Әңгіме: Джек Лондон | Меңіреу мұнар

Әңгіме:  Джек Лондон |  Меңіреу мұнар казакша Әңгіме:  Джек Лондон |  Меңіреу мұнар на казахском языке

— Кармен екі күннен әріге бармас.

Мэйсон аузындағы мұзды түкіріп жіберіп, қиналып тұрған хайуанға қынжыла қарады да, иттің, табанын аузына апарып, тырнақ арасындағы түйір-түйір мұзды тісімен қытырлатып тағы уата бастады.

— Адам қызығарлық ат қойған осындай иттердің талайын-ақ көріп жүрмін, соның оңған біреуі болсайшы,— деді ол, аяғын мұздан арылтып болған соң итті итеріп жіберіп.— Бұлар осылай қақтығып жүріп-жүріп, ақыры бір күні өледі. Сен кәдімгі Касьяр, Сиваш немесе Хаски деген иттің қырсыққа киліктіргенін көрдің бе? Көрмеген боларсың! Мынау Шукумді алайықшы, ол...

Арс еткен аш төбеттің ақсиған тістері Мэйсонның алқымына қадала жаздап-ақ қалған еді.

— Әй, мынауыңа жол болсын?

Шыбыртқының сабымен құлақ шекеден періп жібергенде, ит қарға жалп ете түсті; дір-дір қаққан иттің тістерінен сары сілекейі тамшылады.

— Мынау Шукумге қарашы. Шукум әсте сыр беріп көрген емес сабаз. Ол аптаның ақырына дейін осы Карменді жейді, осыған бас тігем.

— Біз,— деді, Мэйлмют Кид отқа жібітіп отырған нанын айналдыра түсіп,— біз барып жеткенше сол Шукуміңді өзіміз қаужап қоярмыз деймін, мен осыған бәстесер едім. Сен бұған не дейсің, Руфь!

Индей әйел кофе тұнсын деп, шәйнекке бір түйір мұз тастады да Мэйлмют Кидтен көзін төңкеріп күйеуіне, онан иттерге қарады, бірақ тіл қатпады. Дау жүрмейтін жерге дәлел айтқысы келмеген тәрізді. Иә, бұларда өзге ылаж қалды ма? Алдарыңда елсіз-жолсыз 200 мильдей алыс сапар, қолдарындағы азығы небәрі алты күнге жетпек, ал ит азығы болса, ада болған.

Екі аңшы мен әйел үшеуі отқа жақындай отырып, тақыл-тұқыл тамақтарын жеуге кірісті. Сәске кезіндегі аз ғана кідіріс еді бұл, иттердің әбзелі ағытылмаған. Жегуімен жатқан иттер тамақтанып отырған кісілерден аш көзін алмай телміре қарайды.

— Мұнан былай сәскеде тамақ ішпелік,— деді Мэйлмют Кид,— иттерден де сақтану керек; бағынудан кетіп барады ғой түге, ыңғайы келсе тап беруден де тайынар емес.

— Бір кезде мен методистер қауымына бас болып, жексенбі мектебіне де сабақ, беріп едім-ау!

Әлденеге осы сөзді тосыннан айта салды да, Мэйсон буы бұрқыраған мокасиніне шұқшия қарап, ойланып отырып қалды. Сол кезде Руфь бір кружка кофе ұсынып, ойын бөліп жіберді.

— Құдайға шүкір, тақта шайымыз бар әйтеуір. Мен үйде Теннессиде шайдың қалай өсетінін көрген едім. Шіркін-әй, қазір жүгерінің ыстық шелпегіне не сұраса да берер едім-ау!.. Уайым жеме, азырақ, төзе тұр, Руфь, аштықтан да құтылармыз, мокасин кимейтін күнге де жетерміз әлі.

Бұл сөзді естігенде әйелдің қатыңқы қабағы жадырады, ол ақ нәсілді әміршісіне, өмірінде бірінші рет кездестірген ақ дидарлы аяулысына, әйелге мал немесе жүк артатын жүрдек жануар деп қарауға болмайтынын көрсете білген бірінші ер азаматқа райлана қарады.

