С. Балғабаев «Тойдан қайтқан қазақтар» комедиялық драмасы. Қазақ әдебиеті, 11 сынып, дидактикалық материал. 3 сабақ


Сұлтанәлі Балғабаев

Тойдан қайтқан қазақтар

/«Қазақстан» пойызы/

/екі бөлімді комедия/

Қатынасушылар:

Мэлис Әлібаевич – жауапты қызметкер

Асай Мүсеевич –тарихшы ғалым

Қошқарбай – аудандық әкімшіліктің қызметкері

Пойыздың бастығы

Жолсерік келіншек

Саудагер әйел

Билетсіз жолаушы

Көркемөнерпаздар ансамблі /екі-үш еркек, бір-екі әйел/

БІРІНШІ БӨЛІМ

Бірінші көрініс

Шағын перрон. Көз байланған кез. Сахнаға Мэлис Әлібаевич, Асай Мүсеевич, Қошқарбай шығады. Соңдарында көркемөнерпаздар ансамблі. Ансамбль әндетіп, билеп келеді.

Жасасын біздің меймандар!

Біздің меймандар жасасын!

 Жасасын жақсы меймандар!

 Құрметті мейман жасасын!

 

 Жасасын жақсы ағалар!

 Асыл ағалар жасасын!

 Жасасын қамқор ағалар,

 Бастық ағалар жасасын!

 

Жігіттер музыка ойнап, қыздар мың бұрала билеп, думанды қыздыра түседі.

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. /бишілерге қосылып билеп кете жаздап/. Ай, керемет қой!.. Керемет!..

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. /саусағын сыртылдатып биге қосылып/. Иә-иә, ғажап! Қандай әдемі!.. Қандай әдемі!..

ҚОШҚАРБАЙ. Біздің ауылдың бәрі осы!.. Шетінен әнші!.. Шетінен биші!..

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Жалпы, біздің халық дарынды халық қой!..

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Шетінен дарынды!.. Шетінен қабілетті!..

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Біздің қазақ ұлы халық қой!

ҚОШҚАРБАЙ. Дұрсы айтасыз! Біздің қазақтар деген... /әндетіп/

Жасасын біздің қазақтар!

Қазақтар біздің жасасын!

Ұлы қазақтар жасасын!

Дана қазақтар жасасын!

Көркемөнерпаздар қосылып әндетіп билейді:

Жасасын біздің қазақтар!

Батыр қазақтар жасасын!

Ақын қазақтар жасасын!

Дана қазақтар жасасын!

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Өте керемет! Бүгінгідей той, бүгінгідей мереке өте сирек болады.

ҚОШҚАРБАЙ. Бәрі сіздің арқаңыз, Мэлис Әлібаевич! Сонау Алматыдан өзіңіз келген соң жігіттер аянған жоқ! Барын салды!

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Ертең Алматыға барған соң айтамыз бұл туралы! Тиісті орындардың бәріне жеткіземіз.

ҚОШҚАРБАЙ. Оның үстіне мына кісінің де... /Асай Мүсеевичке қарап/. Асеке!.. Асай Мүсеевич дейім, сіздің баяндамаңыз... бүгінгі тойдағы баяндамаңызды айтам, сондай керемет болды!

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Ау, енді бүкіл Академияның атынан сөйлеген соң керемет болмаса болмайды ғой.

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Гениально!.. Классика!..

ҚОШҚАРБАЙ. Иә-иә, сондай!.. Әсіресе, батыр бабамыздың бес жасында шешен, он жасында қол бастаған көсем болды деген фактіңіз өте күшті екен. Айтпақшы, ол фактіні қайдан тауып жүрсіз?!

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Таптық қой!.. Ғалым болған соң іздену керек!.. Мен ол туралы бүкіл газетке жазғам!... Оқымайсыңдар!..

ҚОШҚАРБАЙ. Жо-жоқ, неге оқымаймыз?! Оқимыз ғой!.. Ойпырмай, бес жасында шешен, он жасында көсем – шынында ғажап!

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Мен үш жасында деп жазайын дегем!.. Қайта сыпайыладым ғой...

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Айтпақшы, тойдағы төбелес осы мәселеден шықты дейді... Біреулер оған сенбей ме, қалай? Асеке, осы фактіні архивтен алдым деген жоқ па едіңіз?

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Иә-иә, алуын алғам ғой... Бірақ енді ол тым ерте, осыдан үш жүз жыл бұрынғы жағдай... ол кезде халық сауатсыз... архив мәселесі нашарлау...

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Дұрыс айтасыз!... Қазақ деген қымызды ішуді білген... көп қатын алуды білген... ал архив жазуды білмеген. Соған да мен кінәлімін бе?

ҚОШҚАРБАЙ. Асеке, біздің жақта да үнемі осы... Той болса аяғы төбелес!

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Иә, біздің жақта да осындай!.. Бірақ сіздерде сұмдық екен!.. Қатындарына дейін төбелесті... Бәрі мас!..

ҚОШҚАРБАЙ. Әдейі жасайды!.. Бізде кірмелер бар!.. Басқа рудың адамдары... Солардың қастандығы!.. Көре алмайды иттер!..

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Иә, қазақ болған соң болады ғой ондай! Бірақ біз провокацияға жол бермеуіміз керек!

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Дұрыс айтасыз!.. Біз тарихты дұрыс білмейміз... Меніңше осы шежіре жазуды мемлекеттік деңгейде қолға алу керек!

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Ұсынысыңыз өте орынды! Елдің ертеңін ойлағын мәселе бұл!

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Әп, бәрекелді!.. Міне, басшылардың бәрі осылай ойласа ғой – біз қайда, ендігі талай жерге барып қалар едік!

ҚОШҚАРБАЙ. Мен де соны айтам! Қазақтың қайраткерлерінің бәрі сіздей болса ғой, шіркін!..

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Е, қызмет істеген соң халықты ойлау керек! Сол үшін жүрміз ғой міне, күн-түн демей!

ҚОШҚАРБАЙ. Қандай тамаша сөз!.. Айтпақшы, Мэлис Әлібаевич, тағы бір шаруа бар еді... Кішкене шай дайындап қойғанбыз...

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Жо-жоқ, пойыздан қалып кетеміз!

ҚОШҚАРБАЙ. Қалмаймыз! Бұл «Қазақстан» пойызы ешқашан уақытында келген емес... Үнемі кешігіп жүреді.

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Сонда да болмайды! Ертең жиналыс... Баяндама жасау керек!

ҚОШҚАРБАЙ. /сыбырлаңқырап/ Оның үстіне шамалы конвертымыз де бар еді...

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. /ол да сыбырлаңқырап/ А, солай ма? Е, онда баяндама күте тұрады ғой... /Мэлис Әлібаевичке қарап/. Мәке дейім! Мынау Қошқарбай деген жігіт өзі азамат жігіт екен! Бармасақ ұят болады! Ренжіп жүрер!

ҚОШҚАРБАЙ. Иә-иә, солай!Ештеңеден алаңдамаңыздар!.. Біз сіздерді пойызбен келесі ауданның шекарасына дейін шығарып саламыз!

Бәрі сыртқа беттейді. Көркемөнерпаздар әндетіп соңдарынан ереді:

Той жасағандар жасасын!

Ас бергендер де жасасын!

Шапан жапқандар жасасын!

 Ат мінгендер де жасасын!

Екінші көрініс

 Сол перрон. Вокзалға «Қазақстан» пойызы келіп тұрғаны аңғарылады. Перронда 60 жастар шамасындағы бір кісі вагонды жағалап жүгіріп жүр. Бұл – Билетсіз жолаушы

БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. /жанұшыра айқайлап/. Әй, ағайындар! Прәбәдниктер! Мені Сұлутөбеге дейін ала кетіңдерші! Сұлутөбеге дейін! Бір-ақ адаммын!

Бір вагонның есігінен Жолсерік келіншек көрінеді:

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Не болы? Біреу бауыздайын деп жатқандай, не болды сонша ойбайлап?!

БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Қарағым, қарындасым! Сұлутөбеге дейін ала кетші!

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Қайдан көрсең осы – ылғи сандалбай қазақ! Сыған сияқты қаңғырады да жүреді. Үйлеріңде отырмайсыңдар ма? Билет қайда?

БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Билет жоқ!.. Билетті енді алайын деп тұр едім, депутатпын деп біреу тап алдымнан қақты да кетті.

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Обалың депутатқа болсын! Билет жоқ болса орын да жоқ, бар айда!..

БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Қарағым! Жүзің жылы жақсы бала екенсің!.. Мен түрегеп-ақ барам!

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Жарайды, қанша бересің!

БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Бергенде – берем ғой... Өзінің бағасын берем!

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Тапқан екенсің ақымақты!

БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Қарағым-ау, оқудағы балама барып... қазіргі кезде бала оқыту деген... Бұрын тек оқуға түсерде ғана беретін едік... Енді ай сайын... сессия сайын... Біресе ақша сұрайды... Біресе соғым сұрайды... Тіпті күріш, консерві сұрайтындары да бар... Бұл институт дегеннің мұғалімдері әбден құтырды.

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Қазір су тегін оқитын баяғы коммунизм жоқ, ағасы... Айтпақшы институтқа барған болсаңыз айдаладағы бұл станцияда нағып жүрсіз?

БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Осы жерде аталарымыздың ескі қорымы бар еді. Жол үсті болған соң құран оқи кетейін деп түсіп едім, қарағым!

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Ха-ха! Міне, қазіргі жұрттың бәрі осындай! Біресе күнә жасап пара беремін дейді, біресе мұсылман болып, құран оқимын дейді.. Адамды өстіп ақымақ қылады. Басты қатырмай, анда, басқа вогонға барыңыз. /Вагонға кіріп кетеді/.

Сахнаға саудагер әйел шығады. Екі жеңін түріп, басына орамалды шарт байлаған. Өлген түйедей үлкен қапты сүйреп келеді.

САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Әй-әй, тоқтаңдар... Тоқтай тұрыңдар!.. /билетсіз жолаушыны көріп/. Әй, шал!.. Азамат, кел көмектесіп жібер!..

БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. /өзінше айқайлап/. Ағайындар! Ағайындар! Сұлутөбеге дейін ала кетіңдерші! аудагер әйелге/. Артық билетіңіз жоқ па?

САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Қайдағы билет? Осы күні адам пойызға билет ала ма екен? Қане, көтеріс мынаны!..

БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Билет болмаса алмаймыз дейді.

САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Неге алмайды? Бұл не, жекеменшігіне сатып алған әкесінің пойызы ма екен? Бұл үкіметтің пойызы!.. Халықтың пойызы!.. Жүр қане!..

Екеуі түйедей қапты дырылдата сүйреп, вагонның есігінің алдына барады.

САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Әй-әй, аш!.. Ашыңдар!

Есіктен Жолсерік келіншек шығады.

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Айқайламаңдар!.. Неге айқайлайсыңдар түн ішінде!

САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Пойыздан қалып бара жатсақ неге айқайламаймыз? Жолда машинамыз бұзылып, әрең келе жатырмыз.

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Билет... Билеттеріңді көрсетіңдер!..

САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Мынау не дейді-ей? Билеті бар адам өстіп түн ішінде қап арқалап жүре ме?

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Билет болмаса – кірмейсіңдер.

САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Ха!.. Кірмек түгілі тайраңдап тұрып кіреміз... Қайда әлгі жалпақ бас, қисық мұрын бастығың! Шақыр соны!

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Ол кісі демалып жатыр!

САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Білеміз ғой қалай демалып жатқанын!.. Сен сияқты бір тұштақай прәбәдниктің қойнында жатқан шығар тырайып! Былай тұр жолдан! Адамның құнын сұрамайтын шығарсың, береміз қанша болса да!..

Үшеуі де кіріп кетеді.

Үшінші көрініс

Сахнаға Мэлис Әлібаевич бастаған топ қайта шығады. Рестораннан шыққан беттері. Сондықтан бұрынғыдан да қызу, бұрынғыдан да көңілді. Көркемөнерпаздар тобы бұрынғыдан да бетер қызу әндетіп келеді.

Қонақжай қазақ жасасын!

Кеңпейіл қазақ жасасын!

Арақ бергендер жасасын!

 Шарап құйғандар жасасын!

Дастархандар да жасасын!

Ресторандар да жасасын!

Үйге шақырғандар да жасасын!

Банкет бергендер де жасасын!

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Ай, біздің қазақ деген... қазақтар деген ғажап қой! Қазақтың дастарханы... Қонақжайлылығы...

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Заман қанша қиындағанмен қазақтың пейілі, дастарханы тарылған жоқ!.. Сол баяғыдай...

ҚОШҚАРБАЙ. Дұрыс айтасыз! Баяғы коммунизмдегідей!

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Ай, Қошқарбай, сен де өзі шынымен азамат екенсің! /қалтасынан конверт шығарып/. Әсіресе, мынау конвертің жақсы екен! Жалтырап тұр!... Қалыңдығы да біраз бар ма деймін...

ҚОШҚАРБАЙ. Иә-иә, шамамыз жеткенше... Қазақтың жолы деп...

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Қазақтың жолы болған соң ғой... Не, әйтпесе біз сендерге конверт жинайын деп келді дейсіңдер ме?

ҚОШҚАРБАЙ. Мәке! Мэлис Әлібаевич, о не дегеніңіз, құдай сақтасын!

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Қазақтың азаматтары қандай? Шетінен ер ғой!.. Данышпан, көреген ғой!..

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Оның ішінде мына Мәкең!.. Мэлис Әлібаевич... Қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы!.. Бақ қонған, қыдыр дарыған!

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Мынау, Асай Мүсеевич... қазіргі заманның Асан қайғысы... Бұқар жырауы!

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Сонда да көре алмайды кейбіреулір!..

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Иә-иә, солай!.. Ана жолы депутаттыққа өткізбей тастады, әтеңе нәлеттер!..

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Мені де... мені де... Академиктікке енді өтейін деп тұрған кезімде... Айтыңызшы, менен басқа кімі бар сонда?

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Сізге обал жасады. Бұл Академия деген... кілең бір қатып қалған... ескі... Президентінен бастап бәрін құрту керек.

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Әп, бәрекелді! Өте дұрыс айтасыз! Бәрін құрту керек! Айтпақшы дейім, Мәлис Әлібаевич, сіз алдағы сайлауда президенттікке өз кандидатураңызды ұсынуыңыз керек!

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Жо-жоқ, оған әлі ертелеу!.. Ертелеу!.. ең алдымен /даусын ақырын шығарып/. Сізден несін жасырайын, осы жақында министр болатындай мүмкіндігім болып тұр!

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Дұрыс. Өте дұрыс!.. Ай, қанша айтқанмен біздің бастықтар кадр таңдай біледі. /Қошқарбайға/. Әй, Қошқарбай, айтшы, Мэлис Әлібаевичтен артық министр болатындай кім бар?

ҚОШҚАРБАЙ. Министр дейсіз бе? Қайдағы министр? Бұл кісі деген...бұл кісі деген... Мынау министріңіз не айтып тұрған? Одан да үлкен!.. Одан да жоғары!

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Жо-жоқ, әлі ертелеу!.. Айттым ғой – ертелеу!..

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Жо-жоқ, ерте емес! Міне халықтың өзі... халықтың өкілі солай деп тұр... Халықтың пікірімен санасу керек, жолдас Мэлис Әлібаевич.

ҚОШҚАРБАЙ. Иә, дұрыс! Халықпен санасу керек! Ең құрығанда – премьер-министр!.. Премьер-министр! Қане, сол үшін! /қалтасынан бір бөтелке мен рюмка шығарып, құйып/. Қане, Мэлис Әлібаевич, сол үшін бірдеңе айтып жіберіңіз!

Көркемөнерпаздар Мэлис Әлібаевичті айналып әндетіп, билей бастайды:

Жасасын Мэлис Әлібаевич!

Мэлис Әлібаевич жасасын!

Жасасын асыл ағаларымыз!

Ұлы ағаларымыз жасасын!

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Апырмай, адамды енді өстіп бұзасыңдар... Бірақ... еңбекті бағалаған да дұрыс! Генерал болмаймын деген солдат – солдат емес... Бәрімізде де үлкен армандар бар!.. Мақсат!.. Міне, сол мақсат жолында үнемі сапарда... жолда... Қарап отырсақ... бұл адам өмірі деген пойыз сияқты!.. /перронға қарап/. Тура мына пойыз сияқты... /есіне бірдеңе түскендей/. Айтпақшы, бұл өзі неғылған пойыз?!

ҚОШҚАРБАЙ. Біздің пойыз емес!.. Біздің пойыз... «Қазақстан» пойызы, кежегесі кейін тартып, үнемі кешігіп келеді.

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Иә-иә, дұрыс... Ал сонымен менің айтпағым... Айтайын дегенім – бұл өмір деген сондай бір пойыз... сондай бір пойыз... /қайтадан вагонға қарап/ Сонымен мынау қай пойыз болды?

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Қайдам!.. Көзім көріңкіремей тұр... Әшкиім қалып қойыпты...

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Иә-иә, пойыз... /кенет шошып кетіп/ Әй-әй, мынау біздің пойыз ғой... әне-әне, жазып қойыпты!.. «Қазақстан» деп жазып қойыпты.

ҚОШҚАРБАЙ. Иә-иә, сол екен... Өзі жүрейін деп тұр ма деймін?

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Жүрейін деп тұрмаң не?!.. Жүріп бара жатқан жоқ па?!

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Ойбай, не дейт? Жүгіріңдер!.. Жүгіріңдер! Біздің вагон – тоғызыншы вагон!

Екеуі вагонға қарай ұмтылады.

ҚОШҚАРБАЙ. Мен де... Мен де сіздерді келесі ауданға дейін шығарып саламын. /бір қолында бөтелке, бір қолында рюмка, екеуінің соңынан жүгіреді/.

Көркемөнерпаздар тобы оларды әндетіп, билеп шығарып салып тұрады.

Жасасын біздің ағалар!

Асыл ағалар жасасын!

Ардақты ағалар жасасын!

Барлық ағалар жасасын!

Төртінші көрініс

Купелі вагон. Вагонның дәлізі. Пойыздың бастығы мен Жолсерік келіншек әңгімелесіп келеді. Пойыздың бастығы өз әңгімесінің біразын Жолсерік келіншекке, біразын купенің ішіндегі жолаушыларға арнап айтады.

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. /купенің ішіндегілер естісін деп/. Қалай бәрі дұрыс па?

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. /жібектей үнмен майысып және купедегілер естісін деп/. Дұрыс... Бәрі дұрыс!..

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. /жолаушылар естісін деп/. Жолаушылардан ешқандай арыз-шағым жоқ па?

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. /жолаушылар естісін деп/. Жо-жоқ. О не дегеніңіз... Біз бар күшімізді салып қызмет істеп... жолаушылар дән риза бізге...

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. /Жолсерік келіншекке/. Қойшы-ей, рас па?../Жолаушылар естісін деп/. Шәй мәселесі қалай? Бересіңдер ме жұртқа?

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. /жолаушылар естісін деп/. Ойбай-ау, бермегенде... Кез-келген уақытта... түн ортасында...

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. /жолаушылар естісін деп/. Прәбәдниктер пойызда арақ сатады деген арыз бар – сенде ондай пәле жоқ па?

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. /жолаушылар естісін деп/. О, не дегеніңіз, беті аулақ ондайдың... /Пойыздың бастығына/ Шетелдікі бар... Сондай күшті... Көресіз бе?

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. /Жолсерік келіншекке/. Сосын... кейін.../жолаушылар естісін деп/. Қазір мафия ма, рэкет пе бір пәле қаптады ғой... түнге қарай өте сақ болу керек: Пассажирлер купенің есік-терезесін тас қылып жауып алсын!.. Біреуді біреу өлтіріп, бауыздап жатса да сыртқа шығушы болмасын! Кеше, біздің алдымыздағы пойыздан екі жолаушыны бауыздап, лақтырып кетіпті...

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. /жолаушылар естісін деп/. Сұмдық-ай.. Ой, сұмдық-ай! /Пойыздың бастығына/. Құдай ақы деп айтайын, тап осыңыз өтірік!

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. /Жолсерік келіншекке/. Жолаушыларды осылай қорқытып қою керек. /жолаушылар естісін деп/. Ал сосын әне бір мәселе қалай?

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. /жұрт естісін деп/. Ол мәселе де тамаша... /жолаушылар естісін деп/. Взнос па? Қазір берейін!..

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. /жұрт естісін деп/. Жақсы!.. Өте жақсы!.. /Жолсерік келіншекке/. Қазір бізге барған соң бересің...

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Айтпақшы, осында сізді жаңа бір кісі сұрап жатыр еді. Танысыңыз ғой деймін!

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Кім?

Осы сәтте қатардағы купеден Саудагер әйел шыға келеді. Билетсіз жолаушыны қолынан жетектеп алған.

САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Мен ғой... Біз іздеген... /Билетсіз жолаушыны қолынан тартып қойып/. Жүрсейші былай!.. /Пойыздың бастығына/ Үйбай, інім-ау, бала-шаға аман ба? Келіннің жағдайы қалай?

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. /танымағанын жасыруға тырысып/. Иә-иә, аман!.. Бәрі жақсы!

САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Апамның ше?! Көкемнің... Бәрінің дендері сау ма?! Қуатты отыр ма?!

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Иә-иә, қуатты... аздап ауырады... Үлкен кісілер ғой...

САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Ай, ол кісілердің сүйегі асыл ғой... Жақында әдейі барып, сәлем беріп қайтам... Анда-санда барып тұрмасаң ұрсады олар!.. Ренжиді... /Билетсіз жолаушыны көрсетіп/. Айтпақшы, мына кісіні танымайтын шығарсың... Бұл кісі құдамыздың құдасы... Оқудағы баласына барып...

БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Иә, балама барып... Мұғалімдері соғым сұратқан екен... Содан билет ала алмай...

САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Сөйтіп тұрғанда мына сіңілім кездесіп... /Жолсерік келіншекті көрсетіп/. Өзі сондай бір кішіпейіл... ілтипатты, тәрбиелі бала екен...

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Екеулеріне бір купені беріп қойдым... Жүктері де көп екен...

САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Қарағым-ау, өзің де білесің ғой – мен ептеп сауда-саттық жасаймын... Бала-шағаның қамы... Қане, ішке кіріңдер, ауылдан алып шыққан бір дәм бар еді...

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Жо-жоқ, рахмет!.. /жұртқа естірту үшін/. Бізде тәртіп өте күшті... Қызметте жүргенде ондай болмайды. /Жолсерік келіншекке/. Бұл кісілерден абай бол! /Саудагер әйелге/. Жақсы, апа! Мына кісілерге тапсырып кетем... Сіздерге барлық жағдай жасайды.

САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Рахмет, қарағым! Қайтарда тағы мінем ғой пойызыңа!

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Әрине... әрине! олсерік келіншекке жұрт еститіндей етіп/. Жолаушылардан ешқандай жалоба түспейтіндей болсын! Өте абай болу керек!.. Әсіресе, күдікті адамдарға... Сосын ішіп алған мастарға ешқандай аяушылық жасамау керек!

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Дұрыс!.. Мас көрінсе аямаймын!.. Ит қосып қуамын!

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Ал сау болыңыздар!..

Пойыздың бастығы мен Жолсерік келіншек кетеді.

БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Апырмай, пойыздың бастығы ініңіз болғаны қандай жақсы болды, әйтпесе далада қалады екенбіз...

САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Қайдағы іні? Мен оны өмірімде бірінші рет көріп тұрмын!

БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. А, сонда қалай болғаны?

САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Туһ! Өзің шал болғанмен түк білмейтін шал екенсің. Заман қандай болса, адам сондай болу керек! Жүр, шәй ішеміз.

Екеуі купеге кіріп кетеді.

Бесінші көрініс.

Мэлис Әлібаевич, Асай Мүсеевич, Қошқарбай шығады. Бәрі де өте көңілді. Бәрі қызу. Қошқарбай билеп, әндетіп келеді:

Жасасын біздің қазақтар!

Той жасағандар жасасын!

Тойға барғандар жасасын!

Той басқарғандар жасасын!

Жасасын біздің қазақтар!

Тойдан қайтқандар жасасын!

Ат мінгендер де жасасын!

Шапан кигендер жасасын!

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Мэлис Әлібаевич деймін, сіз болмасаңыз пойыздан қалып қояды екенбіз...

ҚОШҚАРБАЙ. Иә-иә, Мәкеңнің қырағылығының осы жолы өте пайдасы тиді. /Саудагер әйел мен билетсіз жолаушыны көріп/. Ау, ағайындар... қазақтар айтып жіберіңдерші, тоғызыншы вагон осы ма?

САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Иә-иә, осы вагон... Оны қайтейін деп едің, шырағым?!

ҚОШҚАРБАЙ. Бір шаруам бар еді... /Мэлис Әлібаевичқа/. Мәке, осы екен, осы вагон екен...

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. /айқайлаңқырап сөйлеп/. Осы вагон болса прәбәднигі қайда?

САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Шырағым, айқайламай ақырын сөйле... Жұрт ұйықтап жатыр!

ҚОШҚАРБАЙ. /бұрынғыдан да бетер дабырлап/. Кешіріңіз, апасы! Бұл пойыз – «Қазақстан» пойызы болса, ол пойызда қазақтар айқайламағанда кім айқайлайды? Қане, біреу бірдеңе деп көрсін, мойнын жұлып алайын!

САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Шырағым, мына түріңмен қазір прәбәдник келген соң сорлайсың ғой!

БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Иә, мас адамдарды ит қосып қуам денен уәдесі бар...

ҚОШҚАРБАЙ. Ха-ха. Бізді қуа ма?.. Мәке!.. Асеке!.. Естіп тұрсыздар ғой... Бізді қумақшы!.. /қалтасынан бөтелке мен рюмка шығарып/. Прәбәдник келгенше жүз граммнан қағып тастайық! /Мэлис Әлібаевичке рюмка ұстатып/. Мәке дейім, әлгі сөзіңіз бар еді ғой... Өмір туралы... пойыз туралы – соны жалғастырып жіберсеңіз...

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Иә-иә, сөйлегенде... ең алдымен айтарым, болашақта маған осы өзің сияқты жігіттер керек! /қиялдап/. Асай Мүсеевич дейім, бір жағымда осы Қошқарбай сияқты жас, іскер жігіттер жүрсе... бір жағымда сіз сияқты үлкен, ақылгөй ағалар болса – шіркін, мен талай нәрсені бітірмеймін бе?

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Пажалыста, ақыл керек болса, қанша болса да айтамыз ғой... Оған шама жетеді.

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Сосын... менің жоспарым деген... Қазақстанды қалай өркендету керек... Қайтіп гүлдендіру керек. Осы жөніндегі жоспарым! Мұндай программа әлі ешкімде жоқ! Мысалы, елді басқару деген оңай шаруа емес... Оған ең алдамен философиялық тұрғыдан келу керек.

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Өте тауып айттыңыз! Біздің басшылардың философиядан түк хабары жоқ!.. Көбі содан құрып жүр...

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Иә-иә, бұл ел деген... өмір деген... жалпы, өмір деген – ол пойыз сияқты...

БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Шырағым, пойызыңды қоя тұршы!.. Мен сені бір жерден көрдім ғой деймін... Жүзің сондай таныс...

ҚОШҚАРБАЙ. Бұл кісіні жалғыз сіз емес, бүкіл Қазақстан таниды!

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Иә-иә, таниды... сонымен менің айтайын дегенім - өмір дегеніңіз, шынымен пойыз сияқты...

САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Пойыз сияқты болса жетіседі екенбіз... ешқандай билет сатпайды...

БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Әсірес, осы «Қазақстан» пойызы... сондай кісәпір пойыз...

САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Ойбай, ана «Өзбекстан», «Қырғызстан» пойыздары да жетісіп тұрған жоқ! Билет сатпақ түгілі, есігін тарс жауып алып, өмірі ашпайды.

ҚОШҚАРБАЙ. Түһ, шу-шу етпей қоя тұрыңдаршы!.. Адамға сөз айтқызбадыңдар ғой...

САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Не айтатыны белгілі емес пе...Ішіп қояйық деп тұрған шығар...

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Иә-иә, солай, ішіп қояйық... Сол үшін... пойыз үшін! /ішіп қояды/.

ҚОШҚАРБАЙ. Мәке!.. Мәке, өте жақсы!.. Керемет айттыңыз! /әндетіп/.

Жасасын біздің қазақтар!

Асыл ағайлар жасасын!

/рюмкаға тағы да арақ құйып, Билетсіз жолаушыға ұсынады/. Қане-қане, ақсақал тартып жіберіңіз!

БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Қарағым, мен намаз оқитын адаммын. Жалпы, біздің қазақтың түбіне осы арақ жететін болды!..

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Ақсақал, өйтіп пессимизмге салынуға болмайды!.. Мұны бірден емес, бірте-бірте, жайлап қоямыз ғой...

ҚОШҚАРБАЙ. Иә-иә, солай! /рюмканы Саудагер әйелге ұсынып/. Апай, онда сіз... сіз кішкене!..

САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Жо-жоқ, қарағым!.. Маған болмайды! Ауырам мен!..

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Сонда да... аздап... аздап қана!..

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Иә-иә, кішкене!.. Ішпесеңіз – ренжиміз!..

ҚОШҚАРБАЙ. Өте қатты қапа боламыз!.. Қане, алып қойыңыз!..

Бәрі «Ішіңіз» деп Саудагер әйелді жан алқымға ала бастайды.

БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Дүниежүзінің есі дұрыс ешқандай елінде әйелді арақ іш деп зорламаса керек!

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Түһ, өзің бір қақсап қалған қақсауық шал екенсің! Көп емес, бір-ақ рет ішсін деп тұрмыз ғой!

ҚОШҚАРБАЙ. Бәсе десейші!.. Бір-ақ рет!.. Қане-қане, апасы, алып жіберіңіз енді

Жолсерік келіншек шығады.

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Бұл не шу? Жұрт ұйықтап жатқанде неге шулайсыңдар?

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. О, келдіңіз бе? Біз сіздерге қонақ болып... апырмай, өзіңіз бір әдемі бала екенсіз!..

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Иә-иә, сондай... Үріп ауызға салғандай...

ҚОШҚАРБАЙ. /әндетіп/.

Жассасын сұлу әйелдер!

Әсем әйелдер жасасын!

Жасасын жақсы әйелдер!

Қыз-келіншектер жасасын!

/рюмканы Жолсерік келіншекке ұсынып/. Қане, бір жүз грамнан қағып тастаңыз!

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Собутыльникті тапқан екенсің!.. Бұл сендерге арақ ішіп, ойларыңа келгенді істейтін жындыхана емес!.. Бұл – пойыз! Үкіметтің пойызы!.. Қане, табандарыңды жалтыратыңдар!.. Шагом марш!..

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Қарындас!.. Азаматша проводник, сіз байқап сөйлеңіз!

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Иә-иә сөйтіңіз! Беті жылтырып әдемі сияқтанғанмен тілі жаман ғой мынаның!

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Мен сіздерге кетіңіздер деп тұрмын!.. Өз вагондарыңызға барыңыздар!..

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Кешіріңіз!.. Кешіріңіз, қарындас!.. Егер вагонымыз осы болса, сонда қайда кетуіміз керек?

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Иә-иә. Осы вагон... мынау купе.аудагер әйел орналасқан купені нұсқайды/.

САУДАГЕР ӘЙЕЛ. /шошып кетіп/. Жо-жоқ. Мұнда бос орын жоқ!

БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Иә-иә, ол біздің орнымыз... арақты естен танып іше бергенше ең әуелі орындарыңды тауып алмайсыңдар ма?

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Қап! Мыналарды-ай. Асай Мүсеевич, билетті көрсетіңізші!..

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. /қолын қалтасына салады/. Міне-міне... тура осы вагонға, осы купеге!..

ҚОШҚАРБАЙ. /есіне бірдеңе түскендей/. Асай Мүсеевич, тоқтаңыз!.. Тоқтай тұрыңыз!.. Билетті біз неге көрсетуіміз керек? /Саудагер әйелді нұсқап/. Билетті алдымен мыналар көрсетсін...

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Дұрыс!.. Қошқарбай дұрыс айтады!.. Құдай ақы деп айтайын, осылардың түк билеті жоқ!

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Әрине, жоқ. Мына проводнигі бар – бұлардың бәрі бір шәйкі!.. Мафия!.. Үкіметтің ақшасын жеп, әбден құтыруға айналған!

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Қане, көрсетіңіздер билеттеріңізді. Жолдас проводник, көрсетіңіз мыналардың билетін!..

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Кешіріп қойыңыз – мен билетті сіздерге неге көрсетуім керек? Сіз, не ревизорсыз ба, комиссиясыз ба? Алкаши несчастные!..

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. /ышқынып/. Әй-әй, қалқам!.. Қалқам!..

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Жолдас проводник! Мен сізге тағы да қайталап айтамын – көрсетіңіз мыналардың билетін... Көрсетіңіз деймін, қане!.. /Жолсерік келіншекке төне түседі/.

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. /қайтпай/. Ха-ха... Не? Билет керек пе? Басқа ештеңе көргің келмей ме? Мә, көр ендеше! /Бас бармағын екі саусағының арасынан шығарып, безеп/. Мә!.. Көр!..

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Мэлис Әлібаевич, ойбай, мынау қайтеді-ей?

ҚОШҚАРБАЙ. Иә-иә. Мынау долы ғой!.. Нағыз көкайылдың өзі ғой мынау!

САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Әй-әй, өйтіп адамға тіл тигізбеңдер! Проводниктікі дұрыс!..

БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Сендерді ит қосып қуу керек.

САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Бәсе десейші!.. Біреуді билет алған заңды орнынан қумақшы!..

Пойыздың бастығы келеді.

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Бұл не? Неғылған шу бұл?

САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Үйбай, інім-ау, жақсы келдің ғой... Мына біреулер ішіп алып, бәрімізді қырайын деп жатыр...

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Иә-иә, сондай... пышақтарын жалаңдатып... /зорлық көрген адамдай зарлап жылай бастады/. Алкаши!.. Хулиганы!..

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. О, тоба... О жаратқан... Қарашы, қандай зәлім, ә?! Қандай зәлім?!

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Сіздер кімсіздер?!

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Біз осы пойыздың жолаушыларымыз!

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Жолаушы болсаңдар – билет қане? Билетті көрсетіңдер!..

ҚОШҚАРБАЙ. Жоқ! Алдымен сендер көрсетіңдер!..

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. /түсінбей/. Не?

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Сендер... алдымен сендер көрсетіңдер билетті!..

САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Әне-әне, көрдіңдер ғой, естері дұрыс емес!

БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Ішкенде де осынша өліп ішуге бола ма екен?

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. /одан сайын ышқынып/. Алкаши!.. Хулиганы!..

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Қане, алға түсіңдер!.. Жүріңдер былай қарай!.. Мен сендерге көрсетейін билет тексерудің қалай болатынын! Шагом марш.

САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Дұрыс!.. Дұрыс, інім... бұларды сөйтіп құрту керек!

БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Көздерін бозартып вытрезвительге апарып қамау керек!..

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. /даусын барынша ызғарлы шығаруға тырысып/. Тиш-ш! Тынышталыңдар! Бәрің де тынышталыңдар!.. /Саудагер әйелге қарап/. Сіздер кімге жақтасып тұрсыздар? Кімнің сөзін сөйлеп тұрсыздар? Сіздер қарапайым жолаушысыздар!.. /Пойыздың бастығын көрсетіп/. Ал мыналар кімдер? Бұлар кімнің үстінен күн көріп жүр? Кімнің қанын сорып, ақысын жеп жүр?! Қайран, халқым-ай!..

БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. /кенет айқайлап жіберіп/. А-а, таныдым!.. Енді есіме түсті!.. Бұл кісі былтыр біздің ауылға депутат болам деп келген. Осы сөздерін тура сонда айтқан!..

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. /бұрынғыдан бетер айбаттанып/. Иә-иә, айтқам!.. Мен мұны талай жерде айтқам... Және болашақта да талай айта беретін болам!..

БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Ха-ха! Ол сөзің саған бәрібір жәрдемдесе алған жоқ!.. Біздің ауыл сені тырапай асырған болатын!..

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Өйткені – сенің ауылың рушыл ауыл!.. Өз руынан басқадан депутат сайламайды!.. Бірақ мен бәрібір... бәрібір!..

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. /бірдеңе түсінгендей/. Тоқтаңыз!!! Тоқтай тұрыңыз!.. Депутат болғанда... бұл сонда... /Мэлис Әлібаевичке/. Кешіріңіз, сіздің документтеріңізді көруге бола ма?

 Мэлис Әлібаевич қалтасынан куәлігін суырып беріп, сөзін қайта жалғайды.

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Бұлар сендердің қандарыңды сорып... Қандарыңды сорып... Ал сендер болсаңдар... Ай, халқым-ай!.. Қайран, менің халқым-ай!... Сендер үшін қабырғам қайысты-ау менің!..

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. /куәлікке шұқшия қарап, сосын шошып кетіп/. А-а!.. Апырмау, ұят болған екен... Масқара болған екенбіз... /Жолсерік келіншекке/. Ай, бұл не? Не сұмдық мынау? Сен өзі қандай адамсың? Көзіңді неге ашып қарамайсың? Сенімен енді сөз басқаша болады... /қайтадан Мэлис Әлібаевичке қарап/. Мәке, Мэлис Әлібаевич! Біз сізді білеміз... Сыртыңыздан өте жақсы білеміз... Біз байқамай... қателесіп... Қане-қане, кіріңізші!.. Бәріңіз де кіріңіздер!..

 Бәрін купеге кіргізіп жібереді. Сыртта Пойыздың бастығы мен Жолсерік келіншек қалады.

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. /әлгіндегідей емес мүлдем басқа үнмен/. Айналайын-ау!.. Қарағым-ау!.. Бұл кісі деген... бүкіл Алматы білетін... Қазақстан білетін, үлкен, жауапты қызметтегі кісі емес пе? Ойбай-ау...байқамайсың ба?!

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Байқағанда... өзіңіз де көріп тұрсыз ғой – аяғын баса алмайды...

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Енді... елге шыққан соң... жұмыстары сондай ауыр! Сосын көңіл көтерейін... дем алайын деп...

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. /купеден басын шығарып/. Сіз, жолдас Пойыздың бастығы, бұл үшін дұрыстап жауап бересіз әлі!..

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Жақсы-жақсы, Мэлис Әлібаевич!.. /Жолсерік келіншекке/. Әлгі... бірдеңең бар ма еді?

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Бар ғой... Жаңа айтып едім ғой, бірден қалпақтай түсіреді...

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. /купеден басын шығарып/. Мыналар нағып сыбырласып кетті!.. Мэлис Әлібаевич дейім, құдайақы, осылар бір пәле ойластырып жатыр!..

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Қазір... қазір... кішкене сабыр ете тұрығыздар! /Жолсерік келіншекке/. Алып кел тез!

Жолсерік келіншек кетеді.

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. /купеден басын шығарып/. А, солай ма? Шынымен бізді құртамыз дей ме?

 Мэлис Әлібаевич, Асай Мүсеевич, Қошқарбай үшеуі тізіліп купеден қайта шығады.

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Мәке! Мэлис Әлібаевич, үйбай-ау, о не дегеніңіз! Сіз... сіздер деген – шақырса келтіре алмайтын кісілер... біз қуаныштымыз... Сондай бақыттымыз...

 Қаздаңдай басып Жолсерік келіншек екледі. Бір қолында бөтелке мен рюмка қойылған подносы бар. Бөтелкені көргенде Мэлис Әлібаевичтің көзі жайнап кетеді.

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Ау, мынауың жақсы ғой... Мына қарындасымыз сондай керемет қой...

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Иә-иә, солай! Бұл қарындасымыз біздің теміржолдағы ең үздік... ең әдемі прәбәдник!

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. /тамсанып/. Шынында да солай екен!.. Ғажап!..

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. /майысып/. Кешіріңіз... Кешіріңіз, Мэлис Әлібаевич ағай... біз байқамай... Ат-шапан айыбымызды төлеуге әрқашан да дайынбыз...

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. /Мэлис Әлібаевичтің құлағына сыбырлап/. Сенбеңіз... Бір сөзіне де сенбеңіз.. Өтірік айтады, зәлім!..

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Тоқтай тұрыңызшы!... /Жолсерік келіншекке/. Ат-шапан айып төлеймін дейсіз бе? Өте жақсы... Мен әрқашан дайынмын! Жайнаңдаған көзіңнен сол!..

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. /қолындағы бөтелкені нұсқап/. Мэлис ағай, мынау сізге... сіздің өзіңізге арнап... кішкене құйып жіберуге рұқсат етіңіз.

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. /сыбырлап/. Жо-жоқ, Мэлис Әлібаевич, ішуге болмайды! Құдайақы осылар у берейін деп тұр!..

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. /Жолсерік келіншекке үздіге қарап/. Мен сіздің қолыңыздан у болса да ішемін!.. Құйып жіберіңіз!..

Жолсерік келіншек құя бастайды.

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. /рюмканы көтере ұстап/. Мэлис Әлібаевич, жаңа айттым ғой, біз сізді сыртыңыздан өте жақсы білеміз...

ҚОШҚАРБАЙ. Жалғыз сіз емес, бүкіл Қазақстан біледі.

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Иә-иә, бүкіл Қазақстан... Сіз деген бүкіл халықтың... бүкіл қазақтың ең айтулы... ең белгілі...

ҚОШҚАРБАЙ. Ау, ең ұлы десейші... Ең ұлы!..

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Иә-иә, ең ұлы азаматтарының бірісіз...

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Дұрыс айтасыз... Баяғының хандары... батырлары тап осы Мэлис Әлібаевичтай-ақ болған шығар!..

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Әрине, әрине... /Асай Мүсеевичке қарап, бірақ танымайтынын жасыруға тырысып/. Ал сізді де... сізді де сыртыңыздан, былай...

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Бұл кісі – Асай Мүсеевич!.. Қазақтың ең үлкен ғалымдарының бірі...

ҚОШҚАРБАЙ. Сұмдық!.. Ұлы ғалым... Бұл кісінің ашқан жаңалықтары!.. Әсіресе, біздің батыр бабамыздың бес жасында шешен... он жасында қол бастаған көсем болған дейтін жаңалығы сұмдық!.. Ұлы ғалым!..

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Міне, осындай кісілермен... өстіп... жол үстінде кездесеміз деген мүлдем күтпеген жағдай...

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Өмір деген сол – тура пойыз сияқты...

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Дұрыс айтасыз... Бірақ оны жұрттың бәрі біле бермейді... Тек сіздер сияқты... Мэлис Әлібаевич, өзіңіз сияқты терең ойлы басшылар!.. Жасыратыны жоқ, Мэлис Әлібаевич министр болады деген сөз бізге жетіп жатады...

ҚОШҚАРБАЙ. Әй, министірің не айтып тұрған?! Одан да үлкен... одан да жоғары...

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Жақсы... жақсы, одан да жоғары!.. Біз сондай қуаныштымыз... Сіз үшін, Мэлис Әлібаевич!.. Сіздің болашағыңыз үшін!.. Сіздің жаңа жоғары қызметіңіз үшін... Қане, сол үшін алып қояйық!..

Бәрі іше бастайды.

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Жо-жоқ, болмайды!.. Құдайақы, у беріп тұр! /рюмканы иығынан асырып төгіп тастайды/.

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Апырмай, мынау керемет екен – басымды шыр айналдырды.

ҚОШҚАРБАЙ. Мен де... мен де сондай!.. /әндете бастайды/.

Жасасын біздің қазақтар!

Ұлы қазақтар жасасын!

Дана қазақтар жасасын!

Барлық қазақтар жасасын!

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. /өзіне/. Айттым ғой әне, тегін емес осының бәрі...

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Мәке, Мэлис Әлібаевич, ал енді тынығам, демалам десеңіздер... түннің де біраз уағы болып қалды...

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Иә-иә, дұрыс... Сөйткеніміз дұрыс!.. /Жолсерік келіншекке/ Жайнаңдаған көзіңнен сол! Ат-шапан айып төлеймін деген сөзіңнен сол!

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Мэлис аға, жақсы!.. Жақсы жатып жайлы тұрыңыз! Айбымызды төлейміз сосын!..

Мэлис Әлібаевич бастаған топ купеге кіріп кетеді.

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Бірден осылай жасайтын адамсың ғой... Бостан босқа шу шығарып...

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Қайдан білейін... Аяқ астынан... күтпеген жерден! /есіне бірдеңе түскендей/. Айтпақшы, бұл купедегі бір кісіні басқа жерге ауыстыру керек екен ғой... /купенің есігінен сығалап/. Ақсақал, сіз мында шығып кетіңізші. /билетсіз жолаушы шығады/. Сіз қазір басқа орынға ауысасыз...

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Иә-иә, сізге қазір басқа орын тауып береді.

Пойыздың бастығы мен Жолсерік келіншек кетеді.

БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Ой, Алла-ай! Біреу депутатпын деп билетіңді тартып әкетеді. Біреу әкіммін деп жатқан орныңнан қуып шығады. Қайтіп күн көруге болады-ей?

Купеден Асай Мүсеевичтің басы қылтияды.

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. /өзіне./ Айттым ғой... айттым, бұлардың түрі жаман!.. Мафия!.. Қарашы, әлгі екеуі сайрап сөйлеп тұрды да, бірден тілсіз қалды... Өлді ғой деймін... /Билетсіз жолаушыға қарап./ Әне-әне, есіктің алдына күзетші қойып қойыпты.! Енді қайттім... Әлде айқайласам ба екен?! Айқайласам ба екен?!

БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. /өзіне./ Сөйте тұра демократия дейді... Қайдағы демократия?! /Асай Мүсеевичке қарап./ Айтыңызшы, солай емес пе?

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. А-а, сіз сонда әлгі мафияның мүшесі емессіз бе?

БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Ха-ха! Мафия болсам тұрам ба өстіп...

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. А, солай ма? Онда бар ғой, біз бұл мафияны түп-тамырымен жоюымыз керек! Білесіз ғой, қазір сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң шыққан!..

БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Шығуын шықты ғой... бірақ ол заңды орындалады деп сізге кім айтып жүр?!

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. А?! Неге орындалмайды?! Мен... мен ертең Алматыға барысымен баяндамамда бұл туралы айтып... сөйтіп... Жо-жоқ, ең дұрысы бірден полицияға... тура сіздің көзіңізше... сізді куә ғып тұрып, бәрін полицияға тапсырамын... Көреміз сонда, заңның қалай орындалмайтынын?!

БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Рахмет, сенім білдіргеніңізге!.. Бірақ мен Алматыға бара алмаймын ғой!!! Менің ауылым басқа жақта!

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Не?!

БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Менің ауылым Алматы жақта емес, менің ауылым Мәскеу жақта! Мен сол ауылыма бара жатқан адаммын!

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. /сәл ойланып/. Ақсақал, сіз осы не айтып тұрсыз?! Алматыға бармасаңыз бұл пойызға неге мінесіз?!

БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Ойбай-ау, неге мінбейім?! Мысалы, міне, өзіңіз қараңызшы Алматы деген мына жақта! /көрсетеді/. Ал менің ауылым міне, мына жақта! /көрсетеді./ Ал сонда мен бұл пойызға мінбегенде қай пойызға мінуім керек?! Сенбесеңіз әне терезеге қараңызшы!..

 Асай Мүсеевич сенбегендей Билетсіз жолаушыға қарайды.

 Сосын терезеге қарайды. Сосын біреу өлтірейін деп жатқандай жан дауысы шыға айқайлап жібереді.

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Ойабй, біз басқа пойызға мініп кетіппіз... Масқара болып басқа пойызға мініп кетіппіз... Тоқтаңыздар... Тоқтаңыздар дейім пойызды! /Жын қаққан адамдай жан-жаққа жүгіре береді/

Бірінші бөлімнің соңы.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу