Әңгіме: Джек Лондон | Ақсақалдар лигасы

Әңгіме:  Джек Лондон | Ақсақалдар лигасы казакша Әңгіме:  Джек Лондон | Ақсақалдар лигасы на казахском языке

Казармада бір адамға сот болып жатыр еді, мәселе я өмір, я өлімге тірелген. Бұл адам Юконға Лe Барж көлінің төмен жағынан құятын Ақ Балық өзенінің ну орманды жағасын мекендейтін Имбер дейтін үндіс шал болатын. Оның ісі бүкіл Доусонды, жоқ тек Доусонды ғана емес, жалпы Юкон аймағының мың мильдік о жақ бұ жағын түгелдей дүр сілкіндірген. Англосакстер өздері жаулап алған жерлерде ертеден-ақ ерекше заң орнатқан ғой, және ол заң өте аяусыз, қатал-ды. Бірақ дәл осы сотта, Имбердің ісіне келгенде, бұл заң алғаш рет тым жеңіл, тым рақымшыл көрінген. Ең бастысы, мұнда, — қарапайым ғана арифметикалық көзқарас тұрғысынан келгенде, жасалған қылмыс пен оған қолданылатын жаза арасында ешқандай үйлесім жоқ екен. Мына қылмыскерге тек қана өлім жазасы кесілетініне, әрине, ешкім күмән келтіре алмайды — басқадай жаза тіпті миға да кіруге тиіс емес — алайда бұл бір-ақ адамның құны ғой, ал Имбердің мойнында қаншама жанның, қаншама боздақтың қаны бар десеңші!

Иә, бұл адамның қолы білегіне дейін қанға батқан еді. Ол бүкіл өмірінде нешебір бейбақтың жанын жаһаннамға жібергенін өзгені қойып, өзі де білмейтін шығар. Ал осы аймақтың тұрғындары жол жүріп келе жатып, асудың үстінде темекілерін құшырлана тарта отырып, немесе кешкілік ошақ басында қоңыр әңгімені қоздатып қойып, бұл шалдың қай жерде кімді өлтіргенін, қалай өлтіргенін, одан соң да қаншасын келмеске аттандырғанын жыр қылып айтып, саусақтарын санай берер еді. Ол құрбандардың барлығы — еңбектеген баладан, еңкілдеген шалға дейін түп-түгел ақ адамдар-тұғын, олар кейде жалғыздан, кейде жұбымен, енді бірде топ-тобымен өлтірілген. Және ешбір себепсіз, салдарсыз, қолға ілікті — бітті, ажал құшқан бәрі де. Бұның сыры, басқаны былай қойып, мұндағы корольдік атты полицияға да күні кешеге дейін белгісіз боп келген. Тіпті Юконнан алтын табылып, доминион үкіметі бұл жерге өз губернаторын жіберген кезде де "кездейсоқ жоғалғандардың" жұмбағы жұмбақ күйінде қалып еді.

Алайда қызықтың да, жұмбақтың да зоры сол — Доусондағы осы соттың алдына Имбер өз еркімен, өз аяғымен келген. Көктемнің соңына қарай Юкон өзінің мұз құрсауында қыстыға гүрілдеп, деміге өксіп жатқан кезде, кәрі үндіс мұз үстіндегі жалғыз аяқ соқпақпен ілби басып келе жатты да, кенет оң жаққа шұғыл бұрылып, өзен жағасындағы жайпақтау жарқабаққа тырмысып, әзер шыққан. Бұдан әрі қала еді, орталық көшеге аяқ іліктірісімен ол көзі жыпылықтап, не істерін білмей тұрып қалды. Төбеден түскендей ғайыптан пайда болған бұл шалға көзі түскендердің бәрі оның сіңіріне ғана ілініп тұрғанын байқап еді. Ол аяғын санап басып жиюлы жатқан дөңбектерге жетті де, шеткі біреуіне отырды. Содан ол осы орнынан күні бойы қозғалған жоқ. Жанынан ары-бері өтіп жатқан ақ адамдардың легі де кешке дейін бір толастамаған. Олардың көпшілігі шалдың жанынан өтіп кеткен соң да, артқы жақтарына бір мойын бұрып қалуды ұмытпайды, тегі тағы бір дұрыстап көріп алайықшы дейтіндей. Ал шалдың өзі олардың кейбіреуіне: "не, адам көрмеп пе едің!?" дегенді көзімен білдіріп, алара қарап қояды. Осы оқиғаның куәсі болған ондаған адам кейін шалдың сондағы түріне қайран қалғандарын айта отырып. өздерінін көрегендігі мен адам танитындықтарын өмір бойы мақтан етіп өткені бар-ды.

Дегенмен сол күнгі нағыз көреген Қортық Диккенсен болып шыққан. Қортық Диккенсен бұл өлкеге қалтасын долларға, көкірегін үмітке толтырып келген адам еді, алайда доллары желге ұшып. үміті құмға сіңген кезде, амал жоқ Штатқа қайту үшін жолқаражат табу керек болғанда, "Холбрун және Мейсон" деген маклерлік кеңсеге есепші болып орналасқан-ды. Дәл осы "Холбрук және Мейсон" кеңсесінің қарсы алдында өзенмен ағып келген ағаш салындылары үюлі жатушы еді, Имбердің отырғаны — сол ағаштардың бірі болатын. Диккенсен оны таңғы тамағын ішуге шығар алдында, терезеден көріп қалған, сосын тамағын ішіп келіп, терезеден тағы қараса, кәрі сиваш манағы орнында әлі отыр екен.

Содан Диккенсен терезеден сыртқа қайта-қайта қарап тұрған — кейін өзінің осы қырағылығы мен көрегендігіне ол да талай жерде мақтанып жүрді. Қортық Диккенсен романтикаға бейімдеу адам еді, бір орнында тастай қатып отырған кәрі үндістің сол қыран бейнесінен ол өздеріне найзалы мылтық кезеп келе жатқан англосакс басқыншыларын қас қақпай қарсы алып тұрған сиваш халқының қаһармандық бейнесін көргендей екен.

Сағат артынан сағат өткен, ал Имбер сол орнында тастай қатқан қалпында тапжылмай отыра берген. Бұны сырттай әлсін-әлсін бақылап тұрған Диккенсеннің есіне баяғы бір оқиға түсіп еді. Бірде осы орталық көшеде бір итшана тоқтап қалған-ды. Оның үстіндегі адам да дәл осы шал сияқты ұзақ уақыт қозғалыссыз, қимылсыз отыра бергені бар. Жанына ары-бері өтіп жатқан адамдардың бәрі оны ұйықтап отыр деп ойласа керек. Сосын әбден қараңғы түсер алдында біреу оны оятпақ болып, түртіп қалғанда... ол гүрс етіп қарға құлап түскен ғой. Бейшара баяғыда өліп қалған да. Оны табытқа сыйғызу үшін денесін жұрт әрең түзеген-ді. Мынау да сондай бірдеме болмасын деген оймен Диккенсен кешкісін сыртқа беттей беріп еді, алдынан оқыс Эмили Трэвистің шыға келгені. Эмили Трэвис жіп-жіңішке, әп-әдемі, көзге өте сүйкімді көрінетін жас әйел-тұғын. Миллионер тау-кен инженерінің қызы ретінде ол қай жерде жүрсе де мейлі Лондон, мейлі Клондайкте болсын — тым сәнді киінетін. Қортық Диккенсен қолындағы сигарын терезе жақтауына тастай салып, цилиндр қалпағын басынан жоғары бір көтеріп қойды.

Олар он минуттай жайбарақат әңгімелесіп тұрған, алайда Эмили Трэвис бір мезет Диккенсеннің иығынан көше жаққа көз сала беріп, кенет... қорыққаннан шыңғырып жіберсін. Артынша солай қарай жалт бұрылған Диккенсен де үрейден өзін әзер ұстап еді. Имбер көшені бері кесіп өтіп, бұлардың тура желке тұсына тақап келіп, қызға тесіле қарап тұрған.

— Не керек саған?! — деді Қортық Диккенсен батылдау, бірақ даусы ақырынырақ шығып еді.

Имбер мұрын астынан міңгірлей жүріп, Эмили Трэвистің тура алдына тақап келді де, оның басынан аяғына дейін сұқтана қарай бастады. Қарағанда, тіпті, қыздың бірде-бір мүшесі, бірде-бір жері сығырайған көзінің сұғынан тыс қалған жоқ. Әсіресе оның көбірек үңілген тұсы — Эмилидің қызыл-қоңыр шашы мен алаулап қызара түскен алақандай беті болды. Бұдан соң құдды жүйрікті сынап жүрген атбегіндей болып, алдындағы сұлу мүсінді шырайнала және бір сүзіп шықты. Кенет ол батып бара жатқан күннің жұмсақ сәулесі қыздың қызғылттау құлағынан қалай өтіп тұрғанын көріп, қызықтай тоқтап қалды. Сосын тағы да оның бетіне назар салып. әдемі көгілдір көзге ұзақ үңілген. Үңіліп тұрып және біраз күңкілдеп сөйлеп алған да, күс-күс алақанын қыздың иық тұсынан сәл төмен салып, екінші қолымен шынтақты бүге түсіп, ақ білекті жоғары көтеріп еді. Осы қимыл үстінде оның әжімді жүзінен әлде бір жиреніш пен таңырқау қатар білінген де, артынша қолындағы ақ білекті жайымен жібере салған. Сонан соң көмейінен бір құмыққан дыбыс шығарып, қызға ту сыртын беріп, Диккенсенге бірдеме айтқан болды.

Оның не дегенін Диккенсен түсінбей, иығын қиқаң еткізді. Ал Эмили бұған күлген. Имбер қабағын түйіп, біресе қызға, біресе Диккенсенге сұраулы пішінмен қарап еді, ол екеуі бірдей бас шайқады да қойды. Имбердің амалы әбден таусылғандай болып, теріс бұрылып жүре бергенде, қыз бар даусымен айқай салсын.

— Е-ей, Джимми! Келші мұнда! Келші тезірек!

Джимми көшенің екінші бетінен бері өткен. Бұл өзі серең-серең етіп жүретін, ұзын бойды, қолапайсыздау үндіс жігіті еді. Басында Эльдорадо корольдері киетін кен жиекті қалпағы бар. Ол Имбермен әр сөзін бөліп-бөліп ежіктеп сөйлесе бастады. Джимми ситх тайпасынан еді, сондықтан ол елдің шеткері аймақтарында туратын басқа аборигендердің ең қарапайым сөздерін ғана білетін.

— Бұл адам Ақ Балық тайпасынан, — деді ол Эмили Трэвиске. — Мен оның тілді жақсы бімейд. Ол ең үлкен ақ адам бастықты көргісі келед.

— Губернаторды, — деп Диккенсен жөндеп қойды.

Джимми Ақ Балық тайпасының адамымен және біраз ежіктескен соң... қарадай абыржып, өңі бозарып шыға келсін.

— Мен ойлайды, оған капитан Александер керек деп, — деді Джимми. — Ол айтады, ақ адам өлтірдім деп. Көп ақ адам, ақ әйел, ақ бала. Бәрін өлтірдім деп. Енді ол да өлгісі келед.

— Есі дұрыс емес шығар, — деді Диккенсен.

— Ол не сөз? — деп сұрады Джимми.

Диккенсен сұқ саусағын самайына тіреп, ары-бері бұрап көрсетіп еді, Джимми түсінген түр танытып:

Мүмкін, мүмкін, — деді Имберге әрі таңданған, әрі аяған сыңайда көз қадап.

Корольдік атты полицияның полисмені келіп (Клондайкте олар атсыз жүретін), Имбердің қайталап айтқан сөзіне мұқият құлақ түрген. Ол екі иығына екі кісі мінгендей ірі денелі, жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай жас жігіт еді, Имбер де бір кісідей биікпін дегенмен бұл жерде ол полисменнің иығынан ғана келген. Жігіттің көзі суық, сұрғылт, және адамның өңменінен өтердей өткір-тұғын; қоладан құйғандай әдемі мүсінінен ата-бабадан сарқылмай келе жатқан бұла күштің иісі сезіледі. Рас, оның кесек бітімді ер тұлғасына уыздай жастығы және керемет өң беріп тұрғандай жас бала секілді әп-сәтте бетіне қаны лып етіп шығып, лып етіп қайта қалатыны байқалады?

Имбер енді тек полисменге ғана көз салған. Оның иек тұсындағы қылыштан қалған тыртықты көргенде, үндістің көзі бірден ұшқын атып шыға келіп еді. Содан соң қу сүйек қолдарын полисменнің мықынына тигізіп, одан әрі балтырына қарай жайлап жылжытып көрді. Шынашақ ұшымен кең кеудені бір-екі рет тықылдатып байқаған соң, иықтағы білеу-білеу бұлшық еттерді сипалауға кіріскен. Бұл уақытта жандарына біраз жүргінші де жиналып қалған-ды — бәрі де ұзын сирақты кең кеуделілер нәсілінен — бірі алтын іздеуші, бірі тау тұрғыны, енді бірі осы өлкені алғаш ашқандар еді. Имбер олардың бірінен соң біріне көз жүгіртіп өтті де, сосын Ақ Балық тайпасының тілінде бірдеме деп қатты сөйлеп жіберген.

— Не деп тұр бұл? — деді Диккенсен.

— Ол айтады — бұл адамдардың бәрі полисмен секілді, — Джимми оның сөзін осылайша аударды.

Қортық Диккенсен тапал бойлы адам ғой, сондықтан ол мынадай сөзді мисс Трэвистің көзінше естігеніне қорланып қалып еді. Полисмен бұны сезе қойды да, жұрт назарын басқаға аударып жібергісі келіп:

— Байқаймын, шалдың басында "бірдеме" бар секілді. Мен оны тезірек капитанға алып барайын. Джимми, сен айт бұған, менің соңымнан жүрсін.

