Асқар Тоқмағамбетов - Жыртық үйде тамшы ойнайды

Асқар Тоқмағамбетов - Жыртық үйде тамшы ойнайды казакша Асқар Тоқмағамбетов - Жыртық үйде тамшы ойнайды на казахском языке


Қ. қаласының "мейманханасы" дейміз бе, әлде "қонақ үйі" деп атаймыз ба? Онда тұрған әңгіме жоқ, әйтеуір екеуінің бірі. Әңгіме, осы қонақ үйдің қонақтарына жасаған меймандостығы, күтуі, тазалығы, тәртібі жайында болса дейміз.
"Бауырсақ жауған күні" деп Қожанасыр айтқандай, кеше ғана бірінші рет жаңбыр жауған күні, осы қонақ үйдің үстінде тамшы ойнады.
Қонақ үйдің есігінен кіре бергенде N2 бөлмесі бар. Бұл бөлмеде жататындардың саны төртеу. Күн кеш еді.

Қонақтың бірі көсіліп,
Енді бірі шешініп,
Жатқаны сол... жаңбырмен
Үй төбесі тесіліп,

Тамшы кетті сорғалап,
Қонақтар судан қорғалап,
Ілінгенін сүйретіп,
Еңбектеп жүр жорғалап.
Суды бірі кешіп жүр.
Бірі "ескекті" есіп жүр.
Бірі үйрекше "сүңгіп " жүр,
Сөйтіп жүріп қонақтар,
Тауып жыртық шелекті,
Аққан суды тасып жүр,
Айғызданған бет-аузын,
Ұялғаннан басып жүр.
Дежурный жүр шырқырап.
Өзі - өзінен бұрқырап:
"Осы тамшы ағып еді...
Биыл емес, былтыр - ақ.
Онда да бір қым-қиғаш
Түні бойы дірдектеп,
Төсектерін сүйреп кеп,
Сыртқа қарай қашып еді.
Жүкті осындай тасып ек.
Биыл тағы тамшылап,
Күз басынан қамшылап,
Айтып-ақ тұр мінеки,
Өшірген жоқ ескі күй".

Өйткені, директордың өз үйі құрғақ. Онан ағып жатқан су, тамып жатқан тамшы жоқ. Айлығын алады, қалтаға салады... Ал, қонақ үйдің төбесі ұмытылып қалады. Ішіндегі қонақтары "қос - қолаң" арқалап, түн ішінде тамшыдан қамшы жеп, жыртық шелекпен жыртық үйдің суын тасып әуре сарсаң болады. Бұлар кімге айтады?

Біреуі үйрек, бірі қаз,
Бөлме толған сулы саз...
Қонақтардың "малтып " жүр,
Киімдері "қалқып " жүр
Соны көзбен көріңіз,
Мықтап көңіл бөліңіз,
Мықтап көңіл бөлмесең,
Қонақ үйдің қонағы,
Қайда барып қонады?
Қонақ тыныш ұйықтайтын,
Тамшы қуып шықпайтын,
Жайлы үй "қашан болады?




KZ » Қазақша Әңгімелер & Мақалалар жинағы, үйдің, қонақ, дейміз, жауған, тамшы, Қонақ, тасып, жыртық, қаласының, бөлмесі, ойнады, есігінен, бергенде, көңіл, бөлмеде, төбесі, жаңбыр, Мықтап, болады, мейманханасы, үйдің, қонақ, дейміз, жауған, тамшы, Қонақ, тасып, жыртық, қаласының, бөлмесі, ойнады, есігінен, бергенде, көңіл, бөлмеде, төбесі, жаңбыр, Мықтап, болады, мейманханасы, Асқар Тоқмағамбетов - Жыртық үйде тамшы ойнайды ғибратты әңгімелер ғибратты әңгімелер вк ғибратты оқиғалар ғибратты сөздер гибратты ангимелер