Жүсіпбек Аймауытов «Ақбілек» романы. Қазақ әдебиеті, 10 сынып, дидактикалық материал.


Екі жақты түсініктеме күнделігі

  • Ғаламдық тақырыптағы өзекті мәселелермен байланыстырып, «Ақбілек» романынан берілген үзінділерден дәйексөздерді табады.
  • Дәйексөздерді кестенің цитата бағанына жазады
  • Түсініктеме бағанына дәйексөздің негізгі ойына талдау жасап жазады.

Цитата

Түсініктеме

  • Дәйексөздерге талдау жүргізіп болғаннан кейін бір немесе бірнеше ғаламдық тақырыпта проблемалық мәселе туындатып, сұрақ құрастырып жазады.

1-үзінді

Ақбілектің жанын жынның ойнағындай ойраңдап кеткен озбыр омырау, өксікті күндер орыс мінген аттардың аяғымен бірге алыстап бара жатты.О кезде ызғырығы ызылдап, бойды мұздатып, сабалақ қара бұлттан түн жамылған күздің көзсіз қара түні ақ бас Алтайдың үстіне қара бурадай шөгіп, сай – салаға бауырын төсеп, дүние қарауытып келе жатыр еді. Көк жүзінде жайылып жатқан жұлдыз, қойларын көздеп тұратын шопан атасындай – жау көргендей, зым – зия жоғалыпты. Саялдық қара бұлттар– ау! Ақбілектің жанын тұншықтырған қара тұман аз болды дедіңдер ме, үстіне мұнша төнгенше, анау асқар таулардың басына төнсеңдерші!Күздің сарғыш жапырақтары – ау! Кімді әлдилеп, сыбырлап тұрсыңдар? Қалың бұтаның қайғысыз, қамсыз бөденелері – ау! Несіне қара түнді жаңғырықтырып тұрсыңдар? Сұлудың жүрегін жанышқан ауыр шерді сендер сейілтем дейсіңдер ме? Бұлттар - ау, серпілмейсіңдер ме?! Жапырақтар – ау, сыбдырлап жерге төгілгенше, шерлі сұлуға сая болсаңдаршы! Ызығырық – ау, ызылдағанша, жапанда жалғыз қалған баланың әкесіне хабар берсеңдерші!Ой, мейірімсіз шіркіндер – ай! Сендердің тілдеріңді Алтайдың жаралы аруы білмейді ғой! Сендердің қас – қабағыңа қараймын, сендерге еркелеймін деп есіл сұлу мұндай күйге ұшырады ғой! Жел мен бұлттың алласына сенем деп сенделіп қалды ғой!

2-үзінді

 Бұл немене?..Адам ба? Аң ба?.. Кім болса да қатерлі. Ақбілек сойылына тағы жармасты. Демін ішіне тартып, сілейіп қалды...

 Ақбілек сабалайды. Қасқыр абалайды. Ақбілек сабалайды. Қасқыр қамалайды. Ақбілек «Аллалайды». Қасқыр долданады. Ақбілек дөңгелейді... Қасқыр күрілдейді, Ақбілек шырылдайды. Қасқыр қырқырайды. Ақбілек шырқырайды... Сөйтіп Ақбілек көп қасқырмен көп соғысты...

 Ақбілек әбден алқынды, алас ұрды, жұлқынды, әлі құруға таянды. «Енді жығылдым ғой, енді талайды ғой, енді ауызды салды ғой, енді жеді ғой...» деген кезде, Ақбілектің аяғы астынан бірдеңе жылт ете түсті. Қасқырлар жарқ берді. Манағы іңірде шай қайнатқан оттың көзі әлі сөне қойған жоқ екен. Ақбілек алас ұрып жүргенде аяғымен шашып жіберген екен. Қасқырлар отты көріп жарқ берген екен. Қасқырдың оттан қорқатыны Ақбілектің есіне сап ете түсті. Ауылда қой күзеткенде қотанның шетіне жағатыны қане.

 Ақбілек от басындағы тезекті, құраған шөпшекті дереу тұтатып үрлеп жіберді. «Менің керегім жаңа болған жоқ па?» дегендей, жел де қошаметке иеленіп, жалынды лап ете түсірді. Жалын қалай шықты, солай қасқырлардың қарасы өше берді. «Өлмегенге өлі балық» деген осы да. От сөніп қалса, Ақбілектің өмірі де сөнетін еді. Отты тапқан адамның атасынан айналсаң болмас па!

 «Заула отым, заула! Мазда отым, мазда! Қорқақ аңдар, тілсіз жаулар! Қаш, маңыма жолама! Күйдіремін, өртеймін!»— дегендей Ақбілек от тәңірге сүйініп, таң атқанша маздатып, жаны аман қалды.

3-үзінді

 — Иә, жолдастар! Мен енді өз пікірімді айтайын,— деп мұрнын орамалымен сүртіп, төмен қарап отырып сөз бастады. — Мәселе болыс, үйез маштабындағы мәселе болса да, жалпы қазақстандық мәселені қозғауға себеп болып отыр,— деп, кеудесін көтеріп, сұқ қолымен бас бармағын уқалап, басын әнтек шалқайтып, қарсы алдында отырған Тыпанның қарнына қадала қарады: мәселе сол қарында тұрғаннан жаман.

 — Біз төңкеріске дайындалған ел емеспіз. Төңкеріс бізге көктен түсті. Біз орыс пралетариаты, орыс балшебектері қан төгіп алып берген даяр олжаға ортақ болып отырмыз,— деп бір нығыздап қойды. Бұл сөз төңкеріс болғалы талай айтылып, талай жазылып, иі қанған, ескі сөз болса да, Ақбала шыт жаңа сөздей қып айтты.

 Иә, өкімет — жалшынікі, кедейдікі. Жалшылар тобы байлар табын жеңіп, қашаннан иемденіп жүрген жер-суын, фабрика-заводын, мал-мүлкін астынан аударып алып отыр... Иә, иә... орыста тап күресі басталғалы жүздеп жылдар өтті. Бізде тап тартысы әлі басталған жоқ. Ол неліктен? Әлде бізде бай, кедей, жеуші, жегізуші жоқ па? Әлде біздің елімізде қой үстіне бозторғай жұмыртқалап тұр ма? Жоқ, жолдастар! Жеу, қанау, жаншу, зорлық, қиянат деген нәрселерден бізде көз тұнжырайды. Бірақ өкімет байлардікі, күштілердікі болғандықтан жылауқордың көз жасы көрілмеді, тілегі берілмеді. Іштен тыныш, қапа боп, итшілеп күнелте берді.. Иә... Иә... Бай тегіннен-тегін бай болмайды; елдің байлығын, қанын сорып, малайдың еңбегін жеп бай болды. Бұл — талассыз шындық. Әлгі Әбендердің бай болу себебі сол. Оған дау жоқ... Иә, иә... Бізде кедейлер табы деген тап болып, байларға, жауыздарға қарсы тұра алмауы қалай? Олар да жан емес пе? Өз пайдасын, өлерін білмегені ме? Міне, бұған түрлі себеп бар. Бізде жалшылар, кедейлер бас қосарлық, ұйымдасарлық, мұң-мұқтажын сөйлесерлік фабрик-зауыт сықылды ордалы дүкендер болмады. Езілген, жаншылған кедейдің басы бірікпей, әр төбенің түбінде бытырап жүрді. Шын мәнісінде бізде пралетариат болған жоқ; болса да олар өлі аз; енді бізден жалшылар шықпақ, өйткені фабрик-зауыт кәсібі бізге де орнамақ. Кен жұмыскерлері бізде бұрын да бар ғой... Иә, иә... біздің кедейлеріміз, жалшыларымыз ақтан қараны айыра алмайтын, көзі соқыр болды... Иә, кедей баласы соңғы жылдарда ғана оқи бастады. Бұрын төрелердің, ақсүйектердің, байдың, болыстың баласы оқитын... (Жорғабек естімеген кісі боп, теріс қарайды). Иә, онсын бізде ру таласы деген пәле бар. Ру басы ақсақал, атқамінерлер өз пайдасына бола ру-рудың кедейлерін жауластырып, кедейді шоқпар қылды...

Блум сұрақтары

Топта «Ақбілек» романының 3- бөлімінде ерекше әсер қалдырған тұстарын таңдап алып, ғаламдық тақырыптағы өзекті мәселелермен байланыстырып Блум сұрақтары арқылы талдайды.

Білім: Кім, не, қашан, қайда, қалай?

Түсінік: Мазмұнын айту...

Қолдану: Неге маңызды?

Анализ: Себебін анықтау.

Синтез: Шығармадағы көрініс тапқан ұлттық мүдде тұрғысындағы мәселелерді жинақтау.

Бағалау: Бұл мәселе туралы өз көзқарасын білдіріп, бағалау



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу