің тілектерінен бала өскендігін сезінеді. Тойда баланың жаңа киіміне байғазы беріп, тағамдар ұсынады. Бұдан баланың оқуға ынтасы артып, құмарлығы, қызығушылығы оянады, мектепке баруға асығады. Тілашар тойында осылайша мектепке жиналған баланың ата-анасына құтты болсын айтылып, балаға сәт-сапар тілейді.
    «Ашылсын тілің, қарағым.
    Оқу сіңіп санаңа,
    Жарқырай берсін қабағың.
    Мақтанышы бола біл.
    Ата менен анаңның!» – деген секілді тілегі тұнық, ақ ниеттен шыққан батаны естіген баланың оқуға талпынары анық.
    Бұрындары баласын молдаға берген әке-шеше «Молдеке, сүйегі менікі, еті сенікі, осы балаға қара танытып, тілін ашып беріңіз» деп тапсырған. Әрине бүгінгі мен бұрынғының сауат ашу бағытын да, ұстаздарын да салыстыруға келмейді. Қазірде еліміз бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына қосылуды мақсат етіп қойып отыр, ол үшін ұрпақтың білімді болуы парыз. Яғни «білімдінің күні жарық, білімсіздің күні қаріп» екенін нағыз сезінетін кезең туды. Айта берсек, мұсылманша әріп танып, оқу-жазуға көзі қарақты болған аталарымыздан небір ғұламалар шыққаны бізге белгілі. Ал біліммен сусындауға ешбір кедергі жоқ, керісінше айқын жол ашылып тұрған бүгінгі заманда «Тілашар» тойымыз көп бола берсін!
  4. тілашарға тілек
    7 + 1 -
    Таудай болсын талабың,

    Ашылсын тілің, қарағым.

    Оқу сіңіп санаңа,

    Жарқырай берсін қабағың.

    Мақтанышы бола біл,

    Ата менен анаңның!
  5. Гость Астана
    Гость Астана 09.12.2020 19:54
    4 + 5 -
    Құтты болсын, тілашар