Қазақтың Қанышы. Қазақ әдебиеті, 10 сынып, дидактикалық материал.


Ұлтымыздың кемеңгер перзенті Қаныш Сәтбаевтың ғұмыр жолын айшықтауға Медеу Сәрсеке қырық жылдан астам уақытын сарп етіп, біртуар ғалымның жарқын бейнесін тартымды һәм тұрлаулы еңбегімен қазақ қауымына танытқан қаламгер.

Мемлекеттік түрлі қоймаларда құпия ұсталған көптеген мұрағаттарды әжетіне жаратқан жазушы өз еңбегінде ұлы ғалымның замандастары мен туыстарының, үй ішінің жүрекжарды әңгімелерін, хаттары мен естеліктерін, геологиялық- ғылыми құжаттарды пайдаланып, ғалым ғұмырнамасын қиял- қоспасыз, шынайы оқиғалармен қызықты өріп, Қаныш Имантайұлы өмірінің бел- белестерін бүкпесіз ашып, ұлағатты, ерлікке толы істерін саралап та, даралап та ұлықтайды. Деректі негіздегі ғұмырнама тарих бүгінгі заман техникасының мүмкіндігіне сай көркемделіп шығарылып отыр. Қаныштай шынайы дара дарынымызға арналған сый кітабымыз ел асылын ардақ тұтқан қауымды бей – жай қалдырмас деген үміттеміз.

– Әй, Қаныш, туған жұртыңның бағанадан бері сенен батып сұрай алмай отырған бір тілегі бар. Соған «жә» десең аттанасың, ал көнбесең ұлықсат жоқ. Сені жиналысқа шақырған адамдар да біздей ет пен сүйектен жаралған пенделер болар-ау, осында бір қауым ел отырмыз, босатпасақ  бармайсың!Қаныш Имантайұлы еріксіз кідірді. Бөпежан да ғалымның лебізін ести сала іле жөнелмегеніне өкініп, төрдегі үлкендерге жалтақтай қарап, босағада тұрып қалды. Осындай кереғар өтініштер, келеңді-келеңсіз тілектер ғалымның алдынан әрдайым кезіге беретін. Қабылдау сұрап алыстан келгендердің кейбірінің өресі бір күндік құлқын тілеуінен аспай, ұсақ-түйек боп кететіні де бұған таныс. Мына шал да соның бірі болмағай?.. Бірақ үні өктем шықты, бұйырғандай ыңғай танытты. Сірә, қомақтылау қолқа. Сонда не? Осы отырған қауымда ғалымның туған жеріне сирек келетініне өкпе-наз болғанымен, кейбір сапарларда көлденеңдей қалатын тілену кезікпеген-ді. Өзге мекендерден гөрі бұл ауылдың соған хақысы бола тұра, өз еншілеріне тиген бір кешті күйкі іске салмауы көмекшіні ерекше қуантқан. Мұны ол осы елдің білімділігіне, ізеттілігіне сайып, ғалым туған жұрттың ілкі өнегесі деп білгенді. Ал мынау, ойда жоқта сопаң ете қалған өктем талап?..

– Айтыңыз, Мүке!

– Айтсам, басылып отыр, – деп Мұқыш қарт та маңғаз шыраймен баптана сөйледі. – Келін-кепшік пен жасы кішілер ұялып үндемейді, өз тұстастарың әдеп сақтауда, ал мен сияқты ағаларың: 

- «Қашанғы жүреміз, даусын бір естіп қалайық» дейді саған. Әніңді сағындық, жарқыным, бала күннен бізге мәлім кәусар үніңді тағы бір мәрте тыңдасақ деп күтіп отырмыз түгел. Сұрайтынымыз – ән!

– Ән? 

– Дұрыс-ақ! Жөн сөз!

– Мұқыш аға тауып айтты. Бәріміздің тілеуіміз сол! 

 Қаныш жымиған қалпы өзін қаумалаған топқа аңыра қарады. 

Жүзі албырап, күлімдеген көздері жайраң қағады. Бөпежан да Мұқыш шалға қуана көз тастап: «Айналдым сендей ақылды қарттан!» – дегендей сүйсінуді ішінен білдірді. 

– Қай әнді айтайын? Тек біреуін ғана атаңдар.

– «Қанапияны» сұраңдар.

– «Ырғақтыны» айт.

– Жоқ, «Бүркітбайды» айтсын!

– «Бүркітбайды» айт. Сұрайтынымыз – «Бүркітбай!» – деді Мұқыш қарт.

«Бүркітбай» – Қаныш Имантайұлының бала жастан сүйіп салатын іңкәр әні. Сонау жиырмасыншы жылдары, осы елде халық соты болып қызмет істеп жүрген шағында, жиын-тойда, ойын қойғанда, әрбір сауық кешін осы елдің ынтық әні –  «Бүркітбайды» айтқызбай тар қамайтын. Мына егделер соны ұмытпапты. Қолына тиген ескі домбыраны әуелі күйлеп алды. Содан соң ән сазын бір қайтара тартып өтті. Тек содан кейін, «А-а!» деп тамағын кеней дауыстап алып, әнді бастады. «Бүркітбай–әкем аты,ағам–Омар, Ауылым айдын шалқар көлге қонар...»

Қаныш ғұламаның әншілік дарыны Бөпежанға таныс. Жолшыбай да сүйсіне тыңдап, риза болған. Дастархан басындағы отырыстарда да құмарынан шыға сан рет естіген. Кейбір әншілер әннің нақышын бұзып, өзінше «сұлулап» айтам деп, даусын әр түрлі жасанды дыбыстармен құбылта бастағанда ренжіп қалатынын да білетін-ді. Кейде кәдімгідей кейіп: «Қой-ақ қой, қалқам. Қой енді!» деп тыңдамай тұрып кеткенін де көрген.Ал, өзі ән салғанда?.. Көңілі ауса домбыра сүй емелімен әуелете шырқаушы еді! Тек тыңдай біл. Сондай мерейлі шағында, жарқын әуез бен сазын келістіре салып, тыңдаушысын еліткен шабытты қалпын танып: «Шіркін, мына кісі ғалым болмаса – ақын болар еді; ал ақындықты қаламаса – әнші болар ма еді!» деп те қиялдайтын-ды. Ал мына таң қылаң берген алагеуім сәтте, қыр төсінде, ине шаншар бос орын болмай, үлкен-кішіге лық толған жер үйдің төрінде отырып, Қаныш дананың көмейінен шыққан әсем де әсерлі әнді Бөпежан бұл пәни өмірде, сірә, ұмыта алмас!..«Бүркітбайды» ғалым қоңыр үнмен мамырлата бастады. Домбыраның тақтайын сабап, даусын көме тарсылдатып асыққан жоқ. Астыңғы ішектің бебеулеген жаймақоңыр сарынынан озбай, әуен ырғағына еріп, қоңыр үнімен шымырлата қалқытты. Сонымен-ақ тыңдаушысын әуезді дүниелер әлеміне ерік сіз жетелегендей, еріксіз тебіренткендей. Құдды бір көк жүзіне шығып алып, қанатын қақпай, сары жон, кең жазираны асықпай әуелеген дүз қыраны дерсің. Суылдамай, сымпылдамай жай қалқып-ақ, жүй кеңді құртып, көкейіңдегіні суырып алғандай әсерлі. Осылайша біраз толғап, үнін ашып алған соң даусын көтере түсті. Әсіресе «е-е-ей-ей-ейлеп!» созатын тұсында.Үйдегі жұрт қимылсыз тынып қалған. Мынау ғажап үнде тыныс бар ма дегендей құмартып, ынтыға тыңдап отыр. Әннің екінші шумағын қонақ тағы бір мәрте қайталады және алғашқысынан гөрі жоғарырақ алды. Аянбай барын салған тәрізді. Содан ба, бұл жолы үні үйге сыймай аспанға асқақтап кетті. Сарыарқаның самалындай бір леп үйді желпіді. Ол – ән! Әннің ырғағы, әуез-сазы туғызған әсер. Дала да соған елітіп тына қалған ба дерсің: әншінің асқақ үні жұлдызды аспанмен, шалқар жазирамен тіл табысып, үн қатысқандай; үйдегі көп те соған елігіп, елін, жерін, суын сағынған асыл перзентінің көкірегіндегі ынтығын, жүрек лүпілін, туған ауылына деген іңкәр мархабатын осы сазға беріп, бәр-бәрін соған сыйғызып айтқан асық көңілін қатесіз ұққандай...Ән үзілді. Тынысын тежеп, үздігіп отырған жұрт сонда ғана уһ деп демде тыныстады. Біреулер күрсінді, біреулер үнсіз булығып көзіне жас алды.– Ал, тағы нендей қолқа айтасыздар?Көмекшінің құлағына бұл сөз «Есеп айырыстық. Қарыз да, парыз да өтелді!» дегендей болып естілді.– Айтарымыз бір-ақ сөз! – деп Мұқыш қарт тізерлей отырып, қолын жайды. – Қанкежан, ақылың аз емес, артық көрме, осыны айтып қалуды ел-жұртың маған міндет артып отыр. Тілегі емес, діттеген тапсырмасы һәм батасы деп қабылда: даусың бұрынғыдай емес, жасыған екен, соны аңғардық. Көмейіңді күт дер едік, үніңді пұлдап жүрген әнші емессің. Біз саған бұрынғы қуатың азаймаса қосылмас, бойыңды күт, қу жаныңды бапта демекпіз. Сенің атағыңа алыстан қуанып, даңқыңмен көңілін өсіріп, құрмет тұтып, өзіне ес көріп жүрген қалың ел бар артыңда. Бір жалғыздан зор денсаулық, қуат сұраймыз! Қайда жүрсең де жолың болсын, қолдаушы серігің баяғыда өз әкеңе аян берген Қыдыр атаң болсын! Аллаһу әкбар! –  деп бетін сипады.

– Әмин, батаңыз қабыл болғай, Мүке! – деп Қаныш Имантайұлы бетін сипап, көзінен тамған  жасты көрсеткісі келмегендей,  қолын бетінде ұзағырақ ұстап қалды.

– Жолың болсын, қадірліміз! Енді рұқсат!

– Ғұмырың ұзақ болғай!

Қайтар жол бөгеген жоқ. Даланың таңғы самалы жолаушыларға дәрудей әсер етті. Бөпежан машинаның артқы орындығына жайғасып, ауылдан аттана бере-ақ ұйқыға бас қойған. Ғалым әйнекті кеңірек ашып, шынтағын есікке тірей, төңірегіне ынтыға қарап үнсіз отыр. Қамығып отырған тәрізді. «Енді қайтіп көрем бе, туған жер сені?» дегендей әрі-сәрі күйде. Сахара самалын құмарлана жұтып, таңғы алагеуім сәтте мұнарланып көрінген тау-жоталарға, дала келбетіне де мұңая қарап, бәрі-бәрімен қимай қоштасып бара жатқанын жүрегі сезіп, жан-дүниесін кеулеп, тұқырта түскендей...Теңдіктегі үлкендер айтқан-ды бізге: «Қаныштың туған жеріне келген сол сапары соңғы болды, ақылы дара біткен жан ата-анамның алдындағы парызымды өтеуге келдім деп, үлкен-кішіні риза етіп еді. Сөйтсек, бейдауа дертпен ауырып жүріп, қоштасуға келген екен...» 



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу