Бейімбет Майлин | Бір түн

  Бейімбет Майлин | Бір түн


Іңір әлетінде "кеш жарық" деп кіріп келсең, келген үйің кешкі тамағын жаңа ғана алдына алып жатқан болса, үй иесі үйде жоқ боп, боқташақ балалардың арасындағы бас көтерері жалғыз ғана жас әйел болса — олар да ыңғайсызданып қалады, сол үйге сыймағандай солбырайып сен де тұрасың. Дегенмен, декабрь ішінің тымырсық аязы — осы үйден шықсаң-ақ шап беріп ала түсетіндей боп, сені еріксіз аялдатады. Жылынғаныңмен тұрмай, сол үйдің тұрмысына сын тағып кеткелі келген адамнан жаман көзіңді анаған да қадайсың, мынаған да қадайсың.

Жас келіншек салманы ұрғылай түсіп:

— Биыл салған үйіміз еді... Жөндейтін жері көп әлі, дейді.

Шын таңырқау осы жерден басталады. Екі бөлмелі үй, асты-үсті тақтайлы, жинақы ғана бұйым; төргі бөлмеде темір керует, керует тұсында мәнерлі кілем... Тағы-тағыларды көзіңмен бір шолып өтіп, кішкене ойлансаң, қаладағы кеуде қызметкерлердің бірі боп жүрген Абалақтың пәтері көзіңе келіп елестейді. Соғыстан шыққандай қирап жатқан бұйым, шашылып жатқан дүние болады оның үйінде. Үсті-бастары дал-дұл, танауларының асты нелеу боп, тәртіпсіз өскен балалары болады. Осының бәрінің ортасында тұлданып Абалақтың әйелі отырады: "Қараң қалғырдың қайсы бірін жинайсың?!" — деп. Сонда сол әйелдің бар бітіретіні — күнде базарға бір шығып, қаланың күнделікті өсегін теру ғана болады-ay...

Сенің таңырқап тұрғаның — колхозшының үйі. Осы тұрмысты, мына салтанатты үйді қорашсынып отырған жас әйел — колхозшының әйелі. Бір өзінің екі жүзден аса еңбек күні бар. Оның үстіне осы үйді салысып, мына стыйнадағы1 гүлдің түрін елестетіп, нақышты өз қолынан орнатқан келіншегің осы! Бұл-бұл ма, бұл тұрмысын бұдан да әрі гүлдендірем деп отыр-ау, бұл!

Осыны ойлайсың да, Абалақты аяйсың: "Сорлы Абалақ, колхозшы да болмаған екенсің!" — дейсің.

Стенадағы Колхозшылардың тұрмысымен таныспақ боп ауыл аралап жүрсің. Көшелеп салынған жаңа ауыл. Түн қараңғысы тым қою. Қай жерде қандай үйдің барын жылтыраған терезесінен ғана білесің. Әриренің мінезі өзгешелеу болмаса, "Әрире" атала ма ол: салып ұрып терезеге барады да, үңіле қарайды келіп. Сен оны жауырынынан тартасың: "Қой мұныңды... Біреуді шошытып жүрерсің..." деп. "Шошыған деген не? Құдайыңнан да шошымайды, бұлар..."дейді күліп.

Әриремен тіркескендей боп, бір үйге тағы кіресің, алдыңғы бөлмесі — әлгі үйдікіндей, бірақ тақтайсыз. Төргі бөлмесінің жартысында тақтай бар, жартысы - бос. Тақтайдың жаңа салынғандығын, тақтай үстіндегі ара, балта, мәстүрік сияқты аспаптарды көріп, үй жөндеуге енді кірісіп жатқандығын байқайсың. Керует үстінде отырған талдырмаш денелі жас әйел — мезгілсіз жүрген қыдырмаларға таңырқап қараған секілденсе де, ұзамай бетінде күлкі ойнайды:

— Төрге шыға берулеріңізге болады, — дейді күлімсіреп.

"Қос қолдап тізесін басып отыр ма?" дейін десең, қолының астындағы кітапты көресің. Сонау бір кездерде — өнімсіз еңбек үлгісі - іс тігіп, кесте салып отыратын тізеге енді кітап салыныпты!

— Қандай кітап оқып отырғаның? Көрсетші? — деп Әрире бара кітапқа жармасады.

Сауатсыздар мектебіне арнап Ғабиттің жазған әліппесі бұл. Осы әліппемен қанша адамның сауаттанғанын, кімдердің оқитынын Ғабит біле ме екен? Білген теріс емес-ау. Әсіресе, әліппе құрылысының ауыр-жеңілдігі туралы осы оқушылардың пікірін білер ме еді?

— Баян қайда? — дейді Әрире жұлып алғандай ғып.

— Саяси сабақ болады деп кетіп еді.

— Сен неге бармай отырсың мектебіңе?

— Баратын кезіміз болған жоқ...

Бұл — кешкі сағат сегіздің шамасы. Сабақтары сағат онда басталады екен. Оған шейін сабағын әзірлеп отырған әйел бұл. Сағат 10-нан 12-ге шейін мектепте болады. Ертеңіне тура колхоз жұмысына кіріседі. Сонда осы әйелдің бос уақыты қашан болады екен? — деп ойлайсың. Абалақтың әйелі тағы елестейді көзіңе. Сағат тоғызды соғуға 10 минут қалғанда шашы дударланып, төсекте жатқанын көресің-ау, оның...

"Сынық екеш - сынық та жұғады", деген ғой. Әриремен бірге терезеден сен де көз салдың: кең бөлме, киіз бе, текемет пе, әлденелер төсеулі. Керует, үстел дегенің бұл үйден үркіп қашқандай. Дастарқанды жерге жайып, астаудай қара табақты ортаға алып, үш-төрт кісінің отырғанын көресің. Езулерінің жиылмауына қарап, "Осылар күліп отыр-ау" деп ойлайсың. Бәрінің көзі - төрде отырған, қауқиған сақалды қара кісіде. Ол — шекесі жылтыраған біреу. Жалаңбас бас мүжіп отыр. Баржиған саусағы бастың ұңғыр-шұңқырын қазып, әлсін-әлі аузына барады. Аузына барғанда жол-жөнекей сақалын да сипап өтеді. Сақалының дамылсыз шошаңдауына қарап: "Ұзақ сонар әңгімені бастап отыр-ау" дейсің.

— Оңбағыр шіркін! — дейді Әрире.

— Кімді айтасың?

— Сонау сақалды айтам, барып тұрған жалқау... Кертартпа кесір...

Қыдырып жүріп мектеп үйіне кездесесің. Сайманы түгел. Үй қабырғасының бос жері жоқ. Көсемдердің сүгіреті, Қазақстан картасы, қабырға газеті, тағы-тағылар. Қалай болса солай аралас іле беруінен оқытушылардың салақтығын да сезгендейсің. Әсіресе, қабырға газетінің мазмұны жағынан да, жазу жағынан да тым сауатсыз шыққанын көргенінде — осы ойың толыға түседі.

Бір партаны орала түсіп, төрт-бес әйел отыр. Біреулері — жазумен, біреулері — есеппен шұғыл. Жасы едәуірге келіп қалған кексе әйелдер де бар ішінде. Ерініп, есінеп, көзін ұйқы басып отырғандары жоқ. Бұл ынтамен кіріскендердің салдары, білімге құмартқандықтың белгісі. "Оқысаң да оқы, оқымасаң да оқы!" деп бел күшке салып көрші, көздері жасаурап, иықтары түсіп, мең-зең боп отырып алсын!..

Арық мәстек пішінді біреу, көзін ежірейтіп, сұқ қолымен әліппенің бір бетін түртіп отыр. Қабағының түйілуіне қарап — мықтап құшырланып отыр-ау дейсің. Жанына келіп, сұқ қолдағы қадалған жеріне сен де үңілесің: "орынсыз" деген сөздің басқы буыны бармақпен кемулі.

— Бұған неге өшіктіңіз? Бұл сөздің жазығы не? — десең, ол бажырайып бетіңе қарайды:

— Қоса алмай отырған жоқпын ба, басын... — деп.

— Осыңыз "орынсыз" екен дейсің, — күліп.

— 47 жасқа келгенде әліппе оқыған соң, қайдан орынды болсын-ау, — дейді ол күрсініп.

— Бұрын неге оқымағансыз?

— Құнт қылмағандық.

— Енді ше?

— Енді ме?.. Шынын айтсам, енді ұялғаннан оқып отырмын. Бәрі хат танып алды, жалғыз мен қалмақпын ба?

Бұл сөзінің риясыздығын тап осы кісінің түрі айқын айтып тұр.

Мектеппен көрші үйде мұғалімдер тұрады. Ауыл өміріндегі мәдениетті тұрмыс үлгісін мұғалімдерден іздейтін бір әдет бар ғой, салып ұрып соның үйіне барасың. Кіріп барған ыңғайында — аңғарылып тұрасың. Үйінің салыну планы — колхозшылардыкімен бір. Асты-үстінің тақтайы да сондай. Өзгеріс — басқа жағында. Тұрған жерің тар есіктің алды ғой, осыдан бастап суретте де, төрінен барып бір-ақ шық... Бірер баяндама болғанда, жарысқа шыққан кейбіреулер: "Әсіресе, сіздердің назарларыңызды аударатыным" деп бастайтын сөзін. Сондай-ақ, "назарларыңызды" мынаған аудара көріңіз: нақ кіре беріс босағаның тақтайы алыныпты да, сол жерге қазан пеш орнатылыпты. Әрине, үй болған соң, бір "қазан-пеш" керек қой, тіпті сол "қазан-пешті" босағаға орнатқанының өзі дұрыс... Қазан бетінде кірлі қара қақпақ, қазан маңына көбірек араласатын сайман ғой, тіпті соның кірлі болғаны жөн... Қазанның үсті бұрқыраған бу, астына от жаққан соң, бу шықпай, су шықсын ба?!

Қазан осымен бітсін. Қазаннан көзің сәл ауды десе, осы қазанның ернеуіне тие созылған адамның аяғын көресің. Қазанның ернеуімен адамның аяғының ауыл үй қонатын ешбір жөні жоқ-ақ секілді. Мұның себебі не десең, былай болып шығады. Жерге орнатылған қазан мен тақтай үстіне көсілген аяқтың қатары, жер мамандарының тілімен айтқанда, "үстінің тегістігі" бір дәрежеде болады екен. Ал бұ да дұрыс болсын. Енді осы көсілген аяқтың иесін көруге құмартып, басыңды көтерсең, үрген қарындай қампиған бір тұлып бет-кезінің шарасына зорға сыйғандай боп көрінеді. Осы бетті көргенде, талай хайуандар көз алдыңнан шұбырып өтіп жатқандай болады. Не айтарыңды білмей сасқандай:

— Но... бет екен! — дейсің.

"Біреу өлмей, біреу күн көрмейді" деген-ау, анықтай келе, бұл беттің "озбырлығын" да табасың, мұрын қайда, мұрын? Көз қайда, көз? Екеуі де осы беттің маңайына шөккендей, дүниеде барлығына белгі тым аз секілденіп тұр-ақ!

— Мұғалімнің әйелі сіз боласыз ба? — десең, көмекейден шыққан бір дауыс:

— Біз боламыз... —деп күбір етеді.

Бұрынғыдан да бетер қадала қарайсың, жасы 20-25-тің шамасында болар. Дене бітісінің өзі еш нәрсеге икемі жоқ тоңмойындықтың ұясы екендігін білгізгендей. Тәуір киімге құмарлығының да белгісі жоқ емес. Екінші жағынан — сол тәуір киімді ұқсатып кимейтіндігі де көрініп тұр... Әрире соның маңына үйіріліп, оны-мұны сөйлетіп жатыр. Әрире сияқты адам сүгіретке де жан бітіреді деуге болар-ау, ақырында сол әйелді күлдірді.

