«Абай жолы» - ғасырлық туынды. Қазақ әдебиеті, 11 сынып, дидактикалық материал. 12 сабақ.


 Оқушыларға арналған дидактикалық материалдар

Тұрсын Жұртбай. «Ұраным – Алаш!..». Абай романының қилы жолы (жалғасы)

https://abai.kz/post/17638

Абай-Ақпарат 

1948 жылы қараша айында Сәбит Мұқанов Орталық Комитетке шығармашылық одақтың атынан қолдап «Абайды» СССР мемлекеттік сыйлығына ұсынды. Осы ұсынысты негізге ала отырып Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің бюросы қараша айында «Жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай» романын И.В.Сталин атындағы әдеби сыйлыққа ұсыну туралы» қаулы қабылдады. Онда:

«Қазақ халқының ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы өмірін суреттеген жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай» романы өткенді социалистік реализм тұрғысынан суреттеген, автор қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, ағартушы – ақын Абай Құнанбаевтың жарқын образын бейнелеген қазақ кеңес әдебиетінің аса үздік шығармасы екенін атап өте отырып, Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің бюросы:

Жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай» романын 1948 жылғы И.В. Сталин атындағы әдеби сыйлыққа ұсыну туралы қаулы қабылдады.

Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің хатшысы Ж.Шаяхметов»,– делінген.

Ал 1949 жылы Сталиндік сыйлықтың иесі атанғаннан кейін Мұхтар Әуезовтің беделі одақтық, әлемдік деңгейге көтеріліп, тұлғалардың арасындағы талант салмағы соған қарай ауытқи бастады.

Бұдан кейін екі тұлға да барлық тұрғыдан алғанда марқая бастады. Сәбит Мұқанов нағыз халықтық жазушы, көптің сүйкімдісі, мемлекеттік идеологияның тұтқасына айналды. Ол кеңестік қоғамдағы кез келген тұлғамен тең сөйлесті, үкімет басшыларымен иықтас тұрды, қазақ елінде онымен теңдесетін бедел ешкімде болмады. Қандай деңгейдегі тізім болса да Сәбит Мұқановтың аты бірінші, ғұлама Қаныш Сәтбаев екінші, ұлы актер Қалибек Қуанышбаев үшінші, екі жағын теңшеп отыратын Ғабит Мүсірепов төртінші, мысын бастырмай тісін басып отыратын Ғабиден Мұстафин бесінші, бұлбұл Күләш Бәйсейітова алтыншы, ұлы Мұхтар Әуезов ... жетінші, кейде алтыншы, бесінші, ал жазушылар арасында үнемі төртінші боп аталып жүрді. Бұл «тізім тәртібі» қашан Мұхтар көз жұмғанша өзгере қойған жоқ. Мұның өзі де кеңестік идеологияның көрінбейтін қысымының бірі болатын. Оған Мұхтар Әуезовтің өзі де үнсіз мойынсұнды.

Ал сыртқы дүниеде солай болғанымен де жазушылардың өз ішіндегі ілхамдық талқыда Мұхтардың мысы басым тұрды және ол басымдық «Абай» романының кезекті кітабы жарық көрген сайын үдей түсті.

Соның бір дәлелі, 1949 жылы 30 қараша күнгі «Қазақ совет әдебиеті сынының барысы мен мақсаты» атты жазушылар одағының ІҮ пленумын М.Әуезовтің ашуы. Бұрын мұндай жауапты жұмыс сеніп тапсырыла бермейтін. Марапатқа марқайған М.Әуезов сол жылы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің онкүндігінің табыстарын айта келіп, Қазақстан ОПК-нің бірінші хатшысы Ж.Шаяхметовтің атына:

«Біз, жазушылар он күндіктің барысында Қазақстан большевиктерінің жетекшісі Шаяхметов жолдастың жеке өзінің бізге бөлген көңілі, бізге көрсеткен көмегі есімізде ұмытылмастай сақталды. Сондай-ақ Орталық Комитеттің хатшысы Омаров жолдастың және біздің үкіметіміздің көрсеткен көмегі есімізден кетпейді»,– деп (№538 іс) құрмет көрсетті.

Бұл М.Әуезовтің үкімет пен партияға қаратылған алғашқы алғауы. Бара-бара ол үйреншікті, дәстүрлі, айтылуға тиісті, айтпай кетпейтін сөз орамына айналды. Бұл – өмір мәжбүр еткен заңдылықтың бірі әрі еруліге қайтарған қарулы жауабы болатын. Алайда соған да қарамайтын, қаратпайтын, қайырылмайтын қаржасулар әлі алда болатын.

Осы екпінмен Мәскеу аттанып, «Абай» романының екінші кітабының орыс тіліндегі басылымын қатты қадағалап, оны тез бастырудың қамына шұғыл кірісті:

«... Мен Москвада ойлағанымнан 20 күндей артық бөгелдім. «Знамя» романымды, жарымын подстрочник күйінде оқыса да қабылдап алып отыр екен. Қазақша шыққан кітаптағы қалпынан бір бетін артық демей түгел алыпты, соның үстіне екі-үш жерге азын-аулақ қосымша сұрап еді. Мен өзім қосқан соң жарытып қосайын деп 3/2 б.т. етіп жаңа сценалар қосып бердім. Қысқасы 18 күннің ішінде орысша-қазақшасы аралас 7 баспа табақ жазып өткердім. Өнімді, шапшаң еңбек болды. Бір топ сыншы мен жазушылар өте ырза болып қалды. Қысқартпай басамыз дейді. Не ноябрь, декабрь сандарында, немесе 51 жылдың бірінші нөмері осы романмен басталады»,– деп марқая хат жазды.

Оның бұл қарбаласты шамырқануы алдағы уақытта жанталасты аласапыранға ұласарын ол білген жоқ. Тура сол күндері қазақ тарихына, зиялыларына алашапқынды зауал әкелетін қарақұйын көтеріліп келе жатқан. Дегенмен игілікті істің басы қайырылды. «Абай жолы» деген атпен жарияланған бұл басылым М.Әуезовтің күткенінен кешігіп шықты. Оның басты себебінің бірі – аударманың кешігуі, тиісті редакциялық ескертулерге сай өзгерістерге, қосымшаларға қатысты болған сияқты. Журнал редакциясының талабы, әсіресе, орыстық ықпалдың барынша кең қамтылуын қарастыруға әкеп сайды. Журнал қызметкерлерінің (Макаров, В.Катипов) Алматыға қайта-қайта соққан жеделхатынан, ондағы:

«Роман кейбір түзетулерді қажет етеді. Тезірек Мәскеуге келуіңізді өтінеміз. Қолжазба туралы пікірді авиақатынаспен жолдадық Макаров», «Қосымша міндетті түрде керек. Мұқановтың роман жөнінде қандай пікір білдіргенін жедел хат арқылы жіберіңіз», «Кожевниковтың негізгі ескертуі Павлов туралы. Оны сізбен келісе отырып өзіміз жөндейміз. Жалпы жағдай қолайлы», «Жігітектерге қарсы барымтаға аттанбақ болған байлардың әрекетіне Базаралы қалай қарайды, соны міндетті түрде көрсету керек. Өйткені бұл оқиға соның өзінің барымтасының кесірінен туды емес пе»,– деген сөздерінен бұл анық байқалады.

Тіпті В.Кожевниковтің өзі орыс демократтары Михаэлистің, Долгополовтың, Гросстың аттарынан сескеніп оларды – Михаилов, Павлов деген жанама есімдерге ауыстыруға қақпайлады. Чернышевскийдің немересі осыған орай жиі хат жазған. Ал журналдың С.Мұқановтың пікіріне ерекше ынта қоюы екеуінің арасындағы қырғиқабақты білгендіктен ғана емес, сонымен қатар жоғары жақтағы сесті қабақтан сескенуін байқатады. Әлде біреу мұны Кремльдің үгіт-насихат бөліміне жеткізгені анық. Екінші кітаптың орысша аудармасы журналға басылмай жатып оның бас редакторы В.Кожевников БК(б)П Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы М.А. Сусловқа «М.Әуезовтің «Абай жолы» романының «Знамя» журналында жариялану барысындағы редакторлардың жұмысы» туралы:

«М.Әуезовпен бірге істелген редакциялық жұмыстың басты ерекшелігі, біз оны екі рет шақырып алып, оның кітабымен ұзақ уақыт өңдеу жұмыстарын жүргіздік. Оның негізгі нәтижесі Әуезовпен редакцияның бірігіп істеген аса ауқымды жұмысының тізбесі жолданып отырған төр бетте толық келтірілген: аса көп көлемдегі тарихи материалдарды ақтаруға және оны зерттеуге, классиктерді оқуға тура келді, орыс демократтары мен орыс мәдениетінің қазақ халқының қозғалысына ықпалы туралы архив деректерін іздестіруге де көп уақыт кетті. Бұл аса үлкен маңдай терді төккен еңбек болды, біз бұл материалдардың барлығын Әуезовтің – орыс қоныстанушылары келгендегі қақтығыстарды суреттейтін көріністерге негіз етуі үшін дайындадық. Біз оған әр мекемеден, әр түрлі архивтерден олардың қалай қоныс аударғанын, қалай қабылдағанын баяндайтын көлемді көріністер туралы өте мол деректер ұсындық...»,– деп түсінік беруге мәжбүр етті.

Бұған қарағанда М.Әуезовті жатақтар мен Дәркембайға қосылып: «Тегіміз басқа болғанымен де, табымыз бір!»,– деп арбаға жегулі атын доғарып жіберіп, қолына таяғын ала салып, жатақтарға көмектесуге тұра шабатын Шодырдың оқиғасы осы Мәскеуде жазылса керек. Жалпы қазақ өміріне жат көрініс болса да, келер жылдардағы біраз пәледен басын арашалауға септігін де тигізді.

Романның жарияланбай жатып мұншама дүрліктіруінің себебі «Правданың» қазақ ұлтының руханиятының шәт-шәлекейін шығарған мақаласына тікелей байланысты еді. Ол осы қарбалас тұсында төніп келе жатқан қауіпті сезіп Қазақ ССР Ғылым Академиясының президиумына:

«Абай жолы» романының соңғы өңделген нұсқасы... «Знамя» журналының 1951 жылғы №8-9 сандарында жарияланды, бұл романның толық нұсқасы орыс тілінде «Советский писатель», қазақ тілінде «Қазмемкөркемәдбастан» шықпақшы. Романның соңғы нұсқасына бүкілодақтық баспасөзде жоғары, жағымды баға берілді. Қазан айында «Известияда» – З.Кедринаның, қараша айында «Литературная газетада» – Лебединскийдің, қаңтарда (1952) «Бүкілодақты радиода» – Скориннің мақалалары берілді. Онда: «қасақана теріс пікір танытпаған жердің барлығы да (Академияның Тіл және әдебиет институтының кейбір қызметкерлерінен аңғарылып қалғанындай), романның жаңа нұсқасы Қазақстандағы буржуазиялық ұлтшылдықтың әшкереленуіне байланысты автордың өзінің және оған қоса өзге де көптеген қазақ әдебиетшілерінің жіберген қателіктері туралы партиялық әділ сынға қайтарған іскерлі, шығармашылық толық жауабы болып табылады»,– деп бағалаған.

«Абай» романы туралы өткен жылғы жаңа мәліметтерді Президиумның назарына ұсынамын. Қазіргі кезге дейін роман ондаған тілдерге, соның ішінде чех, румын, поляк және болгар тілдеріне аударылды. Бүгіндері қытай, неміс, венгер, украин, қырғыз тілдеріне аударылып жатыр. Роман орыс тілінде 12 басылым көрді, оның төртеуі көпшілік таралым, қазір оның саны жарты миллион данадан асты»,– деп мағлұмат берді.

Дегенмен де алаңдауы орынды еді. Әуезовтің де, «Абайдың» да көрешегі көзіне көрсетілетін күн де сондай бір қатерлі жылдамдықпен жақындап келе жатқан болатын. Ол күннің бұлтын қойылтуға осы орыс тіліндегі басылым да «үлесін» қосты. Абайдың:

Өзіңде бармен көзге ұрып,

Артылам деме өзгеден.

Күндестігін қоздырып,

Әуреге қалма езбеден,–

дегенінің кері келді.

Бұрынғы «қазақы қырқылжыңға» енді орыстық өктем можантопайлық араласты. Алаңға толы көңілінің күдігі басылмай «тобықтылардың Мәскеудегі отауының иесі» Зоя Кедринаға 1951 жылы 18 тамыз күні:

«Орталық баспасөзден роман туралы пікір күтемін. «Знамиядағылар»: роман жөнінде бәрінен бұрын «Правдадан» жақсы саяси мақала күтіп отырғандықтарын айтып еді. Әрине, бұл өте жақсы, кітап туралы сыни және әдеби мақалалардың таптырмайтын бастамасы болар еді»,– деп астарлы тапсырма берген болатын.

Бұл емеуірінді Зоя Сергеевна түсініп, қарымы жеткенше орындағанын жоғарыдағы мәлімдемеден аңғарамыз. Алайда, М.Әуезовке де, З.Кедринаға да партияның зұлпұһары – «Правда» өзгеше сыбаға дайындап жатқан болатын. Ұзамай сол сыбағаның мүшелігін Мұқановпен толықтырып «табағымен» тартты.

Бір жылдан кейін Пәленбайлар мен Түгенбайлардың күні туды. Ол күндері С.Мұқанов пен М.Әуезовтің қақтығысы шырқаулы шырмауына жетіп, бірінің өміріне бірі қауіп төндірді.

(Жалғасы бар)

Abai.kz

«Абай жолы» романындағы тарихи шындық эволюциясы

https://bankreferatov.kz/adebiettanu/1439-abay-zholi-romanindai-tarihi-shindi-evolyutsiyasi.html Н.Қ.Сманова,Б.Д.Тажикова Керімбай атындағы №12 орта мектепт-реусрстық орталығы, Тараз қ. 

«Абай» эпопеясы творчествоның

тылсым сырына, өмір мен өлеңнің 

өзара байланысына терең бойлаған

туынды, ақын мен поэзия 

жайлы әлем әдебиетіндегі ең 

шоқтығы биік үздік шығарма»

М.Луконин

Абай! Ол – ұлы есімімен жүректің дәл түбін жаншыған, қияға шарқ ұрып самғаған, ел болашағына жаңа бағыт іздеген, әзір таппаған, бірақ қайдан табатынын дәл сезіп болған ел баласы, заман жасы, дүйім жұрттың алысты болжай алған, ілгері сүйреген ойы, қиюы қашып, ыдырай бастаған ескі қоғамдағы әділетсіздікке қарсы күресіп, демократияшыл озат ойларда берік тұтынған кесек тұлғалы аса көрнекті қоғам қайраткері. Ол күнделікті тіршілігімізде, рухани әлемімізді, қарақан басымызды алып жүруден бастап, биік адамгершілікке дейінгі аралықта тегіс қамтитын жан-жақты құбылыс. Абайды тануда саясат ықпалынан, уақыт қыспағынын аса алмаған кездер болды. Енді заман өзгерген шақта азат елдің азат ойымен, азат жүрегімен, азат зердесімен Абайды тануға тиіспіз. Оның өмірі мен еңбегі Мұхтар Әуезовтың творчествосында үлкен орын алған тақырып. Жазушының Абай өмірі мен творчествосына ғылыми – зерттеу жұмысын жүргізу жолында сіңірген қыруар еңбегі өз алдына бір төбе. Ол 1939 жылы өз Л. Соболевпен бірге «Абай» атты трагедиясын 1945 жылы Абайдың туғанына 100 жыл толуымен байланысты «Абай» операсының либреттосын және  «Абай жырлары» атты көркем суретті фильмнің сценарийін жазды. Алайда жазушының Абай образын кемеліне келтіре суреттеп, сомдап соққан классикалық шығармасы – «Абай жолы» атты төрт томдық эпопея. Қоғам құбылыстарын бойына мол сіңірген. Бұл эпопея елдің рухани үлгісі болған Абайдың өмірі, үміті, арманы, айтысы, тартысы, халқына еткен еңбегі жайында сөз қозғайды. Халық қамқоры, «Қалың елім, қазағым» деген Абайдың адал өсиетті ойлы жандардың көкірегіне ұялап, оларды болашаққа мезгеген.

Абай жайында роман жазу жолында жазушыға кездескен кедергілер мен қиындықтар аз емес. Ең алдымен материал тауып, жинаудың өзі қияметтей қиындық келтірді. Сондықтан да жазушы өз жағдайын қоналқаға кем жетіп, өшіп қалған күл арасынан болар-болмас шоқ тауып, оны өз демімен үрлеп, жылытып, от тұтатқан жүргінші жолаушыдай сезінгені мәлім. Құнанбай, Абай, Бегеш, Жиренше, Оразбай, Базаралы тағы өзгелер туралы көп білетін  көнелер, ақылгөй ақсақалдар халық шежіресі қариялардың айтқандарын жазушы әр кезде жалықпай жазып отырған. М. Әуезов бұл жайды былайша баяндайды: «Жас шағында Абайдың іні-досы Кәкітай, Көкпай, Мұқа сияқты кісілерден естігенім романды шындық мәліметтермен толықтыра түсуге  көп себеп болды. Абайдың әкесі Құнанбаймен көп алысқан Жігітек сияқты рулардың қарт-қариясымен көп кездескенім бар. Абайдың өмір бойы досы болып өткен ертегіші Баймағанбет  те көп қызық жайларды баян еткен еді» [2.129 бет].Бұл шығарма оқушыға қызықты қиял мен өрен ой өлкесін кездіріп, талай терең толғаныстар тудырады. Ол совет әдебиеті туындыларының маңдай легінен орын алады деу аздық қылады, әлемнің басқа елдерінде онымен тең түсер шығарма табу қиын.

Сүйер ұлын болса, сен сүй,

Сүйенерге жара ел – деп Абай атамыз айтқандай, жүректері қалаған ұлдардың атын жұрт өздері-ақ жерге тастамайды. Алпамыс батыр, Қамбар батыр, Балуан Шолақ, Біржан Сал, Ақан Серінің есімдері соның жарқын мысалы. Құдайға шүкір, мақтан тұтар, үлгі етіп алға ұстар данаға да, батырға да бай елміз. Олардың елі үшін жасап кеткен еңбектерін  даралап атап, туған халқымен қайыра табыстырудан, тегінде, кенде емеспіз.Солардың бірі – халқымыздың біртуар ардақты азаматы М. Әуезов «Тірлікке терең шомып, ой ұрығын терең көміп іздену керек» [3.193 бет] деп жазушының өзі айтқандай үздіксіз ізденістер мен кең толғаныстар арқасында ғана адам жанының асыл  қасиеттері, оның ойы мен сезімінің кінәратсыз шынайылығы барынша анық, нақты күйінде кез келген шығарманың арқауы бола алады. Осындай сәттерді жете сезінген, терең таныған жазушының өзі де шығармаларында адам жанының шынайлығын, оның ойы мен сезімін табиғи қалпында, таза күйінде бейнелейді. Бұл сабырлы да парасатты, кемеңгер тұлғамыз – Абайдың бейнесін ашуда көрінеді. Жүзінде жылы жымиысы әдемі ізгілікті адамның шытырманы, бел-белесі, қиясы мен өрі, қат-қабаты мол өз жолы хақында жазылған «Абай жолы» романы – жазушының өмір-дәптері. Романның алғашқы кітабында балалық шақтан бастап, азамат болып қалыптасқан Абай бейнесі көрінеді. Бұл уақытта бала ақын өзін қоршаған орта айналасында қайнаған жауыз тіршіліктің куәсі болады. Бала кезден әкесі орнатқан тәртіпке, зорлақ-зомбылыққа жаны түршіге, жиіркене қарайды. Еріксіздігі мен жігерсіздігі есебінен бұл феодалдық – рушылдық салт-санаға қарсы бел шешіп күреспей тек іштей өкініш етеді. Балғын жастың бірден тарихи қайраткер атанып, күреске араласып кетуінде мүмкіндік болмады. Ескі қоғамдық сана, әлеуметтік бітіспес қайшылықтың аяққа тұсау, көңілге бұғау болды.

Абай Қарқаралыға аттанарда анасының: «Балам, үлкендер бірде тату, бірде араз бола беретін ... «Күндестін күні күндес» дегендей, сен білмей-ақ қой. Әкең дұшпан десе, сен әділ бол!» деген өсиетін жадында мықтап сақтайды. Әкесіне жау адамдарға деген оның игі құрметін Бөжей асының ойдағыдай өтуіне сіңірген ерең еңбегінен аңғаруға болады. Өмір бойы Абайдың ең алғашқы рет ұйқысыз түндер өткізіп, қабағы қатып, қажыған жолы осы еді. «Жақсы ағаның зор дәмесін әмсе өстіп ақтағайсың! «Өрісің алда! Бетін дұрыс! Дәл осы бетінен жарылғасын»» [1.131 бет] – деп қарт Бөжей мен ақсақалдар алақан жайып, ақ батамен тілеулестіктерін білдірді. Бөжейді іштей жақтап, оған іштей тілектес болып жүрген Абай оның әкесінен жапа шегуші деп қана жақтамай, халық ұлы деп құрметтеді. Бұл соқтық басы, шытырманы, бел-белесі мол үлкен өмір жолының бастамасы ғана, сол кездін өзінде оынң көңілінде сан ойлар кезегімен көрініс беріп, әр сөзінің ар жағында қорғасындай зіл батпан ойлар, көңіл толқыны, жан жарасы, қатыгез өмірдің ащы шындығы жатты.

Абайды қоршап, қаладан алып қайтқан серіктері – Байтас пен Жұмабай бірі сері, әнші болса, екіншісі одан өзгеше Құнанбай бағытын ұстаған адам. Абайдың жанындағы жолдастарының мінездері екі түрлі болса, оның келешектегі өмірінің де осындай бір-біріне қарама-қарсы тұрған екі топтың арасында қалыптасатынын, автор осы екі адам арқылы Абайдың келешекте екі ортамен істес болатынын, оның сүйгені, қалағаны халқы, ақындық болатынын алғашқы беттен-ақ байқатады. 

М. Әуезовтың айтуынша, Абайдың рухани кемелденуіне ықпал жасаған арна – үшеу: 

«Ұлттық және  бүкіл адамзаттық мәдениеттің үш түрлі мол арнасы данышпан ақынның шығармашылық ісіне рухани азық болды..Абайдың бүкіл ой-қиялына, әлеуметтік, ақындық ісіне дем беріп, шапағатын төккен арнаның бірі – халықтың өзі жасаған, ауыздан ауызға тараған, баспа жүзінде сақталып келген қазақтың бағзы замандағы халық мәдениеттінің бай мұрасы...,ақындығына рухани дем беріп, азық болған екінші арна-Шығыс мәдениетінің тамаша мұрасы, үшінші арна-орыс мәдениеті, Еуропа мәдениеті» [4.336 бет].

«Қары көп қалың қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жаз келеді», - дейді Абай. Халыққа деген сатқындық оның болашағына сенбеуден басталады. Ал Абай сенді. Сондықтан ол орыс өнеріне еліктеді. Семейге жер аударылып келген шын жанашыр достармен жүздесті. Талай кеш жан-жақтын хабарына құлақтанатын, орыс классиктерінің жазбаша мұраларын сарапқа салатын қилы әңгіме кешіне айналатын. Асылы, Абай ақындығының арғы тамыры өзінің туған топырағындағы, төл әдебиетте, халыққа өнерінде, өзін сәби кезінен қиял-ғажайып ертегілермен әлдилеген Зере әжеде, мұңшыл жырау – Барласта, шыншыл жыршы – Шөжеде жатса, бергі бұтағы мен жасыл жапырағы орыс әдебиетінде – Михайлов, Павлов секілді орыс достары арқылы қолы жеткен Пушкинде, Лермонтовта жатыр. Абай әдейі қала кітапханасының кітаптары үшін Семейде қысқы айларда ұзақ жатып алатын болып, өз-өзінен ізденіп, қармана бастайды. Ал кейінен орыс тілін жақсы меңгеріп, ғылым әлеміне өз бетімен бағыт алған абай озық ойлы Шығыс дүниетанымын, Батыстың өркендеген жаңа жетістіктерімен сабақтастыра отырып тапты.

Қырықтан асып, өмірдің ащы шындығымен бетпе-бет келген уақытта, жаттан да, жақыннан да көңіл қалды. Өмірдің баянсыздығын, алауыз ағайынның барын, күншілдік пен сатқындықтың жалған дос, жалған туыс, жалған би, жалған жанашырдың барын көзбен көрген кезде өлең сөздің патшасы, әулие Абай жаңаша кейіпте, бар болмысымен, бар құдіретімен танылады. Оның сана-сезімі – заңғар сәулелі болшаққа бет алған алып құбылыс. Халқына жаны ашыды оның. Таным жолмен іздеді ол. Сонда аталас қандас ағайынның тарапынан «бұзылып кетті», «енді бәрімізді бұзады» деу – неткен бейшаралық. Өткеннің бәріне бір-бірін кінәлап, реті түссе бір-біріне өш алуға тырысатын, ауыздары асқа тисе байлықты көтере алмай, тақымдары таққа тисе билікті көтере алмай, бас-басына би болып өз ағайынын сан-саққа, жан-жаққа бөлген адамдар дәл Абайдың айналасына ши бөріше топтанған өз ағайыны болып шықты ғой. Майталман реткер Құнанбай маңындағы бар адам арқылы солар өмір сүрген заман кесінін де зергерлікпен бейнелеп көрсеткен. Байлар мен билер дәуіріндегі қазақ қоғамының «Алтыбақан алауыздығын» да ұтымды аңғартқан. Абай бастаған жаңаның ата-дұшпандары қатарында Құнанбай жалғыз емес. Оның маңында әр рудың басында, әр ауылдың ақсақал – қара сақалдары – Бөжей, Байдалы, Сүйіндік, Байсалдар бар, өз іргесіндегі Майбасар, Ызғұтты, Тәкежан, Жиреншелер бар. Әзімбай, Шұбар, Оразбайлар бар. Олар өзара бақталастар, бәсекелестер Қарахан басының қолына келгенде олар бірін-бірі аямайды, бірге бере талап тастап, бөліне бере тұтып жеп жүргендер. Бірінің тізгініне бірі жармасып, бірінің шалғайынан бірі тартып, бірін аяғына бірі жығып, орға шалып, көрге көміп жатқан Құнанбайлар, әрине өз заманымен бірге тарих сахнасынан кетеді. «Күздің қысқарған күні кешкіре бастаған кезде алыстағы Шыңғыстың ұзақ, ирек жоталарына қалың қара бұлт қона берді.Сол сұрапыл көшкіннің суық тынысындай ,шапшаң басшысындай боп қатты жел соға жөнелді. Ымырт бүгін әп-сәтте жетті де, түн қараңғылығы тез төнді, енді бұлт бейнесі аспан әлемі адам көзіне көрінбейді. Бірақ жел дауылға айналып ах өкіріп тұр» [1.196 бет]. Осы суретте, осы көрініс «өктеп, өрлеп, бүктеле жайылып алысы, шарпысы дауылға айналып келе жатқан бүкіл езілген халықтың қаһарын, үстем тапқа қарсы халық кегінің «өктеп қатайған» дауыл желін елестеткендей». Қазақ қоғамындағы әлеуметтік теңсіздіктер мен күрес тақырыбы соңғы кітаптардың күллі мазмұнын кеулеп,сюжеттік арқауына айналды.Жаңа мен күрес сәулесі Дәркенбайлар мен Базаралылар үстіне түссе, Әбендер мен Әбділер, Сейілдер мен Сейіттердің де маңын нұрландырады.Алғаш рет Құнанбай кезелген ішті мылтықтың шүріппесі Дәркенбай қолымен басылғалы жатқанда, бұл пиғылдан оны Бөже арашалайды.Енді бірде қажылыққа жүргелі жатқан Құнанбайға қалың жұрттың көз алдында Қодардан тігерге қалған жалғыз тұяқ Дәрменді ертіп келіп, бала қарызын талап етеді. Осылардың барлығы Дәркенбайдың тіршіліктен көрген тұрмыс тепкісі қанша ауыр болғанымен, қатыгез тағдыр талқысына көнбей қасарып, өле-өлгенше қайратын кекке қайрап өр де ер, тапанды күрескер екенін көрсетеді.Ал Базаралының үстемдермен сілкілесуі, қалың бұқараның қанаушыларына қарсы күш сынасуы тіпті оқшау, бұл маңда болып көрмеген жаңа үлгідегі жойқын әрекеті.Ол жуандар зорлығын көре-көре, қорлығына төзе-төзе әбден шыдамы таусылған көп кедейден қол қурап, тиюсыз да жиюсыз кеткен Тәкежанның бір үйір жылқысын қуып алып, қырып салады. Бай ауылдардың түндіктері желпілдеп, болыс билердің бойлары қалтырағандай болады. Теңсіздік тепкісіндегі қалың бұқараның күреске көз ашылып, өзін-өзі, өз күшін өзі тын сипатта жанаша түрде тани бастады

Төрт кітапта үлкенді-кішілі, ірілі-ұсақты әйел кейіпкерлері бар. Романның бұларға арналған беттері оқырманның көзі мен көңілін қатар жаулап, жан-жүрегін қоса баурайды. Әйел-ана ма, жұбай ма, бойжеткен ба, әйтеуір қиянаты бөлек қазақ қызының мінез-құлқын іс-әрекетін, сыр-сезімін қимыл-қылығын дәл, терең нәзік суреттеуге келгенде шебер алдына жан салмайды. Сонда әр кейіпкер – тип. Сонда ар-ожданы тап-таза иманнам құйылғандай мейірімділікке толы Зере әжелер үлгісі, салқын қанды, сабырлы ақыл иесі Ұлжан аналардың үлгісі, «Сылдырлаған шолпысы әлдеқандай былдырлаған тілмен» бар сырымен назын Абайға ғана құпия баян ететін, «Ақ еті атқан таңдай» ару Тоғжан – алыстан арайлайтын қол жетпес арман секілді махаббат таңының белгісі. Алайда олардың тәуелділік қақпанына құрсалуы бәрінен де қым-қиғаш. Қыршын жас көз ұшында сағымдай ойнаған арманына ілесе алмай, қынжылуда өтетін. Осылайша «махаббат іздеп шарқ ұрған» тап-таза, мөп-мөлдір, уыздай-ақ сезімге толы қыз жүрегінің лүпілі өз демін басатын. 

Абай! Бұл – эпопеяның жаны мен жүрегі. Абай бейнесі Әуезов қиялында, оның қалам ұстаған, күнінен бастап өрбіген. Әуезовтың өзі Абайға, Абай өзіне айналып кеткенше бұл бейнені қағаз бетіне түсірмей тек іштей пісіре берген.

1939 жылы жарық көрген «Абай» трагедиясына дейін-ақ Әуезов Абай жайында роман жазуға бел байлаған. 1937 жылы жазылған «»Татьянаның қырдағы әні» атты үзінді романның тарауы ретінде жоспарлаған болатын. Алғашқыда автор романға «Телғара» деген ат бермекші болды. Жұмыс барысында романның шеңбері кеңейтіле түседі. Әуезов романның бірінші кітабын 1942 жылы, екінші кітабын 1947 жылы жазып бітірді. 1949 жылы бұл романған социалистік реализм әдебиетінің кесек, құнды шығармаларының бірі ретінде бірініш дәрежелі мемлекеттік силығы беріледі. 1959 жылы төрт томдық эпопея жарық көргеннен кейін Лениндік сыйлықтың лауреаты атанады. 

Өзінің терең идеялы, көркем шығармасымен Әуезов халқымыздың әдеби тілін байыта беру жолында талмай еңбек етіп келді.

Әуезовтың творчествалық өмірі – халыққа, отанға қызмет етудің айқын үлгісі болды.  Ол өзінің ортасында қалдырған көп томдық мұрасы арқылы қазақ жазушыларының бір емес әлденеше буынына шеберлік шыңындай жөн сілтейтін, шын мәнінде ұстаздық қақына ие болған аса көрнекті жазушысы.

Әдебиеттер:1. Әуезов М., Абай жолы романы, 3 том, -Алматы: Жазушы, 2002

2. Бітібаева Қ., Әдебиетті оқыту әдістемесі, -Алматы: Рауан, 1997

3. Омаров  Д., Абайтану, Алматы: Мектеп, 2002

4. Тасболатұлы Қ., Қазақ әдебиеті пәнін оқытудың әдіснамалық негізі, -Тараз: 199



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Қазақстан пойыздарында үй жануарларын тасымалдау ережелері
» Қазақстандықтар шетелге шығуға жылына қанша жұмсайды?
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
Пікір жазу