— Иә, Руфь,— деді, ері тек екеуі ғана түсінетін тілде сөйлеп,— көп ұзамай біз бұл арадан кетеміз, ақ адамның қайығына отырып, Тұзды суға барамыз. Иә, ол су жаман, ағыны сұрапыл қатты, таудай-таудай толқын біресе шөгеді, біресе аспанға шапшиды. Ой-ой, өзі не деген көп су, не деген ұзақ жол десейші! Он түнеп, жиырма түнеп, қырық түнеп,— түсініктірек болсын дегендей ол саусағын санады,— өте алмайтын бір телегей теңіз, жаман су. Сосын үлкен бір қыстаққа барып жетеміз, онда қисапсыз халық жаздыкүнгі шіркейдей құжынайды. Зәулім қостарының биіктігі, сірә он, жиырма қарағайдың бойындай болар! Эх!

Аузына сөз түспей сәл кідіріп, айтып жіберсейші, дегендей Мэйлмют Кидке қарады, сонан кейін жиырма қарағайды бірінің үстіне бірін тік тұрғызса қаншалықты биік болатынын қолымен ымдап көрсеткен болды. Мэйлмют Кид мысқылдай күлді. Әрі таң-тамаша болып, әрі қуанышы қойнына сыймай отырған Руфьтің екі көзі шарасынан шығып барады. «Ерім әзілдеп отыр ғой»,— деп ойлаған әйел жүрегін алып ұшқан қуанышын баса алмай, іштей мың да бір шүкір айтты.

— Сонан соң... жәшікке отырып алып, пифф деп жүріп береміз.— Түсініктірек болу үшін Мэйсон қолындағы бос кружканы жоғары лақтырып жіберіп, қағып алды да, дауыстап:—Мінекей, пафф! — барып жеттік,— деді.— Шіркін, құдіретті шамандардың, кереметі-әй! Сен Юкон фортына барасың, мен Арктик-Ситиге барам, жиырма бес түнеп жететін жер ол. Екеуінің арасына ұзын арқан тартқан. Бір шетінде сен, бір ұшында мен: «Мен: Алло, Руфь! Халің қалай?» деймін. Сен: «Бұл кім, жұбайым-ау, сенбісің?» — дейсің. Мен: «Иә!» деймін. Сен: «Содам бітіп қалыпты, нан пісіре алмай отырмын», дегенде мен: «Шоландағы ұнның астында ғой, ала қойсайшы барып. Қош бол!» — деймін. Сен содаға әбден кенеліп қаласың. Біреуіміз Юкон фортында, екіншіміз Арктик-Ситиде отырып, кәдімгідей сөйлесеміз. Шаманның, құдіреті күшті емес пе!

Ғажайып ертегідей осы бір әңгімені елти тыңдаған аңқау Руфьтің күлкісіне еркектердің шек-сілесі қатты. Бірақ осы кезде қым-қиғаш таласқан иттердің шуы сонау алыста жатқан ғажап ел жайлы хикаяны бөліп жіберді. Еркектер таласқан төбеттерді ажыратқанша, әйел нәрсенің бәрін итшанаға тиеп, жіппен шандып, байлап та үлгірді.

— Ұмтыл, Көкқасқа! Әй, ұмтыл алға!

Мэйсон шыбыртқысын шарт еткізді, иттер қыңсылап, әбзел қайысты ақырын соза тартып, орнынан қозғала бергенде, ол табаны қарға қатып қалған шананы бұрғымен демеп жіберді. Оған ере екінші шанамен Руфь жүрді, Руфьтің шанасын орнынан қозғап жіберіп, ең соңынан жолға Мэйлмют Кид түсті. Шындаса атан өгізді ұрып жығатын қайраты бар қолапайсыз Кидтің қалжыраған иттерін аққұла ұра беруге дәті бармаушы еді. Иттің сорына мұндайлар аз ғой. Кейде ол жаны ашып, жылап жібере жаздайды.

— Ал, ақсақ-тоқсақтарым, алға! — деді ол күбірлеп, бірақ ауыр шана қалай итерсе де селк етпеді.

Әрең дегенде шана да қозғалды-ау, денесі ұйып қалған иттер озып бара жатқан ұяластарының, ізіне түсіп, қыңсылай-қыңсылай, дірдектеп жүгіре жөнелді.

Әңгіме-сөз тоқтады. Ауыр сапарда әңгіме серік емес қой. Тегі Солтүстікте жол жүру өлмешінің күні-дағы. Біреу алдына түсіп, әдейі жол салып беріп отырса да сол сапардың бір күнін аман-есен өткізген адам үндемеуге разы.

Бәрінен де із салудан ауыр азап жоқ. Жалпақ табан, тоқыма шаңғы аттаған сайын қалың қарға көміліп, омбылайсың да отырасың. Аяғыңды оппадан шығарып алу бір қиямет, сәл тайсаң бәлеге ұшырағаның, әйтеуір қалт-құлт етіп, аяғыңды әрең көтеріп, шаңғының көсіп алған қарын ептеп қағып түсіріп, тағы бір аттайсың. Енді екінші аяғыңды осылайша жарты ярд жоғары көтермек керек. Сөйтіп қалталақтап жүргенде, аяқтағы екі шаңғы шалысып қалып, оппа қарға ұзыннан жалп етпей, өмірінде бірінші рет із салған адам жүз ярдтай жерге барғанда, бәрі бір тынысы бітіп, тырапай асады. Ұзақты күн осылай ит астына бір түспеген жолаушы кешке қуана-қуана қап-құндағына кіріп алып, рахаттанып алаңсыз ұйықтайды; ал Солтүстіктің ұшы-қиыры жоқ қыраулы қар соқпағымен жиырма түнеу жол жүрген кісіге тәңірі де таңырқар еді.

Күн кешкіріп қалған кез. Меңіреу мұнар еңсесін басқан жолаушылар үн-түн жоқ әр қайсысы өз тіршілігімен болып жүр. Адамның өлшеулі ғана өмірі бар екенін әрдайым есіне салып отыру үшін табиғаттың толып жатқан амалы бар ғой: мұхит суларының бірде тасып, бірде қайтып, тынымсыз толқып жатуы, долы дауылдың сұрапылы, жер сілкініп, ел-жұрттың әлек болуы, аспан зеңбіректерінің гүрілі. Miнe соның бәрінен құдіретті, бәрінен қатерлісі — үнсіз-тілсіз Меңіреу мұнар. Айнала аппақ қар, жым-жырт, тым-тырыс, аспан аршыған жездей жап-жалтыр, болмашы дыбыс күнә тәрізді көрінеді, адамның өзінен-өзі құты қашып, өз дауысынан өзі шошиды. Өлі дүниенің тек елес кезген үнсіз, шексіз жазығында жападан-жалғыз тырбаңдап келе жатқан мына өмір дүниесінің жәндігі өзінің өжеттігінен өзі шошынып. тәубеге келеді, бүкіл өмірі қыбырлаған құрттың тіршілігіндей ғана екенін түсінеді. Ойға әлдене шырмалып, күллі әлемнің түпсіз қара тұңғиығы жарық дүниеге жан-түршігерлік бейнемді көрсетсем деп тепсінгендей болады. Адамды өлім үрейі жеңеді, ол тәңіріден де, кең дүниеден де қорқады, қорқынышпен бірге адам өмірді аңсайды, қайтсем ажалдан аман қаламын, қайтсем қайта өмір сүрем, қалайша мәңгі-бақи өлмейтін болам, дейді. Бұл — тарыққан, тар қыспаққа қамалған материяның дәрменсіз дәмесі ғой; міне осы халге жеткенде адам тәңірімен оңаша бетпе-бет кездесіп, тілдеседі.

Күн кешкіріп қалған кез. Өзеннің кілт айналма бұрылысына келгенде Мэйсон төтелеп тұра тартты. Бірақ жарқабаққа шығу қиын екен. Руфь пен Мэйлмют Кид екеулеп қаншама итермелесе де, итшана кейін сырғи берді. Бар күшін салып, бұлар тағы бір ышқынды; аштан қақтығысып жүрген иттер де жанталасты. Аз-аздап жылжи-жылжи ақыры өлдім-талдым дегенде бұлар да қабаққа шықты-ау. Сол кезде көсем ит бұлт етіп, он, жаққа бұра тартқанда итшана Мэйсонның шаңғысына соғылып, ол құлады, иттің де біреуі жығылып, әбзеліне оралды, шана жарға ауып, ит-митімен темен қарай сырғанай жөнелді. Сарт-сұрт шартылдаған шыбыртқы, жаңағы жығылған ит сазайын әбден тартты.

— Ұрма, Мэйсон,— деп Мэйлмют Кид итке ара түсті.— Онсыз да тынысы таусылып, өлесі болған бишараны қинап қайтесің. Тұра тұр, қосарына мынау менің иттерімді жегейік.

Бұл сөзін айтып болғанша сәл кідірген Мэйсон шыбыртқысын зуылдатып тағы үйірді, ұзын шыбыртқы бишара иттің денесіне жыланша оралды. Ұрып жатқаны бағанағы Кармен. Ол безек қағып, қықсылап, тыпырлап, қарға сүңгіп, іра болмағасын серейіп құлай кетті.

Жолаушылар қысылшаң, күйге ұшырады: ит болса өлгелі жатыр, айдалада екі достың шоқырайысып тұрғаны мынау. Руфь екеуіне алма-кезек қарай береді. Мэйлмют Кидтің көзінен кіжіңген кейістік көрінгенімен, сабырлы екен, сыр бермеді. Иттің қасына барып, әбзел қайысын қиып жіберді. Ешкім тіс жарып бір ауыз сөз айтқан жоқ. Иттерін қосар жегіп, өрге шығып алды да, жолаушылар жөніне тартты. Бұлардың артында шоқақтап Кармен кетіп барады. Өз аяғынан жүрген итті атып өлтірмес болар, тіршіліктен үміт үзбе деген, түнейтін жерге аман жетіп алу керек, сол арада іздеген аңшыға бұлан тап келсе, өлімнен ол да бір араша емес пе?

Өз ісіне ішінен өкінсе де, кінасін мойындауға арланған Мэйсон алда келе жатып, қатерге ұшырарын сезбеді. Бұлар ойпат жерге өскен қалың бұтаның арасымен келе жатқан. Жолдан елу футтай жерде зәулім бйік жалғыз қарағай тұр екен. Мэйсонның ажалына қарай сол не заманнан келе жатқан кәрі қарағайдың ақырын тағдыр тап бұлай етерін кім білген.

Мэйсон мокасинінің босаған бауын тартып байламаққа кідірді. Шана тоқтасымен иттер де қар үстіне тым-тырыс жата кетті. Төңірек түнерген үрейлі тыныштық; қақаған аяз бен меңіреу үнсіздік бүкіл әлемді бүрситіп, аузы-мұрнын тұмшалап, тұншықтырып тастағандай. Бір сәтте әлдекім күрсінгендей әуеден тыныс лебі келді; бұлар оны естіген жоқ, сезді, тұнжыраған жапан далада бір қозғалыс екпін пайда болды. Еңсесін басқан қалың қардың салмағын көтере алмай кеудіреп әрең тұрған кәрі байтерек құлап түсті. Сатыр еткен дыбысты естісімен-ақ Мэйсон жалт берем деп бойын жазғанша болмай, ағаш оны иығынан жанша басып, астына ала құлады.

Бәле мен ажал кей-кейде ойламаған жерде аяқ астынан кездесе кетеді ғой, екеуімен де Мэйлмют Кид бетпе-бет талай ұшырасқан! Ол құлаған қарағайдың қыбыры мен дірілі басылмай-ақ әйелге дереу әмір етіп те, өзі көмекке тез ұмтылып та үлгірді. Индей әйел де ақ нәсілді абысындарының көпшілігі тәрізді талып қалған жоқ, көз жасын да босқа бұлаған жоқ. Мэйлмют Кидтің үнін естуі-ақ мұң екен, ағаштың салмағын жеңілдету үшін іле астынан сырық өткізіп жіберіп, бар күшімен демеп тұрып, ерінің ыңырсыған үніне құлақ тікті, Мэйлмют Кид қарағайды балтамен шапқылап жатыр. Зыңғырлаған болат балта үсіген ағаштың тиген жерін қарш етіп ойып түседі. Ұрған сайын Мэйлмют Кид «еһ!» деп ыңқ етеді.

Ақыры, Кид серігінің сүлдесін қар үстіне сұлатып салды. Бірақ жолдасы шеккен ауыр азаптан да торыққан әйелдің жүзіндегі үнсіз, ызалы күйініш, оның екі көзінде алма-кезек арбасқан үміт пен үмітсіздік жанына қатты батқандай. Көп сөз сөйленген жоқ. Солтүстіктің, адамдары бос сөздің пайдасыз екенін, қимылдың баға жетпес артықшылығын ерте түсінеді. Алпыс бес градус үскірік аязда адам қар үстінде ұзақ жатпауы керек. Бұлар итшананың қайысын қиып-қиып жіберіп, Мэйсонды аң терісіне орады, бұтақтан төсеніш жасап, үстіне жатқызды. От та лаулады; Жаңа ғана қазаға себеп болған қарағай енді маздап жанған отын болды. От үстіне кенеттен қалқа жасалды, сонда оттың қызуы төмен тебеді — бұл физиканы табиғаттың өзінен оқыған кісілерге әбден таныс әдіс.

Өлімнің суық құшағында жиі болған адам оның тілін де тез түсінеді. Мэйсонның соры әбден қайнаған екен. Бұл бірден-ақ анық болды. Оң қолы, ортан жілігі сынып, жұлыны үзіліпті; екі аяғының жаны кеткен; ішкі сарайы да cay болмау керек. Тек оқта-текте ыңыранған дыбысы ғана әлі тірі екенін сездіргендей.

Ешқандай үміт жоқ; қолдан келер дауа тағы жоқ. Мейірімсіз түн түнеріп, ақырын төніп келеді. Халқының мінезі қанына сіңген Руфь ымырт қараңғысын үмітсіз, қатыгез қалыппен қарсы алды; Мэйлмют Кидтің қоңырқай тартқан күңгірт жүзіне айқыш-ұйқыш әжім түсті. Қайта ауыр азап шегіп, қиналмаған Мэйсонның өзі болар — ол сандырақтап, қиялында Батыс Теннессиге, Тұманды Заңғар Тауларына барып, балалық шағын басынан кешіріп жатыр. Айдын көлге шомылып, судан жанат аулап немесе қарбыз ұрлап, асыр салған есіл күндерін айтып, өз-өзінен күбірлеп сөйлегенде әлде қашан тосаңсып кеткен құлаққа оңтүстіктің музыка сынды сазды әуені келеді. Руфь үшін бұл күбірлеген жай дыбыс, бірақ Кид бәріне түсінді, әрбір сөзін елтифатпен түшіркене тыңдады, тегі біздің мәдениетті тұрмыс деп жүрген өмірімізден ұзақ жылдар бойы қол үзіп кеткен адам ғана елін осылай аңсайтын болса керек-ті.

Өлім халінде жатқан кісі таңертең тілге келді. Мэйлмют Кид оның сыбырын анық есту үшін еңкейе түсті.

— Тананада ұшырасқанымыз есіңде ме?.. Биыл сең жүргенде төрт жыл толады-ау оған... Ол кезде, рас, әйелімді оншама сүймеуші едім, тек сұлулығына қызыққаным болмаса... Кейін көңіліміз шын жарасып кетті ғой. Бара-бара мүлде жақсы көріп кеттім. Әйелім маған адал қосақ болды, қиын-қыстау кезеңде сүйенішім еді. Біздің кәсібімізбен айналысқан адамға, өзің білесің, оған тең келер жан жоқ... Есіңде ме, оның Бұғы Мүйіз шоң ғалынан өткені, суға бұршақтай жауып тұрған оққа қарамастан жүзіп келіп, екеуімізді шыңнан түсіріп алып еді ғой. Нуклукайтодағы ашаршылық есіңде ме? Бізге тез хабар берем деп асығып, мұз таулар арқылы сүрініп-қабынып әрең жеткенін білесің ғой? Иә, Руфь маған жақсы зайып болды, анау әйелімнен артық еді... Менің мұнан бұрын бір үйленгенімді білуші ме ең? Саған айтып па ем оны?.. Иә, бұрын... үйде, Штатта жүргенде бір рет бағымды сынағам. Соның салдарынан да ғой шатасып, осы жақта жүргенім. Екеуіміз бала жастан тетелес өсіп едік. Неке бұзуға нанымды сылтауы болсыншы дедім де, мен бұл жаққа кетіп қалдым. Бұздырыпты.

Руфьтің жөні бір басқа. Мұндағы шаруамды бітіріп, алдағы жылы елге алып кетем ғой деп жүруші едім. Қазір оны сөз еткеннен не пайда. Бірақ Руфьті тайпасына қайтарма, Кид. Қиыншылық көрер. Өзің ойлап қарашы: төрт жылға жуық бізбен бірге бұршақ, бекон, нан, кептірген жеміс жеп үйренген кісі қайтадан балық пен бұғының етін қорек ете ала ма! Біздің тұрмысымызға үйреніп кеткен кісі ескі өмірге орала қоймас. Қиын ғой. Қамқор бол, Кид... Сен осы өзің... қой, жоқ, сен әйелге жоламайтын жансын, ғой... Сенің бұл жаққа не себеппен келгеніңді біле алмай-ақ кеткенім шығар. Қайырымды бол, тезірек Штаттарға жөнелт. Егер ел-жұртын сағынса, қайтуына көмектескенің лазым.

Бала... ол бізге дәнекер болды, Кид. Еркек бала болар деп үміттенем. Ойлап қарашы, Кид! Өз балам, өзегім ғой. Ол мұнда қалмасын. Егер қыз бала... жоқ, мүмкін емес... Менің ана терілерімді сат: бес мыңдай ақша түсер, Компаниядан тағы сондай алашағым бар. Менің жұмысымды өз шаруаңмен бірге реттегейсің. Заявкамыз сәтті болар деймін... Баланы жақсылап оқыт... әйтеуір, Кид, бұл жаққа келмесін. Бұл жақ ақ адамға мекен болмайды.

Менің шаруам біткен. Кид. Көп болса — үш-төрт күндік қана ғұмырым қалды. Сендер жүре беріңдер. Есіңде болсын: анау менің әйелім, менің балам... Жасаған-ай! Ұл бала болса игі еді! Менің қасымда болмай-ақ қойыңдар. Жүре беруге — бұйырамын. Өлер алдындағы ақырғы сөзімді жықпаңдар!

Үш күнге рұқсат ет!—деп қиылды Мэйлмют − Мүмкін, айығарсың; әлі не болары мәлімсіз ғой.

— Жоқ.

— Үш-ақ күн.

— Кетіңдер!

— Екі күн.

Анау менің әйелім, менің балам, Кид, қолқа салма.

— Бір күн!

— Жоқ! Бұйырамын!

— Бір ғана күн! Азықты үнемдеп жеткізерміз; мүмкін әлі бұғы атып алармын.

— Жоқ!.. Жарайды бір күннен бір минут артпасын. Тағы бір сөз, Кид, мен жалғыз жатып өлмеймін. Бір ғана оқ, мылтықтың құлағын бір-ақ рет бас. Түсіндің бе? Ұмытпа мұны. Есіңе сақта!.. Өз балам — өзегім еді, көре алмай кетіп барам... Руфьті шақыршы. Бақылдасайын... Баланы тапсырып, менің өлгенімді күтпе дейін. әйтпесе саған ермей жүрер. Қош бол, бақыл бол! Кид, тұра тұр... сәл жоғарырақ қазу керек. Сол арадан мен әрдайым қырық центтен алтын жуып алушы едім. Тағы бір сөз, Кид...

Талмаусырап әрең естілген сөзін, өлер алдында тәкаббар көңілі дүниеден қайтқан пенденің сырын естімекке досы еңкейе түсті.

— Ғафу ет... кешір айыбымды... не үшін екенін білемісің... Кармен үшін.

Егіле жылаған әйел мен ерін оңаша қалдырды да Мэйлмют Кид паркасын 1 киіп алып, шаңғысына тұрып, мылтығын асынып алып, орманға кіріп жоқ болды. Солтүстіктің үскірігімен талай-талай арпалысып еді, бірақ бүгінгідей ауыр күйге ұшыраған емес. Ақыл парасатына жүгінсең, ол: таразының бір жағында үш кісінің өмірі, бір жағында бір кісінің өмірі тұр, ол да болса қалтырап, сөнгелі тұр ғой дейді. Сонда да Мэйлмют Кид қобалжыды. Мэйсон бес жылдай біте қайнасқан досы еді, олар бір күндік түнеуде болсын, тұрақты алтын ошағында тұрғанда болсын, өзен-су аралап, ұзақ сапарда жүргенде болсын — өмір-тіршілігі ортақ болды;

1 Парка – қаптал тон.

Аңға шыққанда, ашаршылық көргенде, топан су қаптағанда өлім хаупіне қарсы иін тіресіп бірге тұрды. Айнымас дос болғаны сондай, екеуінің арасында Руфь пайда болғаннан бері бір түрлі қызғаныш сезімі де туған еді. Енді сол берік бауды өз қолымен үзбек керек.

Бір бұлан, тым болмаса жалғыз бұлан кездестіре гөр деп тәңірге қанша жалбарынса да, түк кездеспеді. Босқа арып-ашып, ренжіп, қас қарая қайтып келе жатып еді, иттердің шабаланған, Руфьтің байбалам салған дауысын естіп, аяғын асыға басты.

Жүгірген бойы қасына жүгіріп келсе, индей әйел айналасында бір топ итті балтамен ұрып, қуып жүр. Ашыққан иттер иесіне бағынбай, азыққа ауыз салса керек. Кид те мылтықтың дүмімен келе киілікті. Араны ашылған кәрі құлқын ежелгі тағылық кейпінде келді. Қыран-жапқан ұрыс. Қару жұмсаған айлакер адамға айбат шеккен иттер көздерінен от шашып жүр. Адам мен айуан аянбай арпалысты. Ақыры соққы жеген иттер жапырыла ығысып, оттан аулағырақ барып, әрқайсысы жарасын жалап, аспандағы жұлдыздарға мұңын шаққандай көкке қарап, кезек-кезек ұлыды. Қақтаған балықтың қалғанын иттер ныспы қалдырмай жеп кетіпті. Енді қалған екі жүз мильден астам жолға бес қадақтай ғана ұн бар. Руфь ерінің қасына барды. Мэйлмюд Кид балта тиіп басы жарылған бір итті сойып, жылы күйі етін шауып бөлшектеді. Етін бір сенімді жерге тықты да, терісі мен ішек-қарынын иттерге тастады.

Таң ата тағы әбігер басталды. Өңкей ит дүрліге таласты. Бір кезде бәрі жиылып, әрең жүрген Карменге ауыз салды. Шыбыртұыдан ешбір қаймыққан жоқ. Ырылдап, жер бауырлап жатып алып, талапайға түскен Карменнің не сүйегінен, не терісінен, не жүнінен қылтан қалмағасын барып қана тарасты.

Мэйсон әлі ессіз сандырақ үстінде. Жас шағында Теннессиде бірге өскен жолдастарымен тілдесіп, қызу-қызу сөзге келіп жатыр. Бір жағынан соның күбірін тыңдай жүре Мэйлмюд, Кид жұмысқа кірісті.

Ол қою өскен жас қарағайдың ішіне кіріп ойға алған ісін қапыл-құпыл істеп жүр Руфьтің шамалауынша, ол әлгі кәнігі аңшылардың артық азығымды құну мен ит жеп кетер, деп, ормандағы ағаштардың басына аспалы қойма жасайтыны сияқты бірдеме амалдап жүрген тәрізді. Ол қатар өскен екі жас қарағайдың алып, бұғы терісінен тілген қайыспен жерге тұқылтып байлады. Сонан кейін шыбырқысымен сабалап жүріп,иттерін жекті, Мэйсонды ораған теріден өзге терінің бәрін буып, шанасына тиеді. Мэйсонды қайыспен айнала мықтап шандыды да, оның екі ұшын жаңағы екі қарабайдың басына мықтап байлады. Енді аңшының өткір пышағы жаңағы екі қарағайды жерге иіп байлаған қайысты қиып жіберсе болғаны, байлаулы тұрған адам бейнесін сол екі ағаш әуеге зыр көтеріп кетеді.

Руфь ерінің соңғы тілегін үнсіз тыңдады. Ол байғұсты тіл алуға тәрбиелеудің қажеті де жоқ. Тайпасындағы өзге әйелдер сықылды ол да бұл дүниедегі тірі жанның әміршісі ер адам деп біліп, оның сөзін екі етпеуге қаршадайынан үйренген. Халқының ғұрпында сүю дәстүр болмаса да, Руфь күеуін сүйіп, егіле жылағанда, Кид сабыр сақтады, әлден уақытта сүйемелдеп алда тұрған шанаға алып барып, шаңғысын киюге көмектесті. Әйел су қараңғы адамдай бұрғы ағашын қармалап, шышыртқысын үйіріп, итін айдап жүре жөнелген кезде Кид Мэйсонның жанына келді. Ол ес-түс жоқ, әлсіреп жатыр екен, қасына отырды. Руфь көз ұшынан көрінбей алыстап кеткен соң жолдасының өлімін күтіп, әйтеуір өлетін болған соң тезірек өлсе екен деп от басында аңтарылып, ұзақ отырды.

Мұндай қайғылы халде аппақ даланың меңіреу жарығында жалғыз отыру оңай емес. Мұнан үнсіз тас қараңғылықтың өзі жақсы, ол сені мүсіркеп қалың қара жамылғысымен айнала қымтайды, ал түпсіз-шексіз көк аспанның аясындағы мына Меңіреу мұнардың ызғары тым мейірімсіз.

Бір сағат, екі сағат уақыт өтті – өмірді қия алмай Мэйсон әлі жатыр. Сәске түсте күн көзі көрінбей, тек көк жиектен аспанға қызыл арайын шашыратты да, көп ұзамай сөне қалды. Мэйлмют Кид орнынан тұрды, басқан аяғы кері кетіп, әрең дегенде Мэйсонның қасына барды, жан-жағына қаранды. Меңіреу мұнар әдейі келемеж етіп тұрғандай, өзінен өзі әлденеге шошынып, үрейленді. Бір кезде мылтық гүрс етті; Мэйсон аспан мазарына ырғала көтерілген кезде Мэйлмют Кид те тап осы арадан тез жоғалайын дегендей, иттерін үсті-үстіне сабалап, қаңыраған қарлы даламен сырқырап, жөңки жөнелді.

Аударған Боранбай Омаров



Жүктеу батырмасы 50 секундта ашылады!!!




KZ / Қазақша Әңгімелер жинағы, әңгіме Джек Лондон Меңіреу мұнар туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Джек Лондон Меңіреу мұнар на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке, әңгіме Джек Лондон Меңіреу мұнар туралы ангиме казакша рассказ на казахском рассказ Джек Лондон Меңіреу мұнар на казахском языке ангиме скачать бесплатно қызықты әңгімелер балаларға арналған кызыкты ангимелер балаларга арналган интересные расск, Әңгіме: Джек Лондон | Меңіреу мұнар ғибратты әңгімелер ғибратты әңгімелер вк ғибратты оқиғалар ғибратты сөздер гибратты ангимелер