Бір үзік сыр

 Бір үзік сыр

Сисен Салтанат
10-сынып, №21 орта мектеп Жаңаөзен қаласы
Жетекшісі: Төлеген Қ.

Демім ішіме сыймай, жүгіріп, табалдырықтан аттаған бойы үйдің тыныштығына көзім жетті. Сықырлап басқан әрбір қадамым күнде көретін, қабырғада ілініп тұрған, көздерінде терең мағына жатқан, әкемнің көздерінен аумайтын суретке бүгін де көзім түсіп, қасына еріксіз жақындадым. Атам болатын. Мойнына асылып, иіскеп-иіскеп сүйіп, арқасына жүгіріп барып құшақтап, дауысын өз аузынан естімесем де, оны қатты жақсы көретінмін. Бір-ақ сурет. Мауқымды басатын. Әкем мен анамнан естіген ең әдемі, керемет сөз - «атаңа ұқсайсың» деген сөз. Әкеме келіп: «Атам қайда? Неге ол бізбен бірге емес? Неге мен атамды көрген емеспін?» деген мыңдаған сұрақтарыма естіген жауабым «Ол да сені жақсы көреді. Атаң өте алыста» деген бір ауыз сөз болатын. Мүмкін мені аузынан сүті кетпеген сәби көрді ме, әлде кішкентай кеудемдегі үп-үлкен жүрегімді жаралағысы келген жоқ па, әйтеуір сөздері ащы емес еді. Бірақ сөздері алдаса да, көз алдамайды ғой. Сұрақтарыма жауап тым кеш, қолыма жырым-жырым, беттері санаулы ғана, сарғайып, тозып кеткен, құдды бір отқа кіріп шыққандай дәптер мен бір уыс хаттарды ұстаған кезде айтылды.
Жасым отыздың жартысына келгенде ғана әкем менімен ересек адамдарша сөйлесе бастады. Жүрегім қас айырылғандай болды. Дәптерді құшақтаған күйі бөлмеме жүгіріп келіп, үстелдің астына кіріп, беттерді сабырсыздана ақтара бастадым. Атамның иісі. Бауырыма басып, қатты-қатты құшақтап алдым. «...Бұл күнделігімді соғыста емес, қуанышты күндерде арнағым келген. Бірақ армандар үнемі орындала бермейді ғой» деп басталған сәттен көздерім жасқа шомылып, шарасыз айдынынан аса бастады. «Шаңырақ аман ба?» деп басталған хатынан «Апатайым! Сізге деген сағынышымнан қолымдағы қаламым мені еріксіз тауып алғандай. Шөпілдетіп сүйген маңдайымдағы сіздің иісіңіз - маған азық. Мен аманмын. Мені ойлап уайымдамаңыздар. Алла сізді, жарымды, ішіндегі құлынымды сақтасын! Өздеріңіздің жылы-жылы хаттарыңызбен мені мына суықта қорғаңыздар. 17 сәуір, 1943 жыл»
Жүрегім қырық бөлшекке бөлініп кеткендей. «Күздің қара суығы мен аспанның қарасы мені жалғыз қайың ағашындай тастап кетіп барады. Қорғанынан айырылған қамал іспетті жападан жалғыз қалып бара жатырмын. Бауырларымның өмірін жалмаған мына күндер мені де бір күн ала кетсе, мені сарғайып тосып отырған анашымның жүрегі қас айырыла ма деген қорқыныш алдыға қарай сүйрейді. Алға қарай жүрген сайын балапаным жүгіріп келетіндей. «Әкетайым» деген жүрегімдегі дауысы мына соғыстың үнін бір мезет өшіретіндей болады...» Күнделіктің соңғы, бір үзім жапырағы. Қорқыныш оны жападан жалғыз айдалада тастады да кетті. Әттең, уақытты артқа шегергенде, сол мезетке оралып, көздерінің жасын сүртіп, құшақтап тұрып, құлыншағының даусын салып, «армандар орындалады» дер едім...
Атам Отан үшін, өз анасы мен жарының, ұрпағының амандығы үшін өзінің өр кеудесін оққа тосты. Жат жердің топырағы бұйырса да, туған жер мен ел алдындағы парызын өтеп, абыроймен көз жұмды. Өз көзімен көрмесе де, іште қалған құлынының жарық дүние есігін ашып, ер жеткенін, өмірінің жалғасы - немерелерінің өзі туралы естеліктерді оқып, атасын сағынатынын, ерлігіне тағзым ететінін сезіп жатқан болар. Артыңда қалған ұрпағыңды желеп-жебей гөр, АТА! Ананы зар жылатқан, асыл жарды жесір еткен, балапандарды жетімсіреткен қаралы күндер артта қалды. Алла бізге аспанын қара бұлт торламаған, жаймашуақ, егеменді елде өмір сүруге мүмкіндік беруде. Кез келген елдің бағына бұйырмаған осындай бейбіт өмірді сыйлаған ержүрек батырларымызға, ата-әжелерімізге мың тағзым!


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?