Төргі бөлменің төрінде арық мәстектей арбиған жалғыз үстел. Жас бала жігіт, терлеп-тепшіп жазумен шұғыл. Үстел үсті — тәртіпсіз обыраған кітап, кейбіреуінің түбі қопарылып, қабы жыртылып, берекесі кетіп-ақ жатыр...

Үстел үстінен түңілгендей боп, үй ішіне көз жүгіртесің: "Мен осы қайда келіп тұрмын?" деген сұрау бір жағынан баспалатып, есіңді тандырғандай болады. Жұпынылықтың шегіне шыққан бір тұрмыс! Төр жақта — аяққа оралып бірер құрым киіз жатыр. Оның қанша керегі бар еді? Әлде, тамақты жерге отырып ішетін бола ма деп жағалай қарасаң, сол ойыңның шындығына қол қоясың. Жерден басқа тамақ ішетін орынның өзі жоқ!..

Әлгі жас жігіт — мектеп мұғалімінің бірі боп шығады да, оны-мұны сөйлескің келеді. Ол жазумен ғана боп, саған жауап беруге тым сараң. Мүмкін бірер тығыз жұмысы бар шығар.

— Жақында спектакль қоймақшы ек, — дейді бір сөзінде.

— Қандай пьесаны дайындап ең дер?

— "Тартыс" дейтін.

— Авторы кім?

Мұғалім бірсыпыра күмілжіп отырды да:

— Авторының кім екенін анық білмеймін... —дейді.

"Тартыс" дейтін Мұхтардың пьесасы болса керек еді.

Қазақ драма театры "актерымыздың күші жетпейді" деп, осы пьесаны әлі күнге сахнаға шығара алған жоқ. Мемлекеттік драма театрының ойнай алмаған пьесасын колхоз жастарының ойнауға талаптануы тым ерлік. Мұны кұттықтауға да болар еді, бірақ драма кружогының бастығы осы мұғалім болса, бұл дайындап отырған пьесасының авторын білмесе, мұның ар жағында не айтарыңды білмей күрсінесің. Әсіресе, ауылдағы мәдениет үлгісі болып отыратын мұғалімнің мына секілді үй тұрмысы қарныңды тым-ақ ашырады.

Әрире, әлгі әйелді сөзге үйірілтумен отыр:

— Хат танимысың? — дейді оған.

— Жоқ! — дейді әйел.

— Сауатсыздар мектебіне неге бармайсың?

— Қайтейін оны...

Бұл — әйелінің жауабы.

Бұл үйден тым көңілсіз шығасың. Әриренің өмірге бір күрсінгені осы жерде болады:

— Шіркін... не көрінді екен? Оқытушылардың атына кір келтіретін қылық-ау, мынасы, — дейді.

Бір үйдің терезесіне төне беріп, кенет саған бұрылады:

— Жоқ! Ауыл мұғалімінің бәрі осындай десек, мықты қателескен болар ек. Тамаша мұғалімдеріміз бар. Мынау бір ескінің көзіндей боп қалған "азғын" екен, архивке беру керек өзін! — дейді күліп.

Әрире сөзінде терістік жоқ. Өмір екпініне ере алмағандар аяққа оралғы болудан басқа не бітіреді?! Бірақ екінші жағынан мынаны да ойлайсың: колхоздың қазір қай нәрсеге жетіп отырғанын білемісің? Тасқындаған дарияның бетінде бұл бір салынды. Иә, сеңдей сапырылысып сол дарияның ағысына ереді. Иә, қақтығып шетке шығыса қалып, шіріп, тозып, жоқ болады. Екінің бірі! Мұғалім атаулының бәрі осындай болады екен дей көрмеңдер. Мына шырақ өзімен кетсін!


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі