Өсімдіктерді қорғаймыз. Жаратылыстану, 3 сынып, қосымша материал.
Әдістемелік нұсқаулық
- Топқа біріктіру.
Оқушыларды «Ұсақжемісті мүкжидек», «Кәдімгі емен», «Інжугүл», «Жаңғақтұмсықты лотос» гүл атауларына сәйкес топтарға біріктіру.
2. Өсімдіктер туралы ақпарат. Әр топ атауына сәйкес оқулықта берілген ақпаратты пайдаланып, хабарлама дайындайды. Сұрақтарға жауап беру.
- Қандай ақпарат алдың?
- Бұл өсімдік- терге не ортақ?
- Мұндай өсімдіктер сенің туған өлкеңде өсе ме?
- Ғаламшарымыздағы барлық өсімдік жойылып кетсе, не болады?
3. Ойлан. Оқушылар өсімдік әлемін қорғау үшін адам не істейтіні туралы ой бөліседі. Бұл сұрақты жұптарымен бірге талқылауды ұйымдастырып, оқушыларға жауаптарды қағазға жазып алу тапсырылады. Кейбір жауаптарды тақтаға жаздырып, адамдардың қамқорлығы өсімдіктің көптүрлілігін сақтап қалуға көмектесетіні жайлы қорытынды жасалады. Оқушылар өсімдіктерді қорғау туралы ұсыныс білдіріп, жойылып кетудің алдын алу шаралары туралы әңгімелесіп, оларды көбейту жолдарын табуға талпынады.
4. Мұғалімнің түсіндіруі.
Біздің елімізде табиғат жағдайының өзгеруінен кейбір өсімдіктерге жойылу қаупі төніп тұр. Бұл өсімдіктер Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілді. Кітаптың қызыл түсі қауіп белгісін білдіреді әрі адамдардың назарын жойылып бара жатқан өсімдіктерге аударуға ықпал етеді. Қызыл кітап мезгіл-мезгіл өсімдіктер туралы жаңа мәліметтермен толықтырылып отырады.
5.Зертте. Оқушылар жұптасып, Қызыл кітаптың беттері неліктен түрлі түсті екендігін анықтайды. Олардың қолында «Біз енді көре алмайтын өсімдік түрлері», «Аса сирек кездесетін және жойылып бара жатқан өсімдіктер», «Саны күрт азайып бара жатқан өсімдіктер», «Бұрыннан саны аз өсімдіктер», «Жойылмай, аман қалған өсімдіктер» деп жазылған үлестірме парақшалар болады. Оқушыларға Қызыл кітаптың беттері қара, қызыл, сары, ақ, жасыл болатынын айтып, қолдарындағы үлестірме парақшалардың жиектерін жазуға сәйкес түске бояуды тапсыру. Түстерді өз ойлары бойынша таңдайды. Олардың жұмыстарын жауаптарымен салыстыру.
Жауаптары: Кітаптың түсі – қауіп-қатер белгісі, өсімдіктердің жойылып бара жатқанына назар аудартады.
Қызыл кітап түрлі түсті беттерден құралады.
Қара түсті беттерде енді біз ешқашан көре алмайтын өсімдік түрлерінің тізімі жазылған. Олар жер бетінен мүлде жойылған.
Қызыл түсті беттерде аса сирек кездесетін және жойылу қаупі бар өсімдіктер жазылған.
Сары түсті беттерде саны жағынан күрт азайып бара жатқан өсімдіктер жазылған.
Ақ түсті беттерде саны бұрыннан аз өсімдіктер тізімі жазылған.
Жасыл түсті беттерде жойылмай, аман қалған өсімдіктер жазылған.
6. Табиғаттың шағым кітабы айдарында оқушылар «Пошташы» ойыны арқылы өсімдіктердің жай-күйімен танысады. Әр топтағы бір оқушы курьер (пошташы) рөлінде ойнап, конверт әкеп береді. Конверттерді топтарға таратып, онда өсімдіктердің адамдарға арналған шағымдары жазылғаны ескеріледі. Оқушылар топта шағымды талқылап, экологиялық ережелермен танысып, оған қатысты жауап жазады.
Балалар жауабын конверттерге салып (жауабтарын формативті бағалауда қолдануға болады), адамдардың табиғаттағы тәртіп ережелері туралы талқылап, Қазақстан Республикасы заңнамаларында көрсетілген сирек кездесетін өсімдіктерді жинағаны үшін қолданылатын жазалармен таныстыру.
7. Қосымша ақпарат.
Қызыл кітап -халықаралық табиғат қорғау одағының “Қызыл кітабы” — халықаралық дәрежедегі құжат. Қызыл кітапқа сирек кездесетін, жылдан жылға азайып не жойылып бара жатқан, сондықтан да айрықша қорғауды қажет ететін жануарлар мен өсімдіктердің түрлері тіркеледі. Жануарларды халықаралық дәрежеде қорғау мәселесі 20 ғасырдың бас кезінде қолға алынды. 1902 ж. Париж қаласында алғаш рет Құстарды қорғаудың халықаралық конвенциясына қол қойылды. 1948 ж. ЮНЕСКО-ның жанынан Халықаралық табиғат қорғау одағы ұйымдастырылды. Халықаралық табиғат қорғау одағының Қызыл кітапбы 1966 ж. тұңғыш рет 2 том болып шықты. Оның 1-томында сүтқоректілердің 211 түрі, 2-томына құстардың 312 түрі туралы деректер берілді. Бұл кітап күнтізбе парақтары тәрізді арнайы жасалды, түрлер 4 категорияға топтастырылды. 1966 — 71 ж. Қызыл кітапқа тіркелетін түрлер туралы мәліметтер қайта толықтырылып, 2-басылымы, 1972 ж. 3-басылымы жарияланды. 1978 — 80 ж. 4-басылымы 5 том болып жарық көрді. Оның 1-томы сүтқоректілерге арналып, оған сүтқоректілердің 226 түрі мен 79 түр тармағы, 2-томында құстардың 181 түрі мен 77 түр тармағы, 3-томында қосмекенділердің 41 және бауырымен жорғалаушылардың 105 түрі, 4-том балықтарға арналып, балықтардың 194 түрі, ал 5-томы жоғары сатыдағы өсімдіктердің түрлеріне арналып, 25000 түрі тіркелді.
1980 жылдары бұрынғы томдар негізінде “Қызыл кітап” қайта шыға бастады. 1983 ж. шыққан Қызыл кітапта омыртқасыз жануарлар туралы мол мәлімет берілген. Жойылу қаупі төнген түрлерді сақтап қалу үшін оларды зоологиялық парктерде қолдан өсіріп, көбейту шаралары қолға алынған. Соның нәтижесінде соңғы Қызыл кітапқа тіркелген сүтқоректілердің 97, құстардың 39, қосмекенділер мен бауырымен жорғалаушылардың 37 түрі дүниежүзілік зоологиялық парктерде қолдан көбейтілген. Халықаралық табиғат қорғау одағының Қызыл кітабын шығаруға Құстарды қорғау жөніндегі халықаралық кеңес, Су құстарын зерттейтін халықаралық бюро, Жануарларды қорғау жөніндегі бүкіләлемдік федерация, т.б. ұйымдар қатысады. Қызыл кітап табиғат қорғаудың негізгі іргетасы, экологиялық білім мен тәрбие берудің қайнар көзі болып саналады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?