Еңбек қарым-қатынасы субъектілерінің құқықтары мен міндеттемелері және олардың мемлекеттік кепілдіктері. Құқық негіздері, 11 сынып, дидактикалық материал.


 

 1-топ. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі

 22-бап. Жұмыскердің негізгі құқықтары мен міндеттері

 1. Жұмыскердің:

 1) осы Кодексте көзделген тәртіппен және жағдайларда еңбек шартын жасасуға, өзгертуге, толықтыруға, тоқтатуға және бұзуға;

 2) жұмыс берушіден еңбек, ұжымдық шарттардың талаптарын орындауды талап етуге;

 5) еңбек, ұжымдық шарттардың талаптарына сәйкес уақтылы және толық көлемде жалақы төленуіне;

 7) тынығуға, оның ішінде жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысына;

 8) егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, кәсіптік одақ құру, сондай-ақ оған мүше болу құқығын қоса алғанда, өзінің еңбек құқықтарының берілуі мен оларды қорғау үшін бірігуге;

 10) еңбек міндеттерін орындауға байланысты денсаулығына келтірілген зиянды өтетуге;

 15) бірдей еңбегі үшін қандай да бір кемсітусіз бірдей ақы алуға;

 16) жеке еңбек дауын шешу үшін осы Кодексте көзделген тәртіппен рет-ретімен келісім комиссиясына, сотқа жүгінуге;

 17) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарына сәйкес жабдықталған жұмыс орнына;

 19) өзінің денсаулығына немесе өміріне қауіп төндіретін ахуал туындаған кезде, бұл туралы тікелей басшының немесе жұмыс берушінің өкілін хабардар ете отырып, жұмысты орындаудан бас тартуға;

 22) біліктілігіне, еңбектің күрделілігіне, орындалған жұмыстың саны мен сапасына, сондай-ақ еңбек жағдайларына сәйкес еңбегіне ақы төленуіне;

 23) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген тәртіппен, ереуілге құқықты қоса алғанда, жеке және ұжымдық еңбек дауларын шешуге құқығы бар.

 

 2. Жұмыскер:

 1) еңбек міндеттерін келісімдерге, жұмыс берушінің актілеріне сәйкес орындауға;

 2) еңбек тәртібін сақтауға;

 3) жұмыс орнында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, өрт қауіпсіздігі, өнеркәсіптік қауіпсіздік және өндірістік санитария жөніндегі талаптарды сақтауға;

 4) жұмыс берушінің және жұмыскерлердің мүлкіне ұқыпты қарауға;

 5) адамдардың өмірі мен денсаулығына, жұмыс беруші мен жұмыскерлер мүлкінің сақталуына қауіп төндіретін ахуал туындағаны, сондай-ақ бос тұрып қалу туындағаны туралы жұмыс берушіге хабарлауға;

 6) еңбек міндеттерін орындауға байланысты өзіне мәлім болған мемлекеттік құпияларды, қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жария етпеуге;

 7) келтірілген нұқсанды осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген шектерде жұмыс берушіге өтеуге міндетті.

 

 Дереккөз: 2015 жылғы 23 қарашадағы ҚР-ның Еңбек Кодексі http://adilet.zan.kz/kaz/docs/K1500000414

 

 

 Тапсырма

 Жұмыскердің негізгі құқықтары мен міндеттеріне қарай отырып, жұмыс берушінің негізгі құқықтары мен міндеттерін атаңыздар.

 

 2-топ. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі

 6-тарау. ЖҰМЫС УАҚЫТЫ

 68-бап. Жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы

 1. Жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы аптасына 40 сағаттан аспауға тиіс.

 69-бап. Жұмыскерлердің жекелеген санаттары үшін жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы

 1. Он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлер үшін:

 1) он төрт жастан он алты жасқа дейінгі жұмыскерлер үшін – аптасына 24 сағаттан аспайтын;

 2) он алты жастан он сегіз жасқа дейінгі жұмыскерлер үшін – аптасына 36 сағаттан аспайтын жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы белгіленеді.

