Ұлттық рухтың қайнары- патриоттық сезім, тұғырлы тарихпен мемлекеттік рәміздер

 Ұлттық рухтың қайнары- патриоттық сезім, тұғырлы тарихпен мемлекеттік рәміздер

Алиева Айгерім
11 сынып, №37 мектеп
Жетекшісі: Алиева Г.Ш.

«Патриот - Отанға қызмет етуші адам,ал Отан дегеніміз,ең алдымен,
халық». Бұл кемелді пікірді данқты бабамыз,ел қорғаны Бауыржан Момышұлы айтқан екен. Шынымен де,Отанға қызмет ету,оны сүйіп,ардақтау Қазақстан Республикасында туған әр азаматтың ел алдындағы парызы мен азаматтығының белгісі.
Қазіргі таңда біз ата-салтымызды,рухани құндылық пен сан ғасырлық тарихымызды сақтап қалған кемелді,зайырлы мемлекетпіз.Тұғыры биік тәуелсіздігімізге қол жеткізгеннен кейін,осы аз ғана жиырма жылдың ішінде еңсемізді тік көтеріп,мемлекеттігімізді мақтан тұтып,тарих сахнасына беделді қазақ халқын таныттық. Әрине,осындай биік дәрежеге жетіп,елдігімізді сақтап қалу,сонау заманғы ата -бабаларымыздың ақ батасының арқасы. Тарихқа көз жүгіртсек,нендей қилы заман,ауыр жылдар «Алаш» халқының үстіне қара бұлт төңдірді. Алайда,елдігімізге қол сұққан әрбір жаудың бетін қайтарған қазақ елінің биік қорғандары,қайсар азаматтары,ойшыл бабалары тарих бетінде алтын жазумен саптаулы. Оларға осындай ауыртпалықтар мен қиындықтарды жеңуге қандай күш жетек етті десек,оның бір ғана жауабы бар.
Ол – ұлтымыздың берік нышаны болып саналатын патриоттық сезім. Қолдарына найза алып,ел қорғаған,жер қорғаған әр батырдың жүрегінде ұлы сезім-Отанға деген сүйіспеншілік және сол Отанға қызмет ету болды. Қазақ халқының тәуелсіздік идеясы ,ұлттық бірегейлік және территориялық тұтастық секілді құндылықтары Ұлы даланың ұлы перзенттеріне айналған Абылай ханның,Тәуке ханның және Қасым ханның есімдерімен байланысты. Өйткені, біздің ел ұлтқа ұста болған хандардан,ел қорғаған батырлардан,кемелді билерден кенде болмаған. Осындай тұлғалар қазақ елін саяси ,әлеуметтік жағынан әлеуеті шектеулі,демографиялық жағынан халқының аз болғанына қарамастан, Ресей мен Қытай секілді алпауыт көршілерінің отарлауынан сақтауға,іргелес жатқан Орта Азиялық билеушілердің басынуынан қорғауға,ата жауы жоңғарларды талқандауға баға жетпес үлес қосты. Ұлттық езгіге ұшыраған қазақ халқы,осындай алмағайып заманда өз елдігін сақтап қалды. Осындай дүбірлі тұлғалар өз дәуіріндегі ұлы жүкті қайыспай көтеріп,ел,болашақ алдыңдағы перзенттік парызын атқарып кетті. Енді осы теңдікті сақтауда біздің үлесіміз өте зор болуы тиіс.
Бұрынғы жаугершілік заманмен ,қазіргі заманды салыстыра келсек,біздің бақытты халық екенімізге көз жеткіземіз. Өйткені,біздің тәуелсіздігімізге қол сұғатын жауларымыз жоқ. Болашағымыз жарық,елдігіміз қорғаулы. Дегенмен де, біздің қазіргі заманда күресетін жаңа бағытымыз – болашақ жастарға ұлттық рух пен патриоттық сезімді дәріптеу. Оларға Ата заңымызды, тұғырлы Туымызды, еңселі Елтаңбамызды, айбатты Әнұранымызды, сан ғасырлық тарихымызды құрметтеуге үйрету.Елдігіміздің негізі тарихи танымның тереңдігі мен ақиқаттылығында екенін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде атап көрсеткен болатын.Осы ойды ескере отырып,әрине Елбасымен келіспеуге болмайды.Шынымен де, «Тарихсыз халық-тамырсыз бәйтерек» деген сөз бар емес пе! Менің ойымша тарихтың тағылымын тереңнен білу керек.Сол мақсатта қазіргі таңда тарих жөнінде көптеген конференциялар мен жарыстар өткізілуде.Менде сондай бір шараға қатысқан едім. Ол 2013 жылы өткізілген “Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы” Заңының 15-жылдығына орай тарихты сақтау,еркін елдің ертеңгі болашағын тәрбиелеу,жас ұрпақтың бойына халқымыздың асыл қасиеттерін қалыптастыру мақсатында Астана қаласының орта мектептерінің оқушылары арасында өткізілген “Мұрағаттар туралы шығарма-эссе” конкурсы еді. Әрине, бұл сайысқа көптеген мектеп оқушылары қатысты . Бұл өткізілген шара жастардың бойында ұлттық сезімнің қалыптасуына көп септігін тигізгені сөзсіз.Бұл сайыста жастардың қазақ халқының тарихы мен мұрағаты туралы өз пікірлерін білдіруге мүмкіндік берілді. Осыны ескере келе, менде Ұлттық мұрағатты сақтауда өз пікірімді білдірген болатынмын.
Енді міне, тағы да менің тарих,патриоттық сезім,қазақ халқының рәміздері туралы сөз шертуіме үлкен мүмкіндік туды.
Ендігі кезекте айта кетерлік жайт қоғам мәселесі. Біздің бәріміз де өзіміздің бабаларымыз,немерелеріміз бен шөберелеріміз бейбіт жағдайда, салауатты ортада,басқа халықтармен келісімде, соғыс пен жоқшылықты білместен өмір сүруін қалаймыз.Бұл үшін ең алдымен дәстүрлі-ұлттық қағидаттарды,өшпес өзектілікті сақтау керек.Ең бірінші қоғамның жайы ескерілу керек.Әрине,біздің ортада “Мен қазақпын”деп кеуде соғарлық,бойында асқан патриотизмнің нышаны бар азаматтар жеткілікті.Олардың ұстанған бағыты мен қоғамның өрлеуіне өз үлестерін қосып жүргендері жетерлік, әрі бізге таныс.Осыған қарамастан,ел ішінде өз тілі мен тарихынан толық хабардары жоқ, қазақтың жалпақ тілімен айтқанда “шала қазақ” атанып жүргендер де баршылық.Осындай азаматтарды көрген кезде көбінесе таңырқап немесе ашуға бой алдырамыз.Дегенмен, жүрегінде иманы бар әр азамат осындай өрескелдікті жоюға атсалысады.Көптеген қалаларда қазақ тілін үйретуге байланысты мекемелер өз жұмыстарын атқарып жатыр. Қазақта “Жұмыла көтерген жүк жеңіл”деген сөз бар емес пе.Сондықтан да болашақ жастардың осыған ат салысуы үлкен жеміс әкелер еді.Тарих пәні бойынша жұмыстар өз кезегінде көптеген мәселелерді атқарып келеді.Менің естуімше 2013жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде он үшінші факультет, тарих факультеті ашылған екен.Бұл факультеттің ашылу салтанатына көптеген қоғам қайраткерлері қатысқан.Осы іс-шара аясында тарих факультеті жанындағы “Бәйтерек” танымдық клубының тұсауы кесіліп, тарих ғалымдарының көрмесі ұйымдастырылды.Осындай жемісті жұмыстардың баршасы болашақ жастардың бойына рухани байлық пен қоса, патриоттық сезімді,ұлтына деген мақтанышты қалыптастырары белгілі.Сонымен қоса, ертеңгі жастардың тарих пәні бойынша үлкен мамандық иесі атануына зор ықпал етеді.
Менің ойымша ұлттық рухты көркейтіп,кемеліне жеткізетін үш нәрсе бар. Олар: жоғарыда айтылып кеткен тағылымды тарих, патриоттық сезім, мемлекеттік рәміздер. Өйткені,бұл мемлекет нышандары тікелей қазақ халқының өткенімен,қазақ халқының бүгінімен және де қазақ халқының ертеңімен байланысты. Біздің білім алуымыз бен тарихымызды білуге қоса Ұлттық рәміздерімізді қастерлеп, қадірлеу қажет.Өйткені, кез келген мемлекетте биліктің сыртқы рәсімі болып оның символдары саналады.Бұл-мемлекеттік ту,елтаңба және мөр екені белгілі.Осы символдар арқылы мемлекет әлемдік қауымдастыққа өзінің ұлттық-мәдени тұтастығын,идеялық құндылықтарын,ішкі және сыртқы мақсаттарын білдіреді.Біздің қуанышымызға орай осы символдардың мән-маңызы,сипаттық белгілерінің тарихи тамыры тереңде жатыр. Осыған тереңнен үңіліп қарар болсақ ,Қазақстан территориясында өмір сүрген байырғы тайпалық одақтармен мемлекеттер байрақтарының тарихи сабақтастығын Қазақстан Республикасының мемлекеттік байрағынан көре аламыз.Мемлекеттік байрақтағы нұрға малынған алтын күн тыныштық пен байлықты бейнелейді.Күн-қозғалыс, даму,өсіп-өркендеудің және өмірдің белгісі. А.Тоқтабай өзінің мақаласында: “Ертедегі скиф -сақтардан бастап біздің арғы ата-бабаларымыз күнге табынған. Күнге арнап “Көңілім де ақ,ниетім де ақ” деп, құрбандыққа ақ боз жылқыларды шалған” дейді. Бұл-ежелгі сақтардағы Күнге табынуымен ұштасып жатыр.Мемлекеттік ту көгілдір түсті тік бұрышты кескіндеме,оның ортасында 32арайлы күн,күннің астында қалықтаған қыран бейнеленген.Мемлекеттік тудағы көгілдір реңкі адалдық,сенімділік,үміт сияқты адамгершілік қасиеттерге сай келеді.Түркі және әлемнің өзге де халықтарындағы көк түстің мәдени-символикалық тарихына сүйене отырып,мемлекеттік байрақтағы көгілдір түс Қазақстан халқының жаңа мемлекеттікке ұмтылған ниет-тілегінің тазалығын, асқақтығын көрсетеді деп қорытуға болады.
Елтаңба-бүкіл әлем мойындаған мемлекеттіліктің ерекше нышаны. “Герб” термині неміс тілінен аударғанда “мұра” немесе “енші” мағынасын білдіреді және мемлекетті айрықшалайтын белгі болып табылады.Мемлекеттік елтаңба бейнесіндегі қолданылған басты түс-алтын түсті болып табылады,ол байлықтың, әділеттіліктің және қайырымдылықтың символы екенін көрсетеді.
Мемлекетіміздің келесі белгісі-Қазақстан Републикасының Әнұраны. Әнұран шумақтарында ғасырлар бойы тәуелсіздік үшін күрескен бабалар ерлігі ,сол ата-бабалардан қалған асыл мұрамыз-жеріміздің кең байтақтығы,еліміз бен жеріміздің байлығы біздің ұрпақтарымыздың болашағына жарқын жол ашатыны және біздің тәуелсіздігіміздің алтын діңгегі болып табылады.
Осы айтылғандарды қорытындылай келе, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінен қазақ жеріндегі ертедегі халықтар символдарының тарихи сабақтастығын көре аламыз деп толық сеніммен айтуға болады. Қазір де мемлекетіміздің рәміздері әрбір мекеменің, әрбір оқу орындарында тұғырлы биігінде самғап тұр.Біздің туымыз жүрегінде патриоттық сезімі бар әр азаматтың қолында талай көрінген болатын.Бұрынғы жаугершілік заманда батырларымыздың жеңісі болғанда сан рет аспанда қалықтаған еңселі туымыз қазіргі болашақ жастардың қолында.Алдыңғы жылы Лондонда болған олимпиада кезінде туымыз сан рет биікке көтеріліп,әнұранымыз жүрегімізді жылытқан еді. Көптеген халықтардың алдында Қазақстан есімі аталып,мерейіміз асқақтаған еді. Сол кезде мемлекет еншісіне жеті алтын салған намыскер спортшылармыз елдігімізді биікке көтеріп, қуанышымызды бөліскен болатын. Бойында намысы, жүрегінде оты бар Қазақстандықтарымыз ел абыройын үстем етті. Әрине,біз намысты жастарымыздың сан рет биік белестен көрінгенін қалаймыз. Оның септігі болашақ жастардың бойына ұлттық рухты дәріптеуге зор үлес қосады.
Сонымен қорыта келгенде, адам бойына патриоттық сезімнің қалыптасуына отбасы тәрбиесі,қоғам рөлі, мемлекеттік нышандар,тарих беттері,құнды шежірелер әсер етеді.Сонымен қатар, қазіргі таңда патриотизм ұғымына енетіндер -адамның туған жерін сүйіп,өз халқының тілін құрметтеуі-Отанның мүддесін қорғау,азаматтық белгіні көрсету және Отанға адалдықты сақтау болып табылады. Елінің әлеуметтік және мәдени салаларда жеткен жетістіктеріне мақтану, оның ар-намысын,еркіндігі мен тәуелсіздігін қорғау,өткен тарихын, халқының әдет-ғұрпын,салт-дәстүрін құрметтеу,Отан игілігі үшін еңбек ету.
Қазіргі таңда жас ұрпақ бойында патриоттық сананы қалыптастыру үшін , іс-әрекет ұйымдастыру, тәрбие беру қажеттілігі туындап отыр.Олай болса жастарға патриоттық тәрбие беруде – өткені мен болашағын байланыстыру қажет. Иә,туған жерді шын сүйетін азамат болсақ, ер болсақ, ата-баба намысын ту қып желбіретіп көтерер кезең келді. Осы орайда Елбасының сөзі еріксіз еске түседі.Өзінің бір айтқан сөзінде: “Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса,азаматтық намысың болса,қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып,көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп, еңбек ет. Жердің де,елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!” деген болатын.
Біз ата-бабаларымыз асыл мұра ретінде,аманат ретінде қалдырған:тілімізді, дінімізді,мәдениетімізді аса бір мақтанмен,ар намыспен сақтауымыз керек. “Ел болам десең,бесігіңді түзе”деген қазақ халқы.Елдіктің жалғасы жастардың қолында.Өйткені,болашақ бүгіннен басталады.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!