Шерхан Мұртаза | Сталинмен қоштасу

  Шерхан Мұртаза | Сталинмен қоштасу

Көктемнің келе жатқанын ең алдымен кәдімгі майда құстар сезеді. Шымшықтар шықылықтап, секеңдей бастайды. Бірлі-жарым наурызкөк көрініп қалады. Жәудіреген көздері моншақтай мөлдіреп, адамдармен ықыластана амандасқандай, шымшықтар сияқты секеңдемей, шошаңдамай, жорғалай басып, жаныңа жақындап: — Көктем келді, көзайым болыңыз! — дегендей ишара білдіреді.

Оны көп адамдар түсіне бермейді. Адамдардан құстар тілін білген тек Сүлеймен пайғамбар ғана болған. Ал, бірақ өкінішке орай, адамдардың бәрі Сүлеймен пайғамбар емес.

Ал бүгін кәдімгі шошақай шымшықтар да шықылықтамайды. Наурызкөк те көрінбейді. Шымшықтар мамық жүнін жел қобыратып, бұтақтарда бүрісіп-бүрісіп отыр. Олар да қалың қайғыдан қабырғалары қайысып, қара жамылып қалғандай.

Бүгін Сталинмен қоштасу күні.

Борис Фардзинов екеуміз бірге баруға келістік. Әсіресе бүгін жалғыз-жарым жүру өте қиын. Баратын жеріміз — Колонна залы. Мәскеудің дәл төрінде. Кремльден алыс емес.

Бірақ бүгін метромен жүріп болмайды. Трамвай, троллейбустан қайыр жоқ. Такси жалдауға біз сияқты студенттің қалтасы көтермейді. Бүгін, сірә, такси де жүрмейді.

Жаяу тарттық.

Мәскеудің таңы түнеріп тұрды.

Көшелерде адамдар сеңдей соғысады. Мәскеудің көшелері қыс бойы тоң болып сіресіп жатып, бүгін кенеттен сең жүріп, таудай-таудай тасқын толқындары тулағандай.

Байқасаң, адамдардың бәрі бір бағытқа, шаһардың ортасына беттеген сияқты.

Біз Борис Фардзинов екеуміз сол толқынға душар болып, топан судың бетінде секеңдеген жаңқадаймыз. Көшеге қалай шықтық болды — толқын бізді қақпақылдап, іліп алып кете барды.

Борис Фардзинов менің курстасым. Ұлты — осетин. Солтүстік Кавказдан. Дәлірегі – Солтүстік Осетиядан. Оңтүстік Осетия дейтіні тағы бар. Ол, сірә, Грузияның құрамында.

Рас-өтірігін кім білсін, біреулер сыбырлап, Сталин грузин емес, осетин екен. О баста фамилиясы Джугашвили емес, Джугаев екен деп жүрді.

Осетин дейтін бір-ақ халық. Бірақ екі бөлек. Бір жартысы Грузия құрамында, екінші жартысы — автономиялық республика Россия құрамында. Орталығын бұрын Дзаужикау деуші еді, енді Орджоникидзе дейтін болған.

Орджоникидзе атақты большевик, Сталиннің серігі болған. Кавказда Совет өкіметін орнатар кезде грузин меньшевиктерімен төбелесіп қалып, сонысы үшін кейін Лениннен таяқ жеген.

Мені осы жолы жүр-жүрлеп алып шыққан да осы Борис Фардзинов. Қою қара шашы дүлей ормандай, бойы мен құралпы болғанымен, денесі шомбал, тып-тығыз, нағыз палуан тұлға.

Кеше факультетте шолақ қол декан қаралы митинг өткізгенде, осы Фардзинов дап-дардай болып, көзінің жасын пора-пора қылып жылады. Жанымда тұрған курс парторгы Борис Силкин мені түртіп қалып: — Жыла, жыласаңшы, — деп еңкілдеді.

Бірақ менің көзімнен жас шықпады. Бедірейдім де қалдым. Мылқау сияқтымын.

Анам Айшаның айтуына қарағанда, мен туған әкем Мұртазаның қазасын естірткенде де жыламаппын. Атақты отыз жетінші жылы «халық жауы» атанып, сотталып кеткен әкем Мұртаза шамада 1940 жылы құлақ есітіп, көз көрмеген «Дәлній босток» деген жақта, Зея деген өзеннің бойында, Ну орманда ағаш кесіп жатқанда, үстіне қарағай құлап кетіп, басып қалып, содан ажалы жеткен.

Сол суық хабарды жұрт жиналып келіп, анам Айшаға естіртеді ғой. Бейшара Айша ат беліне түсетін бұрымын тарқатып, қалың қолаң шашын жайып жіберіп, қызыл шырайлы, ай дидарлы бетіне тырнақ салып, жыртып жіберіп, қанатқанда, мен оның бетін сүртіп тұрыппын. Бірақ бедірейіп, көзімнен жас шықпапты.

Жатақханадан құлқын сәріде шығып едік, Колонный залға жетер түріміз жоқ. «Тайфун» дейтін дүлей дауыл болады деуші еді. Сірә, бұл сөз біздің «Топан суы» деген ұғымнан шыққан болар. Баяғыда-баяғыда, Нұх пайғамбар заманында, Алла-тағала о басында күнәсіз жаратылған адамдардың келе-келе әбден бұзылғанын, иманнан жұрдай болғанын көріп, жер дүниені ластан, былапыттан тазартпақ болып, Нұх пайғамбарға пәрмен берген ғой.

— Бір кеме жаса деген. Сол кемеге адамзат, жан-жануар, ұшқан құс, жүгірген аң, күллі өсімдік атаулыдан бір-бір жұптан ең тазасын алып, кемеңе сал деген. Мен жер бетіне топан суын қаптатамын. Сөйтіп жер-дүниені жуып-шайып, былапыттан тазартамын. Сонда осы Нұх пайғамбар, кемемен топан судан аман қалып, топан тартылған жерде кемеңдегі жан-жануарды, адамдарды, ұшқан құс, жүгірген аңды босатып қоя бересің. Солардан таза ұрпақ өсіп-өнеді деген ғой.

Біреулер сол кеме Синат тауының қырқасына тоқтаған дейді. Біреулер Нұх пайғамбардың кемесі Арарат тауында қалған дейді. Ал, енді біздің ата-бабаларымыз Нұх кемесі Қазығұрт тауының басында қалған дейді.

Осы соңғы әфсананы растайтын куә ретінде халық ежелден бері қарай:

Басында Қазығұрттың кеме қалған,

Болмаса кереметі неге қалған?! —

деп жырға қосып, той-томалақ, жиындарда осы әнді әлі күнге дейін айтып келе жатыр.

Мен осыны ойлап болғанша, орасан толқын арт жағымнан соққан кезде Борис Фардзиновтен ажырап қала жаздадым. Артыма бұрылып қарауға мұршам келмей, қолымды созайын десем, өз қолымды өзім босата алмай, ай, енді кеттім-ау, деген кезде палуан осетиннің әлуетті қолы менің иығымнан тартып ұстап қалды.

Енді бір заманда шыңғырған, ыңырсыған дауыстар естіле бастады. Мына қияметтің қыл көпірінде тұрған шақта әйтеуір құлай көрме. Құладың — бітті, қайтып тұру жоқ, қу тіршілікпен қоштаса бер. Топан судың түбінде, мыңдаған тұяқ-табанның астында қаласың! Ұлы көсемнің құрбандығы боласың.

Аспанның жүзі ақ будан көрінбейді. Кешке қарай аяз қысқан соң ауыздан шыққан леп ақ буға айналып, аспан дидарынан адасқан жұрт күннің қай мезгіл екенін де ажырата алмай қалды.

Ажал құрығына ілініп, сансыз аяқ астында қалған адамдардың жан айқайы; әлі табан астына түсе қоймаған, бірақ ары-бері толқынның қатты соққысынан есеңгіреген жүрегі нашарлардың шыңғырғаны; бақырғаны – әлемнің еш шарасыз күйзеліске ұшырағанының анық айғағы еді.

Оның үстіне мұхитқа айналған көшенің қос қапталындағы биік-биік үйлердің төбесінен бажылдаған мысықтардың ащы даусы қосылады. Ол рас, мысықтар орасан қыспаққа түсіп, өкпелері өшіп, жүректері жарылып бара жатқандықтан бажылдамайды. О, олардың бақырысы басқа!

Күн көсемнің өлімі мысықтар үшін — Пішту! Мысықтар оған бола қайғырмайды. Пенделер үшін қайғылы басталған март-наурыз мысықтар үшін махаббат маусымы. Әне, мәселе қайда жатыр.

Адамдар ақырзаман орнағандай күйзеліп, қайғырса, мысықтар махаббат қызығына батып, үйлердің төбесіне шығып алып, ойнақ салып жүр. Мұндайды батыстағы жұрт: «Пир во время чумы» дейді. Яғни «Оба жайлаған жердегі той» дегені ғой.

– Ұста мені, Борис бауырым, мықтап ұста, құлап қалмайын. Құласам – тұрмаймын! Мен құласам мына сұм дүниенің несі кетер дейсің. Ешкімнің де ешнәрсесі кетпейді. Бірақ елдегі жалғыз анам Айшаға обал да! Әне, сол жылайды ғой, соры арылмаған сорлы. Мені Мәскеуге оқуға жібергісі келмек еді, жарықтық. Жылап еді. Мен станцияға, пойызға мінейін деп бара жатқанымда Мұса бригәт атпенен артымнан қуып жетіп: —Қайт, жүгермек, өлейін демесең, қайт! — деп басыма қамшысын үйіріп еді. — Туған жерден шалғай-шалғай айдауда жүріп әкең Мұртазаның сүйегі жат жерде қалғаны аз ба еді?! А? Ана шешеңменен іні-қарындасыңды кім асырайды? А? Олар құдайдан сен өссін, Әулие-Атадағы оқуын бітірсін, содан кейін бізге көмектеседі деп үміттенді. Әулие-Атадағы оқуың бітті, құдайға шүкір. Енді жер түбіндегі Мәскеуде сенің қай нағашың бар еді ?! А?!

Бұл Мұса жарықтық отыз жетінші жылы менің әкем Мұртазамен бірге «халық жауы» болып ұсталып кетіп еді, бір-екі жылдан кейін «көкірек ауру» деп қайтып келді. Енді колхозда бригәт! Билеп жүр.

Бірақ бригәт болса да мен көнбедім.

Енді дәл қазір сол Мұса шалдың тілін алмағаныма, анам Айшаның, қарындасым мен інімнің қасында қалмағаныма өкінгендеймін. Ә дегенде мына теңселіс қақпақыл ойыны сияқты көрінгенмен, бара-бара өршіп, арсыз ажалдың ауылы жақындап қалғандай жан қысылып барады.

Қой, олай бола қоймас деп өзімді өзім жұбатайын десем, айнала жан айқай. Шыңғырып жатыр. Құлап қалған. Жүрегі талған. Амалсыз құлап қалған. Қайта тұруға қауқар жоқ. Құладың, сорлы, қор болдың. Ақырғы әрекеті — шыңғыру. Шыңғырып өлген жаман-ау. Ондайды құдай қаламас.

Баяғыдан қалған аңыз бар: Ыбырайым пайғамбарға Алла-тағала бұйрық етті:

— Ана Ысмайыл деген балаңды бауызда! — деп.

Пайғамбар Алланың айтқанын екі етпес болар. Өзінің Ажар атты тоқалынан туған Ысмайылды шақырып алып:

— Осылай да осылай, Алланың бұйрығы. Орындамасқа амал жоқ, — деп баласын бауыздамақ болып, алқымына пышақ сала бергенде, Алладан бұйрық келді:

— Баланы босат. Орнына көк қошқар сой! — деді.

Пышаққа түскен көк қошқар сонда дыбыс шығарған жоқ, жануар.

Ал мыналар шыңғырады, бақырады, байғұстар.

Сөйткен Ысмайылдан жарты әлемді жайлаған араб жұрты тарады.

Осындайда кеудеңде бір сұрақ қалады. Бұлай ойлаудың өзі пендешілік, күнәкарлық болуы да мүмкін. Әйтпесе сол Ыбырайым пайғамбардың бәйбішесі Сарадан туған Ысырайыл бар емес пе еді?

Алла-тағала құрбандыққа неге Ысырайылды қаламай, неге Ысмайылды таңдады? Жауабы жоқ сұрақ. Ысырайылдан еврей әулеті тарады.

Е, байғұс, баяғы-баяғыда өтіп кеткен ұлы әруақтарда нең бар? Онан да мына мың болғыр осетин жігіті Борис Фардзиновтың жуан белдігінен мықтап ұста! Табанға түсіп қалмас үшін. Алыста, Талас Алатауының бауырында сенің амандығыңды құдайдан күндіз-түні тілеп жүрген анаң Айшаны аңыратпас үшін.

— Убери руки! Тарт қолыңды, оңбаған! — деп айқайлайды қатарымызда ары-бері теңселіп жүрген жуан әйел.

Бұл енді өзі өртеніп жатқан үйдің отына қойдың басын үйтіп алмақшы болған адамның әрекетіне ұқсайды. Жуан әйелдің қалтасына, әлде бір ұятты жеріне қол сұққан сұмырай мына ақырзаман кезінде де сұмпайылығын істеп жүр.

Ал биік үйлердің төбесіндегі мысықтардың бажылдаған, бақырған дауыстары өршімесе, тиылар емес. Мысықтардың махаббат маусымы. Бұл өзі Жаратылыс белгілеп берген қысқа мерзім. Осы мерзімде ойна да күл. Содан кейін сап тиыл! Адамдар сияқты жыл он екі ай: қыс демей, жаз демей, көктем демей, күз демей, күндіз демей, түн демей адамдар сияқты аймаласып, айқаса берме! Махаббат сымақ батпаққа бата берме!

Жалпы, мысыққа көзқарас әр елде әр түрлі. Батыста алдынан мысық өтіп кеткен адам: «Жолым болмайтын болды-ау», деп көңіліне алады.

Ал біздің Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с) ұзын түйе жүн шекпенінің етегінде жатып ұйықтап қалған мысықты оятпай-ақ, шекпенінің мысық жатқан жерін қайшымен қиып тастап, түрегеліп, намазға тұрған ғой. Мысықтың әлдеқандай қасиеті болмаса, пайғамбар сөйте ме?

Осы мен қателеспесем, мысықтың бейнесін бұдан бес мың жыл бұрын өтіп кеткен перғауындардың пирамидаларына өмірі өшпестей етіп суреттерін салып тастаған дейді. Неге?

Мен осындай оймен әлек боп жүргенде, Борис Фардзинов мені оңға қарай ойыстырып, қолымнан тартып, жағалау жаққа бір сүйем, сынық сүйемнен жақындай берді. Шетке жете бергенде долы толқын қайтадан көшенің ортасына қарай лақтырып жібереді.

Әне сонда шын үрей бойды билей бастады. Бұл адам — айуан тұтқынынан құтыла алмастай әсер шырмап алды.

Бұдан гөрі тас түрме тәуір шығар. Мына адамдар абақтысы сені тыныш тұрғызбай жан-жағыңа аяусыз лақтырады. Әр лақтырған сайын қабырғаларың күйреп кете жаздайды.

Менің осы уақытқа дейін құлап қалмай, табан астында тапталмай, сүлдемді сүйретіп, ары-бері әткеншек тепкендей, сеңмен бірге серпіліп қалып жүргенім, бала кезімнен еріксіз шыныққанымнан шығар. Әкей алысқа айдалып кетіп, жат өлкеде жер жастанып қалғаннан кейін, мені Тасбет бригәт тоғыз жасымнан қамшының астына алып, жұмысқа салған жоқ па?

Бір жамандықтың бір жақсылығы бар, егер еңбекте шыңдалмаған шынжау болсам, мына жерде әлдеқашан сүйегім шашылып қалатын еді. Әрі десе Құдай мені осетин Борис Фардзиновқа жолдас қылғанын көрмейсің бе. Ол болмаса, мен мына дүлей қыспаққа шыдай алмай, құлап қалуым әбден мүмкін еді. Алла-тағала алыстағы Айшаны аяған шығар...

Мысықтар баж-баж ете қалады. Оларға мына түксиген биік үйлердің төбесінен төмендегі мың-мың, а бәлкім, миллион адамдардың күңіренген күрсінісі, жан айқайы, шырқырап шыңғырғаны ешқандай әсер етпейтін сияқты. Олар өз шаруасымен әуре.

Ал адамдар баяғы-баяғыдағы Вавилон (Бабыл) аласапыранындағы сияқты бірін-бірі түсінбегендіктен алдыңғы жағы тұйықталып, артқы жағы мұхиттың лоқсығанындай күшене итеріп, жарға соққан толқын кейін шегініп, адамдарды суша сапырғанда, пенделердің бір ақылға келмеуі, бірін-бірі ұқпауы — мылқау сұмдыққа айналды.

Баяғы-баяғыда Бабыл тұрғындары Күнге дейін мұнара тұрғызбақшы болыпты ғой. Сан түрлі тілде сөйлейтін, бірінің тілін екіншісі ұқпайтын, сан тараптан жиналған тобыр екен. Мұнара биіктей беріпті, биіктей беріпті. Ақыры адамдар бірін-бірі түсінбегеннің кесірінен есіл еңбек еш болып, зая кетіпті.

Мынау да соның бір түрі не көшедегі адамдардың алдын қатар-қатар автобустармен бөгеп тастамай, тас тоған салмай, жолды ашу керек. Не арттан адамдардың ағылған лек-легі тежелу керек. Ап-анық нәрсе. Бірақ адамдар біле тұра бүлінді.

Құдай төтеннен ешқандай кесепат жіберген жоқ. Найзағай шашыраған жоқ. Жер сілкінген жоқ. Таулар теңселіп, сел тасқын қаптаған жоқ.

Адамдардың бірін-бірі түсінбеген мақаулығынан енді бірін-бірі жаншып, бірін-бірі таптап, өзіне-өзі ақырзаман тілеп алды.

Рас, Сталин қайтыс болды. Ол да Құдайдан кем емес деп жүрсек, кәдімгідей пенде екен, ажал жетті, өлді.

Ал, енді соған бола, соның жолында мына жерде жүздеген адамның аяқ астында қалып, тапталатын не жөні бар? Үйінде отырып та қайғыруға болады.

Баяғы-баяғы бір адамзаттың әлі де тағылау кезінде патша өлсе, оның жанына құлы мен күңін, қару-жарақ, ереуіл атын бірге көметін салт бар екен. Ол заманның патшалары нысапты екен ғой. Ал, мына Сталиннің жолында жүздегендер құрбан болып барады.

Жарықтық, өлгенде де құрбандыққа тояр емес. Ал, тірісінде ше? О! Тірісінде оның жолына құрбандыққа мына қазіргідей шынжау, әлсіз, жабырқаулар емес, тірісінде оның жолында құрбандыққа кілең марқасқалар, кілең ай мүйізді арқалар шалынды емес пе?! «Халық жаулары»!

Бір кезде өте пәрменді қатты толқын бізді алға қарай емес, оң жақ қапталға қарай лақтырып жіберді. Бұл енді құдайдың бізге он көзі түскенінің нышаны ма деп ішім жылып қалды. Өйткені бұл сұрапыл ағысты өзеннің бір қолтық-қойнауы сияқты дер екен. Бізді қайтып қатты ағыстың арнасына тартқан жоқ.

Қалтарыста қалып қойдық.

— Енді өлмейміз, — деді ақкөңіл Борис Фардзинов.

— Құдай біледі де, — деймін әлі тозақтан шыққанымызға сеніңкіремей.

Жон арқамыз қарақошқыл кірпіштен қаланған қабырғаға тірелді. «Бізді сақтай гөр» демесем де, соған ұқсас іштей бір тілекпен әлгі кіршеңдеу кірпіш қабырғаны алақаныммен сипап қойдым.

Әйтеуір аз жасамаған. Бәлкім, Иван Грозныйдың заманынан бері тұрған қабырға шығар. Бәлкім, бұл түрменің қабырғасы ма? Өте көне көрінеді, кіршең. Кім біледі, Иван Грозный баяғыда Қазанды алғанда, Қазанның Сүйімбике есімді қатын патшасын тұтқындап Мәскеуге алып кеткенде, осы абақтының ішіне әкеліп қамады ма — қайдан білейік. Қай-қайдағы ойға келеді. Жаңа ғана көпе-көрнеу ажалмен арпалысқан сияқты едім, енді қайдағы-жайдағы тарих есіме түсе береді.

Бұған да шүкір. Бұл тірі екеніңнің белгісі.

Арада бір апта өткенде ауылдан хат келді. Хат жазған жалғыз қарындасым мен жалғыз інім ғой.

«Апам (Айшаны айтады автор) жеті шелпек пісіріп, құдайы нан таратты. Түс көріпті. Түсінде сен шексіз-шетсіз теңізде малтып жүр екенсің.

— Жағалауға шық, — деп сені шақырыпты.

Сен:

— Жәкеме бара жатырмын депсің. (Мұртазаны айтады автор.)

Апам:

— Жәкең алыста ғой, жете алмайсың, жағаға қайт, — деп айқайлапты. Сөйтіп жатып оянып кетіпті. Ертесіне апам жеті шелпек пісіріп, құдайы нан үлестірді балаларға», — деп жазыпты.

Хатты оқып, көз алдыма анам Айша, қарындасым мен інім келді. Ауылды қатты сағынғанымды сонда сездім. Оқуды тастап кетсем бе екен дедім.

Алыста, алыста, Талас Алатауының бауырында, Мыңбұлақта жатқан ауылымды сағынып, тамағыма бір түйін тығылып, жылағым келді.

Сталин қайтыс болғанда қасарысып шықпаған жас, енді көзімнен парлап ақты. Тия алсамшы...

Елімнің бір жайлауы — Құрымбай саз,
Жайлаған айы сай жазға сарыала қаз.
Шолпандай таң алдында туып-батқан,
Қайтейін, о дүние, ғұмырым аз!
(О. Бөкей)



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
» қазақ тілі тестілеуде_келген_сұрақтар_зерттеуші
» Наурыз мейрамы Қазақстанда жаңа форматта тойланады