Джимми тағы да оған тақай түскен ал Имбер күңкілдей сөйлегені болмаса, өзіне-өзі риза кейіпте еді.

Джимми, одан сұрашы, жаңа менің қолымнан ұстағанда. ол не деді және не деп ойлады?

Бұны айтқан Эмили Трэвис болатын. Джимми сұрақты дереу аударып, артынша мынадай жауап естіді.

— Ол айтады, сіз қорқақ емессіз.

Бұл жауапқа Эмили Трэвистің риза болғаны бал-бұл жайнаған жүзінен білініп тұрды.

— Ол айтады, — деді тағы Джимми Эмилиге. — Сіз скукум емессіз, өте әлсізсіз, өте нәзіксіз, кішкентай бала секілдісіз. Ол үшін сізді жапырақ-жапырақ етіп турап тастау оп-оңай. Ол қатты күлді, қатты таңғалды, сіздей кішкентай әйел мына полисмен секілді дәу, мықты адамдарды қалай туа алады деп.

Эмили Трэвис көпшілікке тура қарап беруге ерлігі жеткен. Бірақ алма беті алаулап шыға келіп еді. Қортық Диккенсеннің өш де көкнар гүліндей қызарып, өзі не істерін білмей қипақтай бергенді. Ал жас полисменнің өрт болып жанғаны сондай, шашының түбіне дейін түтіндеп кеткендей болған.

— Ей, сен, жүр кәнеки? — деді ол бірден, көпшілікті кең иығымен ығыстыра түсіп.

Имбер Казармаға солай тап болған. Сол жерде бүкіл қылмысын мойнына алып, одан қайтып шыққан да жоқ.

Имбердің түрінен өте қажып, шаршағандығы білінген. Бір жағынан кәрілік меңдетсе, екіншіден ештемеден үмітсіздік те оны әбден торықтырып, тоздырып бітірген-ді. Бұның бәрі оның мыж-мыж бетінде тайға таңба басқандай сайрап тұр еді. Бейшараның көздері кіртиіп, екі иіні түсіп, еңсе көтеруден мүлде қалғандай. Негізінен шашы бурыл болса керек, бірақ үнемі күн астында жүргендіктен бар түсінен айырылып, қурап, күлгінденіп кеткен. Өзі маңайында болып жатқан абыр-сабыр, дабыр-дүбірдің ешқайсысына мән беріп, елең етер емес — дүние күл болмаса, бұл болсын. маған енді бәрібір дейтін секілді. Кең бөлменің іші алтын іздеушілер мен аңшыларға лық толған, олардың бір-бірімен сөйлескен жай сөзінің өзі шалдың құлағында таудан тас домалатқандай тасыр-тұсыр естіледі.

Ол терезенің алдында отыр еді. Сырттағы көріністің бәрі оның казіргі құлазыған көңіл-күйімен астасып, үйлесіп жатқандай. Аспанды тұтастай қорғасын бұлттар торлап алған. Ауаның дымдана тозаңданып тұрғаны байқалады.

Юконда әдеттегідей көктемгі тасқын. Өзен мұздары еріп, қаланы су басып алыпты. Тірлігінде тыным дегенді білмейтін адамдар, әнеки, орталық көшеде қайықпен сырғып жүр. Ол қайықтардың кейбірі көшеден кілт бұрылып, Казарма алдындағы су жайылып жатқан алаңға түседі; сосын жақынырақ жылжып келіп, шал отырған үй астына кіріп жоқ болып кетеді. Бұдан соң Имбер қайық тұмсығының қабырға түбіндегі бөренеге тық етіп тигенін, одан соң адамдардың суды шылп-шылп кешіп келіп, үй терезесінен түскенін, сосын тағы... төмсенде дабырласа сөйлесе жүріп, екінші қабатқа басқышпен көтеріліп келе жатқанын, бәрін-бәрін естіп, біліп отырды.

Иә, адамдар қалпағын шешіп, су шылқыған етіктерімен еденді дүбірлете басып, бөлмеге бірінен соң бірі кіре берді.

Бұл адамдар шалдың өз жазасын алатынына бір жағынан көңілдері көншіп, екінші жағынан оған жаулықпен қарап отырған сәтте, Имбердің өзі олардың әдет-ғұрыптары мен тәрбие-тәртіптері туралы, жақсылы-жаманды, нәубетті-зұлматты, рақатты-қуанышты уақыттың қай-қайсысында да өзгермеген, және өзгермейтін олардың темірдей берік заңы туралы терең-терең ойға батқан.

Әлдебір адам үстелді тықылдатты; әңгіме тыйылды, тыныштық орнады. Имбер үстелді тықылдатқан адамға қараған. Ол қолында құзыры бар біреу секілді, алайда Имбер ең үлкен бастық, тіпті үстелді тықылдатқан адамға да бастық анау әріректе отырған кең маңдайлы адам екенін сезді. Оң жақтағы үстелден және бір кісі орнынан тұрып, алдындағы бірнеше парақ қағазды қолына алып, оны дауыстап оқи бастады. Бір бетті бітіріп, келесі бетке көшкен сайын ол жөткірініп, сұқ саусағының басын жалап тұрды. Бұл адамның не оқып тұрғанын Имбер түсінген жоқ, бірақ басқалардың түсініп, бұған ашуланып отырғандарын ол сезді. Кейде олардың қатты ызаланғаны сондай, араларында бір адам бірде бұны, Имберді, жаман бір сөзбен сыбап жіберіп еді, бірақ төрде отырған адам үстелді тықылдатып, оны тәртіпке шақырып қойды.

Қолына қағаз ұстаған адам өте ұзақ оқыған. Оның бірқалыпты, бір сарынды ыңырсыған даусы Имбердің ұйқысын келтіріп еді, ал қағаз оқылып біткен кезде ол қалың ұйқыға аттанып та кеткен. Бір уақытта атын атап иығынан біреу түрткенде, көзін ашып алған ол қарсы алдынан өзінің туған жиенін, яки бір кездегі апайының ұлын көрді — бірақ таңданған жоқ. Бұл жігіт тайпадан тым ертерек кетіп, ақ адамдар ішіне сіңіп кеткен-ді.

— Сен мені, әрине, танымай тұрған шығарсың, — деді жас үндіс сәлем орнына.

— Heгe танымаймын? — деді Имбер жұлып алғандай. ─ Сен Хаукансың, сен бізден баяғыда кеткенсің. Сенің шешең өлген.

— Ол кәрі әйел-тұғын, — деді Хаукан.

Имбер бұл сөзді естіген жоқ, өйткені кірпігі ілініп кетіп еді, Хаукан оны иығынан жұлқылап қайта оятып алды.

— Мына адам жаңа не оқығанын мен саған айтып берем, — о ақымақ, бұл адам сенің капитан Александерге өзің айтып мойындаған бүкіл қылмысыңды оқыды. Осының бәрі рас па, жоқ па, сен соны ойланып айтуың керек. Саған сондай бұйрық беріліп тұр.

Хаукан миссионерлер үйінде тұрып, олардан оқып-жазуды үйреніп алған-ды. Қазір оның қолында ұстап тұрғаны — әлгінде үстел басындағы адам дауыстап оқыған бірнеше парақ жұқа қағаз еді, онда Джиммидің көмегімен Имбердің капитан Александерге айтып берген сөздері сол қалпында, сол ырғағымен түп-түгел жазылған болатын. Хаукан оны оқуды бастады. Имбер біраз тыңдап отырды да, кенет таңданыстан көзі бақырайып, түсі бұзылып:

— Бұл менің сөзім, бірақ ол сенің аузыңнан шығып тұр, ал сенің құлағың оны естіген жоқ-ты.

Хаукан екіге жарып тараған шашын сипай тұрып, өзіне-өзі риза кейіпте:

— Жоқ, Имбер, бұл сөздер қағаздан шығып жатыр, — деді жымиып, — Менің құлағым оларды естіген жоқ. Сөздер қағаздан шығып, менің көзім арқылы басыма жетіп, сосын оны менің еріндерім саған жеткізеді. Міне олар қайдан шығып жатыр!

— Ә, солай ма?! Демек олар қағаздап шығып жатыр екен ғой, — деп Имбер қағаз бетіндегі қара таңбаларға үрейлене бір қарап қойған. Сосын оларды сыртынан ептеп сипап та көрді.— Бұл керемет сиқыршылық, ал сен, Хаукан, нағыз көзбайлаушының өзісін.

— Түк те емес... Түк те емес, — деді жас жігіт жай ғана, бірақ мақтаныш сезімі бетінен біліне қалған. Сосын ол қолына іліккен бір парақты ойламай-ақ оқи жөнеліп еді.

"Сол жылы, көк мұздың көбесі сөгілмей жатып, бір ақсақ шал кішкентай баласымен пайда болған. Мүмкін ол немересі шығар. Мен оларды да өлтірдім. Шал шыңғырып, қатты айқайлаған...

— Бұл рас, — деді Имбер сөзді бөліп, ентіккен дауыспен. — Ол көпке дейін шыңғырып, аласұрып жатты, жан бермек оңай ма! Бірақ сен бұны қайдан білесің, Хаукан? Әлде саған ақ адамдардың бастығы айтты ма? Мен қалай өлтіргенімді ешкім көрген жоқ, тек бастыққа өзім айтқам ғой.

Хаукан өкінішпен бас шайқаған.

— Ау, осының барлығы қағазға түскен деп мен саған айтпадым ба, ақымақ неме?

Имбер қағаздағы қара сиямен өрнектелген белгілерге көз жүгірте тұрып, өзінше бір әңгімеге көшкен-ді.

— Аңшы аппақ қарға қарап тұрып, былай дейді: міне мына жердей кеше қоян жүгіріп өткен, сосын мұнда, қалың талдың арасында отырып, тың тыңдаған, артынша бір нәрседен қорқып, тұра жүгірген; ал мына тұста кері бұрылып, жылдам-жылдам секірген; оның соңынан сілеусін тіптен қатты секіріп жүгірген: мұнда, із қарға терең-терең түскен жерде, сілеусін ұзын-ұзын секірген... содан қоянға ол мына тұста жеткен де, ұмар-жұмар болған. Бұдан әрі қоянның ізі жоқ — жалғыз сілеусіндікі ғана. Аңшы өстіп қарға қарап қалай сөйлесе, сен де қағазға қарап: Имбер мына жерде мынаны істеген, ана жерде ананы істеген деп сөйлейсің ғой, а? Солай ма, Хаукан?

— Иә, солай! — деді Хаукан. — Ал сен енді сөйле деп бұйырғанша, бос әңгімені қоя тұрып, әр сөзді мұқият тыңдап ал.

Хаукан осыны айтты да, оқуға кірісті. Және ұзақ оқыды. Бәрі де — Имбердің капитанға айтқан өз сөздері. Сонымен не заматта Хаукан оқып біткенде, Имбер оған:

— Бұның бәрі менің сөзім, бәрі дұрыс сөз, Хаукан, — деді. — Бірақ мен өте қартайған адаммын, көп дүние басымнан шығып кеткен, ал бастықтар білгісі келетін нәрселердің біразы енді-енді ғана есіме түсіп жатыр. Тыңда мені, Хаукан. Бір жылы Мұз Таудың арғы жағынан бір адам келді, көп темір қақпандары бар, солармен ол Ақ Балықтан құндыз аулай бастаған. Мен оны өлтірдім. Сосын... алтын іздеген тағы үш адам Ақ Балықта жүрді. Мен оларды да өлтіріп, мәйіттерін құныға тастадым. Одан соң Файв Фингерзде және бір адамды өлтірдім. — Ол салмен жүзіп келе жатқан, қапшық-қапшық еті бар екен.

Имбер әлденені есіне түсіріп, ойланып қалған уақытта, Хаукан оның сөзін тоқтамай аударып тұрды да, клерк жазып отырды. Өстіп Имбердің сөзі "бір жирен шашты, қыли көзді адамды алыстан садақпен атып түсіргенге" дейін көпшілік оның сөзін жай ғана тыңдап отырған. Кенет залдан жирен шашты бір еркек орнынан атып тұрып:

— О, құдай атқыр! Құдай атсын сені! — деп ышқына айқай салды. — Ойпырмай, ол менің ағам Билл ғой! Билл!

Сонымен сот аяқталғанша осы "құдай атқыр" деген сөз бөлмеде жиі-жиі естіліп тұрды, — сотты жүргізіп отырған адамның ескертпесі де, басу айтқан жанындағылардың сөзі де жирен шаштыға ешқандай әсер еткен жоқ.

Имбердің басы тағы да кеудесіне салбырай түсіп еді, бұдан әрі көзінің алды тұманданып, басы зеніп, еш нәрсені көруден де, естуден де қалған — дәлірегінде, қартайған сайын баяғы жастық шағын жиі ойлай беретін барлық кәрі адамдар секілді ол да қазір сонау артта қалған тәтті күндерінің бір тұңғиығына терең сүңгіп кетіп еді.

Хаукан тағы да оны қозғауға кіріскен.

— Тұр орныңнан, о, Имбер. Саған бастық мынаны айтуды бұйырады: Сен неге мұндай қылмыс жасадың? Не үшін? Осыншама адамды өлтіруіңе не себеп? Ал сосын Заңды өзің іздеп келуіңде қандай сыр бар?

Имбер созалаңдап орнынан әрең тұрды да, дірілдеген баяу дауыспен ақырын, асықпай сөйлей бастады. Бірақ бірер минут өтпей жатып, Хаукан оны тоқтатқан да:

— Бұл шал мүлде жынданған, — деді ағылшын тілінде, кең маңдайлы адамға бұрылып. — Құдды кішкентай бала секілді, аузына келгенін шатып-бұтады.

— Біз оның шатып-бұтқанын да естуіміз керек — деді кең маңдайлы адам. — Сен оның бір сөзін қалдырмай, бір сөзін өзгертпей, аяғына дейін аудар. Түсіндің бе?

Хаукан түсінген. Оның үлкен бастықпен не туралы сөйлескенін Имбер де сезбей қалған жоқ. Бұдан соң ол өзінің өсиетке бергісіз ұзақ созып — болашақ ұрпақ үшін есімін мәрмәр тасқа мәңгілік етіп жазып қоюға әбден лайық қызыл тәнді патриот адамның басынан кешкендері мен істеген істерін — ақырындап айта бастап еді. Әлгіндегі қыбыр-жыбырдың бәрі сап тыйылды, бөлмедегілер құдды жадылап тастағандай бір мезет тастай қатып қалған, ал үстел басындағы кең маңдайлы адам қолымен жағын таяна отырып, әр сөзге зейін сала тыңдаған сайын ешкім бұрын мән бермеген небір сұмдық жайлардың қатпар-қатпар тереңіне шалмен бірге өзі де шым батып бара жатқанын сезді. Ал Имбер сөйлей берді. Кең бөлменің ішінде қырылдай шыққан оның даусынан басқа ешбір бөгде дыбыс жоқ. Тек әредік-әредікте Хаукан сөйлеп, аударма жасайды. Сосын кейде бір бұрыштан "Ой, сұмдық-ай!" деген жирен бастың сөзі естіліп қалады.

— Мен — Ақ Балық тайпасынан — Имбер деген адаммын, — деп аударған шалдың сөзін Хаукан; осы сөзден өзіне таныс ырғақ пен әуенді естіген сәтте-ақ оның көкірегінде әлдебір қимас сезім оянып шыға келген де, бойына өркениет пен миссионерлік тәрбиеден сіңген дүниесі бір сәт хош айтысып жүре берген. — Менің әкемнің аты Отсбаок еді. Ол сапыпқыран жауынгер болған. Менің кішкентай бала кезімде, күннің ыстық қызуы жерімізді жылытып, жүрегімізді керемет қуанышқа бөлейтін. Ол уақытта біздің адамдар бұрын көрмеген, білмеген нәрсеге дал ұрып, жандарын босқа қинамайтын да. Ешкім бөтеннің даусын естіген жоқ. Ата-бабаның салт-дәстүрі олардың да салт-дәстүрі болды. Жігіттеріміз қыздарға сүйсіне қарады, ал қыздарымыз оларды қуанта білді. Аналарымыздың омырауы сүтті, құрсағы құтты болды. Тайпамыз өсті, өйткені, ол кезде еркектеріміз еркек еді. Олар кеңшілік, молшылық күндері де, таршылық, ашаршылық уақытында да сол еркек қалпында қалды.

Ол жылдары, қазіргіге қарағанда, суда балық, орманда аң қаптап жүруші еді. Иттеріміз де қасқыр текті болатын. Олардың қалың терісінен ешбір суық ешбір боран өте алмайтын. Ал біз, өзіміз де сол иттер сияқты едік, біз де ешқашан, ешқандай боран-шашын, суықтан қорыққан емеспіз. Ал кейде жерімізге пелли тайпасының адамдары басып кіргенде, біз оларды өлтіретінбіз, олар бізді өлтіретін. Өйткені олар да, бізде — еркектер едік; бәрінен бұрын біз — Ақ Балық тайпасынан болатынбыз; біздің әкелеріміз бен әкелеріміздің әкелері пелли тайпасымен соғыса жүріп, екі тайпа арасындағы жер шекарасын әділ белгілеп алған-ды.

Иә, ол уақытта мен айтып тұрғандай, иттеріміз өте мықты болатын, біз, өзіміз де өте күшті болатынбыз. Бірақ бір күні біздің жерге бірінші ақ адам келді. Ол адам міне, мына құсап төрт аяқтап, еңбектеп жеткен. Оның арықтығы сондай, еті сүйегіне жабысқан, сүйегі терісінен шыққан. Мұндай адамды біз ешқашан көрмегенбіз, бұл өзі қай жерден, қай тайпадан деп, басымыз қатқан! Ол әлсіз еді, иә, өте-өте әлсіз еді, біз оған төрімізден орын бердік, тәтті тамақтарымызды аузына тостық, жылы киімдерімізді үстіне ілдік, жұмсақ төсек-орнымызды астына төседік.

Онымен бірге бір ит те еріп келген, жалғыз өзінің үлкендігі біздің үш иттей еді: ол да өте әлсіреп қалған. Жүндері қысқа болғандықтан суық тез өтетін еді оған. Мұз боп қатып қалған құйрығының жартысы сынып қалыпты. Біз осы қызық итті де тамақтандырып, жылыттық, бойына, өзегіне нәр бердік. Оны талап тастамас үшін өз иттерімізді маңайына жуытпадық та.

Бұғының жас еті мен ласостың қақталған еті әлгі ақ адам мен итке дәру болды, олар тез ет алды, тез күш жинады. Сосын әбден толып, семіріп алған соң батылдана да бастады. Адам қатты сөйлеп, шалдар мен жастарға күліп, қыздарымыздың бетіне тіке қарайтынды шығарды. Ал оның иті біздің иттермен төбелесетін болды, жүні қанша қысқа да жұмсақ болғанмен ол бірде біздің үш итті бірдей талап тастаған.

Біз ол адамнан қандай тайпадан келгенін сұрағанымызда, ол: "Менің бауырларым өте көп!" деп, бір түрлі жаман күлкімен күлген. Ал сосын мүлде тыңайып, көп күш жинап алған кезде, жанына көсемнің қызы Ноданы алды да, бізді тастап кете берді. Бұдан кейін біздің бір қаншық итіміз күшік тапқан. Мұндай басы үлкен, азулы, бірақ қысқа жүнді, әрі дәрменсіз күшікті біз бұрын-соңды көрмегенбіз. Менің әкем Отсбаок сайыпқыран күшті жауынгер адам еді, әлі есімде, әлгі күшікті көргенде оның қабағы түнеріп, жүзі күреңітіп шыға келген. Сосын қолына тасты былай көтеріп алған да, күшікті бар күшімен періп кеп жіберіп еді, ол бірден сеспей қатты. Ал арада екі жыл өткенде, Нода сол жақта тапқан баласын көтеріп, тайпаға қайта оралды.

Бұл бәрінің басы ғана екен. Сосын қысқа жүнді итін жетелеп екінші ақ адам келді. Ол өзі кетіп, итін тастап кетті. Бірақ жай кетпей. біздің алты итті қоса алып жөнелді. Ол үшін менің туған нағашым Ку-Со-Тиге бергені — алты рет бірден жылдам-жылдам атылатын тапанша. Ку-Со-Ти сол тапаншасына мақтанып, біздің садақ пен жебелерді баланың ойыншығы деп күлетін еді. Бірде ол әлгі керемет тапаншасымен аюға барған. Ол уақытта мұндай қарумен аюдың жанына жууға болмайтынын біз білдік пе? Білгеміз жоқ. Ку-Со-Ти де білмеген, ол аюдың тура қарсы алдына келіп, тарсылдатып атқылай бастайды, сөйтіп алты рет атады, ал аю бір-екі рет өкіріп алады да, Ку-Со-Тиді бассалып ұстап, алдыңғы екі аяғымен қысып-қысып жібереді. Ку-Со-Тидің басы жұмыртқадай жарылып, миы шашырап жерге түседі. Ол алғыр аңшы еді, енді оның үйіне қарап, бала-шағасын асырайтын да адам жоқ. Біз бәріміз қайғыра отырып: "Ақ адамға не жақсы болса — бізге сол жаман!" дедік. Бұл енді рас нәрсе. Ақ адамдар көп, ақ адамдар толық, ал біз солар үшін азбыз, арықпыз.

Біраздан кейін үшінші ақ адам келді, оның көп-көп, әр түрлі дәмді тамақтары болды, басқа да жақсы заттарына ол айырбас ретінде біздің ең таңдаулы жиырма итімізді алды. Сондай-ақ сайдың тасындай он жігітімізді әр түрлі сыйлық пен уәдеге алдандырып, өзімен бірге ала кетті. Олардың қайда кеткенін ешкім білмейді де. Біреулердің айтуынша, біздің ол боздақтарымыз адам аяғы баспаған Мұзды Таудың басында көз жұмыпты. Ал енді біреулер оларды Ақ Меңіреудің ішінде өлді деседі. Кім не десе де, Ақ Балық тайпасының адамдары ол жігіттер мен иттерді ешқашан қайта көрген жоқ.

Бұдан соң да ақ адамдар үсті-үстіне келе берді, сыйлықтар әкеледі — сосын өздерімен бірге жастарымызды алып кетеді. Кейде олар қайтып оралатын, біз олардың пелли тайпасынан да әріде, алыс-алыс жерлерде, көрген азабы мен бейнеті жөнінде небір қызық әңгімелер еститінбіз. Ал кейде олар мүлде келмей де қалатын. Біз сонда жастарымызға: "Егер ақ адамдар ештемеден қорықпайтын болса, бұл — олардың көптігінен, ал біз, Ақ Балық тайпасының адамдары — азбыз, сондықтан біздің жастарымыз бізден енді кетпеуі керек", — дегенбіз. Бірақ жігіттеріміз бәрібір кете берді, сосын, тіпті қыздарымыз да кете бастады. Бұдан әрі біздің ашу-ызамыз кеңірдегімізге тіреліп еді.

Рас, біз де ұннан жасалған тағамдар мен тұздалған шошқа етін жедік, шайды өте жақсы көрдік; егер шай ішпей қалған күндеріміз болса, біз әр нәрсеге ашуланып, бір-бірімізбен ұрсысып та қалатынбыз. Сөйтіп ақ адамдар әкеліп сататын көп заттарды біз ылғи да аңсап жүретін жағдайға жеттік. Сату — сатып алу! Біз енді тек қана осыны ойладық. Бірде, қыстың бір күні атып алған бүкіл құстарымызды жүрмейтін сағат, өтпейтін ара, патронсыз тапаншаға айырбастап жібергенімізді кейін білдік. Ал сосын ашаршылық болды, біздің ертеңге сақтаған етіміз жоқ еді, содан қырық шақты адамымыз көктемге жете алмай көз жұмды.

"Енді біз әлсіредік, — дедік біз. — Пелли тайпасы жерімізге кіреді де, басып алады". Алайда бәле бізге ғана емес, пелли тайпасына да жеткен екен, олар бізді қойып, өз бастарымен өздері әлек боп жатқан көрінеді.

Менің әкем Отсбаок — сайыпқыран жауынгер — ол уақытта біраз қартайып қалған-ды. Бірақ ақыл-ойы орнында болатын. Ол көсемге былай деген: "Көрдің бе, біздің иттердің тұқымы қалай азып кеткенін! Бір шымшым қою жүні жоқ, баяғы күштен айырылған, не бұларды дұрыстап шанаға шеге алмайсың не айызың қанып аңға салып жарымайсың. Шым еткен аяз болса, бүрсеңдеп шыға келеді. Кел, бұлардың төбеттерін түгел өлтірейік те, тек қасқыр текті қаншықтарын ғана алып қалайық; ал оларды қасқырлармен шағылысу үшін түнде орманға қоя берейік. Сонда суыққа төзімді, қалын жүнді иттерге тағы да не боламыз.

Обалы нешік, бұл сөзді көсем қолдап, көп өтпей-ақ Ақ Балық тайпасы осы өлкеде керемет иттерімен даңқы шығып еді. Иә, иттерімен, адамымен емес. Біздің ең таңдаулы ұлдарымыз бен қыздарымыз ақ адамдарға ілесіп, күн өткен сайын әлдебір жаққа, алыс-алыс қиырларға кетіп жатты, кетіп жатты. Ол жақта ауру-сырқауға ұшыраған немесе ақ адамдармен келісе алмаған кейбір қыздарымыздың Нода сияқты қайта оралғаны да бар. Бірақ көпшілігі сол кеткеннен мол кеткен. Ал егер ұлдарымыз қайта оралса, олардан бізге пайда шамалы еді: алыста жүріп олар жаман сөздер, оғаш қылықтар үйренген, ішетіндері — жындысу, ойнайтындары — карта, ақ адамдар қай уақытта шақырса, сол уақытта кетіп қалуға дайын тұрады. Олар үлкенге деген құрметті мүлде ұмытқан, ешкімге бас иіп, тәжім етіп тұрмайды, реті келсе біздің ескі-салт дәстүрімізді мазақ еткісі келеді, көсемдерге де, шамандарға да беттері былш етпей күле қарайды.

Мен жаңа айттым: біздер — Ақ Балық тайпасының адамдары — әлсіз, осал бола бастадық деп. Қымбат бағалы және жылы терілерді біз темекіге, вискиге, қағаз талшықтардан жасалған жұқа киімдерге бердік. Сосын суықта қалш-қалш етіп отыратын болдық. Бізге жөтел жаудай тиді, онымен әйелдер де, еркектер де ауырды, олар түні бойы күрк-күрк етіп. қара терге түсіп шығар еді, ал аңшылар орманға жетпей жатып аппақ қардың үстінде қып-қызыл қан құсады. Бірде ананың, бірде мынаның өкпесінен қан кетеді; осыдан адамдар өліп те жатты. Әйелдер баланы аз туды, ал туған балалар аурушаң, әлжуаз болды. Ақ адамдар бізге басқа да белгісіз аурулар әкелген. Олар жөнінде біз ешқашан ештеме естімеген едік. Бұл аруларды маған шешек, қызылша деп түсімдірген — олар біздің тайпа адамдарын баудай түсірген кезі де көп.

Бәрінен де таңданарлығы: ақ адамдар бізге ажал әкелген, олардың барлық әдет-ғұрыпы бізді ажалға жетелеген, олардың танауынан шыққан тыныстың өзі ажал шақырған, сөйте тұра олардың өзі ажалдың не екенін білмейді. Оларда не жоқ, виски де, темекі де. қысқа жүнді ит те бар. Оларда шешек, қызылша, жөтел, қан түкіру секілді барлық ауру да бар; олардың тәні ақ, нәзік, олар жауыннан да, дауылдан да қорқады; оларда жынды тапанша да бар — алты рет қатарымен атады. Бірақ, өздерінің барлық ауруларына қарамастан, олар толған үстіне тола түседі, гүлдеген үстіне гүлдей береді, олар өздерінің ауыр қолдарын бүкіл әлемнің үстіне салып, барлық халықтарды езіп-жанша түседі. Ал олардың әйелдері соншама нәзік, соншама осал көрінгенмен, шын мәнінде олар темірдей берік те — өйткені кесек те күшті еркектерді туған солар ғой. Бұдан шығатыны — ақ адамдар үшін нәзіктік те, әлсіздік те, ауру да үлкен күш пен алып қуатқа айналып шыға келеді. Сонда не, ақ адамдар құдай ма, әлде жын-пері ме? Мен білмеймін. Иә, мен Ақ Балық тайпасының кәрі Имбері, жалпы не біледі дейсіндер?! Менің білетінім біреу ғана: бұл ақ адам дегендерді — жиһангездер мен сайыпқыран жауынгерлерді — түсіну мүмкін емес.

Мен жаңа сөзімде орманда аң-құстар азайған үстіне азая түсті дедім ғой. Бұл — мылтықтың кінәсі. Рас, жақсы мылтық алыстан тигізеді, бірақ аң-құс жоқ болса, мылтықтың не керегі бар? Менің бала кезімде, Ақ Балық тайпасының жерінде, аттап басқан сайын қос-қостан бұлан алдыңнан шығушы еді, ал жыл сайын қаншама қоңыр бұғы келмеді мұнда! Оның есебіне кім жеткен! Енді ше? Аңшы он күн бойы адақтап шықса да орманнан бір бұлан немесе бір бұғы таба ма? Жоқ! Мен тағы да айтамын; мылтық қанша жақсы болғанмен ататын ештеме жоқ болса, оның керегі не!

Міне, мен — Имбер, Ақ Балық тайпасының қалай құрып бара жатқанын көре отырып пелли мен өлкенің басқа тайпалары да оңып тұрған жоқ, көп ойландым. Орманда аң-құс қалай құрып бара жатса, олар да солай құрып баратын еді. Мен тағы ойландым.

Мен шамандармен, ақылды ақсақалдармен кеңестім Қатты ойлануыма адамдардың у-шуы кедергі болмас үшін мен орманның терең түкпіріне кеттім, ал асқазаным мені албыратып, салбыратып, ұйқымды келтірмес үшін ет жеуді қойдым. Сөйтіп мен ұйқы-күлкінің бәрін ұмытып, орманда ұзақ-ұзақ отырдым, — мен ойлаған қиын мәселені шешетін бір ғажайып белгіні менің көздерім сарыла күтті, ал менің сыбыр еткенді еститін сақ құлақтарым ғайыптан түсер сөзді қағып алуға тырысты. Қап-қара түндерде, жел өксіп, су жылап жататын өзен жағасына жалғыз өзім келіп, сол жерде, ағаштар арасында, мен баяғы данагөй қарттар мен өлген шамандардың аруағын гөй-гөйлеп көп шақыратынмын. Егер олар келе қалса, ақыл сұрағым келген.

Ақыр соңында мен өзім күткен елестерді көрдім де. Олар — қысқа жүнді жаман иттер еді. Мен түсіндім не істеу керектігін. Менің әкем — сайыпқыран жауынгер — Отсбаоктың дана шешімі арқасында біздің иттер өзінің қасқыр текті тұқымын таза сақтап қалып еді. Олардың терісі қалың, жүні ұзын, күші мығым болды. Шанаға шегуге олардан артық иттер жоқ-ты. Сонымен мен тайпа тұрағына келдім де, өз сөзімді айттым жауынгерлерге: "Ақ адамдар — тайпа, өте үлкен тайпа, — дедім мен. — Олардың жерінде аң-құс қалмаған, сондықтан олар біздің жерімізге келген қыбыр еткен қараның бәрін атуға, алуға. Олар бізді әлсіз етті, біз содан құрып барамыз. Олар өте ашкөз адамдар. Сол себепті де біздің жерде аң-құс құрып бітті, ал егер біз өмір сүргіміз келсе, олар бізге не істесе, біз де оларға соны істеуіміз керек".

Мен олардың қанын қыздырайын, күреске шақырайын деген оймен басқа да көп сөздер айттым. Ал Ақ Балықтың адамдары мені тыңдап болған соң, біреуі олай деді, біреуі былай деді, кейбіреулері тіпті ақымақтың сөзін сөйледі, бірақ бірде-бір жауынгерден ерлік пен еркектік сөз естігем жоқ. Өйткені біздің жігіттеріміз су сияқты сұйық, қорқақ. Бірақ сөзді үнсіз тыңдап отырған ақсақалдардың көзінен мен жарқ-жұрқ еткен от көрдім. Сосын кешкісін, тайпа түгел ұйықтаған кезде, мен оларды түгел құпия түрде орманға жинап алып, тағы да тамырларын басып байқадым. Дұрыс! Біз келісімге келдік, алқақотан отырып, баяғы бақытты күндерді, ит басына іркіт төгілген молшылықты, жерімізде жыртылып айырылған аң-құсымызды еске түсірдік. Біз бір-бірімізді аға-бауыр дестік, өз құпиямызды өле-өлгенше сыртқа шығармауға уәделестік, сосын... ең бастысы, сырттан келген зұлым тайпа адамдарын қасиетті жерімізден қалайда тазалап шығуға ант берістік. Бұның бәрі ақымақшылық екенін, әрине, біз қазір ғана біліп отырмыз, ал ол уақытта, біздер, Ақ Балықтың ақсақалдары қайдан білейік?

Басқаларға жол көрсетіп, оларды рухтандыру үшін бірінші құрбанды өзім жасадым. Юкон жағасында тығылып жатып, ақ адамдар мінген қайықты күттім. Біраздан соң біреуі көрінді. Онда екі адам отыр екен, мен орнымнан тұрып, қолымды көтерген кезде, олар шұғыл бұрылып, жағаға беттеген. Сосын қайықтың тұмсық жағында отырған біреуі бұған не керек дегендей басын көтергені сол — менің шірене тартқан садағымның оғы оның тура кеңірдегіне гірш ете қалды — маған не керек екенін ол сонда ғана түсінген. Ал көрмей отырып, қайықты жүргізіп келе жатқан екінші адам иықтағы мылтығына қолын созғанша мен шолақ найзамды кеудесіне қадап та үлгердім. Жанымда тағы екі найзам қалған.

"Бұл бірінші қадам, — дедім мен жаныма келген ақсақалдарға. — Біраздан кейін барлық тайпаның барлық ақсақалдарын біріктіретін боламыз, ал сонан соң кеуделерінде әлі де оттары бар жігіттерімізді жинаймыз, міне, сонда іс жылдамырақ жүреді".

Біз бас изесіп, мақұлдастық та, өлген екеуді суға тастадық Ал олардың қайығын ол өте жақсы қайық еді — біз өртеп жібердік. Онымен қоса ішіндегі бар затты да отқа тастадық. Бұған дейін ол заттарды көріп алғанбыз, былғары қапшықтың ішінде болатын. Біз оны пышақпен тіліп қарасақ — ішінде көп-көп қағаз екен — беттерінде қаз-қатар тізілген белгілер бар, тегі олар, Хаукан, мына сен қолыңа ұстап тұрған нәрселер болса керек. Ол уақытта олардың не белгілер екенін біз қайдан білейік; ал қазір мен бір нәрсенің иісін сезем ғой, олар анау сен айтқан адамның сөзі, Хаукан...

Қайықтағы екі адамның өлімі туралы бұл әңгімені Хаукан аударып бітпей жатып, бөлме іші гу-гу сөзге толып кетіп еді.

— Бұл тоқсан бірінші жылы жоғалып кеткен почта ғой, — деді бір дауыс. — Оны Питер Джеймс пен Дилэни алып келе жатқан: Ол екеуін соңғы рет Ле-Барж көлінің жағасынан Мэттьюз көрген екен.

Клерк әрбір сөзді құлшына жазып отырды, бұл — Терістік тарихына тағы бір тараудың қосылғаны еді.

— Менің енді көп айтар сөзім қалған жоқ, — деді Имбер ақырындай сөйлеп. — Біздің не істегеніміздің бәрі қағазда жазылған. Біз, кәрі адамдармыз, біз не істеп жүргенімізді түсінген жоқпыз. Құпиямызды ашпай, өлтірген үстіне өлтіре бердік; біз және қалай өлтіруді де жақсы білдік, өйткені бізге, кәрі адамдарға өмір не нәрсені асықпай, бірақ тез істеуді үйреткен еді. Бірде бізге ақ адамдар келген де, бетімізге ызалана қарап-қарап алып, алты бірдей жігітіміздің қолына темір кигізіп, өздерімен алып кеткен. Сонда біз бұрынғыдан да ақылды, бұрынғыдан да көп өлтіру керек екендігін түсінгенбіз. Сосын біз, ақсақалдар, бірімізден кейін біріміз өзеннің басы мен аяғын қуалап, белгісіз өлкелерге аттандық. Мұндай істерге аса батылдық керек еді. Біз кәрі болсақ та, қорықпадық, ал шын мәнінде, алыс та бөтен өлкелер алдындағы қорқыныш біз сияқты кәрілер үшін үлкен қорқынышты.

Біз солай — үлкен қулықпен, асықпай өлтіре бердік. Біз Чилкуттың биік асуында да, Атыраудың тарам-тарам бойында да, таудың терең қойнаулары мен теңіздің жақпар тасты жағасында да, қысқасы, ақ адамдар қай жерге қос тігіп, қай жерде сүрлеу жол салса — сол жерлердің бәрінде оларды қағып тастап отырдық. Иә, ақ адамдар көп өлді, бірақ біз одан пайда көрмедік. Олар таудан асып келе берді, келе берді. Келген сайын жерімізде олар көбейе түсті, ал біздер, ақсақалдар, уақыт өте келе азая бастадық. Әлі есімде, Бұғылы таудың асуында бір ақ адам қос тіккен. Өзі тым аласа, кішкентай ғана жан екен. Соған біздің үш шал жабыла кетеді ұйықтап жатқанда. Ертеңінде мен қос ішіне кіргенде, мына жайды көргенмін: үш шал үш жерде сұлап жатыр, ал ақ адамның әлі де кірпігі қимылдайды. Тіпті, ол өліп бара жатып та мені боқтап, қарғап кетуге шамасы жеткен.

Рас, біз азайып бара жаттық: бүгін бір ақсақал өледі, ертең екіншісі. Кейде, арада талай уақыт өткенде, біздің тайпаның бір адамы өлгені туралы хабар жетеді, ал кейде жетпей де қалады. Ал басқа тайпаның шалдары әлсіз әрі қорқақ еді және бізге көмектескісі де келмеген. Сонымен бүгін бір ақсақал өлсе, ертең екіншісі — сөйте, сөйте... қазір тірі жүрген жалғыз мен ғана. Иә, мен — Имбер — Ақ Балық тайпасынан. Менің әкем — Отсбаок — сайыпқыран жауынгер болған. Енді қазір Ақ Балық тайпасы жоқ. Мен ол тайпадан қалған жалғыз ақсақалмын. Ал біздің жігіттерміз бен жас әйелдеріміздің бірі — Пелли тайпасына, бірі — Лococ тайпасына, бірақ көпшілігі — ақ адамдарға кеткен. Мен өте қартайдым, өте қажыдым, мен заңмен босқа күрескенімді енді ғана білдім, сен дұрыс айттың, Хаукан, мен мұнда Заңды іздеп келген адаммын.

— Сен шын мәнінде есуассың, О, Имбер, — деді Хаукан.

Бұл сөзді Имбер енді естіген жоқ, ол көне бір көріністердің қойнына жайлап сіңе берген-ді. Кең маңдайлы сот та өзінің әлдебір елес-көріністерімен бөгде бір дүниеге аттанған: оның көз алдынан — бүкіл тұла бойы құрыш құрсанып, темір оранған, басқа халықтардың бәріне Заң орнатып, тағдырын шешіп отырған өз нәсілі барша ұлылығымен, салтанатпен өте бастаған. Ол сол өз нәсілінің қара ормандар мен тұңғиық теңіздер үстін қызылжалқын жарыққа бөктірген таң шапақты тарихына көз жіберген. Ол және осы шапақтың талма түс кезінде қалай қан түсті жалынға айналып, ал кешке қарай көлеңкелердің ығымен қалай қызылбарқын құмдарға сіңіп кететінін елестеткен... Осының бәрінде оның көз алдында құдіретті де құзыретті, рақымсыз да қайырымсыз, иілмес те бүгілмес Заң деген Ұлық тұрған-ды. Бұл Ұлық — оның атымен іс қылып, оның бұйрығымен өліп те кететін адам деген бейшарадан, тіпті мына кәрі үндіске кешіріммен қарағысы келген кең маңдайлы соттан да әлдеқайда мықты еді.




Жүктеу батырмасы 50 секундта ашылады!!!




KZ / Қазақша Әңгімелер жинағы, әңгіме Джек Лондон Ақсақалдар лигасы туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Джек Лондон Ақсақалдар лигасы на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке, әңгіме Джек Лондон Ақсақалдар лигасы туралы ангиме казакша рассказ на казахском рассказ Джек Лондон Ақсақалдар лигасы на казахском языке ангиме скачать бесплатно қызықты әңгімелер балаларға арналған кызыкты ангимелер балаларга арналган интересн, Әңгіме: Джек Лондон | Ақсақалдар лигасы ғибратты әңгімелер ғибратты әңгімелер вк ғибратты оқиғалар ғибратты сөздер гибратты ангимелер