 71-бап. Жұмыс уақыты режимі

 2. Өндірістердің сипаты мен жұмыс жағдайлары бойынша бес күндік жұмыс аптасын енгізу орынсыз болатын ұйымдарда бір демалыс күні бар алты күндік жұмыс аптасы белгіленеді.

 4. Осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, күнделікті жұмыстың ұзақтығы 8 сағаттан аспайды.

 75-бап. Жұмыс уақытының жиынтық есебі

 1. Жұмыс уақытының жиынтық есебі үздіксіз жұмыс істейтін өндірістерде, цехтарда, учаскелерде және өндіріс (жұмыс) жағдайлары бойынша жұмыскерлердің осы санаты үшін белгіленген жұмыс уақытының күнделікті немесе апта сайынғы ұзақтығы сақталмайтын жұмыстардың кейбір түрлерінде қолданылады.

 76-бап. Түнгі уақыттағы жұмыс

 1. Сағат 22-ден 6-ға дейінгі уақыт түнгі уақыт болып есептеледі.

 2. Түнгі уақыттағы жұмысқа:

 он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлер;

 жұмыс берушіге жүктілігі туралы анықтаманы ұсынған жүкті әйелдер жіберілмейді.

 

 Дереккөз: 2015 жылғы 23 қарашадағы ҚР-ның Еңбек Кодексі http://adilet.zan.kz/kaz/docs/K1500000414

 

 Тапсырма

 Нұрланның жасы 15-те. Ол дүкенде сатушы болып жұмыс жасайды. Жұмысты тек сабағынан босаған кезде күніне 4 сағат аптасына 6 күн жасайды. Жексенбі күні оған демалыс.

 Бір күні дүкеннің иесі негізгі сатушының ауырып қалуына байланысты Нұрланға жексенбі күні де жұмысқа шығуын сұрайды. Сол аптада Нұрлан 28 сағат жұмыс істейді. Келесі аптада ол тағы да дүкеннің иесінің сұрауымен сағат 20:00-ден таңғы 04:00-ге дейін жұмыс істейді.

 

 Анықтау керек:

  • Дүкен иесінің әрекеті заңды ма? Заң баптарын қолданып жауап беріңіз.

 

 3-топ. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі

 7-тарау. ТЫНЫҒУ УАҚЫТЫ

 80-бап. Тынығу уақытының түрлері

 Тынығу уақытының түрлері:

 1) жұмыс күні (жұмыс ауысымы) ішіндегі үзілістер:

 - тынығуға және тамақтануға арналған үзіліс;

 2) күнделікті (ауысымаралық) тынығу;

 3) демалыс күндері (вахтааралық тынығу);

 4) мереке күндері;

 5) демалыстар болып табылады.

 81-бап. Тынығуға және тамақтануға арналған үзіліс

 1. Жұмыскерге күнделікті жұмыс (жұмыс ауысымы) ішінде тынығуға және тамақтануға арналған, ұзақтығы жарты сағаттан кем болмайтын бір үзіліс берілуге тиіс.

 84-бап. Демалыс күндері

 1. Жұмыскерлерге апта сайын демалыс күндері беріледі.

 2. Бес күндік жұмыс аптасында жұмыскерлерге аптасына екі демалыс күні, ал алты күндік жұмыс аптасында – бір демалыс күні беріледі.

 4. Үздіксіз өндірістерде немесе өндірістік-техникалық жағдайлар бойынша немесе халыққа ұдайы үздіксіз қызмет көрсету қажеттілігі салдарынан демалыс күндері жұмысты тоқтату мүмкін болмайтын өндірістерде істейтін, сондай-ақ вахталық әдіспен жұмыс істейтін жұмыскерлерге (жұмыскерлер тобына) демалыс күндері ауысымдық кестелерге (вахталар кестелеріне) сәйкес аптаның әр күндері кезекпен беріледі.

 87-бап. Демалыс түрлері

 1. Жұмыскерлерге демалыстардың мынадай түрлері беріледі:

 1) жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалыстары;

 2) әлеуметтік демалыстар.

 5. Жұмыскерлерге әлеуметтік демалыстардың мынадай түрлері беріледі:

 1) жалақы сақталмайтын демалыс;

 2) оқу демалысы;

 3) жүктілікке және бала тууға, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты демалыс;

 4) бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс.

 

 Дереккөз: 2015 жылғы 23 қарашадағы ҚР-ның Еңбек Кодексі http://adilet.zan.kz/kaz/docs/K1500000414

 

 Тапсырма

 Арманның жасы 25-те. Ол кәсіпорында 1 жыл жасап, кезекті еңбек демалысын алу үшін директорға өтініш жазады. Алайда директор оған кәсіпорында аяқталмаған жұмыстың көп екенін айтып, еңбек демалысына шығу үшін келесі талаптарды қояды:

  • Жұмысты тез аяқтау үшін 2 ай бойы түскі үзіліске шықпай жұмыс жасау;
  • Демалыс және мереке күндері жұмысқа шығу;
  • Кезекті еңбек демалысы кезінде жалақысының 50% ғана алу.

 

 Анықтау керек:

  • Арман аталған талаптарды орындауға міндетті ме, директордың әрекеті заңды ма? Заң баптарын қолданып жауап беріңіз.

 

1-қосымша

 

 

 4-топ. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі

 8-тарау. ЕҢБЕКТІ НОРМАЛАУ ЖӘНЕ ЕҢБЕККЕ АҚЫ ТӨЛЕУ

 102-бап. Еңбекке ақы төлеу саласындағы мемлекеттік кепілдіктер

 Жұмыскерлердің еңбегіне ақы төлеу саласындағы мемлекеттік кепілдіктер:

 3) үстеме жұмысқа ақы төлеуді;

 4) мереке және демалыс күндеріндегі жұмысқа ақы төлеуді;

 5) түнгі уақыттағы жұмысқа ақы төлеуді қамтиды.

 103-бап. Жалақының мөлшері

 1. Жұмыскердің айлық жалақысының мөлшері жұмыскердің біліктілігіне, орындалатын жұмыстың күрделілігіне, санына және сапасына, сондай-ақ еңбек жағдайларына қарай сараланып белгіленеді. Айлық жалақының мөлшері ең жоғары мөлшермен шектелмейді.

 Жалақы жұмыскерге жұмыс уақытын есепке алу бойынша жұмыс берушінің құжаттарында есепке алынған нақты жұмыс істеген уақыт үшін төленеді.

 106-бап. Еңбекке сағат бойынша ақы төлеу

 1. Жұмыс күні толық болмаған немесе жүктемесі толық болмаған кезде нақты орындалған жұмыстар үшін, сондай-ақ уақытша немесе біржолғы сипаттағы жұмыстарға ақы төлеу үшін еңбек шартының талаптарында және (немесе) жұмыс берушінің актісінде еңбекке сағат бойынша ақы төлеуді белгілеуге болады.

 107-бап. Еңбекке ақы төлеу жүйесі

 3. Жұмыс беруші жұмыскерлердің өндіріс тиімділігі мен орындалатын жұмыстардың сапасын жоғарылатуға мүдделілігін арттыруды күшейту үшін ұжымдық шарт талаптарында және (немесе) жұмыс берушінің актілерінде айқындалған сыйлықақы беру жүйелерін және еңбекті ынталандырудың басқа да нысандарын енгізе алады.

 108-бап. Үстеме жұмысқа ақы төлеу

 Еңбекке уақыт бойынша ақы төлеу кезінде үстеме уақыттағы жұмысқа еңбек немесе ұжымдық шарттардың және (немесе) жұмыс беруші актісінің талаптарына сәйкес жоғарылатылған мөлшерде, бірақ жұмыскердің күндік (сағаттық) тарифтік мөлшерлемесі негізге алына отырып, бір жарым еседен төмен болмайтын мөлшерде ақы төленеді.

 109-бап. Мереке және демалыс күндеріндегі жұмысқа ақы төлеу

 Мереке және демалыс күндеріндегі жұмысқа ақы төлеу еңбек немесе ұжымдық шарттардың және (немесе) жұмыс беруші актісінің талаптарына сәйкес жоғарылатылған мөлшерде, бірақ жұмыскердің күндік (сағаттық) мөлшерлемесі негізге алына отырып, бір жарым еседен төмен болмайтын мөлшерде жүргізіледі.

 110-бап. Түнгі уақыттағы еңбекке ақы төлеу

 Түнгі уақыттағы жұмыстың әрбір сағатына еңбек немесе ұжымдық шарттардың және (немесе) жұмыс беруші актісінің талаптарына сәйкес жоғарылатылған мөлшерде, бірақ жұмыскердің күндік (сағаттық) мөлшерлемесі негізге алына отырып, бір жарым еседен төмен болмайтын мөлшерде ақы төленеді.

 

 Дереккөз: 2015 жылғы 23 қарашадағы ҚР-ның Еңбек Кодексі http://adilet.zan.kz/kaz/docs/K1500000414

 

 

 Тапсырма

 Айнұр бес күндік жұмыс аптасымен (аптасына 40 сағат) банкте жұмыс істейді. Оның бір сағаттық жалақысы 3000 теңге. Сонымен қатар ол 2018 жылдың қазанында әр сенбі сайын 5 сағатқа үстеме жұмысқа шықты.

 Анықтау керек:

  • Қазан айындағы жұмыс уақытының ұзақтығын – ______ сағат
  • Қазан айындағы үстеме жұмыс уақытының ұзақтығын – ______ сағат
  •  Қазан айына есептелген жалақы мөлшерін – _______________ теңге

 

1-қосымша

 

 5-топ. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі

 18-тарау. ЖҰМЫСКЕРЛЕРДІҢ ЖӘНЕ ЖҰМЫС БЕРУШІНІҢ ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ ЖӘНЕ ЕҢБЕКТІ ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ

 181-бап. Жұмыскердің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы құқықтары мен міндеттері

 1. Жұмыскердің:

 1) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарға сәйкес жабдықталған жұмыс орнына;

 2) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарға, сондай-ақ еңбек, ұжымдық шарттарға сәйкес санитариялық-тұрмыстық үй-жайлармен, жеке және ұжымдық қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілуге;

 5) жұмыс беруші жұмыскерді жеке және (немесе) ұжымдық қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етпеген жағдайда және денсаулығына немесе өміріне қатер төндіретін ахуал туындаған кезде бұл жөнінде тікелей басшысына немесе жұмыс берушіге жазбаша түрде хабарлай отырып, жұмысты орындаудан бас тартуға құқығы бар.

 2. Жұмыскер:

 1) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі нормалардың, қағидалардың және нұсқаулықтардың талаптарын сақтауға;

 2) жұмыскерлердің әрбір өндірістік жарақаты және денсаулығының өзге де зақымдануы, кәсіптік аурудың (уланудың) белгілері туралы, сондай-ақ адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін ахуал туралы жұмыс берушіге немесе жұмысты ұйымдастырушыға дереу хабарлауға;

 5) мүгедектіктің белгіленгені немесе денсаулық жағдайының еңбек міндеттерін жалғастыруға кедергі келтіретіндей өзге де нашарлауы туралы жұмыс берушіге хабарлауға;

 6) жұмыс беруші беретін жеке және ұжымдық қорғаныш құралдарын мүлтіксіз қолдануға және оларды мақсат бойынша пайдалануға міндетті.

 

 Дереккөз: 2015 жылғы 23 қарашадағы ҚР-ның Еңбек Кодексі http://adilet.zan.kz/kaz/docs/K1500000414

 

 

 Тапсырма

 «Сатурн» компаниясының қоймасы (склад) электр желісінің күйіп кетуіне байланысты 1 аптадан бері жылу мен жарықсыз отырған болатын. Компанияда қоймашы (складчик) болып жұмыс жасайтын Құдайбергенов Жарылқасын жарық пен жылудың жоқтығын сылтауратып, жұмыс уақытында қойманы ашық тастап, ешкімді ескертпестен үйіне кетіп қалады.

 Анықтау керек:

 Компания мен жұмысшы тарапынан қандай заң бұзушылықтар орын алды?

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Қазақстан пойыздарында үй жануарларын тасымалдау ережелері
» Қазақстандықтар шетелге шығуға жылына қанша жұмсайды?
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді