Әңгіме: Антон Чехов | Хамелеон

Әңгіме:  Антон Чехов | Хамелеон казакша Әңгіме:  Антон Чехов | Хамелеон на казахском языке

Үстіне су жаңа шинель киіп, қолына түйіншек ұстаған полиция надзирателі Очумелов базар алаңын кесіп өтіп жатты. Оған ілесе аяңдап жирен қалабасы келеді, қолында кәмпескеленген тошалағы толы елегі бар. Айнала тым-тырыс..- Алаңда қыбыр еткен жан жоқ... Дүкендер мен кабактардың есіктері жарық дүниеге аранын ашқандай шалқасынан ашылып, тұнжырай қарап қалыпты, олардың маңында, тіпті, қайыршы да жоқ.

— Қауып алғанын қарашы сұмның! Жігіттер, жібермеңдер өзін! Қазір қауып алуға заң жоқ! Ұста! Ә...ә! - деген дауысты Очумеловтің құлағы шалып қалды.

Иттің қыңсылағаны естілді. Жан-жағына қараған Очумелов Пичугин деген көпестің отын қоймасы жағынан үш аяқтап шоқаңдап, артына қарай-қарай қашып бара жатқан бір итті көрді. Оның соңынан бір адам қуып келеді, үстінде крахмалданған шыт көйлек, желбегей салған жилет. Қуып бара жатып ол еңкейе ұмтыла беріп, етпетінен құлай беріп, иттің артқы аяғынан ала түсті. Иттің тағы да қыңсылаған ащы даусы мен адамның "Жіберме!" деген айғайы жарыса шықты. Сөйткенше болмай, дүкендердің есігінен ұйқылы-ояу пішінді біреулер қылтиып шыға-шыға келді, отын сарайының маңына жұртшылық, жеті қат жер астынан шыққандай лезде жинала қалды.

— Сірә, бір жанжал бар ғой деймін, асыл тектім!.. - деді қалабасы.

Очумелов солға қарай қиыс бұрылды да, жиналған тобырға қарай аяңдады. Қойманың қақпасы қасында манағы желбегей жилеткелі адам, оң қолын көкке көтеріп: қан-қан болған саусағын жиналған тобырға көрсетіп тұр екен. Оның шала мас әлпетінде "Енді сенің теріңді сыпыратын болдым, найсап!" деп тұрған кісінің райы бар сияқты, аспанға көтерген саусағының өзі де жеңіс салтанатын сездіргендей болып-ақ тұр. Очумелов бұл адамның он саусағынан өнер тамған зергер Хрюкин екенін тани кетті. Тобырдың қақ ортасында, алдыңғы екі аяғын жерге алшайта тіреп, тұла бойы дірілдеп сарғылт теңбіл жоталы сүйір тұмсық ақ тазы күшік шоқиып отыр, жанжалға жазықты сол болса керек. Күшіктің жасаураған көзінде күйініш пен үрейленгендіктің нышаны бар.

— Не боп жатыр мұнда? - деді Очумелов, тобырды қиып - жарып. - Бұл не? Сен немене саусағыңды?.. Айғайлаған кім?

— Ешкімге тиіспей, өз жөніммен келе жатыр ем, асыл тектім... - деп бастады Хрюкин, жұдырығына жөтеле түсіп, - Митрий Митричпен отын жөнінде... сөйтіп келе жатқанымда мына зәндемі саусағымнан ала түскені... Айыпқа бұйыра көрмеңіз, мен қарекет қып, еңбекпен күн көріп жүрген адаммын... Ұсақ-түйек жұмыс істеймін. Төлесін маған, өйткені бұл саусағымды, бәлки, бір жеті бойы қимылдатудан да қалармын... Асыл тектім, мақұлықтан жәбір-жапа шексін деген заңда жазылмаған... Бүйтіп, көрінгені бір қаба беретін болса, онда, тіпті, жарық дүниеде өмір сүрмегеннің өзі жақсы ғой...

— Ым!.. Жақсы...- деді Очумелов жөтеле түсіп, қасын кере қатулана сөйлеп. - Жақсы... Ит кімдікі? Мен мұны аяқсыз қалдырмаймын! Итті бетімен бос жіберуді көрсетейін мен бұларға! Жарлыққа бағынғысы келмейтін мырзаларды қолға алатын уақыт жетті! Сұмырайдың өзіне тартқызсам, сонда иттің немесе басқа хайуанаттың бейсауат бетімен жіберудің не екенін білер еді, бәлем! Мен оның көрешегін көрсетейін!, - деп қалабасына қарады ол, - мынаның кімнің иті екенін білді, хаттама жасады, мына иттің көзін жою керек. Дереу! Бәлки, өзі құтырған ит шығар... Кімнің иті деймін?

— Бұл генерал Жигаловтың иті болу керек! - деді біреу тобыр ішінен.

— Генерал Жигаловтың иті дейді?.. Ым!.. Елдырин пальтомды шешіп жіберші... Күннің шыжуы - ай! Сірә, жауын жауғалы тұр-ау деймін... Дегенмен, мен өзім бір ғана нәрсенің байыбына бара алмай тұрмын: бұл ит сені қалай қауып ала қойды осы? - деді Очумелов Хрюкинге. - Саусағыңа, сірә, осының бойы жете қойғандай ма? Кіп - кішкентай, ал енді сен болсаң байталдай түрің мынау! Саусағыңды өзің шегемен жарақаттап алып, сонан кейін жала жабайын деген ой келе қалған шығар. Сен сияқтылар... белгілі ғой! Білемін, сендей перілерді!

— Ол бар ғой, асыл тектім, тәлкек қылмақ болып тұмсығына шылым басып алып еді, ал ит ақымақ дейсің бе, ала кеп түсті... Бұл өзі бір содыр адам, асыл тектім!

— Өтірік оның, қыли неме! Көзіңмен көрмеген соң, өтірік айтудың не керегі бар? Жақсы тектімнің өзі ақылды мырза болған соң кімнің өтірік айтып, кімнің шынын айтып тұрғанын ол кісінің өзі де біледі... Егер мен өтірік айтады екем, онда мейлі, бітімші судья соттасын - ақ. Оның заңында айтылған... Осы күнде біреуден біреу артық емес... Менің өзімнің де ағайым жандармда істейді... Білгілерің келсе...

— Қысқартыңдар сөзді!

— Жоқ, бұл генералдікі емес... - деп қалды қалабасы, тереңнен толғағандай түрмен айтты. -Генералдың мұндай иттері жоқ. Оныкі көбінесе аңшыл ит боп келеді...

— Сен оны анық білуші ме едің?

— Анық білемін, жақсы тектім...

— Мен өзім де білемін. Генералдың иттері асыл тұқымды, қадірлі иттер, ал мынаның не екенін жын білсін! Әрі тықыр, әрі ұсқынсыз... барып тұрған жексұрынның өзі... Мұндай итті ұстай ма?! Ақылдарыңа болайын, түге? Осындай ит Петербургте немесе Москвада көріне қалса, қайтетінін білемісіңдер? Заңға қарап жатпай-ақ, әп-сәтте көзін жоя салар еді! Хрюкин, сен жапа шеккен адамсың, бұл істі енді аяқсыз тастама... Үйрету керек! Уақыт жетті...

— Дегенмен, генералдың иті болуы да ықтимал... - деді қалабасы ойындағысын естірте айтып, - Тұмсығында жазулы тұрған ештеңе жоқ... Жуырда соның қорасынан осындай бір итті көрген едім.

— Әлбетте, генералдікі! - деді тобырдың ішінен бір дауыс.

— Ым!.. Пальтомды кигізіп жіберші, Елдырин бауырым... Жел соқты - ау деймін... Түршіктіріп жіберді... Сен өзің бұл итті генералдікіне апар да, барғасын сұрарсың. Мені тауып беріп жіберді дегейсің... Бұдан былай көшеге жібере көрмесін деп айтты де... Мүмкін, қадірлі ит шығар, оған көрінген шошқа бүйтіп тұмсығына шылым баса берсе, онда итті бұзу қиын боп па. Ит деген - нәзік мақұлық қой... Ал сен, есерсоқ, түсір қолыңды! Түртіншек саусағыңды шошайтып тұрып алатын дәнеңе жоқ! Өзің кінәлісің!..

— Генералдың аспазы келе жатыр, содан сұрайық... Ей, Прохор! Бері таман келші, шырақ! Итті қарашы... Сендердікі ме?

— Тапқан екенсің! Бұл сияқты ит бізде өмірі болып көрген емес!

— Тіпті, сұрай беретін де дәнеңесі жоқ! - деді Очумелов. - Бұл - бұралқы ит! Көп сөз ғып жататын түгі жоқ... Бұралқы деген соң бұралқы болғаны... Көзін жойғаннан басқа дәнеңе жоқ.

— Бұл біздікі емес, - деп Прохор сөзін соза түсті. - Бұл - генералдың жуырда келген інісінің иті. Біздің генерал тазыға құштар емес. Ол кісінің бауыры құштар...

— Айтпақшы, ол кісінің бауыры келіп пе еді? Владимир Иваныч па? - деп сұраған Очумеловтің жүзі күлімдеп қоя берді. - Ей, тәңірім - ай! Білсем бұйырмасын! Қонақтап келген екен ғой?

— Қонаққа...

— Ей, тәңірім - ай... Бауырын сағынған екен ғой... Білсем бұйырмасын! Сөйтіп мынау сол кісінің иті екен ғой? Өте қуаныштымын... Ал итті... Жаман ит көрінбейді... алғыр екен... Мынаны саусағынан ала түсіпті! Ха-ха-ха!.. Е, неменеге қалтырайсың? Ыррр... ырр.... Ызаланып тұр найсап... тәйт, оңбаған неме.

Прохор итті шақырып алды да, өзімен бірге отын қоймасынан әрі қарай ертіп жүріп кетті... Топырласқан жұрт Хрюкинді ажуалап, қарқылдап күлісіп жатыр.

— Мен сенің де жайыңды табармын әлі! - деп Очумелов оған сес көрсетті де, шинелін қаусырына түсіп, базар алаңымен аяңдап тарта берді.

Аударған Е.Қойшыбаев



Жүктеу батырмасы 50 секундта ашылады!!!




KZ / Қазақша Әңгімелер жинағы, әңгіме Антон Чехов Хамелеон туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Антон Чехов Хамелеон на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке, әңгіме Антон Чехов Хамелеон туралы ангиме казакша рассказ на казахском рассказ Антон Чехов Хамелеон на казахском языке ангиме скачать бесплатно қызықты әңгімелер балаларға арналған кызыкты ангимелер балаларга арналган интересные рассказы на каз, Әңгіме: Антон Чехов | Хамелеон ғибратты әңгімелер ғибратты әңгімелер вк ғибратты оқиғалар ғибратты сөздер гибратты ангимелер